«Ұлың өсіп ер жетер, қызың өсіп бой жетер»
Мақсаты: Тәуелсіздік күні – қоғамдық саяси мәні бар мереке. Мерекені барынша салтанатты, мәнді де сәнді өткізу арқылы балалар мен ата – аналардың арасындағы ұлттық тәрбиенің жан – жақты дамуын байқау.
Жүргізуші: Қайырлы күн құрметті ата – аналар, қонақтар, және кішкене бүлдіршіндер! Еліміздің тәуелсіздігінің 15 жылдығына байланысты өткізіліп отырған байқауымызға қош келдіңіздер! «Айналайын» байқауының қадірлі қонақтары, сіздердің алдарыңызда «Ұлың өсіп ер жетер, қызың өсіп бой жетер» деген тақырыптағы байқауға сайыскерлер қатысып , өз өнерлерін көрсетпек. Ендігі кезек сайыскерлерімізді қол соғып қошеметтеп ортаға шақырайық.
1. Қарасаев Азат – анасы Бибігүлмен бірге
2. Елемесова құттыгүл – анасы Мәнсиямен бірге
3. Тлекқабылов Аңсар – анасы Айнұрмен бірге
4. Октябрева Айгерім – анасы Астрамен бірге
5. Хамзин Қуаныш – анасы Динамен бірге
6. Исаева Дина – анасы Риммамен бірге
Енді сіздерді осы байқаудың бағдарламасымен таныстырып өтейін.
1. «Ата жолмен таныстыру» Өзін - өзі таныстыру.
2. «Туған ел» тақырыбына мәнерлеп өлең оқу (8 жол)
3. «Атадан қалған қастерлі мұра» Ата – аналармен сұрақ – жауап.
4. «Өнерлі өрге жүзер» Өнер сайысы.
5. «Менің отбасым» Отбасылық газет сайысы.
Ендігі кезекте сайыскерлер қоржыннан нөмір суырып, орындарына жайғасуға болады.
Сайысымызды бағалайтын қазылар алқасымен таныстырып өтейін:
1. №3 ЖОББМ қазақ тілі мұғалімі Шәріпова Эльмира Хайдаровна
2. БҚМУ «Бастауыш оқыту әдістемесі» кафед. оқытушысы І.Ө. Хасанова
3. № 28 МдҰ қазақ тілі мұғалімі Давлетова Светлана Ташеновна
Сайысымыз 5 баллды жүйемен бағаланады.
Алдарыңызға балабақшамыздың биші қыздарын шақырамыз. Би «Әжеме»
Жүргізуші: Армысыздар жалпыңыз,
Сәлем беру салтымыз!
«Жеті өнер аз жігітке» деген сөз бар,
Баға берші, сынай қарап халқымыз.
Мақтанам дәстүрі бар жұртымызға
Сан жүйрік сынға түсті сайысуға,
Дәм берген тәуелсіздік арқасында,
Қайта оралдық қазақтың төл салтына!
Байқауымыздың бірінші бөлімі «Ата жолмен таныстыру» деп аталады.
Ортаға №1 сайыскерімізді шақырамыз.
Азат: Армысың, дархан көңіл, ырыс халқым,
Сыйлаған қонағына мініс атын.
Өзімді ата жолмен таныстырам
Руым Төлеңгіт, Азат ұлың мен болам.
Жеті атамды сұрасаңыз,
Атап бәрін берейін.
Талғат, Қарасай, Сары,
Құлышқажы, Жайықбай
Әлмұхаммед бабаларым тағы бар.
Ортаға №2 сайыскерімізді шақырамыз.
Құттыгүл: Әкем қойған атымды,
Құттыгүл бол, - деп ақылды.
Болжасын деп жақсысын,
Алыс пенен жақынның.
Руым Қарақұнан Тана
Сайран құрған арқада
Әкем – Нұрлан,
Атам болса Елемес
Бабаларым Мағзом, Шқан молда бар
Қыдыр, Мөңке, Қойшығара
Айбас батыр тағы бар.
Ортаға №3 сайыскерімізді шақырамыз.
Аңсар: Алдарыңа шығып тұр,
Аңсар атты ұлдарың.
Сәлем беріп баршаңа,
Басымды иіп аламын.
Сайыскерлер сайрайды,
Жеті атасын санайды.
Мен де қалмай баршадан,
Жеті атамды атайын.
Аслан менің өз әкем,
Атам болса Тлекқабыл
Қадір, Жұмағұл, Ерекеш,
Жиенбай атты бабам бар.
Ортаға №4 сайыскерімізді шақырамыз.
Айгерім: Асыл халқым қаумалаған армысың!
Құрбы достар, тілектестер бармысың!
Отбасымның қорғап бүгін намысын,
Алға шықтым, түсірмеймін арға сын.
Руымды сұрасаңыз Байбырақпын,
Жеті атамды білемін, атамақпын;
Болат, Октябрь, Сағынғали, Мерғали,
Ғабдол, Бакау,Ғабдеш атты бабаларым менің бар.
Ортаға №5 сайыскерімізді шақырамыз.
Қуаныш: Ұлымын Нұрланның Қуаныш атым,
Жаңғыртам жалғастырып ата салтын.
Атымен жеті атамның таныстырып
Отырған мына жұртты қуантайын.
Жақсылықтан Айдарлы,
Сапар, Хамза, Қара,
Амангелді атам,
Сүйікті әкем – Нұрлан.
Ортаға №6 сайыскерімізді шақырамыз.
Дина: Қазақстан елінің болашағы
Ата - әжемнің үміт еткен мен ұрпағы
Атым – Дина, руым менің Аташал тана
«Қарлығаш» балабақшасына мен барамын
Жеті атамды сұрасаңыз айтайын
Өз атамнан тоқтамастан бастайын
Наурызғали, Мұқамбетқали, Ишан, Нариман,
Кежеғали, Мырзағали, Жақсылық атты
бабаларым бар.
Жүргізуші: сайысымыздың бірінші бөлімі осымен аяқталды.
Ән: «Біз - өмірдің гүліміз»
Жүргізуші: Ата – бабам жанын қиып қорғаған,
Ақ тілегін ұрпағына арнаған.
Қазақстан – алтын ұя Отаным,
Жайнай берші, мәңгі гүлдеп әрқашан!
Сайысымыздың екінші бөлімі «Туған ел» тақырыбына мәнерлеп өлең оқу.
Азат: Республикам.
Елімнің аты, жерімнің аты,
Өзіңмен биік, республикам!
Жақсының аты, ғалымның хаты,
Өзіңмен биік, республикам!
Бәсеке деген оңай сын емес,
Ұшпасын бағың, республикам!
Қазақтың атын, қазақтың затын,
Тұмар ғып тағын, республикам!
Құттыгүл: Егемен елім.
Елдігімнің айғағы,
Елтаңбам, әнұраным.
Естілсе бұл жыр, әуен,
Арқаланып тұрамын.
Көтерілсе шоқтығым
Ынтымақты ел іші
Желбіресе көк туым,
Тәуелсіздік жемісі!
Аңсар: Қазақстан – Отаным!
Сан ғасырлар тарихынан кешегі,
Туған жердің шежіресі еседі.
Менің елім Қазақстан – Отаным,
Болашағы бізбен бірге өседі.
Көк аспанды шарлап ұшып қыраны
Желбірейді аспанымда ту әні
Ана тілді құрметтеген ұрпақпын,
Ана тілім әр кез биік тұрады!
Айгерім: Егемен ел – елім менің.
Бауырласып бір туысқан,
Ұлттары көп жүзден астам.
Тілі түлеп, діні оралған,
Тәуелсіз ел – Қазақстан!
Әлем танып дербестігін
Әйгілі ел болды бүгін.
Достық, бірлік бар ниеті
Елім менің неткен мығым!
Қуаныш: Қазақстан – Республикам менің!
Қазағым – ау, тыңда менің сөзімді,
Туған тілмен танытасың өзіңді.
Болашағым – ана тілім, ардақтым,
Ана тілмен өмірге ашқам көзімді.
Туған тілім құрмет тұтып келемін
Сенің бағың жанарына сенемін.
Қазақстан – туған елім, отаным,
Отаныма бақ күшімді беремін!
Дина: Тәуелсіздік шуағы.
Қазақстан – киелім,
Қияға ұшар қыранмын.
Еркіндікті сүйемін,
Мен – тәуелсіз ұланмын:
Биіктеді еңсеміз,
Он бес жыл өтті – бір дәуір.
Жасаңғырып өлкеміз,
Жайнай түсті жылма – жыл.
Жүргізуші: Мен қазақпын, қаныммен, сүйегіммен,
Сән –салтанат, салтымды сүйемін мен.
Бақ орнатам, осынау кең далаға,
Мұрагермін, оған да иемін мен!
Сайысымыздың үшінші бөлімі «Атадан қалған қастерлі мұра» деп аталады. Байқауымыздың бұл бөлімінде ата – аналар бабаларымыздың пайдаланған заттарын сипаттау қажет.
Залға күй әуенімен Қожанасыр келеді:
- Сәләматсыздар ма, қонақтар! Сайыскерлер, қадамдарың сәтті болсын!
Жүргізуші: Қожеке, қош келдіңіз! Мына сайыскерлерге ойын шартын түсіндіріп жіберіңіз.
Қожанасыр: Жарайды, ендеше тыңдаңдар:
Бүк түсетін, шік түсетін,
Ойын түрі бар еді.
Болса егер сондай ойын,
Немен оны ойнайды?
(асық)
Қожанасыр: Дұрыс, ендеше, мына қоржыннан нөмірленген асықтарды бір – бірден алыңыздар. Енді кімге қандай нөмірлі асық түскенін көрерменге көрсетіп, дауыстап айтыңыздар.
Енді сұрақты тыңдаңыздар: Бабамыздан мұра етіп қалдырған заттарға толық сипаттама берулеріңіз қажет. (заттың аты, не үшін пайдаланған, неден жасалған т. Б.)
Жүргізуші. Сайысымыздың келесі бөлімі «Өнер сайысы». Сайыскерлер өз өнерлерін көрсетеді.
1. Қарасаев Азаттың орындауында «Қамшымен би».
2. Елемес Құттыгүлдің орындауында «Айдана» әні.
3. Тлекқабылов Аңсардың орындауында «Достық» әні.
4. Октябрева Айгерімнің орындауында «Қосалқа» биі.
5. Хамзин Қуаныштың орындауында «Туған жер» әні.
6. Исаева Динаның орындауында «Текемет» биі.
Жүргізуші: Сайысымыздың соңғы бөлімі «Отбасылық газет» Үй тапсырмасы.Қазылар алқасы қабырғада ілулі тұрған «Отбасылық газетті» қарап бағасын береді.
Жүргізуші: Бүгінгі күн әр шаңрақтың той басы деп саналар
Балалардың есімі әулеттерге таралар.
Ырым етіп сауықтан байқауымыздың соңында
Ақ тілекпен баршаға әділқазы сөз алар.
Сөз кезегін қазылар алқасына береміз.
Сайыскерлер мадақтау қағазымен және сыйлықтармен марапатталады.
© ООО «Знанио»
С вами с 2009 года.