«Бабадан қалған мұра»
Ересектер тобына арналған
Мақсаты: Балаларды күй әлемімен таныстыру. Күйші – композиторлардың шығармашылығымен таныстыру арқылы ұлттық музыкаға деген сүйіспеншілігін ояту. Ұлттық аспаптармен танысу.
Балалар залға Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен кіреді.
Ән – күй жет: Балалар, біздер бүгін атақты күйші бабаларыңыз Құрманғазының және Ахмет Жұбанов ағаларыңның шығармашылығымен танысамыз.
Балалар, мына төрде тұрған суреттер Құрманғазы бабаларың мен Ахмет Жұбанов ағаларыңның суреттері. Құрманғазы бабаларың атақты күйші, композитор болған. Ал Ахмет Жұбанов өнертанушы, академик, күйші болған.
- Балалар, композитор, күйші не шығарады?
- Күй шығарады.
- Күйді қандай аспапта ойнайды?
- Домбырада ойнайды.
Ән – күй жет: Ал сендердің осы күйші – композитор аталарың туралы көбірек білгілерің келе ме?
- Иә, келеді.
Ән – күй жет: Ендеше, барлығың көздеріңді жұмыңдар.
(музыка ойнайды. Балалар көздерін жұмады. Әже кіреді)
Ән – күй жет: Қане, көздеріңді ашыңдар.
Әже: Амансыңдар ма, балаларым?
- Сәләматсыз ба!
Ән – күй жет: Дина әже, төрден орын алыңыз. Біздің балалар күй әлемі туралы өз аузыңыздан естігісі келеді.
Әже: Ал қарақтарым, мен Құрманғазы бабаларың туралы да, Ахмет Жұбанов ағаларың туралы да көп білемін. Қазақтың ұлы композиторы Құрманғазы осы Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасында Жиделі деген жерде дүниеге келген. Яғни, сендердің жерлестерің. Ол кішкентай кезден қолдан жасаған домбырасын тастамай жүретін. Құрманғазы алты жасынан байдың қозысын бақты. Далада жүріп судың сылдыры, желдің суылы, құстың шырылы, көктің күркірегенін түгел домбырағасалып шертіп отырды. Құрманғазының күйлері өте жігерлі, үлкен шабытпен ойналады.
Ән – күй жет: Балалар, күй жанры неше түрге бөлінеді?
- Төкпе күй.
- Шертпе күй.
Ән – күй жет: Ал Құрманғазы аталарың төкпе күйдің шебері. Оның «Сарыарқа», «Адай», «Кішкентай», «Балбырауын», «Қайран шешем», «Кісен ашқан», «Қызыл қайың», «Ақсақ киік» атты тағы басқа көптеген күйлері бар. Құрманғазының күйлерінің шығу тарихы да бар.
Қазір біз «Адай» күйі қалай дүниеге келді екен, соны тамашалайық.
Көрініс: «Адай күйінің шығу тарихы»
Жүргізуші: Құрманғазы жолаушылап жүріп бір адайдың (Ру аты) үйіне түседі. Үй ішінде шал мен кмпір болады. Қай жерден келе жатқанын, аты – жөнін толық айта қоймай «құдайы қонақ» екендігін айтумен тоқталады.
Құрманғазы: Ассалаумағалейкум!
Шал: Уа ғалейкум ассалам!
Кемпір: Есен амансың ба, төрге шық.
Шал: Қайдан жүрген адамсың?
Құрманғазы: Мен бір ел аралап жүрген құдайы қонақ едім.
Шал: Сен жайғасып отыра бер. Біз шаруаларымызды шаруалайық.
(Шал мен кемпір шығып кетеді)
Жүргізуші: Осы кезде Құрманғазының көзі керегеде ілулі тұрған үкілі домбыраға түседі. Қаншама ұзақ жол жүріп келгенімен, домбыраны көргесін, қолына алып, бір екі қағып теріс бұрап қояды. (домбыраны бұрайды).
Біраздан соң шал мен кемпір және он жеті жасар шамасындағы қыз кіреді. Қыздың аты Ақмаңдай екен. Қыз келе сала қолына домбырасын алып, тартуға айналады.
Қыз: Мынаған кім тиген?
Жүргізуші: Бір – біріне қарап ешкім үндемейді. Ақмаңдай домбырасының күйін келтіріп тарта жөнеледі. Күй аяқтала келе...
Құрманғазы: Шырағым, күйдің шоғын тартпай, боғын тарттың ғой! Домбыраны берші! – дейді.
Жүргізуші: Құрманғазы бір күйді тартып болған кезде, үй адамдары таң қалады.
Шал: Шырағым, домбыра тартысың бұл арнананың тартысына ұқсамайды. Құрманғазы деген күйші бар еді, соның өзі емеспісің?
Құрманғазы: Болсақ, болармыз.
Жүргізуші: Үй – іші Құрманғазыны бірнеше күн қонақ етіп, сый – құрметпен шығарып салады. Сондағы қыздың тартқан күйі «Адай» да, Құрманғазының күйі «Серпер» екен.
Үнтаспадан «Адай» күйі тыңдалады.
Дидактикалық ойын: «Тайтұяқ пен астаяқ»
Күй тілі – көп заманның алуан ісі,
Күйлердің әлемге аян бар мәнісі.
Өмірді күймен бірге қоса алмайтын,
Керқұлақ, көрсоқырлар алданысы.
Құлақтан кіріп бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті кұй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй.
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ – барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.
Ән – күй жет: Дина әже, енді Ахмет Жұбанов ағамыз жайында әңгімелеп беріңіз.
Әже: Ахмат Жұбанов Ақтөбе облысында дүниеге келген. Ол жас кезінен домбыра, скрипкада ойнап, музыкаға құмар болған. Қазақстанда алғаш оркестр ұйымдастырған. Құрманғазының күйлерін зерттеп алғаш нота бетіне түсірген осы Ахмет ағаларың. Оның көптеген кітаптары бар. «Құрманғазы» атты күйлер жинағы, «Құрманғазы күйлері қалай шыққан» деп аталатын күй тарихы жайындағы кітап, «Замана бұлбұлдары», «Күй қайнары» т.б. көптеген еңбектері бар.
Ән – күй жет: Балалар, оркестр дегеніміз не?
- Көп аспаптың қосылып үн шығаруы.
Ән – күй жет: Қазір біз Ахмет Жұбанов ағаларыңның «Би күйі» деп аталатын күйін ұлт аспаптар оркестрімен орындап береміз.
Оркестрдің орындауында: «Би күйі»
Дина әже: Балалар, мен сіздердің өнерлеріңе ризамын.Бүгін сіздер көп нәрсе үйрендіңдер. Мен сіздерге домбыра аспабын сыйлағым келіп тұр. Ер жеткен кезде күйші аталарың сияқты қолдарыңа домбыра алып ұлттық өнерімізді жалғастырады деп үміттенемін.
© ООО «Знанио»
С вами с 2009 года.