Омарова Гульшат Амангельдиновна
№18 жалпы білім беретін орта мектеп
Тарих пәні мұғалімі
Қарағанды қаласы
Алаштың біртуар азаматы – Ахмет Байтұрсынов
Ахмет Байтұрсынов – аса ірі қоғам және мемлекет қайраткері, бұлтарысы мен бұлғағы көп шытырман жолдан өткен адам. Ол Алаш қозғалысы жетекшілерінің бірі ретінде 1918 – 1919 жылдары Кеңес өкіметіне қарсы саяси күштермен одақтас болса да 1919 жылдың көктемінде Алаш басшылығының келісімімен Кеңес өкіметі жағына шықты. Лениннің ұйғаруымен Ахмет Байтұрсынов 1919 жылы жазда құрылған Қазақ революциялық комитетіне мүше болып тағайындалып, 1920 жылы қазанда құрылған Ресей құрамындағы Автономиялы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының (ҚАКСР) үкімет мүшесі – оқу – ағарту комиссары болып сайланған. Ахмет Байтұрсынов Алаш қозғалысы аясындағы қоғам қайраткері ғана емес, кеңестік Қазақстанның алғашқы жылдарында лауазымды мемлекеттік қызметтер атқарған адам. Ол өзіне бірінші кезекте басты нысана етіп жалпыұлттық, бүкілхалықтық мәселелерді таңдап алды да, оларды туған елінің мүдделеріне сай шешу үшін еңбектенді.
Ахмет Байтұрсыновтың азамат болып қалыптасқан кезеңі Қазақстанның Ресей империясының отарына түгелдей айналып болған уақытына тұспа – тұс келді. Патша үкіметінің 1867 – 1868 және 1886,1891 жылдары жүзеге асырылған көп салалық реформалары (әкімшілік, сот, салық, т.б. ) Қазақстанды отар ел ретінде толық заңдастырды. Осыған орай патшаның жергілікті әкімшіліктері тарапынан саяси – әлеуметтік тұрғыдан езу, оның жекелеген намысқой өкілдерін жәбірлеу мен қорлау жаппай орын алды. Мұны Байтұрсыновтар әулеті де бастан кешірді. ХІХ ғасырдың 80 – жылдарында Торғай уезінің бастығы Яковлев Ахметтің әкесі Байтұрсынды өз ауылында жәбірлеп, қорлағаны үшін Байтұрсын оны соққыға жыққан. Сол үшін ол ұзақ мерзімге Сібірге жер аударылған. Бала Ахмет осындай озбырлықтың талайын көріп, тез есейген.
Азамат болып есейіп, Қарқаралы қаласында екі класты училищенің меңгерушісі қызметін атқарып жүрген Ахметтің өзі де полиция тыңшыларының жаласымен 1908 жылы Семей абақтысына жабылып, 8 – 9 айдай түрменің дәм – тұзын татқан. Осындай оқиғалар тізбегі жігіт Ахметтің қоғамдық – саяси күреске ертерек араласуына түрткі болды.
Ал патша үкіметі уақыт өткен сайын кең көлемді отарлау саясатын жүргізуді күшейте түсті. Ол қазақ халқы мекендеген жерді мемлекет меншігі деп жариялап, сулы да нулы аймақтарды Қазақстанға қоныс аудару қорына, казак әскерлерін орналастыру қажеттеріне, патша әулетінің жеке меншігіне және басқа мақсаттарға пайдалану үшін күштеп тартып алып отырды. Қазақ халқы отарлық езгінің қанды шеңгелінде қалды. Осындай жағдайда ХХ ғасырдың басында өрістей бастаған қазақ қауымына тән қоғамдық – саяси қозғалыс әуел баста өз алдына жалпы ұлттық – демократиялық мақсат – міндеттерді қойды. Бұл істердің басы – қасында екі ғасыр тоғысында қалыптасқан қазақ зиялылары тұрды. Олар Әлихан Бөкейханов төңірегіне топтасты. Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов өздерінің әдеби шығармаларының беттерінде демократиялық мәндегі ұлттық тең құқықтық, халықтың мәдениетін көтеру, отаршылдардың жер мен суды тартып алуына наразылық білдіру сияқты әлеуметтік – саяси мәні бар мәселелерді көтерді. Осы арқылы олар халық арасында отарлық езгіге қарсы саяси хал – ахуалды қалыптастыруға қызмет етті. Бұған Ахмет Байтұрсыновтың «Масасы» (1911ж), Міржақып Дулатовтың «Оян, қазағы» (1909ж) дәлел бола алады және олардың авторларының сол кездің өзінде – ақ қоғамдық – саяси мәні үлкен әрекеттерге барғанын көрсетеді.
Ахмет Байтұрсынов төңірегіне топтасқан қазақ зиялылары халықтың қалың бұқарасын туған өлкені қайта құрып, түрлендіру ісіне жұмылдыру үшін ұлттық баспасөз органдарын (газеттер мен журналдар) шығарған жөн деп шешті. Осылайша халқымыздың тұңғыш бүкілұлттық бейресми «Қазақ» газетінің негізі қаланып, Ахаң оның бас редакторы болды. Газет 1913 – 1918 жылдар аралығында Орынбор қаласында шығып тұрды. Бұл газетті шығаруда, оны елге таратуда бас редакторға М.Дулатов сынды көзі ашық қазақ зиялыларының өкілдері көмектесті. Газеттің бағыт – бағдарын анықтауда кейін (1917ж) «Алаш» партиясын құруға жетекшілік жасаған Ә.Бөкейханов үлкен рөл атқарды. Газет 1917 жылы шілде айында дүниеге келген ұлттық – демократиялық партияны дайындауда сан қырлы, салиқалы жұмыстар атқарды. Осы жылы 12 – 26 шілдеде Орынбор қаласында өткен бірінші бүкілқазақтық сиезде Алаш партиясы құрылды. Сиезді шақыру мен өткізуде А.Байтұрсынов үлкен белсенділік көрсетті. Қазақстанда Кеңес өкіметі орнай бастағанда Ахмет Байтұрсыновтың белсенді араласуымен дайындалған «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасы «Қазақ» газетінің 1917 жылы 21 қарашадағы санында жарияланды. Алаш партиясының саяси және экономикалық бастау көздері туралы, Алаш автономиясы мен Алашорда үкіметінің құрылуы мен олардың Кеңес өкіметімен арақатынасы хақындағы алғашқы пікірлер кеңестік мерзімді баспасөзде 1919 – 1920 жылдардан-ақ жариялана бастады. Осы мәселе бойынша алғашқы қалам тартушылардың көш басында Алаш пен Алашорданың белгілі басшыларының бірі Ахмет Байтұрсынов пен қазақ зиялылары қатарынан шыққан алғашқы большевиктердің бірі Сәкен Сейфуллин тұрды.
Ахмет Байтұрсынов 1917 жылы 5 – 17 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен Бүкілқазақтық екінші сиез жұмысына да белсенді түрде ат салысты. Сиез талқылап, шешім қабылдаған 10 мәселенің ішіндегі ең маңыздылары бүкіл қазақ жерлерін біріктіретін Алаш автономиясын құру, оның үкіметі – Алашорданы сайлау және «халықтық милиция» аталған Алаш автономиясының қарулы күштерін жасақтау жөнінде қабылдаған шешімдер болды. Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің құрылуын қазан төңкерісі мен большевиктік билік әкелген анархияға қарсы тосқауыл ретінде түсіндірген Ахмет Байтұрсынов большевиктік үстемдіктің Қазақстандағы алғашқы қоғамдарына мынадай баға берді: «Россияның орталық аудандарында большевиктік қозғалыстың қалай өткендігі қазақтарға белгісіз, шет аймақтарда ол барлық жерде зорлау, қиянат жасау және ерекше диктаторлық өкімет билігімен қатар жүргізілді. Тоқ етерін айтқанда, революция емес, барып тұрған анархия болды... Егер бұрын патша чиновниктері, аталған адамдар тобы қазақтарды ешбір шектеусіз езіп – жаншыған болса, енді мұндай әрекеттерді большевиктер – коммунистердің атын жамылған адамдар тобы жүргізіп отыр».[А.Байтұрсынов. Революция и киргизы. «Жизнь национальностей» М.1919. 3 тамыз. 29 (37)] Алашорда осыдан кейін Кеңес өкіметін мойындамай, 1918 жылы оған қарсы шыққан күштермен одақтасты. Ал 1919 жылдың басында жауласушы күштердің арасалмағы Кеңес өкіметі мен Қызыл Армия жағына ауысуы Алашорданың жағдайын қиындатты. Сондықтан да 1919 жылы көктемде Алашорда Колчак үкіметімен байланысын үзбей – ақ, Кеңес өкіметімен байланыс орнатуды жөн көрді. Бірақта саяси хал – ахуалдың дамуындағы көптеген өзгерістер келіссөз жүргізу үшін Мәскеуге барған А.Байтұрсыновтың жағдайын айтарлықтай қиындатты. Алайда, большевиктердің Алашордамен байланыс орнатып, қазақ халқының тағдыры жөнінде келіссөздер жүргізу қажеттігін дәлелдеуде А.Байтұрсынов көп күш жұмсады. Соның арқасында Кеңес өкіметі қазақ халқының Ресей Федерациясы құрамындағы автономиялық мемлекеттігін ұйымдастыру ісін басқаратын орган құру туралы шешімге келді. Бұл іс сол жылы жазда құрылған қазақ революциялық комитетіне – Қазревкомға жүктелді.
Егер 1917 – 1920 жылдар аралығында Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Шоқай және олардың сенімді серіктері Кеңес өкіметіне қарсы сөзбен де, қарумен де қарсы шықса, 20 – сыншы жылдары ұлттық – демократиялық қазақ зиялыларының Ахмет Байтұрсынов бастаған серкелері тоталитарлық жүйеге қарсы рухани майданда бетпе – бет келді.
Алайда большевиктер Алаш қозғалысының жетекшілеріне, белсенді қазақ зиялыларына «Кеңес өкіметіне жау», «Буржуазиялық ұлтшылдар», «Террорлық әрекеттерді дайындаушылар» деген айыптар тағып, 1928 – 1932 жылдары түрмеге жапты, ұзақ мерзімге концлагерьлерге айдады, басқа өлкелерге жер аударды. Одан елге оралғандар 1937 – 1938 жылдары «үлкен террордың» құрбандары болды. Ахмет Байтұрсынов та алғашында ОГПУ, кейін НКВД жендеттерінің құрығына ілініп, 1929 жылы тұтқындалып, 1930 жылы он жыл мерзімге концлагерьге кесіліп, ол жаза Солтүстік өлкеге (Архангельск облысына) жер аударылуымен алмастырылды. Одан 1934 жылы қазан айында елге оралған Ахаң үш жыл өткен соң 1937 жылғы сегізінші қазан күні қайта ұсталды да «халық жауы» деген жалған жаламен ату жазасына кесілді.
Халқымыздың ұлы перзенті, гуманитарлық және қоғамдық ғылымдардың әмбебап білгірі, әдебиет теоретигі, аса ірі түрколог ғалым, ақын, аудармашы, Алаш қозғалысы көсемдерінің бірі, белгілі қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың өмір жолы осындай қасіретпен аяқталды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Байтұрсынов А. Ақжол. Алматы, 1991
2. Аманжолова Д. Казахский автономизм и Россия. Москва, 1994
3. Гуревич Л. Тоталитаризм против интеллигенции. Алматы, 1992
4. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. Алматы, 1995
5. Ұлы тұлғалар. Жинақ. Алматы, 2001
6. Күзембаева В. Ұлттың ұлы ұстазы. Алматы, 2001
© ООО «Знанио»
С вами с 2009 года.