Инеліктер (Odonata) – жәндіктер класының бір отряды. Қазба қалдықтары тас көмір кезеңінен сақталған. Жер шарында кең тараған. Негізінен тропиктік және субтропиктік белдеулерде кездеседі. Қанаттарының құрылысына қарай Инеліктер: теңқанаттылары (Zygoptera), әр түрлі қанаттылар (Anisoptera) және Anisozygoptera (тек Жапония және Үндістанда ғана кездеседі) отряд тармақтарына бөлінеді. Инеліктердің 4500-ден астам түрі белгілі. Қазақстанда 7 түрі қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Ұзындығы 14 – 120 мм. Құрсақ бөлімі жіңішке әрі ұзын. Аузы кеміруге бейімделген. Өте үлкен фасетті көздері басының жоғарғы бөлігін алып жатады. Мұртшалары қысқа, көзге әрең көрінеді. Қанаттары торланып жүйкеленген.
Дәуіт (лат. Manthoptera, Mantodea) – жыртқыш жәндіктер отрядының бірі. Дәуіттің басы қозғалысқа өте икемді, денесі ұзынша (40 – 75 мм), жасыл, сары, қоңыр түсті. Ал жазда өсімдіктің маусымдық өзгеруіне байланысты түсі құбылып тұрады. Қос қанатты, алдыңғы екі аяғы жемін қармауға икемді келеді. Қазақстанның барлық облыстарында 20-дай түрі, әсіресе, кәдімгі дәуіт, теңбіл қанатты дәуіт, қауырсын тұмсықты эмпуза жиі кездеседі.
Азия ұшпа шегірткесі (locusta mіgratorіa) – турақанаттылар отрядының нағыз шегірткелер тұқымдасына жататын жәндіктер. Олардың мұртшалары қысқа, есту мүшесі құрсақ бөлімінің бірінші сегментінде орналасқан. Үстіңгі қанаттары қатқылдау және олар денесіне жанаса орналасады. Ал астыңғы қанаттары жарғақты әрі жалпақтау болып келеді. Аталықтарының дене тұрқының ұзындығы 35 – 50 мм, аналықтары 45 – 55 мм. Аталықтары артқы санын үстіңгі қанаттарына үйкелеп дыбыс шығарады.
Құмырсқа (Formіcіdae) – жарғаққанаттылар отрядының бір тұқымдасы. Құмырсқа Жер шарында кеңінен таралған, тек Қиыр Солтүстікте және Антарктидада ғана кездеспейді. Құмырсқаның 10 мыңдай түрі бар. Олардың көпшілік түрлері тропиктік аймақтарда кездеседі.Денесі бас, көкірек және құрсақтан тұрады. Басы үлкен, жақтары жақсы жетілген, ауыз аппараты кеміргіш. Көкірек бөлімі жіңішке, онда үш жұп аяқтары жақсы жетілген. Көпшілік түрлерінің құрсақ бөлімінде шаншары мен улы бездері жақсы дамыған, улы бездерінен бөлінетін сұйықтық – құмырсқа қышқылы деп аталады.
Өрмекшітәрізділер (Arachnіda) – омыртқасыздардың бір класы. Бұлардың қазба қалдығы жоқ. Силурдан белгілі, ал карбонда өрмекшітәрізділердің осы кезде тіршілік ететін отрядының өкілдері табылған. Дене тұрқы 0,1 мм-ден 17 см-ге дейін. Жер шарында кең тараған, 10-нан астам отряды, 60 мыңға жуық түрі бар. Жиі кездесетін отрядының бірі – өрмекшілер (Araneі). 27 мыңдай түрі бар. Қазақстанда 19 тұқымдасы, 400-ден астам түрі кездеседі. Бұлардың денесі бас-кеуде және бунақталмаған құрсақ бөлімінен тұрады. Осы екі бөлімі сабақшамен байланысқан (бас-кеуденің 7-бунағы). Хелицераларының ұшы қозғалмалы тырнақ тәрізді буынмен аяқталады. Оның түбінде улы безінің тесігі орналасқан.
Қанқыз (лат. Coccіnelіdae) – жәндіктер класы, қаттықанаттылар отрядына жататын жыртқыштар тұқымдасының аралас қоректі қоңыздарының бір түрі. Қанқыз жер шарында кең тараған; қорек тандамайтын отряд тармағының коңыздар тұқымдасы.Бұлардың 2 мыңдай түрі белгілі, ал Қазақстанда 120-ға жуық түрі бар. Олар тек есейген кезеңінде ғана емес, дернәсіл кезеңінде де жыртқыштық тіршілік етеді. Дене тұрқы 3 – 7 мм, арқа жағы дөңесті, бауыр жағы тегіс, пішіні дөңгелек, реңі қызыл не сары күңгірт дақты келеді.
Шыбын, қысқамұрттылар (Brachycera) – қосқанаттылардың бір отряд тармағы. Жер шарында кең тараған. Бұлардың мұртшалары қысқа, үш бунақты. Денелері жуан, дернәсілдерінің басы, аяқтары болмайды, құрт тәрізді. Қуыршақтары жалған піллә ішінде жатады. Ересек жәндік қуыршақ қабын түзу тігіс бойымен жарып немесе қуыршақ қабының үстіңгі жағындағы дөңгелек қақпақша арқылы сыртқа шығады.
Маса, ұзынмұрттылар (Nematocera) — қосқанаттылар отрядының бір тармағы. Мұртшалары ұзын, көп бунақты (7 — 65-ке дейін). Дернәсілінің бас капсуласы жақсы жетілген. Ересек түрі ұшып шығар алдында қуыршақ қабығын арқа жағынан бойлай сөгіп шығады.
Кене (Acarіna) – өрмекші тәрізділер класының бір отряды. Қазақстанда 3 отряд тармағы (акариформды,паразиттіформды және аз зерттелген пішендік кенелер), 10 тұқымдасы, 58 туысы, 236 түрі (иксод кенелерінің 51, гамаз кенелерінің 100, қызыл денелі кенелердің 24,қамба кенелерінің 52, аргас кенелерінің 9 түрі) бар. Республиканың барлық өңіріне кең тараған. Жер бетінде, теңізде, тұщы суда тіршілік етеді, ал жыртқыш және өсімдікқоректі кенелер жер қыртысында, ормандағы ағаш түбінде, өсімдік бетінде, ін мен ұя ішінде мекендейді. Дене құрылысы, пішіні мен түсі әр түрлі, ұзындығы 1,0 – 30 мм. Жұптасқан 1 – 2 көзі болады, көзсіздері де кездеседі
Ара,үй арасы, бал арасы (Apіs mellіfera) –жарғаққанаттылар отрядының өкілі. Қазақстанның барлық облыстарында кездеседі. Ара топталып, үлкен ұя болып тіршілік етеді. Бір ұяда бір ұрғашы Ара. (аналық Ара), бірнеше жүз еркек Ара және ондаған мың (100 мыңға дейін) «жұмысшы» Ара болады. Ұрғашы ара ұяда ұрпақ өсіреді. Ол аралардың ішіндегі ең ірісі, жыл маусымына қарай денесінің ұзындығы 20 – 25 мм, ал салм. 150 – 300 мг-ге жетеді. Тәулігіне 2 – 3 мың, маусымына 200 мың ұрықтандырылған жұмыртқаға дейін (кейде ұрықтандырылмаған жұмыртқа да) салады. Ұрықтанған жұмыртқадан ұрғашы, жұмысшы және аналық Аралар, ал ұрықтандырылмаған жұмыртқадан тек еркек Аралар ғана шығады.
Күздік көбелек (Agrotіs segetum) – күздік дақылдар, мақта, қант қызылшасы, күнбағыс, жүгері, т.б. өсімдіктер көгінің аса қауіпті зиянкесі. Еуразия мен Африкада кеңінен таралған. Қазақстанның оңт., оңт.-шығысында және Шығыс Қазақстан облысында кездеседі. Қанаттарының өрісі 35 – 45 мм, денесінің ұзындығы 18 – 22 мм; алдыңғы қанаттары қоңыр немесе қара түстес, артқы қанаттары ашық сұр. Жұлдызқұрттары жұмыртқадан шығар кезде ақшыл, бас бөлімі қоңырлау, ұзындығы 52 мм-ге жетеді. Олар 6 рет түлейді. Қазақстанда көбелектер оңтүстікте жылына 3 рет, оңтүстік шығыста 2 рет, ал шығыста 1 рет жұмыртқалап көбейеді.
Зауза қоңыз(Melolontha) – қаттықанаттылар отрядының тақта мұрттылар тұқымдасына жататын жәндіктер. Негізінен Еуразия құрлығында кең тараған (36 түрі белгілі). Қазақстанда кездесетін 2 түрі бар: шығыс Зауза қоңызы (M. hіppocastanі) және батыс Зауза қоңызы (M. melolontha). Зауза қоңыз денесінің ұзындығы 20 – 32 мм, түсі қара қоңыр, қанатының үсті қоңырқай жирен түсті болады. Қос жұп қанаттарының 1-жұбы мүйізденіп, қатты қанатқа (''элитра'') айналған; 2- жұбы жарғақ қанатты болып келеді. Қос мұртшаларының ұшы жолақтанған тақта тәрізді. Ауыз аппараты – ''кеміргіш''. Бұлар – дара жыныстылар, толық түрленіп дамиды. Дернәсілінің түсі ақшыл, басы қоңыр түсті, кеудесінде үш жұп аяқтары болады.
Колорадо қоңызы (Leptinotarsa decemlineata) – жапырақ жегі тұқымдасына жататын жәндік; картоп және т.б. алқа тұқымдас өсімдіктердің зиянкесі. Ұзындығы 9 – 11 мм, сопақтау келген, қанатының үсті қызғылт сары, он қара жолақты сызықтары (әр жағында 5-тен) бар. Жұмыртқаларының ұз. 2,4 мм, ұзынша-сопақтау. Дернәсілдерінің түсі қоңыр-қызыл, ұз. 15 мм-ге дейін жетеді. Колорадо қоңызы 1859 ж. Колорадо штатының (Солтстік Америка) картоп алқаптарында кездесе бастаған және осыған байланысты аталған. Солтүстік және Орталық Америкада, Түркияда, Батыс Африкада және Еуропаның (Ұлыбритания мен Скандинавия елдерінен басқа) көптеген елдеріне тараған.
Қандала(Hemіptera) – жәндіктер класының бір отряды. Ауыз аппараты шаншып-соратын тұмсыққа айналған. 40 мыңнан аса түрі бар. Қазақстанда 32 тұқымдасы, 370 туысы, 1,5 мыңдай түрі белгілі. Негізгі тұқымдастары: су қандалалары, ескекшілер, төсек қандалалары, т.б.Қандаланы жою үшін әуелі олардың көп шоғырланған жерін анықтап алу қажет. Үйдегі мебельдердің қуыс-қуыстарын, кабырғаны, еденге төселген линолеумнің тігістері мен шет-шетін, плинтустарды т. б. жерлерді мұқият қарап шығу керек.
Бүрге(Aphanіptera)–буынаяқтылар типіне жататын, масылдық тіршілік ететін ұсақ жәндіктер отряды. Олардың дүние жүзінде 2500 түрі, ал Қазақстанда 400-дей түрі бар. Бүргелер бор кезеңінен белгілі. Бүргенің түсі сары аладан қоңыр-қызғылт түстерге құбылып тұрады. Денесі екі бүйірінен қысыңқы, бас, көкірек және қарын бөлімдерінен тұрады. Басында екі көзі (кейбір түрлерінде көру органы мүлдем жоқ), соруға бейімделген аузы болады. Бас-көкірек бөлімінде 3 жұп аяқтары бар, артқы жұп аяғы секіруге бейімделген.
© ООО «Знанио»
С вами с 2009 года.