1. МӘҢГІЛІК ЕЛ» ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ИДЕЯСЫ
ҚР тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың 2014 жылы Қазақстан халқына Жолдауында «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын жариялады. Сонымен, көне тарихтан бастау алған ұлттық идеямыз қазірде тарихи сабақтастықты бастан кешіріп, тәуелсіз мемлекетіміздің рухани тұрғыдан тұрақты даму ресурсына айналды. Оны Елбасының кеше ғана жария еткен 2015 жылға арналған Жолдауында айқын көрсетіп берді: «Біз Жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Mәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан 2050» стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры».
Бес реформа – ұлт жоспары «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары қазақ елінің «Мәңгілік елге» айналуының кепілі. «100 нақты қадам» – бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары. Мысалы, 85-қадамда «МӘҢГІЛІК ЕЛ» патриоттық актісі жобасын әзірлеуге тапсырма берілген болатын, нәтижесінде Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» атты XXIV сессиясында «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі қабылданды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау арқылы Мәңгілік ел бола алатынымызды атап өтті. Елбасының мына сөзінің мән-мағынасы әр қазақстандықтың жүрегінде жазылып тұруы тиіс: «Біз Жалпыұлттық идеямыз - Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Mәңгілік Ел - елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры! Жаңа Қазақстандық патриотизм дегеніміздің өзі - Мәңгілік Ел! Ол - барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы».
«Елдің мәңгілігін армандаудан асқақ қандай идея болмақ»,- дейді бүгінгінің ойшыл ғалымы. Мұнан байқайтынымыз, арада мыңдаған жылдар өтсе де, көшпелілердің ойлау жүйесіндегі, дүниетанымдарындағы сабақтастық үзілмеген, қайта ауыздан ауызға тарап, өз болмысын сақтап қалған секілді. Астана – қазақ даласының төсіндегі мәңгілік елдің мызғымас тұғыры.
Қазақ дәстүрі бойынша өмір есігін жаңа ашқан сәбиге үлкендер «Ғұмырлы болсын!» деп батасын береді. Қазақ қай нәрсенің де тұрақты, уақыт өлшемі жағынан тозбайтын, өзгермейтін ұзақ болғанын қалаған. Адам өмірінің өтпелі екенін біле тұра, оған да ұзақ өмір тілейді. Қорқыт бабамыз да сол өтпелі өмірден қашқан, сондықтан да мәңгіліктің кілтін табуға тырысқан. Мәңгілік философиясы – біздің ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық дүниетаныммен астасып жатқан жүйелі ойлар желісі. Асан қайғының да арманы – елді шөбі, суы мен ауасы тірі жанға дауа жерұйыққа жеткізу болған. Мәңгілік өмірді ол жерұйықта деп түсінген. Ал жиырма бірінші ғасыр бедерінде қазақ елі сол мәңгілік арманды жүзеге асыруға кірісті.
Мәңгілік ел ол ел ішіндегі тұрақтылыққа, төзімділікке тікелей байланысты. Қазір әлемде болып жатқан оқиғаларға көз жібере отырып, бір елді екіншісіне айдап салу, сол елдің ішіндегі сан алуан діни көзқарастар мен саяси ала-құлалықты өз мүддесіне пайдаланып отырған кейбір жымысқы топтардың әрекеттерін айқын аңғаруға болады. Олардың көксейтіні сол қантөгіс оқиғалардан өздеріне тиімді пайда табу ғана. Ал екі ортада қарапайым халық зардап шегеді, жазылмас қайғы-қасірет арқалайды. Ондай топтардың біздің елде де өз әрекеттерін іске асыруға ұмтылатындықтары айдан анық. Соңғы жылдары әр жерден қылаң беріп қалатын террорлық әрекеттердің астарында сол қаскөй топтардың қолтаңбалары жатыр. Оның алдын алу, айлакерлікпен жүргізетін азғыруларына ілесіп кетпеу үшін біріншіден саяси сауатты болу керек, екіншіден өзіміз өмір сүріп жатқан отанның шынайы патриоты болуымыз керек. Ал отаншыл болу деген сөз ол тек осы өзіміз тұрып жатқан жерді ғана жақсы көру емес, сол жерде бізбен бірге өмір сүріп, күнделікті аралас-құралас жүрген барлық адамдарды жақсы көру деген сөз. Әрине барлық адам баласы бірдей емес екені де түсінікті, бірақ бір жерде, бір елде тұрған соң әркімнің адами болмысына, адамгершілік қасиеттеріне, ұлттық дүниетанымына, діни көзқарастарына түсіністікпен қарасақ, олар да біздің дінімізді, тілімізді, ділімізді дұрыс түсініп, дұрыс қабылдайды деп ойлаймын. Бұл мен айтып отырған абстрактылы нәрселер емес, өзіміз талай жылдардан бері көріп, біліп, сан жылдар бойғы тәжірибеде сыналған таным-түсініктер. Егер бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын болсақ, біз алмайтын қамал, біз аспайтын асу болмайды.
Мәңгілік - ол саналы адам үшін аяқталмас шексіз ғұмыр. Елдің мәңгілігі оның шаңырағының шайқалмауы, өз тәуелсіздігін баянды етуі деген сөз. Сол баяндылықты сақтау үшін барша халық болып Ата заңымызды қабылдадық. Онда Қазақстан республикасындағы азаматтардың еркіндіктері мен құқықтары көне дәстүрлерімізді ескере отырып, жаңа заманға лайық сипатта нақты жазылған. Қазақстан Республикасының Конституциясы еліміздің әр бір азаматына оның ұлтына, тегіне, әлеуметтік жағдайына қарамастан оқуына, еңбек етуіне, демалуына, шығармашылықпен айналысуына, жеткілікті тұрмыста өмір сүруіне, ұрпақ өсіруіне т.б тең құқық беретін басты кепілдік.
Ата заңымыздағы әр бір баптың дұрыс орындалуын сақтай отырып, кез-келген қазақстандық азамат өзін рухани және кәсіби тұрғыда дамытуы тиіс. Елімізде әр бір азаматтың кемелденген жеке тұлға болып қалыптасуы ол біздің мемлекетіміздің байлығы, елдігімізді сақтаудың алтын арқауы. Қазақстан азаматтарының сапалы білім алуларына, олардың салауатты өмір сүрулеріне, әлеуметтік жағдайларының заман талабына сай бай-қуатты болуларына ел үкіметі әрдайым жіті назар аударып, оны дамыған елдер қатарына қосу жолында әр алуан ізденістер жасауда.
Күні кеше қабылданған «100 – нақты қадам» Ұлт жоспарында «Мәңгілік Ел» жобасының аясында қазақстандық қоғамның жаңа сапалық сипаттағы келбетін қалыптастыру, рухани-мәдени санаттағы құндылықтарымызды дұрыс түсіну, оны қабылдаудың тың үлгілерін жасау және жаһандық кеңістікке барынша танымал ету Ұлт жоспарындағы «Біртектілік пен бірлік» бөліміне енгізілген қадамдардың басты идеясы.
Ендеше, Қазақстан Мәңгілік еларнасында қуатты елдіктің терең идеясы іс жүзінде өрістете алатын ел болатыны сөзсіз.
© ООО «Знанио»
С вами с 2009 года.