Балалардың ақыл-ойын дамытуда сенсорлық тәрбиенің маңызы.
Сенсор латынның «сезім», «түйсік», «қабылдау», «түйсіктің қабілеті» деген сөздерінен шыққан. Сенсорлық тәрбие сенсорлық процестерді (түйсік, сезім, қабылдау) мақсат көздей дамыту, жетілдіру. Сенсорлық тәрбие – ақыл-ой тәрбиесінің негізі. Сенсорлық процестер мен таным – ақыл-ой тәрбиесінің алғашқы сатысы. Сенсорлық тәрбиенің басты міндеттері – ақыл-ой дамуының негізін салу және эстетикалық тәрбиенің құрамдас бөлігі ретінде көріну. Айналадағы дүниені тану түйсік пен қабылдаудан басталады. Сенсорлық тәрбие дегеніміз түйсік пен қабылдаудың дұрыс бағытта тәрбиеленуі.
Сенсорлық тәрбие процесі сезімдік танымнан нағыз танымға, қабылдаудан ойлауға жетуге дайындайды және баланың күнделікті тәжірибедегі іс-әрекетін жетілдіруде маңызды орын алады. Сенсорлық тәрбие баланың көру, есту, иіс, дәм сезімдерін тәрбиелейді.
Сенсорлық тәрбие заттың түрін, көлемін, зат пен заттың арасындағы арақашықтықтың қатынасын, түстерді ажырату, музыканы түсіну қабілетін, ана тілінің дыбыстық талдауларын жетілдіріп, бұлшықет сезімдерін дамытып, қалыптастыруды көздейді. Сенсорлық мәдениет дегеніміз баланың түйсігі мен қабылдауының даму дәрежесі, бұл – таным әрекетінің табысты өтуінің алғышарты.
Сенсорлық тәрбие 3 жасқа дейін өте-мөте қажет. Бұл – баланың түйсік, қабылдау, түсінік процестерінің қалыптасатын шағы. Баланың сенсорлық процестерінің бұл кезде дамымай қалуы мектеп жасына келгенде үлкен кемшілікке, қателікке әкеліп соғады, себебі оны кейінірек дамыту қиын, кейде тіпті мүмкін емес те болады. Сенсорлық процестердің дамымай қалуы мектеп жасында баланың даму кенжелігі ретінде көрініс тауып, білім негіздерін меңгеруге кедергі жасайды. Мысалы, егер бала заттың түрін, сәйкестігін, арақашықтығын тез және дәл қабылдап, ажырата алмаса, онда география, геометрия, сызу пәндерін меңгеруде кедергілер болады. Ал, баланың фонетикалық естуінің (фонеманы, сөз дыбыстарын есту арқылы қабылдау қабілеті) нашар дамуы сөзді меңгеруіне кедергі жасайды.
Баланың қарау, бақылау, сипау, таңдау сияқты сенсорлық іс-әрекеті күнделікті мазмұнды ұйымдастырылған белсенді қызметінде қалыптасады.
Сенсорлық процестердің дамуы мектепке дейінгі жаста үдемелі сипат алады, сондықтан да ол мектепке дейінгі педагогиканың даму тарихында басты мәселелердің бірі болып қарастырылып келеді. Сенсорлық тәрбие мәселесімен Я.А.Коменский, И.Г.Песталоцци, М.Монтессори, О.Декроли, Ф.Фребель, т.б. айналысқан.
Баланың дамыту мен тәрбиелеуде сезім тәжірибесінің роліне ең алғаш баға берген Я.А.Коменский болған. «Аналар мектебі» еңбегінде сөзбен тәрбиелеуді іс-әрекетпен тәрбиелеуге қарсы қоя отырып, сыртқы дүние құбылыстарын барлық сезім мүшелерінің қатысуымен қабылдауын есепке алған.
И.Г.Песталоцци «Көріп қабылдау әліппесі» деген еңбегінде баланың сезім тәжірибесіне сүйенеді (санау мен есептеуді меңгерту).
Сенсорлық тәрбие міндеттерін біраз талдаған – Ф.Фребельдің «Сыйлықтар» атты құралы болды. Ол балаға заттың түрін, түсін, көлемін, т.б. сапаларын қабылдау арқылы танытуды көздеген. Балаға заттың белгілі бір қасиеттерін таза метафизикалық жолмен танытуды мақсат еткен.
Х ғасырдың І жартысында М.Монтессоридің мектепке дейінгі балалардың сезім тәжірибесін ұйымдастырудың дидактикалық бірізді жүйесін құруға әрекет жасаған еңбектері жарық көрді. Оның жүйесінің алдына қойған мақсаты түрлі түсті бояу ерекшеліктерін, форма мен көлемді балалардың ажырата білуін жетілдіру еді. Бірақ оның әдіс-тәсілдері кемтар балаларды тәрбиелеуге ғана ыңғайлы болды да, жалпы ақыл-есі дұрыс дамыған балаларға қолдануға қолайсыз еді.
М.Монтессори жүйелерінің бәрінде нақты заттардың әр түрлі қасиеттерін (түрін, дыбысын, түсін) балалардың танып, кең түрде шамалай білуін қалыптастырудың орнына олардың сезім мүшелерін заттың жасанды қасиеттерін меңгеруге жаттықтырумен ауыстырғаны айқындалды.
Мектепке дейінгі педагогика сенсорлық тәрбие мәселесі бойынша біраз жұмыстар істеді. 1920 жылдары мектепке дейінгі педагогикада сенсорлық тәрбиенің жаңа жүйесіне қажетті теориялық және эксперименттік мәліметтер жоқ еді. Әйтсе де кейінгі жылдары сенсорлық тәрбиенің мазмұны мен әдістерін жетілдіру мақсатында біраз бақылаулар, талпыныстар жасалды. Солардың ішінде балабақша тәжірибесінде маңызды орын алған Е.И.Тихееваның еңбегі болды. Оның еңбегі, біріншіден, психологиялық зерттеулердің қорытындысына, екіншіден, И.Г.Песталоцци мен К.Д.Ушинскийдің педагогикалық еңбектеріне негізделді. Е.И.Тихеева балаларға заттың түрін, түсін, көлемін меңгеруге қажетті жасанды және табиғи дидактикалық материалдарды талдап берді. Сенсорлық тәрбиенің негізгі әдісі ретінде «серуендерді», «дидактикалық ойындарды» ұсынды.
Е.И.Тихеева сезім органдарын жетілдіруді бала тілінің дамуымен, үй ішіне «саяхат» жасап, заттар және олардың қасиеттерімен сезім мүшелері арқылы танысу («қарап көр», «байқап көр», «иіскеп көр»), процесімен байланыстырды.
Баланың сенсорлық процестерінің дамуына мүмкіндік тудыратын іс-әрекеттің тиімді түрі – көркем сурет салу, саздан, пластилиннен мүсіндер жасау, салынған суреттерді, өрнектерді қиып желімдеу әрекеттері, педагогикалық басшылықпен ұйымдастырған бірлескен дидактикалық ойындар.
© ООО «Знанио»
С вами с 2009 года.