Балабақшада оқу-тәрбие үрдісінде «Тәй-тәй»
технологиясын пайдалану
«Тәй-тәй» технологиясының негізгі идеясы оқыту мен білім беру, балалармен жеке жұмыс жасау, балаларға таңдау жасауды жүзеге асыру, ең бастысы, қоршаған ортаны қорғау және орталықтарды дамыту. Сонымен қатар “Тәй-тәй” технологиясы ата-аналарды балабақшаның тыныс-тіршілігіне тартудың ең бір тиімді жолдарын ашып отыр.
Основные идеи технологии «Тәй-тәй» заключаются в индивидуальном подходе к обучению и воспитанию, осуществление детьми выбора, наличие развивающей среды и центров активности и, самое главное, участие семьи.
The basic ideas of technology "Tәy-tәy" are an individual approach to training and education, implementation of children selection, the presence of developing environment and activity centers and, most importantly, the participation of the family.
Жас ұрпақ тәрбиесі сияқты үлкен міндетті шешуге мектепке дейінгі қоғамдық тәрбиенің орны ерекше. Олар өмір есігін жаңа ғана ашқан жас буындар денесінің, ақыл -ойының, сана-сезімінің дамуына, адамгершілік қасиеттері мен эстетикалық талғамның қалыптасуына жағдай жасайды.
Мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мақсаты қоғам талабынан туады. Өйткені елімізге Отанын сүйетін, білімді, моральдық бейнесі жоғары, шығармашылық еңбекке бейім, рухани дүниесі бай, жетілген адамдар қажет.
Даму ортасының негізінде тұлғаның дамуын қамтамасыз ететін мектепке дейінгі білім беру мекемесі, баланың тұлғасын дамытуда оның жеке ерекшелік мүмкіндіктерін ашып, таным белсенділігін қалыптастыру мақсатында мынадай міндеттерді шешуі шарт:
- Баланың ішкі белсенділігін дамытуға арналған қажетті мүмкіндіктер жасау.
- Әр балада оның жеке дара қасиеттері мен қабілеттерін ашып, олардың өмір сүруге қажетті салаларға орнығуына мүмкіндік көрсету.
- Әр баланы тұлғалық ерекшеліктерін ашып көрсетуге және оны дамытуда көмегін тигізетін жаңа жолдарды іздестіру.
- Әр баланың тұлғасына деген құрмет пен сүйіспеншілікті қамтамасыз ететін қарым - қатынасты орнату.
- Тұлғаға әсер етудегі белсенді әдістерге бағдар жасау.
Мұндай педагогикалық технологиялардың жан-жақты тараған түрінің бірі «Тәй-тәй» технологиясы. «Тәй-тәй» технологиясының негізін қалаушы М.Монтессори. Монтессори педагогикасының негізі - арнайы орта құрып, онда баланың өзін-өзі дамытуына ықпал жасау. М.Монтессори: «Баланың өзіп жетілуі үшін не қажет?» - деген сұрақ қойып, оның қажеттілігі, өзіне қызмет етуге, өзін-өзі дамытуға деген ұмтылыс болып табылатынын өзі ашқан мектептерде дәлелдеп берген. Сондықтан баланы өмірге бейімдеу дамытушылық ортада жүзеге асады.
Дамытушылық ортасы дегеніміз - балалардың қызығушылығын туғызатын алуан түрлі, тартымды материалдар ашық қолжетімділікте болатын, педагог жасаған зат-кеңістік ортасы; ондағы балаларды оқыту және тәрбиелеу жағдайы әрбір балаға өзінің жеке қарқынмен дамуға мүмкіндік береді.
Балабақшада «Тәй-тәй» технологиясы мен әдістемелерді оқу-тәрбие үрдісінде қолдануда тиімділігін байқадық. «Тәй-тәй» технологиясының негізгі мақсаты әр баланың жеке қабылдауы мен даму кезеңдерін есепке ала отырып білім беру.
Технологияның балаларға іс-әрекеттерді таңдау мүмкіндігіне, зерттеу ісімен шұғылдануына, іскер және тапқыр болуына жағдай жасайды. Сонымен қатар оқу-тәрбие үдерісіне отбасы белсенді қатысады. Ата-аналар жалпы ашық есік күндері өнер орталығына қатысып, өткізілген әртүрлі тақырыпқа сай табиғи материалдардан заттық мазмұнды және сәндік сурет салу, немесе сәндік бұйымдар жасауға жетекшілік етеді. Алдын ала дайындық жұмыстар жүргізіліп табиғи материал қалдықтарын жинауға көмектеседі. Ата-аналарға түсінік жұмыстары жүргізіледі.
Өнер орталығында балалардың қабылдауын, көрнекі-бейнелі ойлауын, зейінін дамытуға, дербестігімен жауапкершілігін қалыптастыру, ұсақ саусақ қозғалыстарын, ептіліктерін дамыту арқылы еңбексүйгіштікке тәрбиелейді. Алтын күз апталығына орай ұйымдастырылған «Күз сыйы» атты тәрбиелік шарада ата-ана мен балалар бірлесе күзгі өнім әртүрлі көкөністерден ертегі кейіпкерлерін жасады. Ата-аналар өз балаларының алғашқы ұстаздары мен адвокаттары. Балабақшадағы балалардан коммуникативтік тілдік құзіреттілікті меңгерген, ана тілі мен ұлтаралық тілді меңгеруге мүмкіндігі бар, ересектермен және құрдастарымен еркін қатынас жасайтын мектеп жасына дейінгі бала тұлғасын қалыптастыруда ата-анамен тәрбиешілердің бірлесе жұмыстануының маңызы зор.
Сондықтан, «Тәй-тәй» технологиясы бойынша ата-аналар берілген білімді үйде бекітіп, толықтыруға көмектеседі; тәрбиешілер балалардың үйдегі үйренгенін оқу бағдарламасын игертуге пайдаланады. Мұнда ата-аналардың қатысы қандай түрде болмасын қолдау табады: олар тәрбиешіге сабақ үстінде көмектесуі мүмкін; ата-аналар алқасы салмақты шешімдер қабылдауға белсенді қатысады; олар балаларының жақсы жақтары мен көмек қажет ететін әлсіз жақтары туралы мәліметтер бере алады. Балабақша мен отбасының байланысы тәрбиешілер мен ата-аналардың өзара құрметі мен сеніміне және әріптестік қарым-қатынас орнату үшін бірлесе күш жұмсауында.
Тәрбиеші балаларды түрлі материалдармен қамтамасыз етеді және қоршаған ортамен шектеусіз қарым-қатынас жасауға қолайлы жағдай туғызады. Тәрбиеші балаларға ашық сұрақтар қою арқылы балалардың зерттеу мен жаңа мәліметтерді игеруіне көмектеседі. Ашық сұрақтарға бірнеше жуық жауаптар берілуі мүмкін. Олар сонымен қатар баланың ойлау жүйесін түсінуге мүмкіндік береді. Сұрақ-жауап ойлауды ғана емес, баланың тілін де дамытады. Тәрбиеші балалармен бірге ойнайды, әңгімелеседі. Ол балалардың білсем деген ынтасын бөлісіп, олар ұйымдастырған заттың бәріне қызығушылық танытады.
«Тәй-тәй» технологиясы арқылы ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде балаға өз бетімен жұмыстануға жағдай туғызады. Балалар да өздерінің мүмкіндіктері мен қызығушылықтарына сай жұмыс түрін таңдау арқылы жекешелендіруді жүзеге асырады. Қызықты, әрі икемделген жұмыс түрлерін (тапсырмаларды) жоспарлап, әр баланың қалай орындағанын немесе ойнағанын бақылай отырып, тәрбиеші материалдар мен тапсырмаларды ауыстыруы, не жеке балаға бейімдеп өзгертуі мүмкін. Әр баламен жеке жұмыс жасау үшін топтық жұмыстарды шағын топтарда өткізу тиімді. Осындай көзқараспен оқыту баланың өз деңгейінде өсуі мен дамуына игі әсер етеді. Орта қауіпсіз, жайлы, қолайлы, орта көп қызметті, вариативті іс-әрекет өзгеруіне байланысты өзгере алатын алғашқы дүниетанымдық мағлұмат бере алатын орта болуы тиіс.
Дамыту орталары заттар мен ойыншықтарды балалардың еркін қолдана алуын, тілінің, танымдық, эстетикалық дамуын, баланың ізденімпаздық қабілетінің дамуын, технологиясымен жұмыс жасайтын топтардағы ахуалдың өзі балаға өз бетімен таңдау жасауға мүмкіндік беруін қамтамасыз етуі керек.
Көркем әдебиет орталығында жасына лайықты көркем әдебиет шығармаларын оқып беріп, оқылған шығарма мазмұнын әңгімелетуге, мақал-мәтел оқу, жұмбақ жасыру арқылы балалардың тілін ширатып, көркем сөз өнерін сүйе білуге баулып, адамгершілік сапалары игертіледі. Мазмұнды суреттер арқылы жүйелі сөйлеп құрап, сөйлеуге үйретіледі.
Ғылым орталығында баланың табиғатқа деген сүйіспеншілік, қамқорлық қарым-қатынасын қалыптастыру мақсаты көзделеді. Жануарлар дүниесі мен өсімдіктердің құпия сырларына деген қызығушылығы әртүрлі зерттеу, іс-тәжірибе жүргізу, бақылау жұмыстары арқылы артады.
Ойын орталығында желілі-рольдермен танысуға мүмкіндік беріліп, әлеуметтік дамуы мен қатар қарым-қатынас ептіліктері де ойын үстінде дамиды.
Манипулятивтік орталықтарында математикалық ұғымдар мен геометриялық пішіндерді ұғынуға, сандарды ауызша есептеп, есептер шығаруға және өз тарапынан есептер құрастыруға үйренеді. Және де заттардың кеңістікте орналасу бағытын, уақытты бағдарлауға, заттардың түр түсіне, пішініне, көлеміне қарай салыстыруға, ажырата білуге үйретіледі.
Орталықтардағы жинақталған материалдар балалардың белсенділігін ынталандырады, олардың барлық бес сезімін ашып, қолдануға итермелейді. Тәжірибе жасап, зерттеп, жаңалықтар аша отырып, балалар өз «болжамдарының» дұрыстығын тексереді, білімді өзіндік жеке тәсілмен игереді. Дәл осындай әдіспен балалар мәселе қойып, оны шешуге, сын тұрғысынан ойлауға, таңдау жасауға және түсініктер қалыптастыруға үйренеді. Еш уақытта кіші жастағы балаларды өздерін қызықтырмайтын тапсырмаларды орындатуға, тақырыптарды оқып үйренуге мәжбүрлеуге болмайды. Топтың ішкі көрінісі балаға орталықтар мен материалдарды таңдауға мол мүмкіндік беретіндей жағдайда ұйымдастырылуы тиіс.
Топта балалармен өткізілетін әртүрлі сабақтарды ұйымдастыра отырып, тәрбиеші барлық үйде болатын, әдетте тасталатын алуан түрлі материалдарды қолдануы мүмкін. Әрбір тәрбиеші белгілі бір сабақтарға қажетті материалдардан «тілек» тізімін жасап, оны жинауға ата-аналар мен балаларды қатыстыруы керек. Бұл тізімді ата-аналарға арналған хабарландыру тақтасына, немесе жеке жазып беруге болады. Материалдар төмендегідей болуы мүмкін:
- табиғи: тастар, тұқымдар, жапырақтар, таяқшалар, қабықтар;
- тұрмыстық|: түрлі ыдыстар, пластикалық бөтелкелер, банкалар, тамаққа қосылатын бояулар, ағаш және темір қалдықтар, әжетхана қағазы, газеттер, пенопластар, картон қораптар, бөтелке қақпақтары, шегелер, шуруптар, мата қиықтары, азық-түлік қораптары, қаптайтын материалдар, журналдар, календарлар, үй бұйымдарының сынықтары;
- жұмыстан немесе дүкеннен әкелінген материалдар: еденге төсегіштің қалдықтары, оқшауланған сымдар, ағаш сынықтары, ағаш үгінділері, пайдаланылған принтерге арналған қағаздар, қажетсіз деп тасталған әртүрлі заттар.
Барлық жиналған материалдарды жүйелеп жазып, реттеп, қажет уақытында алуға ыңғайлы жерге сақтау керек. «Денсаулық», «Қатынас», «Таным», «Шығармашылық», «Әлеуметтік орта» бес білім салаларына байланысты балалардың жас ерекшеліктеріне сай ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті тәрбиешінің шығармашылық ізденісі арқылы, педагогикалық үрдісті ұйымдастыруда педагогтар жаңашыл тәсілдерді пайдалануы жақсы нәтижелер көрсетуде.
Қорытындылай келе, бүгінде балабақша 17 жыл бойы «Тәй-Тәй» технологиясы бойынша жұмыс жасап келеді. Біздің балабақшада «Тәй-Тәй» технологиясы енгізіліп, ондағы орталықтар бойынша балалар зерттеу бағытында, еркін ойнауға, өз ойын ашық білдіруге мүмкіндіктері бар. Жалпы алғанда «Тәй-Тәй» технологиясы баланы жан-жақты дамыту және ата-анамен тығыз байланыс орнату секілді екі бағытта жұмыс жасайды. Ең негізгісі ата-аналардың оқыту процесіне еркін қатысуларына жағдай жасалуда
© ООО «Знанио»
С вами с 2009 года.