Тақырыбы: «Көктемгі табиғат»
Мақсаты: көктемгі табиғатты бақылатып, оның ерекшеліктерін түсіндіру.
Міндеттері:
Білімділік: сурет бойынша сөйлем құрап, байланыстырып сөйлеуге дағдыландыру.
Дамытушылық: сөздік қорын дамыту.
Тәрбиелік: табиғатты аялауға баулу.
Сөздік жұмыс: көктем, қар ериді, жаңбыр жауады.
Қостілдік компонент: көктем – весна, қар ериді – снег тает, жаңбыр жауады – идет дождь.
Керекті құралдар: көктем мезгілінің суреті, үлестірмелі материалдар.
І. Мотивациялық - қозғаушылық кезеңі.
Шаттық шеңбер:
Бақшамызға барғанда
Жолыққан бар жандарға
Ертемен ақ пейілмен,
«Қайырлы таң» деймін мен.
Алдымыздан кезіккен
Көп танысты көреміз.
Бәріне де ізетпен
Біздер сәлем береміз.
Жұмбақ жасыру.
Қар, мұз еріп, су көбейіп,
Сай-салада ағады.
Бүршік шашып, жапырақ ашып,
Жер гүл шашақ тағады.
Айтыңдаршы, балалар,
Бұл қай кезде болады?
- Көктем мезгілі.
ІІ. Ұйымдастыру – іздестіру кезеңі.
Тосын сәт. Қарға ұшып келеді.
- Мен - қарғамын. Осында ұшып келдім, мұнда көктем келіпті. Біз, барлық құстар сендерге жылы жақтан ұшып келдік. Осында ұя саламыз.
- Балалар, сендер біз туралы қандай тақпақ білесіңдер?
Келді көктем жағаға,
Келді сұлу шағала.
Аспандағы ақ құстар,
Ауылымды арала.
Көктем, көктем, көктемде,
Құстар келіп жеткенде.
Қуанып бір қаламыз.
Әнмен қарсы аламыз.
Көктем қандай көңілді,
Көктен жаңбыр төгілді.
Мөлдір аспан ашылып,
Күннің көзі көрінді.
Әңгімелесу:
- Көктемде қар ериді, күн жылынады, ағаштар бүршік жарып алғашқы гүл – бәйшешек шығады. Көктемде табиғат жаңарады, барлық тіршілік иелері оянады. Көктемде үлкендердің көмегімен балабақша ауласында гүл егеміз, ағаштардың түптерін қопсытамыз, құстарға ұя жасаймыз. Сондықтан да үлкендердің еңбегін бағалап, құрметтеуге тиіспіз.
Сергіту сәті:
Шомылып нұрға атырап,
Ағаштар жайды жапырақ.
Далаға бірден таралды,
Гүлдерден жұпар шашырап.
«Сөйлемді жалғастыр» дидактикалық ойыны:
Шарты: көктем мезгілінің басты ерекшелігін атап айту.
- Көктемде қандай өзгеріс болады?
- Қар ериді.
- Құстар ұшып келеді.
- Ағаштардың жапырақтары шығады, жаңбыр жауады.
- Балалар, көктемнің тағы бір ерекшелігі – жыл құстарының ұшып келуі. Олар: бозторғай, қарлығаш, су құстары.
- Осы құстарға қандай көмек көрсетеміз?
Тыйым сөздер.
Көк шөпті жұлма, ағашты сындырма, құстың ұясын бұзба.
ІІІ. Рефлексивті– түзетушілік кезеңі. Қорытындылау.
- Қазір жылдың қай мезгілі?
- Көктем мезгілінің ерекшеліктерін кім біледі?
© ООО «Знанио»
С вами с 2009 года.