Орта Азияда Фарабитанудың негізін салған Ақжан әл-Машани Жақсыбекұлы – 1906 жылы 2 қарашада Қарқаралы өңірінде «Жамантайдың Қарақуысы» деп аталып кеткен ауылда дүниеге келген. Үлкен атамыз Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романында Масан деп бір ғана әріпі өзгертілген, сол заманның биі болған. Өз атамыз да заманының сауатты старшыны, болыстық билікке араласқан дәулетті кісі болған. Үлкен атамыз Құнанбай сұлтанның бас биі, ақылшысы болған.
Оқыған, білім алған бесігі туралы……
– Ғұламаның білім алған ортасы қазақ оқығандарының шыққан тәрбиелі бесігі -Қарқаралы өлкесі. 1924 жылы қазақтың алғашқы математигі, профессор Әлімхан Ермеков ашқан Қарқаралы педагогикалық техникумын бітіріп, ағартушылық жұмыстармен айналысқан.
Әбу Наср әл-Фарабидің Дамаскідегі (Сирия) Баб ас-Сағир қорымынан қабірін тауып, құлпытас орнатуға ат салысқан. “Әл-Фараби” тарихи романында оның көркем бейнесін сомдады.
“Әл-Фараби және Абай” еңбегінде екі ғұлама арасындағы ғылыми және рухани байланыстар мәселесін зерделеді. Машанидің 350-ден астам ғылыми еңбектері және 9 монографиясы бар.
Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған.
1.1939 жылы Қазақ тау-кен металлургия институты (қазіргі ҚазҰТУ) бітірген.
2.1939-1943 жылдары КСРО ҰА-ның Қазақстан бөлімшесін;
3.1943-1946 жылдары Геология ғылымдары институтын;
4.1946-1950 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын;
(қазіргі ҚазҰПУ)
5.1950-1988 жылдар аралығында Қазақ политехникалық институты (қазіргі ҚазҰТУ) бітіріп, ғылыми-зерттеу және педагогикалық жұмыстармен айналысты.
Негізгі ғылыми бағыты геомеханиканың құрылымы — кристалдық заңдылықтарды зерттеуге арналған.
Қазақстанда геомеханиканың негізін салушы, мектебін құрушы,жазушы:
Жер астындағы кеннің геологиялық құрылымын анықтау үшін алғаш рет жер қойнауының геометриясы әдісін қолдана отырып, Ақбастау — Құсмұрын кен өрісін ашқан. Қазақстанда геомеханика мектебін құруға және соғыс жылдарында П.А. Рыжовпен бірге Лениногор, Зырян, Торғай, Жезқазған, Қаратау кен орындарын ашуға қатысты. Машани геология, тау-кен ісі, маркшейдерия ғылымдарының мемлекеттік тілде дамуына ерекше көңіл бөліп, қазақ тілінде оқулықтар мен сөздіктер шығарды. Жаратылыстану ғылымдарындағы ұлттық құндылықтарды сабақтастыра отырып, гуманитарлық мазмұн-сипатта дамытуда көп іс атқарды. Сонымен қатар қазақ әдебиетінің ғыл.-көпшілік, фантастик. жанрларына да үлес қосты. Оның “Жер астына саяхат” атты кітабы көптеген оқырмандардың геолог, тау-кен мамандықтарына деген қызығушылығын оятты.
Машани Шамдағы ғасырлар қойнауында көмескі тартқан Баб ас-Сағир зиратынан бабамыздың жатқан жерін тауып, одан бір уыс топырақ алып, туған жеріне жеткізген еді. Осы істе оған қол ұшын берген адамдар кімдер?
– Сириядағы әл-Фараби зиратын тауып, оған қазақтан тұңғыш барған ғалым Ақжан әл-Машани екенін айтуымыз парыз. Ол осы еңбегі арқылы Еуропа елдерін ғылымға, өнерге оятқан ислам мәдениеті екенін мойындата білді. Көне ғасырларда Батыс, Еуропа елдеріне кеткен шығыс ғалымдарының көзін ашты. Оның зерттеулерінде мың сәулелі жарық бар.
Ақжан әл-Машани – шығыстың Аристотелі атанған атақты Әбу Насыр әл-Фарабиді зерттеуші қазақтың тұңғыш ғалымы. Ол осы жолда Таяу шығыс елдерінде болып, Мәскеу, Ленинград, Қазан, Уфа, Ташкент қалаларының архивтерінде отырды. Бар арманы бабамыздың жатқан жеріне мінәжат ету болыпты.
1968 жылы Шам қаласына туристік топтың жасақталып жатқанын біліп, соған ілінуге жол іздейді. Мәселенің өз пайдасына оңай шешілмесін біліп, Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Д.Қонаевтан көмек сұрайды. Ақжан Дінмұхамед Қонаевпен 1942 жылдан таныс болған. Олар Лениногорскіде шахтада бірге қызмет істеген. Бірінші хатшы тиісті орындарға: «Қыркүйекте болатын Араб еліне жасалатын сапардан Ақжан Машанов қалып қоймасын», – деп тапсырма беріпті.
Оның зерттеулерінде мың сәулелі жарық бар.
Әл-Фарибидің қабіріне баратын сапардың естелігін былай жазып кеткен: «…Таңертең менің турист достарым «Шаһаризада» базарын аралауға кетті. Мен жалғыз өзім ғана қонақүйде қалдым… Машина айтқан уақытта келе қойған жоқ. Уақыт өткен сайын мазам кетуде. Ақырында машина күн батуға жақындап қалғанда келді…
Ол жерге барған соң күзетші бізге әл-Фараби қабірін көрсетті. Айналасы сәл алшақтау жерде жатқан жұпыны сұпы, сырты цементпен сыланған. Басқа ешнәрсе жоқ. Күзетшінің айтуынша, оның басында бұрын белгі болған. Жер сілкінген кезде құлап қалыпты. Айналасында тұрған мынау қабірлердің бәрінің де белгісі құлаған. Бірақ сіз мұның әл-Фарабидікі екеніне ешбір шүбә келтірмеңіз, өйткені бұл зиратта жатқан адамдардың бәрі дәптерде тіркеулі, кімнің қай жерде жатқаны белгілі…
…Әл-Фараби зиратын дереу суретке түсірдік, өйткені сол кезде күн батуға жақын еді. …Жүректе бір қылдай сезім сыздайды: адамдар неге ұмытшақ, неге ғапыл – өшпес мұра қалдырған дананы неліктен ұмытады? Отырарда қандай белгісіз болса, мұнда да дәл сондай, жоқтаусыз жетім бала сияқты… Көңілім біртүрлі бұзылып, назымды қойын дәптеріме түсірдім!».
Осы жазбалардың өзі оның жанқиналысын білдірмей ме?!
Осыдан соң Ақжан әл-Машани әл-Фараби туралы кітап жазды. Солардың бірі «Әл-Фараби және Абай» деп аталады. 1984 жылы Кувейтте еңбегі жарияланған соң, ол бүкіл араб әлеміне танымал болды. Іздеушілер көбейді. Екіншіден, бұл еңбек Ахат Шәкәрімұлының 1976 жылы 8 маусымда: «Ақжан! әл-Фарабиді еңбек етті, ол діншіл еді деп жармасқан адамдардан оның ғалымдығы күшті деп ақтап шығып, түріктің, оның ішінде қазақтың әл-Фарабиін тірілттің. Сол әл-Фарабиді оқыған, тағылым алған Абай мен Шәкәрім туралы үн қатпай кеттің. Бұл қалай?» деп жазылған хатына берілген жауап болды.
ЮНЕСКО шеңберінде әл-Фарабидің қазақ топырағында туғанын мойындатуда да жазушының еңбегі зор болды ма?..
Бұл бір «әл-Фараби заманында қазақ-өзбек еншісі бөлінбеген ел еді ғой, енді оны қазақ тумасы деп бөле тартпай, өзбек халқына да ортақ ұл деп айтпаймыз ба» деген әңгіменің қызып тұрған кезі еді. Фарабитанудың жолында тұрған Қаныш Сәтбаевтың өмірден өтуі Машаниды бұл жолда жалғыз қалдырды. Өзіне жанашыр болар қазақ ғалымдары әлі ұйқысынан оянбаған тұс еді. Оған бәрінен қатты соққаны: «Әй, Ақжан, мына сәлделі молданы ұлы бабам дейсің, руы кім екен?» деушілер болды. 1975 жылы Ақжан атамыз Самарқандтың 2500 жылдық тойына барғанда: «Түрік тумаларын бөліп-жару қазақтан басталған жоқ еді ғой, ағайындар. Науаи, әл-Бируни, әл-Хорезми, Ұлықбектер туған кездерде де қазақ пен өзбек еншісі ортақ емес пе еді? Қазақ жері – Отырарда туған әл-Фарабиді ортақ еткілеріңіз келсе, онда өздеріңіз жеріне қарай еншілеп алған Тұранның барлық даналарын ортақтастырайық», – деп өз ойын ашық білдіріпті.
Өзбек ғалымдары әл-Фарабиді «ортақ» баба ету пиғылынан сол 1970 жылдардың басына дейін арылмаған, яғни ұлы бабамыздың 1100 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО шеңберінде Қазақстанда атап өтілу туралы шешім қабылдағанша осы көзқараста табандап тұрып алыпты. Шындықтың дұшпаны надандық деп жатады ғой. Бұл – шындық еді.
Ақжан атамыздың сенімі қандай еді?
«Сенім – ақыл-ойдың ең жоғарғы сатысы, дейді ғой. Ол өзінен кейінгі ұрпағының өзі бастаған істі ұмыт қалдырмай жалғастыратынына сеніп кетті. Сондықтан мен Ақжанның 16 томдық жарық көрген қолжазбаларынан басқа Құранды ғылыми тұрғыда талдап жазған еңбегін қолжазба күйінде Ғабдолла, Ғабдолла-2 деген реттік нөмірмен көрсетілген 48 беттік дәптерден тұратын 16 дәптерді ұқыпты сақтап отырмын.
Ақжан көзі тірісінде Халифа Алтаймен жақсы араласты. Өзі Құранға ғылыми тұрғыда тәпсір жазса, Халифа хазірет діни саласында тәпсір жазды. Мына үндестікті қараңыз: Ақжан «Темірқазық» төбемізде тұр, ол Менделеевтің периодтық таблицасында 26-шы болып белгіленген, ал Құранда да Темір (Альхамид) сүресі 26-болып тұр», – деп балаша қуанғаны әлі есімде.
Озған жұрт өткен тарихтың жаманы болсын, жақсысы болсын, бәрін есте сақтауға тырысады. Жақсы істерден сабақ алып, болашақ ұрпақ керегін жаңғыртып отыратынына сенемін»,- деп жары жауап берген.
Ғылым мен дінді қатар қойып зерттеді. «Адамдар Құдайдан және жұмыстан тұрады», – депті ақын Борис Пастернак. Сол айтпақшы, әлемдік әдебиет тарихында ұлы жазушылар Толстой, Достоевский, Гете өздерінің шығармашылық шыңына жеткенде дінге, «Құдайды іздеуге» бет бұрыпты. Ақжан ағамыз дінге неше жасында ден қойды?
– «Құдайдың өзі де рас, сөзі де рас» деп келетін дана Абай өлеңдерін жаттап өскен Ақжанның баба ғылымының діни негізін игерудегі ождандық өзегін аңғару қиын емес. Көкірегіне Хақтың нұры ерте қонса да, ол оны әбден пісіріп барып, жасы 50-ден асқанда намазға жығылды.
Ол ғылым мен дінді қатар қойып зерттеді. Сөздердің, оны құраушы әріптердің сандық мәнін қолдануда Абжәд есебі барлық есеп ғылымының, сол арқылы барлық табиғат ғылымының бастауы екендігі тек біздер үшін ғана беймәлім жәйт. Жалпы, Абжәд есебі бастауын Адам пайғамбардан алады. Тәңір тарапынан келген Жебірейіл періште Адамға «Абжәд есебін үйренсең, тағат-ғибраттарың қабыл болмайды» дейтіндігі және мұны әрі дамытқан Шиш, Ыдырыс пайғамбарлар делінеді. Сондықтан Ақаң ғылым жетістігі арқылы қазақтың аспантанымын, әл-Фараби ілімін ғылыми ислами негізде сабақтастыра білді деп ойлаймын.
Бір тұстары ағамыздың діни көзқарасы мен оның мұсылмандық шарттарын орындауы үлкен үйде де әңгіме болып, сыртынан бақылау қойып, түсіндіру жұмыстары жүргізілмеп пе еді?
– Ол тұста партия мүшесінің намаз оқып, мешітке баруы қатаң сыналатын. Ақаңның Алланың үйіне баруы үлкен дауға айналып, ісі партия ұйымдарында қаралуға дейін барды. Осындай орынсыз сұрақтардан әбден шаршаған Ақжан бірде ОК хатшысы Д.Қонаевтың қабылдауына барады. Бұрыннан көз таныс, замандасы Қонаевтың алдына арызы мен партбилетін қойып: «Димаш, жасым болса келді. Мына билетіңді бір күні масқара боп жоғалтып алармын. Осыны өзіңе аман-сауымда қайтарып берейін деп келдім…», – деп ойын астарлап жеткізеді. Димекең, әңгіменің не туралы екенін сезіп: «Ой, Ақа, мұныңыз не?..», деп арызының бұрышына: «Не трогать старика!» деп тәртіп соғып беріпті. Осыдан соң біраз уақыт тынышталып қалдық.
Атамыздың мінезі қандай еді? Шіреніп, айқайға басқан кездері болды ма?
– Ол кісі Пайғамбар мінезді, сәруар тұлғалы еді. Үйде де, қызмет орнында да өте жайлы болатын. Есік қаққанға жекірген адам емес. «Ай – түнде керек болса, ақыл күнде керек» деп үнемі сабырға шақыратын. Ол кісіге қарағанда мен шалтпын, бірдеңені айтқым келеді де тұрады. Мұндайда ағаларың ақылмен жеңіп отыратын.
Тағдыр – маңдайға жазылған майдан. Бақыт – басар баспалдағыңды биіктету, сүйікті болу мен сүйікті етуден тұрады. Ол мені сүйікті ете білді, мен де соған лайықты құрмет көрсетуге тырыстым.
Адамның жаны қалаған жұмыс, яғни қызметі оның жүрегіне ем. Одан ләззат алса, ол кісінің өмірі ұзақ болатын көрінеді. Ақаң ұзақ, бақытты өмір сүрді. Көңілінің тоқайласар толғаныс түйінін тапқан сәттегі қуанышы мен тебіренісін сездірер сөзін дірілмен араласа шығатын қоңыр үнімен «карамат», «карамат бар» деп бастайтын. Ол сөзі ризашылығының биік шыңы болатын.
Ол аса күй талғамайтын. Дүниеге қызықпайтын. Бір киер киімі таза болса, соған риза болатын.
Өмір бойы жаратылыстану ғылымымен айналысқан ойшыл ғалымның тілге деген көзқарасы қандай болды?
– Ағаларың екі тілге бірдей болды. Бірақ қазақ ғалымы екенін басты орынға қойды. Орыстарға сәл бүйрегін бұрса, үлде мен бүлдеге бөленетін де еді. Ол: «ұлт тілінен айырылса, мінезінен айырылады. Мінезін жоғалтса, ұлттық қасиеттерінен айырылады» дейтін. Нөмірдің нақылына. Тілдің киесі – елдің иесі. Тілдің жарығын қуаттандырған ел – ұрпағын қанаттандырған ел. Ана тілің – қаныңның тамшысы, намысыңның қамшысы» деп айтып отырушы еді. Халықтың дәстүріне, тәлім-тәрбиесіне ұстамды болды. Дастархан басындағы дұға қайырардағы соңғы сөзіне екпін түсіріп: «Әл-Фараби бабаңның аруағы қорғап жүрсін!» деп аяқтайтын.
Ол – ғасырларға сапар шеккен ақыл ескерткіші
– Халқының қасиетін жанымен ұққан ғалымға өлім жоқ. Соңына өлместей мұра қалдырған қайраткерге өмірден өткен соң қандай құрмет көрсетілді?
Өз еңбегімен тапқан қаржысын пайдалы іске жаратса, содан рахат табатын. Есепке жүйрік еді, осы уақытқа дейін партжарнаға төлеген ақшаға бір ұшақ түсетін еді деп отыратын. Құрмет демекші, 85 жасқа толған мерейтойында «Социалистік Еңбек Ері» атағын береміз деп, Мәскеуге ұсыныс берген. Араға 5 жыл салып, 90 жасына орай, Қазақ Ұлттық Ғылым академиясының құрылтайшысы, ең алғашқы корреспондент-мүшесінің бірі ретінде «Халық қаһарманы» атағын береміз деп тағы бір ардарқатып қойды. Сол жылы Ұлттық Ғылым академиясының 50 жылдығы өтіп, ол атақты академик Чокинге беріп жіберді. Сөйтіп жүргенде көктемде Ақжан дүние салды. Содан «Халық қаһарманы» атағы да бұйырмады. Алайда, 1978 жылы Ақбастау алқабында алтын кенін тұңғыш ашқан ғалым ретінде өтеуіне 124 рубль бергенде қатты налыды. Шалдың қатты ренжігенін тұңғыш рет сонда көрдім. Күйінгеннен: «әл-Фарабиден бастап қаншама еңбектер жаздым. Ол менің қасиетті жұмысым. Ал алтынның жөні басқа еді ғой. Осы еңбегімді лайықты бағалау керек еді. Егер шет елде болса, оны тапқан адам сол заматында миллионер атанып, оның белгілі проценті сол адамның есебіне түсіп жататын еді…» деді.
Атамыз 85 жасында дүниеден өтті. 1888 жылы атамызға Қараби деген жерде ас беріліпті. Астың жер ошағы сегіз шарбақты болған деседі. Сол тұста ол кісіні еске алған ауыл билерінің бірі: «Машанның жоқтауын жеткізе алмайсыңдар… Жігіт сегіз қырлы болсын дейді ғой.., ал Машан он екі қырлы еді», – депті. Үлкен енеміз Желкілдек те өте ақылды, дана кісі болған көрінеді. Анамыз көп жасап, 97 жасында дүниеден өткенде 80 жастағы Машан атамыз: «Енді мені кім қарағым деп айтады» деп егілген деседі.
© ООО «Знанио»
С вами с 2009 года.