XX ғ. 20-30 — жылдарындағы мәдени құрылыс. Сауатсыздықты жою.
Мақсаты: XX ғ. 20-30 — жылдарындағы мәдени құрылысқа сипаттама. Сауатсыздықты жою қалай жүрді түсінік беріп, меңгеру.
Қазан революциясынан кейін жаңа мәдениет жасау Қазақстанда басталған қайта құрулардың маңызды құрамдас бөлігі болды. Ол мұның алдындағы кезеңдерде қазақ халқы жасаған мәдениет жетістіктеріне сын көзбен қарап, оларды игеру негізінде жүргізіле бастады.
Кеңес мемлекеті мәдени революция процесіне бағыт бере отырып, оған еңбекшілер бұқарасының өздерінің жанды шығармашылығымен белсене қатысуына, олардың басым көпшілігінің «көзін ашып, білім алуға» деген орасан зор ұмытылысына сүйенді. Ана тілі негізінде және ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, мәдениетті еркін дамыту үшін барлық халықтарға нақты жасалынған жағдайда ғана еңбекшілердің мәдениет тұрғысынан өркендеуі мүмкін. Сонымен бірге ұлттар томаға-тұйықтыққа қарсы күресте ғана, ұлттардың шығармашылық ынтымақтасуы мен өзара рухани баюы негізінде ғана ұлттық мәдениеттердің гүлденуіне жетуге болатын еді.
Әлеуметтік-экономикалық қайта құрудағы сияқты, мәдени құрылыс саласында да өтпелі кезеңде еңбекшілердің қалың бұқарасына түсінікті, ұғымды жолдар, тәсілдер, құралдар қолданылды.
Алайда мәдени құрылыс үлкен қиыншылықтармен күресу жағдайында жүзеге асырылды. Көшпелі және жартылай көшпелі өмір салты, халықтың ұлан-ғайыр аумақта сирек орналасуы, патриархатгық-феодалдық және клерикалдық институттардың ықпалы, өлкенің жалпы экономикалық артта қалуы, халықтың түгелдей дерлік сауатсыздығы, қатынас жолдары мен байланыс құралдарының жеткіліксіздігі, өте-мөте материалдық базаның әлсіздігі, кадрлардың жетіспеушілігі — осының бәрі жаңа мәдени құрылыс қарқынын баяулатты.
Орасан зор қиыншылықтар мен кертартпалыққа қарамастан қазақ еңбекшілерінің сауатын ашу жөнінде мақсаткерлік бағытта жұмыс жүргізілді. Мәдени қайта қүрулар әрқилы ұлтшылдық пен шовинистік көзқарастарға қарсы күрес үстінде өрістеді. Ұлы державалық шовинистік элементтер ұлттық мәдениетті дамытудың қажеттігін бекерге шығарды, ал ұлтшыл элементтер ұлттық томаға-тұйықтықты жақтады, қазақ халқын орыс және басқа халықтардың социалистік мәдениетіне ортақтастыруға қарсы шықты. Идеологиялық майдандағы күрестің қиындықтарын мәдениет қызметкерлерінің, жалпы интеллигенцияның, даярлығы бар кадрлардың аздығы да өршіте түсті.
Мақсаткерлік күрес жүргізу өзінің нәтижесін берді, феодалдық тонаулар жойылды, рулық-патриархаттық тәртіпке, рулық институттарға, діни соқыр сенімдерге қарсы күрес шиеленіскен жағдайда жүргізілді, қазақ әйелдеріне теңдік әперілді, жаппай сауатсыздықты жою, орта және жоғары білім жүйесін құру, кеңестік интеллигенция кадрларын қалыптастыру жөнінде кешенді шаралар жүзеге асырыла бастады.
Халық бұқарасының санасын оятуда, арттыруда, саяси-ағарту жұмысы маңызды орын алды. Еңбекшілердің белсенділігін арттыру үшін насихат күндері, апталықтар, айлықтар өткізіліп тұрды. Кітапханалар, мұражайлар, театрлар, жұмысшы үйлері, саяси сауат үйірмелері мәдени-ағарту жұмысының негізгі ошақтары болды, оларда көркемөнерпаздар үйірмелері жұмыс істеді. 1922 жылдың көктемінде республикада 7 орталық және 90 аудандық клуб, 33 аудандық халық үйі, 221 оқу үйі болды. Көшпелі аудандарда қызыл отау, қызыл шайхана, қызыл керуендер құрылды. Олар көбінесе, бұқараның бастамасымен құрылып жатты.
Әйелдер арасындағы жұмысқа көп көңіл бөлінді, 1920-1922 жылдары жер-жерде әйелдер бөлімдері құрылды. Қазақ әйелдерінің еңбек пен жұмыс жағдайларын зерттеу, олардың экономикалық және құқықтық теңдігін қамтамасыз ету мақсатымен 1926 жылғы қарашада Қазақ АКСР ОАК жанынан комиссия құрылды. Жүзеге асырылған нақты шаралар өзінің жемісін берді — әйелдер өндіріс пен қоғам өміріне белсене араласа бастады.
Халық шаруашылығының қалпына келуіне және республика экономикасының нығаюына қарай мәдениет мәселелеріне неғұрлым көбірек көңіл бөлінді. 1925 жылы Қазақстан Кеңестерінің V съезі үкімет пен жергілікті орындарды республикалық және жергілікті бюджеттің кемінде 35 пайызын мәдениет пен ағарту ісінің мұқтажына жұмсауға міндеттеді.
Мерзімді баспасөз бен кітап шығару ісі мықтап дамыды, барлығы 31 газет, оның 13-і қазақ тілінде шығып тұрды. Жыл өткен сайын кітаптар көптеп шығарыла бастады. 1925 жылы 96 кітап 443 мың дана болып таратылса, 1930 жылы тиісінше — 200-ге жуық және 3 млн. Ал 1932 жылы таралымы 6 млн. дана 668 кітап шығарылды. Дегенмен кітап әлі де аз еді, солай бола тұра баспасөз еңбекшілерді үйретті және оларды жаңа, жарқын да еркін өмір құруға шақырып отырды.
Халыққа білім беру. Еңбекшілер бұқарасының мәдени дәрежесін көтеру жөніндегі басты міндеттердің ішіндегі ең шұғылы — патша өкіметінің халықтың сауатсыздығы сияқты масқара мұрасын жою болды. Күйзелушілік пен ашаршылыкқа қарамастан сауатсыздықты жою жөніндегі жұмыс бірте-бірте өріс алды. Қазақ АКСР ОАК 1921 жылғы 26 маусымда 16 жастан 50 жасқа дейінгі жеткілікті білімі бар барлық адамдарды сауатсыздықты жою жөніңдегі жұмысқа жұмылдыру туралы қаулы қабылдады. Әдетге, сауатсыздықты жою ісі бұқараны саяси жағынан ағартумен және олардың арасында социализм идеяларын насихатгаумен байланыстырылды. Сауатсыздықты жою мектептерінде партияның, мемлекеттің экономикалық саясаты туралы, кеңестік жер заңы т.б. жайында әңгімелер өткізілді.
Еңбекшілер зор ынтамен оқуға кірісті. Егер 1920-1921 оқу жылында сауатсыздықты жою жөніндегі 2412 пункт жұмыс істеп, оларда 27,3 мың адам оқыған болса, 1924-1925 оқу жылында тиісінше — 6677 пункт және 1731 мың адам сауатын ашты. Ауылдағы сауатты қазақтардың ара салмағы 1920 жылғы 2,9 пайыздан 1926 жылы 10 пайызға жуықтады. Алайда атқарылатын жұмыс әлі көп еді, өйткені 1,7 млн. қазақ сауатсыз күйінде қалып қойды.
1930 жылғы 11 қаңтарда Қазақ АКСР ОАК сауатсыздықты міндетті түрде жою туралы декрет қабылдады, содан кейін сауатсыздықты жою пункттерінің желісі кеңейе түсті, әліппе мен оқу құралдарын шығаруға және тұрақты сауат ашу мектептерін ұстауға 2 млн. сомға жуық қаржы бөлінді.
Елдегі экономикалық жағдайдың оңалуы халыққа білім беру ісінің өрлеуіне жағдай жасады. 1923 жылдан бастап мектептердің жүйесі ұлғайды, мұғалімдердің тұрмысы жақсара түсті. 1924-1925 оқу жылының басында 1251 бірінші басқыш мектеп, оның 747-сі қазақ мектебі, 25 коммуна-мектеп (24-і қазақша) және 68 жеті жылдық және екінші басқыш мектеп болды. Жалпы алғанда халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңінің аяғында 1922-1923 оқу жылымен салыстырғанда қазақ оқушыларының саны 2,4 есе көбейді, ал барлық оқушылар саны осы мерзімде 1,9 есе өскен еді. Бірақ оқулықтар жетіспеді, тек 1921-1922 жылдары ғана қазақ тілінде алғашқы үш оқулық шықты, оның таралымының бір бөлігі Қазанда. Бұдан кейін оқулықтарды басып шығару біршама жақсарды: 1925 жылы таралымы 320 мың дана болып 10 оқулық пен оқу құралдары шығарылды, бұлар негізінен қазақ мектептеріне арналды, ал орыс тіліндегі оқулықтар Мәскеуден әкелінді. Одақтағы көптеген басқа мұсылман халықтары сияқты, қазақтардың жазба мәдениеті де орталықтың қысымшылығына душар болды, соның әмірімен 20-жылдардың аяғында олар араб алфавитінен бас тартып, латын әрпіне көшті.
Тапсырма :
1. XX ғ. 20-30 — жылдарындағы мәдени құрылысқа сипаттама бер.
2. Сауатсыздықты жою қалай жүрді?
Скачано с www.znanio.ru
© ООО «Знанио»
С вами с 2009 года.