ПЕДАГОГТЫҢ КӘСІБИ ҚҰЗІРЕТТІЛІГІ – БІЛІМ САПАСЫН КӨТЕРУДІҢ ФАКТОРЫ
Туралиева Гулбакыт Алмасовна
№1 Алматы қазақ мемлекеттік гуманитарлық-педагогтік колледжі
"Мұғалім- өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқан кезде оның мұғалімдігі де жойылады",- деп К.Д.Ушинский айтқандай бүгінде ғылым мен білімге қояр талап артып, білім беру жүйесі күрделенген заманда қоғамдағы оқытушылар алдына жүктелер міндет еселене түсуде. Оқытушылардың алдында жай ғана білім беру емес, өркениет көшіне жол бастайтын, ұлттық рухты бойына сіңірген саналы да білімді ұрпақты тәрбиелеу міндеті тұр. Бұл жолда оқытушының кәсіби шеберлігін дамыту, біліктілігін арттыру сынды мәселелер мектеп пен қоғам алдында тұрған жауапты іс болмақ. Оқытушының кәсіби даму шеберлігі алған дипломнан кейін әрі қарай тоқтап қалмауы тиіс. Себебі, қазіргі жаңалығы мен өзгерістері қарыштап дамыған заманда оқытушы жаһандану көшінен қалып қоймай, заман ағымына ілесіп отыруы керек.
Тәуелсіз ел тірегі білімді ұрпақ десек, жаңа дәуірдің күн тәртібінде тұрған негізгі мәселенің бірі - білім беру, ғылымды дамыту екендігіне ешкімнің таласы жоқ. үздіксіз білім алу мәселесі осы заманғы ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың, саяси және әлеуметтік экономикалық өзгерістердің әсерінен туындаған мәселе. «Халықпен халықты, адаммен адамды теңестіретін нәрсе білім», - деп ұлы жазушымыз М.Әуезов айтқандай, еліміздің басқа мемлекеттермен экономика, мәдениет, саясат жағынан тең дәрежеде тұрып, олармен бәсекеге түсе алуы адамдардың білімді де білікті болуын талап етеді. «XXI ғасырдың табалдырығы алдында білім беру капиталға айналуда, ол өз мазмұны жөнінен стратегиялық ресурстармен бәсекелесе алады және солай болуға тиіс.
Ғалымдардың «үздіксіз білім беру – ол адамның бүкіл ғұмыр жолында жеке тұлға ретінде дамып отыруы» деген қағидасы қазіргі кезде өз жалғасын табуда. Үздіксіз білім беру бұл үздіксіз оқыту мен тәрбиелеу емес немесе бекітілген оқу мерзімімен және оқу орнының қабырғасымен шектелмейді, ол – адамға білімнің белгілі бір көлемін беруге бағытталған білім түріне ауысу болып табылады. Тек жеке тұлғаға, субьектіге бағытталған білім ғана адамның жылдам өзгеріп жатқан қоғамдық және экономикалық өмір талаптарына сай жауап бере алуын қамтамасыз ете алады. Бүгінгі таңда заман талабына сай ұлттық білім беру жүйелерінде көптеген өзгерістер болып жатыр, оқу тәсілдерімен құралдарының бүкіл әлемдегі білім жүйесіне ортақ жалпы элементтері қарастырылуда.
Білім беру жүйесіндегі тәрбие мен оқытудағы адамгершілікке бағытталған идеалдар құндылықтар деп мазмұндалып, оларға шындық, қайырымдылық, тұлға, бостандық, махаббат, шығармашылық қасиеттер жатады. Құндылықтар идеалдарды қабылдау немесе қабылдамау сезімі арқылы айқындалып, ақыл-ой, сана арқылы қабылданады. Бұл сезім мен ақыл-ойдың ұштасуын және сол арқылы адамның іс-әрекетін көрсетеді. Құндылықтар сезім арқылы қабылданады, сана арқылы түсінуге болады. Соның нәтижесінде тұлға құндылықты игереді де, іс-әрекет етеді. Құндылықтар қоғам үшін ең маңызды деген әдет-ғұрыптар мен нормалар қызметін өзіне бағындырады және реттейді.
Адам өзін қоршаған заттық және рухани әлемді құндылықтар арқылы бағалайды. Құндылықтар — бұл дегеніміз адам бойындағыасыл қасиеттер тізбесі. Олар бізге бала кезден, ана сүтімен бірге, ана тілі арқылы, мораль негіздері ретінде, өз тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрптары мен салт-дәстүрлерін игеру нәтижесінде орнығады. Құндылықтар әр адам үшін әр түрлі болады. Реттілігіне қарай, маңыздылығына қарай өзгеріп отырады. Биология тілімен алсақ, процестің жүру реттілігіне қарай табиғи және жасанды қасиеттер.
Құндылықтар туралы алғашқы түсінік ежелге грек ғалымы Сократтан бастау алады. Сократ үшін құндылық «адамның өмірді бағалауы» екен. Ал Аристотель «жақсылық», «игілік» ұғымдарын жағымды мінез-құлықты, рухани құндылықты бейнелеуде қолданды. Аристотельдің пайымдауында «этиканың мақсаты – таным емес, ізгілікке үйрету. Этикалық зерттеулер рухани-адамгершілік дегеннің не екендігін білу үшін емес, осы рухани-адамгершілікке жетудің жолдарын үйрету үшін қажет, олай болмағанда бұл ғылымның пайдасы болмас еді» – дейді.
Шәкәрім Құдайбердіұлы 1858 жылы дүниеге келіп өзінің 73 жылдық ғұмырында артына сарқылмастай мол қазына қалдырды. Ш.Құдайбердіұлының философиялық еңбектерінің негізгі обьектісі – адам болса, байлықтың ең үлкені – ғылым дей келе, «Өзіңді өзің танысаң істің басы» деп жырлайды. Педагогикалық сөздікте «құндылық – адамның ішкі құқығы, ізгілігі, адамдармен қарым-қатынасы, іс-әрекет кезіндегі көрсетілетін тұрақтылығы, қайырымдылығы, мейірімділік тәрбиесі». Сондықтан біз «құндылық» ұғымын адамды тәрбиелеу үшін оның өмір сүруіне ең керекті, маңызды, қажетті, бағалы дүниелердің жиынтығын құрайтын педагогикалық категория ретінде қарастырамыз.
Жалпы адамзаттық құндылықтар арқылы тәрбие беру – рухани азғындықтан шығудың ең басты жолы. Осы орайда бүгінгі таңдағы мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында жүргізілетін тәрбиенің өзіндік басты мақсат-міндеттері, бағыттары болады. Жас ұрпақты өкінбейтіндей етіп, қателіксіз, уайым-қайғысыз, зорлық-зомбылықсыз өмір сүруге, өмірлері қуаныш пен шаттыққа толы болуға үйрету – біздің қасиетті парызымыз. Нағыз ұстаз бейнесін Әбу Насыр Әл-Фараби сөзімен түйіндесек: «Ұстаздық мінез-құлық нормасы мынадай болуға тиіс: ол тым қатал да болмауға тиіс, тым ырыққа да жығыла бермеуі керек, өйткені тым қаталдық шәкіртті өзінің ұстазына қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру ұстаздық қадірін кетіреді, оның берген сабағы мен оның ғылымына, шәкірті селқос қарайтын болады. Ұстаз тарапынан барынша ынталылық пен табандылық қажет. Өйткені бұлар, жұрт айтқандай, тамшысымен тас тесетін бейне бір су тәрізді».
Рухани-адамгершілік білімнің негізі болып табылатын «Өзін- өзі тану» жобасының авторы С. А. Назарбаева «Өмір әдебі» деген кітабында: «Рухани кәусар бұлаққа барар жол іздеу әр адамның міндеттерінің міндеті екендігіне сенімдімін» дей келе, оған тек жалпыадамзаттық құндылықтарды оқыту арқылы ғана жетуге болатынын атап көрсетті. Рухани құндылықтар қоғам талабына сай өзгерістерге ұшырап жаңа нарықтық қоғам салты пайда болды. Бұл жағдайлар адамдардың арасында ізгілік, әділдік, өзара көмек, төзімділік сияқты қарым-қатынастар орнатуына ықпал ететін құндылықтар мен әр жеке тұлғаның шығармашылық мүмкіндіктерінің ашылуы мен оларды жүзеге асыруға түрткі болатын құндылықтарды зерттеу қажеттіліктерін туғызды. Осындай жағдайларда қоғамдық мұраттар мен адамдардың тәлімдік үдерістері өзгерді, сондықтан да білім мазмұнын түбегейлі жаңғырту, әдістерді жаңарту және жастарды оқыту мен тәрбие беру технологияларын жетілдіру қажеттілігі туындады.
«Құзырлылық – тек кәсіби білімі емес, тұлғаның жалпы мәдениеті мен шығармашылық әлеуетін дамыту қабілеті»- деп түйіндейді Т. Г. Браже. Сондықтан бүгінгі педагог тек кәсіби білімін толықтырып қана қоймай, үнемі шығармашылықпен жұмыс жасауы қажет. Сол себептен де жиі-жиі педагогикалық біліктілігімізді арттыратын курстардан өтіп, түрлі қалалық және шетелдік конференцияларға қатысып шыңдала беруіміз қажет деп білемін. Сонда ғана кәсіби шеберлігі шыңдалып жетілген, құзырлығы жоғары, ойы жүйрік, ақылы терең, бәсекеге қабілетті, өзгерістерге бейім, шығармашылығы биік, ізденуші, зерттеуші, өз ісінің технологы, жасампаз жаңашыл педагог – бүгінгі қоғамның нақ тапсырысы боларымыз сөзсіз. Сондықтан, қазіргі тәуелсіз елімізде ғасырлар бойы халқымыздың ұлттық санасынан орын алған адамгершілік құндылықтарды, яғни ізгілік, қайырымдылық, адалдық, әділдік, қарым-қатынас сияқты қасиеттерді, қоғамда болып жатқан өзгерістерге байланыстырып, жеткіншек ұрпақты тәрбиелеудің қайнар бастауы деп қарастыруға болады. Яғни, «тәрбиесіз қоғам, қоғамсыз тәрбие өмір сүрмейді» деген заңдылыққа сүйене келе, өскелең ұрпақтың бойына қоғам талабына сай адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруды мақсат еткен тәрбие процесі ғана уақытпен үндесіп, қоғам мен тәрбиенің өзара байланысын түзеді.
Бүгінгі таңның жаңашыл оқытушысы білім алушыларына ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай,оны дүниежүзілік білім, ақпарат,экономика кеңістігіне шығуға,яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеу керек. Ол тек өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, әрбір ісін сүйіспеншілікпен атқаратын, әр күнін білім алуға арнайтын оқытушының ғана қолынан келеді. Әрине ол өз кәсібінің майталманы, осы мақсатқа рухани күш –жігерін, парасат – қуатын, жоғары адами қасиеттерін салу керектігі айтпаса да түсінікті. Білім алушыларға саналы білім, сапалы тәрбие беруді жүзеге асыру үшін ұжымның әрбір мүшесі білім беретін мекемесінің жаны болып саналатын оқытушылар қауымы үнемі шығармашылық ізденісте, жаңа педагогикалық технологиялардың жетістіктерін пайдалана отырып, өздерінің кәсіби шеберлігін дамытуды кезек күттірмес мақсатым деп есептеуі керек.
Әр білім алушыны керемет рухани күш иесі деп қарап, демеу жасасақ, қуаттандырсақ, жүрегі нұрға толы, жан -жағына шуағын шашып тұрған мейірімді, адамгершілігі мол, үнемі талпынып тұратын, өз елін, өз жерін, өз тілін, өз отбасын сүйетін, еңбекқор, адал, болашақ білімді маман тәрбиелейтініміз сөзсіз.
Әдебиеттер тізімі:
1. Мен – Адаммын, жеке тұлғаның рухани- адамгершілігін дамыту сабақтарын ұйымдастыруға арналған әдістемелік құрал, Игенбаева. Б. Қ. Алматы – 2000
2. Нұрышева Г.Ж. Адам өмірінің философиялық мәні. – Алматы. 2001
3. «Өзін – өзі тану» мен басқа пәндердің ықпалдасуының мазмұны мен тәсілдері, мұғалімдерге арналған әдістемелік құрал, Мұқажанова Р. А. , Омарова Г. А. , Алматы – 2013
4. Құнанбаева С.С. Шет тілдерін оқытудағы замандану тенденциясы. Қарағанды, 2001
© ООО «Знанио»
С вами с 2009 года.