Факультатив
«Қызықты грамматика»
5 «А» сынып
1. Түсінік хат
1. Оқу бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы №1080 Қаулысымен бекітілген Орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес әзірленді.
2. Бағдарлама негізгі орта мектеп оқушысына тілді қатынас және таным құралы ретінде оқытуды, сөз, сөз тіркесі, сөйлемнің мәтінтүзімдік қызметін танытуды, тілдік бірліктердің табиғатына сай мәтін құратуды, мәтін құраудағы заңдылықтарды үйретуді, тілдік жағдаяттарда ауызша және жазбаша сөйлеудің нормаларын меңгертуді, әсерлі сөйлеудің лексика-грамматикалық тәсілдерін игертуді көздейді.
3. Білім мазмұны оқушылардың танымдық қабілетін арттыратын, сыни ойлау қабілеті мен шығармашылық әлеуетін дамытатын, әлеуметтік-тұлғалық құзыреттілігін қалыптастыруға мүмкіндік беретін мәтіндер бойынша түзілді.
4. Қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту тілдің өз өміріндегі және қоғамдағы рөлін саналы түрде түсінуге, тілдің табиғатын халықтық таным тұрғысынан пайымдауға үйретеді, тілдесім әрекетінде іске асырылатын тілдік бірліктердің табиғи және функционалдық қасиеттерін тануға, оның ішкі мағыналық иірімдерін түсініп қолдануға мүмкіндік туғызады.
5. Сөз бен сөйлемді, мәтінді әрі тілдік, әрі қатысымдық бірлік ретінде оқыту тілдің мәдени-танымдық, қатысымдық, әлеуметтік, кумулятивтік қызметтерін меңгеруіне жол ашады.
Пәнді оқыту мақсаты:
оқушылардың ұлттық дүниетанымын кеңейтетін, шығармашылық ойлауға төселдіретін, айналадағы адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауды үйрететін, оны тұлға ретінде әлеуметтендіруге мүмкіндік беретін қазақ тілінің танымдық, қатысымдық және кумулятивтік қызметтерін меңгерту.
Пәнді оқыту міндеттері:
1) тілдің қоғамдық-әлеуметтік мәнін түсіндіру;
2) тілдің танымдық, қатысымдық, кумулятивтік қызметтерін таныту;
3) тілдік бірліктердің түрлі деңгейлердегі сипатын меңгерту;
4) тілдің мәтін ішіндегі қолданысын игерту;
5) мәтіннің тілдік және танымдық қызметтерін меңгерту;
6) тілдік бірліктердің қолданыстағы мағыналық реңктерін ажырату;
7) тілдік бірліктердің ақпараттық мәнін ұғындыру;
8) дыбыстың, сөздің, сөйлемнің, мәтіннің қолдану барысындағы табиғатын түсіндіру;
9) оқушылардың логикалық ойлау қабілетін қалыптастыру;
10) оқушылардың тілдік сауаттылығын арттыру;
11) әдеби тіл нормаларын меңгерту;
12) тілдік жағдаяттарда қарым-қатынас жасаудың амал-тәсілдерін үйрету;
13) оқушылардың тілдік бірліктерді жұмсаудағы эстетикалық талғамдарын қалыптастыру;
14) шығармашылық ізденіс бағытындағы жұмыс түрлеріне төселдіру;
15) мәтін табиғатына талдау жасай білу.
Пәнаралық байланыс оқушының дүниетанымын молайтып, қазақ тілін басқа ғылым негіздерімен ұштастыра меңгеруіне жол ашады. Жалпы білім беретін мектептің негізгі орта деңгейінде «Қазақ тілі» пәнін төменде көрсетілген пәндермен байланыстыру көзделеді:
1) «Қазақ әдебиетімен»: қазақ тілі қазақ әдебиетімен тығыз байланысты. Тіл – әдебиеттің бірінші элементі. Қазақ тілін оқытып үйретуде кез келген көркем туынды, әдеби шығарма тіл үшін құнды материал болып саналады; көркем шығармаларды оқу барысында стиль түрлерінің авторлық қолданысын ажырата білу. Әдеби шығармалар арқылы оқушының көңіл күйін, сезімін ояту, көркемдік тәрбие беру. Әдеби шығармаларды талдау арқылы сөз мәдениетіне үйрету;
2) «Қазақстан тарихымен»: тілді тарихпен байланыстыра оқыту ұлттық дүниетанымға негізделген білім қорын тілдік деректер арқылы дәйектеуге мүмкіндік береді. Қазақ тілінің пайда болуы, дамып жетілуі оның тарихымен тығыз байланыста болғандықтан, оқушылар тарихи деректерді пайдаланып, өзіндік ой-тұжырымдар жасай біледі;
3) Жаратылыстану циклі пәндерімен:
тілдік материалдардың мазмұны жаратылыстану пәндерінің мазмұнымен тікелей байланыста болады. Бұл пәндермен, әсіресе, биологиямен байланыстыру тілді жанды құбылыс ретінде тануға мүмкіндік береді. Басқа пәндермен сабақтастыра оқыту қазақ тілінің терминдер жүйесімен тығыз байланысты;
тіл дыбыстары физикалық құбылыс ретінде танылады. Дыбыстау мүшелерінің қатысы тұрғысынан физиологиямен, компьютермен, қазіргі радио, теледидар тілімен де байланысты;
танымдық бағытта берілетін материалдар жаратылыстану пәндерінің мазмұнымен тікелей байланыста болғандықтан, оқушылардың дүниетанымын қалыптастырады.
Оқу жүктемесінің көлемі:
5-сынып – аптасына 1 сағат, оқу жылында – 34 сағат;
Оқу пәнінің 5-сыныптағы базалық білім мазмұны
Пәнді оқытуға аптасына 1 сағаттан, барлығы 34 сағат берілген.
Оқу пәнінің базалық білім мазмұны төмендегідей тақырыптарды қамтиды:
1. «Кіріспе»: Ана тілінің қызметі (1 сағат).
2. «Әдеби тіл және мәтін» (8 сағат):
1. қазақ тілінде «әдеби» сөзі «әдебиет» деген сөздің негізінде жасалып, қалыптасқандығы. Әдеби тілдің сөйлеу тілінен жоғары тұрған көркем тіл екендігі, халықтың бәріне бірдей ортақ әрі бәріне бірдей түсінікті болып келетіндігі. Әдеби тіл екі түрлі формада өмір сүреді, олар: ауызша және жазбаша тіл;
2. «Мәтін». Мәтіннің «байланысу, бірігу» деген мағынаны білдіруі. Мәтіндер бойынша жазба әдеби тіл мен ауызша әдеби тілдің ерекшеліктерін аңғарту. Мәтіннің түрлері. Ауызекі сөйлеуге қатысты мәтіндер, ондағы тақырыптық ерекшеліктер. Оның берілу формалары, сөйлем құрау жүйесі. Мәтіннің құрылысы;
3. «Жазбаша мәтіндер». Тақырыбы, негізгі идеясы. Ойдың берілу тәсілдері: әңгімелеу, баяндау, сипаттау, талқылау, мінездеу және т.б. Мәтіннің құрылысы. Абзац. Сөйлем. Сөйлемдердің байланысы. Әр абзацтағы, әр сөйлемдегі тірек сөздер.
3. «Лексика» (10 сағат).
1) «Сөз және оның мағынасы»:
сөз мағыналары мен тіл байлығы – лексиканың қарастыратын мәселелері. Дыбысталу – сөздің сыртқы қабығы, мағына – сөздің ішкі мазмұны болатындығы. Сөздің негізі мағынасы – лексикалық мағына. Сөздің бір мағыналы және көп мағыналы болатындығы. Сөздің негізгі қызметі – атау, яғни зат, құбылыс, әрекетті, олардың белгілерін атап білдіруі. Сөздің қосымша мағынасы – грамматикалық мағына. Сөздің грамматикалық мағынасының сөйлемдегі сөздердің өзара қатынасынан туындайтындығы;
2) «Сөздің тура және ауыспалы мағынасы». Сөздің атауыш мағынасы тура мағына деп аталатындығы. Сөздің тура мағыналары толық мағыналы дербес сөздердің бәріне де қатысты болатындығы. Бірнеше лексикалық мағынасы бар сөздердің алғашқы, бастапқы мағыналары тура мағыналары болса, кейінгі мағыналары ауыспалы мағыналары болып табылатындығы;
3) «Ауыспалы мағына» деген ұғымның екі түрлі ұғынылатындығы: жүре келе пайда болған кейінгі атауыш мағынаны да білдіретіндігі және сөздің көркемдеп қолданудан сөйлеу үстінде туатын «жаңа» мағынасын да білдіретіндігі;
4) «Сөздің ауыспалы мағынасы». Сөздің ауыспалы мағынасыда қолданылуы көп мағыналы сөздердің тууына себепші болатындығы;
5) «Көп мағыналық». Тіліміздегі байырғы сөздер жаңа мағыналар жасауға ұйтқы болатындығы. Олар бұрынғы тура мағынаның үстіне жаңадан бір не бірнеше қосымша, яғни туынды мағыналарға ие екендігі. Көп мағыналы сөздердің екі я одан да көп мағынасы болатындығы. Бұлардың бір сөз табына қатысты екендігі. Көп мағыналы сөздердің бір негізден шығатындығы;
6) «Сөздердің мағыналық топтары. Омонимдер». Омоним сөздердің анықтамасы. Омоним сөздердің көп мағыналы сөздермен ұқсастығы және айырмашылығы. Омонимдердің бір сөз табынан да, әртүрлі сөз табынан да болатындығы. Омонимдер сөздігі;
7) «Синонимдер». Синонимдердің анықтамасы. Синонимдердің тіл байлығы мен сөз оралымдылығының көрсеткіші екендігі. Синонимдік қатар, ондағы сөздердің мағыналық, реңктік ерекшеліктері, оларды мақсатқа сай талғап, саралап қолданудың мәні. Синонимдік қатарлардың әр сөз табының құрамында кездесуі. Синонимдер мәтінде бірін-бірі алмастырған жағдайда бір ғана сөйлем мүшесі қызметін атқаратындығы. Синонимдік қатарға енетін сөздердің бәрі бірдей бірінің орнына бірі жұмсала бермейтіндігі. Кейбіреуінің басқа сөздермен тіркесу қабілеті шектеулі болатындығы. Синонимдердің мағыналық айырмашылығын ажыратудың жолдары. Синоним сөздердің бір ғана сөз табына қатыстылығы. Синонимдер сөздігі;
8) «Антонимдер». Антонимдердің жұпталған қарсы мәндес сөздерден тұратындығы. Антонимдердің ойды әсерлі, бейнелі түрде жеткізудің оңтайлы құралы екендігі. Мақал-мәтелдердің, жұмбақтардың құрамында антоним сөздердің жарыса қолданылуы. Антонимдердің ойды анықтап, көркемдеп, әсерлі жеткізудегі мәні. Антонимдер сөздігі;
9) «Табу». Халықтың наным-сенімі мен салт-дәстүріне байланысты кейбір зат-құбылыстардың атауын тура айтуға тыйым салынған сөздер екендігі. Қазақ тіліндегі табу сөздердің туу себептері;
10) «Эвфемизмдер мен дисфемизмдер». Эвфемизмдер ойды бейнелеп, көркемдеп жеткізудің тәсілі екендігі. Эвфемизмнің табу сөздерден айырмашылығы, қолданылу жағдайлары. Дисфемизмнің анықтамасы, оның эвфемизмге қарама-қарсы құбылыс екендігі. Қолданылу жағдайлары, әдеби тілге жатпайтындығы. Дисфемизмдердің көркем шығармада ұнамсыз кейіпкерлердің тілінде ұшырасуы;
11) «Фразеологизмдер (тұрақты тіркестер)». Тұрақты тіркестердің өзіндік ерекшеліктері: екі не одан да көп сөздерден құралатындығы, бір ғана мағына білдіруі, құрамындағы сөздердің орын тәртібінің тұрақты болуы, даяр қалпында жұмсалып, сөйлемнің бір ғана мүшесі қызметін атқаратындығы. Фразеологизмдердің ойды әсерлі берудегі мәні. Тұрақты тіркестердің синонимдік баламалары болатындығы. Тұрақты тіркестердің ойды көркемдеп, әсерлі жеткізудің құралы екендігі. Фразеологизмдердің емлесі. Фразеологиялық сөздік;
12) «Мақал-мәтелдер». Мақал-мәтелдердің халықтық рухани қазына екендігі, тіл байлығының көрсеткіші болатындығы. Мақал-мәтелдердің тақырыптық жағынан алуан түрлі болып келетіндігі және олардың қолданыстағы ерекшеліктері. Мақал мен мәтелдердің өзара ұқсастығы мен өзгешелігі. Мақал-мәтелдердің тағылымдық, тәрбиелік мәні. Мақалдардың құрылысына қарай сөйлемге ұқсастығы. Мәтелдің ишара, меңзеу тұрғысында қолданылатындығы. Мәтелдердің фразеологизмдермен ұқсастығы.
4. «Тілдің сөздік құрамы» (1 сағат):
1) «Сөздік қор және сөздік құрам». Тілдің сөз байлығын құрайтын сөздік қор және сөздік құрам жөнінде түсінік. Сөздік құрамның қоғаммен бірге дамып, өзгеріп отыратындығы. Қазақ тілінің сөздік құрамы байырғы сөздер, кірме сөздер, жаңа сөздер, термин сөздер, ауызекі тілге тән қарапайым сөздер және диалектизмдер мен кәсіби сөздерден тұратындығы. Сөздік құрамдағы сөздер қолданылу жиілігіне қарай актив (жиі қолданылатын сөздер) және пассив (сирек қолданылатын сөздер) болып бөлінетіндігі;
2) «Қазақтың байырғы төл сөздері және басқа тілден енген сөздер». Тілдің негізгі сөздік қорын байырғы сөздер құрайтындығы, оның тіл дамуының қайнар көзі екендігі;
3) «Басқа тілден енген сөздердің тілге сіңісу жолдары (сол қалпында және дыбыстық өзгеріске ұшырап енуі)». Олардың сөздік құрамнан алатын орны. Басқа тілден енген сөздердің емлесі, орфоэпиялық нормасы;
4) «Көнерген сөздер мен жаңа сөздер». Көнерген сөздердің тарихи сөздер және архаизмдер болып бөлінетіндігі. Тарихи сөздердің қоғамдық-әлеуметтік атауларға, ал архаизмдердің халықтық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптық атауларға қатыстылығы. Қазіргі қазақ тіліндегі кейбір көнерген сөздердің «жаңғыру» үрдісі, этнолингвистикалық атаулардың қайта жандануы;
5) «Жаңа сөздердің жасалуы». Жаңа сөздердің тууының себептері. Қоғамның дамуымен бірге енген жаңа ұғымдарға сай жаңа сөздердің пайда болуы. Тілдің қолданыс аясының кеңеюіне байланысты тілімізде бұрыннан қалыптасқан кірме сөздердің орнына жаңа аталымдардың қолданылуы. Жаңа сөздердің ең әуелі баспасөз, ақпарат құралдары арқылы таралып, тілге сіңісетіндігі, бірте-бірте жалпылама лексикаға ауысатыны. Жаңа сөздердің емлесі;
6) «Сөздердің қолданылу өрісіне байланысты түрлері». Жалпылама лексика. Жалпылама лексикаға жататын сөздердің жалпы халыққа түсініктілігімен, анықтығымен, қарапайымдылығымен ерекшеленетіндігі. Жалпы халықтық лексикаға қолданылу жағынан шек қойылмайтындығы, барлық стильге бірдей ортақ қызмет атқаратындығы. Жалпылама лексика әдеби тілдің негізгі қоры болып табылатындығы;
7) «Диалект сөздер». Диалект сөздердің өзіндік белгілері. Диалектінің аймақтық ерекшеліктермен байланысы. Диалект сөздердің тіл мәдениетіне қатысы. Диалект сөздердің қолданылу өрісі. Диалект сөздердің әдеби тілде баламаларының болуы. Диалект сөздердің әдеби тілге еніп, жалпыхалықтық сипат алатындығы. Диалектологиялық сөздік;
8) «Кәсіби сөздер және терминдер». Кәсіби сөздердің өзіндік белгілері: белгілі бір кәсіпке байланысты қолданылатындығы, сол кәсіппен айналысатындарға ғана түсініктілігі. Кәсіби сөздердің екі үлкен салаға бөлінетіндігі: қолөнер кәсібіне, ауыл шаруашылығына байланыстылығы. Кәсіби сөздердің термин сөздерге ұқсастығы. Диалект сөздерден айырмашылығы;
9) «Термин сөздердің ғылым, техника саласымен байланыстылығы». Терминнің қолдану аясының тарлығы, бір ғана ұғымды білдіретіндігі. Терминдердің жасалу жолдары. Басқа тілден қазақ тіліне аударылған терминдердің төл терминдер деп аталатындығы. Басқа тілден өзгертілмей, сол қалпында алынған терминдердің интернационалдық терминдер деп аталатындығы. Терминдер сөздігі.
5. «Фонетика» (9 сағат):
1) «Фонетика». Фонетиканың қарастыратын мәселелері. Тіл дыбыстары туралы жалпы ұғым. Тіл дыбыстарының сөз мағынасымен арақатынасы. Тіл дыбыстарының жасалу жолдары;
2) «Қазақ әліпбиі». Қазақ әліпбиінің құрамы және әріптер ретін білудің мәні. Әліпбидегі әріптер атауының тілдік жүйеге сәйкес аталу ерекшелігі (әріп атауы – ты, сы, ый, ұу, ыл және т.б.);
3) «Дауысты дыбыстар». Дауысты дыбыстардың өзіндік белгілері: үннен тұратындығы, созылып айтылатындығы, буын құрайтындығы. Орфоэпиясы бойынша бір сөздің ішінде дауысты дыбыстардың қатар тұра алмайтындығы;
4) «Дауысты дыбыстардың жіктелуі». Дауысты дыбыстардың сөйлеу мүшелерінің қатысына қарай жіктелуі: а) тіл қатынасына қарай: жуан, жіңішке; ә) ерін қатынасы қарай: еріндік, езулік; б) жақ қатынасы қарай: ашық, қысаң болып бөлінетіндігі. Қазақтың төл сөздеріндегі дауысты дыбыстардың негізінен не бірыңғай жуан, не бірыңғай жіңішке болатындығы. Дауысты дыбыстардың емлесі. Ашық дауысты дыбыстардың жазылуы. Қысаң дауысты дыбыстардың жазылуы. Еріндік және езулік дауысты дыбыстардың жазылуы;
5) «Дауыссыз дыбыстар». Дауыссыз дыбыстардың өзіндік белгілері: үн мен салдырдан тұратындығы, созуға келмейтіндігі, дербес тұрып буын құрай алмайтындығы. Оларды тек дауысты дыбыстарды селбестіріп немесе тіркестіріп барып қана дыбыстауға болатындығы. Дауыссыз дыбыстардағы үн мен салдыр мөлшерінің қатынасына қарай жіктелуі: а) қатаң дауыссыз дыбыстар (тек салдырдан тұратыны); ә) ұяң дауыссыз дыбыстар (салдыр басым, үн аз қатысатыны); б) үнді дауыссыз дыбыстар (үн басым, салдыр аз қатысатыны);
6) «Дауыссыз дыбыстардың емлесі». Қазақтың төл сөздеріндегі дауыссыз дыбыстардың қолданысы, сөздің басы мен соңында қолданылу ерекшеліктері;
7) «Басқа тілден енген сөздердің жазылуы». б, в, г, д әріптерінің емлесі; қосарлы дауыссыз дыбыстарға аяқталған сөздердің емлесі;
8) «Үндестік заңы». Буын және дыбыс үндестігінің мәні. Сингармонизм заңының қазақ тілінің халықтық сипатын танытатындығы. Қазақ сөздерінде буын үндестігінің сақталуы тілдік заңдылық екендігі. Сөз құрамындағы дауысты дыбыстардың бірыңғай жуан не жіңішке болып келетіндігі (мысалы: балалар (балалер емес); үйлер (үйлар емес). Еріндік, езулік дауыстылар арасындағы үндестік: о-ы, ө-і, ұ-ы, ү-і әріптерінің емлесі. Тіл және ерін үндестігінің орфоэпиялық нормаларды сақтаудағы маңызы;
9) басқа тілден енген сөздердің құрамындағы дауысты дыбыстардың аралас келе беретіндігі, буын үндестігінің сақталмайтындығы. Кейбір кірме сөздердің айтылуы бойынша буын үндестігіне бағынатындығы;
10) буын үндестігіне бағынбайтын қосымшалар, олардың емлесі;
11) «Дыбыс үндестігі». Дыбыс үндестігі – қазақ тілінің тұрақты сипаты. Сөз қолданысындағы дауыссыз дыбыстардың өзара үндесетіндігі, дауысты дыбыстардың дауыссыз дыбыстарға әсер ететіндігі;
12) «Ілгерінді ықпал». Оның ерекшелігі, қолданылатын орындары;
13) «Кейінді ықпал». Оның ерекшелігі, қолданылатын орындары;
14) «Тоғыспалы ықпал». Оның ерекшелігі, қолданылатын орындары;
15) сөз құрамындағы, сөз тіркестеріндегі дыбыстардың үндестігін сақтап айтудың тіл мәдениетімен байланысы;
16) «Орфоэпия және орфография». Сөйлем құрамындағы сөздерді, сөз тіркестерін, мағыналы бөлшектерін дұрыс айту мен дұрыс жазудың нормалары. Олардың тіл мәдениетіне қатысы, қолданылатын орындары. Орфоэпиялық және орфографиялық нормалардың арнаулы сөздіктерде берілуі. Оларды пайдалану тетіктері;
17) «Буын». Буынның анықтамасы. Буынның түрлері: ашық буын, тұйық буын, бітеу буын;
18) «Тасымал». Сөздерді тасымалдау тәсілдері. Қазақ тілінде сөздер айтылуы бойынша буынға бөлінетіндігі, ал жазылуы бойынша тасымалданатындығы;
19) «Екпін». Қазақ тіліндегі екпіннің тиянақтылығы. Екпіннің түрлері: сөз екпіні, тіркес екпіні, логикалық екпін және олардың қолданылатын орындары;
20) «Сөйлеу тіліндегі интонация, кідіріс, логикалық екпіннің мәні». Олардың тілдік этикетпен байланысты болатындығы. Сөйлемдегі ойдың дұрыс берілуіндегі интонация мен дауыс кідірісінің, екпіннің атқаратын рөлі, сөйлеу мақсатымен бірлігі;
21) «Интонация және оның құрамдас бөліктері». Сөйлеу ағымындағы әуен, әуез, тембрі, қарқын, кідіріс. Сөйлеу мәнері.
6. «Сөзжасам» (3 сағат):
1) Сөздің жасалуы туралы: сөздердің түрлі жолдармен жасалатындығы. Жұрнақ арқылы, мағыналарының өзгеруі, тіркесуі арқылы жасалуы;
2) «Сөздердің лексикалық тәсіл арқылы жасалуы». Сөздердің морфологиялық тәсіл арқылы жасалуы. Сөздердің синтаксистік тәсіл арқылы жасалуы;
3) қазақ тіліндегі негізгі сөздер түбір сөз және туынды сөз болып бөлінетіндігі;
4) түбір күйінде тұрып жаңа лексикалық мағынаға ие болған сөздер. Олардың көп мағыналық пен омонимге қатыстылығы;
5) «Туынды сөздер». Жұрнақтар арқылы жасалған туынды сөздер. Туынды сөздер заттың атын, сынын, қимыл-қозғалысын білдіретін сөздер табына қатыстылығы;
6) «Бірігу арқылы жасалған жаңа сөздер. Түбірлердің қосарлануы арқылы жасалған жаңа сөздер. Түбірлердің тіркесуі арқылы жасалған жаңа сөздер». Бірігу, қосарлану, тіркесу жолымен жасалған сөздердің де туынды сөздердің қатарына жататындығы: мағыналық тұтастығы, сұрақтары, қолданылуы.
7. «Тіл мәдениеті» (2 сағат):
1) тіл мәдениеті екі үлкен саланы – ауызша сөйлеу мәдениеті мен жазба тіл мәдениетін қамтитындығы, осы екі бағытқа дағдыландыратын жұмыстар жүргізу;
2) ауызекі сөйлеу тілінің ерекшеліктерін мұғалімнің және оқушылардың өзара сөйлесуіне көңіл бөлгізіп талдату. Ауызша сөйлеу және ауызекі сөйлеу тілі болып бөлінетіндігіне мысал келтіру. Сөз сазы заңдылықтарының қолданылатын орындарын меңгерту. Оқушылардың айналасындағы адамдардың, үй-ішінің ауызекі сөйлеуіндегі қателерді тапқызып, әдеби тілде сөйлеудің үлгісін келтіру. Ауызекі сөйлеу тілі мен әдеби тілдің аражігін ажырата білу дағдыларын қалыптастыру. Ауызша сөйлеу мәдениеті орфоэпия қағидаларын сақтап, мәнерлеп сөйлеумен де байланысты екендігін түсіндіру мақсатында ауыз әдебиеті үлгілерін, шешендік сөздерді әуезді, мәнерлі, құлаққа жағымды етіп айтқызу. Әсіресе, дыбыстарды сындырып айтуға төселдіру. Үнтаспадан немесе арнайы дискілерден, электронды тасымалдағыштардан әртістер мен дикторлардың көркем оқыған үзінділерін тыңдатқызып, салыстыра талдау жасату;
3) сөз қолдану мәдениеті, ең алдымен, сөздің емле ережесіне сай жазылуымен байланысты екендігіне бағытталған жазба жұмыстарын жүргізу;
4) жазба жұмыстарында терминдердің, аң-құс, жан-жануар, өсімдік атауларының, шаруашылық, тұрмыс, мәдениет, өнер салаларына қатысты құрал-жабдық, ұғым атауларының, мамандық, кәсіп атауларының бірде бөлек, бірде бірге жазылуына көңіл бөлгізу;
5) жыл бойы өткен тілдік тақырыптар мен пайдаланған оқу материалдары бойынша әртүрлі топқа жататын сөздердің мағыналық реңктерін ескеріп, әңгімелеу, баяндау, сипаттау, мінездеу, талқылау бағытында мәтіндер құрату. Балалардың жас ерекшелігі, қызығушылығы мен қабілетіне сәйкес мынадай тақырыптар ұсынылады: отбасы, сынып, дос-жаран, табиғат, ауыл, қала тұрмысы, өнер, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып және т.б.
5-сынып оқушыларының дайындық деңгейіне қойылатын талаптар
Пәндік нәтижелер бойынша 5-сыныптың соңында оқушылар:
1. лексиканың тіл біліміндегі орны мен маңыздылығын;
2. сөздердің мағыналық топтарына қарай түрлерін;
3. сөздердің тура және ауыспалы мағынасының айырмашылығын;
4. омонимдер мен көп мағыналы сөздердің ерекшеліктерін;
5. тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдердің өзіндік белгілерін;
6. қазақ тілінің сөздік құрам тармақтарының ішкі салаларын;
7. сөйлемге лексикалық талдау жасай алуы;
8. лексикалық терминдерді дұрыс ажыратып, орынды қолдана, т.б. білуі;
9. фонетиканың тіл біліміндегі орны мен маңыздылығын;
10. фонетикалық ұғымдардың мәнін;
11. сөз құрамындағы дыбыстардың түрлерін және олардың жіктелуін;
12. үндестік заңы туралы ұғымдарды;
13. буын мен екпіннің түрлерін;
14. орфографиялық және орфоэпиялық нормаларды;
15. қазақ әліпбиінің құрамын, ретін;
16. сөйлемге фонетикалық талдау жасай білуі;
17. сөзжасамның тіл біліміндегі орны мен маңыздылығын;
18. сөздердің жасалу тәсілдерін және олардың жасалу жолына қарай жіктелуін;
19. мәтіннің құрылымын ажыратып, мәтіннің жанрлық белгілерін анықтай білуі;
20. оқыған мәтіндеріне сапалық жағынан талдау жасап, өзінің берген бағасын дәйектеп айта білуі;
21. тақырыпқа сәйкес жоспар жасап, мәтін құрай білуі тиіс.
Тұлғалық нәтиже 5-сынып оқушыларының:
22. Қазақстан Республикасы Конституциясына құрмет көрсетуінен;
23. тілдің әлеуметтік-қоғамдық мәнін көрсетуінен;
24. тілді ұлттық құндылық ретінде тануынан;
25. жаңа әлеуметтік рөлдерді игеріп, қарым-қатынас мәдениетін көрсетуінен;
26. рухани-адамгершілік, азаматтық-елжандылық өмір салты қажеттіліктерін игеруінен;
27. құндылық ретінде өзі туралы және басқа адамның тұлғасы туралы ұсыныстар жүйесін меңгере білуінен;
28. қоғамдағы өзіндік әлеуметтік мәртебесіне саналы қызығушылығын көрсетуінен;
29. қазақ халқына және Қазақстанда өмір сүріп жатқан басқа да ұлыстардың тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне және басқа да құндылықтарына құрмет көрсетуінен көрініс табуы тиіс.
Жүйелі-әрекеттік нәтижелер бойынша 5-сынып оқушылары:
1) нақты жағдаятқа талдау жасап, проблеманың пайда болу себептерін көрсетуі;
2) проблеманы шешуге бағытталған өз әрекеттеріне мақсат қоя отырып, әрекеттің жоспарланған өнімін бағалауы;
3) ұсынылған ақпаратты тапсырмаға сәйкес жіктеп, ұқсастықтары мен айырмашылықтарын көрсетуі;
4) қойылған міндеттерді шешу үшін іріктелген ақпараттардан қорытынды жасауы;
5) нақты міндеттерді шешу үшін белгілі әрекеттер технологиясын қолдануы;
6) туындаған мақсатқа сәйкес сөйлеу жанры мен мазмұнын анықтауы;
7) қарым-қатынас мақсатына сәйкес тілдік қатынасқа түсіп, мәтін құрауы;
8) көпшілік алдында сөйленетін сөздің құрылымын анықтап, өз ойын мазмұнды әрі әсерлі жеткізе алуы тиіс.
Күнтізбелік-тақырыптық жоспар
|
Р/с |
Р/с |
Тақырыптар |
Сағат саны |
Өтілетін күні |
Ескерту |
|
|
|
|
|
||
|
1 |
1 |
Ана тілінің қызметі |
1 |
|
|
|
|
Әдеби тіл және мәтін -8 сағат |
|
|
||
|
2 |
2 |
Ауызша |
1 |
|
|
|
3 |
3 |
Жазбаша тіл |
1 |
|
|
|
4 |
4 |
Мәтін туралы түсінік. |
1 |
|
|
|
5 |
5 |
Жазбаша мәтіндер. Қатемен жұмыс. |
1 |
|
|
|
6 |
6 |
Мәтіннің құрылысы. |
1 |
|
|
|
7 |
7 |
Абзац. |
1 |
|
|
|
8 |
8 |
Сөйлем. |
1 |
|
|
|
9 |
9 |
Сөйлемдердің байланысы |
1 |
|
|
|
|
Лексика -10 сағат |
|
|
||
|
10 |
10 |
Лексика туралы түсінік |
1 |
|
|
|
11 |
11 |
Сөз бен мағына |
1 |
|
|
|
12 |
12 |
Омонимдер |
1 |
|
|
|
13 |
13 |
Синонимдер |
1 |
|
|
|
14 |
14 |
Антонимдер |
1 |
|
|
|
15 |
15 |
Табу |
1 |
|
|
|
16 |
16 |
Эвфемизм |
1 |
|
|
|
17 |
17 |
Дисфемизм |
1 |
|
|
|
18 |
18 |
Тұрақты теңеулер сөздігі |
1 |
|
|
|
19 |
19 |
Мақал-мәтелдер. |
1 |
|
|
|
|
|
Тілдің сөздік құрамы-1 сағат |
|
|
|
|
20 |
20 |
Жаңа сөздер |
1 |
|
|
|
|
Фонетика -9 сағат |
|
|
||
|
21 |
21 |
Фонетика туралы түсінік. Қатемен жұмыс. |
1 |
|
|
|
22 |
22 |
Қазақ әліпбиі |
1 |
|
|
|
23 |
23 |
Дауысты дыбыстар, жуан, жіңішке |
1 |
|
|
|
24 |
24 |
Ашық және қысаң дыбыстар |
1 |
|
|
|
25 |
25 |
Еріндік және езулік дыбыстар |
1 |
|
|
|
26 |
26 |
Дауыстылардың жазылуы |
1 |
|
|
|
27 |
27 |
Дауыссыз дыбыстар, қатаң дауыссыз |
1 |
|
|
|
28 |
28 |
Үнді дауыссыздар |
1 |
|
|
|
29 |
29 |
Ұяң дауыссыздар |
1 |
|
|
|
|
Сөзжасам туралы түсінік -3 сағат |
|
|
||
|
30 |
30 |
Сөзжасам туралы түсінік. |
1 |
|
|
|
31 |
31 |
Сөздердің жасалу жолдары |
1 |
|
|
|
32 |
32 |
Туынды сөздер |
1 |
|
|
|
|
Тіл мәдениеті -2 сағат |
|
|
||
|
33 |
33 |
Тіл мәдениеті. |
1 |
|
|
|
34 |
34 |
Мақал-мәтелдер |
1 |
|
|
|
|
|
БАРЛЫҒЫ |
34 сағат |
|
|
Материалы на данной страницы взяты из открытых источников либо размещены пользователем в соответствии с договором-офертой сайта. Вы можете сообщить о нарушении.