Республиканың әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі- мектептердегі зорлық-зомбылықтың алдын алу
Мемлекеттің әлеуметтік саясаты – мемлекеттік реттеу қызметінің маңызды бір бағыты болып табылады. Әлеуметтік мәселелерді реттеу ең алдымен әлеуметтік саясатты қажет етеді. Әлеуметтік саясат – бұл барлық азаматтардың жан-жақты дамуы, тұрмыс жағдайы, әл-ауқатын жоғары деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған экономиканы мемлекеттік реттеудің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Әлеуметтік саясаттың негізгі мақсаты - қоғам мүшелерінің материалдық, мәдени және рухани қажеттіліктерін қамтамасыз ету.
Әлеуметтік саясат пен жалпы әлеуметтік дамудың түпкі мақсаты - қай елде болсын, қоғамның әл-ауқатын барынша жақсартуға қол жеткізу. Қазақстан мемлекеті әлеуметтік саясатының арналы мақсаты халықтың «өмір сапасы» және «әлеуметтік қорғалуы» тәрізді ұғымдарды білдіреді.
Тәуелсіздік төрімізден орын алған қоғамымыздағы ең басты құндылық – адам бостандығы. Қазақстанда салауатты өмір салтына қол жеткізуде, денсаулықты сақтау мен нығайтудағы басты міндеттің бірі – бала құқығын қорғау, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жүргізу.
Мектептерде зорлық-зомбылықты жою бойынша мемлекеттердің құқықтық міндеттеріне келетін болсақ,БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 2002 жылғы мамыр айындағы арнаулы сесиясында «Балалардың өмір сүруіне лайықты әлем» атты қорытынды құжат қабылданған. Бұл құжаттың «Қатыгездіктен, пайдаланудан және зорлық-зомбылықтан қорғау» деген тарауы бар. Мұнда Қазақстан өзіне «Балаларды зорлық-зомбылықтың барлық нысандарынан, көңіл бөлмеуден, қатыгездіктен үйде, мектепте, жұмыста немесе қоғамда пайдаланудан қорғау үшін арналған саясатты іске асыруды жетілдіруге, заңдар қабылдауға » міндеттеме жүктеген. Мектептерде зорлық-зомбылықпен күресті арнайы реттейтін халықаралық құқықтық құжат жоқ. Мектептердегі зорлық-зомбылыққа қатысты Конвенцияның екі бабы ерекше орын алады. 19- баптың 1- ші тармағында « Қатысушы мемлекеттер ата-аналарының, заңды қамқоршыларының басқа да кез келген тұлғалардың тарапынан балаларға қатысты тәнінің немесе психологиялық зорлық-зомбылықтан,қамқорлық жасамаудан, қатігездіктен, жыныстық сипаттағы кері пайдаланудан баланы қорғау мақсатында қажетті заңнамалық, әкімшілік,әлеуметтік және оқу-ағартушылық шараларды қабылдайды » делінген. 28-баптың 2-ші тармағына сәйкес «мектептегі тәртіп баланың адам құндылығын құрметтеуді көрсететін әдістердің көмегімен сақтау үшін барлық шараларды қабылдайды» » делінген. Конвенцияның жүзеге асырылуын бақылау үшін Бала құқықтары жөніндегі Комитет осы мәселе бойынша мектептер мен отбасы, қоғам арасындағы байланысты нығайту қажеттігін, отбасындағы және мектептегі зорлық-зомбылықтың алдын алуда және талқылауда балалардың белсенді рөлін қамтамасыз ету қажеттігін атап өткен.
Балалық шақтың құқықтарын қорғауға бағытталған ұлттық заңнама жөнінде айта кетсек, ҚР-ның заңнамасы балаларға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттерін жасауға тиым салады. Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасы халықаралық заңнаманың негізінде жасалған. Конвенцияның жалпы қағидалары мен нормалары Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Қылмыстық атқару кодекстеріне енгізілген. Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы «Қазақстан Республикасында баланың құқықтары туралы» Заңы, балаларды қоғамдағы толымды өмiрге даярлау, олардың қоғамдық мәнi бар және шығармашылық белсендiлiгiн дамыту, әлемдiк жалпы адамзатқа тән құндылықтары негiзiнде оларды жоғары имандылық қасиеттерге, елжандылық пен азаматтыққа тәрбиелеу, олардың бойында ұлттық санасезiмдi қалыптастыру принциптерінің басымдығына сүйенiп, баланың Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдiк берiлген негiзгi құқықтары мен заңды мүдделерiн iске асыруға байланысты туындайтын қатынастарды реттейдi. Заң БҰҰ «Баланың құқықтары туралы» Конвенциясына сәйкес қабылданған және Конвенцияның баптарымен келісілетін баптардан тұрады. Заңның 10-бабына сәйкес әрбiр баланың өмiр сүруге, жеке басының бостандығына, қадiр-қасиетiне және жеке өмiрiне қол сұғылмауға құқығы бар, Мемлекет баланың жеке басына ешкiмнiң тиiспеуiн қамтамасыз етедi, оны тәнiн және (немесе) жанын жәбiрлеуден, адамдық қадiр-қасиетiн қатыгездiкпен, дөрекiлiкпен қорлаудан, кемсiтуден, жыныстық қатынас сипатындағы әрекеттерден, баланы қылмыстық iс-әрекетке және қоғамға жат әрекеттер жасауға тартудан, және оны адам мен азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында бекiтiлген құқықтары мен бостандығына қысым жасаудың өзге де түрлерiнен қорғауды жүзеге асырады. Осыған байланысты мемлекет балаға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттерін қолданудан қол сұғылмаушылығына кепілдік береді.
Зорлық-зомбылық құқықта «Бір адамның екінші бір адамға, оның жеке басына тиіспеушілік құқығын бұзатын тәни және психикалық ықпал жасауы» делінген.
Мектептегі зорлық-зомбылық түрлері:
1. Психологиялық зорлық-зомбылық – балаға назар аудармау, кері итеру, бақылау, баланы қорқытуға, үрей сезімін тудыруға, баланың мінезіне ықпал етуге,оның өзін-өзі құрметтеу, өз бағасын білу сезімін жоюға, әлеуметтік және эмоционалдық дамуы мен жақсы өмір сүруіне кедергі келтіруге бағытталған қасақана жасалатын қимылдар схемасы.
2. 2. Физикалық
зорлық-зомбылық – балаға қатысты
өзге баланың не ересектің тарапынан физикалық
зардапқа не жарақатқа әкелетін, баланың
денсаулығына, оның өмірінің
ұзақтығына, дамуына, өзін-өзі бағалау
сезіміне нұқсан келтіруі мүмкін физикалық күш
көрсету арқылы жасалатын әрекеттер.
Физикалық зорлық-зомбылық ретінде бағаланатын
іс-әрекеттің түрлері көп: соққы, ұру,
итеру, тебу, тұншықтыру, шаштан тарту, сілкілеу, қандай да
бір затпен не қарумен шабуыл жасау.
4. Бопсалау –
балаға зорлық не тән жарақатын салу қаупін
қосқанда, қысым жасау не мәжбүрлеу арқылы
заңсыз ақша мен мүлік талап ету.
5. Кибербуллинг – баланың қыр соңына түсу, қорқыту, ұялту мақсатында интернетті не басқа технологияларды пайдалану. Дөрекі, қатыгез сипаттағы мәтіндік хабарламалар жіберу; жәбірленушіні онлайн режімінде мазақ ету не жеке басына тән ақпаратты, фотоны не бейнежазбаны орналастыру; басқа баланың қыр соңына түсу не мазақ ету мақсатында жалған тіркеу жазбасын, веб-парақшаны не онлайн режімінде бейне жасау сияқты әрекет түрлерін қамтиды.
6. Кемсітушілік – баланың жынысына, ұлтына, ұлыстық мәртебесіне, әлеуметтік-экономикалық жағдайына, дініне не мүгедектігіне негізделген әділетсіз не бөліп-жару қарым-қатынасы.
Бұл зорлық- зомбылықты зерттеудің маңызы өте зор, Қазақстандағы балаларға, оның ішінде ерекше осал балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың сипаты мен дәрежесін анықтау қажет. Балалардың мектепте зорлық-зомбылыққа ұшырау мәселесі өзекті болып табылады. Атап айтқанда, мектепте балаларға қатысты зорлық-зомбылық дәрежесі қандай? Мектепте балалар арасында да, мектеп қызметкерлері тарапынан да зорлық-зомбылық пен кемсітушіліктің қандай түрлері кездеседі? Мектептегі зорлық-зомбылықты жасаушы кім, құрбаны кім? Біздің міндетіміз осыны анықтау және оның алдын-алу болып табылады. Мектебіміздегі осы бағытта атқарылып жатқан шараларға тоқталып өтейін.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, білім алушылар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және қауіпсіздік шараларын жетілдіру, бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне қоғамның назарын аудару мақсатында «Қауіпсіз балалық шақ!» ұранымен «Қауіпсіз мектеп» республикалық акциясы өткізілді.1-11 сыныптарда «Қауіпсіз мектеп» тақырыбында тәрбие сағаттары және ата-аналар жиналысы өткізілді.1-11 сыныптар арасында «Бала қауіпсіздігін бақыла» тақырыбында жалпы ата-аналар жиналысы өткізілді. Ата-аналар жиналысына ҚР мен РФ құқық қорғау органдарының қызметкерлері: РФ Байқоңыр кешеніндегі кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы Тлеуова И.К. ҚР ІІМ Байқоңыр қаласындағы өкілдігінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы Жарылғасова Айнұр шақырылды.
8-10 сынып оқушылары жергілікті Прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарымен бірлескен Байқоңыр қаласының чемпиондарымен кездесуге қатысты. Оқушылар спортшылар жетістіктерін көріп, өздері де спортқа құлшыныс танытып, шабыттанып қайтты. Бұның өзі жасөспірімдердің бос уақытын спортқа арнауына септігін тигізері сөзсіз.
Дүниежүзілік балалар күніне арналған «Бала құқығы – адам құқығы» атты онкүндік жоспары жасалынып өткізілді. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болмауын қадағалау,оқушылардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Түнгі қаладағы балалар» ата-аналармен бірлескен рейді жұма-сенбі күндері ұйымдастырылды. Қызылорда облысының білім басқармасының облыс көлемінде «Демалыс» атты жедел профилактикалық іс-шарасын өткізу құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, көшелерде, басқа да қоғамдық орындарда кәмелетке толмағандардың арасындағы қылмыстарды, топтық төбелес, бопсалау сынды қылмыстардың алдын алу, ескерту, жолын кесу, кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін, темекі бұйымдарын сату, олардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің ілесіп жүруінсіз ойын-сауық мекемлерінде болу деректерін анықтау, сонымен қатар кәмелетке толмағандарға қатігездік көрсететін, тәрбиесімен айналыспайтын ата-аналарды анықтап, оларды ата-аналық құқығынан айыру және шектеу, девиантты мінез-құлықты балаларды анықтау мақсатында рейдтік іс-шара кестесі бойынша сынып жетекшілері мен ата-аналар жұмыс жасады.9-11 сынып оқушылары арасында «Әлемді зорлық-зомбылықсыз құру жолдары» эссе байқауы өткізілді.
Мектеп кітапханашылары «Жолда жүру ережелері» атты кітап көрмесін ұйымдастырды.Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, білім алушылар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және қауіпсіздік шараларын жетілдіру, бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне қоғамның назарын аудару мақсатында «Қауіпсіз балалық шақ!» ұранымен «Қауіпсіз мектеп» республикалық акциясы өткізілді. 1-11 сыныптарда «Қауіпсіз мектеп» тақырыбында тәрбие сағаттары және ата-аналар жиналысы өткізілді. РФ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі полиция инспекторы «Мектепте және мектептен тыс уақытта қауіпсіздіктің алдын алу» тақырыбында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. «Бала қауіпсіздігін бақыла» жалпы ата-аналар жиналысы болып өтті. Ата-аналар жиналысына ҚР мен РФ құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты. Жастарды имандылыққа тәрбиелеу мақсатында «Діни білім алуда абай бол!» облыстық дін мәселесін зерттеу орталығының Байқоңыр қаласы бойынша маманы К.Нұрсұлтан жоғарғы сынып оқушыларымен кездесу ұйымдастырды. БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған Халықаралық қыздар күніне онкүндік өткізілді. 8-11сыныптарда мектеп медицина қызметкерлерінің қатысуымен «Зиянды әдеттерден аулақ болайық!», «Қыздар –болашақ аналар», «Жасөспірімдердің ерте жыныстық қатынасқа түсуі және оның жауапкершілігі мен зиянды жақтары» тақырыптарына өткізілген сынып сағаттары, әңгімелер жасөспірімдер бойына ұлттық сана сезімді сіңіруге, әдепті болуға шақырды.
1-5 сыныптар арасындағы «Бақытты балалық шақ» фотосурет көрмесі оқушылардың әсемдікке құштарлығын арттыра түсті. Суреттерде оқушылар өз отбасының жарқын күндерін, бейнеледі.6-11 сыныптар арасында «Қыз өссе-елдің көркі» тақырыбына өткізілген тәрбие сағаттарында оқушылар ұлттық дәстүрді дәріптеп, қазақ қызына лайық мінез-құлық тәрбиелеудің маңызы зор екенін түсінді.
Мектеп дәрігері «Қыздар –болашақ аналар» тақырыбына қыз бала тәрбиесі мен жеке гигиенасы жайында 8-11 сынып қыз балаларымен әңгіме-сұхбат өткізіп, ерте жыныстық қатынастың жас ағзаға тигізетін зиянын медициналық тұрғыда түсіндірді.
Халықаралық қыздар күніне орай осы күнді дәріптеу, маңыздылығын түсіндіру мақсатында лездеме өткізілді. Халықаралық қыздар күні жөнінде хабарлама жасалып, толеранттылық, ұлтаралық достық қарым-қатынас жайында оқушылар мазмұнды хабарлама жасады. «Зиянды заттардан аулақ болайық!» тақырыбында 10-11 сыныптармен «Адал ұрпақ» клубы жетекшісі Жолдасбаева Д.пікірталас өткізді.Оқушылар денсаулығын сақтауға үндеуде және құқықтық тәрбие беруде іс-шараның маңызы зор болды. 9-11 сыныптарда «Жасөспірімдердің ерте жыныстық қатынасқа түсуі және оның жауапкершілігі мен зиянды жақтары» тақырыбына пікірсайыс өткізілді. Сонымен қатар шәкірттеріміз Байқоңыр қалалық жастар ресурстық орталығының іс-шараларына атсалысады. Осы орайда «Күз аруы» байқауына 10-сынып оқушысы Сихимова Жарқынай қатысып,3-орынды иеленді.
2017жылдың 13-қазанында № 273 орта мектебінде Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен әзірленген «Балаларды бірігіп қорғайық!» Жол картасын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың тапсырмасын орындау мақсатында № 273 орта мектебінде 2017 жылдың 13-қазанында 9-11 сынып оқушыларымен «Балалар мен жасөспірімдерге қатысты зорлық-зомбылықтың профилактикасы мен жыныстық тиіспеушіліктің алдын алу» тақырыбында лекция сабағы өткізілді. Лекция –сабағына 143 оқушы қатысты. Лекция –сабағын өткізу үшін мамандар шақырылды:
1.РФ Байқоңыр кешеніндегі кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы Тлеуова Индира Кунтугановна.
2. Төретам қыстағының ауылдық поликлиникасының жалпы тәжірибе дәрігері Утепбергенова Алтыншаш Кунекеевна.
Іс-шараның балалардың құқық бұзушылығының, зорлық-зомбылықтың алдын алуда маңызы зор болды.
ҚР 2015 жылғы 23 қарашасындағы № 414- V санды «Еңбек кодексі» 23 бабының 1 тармағын сәйкес балалардың жол-көлік оқиғаларынан зақымдануының алдын алу, олардың жолда қауіпсіз жүру дағдыларына бағытталған профилактикалық шараларын жүзеге асыру жөнінде аудандық білім бөлімінің № 595(10.10.2017) бұйрығына сәйкес РФ жол полициясы капитаны Е.В.Шур «Жолда жүру қауіпсіздігі» туралы 5-11 сынып оқушыларына түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
1.11.2017ж.«Құқық бұзушылықтың алдын алу» кезектен тыс ата-аналар жиналысы болды. Жиналысқа РФ Байқоңыр кешеніндегі кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлары Тлеуова И.К. мен Қалабаев Е. қатысты. Осы қараша айында «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» ҚР 2004 жылғы 9 шілдедегі № 591 Заңын басшылыққа ала отырып,Қармақшы аудандық білім бөлімінің кәмелетке толмағандар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы № 494 (29.08.2017ж) бұйрығын орындау мақсатында «Құқықты білу-міндет» тақырыбына Д.Жолдасбаева 9-сынып оқушыларымен сыныптан тыс шарасын өткізді. Оқушылардың құқықтық білімдерін кеңейту, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікке тәрбиелеу,өз құқығын бұзбауға, өзгелердің құқығын сыйлауға тәрбиелеу –кештің басты мақсаты болды.Қызылорда облысының білім басқармасы, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары жөніндегі Уәкіл З.Балиеваның хатына сәйкес «Балаға мейірімді Қазақстан» Халықаралық конференция шеңберінде 20.11.2017ж. аралығында балалар мен жастарға арналған 111 Ұлттық Сенім телефонының жұмысын танытуда, сонымен қатар шұғыл консультативтік психологиялық заң көмегін көрсететін сенім телефонына балалар мен жасөспірімдер арасында сенімділік деңгейін жоғарылатуға бағытталған «Сенім 111» бүкілқазақстандық сабақтары барлық сыныптарда тәрбие сағаты ретінде ойын, жаттығу элементтерін пайдалану арқылы өткізілді. Желтоқсан айында «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» ҚР 2004 жылғы 9 шілдедгі № 591 Заңын басшылыққа ала отырып, Қармақшы аудандық білім бөлімімінің № 510 (11.09.2017) бұйрығын орындау мақсатында РФ кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы полиция капитаны В.И. Сленченко 9- сыныптарда «Құқық бұзушылықтың алдын алу», « Жолда жүру тәртібі» тақырыптарына лекция сабағын жүргізді. Инспектор В.И Сленченко жасөспірімдерге қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау, көшеде жол ережесін сақтау жөнінде айта келіп, түнгі уақытта ата-анасыз жүрген балаларға айыппұл салынатынын және учаскелік полицияға апарылатынын ескертті. Желтоқсан айында 6-8 сынып оқушыларымен жасөспірімдер істері жөніндегі инспекторлар А.Джарылгасова мен В.И.Сленченко бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жаңа жылдық мереке күндері қарсаңында және каникул кездеріндегі қауіпсіз мінез-құлық таныту, мектептегі зорлық-зомбылықты болдырмау жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
1-11 сыныптармен құқық бұзушылықтың алдын алу, балалар мен жасөспірімдердің арасында құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында дәріс сабағында түсіндірме жұмыстарын жүргізуге РФ ІІБ кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға инспекторы полиция майоры Тлеуова И.К., РФ ІІБ қылмыстық іздестіру бөлімінің төтенше уәкілі полиция аға лейтенанты Кондратьев В.А., ҚР ІІБ ювеналды полициясының инспекторы полиция капитаны Джарылгасова А.И. шақырылды. Құқық қорғау органы қызметкерлері «Жасөспірімдердің топтық құқық бұзушылықтарының алдын алу» , «Жасөспірімдер арасында ұрлықтың алдын алу», «Көшеде, қоғамдық орындарда қауіпсіз мінез құлық таныту» жөнінде лекция оқып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Құқық бұзушылық орын алған жағдайда, қорқытып ақша бопсалау немесе ұрлық жасалған жағдайда оқушының есепке алынатыны, ата-анаға айыппұл салынатыны жөнінде хабарланды. Кешкі мерзімде сағат 21 00 ден кейін көшеде, ойын-сауық орындарында оқушыларға үлкендерсіз жүруге болмайтыны ескертілді. Құқық бұзушылық пен балаға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында мектептегі компьютерлерде деструктивті бағыттағы интернет-ресурстарға кіретін сайттар бұғатталған. «Полицияның жас көмекшілері отрядының» І облыстық форумында «Балалар қылқаламы: үздік плакаттар байқауында «Композициялық үйлесімділік» номинациясын иеленгені үшін 10 «Ә» сынып оқушысы Сихимова Жарқынай марапатталды.
Қызылорда облысының білім басқармасы ҚР білім және ғылым министрлігінің «Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі 2015-2017 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарының» 40 тармағының орындалуы шеңберінде 20-29.11.2017ж. аралығында «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» республикалық ақпараттық науқаны өткізілді. Науқан барысында 1-11 сыныптарда «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» тақырыбына тәрбие сағаттары өткізілді, «Ата-аналар үшін жадынама», «Сенім телефоны», «Ата-аналарға ынталандыру және жазалау жөнінде» жадынамалары таратылды.9-11 сыныптар арасында «Зорлықсыз әлемді қалай құруға болады?» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. 1-11 сынып ата-аналар жиналысы «Жанұяда зорлық-зомбылыққа жол жоқ» тақырыбымен өткізілді. дене шынықтыру пән мұғалімдері «Бақытты балалық шақ» тақырыбымен спорт түрлері бойынша ата-аналармен біріккен жарыстар өткізді. «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» тақырыбында кітапханашылар кітаптар көрмесін ұйымдастырды. «Қоғамдағы, отбасындағы және мектептегі зорлық-зомбылық және бейбітшілік қағидаттары» тақырыбына тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бакиева З.М. таныстырылым өткізді. Семинар барысында сынып жетекшілеріне педагогикалық қарым-қатынас түрлері туралы хабарлама жасалды, мектепте және отбасында зорлық-зомбылықтың болуына ықпал ететін факторлар жөнінде айтылды, сонымен қатар зорлық-зомбылыққа душар болған баламен жұмыс жасау алгоритмі ұсынылып, ата-аналарға арналған сауалнама мен жадынамалар таратылды. Бүкілқазақстандық «Сенім111» сабағы жөнінде таныстырылым көрсетіліп, сынып жетекшілеріне пайдалы ақпарат ұсынылды. 6 «Б» сыныбында жетекшісі Мамырова М. «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» тақырыбына тәрбие сағатын өткізді. Сондай-ақ 8 «А» сынып жетекшісі Абдибаева С. «Зорлық-зомбылықсыз әлем» сынып сағатында оқушыларды мейірімділікке шақырған тренинг жаттығуларын жүргізді.
Балалардың өмір сапасын жақсарту – ертеңгі болашақтың кепілі. Сондықтан да балалардың құқықтарын қорғау мәселесі қашан да өзекті болып қала бермек.
«ҚАРМАҚШЫ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІ БОЙЫНША
№ 273 ОРТА МЕКТЕБІ» КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ
БАЯНДАМА
Қазақстан Республикасының әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі – мектептердегі зорлық-зомбылықтың алдын алу
№ 273 орта мектебінің мұғалімі Қожахмет Эльвира.
© ООО «Знанио»
С вами с 2009 года.