Қайта оралған «Әліппе»
Жадрасинова Сауле Есмырзақызы
Қоянды ауылының №2 жалпы орта білім
беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «2021 оқу жылында бірінші сынып оқушылары «Сауат ашу» пәнінің орнына «Әліппе» мен «Ана тілін» оқитын болады деп айтқанындай биылғы оқу жылының бірінші қыркүйегінде алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған оқушыларға салтанатты түрде «Әліппе» оқулығы табыс етілді. «Әліппе» – бүлдіршіндердің алғашқы оқулығы. Мектепке келгенде бірінші болып қолына алатын кітабы. Жаңа «Әліппе» ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде жасалған,
«Бар кітапқа бас болған
Әліппе – ғылым анасы,
Әліппеден басталған
Даналықтың данасы…» болған «Әліппе» оқулығы жаңа үлгіде ортамызға қайта оралды. Бұл ретте жаңа Әліппенің жарық көруіне бірқатар сарапшылардың, соның ішінде осы оқулықты әзірлеген авторлардың еңбегі орасан зор.
Бағдарламаның негізгі құрылымы мен мазмұны А.Байтұрсынұлының ұстанымдарын басшылыққа алып барып «Әліппе» оқулығы жазылғаны белгілі.Осы орайда тарихқа үңілетін болсақ қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулығының атасы – Ахмет Байтұрсынұлы 1910 жылы «Әліппе» жазумен бірге қазақ графикасын да жасауға кіріскен. Бұл «Байтұрсынов жазуы» деген атқа ие болған. Ахмет Байтұрсыновқа «қазақтың ұлттық графикасының атасы» деген мәртебе берудің түп-төркіні бекер емес. Уақыт өте келе ол осы жазуды үйрететін әліппені жазып шығады. Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі «Оқу құралы» деген атпен 1912-1925 жылдар аралығында 7 рет басылып шыққан екен. Ал 1926 жылы «Әліпбидің» жаңа түрі жазылды. Ал алғашқы «Әліппе» 1912 жылы Орынборда басылып шығады. Автор «Балалар, бұл жол басы даналыққа» деп басталатын «Тарту» өлеңін оқулықтың беташары ретінде пайдаланады. Ал 2021жылғы Жаңа «Әліппе» оқулығында тұңғыш «Әліппені» жазған ұлт ұстазының сөзімен «Балалар,оқуға бар,жатпа қарап...» деп бүлдіршіндерді білім алуға шақырады.
Ұлт ұстазының әдістемесіндегі дыбыспен жаттығу, әр дыбыстың сөз жасаудағы қызметін есепке алу, дыбыстарды таныту мен әріптерді үйретудің реттілігі, «оңайдан қиынға, жеңілден күрделіге өту, білімді тәжірибе арқылы өздігінен алу қағидаттары негізге алынды. Жеңілден күрделіге өту қағидаты әріптерді таңбалап баспа және жазба түрлеріне үйрету, дыбыстан буын, буыннан сөз, сөзден сөйлем құрауға, сөзді буындап, кейін тұтас, содан соң мәнерлеп, түсініп оқуға машықтандыруды көздейді. Міне, осы шеберлік жаңа «Әліппені» әзірлеуде де қолданылды.
Жалпы
сараптамалық жұмыстардың қорытындысы нәтижесінде
5 түрлі оқулықтың ішінен бір «Әліппе» сараланып,
дараланып шықты. Бұл – мазмұны мен оқушылардың жас ерекшелігі
ес-
керілген, ішкі-сыртқы формасының тартымдылығы
жағынан оң бағаға берілген
«Атамұра» баспасының оқулығы.
«Әліппе» оқулығын әзірлеуде дыбыспен әріп тану арқылы оқуды, жазуды білетін, бастапқы тілдік ұғымдарды, сөйлеу әрекетінің (оқылым, тыңдалым, айтылым) түрлерін меңгерген, байланыстырып сөйлеуге дағдыланған, білгенін өмірде қолдана алатын тұлғаны қалыптастыру мақсаты қойылған. Осы мақсатқа қол жеткізуде «Әліппе» оқулығының бетінде оқу материалдары қазіргі қоғам талаптарына сәйкес ұсынылған. Сондай-ақ оқулықта әрбір бөлім, болмаса үлкен бір тарау біткенде «Не білдің?», «Не үйрендің?» айдармен бекіту тапсырмалары берілген. Бұл оларды өзін өзі бағалауға, зерттеуге, ізденуге жетелейді. Бәрінен бұрын жаңа «Әліппенің» ең бір маңызды ерекшелігі – пәндік білім-білікке ғана емес, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге бағытталғаны. Әрбір дыбыс пен әріпке арналған тақырыптың соңында «Сөзтаным» материалдары берілген. Заманауи технологияны пайдаланып, оқушылар қазақ фольклорындағы жаңылтпаш, жұмбақ, мақал-мәтелдер мен түрлі танымдық тақпақтар QR код арқылы тыңдай алады. Соның нәтижесінде тәрбиелік мақсат жүзеге асырылып, тақырып бекітіледі. Осындай баға жетпес білім нәрімен сусындататын «Әліппе» оқулығының арқасында 2021-2022 оқу жылында алғаш мектеп табалдырығын аттаған оқушылар саналы тәрбие, сапалы білім алатынына сенімдімін. Ата-аналар және бастауыш сынып мұғалімдері атынан оқулықтың авторлары Ә.Е.Жұмабаева,Н.Ж.Құрман,Б.А.Сабденова сынды ұлағатты ұстаздарымызға мың алғыс. Сіздерге ұлт ұстазы Ахмет Байтұсынұлының аруағы да риза деп ойлаймын.
Қазіргі уақытта «Әліппе кезеңінде» әріптермен таныстырып жатырмыз.«Әліппе» мен «Ана тілінің» арасында үндестік пен жүйелілік бар деп ойлаймын.
© ООО «Знанио»
С вами с 2009 года.