Қашықтан оқыту – тиімді оқу үрдісі.
Бүгінгі таңда қашықтан оқыту жер шарының басым бөлігінде кеңінен қолданылуда. Эпидемиялық төтенше жағдайдың жариялануына байланысты елімізде орта білім ұйымдары, жоғары оқу орындары және қосымша білім беру ұйымдары қашықтан оқытуға көшкені бәрімізге белгілі. Бүгінгі әлем дамуының жаңа ұстанымдары білім беру жүйесінен күн сайынғы экономикалық, әлеуметтік және мәдени өзгерістерге мейлінше бейімделуді талап етеді. Әлем қазіргі күні «білім қоғамын» және «білім экономикасын» құру бағытында. Бұл ауқымды мәселе туралы Қазақстан Республикасының бірінші Президенті, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жолдауында былай деген: «Біз білім беруді жалғастыруды одан әрі жалғастыруға тиіспіз.Сапалы білім беру Қазақстанның индустрияландырылуының және инновациялық дамуының негізіне айналуы тиіс». Сондықтан өз шәкірттеріне сапалы нәтижелі білім беруді мақсат еткен әр ұстаз еш нәрсеге қарамастан өз тәжірибесін жаңашылдық арнасына бағыттап, әр әдісін тиімді қолдануы шарт. Қашықтан оқыту және жаңартылған білім беру аясында іздену нәтижесінде ғаламтордан осы технологияларға негізделген сайттардың жұмысы бүгінгі мұғалімнің жүгін жеңілдеткендей. Білімленд, Дарын онлайн және т.б. ақпараттық сайттардың бағдарламаға негізделіп жүйелі жасалған дайын сабақтары өте тиімді, нақтылыққа негізделе дайындалған. Елімізде пандемияға байланысты бұл сайттардың сабақтары тегін пайдалануға берілуде. Мысалы, бір ғана Білімленд сабақтарын алсақ, тақырып бойынша жасақталған тапсырмалар тізбегі оқушының қызығушылығын арттырып қана қоймайды, сонымен қатар тақырыпты нақты түсінуге бағытталған. Қашықтан оқыту кезіндегі тапсырмаларды орындауда еркіндік пен уақыттың ыңғайлы және үнемділігі, географиялық жағдайға қарамастан оқытудың қолжетімділігі – қашықтан оқытудың пайдалы жақтары деп қарастыруға болады. Өз бетінше оқу – оқушыны дамуға ынталандырып, білімденуде жоғары жауапкершілікті талап етеді. Пандемия кезіндегі қашықтан оқыту педагогтарға жаңа технологияларды, әдістерді, жаңа дағдыларды меңгеруге, шығармашылығын дамытумен қоса жаңа қырларымен танылуына, жаңа идеялардың пайда болуына, заман талаптарына тез бейімделуге мүмкіндік туғызып отыр. Сонымен қоса, білім беру технологияларының прогресін тездетіп, өзін-өзі дамытуға жол ашып отыр. Осының барлығы еліміздің тәуелсіздік алғалы жаһандану үрдісімен технологиямызды үздіксіз жетілдіру жолында жүргізген сарабдал реформалардың нәтижесі іспеттес, өйткені ел басына күн туған мына пандемиялық кезеңде, тіпті ауылдық мектептердің де қашықтан білім беруге мүмкіндігінің болуы еліміздің мәртебесі деп білемін. Міне, қашықтан оқытудың қазіргі кезі - мұғалім де, оқушы да бейімделіп, күнделікті өмір салтына айналдырып, бірі өз бетімен білім беруді меңгеріп жатса, бірі өз бетімен білім алуды меңгеріп жатыр, мұны қазіргі жағдайға байланысты ұтымды үрдіс деп қарастыруға болады. Сонымен қорыта келгенде, қашықтан оқыту жүйесінің негізгі мақсаты – жеке адамды интеллектуалды дамыту, ақпаратпен жұмыс жасай білуге үйрету және оның ерекшелігі ол - өзіндік оқыту жүйесіне жатады. Қашықтан оқыту адамның білім алуға және ақпарат алуға деген құқықтарын жүзеге асыратын үздіксіз білім беру жүйесі нысандарының бірі ретінде мамандардың негізгі қызметін атқара жүріп білімін, біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы – қашықтан оқытуды дұрыс жағынан пайдаланып, қиындыққа мойымай бірге әрекет жасасақ, өскелең ұрпақтың да білімденуі өз дәрежесінде болады деп ойлаймын. Індет кетер, білім қалар, сондықтан мұғалімдеріміз қандай жағдайда да өскелең ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеуде жауапты тұлға болып қала береді. Осы бір қиын да қызық мамандықтың иелеріне еңбектеріңіздің жемісі мен сауабы мол болсын дегім келеді.
Утаршаева Айнур Кайратовна
© ООО «Знанио»
С вами с 2009 года.