ӘОЖ 377.016:811.512.122
Амангелді А.А.,
Қашықтықтан оқытудың Moodle–технология жүйесінде сабақ өткізудің әдістемелік тұрғыдан тиімді жақтары
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, дүниежүзілік деңгейде ықпал-беделінің артуы, заманауи инновациялық техника мен технологияларды күнделікті өмір мен өндірісте қолдану, жаһандану үдерісінен сырт қалмау қажеттілігі қазіргі заманғы білімді де білікті, рухани ой-өрісі кең де жан-жақты, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды ұштастырған азаматтың қалыптасуын талап етеді. Мұндай азаматтардың қалыптасуына еліміздегі көптілді білім беру жүйесінде халықаралық тілдерді меңгерумен қатар мемлекеттік тілді еркін меңгеруге, мемлекеттік тілде іс қағаздарын сауатты жүргізуге, ресімдеуге үйрету де өз әсерін тигізеді.
Білім беру жүйесіндегі ең негізгі мақсат – жауапкершілігі мол, өз мамандығы бойынша халықаралық стандарт деңгейінде тиімді іс-әрекетке қабілетті, кәсіби деңгейінің өсуіне ынталы, әлеуметтік және кәсіби бейімділігі жоғары, үш тілді: мемлекеттік тілді – қазақ тілін, ұлтаралық қатынас құралы ретінде орыс тілін, дүниежүзілік экономикалық кеңестікке кірігу тілі ретінде ағылшын тілін еркін меңгерген білікті маман даярлау.
Осы мақсатқа жету жолында қазақ тілін оқытудың қазіргі заманға сай әр түрлі әдістемелерін де жетілдіруге назар аударылуда. Тілді үйрету барысында жалпы қазіргі заманға сай интерактивті құралдарды пайдалану студенттердің оқуға деген қызығушылығын, ынтасын арттырады. Сол сияқты сырттай білім алу жүйесінде қашықтықтан оқытудың Moodle–технология жүйесінде сабақ жүргізу де өз дәрежесінде тиімді екендігі сөзсіз.
Тіл үйрету барысында Moodle–технология жүйесі бойынша тест жүргізу, ақпарат беру, глоссариймен жұмыс, бірнеше файл арқылы орындалатын тапсырмалар беру, чатта жұмыс істеу, форум өткізу тәрізді әдіс-тәсілдерді қолдану тиімді, оң нәтижелерін берері анық. Білім алудың тиімді әдістерінің бірі ретінде аталмыш технологияның маңызы ерекше.
Дегенмен, кейінгі уақытта тілді үйретуде қатысымдық әрекетке ерекше көңіл бөлінуде. Соған байланысты тіл үйретуде қашықтықтан оқыту тиімсіз деген пікірлер бар, тіпті бұл мүмкін емес деп, қарсылық танытушылар да табылады. Оң қабақ танытып, қолдаушылар да аз емес. Бұл мәселенің басын ашып алу үшін, әуелі қатысым, тілдік қатынас, коммуникация, сөйлесім, сөйлесім әрекеті (оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым, тілдесім) тәрізді терминдердің мәнін анықтап алу қажет.
Қарым-қатынас – тілдің өмір сүруінің, тілдік болмыстың басты өлшемі. Қарым-қатынас сөйлеу, сөйлесім арқылы жүзеге асады. Сөйлеудің ең маңызды құралы – тіл, сөйлесімді жүзеге асыратын да тіл. Сондықтан да тіл қатысымдық құбылыс болып саналады [1; 88-б.].
«Тілдік қатынас» (языковая коммуникация) деген терминді алғаш рет қолданып, негіздеген әдіскер-ғалым Ф.Ш.Оразбаева болатын. «Тілдік қатынас – тіл арқылы байланыс, сөйлеу тілі арқылы адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауы; қоғамдық, ұлттық тіл арқылы ұғынысу, түсінісу; яғни адамзаттың тіл арқылы сөйлесім әрекетін меңгеруі тілдік қатынас дегенді білдіреді [1; 43-б.].
Тіл сияқты сөйлесім де әлеуметтік құбылыс. Өйткені сөйлесімді жеке бір адам жүзеге асыра алмайды, ол бірнеше адамдардың тілдік түсіністігі арқылы іске асады. Сөйлесім адамдарды біріктіреді, оларды өзара байланысқа түсіреді. Мұндай байланыс қоғамның дамуына әсер етеді [1; 89-б.].
Қатысым, яғни қарым-қатынас екі немесе одан да көп адамдардың қатысуымен жүзеге асырылады. Сөйлесім құбылысы іске асу үшін де кем дегенде екі адамның қатысуы қажет. Ал сөйлесім дегеніміз – тіл арқылы дыбысталып айтылатын; ойды жарыққа шығаратын; қатысымдық мәні бар; әрі әлеуметтік, әрі дара құбылыс.
Тілдік қатынасқа байланысты іске асатын сөйлесім әрекетін әдіскер-ғалым Ф.Ш.Оразбаева бес түрге бөледі: оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым, тілдесім.
Сөйлесім әрекетінің барлық түрлеріне тән ең басты көрсеткіш: ол – түсіну. Бір адам екінші адамның айтқанын түсінбесе, ұқпаса, онда пікірлесу мен сөйлесу де жүзеге аспайды. Біздің ойымызша, сөйлесім әрекетіне қатысты айту да, оқу да, жазу да, есту де, тілдесу де белгілі бір хабарланған, баяндалған ойды түсінуге негізделеді. Сондықтан «аудирование» дегенді біз түсіну емес, «тыңдалым» деп атаймыз да, түсіну процесін осы ірекеттің бәріне ортақ ұстаным ретінде танимыз [1; 101-б.].
Тілді практикалық тұрғыдан меңгеруге қойылатын талаптар сөйлесім әрекетінің 4 түрі бойынша (сөйлесім, оқылым, жазылым, тыңдалым) анықталады. Moodle–технология жүйесімен қашықтықтан оқытуда сөйлеу әрекетінің барлық түрлері де қамтылады. Демек, білім сапасының төмендеуіне жол берілмейді. Әдістемелік тұрғыдан сөйлеу әрекетінің барлық түрлерін қамтуға болады.
Мәселен, оқылым әрекетін алайық. Оқылым – графикалық таңбалар арқылы қағаз бетіне түскен сөздер мен тіркестердің мағынасы мен мазмұнын ой мен сананың нәтижесінде қабылдай отырып, сауатты, дұрыс, мәнерлеп, ұғынықты оқу және одан қажетті деректі түсініп, сұрыптап алу [1; 102-б.].
Тіл үйрету сапалы болу үшін, оқылым процесі мен дауыстап оқуды ажырата білген жөн. Оқылым – берілген материалды түсініп, ұғу ғана емес, ондағы әрбір тілдік-қатысымдық тұлғалардың мағынасын білу, қалпын тану және оны тілдік қарым-қатынаста кеңінен пайдалана білу [1; 102-б.].
Ал дауыстап оқу – ішкі мазмұнды толық ескере бермей, графикалық таңбаларды танудың нәәтижесінде оны дыбыстау аппаратының қимыл-қозғалысына салу, сөйтіп, сөйлеу мүшелерінің көмегімен оқып шығу. Мұндай дауыстап оқу кезінде кейде мәтіннің мазмұны түсініксіз болып қала беруі де мүмкін. Ой мен ми жұмыстарын толық атқармай, адамға қажет хабар алынбауы ықтимал. Мұндай оқудың акустикалық қасиеті басым болады.
Дауыстап оқу акустикалық мақсаттың шеңберінен шығып, сөз, тіркес, сөйлемдердің мағынасын түсінуге, оны сана арқылы қабылдауға, мәтіннің ішкі мазмұнын баяндауға бағытталса, онда ол жай оқудың үлгісінен өтіп, мазмұнды оқуға айналады. Бұндай жағдайда дауыстап оқу оқылымның тиімділік жағын арттырып, оның қажетті компоненттерінің біріне айналады. Сөйтіп, оқу оқылымның құрамына кіреді [1; 103-б.].
Тілді үйрену барысында жүргізілетін оқуды әдіскерлер бірнеше түрге бөледі: аналитикалық оқу, синтетикалық оқу, дайындықты оқу, дайындықсыз оқу, аударма арқылы оқу, аудармасыз оқу, негізгі оқу, қосымша оқу т.б.
Бұлардан басқа да соңғы жылдары тіл үйретуге байланысты тұрақты орын тауып, жиі айтылып жүрген оқылымның мынадай түрлері бар: танымдық оқу, зерделік оқу, ізденімдік оқылым, көрсетімдік оқылым. Moodle–технология жүйесімен қашықтықтан оқытуда оқылымның осы түрлерінің барлығы да өз дәрежесінде іске асырылады.
Moodle–технология жүйесімен қашықтықтан оқытуда студентке мынадай тапсырма беруге болады: мәтінді дауыстап оқып, жазып (Sony бағдарламасын пайдаланып), дыбыстық файл арқылы оқытушыға порталға жіберіңіз. Студент тапсырманы ашады, Sony бағдарламасын ашады да, мәтінді мәнерлеп, дауыстап оқи отырып, файлда жазып, оқытушыға порталға жібереді. Бұл тапсырманың бір ұтымды жері – сіз сабақ үстінде, әсіресе, топ үлкен болса, барлық студентті тыңдай алмайсыз. Ал егер студент тапсырманы дыбыстық файлда дайындап жіберетін болса сізде студенттердің барлығын да тыңдауға мүмкіндік болады. Сонымен қоса, бірнеше рет қайталап тыңдауыңызға да болады. Бұл сіз сабақ үстінде ескермеген, немесе уақытыңыз жетпеген кемшіліктерді қайта қарап, студенттің жіберген қателерін толығымен жөндеуіне мүмкіндік бере аласыз.
3. Жазылым әрекетін де бұл жүйеде тиімді пайдалануға мүмкіндік бар.
«Жазылым» термині «жазу» (жазудың түрлері, әріптің жеке өзі т.б.) деген мағынаны емес, «жаза білу», «ойыңды басқа біреуге түсінікті болу үшін, қағаз бетінде сауатты жеткізе білу» дегенді білдіреді [1; 108-б.].
Жазылым – тілдік тұлғалардың графикалық, фонемалық жүйесіне негізделген; лингвистикалық, психологиялық, физиологиялық, әдістемелік ерекшеліктерге қатысты тілдік материалдың мазмұны мен формасын бірдей қамтитын, адамдардың ұзақ мерзімдегі қарым-қатынасына мүмкіндік жасайтын күрделі тарихи әрекет [1; 109-б.].
Moodle–технология жүйесімен қашықтықтан оқытуда жазылым әрекеті де толық, жан-жақты іске асырылады. Өйткені «Жазылым біріншіден, әріптің, сөздің графикалық таңбасы арқылы іске асады; екіншіден, бұл графикалық таңбалар белгілі бір фонемалық, мағыналық қасиетке ие болады; үшіншіден, жазылым құбылысында сөйлесім әрекетінің барлық түрі қатысады; төртіншіден, жазу үстінде тіл үйренуші адам сөйлемнің мазмұн-мағынасына ғана емес, формасына да көңіл аударуға мәжбүр болады; бесіншіден, жазылым қағаз бетіне түскен материалдың түсінікті, жүйелі болуына тікелей байланысты жүзеге асады [1; 109-б.].
Moodle–технология жүйесімен қашықтықтан оқытуда, әсіресе, жазбаша сөйлесім әрекеті белсенді қолданысқа түседі. Жазбаша сөйлесім әрекетінің нәтижесінде студенттің айтар ойын тілдік-қатысымдық тұлғаларды қолданып, басынан аяғына дейін толық жаза білуі, көзқарасын, пікірін қағазға түсіріп, жеткізуі дамиды. Бұл мәселеде тілді үйренуге қатысты жазбалардың көмегімен: хат жазу, пікір жазу, түсініктеме, қатынас қағаз, реферат т.б. жазу, бірқатар жетістіктерге қол жеткізкге болады. Мұндай жұмыстарды орындау барысында сөздер мен сөз тіркесі, сөйлемдер бір-бірімен байланысты болады. Олардың жүйесі үзілмей, келесі сөйлемдерде жалғасып, толығып отырады. Сол себепті студент жазба жұмыстарының неғұрлым сапалы, тұтас бүтіндігімен көзге түсіп, басқа адамдарға түсінікті болғанын қадағалауға тырысады.
Демек, лингвистикалық ерекшеліктерді толық меңгерудің көрінісі және ең күрделі тілдік құбылыс – жазбаша сөйлесім де Moodle–технология жүйесімен қашықтықтан оқытуда студенттердің білімін жетілдіруге өз дәрежесінде септігін тигізеді.
Moodle–технология жүйесімен қашықтықтан оқытуда графика мен орфографияны, жазу мен жазбаша сөйлемді жетік білудің, үйренудің амалдары мен жолдарын іздестіре отырып жазғызу, оқыту, осыған орай тапсырмалар беру, жазылым процесін тез әрі сауатты үйретудің ұтымды тәсілдерін пайдалану – тілді жеделдетіп әрі тереңдетіп оқытуға бастайтын әдістердің бірі.
Тілді үйренуде жазылым процесінің тіл үйренушіге берер зор мүмкіндіктерін әркім байқай алмауы мүмкін. Жазылымға назар аудармайтындар да кездеседі. Бұл – жазылым процесінің тиімді тұстарын бағалай білмеудің салдары.
Жазылымның өзгешелігі: бір қарағанда мұнда қатысымдық байланыс жоқ сияқты болып көрінуі мүмкін. Өйткені тіл үйренуші азды-көпті ойын қағазға түсіреді, бірақ онда екінші адаммен тікелей тілдесу іске аспайды. Жазылымның қиындығы да осында: жазу үстінде адам ойын тиянақты, жүйелі, бас-аяғын түгендеп; басқа біреуге ұғынықты болатындай етіп, екінші адамға ыңғайлап жазады, тілдік қарым-қатынастың жазбаша түріне бейімдеп орындайды. Тұжырымдап айтқанда, жазу оны жазған адамның ыңғайынан гөрі, жазуды оқитын, қабылдайтын басқа, екінші біреудің ыңғайына қарай, екінші адамның талап-тілегін ескеріп, сол үшін де жазылады [1; 113-114-бб.].
Яғни, Moodle–технология жүйесімен қашықтықтан оқытуда қатысымдық байланыс та іске асырылып, тіл үйренуші ойын оқытушыға барынша түсінікті, айқын етіп жеткізуге тырысады. Мұнда оқытушының бірнеше файлдар арқылы жауап беретін тапсырмалар беруіне болады. Мысалы, мәтінді аударып, Word–та жазып, оқытушыға порталға жөнелтіңіз. Немесе, жазылым әрекеттерін қамту үшін чатты да пайдалануға болады. Форумның да өз кезегінде жазылым әрекеттерін дамытуға қосар үлесі бар.
3. Енді тыңдалым әрекетіне келсек. Тыңдалым, яғни аудирование – соңғы жылдары көп сөз болып жүрген және оқу процесінде кеңінен орын алған маңызды сөйлесім әрекетінің бірі.
Тыңдалым – «аудирование» деген терминнің білдіретін мағнасы – «есту арқылы түсіну». Бұл термин айтылған не техникалық аппараттарға жазылған аудиомәтіндегі сөздерді, сөйлемдерді тыңдай білудің нәтижесінде қабылдау және түсіну деген ұғымды білдіреді.
Бұл атаудың ең басты мәні – адамдар арасындағы қарым-қатынасты жүзеге асыратын тілдік тұлғаларды тыңдау, есту арқылы қабылдау және ұғу.
Тыңдалым процесін тілдік қарым-қатынастағы сөзді қарапайым есту құбылысымен алмастырмау керек. Есту – дыбысты акуытикалық жағынан қабылдау, ал тыңдалым тек есту ғана емес, сонымен бірге мағыналы, маңызды хабарды ұғып алып, қажетке жарату [1; 116-б.].
Мұнда дайын дыбыстық файлдарды пайдалануға болады. Мысалы, қандай да бір мәтінді немесе Абайдың қара сөздерін тыңдатып, соған өз ойларын білдіруді тапсыруға болады. Мұндай кезде форумды пайдаланған өте тиімді. Кейбір студенттер өз ойларын кей жағдайда тез жинақтап, пікірлерін дереу жеткізе алмауы мүмкін. Ал форумда студент өз ойын әбден пісіріп, толықтырып, еркін білдіре алады.
4. Moodle–технология жүйесімен қашықтықтан оқытуда айтылым әрекеттерін де дамытуға мүмкіндік бар. Тілді оқытудағы ең басты мақсат – оқушыны сөйлеуге, яғни айтар ойын жеткізе білуге үйрету.
Айтылым – адамдар арасындағы тілдік қатынасты жүзеге асыратын сөйлесім әрекетінің бір түрі. Ол – тілдік қарым-қатынас барысында адамның өз ойын жарыққа шығару процесі, өз сөзін екінші біреуге ұғынықты етіп жеткізуі.
Айтылым негізінен бір адамға ғана тән әрекет болғанымен, тілдік қатынаста екі жақты байланыстың болуын қажет етеді. Адам өз ойын екінші біреуге жеткізу үшін айтады, сол үшін сыртқа шығарады [1; 124-б.].
Сондықтан тіл үйренушіге ойын тіл арқылы жарыққа дұрыс шығаруды үйретпей тұрып, оны сөйлесуге, тілдесуге үйрету де мүмкін емес.
«Сөйлеуге үйрету» немесе «айтылым» дегенде мынадай ұғымға мән беріледі: бұл – адам мен адамның тілдік қарым-қатынаста бір-бірімен тілдесуі, сөйлесуі, яғни бір адамның өз ойын екінші адамға ауызша жеткізу, сөйлеуі, айтуы. Сонымен бірге айтылған ойдың адамға түсінікті болып, оны қабылдау арқылы екінші адамның оған өзіндік реакция жасауы немесе жауап қайтаруы. Мұның өзі сөйлеуге үйретудің тек бір адамға ғана байланысты мәселе емес екенін көрсетеді. Ол тілдік коммуникация арқылы жүзеге асады. Ауызша сөйлесімнің нәтижесінде түсінісуге жол ашылады.
Сондықтан оқушыны қазақ тілінде ойын ауызша жеткізе білуге үйрету деген – ең алдымен өмірде оны екінші адаммен түсінісе білуге үйрету, ойын ауызша жеткізіп қана қоймай, оған жауап ала білуге, өзара ұғынысуға, тілдік қарым-қатынас жасай білуге үйрету деген сөз [1; 125-б.].
Сөйлесім әрекетіне тән айтылымның қатысымдық табиғатын айқындайтын белгінің бірі – адам мен адамның ұғынысу қажеттігін өтейтін тыңдалым процесі. Ауызша сөйлеу іске асқан жерде есту де, тыңдау да қатар жүреді. Бір адамның ауызша жарыққа шыққан ойы екінші адамның есту қабілетін ұштап, есту мүшелеріне әсер еткенде ғана ұғынықы болады. Сондықтан сөйлесім мен естілім екеуі екі түрлі процесс болғанымен, бір-бірімен қатар жұмсалып, қатар жүреді [1; 125-126-б.].
Айтылым – санамен қабылданатын сыртқы дүниенің әсерін ауызша сөйлеу арқылы жарыққа шығаратын, қатысымдық тұлғаларды қамтитын күрделі сөйлесім әрекеті [1; 129-б.].
Тіл үйренушілер әр түрлі коммуникативтік қарым-қатынас аясын қамтитын сан түрлі мәтіндер құрастырып айтып, сұхбаттар құрастырып, хабарламалар дайындап, баяндама, рефераттар жазып, өз жұмыстарын жоғарыда айтылған Sony бағдарламасында дайындап, оқытушыға порталға жөнелте алады. Оқытушы өз кезегінде порталда студенттердің білімін бағалайды. Егер оқытушы қажет деп тапса, әр оқытушының тапсырманы орындау деңгейі жөнінде немесе студенттің жұмысында қандай да бір кемшіліктер болса, т.б. шағын пікір жазады. Оқушы бағасын көрген кезде пікірмен де таныса алады. Бұл жағдай да білім сапасын көтеруге мүмкіндік жасайды. Оқытушы мен студент арасында қарым-қатынас, пікір алмасу үнемі, үзбей жүріп жатады, яғни қатысымдық әрекет жүзеге асырылады.
5. Сөйлесім әрекеттерінің ішіндегі ең маңыздысы – тілдесім әрекеті. Тілдесім – сөйлесім әрекетінің барлық түрлерін қамтитын ерекше құбылыс. Ол тілдік қатынастың ең маңызды көрсеткіші бола келіп, оқылым, жазылым, айтылым, тыңдалымның іс жүзінде қолданылуына мүмкіндік жасайды. Тілдесім арқылы оқу, жазу, тыңдау, сөйлеуге үйрету жүзеге асады, оларға қатысты жұмыстар атқарылады.
Тілдесім (общение) – айтылым мен жазылымның өзара бірлігінен құрала келіп, қандай болмасын ақпарат негізінде адамдар арасындағы тілдік қатынасты жүзеге асыратын сөйлесім әрекетінің түрі. Бұл қарым-қатынаста оқылым мен тыңдалымның да тыс қалмайтындығы өзінен-өзі белгілі [1; 129-б.].
Тілдесім – адамдардың қоғамдық-әлеуметтік өмірде бір-бірімен тіл арқылы қарым-қатынасқа түсіп, өзара пікірлесуінің нәтижесінде бірінің ойын бірі ауызша да, жазбаша да түсінуі және оған жауап қайтаруы. Мұнда пікір алмасу ауызша (айтылым) түрде де, жазбаша (жазылым) түрде де іске асып, белгілі бір ақпарат адамдар арасындағы қарым-қатынасқа мүмкіндік туғызады [1; 130-б.].
Оқыту, үйретуге қатысты тілдесім екі түрлі болады: 1. Тікелей тілдесім. 2. Жанама тілдесім.
Тікелей тілдесім – адамдардың бір-бірімен көзбе-көз, ауызба-ауыз, бірін-бірі тікелей көру арқылы тілдесуі; оқытушы мен оқушының тікелей көзбе-көз қарым-қатынасы. Тікелей тілдесім кезінде оқушы мен оқытушы бірін-бірі көзбен көріп, құлақпен естіп отырады. Мұнда тіл үйренушінің әр қимылы, ишарат белгісі, бет әлпеті – бәрі оқушыға тікелей әсер етеді [1; 133-б.].
Moodle–технология жүйесімен қашықтықтан оқытуда тікелей тілдесім веб-камера арқылы жүзеге асырылады. Оқытушы мен тіл үйренуші бір-бірімен көзбе-көз, ауызба-ауыз, бірін-бірі тікелей көру арқылы тілдесіп, пікірлесе алады.
Жанама тілдесім – тіл үйренуші мен үйретушінің бірін-бірі көрмей-ақ, берілген тапсырмаларды орындап, қажетті жұмыстарды атқару арқылы қарым-қатынаста болуы. Мұнда адамдар тікелей сөйлеспейді, аралық амал-құралдар арқылы жанама тілдік қатынаста болады. Moodle–технология жүйесімен қашықтықтан оқытуда жанама тілдесім барлық қырынан, жан-жақты жүзеге асырылады. Өйткені, аталған жүйеде жазылым мен тыңдалым, оқылым ерекше басымдыққа ие.
Тікелей тілдесім сөйлесім әрекетінің оқылым түрінде көп қолданылатын болса, жанама тілдесім жазылым мен тыңдалымға қатысты жиі пайдаланылады. Мұның өзі тілдесімнің сөйлеу әрекетінің барлық түрлерімен байланысты екенін және олардың әрқайсысының бірінсіз екіншісінің жүзеге асуы тиімсіз екенін көрсетеді. Солардың барлық түрі бүтін бір жүйемен қатар қолданылғанда, оқыту процесі де сапалы болады.
Тікелей тілдесім үш түрлі қалыппен орындалады: 1. Жұптық. 2. Топтық. 3. Ұжымдық. Moodle–технология жүйесімен қашықтықтан оқытуда веб-камераның көмегімен жұптық та, топтық та, ұжымдық та қарым-қатынас бола береді.
Сол сияқты бұл жүйемен тілді меңгертуде ауызша тілдесім мен жазбаша тілдесімді тең дәрежеде қолданылып, тиісті нәтижелерге жетуге болады.Тікелей және жанама тілдесім екі түрлі жолмен жүзеге асады. Содан тілдесімнің екі түрлі қолданылу жолы келіп шығады: 1. Ауызша тілдесім. 2. Жазбаша тілдесім. Олардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар.
Ауызша тілдесімге тән ерекшеліктер: 1. Дауыс ырғағының әсері. 2. Қосалқы қимылдың /ым, ишарат, дене қозғалысы, бет-әлпеттің өзгерісі және т.б. жан-жақтылығы. 3. Сөйлегенде үннің қарқындылығы /темп/. 4. Тілдесушімен екі арада болатын байланыс /контракт/. 5. Сөйлеу кезінде кідіріс, үзіліс, жиілік, баяу, қатты т.б. сол сияқты амалдарды дұрыс сақтау. 6. Мазмұн мен мағынаның айқын, түсінікті болуы.
Жазбаша тілдесімнің ерекшеліктері: 1. Сөйлемнің құрылысына ерекше назар аудару. 2. Сөздерді таңдап қолдану. 3. Ойды асықпай, ойланып-толғанып, жоспарлап, жүйелеп жеткізу. 4. Тыныс белгілерді дұрыс қою.
Moodle–технология жүйесімен қашықтықтан оқытуда бұл әрекеттерді де бақылап отыруға, жолға қоюға болады. Бұл әрине, веб-камераның көмегімен іске асырылады. Ауызша орындалатын тапсырмалардың кез-келгенін орындауға да мүмкіндік бар.
Moodle–технология жүйесімен қашықтықтан оқытудың бұл айтылғандардан басқа да артықшылықтары бар. Мысалы, өтілген материалды қайталауда білімдерін тексеру үшін тест өткізуге болады. Тест сұрақтарына жауап беру аяқталған соң, оқытушы тесті ашып, студенттердің тест бойынша алған бағаларын көреді. Осы кезде студенттер де курсты ашып, тестілеудің қорытындысын, бағаларын көре алады. Жауаптарды компьютер өзі бағалайды. Яғни, оқытушы тест тапсырмаларын тексеріп уақытын жоғалтпайды. Екіншіден, оқытушы тест тапсыру мерзімін шектеуге, шектемеуге құқылы. Немесе студентке өзінің білім деңгейінің қаншалықты екендігін анықтау үшін бірнеше рет бағын сынап көруіне болатындай етіп жасауға болады. Бұның тиімділігі – студенттің өздігінен ізденіп, қателерін тауып, түзетуінде.
Moodle–технология жүйесімен қашықтықтан оқытудың тағы бір тиімділігі – тақырыпқа қатысты жаңа сөздермен жұмыс жүргізгенде глоссарийді пайдалануға болады. Бұл жүйедегі глоссарийді пайдаланудың тиімділігі: студент сөздікті ақтарып, уақыт жоғалтпайды, жұмысқа қажетті сөздік көз алдында тұрады.
Ал грамматиканы беруде Moodle–технология жүйесімен қашықтықтан оқытудың тағы бір әдісі ақпарат беру әдісі. Студент жаңа материалды өз бетімен оқып, таныса отырып, меңгереді. Ал түсінбеген мәселелері болса, чатқа шығып, оқытушыға сұрақтарын қоя алады. Чатты жаңа материалды бекіту кезінде де пайдаланған тиімді.
Бағалау жүйесі мұнда өте қарапайым. Студенттер кез-келген уақытта порталға еніп, бағаларын қарап шығады.
Ғалымдардың айтуынша, адам миы оқыған кезде 10%, естіген кезде 20%, көрген кезде 30%, ести және көре отырып 50%, өзі айта отырып 70%, өзі жасай отырып 90%-ға дейін есте сақтай алады екен. Демек, Moodle–технология жүйесімен қашықтықтан оқытуда біз студенттерге барлық жағдайды жасай аламыз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ф.Ш.Оразбаева. Тілдік қатынас негіздері. –Алматы: Print-S, 2005. -147 б.
© ООО «Знанио»
С вами с 2009 года.