Амал келді, жыл келді.
(қызметкерлерге арналған концерттік бағдарлама)
1. Құрманғазының күйі «Сарыарқа».Орындайтын Мақсат-Мұрат, Нұрсұлтан.
Айбек:
- Ау, аман ба, жарандар,
Алтын таңға қараңдар.
Ерте жайнап атты таң
Естіліп тұр шаттық ән.
Жаңылсын:
- Арайы бар даланың
Амансың ба, жаңа күн,
Сәлем халқым, тірегім
Сіздермен бір жүрегім.
Орындалды ойларың
Құтты болсын тойларың.
Айбек:
- Құрметті халайық! Таудай қариялар – аталар, ақ жаулықты аналар, ел тірегі ер мінезді ағалар, кең пейілді ақ жарқын жеңгелер!
Жаңылсын:
- Аға артынан қалыспай өрге өрлеген, ертеңіміздің тірегі інілер, күлімкөз жайсаң мінез апа-сіңлілер!
Айбек-Жаңылсын /бірге/
- Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын!
Айбек:
- Көңілдеріңізге шат мереке,
Жаңылсын:
- Үйлеріңізге бақ береке,
Айбек:
- Бастарыңызға денсаулық
Қораларыңызға он саулық берсін.
Жаңылсын:
- Қыдыр баба қолдаушыңыз болсын,
Ұл-қыздан сейір шапағат берсін.
Айбек:
- Жаңа жылды әр халық әр уақытта өзінің салт-дәстүріне байланысты қарсы алады екен. Ендеше, Жаңылсын, осында жиналған жұртты Наурыз мерекесінің шығу тарихымен қысқаша таныстырып өтейік.
Жаңылсын:
- Әрине, Айбек. Наурыз – өте көнеден келе жатқан мейрам. Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан бері орын алған.
Наурыз – ежелгі, мәдениеті дамыған елдің бірі Парсының «нау»- жаңа, «руз» - күн, яғни жаңа күн деген сөзінен шыққан. Бұл қазіргі күн есебі бойынша наурыздың 22-нші жұлдызына сәйкес келеді. Қазақ елі осы күнді «Ұлыстың ұлы күні – Ұлы күн» деп атаған.
Айбек:
- Ал Қазақстанның батыс аймақтарында,Каспий жағалауын мекендеген қазақтар Наурызды ескіше хамалдың 1-і,қазіргіше 14-наурыздан бастап тойлайтын ежелгі дәстүр бар.
Елімізде қалыптасқан дәстүр бойынша Ұлыс таңын, Жаңа күнді халқымыз көрісумен бастаған. Адамдар бір-біріне ақ тілегін білдірген.
Жаңылсын:
- Наурыз – шат-шадыманды ойын-сауық, той басы. Бұл күні үлкен болсын, кіші болсын осы мейрамға келіп, көңілді ойын-сауықтар жасалады. Мұнда жағымсыз әдеттерге тыйым салынған. Тойға ат жарыс, палуан күрес, түрлі ойындар, ән, өлеңдер,наурыз жырлары айтылады. Әркім үлкендерден бата тілейді.
Айбек:
- Қыз-жігіттер жиналып бас қосып «ұйқыашар» әзірлейді. Ол тәтті ет, уыз сияқты дәмді тағамдардан жасалады.
Бұл күні қарттар да естен шықпайды. Оларға арналып жылы – жұмсақ тағамдардан «бел көтерер» деп аталатын дәм дайындалып, тартылады. Бұлардың соңы келер күн «наурыз көжеге» жалғасады.
Наурыз көженің дәстүрлік, мерекелік ұлттық тағлымы өте зор. Ол барлық адамдарды жомарттықққа, ізгілікке, ұйымшылдыққа, татулыққа, бірлікке шақырады.
Жаңылсын:
- Күн мен айға әлемнің
Берем ыстық сәлемін.
Қарттарыма сүйініп,
Сәлем берем иіліп.
Айбек:
- Орындалды ойларың,
Құтты болсын тойларың.
Жарқыраған жас нұрлы
Жаса, Наурыз дәстүрі.
Береке – бірлік болсын деп
Көп көжеден дәм татып,
Күшейтейік бірлікті.
/Ортаға кимешек киген әжелер келін,немерелерімен шығады (қызметкерлер)/
1-ші әжей:
- Ау, аталар, аналар,
Айналайын балалар,
Жеп-ішсін деп тамсанып
Жеті түрлі дәм салып
Наурыз көже пісірдім
Тойға қазан түсірдім.
2-ші әжей:
- Құйдым алтын табаққа
Бал көжеден татыңдар,
Бар қызыққа батыңдар
Көжеге жас кәріңді
Шақырамын бәріңді!
/ «Наурыз айы келгенде» әні жіберіледі. Келіндер мен қыздар «Наурыз көжені» келген қонақтарға ұсынады/
1. Д.Нұрпейсованың күйі «Әсем қоңыр».Орындайтын Нұрсұлтан.
2. Түркештің күйі «Көңілашар».Орындайтын Мақсат-Мұрат.
Жаңылсын:
- Осындай той қазақта бола берсін,
Көңілдерге жақсылық тола берсін.
Айбек:
- Аралаған бақ, береке, молшылық,
Қадір дарып, құт қонғайсың халқыма – дей келе Ұлыстың ұлы күні – ақ тілеу,ақ ниет тілейтін күн.
Олай болса дана көз қарияларымыздың ақ батасын алайық.
/Тілек, батаға кезек беріледі/
© ООО «Знанио»
С вами с 2009 года.