КӘСІБИ ДАМУ: ЖАҢАША ОҚЫТУ ЖОЛЫНДАҒЫ 4 К БІЛІМ БЕРУ МОДЕЛІ
Н.С.Асанова педагогика ғылымдарының магистрі
педагогика пәнінің оқытушысы
«Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқалады» . Абайдың 32 қара сөзінен
Қашанда рухани байлығы бар, білімі мен ғылымы мол, өркениетті, дамыған мемлекеттің келешегі де кемел болмақ. Болашақтың білім мен ғылымға тәуелді болатыны айдан анық нәрсе. Сондықтан да білім мен ғылымды дамыту, сол арқылы толағай табыстарға жету әрбір халықтың басты мәселесі. Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсеткен.
Әлем сәт санап өзгеруде... Өткен ғасырдың білім беру үрдісін нақтылық, тұрақтылық, шынайылық, қарапайымдылық құраған болса, ал қазірде өзгерістер көп: жаңа жағдайларға жылдам ауысу, роботтандыру, автоматтандыру, жеке тұлғаландыру, т.б. «Бәрі өзгереді, бірақ ештеме ауыспайды! Бәрібір де кейбір өзгерістер болады» атты сөз бекер емес... 20 жыл бұрын мобильді қосымшаларды әзірлеуші сияқты мамандықтарды естімеген едік. Дәл қазіргі кезде ұялы байланыстар мен компьютерлік және цифрлық технологиялардың дамығандығының куәсі болып отырмыз. Ал бірнеше жылдан кейін еңбек нарығы нені, нақты айтқанда қандай құзыретті мамандарды қажет ететінін дөп басып айту қиын болады. Ғылым мен техниканың қарыштап дамыған заманында өзгерістердің болатыны анық. Қоғам сұранысына сай адамзаттың белгілі бір мансапқа қол жеткізбей тұрып, ең алдымен икемділік дағдыларын жетілдіруі керектігін өзгермелі әлемнің жаңа талаптары өзі-ақ сұрап тұр.
Қоғамның жедел дамуымен бірге білім саласы да елеулі өзгерістерге толды. Педагогикалық өзара әрекеттесудің қазіргі жаңа стилі білім саласындағы жаңаруларды арнайы құзыреттіліктер арқылы меңгеруді талап етеді. Уақыт талап еткен өзгерістерді дер кезінде игеруі, өз білім форматын жаңартуы арқылы педагог жаңа дағдыларды бойына қалыптастырады. Мұғалімнің қолданысындағы қалыптасқан үйреншікті бір жұмыс дағдысы дәл қазіргі уақытта жеткіліксіз болып отыр. Себебі «оқытамын», «үйретемін» түсініктерінің ауқымы кеңейіп, тиісті дағды-құзыреттіліктердің сапасы артты. Дағдылар әзірде метатанулар арқылы метадағдыларға айналуы тиіс, яғни дәл осы формат түрі білім алушылардың жаңа білімді игеріп, оны тиімді қолдануында, әрі алған білім мен дағдыны таратуында, сол арқылы әр салада жетістікті ойлауына, ұжымдық интеллектінің дамуына мүмкіндік беретін таптырмас шеберлік. Өзгермелі әлемде жаңа форматты мұғалім әрқашан да ізденісте жүру арқылы «не нәрсеге үйрету керек?» деген сұрақпен мазалануы – өзінің қызметі мен оқушысына деген сүйіспеншілікке бөленері сөзсіз.
Оқытушы мен білім алушы жылдам өзгеретін ғаламат ғасырдың үрдістеріне тез үйренетін бойларында жетілген тұрақты дағдылары бар адам болуы шарт. Жалпы дағдыны 3 түрге бөлуге болады: негізгі қабілеттерді дамытуға бағытталған дағды, өзін-өзі дамыту дағдысы және тәжірибе жинау дағдысы. Мұғалімнің дағдылары болып табылады: сыни ойлау, мәселелерді шеше білу, коммуникациялық дағды, икемділік, компьютерлік сауаттылық, этика, кәсіптік практикалық дағдылар (сабақтың нақты мазмұнын білуі, білім алушылармен өзара жағымды қарым-қатынас орнатуы, сабақты жоспарлау және ұйымдастыру, сапалы білім алуға жайлы орта тудыра білуі), бағалау және өзін-өзі талдауы, әріптестік өзара ынтымақтастық орната білуі.
Сонымен жаңа ғасырдың жаңа дағдылары қандай? Ең алдымен аздап тарихқа жүгінсек. Сонау ХХ ғасырдың 50 жылдары тұтынушылар мен корпоративтік басқаруларды дамытудың белді мамандары қызметкерлердің әрекеттерін табысты атқаруында елеулі болып табылатын өлшеуіш дағдыларды іздеумен айналысады. Осы бағыттағы біршама ізденістердің соңғы қадамдары Даос құзыреттіліктері немесе құзыреттіліктер-2020 деген атаумен белгілі бола бастады. 2016 жылы Даоста өткен Бүкіләлемдк Экономикалық форумда адамзат баласына аса қажет болып табылған 10 сапа мен дағдыларды дамыту туралы ұсыныстар айтылады. Осылайша форум Президенті Клаус Шваб Төртінші технологиялық революция басталғандығын және бұл дегеніміз адамзат қызметін ендігі кезекте роботтар алмастыратындығын, сол үшін де қоғамға қажеттімін деген әрбір адам аталған дағдыларды міндетті түрде меңгеру қажеттігін нақтылаған. Олар:
1. Кешенді тапсырмаларды шешу;
2. Сыни ойлау;
3. Шығармашылықты ойлау;
4. Басқару өнері;
5. Командада жұмыс істеу;
6. Өзгелердің және өзінің эмоциялық күйін сезіну әрі басқара білу;
7. Дұрыс талқылау қалыптастырып, шешім шығара білу;
8. Тұтынушының ыңғайына қарай бағытталу;
9. Келіссөздер жүргізу;
10. Бір тапсырмадан екінші тапсырмаға жылдам ауысу, қосылу.
2020 жылға қарай креативті және сыни ойлау алдыңғы үш дағдының қатарына адамзат үшін аса қажетті болып табылатын құзыреттілік болып енді. 2015 жылы бұл аталған дағдылар 10-ның төртіншісі болған еді. Ресей елінің білім саласындағы мамандары да Даостық 10 дағдыны 4-ке дейін қысқартып, «Білім берудің 4 К жүйесі» деп атап, айдар да таққан еді. Бұл елдің білім беру жүйесінде 4К моделі 2014 жылдан белсенді түрде айтылып, тек 2017 жылдан бастап аталған модель оқытудың жаңа моделі болып қабылданған. Осылайша Болашақтың дағдылары-4К білім беру үлгісі көптеген елдердің қызығушылықтарын туғыза бастаған. Ұлыбритания, Канада, Қытай, Оңтүстік Корея, Польша, АҚШ, Финляндия сынды білім беру саласы бойынша дамыған жетекші мемлекеттер осы аталған жүйені қолдап, өз тәжірибелеріне қолданып отыр.
Қазақтың ұлы ақыны Абай: «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдейлік білім, дағдысына кіреді» деген екен. Білім, ғылым саласында өркениетті дамыған елдермен терезесі тең болуды мақсат еткен еліміздің білім саласы да қоғам талабынан туындап жатқан өзгерістерге төтеп бағуда. Әлемдік білім беру кеңістігіне ену үшін білім саласындағы озық үлгілерді қолдау әрі қолдану-игілікті істердің бірі. Осы мақсатта Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2018 жылғы 5 қазанда «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім берудегі 4K моделін зерделеудің өзекті мәселелерін талқылау және мұғалімдердің кәсіби дағдыларын дамытудың стратегиялық бағыттары мен даму болашағын анықтау қажеттігін нақты атап көрсеткен. «Ойлау негіздері, ақыл - ой мен шығармашылық қабілеттер, жаңа дағдылар сонау бала кезден қалыптасады»деген қағидаға негіздей отырып, аталған білім үлгісі мектепке дейінгі ұйымдардан сырт қалмау керектігін де ескерткен.
Сонымен, ХХІ ғасырдың дағдысы - Білім берудің 4 К моделін құрайтын арнайы дағдылар нелер? Олар:
1. Сыни ойлау
2. Креативті ойлау
3. Коммуникация
4. Кооперация (командалық жұмыс, әріптестік)
1. Сыни ойлау - (ағылш. critical thinking) – пікірлесу жүйесі, нақтыланған, қалыптасқан іс-әркет жағдайларды талдауға және игілікті шешім қабылдауға, бағалауға бағытталған және алынған нәтижелерді мәселелер мен жағдаяттарды шешуге тиімді қолданумен сипатталатын ұғым. Сыни ойлаудың ең маңыздысы жоғарғы деңгейдегі ойлау. Сыни ойлау- келіп түскен ақпараттарға өзінің сенімділігімен жауап беру қабілеті.
Сыни ойлау-бұл адамның толассыз ақпараттар ағынына жылдам бағытталып жүре білуі, қарым-қатынастағы барлық себеп-салдарларды дер кезінде байқауы, ақпараттардағы қажетсіз мәліметтерді шығарып, нақты, дұрыс шешім қабылдай білуі. Тіпті сәтсіздікке ұшыраған жағдайда да оңтайлы дұрыс шешім қабылдауы, өз табыстары мен кедергілерінің мәнін ұғынуы. Қабылданған ақпараттарды талдап, өз көзқарастарын білдіруі. Теорияларды, ұғымдарды салыстыру, сол арқылы жиналған ой-пікірлерді жүйелей білуі. К.Поппер: « Біз жиналған білімдерден емес, өз қателіктерімізден сабақ аламыз» , «Мен мүмкін қателесермін және сен де мүмкін қателесерсің, бірақ бірігіп күш жұмсау арқылы біз біртіндеп шындыққа жақындаймыз» қағидалары нағыз сыни ойлаудың үлгісі ретінде мысал бола алады.
2. Креативті ойлау. Креатив- (ағылш.аудармасы creative — шығармашылық) —
жаңа идеяларды құруға бағытталған, қабылданған қалыпты дәстүрлі ойлардан бас тартып, ерекше ойларға бейімделген тұлғаның шығармашылық қабілеті. Адамның шығармашылық сыни ойлау арқылы стандартты емес шешімдер қабылдауы, адамның өз жағдайларын және орын алған мәселелерді түрлі қырларынан көре білуі. Қалыптасқан үйреншікті стереотиптерден босап, шығармашылыққа бой алдыруы. Креативті ойлауда озық идеяларға жол ашылып, басқа адамдардың бастамаларын қолдап дамытуға жол ашылады. Қиындықтарды жеңу ол үшін қызықты басқатырғышқа айналады. Сонымен қатар креативті ойлау жаңа қадамдарды бастау арқылы мәселелерді өзгеше жаңа қырынан көруге және шешуге негізделеді.
3. Коммуникация – латын тілінен ауд. «communication» — хабар және «communicare» — ортақ істеу, әңгімелесу, байланысу, хабарлау, жеткізу түсінігін білдіреді.
Қарым-қатынасқа түскен адамдарға белгілі бір ақпаратты ауызша немесе вербалды емес жеткізе білу тәсілі. Қашықтықта орналасқан келіссөздер жүргізуге, қарым-қатынас жасауға, әңгімелесушіні тыңдауға және олардың көзқарастарын білуге қабілетті өмірлік аса қажетті дағды.
4. Кооперация (латын тілінен ауд. cooperation) — белгілі бір адамдар құрамымен немесе өндіріс, кәсіпкерлік саладағы қызметкерлердің еңбек, өндірістік процестегі бірлесіп атқарған еңбекті ұйымдастырудың формасы. Кооперация коммуникациямен тығыз байланысты. Берілген тапсырмалар мен мәселелерді жалғыз бір адамның шешуі қиын, сол үшін де әріптестік байланыс орнатып, ұйымшылдық таныту командалық жұмыс дағдысына тән. Командалық жұмыста өзінің икемділіктерін сезе отырып, команданың мақсатына жұмыс істеу. Бұл жалпы мақсатпен оған жету жолдарын анықтауға, рөлдерді таратуға және нәтижені бағалауға мүмкіндік береді.
Еңбек және білім беруді дамыту нарығының кейбір болжамдарына сәйкес әлемдегі танымал мамандықтардың көпшілік бөлігі болашақта «жоғалуға» айналады екен. Қазіргі дамыған әлемде адамдардың нені қаншалықты жасай алатыны емес, оны басқаша қалай өзгертіп жасауға болатынын, өзінің ақыл-ойы мен білімінің жаңа қырларын қалай тез меңгеріп әрі дамытып отыруы үлкен сұранысқа ие. Осыған сәйкес 4К моделімен қатар блім саласына softskills, hardskills атты терминдер қосылды. Softskills, (икемді пәндік сала емес дағдылар-байланысқа түсе білу, ақпараттармен жұмыс істеу, мақсат қою және уақытты жоспарлау) hardskills-кәсіби пәндік дағдылардан маңызды болып табылады. 4К моделінің барлық жетекші дағдылары тек білім саласында емес, сондай-ақ әр түрлі өмірлік және кәсіби мәселелерді шешуде пайдалы.
4 К моделінде берілген дағдыларды қашан және қалай дамытуға болады? Әрине сәби бірден осы аталған дағдыларды бойына сіңіріп өмірге келмейді. Қанша жерден үйлесімді болса да мектепке дейінгі жастағы балалардың 4к дағдысын дамыту мәселесі оңай шаруа емес. Ата-ана болған соң баласының жылдам дамуына көмектескісі келеді. Баланың дағдыларының дамуы жанұядағы ата-анасының әрекеттері мен тәрбиесіне байланысты. «Сөз үйретпейді, әрекет үйретеді» демекші, ата-ана тұлғасы мен оның тәрбиесі бала үшін әркез де үлгі. Дегенмен де «табысты ата-ана» бола отырып, әрбір ата-ана мына негізгі мәселелерді есепке алуы керек:
Дағдыларды меңгеру- «Маған не қажет?» сұрақ аймағынан «Мен не істей аламын?» аймағына өту. Баланың қандай да бір әрекетті атқара білу қызығушылығына демеу болу, белсенділігін көтеру, жақсы істерге түрткі болуы. Негізгі әрекет баланың қызығушылығын жою емес, қолдау көрсетуге көмектесу жұмысына бағытталуы тиіс.
Жеткіншектерді командада жұмыс істеуге үйрете отырып, өзара қарым-қатынасқа жұмылдыру қажет. Егер де отбасыда бір-біріне деген сенім мен ауызбіршілік, икемділіктер орын алса, онда балада коммуникациялық дағдылар жақсы дамиды. Баламен бірге асқан қызығушылықпен тапсырмаларды бірге орындап, шахмет пен зияткерлік ойындарды бірге ойнаса, оқылған немесе көрген мультфильм немесе шығармаларға пікірталас жүргізсе –онда балада сыни ойлаудың негізі қаланды деуге әбден болады.
Мектептегі үйірме, секция жұмыстары да баланың әр қырлы ойланып, түрлі тәжірибе жинақтауына , сол арқылы креативті шығармашылық дамуына негіз болып табылады.
КжТББ аясында болашақ педагог мамандарды даярлау ісі олардың болашақта бәсекеге қабілетті, көпқұзыреттілікті болуын қамтамасыз етуге негізделген сапалы білімге байланысты. Осыған орай Жаркент жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі оқыту үрдісін ұйымдастыру барысында пәндік білімді игеру сыни, шығармашылықты ойлаумен, коммуникациямен және командада жұмыс істей білу дағдыларын қалыптастырумен қатар бір бірлікте жүргізіледі. Мамандықтар бойынша педагогика, жаңа педагогикалық технологиялар, педагогикалық шеберлік негіздері сабақтарында білім берудің 4К моделі басшылыққа алынады.
Кесте 1. Пәндерді оқытудағы 4К моделін қолданудың құрылымы
|
Жіктеуіш топтар |
Элемент |
Мазмұн/ Іс-әрекет |
|
Мақсат |
Коммуника ция |
Оқытудың тиімді тәсілдерін қолдану арқылы студенттердің өзара байланысу: ауызша сөйлеу, вербалды емес тілдесу, ақпараттарды өзгелерге сенімді жеткізуге, өзгелерді оқыту үшін жайлы орта қалыптастыру |
|
Кооперация |
Жұптық жұмыс, топтық жұмыс, топ мүшелерімен ортақ мақсатқа бағытталған жұмыс атқару арқылы командада жұмыс істей білу дағдысын жетілдіру |
|
|
Сыни ойлау |
Рецензия, эссе, баяндама жазу, жоба қорғау, шағын ізденіс-зерттеу жұмыстарын жүргізу, SWOT талдаулар жүргізу арқылы студенттердің сыни ойлауын дамыту |
|
|
Креативті (шығармашылықты) ойлау |
Пән бойынша жағдаяттар шешу, талқылауларға қатыстыру арқылы, озық идеяларға қолдау білдіру арқылы студенттердің бастамашылдығына, жаңашылдығына жол ашу. «Басқалардан өзгеше жаса!», «Бұлай басқаша қалай жасауға болады?», «Жеке тұлға ретінде өз қолтаңбаңды көрсет!» ережелерін ұстану арқылы өзгеше ойлауға, жаңаша туынды тудыруға бастамашыл болу. |
|
|
Құрамдас бөліктері
|
Дербестік |
Жеке оқыту-белсенді оқыту. Студент білімді қабылдаушы рөлінен білімді қалыптастырушы рөліне ауысады. Сонымен қатар оқытушы рөлі-оқытуды ұйымдастыру, хабар таратушы |
|
Ынталанды рушылық |
Әр оқыту үрдісіндегі сабақ студенттердің жетістіктерін ынталандыруға, кездескен кемшіліктерден сабақ алуға бағытталған. |
|
|
Бейімделушілік |
Жасанды интеллектіден (интернет желілерінен мағлұмат іздеу, Google-ды пайдалану т.б) біртіндеп алшақтату, кітап оқу, журнал, газет оқуға бейімдеу. Білім беру жүйесінің икемді болуы соншалықты , яғни жеке тұлғаның өз қалауы бойынша болашақ кәсібіне қажеттілігін тудырады |
|
|
Қолжетімді ресурстар мен қамтылу |
Колледждегі wi-fi , интернет желісі, кітапханадағы жаңа кітаптардың мол қоры, РМЭБ сайтындағы электронды оқулықтарға, оқу әдістемелік құралдарға қолжетімділік студенттердің білім қоры масштабын кеңейтуге қызмет етеді |
Студенттердің коммуникациялық дағдыларды дамыту. Қарым-қатынас-ақпарат алмасудан да маңыздырақ дүние. Қарым – қатынаста адамдардың ойын түсіну, эмоциясын байқау, пікірін тыңдау орын алады. Қарым-қатынасқа тез түсуге бейімділік қабілеті бар адамның бойында мына дағдылардың жиынтығы қалыптасқан: вербалды емес байланысу, белсенді тыңдау, эмоциялар мен ой-пікірлерді басқару, қарсы адамның эмоциясын түсінуі, сабырлылық қасиетінің болуы. Нәтижелі коммуникация қарым-қатынасты байланыстырғыш желімге ұқсайды. Ол біріккен қызметті жақсартады, шешімдерді дұрыс қабылдауға бағыт береді. Ол ең күрделі деген мәселелердің өзін ешбір дау-дамайсыз шешіп қана қоймай сонымен қатар өзара сенімділікті арттырады. Осындай коммуникация түрлеріне машықтану керек.
Коммуникативті дағдылар жаттығулары-жеке тұлғаның қалыптасып дамуындағы тренингтердің көпшілік бөлігін құрайды. Адамдармен қаншалықты сауатты әрі кәсіби тұрғыдан аралассаңыз, сіз соншалықты табыстарға жетесіз. Коммуникативті дағдыларды дамыту жаттығулары дұрыс сөйлеуге, әңгімелерді баяндап беруге, өзгелерді дұрыс, мұқият тыңдауға, сәтті келіссөздер жүргізуге бағытталған. Бұның барлығы- қызметте және жеке қарым-қатынаста табысты болуда маңызды рөл атқаратын коммуникативті дағдылар. Коммуникация - бұл үнемі әрі шексіз дамуға арналған аймақ. Дағдыларды дамытуға әрине арнайы жаттығулар көмектеседі.
Жаттығу 1 . «Жарнама» - қатысушылар 2 топқа бөлініп, бірер минуттан кейін өз тобына жарнама жасауы тиіс. Жаттығудың психологиялық мағынасы: топтың жағымды қасиеттерін тану.
Жаттығу 2. «Театр: бәрі қатысатын пьеса» - қатысушыларды 4 топқа бөліп, бірінші топ – сценаристер, екінші топ – режиссерлер, үшінші топ – актерлер, төртінше топ – критиктер. Бүкіл топ мүшелерінің міндеті – пьеса жазып оны ойнату. Жаттығудың психологиялық мағынасы :топтық шешім кезінде конфликтісіз шешім қабылдауды дамыту.
Жаттығу 3. «Миссис Мамбл» қатысушылар өз көршілеріне тісін көрсетпей «Кешіріңіз, сіз миссис Мамблды көрдіңіз бе?» деген сұрақ қояды. Оған көршісі « жоқ , көрмедім. Бірақ көршімнен сұрайын» деген жауап береді. Жаттығудың психологиялық мағынасы: жағымды эмоцианалды фонды құру және қатысушыларды ашу.
Жаттығу 4. «Не істегенімізді тап» - қатысушылар белгілі бір іс – әрекетті көрсетеді, ал басқа қатысушы сол іс – әрекетті табуы тиіс. Жаттығудың психологиялық мағынасы: топты біріктіру .
Жаттығу 5. «Имитатор» - қатысушыларға белгілі бір эмоциясы бар жануарлар жазылған парақшалар беріледі. Қатысаушылар сол жануарды бейнелеуі керек. Жаттығудың психологиялық мағынасы: қатысушыларды эмоциялық жағынан ашу.
Жаттығу 6. «Психологиялық көмек» - қатысушыларға «мені мынау үшін жақсы көрмеуі мүмкін ....» сөйлемін аяқтау беріледі. Ал көршісі «бәрібір сен жақсысың, өйткені ......». Жаттығудың психологиялық мағынасы: қатысушылардың төмен өз бағалауын көтеру.
Жаттығу 7. «Қоңырау» - қатысушылар бір – біріне тығыз тұрып, шеңбер жасайды. Бір қатысушы сол шеңбер ортасына тұрып, босаңсуы керек. ал басқалары оны тербетеді. Жаттығудың психологиялық мағынасы: топ мүшелеріне деген сенімділікті арттыру.
Жаттығу 8. «Мен саған сыйлаймын» - қатысушылар бір – біріне алғыс айтып, жесттермен сыйлық сыйлайды. Жаттығудың психологиялық мағынасы: тренингті қорытындылау , жағымды эмоционалды фонда бекіту.
Жаттығу 9. «Менің жетістіктерім»- әрбір қатысушы берілген қағазға соңғы уақыттары өзі қол жеткізген табыстары туралы жазады. Парақшалар ілінеді. Қатысушылар барлығын оқып шығады. Соңында рефлексия жүргізу қажет: Сіздің жетістіктеріңізге деген өзгелердің көзқарасы мен пікірі сіз үшін қызықты болды ма?
Жаттығудың мақсаты: Қатысушылардың жеке жетістіктерін бағалай білу.
Жаттығу 10. «Бой ұзындығы бойынша тұру»- Тренердің командасынан кейін қатысушылар көздерін жұмып, бойлары бойынша қатарға тұрулары қажет. Жаттығудың мақсаты: Ұжымда нәтижелі жұмы істеу, өз әрекеттері мен өзгелердің әрекеттерін талдау.
Пайдаланылған әдебиттер:
1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы 2007 ж. 27-шілде
2. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы
3. Кәсіби педагогикалық қарым-қатынас. Оқу құралы. Авт: Н.В.Мирза, Р.Б.Маженова
4. Қарым-қатынас психологиясы. Оқу құралы. Авт. Тұрдалиева Ш.Т.
5. «Абайдың қара сөздері»
6. ru.wikipedia.org
7. trenerskaya.ru
Скачано с www.znanio.ru
Материалы на данной страницы взяты из открытых источников либо размещены пользователем в соответствии с договором-офертой сайта. Вы можете сообщить о нарушении.