ОҚУШЫЛАРДЫ АЛДЫН-АЛА КӘСІПТІК ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ДИАГНОСТИКАДАН ӨТКІЗУДІҢ МАҢЫЗЫ
Жаксылыкова Гульмира Идришевна
«Өрлеу» БАҰО» АҚ ШҚО бойынша ПҚ БАИ, Білім беру үдерісін психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу кафедрасының аға оқытушысы, Өскемен қаласы.
Кәсіптік бағдарлау - әр адамның жеке қасиеттеріне, қызығушылығына, қабілетіне, қоғамдық қажеттілікке байланысты мамандық таңдап алуына ықпал жасау.
Мамандықты дұрыс таңдаудың әр адамның өз өмірінде табысты болуына және әлеуметтік ортада барлық қабілетін толық ашуға негіз болатындығын көптеген ғалымдар өз еңбектерінде дәлелдеп шыққан. Кәсіби бағдарлаудың негізін құрушылар Ф.Гальтон, А.Кершенштейнер, Г.Мюнстерберг, П.П.Блонский, Ю.П.Сокольников, Т.Н.Мальковская, Г.А.Уманов т.б. ғалымдар әлеуметтік-кәсіби бағдарлау идеяларын қалыптастырды. Осы идеяларға сүйене отырып барлық ізгі ниетті мемлекеттер өз ұрпақтарын тәрбиелеу барысында оларға кәсіби бағдар беру, кәсіп беру мәселелерін өз халқында қалыптасқан дәстүрлерге сүйене отырып ғылыми негізде шешу жолдарын іздестіруде.
Жалпы және кәсіптік білім беру мектептерінің тұжырымдамасында оқушыларды қандай да бір іс-әрекет түріне баулу және әр баланың психофизиологиялық ерекшеліктерін, қабілеті мен білімділігін анықтауға мүмкіндік беру қажет екені анықталған. Бұл мәселені шешу әр мектепте әр түрлі жолдармен жүргізіліп жатыр. Психологиялық қызмет ұйымдастырылған мектептерде балалардың жекелік психикалық қасиеттерін анықтаумен шектелуде. Ал шын мәнінде бұл қызмет көпқырлы және көпсырлы болуға тиісті.
Оқушыларды алдын-ала кәсіби диагностикалаудан өткізу мәселесін зерттеу үшін көптеген арнайы және жалпы диагностикалық әдістемелер жасалған. Оның ішінде Айзенк пен Стреляудың темпераментті өлшеу тестері, Бине-Симон жасаған интеллектуалдық қабілеттілікті анықтау шкаласы, Айзенктің интеллекті зерттеу тестерінің вербалдық, математикалық және техникалық субтестілері, Филипстің баланың мазасыздану деңгейін анықтау тесті, ұйымдастырушылық қабілетті зерттеу тестері тағы сол сияқты көптеген әдістемелер. Олардың нәтижесін кәсіби бағдарлауда қолдану ережелерін Айзенк, Лемтес т.б. анықтаған. Бұл жұмыстың мазмұны жеке адамның психофизиологиялық қасиеттерін жан-жақты зерттеп келесі компоненттер бойынша мағлұмат алудан тұрады:
- мінез-құлқының жеке-даралық ерекшеліктерін анықтау;
- жүйке қызметінің жеке-даралық ерекшеліктерін анықтау;
- қызығушылығы, бейімділігі, қабілеті, кәсіби ниеттері туралы мағлұматтар алу;
- құндылық бағдарлануы;
- білімі, іскерлігі және дағдылары.
Көпшілік жағдайда ата-аналарға баласының өздері таңдаған мамандық бойынша жұмыс істеуге келісімін бергені қажет, өйткені олар осы кәсіби салада оған мансаптық өсуге көмектесе алады. Мектепке негізінен оқушылардың бірыңғай ұлттық емтиханда қандай нәтиже көрсететіні қызықтырады, оның құрамына кәсіби таңдауға дайындық кірмейді.
Сонымен қатар, кей жағдайда қоғамның жас ұрпаққа бағыт берудегі мәселелерімен күрделенеді: қазіргі мектеп оқущыларына өзінің кәсіби таңдауын ел мен қоғамның ары қарайғы даму келешегі айқын болған кезде, қоғамдық құндылықтар мен басымдықтар жүйесі қалыптасқан жағдайларда жасауы таңдауды жеңілдетеді.
Кәсіптер мен мамандықтардың көптігі, кәсіптер әлеміндегі еңбек мазмұны туралы қажетті білімдердің жоқтығы, әрбір адамның өзінің еңбек жолының ақылға қонымды міндеттерін жасайды, ал кәсіби таңдаудың мүмкін болатын нәтижелерінің көптүрлілігі мен белгісіздігі көпшілігінің өзінің жеке кәсіби жоспарларын жеткілікті түрде негіздеуге ұмтылмауына әкеледі. Еңбекке деген қызығушылықтың жоқтығы, кәсіпті ауыстырудың, өз күшіне деген сенімділіктің жоғалуының салдарларыда кәсіптік таңдауға өз ықпалын тигізеді.
Кәсіби таңдаудың мәні еңбек жолының немесе мансаптың тиімді нұсқасын (адамның өзін-өзі анықтаушы жеке сапалары мен әлеуметтік мүмкіндіктері көзқарасы тұрғысынан) табудан тұрады.
Мектеп түлектерінің кәсіптік таңдауда жіберетін негізгі қателіктері:
- жұмысты немесе оқу орнын «компания үшін» немесе таныстардың, достардың т.б. ықпалымен таңдау;
- «мені қайда алады», «басқа жерге түсе алмаймын» ұстамнымдары бойынша оқуға түсу, жоғары оқу орнына «ересек» өмір бастау немесе әскерге шақыртудан қашу мақсатында түсу;
- бар ынтасын мамандықты емес, жоғарғы оқу орнын таңдауға бағыттау, ең бастысы - түсу, ары қарай барлығы өз орнымен жүреді, енді басқа нәрсеге қам жемесе де болады деген көзқарасты таңдау;
- кәсіптің сыртқы тартымдылығына бағытталу, таңдаған мамандықтың қиындықтарын бағаламау, кәсіп беделін автоматты түрде өзіне аудару салдарынан кең танымалдылыққа саналы түрде әзірлену;
- қазіргі сәттегі танымал және сұранысқа ие мамандықтардың бірін таңдауға бағытталу.
Жасөспірімдерді алдында тұрған кәсіби таңдауға дайындау бұл қателіктерді болдырмауға көмектеседі және түлек құжат тапсыруға жиналып жүрген жоғарғы оқу орнын анықтап қане қоймай, таңдаған қызмет саласында оң кәсіби мотивацияны қалыптастыруға көмектеседі. Өкінішке орай, жоғарғы оқу орнына түсу де, және де табысты оқуда адамда оң кәсіби мотивацияның болуына кепілдік бермейді, бұл әлеуметтік сұрақтармен нақтыланады.
Кәсіптік бағдарлауды жүргізуге негіз болатын идеялар жастарға білім беру тұжырымдамасында анықталады. Әдіснамалық сипатта бұл мәселе оқушылардың өмірлік және кәсіптік бағдарлау жұмысын жүргізудің даралық ұстанымы жатады. Бұл ұстаным бойынша оқушылардың өмірлік және кәсіби жоспарларына байланысты топтау арқылы, сыныпта әлеуметтендіру жұмысын жүргізу негізінде оларға бағдар беру бағдарламасы анықталады.
Кәсіптік бағдарлау жұмысын негізгі екі кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірінші кезең - әлеуметтік-кәсіптік бағдарлау. Бұл кезеңде балаларға жалпы мамандық, мамандық бойынша қызмет атқару, табыс көзі, кәсіби шеберлігі сияқты жалпы мағлұматтар беріледі.
Бұл кезеңнің міндеттері:
- мамандақ туралы жалпы ұғымды меңгерту, мамандықтар әлеміне саяхат жасау арқылы баланың мағлұматтылығын қалыптастыру;
- шебер адамдардың құрметке бөленетінін, олар материалдық және рухани байлыққа өз шеберлігі арқылы жеткендіктерін көрсету;
- мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму тенденциясына байланысты қандай мамандықтардың болашағы мол деп болжамдауға болатындығын көрсету;
- туыстарының, таныстарының, достарының мамандықтарын, олардың перспективасын көрсету;
- еңбектің шығармашылық сипатымен таныстыру;
- еңбек романтикасы туралы мағлұмат беру;
- еңбектің материалдық және рухани байлықтың көзі екенін көрсету.
Осылайша еңбек, кәсіби әрекеттің өзі құндылық екенін айқындап, әрбір жеке адамның мамандықты дұрыс таңдап өмірдегі өз орнын табуға ұмтылылысы болғанда ғана олардың қызығушылығы одан әрі дамып, мәртебесі өсіп, жоғары мансаптық орынға ие болуына мүмкіндік туады. Мамандыққа қызығушылығы бар адамға оны толық және сапалы меңгеруге жол ашылады.
Екінші кезең - мотивациялық кезең. Кәсіптік бағдар беру жұмысын ұйымдастыруда құндылықтардың қалыптасуына үлкен әсерін тигізетін - уәж (мотивтер) екенін ескеру қажет. Мамандықтарды таңдау уәждерін алты топқа бөлуге болады:
- жалпы уәждеме;
- мамандықтың романтикасы;
- танымдық сипатындағы мотивтер;
- қоғамдық мәні бар мамандық таңдау мотиві;
- беделге, үлгіге сүйену;
- уәжсіз таңдау.
Барлық уәждерді сипаты бойынша төрт топқа бөлеміз:
- нақты еңбекке бағытталған, мақсаты анықталған, дәлелге негізделген мотивтер;
- нақты емес, жеткіліксіз себептестірілген мотивациялар;
- сенімсіз, негізсіз мотивациялар;
- ешқандай негізі жоқ мотивациялар.
Өзінің қажеттілігін қанағаттандыруға ұмтыла отырып, адам өз алдына нақты бір мақсат қояды, бірақ бұл мақсат өзбетімен жүрмейді, ол адамның бағыттылығымен тығыз байланысты жүреді де оның барлық іс-әрекеттерінің бағдарламасын болжамдайды. Қажеттіліктерді, қызығушылықтарды қанағаттандыру, мақсатын жүзеге асыру нақты бір мәселелерді шешусіз, сәйкесінеше жұмысты орындаусыз мүмкін емес. Сондықтан әрбір жағдайда адам объект, құбылыс немесе іс-әрекет түрлерін таңдайды. Осылайша таңдау жеке адамның қажеттілігін өтейді.
Мамандық таңдау мотивтерін анықтауға арналған көптеген әдістемелер бар. Оларды қолданып зерттеу жүргізу нәтижесінде балалардың мектеп бітіру шағында мотивациялық сферасы өте нашар көрініс беретіндігі анықталған. Бұл жағдай мектеп түлектерінің қалаулары анықталмастан, болашақ өмір жолын анықтауға өздері үлес қосуға шамасы келмейтіндігін көрсетіп отыр.
Жеке адамның басқа психикалық қасиеттері де өзара тығыз байланыста болады. Осы байланыстылықты былайша көрсетуге болады:
қажеттіліктер - қызығушылықтар - объективті
құндылықтар - мотивтер - мақсат - таңдау.
Психологияда темпераментті деп адамның психикалық үдеріс динамикасын анықтайтын қасиетті айтады. Темпераменттің табиғатын И.П.Павлов зерттеген. Оның ілімі бойынша жүйке жүйесінің негізгі қасиеттері - қозу мен тежелудің жүру күші, олардың алмасуы, динамикасы.
Темперамент олардың тек қана біреуіне тәуелді болмайды, олардың үйлесімділігіне тәуелді. Бұл үйлесімділікті И.П.Павлов жүйке қызметтерінің түрлері деп атаған. Неміс ғалымы И.Канттың жіктеуі бойынша темперамент төрт типке бөлінген. Кант берген типологияны Павловтың сипаттамаларымен толықтырып, қазіргі кездегі психологияда ең кең қолданылатын жіктеу негізінде темперамент типтері холерик, сангвиник, флегматик, меланхолик деп бөледі.
Холерик. Бұл темперамент өкілдерінің жүйке үдерістері күшті жүреді, барлық іс-әрекеттерге белсенді кіріседі де шалағай орындап тастайды, сапаға терең үңілмейді, қозу процесі күшті және басым болғандықтықтан, олар көп жерде ұшқалақтық көрсетеді, жаңалықты қуанышпен қолдайды, тәуекелге барғыш, ұрысқақ, кек сақтамайды, жүріс-тұрысы үйлесімсіз.
Сангвиник. Сангвиниктердің жүйке үдерістері күшті жүреді, қозу мен тежелу үдерістері тепе-тең, жеңіл алмасады, іскер, сөзшең, адамдармен тіл табысқыш, барлық әрекетті ынтамен бастайды, бірақ қызығушылығы тез басылады, барлық жұмысты қызықты және қызықсыз деп бөледі, икемделгіш.
Флегматик. Флегматиктердің жүйке үдерістері күшті жүреді, байсалды, барлық нәрсені ойланып, асықпай сапалы орындайды, сыйысымды, тіл табысқыш, ашушаң емес, жай қимылдайды.
Меланхолик. Меланхоликтердің жүйке үдерістері баяу жүреді, салмақты, қозу және тежелу үдерістері жай алмасады, үйреншікті жерде іскерлік, ашық-жарқындық көрсетеді, жаңалықтан қорқады, жасқаншақ, ұстамды.
Темперамент ерекшеліктерін диагностикалауға Айзенк, Стреляу тестерінен кеңінен қолданады. Адамның темпераменті таза бір типте болуы сирек кездеседі. Көбінесе темперамент бірнеше түрінің қосындысы болып келеді. Сондықтан темпераментті зерттеу нәтижесінде доминантты көрсеткіші темпераменттің қай типінен екенін анықтап, қосалқы көрініс берген типтердің де мінездемесіне үлкен көңіл аударған дұрыс болады. Темперамент типін анықтау негізінде балаларға олардың жүйке үдерістерін күшті және әлсіз, теріс көрсеткіштерін анықтап беріп, өзін-өзі тәрбиелеу барысында теріс көрсеткіштерінің әсерін төмендету қажет екені түсіндіріледі.
Сондай-ақ жеке адамның даралық ерекшеліктеріне мінез-құлық жатады. Психологияда мінез-құлық ерекшеліктерін келесі төрт көрсеткіштермен бағалайды:
- ұжымға және басқа адамдарға деген қатынасы, сыйласуы, сыйысымдылығы;
- еңбекке деген қатынасы, еңбекқорлығы, шыдамдылығы, табыскерлігі;
- заттарға деген қатынасы, мұқияттылығы, үнемділігі, пысықтығы немесе салақтығы, ықтиярлы немесе ықтиятсыздығы;
- өзіне деген көзқарасы, өзін-өзі жақсы көруі, өркөкіректігі, мақтаншақтығы, атақ құмарлығы.
Адамның мінезі кез-келген қасиеттердің кездейсоқ жиынтығы емес. Мінездің жеке көрсеткіштері бір-бірімен тығыз байланыста болып бір тұтастық құрады. Мінездің барлық көрсеткіштері және темперамент ерекшеліктері біріне-бірі тәуелді байланыста. Дегенмен, темпераментті өзгертуге болмайды, ал мінез-құлық көріністері тәрбиеленеді, оны адам өзін-өзі тәрбиелеу барсында жетілдіруге болады.
Кәсіптік бағдар беру және кәсіби таңдалу барысында осы және тағы басқа жеке ерекшеліктер талданады. Жеке психикалық қасиеттерді диагностикалау әдіс-тәсілдері көп мөлшерде қалыптасқан. Олардың көмегімен барлық психикалық қасиеттерді жан-жақты талдап шығуға мүмкіндіктер мол.
Мінез-құлық ерекшеліктерін анықтауға арналған әдістемелер ішінде Филипс жасаған оқушылардың мектептегі мазасыздану деңгейін анықтау тесті, Шмишектің мінез акцентуациясын анықтау әдістемесі, бала агрессиясын зерттеуге арналған Басса-Даркидің тесті тағы сол сияқты бірнеше әдістемелерді қолданып, әр адамның мінез ерекшеліктерін толық, және жан-жақты бағалап шығуға мүмкіндік береді. Бала агрессиясын зерттеушілер оған әр түрлі анықтамалар береді. Біреулері ол адамның қоршаған орта құбылыстарынан өзін қорғауға арналған тұқым қуалаушылыққа негізделген қасиет деп көрсетсе (Лоренд, Анри), екіншілері жетекші роль атқаруға бағытталған әрекет (Моррисон) деп түсіндіреді. Агрессияны фрустрация мен байланыстыратын теориялар да бар (Маллер, Дуб, Доллард).
Кәсіптік таңдауда адамның жеке қасиеттерінің қалыптасуындағы маңызды фактор адамның өз бойындағы агрессияны тежей білуді де жатқызуға болады. Агрессия терминімен жеке тұлғаның субъект-субъекттік қатынаста деструктивтік әрекетке жақындығын белгілейді. Деструктивтік әрекет дегеніміз адамның алдында тұрған бөгетке шабуыл жасап, қиындықты жеңуге деген белсенділігі. Сондықтан агрессияның оң және теріс көріністері бар екенін жақсы түсіну қажет. Мысалы, адам өз өмірін, немесе басқа адамдардың өмірін сақтауға, табыс көзіне төнген қауіпті жоюға бағытталған агрессияны ақтауға болады. Сонымен қатар, ешқандай ақтауға болмайтын агрессия байқалуы мүмкін.
Жеткіншек бойында жас кезеңінде себепсіз агрессия, немесе жалған қауіпке бағытталған келеңсіз мінез орын алуы мүмкін. Бұл құбылыстың түрлерін, себебін және мөлшерін анықтауға болады. Психолог осы мәселені зерттеп, агрессиясы нормадан тыс дамыған балалармен түзету жұмысын жүргізуі керек.
А.Басс және А.Дарки агрессияны сипаттағанда оны негізгі екі топқа бөледі. Біріншісі - мотивациялық агрессия, осы құбылысты туғызған себеп-сылтаулар. Психолог ең алдымен агрессияның осы түрін анықтап алуға тиіс. Екіншісі - инструменталдық агрессия, немесе өзін қорғау үшін, басқаларды зәбірлеуге қолданатын әрекеттері. Бұл қасиеттің көрініс беруі сегіз формада болуы мүмкін. Оларды кәсіби бағдар беру барысында анықтау арқылы мінезді тәрбиелеу туралы кеңес ұйымдастыруға негіз болады.
Кәсіптік бағдар беру барысында балалардың іс-әрекет түрлеріне қабілеттілігін анықтаудың орны ерекше. Осы заңдылықты ескере отырып, біртіндеп бейімділікті тәрбиелеу керек. Бейімділік деген адамның тіршілік объектісіне ықыласымен, жасампаздықпен, шығармашылықпен қарауы және оны меңгеруге белсенділік білдіру. Әдетте оқушының тапсырмаға деген бейімділігі болса, оны орындауға бала уақытын үнемдемейді және өз тілегін сапалы орындалғанын талап етеді. Осы әрекет барысында бала табысты болса, ол қабілетінің бар екенінің кепілі.
Қабілеттіліктің негізгі көрсеткіші ретінде жаңа білімді және іскерлікті тез және сапалы меңгеруі, ептілігін жетілдіруге ынтасы, іс-әрекет нәтижесінің жоғары дәрежеде болуы. Оқушыларда кәсіби бағдарланудың нәтижесі ретінде біз тек мектеп бағдарламасын меңгеруі емес, сонымен қатар қандай-да бір мамандықты меңгеруге бейімділігін қарастырамыз. Қабілет дегеніміз адамның білімді, іскерлікті, дағдыны тез және сапалы меңгеруі, іс-әрекетте табысты болуы, қарым-қатынас мәдениетін меңгеруі.
Білімге, ептілікке және дағдыға деген қатынасында адамның қабілеті, қандай да бір мүмкіндігі ретінде көрінеді. Білім, іскерлік, дағдыларды адамның меңгеруі көптеген жағдайларға байланысты жүреді. Мысалы, қоршаған ортасының әсері адам қалай оқытылғаны, оның іс-әрекеттері қалай ұйымдастырылғаны, қарым-қатынас мәдениетіне үлкендердің қандай үлгілері негіз болды бұлардың бәрі күнделікті өз әсерін тигізіп, сол адамның барлық адамдық қасиеттерді меңгеріп, өзінің қабілеттерін ашуға негіз болады. Адамның қандай да бір мамандыққа қабілетін дамытатын қолайлы жағдайлар туындаған кезде жоғарыда аталған шарттар мен физиологиялық процестер көрініс береді. Соның нәтижесінде адамның қабілетінің нышаны ашыла бастайды. Адамның мамандықта табысты болуын болжамдау оның табиғи қасиеттерінің ерекшеліктерін зерттеуден бастау керек. Сонымен қатар қабілеттен басқа жеке даралық ерекшеліктерге мінез-құлық ерекшеліктері темпераментпен өте тығыз байланысты. Бұл қасиеттер консервативтік, кертартпа әсері бар, тұрақты қасиеттер.
Қабілет ерекшеліктерін жан-жақты зерттеген Б.М.Теплов оны жалпы және арнайы қабілеттерге бөлген. Жалпы қабілет адамның өміріне қажетті барлық іс-әрекет түрлерін тез меңгеруі және оларды сапалы орындауы. Арнайы қабілет адамның іс-әрекет түрлерінің бір саласында ерекше табысқа ие болуын қамтамасыз етеді. Мысал ретінде музыкалық, көркем-өнерлік қабілеттерді атап өтуге болады.
Кәсіптік бағдарлау барысында осы қабілеттердің түрлерін нақты анықтап, іс-әрекеттің қандай түрлерінде адам ерекше табысқа тезірек жететінін болжамдауға мүмкіндік туады. Интеллектуалдық қабілетті зерттеуге арналған әдістемелер өте көп. Солардың ішінен Айзенк тестерін атап өтуге болады. Айзенк тестері сегіз субтестен тұрады. Әрқайсысы 50 тапсырмадан құрылған. Олардың ішінен вербалдық, математикалық, техникалық қабілетті анықтау субтестілері деп әр түрін жеке дара қолданып, іс-әрекеттердің қай түрінде адам өзінің қабілеттерін толық ашуға мүмкіндіктері молырақ екені анықталады.
Кәсіптік бағдар беру барысында балалардың психикалық ерекшеліктерін жан-жақты диагностикалау арқылы олардың болашақта қай салада табысты болуға мүмкіншіліктері молырақ екенін анықтауға көмек көрсетіледі. Зерттеу нәтижелері бойынша балалармен кеңес жүргізіліп, олардың пәнге деген қызығушылығы, мектептен тыс қызығушылығы, мамандық таңдау мотивациялары, ата-аналарының мамандықтары, мамандықтар туралы мағлұмат алу көздері тағы көптеген мәселелер анықталады.
Қолданылған дебиеттер
1. Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері, 2015.
2. Климов Е.А. Психология профессионального самоопределения. –Ростов –на-Дону, 1996.
3. Кропивянская С.О. и др. Выбор профессии: оценка готовности школьников. - Москва, 2009
4. Меляков Н. Хрестоматия по педагогической профориентации. М.1991.
5. Ортабаев Б., Батырова А. Кәсіпке бағдарлаудың теориясы мен практикасы. Оқу-әдістемелік құрал, Шымкент, 2009
6. Степаненков Н.К. Профессиональная ориентация учащихся. Учебное пособие. Мн., 1994.
7. Шамельханова Н.А. Модернизация содержания профессионального образования, Алматы, 2011
© ООО «Знанио»
С вами с 2009 года.