Профессия
Оценка 5

Профессия

Оценка 5
Документация
doc
чистописание
Взрослым
18.06.2019
Профессия
Часть исследователей считает, что существуют два основных направления журналистики — журналистика исследования и журналистика расследования. Журналист-исследователь, как правило, работает с открытыми (доступными) источниками информации, в расследовании журналист вторгается в область закрытой (недоступной) информации. Соответственно методики работы в том и другом направлениях различны. В демократических странах журналистов-расследователей принято называть «цепными псами демократии» или «разгребателями грязи». Следует отметить, что биполярный подход к направлениям журналистики сегодня оспаривается и признаётся упрощённым.
242_allabergen_kh._tarih_jane_baspasz_khazakh_merzimdi_baspaszinin_zerttelu_tarihinan.doc

 Қырықбай Аллаберген

 

 

 

 

 

ТАРИХ ЖӘНЕ БАСПАСӨЗ

 

(Қазақ мерзімді баспасөзінің зерттелу тарихынан)

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Екінші кітап

 

 

УДК 070

ББК – 76.02

А – 44

Пікір жазған: филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Тұрсынбек Кәкішев

 

 

 

Қырықбай Аллаберген

 

Тарих және баспасөз (Қазақ мерзімді баспасөзінің зерттелу тарихынан). –

Екінші кітап.

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Кереку» баспасы, 2009 жыл, 169 бет.

 

ISBN

 

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Қырықбай Аллабергеннің бұл зерттеу еңбегінің екінші кітабында қазақ мерзімді баспасөзінің тарихына қатысты материалдар, қазақ мерзімді баспасөзінің тарихын зерттеушілер және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Бұқаралық ақпарат құралдарына арнап шығаратын «Хабаршының» 1997-1999 жылдардағы сандарына сараптама мен «Қазақ мерзімді баспасөзінің тарихы» туралы қысқаша анықтама беріледі. Сондай-ақ, соңғы жылдары республикамыздың түрлі баспаларынан шыққан бірталай еңбектерге жазылған рецензиялар да бар. Кітап жоғары оқу орындарының тарих, филология және журналистика факультетерінің оқытушылары мен студенттеріне және көпшілік оқырман қауымға арналып жазылған.

 

ISBN

ББК

                                                                                                         Аллаберген Қ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

АЛҒЫ СӨЗ

 

Бұл кітаптың «Қазақ мерзімді баспасөзінің зерттелу тарихынан» деген екінші бөлімінде автордың қазақ мерзімді баспасөзінің тарихына қатысты әр жылдары Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған зерттеу мақалалары жинақталып берілген. Онда негізінен облыстық және республикалық БАҚ-тардың қалыптасу, даму жолдары мен қатар кейбір кемшін жақтары да қарастырылып, XIX-XX ғасыр аралығында орыс басылымдарында көтерілген қазақ тақырыбының жай-күйі және республикамызда бүгінгі таңда журналист кадрларын дайындаудың өткір проблемалары да сөз болады.

Сондай-ақ, кешегі кеңестік идеологияның қиын-қыстау кезеңінің өзінде-ақ «Қазақ мерзімді баспасөзінің» ақиқат тарихын жазуға барынша күш салып, үлестерін қосқан, тіпті орталықтан қудалау көріп, жазаға да ұшыраған Б. Кенжебаев, Қ. Бекхожин, Т. Қожакеев, Ү. Сұбханбердина, М. Барманқұлов сынды ғалымдардың зерттеу еңбектері туралы бүгінгі күн тұрғысынан жазылған тың пікірлермен де таныса аласыздар.

Екіншіден, бұл еңбекте қазақтың білім ордасының қара шаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің ұжымы шығаратын «Хабаршы» журналының 1997-1999 жылдары шыққан сандарына жан-жақты сараптама жасалып, республика көлемінде «Әлем және ақпарат», «Журналистика. Қоғам. Саясат. Экономика», «Публицистика әлемі», «Баспасөз тарихы», «Электронды ақпарат құралдары», «Шеберлік мектебі» салалары бойынша біздің елімізде де төртінші билік аталып отырылған бүгінгі таңның бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына белгілі бір дәрежеде баға беріледі.

Үшіншіден, кітап авторының өзі де қазақ мерзімді баспасөзінің тарихын зерттеушілерінің бірі болғандықтан (оның «Алты алаштың ардақтылары», «Қазақ журналистикасының тарихы», «Көне басылымдар. Құнды деректер. Аяулы есімдер», «Әлем баспасөзі тарихынан», «Қазақ мерзімді баспасөзінің тарихы» және т.б. оқулықтары мен монографиялары бар) қазақ мерзімді баспасөзінің XIX ғасырдың екінші жартысынан күні бүгінге дейін шыққан және шығып келе жатқан «Түркістан уалаятының газеті», «Дала уалаятының газетінен» бастап «Егемен Қазақстанға» дейінгі басты-басты деген 60 шақты газет-журналдардың тарихы туралы қысқаша энциклопедиялық анықтама беріп, баспасөз мұрағатын бір жерге жинақтауының өзі болашақ маман, зерттеуші, ізденушілер үшін таптырмайтын дерек көзі деп білеміз.

Төртіншіден, зерттеуде көтеріліп отырылған тақырып аясына орай, соңғы жылдары республикамыздың түрлі баспаларынан жарық көріп оқырмандарына жол тартқан бірталай ғылыми, публицистикалық және көркем жанрда жазылған кітаптарға жазылған рецензиялар да өз оқырмандарын табар деген ойдамыз.

 

 

БІРІНШІ ТАРАУ

Бұқаралық ақпарат құралдары және қоғам

 

        1. Жер жаннаты өңірінің жаршысы

                             (Алматы облыстық баспасөзінің тарихынан)

 

1.«Заря свободы» газеті

 

Кеңес өкіметі Верный қаласында 1918 жылдың 3 наурызында орнады. Ол көп кешікпей бүкіл Жетісу облысына да билік жүргізе бастады (Ол кезде Жетісу облысына осы күнгі Алматы облысы, Шығыс Қазақстан облысының біраз жерлері және туысқан Қырғыстан республикасының территориясы қарайтын). Верный большевиктері де қазақ жерінде орнаған Кеңес өкіметін нығайту үшін күресте баспасөздің қажеттігін жақсы түсінді. Сондықтан олар «Заря свободы» деп аталатын (қазіргі «Огни Алатау») басылымды шығаруға күш салды. Сөйтіп, ол газеттің алғашқы нөмірі 1918 жылдың 8 наурызында жарық көрді.

Ең бастысы «Заря свободы» газеті редакциясы құрамында арнаулы қазақ бөлімі болды. Мұнда маңызды мәселелер және жергілікті халыққа қажеті бар материалдар орыс және қазақ тілдерінде аралас басылып отырылды.

Газеттің бетінде Жетісуда Кеңес өкіметін орнату үшін күреске белсене қатысқан большевик Тоқаш Бокиннің, Сабыржан Ғаббасовтың хаттары мен мақалалары қазақ және орыс тілдерінде жиі басылып, орынды пайдаланылып отырылды. Мәселен, Т. Бокиннің «Қазақ жолдастарға!» («Заря свободы» газеті 1918 жыл, 16 мамыр) деген хатында, Кеңес өкіметі еңбекші халыққа не беруге тиісті екендігі түсіндірілді. Автор қазақ еңбекшілерін Кеңес жұмысына белсене қатысуға, контрреволюцияшыл күштерге қарсы күресуге  шақырды, себебі, ол орыс және басқа ұлт орыс-қазақ арасындағы қарым-қатынас коммисиясының төрағасы болатын. Сондықтан редакция алқасы мен большевиктер оны «еңбекші халықтың сенімді және қайратты жақтаушысы» деп дәріптеді.

Осы басылымның бетінде басқа да көптеген аралас материалдар басылды. Осының өзі, бір жағынан қазақ ішінде дербес газет шығарудың бастамасы әрі ұлт кадрларын әзірлеудің бірден-бір дұрыс жолы еді.

«Заря свободыда» кейде большевиктердің ұғымына жат, ұлтшылдықты, дінді уағыздайтын материалдар да жарияланып қалып жүрді. Бірақ оның қазақтарға келіп-кететіні шамалы еді. Себебі, түптеп келгенде большевиктер де, эсер-меньшевиктер де өздерінің бас пайдасын ойлайтын. Олардың бұратаналардың болашақтарын ойлап бас қатыруларына уақыттары жоқ-тын.

Міне, осындай кейбір кемшіліктеріне қатысты «Заря свободы» газеті өзінің 80 нөмірінен кейін, яғни 1918 жылдың 18 маусымында шығуын тоқтатты.

 

2. «Жетісу ісші халық мұхбірі»

(Жетісу еңбекші халқының хабаршысы),

«Көмек» және «Голос Семиречья» газеттері

 

Жетісу облыстық ревкомының және ұлт істері жөніндегі облыстық комитетінің органы «Жетісу ісші халық мұхбірі» (дұрысы «Жетісу еңбекші халқының хабаршысы» қазақ, өзбек, ұйғыр, татар, қырғыз тілдерінде аралас басылым ретінде 1918 жылы 21 маусымда Алматыда шыға бастады. Бұл осы өңірдегі тұңғыш қазақ газетінің (қазіргі – «Жетісу») редакторы болып Сабыржан Ғаббасов енгізілді. Бұрын «Айқап» журналында тілші болып, журналистік тәжірибе жинақтаған ол газет шығару ісіне көп көмек көрсетті.

1918 жылы 17 маусымда Жетісу облысы соғыс жағдайында деп жарияланды. Себебі, Семей жағынан ақ гварияшылар шабуыл жасап келе жатты. Сөйтіп, Солтүстік Жетісу майданы құрылды. Міне, осындай соғыс қаупі төніп тұрған жағдайда «Мұхбір» газеті алғашқы нөмірлерінен-ақ майдан тақырыбына үлкен мән берді.

Біздерге азамат соғысында атақты «Черкасск қорғанысына» қатысушылардың ерлік істері аян. Солтүстік майданның бөлімдері Лепсі уезінен оңтүстік жаққа қарай аттанып кеткен кезде бірқатар селолар мен ауылдардың еңбекшілері қорғаныс ауданын құрды. Сөйтіп, жауынгерлерінің саны 5 мыңға жеткен «Черкасск қорғанысына» қатысушылар бір жылдан аса- 1918 жылдың тамыз айынан 1919 жылдың 14 қазанына дейінгі уақыттың ішінде күші мен сан жағынан көп басым атаман Анненковтың ақ гвардияшыларының шабылуына төтеп береді. «Мұхбір» газетінде черкасшылардың осындай ерлік істері жайында хабарлар жиі басылып тұрды.

Сөйтіп, Анненков 1919 жылдың қаңтар айында әскерімен Семейден шығып, Жетісу өңіріне қарай беттейді. Себебі, оған қайткен күнде де атақты «Черкасск қорғанысын» қиратып, одан әрі Алматы мен Ташкентке шабуыл жасау бұйырылған. Ақтардың алғаш табан тіреген жері Үшарал елді мекені болатын. «Мұхбір» газетінің жазуынша бұл селоның мұжықтары Анненковты нан мен тұзбен құрақ ұшып қарсы алады. Бірақ жау мұжықтарды шауып өлтіріп, мал-мүліктерін тонап әкетеді.

Ақтардың Жетісу жеріндегі іс-әрекеттері жайында «Жетісу ісші халық мұхбірі» газетіне В.Ф. Сизенко дегеннің «Черкасск қорғанысының тарихы» атты мақаласы жарияланып, онда: «1919 жылдың 17-қаңтарында атаман Анненковтың әскерлері Үшаралдан Андреевка селосына шабуыл жасады. Соғыс барысында олар көп шығындалып, ақыры бет-бетімен кері шегінуге мәжбүр болды», - деп партизандардың ерлік істері туралы мақтанышпен жазылған.

«Жетісу ісші халық мұхбірі» газетінде черкассктықтардың ерліктері туралы бұдан басқа да көптеген материалдар жарияланған. Мысалы, басылымның 1919 жылғы 6-мамыр күнгі нөмірінде: «Андреевка селосының түбінде Ярушиннің отряды талқандалғаннан кейін Черкасск қорғанысы партизандарының көпшілігі Анненковтың әскеріне қарсы шабуылға шықты. Сөйтіп, Осиновка мен Герасимовка селоларының екі аралығында қырғын соғыс басталды. Бірнеше сағатқа созылған ұрысқа жау жағы басымдылық көрсетіп, партизандар кейін шегінуге мәжбүр болды»,-деп шындықты көрсете отырып, жергілікті тұрғындар тарапынан көмек сұраған.

Сөйтіп,  «Жетісу ісші халық мұхбірі» және кейін осы басылымның орнына дербес қазақ газеті атанып шыққан «Көмек» те Қазақстанда, оның ішінде Жетісу өңірінде болып жатқан азамат соғысының барысы жайында егжей-тегжейлі жазып, оқырмандарын хабардар етіп отырған.

Енді газеттің жайына қайтып келетін болсақ, онда С. Шәкіржановтың айтуынша, бастапқы кезеңде газеттің тілі татар тіліне ұқсастау еді. Өйткені, редколлегияда қазақ болмаған. Кейін әріп теруші мен редколлегияның екі мүшесі қазақ болды. Ақыры газет таза қазақ тілінде шыға бастады.

Бұл газет жетісудағы қазақ халқына сонымен бірге ұйғыр, дүнген, татар, өзбек еңбекшілеріне, кеңес өкіметінің мәні мен маңызын насихаттап, оларды жаңа өмір құру жолындағы күреске шақырды. Сөйтіп, Жетісудағы тұңғыш қазақ газеті «Мұхбірдің» 41-нөмірі шығып, тоқтатылды. Себебі, Жетісу облыстық ұлт істері бөлімі 1918 жылы 3-желтоқсанда «Мұхбірдің» орнына дербес қазақ газеті шығарылып, оның аты «Көмек» деп аталсын, газет аптасына екі рет шығатын болсын, ал газеттің алғашқы нөмірі 1500 дана болып басылып, халыққа тегін таралсын» деген қаулы қабылданды.

«Көмек» газетінің алғашқы нөмірі «Мұхбірдің» жалғасы ретінде 1919 жылғы 1-қаңтардан бастап шықты. Бұрынғы газетке қарағанда «Көмектің» идеялық мазмұны мен материалдарының сапасы анағұрлым жоғары болды. Газет жергілікті Кеңес, шаруашылық органдарының қаулыларымен бұйрықтарын бұрынғыдай талғаусыз және түгел жариялай бермей, іріктеп, ықшамдап басатын болды.

Жергілікті қазақ баспасөзін 1918-1919 жылдары облыстық атқару комитетінде қызмет істеген Ораз Жандосов басқарды. Оның иницативасы бойынша газеттің жұмысы, халық арасында таралуы, сапасының жақсаруы жөнінде талай рет мәселе қаралып, тиісті шаралар қолданылып отырылды.

«Көмек» газеті 1919 жылдың орта шеніне дейін облыстық Кеңес атқару комитетінің органы болып келді. Сондықтан облыстық Кеңес атқару комитетінің ұлт істері бөлімі баспасөз жөніндегі келесі бір қаулысында: «Газетке түскен әрбір мақала редколлегия мәжілісінде қаралуы тиіс. Ұстаздар мен қалалардан тілшілер тартылуы керек. Олардың көпшілігі уездердегі мәдени-ағарту бөлімдерінің бастығы болуы жөн. Бұл қызметкерлер әртүрлі салалардан уездің мәдениеті, экономикасы және саяси әлеуметтік өмірінен жазып тұратын болсын және облыстық, ауылдық атқару комитеттері, кәсіпшілер одақтары мен мектептер газетті алып тұруға міндетті»,-деп өкім шығарды.

«Голос Семиречья» газеті Жетісу облыстық партия комитетінің қаулысы бойынша 1919 жылы 1-шілдеде бұрынғы «Хабаршының» орнына шықты. Бұл Жетісудағы бірінші облыстық партиялық газет еді. «Көмек» және «Голос Семиречья» екеуі де дербес газет болғанымен, облыстың өміріне байланысты және басты кейбір мәселелер жөнінде бұл екі газет те бірдей жазып отырды. Бұрынғыларға қарағанда «Голос Семиречья» газетінде материалдарды орналастыру басқаша болды. Оның бетінде «Кеңес өкіметінің ісі мен бұйрықтары», «РОСТА-ның телеграммалары», «Кеңестік Ресей», «Шетелдерде», «Жергілікті өмір», «Партия тұрмысы», «Театр мен музыка» және басқа да айдарлар болды. Бұл жаңа газеттерде бұйрықтар, қарарлар өте аз басылып, еңбекшілердің хат-хабар, мақалалары көбірек жарияланатын. Мұның өзі оның мазмұнын байыта түсті.

Сонымен бірге газет шаруашылық, халық ағарту мәселелеріне де көңіл бөліп отырды. Мәселен, онда 8-10 жасқа дейінгі балалар бастауыш мектепте тегін және міндетті түрде оқытылатыны, мұғалімдерге пәтер тегін берілетіні, балалар бақшасына тәрбиешілер даярлайтын курс ашылатыны, курсанаттарға жатақ орын, стипендия берілетіні туралы жазылды.

Ресейдің және облыс жағдайының әрбір кезеңіне қарай Жетісудың большевиктік газеттерінің аты өзгеріп отырды.

 

 

3. «ПРАВДА», «ҰШҚЫН» газеттері

 

1919 жылғы 14 желтоқсаннан бастап «Голос Семиречьяның» аты өзгеріп, «Правда» болып шықты. Ал «Көмек» 1920 жылдың 4 қаңтарынан бастап «ҰШҚЫН» деп аталды. Бұл екеуі дербес газет болғанымен, іс жүзінде біртектес еді, себебі аса маңызды деген материалдар екеуінде бірдей басылып шығатын.

Алматыға Д. Фурманов 1920 жылдың сәуір айынын басында жіберілді. Негізі ол Ташкентке Түркістан революциялық- әскери кеңесінін және Түркістан өлкелік партия комитетінің өкілі ретінде ұсынылған. Ал Алматыға болса ол 3-дивизиялық әскери кеңесінін төрағасы болып келді.

Жергілікті жағдаймен танысып, қызметіне кіріскеннен кейін үш күннен соң Д. Фурманов облыстық комитет пен революциялық комитеттің 1920 жылғы 17- сәуіріндегі біріккен мәжілісінде «Правда», «Ұшқын» газеттерін түркістандық 3-атқыштар дивизиясы саяси бөлімінің қарамағына беру туралы мәселе қойып, ұсынысын қабылдатып, өзінің басты мақсатын басылым арқылы жүзеге асыра бастайды.

Сөйтіп, көп кешікпей екі газет те Д. Фурмановтың тікелей  басшылық етуімен шыға бастады. Ол редакцияның штатын негізінен өзімен ерте келген журналистермен және жергілікті кадрлардан (С. Шәкіржанов, Қ. Абдулин. Бұл екеуі де осы газеттің редакторлары болған) іріктеп алып толықтырды.

Жаңа редактор, яғни Д. Фурмановтың тікелей араласуымен шығып тұрған «Ұшқын» және «Правда» басылымдарының беттерінде Жетісу өлкесі алдында тұрған негізгі мынандай мәселелер қамтылды: Ауыл шаруашылығы мен өндірістегі күйзелушілікпен күресу, Қызыл кеңес және әскери аппараттың жұмысын қайта құру, қазақ кедейлерінің көкейкесті мүдделерін қанағаттандыру, әсіресе, патша өкіметінің қудалауынан (1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты) Қытай жаққа өтіп кеткен, бірақ туып-өскен жерін қимай, Отанына қайтып оралған босқын қазақтарға жәрдем көрсету, еңбекшілер арасында саяси-ағарту жұмысын жүргізу.

 

 

4. «Бұқара» және «Кедей Еркі» газеттері

 

1920 жылдың 1-қарашасынан бастап, жоғарыда аталған «Ұшқынның» орнына енді «Бұқара» газеті шығарыла бастайды. Ұйғыр тілінде оның 1921 жылдың наурыз айына дейін 17 нөмірі жарық көрген. Редакторы Исмайыл Таиров. Бірақ 1921 жылы партияның жаңа экономикалық саясатқа көшуіне байланысты шешім қабылдануына орай бұл басылым шығуын тоқтатады да, орнына Қ. Абдуллин редакторлық еткен «Кедей еркі» газеті дүниеге келеді. Онда «Кеңес өкіметі һәм жарлы-жалшылар», «Азық-ауқат салығы туралы бір-екі сөз», «Азық-түлік һәм тұтыну кооперациясы» деген маңызды мақалалар мен қатар І. Жансүгіров, О. Жандосовтың және т.б. әйел теңдігі, ел бірлігі мәселелеріне арналған шығармалары жарияланған. «Кедей еркінің» 1922 жылдың тамыз айына дейін барлығы 25 саны жарық көрген.

 

 

5. «ТІЛШІ» газеті мен «ЖЕТІСУ ӘЙЕЛІ» журналы

 

«Тілші» газеті 1922 жылдың 18-тамызынан бастап шыға бастаған. Алғашқы редакторы Сәдуақас Оспанов болған. Кейін бұл жұмысты Сара Есова жалғастырған. Содан бұл басылым 1929 жылдың соңына дейін, яғни Алматы жаңа астанаға айналғанға дейін үзбей жарық көрді. Бұл негізінен ауыл, шаруа газеті еді. Сондықтан мұнда көбіне ауыл өміріне арналған проблемалық материалдар жарияланды. Авторлары О. Жандосов, А. Розыбақиев, Ж. Бәрібаев, Қ. Басымов сияқты белгілі қоғам қайраткерлері, жазушылар еді.

«Жетісу әйелі» журналы бүкіл Қазақстан бойынша әйелдерге арналып шығарылған алғашқы басылым, оның алғашқы саны 1923 жылдың 15- қаңтарында жарық көрді. Редакторы Сара Есова. Осы көлемі 32 бет, басылымда І. Жансүгіровтың «Кім екен?» деген өлеңі мен «Ақын Сара кім еді? атты мақаласы және «Күндік өлімі» әңгімесі жарияланған.

 

 

6. «СТАЛИН ЖОЛЫ» және «КОММУНИЗМ ТАҢЫ» газеттері

 

 Алғашқы бесжылдықтар тұсында, яғни Қазақстан 1930-1932 жылдардағы жаппай ашаршылықтан еңселерін енді көтере бастаған шақта 1935 жылы Алматыдан «Сталин жолы» деген атпен облыстық газет дүниеге келді. Оның алғашқы редакторы белгілі жазушы Жақан Сыздықов болатын. Бірақ бұл газет 1941 жылы неміс-фашист басқыншыларымен екі арадағы соғыстың басталып кетуіне байланысты шығуын уақытша тоқтатады да, тың игеру жылдарында ғана 1954 жылдан бастап «Коммунизм таңы» деген атпен облыстық басылым ретінде шыға бастайды.

Бұл кездері негізінен партия мен үкіметтің қаулы, қарарларын, КОКП XX съезінің шешімдерін, жеті жылдық жоспарды мерзімінен бұрын орындау жолында облыс еңбекшілерін ұйымдастыру шараларын жүзеге асыруда көптеген істер тындырды. «Коммунизм таңы» 1959 жылдың маусым айында «Жетісу» деп өзгертілді.

 

 

2. Жаңа өмірді аңсаған «Кедей еркі»

 

1921 жылдың наурыз айында Исмайыл Таировтың жетекшілігімен 1920 жылдың қараша айынан бастап 17 нөмірі жарық көрген «Бұқара» газеті партияның жаңа экономикалық саясатқа көшуіне байланысты тоқтатылды да, енді оның орнына осы жылдың сәуір айының 2-ші жұлдызынан бастап Қ. Абдуллин редакторлық еткен «Кедей еркі» газеті дүниеге келді. Бұл туралы алғашқылардың бірі болып Семейде шығатын «Қазақ тілі» газеті өзінің 1921 жылғы 26-шы шілде күнгі нөмірінде: «Алматы қаласында шығатын Жетісу губревкомның һәм губерниялық ортақшыл партиясының «Кедей еркі» деген газетінің 8-9 сандары басқармамызға келді. Газет жұмасына бір рет шығады, сөзі қазақша, ұнамды, орташа көлемді... «Кедей еркі» жолдасымыздың өркенді, жемісті болуын тілейміз»,- деп құттықтау жолдады.

      «Кедей еркінің» 1921 жылғы қарашаға дейін-23, 1922 жылғы 15 мамырға дейін 2 нөмірі жарық көрді. Газет көбіне жаңа экономикалық саясатты насихаттады. Мысалы, оның тамыз айындағы «Азық-ауқат салығы туралы бір-екі сөз», «Азық-түлік һәм тұтыну кооперациясы» мақалаларында азық-түлік салғыртынан азық-түлік салығына көшу дегеннің не екенін, оның пайдасы мен маңызын ұғындырды.

       Басылымның бұдан басқа «Сыртқы хабарлар», «Ішкі хабарлар», «Жетісу хабарлары», «Ресми бөлім» деген бөлімдерімен қатар «Басқармадан», «Қазақ-қырғыз кедейлерінің тұрмысынан», «Жетісудағы қазақ-қырғыздардың оқуы жайында» атты айдарлары да болды. Мәселен, «Кедей еркінің» 1921 жылғы сәуірдің 13 күнгі нөмірі «Апрельдің 13-нен қазақ-қырғыз жарлы-жалшыларының ұйымдарын көбейту жетісі басталады», «Қазақ-қырғыз жарлы-жалшыларының дұшпаны кім?», «Жарлы-жалшыларға» деген хабарлармен ашылса, «Сыртқы хабарларда» «Қыр халықтарының әйелдеріне лайықты киімдер тігетін Америкадағы әйелдер жиылысы кеңесі Россияға бір миллион долларлық (Америка ақшасы) тігін машиналарын жібермекші болыпты. Америка мен Россияның арасында әзір сауда басталмаса да, Американың еңбекшілері Россияның еңбекшілеріне нәрсе даярлайтұғын құрал-жабдық бермекші болыпты. Бұл татулықты Америка үкіметі тоқтатпапты», «Ішкі хабарларда»: «Шұбарағаш уезінде астық жеткізу туралы» сында Семей облысына тарату турасында Түркістан республикасының азық-түлік коммисияларының тиісті орнынан сұрап жатыр. Мұның себебі Жетісуда жылдам жүретін темір жолдың жоқтығынан», «Жетісу хабарларында»: «Сарқан 27 мартта Сарқандағы жастар ұйымының жұмысы жақсарғаны көрінбейді. Мүшелері жиналыстарға, сабақтарына бармайды. Бұларды ояту үшін партия ұйымы жиылыс өткізбекші болыпты»,- деп жазады.

       «Кедей еркінің» сәуір айында шыққан одан кейінгі нөмірінде «Ескі тұрмысты қиратындар, жаңа тұрмыс орнатыңдар», «Үкімет сенікі» деген саяси мәні бар мақалалармен қатар Бисеншек Үймбітбаевтың:

          Қазақтарымыз, әскерім,

          Асыққан айдай ақ тұмар.

          Жауға айбынды қорқыныш,

          Ойнақшыған біз соры.

          Жасасын тегістік!

          Жасасын еркіндік!

          Жоғалсын патша баяғы

          Жер үстінен өмірлік,- атты өлең жолдары берілген.

          Басылымның мамыр айында шыққан нөмірлері негізінен 1 май мейрамына арналған. Онда: «Бірінші май мейрамы еңбекшілердің құлдықтан құтылған күні», «Бірінші май жер жүзі еңбекшілеріне бірдей мейрам» және т.б хабарлар беріліп, төмендегідей «Бірінші май еңбек мейрамы» деген өлең шумақтары басылған.

           Еңбекшілер езіліп,

           Азып-тозған шағында.

           Ақсүйек байлар кірбиіп,

           Патша отырды тағында.

           Бар, молшылдық ашылды,

           Еңбекшінің мойнына.

           Қарғыс таңба басылды,

           Барлық дүние байына.

           Оның үстіне осы датаға арналып «Көрген» деген бүркеншек атпен жазылған автордың: «Жетісуда 4-ші бұл 1 май мейрам жасаған қазақ-қырғыз кедейі мейрамдау, оның не екенімен таныс емес еді һәм таныстырушы да жоқ болды. Биыл облыстық ауыл күні болған Бірінші май мейрамы қазақ-қырғыз жарлы-жалшыларында орындалып, қарсы алып қатынасты. Жетісу жарлы-жалшыларының еңбекшілері жер жүзінің еңбекшілерінің бір мүшесі екенін анық түсінгендігін көрсетті» атты материалы жарияланды.

           «Кедей еркі»  газетінің маусым айында шыққан нөмірлерінің барлығы дерлік қазақ-қырғыз кедейлерінің тұңғыш съезіне арналып, онда қазақ-қырғыз кедейлерінің съезі туралы, «Сафаров сөзі», «Жеті соңындағы жарлы-жалшылардың тұңғыш съезінде қаралатын және бітетін істер», «Жарлы-жалшылар съезі» және т.б осы мәселеге арналған түрлі материалдар басылды. Мысалы, жарлы-жалшылар ұйымының бірінші Жетісу облыстық съезіне жолданған «Құттықтау телеграммасында» «Біз Түркістан» жас ортақшылдар ұйымының үшінші Алматы уезіндегі съезіне келген делегат, съездеріңізбен құттықтаймыз. Мен шын көңіліммен біздермен бірге қол ұстасып неше жылдан бері жарлы-жалшыларды сорып, таптап келген ұрты жуан жұдырықтарды һәм олардың жолдасы болған бас манаптарды сіздермен бірге оларды жоғалтуға, қараңғылықта қалған халықты алға жарық түсер ортақшылдар іске алып шығаруға һәм жас буындардың бәрін сіздерге жәрдем беру үшін дайындап шығуға сөз беремін»... деп жазылған. 

       Ал, газеттің 1921 жылғы 1 маусым күнгі саны «Бүгін Жетісу қазақ-қырғыз жарлы-жалшыларының  тұңғыш съезі ашылған күні, жасасын езілген таптың бас қосуы», «Кезекті астық керектісі», «Алматыда жолаушылар» деген тақырыптармен ашылып, 23 майда түрік комитетінің мүшесі Сафаров пен Қожановтар келді деп хабарлады. Осыған орай профессор Т. Қожакеев өзінің «Түркістан түлегі» атты еңбегінде: «1921 жыл, маусым айынын бірі. Күн ашық, ауа таза. Алматы қаласы күндегідей емес, көңілді, айқай-шулы. Әр көшеде қызыл ту алып, даңғыра қағып, кернейтіліп, сырнайлатып жылжып келе жатқан қалың ел. Беталыстары-Совет көшесіндегі театр үйі. Бір жақтан коммунистер тобы, екінші жақтан жастар тобы, үшінші жақтан кәсіпшілер ұйымының мүшелері келеді. Атты әскерлер тобы, жаяу әскерлер тобы көрінеді. Оқушылар өзінше қаз-қатар тізіліп, әндетіп барады.

        Бүгін мұнда Жетісу облысы қазақ-қырғыз жарлы-жалшыларының тұңғыш съезі ашылмақшы. Иін тіресіп, қаптап келе жатқан қалың халық сол съезге қатыспақшы, сол съезді құттықтамақшы. Билік тұтқасын қолына алып, Совет өкіметінің негізін нығайтқалы төңкеріс өленің айтып келе жатқан Жетісу кедейлерінің дүбірі жер жарады. Күні өткен жуан жұдырықтар, алпауыт, обырлар, саудагер, сотқарлар жалшылардың бұл екпінін, сән-салтанатын күндеп, іштері күйіп тұр. Мойындары салбырап, жерге қарап қалған.

         Сағат 10. Съезді сол кездегі мұсылман коммунистері Жетісу облыстық бюросының председателі О. Жандосов ашты. Ол жарлы-жақыбайлардың тұңғыш съезімен құттықтау үшін сөзді Түркістан Орталық атқару комитеті председателінің орынбасары С. Қожановқа берді. Жұрт ду қол соқты. Мінбеге ортадан жоғары бойлы, ашаңдау келген, добалдау мұрынды Сұлтанбек көтерілді де, мынаны айтты:

-Жолдастар! Жетісу қазақ-қырғыз жарлы-жалшылардың, басқа езілген таптың тұңғыш съезіне Түркістан атқару комитетінен һәм ортақшылдар партиясының кіндік комитетінен құтты болсын айтам!

Кеше ғана көрінгенге көз түрткі болып, адамшылық қатарынан кейін саналып жүрген Жетісу жарлы-жалшылардың съезі бүгінгі күні бойы өсіп, бұғанасы қатып, өздерімен ниеттес, жүректес болған жер жүзі еңбекшілерінің мұңың қайғырып, қамын жеген III интернационалдың съезі ашылуы қарсаныңда бірге ашылып отырғанына қуанбасқа болмайды. Бұл съезд жарлы-жалшылар тістілердің азуына, тырнақтылардың шеңгеліне түсу түгіл, олардың өзін ашса алақанында, жұмса жұмырында ұстап, үкіметтің шылбыр тізгінін қоса алғызар съезі. Көркейсін жарлылар съезі! («Кедей еркі», 6.6.1921),- деп жазды. «Кедей еркінің» осы 1-ші маусым күнгі нөмірінде, бұдан басқа «Ақтардың қалғандврымен күресу» атты  материал жарияланып, ақтармен күрестің әлі де болса аяқталмай отырғаны, «Былтыр қолға түспей, Қытайға қашып кеткен кісі өлтіргіш, ауыл тонағыш ақтардың қалғандары шекарадан ұзамай-ақ тоқтап, бізге шаруашылығымызды түзету үшін тыныштық бермеп еді. 25 майда біздің әскер олардың аламаны (бандасы) жатқан жерді алды. Ақтар күн батысқа қарап босып бара жатыр. Бұлардың артынан біздің әскер бөлімдері қуып бара жатыр»,- деп түсіндірілді.

Басылымның 1922 жылғы наурыз айының санында, 2- бетте «Қосшы» журналы» деген хабар берілді. Онда, «Жақын арада Алматыда шығатын «Кедей еркі» газетінің орнына қазақ-қырғыз тілінде қосшы одағының облыстық комитетінің «Қосшы» деген саяси, шаруа журналы шығады. Журнал әзірге айына екі рет шығып, керек нәрселері тіркелген соң апталық басылымға айналады. «Қосшы» журналында көбіне мақала жарияланып, одақтың шаруашылық, саяси ұйымдарының иесі, компаниясынан, ауыл жайларынан жазбалар берілетін мынадай бөлімдер болады:

1. Ұйымдастыру бөлімі; 2. Ауыл шаруашылық бөлімі; 3. Әдебиет; 4. Одақ тұрмысында болып жатқан оқиғалар; 5. Облыс бөлімі, ауыл хабарлары; 6. Сырт мемлекеттердің хабарлары; 7. Ресми бөлім және т.б.

Бірақ, әзірге «Кедей еркінде» сөз болып отырған бұл «Қосшы» журналы туралы қолымызда толық мәлімет болмағандықтан, оның шығу тарихын оқырманға жеткізу мәселесін кейінге қалдыруға тура келіп отыр.

Ал «Кедей еркінің» біздің қолымызға тиген 1922 жылғы мамыр айындағы санында «Қазақ-қырғыз кедейлеріне», «Біздің мақсатымыз кедей ауылын өрге бастыру», «Қазақ-қырғыз бірлігі» деген негізгі, басты деген материалдар жарияланған. Осылардың ішінен біздің көңілімізді аударып, өзіне тартқан Ғ. Садыров деген автордың «Қазақ-қырғыз бірлігі» атты мақаласы болды. Себебі, автор онда: «Қырғыз халқы – түріктің бір бұтағы болып саналады. Бірнеше ғасырдан бері қырғыз өзінің тарихи тұрмысын сақтады. Соның арқасында осы уақытқа жетіп, өзінің жеңісін, қан төгісін, халықтығын сақтап, басқа халыққа сіңіп кетпей қазіргі уақытқа дейін келді». Одан әрі автор қырғыздардың тау-таста, ен далада жеке дара өмір кешкендігі туралы айтады.

«Солай болса да қырғыз халқын тіптен басқа халыққа араласпаған деп айтуға болмайды. Моңғолға ұқсаған қырғыз халқының моңғолдармен араласқандығын көрсетеді», - деп, ойын одан әрі былай деп жалғастырады: 1552 жылы қалмақ халқы қырғыз жеріне келіп, үкімет жүргізген. XVIII ғасырдың орта шенінде қырғыздарды қазақ хандығы қанаған. Олар жергілікті халықтан алым-салықтарды жеңіл жинап алу үшін қырғыздардың өз араларындағы партияшылдығын, ауыз бірліктерінің жоқтығын көп пайдаланған.

1828 жылдары қырғыздарды орыстар өздеріне қаратып алады. Содан кейін-ақ олардың тұрмысында бүтіндей қарама-қайшылық, жаманшылық жағына бет алған түрлі өзгерістер байқала бастайды. Мысалы, қырғыздар осы кезден бастап бұрынғы ғасырлар бойы жинақталған әдет-ғұрып деп аталатын рухани байлықтарынан айрыла бастаған.

Ресей үкіметі «Степные положения» шығарып, бек, сұлтандары болып, үкім жасап, қырғыз халқын болыс, старшындарға бөлді. Сөйтіп, «Степные положения» өз мақсатына жетті. Бұдан бұрын берекелі, бірлікте болған қырғыз (қазақ-Қ.А) халқының Россияға қарағаннан кейін болыстық пен билікке таласып, старшындар халықты партияға бөлшектеп, адамды талап, ел арасын парақорлық, сотқарлықпен ластағанын көреміз.

Қазақ-қырғыз кедейлері басқа облысқа бөлінсе де, олардың көңілдеріндегі жанған кедейшілік дерттері – ортақ дерт. Сондықтан шаруа түзеу жолында қазақ-қырғыз кедейлері бар ынта-жігерін салады, деген мәселелерді көтеріп, оқушыларының көңіліне ой салады.

Сондай-ақ бұл жылдары «Кедей еркінің» беттерінде қазақтың біртуар азаматтары О. Жандосов, С. Қожанов, І. Жансүгіров, А. Розыбакиевтің, Қ. Басымов, Қ. Абдуллиндердің де әйел теңдігі, ел бірлігі, шаруашылық және «Қосшы одағы» мәселелеріне арналып, жарияланған жеке мақалалары баршылық. Солардың бірі – қоғам қайраткері әрі көрнекті публицист  С. Қожанов. Оның бұл басылым беттерінде «Кезекті істің керектісі» (1921, 1 маусым) мақаласы жарияланған. Бұл мақала туралы профессор Т. Қожакеев өзінің «Жетісулықтардың да қамқоры» деген еңбегінде: «Онда ол совет өкіметі шараларының Жетісуда жүзеге еркін аса алмай келгенін, кедейлердің қамын ойлап керегін зерттейтін ұйымдар ашу құлақ естіп, көз көрмеген іс екенін айтты. Тамағының қу тесігіне тығын таба алмай аштан өліп, көштен, қалып сарсандықта жүрген, орыс жуан жұдырықтарының, қазақ байлары мен қырғыз манаптарының есігінде өкпесі тесілген жалшылар мен қара табан жалаңтөс сорлы кедейлердің шоңжарлар артықшылығын жойып отырғандығын, бұрын қолы жетпей жүрген ақысын ала бастауын көз көрмеген, адам нанбастай, жаңалық деп бағалады... Бірақ, - деп ескертті ол, - кедей ақысы әлі түгел қайтарылған жоқ. Кедей дұшпандарының басы езілмек түгіл, мұрты да мұқалған жоқ. Олар әлі де кедейді құл қылып, қолда ұстауға тырысуда.

«Жау жоқ деме, жар астында» дегенді ұмытайық! Кедейдің жауы жоқ емес, бар, аз емес, көп, жар астында емес, әлі бақырайып қырдың басында жүр. Бұл дұшпандарды жоятын тек кедейлердің өзі басқа ешкім де емес.

Мұнан соң Сұлтанбек осымен байланысты Жетісу кедейлерінің міндеттерін әңгімеледі. Кезекті істердің ең кезектісі – кедейлердің бірігуі, заман ауаның түсінуі, тап дұшпандарын саяси жағынан бір жеңсе, қара таяқпен басқа ұрып, жоқ қылып, екі жеңуі деп түсіндірді. Кедей ұйымдарын жөндеп түзіп, байқаусызда кіріп кеткен, жарлыларға қатысы жоқ қулардан тазартуға, оның мүшелеріне саяси тәрбие беруге шақырды», - деп баға береді.

«Кедей еркінің» шын жанашыры, кезінде оның редакторы болған екінші бір адам – Қалдыбай Абдуллин. Ол сонымен қатар «Кедей еркінің» алдында шыққан «Ұшқын» газетінің де редакторы болған және «Мұхбір», «Көмек», «Тілші» газеттеріне белсене қатысып, көптеген маңызды материалдар да жариялап тұрған. Мәселен, оның өзі басшылық еткен «Кедей еркінде», «Кеңес өкіметі һәм қазақ-қырғыз кедейі», «Кеңес өкіметі һәм жарлы-жалшылар», «1 май мейрамының тарихы», «Азық-ауқат алымы туралы», «Қазақ-қырғыз ішінде тап айырымы» атты негізінен насихаттық болып келетін мақалалары осындай дүниелер.

Бұдан басқа оның бұл басылымда ақтардың қолынан қапыда қаза тапқан қайраткер азамат Сатылған Сабатаев туралы естелігі, «Бүгінгі ертеңге ескі» деп кедейлер өмірінен «Диханшылар астығын арттыруға, бақташылар жемісін жегізуге, малшылар төлін көбейтуге, мақташылар мақтасын молайтуға асығыстықпен кірісіп, бүгінгі ертеңге ескі болып жатыр», деп жазған мақаласы да жарық көрген.

Міне, кезінде жаңа өмірді аңсап, жалшы-жарлылардың санасына еркіндіктің рухын сепкен «Кедей еркі» басылымының бағыт-бағдар, мән-мазмұны осындай болды. Бір сөзбен айтқанда кеңестік газет бола тұрса да, ғасыр басында Ахаңның (Ахмет Байтұрсынов): «Баспасөз (газет) – халықтың үні, құлағы, көзі болуы керек», - деген аталы сөзінің үддесінен шыға білді.           

 

 

3. «ЖҮЗДЕН ЖҮЙРІК, МЫҢНАН ТҰЛПАР»

         («Жас Алаш» газетінің тарихынан)

 

Жаңа ғасыр, үшінші мыңжылдықтың алғашқы күнінде (22 наурыз) 80 жасқа толған «Жас Алаш» газеті туралы осыны айтуға болады. ХХ ғасырдың басында бодандықтың бұғауынан босап, бостандыққа бой ұрған зиялы азамататтарымыз, Ж.Аймауытовша айтқанда «Жасыратын қылық жоқ – бостандық, теңдік күштіге, жемқорға келген теңдік емес, бұл өзі қара бұқараға, кедейге келген теңдік қолы жете алмай жүргендерге берілген бостандық», -деп жар салып, жер-жерден жалпыұлттық , демократиялық бағыттағы газет-журналдар шығара бастады. Солардың көпшілігі көп ұзамай большевиктердің тарапынан байшыл, ұлтшыл, алашордашыл деген нақақ жаламен жабылып қалды. Олар: «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Ұран», «Абай», және Түркістан Республикасының астанасында шығып тұрған «Ақ жол», «Шолпан», «Сана», «Кедей айнасы» басылымдары болатын. Осылардың ішінде жастарға арналған тұңғыш «Жас азамат» газеті де болатын.

Бұл басылым туралы зерттеуші Дихан Қамзабекұлы өзінің «Ана тілі» газетінің 1993 жылғы 14-нөмірінде жарияланған «Алашқа тыныс болған «Жас азамат» деген мақаласында «Қазақтың ұлттық баспасөз тарихында елеулі орны бар «Қазақ» газетінің бағытын жалпы жұртқа мәшһүр етуге жәрдемдескен, азаматтық ой-сананы ілгерлетуге септігі тиген газет-журналдардың ішінде «Жас азамат» атты басылымды ерекше атаған жөн. «Жас азамат» ұлт тәуелсіздігін жоқтап, отаршылдық егізге қарсы тұрған қазақ жастарының тұңғыш қоғамдық-саяси газеті», - деп жазған болатын.

Иә, кезінде Қазақстанның Солтүстік аймақтарындағы жастардың ірі ұйымдарының бірі болып саналған «Жас азамат» ұйымының органы ретінде Қызылжар қаласында 1918 жылдың 30-шілдесінен 1919 жылдың 3-ақпанына дейін 22-нөмірі жарық көрген «Жас азамат» газетінің шығарушысы – Қошке Кемеңгеров болған.

Бұл саяси-қоғамдық, экономикалық басылымның 1918 жылдың 30-шілдесінде шыққан алғашқы нөмірінде «Жас тілек» атты бас мақала жарияланып, онда «Жас азаматтың» мақсат-мүддесі: «Өмір тәжірибесінің, білім аздығының кемдігіне қарамай, төрт түлігі сайланбай «Жас азамат» тәуекел кемесіне мініп, тұрмыстың таласатын, күресетін майданға шықты. Келешектің қараңғылығы, саяси һауананың күн сайын құбылуы, қалың өрттей, кеселді дерттей апаты күшті күндердің тууы, дүниеде болу-болмауы, әлінің майданға қойылуы ұлттың өмірлі құқықтары аяқ астына тапталып, зорлықтың қан соруы «Жас азаматтың» үстіне ауыр жүк салып отыр. Қоғамдасып, қолтықтасып, күш беріп, ауыр жүкті тиісті орнына жеткізу – жастардың бас міндеті, үлкен борышы. «Жас азаматтың» алтын идеалы, әулие мақсұты, негізгі жолы ұлт бостандығы, ұлт теңдігі», - деп көрсетілді.

Өздерінің осындай ұйым құрып, газет шығару сырын оқырмандарына жолдаған 11-нөміріндегі «Ашық хатында» осы ұйымның кіндік комитеті: «Ел көп топырдың ортасында аяқасты бас қосайық деген пікір туып еді. Бұл пікірді туғызған – көкті қаптаған қара бұлт большевик дауылы еді. Бұл дауылдан қырғыз – қазақ елін шамамыз келгенше қорғасақ тарих алдында кінәсіз болармыз, өлсек бір шұқырда, тірі болсақ бір төбеде деген мақсұт еді», - деп түсіндіреді.

Шындығында да бұл дауылдан «Жас азамат» ұйымы да оның үні «Жас азамат» газеті де құрбандықсыз құтылған жоқ. Бұл туралы кезінде Сәкен Сейфуллин: «Жалғыз –ақ, аз болсын қолынан келгенше қайрат (қазірше белсенділік) көрсетіп жатқан Алашорданың жастары екендігі газеттерінен көрінеді. Алашорданың жастар ұйымы барлық Қазақстанның ұлтшыл жастарына нұсқа беріп, Қызылжарда «Жас азамат» газетін шығарып жатыр», -деп өзінің әйгілі «Тар жол, тайғақ кешуінде» жазса, Ж.Аймауытов «Сарыарқа» газетінің 1919 жылғы 70-нөмірінде жарияланған «Газет-жорнал оқушыларға» деген мақаласында орыс тіліндегі бір басылымның жазған оқушылары болмағандықтан қазақтың бір газеті мен бір журналы жабылып қалыпты деген жалған хабарына қарсы: «Бұл хабар бекер: «Жас азамат» күні бүгінге шейін шығып отыр. Қаржы жағынан кемдік көріп, тоқтай ма деген кірбің болып еді. Енді тоқталмас дейміз. Өйткені Омбы жастары әдебиет кешінен мың сом, Семей жастары 5000 сомдай көмек жіберіп отыр. Тағы сондай көтерушілер  табылатын көрінеді», - деп тойтарыс берген.

Осы қазақ жастар баспасөзінің төлбасының қазіргі жағдайы туралы зерттеуші Дихан Қамзабекұлы жоғарыда аталған мақаласында: «Кеңес дәуірінде жазылған тарихтан хабардар адам осы басылым тұсында, әрине, аталған газет пен шынайы тарих кінәлі емес, жұртты сергелдеңге түсірген қоғам кінәлі. Ақиқатқа дес берсек, «Жас азамат» газетін ескермегендей сыңай таныту немесе ол жөнінде қазақтануға шөліркеген қалың жұртқа ештеңе айтпау – ұлттың өткеніне де, бүгінгісіне де, келешегіне де немқұрайды қараумен бір есеп», - дейді.

Онысы рас. Өйткені, тоталитарлық билік кезінде көптеген шындықтың беті бүркемеленіп, айтылмай келді. Мәселен, бұл тұрғыда жан-жақты зерттеудің нәтижесінде белгілі ғалым Сағымбай Қозыбаев «Ленинская смена» - қазіргі «Экспресс-К» - ның шығуын 5 айға артқа жылжытты. Сондай-ақ қазақ жастар баспасөзінің тарихы да қазіргі айтып жүргендей 1921 жылдың наурыз айынан емес, 1918 жылдың шілдесінен басталады. Оған жоғарыда жазылған жайлар дәлел. Ал, «Жас Алаш» газеті болса, Кеңес үкіметі орнап, нығая бастаған тұста Түркістан Републикасында қазақ жастарына арналып, жаңа бағытта шыға бастаған алғашқы басылым. Яғни, «Жас азамат» газетінің ізбасары.

Ал, бүгінгі таңда 88-ге келсе де мәңгілік жастық рухын жоғалтпай отырған «Жас Алаш» газетінің алғашқы нөмірі 1921 жылдың 22-наурызында Ташкент қаласында шыққан. Тұңғыш редакторы – Ғани Мұратбаев. Бірақ көп ұзамай қағаз тапшылығынан және қаржы жоқтығынан бұл басылым жабылып қалады да, ені оның орнына 1922 жылдың 1-қыркүйегінен бастап Орта Азия бюросының һәм Түркістан Ортақшыл Жастар Ұйымы комитетінің он күндік газеті «Жас қайрат» шығарыла бастады. Редакторы болып Е. Алдоңғаров бекітілді.

«Жас қайрат» газеті 30 шақты нөмірінен кейін 1924 жылдың қаңтар айынан бастап  журналға  айналады. Бұл Түркістан мен Қазақстандағы жастар басылымы тарихының алғашқы кезеңі болатын. Ал, республикадағы жастардың басылымы – «Өртең» газеті 1922 жылы Орынборда жарық көрді. Оның шығарушылары – С.Садуақасов, А.Байтұрсынов, Ә.Байдаралин, Е. Алдоңғаровтар еді. Өкінішке орай, «Өртеңнің» де екі ай ішінде 6-ақ нөмірі шығып, саяси ұстамсыздағы үшін деген желеумен жабылып қалған. Енді Қазақстанның аймақтық жастар комитеті «Өртең» газетінің орнына 1923 жылдың қазан айынан бастап «Жас қазақ» журналын шығара бастайды.

1924жылдың 8-ақпанынан бастап «Еңбекші қазақ» газеті өзінің бір бетін «Лениншіл жас» атты жастар бетіне айналдырды. Ол 1925 жылы дербес «Жас қайрат» газеті болып шықты. Ал, 1927 жылдың 22-қыркүйегінен бастап 1991 жылдың 27-тамызына дейін үзбей «Лениншіл жас» деген атпен шығып тұрды. Одан соң еліміздің Тәуелсіздік алуына байланысты өзінің бұрынғы азан шақырып қойған ескі аты «Жас Алашқа» ие болды.

Алғашқы онжылдықтар ішінде жастар басылымдарының беттерінде Ғ. Мұратбаевтың «Жетісу мәселесі-һәм қазақ-қырғыз мәселесі», Н. Надымжановтың «Шаруаны үйрену керек», Ж. Сақтаевтың «Жастар жылап жүр», С.Садуақасовтың «Қазаққа не керек?» атты материалдары жарияланса, ал отызыншы жылдары А. Лекеровтың «Мыңбұлақ совхозының комсомолдары мал бағуды қамқорлығына алды»,  Ә.Тәжібаевтың «Көшпенділіктен ауқаттылыққа», Х. Бөлекбаевтың «Отан үшін қалай күрестік?» Рахымовтың «Халық жауларының искусстводағы зиянкестік зардабын түгел жояйық», Р. Жанұзақовтың «Жазушылар одағындағы буржуазиялық ұлтшылдардың сыбайластары туралы» Кенжеғараевтың «Халық жауларының бірін қалдырмай жоямыз», Е. Смайыловтың «Жүргенов пен оның құйыршықтары» деген түрлі бағыттағы мақалалары жарық көрді. Бұл жерде бір тоқтала кететін өкінішті жағдай стахановшылар, жас малшылар, комсомолдық қамқорлық тақырыбымен қоса, жоғарыда айтқанымыздай білікті, зиялы азаматтарды халық жауы ретінде айыптауға арналған материалдар да жарияланып жатты. 1941 жылы Ұлы Отан соғысының басталуына байланысты басқа да салалық басылымдар сияқты жастар баспасөзі де шығуын уақыттша тоқтатты.

Соғыстан кейінгі елуінші жылдары тың көтеру дәуірі басталды. Ол жылдары Б.Мәдиевтің «Жайқалған егінге барайық достар, тың жерге» С.Бердіқұловтың «Жомарт жүректілер», Ә.Бөлдекбаевтың, Ш.Мұртазаевтың «Алтын жүрек соғып тұр», Т.Иманбаевтың «Өмірде өз орны бар», Х.Тілемісовтің «Тың тынысы» атты көптеген дүниелері жарияланды.

Бұдан соң ғарыш әлеміне ұмтылған алпысыншы жылдар келді. Аспанға тұңғыш ғарышкер Ю.Гагарин ұшты. Осы сәт «Лениншіл жастың» бетінен ақын Ә.Дүйсенбиев «Советтік ақыл бүгін биіктеді» деп жар салса, журналист Ә.Ибрагимов «Дүние тебіреніп тұрды» деп толғанды. Сол жылдары Қ.Найманбаевтың «Жүректің жылуы», Т.Айбергеновтың «Мұнаралары», Ф.Оңғарсынованың «Отты жырлары», А.Жанавтың «Өмір, мен саған ғашықпын», М. Шахановтың «Танакөзі», тағы басқа да қаламгерлердің очерктерімен поэмалары іркес-тіркес оқырман жүрегіне жол тауып жатты.

Ал, жетпісінші жылдар ішінде «Лениншіл жас» газетінің бетінде жарияланған М.Мақатаевтың «Моцарт жаназасы», О.Әбілдаевтың «Сом алтынның сынығы», Ә.Көпішевтың «Ол жалғыз келе жатыр», Е.Сағынтаевтың «Көмір мен жалын», Ж.Солтиеваның «Замандас, саған айтам!» сияқты туындылары оқырмандарын ойлантып-толғантты.

Сондай-ақ, «Лениншіл жастың» беттерінде сексенінші жылдардың басында жарияланған алуан түрлі тақырыптағы мақалалар, очерктер мен өлең-әңгімелер оқырмандар есінен әлі де болса шыға қойған жоқ. Мәселен, қазақ журналистикасына 1986 жылдың Желтоқсан оқиғасынан соң үлкен міндет жүктелді. Себебі, СОКП Орталық Комитетінің қазақ халқы туралы белгілі қаулысы шыққаннан кейін «Қазақ ұлтшылдығы» дегенді желеу етіп, орталық басылымдарда, республиканың орыс тілінде шығатын газет-журналдарында жастарға жала жауып, күйе жаққан қиянатшыл материалдар көбейіп кетті. Әрбір басылымға нақты тапсырмалар беріліп, тіпті арнайы дайындалған материалдар да ұсынылды. Осындай қиын-қыстау кезеңде де «Лениншіл жас» өз қызметкерлеріне, оқырмандарына сенді. Мысалы ол жоғарғы орыннан алдын-ала дайындалып, қол қойылмай келген «Тот» атты материалды жариялаудан бас тартты. Себебі, онда қазақтың белгілі сатиригі, қазақ тілінің қамқоршысы марқұм Шона Смаханұлы мен жазушы Ақселеу Сейдімбеков ұлтшыл деп көрсетілген.

Ал, тоқсаныншы жылдары газет тәуелсіздік пен жариялылық лебін пайдаланып, ақтаңдық жылдар зілзаласын өз оқырмандарына жеткізе білді. Мәселен, профессор Т.Кәкішевтің «Сәкен мен Серебрякова», Қ.Ботбаев пен Т.Данияровтың «Ату жазасына кесілген», Н.Жүнісбаевтың «Ережесіз белдесу», Б.Момышұлының «Жетімнің қайта оралуы», Б.Исабаевтың «Видеосалон тұтқындары», С.Тойкенованың «Жарғанат жігіттер», К.Әзімхановтың «Кім жазықты?» циклды материалдары оқырман жүрегіне жылы жол тапты.

Егер тәуелсіздіктен соң, нарық заманында жоғарыда айтқанымыздай басқа басылымдар құрдымға кетіп жатқанда, жастар баспасөзінің өрге басып, оқырмандарының сүйікті басылымына айналуы жасыратыны жоқ сол кездегі газет редакторы Нұртөре Жүсіптің тәжірбиелігінің, іскерлігінің, шеберлігінің арқасы. Оған газет редакторының 1998 жылы Президент сыйлығына, 2000 жылы «Алтын адам» сыйлығына ұсынылып лауреат атануы куә.

Сөз соңында сексеннің сеңгіріне келсе де мәңгі жастық рухын жоғалтпай тәуелсіздігімізбен бірге қайта түлеп отырған «Жас Алашқа» және оны шығарып отырған редакция құрамына, әрбір жасалаштықтарға сарқылмас шабыт, мәңгілік қуат, өмірлік бақыт тілейміз!

               

                         4. Өткен ғасырдағы қазақ арулары

 

          Өткен ғасырда орыс ғалымдары қазақ даласын көп аралап, құнды деректер жинаған. Олардың сахара өмірінен жазылған мақалалары қазіргі уақытта да өз құнын жойған жоқ. «Отечественные записки» журналының 1825 жылғы № 59 санындағы Г.Броневскийдің мақаласын оқи отырып мынадай жолдарды кездестіресіз: «Қазақ әйелдерінің көпшілігі қыр мұрынды, ат жақты, кең иықты, ұзын бойлы болып келеді. Оларды біздің орыс сұлуларының қатарына ұялмай-ақ қосуға болар еді. Бірақ, осындай қасиеттеріне қарамастан, көбінесе олар кәрі шалдарға қалың малға сатылып кете барады». Мұндай оқиғалар совет өкіметі орнаған кезге дейін көптеп кездесетін еді. Мұны сендер көркем шығармалардан да оқыған боларсыңдар. Бірақ, өткен ғасырдағы зиялы қауым қазақ әйелдерінің ақылдылығы мен тапқырлығына тәнті болып, бастарын иген. Егер осы сөзімізге дәлел ретінде «Отечественные записки» журналының 1853 жылғы № 12 санындағы П. Небольсиннің мақаласын мысалға келтірмесек, кейбір жандардың сенбеуі де мүмкін.

 «Нұралы ханның қызы Нұрмұхамед қажының әйелі Тайқара 1805, әлде 1806 жылдары қайтыс болған. Ол ақылды, сұлу, әрі инабаттылығымен көптің көңілінен шыға білген. Әсіресе, «И» деген барон қазақ әйелінің осындай қасиеттеріне өмір бойы бас иіп, тәнті болып өткен. Сондай-ақ, Екатерина патша Тайқараға көзінің тірісінде хас шебердің қолынан шыққан пәуеске сыйлап, жері шұрайлы орыстың бір губерниясынан үй-жай салып, бау-бақша өсіретін жер бөліп берген. Тайқараны барлық қазақтардың сыйлағаны соншалық, тіпті, оның туған ағалары мен белгілі сұлтандар да бетіне қарсы келмей, ақыл-кеңес сұрап отырған. Тайқара біраз жыл Петербургте тұрып, тек 1797 жылы ғана Орынборға оралған».

          Осының жалғасы іспеттес екінші мақаласында автор әйел бостандығын сөз етеді. «Мен куәсі болған бір жай. Орынборға қазақ даласынан қашып шыққан екі әйел: бірі жас қыз да, екіншісі жесір келіншек бас сауғалап келді. Олар жергілікті басшылардан төрелік сұрап, өздерін заңсыздықтан қорғап қалуларын өтінді. Сөйтсек, екеуін де ауылдастары мен туған-туысқандары өздері сүймеген адамдарға күштеп таңғылары келген екен».

          Сол сияқты, көне басылым беттерінен кездескен мынадай бір тарихи деректі де айта кеткен орынды секілді. «1825 жылдың көктемінде орыс патшасы Орынбор қаласына төрт күндік сапармен келеді. Сол жолы қазақ хандары: Кіші орданың ханы - Шерғазы Айшуақов, Бөкей ордасының Астрахань губерниясында көшіп жүрген Ж.Бөкеев, Кіші орданың басқарушы сұлтандары Жұма Құдаймендиев, Темір Ералиевтермен кездеседі. Осы сапарында орыс патшасы Шерғазы ханның әйелімен де танысады. Оның ұлттық киіміне ерекше назар аударады. Әсіресе, «Киелі бас» деп аталатын бас киіміне қызығады. Әңгіме барысында патша хан әйелінен: - Сіздің көңіліңізге Орынбор қаласы ма, әлде, дала, ауыл жақын ба? – деп сұрайды. Сонда қазақ әйелі патшаға іркілместен: - Мәртебелім, қала да жақсы екен, дала да жақсы екен. Бірақ, өзің туып - өскен кең далаңа не жетсін! – деп жауап қайтарыпты».

          Міне, өткен ғасырдағы қазақ әйелдерінің бейнесі осындай. Оларды қалай мақтасақ та орынды секілді. Әрдайым осылай болса екен деп тілейміз.

 

 

                         5. Қазақтай малдың жайын кім біледі...

                        (Орыс баспасөзіндегі қазақ тақырыбы)

 

Қазақ атамыз ежелден бастап-ақ мал бағуды кәсіп еткен. Жер бетінде малдың жай-күйін қазақтан артық білетін жан кемде-кем шығар. Міне, балалар, бұл ретте сендердің мақтануларыңа болады. Өйткені ата-бабамыз табын-табын малдарды ашық аспан астында баққан. Қазіргідей жем-шөп, жылы қора дегендерің ол кезде тіпті де жоқ еді. Бірақ, сол кездің адамдары ақылды, әрі батыл болған. Олар тұзақ (арқан), құрықты шебер пайдалану арқылы ең тағы, асау деген жылқыны қас-қағым сәтте бағындыра білген. Мұның өзі ер жігіт үшін нағыз сын.

Енді мына қызықты қараңдар: егер мал иесі таныс бір сөзді айтса болғаны,төрт түлік сол сәтте оның маңына жинала бастаған. Демек, адамды тыңдайтын мал тек цирктерде ғана емес,қазақ өмірінде де болған екен. Әлі де кездестіруге болады.

Сендер кітаптардан өткен ғасырдағы адамдардың мыңғырған малы болғандығын жиі оқисыңдар. Осы үйір-үйір жылқылар мен табын-табын сиыр, отарлаған қой-ешкілер қысы-жазы далада жайылған. Өткен ғасырда мал қорасы болмағаны белгілі. Сонда олар қойды қай жерге қамады екен?

...Күзгі қара суық сықырлап сүйегіңнен өтеді. Мұндай кезде ит-құс дегенін малға өш келеді. Сол үшін киіз үйлердің сыртына қойларды айналдыра жатқызатын болған. Мұндай әдістен соң олар суыққа бой алдыра қоймаған. Кейде малшылар түйелерді қос-қостан айналдыра шөктіріп, жатқызады екен. Себебі түйе ұзақ таңды тырп етпестен атыратын момын жануар. Ал, күндіздің өзінде өз көлеңкесінен өзі үркіп, тұра жөнелетін қой, осы әдістен соң қанша мазасызданғанымен түйелердің биік өркешінен асып ешқайда кете алмаған.

Қазақтардың мал-шаруашылығы жайында орыс ғалымы Г.Броневский: «Қырғыздардың (қазақтардың-А.Қ.) бар байлығын сан мыңдаған жылқы табындары, түйе, ірі қара мал, қой-ешкі отарлары құрайды. Олардың жылқылары ірі, әрі жүйрік келеді. Түйелерінің барлығы да қос өркешті, он екі- жиырма пұт жүк көтеретін, шөлге щыдамды жануарлар. Орыс саудагерлері олардың ақбас сиырын көптеп сатып алып, Екатеринбургке, тіпті Москваға дейін әкеледі. Қойлары ірі, салмағы сексен-жүз килограмға жетеді »- деп, «Отечественские записки» журналының бетінен таңырқай отырып, жазған болатын. Міне, сол кездегі ата-бабалараымыз шет жұртшылықтарды осылай таңдандыра білген. Қазақ даласында орыстар шөл кемесі деп атап кеткен түйелер өте көп болған. Олар қос өркешті (нар түйе) және жалғыз өркешті (айрық түйе) деп бөлінеді. Қазақ жерінде нар түйелер саны басым болғанымен, жалғыз өркешті айрық түйелер әлдеқайда денелі, күшті әрі төзімді деп саналған. Түйе шөлге өте шыдамды жануар. Оны жазда тәулігіне бір-ақ рет, ал күзде және қыста жақын маңда суат болмаса, екі-үш тәулікте бір-ақ теи суарады. Бұл жануар су таңдамайды. Су таза ма, немесе тұрып қалған ба, кермек пе әлде ащы ма, немесе мүлдем бүлініп кеткен бе оған бәрібір.

Міне, түйе жайында «Отечественские запискиде» жарияланған жазбалардан біздің алған әсеріміз осындай.

Қазақ ауылдарына күзгі қара суықтан соң ұзамай қыс түсетін болған. Міне, нағыз қыс деп сол кезді айту керек. Сай-сала мен тау-тасты омбы қар басып қалатын. Қазақтар мұндай кезде тек шанамен ғана жүреді. Қыс айында қансонар дегенің өз алдына бір қызық. Рас, сендер мұны біле білмеулерің мүмкін. Білсеңдер кинофильмдерден ғана көріп жүрсіндер. Қазір қыс уақытысында қар жаумайтын кездер де бар. Осының бәрі табиғат тепе-теңдігінің бұзылуынан.

 Қатал қыс айы қазақтарға көп қиындықтар туғызған. Оны мына мысалдардан көруге болады. «Қатты аяз бен қалың қар егер ұзақ уақытқа созылса, малға да, қырғыздардың өздеріне де жұт болып жабысады. Олардың малдары қалың қар астындағы шөпті аршып жеуге дәрменсіз келеді. Сондықтан, кейде апта бойы нәр татпаған малдар әлсіреп, аштан өледі. Немесе суыққа тоңып,боранға ұшырайды. Жылдың осы уақыты далаға жайылатын мал үшін өте қауіпті. Түйе, жылқы, сиыр, қойлар жейтін шөп таба алмайды. Суықтан қалтырап,қарды тұяқтарымен аршуға шамалары жетпей,ілініп-салынып әзер жүреді. Бораннан паналайтын жер болмағандықтан, ашыққан малға жылу қайдан келсін. Көпшілігі көктемге дейін жете алмайды. (« Отечественные записки », 1883, № 12 )

Қандай қиын болған десеңдерші! Бірақ, осындай қиындықтарды да жеңе білген. Сол себепті де қазақ халқы жасап келеді.

 

 

 

 

6. АЙҚЫН КӨРСЕТІП ОТЫРДЫ

 

(XIX ғасырдағы қазақ жеріндегі сауда, айырбас, жәрмеңке мәселелері туралы «Отечественные записки» қалай жазды)

 

          «Отечественные записки» журналының бетінде (1818-1884 ж.ж.) жиі жазылып, өз шешімін тауып отырған басты мәселенің бірі – сауда, айырбас, жәрмеңке проблемалары еді. Қазақ жерінде айырбас орталығы XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басында көптеп салына бастаған. Соның бірі Орынбордағы қазақтар арасында «Ақ базар» атанып кеткен айырбас орталығы. Ол туралы А.Крюков өзінің «Орынбор айырбас ауласы» («Отечественные записки» 1826, № 2.) атты мақаласында былай деп жазады:

          «Әдетте, ақ базар жәрмеңкесі шілде айының орта шенінде басталып, қазан айының соңында аяқталады. Қырғыздар жәрмеңкеге отар – отар қой, үйір – үйір жылқы, аң терілерін әкеліп, орыстардан астық, ыдыс – аяқ, киім – кешек, оқ дәрі алып қайтады. Жыл сайын орта есеппен алғанда орыстар қазақтардан 450 мың сомның малы мен заттарын алып, оларға 490 мың сомның заттарын беріп отырған». Автор бұл жерде «Ақ базар» деп сол кезде қазақ жерлеріне салынған мерзімдік жәрмеңкелерді айтып отыр. Ондай мерзімдік жәрмеңкелер Қазақстанда өте көп болған.

          Жалпы айырбас орталығының орыстар мен қазақтар арасындағы сауда саттықтың одан әрі дамуына тигізген әсері ерекше. Себебі сол кездегі Орынбор қамалының соғыс губернаторы И.И.Неплюевтің өзі бұл айырбас орталығын орыс мемлекетінің Орта Азия халықтарымен сауда қарым-қатынасын орнатып, көшпелі қазақтарды отырықшылдыққа көндіріп, бағындыруға арналған саяси істің бастамасы болды деп ашық мойындаған және патшаға Орынбор сауда орталығының хал – жайы туралы төмендегідей мәлімет беріп тұрған:

          «Ұлы мәртебелі император ханым! Биылғы айырбас науқаны қырғыз – қайсақ халқының Нұралы ханға айырбас келісім бермеуі және Айшуақ сұлтанның қазан татарларына айырбастың мүлде тоқтатылатыны туралы хабарына қарамастан, біздің жүргізген түсіндіру жұмысымыздың арқасында өз нәтижесін бере бастады. Тіпті соңғы күндері айырбасқа келген қырғыздардың саны 14 мыңға жетті. Сөйтіп, базарға түскен малдың саны өткен жылмен тең түсіп отыр. Айырбас әлі жүріп жатқандықтан, мал санының былтырғыдан да әлдеқайда асып түсетіндігіне күмән жоқ». (АВПР, ф,122, 1785 г.,д.ғ.л. и об.)

Сөйтіп, Қазақстанның орыс астығы мен өнеркәсіп товарларын өткізетін рынок ретіндегі және мал шаруашылығы шикізатының негізгі көзі ретіндегі маңызы уақыт өткен сайын арта берген. Сауда орталықтары ол кезде негізінен маусымдық жәрмеңкелерден тұрған. Мысалы, 1832 жылы Бөкей хандығында ұйымдастырылған осындай маусымдық жәрмеңкенің сауда айналымы 2 миллион сомнан асып түскен. Нақ осындай – ақ Шортанды, Семей, Қоянды (Ботовск) жәрмеңкелерінен де айтарлықтай пайда түсіп отырған.

         «Отечественные запискидің» алғашқы санынан бастап, соңғы санына дейінгі аралықта сауда, айырбас, жәрмеңке туралы жариялаған материалдарын саралай отырып, төмендегідей ұйғарым жасауға болады.

          Біріншіден, қазақтар айырбасқа әртүрлі мал түрлерін, аң терілерін, сырмақ, алаша, арқан, киіз, торсық, т.б.ұсынған.

          Екіншіден, қазақтардың қажетті заттары болып түрлі мақта – мата, тері, кілем, қант, шай, ине, айна, тарақ, шөген, темір, ағаш ыдыстар, ұн, тары, күріш, т.б. саналған.

          Үшіншіден, осы заттарды олар орыс көпестерінен немесе приказчиктерден, линиядағы башқұрттардан, хиуа саудагерлерінен немесе бекініс тұрғындарынан айырбастап алған.

           П.Неболсин өзінің «Отечественные запискиде» (1853, № 12) жарияланған «Қырғыздар» атты мақаласында: «Қырғыздармен екі арадағы сауда линиялық және далалық деп екіге бөлінеді. Линиялық сауданың далалық саудадан түпкі айырмашылығы оның өндірісінің ұсақталуында. Кез келген тұрақ, елді мекендерде товарлардың азғандай болса да өз қоймалары бар. Енді қырғыздар бұрынғыдай керек – жарақтарын іздеп жүз-екі жүз шақырым жерге босқа сандалмайды. Сондықтан да басты сауда орталықтары оларды қатты қызықтырмайды

          Капиталистер өз заттарын линияда көптеп сата алмағандықтан, қырғыздарды линияда күтпей, олардың ауылдарына барып сауда жасауды күшейтті бай ауылдармен қарым – қатынасқа еніп, өз керуендерін даланың шет аймақтарына аттандырған. Сөйтіп, сауданың бұл түрі енді көлемі жағынан линиялық саудадан әлдеқайда артып кетіп отыр», - деп жазды.

         Сондай – ақ  Г. Броневскийдің «Орта орданың қырғыз – қайсақтары туралы жазбаларында» да  («Отечественные записки». 1830 № 121.) қазақ жеріндегі сауда, айырбас, жәрмеңке туралы бірқатар мәліметтер бар.

         Мәселен, қазақ даласына сауда жасауға баратындар көбіне көпестердің өздері емес, олардың қызметкерлері болған. Олар қожаларының байлықтарын қалай болса солай жұмсап, шығынға ұшыратып отырған. Содан кейін өздерінің осы арам пиғылдарын жасыру үшін «қазақтар тонап кетті» деп жалған лақап таратудан танбаған. Осыдан барып қазақтардың үстінен іс қозғалып, ел ағаларынан аманат алынып, екі халық арасында түсініспеушілік, өшпенділік оты тұтанған.

         Екіншіден, қазақтардың өз балаларын оқытуға құлықтары болмағандықтан әрі орысша білмеулеріне байланысты саудада және көптеген даулы мәселелерді шешуде олар аудармашылардың өтірігіне сеніп, алданып, сонысынан көп зиян шеккен.

         П.Неболсин жоғарыда аталған мақаласында, ішкі Бөкей ордасының сауда айналымы туралы: «Капиталистер мұнда шамамен екі миллион сомның саудасын жасайды. Әр жәрмеңкеде 100 мың қой, 6 мың ірі қара, 2 мыңдай жылқы айырбасқа түседі. Сондай – ақ, жылқы, ірі қара, қой ешкі терілері, ешкінің түбіті, түйе мен қой жүні, аттың қылы, киіз, аң терілері сатылады. Жәрмеңке көктем және күз айларында өткізіледі. Әсіресе, Саратов уезінің Тертайлы жәрмеңкесі көпке белгілі. Мұнда жылына 300 мың қой, 20 мың жылқы саудаға түседі. Бұл ішкі Орда мал шаруашылығының бай қуатын көрсетеді» деп жазды.

         Журналда қазақтардың жер шаруашылығымен айналысып, одан аз да болса кіріс алып отырғандықтары көрсетілген. Мысалы, оңтүстік аудандардағы қазақтардың жоңышқа егіп, оның әр бауын жазда 1 – 2 тиыннан, қыста 8 – 10 тиыннан сатып, әр танаптан жылына 10 сомнан 100 сомға дейін таза пайда табатындығы айтылған.

         Сауда, айырбас, жәрмеңке мәселесіне байланысты «Отечественные запискидің» 1876 жылғы № 12 санында «Нужды и условия жизни рабочего населения Сибири» атты мақала жарияланды. Онда Н.Ядринцев бұл өлкеде сауда мен көпестердің ісі алға басқан сайын бірте – бірте халықтың кедейленуі байқалып отыр. Шаруаларға Алтайға қоныс аударуға тыйым салынған, жат жерліктер территория бірлігін бұзбауға тиіс делінген, ал көпестерге жол ашық. Олардың мұндағы сауда орталықтарын өрмекші торындай, шырмап тастаған.

         Алтайда оншақты жыл бұрын өмір сүру дәрежесінің өте жоғары болғандығын, меншігінде 50 – 100 жылқысы бар алтайлықтардың өздерін кедейлер қатарына есептегендіктерін айта келіп, бұл өлке халқының соңғы жылдары тез кедейленуінің себебі, сауданың шет жерліктерге қолданылып отырған осы бір зиянды формаларында жатқандығын көрсетті.

         Сауданың осы бір монополиясы мен қулық сұмдыққа толы әдістері Турухан, Березов өлкелерінде, Н арын және қазақ далаларында да кеңінен орын алған. Қу құлқынның аранын екінші бір адамның (халықтың) есебінен толтыруға болмайды.

         Біздің көпестер аузын енді ғана шығысқа сала бастады. Олар түрлі тарихи жағдайларға байланысты артта қалған, даму жағынан шектелген елді асқан бір жыртқыштық пиғылмен сора бастады. Тарихтың тілімен айтсақ, алдымен жаулап алды, содан соң бас идірді, соңынан ойларына келгендерін жасай бастады. Мұндай отарлау саясатының бір ұшы саудаға да әсерін тигізбей қалған жоқ.

         Сібір өмірінің бір ерекшелігі шығыстағы орыс тұрғындарының арасында шет жерліктердің көп болуы. Олардың саны 5 миллионға жетіп отыр. Осынау адамдардың аңғал, әрі мәдениеттерінің төмен, өз беттерімен тығыршықтан шығуға талпынуынан, баукеспе, ұры-қара, алаяқтардың қолына түсіп, тек қана қанаудың обьектісіне айналу қаупі бар. Олар орыс заңдарын білмегендіктен, қараңғылықтарынан өздерін - өздері қорғай алмайды» деп ашына жазды.

         Шет жерліктердің есебінен күн көру, баю сипатын мынадай дәрежеден де айқын көруге болады. Орыс саудагерлері бағаны өз ұйғарымдары бойынша тағайындап, сатып алушыны шамадан тыс күйзеліске ұшыратып, заңнан тыс өрескелдіктерге жол берген. Мәселен, Енисейдің төменгі аңғарындағы өндіріс иелері әлі күнге дейін шет жерліктерден бір пұт отын үшін 12 сом, бір пұт черкес темекі жапырағы үшін 80 тиын ақы сұрайды. Ал қазақ даласындағы капитал көбіне қарызға берілетіндіктен бір жылдан соң ол төрт есе өсіммен қайтарылған. Бұдан даладағы сауданың қалай жүргізілгенін байқау қиын емес. Мысалы, орыс саудагері, бес тиын тұратын әрбір құмыраны 30 тиынға, сапасыз теріден тігілген киім – кешекті жарты қойға, ағаштан жасалған ыдыс, бұйымдарды бір қойға, яғни 1 сомға сатып отырған.

         Орыс саудагерлерінің қанауға бейімделген іс - әрекеті мынадан да көрінеді. Олар товарларын шет жерліктерге ақшадан гөрі, қарызға беруге көп тырысқан. Осыдан барып сатып алушыны тұйыққа тірейтін, әбігерленушілікке салатын, шашетектен қарызға батыратын жалғыз – ақ жол қалады. Қарызға беру формасы Турухан өлкесінде, қазақ даласында ерекше етек алды. Мұнда көбіне шет жерліктердің қарызға алған астықтары үшін орыс саудагерлеріне 5 – 6 есе айып төлеп, әзер құтылатын фактілері де кездескен.

         Осы орайда тек орыс көпестері ғана емес, егіншілікпен мүлде айналыспайтын. Сібір казактары да қазақ даласын еркін жайлап, қанаушылық іс - әрекеттерін жүргізді. Олар көпестерден алған товарларын қазақтарға таратып отырған. Маталарды кем өлшеп, таразыдан тартып жеп, астықтын мол пайда тапқан. Арнайы тапсырмамен қазақтардың тұрмыс – тіршілігін зерттеуге жіберілген Г. Красовский деген азамат: «казактар ұсақ – түйек алып – сатарлықпен айналысқанымен одан мол пайдаға кенелген. Казак саудагерлері қазақтардың мұқтаждықтарын пайдалана отырып, оларға астықты адам аузы бармайтын бағаға қарызға өткізіп тұрған.

         Қазақтар астықтың қат болуына байланысты жарты пұт ұнға мал терісін айырбастау үшін саудагер көпеске жылына бірнеше рет оралып отырған. Әрине, қырғыздың басқа амалы жоқтығын сезген казак жұрты пұт ұнды екі теріге сатқан. Ал жарты пұт ұнның бағасы 15 – 20 тиын болса, екі терінің құны 6 сом тұрған» деп жазады.

         Красовский сауда, айырбас, жәрмеңке туралы ойын қорытындылай келіп, казактар қырғыздардың ауыр тұрмыстарын пайдалана отырып өтірік айтып, алдауға, тіпті ұрлық – қарлық жасауға дейін барып, олардан түскен олжаны астыққа айырбастап, қайтадан қырғыздардан пайда табуға аттанады» деп жазды.

         Сонымен қатар мақалада қазақтардың саудаға түсетін малдарының саны, бағасы көрсетілген.

 Бұдан басқа қазақ жерінде керуен саудасы, теңіз, өзен қатынастары арқылы әкелініп жүргізілетін сауда түрлері де болған. Оның жақсы жақтарымен қатар қазақ халқы үшін зиянды әсері болғандығын «Отечественные записки» журналы айқын көрсетіп отырды.

 

 

 

 

 

 

 

7. «СУ ІШКЕН ҚҰДЫҒЫҢА ТҮКІРМЕ»

немесе қазақ баспасөзінің өткені мен бүгінгісі туралы ойлар...

 

Соңғы кезде қазақ баспасөзінің өткені мен бүгінгісі туралы түрлі пікір білдіріп, шама-шарқынша ақыл-кеңес айтушылар саны көбеюде. Мұның өзі бір жағынан қуанарлық жай. Өткенімізді таразылап, шындыққа апарар жол. Екінші жағынан кейде осының барлығы шын мәнінде ақиқатқа сай ма? Алдамшы көріністер емес пе екен деген көлденең сауалдар да туындайды. Өйткені, осы мәселелер төңірегінде баспасөз бетінде жарыса жарияланып, кейде, тіпті мемлекеттік деңгейде ой айтып, іс тындырып жүрмін деп кеуделеріне нан піскен нарқасқаларымыздың өздері де бұл тақырыпты бүге-шігесіне дейін білмейтін жолбикелер болып шығады.

Сондықтан көбіне қателіктерге ұрынып, оқырмандар арасында кері пікір тудырып, ақырында өздерінің жеке бастары үшін өткен тарихты да, онымен шын мағынасында айналысып жүргендерді де жоққа шығарып, тыңнан жаңадан шежіре жазып, жоқтан бар жасауға тырысады. Оған келтірер мысалдар да жоқ емес. Бірақ әңгімемізді біраз әріден бастап, алдымен бұл тақырыпқа барар жолды күл-қоқыстан жақсылап аршып, тазалап алайық.

Сонымен, бұл арада, ең алдымен, жалпы қазақтарға баспасөз тарихы, оның ішінде журналистика мамандығы қажет пе, жоқ па деген орынды сауал туындайды. Олай дегеніміз егемендік алғалы басқаларды былай қойғанда, қаракөздердің арасынан да бір кездері өздері су ішіп, шөлдерін қандырған «құдыққа» түкірушілер табылуда. Кезінде журналистика факультетінде жаман да болса білім алып, соның арқасында ақын, жазушы атанғандар бүгінгі күні өздерінің қолдарынан әл-қуат кетіп бара жатқан соң «мына еттің сасығын-ай» деп түк көрмеген мысықша көздерін жұмады.

Мәселен «Дат» газетінің бірінші нөмірінде тағы бір данышпан қазақ журналистикасын түп-тамырымен жоққа шығарады. Онысымен қоймай, Қазақстанда журналист кадрларын дайындауды дереу түрде доғарып, дәрігер, заңгер, зоотехник, экономистерді қолдарына қалам алып, газет қызметкерлерін ауыстыруға шақырады. Сонда қалай болғаны. «Дат» газетін шығаратын Шәріп Құрақбаевтан бастап, мүйіздері қарағайдай Нұрдәулет Ақышев, Құмарбек Қыбыраев, Бақытжан Қосбармақовтардың орнына дәрігер Емшібаев, экономист Есенбаев, заңгер Сотқарбаев, зоотехник Малтабаровтарды қысқа курстардан өткізіп, төртінші биліктің басына қонжитуымыз керек пе? Онан соң өзің білмейтін тақырыпта бірдеңе жазып абырой табам деу де бос әурешілік пе деп қалдық. Әйтпесе, бүкіл қазақтың ақын-жазушылары филология факультетінде оқытылатын пәндердің күрделілігінен қорқып, журналистика факультетіне түсіп, қор болып жүр дегенін қалай түсінуге болады. Екіншіден, қазақ баспасөзінің қазіргі жағдайына еліміздің аға газеті «Егемен Қазақстаннан» бастап, жазушылардың «Қазақ әдебиеті» мен еларалық «Заман Қазақстан» басылымдары беттерінде журналистика факультеті туралы көпшілікке белгілі екі ғалымның арасында болған айтыс та біраз көлеңкесін түсіріп кеткен сияқты. Бірақ мұндай айтыстар әр елдің баспасөз тарихында әр кездері болған, болып та тұрады. Осыған қарап бүкіл бір ұжымға, бүкіл бір оқу орнына жеке бастың қамы үшін орынды, орынсыз кінәлар тағып, өш ала беруге бола ма екен?

Үшіншіден, журналист кадрларының сапалық көрсеткіші туралы мәселе. Меңінше, соңғы жылдары тек қана журналист кадрларын дайындау жұмысы босаңсып кетті деу бос сөз. Бұл- бүгінгі таңда елімізде бүкіл білім беру жүйесінде кездесіп отырған нарық қиыншылығының бір көрінісі. Әйтпесе, қазір Қазақстандағы төртінші билікті басқарып, ең басты, негізгі жұмыстарды жүргізіп отырған кімдер деп ойлайсыздар? Әрине, айтпай-ақ белгілі. Жаман, жақсы болсын журналистер. Оның ішінде қазақтың қара шаңырағы журналистика факультетін соңғы 15-20 жыл ішінде бітіріп шыққан жас мамандар. Ал сонда байбалам салушылар кімдер болып шығады. Өздерінің бұрынғы жылы орындарынан уақыттың талабына сай ысырылып шығып, өмір легіне ілесе алмай қалған сақалды мамандар. Немесе кезінде бұл мамандыққа кездейсоқ барып, тілін тістеп қалған бөспебайлар. Сондықтан, жақсы кадрлар жоқ деп ауызды қу шөппен сүрту де орынсыз.  Әйтпесе, қайтадан түлеп, оқырмандар алғысына бөлене бастаған «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Заман-Қазақстан», «Ана тілі», «Қазақ елі», «Түркістан», «Жас алаш», «Ақ босаға», күні кеше ғана 50 мың дана болып, өткір ойлылығымен, мазмұндылығымен «Караванмен» тайталасқа түсе ме деп отырған «Дат» басылымдарын шығарып отырғандар негізінен журналистер емес пе?

Ал осыларға қояр кінәләріңіз болса, неге ашығын айтып 20-жылдарғы «Ақ жол», «Еңбекші қазақ» газеттері сияқты ашық әңгімеге көшпеске. Мұның өзі сырттан сөз айтып, бір-бірлерімізді босқа ғайбаттағанша бар күш мүмкіншілігімізді ортақ іске жұмсауға жол ашар еді.

Төртінші мәселе журналист кадрларының білімділігі жайында. Рас, соңғы кезде бұл проблема жиі көтеріліп жүр. Бір жағынан, ол орынды да. Факультетке келіп түсетіндердің кейбірінің (әсіресе сыртқы бөлімдерге) білім деңгейлері тым төмен, тумысында қолдарына қалам алып, екі ауыз сөздің басын құрап көрмегендер. Сөйте тұра, бақтарын білімнен, оның ішінде журналистикадан іздеп, адасып жүргендер. Бірақ қазір біздерде капитализм заманы. Ақша не істетпейді. «Аузы қисық болса да байдың баласы сөйлесін» деп коммерциялық бөлімдер де ашылды. Сөйтіп, олардың біразы қалталылардың балалары болса, біразы әкімдердің (барлық рангыдағы) балалары. Сынақ пен емтихан кезінде әрқайсысының соңынан анау сұрап еді, мынау сұрап еді деп оннан кем шабармен жүрмейді. Олар негізінен қарапайым лаборанттан бастап толып жатқан министрліктерде қызмет істейтін шенеуніктерге дейінгі аралықтағы жанашырлар. Осыдан соң жүз жерден турашыл болсаң да иілмей көр. Бұл көрініс, әсіресе, соңғы кездері тым белең алып бара жатқанға ұқсайды.

Тағы бір қызығы, факультеттің ішкі өмірі туралы баспасөз бетіне майын тамызып жазушылар өз қызметкерлері емес, оған еш қатысы жоқ сырттан шыққан біреулер. Олардың жазатыны сол баяғы бір дұрыс білім бермейді, сапасыз кадрлар дайындайды деген орынсыз байбалам. Сонда дейміз-ау, осы жазғыштар баспасөздің шын жанашыры болса, неге сол өздері айтып отырған кемшіліктерді жоюдың жолдарын айтып, көмек көрсетпейді.

«Тура биде туған жоқ» дейді біздің қазақ. Не де болса шындықты айтып өлейік, өйткені, бір-бірімізге жала жауып, етектен тартып жүргенде басқалардың, Қазақстанда тұратын көп халықты былай қойғанның өзінде-ақ, аз халықтардың өздері де күні ертең төбемізден қарап, мысықтан қорыққан тышқандай қалыпқа түсуіміз ғажап емес...   

 

8. Жұтаған экран, жүдеген журналист

 

       Бұрын «Алатау» мен «Хабар», тіпті қазір толып жатқан «КТК», «31 арна», «НТК», «Рахат», «Таң» сияқты  коммерциялық телеарналар болмаған күннің өзінде – ақ жалғыз «Қазақстан - 1»-дің хабарлары жергілікті халықтың сұранымынан шығып жүрді емес пе? Әлі күнге дейін көрерменнің есінде қалып қойған ондаған хабарлары, журналист, жүргізушілері болатын. Ал, қазір болса бұл телеарна жоғарыда айтқан ондаған басқа телеарналардың көлеңкесінде қалып қойған. Не бір тамсанып көрерліктей толыққанды хабары, не бір есте қаларлықтай дұрыс журналист, жүргізушісі жоқ, жұртта қалған жалғыз үйдің кебін киіп жатқан түрі бар. «Жалғыз ағаш орман емес» дегендейін, «Өмір - өзен» сияқты бірен – саран хабарларды есепке алмай отырмыз.

Бұл жерде тағы да «Алатау» арнасын Қазақстан тұрғындарының көпшілігі көрмейтіндігін есепке алсақ, ал «Хабардың» таңертеңгі және кешкі хабарларынан басқа («Жеті күнді» әркім бір жүргізіп, әбден бүлдіріп жүр) әзірге айта қаларлықтай ештеңесі жоқтығын айтсақ, коммерциялық арналардың пайда табумен айналысып, қазақ хабарларына аз уақыт бөлуін немесе өз істерін тындырып алғаннан соң ғана түн ортасында жергілікті ұлт өнерін мазақ еткендей көңіл ашар концерттер мен хабарлар жүргізуі ойланарлық жай.

Оның үстіне әшейінде ауыз жаппайтын, мәжіліс – жиындарда көлденең көкаттылардың төбесінен қарайтын, қолында билігі мен қаражаты бар, халық үшін рас, өтірік болсын жүрегі ауырып жүретіндер осындай қысылтаяң кезде қандастарының жағдайын жақсарту үшін неге қолдарын созбайды? Кешегі ашаршылық, репрессия жылдарында 2.200 мың, одан соң 60 мың арысымыз не үшін, кім үшін кеткен? Ал, қазір болса айтысқа машина тіккені үшін жер, көкке сиғызбай мақтап, қолымызда тұрса, «халық қаһарманы» атағын да кеудесіне таға салуға дайын тұрамыз. Бұл арада Алматының көшесінде қартайған шағында сонау Шымкенттің алыстағы бір ауылынан келіп, пісте мен жер жаңғақ, құрттарын сатып, әркімнен бір сөз естіп жүрген аналарымызды қаперімізге де алмаймыз. Шын мәнінде ол кісілер қартайған шақтарында немерелерінің орталарында теледидардың құлағын бұрап қойып, «Тамаша», «Айтыс», «Қымызхана», «Ән - шашуларды» тамашалап отыратын адамдар емес пе?

Тағы да осы «Дат» гезетінде «Борис Березовский Руперт Мэрдокпен бірігіп, Қазақстанда бір телекомпанияны сатып алыпты. Бірақ ол қай телеарна екені әзірге белгісіз...» деген хабар жарияланды. Осыдан соң – ақ біз Шәріп Құрақбаев ағамыздың жазып отырғанын жәй нәрсе емес, саяси маңызы бар қоғамдық іс екеніне тағы бір рет көз жеткізгендей болдық. Сонымен қазақ теледидарының болашағы бар ма деген сауалдың төңірегінде ой қозғар болсақ, онда бұған біржақты «иә», не «жоқ» деп жауап  беру қиын.

Кезінде қазақ теледидарының өзіндік бағыт – бағдары, бет - әлпеті бар – тын. Әсіресе, «Әдеби драма», «Жастар», «Ғылыми – көпшілік» редакциялары бойынша берілетін  «Терме», «Айтыс», «Алтыбақан», «Көкпар», «Ән - шашу», «Тамаша», «Қымызхана», «Қазақстан ғылымы», «Көкжиек», «Жоғары класс оқушыларына», «Мен мектепке барамын» және  т.б. көптеген хабарлардың өз көрермендері болатын. Онда алдымен хат – хабарлар редакциясы, кейіннен социологиялық зерттеу орталығы  жұмыс істеді.

Мысалы, қазақ телевизиясында мен қызмет істеген жылдары халық арасында белді де беделді жазушы, журналист, публицист К.Смаилов, Ғ.Шалахметов, С.Әшімбаевтар төрағалық қызметте болды. Және ол кісілердің маңында жиналғандар да өңкей бір жақсы мен жайсаңдар еді. Жастар солардан тәжірибе алып, соларға ұқсауға тырысатын. Біздер қарапайым қатардағы редакторлар сейсенбі сайын болатын лездемеге қысылып барып, қанаттанып шығатынбыз. Себебі, тәжірибелі журналистер қатты айтса да, жақсы айтатын және жастарға үлкен сенім артатын.

Ал қазір ше? Содан бері көп уақыт өтпесе де (10 – ақ жыл), жағдай неге күрт өзгеріп кетті? Әлде осының бәріне нарықтық экономика кінәлі ме? Енді тәуелсіз елміз ғой. Ешкімге бағынышты, тәуелді емеспіз, кімдерге жалтақтап, кімдерден қорқамыз. Егемендік алдық десек те, шындығын айту керек, кешегі бодан болып жүрген кезіміздегі көптеген жақсы қасиеттерімізден айырылып қалдық қой. Сонда бұл қалай, қазақтар жаңа өмірге бейімсіз, өз беттерімен қайран қыла алмайтын жағдайға жеткен бе? Кеуде керіп, жеті атамызды түгендеп мақтағанда сондаймыз, ал бас қосып ел болуға келгенде басымыздың бірікпейтіні неліктен, әйтпесе айналдырған екі – үш қазақ тілді телеарналардың хабарларын ең құрмағанда елу де – елу дәрежесінде ұстап тұруға болады ғой.

«Қазақ теледидарының болашағы бар ма?»  мақаласының авторы бұл жөнінде «Бүгінде телеарналар арасында өткір бәсеке жүріп жатыр. Соған сәйкес олардың әрқайсысы өз ішінде реформалар мен «қайта құрулар» жасауда. Тек бір өкініштісі, бұл бәсекеден қазақша хабарлар тыс қалып қойған тәрізді», - деп дұрыс айтқан. Себебі, бұл тұрғыда қазақ телеарналары басшылары тарапынан істеліп жатқан ешқандай оң өзгерістер байқалмайды. «Құдай басқа салды, біз көндік» деген шарасыздықпен күн өткізіп жатқан түрлері бар. Сонда оларды кім дейміз. Халқы үшін жаны ашығандар сондай бола ма? Ресейдің «Поле чудес», «Угадай мелодию», «Смак», «Час пик» хабарларын көшіріп әуре болғанша, қазақтың әдет – ғұрпына, әдебиеті мен өнеріне, мәдениетіне арналған нашар да болса хабарларын дайындап, көрсетпей ме? Егер бұған шамалары жетпесе, онда олар басқа іскер де тәжірибелі мамандарға орындарын босатпай неғып отыр?

Қазіргідей өтпелі кезеңде жалпы бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішінде телевизияның да атқарар рөлі өте зор. Саясат, экономика, қоғамда болып жатқан күнделікті жағдай, нарықтық экономикаға маңдайы соғылып қатты жарақаттанған ауыл адамдары, олардың есебінен байып «жаңа қазақ» атанып жүрген шолақ ойлы белсенділер, күннен – күнге ұмытылып бара жатқан рухани байлығымыз, тіл, дін мәселелері көгілдір экран иелеріне таптырмайтын тақырып емес пе?

Енді интеллигенция арасында орыс тілді қазақтар, қазақ тілді қазақтар деген бөлінушіліктер пайда болды. Ал, қазір қайда болсын, басшылықта отырғандар негізінен орыстілді қазақтар болып саналады. Кейде, көбінесе олармен аудармашылар арқылы тілдесуге тура келетіндігі де жасырын емес. Жуырда ғана қазақ тілді қазақтар орыс тілді қазақтар бұрын айтып жүргендей 40 процент емес, 10 – ақ процент, тіпті одан да аз екен деп бөріктерін аспанға атып қуанып еді. Тегі, бұл шындық болмай шыққанға ұқсайды. Әйтпесе, жоғарыда айтқан мақаланың авторы: «өкінішке орай, өз ұлтымыздың өкілдері басқарып отырған телеарналар осындай «ақтандақтардың» орнын толтыруға асығар емес. Олар бұл салада түк шықпайтынын алдын – ала білетіндей, қазақша жазылған идея, концепцияны оқып, түсіне алмағандықтан болар, бірден ат – тондарын ала қашады. Ал оның орысша көшірмесін көрсетсең, оқып шығып түсінгендей болады.

Бірақ ол қазақша хабарға қатысты болғандықтан және оны қазақ тілді жасаса, одан түк шықпайды. Оны ашық айтпаса да, мақтап, арқаңнан қағып тұрып соны білдіреді. Себебі, орыс тілді қазақтардың арасында қазақ тілді қазақтарды менсінбей қарайтын мінез бар, әлі біраз уақыт солай боп қала да береді», - деп тектен – текке жазбайды ғой.

Бұл арада қалай дегенмен де таяқтың екінші ұшы тележурналистерге келіп тиетін сияқты. «Мешкей деген жақсы ат емес» дегендейін әйтеуір өз мамандығың болғасын, қолыңа қалам алып, ел атынан сөйлеп жүргеннен соң, ішкен асыңа адал болуың керек қой. Қаражат жоқ, жағдайы жоқ деп қаратүнекті төндіріп, өз ісіне жауапкерсіздікпен қарау – төртінші билік иелеріне жат құбылыс.

Екіншіден, телехабарларды көбінесе журналистикадан, оның ішінде тележурналистикадан хабары жоқ басқа мамандықтардың иелері жасайды. Ал мұның өзі қала әкімінің дәрігердің орнына ауру адамға операция жасағанымен бірдей шаруа.

Мен жоғарыда айтқандай бұл салада біраз жыл жұмыс істегендіктен және қазіргі қызметім де осы мамандыққа байланысты болғандықтан, қазақ тележурналистикасында орын алып отырған қазіргі кемшіліктерді тек қана «Кеңес дәуірінен қалған ескі әдет – дәстүрмен» түсіндіруге болмайтын сияқты деп білем. Себебі, бүгінгі таңда қазақ телеарналарын басқарып та отырған және онда хабар даярлап, қызмет істеп жүргендердің көпшілігі оқуларын соңғы 5 – 10 жыл аралығында бітіріп, ұзақ жылдардан жемісті қызмет атқарып келген тәжірибелі журналистерді ауыстырған жас толқындар.

Сондықтан бұл жұмысты жақсарту үшін компания президентінен бастап, телеарналардың басшыларымен қатар әр хабардың редакторларына дейінгі аралықтағы барлық шығармашылық топ бірлесе қимылдауы керек. Айлық, тоқсандық, жылдық, тіпті ұзақ мерзімді перспективалы жоспарлар жасап, оларды дүркін – дүркін сүзгіден өткізіп отырған жөн. Қай бір қызметке болсын туған – туысқандық белгісіне қарап емес, іскерлік, творчестволық қабілетіне қарап конкурстық негізде қабылдау керек. Оған бізде мүмкіндік мол.

Бір сөзбен айтқанда, Қазақ теледидарының қазіргі хал – жайы кімді болсын алаңдатпай қоймайды. Халыққа шындықты айтып, солар үшін қызмет ететін кез жетті. Әйтпесе көптің қаһарына ұшырауымыз мүмкін. Сондықтан миллиондардың өзімізге артып отырған асыл сенімін адал орындайық, ойланайық, сөзден іске көшейік, ағайын!   

            

9. Жалған намыс жарға жығар

 

Салт-сана, әдет-ғұрпымыздың кіндігі болып саналатын ауылды таратып жіберуге шақ қалдық. Шалғай елде тұратын кәрі-құртаңдар мен бала-шағалар радио естіп, телевизор көруден қалған. Егер сәті түсіп алда – жалда естіп, көріп қалса, құдай сақтасын, төбе шаштарының тік тұратындары анық. Атыс-шабыс , қырып-жою, қала берді, қып-қызыл анайы көріністер.

Бұл-облыстарды былай қойғанда, аудан орталықтарына дейін ашылып, Бұқаралық ақпарат құралдары үшін «сапалы мамандар» дайындап жатқан жалған институттар мен университеттердің «үлесі» деп білеміз. Олай айтпасқа амал жоқ. Екіншіден, соңғы жылдары, әсіресе, радио мен телевизияны ауыл мектептерінде әдебиет пен тарихты зоотехник, агроном, инженер беріп жүргендей басқа мамандықтардың өкілдері жаулап алғандықтары да жасырын емес. Бір сөзбен айтқанда, «Аузы қисық болса да байдың баласы сөйлесіннің» кері.

Он жылдан бері тәуелсіздік алдық деп бөркімізді аспанға атып жүріп, төртінші биліктен қалай қол үзіп қалғанымызды аңдамай жүргендейміз. Радиодан еті сылынып, құр қаңқасы қалған «Қазақ радиосы» бар. Жуырда оған «Шалқар» бағдарламасы келіп қосылды. Бірақ бұрынғы дәрежесіне әлі жеткен жоқ. Оның үстіне әзірге Алматы қаласына ғана хабар таратады. Қайталаулар көп. Қалғандарының барлығы орыс тілді. Телевизиядан қысқара-қысқара қауқарсыз қалған «Қазақстан - 1» бар. Енді-енді бастарын көтеріп жан-жақтарына қарай бастағандай. Бірақ әлі де болса жақсылықтың ауылы алыс сияқты. Ал, Республиканың барлық аймағына тарамайтындықтан «Хабар - 2» - ні мандытып көріп жатқан ешкім де жоқ. Енді «Еларна» болып жаңарғаннан кейін сапалық тұрғыдан өзгермесе. Онда істейтіндер бүгінгі заманның бар мәселесін шешіп тастағандай өз хабарларын «Қырық өтіріктен» бастады. Негізгі айтылар тақырып сыртта қалды. Газеттер де солай. «Егеменді» тек еңбек етіп жүрген екпінділер ғана оқиды. Себебі, жазылу бағасы тым қымбат. «Ана тілі» жүрісінен жаңылып, екі тілді материалдар жариялап, тілден гөрі, мұнай мәселесін тереңірек зерттеп кеткенге ұқсайды. «Жас алаш» та алтын уақыттарын етектері жасқа толып, жұмыс іздеп ауыл мен қаланың екі арасын кезіп кеткен жастарының басын қоса алмай, үлкен орында отырған көкелерімен айқасуға сарп етіп жүргенге ұқсайды. «Қазақ әдебиеті» болса өнер проблемасына көбірек ойысып барады. Оқырмандарының көңілін табу үшін анда-санда жазушы, ғалым, т.б. айтыстырып алатын қасиеті бар.

Кейбір шала сауаттылар біртүрлі «Қызық», біртүрлі «Махаббат», т.т. сияқты бульварлық (сары) газеттер шығарып, жастарымызға мектептерде, жоғары оқу орындарында жүргізілмейтін нәпсі дәрісін екпінді түрде өткізіп жатыр.

Өз ұлтымыздың өкілдері басқарып отырған «КТК», «А-1», «ТАҢ», «31- арна», «Шахар», «ЮСА» деп аталатын радиотелеарналардың да қазақшасы жартымсыз. Соңғы кездері ол арналар қазақша хабарларды түнгі уақытқа қоятын болып жүр. Түнгі бірден таңғы алтыға дейін. Яғни, ең көрілімді уақытта қазақша бағдарламалар беруге сараңдық танытып келеді.

Ал енді осыдан қандай қорытынды шығаруға болады? Түптеп келгенде жалған намыстан не шығады? Өз жерімізде өзіміз неге басқаларға тәуелдіміз? Ақпарат билігін қолдан шығарып алып, кімнен араша сұраймыз? Осыдан бір-екі жыл бұрын Бұқаралық ақпарат құралдарының 50 пайызы  қазақша болсын деп аттан салдық. Онымыздан не шықты? Намыс, ар-ұят, абыройдан жұрдай болғанымыз ба? Мұны кешегі репрессия тұсында өмірлерін болашақ ұрпақтары үшін қиған асылдарымыз білсе не дер еді деген сияқты ойлар мазалайды.

«Егемен Қазақстанның» өткен жылғы соңғы нөмірлерінің бірінде «Салам» деп мақала жариялаған автор «Қазақпын деп айтуға ұялам», - дейді. Неге? Осы біздер кімбіз? Екі жарым ғасыр бодандықтан соң санамыз әбден уланып біткен «екінші сорттылармыз ба?», әлде Шыңғыс Айтматовтың әйгілі шығармасындағы «мәңгүрттерміз» бе? Жоқ! Себебі, біз тәуелсіздік алып, егемен ел атандық қой. Анау, өзбек, түрікпен және басқа халықтардан кембіз бе? Мүмкін емес. Абылайдай хандарымыз, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сияқты билеріміз, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сияқты батырларымыз болған біздерді кімдер тізе бүктіруі мүмкін?!

Сілкінетін кез келді. «Ештен кеш жақсы», - дейді халық. Ру-ру, жақ-жақ, жүз-жүзге бөлінбей, азғантай ғана қазақ бір жұдырыққа біріксек қана ел боламыз. Әйтпесе, баяғы құлдық қалпымызға қайтадан түсеміз. Басқаларға біздің елдігіміз, тіліміз, дініміздің қажеті жоқ. Қанша жерден бауырмал, жүз халықтың лабораториясы болсақ та, ертең басымызға қиын-қыстау күн туа қалса өз қотырымызды өзіміз қаситынымыз анық. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Сондықтан, бірігейік ағайын! Өз жерімізде басқаларға тәуелді болуды қояйық. Кешегі іргетасын Ахаңдар (А.Байтұрсынов) қалап кеткен газет-журналдарымызды, радио, телевизияны жоғары  сатыға көтеріп, ұлттың көзі, құлағы, тіліне айналдырайық. Есіктен кіріп төрге ұмтылғандарды тайраңдатып қоймай, тілімізді қайтарыңдар деп сауға сұрамай, сөзден іске көшуіміз керек. Сонда ғана басқалар бізді сыйлайтын болады.

Қазір тәуелсіздік алған жылдары балаларын қазақ мектептеріне бергендер, қайтадан орыс сыныптарына ауыстырып жатыр. Неге? Қай мекемеде болсын іс қағаздары, құжаттар орысша жүргізіледі. Немесе сырт көз үшін орысшадан қазақшаға аударылады. Неге? Транспортта, көшеде екі қазақтың басы қосылса барқылдап орысша сөйлесіп жатқаны. Неге?

Қысқасы, біз басқалардан емес, басқалар бізден эфирден 20 пайыз уақыт сұрайтын дәрежеге жетпесек, онда ешқашан дербес мемлекет, тіпті ұлт қатарына жатпайтындығымыз айдан анық. Сондықтан, көпірме сөзден нақты іске көшетін уақыт жетті, ағайын. Әйтпесе, болашақтан үміт күтіп қажеті жоқ. Барлығы да жалған болып шығады.

 

 

10. Сапасыз оқулық, ұрлықшы автор

                және білімсіз студент

 

Соңғы жылдары еліміздің білім беру жүйесінде небір жағымсыз құбылыстар орын алып отыр. Соның бірі һәм бірегейі – мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттеріне арнап оқулықтар жазу проблемасы.

 

Қазір бәрін кадр емес, қалта шешеді

 

Біздің елде «Бәрін кадр шешеді» ұраны ұмытылғалы қашан. Қазір барлық мәселені «сыбайластық жемқорлыққа» бас ұрып тұрған алаяқтар мен қалталылар шешіп тұр. Қолдаушың мен қаражатың болса, ректор да, автор да, «үздік мұғалім» де боласың. Сондықтан бүгінде педагогикалық институттарды  - инженерлер мен металлургтер басқарса, биологтар – тарихшы, зоотехниктер – жазушы боп, атақ дәрежесі жоқ көлденең көқ аттылардың монография, оқулық жазып, «атың шықпаса жер өртенің» керін келтіріп жүргеніне таңдануға болмайды. Әйтсе де, айналып келгенде осының барлығы келешек ұрпақтың тамырына балта шауып жатқанын ойлағанда, өзіңді кінәлі санап, жаныңды қоярға жер таппай, іштей мүжілетінің тағы бар.

Мемлекеттік тілдегі оқулықтарды жазу туралы, олардың сын көтермейтін сапасы жайында БАҚ беттерінде аз жазылған жоқ. Алайда нәти- жесі болмаған соң, кінәлілер бұрынғыдан да астамсып, өз дегенін одан әрі жалғастырып жүр. Ең үрейлісі, Қазақстанның көптеген жоғары оқу үрдісі әлі күнге дейін ішінара Ресей мемлекетінің оқу бағдарламасы бойынша, солардың оқулықтары мен зерттеу еңбектері негізінде жүргізіледі. Әсіресе гуманитарлық бағытта: тарих, саясаттану, философия, журналистика...одан биология, география, химия сияқты жаратылыстану ғылымдары да қалыспайды. Біраз оқу орындарында өткен ғасырдың 60-80-жылдары аралығында кеңестік идеологияға сәйкес құрылған оқулықтар бойынша дәрістер оқылып, әлі де болса бодандықтың бұғауында шырмалып жатқанымыз байқалады. Бүгінгі әңгіме дамыған алдыңғы қатарлы шетелдерде «төртінші билік» саналып, үкімет пен мемлекеттің кез келген ісіне батыл араласып, халықтық деп аталатын журналистика, яғни, БАҚ мамандарын даярлауға бізде қолданылып жүрген оқулықтар жайлы болмақ.

Қазір еліміздің 22 жоғары оқу орнында журналистика мамандығы бойынша кадрлар дайындалады екен. Алматы, Қарағанды, Астана қалалары мен барлық дерлік облыс орталықтарындағы мемлекеттік және мемлекеттік емес университеттерде. Бұл қуанарлық жағдай. Әсіресе қазақ тілді БАҚ үшін. Себебі, оңтүстік және солтүстік астаналарда оқу бітіргендер облыстарға бармайтыны белгілі. Екіншіден, журналист болғысы келетін небір талантты ұл–қыздардың мынадай күйіп тұрған нарық жағдайында Алматы мен Астанаға барып өздері қалаған мамандық бойынша білім ала қоюы да екіталай. Сондықтан көп талапкерлер өздері туып-өскен аймақ орталықтарынан жаман-жақсы болсын білім алуға мәжбүр. Үшіншіден, бұл мамандыққа деген Білім және ғылым министрлігінің де көзқарасы мәз болмай тұр. Оған жыл сайын қазақ бөліміне бөлінетін 40, орыс бөліміне бөлінетін 20 грант дәлел. Мысалы, биыл грантқа 100 баллдың 98-ін жеңіп алғандар ғана ие болды. Осыған қарамастан соңғы жылдары облыс орталықтарындағы жоғары оқу орындарына журналист мамандығын игерем деушілердің легі толастар емес. Көпшілігі келісім-шарт бойынша оқуға түсіп, өздері қалаған мамандықты игеруге тырысуда. Алайда жергілікті оқу орындарында бұл тұрғыда шешілмеген, бірақ шешілуге тиісті көп проблемалар бар.

Ең бастысы – кадр мәселесі. Атақ-дәрежесі бар ғалым оқытушыларды былай қойғанда, жан-жақты теориялық дайындығы бар маман оқытушылардың өзі жоқтың қасы. Білім және ғылым министрлігі тарапынан оларды даярлау үшін соңғы 3-4 жылдың қарасында облыстарға магистратураға бірде-бір орын бөлінбеген. Естуімізше, бөлінген 30 шақты орынның барлығы Алматы мен Астананың еншісінде кеткен. Екіншіден, сапалы журналист кадрларын даярлау үшін қажетті студия, лаборатория, жан-жақты жабдықталған кабинеттерді іздеп табу оңай емес. Студенттерге газет, журнал, радиотелевизия хабарларын дайындау сабақтары ауызша, әрі кетсе тақтаға схема сызу арқылы түсіндіріледі. Қазіргідей, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың айтуы бойынша мектептердің өзі 98 пайызы спутниктік жүйеге қосылып, интернетті пайдаланып отырған кезде, болашақ «төртінші билік» иелерінің жоғары оқу қабырғасында компьютер мен интернетті игере алмай отырғаны қалай?

 

Оқулықтарды кімдер жазып жүр?

 

«Студенттерге, оның ішінде болашақ журналистерге оқулықтарды кім және қалай жазады?» деген сауалға жауап іздегенде кеңестік кезең еріксіз еске түседі. Ол кездері журналист кадрлары бір-ақ жоғары оқу орнында-ҚазМУ-де (бүгінгі ҚазҰУ) даярланатын. Оқулықтардың бір бөлігі орталықтан ортақ бағдарлама бойынша шықса, екінші бөлігі республика баспаларынан арнайы тапсырыс бойынша шығарылатын. Ол оқулықтарды сол сала бойынша ғылыми атақ-дәрежелері бар зерттеушілер жазатын. Мысалы, Б.Кенжебаев, Қ.Бекхожин, Т.Қожакеев, Т.Амандосов, М.Барманқұлов, С.Қозыбаев, Ү.Сұбханбердина, Ж.Елеукенов, Н.Омашев, Қ.Алдабергенов, Ф.Оразаев, Ж.Нұсқабаев, С.Байменшин, Б.Жақып және т.б. Еліміздің тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары жоғарыда айтылған себептерге байланысты бұл жүйе жойылды. Журналист кадрларын бір емес, 22 жоғары оқу орнында даярлау қолға алынып, оның сапасына емес, санына көңіл бөлініп, дәстүрлі байланыстар үзіліп қалды. Біраз ғалымдар бұл дүниеден озса, екінші біреулері құрметті демалыста, ал үшіншілері қарақан басымен әуре болып, жан-жаққа тарыдай шашылып кеткен. Оқулық шығаратын баспалар да аз тиражды ғылыми зерттеулер мен оқулықтар шығарудан бас тартып, авторларға бұрынғыдай аз да болса қаламақы төлеудің орнына, олардың өздерінен қаражат талап ете бастады. Ал еңбекақысы өз ішіп-жемінен аспайтын авторлар қанша тыраштанғанымен, көз майын тауысып жазған еңбектерінен бас тартуына тура келді. Олардың орнын көлденең көк аттылар басты. Бұл саладан хабары шамалы, бірақ қаражаты барлар монография, оқулықтар шығаруға құмартып алды. Сөйтіп, жоғарғы оқу орындарының студенттеріне арналған қалың-қалың сапасыз оқулықтар кітап сөрелерінен орын алды. Әсіресе облыс орталықтарындағы жоғары оқу орындарында. Ең өкініштісі, сол сапасыз оқулықтар мен монографиялардың көпшілігі – көшірілген, яғни, әр автордан жырымдалып алынып, құрастырылған «плагиат» дүниелер. Жуырда мен де сондай бір келеңсіз жайдың куәсі болдым.

Айына бір рет болса да, облыс орталығындағы кітап дүкендеріне бас сұғып, жаңадан шыққан әдебиеттерді қарастыратын әдетіммен «Эврика» дүкеніне келдім. Қазақ тіліндегі кітаптар қойылатын жұтаң сөрелерге жақындай бергенімде Павлодар Инновациялық жекеменшік университетінен шыққан Шолпан Байғалының «Қазақ журналистикасы тарихы пәнінен лекция курсы» деген, бағасы 840 теңге тұратын қалың көк кітап көзіме оттай басылды. «Япырмай, 1996 жылдан бұл пән бойынша ешкімнің тісі батып мұндай оқулық шығара алмай жүр еді, әйтеуір, Павлодардан біреу шыққан екен» деп кітапты қолға алдым. Алғашқы титулдық бетін ашып қалғанымда назарыма «пікір білдіргендер: Кертаева Ғ.М. – С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университетінің психология және педагогика кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор; Зейнулина А.Ф. – С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университетінің қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі; филология ғылымдарының кандидаты, профессор» деген сөздер ілікті.

Амалсыздан ойланып қалдым. Бұл екі кісімен де бір университетте, тіпті бір факультетте кафедра меңгерушілері боп біраз жылдан бері қызмет істейміз. Бірақ ол әріптестерімді журналистика тарихының майын шағып ішетіндей мұнша мықты зерттеушілер екенін бұрын-соңды білмеппін, өйткені, олардың бірінің мамандығы-физика, екіншісінікі-қазақ тілі болатын. Сөйтіп, ойым сан-саққа жүгірген мен кітаптың аннотациясын оқыдым.

«Бұл лекция курсында төл баспасөзіміздің бастау көзіндегі ілкі үлгілерінен бастап (тек баспасөзіміздің ғана емес, оның тарихынан да), XIX ғасырдың екінші жартысындағы сапалық түрлері, кеңестік дәуір мен 1991 жылдан басталатын тәуелсіздік жылдарынан бүгінгі таңға дейінгі аралықта қамтитын қазақ баспасөзінің тарихы баяндалады....».

Мынау кімнің стилі, тіптің кімнің жазғаны? Бір жерден кездестірген сияқтымын. «Осындай бір оқулықты (дәрістер курсын емес) әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде жұмыс істеп жүргенде мен де ғылым докторы Ф.Оразай, зерттеуші, жазушы, баспагер Ж.Нұсқабаевпен бірігіп жазып едім ғой» деген оймен кітапты сатып алдым да, үйге келген соң асықпай танысып шықтым.

Алғысөзі біздікі емес. Бірақ, кіріспесі біздікі. Біраз қысқартып, 1996 жылы «Рауан» баспасынан шыққан «Қазақ журналистикасының тарихының» мәтіндерін үзіп-жұлып беріпті. Мысалы, «...Шынында да, тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін ғана қазақ журналистикасының өткен тарихының «ақтаңдақ» тұстары қайта ашылып, кезінде «ұлтшыл» деген жаламен жабылып қалған «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа», «Ұран», «Бірлік туы», «Жас азамат» сияқты газет-журналдарда жарық көрген А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ә.Бөкейхан, М.Шоқай, Х.Досмұхамедұлы, М.Тынышбайұлы, А.Мәметұлы, Х.Ғаббасұлы, Ә.Ермекұлы, Ж.Жәнібекұлы, Е.Омарұлы, Ж.Тлеулин, М.Саматұлы, У.Омарұлы, Н.Төреқұлұлы, С.Қожанұлы, М.Жолдыбайұлы, Т.Шонанұлы сынды қазақ халқының бір топ зиялы қауымының ұлттық мүдде тұрғысында жазған публицистикалық мақалалары ғылыми айналымға түсіп тиісті бағаларын алып та үлгерді...».

Одан кейін автор «Негізгі бөлім» деп ежелгі түрік бітіктастарындағы (руналық ескерткіштер) бұқаралық ақпаратқа түсіп кетеді. Бұл белгілі ғалымдардың зерттеулерінше қазақ журналистикасының емес, публицистикасының пайда болып, қалыптасуына жататын кезеңдер болып саналады (Б.Кенжебаев, Б.Жақып, М.Шыңдалиева және т.б.). Ал «Қазақ журналистикасының пайда болуының тарихи алғышарттарында» зерттеуші бұл процесті орта ғасырдан, қазақ хандығы құрылған кезеңнен және «Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуынан» бастап, кеңес өкіметіне әкеп бір-ақ тірейді.

 

Сөзбе – сөз көшірілген кітап

 

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, нағыз «плагиат» лекция курсының «XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы мерзімді баспасөз» атты бірінші бөлімнен басталады екен. Автор «Тәржіман» газеті деп айдар таққан алғашқы тақырыпшасын оқығанда менің есіме ҚазМУ-дің журналистика факультетінде осы пәннен дәріс оқып жүрген ғалым досым Аманқос Мектептегі түсті. Себебі, шашы иығына түскен әдебиетші, журналист, зерттеуші ғалымның студенттер алдында «Тәржіманнан» дәріс оқып, осы мәтінді сан қайталап, майын ағызғанының куәсі болғам. Ал одан кейінгі «Түркістан уалаятының газеті» және «Дала уалаятының газеті» тақырыпшалары 1996 жылы «Рауан» баспасынан шыққан «Қазақ журналистикасының тарихы» кітабынан жолма-жол көшіріліп берілген деп айтуға болады.

Одан кейінгі «Қазақ публицистикасының көшбасшылары» деген атаумен берілген Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев тақырыптары да Қ.Алдабергенов, Ж.Нұсқабаевтардың Алматыдан 1994 жылы шыққан «Алты алаштың ардақтылары» монографияларының негізінде жазылған. Әрине, мәтінге кейбір өзгерістер енгізіліп, Абайдың қосымша бірнеше қара сөздерінің мәтіндері берілген. Лекция курсының екінші бөлімі «Буржуазиялық-демократиялық революция дәуіріндегі қазақ баспасөзі» деп аталады. Бір қызығы, кітаптағы бөлім, тарау, тақырыпшалардың атаулары «Қазақ журналистикасының тарихындағы» атаулармен дәлме-дәл келіп, қайталанып отыруында. Мұндағы «Торғай газеті», «Қазақ газеті», «Серке газеті», «Дала газеті», Большевиктік «Орал» газеті де жоғарыда аталған біздің еңбегімізден алынып берілген.

Осы бөлімнің «Қазақ баспасөзі революциялық жаңа өрлеу және дүниежүзілік импералистік соғыс жылдарында» деген тарауының алғашқы тақырыпшасы Большевиктік «Правда» газеті деп аталынады. Енді бұл марқұм Қ.Бекхожиннің «Қазақ баспасөзі тарихының очерктері» (Алматы, 1981 жыл) оқулығынан алынған. Екіншіден, бұл тақырып – қазақ емес, «Орыс журналистикасының тарихына» кіретін мәселе. Ал екінші тараудағы 1910-1914 жылдардағы қазақтың мерзімді баспасөзіндегі «Қазақстан» газеті, «Айқап» журналы тақырыпшалары – «Қазақ журналистикасының тарихы» және «Әлем баспасөзі тарихынан» (Алматы, «Санат» баспасынан 1998 жылы шыққан, авторлары С.Қозыбаев, А.Рамазанова, Қ.Алдабергенов) алынып, қысқартылып берілген нұсқасы.

Үшінші тарау «Дүниежүзілік импералистік соғыс жылдарындағы қазақ баспасөзі» деп аталады да, оған «Қолжазба «Садақ» журналы» және «Ешім даласы», «Алаш» газеті, «Қазақ» газеттері тақырыпшалары енгізілген. Ондағы мәтінді «Қазақ журналистикасының тарихы» мәтінімен жолма-жол салыстырып оқуға болады.

Төртінші тарау «Қазақтың жалпы ұлттық бағыттағы демократиялық басылымдары» деп аталады. Ондағы «Сарыарқа» газеті, «Бірлік туы» газеті тақырыпшалары да жоғарыда аталған оқулықтардан мейлінше қысқартылып, анықтама түрінде ғана берілген.

Лекция курсының үшінші бөлімі «XX ғасырдағы қазақ журналистикасы» деп аталады да, іштей бірнеше ұсақ тақырыпшаларға бөлініп беріледі. Оның «Қазақстандағы алғашқы кеңес басылымдары» деген тарауына «Тіршілік» газеті мен «Қазақ мұңы» газеті енгізілген. Осы арада автор енді Т.Қожакеев марқұмның «Жыл құстары» монографиясына ауыз салған. Ал «1917-1918 жылдардағы ұлттық басылымдар» тарауында «Ұран», «Дұрыстық жолы», «Абай» журналдары мен «Еңбек туы» газеті қамтылған.

«Қазақ жастар баспасөзінің тууы, дамуы» деген тарауда «Жас азамат» газеті, «Лениншіл жас» журналы туралы сөз болады. Мұнда Қ.Алдабергенов, Қ.Бекхожин, Т.Қожакеев, К.Бейсенбаевтардың еңбектерінен осы аталған басылымдар туралы қысқаша анықтамалар берілген. Бір таң қаларлығы, осы кітаптың бірде-бір бетінде ешқандай сілтеме берілмейді. Барлығы да Ш.Байғалының өз еңбегі ретінде көрсетіледі.

Неге екені белгісіз, «1921-1925 жылдары аралығындағы баспасөз» тарауына «Қызыл Қазақстан» журналы деген бір-ақ тақырыпша енгізілген. Ол да Т.Қожакеевтің «Жыл құстарынан» алынған.

Келесі төртінші бөлім «Қазақстанда мерзімді баспасөздің жүйеленуі» деп аталады. Оған «Қазақстанның әртүрлі өңіріндегі баспасөздің қалыптасуы» деген тақырыппен «Ұшқын», «Еңбекшіл қазақ» газеттері енгізілген. Екеуі де профессор Т.Қожакеевтің «Жыл құстары» монографиясынан алынған. Ол кітап қазір менің сөремде сақтаулы. Себебі, бірге қызмет атқарып жүрген кезімізде ол кісі өз еңбегінің мұқабасына «Кешегі шәкірт, бүгінгі ұстаз, қабілетті ғалым! Құрметті Қырықбайға ризашылық көңілден. Т.Қожакеев.5.05.92 жыл» деп қолын қойып, сыйлап еді.

Осы төртінші бөлімнің «Тоталитарлық жүйенің қалыптасуы» деген екінші тарауынан «Ауыл тілі» мен «Жұмысшы» газеттері туралы мәліметтерді кездестіруге болады. Бұл да «Жыл құстары» кітабынан. Нақты мысал: «Ауыл тілі» газеті халық әдебиетіне көп орын берді. Күлдіргі әңгімелерді, өлең-жыр, тақпақ, жұмбақ, аңыздарды жиі жариялады. Бірінші нөмірінде Нарманбет ақынның жырлары, екінші нөмірінде 1916 жылғы көтеріліс туралы ұзақ дастан берілді...» Т.Қожакеев. «Жыл құстары». Алматы «Қазақстан», 1991, 240-б.» (36-б) Осы үзінді «Лекция курсында»:  «Ауыл тілі» газеті халық әдебиетіне көп орын береді. Күлдіргі әңгімелерді, өлең – жыр, тақпақ, жұмбақ, аңыздарды жиі жариялады. Бірінші нөмірінде Нарманбет ақынның жырлары, екінші нөмірінде 1916 жылғы көтеріліс туралы ұзақ дастан берілді...», - деп жолма – жол қайталап беріліп отырады. Бірақ қайдан, кімнің еңбегінен алынғаны туралы ешқандай мәлімет, сілтеме берілмейді.

Одан кейінгі «Қазақ баспасөзіндегі оқу – ағарту, денсаулық әйелдер мәселесінің жарық көруі» деген тақырыпта да осы әдіс қолданылады. Яғни, «Мұғалім» журналы, «Жаңа өріс» газеті, «Азат әйел» газеті, «Теңдік» газеті, «Әйел теңдігі» журналы, «Жаңа мектеп» журналы, «Жаңа әдебиет» журналы тақырыпшалары да түгелдей «Жыл құстарынан» көшіріліп алынған.

Сондай-ақ «1933-1937 жылдары аралығындағы баспасөз», «Облыстық баспасөздердің қалыптасуы» тараулары толықтай Т.Қожакеевтің «Жыл құстары» монографиясынан, «Соғыс жылдарындағы Қазақстан баспасөзі» тарауы толықтай Қ.Бекхожиннің «Қазақ баспасөзі тарихының очерктерінен», «Қайта құру жылдарындағы қазақ баспасөзі» деп аталатын жетінші бөлімі де Қ.Алдабергенов, Ж.Нұсқабаев, Ф.Оразаевтардың «Қазақ журналистикасының тарихынан» толықтай көшіріліп берілген.

 

 

 

 

 

 

Мұны оқыған студент кім боп шығады?

 

Сонда дейміз-ау, «Қазақ журналистикасы тарихы пәнінен лекция курсын» жазған автор, Павлодар қаласындағы жеке меншік Инновациялық Еуразия университеті журналистика бөлімінің аға оқытушысы Шолпан Байғалы «Дәрістер курсының» жазылу ережесін білмегені ғой. Әйтпесе кез келген пәннен жазылатын дәрістер курсы ең алдымен авторлық еңбек болуы керек. Онда кітап бөлімдері мен тараулар және тақырыпшаларға бөлінбей, тек дәріс тақырыптары қойылып, әр тақырыпқа атаулар беріліп, қаралатын мәселелер жоспарланып, әдебиеттер көрсетіліп, сілтемелер беріліп отырылуы керек. Және еңбек толықтай көшірілген «плагиат» емес, кітап авторының өзінікі болуы шарт. Егер кітап құрастырылса, әр бөлім, тарау, тақырыпшалардың авторлары көрсетілуі міндетті. Ал кітаптың сыртына құрастырған адамның аты көрсетілмей, тек титулдық бетте ғана құрастырушының аты-жөні «Құрастырған Бәленбай» деп жазылуына ғана құқы бар.

Бұл дәрістер курсының ең басты кемшілігі - кітап авторының өзі көтеріп отырған мәселеден алшақ болуы. Әйтпесе кітапта қазақ журналистикасын кезеңдерге бөлуден, бүгінгі көзқараспен талдау жүргізіп, пікір айтудан көптеген әттеген-айлар кеткен. Автор әр кезеңнің авторларының еңбектерін таразыдан өткізбей, сол күйінде бере салғандықтан, ескі кеңестік көзқарасты насихаттап, студенттерді адасушылыққа ұшыратады. Мысалы, «Правда» және басқа да кеңестік басылымдарды дәріптеп, сол кезеңнің идеологиясын тәуелсіздік төріне алып шыққысы келеді. Оның үстіне, қазақ мерзімді баспасөзі мен публицистикасының арасындағы ара жікті ажырата алмауына байланысты журналистика тарихын орта ғасырлардан бастап, оның қалыптасып, дамуы «Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуына байланысты» жүзеге асырылды деген қарама-қайшы пікірлерге жол береді. Сондай-ақ ресми, бейресми, жалпыұлттық демократиялық бағыттағы басылымдарды шатастырып, оларға бүгінгі күн тұрғысынан баға беруде де шалағайлық танытады. Ал осындай сапасыз «Лекциялар курсынан» дәріс алған студенттер қалай білімді болмақ?

Ең бастысы, өткен ғасырдың 60-90 жылдар аралығында жазылып, жеке монография, оқулық болып шыққан еңбектерді олардың авторларының келісімінсіз, еш өзгеріссіз өз атынан жеке кітап етіп шығарып, саудаға салу ешбір ақылға сыйымсыз, адамгершілік, заңдық тұрғыдан алғанның өзінде жазалануға тиісті қылық емес пе? Біздің естуімізше, ешқандай ғылыми атақ-дәрежесі жоқ  бұл оқытушы сол оқу орнындағы журналистика бөлімінде бір өзі барлық пәндер бойынша дәріс жүргізетін көрінеді. Сонда дейміз-ау, ертең оның тек қана «Қазақ журналистикасының тарихынан лекция курстары» емес, басқа да журналистиканың теориясы мен практикасынан, радио мен телевизиядан, маркетинг пен менеджменттен, жарнамадан, тіл мен стильден және тағы да басқа негізгі пәндерден жоғарыдағыдай «плагиат» зерттеу монография, оқулықтары, лекция курстары топырлап шығып жатса, оған еш тосқауыл болмайтынына көзі анық жететін сияқты. Себебі, оған бұл кітапты шығаруға рұқсат берген университет басшылары, кітап рецензенттері, министрліктегі жоғары лауазымды шенеунік мырзалар кепілдік беріп, жол ашып отыр ғой.

 

11. Қоғам айнасы

(Павлодар облыстық "Сарыарқа самалы" газетіне 80 жыл)

 

Кез келген мерзімді баспасөзді осылай атауға болады. Оған толық негіз бар. Егер халқымыз бен оның баспасөзінің жүріп өткен жолына көз салып, зерттеу жүргізсеңіз осындай ұйғарымға келетініңіз сөзсіз. Сөз қадірін халықтан артық ешкім бөлмейді. Қазір өз тіліне мұрын шүйіре қарайтын шенеуніктер де, түрі қазақ болса да екі ауыз сөздің басын қоса алмай шүлдіреп жүретін қыз-жігіттер де ол есепте жоқ. Ана тіліне жастай шөліркеп, оның қадір-қасиетіне табынып өспеген баладан келешекте елім деп еңіреп тұратын адамгершілігі биік азамат өспейді. Міне, осының барлығын жүзеге асыру үшін баспасөз қажет. Баспасөз болғанда да қоғаммен қоянба-қолтық араласып, оның мүшелерінің жанашыры дәрежесіне көтерілген баспасөз қажет.

Баспасөз қашан да қоғам айнасы болған және бола да береді. Оған мысалды алыстан іздеп керегі жоқ. Биылғы жылы 80 жасқа толып, мерейі үстем болып отырған Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газеті де сондай халықпен бірге жасасып, өмірдің ыстығы мен суығына бірдей төзіп келе жатқан басылым. XX ғасырдың сонау жиырмасыншы жылдарының қиын-қыстау кезеңінде өмірге келіп, алаштың ұлы арысы А.Байтұрсынов айтқандай «Халықтың көзі мен құлағы және тіліне» айналған жарияланым талай ұрпақтың тәрбие мектебіне айналып, қиналғанда тіреніші, қуанғанда мақтанышы болғандығына күмандануға болмайды.

«Қызыл ту» біздердің де, жетпісінші жылдардың жастарының да қамқоршы, тәрбиешісі әрі сырласы болды десек артық айтпағанымыз. Әсіресе, әдебиет пен мәдениетке бейім, қолдарына қалам ұстаған жастардың. Мен қолыма қаламды шамамен 12-13 жасымда алдым. Алдымен мектепте қабырға газеттеріне ұсақ-түйек хабар-ошар жазып жүрдім де кейін екі-үш шумақ өлең де құрастыра алатын дәрежеге жеттім. Бірте-бірте жазғандарым аудандық, одан соң облыстық газеттерге жариялана бастады. Онжылдықты бітірген соң бірден Армияға алындым да екі жыл бойы Орта Азия әскери округының «Боевое знамия» газетінде әскери тілші қызметін атқардым. Онда жүріп те облыстық «Қызыл ту» газетіне жерлес жауынгерлер туралы материалдар жіберіп тұрғаным есімде. Айтпақшы мен 1967 жылы 7- кластан соң Қырымдағы Бүкілодақтық пионерлер лагері «Артекке» барған сәтімнен  де көрген-білгенімді «Қызыл туға» жібергенім есімде. Ол кезде «Қызыл тудың» редакторы Шошанов ағай, оның орынбасарлары Әбдіқадыров, Дәуренбеков ағайлар болатын. Сондай-ақ, редакцияда Т. Қоңыров, М. Айтпаев, А. Бәделханов, С. Әйтенов, Т. Ибадуллин, Б. Баймұратов сынды бірінен-бірі өткен журналистер жұмыс істейтін. Қазір солардың көпшілігі құрметті демалыста. Бірі ақын, бірі жазушы, бірі публицист-көсемсөзші.

Ол кезде де «Қызыл ту» негінен облыстың тынысы, өнеркәсіп, өндіріс, ауылшаруашылығы, мәдениеті мен әдебиеті туралы жазатын. Онға жуық бөлімдері, сандаған қызықты, тартымды айдарлары болатын. Үзбей әдебиет беті беріліп тұрушы еді. Сын материалдар да көп жарияланатын. Бас мақалалары өте тартымды жазылатын. Арнаулы оқырмандар беті де берілетін. Онда облыстың әр ауданынан көкейкесті мәселелер көтерілетін. Газеттің штаттан тыс, жергілікті авторлары көп болатын. Әр ауданда өзінің меншікті тілшілерін де ұстаушы еді.

Мен «Қызыл Ту» газетімен ҚазМУ-де оқып жүргенде де жиі араластым. 3-ші курстан соң өндірістік тәжірибеде де болғаным бар. Ол кезде газетте жанр алуандығы да мол болатын. Хабар, талдамалы, көркем жанрлардың заметкадан бастап, фельетонға дейін аралықтағы барлық түрлері кездесетін. Тиражы да көп болатын. Оны екі адамның бірі жаздырып алатын. Яғни, басылымның негізгі принциптерінің бірі – пәрменділігі зор еді.

Рас, одан кейін мен газет пен екі арадағы байланысымды біраз жыл жоғалтып алдым. Кейін ҚазМУ-де оқытушы болып жүргенде облыс басылымдарының тарихын зерттеген кезім болды. Сол кезде мен зерттеуші ретінде өзімнің туып-өскен аймағымның айнасы – «Қызыл Ту» яғни қазіргі «Сарыарқа самалы» газетінің тарихына да біраз қанықтым. Әсіресе, онда кезінде бүкіл елімізге белгілі Б. Кенжебаев, Қ. Бекхожин, М. Әлімбаев, Т. Ақшолақов, Ә. Нұршайықов, О. Құдышев сияқты ақын, жазушы, қоғам қайраткерлерінің қызмет істеуі газеттің мазмұны мен сапасына айтарлықтай әсер еткендігі белгілі.

Кейін елге келген соң 2000 жылдың басынан мен өзімнің сүйікті газетім «Сарыарқа самалы» газетінің жұмысына қайта араласа бастадым. Әсіресе, алғашқы жылдары ғылыми және публицистикалық бағыттағы материалдарды көп жарияладым. Тіпті, 2004 жылы оның үздік авторы да атандым.

Жоғарыда айтқанымдай мен Павлодар облыстық газетінің тарихын зерттегенімде оның алғашқы редакторларының бірі Бейсенбай Кенжебаев туралы өзімнің Алматыдағы «Рауан» баспасынан 1997 жылы шыққан «Көне басылымдар. Құнды деректер. Аяулы есімдер» деген монографиямда Б. Кенжебаев 1921-25 жылдары Москвада-Шығыс еңбекшілері Коммунистік Университетінде, одан кейін 1938-40 жылдары М. Горкий атындағы әдебиет институтында оқып, білім алады. 1939-42 жылдары қазіргі әл-Фараби атындағы Мемлекеттік Ұлттық университеті журналистика факультетінде оқиды.

Ал, 1925-28 жылдары «Жас қайрат» газеті мен «Лениншіл жас» журналы редакторының орынбасары болады. Содан кейін қазақ радиосының бас редакторы қызметін атқарады. Сондай-ақ ол «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Павлодар облыстық «Кеңес туы» газеті мен Оңтүстік Қазақстан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеттерін ұйымдастырушы әрі тұңғыш редакторы. 1941-44 жылдары Қазақстан мемлекеттік біріккен баспасының бас редакторы. Содан 1944 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне педагогтік қызметке келеді. Аға мұғалімі, филология  факультетінің деканы, қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, кафедра меңгерушісі, профессор, кеңесші профессор атағына ие болады,-деп жазыппын.

Сондай-ақ, биыл 95 жасқа толған жерлес педагог, ғалым, жазушы Төлеутай Ақшолақов пен марқұм, адуынды ақын Қалижан Бекхожин де өз еңбек жолдарын осы «Сарыарқа самалы» газетінен бастаған. Ол туралы Төлеутай Ақшолақов бір кездескенімізде маған: «Жастық шағымыз аумалы-төкпелі кезде өтті. Қалижан екеуміз 1932 жылы Алматыдағы малдәрігерлік институтына оқуға түстік. Бірақ, дәл осы жылы елде аштық басталып, студент аталғанымызға төрт ай болар-болмастан ауылға қайтуымызға тура келді. Міне, менің еңбек жолым осыдан кейін басталды. Басталғанда да журналистік қызметтен басталды. Сөйтіп, жазу-сызуға жастайымнан құмар болған мен жасымда Павлодар облысының, Павлодар ауданында «Колхоз» газетінің жауапты хатшысы болдым да, Қалижан әдеби қызметкерлікке қабылданды...»,-деп әңгіме айтқан еді.

Ал, Қайыржан Бекхожиннің «Сарыарқа самалы» газетіне қатысы туралы, тағы да біздің бір атақты жерлесіміз Ү. Сұбханбердина өзінің «Айқап» атты кітабында: «Қ.Бекхожин өзінің журналистік қызметін 1929 жылы Павлодар округтік «Кеңес туы», «Колхоз» газеттеріне хат-хабар жазудан бастады. 1935-39 жылдары Семей облысы «Екпінді» газетінде істеді. 1942 жылы Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетін бітірді. 1942-48 жылдары Қостанай облысы «Большевиктік жол» газетінің редакторы. 1945-47 жылдары өзі оқыған университеттің журналистика факультетінде аға оқытушы, деканы болды. 1948 жылдан журналистика кафедрасының меңгерушісі. Ол «Айқап» журналын зерттеуде де көп еңбек сіңірген ғалым. Бекхожин 60-тан астам ғылыми мақала мен «Қазақ баспасөзінің даму тарихы» атты монографиялық кітаптың авторы»,-деп жазған болатын.

Әрине, бұл жерде О. Құдышев, Б. Асанов, Ә. Нұршайықов және т.б. Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің қалыптасып, дамуына қосқан айтарлықтай еңбектеріне де жан-жақты тоқталуға болар еді. Әйтсе де олар туралы бұл кітаптың өн бойында олардың өз естеліктері болғандықтан да, және олар туралы басқа да авторлардың ой-толғаныстары барлығын ескере отырып, әңгімемізді осы арадан тоқтатуды жөн көрдік.

Міне, көріп отырсыздар бір ғана аймақтың, өңірдің 80 жылдық тарихы бар «Сарыарқа самалы» газетінің қалыптасып, даму жолының өзі кез-келген адамды бей-жай қалдырмай, өзінің қоғамға қосқан үлесімен, өмірден ойып алғандай мазмұнымен ерекшеленеді десек еш қателеспегеніміз. Себебі, оның беттерінде бүтіндей бір аймақтың, оның тұрғындарының 80 жылдық тарихы, өмір-тынысы, қуанышы мен күйініші, жеңісі мен жеңілісі, әдебиеті мен мәдениетінде, рухани өмірінде болған оң өзгерістер мен кері көріністері де болашақ ұрпаққа жөн-жоба көрсетіп, жол сілтеп, құс жолындай сайрап жатыр.

12. Аймақтық жоғарғы оқу орындарында журналист кадрларын даярлау проблемалары

        

         Құрметті әріптестер! Құрметті конференция қонақтары! Барлықтарыңызды бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қара шаңырақтарының бірі журналистика факультетінің қабырғасында өтіп жатқан маңызы өте бір зор игі шарамен құттықтай отырып, жалпы республикамыз, оның ішінде аймақтық жоғары оқу орындарында журналист кадрларын даярлауға байланысты соңғы жиырма шақты жыл аралығында қордаланып қалған біраз мәселелерге тоқталып өткім келеді.

         Сіздер бұрынғы Кеңестер Одағында, оның ішінде біздің республикамызда да журналист кадрларының қалай даярланғандығын жақсы біледі деп ойлаймын. Ол кезде БАҚ қызыметкерлерін даярлауға мемлекет, үкімет үлкен көңіл бөлетін. Журналистика факультеттеріне қазақша айтқанда «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар» ғана түсетін. Жан-жақты іріктеулер болатын. Баспасөз беттерінде материалдары жарияланбаған талапкерлер есіктен де сығалай алмайтын. Студенттерге факультет қабырғасында талапқа сай білім берілетін. Университет қабырғасынан түлеп ұшқан түлектер аудандық газеттен республикалық басылымдарға дейін сұранысқа ие болып, тіпті Одақ көлеміндегі БАҚ-тарда да қызмет істеп жататын. Оларға өңкей бір ғылыми атақтары бар, өз мамандығының шеберлері дәріс оқып, журналистиканың қыры мен сырын игеруге баулитын. Үздік студенттер 2-3-ші курстан соң Ломоносов атындағы МГУ-дің журналистика факультетіне барып, оқуларын жалғастырушы еді.

         Оған мысалды алыстан іздеп керегі жоқ. Кезінде Қазақстанда журналист кадрларын даярлаудың басы-қасында аттары алты алашқа мәлім болған Б. Кенжебаев, Қ. Бекхожин, Т. Амандосов, Т. Қожакеев, Ю. Крикунов, Ә. Ыдырысов, М. Барманқұлов сияқты біртуар азаматтардың тұруы, ал қазір олардың игі істерін Н. Омашев, С. Қозыбаев, Ә. Мархабаев, К. Қамзин, Б. Жақып, Т. Бекниязов, Ш. Нұрғожина, Ғ. Ибраева, Қ. Сақ, Л. Ахметовалардың одан әрі жалғастырып отырғандарын айтсақ та жеткілікті.

         Ал ол кездің студенттері туралы айтсақ, бүгінгі таңда еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі болып отырған Мұхтар Құлмұхамед пен осы министрліктің вице министрі Дархан Мыңбайды еске алсақ та жеткілікті. Сондай-ақ, бүгінгі таңда Қазақстандағы жалғыз журналистика факультетін басқарып отырған да бұрынғы журфактың түлегі, бүгінгі арқалы ақын, белгілі ғалым филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып екендігін мақтанышпен атап өтуге болады.

         Мен өзім де кезінде осы қара шаңырақты аяқтап, одан соң 15 жыл ассистенттіктен докторлық жолға дейін өткендіктен және қазір де осы салада қызмет істеп жүргендіктен бұл проблеманы бір кісідей-ақ білемін деп санаймын.  Біздерде «тас түскен жеріне ауыр» немесе «ауруын жасырған өледі» дейді. Осыған орай бүгінгі таңда елімізде 17 жоғары оқу орындарында журналист кадрларын даярлайды екен. Бұл оқу орындарының Алматы мен Астанадан басқасының барлықтары облыс орталықтарында.

         Кезінде нарықтық экономика талаптарына сай ашылып, әлікүнге дейін жұмыстарын жалғастырып келе жатқан осындай бөлімшелер мен кафедралардың бүгінгідей жаһандану талаптарына сай ма, жыл сайын олардың қабырғаларынан шығып жатқан ондаған, жүздеген журналист кадрлары сұранымға ие ме, олардың алған білімдері қоғамды қанағаттандыра ала ма деген заңды сұрақтар туындайды. Мұндай сауалдарға біздер көбіне аймақтық БАҚ-тың сұранымын қанағаттандырып жатырмыз деген жалпылама жауаптармен құтыламыз.

         Осымыз дұрыс па? Әрине дұрыс емес. Аймақтық жоғары оқу орындарында ең алдымен техникалық құрал-жабдықтармен телерадио студиялар жетіспейді. Тіпті, жоқтың қасы деуге болады. Бұдан да зоры кадрлардың тапшылығы. Болашақ журналистерге теориядан дәрісті негізінен филологтар оқиды. Олар студенттерге әдебиетті жақсы білсеңдер болды, таланттарың болса өздерің-ақ жазып кетесіңдер деп журналистикаға басқа мамандықтан келген адамдарды мысалға келтіретін көрінеді. Сонда олар төрт жыл оқып, журналистиканың жанрларын ажырата алмайтындардан қандай маман шығады деп ойлайды екен.

         Қазір елімізде 2500-дай басылымдар шығады екен. Оның 2000-ы орысша, қалған 500-і қазақша. Осы 500-дің 300-і Шымкенттен шығатын сары басылымдар. Сонда қалған 200 жарияланым қазір саны 8 миллионға жеткен жергілікті тұрғындардың қай жеріне жамау болмақ. Оның үстіне бұлар безендірілуі, мазмұндық сапалығы жағынан сын көтермейді. Бір кездері кейбірі облыстық газеттерден де озып кететін аудандық газеттер қазір әбден азып-тозып біткен деуге болады. Облыстық газеттердің өздері де ресми ақпараттардан асып кете алмай жүр. Халықтың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани жайлары аз қозғалады. Сын материалдарды мүлде кездестірмейміз. Газет басшылығында әлікүнге дейін бұрынғы кеңес идеолоиясында басшы қызметтерде болған ақсақалдар мен қарасақалдар отыр.

         Меніңше осының барлығы да журналист кадрларын даярлауда жіберіліп отырылған кемшіліктер. Қазақта «ештен кеш жақсы» дейді. Енді кезінде жіберіп алған ағаттықтарды түзетіп, республикамызда журналист кадрларын даярлауды дұрыс жолға қоятын кез жеткен сияқты. Ол үшін әсіресе, аймақтық жоғары оқу орындарында журналист кадрларын даярлау мәселесіне Білім және ғылым және Мәдениет пен ақпарат министрліктері тарапынан бүгінгі күн тұрғысынан талаптар қойып, қол ұшын созу керек. Жоғары оқу орындарының ректорларына лабороториялар мен студиялар ашу және білікті маман оқытушылармен жабдықтау тапсырылып, егер ол шарттар орындалмаса лицензияларын қайтару алу қаралса, сапасыз мамандар даярлау доғарылар еді. Оның үстіне осы журналистер кадрларын даярлайтын 17 жоғары оқу орындарына бір ортадан басшылық жасап, бағыт-бағдар беріп отыратын Кеңес ашылса. Ол Кеңес ауық-ауық аймақтық жоғары оқу орындарында журналист кадрларын даярлаудың сапасын тексеріп, оларға маман кадрлар даярлауға көмектесіп, шетелдік басқа жоғары оқу орындарымен байланыс жасаудың аракөпірі болып, оқытушылар мен студенттердің алмасуына жағдай жасап, ең құрмады тоқсанына бір рет түрлі ғылыми-тәжірибелік, оқу-әдістемелік тұрғыдағы бас қосулар өткізіп тұрса нұр үстіне нұр болар еді.

         Сондай-ақ, диссертациялық Кеңесте кезек ретімен жылына біреуден болса да әр аймақтан кандидаттық диссертациялар қорғатып, ҚазМУ «Хабаршысында» мақалаларын жариялап, келісім шарт бойынша магистрлер даярлап беріп отырса деген ұсыныстарымыз бар.

         Сөз соңында өзім жетекшілік ететін С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің журналистика кафедрасы туралы бір ауыз мәлімет бере кеткім келеді. Бізде журналист кадрларын даярлау 2001 жылдан жүзеге асырылып келеді. Содан бері жоғарыда айтқанымыздай жүзден астам журналист кадрлары даярланыпты. Қазір олардың көпшілігі аймақтық БАҚ-тарда қызмет атқаруда. Бүгінгі таңда біздің кафедраның орыс және қазақ бөлімдерінде жүзден астам студенттер оқиды. Былтыр қазақ бөліміне 12 студент (5-і грант), орыс бөліміне 8 студент (3-і грант) оқуға түсті. Биыл университет қабырғасынан 20 түлегіміз бітіріп шықпақ. Қазірдің өзінде олардың 70 пайызы жұмыспен қамтылып отыр. Биыл жаңа оқу жылынан радио және телестудия пайдалануға берілмек. Оқытушылардың 70 пайызы журналистер. Студенттердің күшімен университеттің «Білік» және қалалық «SMS» жастар газеті шығарылып, облыстық телевизия арқылы «Өртең» жастар бағдарламасы ай сайын шығарылып тұрады.

 

 

13. Егемен елдің еркін баспасөзі:

функциялары мен даму заңдылықтары

 

Енді ғана өз билігі өзіне қайта тиіп, ұлттық мемлекетінің іргетасын қалай бастаған қазақ халқы үшін өзінің жүріп өткен жолының ғылыми шынайы тарихын жазу қажеттілігі күннен күнге айқын сезілуде. Өйткені ұлттың бүгінге дейінгі тарихы ертеңгі тағдыры. Барлық халықтар сияқты қазақтар да өзінің тарихи жолында тәжірибесінің арқасында бүгінге жетті, бүгінгі болмысына сүйеніп ертеңіне қол созып отыр. Демек, қазақтың бүгінгі қалтарысы, шырғалыңы мен ұмтылысы, қайғысы мен қасіреті көп кешегісінің, арманға жеткізер, мол үмітін артар ертеңі – бүгінгі күннің жалғасы. Ұлттың кешегісін бүгіннен, бүгінін ертеңінен айыру мүмкін емес. Ал, осы біртұтас ұлт өмірінің алтын діңгегі, оның тұла бойындағы өзегі – оның тарихы.

Қоғамда болып жатқан әр алуан, ірілі-ұсақты оқиғалар туралы дер кезінде оқырмандарына мәлімет жеткізу міндетін атқаратын мерзімді басылым, уақыт өте келе баға жетпес құнды деректер көзіне айналады. Халыққа болған оқиға туралы жедел ақпарат таратқан мерзімді басылым, сол оқиға туралы өз бойына қажетті мағлұматтар жинайды, сөйтіп, уақыт өте келе өзі де, тарихи дерек көзі ретінде ғылымға қызмет етіп, оқиғалардың кейбір қырларын ашуға көмектеседі.

Әсіресе, соңғы жылдары еліміздің тәуелсіздік алып, өз тарихын обьективті жазуға мүмкіндік алуына байланысты ұлттық деректерге, оның ішінде қазақ тіліндегі басылымдарға байланысты ұлттық деректерге, оның ішінде қазақ тіліндегі басылымдарға деген жаппай қызығушылық, оларды ел тарихының дерегі ретінде ғылыми айналымға молынан тарту, қазақ баспасөзін өзіндік ерекшеліктері бар тарихы дерек көзі ретінде кешенді талдаудың қажеттілігі күннен күнге артып отыр.

Газет не журнал белгілі бір мерзімділікпен өткенді өз бетінде бейнелейді. Сондықтан олар қоғам өмірінің өткені жазылған өзіндік күнделік міндетін атқарады. Демек, уақтылы шығып тұрған газеттер өткеннің белгілі бір кезеңдегі үздіксіз даму тарихын қалпына келтіруге көмектесе алады. Газет материалдары өзінің құрамы жағынан әралуан болып келеді. Онда ақпараттың мәліметтерімен қатар өзінің мазмұны жағынан әртүрлі жанрларға жататын жеке адамдық дерек кездеседі. Баспасөз материалдарының өзінің құрамы жағынан күрделілігі оның басты деректік ерекшелігі болып табылады. Баспасөз мәліметтерінің формасы жағынан да, мазмұны жағынан да әртүрлі болып келуі, оларды ұлт өміріне қатысты жан-жақты мәлімет алуға мүмкіндік береді.

Біз ұлттық мәдениетті қорғауға, салт-дәстүр, әдет-дағдыны сақтауға, уағыздауға тырысамыз. Батыстың жетілген жүйелері мұндай саясатты прогресске ұмтылмау, мәдениеттен қалу, надандыққа, сауатсыздыққа бой ұру деп бағалайды. Бұлай деу, әрине арандату, өз идеологимыздан бас тартқызу. Ата-баба жасап беріп кеткен мәдени, рухани құндылықтарды сақтау, насихаттау, жаңалықтан безу, прогресске тарту емес, ұлттық қадір-қасиеті, менталитетті сақтау, патриоттық сезімді ояту, ұлттық ар-намысты күшейту. Ұлттық құндылықтардан безіп, басқа елдің мәдениетіне құлай салу, оны қабылдай қою – дәстүрсіздік, отансыздық. Сондықтан қазіргі ұйымдасқан, еріктен тыс жан-жақты, білікті, күрес қана мәдени империализмнің, идеологиялық диверсияның бетін қайтара алады. Бұл күрес бұқаралық ақпарат құралдарының өз бетінде оларға қарсы айтыстар, терең талдаулар, ғылыми зерттеулер арқылы жүргізілуге тиіс.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасы ақпарат құралдарының да күн тәртібінде бүгін қойып жүрген, бірақ шешімін ертең табатын проблемалары аз емес. Мысалы, бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарының партиялығы дегенді қойдық деп жүрміз. Біздіңше, бұл әлі қағаз жүзінде ғана. Олай дейтініміз, кез-келген ақпарат құралы дейтініміз, әлі де өз иесінің, өз құрылтайшысының, өз қозғалыс, партиясының міндет-мақсатына сай келетін пікір айтқандарға ғана сөз береді, сондайлардың материалын ғана жариялайды.

Ескі қырсық-тым идеологияшылдық, партияшылдық, тақырыптық тарлығы, назар обьектінің аздылығында еді. Қазіргі кемшілік – журналистер қауымының мамандық мүмкіншілдігін толық пайдалана алмай жатуында. Болмаса қазір журналиспен санаспайтын шенеунік сирек. Бұл туралы кезінде Жүсіпбек Аймауытов өзінің «Ел газетке не жазбақ» атты мақаласында: «...   жанына жағымды, тілі батарлық сөздер басылмаса, ондай газет бағасын жоймақ, кім көрінгенге қолжаулық, майлық, шылым орауыш, тағы бірдеме болмақ. Бірақ газетшіге кінә қоятын да, қоймайтын да орын бар. Жұрт жазбаса ішіндегісін тауып жазатын газет «тәуіп» те, «пайғамбар» да емес...Ел: «жазбасам, маған серт, баспасаң саған серт!» деген жолға түссе, сонда газет елдікі болады. Сонда жұрт газетті қызығып оқитын болады, газеттен пайдаланады»-деп жазған болатын.

Бұдан артық қалай айтуға болады. Газет біздіңше, өзінің бет-бейнесін әлі жоғалтқан жоқ. Бүгінгі журналистиканың аяғына тұсау болып тұрған қаржы үшін немесе «таралымын көбейтеміз» деген желеумен жалт етпе жылтыр, арзанқол дүниелерге орын беріп, шатасып қалмаса деген ойлар бар.

Шүкір, ел егемендік алды. Материалдық жетіспеушілікті ашық айтып жүрміз. Ал, рухани тәуелсіздікті қайтеміз. Осы зәру мәселе аз жазылатын секілді. Жан дүние еркіндігі бәрінен басым. Ұлтта рухани тәуелсіздігін сезіндіру, оның болуын қамтамасыз етудің де алдымен осы газеттің зайырлы міндеті болып қалмақ.

Интеллект басымдық алған зайырлы елде саясатпен айналыспаймын деу бекер. Ішкі-сыртқы саясаттың көпшілікке беймәлім иірімдерін ақтарып айтып, жарқыратып жазар болса, оның да оқырманы аз емес.

Кейде өмірлік мәселелерді газеттер жарыса жазып, аяқсыз тастап кете береді. Ондайда оқырманның шатасуы мүмкін ғой. Немесе, егемен елдің болашағы бұлдыр деген қауесетке қарсы байыпты болжам жасау, тұжырымды түйін түю де осы газеттің міндеті сияқты.

Ресми материалдарды құлаш- құлаш етіп емес, шама келсе, талдап беру керек шығар. Билік тарапынан қарсылық болары хақ. Бірақ күрессіз өмір жоқ қой.

Журналистикадағы  шеберліктің қазіргі жай- күйін айтқанда, мұның ішінде дәстүрлік жанрлық жүйеге тоқталған жөн. Себебі, қоғамда туындаған күрделі өзгерістер баспасөздің бұрыннан қалыптасқан жанрларына айтарлықтай әсер етті. Жанрдың эволюциясын бәрінен бұрын мынадан: коммуникациялық техниканың дамуынан, аудиторияның әлеуметтік құрамының өзгеруінен, жаңа қоғамдық қажеттердің пайда болуынан, каналдар функциясының өзгеруінен, өмір шындығын неғұрлым тиімді көрсету үшін журналистердің жеке-жеке ізденістерінен көру керек.

Бұл күйді соңғы он бес жылда қазақ баспасөзінің жанрлары да басынан кешірді. Алғашқы соққы бас мақалаға тиді.

Екінші соққы «Газеттің романы» атанған очерктер мен кез келген қаламгердің қолынан келмейтін күрделі әдеби – публицистикалық жанр – фельетондарға бұйырады. Соңғы жылдары газет беттерінен очерктер мен фельетондардың көрінбей келуі бұған дәлел бола алады.

Үшінші соққыны «Баспасөзге шолу» жанры қабылдады. Бұл жанрдың көп жылдық оң ықпалы «Баспасөз беттерінен», «Жергілікті газеттерден» айдарлары арқылы мәлім болып еді. Газеттеріміз қазір баспасөзге шолуды жаңа басылымның тұңғыш нөмірі туралы хабар берумен ғана шектеліп жүр.

Сайып келгенде, жоғарыда айтылған «соққы көрген» жанрлар «айқас алаңынан» азат болды да, ақпараттың тұрғыдағы заметка, есеп, репортаж, сұхбат жанрлары алғы шепке шықты. Бұлармен бірге бұрынғыша талдамалы сипаттағы мақала, хат, шолу жанрлары пайдаланып келеді.

«Бір айдың жартысы жарық, жартысы қараңғы» демекші, сан жылдар бойы орныққан жанрлардың да аяқ асты жоғалып кетуі мүмкін емес. Қалай болғанда да олардың орнын басатын жаңартып, жаңғыртатын әдістер туындауға тиіс екендігі белгілі.

Рухани байлықтың қайнар көзі – баспасөз. Баспасөз ел санасын оятып, жақсартады, саяси біліктілігін көтереді. Адамгершілік қасиеттерін қалыптастырады, еңбекке икемдейді, эстетика жағынан талғам – тұшымын арттырады. Бүгінде баспасөзіміз Қазақстан Республикамыздың тәуелсіздігін, халықтардың мызғымас бірлігін сақтап қалу, жастарды ұлтжандық, патриоттық сезімін күшейту жолында күрес жүргізіп келеді. Сөз бостандығын, пікір алуандығын пайдаланып, рухани мұраларымыздың бай дәстүр, парасатты әдет – салтымыздың жоқтаушысы, насихатшысы болуда.

Тәуелсіздік алғаннан бергі ұлттық журналистиканың дамуында ерекше бір кезең басталды. Бүгінгі қазақ баспасөзінде беріліп жатқан материалдардың тақырып тың, проблемалық ауқымы кең деуге болады. Әсіресе, қазіргі таңда мәдениет, экономика, ел, жер тарихы, тәуелсіздік тақырыптары тереңірек қамтылуда. Бұған мысал ретінде белгілі ғалым, қоғам қайраткері, публицист Рахманқұл Бердібаевтің «Қазақ әдебиеті» газетінде «Жазушының жан айғайы» айдарымен берілген «Ұлт басындағы үш қатер» деген проблемалық материалын келтіруге болады.

Мұнда автор негізінен үш қатерді: экология, дін бұзарлар мен тіл мәселесін әңгіме арқауы етеді. Қазақ жерінің қай бұрышы да өлім себетін, сынақ алаңына айналғанына мысалды түгендеп шыға алмаймыз. Арал теңізінің ортасындағы Барса Келместе адамды жаппай қырғынға ұшырататын бактериологиялық қарулар сынақтан өткізілгені кейінгі кезде ғана мәлім бола бастады. Сондай-ақ Қазақстанға жер-жаһандағы діндердің бәріне есікті айқара ашатын болсақ, біздің республика нағыз космополиттік елге айналады, ұлттық дәстүр, парыз, қарыз, ар-ұят деген ұғымдар жойылады, ешқандай зеңбірексіз, ракетасыз-ақ жұртымыздың іргесі сөгіледі, бір ата- анадан туғандарлың өзі түрлі дінге бөлініп кетсе, бір- бірімен басы қосылмайды, ақырында діндер арасындағы қайшылықтар көз көріп, құлақ естімеген жат бауырлыққа жеткізеді, рухани жағынан қазақ елінін тоз-тозын шығарады. Бұған қоса әлі күнге өз шешімін таппаған тағы бір қатер – тіл мәселесі. Қазіргі кезде көптеген қазақ мектептері мен бала-бақшаларынын жабылуы, газет, журнал, кітап тиражынын күрт төмендеуі, бұл жағдайда түзеуге мемлекеттің бейтарап қарап отырғаны шошындырады. Қазақ тілінің толық мағынасында өркен жаюы үшін осы тілде сөйлейтін ұлттық орта қажеттігі негізгі мәселенің бірі болып көрінеді. Қазағы азшылық жерлерде мемлекеттік тілдің көгеріп, көктеуі мүмкін емес екенін өмірдін өзі әбден дәлелдеп берді. Республиканың өз ішіндегі қазақты «қазақтандыру» қаншалықты маңызды іс болса, басқа мемлекеттердегі қандастарымыздың ұлттық тіл, мәдениет дәстүрлерінен ажырап қалуын ойластыру да соншалықты ділгір мәселе. Нарықтық экономикаға өтеміз деген сапырылыстардың тасасында қазақтың ұлттық өрлеу проблемасы ұмыт қалдырылса трагедияның үлкені сол болмақ. Озбырлардың сан түрлі зұлымдықтарын көріп, ежелгі өр мінезімен айрылып қалған, бірақ шындап бір бұрылса дегеніне жетпей қоймайтын талантты халқымыз өз азаматтығы үшін жүздеген жылдар бойы күрес жүргізіп, тәуелсіздік туы енді қолымызға тигенде жасып, жігермізденіп, құлдық пен кемдікке, тексіздікке мойын ұсынып қалуы мүмкін емес. Міне, тәуелсіздік алғаннан бері кезде, республикамыздың «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш», «Жас қазақ», «Түркістан» сияқты ұлттық басылымдарында осындай ауқымды тақырыптар жарияланып, шешімін тауып жатыр. Тақырып сан салалы, олардың берілу формалары мен жанрлары да әр түрлі. Сонымен қатар оқырмандар тарапынан қабылдануы да біркелкі емес. Әйтсе де, соңғы кездері қазақ басылымдарының да етек-жеңі жиылып, егемендігіміздің орнығуына үлес қосу жолында айтарлықтай қызмет атқарып келе жатқандығы байқалады.    

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ЕКІНШІ ТАРАУ

 

                               Төртінші билік тағылымы

 

                                      1.Әлем және ақпарат

 

«Хабаршының» - «Әлем және ақпарат» бөлімі басылымның төртінші санынан бастап, тұрақты орын алған. Бұл тақырыпқа содан бері 20-дан астам түрлі материалдар жарияланған. Әсіресе, бұл тұрғыда профессор Н. Омашевтың «Журналист дайындауда жаңалық көп», «Бізде идеал болмай ма?», «Новое в подготовке журналистских кадров» деген мақалалары бүгінгі таңның журналистикасына байланысты өте актуальды мәселелерді көтереді. Мысалы, «Құрама Штатта журналист кадрларын даярлайтын оқу орындары көп-ақ. Онымен арнайы факультеттерден бастап, департаменттер мен мектептер (44 штатта 164-тен асады) және әртүрлі шіркеулер, жеке меншік университеттрмен кейбір компаниялар айналысады.

 Оларда болашақ мамандарды қабылдау шарты әр алуан. Мысалы, Оклахома мемлекеттік университетінің (ОСИ) журналистика бөліміндегі 322 шәкірт алғашқы жылы тек университтетің студенті атанып, жалпы білім беретін пәндерді ғана оқыған, сонан соң келер жылы осы мамандықты таңдайды» 1.

Осы қысқа ғана мәліметтен біздер «демократия сақшысы» атанып отырған АҚШ сияқты алпауыт мемлекетте журналистика кадрларын іріктеуде ұсақ-түйектің болмайтындығын аңғарамыз. Осындайда біздерге олардан көп нәрсені үйрену қажет сияқты. Мысалы, біздерде оқуға түскен адам оны қалай да бітіріп шығуы шарт қой. Көбіне-көп ол студенттің таланты, қоғамға қаншалықты қажеттілігі есептеле берілмейді.

Осыған орай жоғарыда айтылған мақалада: «Дамыған елдерде теория мен тәжірибе арасында алшақтық аз. Идеяны іске асырулары өте шапшаң. Ғылым жаңалықтарын қолма-қол өндіріске енгізетін технопарк іспетті механизмдер әбден жетілген. Біздегі жағдай мүлдем, керісінше. Жалаң теорияны соққанда алдымызға жан салмаймыз, ал оны іске асыру көзін қарастырып жатқан кісі шамалы» 2,-деген жолдар бар.

Бұл арада мақала авторы тегін күйінбейді. Шын мәнінде қазір әсіресе қазақ мерзімді баспасөзінде шексіз қысқартулар (аудандық, облыстық газеттер мен радиотораптар) жүріп жатқанда, жоғары дәрежелі журналистер, қызметкерлер бос жүріп, олардың орнын (әсіресе коммерциялық бұқаралық ақпарат құралдарында) баспасөзге ешбір қатысы жоқ, тіпті жоғары білімі жоқ пысықайлар басып жатқанда тәжірибе түгіл жалаң теорияны да игеру бара-бара қиынға соғып кете ме деп қорқамыз.

Осы тұрғыда айта кететін келесі бір мақала профессор М. Барманқұловтың «Масс-Медиа: Турция-Казахстан» деп аталатын зерттеу еңбегі. Онда негізінен туысқан Түркия мемлекетінде бұқаралық ақпарат құралдарының өте жоғары дәрежеде дамып отырғандығы былайша сөз болады: «Теледидардың басқару орталығы арқылы 40 каналды бірдей қосып көргенде ғана біздің Түрік телевизиясы туралы түсінігіміздің тым аз екендігі байқалады. Каналдардың ішінде Американың Си-Эн-Эн бағдарламасы және неміс тіліндегі бағдарлама бар. Оның үстіне француз тіліндегі тағы бір канал жұмыс істейді. Ал қалған барлық каналдар (37) тек түрік тілінде жүргізіледі. Барлық мультфильмдер, тіпті түрлі жарнамалар да мемлекеттік тілде беріледі. Олар қолдарына біздің орыс тілінде жазылған «Телевидение: деньги и власть» деген қалың кітабымызды алғанда оны қалай оқимыз деп таңданыс білдірді. Себебі, ондағы барлық хабарлар түрік тілінде берілсе, әріптері латын әрпімен, тіпті сирек берілетін шетелдік хабарлар да осы тілде жүргізілсе, олардың ренішін түсінуге болады» 3.

Бұдан әрі автор түрік тіліндегі хабарлардың Қырғызстанда, Өзбекстанда, Түркменстан мен Тәжікстанда көрсетілетінін, бірақ Қазақстан одан аулақ екенін айтады. Рас, бұл канал бұрын Алматы қаласы бойынша берілетін. Бірақ, кейін түсініксіз себептерге байланысты тоқталып қалған. Онда сондай-ақ баспа ісі де өте жоғары деңгейіне қойылған. Бұған осы материалды оқи отырып көз жеткізесіз. Қысқасы, біздерге түрік туыстарымыздан бұл салада үйренеріміз көп екен. Екіншіден, олар біздерге бұл сала бойынша да көмек көрсетуге достық құшақтарын ашып отырғанға ұқсайды. Тек, соны жүзеге асырар адамдар табылса шіркін!

Осы сияқты «Хабаршыда» шетелдердің ірі капиталистік және дамушы мемлекеттерінде жалпы баспасөз оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарының қалай дамып отырғандығы жайындағы мәселелерді көрсететін бірталай іргелі зерттеу еңбектерде жарияланып отыратын көрінеді. Солардың бірі С. Барлыбаеваның «Азиатский информационный рынок» деген мақаласы.

Азиялық кеңістікте телекоммуникациялық жарылыстың пайда болуы олардың экономикалық және әлеуметтік дамуына тікелей байланысты болмақ. Әйтсе де, XX ғасырдың 80-90 жылдарынан бастап бұл аймақта ақпараттық инфрақұрылымның кілт өрлеу нышандары байқалады. Оған 1992 жылдың желтоқсанында Гонконгта болған Азиат-Тынық мұхит аймағында телевизияның кабельді-спутниктік жүйелер бойынша өткізілген конференция дәлел. Бұл мәселе Азия телекоммуникациялық ұлттық саясаттың бір бөлігі болып отыр. Бірақ, көптеген елдер спутниктік каналдарды жергілікті жағдайларға байланысты реттеп отыруды да ұмытпаған. Бұл жөнінде жоғарыда аталған мақаланың авторы: «Алайда, өкімет көп жағдайда шетелдерден берілетін хабарлардағы «әлеуметтік қайшылықтар» тудыратын материалдарға тыйым салады. Мәселен, Малайзияда американың «Майами полициясы. Қылмыс бөлімі» деген сериалды көрсетуге тыйым салған. Сондай-ақ нәсілшілдік, зорлық-зомбылықтарды көрсететін бағдарламаларға да жол жоқ. Қытайда да «қажеті жоқ» бағдарламалар мен парнографияларға тосқауыл қойылған», - деп жазады 4.

Ал бізде ше? Әсіресе, КТК, 31-канал, Шаһар сияқты каналдарда жоғарыда аталғандардың барлығы да бар. Тыйым салып, қарсылық көрсетіп жатқан ешкім жоқ. Бұл коммерциялық каналдар ақша үшін бәрін істейді. Керек болса, бағдарлама басшыларының өздері де еш лыпасыз халық алдына шығуға бар. Оның үстінде жоғарыда М. Барманқұловтың айтқанындай хабарлар ұлттық тілде берілсін деп жатқан ешкім жоқ. Бізде айтылған сөз орындалмайды. Бәрі де «ит үреді, керуен кетедінің» кері.

Осы тақырыпта басылымда А. Ахметбекұлының «Жапон журналистикасы жайында» деген ғылыми мақаласы жарияланды. Шын мәнінде бүгінгі таңда ғылым мен білім жағынан алдыңғы қатарда тұрған ел – ол Жапония. Әрине, тек Азия құрлығында ғана емес, бүкіл дүние жүзі бойынша солай. Бұл еңбегінде автор Жапонияда журналистерді дайындаудың негізгі 3 бастау көзіне тоқтай келіп былай дейді.

«Жапондар БАҚ тек хабар таратушыларды ғана дайындап қоймай, хабар тыңдаушыларды дайындауға да маңыз беру керек деп есептейді. Сондықтан бүкіл қоғамда журналистика ғылымын тануды, оны бағалауға, оны бақылауға, сынауға бейімдеп отырады. Жапонияда бастауыш-орта мектептерде журналистерді тәрбиелеу сабағы жүреді. Журналистикаға әуестенуші балалардың туындылары мектепте, аймақта, тіпті мемлекет көлемінде бағаланып, насихатталып жатады. Сондай-ақ, жай бұқара арасынан хабарларға сын айтушылар мен оны бағалаушылардың пікір, ұсыныстарының діттеген жеріне жетуіне арнаулы тиімділіктер жасалған. Осыған байланысты Тайваньнан шығатын «Лән Хы бау» (Бірігу) газеті 1984 жылғы 27 ақпандағы санында былай деп жазады: «Дүниежүзінде білім беру, ағарту саласының жағдайы мәз емес, алайда дамыған елдер өмір бойлық оқуды жолға қойып та болды. Үйренушілер үшін мүмкіндік көп, мамандық та әр алуан, техникалық, кәсіптік ой-өресін көтеру, денсаулық сақтау, философия т.с.с. іздегеннің бәрі және оны қоғамдық игіліктің қатарында деп есептейді. Жапонияның бұқаралық хабар тарату жүйесі – өмір бойы үйренудің» ең күшті қозғаушысы. Асахи телелидарын тек Токио, Шинхикиоде көлемі кең сырттай оқыту орталығын құрды. Онда 550 пән бойынша 60 мыңнан астам оқуда. 6 жастағы баладан 80-дегі шал-кемпірге дейін бар.»

Жалпы, осы журналист дайындаудың үшінші бастауы жөнінен Жапондар бұқаралық хабар тарату деген ұғымға таратушы да, тыңдаушы да саяды деп қарайды. Сондықтан да олар теледидарда сөйлеп тұрған журналисті де, оны көріп отырған көрерменді де журналистика деген ғылымнан сауаттандыруды мақсат етеді.

Ал бізде ше?»  5.

Иә, орынды сұрақ. Шынында бұл мәселе бізде қандай дәрежеде? Республикамыз журналист дайындаудан құр алақан емес. Біздің қара шаңырақтан басқа барлыққа дерлік облыс орталықтарында және жеке меншік оқу орындарында журналистика кадрларын даярлайды. Бірақ, осында нақты жүйе жоқ сияқты. Мәселен, облыс орталықтарындағы журналистика бөлімдерінде не оқу базасы, не ұстаз кадрлары жоқ. Ал, соларды бітіріп шығып жатқан журналистердің деңгейі қай дәрежеде болмақ. Біздіңше, жеке меншік оқу орындарында да осы жағдай қайталануда. Оның үстіне бұқаралық ақпарат құралдарының жүйесі нашар. Әсіресе, ұлт тіліндегі.

Осы мәселенің екінші бір қыры шетел тәжірибесінің қазақ журналистикасына ықпалы екендігінде дау жоқ. Бұл туралы белгілі ғалым Б. Жақып пен С. Құсманованың «Шетел тәжірибесінің қазақ журналистиксына ықпалы» деген мақалаларын көлденең тартуымызға болады. Авторлар ә, дегеннен «Демократия да, баспасөз бостандығы да – ойына келгенді айту, қолынан келгенді істеу емес» дей келіп ойларын одан әрі былай деп өрбітеді:

«Бұрыннан белгілі бұл шындық біреуге таңсық болғанымен, өрелі елдер үшін әлдеқашан аксиома. Тәртіптің өзі – мәдениет. Мәселен, демократияның да баспасөз бостандығының да Отаны саналатын АҚШ-тың «Азаттық» радиостанциясының қатаң шек қоятын, тыйым салатын 18 түрлі әдепті талабы бар екен. Олардың кейбірі мынадай: 1) «ұзынқұлақты пайдаланба!», яғни эфирге берілетін хабар кемінде әртүрлі екі фактімен расталуы тиіс. 2) «Арзандатпа!». Батыста, оның ішінде АҚШ журналистеріне мұндай насихат жүргізуге қатаң тыйым салынған. Журналистер митингісіз шақыруға, ұлтаралық қақтығысты өршітуге құқықты емес. Ондайға жол берген журналист жұмысынан айрылады. Оларда әдепті бұзу – айтыс-тартыстың обьектісі емес, қылмыстық факті ретінде қаралады. Ал бізде ше? Заң арқылы реттелетін нәрсені көбіне дау-дамайға, айтыс-тартысқа салып жататынымыз ыңғайсыз-ақ. Осының өзі мәдениетінің, журналистік сауаттылықтың кемдігін көрсетеді. Жалпы, кәсіптік әдептің моральға қарағанда заңдық сипаты басым екені даусыз. 3) «Эфирде біреуге еліктеме!» яғни, батыс, АҚШ елдерінде. Кеңес кезіндегі олардың өздерінің қылмыскерлер, баскесерлер, шпиондар деп жамандағанына ұқсап кетпеу талабы журналистерге қатты қойылады екен.

Әрине, бұл тұрғыда жоғарыда айтқанымдай біздердің әлі де болса шетелдік журналистерден үйренеріміз көп. Бірақ, солардың бәріне аузымыздың суы құрып, еліктей бергеніміз жөн бе? Әлде, өз ұлтымызға, халқымызға тән жүйелерді қолданғанымыз жөн бе? Құдайға шүкір, биыл қазақ мерзімді баспасөзінің құрылғанына («Түркістан уалаятының газеті») 140 жыл толып  отыр ғой. Біздер көбіне өткен тарихымызды ұмытып, жас елміз, тәуелсіздік тарихымызға 18-ақ жыл толды деп кеуде қағамыз. Тегі, осынымыз бізді жарға жықпаса болды.

Ендігі бір мәселе шетелдерде қазақ тілінде басылымдар жайы. Осы тұрғыда «Хабаршыда» Оқан Әбдірақұлының «Қытайда қазақша шығатын газеттерге шолу» деген мақаласын айтуымызға болады. Автордың айтуынша ҚХР-да 1 миллион 200 мыңға жуық қазақтар тұрады екен. Осыншама халыққа арналып онда «Шыңжаң газеті», «Іле газеті», «Алтай газеті», «Тарбағатай газеті» деген басылымдар шығып тұрады екен. Солардың қайсыбіреуі жайында автор мынадай мәлімет береді:

«Шыңжаң газеті» Шыңжаң өлкесінің орталығы Үрімжіде 1935 жылдан бері қазақ тілінде шыға бастады. Қытайдағы қазақ баспасөзінің дамуына негіз болды. 1950 жылы Қытай коммунистік партиясының басшылығы орнағаннан кейін бұл басылым жергілікті баспасөз органы ретінде аптасына бір рет шығып, қазақша ең басты газеттердің біріне айналды.

1955 жылы Іле Қазақ автономиялы облыс құрылғаннан кейін «Іле газетін» күшейту мақсатында «Шыңжаң газетінің» қазақ редакциясындағы редактор, тілшілердің бір тобы облыс орталығы Құлжаға ауысты. Сол жылдың қазан айынан бастап аталмыш газет «Шыңжаң малшылары» деген атпен аптасына 2 рет шығатын болып өзгерді. Ал, 1989 жылдың 1-қаңтарынан «Шыңжаң газеті» деген аты қалпына келтіріліп, көлемі үлкейіп, күнделікті газетке айналды. Қазіргі Қытайдағы қазақ тіліндегі ең бастысы болып есептелетін бұл газет ұйғыр, қазақ, қытай, моңғол тілінде 4 нұсқа болып шығатын Шыңжаң-ұйғыр автономиялы райондық коммунистік партия комитетінің органы болып саналады. Газеттің қазақшасы соңғы жылдарда Қытайда жүріп жатқан реформаға сай мазмұны, көркемделуі жағынан барған сайын жақсартып, Қытай қазақтарының мәдениет, тіл, жазу, білім саласына өлшеусіз үлес қосып келеді. 1988 жылдан хабар бөлімі, баспа бөлімі құрылып, 60-тан астам редактор, меншікті тілші жұмыс істеп келе жатқан бұл басылым Қытайдағы қазақтардың бірден-бір ақпараттық газетіне айналды. Ол Қытай өкіметінің саясатын халыққа насихаттап, жаңалықтарды хабарлап, басқа газеттерге үлгі-нұсқа болып келеді»

«Хабаршының» өткен жылғы 8-ші санында халықаралық журналистика кафедрасының меңгерушісі, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Ғалия Ибраеваның «Соғыстың алғашқы құрбаны-ол шындық» деген көлемді де маңызды мақаласы жарияланды. Онда автор: «Репортажи в ходе военных действий в Косово, Чечне, Дагестане, Кыргызстане стали своего рода ежевечерним трагическим телероманом. Ведущие информационные агенства мира CNN, REUTER, BBC и др., словно соревнуясь между собой,  показывают в реальном времени «театр» военных действий. Изображение становится эмоциональным, психологическим оружием, атакуя наше сознание, влияя на наше мышление,оставляя нас беззащитными под напором видиодрам. Вся наша планета, стиснутая телеспутниками, превратилась в предсказанную М. Маклюеном в книге «Understtonding media: the extensions of man» - «глобальную деревню». Сегодня информационные супермагнаты Т. Тернер, Р. Мердок, Б. Березовский и др. Выступают главными режиссерами событий «деревни».

Впрочем, стоп. Не всегда. В действие все чаще вступают военные генералы. Теперь они диктуют: какую информацию, в каком обьеме, под каким ракурсом следует показывать аудитории. Они также решают, где и сколько журналистов можно допустить в зону боевых действий. Нельзя считают военные, чтобы война освещалось так, как это было во Вьетнаме. Там пресса имела столь большую власть, что первыми выиграли войну журналисты, сформировав негативное общественное мнение в США. Французский военный репортер Жан-Клод Пейебода свидетельствует, что у любого апкредитованного там журналиста машина американской армии находилась в его распоряжении. На любом транспорте (воздушном, автомобильном) всегда три места отводилось для журналистов. Предворительной цензуры не существовало ни для киноматериалов, ни для военных очерков и распоряжений. Для передачи материалов использовались даже военные коммуникации. Пресса имела право знать почти все. От прежних войн в наследство вьетнамской остались только брифинги, ежевечерние собиравшиеся в Сайгоне. Однажды, когда на одном таком брифинге американский генерал рассказывал об успехах войск США, которые якобы захватили какую-то базу, один американский журналист потребовал у него вертолет, чтобы полететь туда и проверить, на том основании, что «пресса имеет право знать все». И это требование было выполнено, в результате журналисты убедились на месте, что несколько прикрасил картину. Так что в плане свободы средств информации в истории современных войн» 6. – дей отырып шетелдік репортерлердің тәжірибелері негізінде соғыс өрті тұтанған аймақтарда журналист кәсіби борышын өтеу үшін өзін-өзі қалай ұстау керек деген мәселені қарастырады. Әскери генералдардың журналистер үшін ақпарат берудегі рөлін жоғары бағалайды.

Бұл «Әлем және ақпарат» деген алғашқы тақырыбынан біздер негізінен бұқаралық ақпараттарына қатысты басты екі мәселені білдік қой деп білеміз. Оның алғашқысы шетелдерде және біздің республикамызда журналист кадрларының дайындалу барысы, оның жетістіктері мен кемшіліктері жайлы. Екіншісі, шетелдердегі бұқаралық ақпарат құралдарының біздің баспасөзімізге берері мен қарама-қайшылықтары туралы. Біздер «Хабаршының» бүгінгі күнге дейін жарық көріп үлгерген жеті санында жарияланған еңбектерден тек журналистерге ғана қажетті емес, сонымен қатар басқа да мамандық иелеріне қажетті көптеген пайдалы ғылыми деректермен таныстық. Және оларды өз деңгейімізден талдап, қорытындылауға тырыстық.

 

 

2. Журналистика. Қоғам. Саясат. Экономика.

 

  Біздіңше бұл тақырып күн мәселесіне арналған ең күрделі де басты мәселелердің бірі деп білеміз. Өйткені, қай заман, қай кезеңде болмасын журналистика, қоғам, саясат, экономикасыз, керісінше қоғам, саясат, экономика журналистикасыз жеке дара өз бетінше дамыған емес. Сондықтан да болар 3 жылдың ішінде ірілі-ұсақты зерттеу еңбектер жарияланыпты. Енді солардың басты-басты дегендеріне тоқталып, өз ой-пікірімізді ортаға салып көрелік.

Университет ректоры, Ғылым Академиясының корреспондент – мүшесі К. Нәрібаев баспасөз бетінде жиі жарияланатын адамдардың бірі. Ол кісі «Хабаршының» алғашқы санында «Қазіргі кезеңде информация құралдарының рөлін арттыру» деген мақаласын жариялап, төртінші билік төңірегіндегі өз ойларын былай деп ортаға салған: «Бүгінгі жағдайда бұқаралақы ақпарат құралдарының рөлі күн санап арта түсуде. Газет, журнал, сондай-ақ электронды ақпарат құралдары қоғамдық пікірді қалыптастырушы күш ретінде халықтың саласына ерекше ықпал ететіндігі белгілі. Әлеуметтік және қоғамдық бағыттардың өзгеруіне орай төртінші билік ауқымы да жаңа сатыға көтерілді. Сондықтан біздің елдегі қазіргі журналистиканың даму сатысын «жалпы гуманитарлық» деңгейде деп бағалауға негіз бар. Ал, мұның өзі дүниежүзілік белгіні көрсетеді. Мұның өзі біздерге демократия мен плюрализмді жақсартудың арқасында келіп отырған жақсылықтың нышаны. Бұл арада біздің республикамыз бен университетіміздің БҰҰ-ның іргелі ұйымдарының бірі ЮНЕСКО-мен мықты қарым-қатынас орнатуымыз университетімізде журналистика факультетінің жанынан ЮНЕСКО-ның арнайы кафедрасы ашылып, жұмыс істеуде. Бұдан басқа университеттің өзі де ынталы. Біздерде АҚШ, Филиппин, Моңғол және бұрынғы Одақтас республикалардың жоғары оқу орындарымен байланыстарымыз жаңа түр алып, нығая түсуде. Ол елдердің айтулы профессорлары біздің студенттерімізге дәріс оқиды. Осының өзі ғылымның көптеген салаларының дамуына, ілгері басуына айтарлықтай ықпал етеді. Бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін арттыра түседі» 7.

Иә, шындығында Қазақстандағы газет-журнал, телевизия мен радионың қазіргі жұмысына шындап назар аударсақ жоғарыда айтылған жайлардың шын мәнінде жүзеге асып жатқандығын байқауға болар еді.

Осы тақырыпқа жазылған екінші бір мәнді еңбек профессор С. Қозыбаевтың «Бұқаралық ақпарат құралдары қоғам еркіндігінің көрсеткіші» деген мақаласы. Мұнда автор республикамызда бүгінгі таңда орын алып отырған саясат жүйесінің баспасөз бетінде талқылану мүмкіндіктерін сөз етеді. Мұның өзі заңдылық. Себебі, жоғарыда айтқанымдай қоғам мен журналистиканың байланысы қоғамның демократияландыру сипатын көрсететін факті. Оның үстіне бодандықтың бұғауын сілкіп тастаған дамушы мемлекет үшін бұқаралық ақпарат құралдарының пәрменділігі таптырмайтын құрал болып саналады. Міне, ғалым өз еңбегінде журналистиканың осы қырын жан-жақты ашып көрсетуге тырысады. Осы тұрғыда ол: «Средства массовой не случайно наказывают «четвертой властью» ибо действительно во многом для государство являются определяющими моментами информирования и непосредственное участие СМИ в поддержании постоянной связи между властью и ее субьектами» 8,- деп нақты ойлар айтады.

«Хабаршының» осы санында белгілі ғалым, журналистика факультеті, телевизия кафедрасының меңгерушісі, профессор М. Барманқұловтың «Қоғам сақшысы» атты талдамалы мақаласы жарияланған. Онда шетелдердегі ақпарат құралдарының жұмысына сүйене отырып, автор журналистердің міндеттері мен мақсаттарына және оларға жүктелетін жауапкершіліктерге тоқталады. Оны автордың мына сөздерінен айқын байқауға болады:

«К теме цензуры относят и получение лицензии, и экспорт, и импорт изделий. Ни в одной из развитых стран «для учреждения газеты или журнала не нужно разрешение провительства, так как отсутствие требования на получение лицензии или другой формы разрешения властей рассматривается как одно из важнейших состовляющих свободы печати. Нет в этих странах ограничений на экспорт изданий. Не было случая в Европе и США в последние десителетия, чтобы человека приговорили к тюремному заключению за оскорбление правительства, правительственных институтов или символов...» 9.

Осы орайда, филология ғылымдарының кандидаты Ә. Игенсартова өзінің «Республика баспасөзі – нарық кезеңінде» деген мақаласында: «Бүгінгі баспасөздің алдындағы күрделі проблемалар – қағазға бағаның өсуі, полиграфия қызметінің, байланыс қызметінің қымбаттауы т.б. Газет өндірісінің қымбаттауы редакцияға нөмірдің бөлшек сауда құны мен жазылу бағасын өсіреді, ал ол тираждың төмендеуіне алып келеді. Азайған таралым бағаның қайта өсуіне себеп, ал ол жарнаманың келуін азайтады. Редакциялық бюджет құрдымға кетіп, көптеген басылымдар банкротқа ұшырайды.

Әлбетте, бұқаралық ақпарат құралдарындағы нарықтық қатынастар, халық шаруашылығының басқа да салаларындай әзірге мықты емес. Қоғамдағы экономикалық жағдай күрделі қалпында қалуда. Экономикалық құрылымдық өзгерістер әлі толығымен аяқталған жоқ. Осының бәрі журналистикаға әсерін тигізетіні сөзсіз. Бірақ, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері бұл қиындықтарды алдыңғылардың бірі болып жеңеді деген сеніміміз зор» 10, -деп республика көлемінде нарық жағдайында кездесіп отырған қиындықтарға тоқталады.

Нақ сондай-ақ осы проблеманың бір тармағы болып табылатын Бұқаралық ақпарат құралдары  мен заң мәселесіне де «Хабаршыда» көп көңіл бөлінеді екен. Бұл тұрғыда біздерге филолгия ғылымдарының кандидаты, доцент Т. Бекниязовтың «БАҚ, заң және ұлттық-рухани тәрбие болмысы» деген мақаласы үлкен ізденістің жемісі сияқты болып көрінді. Автор қазақ бұқаралық ақпарат құралдарының өткені мен бүгінгісін шебер салыстыра отырып, баспасөздің белгіленген заң аясында жұмыс істеуін талап етеді. Және соңғы кезде жаңбырдан соңғы саңырауқұлақша көбейіп жатқан түрлі коммерциялық арналардағы халқымызға жат наркомания, секс, парнография сияқты көріністерді тыю қажеттігін:

«Осы ретте мына жайды айта кетейік. Францияда алғаш коммерциялық телевидение ашылды деген кезде президент Жорж Полепиду: «Бізде коммерциялық телевидение ашу – болашақ ұрпақтарымызды рухани азғындату болмақ»,-деген екен. Ал, Германия канцлері Г. Шлендт болса: «Германияда коммерциялық телевидениеге рұқсат беру-елімізде атом бомбасын жару деген сөз»,-деп шошынған.

Міне, жер жүзіндегі екі ірі елдің басшылары жайдан-жай осылай демеген болар. Біз капиталистік ел деп аталған мемлекеттің басшылары неге одан қатты қорқады? Әрине, оларды да қинайтын ұрпақ қамы, тәрбиесі екені түсінікті. Кезінде «Тарзан» фильміне еліктеп талай балалар ағаштан – ағашқа секіріп, аяғын сындырса, «Фантомас» фильміне еліктеп жасөспірімдердің қылмыс жасаған фактілері де орын алғаны белгілі. Қазір боевик фильмдерді көру олардың бұзақы болуына әсер етпейді деп кім айта алады? Жасөспірімдердің қатыгез фильмдерді көріп алып, аяушылық сезімін қастерлемеуі кездеспейді деп ойлай аламыз ба? Мейірімділік, имандылық, үлкенді сыйлау қалай? Мұны неге ескермеуіміз керек? Ұят фильмдерді көрсету ше? Ол балалар мен жастарға әсер етпейді деп ойлау күпірлік емес пе?! Бүгінгі жастар арасындағы жезөкшелік пен түнгі клубтар, наркомандар қайдан пайда болды? 11, - деп орынды көрсетеді.

Қоғамның саяси тұрақтылығы қай мемлекетте болмасын тіл мен дінге де байланысты екендігі айдан-анық. Біздің республикамызда кеңес өкіметі тұсында тілге де дінге де қажетті мән берілмеді. Бірақ, осының өзі кешегі дүрілдеп тұрған Кеңес Одағының іргетасының бұзылуына себепші болды. Бір шаңырақтың астына діні, тілі мүлде бөлек ондаған, жүздеген ұлт өкілдерін жиып, ортақ мемлекет құрудың соңы жақсылыққа апармайтынын тарихтың өзі растап отыр. Ал, біздің республикамызда қазір кеңестерден қалған мұра – 100-ден астам ұлттар мен ұлыстардың өкілдері бар. Келешекте біз қандай мемлекет құруымыз керек. Бұл арада бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі қандай болмақ?

Бұл сауалдарға саясаттану ғылымдарының кандидаты Б. Исабаевтың төмендегі еңбегі жауап беретін сияқты. «Дамудың әртүрлі деңгейіндегі мемлкеттік құрылымдардың ішкі саяси тұрақтылығына ықпал етер негізгі факторлардың бірі – қоғамдағы тіл және дін мәселесі. Бұл екеуінің рөлі бүгінгідей өтпелі кезеңді бастан өткеруші Қазақстан үшін тіпті тереңдеп отыр. Өйткені, 100-ден аса этнос өкілдері мекендейтін республикамыз этникалық құрамы жағынан ғана емес, дін конфессиялары тұрғысынан да күрделі саналады. Сол себепті қоғамның ішкі саяси тұрақтылығына дін мен тілдің оң немесе теріс әсері қатар сақталынады.

КСРО кезінде дін мемлекеттен бөлектелінді деп саналғанымен, атеистік саясат оның қоғамдағы шын мәніндегі рөлі мен орнын түсіндіруге мүмкіндік бермеді. Дін ұрпақтар ұғымында апиын, кертартпа құбылыс ретінде насихатталды. Оны тіпті келеке-мазақ етушілік деңгейге дейін жеткізген идеология діннің рухани-идеялық күшін, тамыры ғасырларға тараған тарихи маңызын ескермеді. Тіпті, социализмнің құлауына себеп болған обьективті негіздердің бірі діннің әлгіндей мән-маңызынан бас тарту болғанына бүгінде көз жетіп отыр. Діннің рөлі, әсіресе өтпелі кезеңді бастан кешіріп отырған мемлекеттерде өсе түсетіні тарихтан белгілі. «...Мұсылман діні Қазақстанда саяси мәнге емес, әлеуметтік-мәдени мәнге ие. Яғни, назардан тыс қалдыруға болмайтын ақиқат сол-тарихи тәжірибеде әлеуметтік даму мен рухани жетілу үстінде адам баласы діннен басқа тиімді құрал ойлап тапқан емес. Оның үстіне, әлеуметтік тұрақтылық пен ұлтаралық қарым-қатынастарды бақылауды ұстау барысында ортаның он потенциалы бар. Осы тұрғыдан, полиэтникалық қоғамдардағы саяси-әлеуметтік қарым-қатынастарды реттеудің қажетті шарттарының бірі ретінде елдің өркениет дәстүріндегі ерекшеліктерін ескере отырып, тіпті керек болған жағдайда тарихи тамыры терең діни құндылықтарға арқа сүйейтін секумеристік негіздегі саяси мәдениет пен әлуметтік идеологияны қалыптастыруда тұрған ештеңе жоқ». Кез келген саясат түрі, алдымен ұлттық, рухани-мәдени құндылықтардан бастау алады. Олардың ескісінен бас тартып, жаңалары қоғамның  санасына кіріге алмай жатқан кезеңде, халықтардың өздерінің ежелгі ұлттық рухани-діни дәстүр-салтына жүгінуі табиғи нәрсе», 12, -деп сендіреді автор.

Әрине, бұл күрделі тақырыпқа көбіне тек мол дайындығы бар белгілі ғалымдар ғана қалам тартып жүрген түрі бар. Қоғам, саясат, экономика мәселесі шын мәнінде оңай тақырып емес. Бүгінгідей нарықтық экономика кезеңінде қоғамда болып жатқан түрлі саяси өзгерістердің соңынан еріп, оны халық назарына өз дәрежесінде ұсына білу де оңай шаруа емес. Ал, «Хабаршының» авторлары болса бұл проблемаларды қазіргі жағдайда журналистикада қалай шешу керек деген сауалға жауап іздейді.

 

 

3. Публицистика әлемі

 

Бұл тақырып бойынша материалдар «Хабаршының» 2-ші санынан бастап тұрақты түрде беріле бастаған. Басылымның 7-і санында жалпы публицистика, оның ішінде қазақ публицистикасының өткені мен бүгінгісі және жекелеген публицистердің шеберліктері туралы 30-дан астам зерттеу материалдар жарияланған. Әсіресе, бұл тұрғыда белгілі ғалымдар Т. Қожакеев, К. Хамзин, Т. Бекниязов, Б. Жақыпов, А. Есдаулетов, Қ. Жарылқапов, Е. Дудиновалардың айтарлары мол.

«Өмір өткелдеріне, тарих тағылымына қарағанда, сатира қарсы күштер қақтығысы қаһарына мінген күндерде, аласапыран, алыс, жұлыс, талас-тартыс етек алған кезеңдерде өрлеу табады, аренаға атой салып шығады. Өйткені, күлкі сықаққа негіз болатын қайшылықтар сол тұстарда күшейтеді. Мұнымен бірге сатира ел басына ауырлық түскен, қиындық туған кездерде батылдау бой көрсетеді. Өйткені, жұрт сол жайсыздықтың орын алуына кінәлілерге, оның себептеріне қарсы үн көтеруі, күрес жүргізуі қажет болады, әлгі қиындықтарды жеңіп, тарих сахнасында аман қалу қамын қарастырады.

Қазір халықтың басында осының екеуі де бар. Қоғамдық жүйеден екінші жүйеге өтудегі ескі мен жаңаның арасындағы, байып бөтегесін май басқандар мен сіңірі шығып, кілдіреп жай басқандар арасындағы қайшылық күшейді. Нарық экономикасы ел басына қиын-қыстау күн туғызды. Олардың тұрмыс-халін одан айтқысыз ауырлатты. Ендеше бүгіндері – сатира, юмордың бізде де көтерілетін кезі» 13, - деп сатира мен юмордың өмірден алатын орнын профессор Т. Қожакеев өзінің «Түзел, сықақ, мін түзелсін!» деген мақаласында «Егемен Қазақстан» газетінің «Мүйіз-тұмсық» деп аталатын сықақ бұрышында жарияланған материалдарды талдау арқылы баға береді.

Онда автор аға газеттің басқаларға үлгі болып, нарықтық экономика жағдайында елімізде болып жатқан қым-қиғаш оқиғалардың көлеңкелі жақтарын көрсетуде елеулі табыстарға жетіп отырғандықтарын Б. Кірісбайұлының, Ә. Ысқабайдың, Қ. Молдыбаевтың, Б. Мәжитұлының, Ү. Қойдиннің нақты сын-сықақтарын көлденең тарта отырып дәлелдеген. Мысалы, Батық Мәжитұлының «Қазақ пен бөтелкенің ұқсастығы бар ма?» деген мақаласында: «Болғанда қандай, бірінші ұқсастығы - екеуінде де ауыз бар, екінші ұқсастығы – екеуінің іші арақтан босамайды, үшінші ұқсастығы – арағын төгіп тастасақ, құлақтары салынып жуасиды да қалады» 14, - десе, Ү. Қойдин «Құрдастармен қалжың» фельетонында балерина «еркек атаулы сахнадағыдай үнемі қолынан түсірмей көтеріп жүрсе», логопед «бастық атаулына қалың көпшілікпен адами тұрғыда сөйлесе білуді үйретсем» деген арманы мен «Мұғалім-жылуы жоқ мектепке жылу жинаушы, дәрігер-май-шаммен операция жасаған әбігер жан, ауыл - «продается дом», әйел-қалааралық жүк тасымалдайтын «робот» 15, - деген анықтама береді.

Бұл белгілі сатира зерттеушісі, «Сатира негіздері» атты құнды монографияның авторы Т. Қожакеевтің бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның сатирасы туралы ой-пікірі. Ал, енді осы басылымда негізінен жекелген публицистер туралы, олардың қазақ журналистикасына қосқан үлестері жайында, жеке шеберліктеріне арналған зерттеулер де жиі жарияланып келеді. Енді, солардың қайсыбіріне қысқаша болса да тоқталып өтсек. Себебі, публицистиканы жасайтын жеке публицистер ғой. Сонау XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ публицистикасының ірге тасын қалаған – Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаевтардан бастап, XX ғасырдың басында олардың оң істерін одан әрі жалғастырған М.Ж. Көпеев, С. Торайғыров, М. Сералин, А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, Ж. Аймауытов, М. Дулатовтар болды. Кеңес өкіметі тұсында да бұл іс оң жалғасын тапқандығы белгілі. Осы туралы «Хабаршыда» не айтылады екен, енді соған тоқталайық.

А. Есдаулетов белгілі жазушы, журналист Ә. Әлімжановтың публицистикасы туралы «Хабаршыда» мақалалар циклын берген. Ә. Әлімжановтың балалық шағынан өмірінің соңына дейінгі кезеңдерге тереңінен тоқталған автор, әсіресе оның М. Әуезовпен арада болған шығармашылық байланысын сәтті ашып көрсетеді. Өзінің «Ұстаздың оралуы» және т.б. тамаша әдеби шығармаларымен белгілі Ә. Әлімжанов ұлы жазушы М. Әуезовтың талантты шәкірті болған. Оның алғашқы повесіне алғысөз жазып әдебиет әлеміне жолын ашқан Мұхаң, Ахаңдардың «Шебердің сабағы» атты очерктер циклының басты кейіпкері болған. Тіпті, 1950 жылдардағы қиын-қыстау кездері Ә. Әлімжанов М. Әуезовты құтқарып қалған деген де сөз бар. Міне, автор осындай жайларды оқырмандарына нақты деректер арқылы жеткізе отырып, Ә. Әлімжановтың публицистикалық лабораториясынан хабардар етеді 16.

Осыған ұқсас екінші бір мақала «О.Сүлейменовтың публицистикасының қайнар көзі», - деп аталады. Онда автор белгілі ақын, қоғам қайраткерінің творчестволық еңбегінің алғашқы кезеңін былай деп жазады: «Олжаса Сулейменова знает прежде всего как поэта. Однако не менее серьезного исследования заслуживает и его публицистика. Поэтическая и прозаическая линии его творчества развиваются параллельно и одинаково характерны и интересны для понимания самобытного таланта автора. Сам Олжас Сулейменов, кажется, не отдает предлог- чтения какой-либо из них, учась у А. Пушкина, и который владел всеми жанрами: если материал требовал выражения в прозе, не насиловал его стихами». Публицистика, являлась основой творчества олжаса Сулейменова, методом осмысления действительности, чаще всего питает и поэзию. Не случайно для него являются идентичными понятия»...поэт и гражданин. Даже если поэт пишет о клевере он все равно гражданин. Ибо для людей пишет. Сочетать эти два понятия в себе большая ответственность. Это-как два полушария  одного мозга. Желание изменить действительность, гражданская позиция, политическая острата  и в то же время эмоциональное, образное видение, стремление передать не только мысли, но и чувства автора-публицистическое начало-есть во всем, что делает Олжас Сулейменов. В данном случае можно говорить о публицистической поэзии и поэтической публицистике.

Огромное количество публицических очерков и критических статей, докладов и обращений, «газетной и трибунной журналистики» как назвал их сам Олжас Омарович, требуют серьезного изучения! Определение темы и работа с фактами, композиционные решения, образность и экспрессивность лексики специфика языка и стиля публицистических произведений в контексте билингвистики-вот малая толика неисследованных пластов творчества Олжаса Сулейменова. Он наш современник, и вопреки традициям у нас есть редкая возможность питаться соками знаний живого действующего учителя 17.

Шындығында біздер көбіне О. Сүлейменовты ақын ретінде ғана бағалаймыз. Бірақ, ол үлкен публицист те. Кезінде «Казахская правда» газеті мен «Трактор» журналында, тіпті «Араға» да сатиралық дүниелерін де жариялаған. Ол кезінде Одақ көлемінде, республикада болып жатқан оқиғалардың бәріне үн қосып отырған. Поэзия төріне «Адамға табын жер енді» поэмасымен топ ете түскен ол «Аз и Я» - сына дейінгі аралықта ұзақ та қиын сынақтан өтті. Ал, бертін келе палигондарды жабу мен тәуелсіздікті қорғау жолына түсіп, саясат ісіне араласа бастады. Қазір де біздер оның шетелде елшілік қызмет істесе де республикамызда болып жатқан әрбір елеулі оқиғаға үн қосып отыратындығын байқаймыз.

Жоғарыда біздер қазақ публицистикасының жазбаша түрі XIX ғасырдың екінші жартысы, яғни Шоқан, Ыбырай, Абайдан басталады дедік. Ал, сонда қазақ публицистикасының ең алғашқы бастаулары қайдан басталады десек, оған оңайлықпен жауап бере қою оңай шаруа емес екендігін байқаймыз. Міне, осы тақырып төңірегінде қалам тартып, салиқалы пікір айтып жүрген ғалымдардың бірі Б. Жақыпов өзінің «Қазақ публицистикасының бастаулары» деген мақаласында:

«Қазақ публицистикасының бастауларын негізгі үш арнадан іздестірген абзал. Оның бірі – VII-VIII ғасырлардағы көне түркі жазба ескерткіштері де, екіншісі-орта ғасырдағы ойшылдар шығармаларымен ежелгі заман ескерткіштері, үшіншісі – қазақ халқының ауыз әдебиеті» 18, - дей келіп көне түркі ескерткіштері – Енисей, Талас ескерткіштерімен қатар VII ғасырдың соңы мен VIII ғасырдың бас кезіндегі Құтлығ қаған, Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк, Күлі-Чор сияқты тастан қашалған мұралардың басын біріктіретін Орхон ескерткіштерінің тарихи маңызына көңіл аударады.

Екіншіден, жоғарыда айтқанымыздай автор орта ғасырларда қазақ жерін мекендеген әбу Нәсір әл-Фараби, Қожа Ахмет Иассауи, Жүсіп Баласағұни, Махмұд Қашғари, Мұхамед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайырилардың соңдарына қалдырып кеткен мол рухани мұраларының да қазақ публицистикасының бастаулары болып есептелетіндігін дөп басып, айшықты мысалдар келтіреді.

Үшіншіден, қазақ публицистикасының бастау алар мөлдір бұлақтарының бірі-қазақ халқының бай ауыз әдебиеті екендігін еске салып, «Атадан-балаға, ауыздан-ауызға көшіп келе жатқан қазақ фольклорының сан алуан тармағының, түрлерінің бәрінде де публицистикалық сарын, публицистикалық элементтер кездеспейтіндері кемде-кем. Бұл айтқан сөзіміздің дәлелін тұрмыс-салт жырларынан, ертегілерден, аңыздардан, әпсаналардан, хикаялардан, мифтерден, шежірелерден, әңгімелер мен батырлар жырынан, ғашықтық жырлар мен қисса-дастандардан, мақал-мәтел, жұмбақ, шешендік сөздерден, айтыстар мен ақын-жыраулар поэзиясынан іздестіруге болады» 19, - деген байлам жасайды.

Біздер ғалымның бұл пікіріне толық қосыламыз. Себебі, бұл ойды кезінде Б. Кенжебаев айтып, қазақ әдебиетінің тарихын он ғасыр кері шегіндіруге ықпал еткен ғой. Енді, міне Б. Жақыпов та қазақ публицистикасының басталуын XIX ғасырдан емес, сонау VII-VIII ғасырлардан бастау керек деген ой айтып отыр. Мұның өзі халқымыздың өткен тарихын тереңірек білу үшін таптырмайтын құрал болмақ. Сондықтан біздер бұл іске қазірден бастап кіріскеніміз жөн деп ойлаймыз.

XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басы, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің ұзақ жылдардан соң қайта өркендеп, алға басқан кезі болып саналады. Оның бірнеше себебі болды.

Алғашқы себебі Ресейдің капиталистік қоғамнан импералистік қоғамға ауысуы болса, екінші себебі революциялық-демократиялық ойшылдардың түрлі қозғалыстар мен ұйымдар құрып, іріп-шіріп бара жатқан қоғамның тезірек құлауына мұрындық болды. Осы кезде Добролюбов, Достаевский, Щедрин, Некрасов, Толстой сияқты орыстың ұлы адамдары өмір сүрді. Олар өздерін қоршаған ортаға, әсіресе патша өкіметінің шет аймақтарына да айтарлықтай әсер ете білді. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында қазақ жеріне орыс шаруалары мен қатар жер аударылған демократтық бағыттағы зиялылар да келді. Достоевский, Михаэлис және т.б. Біздер бұл арада Михаэлистің ұлы Абайға қандай қамқоршы болғанын, солардың жерінен қазақтың алғашқы газеттерінің бірі «Дала уалаятының газеті» де шығып, маңына қазақтың не бір асыл ұлдарын топтастырғандығын, қазақ халқының санасының оянып, рухани байлығына айналғандығынан хабардармыз.

Міне, осы туралы жазушы, филология ғылымдарының кандидаты К. Қамзин өзінің «Өткен ғасыр интерференциясы» атты зерттеу мақаласында «XIX ғасырдың орта шенінен бастап қазақ елі тек экономикалық-саяси жағынан ғана емес, информациялық-идеология жағынан да Ресей империясына жедел интерграциялана бастады. Сол кездегі ең ықпалды хабарлама құрал-газетті ең алдымен орыс тілінде өркендетіп, дамытып алып, сол басылым арқылы қажетті кадрларды жергілікті халық арасынан дайындап шығару да патшалық әкімшіліктің ойында болған. Әлбетте, орыс тіліндегі газет қазақ оқырмандарының арасында жаппай тарауы мүмкін емес еді. Сондықтан Семей губерниясында алғаш орыс тілінде шыққан газеттің батыс мәдени бұлақтарынан сусындай алатын қазақ зиялылары корпусын қалыптастыруға едәуір ықпал етіп отырғанын аңғару қиынға соқпайды» 20, -деп мәлімдейді.

Иә, шындығында солай XIX ғасырдың екінші жартысындағы орыс зиялыларының қазақтың алдыңғы қатарлы азаматтарына саяси, рухани жағынан мол ықпал болды. Ол халықтың барлықтары бірдей екендігін, тек ол үшін білім алып, әдебиет пен мәдениетті арттыру қажеттігін түсіндірді. Ұзақ жылдар бойы патшалық Ресейдің бодандық шылауына іліккен қазақ халқы да осындай оң өзгерістерден соң өмірге жаңа көзқараспен қарап, саналары ояна бастады. Ел ішінен қоғам қайраткері де, ғалым, ақын, жазушылар көптеп шыға бастады. Енді олар алғашқы кезекте өз халқының қамын ойлауға кірісті.

Публицистика тақырыбы өте күрделі мәселе. Әрине, бұл туралы жазылған еңбектер да баршылық. Алайда, әрдайым оны жаңа қырынан көрсетіп, тіпті бағасын беріп тұру да оңай шаруа емес. Осы орайда «Хабаршыда» біраз оң істер баршылық. Мәселен, әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Т. Бекниязов өзінің «Жазушылар және қазақ публицистикасы» атты зерттеуінде осы жайларға көңіл бөледі:

«Әрине, қазақ публицистикасының да өзіндік даму жолы бар. Оны ешкім де жоққа шығармаса керек. Тіпті өткен ғасырдың соңғы ширегінде шыққан «Түркістан уалаятының газеті» мен «Дала уалаятының газетінің» өзі публицистика жолына үлкен әсер еткен жоқ па! Оған қоса сол замандардан бері тарихи қайраткерлеріміз газет шығарған жекелеген қалам иелері де әдебиетімізді дамытқан жазушы – классиктеріміздің кезінде публицистиканы да жоғары деңгейге көтергеніне күмән болмаса керек» 21.

Белгілі ғалымның бұл ойын жас зерттеуші, айтыс ақыны Б. Әшірбаев өзінің «Қазіргі айтыс және әлеуметтік өмір» деген зерттеуінде: белгілі ғалым, әдебиет зерттеушісі М. Жармұқамедовтың: «Қашан да айтыс қоғамдық-әлуметтік болмыстан тыс дамымайды. Оның құндылығының өзі де сол өмір шындығын қаншалықты терең әрі шебер бейнелейтіндігімен сипатталып отырады. Қарсылас екі ақын айтысында да сол шындық басты өлшемге айналады» деген тұжырымы дәлелді тұжырым. Демек, айтыс ақыны да - өз дәуірінің ақ берен рухты адал перзенті. Ол сол сәттің көкейкесті мәселелерін сыни зердесінен өткізу арқылы философиялық қорытындыларға барады. Аттаныс нүктесін ақиқаттан алуды аумас бағыт, саналы мақсат тұтады. Және бір ғажабы, ол ешбір медресе-мектепті бітірмеген, дипломды маман атанбаған дала данышпандарының аузымен айтылып, әсем айшықталады. Оның жарқын мысалын «Көшпелі академия» атанған Сүйінбай, Жамбыл, Бақтыбай, Түбек т.б. тәрізді ірі айтыс өкілдерінің әлеуметтік мазмұны өткір рухани мұраларынан көре аламыз.

Қазіргі таңда «Аврора» атқан оқтан бастау алған большевиктік идеология, қызыл қырғынды солақай саясат келмеске кетіп, ұлттық мақтаныш сезімінің оянуы құлдық санамызға сілкіністер әкелді. Мемлекет құру процесін бастан кешіріп, жаңа реформалар ағымына ілесіп кеттік. Патефон мен пілте шам дәуіріндегі толғақты мәселелер атом мен компьютер дәуірінде де өз актуальдылығын жоғалтар емес. Яғни, қоғам дамуының бағыт-бағдары, ұлттық қауіпсіздік, жерге қатысты саясат, меншік формасының өзгеріске түсуі, т.т. әлеуметтік-тарихи мазмұндағы белгілі бір дәрежеде қайталану үстінде. Бейнелеп айтар болсақ, бір кездегі Әлихан шығармаларының оқырмандары мен дәл қазіргі «Алихандра» сериалдарының көрермендері ортақ қажеттілік, сарындас сұраныстарды сезінуде. Сондай-ақ, қоғамдық өміріміздің тек еңбек, іс-әрекет аясы ғана емес, бүкіл рухани-мәдени болмысы да ой-сана қозғалысындағы соны жаңалықтарға мұқият көңіл бөліп, жеткілікті дәріптеп, кемшілігін сын садағына алуды талап етуде. Қазақ халқының жаңаша жаңғырып, классикалық түрге ие болған дәстүрді өнері – айтыс тәрбиенің бұқарашыл құралы ретінде назар аудартуда. Яғни, кез келген дәстүрлі өнер үлгісі әрдайым өзі өмір сүрген қоғамның әлеуметтік-саяси және материалдық-экономикалық хал-ахуалымен тікелей сабақтасып жатады» 22, - деп одан әрі жалғастырады.

«Хабаршыда» публицистика проблемаларына арналған бұдан да сүйекті зерттеу еңбектер де баршылық. Мәселен, К. Қамзиннің «Евгений Михаэлис – протатип Евгения Базарова?», Б. Сердәлінің «К. Смайылов шығармашылығындағы полемика хақында», Б. Әшірбаевтың «Жамбыл Жабаевтың публицистикалық сарындағы шығармаларына жаңаша көзқарас», Н. Омашевтың «Ұлы ғұламадан ғұламат», Б. Ахтаевтың «Ә. Нұршайықовтың күнделік жазбалары туралы» деген мақалалардың қайсыбірі болмасын оқырмандарына көптеген тың деректер береді. Ойлануға мәжбүр етеді.

 

 

4. Баспасөз тарихынан

 

Қазақ баспасөзінің 140 жылдық бай тарихы бар. Соңғы кезде оған үңіліп, қажетті қорытынды шығарып жүрген зерттеушілер жоқтың қасы дерлік. Тек Ү. Сұбханбердина, Т. Қожакеев сияқты бірен-саран ғалымдар болмаса. Көпшілігі одан өзіне қажетті деректі алады да негізгі мәселені ұмытып кетеді. Ал, жас ғалымдар белес тарихтың беткі қаймағын сылумен әуре. Тіпті, қайсыбірі қазақ баспасөзінің тарихын егемендік алған 1991 жылмен байланыстыра, екіншілері содан бастауға да кет әрі емес. Болашақта мұның соңы неге алып баратына белгісіз. Әйтседе, «Хабаршыда» бұл тұрғыдан алғанда көп алға жылжушылық бар. Көптеген ғалымдар қазақ мерзімді баспасөзінің 140 жылдық тарихын тереңінен қопарып, «ақтаңдақтар» бетін ашуға өзіндік үлестерін қосуда.

Мәселен, бұл тұрғыда тарих ғылымдарының докторы, профессор Қырықбай Алдабергеновтың 6, филология ғылымдарының кандидаты Қайрат Сақовтың 6, А. Рожковтың 4, Л. Ахметованың 3, С. Нұрбеков, Н. Кенжегүлованың, Г. Өзбекованың, Е. Шайхұлының, С. Қозыбаевтардың бірді, екілі зерттеу мақалалары жарияланған. Соның алғашқысы Қ. Алдабергеновтың «Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің публицистикалық шығармалары» деген еңбегі. Онда негізінен белгілі шежіреші, ақын, жазушының публицистикалық шығармаларына талдау жасалынады.

Бұл арада автор: «Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің публицистикалық шығармалары әлі де толық зерттеле қойған жоқ. Оның публицистикасын екі түрге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі-өлең түрінде жазылған публицистикалық шығармалары. Оған 1907 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» және «Сарыарқаның кімдікі екендігі» кітаптарын жатқызамыз.

Бұл екі кітаптағы өлеңдердің мазмұны ұқсас. Екеуінде де XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ халқының қоғамдық-саяси, шаруашылық өмірі, Ресейдегі саяси-шаруашылық өзгерістердің қазақ өміріне әсері көрсетілген. Бірінші аталған кітаптан, екінші кітаптың өзгешелігі – мұндағы бір бөлім қара сөзбен жазылған.

«Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» кітабы 6 өлең топтамасынан тұрады. Бірінші өлең 9 бөлімнен құралған. Екінші өлеңнің тақырыбы - «Қара өлең», «Қазақтың қылып жүрген жұмысы», «3 рет сөз» (13 бөлімнен құралған), «Сәлем хат», «Жалғанда таппай бір»....».

Қазақ оқығандары үшін сол кездің басты мәселесі – отаршылдықты жою еді. Сол жолда күрескендерді Мәшһүр Жүсіп былай деп жырлайды:

                   Бар құдай бізге жарық таңыңды атыр,

                   Болар ек, атса таңың, біз де батыр.

                   Қазақта құлақ пен көз болған ерлер,

                   Тұтқында білесіз бе, неден отыр.

Бұл жерде ақынның айтып отырған ерлері кімдер еді? Патша езушілеріне қарсы үн көтерген адамдар қазақтың ақсүйектері арасында да аз болмаған. Үкімет саясатына қарсы шығып, ұлт мүддесін көздегендерді патша чиновниктері қызметтен алыстатып, қуғынға түсірген. Сталиндік репрессия, кейінгі тоқырау жылдарында да ақсүйек әулеттерінен шыққан азаматтар қуғын көріп, баспасөз бетінен орын ала алмады. Сөйтіп, олардың есімдері архивтерде шың басып жатып қалды. Сондай баста тұлғалардың бірі – Поштаевтар әулетінен шыққан азамат. Мәшһүр ол туралы «Сәлем хат» өлеңінде былай деп жазады:

                   Қарадан хан боп өткен бабаң Поштай,

                   Қолына жұрт билігін туған ұстай

                   Халқына бақташы боп болған қорған,

                   Шарықтап ағып түскен қыран құстай.

                   Поштаймен қатар шығып Шоң мен Шорман,

                   Сонда бір түзу заман болып тұрған.

                   Наурызбай, Кенесары толқынында,

                   Поштай еді көп жұртқа болған қорған.

Сөйтіп, қаламгер қазақ қоғамының жан айқайын түсіне білді, оны ашына жырлады. Қазақтар босқа даурығысып, құр мансапқа таласып жүргенде, ел мен жерді орыстар басып алып, қоныстанып жатқандығын айтты. Ол қазақтың ата қонысының қолдан кете бастағанына күйінеді. Жұрттың күйзелген қамын ұлт ынтымағы арқылы түзетуге болады деп ұғынады» 23, - деп жазады.

Шындығында біздер кезінде М.Ж. Көпеевтің осындай шығармалары үшін патша өкіметі тарапынан қуғынға ұшырап, елден шет аймақтарда жүргендігін білеміз. Екіншіден, Мәшһүр Жүсіп өзі Бұқараның Көкялташ сияқты жоғары діни оқу орнын бітірсе де көбіне қожа, молдалардың ісіне онша көңілі тола қоймаған. Әсіресе, татар моладалардың теріс пиғылдарын батыл әшкерелеген. Оның үстіне шаруашылық, отырықшылық, егіншілік, мал шаруашылығы жұмыстарына кеңінен араласып, өз ой-пікірлерін батыл айтып отырған. Ал, дін, тіл, оқу-ағарту жайы болса өз алдына бір төбе. Оның бұл мәселелерге арнап кезінде «Дала уалаятының газеті» мен «Айқап» журналдарының беттерінде жарияланған мақалаларының санының өзі 20-ға жуық. Міне, ғалым өз зерттеуінде осы жайлардың бәріне де кеңінен тоқталған.

Осы тұрғыда «Хабаршыда» жарияланып, үйлесімін тапқан келесі бір еңбек филология ғылымдарының кандидаты Қайрат Сақтың «Ұлттық сана ұйтқысы» атты зерттеуі. Мұнда автор негізінен қалың қазақтың «көз бен құлақ, үніне» айналған «Қазақ» газетінің мән мен мазмұн, маңызына тоқталады.

«Қазақты» XX ғасырдың басындағы қазақ өмірінің шежіресі, дәлірек айтқанда, 1913-1918 жылдар аралығында халқымыз бастан кешкен аласапыран заманның айнасы, қазақ баспасөзінің негізін қаласқан энциклопедиялық басылым деп бағалауымызға әбден болады. Аталмыш кезеңде «Қазақтың» жеті өлшеп, бір шешер шешімінсіз, басылым басқармасының жетекшілігінсіз, яғни газеттің араласуынсыз бірде-бір уақиға болмады десек, ол соның дәлелі. Бұл сөзіміз жөн-жосықсыз, әсіре қызығушылықтан айтылып отырған жоқ. Сөзіміздің жаны бар екендігіне газет материалдарына жүгіне отырып, оқырман көзін жеткізу көп қиындық туғызбайды.

Ахаң, Жақандардың басылымды шығарудағы мақсат-мұратын, жандарын жалау ете ұстанған жолдарын газеттің аты мен маңдайындағы орда белгісінен-ақ аңғаруға болады. Бұл жөнінде алғашқы уақытта тіс жарып айту, басты жендеттің жанбалтасына қойғандай болғандықтан, ол сыр кейіннен 1917 жылы ақпан төңкерісінен кейін, қазақтың сөйтсек, оның мындай мәні бар екен: «Аталы жұртымыздың, ауданда ұлтымыздың әруақты аты» өшпесін әрі «киргиз» болып шатаспасын дегенді ойлаған алаш азаматтары газеттің атын «Қазақ» қойған. Ал Орданың мәнсіз «Киіз үй» - киіз туырлықты қазақ халқы. Үйдің түндігі ашық, есігі жабық болуындағы мағына: түндік жарық кіретін жол, есік түрлі заттар кіретін жол дегендік. Жарық жолы ашық еркін болсын, түрлі заттар кіретін жол есігі еркін болмасын....Түндік күнбатыс жағынан ашулы өнер-ғылым европа жағында күшті болған себепті қазақ ішіне Европа ғылым-өнері таралсын,- дегендік екен. Үйдің есігі «Қазақ» деген сөзден жасалған. Ондағы мағына «Қазақ» газеті жұртына әрі мәдениет есігі болсын, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болсын делінген еді»,-дейді басылым басқармасы атынан жарияланған «Орда гербі» атты бас мақалада. Осылай «Қазаққа деген игілік нәрсені енгізу жолында» қызмет еткен, «сырттан жамандық болса, күзетші орнында» жұмсалған газет өз заманында халықтың жолбастар серкесі, көш бастар көсемі болғандығы анықтауды қажет етпейтін ақиқат. Оған халқымен қауышуды күтіп, архивтерде сарғайған газет тігіндісінің кезкелген бетін тілге тиек ету арқылы көз жеткізуге болады. Олардың әрқайсысы тарихымыздың алтынмен жазылар бір-бір парағы болуға лайық» 24.

Ал, Қазақстанның әскери баспасөзі дегенде мынадай жайларға, көңіл бөлуге болады. Біріншіден, алғашқы әскери «Хабаршы» 1919 жылы Бөкей бөлімшесінде, Орда қаласында шыққаны белгілі. Бірақ, кейін қазақ тілінде арнайы газет-журнал шығарылмады. Тек, 1941-1943 жылдары ғана, Ұлы Отан соғысы кезінде қазақ жауынгерлерінің ерлігі арқасында ұлт тілдерінде шыққан 50 майдандық газеттің 16-сы қазақ тілінде болғандығы жауынгерлік басылымның рөлін жоғары көтеріп кетті. Бірақ, өкінішке орай соғыстан соң қазақ тіліндегі әскери басылымдардың сапасы төмендеп, тіпті шықпай қалды деп айтуымызға болады. Себебі, әскери газеттер тек орыс тілінде ғана шығатын болды. Сөйтіп, Қазақстандағы әскери басылымдар ұлт тілінде тек егемендік алғаннан соң ғана, яғни 1992 жылыдң 16-шы желтоқсанынан бастап қайтадан жандана бастады. Өмірге бұрынғы орыс тіліндегі әскери газеттердің орнына «Қазақстан сарбазы» газеті дүниеге келді. Бұдан басқа шекарашылардың  «Отан сақшысы» басылымы да бар. Міне, осы мәселелер туралы, филология ғылымдарының кандидаты А.В. Рожков өзінің «Қазақстанның әскери баспасөзі» деген материалында: «Социально-экономические изменения в обществе поменяли в целом систему средств массовой информации. Она стала более приближенной к интересам респондентов, а значит – более дифференцированной. Совершенствование военных СМИ обусловлено не только необходимостью более тесного коммуникационного процесса, но и более тесным взаимодействием военных структур с гражданскими. Сегодня пока косвенно, но уже встает вопрос о гражданском контроле над армией. Так что можно резюмировать, что реформирование армии и становление военной печати-процесс взаимосвязанный» 25, - деген ой айтады.

 

 

5. Электронды ақпарат құралдары

 

Бұқаралық ақпарт құралдары ішінде бүгінгі таңда телевизия мен радионың алатын орны ерекше. Сондықтан да болар бұл мәселеге «Хабаршыдан» да ерекше орын беріледі екен. Телевизия мен радионың қат-қабат қырларына үңіліп, оның теориялық және тәжірибелік мән-мазмұнын ашуда бұл саланың ғалымдары да көп еңбек етуде. Әсіресе, Т. Көпбаев, Г. Ибраева, Р. Бегімтаева, К. Қабылғазина, Қ. Тұрсынов сияқты авторлардың зерттеу обьектілері айтуға тұрарлықтай.

Осы орайда біздер филология ғылымдарының кандидаты Т. Көпбаевтың «Бір радиоқойылымның сыры туралы» деген еңбегін талдап көрелік. Автор – бұл мақаласында радиодраматургия жанрын терең талдап, өзіндік ой-пікірлер білдіреді. Радиодраматургияның күрделілігін, басқа жанрдан ерекшелігін санамалай келіп, «Өнердің қай саласы болмасын шынайы талант пен шығармашылықтағы асқан профессионализмді талап етеді. Радиодраматургия үшін драматургтің, режиссердің, актердің кәсіптік шеберлігі ең басты нәрсе. Бұл шеберлікті аса тиімді пайдалану үшін ең әуелі оның қайда бағытталатынын немесе қандай заңдылықтарға бағынатынын терең танып білу керек. «Өнердің қай саласы болсын, әйтеуір бір негізі бар, сол негізден туып, көрініп жатады, кино өнерінің негізі – сценарий, театр өнерінің негізі – пьеса. Бірақ сценарий экранның, пьеса сахнаның заңына бағынады. Сол сияқты радиоөнерінің негізі-радиодраматургияның салалары болмақ. Ол эфир заңына бағынады».

Эфир заңы радиодан естілетін әрбір дыбыстың, айтылатын әрбір сөздің мейлінше шынайы шындықты дәл өз қалпында жеткізетіндей болуын қатаң талап етуімен қатар, дыбыс әлемінің бүкіл мүмкіндіктерін толық әрі жарқырата пайдалануды керексінеді. Өйткені дыбыстық өнердің негізгі ерекшеліктері осыдан көрінеді. Сондықтан да микрафон алдында сөйлеушінің шыншыл болғаны дұрыс. Мұндай талап ең алдымен радиоөнерінің өзіндік табиғатынан туындайды. Мұнда көрініс жоқ. Тыңдаушының бар зейін, ықыласы дыбысты бақылауға ауады. Актердің үніндегі кез-келген жасандылық тез аңғарылып қалады. Экран мен театр сахнасындағы қойылымдармен салыстырғанда радиосахнадағы актердің образға кірін, оған берілуін, қаншалықты нанымды етіп ойнап тұрғанын тез тануға мүмкіндік мол» 26, - деп көзалдыңа нақты бір мәселені әкеледі.

Электронды ақпарат құралдары, оның ішінде қазақ радиосы туралы белгілі ғалымдармен қатар жас зерттеушілер де өз үлестерін қосуда. Мәселен, бұл тұрғыда журналистика факультетінің аспиранты Ш. Омарова «Қазақ радиохабары: ізденістер мен іркілістер» деген зерттеуінде «Қазақстан теледидары мен радиосы» республикалық корпорациясының болашағы жөнінде салмақты сын пікірлер көп айтылып жүр. Бірақ қазіргі қазақ радиожурналистикасының даму дәрежесін төмен деу қиянат. Әрине, қаржының қолбайлау болуы, техниканың тозуы өз қиыншылығын тигізуде. Десек те, әуе толқынынан жаңашылдық нышандары орын алуда.

Бұрынғы «Ауыл өмірі» радиостанциясы хабарлары қоғамдық-саяси хабарлар бас редакциясынан шыға бастады. Радиохабарлар саны қысқарғанымен, сапалысы әуе толқынынан түскен жоқ. Балалар  мен жастар хабарлары Бас редакциясы жүргізушілерінің ізденісі арқасында  радиохабарлар жаңа мазмұнға ие болуда. Тағы бір үлкен жетістік – тікелей хабар ұйымдастыру.

Міне, осындай жақсы іс жалғасын тауып Қазақ радиосының әуе толқыны жаңа бағдарламалармен, авторлық хабарлармен толығып жатса, қазақ радиожурналистикасының мерейі үстем болар еді» 27 - деп өз ойын ортаға салады.

Осы тұрғыда филология ғылымдарының кандидаты Т. Көпбаев «Радиодраматургия, тілдік ерекшеліктер мен сөз қолданыстары» деген екінші бір мақаласында радиодраматургияның әдеби драмалық шығармалармен сабақтастығын дәлелдеп шығады. Ол бұл жайында «Радиодраматургия әдебиеттегі драмалық шығармалармен сабақтас. Драматургияның ортақ заңдылықтарына бағынады. Десек те, бұл өнердің әдебиет теориясының шеңберінен шығып кететін қасиеттері мол. Сондықтан да, радиодраматургия туралы теориялық пікірлер айтқанда біз әдебиет теориясымен қатар театр өнерінің де сан қилы ерекшеліктері мен мүмкіндіктеріне тоқталмай өте алмаймыз. Радиоға арналған толыққанды қойылымдар (инсценировка, пьесса, спектакль) әдебиеттің де, театр өнерінің де ең қолайлы үрдістерін түгел қамтуға тиіс. Мысалы, радиодраматургия өзінің жанрлық белгілері жағынан, атап айтқанда радиопьесалардағы өмір құбылысының, нақты фактінің сипаты жасалатын қорытындылар мен жинақтаулардың дәрежесі, көлемі, типтендіру дәрежесі және әдеби-стилистикалық тәсілдері жағынан көркем публицистикалық жанрлар тобына жатады. Мұндағы көркемдік, публицистикалық сарын ең әуелі көркем әдебиеттің, жалпы журналистиканың заңдылықтарынан туындайды» 28, - дейді.

Осындай электронды ақпарат құралдарының ерекшелігіне арналған екінші бір мақала, филология ғылымдарының кандидаты Н. Шыңғысованың «Қазақ теледидарының жастар бағдарламасы: тарихынан тағылым, болашаққа болжам» атты мақаласы. Онда автор қазақ жастар бағдарламасының тарихына кеңінен тоқталып, оның қалыптасу, даму кезеңіне лайықты бағасын береді. Әсіресе, бұл бағдарламаны жоғары дәрежеге көтеру жолында талмай, қажымай еңбек еткен С. Масғұтов, С. Әшімбаев, О. Бөкеев, Д. Исабеков, Қ. Игісінов және т.б. творчестволық еңбек жолдарына мән береді. Мәселен, 1970-1980 жылдары «Құрдастар» редакциясынан берілген  С. Әшімбаевтың «Парыз бен қарыз», «Жүректен қозғайық» хабарларын көрермендердің жоғары бағалағандығын айтады. Осыған орай автор бүгінгі таңдағы басты міндет ретінде «Әр халықтың өзіне ғана тән ұлттық ерекшелігі бар. Сол халықтың қамын ойлап, болашағын қозғаған мәселенің ұлттық қаны тамшылап тұрмаса, ол нағыз халықтық дүние емес. Ал теледидар жүргізушісі ең алдымен халықтың мүддесін көздеген адам болғандықтан, діттеген мақсатына жетуі үшін ұлттық намысқа тиіп, сананы оятуы керек, яғни ұлтына деген сүйіспеншілігі ерекше жанның ұлттық сезімі болғанда ғана ұйқыдағы сана оянады десек артық айтқандық емес. Бір нәрсені баяндау, талдау бар, ар жағына көз жіберіп, шешудің жолы тағы бар. Әрбір айтылған сөздің ар жағында ой жатуы тиіс. Тележурналист хабардағы адамның психологиясын көбірек ескеріп, оның өзін ғана емес, зердесін де тани білуі үшін жалған сыпайылықты сырып тастаған шеберлік қажет. Мұның бәрі тележурналистен үнемі тәжірибе қорытып, үздіксіз ізденіп отыруды талап етеді. «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген қағида, «қасаңданып» бір ізбен жүре беру теледидар табиғатына жат. Жүргізушінің жағымды үні, ұшқыр ойы, тапқырлығы, тартымдылығы, білімділігі, тіл байлығы, өзін еркін ұстай білуі – тәуір хабардың алғы шарттары» 29, - деген орынды идея ұсынады.

Әрине, «Хабаршыда» электронды ақпарат құралдарына байланысты бұдан басқа да көптеген пайдалы материалдар жарияланған. Олардың бәрін бір мақала көлеміне сидыру мүмкін емес. Әсіресе, Т. Көпбаевтың «Интернет және сөз бостандығы», Қ. Әбжановтың «Экран тілінің шұрайы кетпесін», М. Омарғалиеваның «Телеқойылым аудармасы жайында» деген еңбектері бүгінгі күннің басты мәселелерін сөз етеді. Осыдан-ақ біздер бұл тұрғыда терең ізденістер жасалып, зерттеулер жүргізіліп жатқандығын аңғарамыз.

 

 

6. Шеберлік мектебі

 

«Хабаршыда» бұл тақырыпқа арналып 29 зерттеу мақала жарияланыпты. Бұл тұрғыда К. Қамзиннің «Қазіргі публицистиканың жаңа нышандары», Д. Баялиеваның «Баспасөз тілінің мәселелері», Қ. Тұрсыновтың «Зерде тоғысы», Т. Бекниязовтың «Журналистің шығармашылық ізденістері хақында», Ә. Тойбаеваның «Қазіргі жолсапар очерктерінің кейбір ерекшеліктері», А. Мектеповтың «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ баспасөзінің тұңғыш теоретигі» және т.б. еңбектерді атап өтуге болады.

Енді шама-шарқымыз келгенше осы материалдардың қайсыбіріне толығырақ тоқталып көрелік. Осыған орай К. Қамзин өзінің «Қазіргі публицистиканың жаңа нышандары» деген зерттеуінде «Қоғамдық құрылыстың бүгінгі саяси серкелер саралап берген өзгеше формасына аяқ басудың, сан салалы шаруашылықты жөнге салу мен сауатты жүргізудің көшелі тәсілі – нарықтық қатынастарға өтудің қиын-қыстауын басынан кешіп келе жатқан тәуелсіз, жас мемлекетіміздің алдында меніңше, жүгі зілден де ауыр төрт міндет тұр: а) халықаралық қоғамдастыққа өзімізге ғана тән бет-ажарды таныта білу; ә) экономикалық тәуелсіздікке жету; б) ғылыми-технологиялық дербестікке ие болу; в) ақпараттық идеологиялық дәрменділікті қамтамасыз ету» 30 - дейді.

Иә, шындығында солай. Бұл істің іргетасы қаланған. Ал оны жалғастыру болашақтың ісі. Оны қазірден бастап қолға алу керек. Сонда ғана біздер қазіргі публицистиканың жаңа нышандарын өз қолымызбен қалайтын боламыз. Бұл тұрғыда филология ғылымдарының кандидаты Қ. Тұрсыновтың «Қазақ теледидарының дәстүр мен жаңашылдық нышандары» деген мақаласы да оқырмандарына айтарлықтай ой салады. Автор қазақ теледидарының дәстүрі мен жаңашылдығын ой тарапынан өткізе отырып, өзіндік болжамдар жасайды. Осы тұрғыда ол: «Қорыта келгенде, теледидар бағдарламаларындағы дәстүр мен жаңашылдық нышандарын шығармашылық ойлардың ешқашан да толастамайтындығымен, уақытпен бірге жаңа түр мен мазмұнға ие болатындығымен байланыста қарау керек.  Редактордың қиялында өмірге келген - сөз, бейне, дыбыс, сөз ешқашан да таусылып бітпейді. Жекелеген хабарлардың өзінде де ол өз шектеуінде тоқтап қалмайды. Ол – шығармашылық үздік идеялар мен ойлардың, бейнелердің тууы және олардың экранда шыншыл қалпында, боямасыз көрермендеріне жақсылықпен ұсынылуы заман талабы, уақыт сұранысы осылай» 31, - дейді.

Ендігі әңгіме журналистің шығармашылық ізденістері хақында. Шын мәнінде журналист дегеніміз кім? Оның қоғамдағы орны қандай? Және басқа да көптеген сұрауларға жауап беру оңайға соқпайды. Кім болса да журналист болып тумайды. Демек, қандай мамандық иесін алсаңыз да өмірді көре келе, білім-ғылымнан сусындай отырып, тәжірибе жинақтау арқылы қажетті саланы үйренеді, меңгереді. Бұл орайда журналист туралы сөз, ой-пікір тіпті күрделі десек артық айтқандық емес. Себебі аталмыш мамандықтың оңайлықпен қолға түсе бермейтін қыр-сырлары баршылық. Соның ең бастысы әрі бірегейі – оның творчествоға қатыстылығы. Ал творчество қай заманнан-ақ адамзатты ойландырып-толғандырып келген мәселе екені белгілі. Творчество ақыл-ойға, ілім-білімге терең бойлағанда ғана пайда болатын құбылыс. Сонымен бірге осынау мамандықтың тағы бір қасиеті – ол табиғи қабылет дарынға, яғни, талапқа байланысты екендігі. Бұл ретте көп сөз айтуға болады, оның теориялық та, практикалық та мәнін ашуға болады. Өйткені осы жолда талай ғалымдар зерттеулер жасаған, ой-пікірлер қорытқан.

Біздіңше сондай ғалымдардың бірі филология ғылымдарының кандидаты, доцент Т. Бекниязов. Ол бұл мәселе туралы өзінің «Журналистің шығармашылық ізденістері хақында» деген еңбегінде былай деп ой толғайды: «Егер қазақ журналистикасының тарихына үңілсек, жалпы публицистиканың дамуына назар аударсақ көп жайды аңғаруға болады. Ал мұның бәрі өздігінен болған нәрсе емес, қайта көптеген тұлғаларымыздың басқа да елдердегі секілді, қазақ журналистикасының негізін салып кеткеніне байланысты. Өткен ғасырдағы Шоқанның «Жоңғария очерктерінен» бастап Абай мен Ыбырайдың еңбектеріндегі публицистикалық сарындар мен элементтер қазақ журналистикасының бастау бұлақтары десе де болады. Одан соң мерзімді басылым ретінде дүниеге келген «Түркістан уалаяты» мен «Дала уалаяты» газеттерінің, «Шолпан», «Сана», «Садақ» журналдарының атқарған ролі қалай айтуға да тұрарлық. Ал Мұхамеджан Сералиннің орны тіпті бөлек. XX ғасырдың басында қоғамдық өмірге белсене араласқан, журналистикаға да публицистикалық мақалаларымен үлес қосқан «ақтаңдақ» атанған тұлғаларымыз Ахмет Байтұрсыновты, Міржақып Дулатовты, Мағжан Жұмабаевты, Жүсіпбек Аймауытовты атамай өтпейміз. Тағы бір шоғыр классиктеріміз С. Сейфуллин, Б. Майлин, І. Жансүгіров еңбектері ше? Бұлардың таза әдеби шығармаларымен бірге, толып жатқан публицистикалық материалдары өз кезіндегі журналистиканың құнды дүниелері болғанына сөз жоқ. Одан бергіде Мұхтар Әуезовтің, Ғабит Мүсіреповтің, Ғабиден Мұстафиннің ел өмірінен жазған көркем очерктері мен деректі мақалалары шыққаны аян. Сайып келгенде мұндай классиктеріміз тек қазақ әдебиетін дамытып қана қоймай, қазақ журналистикасын да, публицистикасын да параллельді түрде дамытты деп батыл айта аламыз...» 32.

Осы тақырып аясында шеберлік мектебі туралы тағы да бір сөз айтпақшымыз. Ол жекелеген тұлғалар туралы. Яғни, қазақ публицистикасының іргетасын қалап, өз еңбектерін сіңірген көсемсөз шеберлері. Бұл тұрғыда жоғарыда айтылғандай қазақ  публицистикасының іргетасының қалануына бастау болған Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, Абайларды айтамыз. Одан соң осы ағартушылардың ісін ілгері дамытып қана қоймай, өзіндік жаңалықтар енгізіп байытқан М.Ж.Көпеев, Р. Дүйсенбаев, О. Әлжанов, Б. Қаратаев, С. Торайғыров, М. Сералин, Ғ. Қарашев және т.б. атауға болады. Ал,  XX ғасырдың басында қазақ баспасөзінің, яғни қазақ публицистикасының ірге тасын қалап, теориясын жасаған белгілі азаматтар бар. Олар А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ә. Бөкейхановтар дейміз. Осы орайда «Хабаршыда» филология ғылымдарының кандидаты А. Мектепов бұл мәселеге көп үлес қосып жүр. Енді осы автордың «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ баспасөзінің тұңғыш теоретигі» деген мақаласына назар аударсақ онда: «Зады, Ахаң- Ахмет Байтұрсынұлының сан-салалы ғылыми-шығармашылық, ағартушылық-ұстаздық қырларын байыптаған сайын ұлттық баспасөзімізге қосқан айрықша үлесіне тарихи әділ бағасын берудің лайықтығы өзінен-өзі солғұрлым айқындала түседі. Бұл тұрғыда Ахаңның әмбебаптығы қайран қалдырады. Ғалым еңбегі әлі де жан-жақты зерделеп, жүйелі зерттеуді қажет етеді. Сонда ғана оның өзіне тән адамгершілік, кісілік мінез-құлқы, ақыл-парасат әлемі, оқыған-тоқыған білім өресі, қаламгерлік машығы, даралық өзгешелігі мен шеберлік ерекшелігінің басқа да сыр-сипаттары ашыларына шығар күндей куә боларымыз анық. Ақылман жан не жайында жазып толғанса да аз сөзге саз мағына үстеп, оған ұлттық идеологияны сыйғызып, астары қатпар-қатпар, қат-қабат терең пәлсәпалық тұжырыммен түйіндейді. «Қазақ» газетінің тұңғыш санында Ахаң мерзімді баспасөздің басты-басты төрт түрлі функциясын атап, оған қысқа да нұсқа назар аудартып өтеді: «әуелі, газета-халықтың көзі, құлағы һәм тілі»,-дейді. Бұл мерзімді баспасөздің қоғамдық ақпараттық жан-жақты қызыметіне берілген ғылыми анықтаманың классикалық үлгісі деуге болады»,-деген жолдар бар.

Бір сөзбен айтсақ журналистің, публицистің шеберлігі туралы «Хабаршыда» осы үш жылдың ішінде аз еңбек жарияланбаған. Мұның өзі ғалымдардың бұқаралық ақпарат құралдарының бұл саласына ерекше назар аударатынын байқатады. Себебі, қайсы бір материал болмасын ең алдымен мән мазмұндылығымен, яғни жазылу шеберлігімен құнды.

 

 

      

 

 

 

           

 

 

 

ҮШІНШІ ТАРАУ

 

               Қазақ мерзімді баспасөзінің тарихын зерттеушілер

 

                           1. Бейсенбай Кенжебаев

 

Бейсенбай Кенжебаев 1904 жылдың қазан айының 4-ші жұлдызында қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Бөген ауданының Жалғызағаш деген жерінде дүниеге келген. Балалық шағы жалшылықпен өткен ол сол кездегі жастар жетекшісі Ғани Мұратбаевтың жәрдемімен Ташкенттегі жетім балалар үйіне орналасады.

1921-25 жылдары Москвада – Шығыс еңбекшілері коммунистік университетінде, одан кейін 1938-40 жылдары М. Горький атындағы әдебиет институтында оқып, білім алады. 1939-42 жылдары қазіргі Әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқиды.

Ал, 1925-28 жылдары «Жас қайрат» газеті мен «Лениншіл жас» журналы редакторының орынбасары болады. Содан кейін қазақ радиосының бас редакторы қызметін атқарады. Сондай-ақ, ол «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Павлодар облыстық «Кеңес туы» газеті мен Оңтүстік Қазақстан облысының «Оңтүстік Қазақстан» газеттерін ұйымдастырушы әрі тұңғыш редакторы. 1941-44 жылдары Қазақстан мемлекеттік біріккен баспасының бас редакторы. Содан 1944 жылы Қазақ мемлкеттік университетінде педагогтік қызметке келеді. Аға мұғалім, филология факультетінің деканы, қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, кафедра меңгерушісі, профессор, кеңесші профессор атағына ие болады.

Б. Кенжебаевтың сыншылық-ғалымдық жолы сонау 1925 жылы Шығыс еңбекшілері коммунистік университетінде оқып жүргенде «Еңбекші қазақ» газетінің 359-360 нөмірлерінде жарияланған «Абай – қазақтың ұлы ақыны» атты мақаласынан басталады. Кейіннен бұл тақырып орыс және қазақ тілдерінде М. Әуезовпен бірігіп жазған «Абай қазақ халқының реалистік әдебиетінің негізін салушы» деген сияқты күрделі еңбектерге ұласқаны белгілі. Ол 1946 жылы «Сұлтанмахмұттың ақындығы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған.

 Б. Кенжебаев – қазақ әдебиеті тарихын көне дәуірлерден бастау керектігін қырқыншы, алпысыншы жылдарда әр қырынан келіп алғаш айтқан ғалым. Ол  - «Асау жүрек», «Шұғылалы күндер суреті» атты деректі көркем шығармалар жазған жазушы да. Сондай-ақ, ол – аудармашы да. Мәселен, Д. Панфиловтың «Бейбітшілік үшін күрес», Б. Полевойдың «Нағыз адам туралы аңыз», Ф. Гладковтың «Балалық шақ», Мальцевтің «Шын жүректен» секілді шығармаларын әлем жазушыларының көптеген әңгіме, новеллаларын қазақ тіліне аударып, жоғары баға алған.

Жалпы, Б. Кенжебаев оқырманымен алғаш рет ел өмірінен жазған хабарларымен көріне бастаған. Осыған орай оның «Еңбекші қазақ» газеті редакторының орынбасары, Павлодар облыстық «Кеңес туы» газетінің редакторы міндеттерін атқарған. Міне, осы кезде «Социалистік Қазақстан» газеттерінің беттерінде ұлт тілі жайында біраз айтыс-тартыс болған. Осыған орай 1933 жылы ол өзінің «Қазақ тілі туралы» деген екі мақаласын баспасөз бетінде жариялатады.

Мәселен, оның алғашқы «Қазақ тілі туралы» деп аталатын мақаласы – Мұстафа Қайназарұлы деген автордың «Қазақ тілін өркендетуге басшылық күшейтілсін» деген полемикасына қарсы жазылған дүние. Мәселен, М. Қайназарұлы өз мақаласында «Социализм бүтін жер жүзінде жеңіп әбден орнығып, қалыптасып кеткен уақытта ұлт тілдері ақсап, бір ортақ тілге айналып кетуі сөзсіз» деген Сталин нұсқауын жүзеге асыра беру бағытын ұстауымыз керек. Шет тілдерді үйренуді күшейту керек. Әсіресе, орыс тілін үйренуге ерекше зер салу қажет, жалпы пролетариат мәдениетіне жетуде бұл тілдің көп септігі тиеді» деп жазады.

Ал, бұл мақала туралы Б. Кенжебаев «...Мұстафа жолдас мақаласында не қазақ тілін өркендету туралы, не қазақ тілін өркендетуге басшылықты күшейту туралы ешбір салалы пікір айтпаған, сара жол көрсетпеген. Оның орнына өзі сезіп-сезінбесін, бір жерде бас десе, екінші жерде құлақ деген құр сапырушылыққа салынған» - деп тойтарыс беріпті. Содан кейін әлгіндей солақай пікірлерін алға тарта отырып «Мұның мәнісі не болады. Мұстафаның бұл солшыл пікірі ұлы орысшылардың отына май құяды. Өте зиянды пікір.

Ұлы орысшылар социализм болғанда барлық ұлт бірігіп кетеді. Олардың тілдері де бір болады, жалпы тіл болады. Олай болса, ұлт айырмасын жоғалтатын мезгіл жетті, бұрынғы езілген ұлттар мәдениетінің өркендеуіне жәрдем беру саясатынан бас тартатын мезгіл жетті дейді»-деп, солақай пікірдің астарын әшкерелейді.

Б. Кенжебаев баспасөз ісінің теориясы мен тәжірибесінің өзекті мәселелерін шешуге де араласып, жергілікті халыққа баспасөздің мәнін түсіндіруге атсалысқан. Бұл тұрғыда ол қабырға газеттерінің жұмысын жандандыру мақсатымен «Ауылда қабырға газетін қалай шығару керек» деген кітап жазады.

Б. Кенжебаевтың алғашқы ғылыми-зерттеу еңбегі – «Сұлтанмахмұттың ақындығы» деп аталады. Осы тұрғыда оның Сұлтанмахмұт Торайғыровтың әдеби мұрасын зерттеу жолындағы бастан кешкен қиындықтарына тоқталмай кетуге болмайды. Алдымен ол жоғарыда аталған еңбегі үшін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысына ілікті. Одан соң «Б. Кенжебаевтың С. Торайғыров шығармашылығын зерттеудегі қателіктері» деген арнайы мақала да жазылды. Бұл туралы ғалым өзінің күнделігінде «Мен өзімнің әлеуметтік өмірімде сынға, талқыға көп түстім. Әсіресе, қырқыншы, елунші жылдары жиырма жыл бойында дерлік үздіксіз орынды, орынсыз сыналып, айыпталып соққы көріп жүрдім» деп жазды.

Мысалы, «Социалистік Қазақстан» газеті 1952 жылы наурыз айында жарияланған «Б. Кенжебаевтың өрескел қателері» деген мақаласында былай деп жазды:

«Б. Кенжебаев өзінің бұл ұлтшылдық бағыттағы өрескел қателері талай рет қайталанып көрсетілсе де, ол баспасөз бетіндегі мұндай пікірлерге күні бүгінге дейін құлақ аспай, қателіктерін түзеуге тырыспай келеді. Тіпті қателіктерін мойындауды қажетсінбейді. Бірақ оның мұндай орынсыз «қайсарлығына» Совет жұртшылығы төзе бермейді».

Бір жылдан кейін 1953 жылы наурыз айында аудандық, қалалық партия комитеттері мені партия қатарынан шығарды. Қазақтың мемлекеттік университеті қызметтен босатты.

Осыдан мен тоғыз ай қызметсіз отырдым, жау деп ешбір мекеме қызметке алмады, ешбір газет-журнал жазғандарымды баспады. Бірқатар жолдастар маған жоламай кетті,-деп жазады.

«Социалистік Қазақстан» газетінің 1951 жылғы 17 қарашадағы санында Б. Қорқытов пен Ә. Досбаевтың «Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеудегі өрескел қателер» атты көлемді мақалалары жарияланды. Бұл материалда Қ. Бекхожиннің «Дала уалаяты» - қазақтың тұңғыш газеті» деген кандидаттық диссертациясын және Б. Кенжебаевтың «Қазақ баспасөзінің тарихынан» атты кітабын сынайды.

«Б. Кенжебаев буржуазиялық ұлтшыл бағыттағы газеттер («Қазақ», «Серке», тағы басқалары) жөнінде құлшына баяндайды, алашордашылардың 13 газетінің атын тізеді (24-25 беттер). Бұл бұл ма, автор алашордашылардың орталық органы «Сарыарқа» газетінің совет өкіметіне, оның ұлт саясатына қарсы жазған контрреволюциялық, жалақорлық мақаласынан бір құлаш цитатты келтіреді. Сөйтіп контрреволюциялық идеяға трибуна береді».

Авторлар одан әрі Б. Кенжебаевтың «Айқап» журналы төңірегінде қозғаған мәселелеріне тоқталады. Яғни, «Айқап» журналының мазмұнын, ұстаған бағытын, идеясын баяндауында, оны халықты ұйқысынан оятты, шаруашылығы мен мәдениетін дамытты. Саяси белсенділігін көтерді» (16 бет),-деп асыра баға береді, журналдың таптық бағытын марксистік тұрғыдан ашып көрсетпейді, оның керісінше, бұл журнал «қазақтың кедейлері мен жарлы-жақыбайларының» пікірін білдірді, мүддесін көздеді деп «Айқап» журналының идеялық мазмұны жөнінде жұртшылықты шатастыратын, тарихи шындыққа жатпайтын қорытынды жасайды,-деп сынады.

Алайда, осының барлығына қарамастан Б. Кенжебаевтың сол кездің өзінде-ақ «Айқап» журналы туралы өте бір білгірлікпен жазған төмендегі пікіріне күні бүгінге дейін ешкімнің таласы болмауы керек. «Айқап» 1911 жылғы 6-санындағы «Бізге не істеу керек» деген бас мақаласында ашық айтты: 1. Отырықшы болып, қала салу, жерден қол үзіп қалмау. 2. Мектеп, медресе салып, оқу, мәдениетке жетілу керек. 3. Дін жұмысын өз қолымызға алу-мүфти сайлау керек. 4. Мемлекет думасында мүддемізді айтып, сөзімізді жеткізіп отыратын депутаттарымыз болу керек. 5. Петербурда өкіліміз болу керек, ол сонда біздің ісімізді жүргізіп, өткізіп отыру керек деді.

Сондай-ақ, «Айқап» журналы қазақ арасындағы бектік-феодалдық қоғам қалдықтарына, ескі ғұрып-әдеттерге, жалқаулыққа, надандыққа, партиягершілікке қарсы күресті. Жаңаны, жақсыны дәріптеді, орыс халқының мәдениетін үлгі етті.

Бұдан соң  Б. Кенжебаев «Журналист Мұхаметжан Сералин» деген еңбек жазды. Оған енді сол кездегі жас ғалым Т. Қожакеев «Журналист туралы кітапша» атты мақаласын арнайды.

Мақалада автор Б. Кенжебаевтың Мұхаметжан Сералиннің, әсіресе, қазан төңкерісінен кейінгі қызметіне, одан кейін әртүрлі жауапты қызметтер атқарғандығын, оның әдеби шығармаларына көбірек тоқталғандығын айта келіп, мынадай сыни пікір де айтады.

«Мұхаметжан Сералиннің журналистік қабілеті Қазан төңкерісінен кейін ғана жақсы қырынан көрінетіндігін, оның «Айқап» журналында небары қырық шақты ғана материал жарияланғандығын, ал «Ауыл» газетінің он бір нөмірінде он бес мақаласы басылғанын, яғни М. Сералиннің журналистік қызметіне толығырақ, молырақ тоқталу керектігін, осы кезеңнің кітапшада үстірт жазылғандығына тоқталады. Және де сол кезде жазған публицистикалық шығармаларына кеңірек талдау жасап, олардың сипатын, сыр, мазмұнын оқушыға тереңірек аңғартқаны жөн еді»-дейді. Ал келтірілген деректерге сүйенетін болсақ, одан әрі Б. Кенжебаевтың Мұхамеджанның «Ауыл» газетінде жарияланған екі-үш мақаласына пікір айтылғандығы, оның «Ұшқын», «Еңбекші қазақ» газеттеріндегі жазғандары тіпті сөз болмағанын, келешекте публицистік қызметінің осы кезеңі тереңірек зерттелу керектігін тілге тиек етеді.

М. Сералин туралы болашақта жазылатын еңбектерге айтылатын бір тілек,-дейді ол, оның журналистік қызметін «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті арасындағы күрес үстінде, тартыс, талас процесінде көрсетілсе»-деп Т. Қожакеев өз мақаласында Бейсенбай Кенжебаевтың Мұхаметжан Сералиннің сол кезде ұстаған бағытын, айтыс мақалаларын, оның айқын позициясын  ашу қажеттігіне баса назар аударады.

Ал, Б. Кенжебаевтың «Жылдар жемісі» деп аталатын екінші бір кітабы болса, әр жылдары жазған сын мақалалары мен очерктері енген жинақ екі бөлімнен тұрады. «Шығарма шырайы» аталған бірінші бөлімде қазақ әдебиетінің қалыптасып, дамуында өзіндік рөл атқарған «Қалың мал», «Тар жол, тайғақ кешу» сияқты туындылар сөз болады. Ал, «Қаламдастар, замандастар» бөлімінде өзі көзі көрген, қызметтес, пікірлес болған әдебиетіміздің ірі қайраткерлері туралы естеліктер айтылады.

Әуелі Б. Кенжебаев қазақ әдебиетінің қалыптасыунда кеңірек сөз болған қазақтың тұңғыш романы деп келген Спандияр Көпеевтің «Қалың мал» романына зерттеу жүргізеді.

«Революциядан бұрын, Спандияр Көпеев «Қалың мал» романын жазған кезде қазақтардың ақындары арасында, баспасөзінде халыққа түсініксіз, жат, ескі араб, парсы, шағатай тілдерінің сарқыны бар еді. Ақын, жазушылардың бірқатары шығармаларын сол тілдегі сөздерді неғұрлым көбірек жазуға тырысушы еді, бұл өзі бір салт, сән сияқты болған» дейді автор.

Алайда, сол кезде белең алған шолақ үрдіске қарамай, С. Көпеевтің романы қазақ тілінде, яғни, халықтың сөз мәдениетін, сөзді әшекейлеу, сөздік қорды тереңірек пайдаланғанын тілге тиек етеді. Сондай-ақ, Көпеевтің қазақтың мақал-мәтелдерін шығармада орынды қолданғанын келтіреді.

«Ат сатсаң ауылыңмен», «Бәтуамен кескен бармақ ауырмайды», «Ит жегенше иесі жесін», «Сөз сөзден туады», «Бітер істің басына, жақсы келер қасына», «Орамал тонға жарамайды, жолға жарайды» деген сияқты тағы басқа нақыл сөздерге жүгінетінін айта келіп, оқушы сүйсініп оқитындығын айтады. Сонан соң,  Спандияр Көпеевтің бірді-екілі мақалды дұрыс, халық аузында айтылған қалпында келтірмегендігін қынжыла баяндайды. Оны мына мысалдан көруге болады. «Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ» деген мақалды «Күш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ» деп келтіреді. Күші қазандай қайнаса, күресуге дәрмені-күші болады ғой. Ал, мақал іші қазандай қайнап, күресуге дәрмен күші болмағанды айтады. Сонымен қатар, шығармада жергілікті кәсіптік сөздер мен сөйлемдерді біраз кірістіргендігін баяндайды. Олар «Мазақ», «Тіске сызды болғандай», «Бие бауда», «Кімді қоюдың өзі бір сүре болды», «Сенек», «Әптер-тәптер», «Кібіт» тағы басқалар. Осы сөздердің орынсыз қолданғандығын, оның оқушының жаңылыстыратындығын айтады.

Жалпы, Бейсенбай Кенжебаев бұл шығарманы зерттеуде жоғарыдағыдай бірді-еілі кемшіліктері болғанымен, «Қалың мал» романы қазақтың сол замандағы көптеген жастарына, ұлдары мен қыздарына зор әсер еткендігін, ой-санасын оятып, ескілікке, ескі ғұрып-әдетке, дәстүрге қарсы күреске (кешегі кеңес саясаты осылай жаздырушы еді ғой) құлшындыратындығын әсерлі жазған.

Бұдан біз зерттеушінің қай шығарманы болсын терең таңдап, зерделі оймен оқушы қауымға ой айтатындығын, қаламының ұшқырлығын байқаймыз.

Қазақ әдебиетін дамытуда Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуінің» тарихи маңызы зор екендігін жұртшылық танығаны ақиқат. Солай бола тұрса да, бір өкінішті нәрсе, кейбір еңбектердегі жалпылама сипаттамалар болмаса «Тар жол, тайғақ кешу» туралы арнайы монография, ғылыми терең, жан-жақты зерттелген еңбек әлі жазылмаған деген пікір айтады Б. Кенжебаев жоғарыдағы «Жылдар жемісі» деп аталатын кітабында.

«Тар жол, тайғақ кешудің» дейді ол, көркем әдебиетінің қай жанрына жататынын әңгімелеуде үлкен негіз бар. Себебі, бұл туынды роман ба, әлде тарихи еңбек пе, соны осы шығарма жөніндегі әдеби зерттеулер тап басып, дәл айтпайды. Ал онсыз шығарманың тарихи орнын белгілеу қиын.

Сәкен – шығармашылығын көбірек зерттегендер – академик, жазушы Сәбит Мұқанов пен филология ғылымдарының докторы, профессор Есмағамбет Ысмайылов, профессор Тұрсынбек Кәкішев. Олардың сын зерттеу еңбектерінде Сәкен Сейфуллиннің революциялық қызметі мен шығармашылығы, оның қазақ әдебиетінің ірге тасын қалауындағы рөлі дұрыс бағаланады. Ал, «Тар жол, тайғақ кешудің» жанрын анықтауға келгенде тап баспайды,-дейді автор.

Содан кейін, Сәкен кітабында өзінің бүкіл өмірбаянын қамтымайды, тек бір дәуірде ғана басынан өткендерін баяндайды. Және ол өзі тікелей қатынаспаған оқиғаларды да суреттейді. Қазақстанда 1916-1919 жылдары болған бірсыпыра тарихи оқиғалар туралы сөз етеді, пікір-тұжырым айтады.

Сәкен өзі қатынасқан оқиғаларды болсын, өзі қатынаспаған оқиғаларды болсын жалаң мемуар, мақала стилінде суреттемей, көркем шығарма стилінде суреттейді, оның кітабының көп жері фактіні көрікті етіп баяндау болып келеді.

Сондықтан, біздіңше, - дейді Б. Кенжебаев - «Тар жол, тайғақ кешу» роман да емес, мемуар да емес, Қазақстанда сол кезде Совет өкіметін орнату жолындағы күрес туралы жазылған очерк кітабы деген дұрыс: «Тар жол, тайғақ кешу» - көркем очерктер циклі, - дегенді айтады.

Алайда, бұл мәселенің сәкентанушы ғалымдардың үлгісіне тиетіндігін ұмытпауымыз керек. Ал, Б. Кенжебаев болса, бұл тұрғыда  «Тар жол, тайғақ кешу» - мемуарлық шығарма болсын, мейлі очерк болсын әдебиетіміздің алтын топшасы болып есептелетін шығарма екенін ұмытпау керектігін ескертеді.

1959 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясы «Әдеби мұра және оны зерттеу» деп аталатын ғылыми теориялық конференция өткізді. Б.Кенжебаев онда екі мәселе бойынша: әдебиетіміздің көне тарихы және жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ әдебиеті жөнінде баяндама жасайды.

Қай мәселені болсын, зер сала зерттеп, топшылауын терең ойлап айтатын ғалымның сол жолғы ұсынысының бірі – қазақ әдебиетінің тарихын түркі тектес халықтарға ортақ ерте дәуірлерден, тіпті Орхон-Енисей тас жазбаларынан бастайық дегенді айтады.

Әрине, бұл пікір көпшілік қауымды ойға қалдырары анық. Десек те, бұл пікірді қолдағандар да, қолдамағандар да табылған. Сонда М. Әуезов «...Әдебиет шығармаларын кең зер салып зерттеп жүрген Бейсенбайдың ұсынған күрделі, қызықты пікірін өте орынды, дұрыс айтылған ой деп білемін» деп әділ бағалайды.

Ол жиында зерттеуші көтерген екінші мәселе – XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің жайы еді. Б. Кенжебаев осы кезеңде өмір сүрген журналист Мұхаметжан Сералин, Әріп Тәңірбергенов, Әсет Найманбаев тағы басқа қазақ жерінде баспа ісін өрістетуші ақын-жазушылар жөнінде бірнеше зерттеу еңбегін жазды. Ғалымның күрделі еңбегі «Қазақ халқының XX ғасыр басындағы демократ жазушылары» (1958) монографиясында тұңғыш рет архивтердің бұрын белгісіз болып келген қорларынан, кітапханалардың сирек газет-журнал, кітаптарды сақтайтын бөлімдерінен, жеке адамдардың қолдарында жинақталған қазыналардан алынған материалдар, қолжазбалар, тарихи деректер талданған. Сондықтан да бұл кітап – күні бүгінге дейін баспасөз тарихына байланысты әдебиетші, журналистер ғана емес, тарихшылар, философтар, педагогтар жүгінетін құнды еңбек.

Демократтық бағыттағы қаламгерлер М.Сералин, Ә.Тәңірбергенов, С.Торайғыров, С.Дөнентаев, С.Көпеевтің өмірі, білім алған ортасы, шығармаларының жазылу тарихы, олардың басылуы, зерттелуі – осылар секілді мәселелерге зерттеуші ғылыми байламдар жасаған.

Сол секілді С. Торайғыров мұрасын зерттеуде Б. Кенжебаев көп еңбек етті. Ол Сұлтанмахмұт мұрасын елу жылға жуық тынбай зерттеп, қорғап шықты. Бұған куә - оның ақын өмірінен жазған «Асау жүрек» атты әңгімелер жинағы.

1966 жылы Б. Кенжебаевтың «Шындық және шеберлік» деп аталатын кітабы басылып шыққан. Еңбектің аты айтып тұрғандай-ақ мұнда негізінен сын мақалалар жинақталған. Атап айтқанда, жиырмасыншы жылдардағы әдеби сын, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың өмірінен, айтулы ақын Ілияс Жансүгіров, «Абай жолы», «Ғалидың ақындығы», «Фельетон туралы», «Әдеби сын жайында» деген тақырыптарға қалам тартады.

Сонымен, қысқа қайырып айтар болсақ, ұлы Мұхтар Әуезов «Әдебиетіміздің еңбек торысы» деп есімін сүйсіне еске алатын Бейсенбай Кенжебаев айдалып кетпесе де өмір бойы дерлік кеңес идеологтарының ылғи қыспағында өмір сүріп, құлашын кеңге сермей алмай өткен ғажайып ғалым еді. Қазақ әдеби сынын ғана емес, қазақ мәдениетінің, қазақ журналистикасының тарихын да Бейсенбай Кенжебаевсыз көзге елестету мүмкін емес. Өйткені, кешегі аумалы-төкпелі қысылтаяң шақтың өзінде қалпын бұзбай халқына қалтқысыз қызмет еткен аяулы есімдердің алдыңғы легінде Бейсенбай Кенжебаевтың аты да тұрары шүбәсіз.

 

                               2. Қайыржан Бекхожин

 

Қайыржан Нұрғожаұлы Бекхожин көзінің тірісінде қазақ мерзімді баспасөзінің тарихына арнап 60-тан астам ғылыми мақала мен «Қазақ мерзімді баспасөзінің даму жолдары» атты монографиялық еңбек жазған ғалым. Бүгінгі таңда осы зерттеулерді дүниеге әкелу оған оңайға түсті ме? Кешегі «Қызыл империя» тұсында халқымызға өткен тарихымызды, оның ішінде сол заманның «көзі, құлағы, тілі» болып есептелген баспасөз тарихын өз күйінде жеткізудің сәті түсті ме, жоқ әлде өзіндік қиыншылықтары болды ма деген сауалдар туындайды.

Қ. Бекхожин 1949 жылы алғаш рет «Дала уалаяты» газеті тақырыбына кандидаттық диссертация қорғады. Бірақ, көп өтпей осы еңбекке орай «Социалистік Қазақстан» газетінің 1951 жылғы 17-қарашадағы санында Б. Қорқытов пен Ә. Досбаевтың «Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеудегі өрескел қателер» атты көлемді мақалалары жарияланды. Онда Қ. Бекхожиннің жоғарыда аталған «Дала уалаяты- қазақтың тұңғыш газеті» деген  кондидаттық диссертациясы қатты сыналды.

Бұл кез жалпы қазақтың тарихына , оңын әдебиеті мен мәдениетіне жанашырлық көрсетіп , оны зерттеуге бет бұрған азаматтардың ізіне түсіп, іздеу салған, халқымыздың өткен тарихы мен мәдени мұрасы жайлы жағымды сөз айтқысы келген ғалым-зерттеушілерге күйе жағып, үйірінен қуылған саяқ жылқыдай жұрттан шеттетіп, шекесіне нұқуға бейім тұратын уақыт болатын. Мәселен, Ж. Сәрсеков өзінің «Тарихи шындық бұрмаламбасын» деген мақаласында /«Әдебиет және искусство» журналының 1951 жылғы, 7-санында жарияланған/: «Революциядан бұрынғы қазақ баспасөзінің бәрі дерлік реакцияшыл, байшыл, ұлтшыл бағытта болды, сондықтан оны зерттеудің қажеті жоқ»,- деген сыңаржақ пікірді ұсынды. Өкінішке орай арада 40 жылдам астам уақыт өтсе де, тәуелсіздік алғаннан соң да өткен көлеңкесінен үркіп, әлі күнге дейін 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ басылымдары патша өкіметінің саясатын насихаттаудан аспаған немесе сол баяғы байшыл, ұлтшыл, реакцияшыл болған деген ой- пікірден асып кете алмай жүрген зерттеушілер де жоқ емес.

Сөйтіп, осындай жан-жақты қысымнан соң қос ғалым да өздерінің қазақ баспасөзін зерттеудегі «қателіктерін» мойындауға мәжбүр болып, оны «түзету» жолында, яғни партия саясатымен үндес келетін бірізділікке салу үшін біраз еңбектенген. Соның нәтижесінде Б. Кенжебаев жоғарыда аталған кітапшасын түзетіп /сынға іліккен тұстарын/ 1956 жылы «Қазақ баспасөзі тарихынан мәліметтер» деген атпен қайта бастырып шығарса, ал Қ. Бекхожин 1958 жылы «Қазақ баспасөзі совет өкіметі орнау жылдарында» атты пышақтың қырындай 12 беттік кіапшасын оқырмандарына ұсынды.

Бірақ, бұл қос ғалымның майдан алдындағы барлау, қансонар алдындағы із кесу сияқты алдын-ала дайындық жұмыстары болатын. Өйткені, арада біраз тыныштық орнап, «жеке басқа табынушылық» науқаны саябырси бастағаннан-ақ, іштей бір ортақ шешімге келген қос ғалым ғылым майданына білек түре қайтадан араласып кетті.

Ақыры, 1964 жылы сол кездегі қазақ мемлекеттік баспасының   Қ. Бекхожиннің 13 баспа табақ көлеміндегі «Қазақ баспасөзінің даму жолдары» /1860-1930 жылдар/ деген монографиялық кітабы жарық көріп, ақ түйенің қарны ақтарылды. Себебі, бұл қазақ баспасөзінің 80 жылдық тұтас тарихына арналған тұңғыш көлемді де, құнды еңбек болатын. Бірақ, автор алғашқымын деп асып-таспады. Қайта ол кітабының алғысөзінде: «Қазақ баспасөзінің бағыт-бағдарына алғаш баға бергендердің бірі – жазушы, академик С. Мұқанов. Ол өзінің 1932 жылғы «XX ғасырдағы қазақ әдебиеті» деген кітабында қазақ баспасөзіне біраз талдау жасайды. Сол сияқты профессор Е. Ысмайыловтың 1941 жылғы «Қазақ әдебиеті» деген оқу құралында, «Қазақ ССР тарихында» /үш рет басылуында да/, Қ. Бейсембиевтің 1961 жылғы «Қазақстанда XIX ғасырдың аяқ шенінде және XX ғасырдың басында болған саяси – идеялық ағымдар» деген кітабында қазақ баспасөзі туралы сөз болады » деп өз еңбегінің тақыр жерден шықпағанын ескерте отырып, одан әрі «Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуге бұрын-соңды басылып шыққан библиографиялық көрсеткіштер көп жеңілдік келтіреді. Бұл жөнінде Алекторовтың /Указатель книг, журнальных и газетных статей и заметок о киргизах. Казань, 1900/, Седельниковтың / Библиографический указатель по казахскому устному творчеству. Вып, 1771-1916, Алма-Ата, 1951/, Сәбитовтың / Библиографический указатель материалов по истории Казахстана. Алма-Ата, 1945/, «Қазақ әдебиетінің библиографиялық көрсеткіші», академик Ә. Марғұлан мен профессор Е. Ысмайыловтың басшылығымен Ү. Сұбханбердина / «Айқап» бетіндегі мақалалар мен хат-хабарлар. Алматы, 1961. Қазақтың революциядан бұрынғы мерзімді баспасөзіндегі материалдар. Алматы, 1963/ құрастырған  библиографиялық көрсеткіштерді атап көрсетуге болады» деген сияқты ғылыми құнды материалдардың бастауы қайда жатқандығын көрсетеді де, ақыр соңында: «Қазақстанда коммунистік баспасөздің, яғни қазақ совет баспасөзінің туып, дами бастаған дәуіріндегі қызметін жинақтап, баяндау үшін Т. Амандосовтың /Верныйдағы большевиктік тұңғыш қазақ газеті, 1959/,. С. Имашевтің /Зарождение коммунистической печати в Казахстане, 1961/, Б. Кенжебаев пен Т. Қожакеевтің / Қазақ совет баспасөзі тарихынан, 1962/ кітапшалары және басқалардың еңбектері қосымша құнды материал болғанын автор арнайы атап өтеді»,- деп өзінің басқа да ғалым, зерттеушілерге деген ыстық ықыласын білдіреді.

Еңбек «Қазақтың мерзімді баспасөзінің пайда болуы», «Буржуазиялық-демократиялық революция дәуіріндегі қазақ баспасөзі /«1905-1907 жылдар/», «Қазақ баспасөзі революциялық жаңа өрлеу және дүниежүзілік империалистік соғыс жылдарында /1910-1917 жылдар/», «Қазақ баспасөзі Ұлы Октябрь социалистік революциясының жеңуі және совет өкіметін орнату үшін күресте /1917 жылдың марты – 1918 жылдың июні/», «Қазақ баспасөзі шетел соғыс интервенциясы мен азамат соғысы дәуірінде / 1918-1920 жылдар/», «Қазақ баспасөзі республиканың халық шаруашылығын қалпына келтіру үшін күресте /1921-1925 жылдар/», «Қазақ баспасөзі социалистік индустрияландыру үшін күрес және ауыл-шаруашылығын жаппай коллективтендіру ісін әзірлеу дәуірінде / 1926-1929 жылдар/» деген басты-басты алты таруға бөлінген. Ал тараулар болса сол кездегі тарихи кезеңдерге байланысты қазақ баспасөзінің пайда болу, қалыптасу, даму жолдарына орай іштей бірнеше тақырыпшаларға таратылып берілген.

Мәселен, «Қазақтың мерзімді баспасөзінің пайда болуы» деп аталатын алғашқы тарау іштей «Қазақ публицистикасы мен баспасөзінің негізін салушылар» және «Қазақ тілінде шығарылған алғашқы газеттер» деген екі тақырыпта бөлініп берілген. Алғашқы тақырыпта ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаевтардың публицистикалық мұраларына терең талдау жасалынуы арқылы, олардың не себепті қазақ баспасөзінің негізін салушылар қатарына жатқызылатындығы дәлелденсе, екінші тақырыпта қазақ тілінде алғаш шығарылған «Түркістан уалаятының газеті» туралы тұңғыш батыл пікір айтып, аз да болса бұл басылымдардың прогрессивтік жақтарына баға беріп, оның ресми емес бөлімінде көтерілген мәселелерге көңіл аударған да, Ә. Бөкейхановтың «Қыр баласы» деген бүркеншік атпен халық ауыз әдебиеті хақында материал жариялап, полемика тудырғанын, М.Ж. Көпеевтің, Р. Дүйсенбаевтың және тағы басқа ол кезде аттары ауызға алына бермейтін ғұламалар туралы дерек беріп, сөз  астарына көп мән беру арқылы бұл екі газеттің де халқымыз үшін сарқылмас бұлақ екендігін сездіріп кеткен. Соның бір куәсі соңғы жылдары Ү. Сұбханбердинаның тікелей маңдай терімен жарыққа шығып, рухани байлығымыздың бір белгісіне айналған «Дала уалаяты газетінің» 5 томдық толық мәтіні берілген библиографиялық көрсеткіші. Екінші бір көңіл аударарлық мәселе кітаптың үшінші тарауында XX ғасырдың басында еркін ойлы, биресми тұрғыда шығып тұрған, демократиялық, прогресшіл бағыттағы «Қазақстан» газеті мен «Айқап» журналына деген автордың өзіндік көзқарасы, ұстанған позициясы.

«Қазақстан» газеті туралы автор ә, дегеннен-ақ «1910-1914» жылдардағы революциялық қозғалыстың жаңа өрлеуі Қазақстан жұмысшылары мен шаруаларына ғана емес, сонымен қатар қазақ арасында жалпы демократиялық, мәдени-ағартушылық қозғалыстың жандануына үлкен әсер етті. Мысалы, Орда қаласында алдыңғы қатарлы қазақ интеллегенциясы: мұғалімдері, дәрігерлері т.б. қызметкерлер жасырын кәсіпшілік одақ ұйымдастырады. Одақтың көздеген шаруашылық, саяси мақсаты болды. Осы ұйым баспахана сатып алу үшін елден ақша жинап, жиналған қаржыға А.Н.Щелкованың меншікті баспаханасын ашуға көмектеседі. «Қазақстан» газетінің алғашқы нөмірлері осы баспаханада шығарылады. Бұл көңіл аударарлық, әлі де жете зерттелуін қажет ететін жайт»,-деп бұл басылымға өзінің іш тартатындығын сездіреді.

Бұл тегіннен-тегін емес еді, әттең, заман басқа болды. Ғалым жинаған мол мұрасын еркін пайдалана алмады. Сондықтан, бүтін дүниені жартыкеш қып беруге тура келді. Кезінде Е. Бұйрин, Ғ. Қарашев, Б. Қаратаев, С. Меңдешев сияқты авторлары болған жер, ел тағдыры, тарих, әдебиет, мәдениет күйі, отарлау саясаты туралы қайсыбір жайды ашық жазуға дәрмені барған басылым туралы «Қазақстан» қазақ баспасөзінің тарихынан прогресшіл-демократиялық бағыттағы газет ретінде орын алады деуден, артыққа бара алмады.

Қ. Бекхожиннің бұдан кейінгі зерттеу обьектісі «Айқап» журналы болып табылады. Ол бұл жайында: Қазақ халқының мәдени өмірінде XX ғасырдың бас кезінде болған елеулі оқиғалардың бірі – «Айқап» журналының шығуы. Ол қазақтың тұңғыш қоғамдық-саяси және әдеби журналы болды. «Айқап» өзінің сипаты жөнінен жалпы демократиялық болғанымен, іс жүзінде Шоқан Уәлихановтың, Ыбырай Алтынсариннің, Абай Құнанбаевтың ағартушылық идеялары негізінде дамып келе жатқан қоғамдық ой-пікірінің, әдебиетінің, публицистикасының прогресшілдік және демократиялық дәстүрлерін жалғастырған, ілгері дамытқан журнал болды.

Алайда, бұл журнал туралы әр түрлі пікірлер айтылып келді. Кейбіреулер «Айқап», оның редакторы М. Сералин орыс шаруаларының Қазақстанға қоныс аударуына қарсы болды, оның бетінде буржуазиялық-ұлтшыл, панисламшыл элементтердің мақалалары жарияланып отырды, сондықтан ол кері тартпа журнал болды деп көрсетті. Бұл пікірлердің қате және дұрыс емес екенін филология ғылымдарының докторы, профессор Б. Кенжебаев өзінің «Қазақ халқының XX ғасыр басындағы демократ жазушылары» деген монографиясында дәлелдеді. «Айқап» жалпы алғанда демократияшыл, ағартушы бағыттағы журнал болды деп тұжырымдады», -деп жаза келіп, «Айқаптың» бірқатар оң істерін дұрыс көрсете білген.

Сөйте тұра кітап авторы бұл арада «Айқап» пен «Қазақ» газетінің арасында жер мәселесі туралы болған айтысқа дұрыс баға бере алмаған, әрі «Айқаптың» жабылуын: «Буржуазияшыл-ұлтшылдар «Қазақ» газетінің мерейін үстем ету үшін «Айқап» журналының қыр соңынан қалмай қудалап, жамандап, ақыры оның бұқара алдында беделін түсірді. Біздіңше журналды алушылардың азайып кетуіне «Қазақ» газетінің кесірі тиген.

Көп ұзамай «Қазақ» газеті шын сырын өзі ашты. «Қазақ тілінде шығып тұрған бір газет, бір журнал екеуінің бірі жабылып қалған соң, екіншісін күшейтуге көмек етушілер болыңқырады», - деп мұртын ширатты», - деп «Қазақ» газетінен көрген.

Әрине, бұл жерде біздер белгілі себептерге байланысты кітап авторын кінәлауға еш хақымыз жоқ. Қайта соңдай кезеңде бұл басылымдар туралы өрелі ой айтып, халықтың игілігіне айналдыруға тырысқандығы үшін алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Кітаптың екінші бөлімі «Қазақ совет баспасөзі» /1917-1930/, деп аталады. Мұндағы алғашқы көңіл аударарлық жай «Тіршілік» газетіне байланысты материалдар. Бұл басылым туралы автор: «1917 жылдың күзінде «Алаш» партиясы, «Алашорда» үкіметі, жер-жерде оның комитеттері құрылды. «Қазақ» газеті алашордашылардың ресми газетіне айналды. Онда «Алаш» партиясының программасы насихатталды. «Алашорда» автономиясы дәріптелді, буржуазиялық құрылтай жиналысына жіберілетін делегаттардың тізімі жарияланды.

1918 жылы 18 январда Орынборды большевиктер алғанда Алашорданың, оның газеті «Қазақтың» басшылары контрреволюцияшыл атаман Дутовтың әскерімен бірге қаладан қашып шығып, Семейге қарай жөнелді. «Қазақ» газеті 1918 жылғы 27 февральдағы бас мақаласында Орынборда Совет өкіметінің орнағанын мақұлдаған бола отырып, Ревкомның оны басқарған большевиктердің жүзеге асыра бастаған шараларын астарлы пікірлермен мұқата, құбыжық ете көрсетеді. Сондықтан да, большевиктер Орынборды алғанда Әліби Жанкелдин «Қазақ» газетінің Советке қарсы бағытта шыққан нөмірінің таралуына тыйым салған болатын.

С. Сейфуллин айтқандай, бөкейліктердің «Ұран» /1917 жылғы қыркүйектен 1918 жылғы мамырға дейін Орда қаласында шығып тұрды/ газеті «Қазақтың» ықпалында болды. Кейде газет қазақ халқын прогресс, өнерлі елдер қатарына жетуге шақырғанымен тұрақты бағыт ұстай алмады.

Бұл кезеңде тек қана «Тіршілік» газеті дұрыс жолда болып, революцияшыл-демократиялық бағыт ұстады. Ол буржуазиялық органдардың кертартпалық, контрреволюциялық әрекеттерін батыл әшкерелеп отырды»,-дей келіп дәлел ретінде Сәкен Сейфулиннің «Бұл газеттер,- «Тіршіліктен» басқаның бәрі бірбеткей болды. Бәрі Орынбордағы «Қазақ» газетінің ықпалымен жүрді. Бәрінің құлақ күйін «Қазақ» газеті бұрап беріп, нұсқау беріп отыратын болды. Бәрінің орталық туы «Қазақ» газеті»,-деген деректі көлденең тартады.

Әрине, бұған кеңес үкіметі тұсында бәріміз имандай сендік. Көзіміз көрмесе де «ұлтшыл» басылымдарды іштей кінәладық. Өйткені саясат та, басқа да соған имандай сендірді. Бірдеңеге күдік келтіруге болмады. Бағымызға орай өз халқының өткен тарихын көрем, білем деушілерге жол да, мүмкіндік те ашылды. Қайыржан Бекхожин  сияқты ұлтжанды ағаларымыздың қолы жете алмағандарын зерттеп, айта алмай құса болып кеткендерін кейінгі ұрпаққа жеткізу біздердің еншімізге қалды. Жанған оттай лапылдап тұрған «Қызыл империяның» қиын-қыстау жылдарында бастарын өлімге тігіп, тарихтың қойнауын ақтарып, шындықтың түбіне жетуге тырысқан аға ұрпақтан бізге өнеге етер, үйренер тұстарымыз көп-ақ.

Бұдан әрі автор кітабында ауылшаруашылығын ұйымдастыру және өнеркәсіпті индустрияландыру жылдарында Қазақстанда шығып тұрған «Ауыл тілі» және «Жұмысшы» газеттеріне арнайы тоқталып, бұл басылымдардың сол кездегі шаруалар мен жұмысшы кадрларын дайындау жолындағы игілікті істерін дәріптейді. Мәселен, кітап авторы «Ауыл тілі» газеті туралы: «Бұл газетке Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Бейімбет Майлин, Жақан Сыздықов, Қалмақан Әбдіқадыров, Аманғали Сегізбаев сияқты көрнекті жазушылар мен журналистер белсене қатысты. Олар халыққа түсінікті тілде, қара сөзбен де, өлеңмен де, әңгіме, очерк, сықақ, фельетон жазып, ескіні сөгіп, жаңаны дәріптеді...»,-деп жазса, «Жұмысшы» газеті хақында: «Жұмысшы» газеті 1930 жылға дейін шығып тұрды. Бұл уақыттың ішінде ол бұрын өнеркәсібі болмаған Қазақстанда жаңа өнеркәсіп орындарының көптеп ашылуына, онда қазақ жұмысшылары санының көбеюіне байланысты олардың мәдени-білім дәрежесінің өсуіне ат салысты. Республикамызда маман жұмысшы кадрларын даярлауға қолқабыс етті. Сөйтіп, өзіне жүктелген абыройлы да зор сенімді толық ақтай алды»,-деген Т. Қожакеевтің «Жұмысшы, шаруа газеттері» атты мақаласынан үзінді келтіреді.

         Келесі сөз Ташкентте шыққан қазақ тіліндегі газет-журналдар туралы болмақ. Автор еңбегінде 1920-1925 жылдар аралығында осында жарық көрген «Ақ жол» газет, оған қосымша ретінде шығарылған тұңғыш сықақ журналы «Шаншарға», сондай-ақ «Шолпан», «Сана» журналдары мен «Жас қайрат» газетінің шығу тарихына тоқталып, олардың әрқайсысына өз кезеңінің биігінен обьективті түрде баға беруге тырысады.

         Өкінішке орай Қ. Бекхожиннің «Қазақ баспасөзі тарихының очеркі» деп аталатын екінші бір монографиялық еңбегі өзі қайтыс болып кеткеннен соң 1981 жылы «Мектеп» баспасынан 13 баспа табақ көлемінде толықтырылып, өңделіп қайта басылып шықты. Бұл монографияда біздің назарымызды аударған «Қазақстан баспасөзі Ұлы Отан соғысы жылдарында» және «Қазақстан баспасөзі соғыстан кейінгі бесжылдықтар кезінде /1945-1958/»,-деп аталатын соңғы екі тарау болды.

         Алғашқы тарауда Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ баспасөзінің жеңіске қосқан өзіндік үлесі мен қазақ тіліндегі майдандық газеттер туралы егжей-тегжейлі мәліметтер береді. Мәселен, ол: - «Қазақ тілінде шығарылған майдандық газеттер қазақ баспасөзінің тарихынан елеулі орын алады. Бұл газеттерді шығару ісіне Ахмет Елшібеков, Үмітбай Балқашев, Қасым Шәріпов, Әбу Сәрсенбаев, Қалмахан Әбдіқадыров, Жұбан Молдағалиев, Әнуар Икмағанбетов, Құрманбек Сағындықов, Мұса Дінішев, Төлеутай Ақшолақов, Сағынғали Сейтов, Жекен Жұмақанов, Зейнолла Тұрарбеков, Әбдірашит Бектемісов, Мұзафар Әлімбаев, Қалижан Бекхожин сияқты жауынгер журналистер мен жазушылар редактор, газет қызметкерлері, тілшілер болып қатысты. Міне осылар үлкен жазушыларымызбен қатар қазақ баспасөзінің тарихында тұңғыш рет әскери очерк жанрын қалыптастырды., орнықтырды. Олар жалынды сөздерімен жауынгерлердің жүрегіне жол тапты»,-деп майдангер журналистердің еңбектерін жоғары бағалады.

         Ал, бұл кітаптың соңғы он бірінші тарауында болса соғыстан кейінгі бесжылдықтар кезеңіндегі /1945-1958/ қазақ баспасөзінің өткен жолына, тындырған істеріне шолу жасалып, баға беріледі.

         Қорытып айтар болсақ Қ. Бекхожин бүкіл ғұмырын қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуге жұмсаған азамат. Рас, замана ырқынан аса алмай көп тұста күмілжіңкіреп, кей сәтте тіпті өз жүрегінен шықпаған пікірді тықпалап отырғаны да сезіліп тұрады. Қайыржан Бекхожиннің жеке басын, оның адамгершілік, кісілік келбетін оны танитын замандастары ғалымның  өле-өлгенше ұлты, халқы үшін адал қызмет етуге ұмтылып өткенін жақсы біледі. Біледі де әлгідей өкіметтің шылауынан шыға алмай лажсыз айтқан өкінішті пікірлерінің өзіне кешіріммен қарайды. Өйткені, уақыт, заман солай болды...

 

 

                                            3. Темірбек Қожакеев

 

Дүниеге шыр етіп келіп, көзін ашқанда бір жағы қуанған, бір жағы сол кездегі қиын өмірдің тауқыметінен, өздері үшін емес, балалары, болашақтары үшін қорқып, қам жеген әке-шешесі жас сәбидің құлағына қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрі бойынша «темірдей берік болсын» деген игі ниетпен үш қайтара Темірбек деп дауыстапты. Ата-анасының сол ақ тілеуі қабыл болып, өмірдің ыстық-суығына төтеп берген бар саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеп, ұзақ жылдар бойы республикамыздың баспасөзі мен қатар бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет атқаратын журналист кадрларын дайындауға атсалысып, қарапайым оқытушылықтан ғылым докторы, профессор дәрежесіне көтерілген Қожаке атамыздың Темірбек ұлы бұл күндері жетпіс жасқа толып, өз халқының аяулы ұлдары сапынан, құрметті ақсақалдар қатарынан орын алып, тағы да бір жаңа қырынан танылып отыр.

Бұлай деуіміздің өзіндік себебі де бар. Біріншіден әулие жасы жетпіске келетін де бар, келмейтін де бар. Екіншіден жетпіс жасап халқына танылатыны да танылмайтындары да бар. Үшіншіден жақсы-жаман атану әр адамның өз қолындағы іс! Дәлел жеткілікті. Мәселен жүз жасап, өмір бойы шен-шекпеннен мұқтаж болмаған, тек қана өз жеке басының қамын ойлаған немесе атақ-байлығын қайда жіберерін білмей дал болғанда маңайларына жақын туысқан жатып ішерлер мен тіленшектерді жинай бастайтындардың соңы неге апарып соғатындығын көріп те, байқап та жүрміз. Ондайлар қаншама бақ таластырып, біреулерге жапа шектіріп, уақытша билік жүргізгендермен ешқашанда халықпен тіл табысып олардың қамын ойлап, тарихи тұлға дәрежесіне көтеріле алмақ емес. Міне сондықтан да тек қана елім деп еңіреген, халқым деп қол бастаған олардың мұң-мұқтаждығын талап-тілегін заман ағымына сай түсіне біліп сол үшін күрескен адамның ғана тарихта қалуына, кейінгі ұрпақтың мақтанышына айналуына толық құқығы бар.

Қазақ халқының жарық жұлдыздары Шоқан, Ыбырай, Абайдан бастап кешегі бес арысымыз – Ахмет, Шәкәрім, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбектерге дейінгі аралықтағы және олардың ісін алға жалғастырушылар Саттар Баубек, Бауыржан, Мәліктерден қазіргі Сағат, Оралхан, Мұхтар, Фариза, Қайратқа дейінгілердің қаламмен де қалаберді қарумен де еліміздің ішкі – сыртқа жауларына қарсы күрескен, қажет бола қалса күресетін де темір құрсауларымыз екендігін бір сәт те естен шығармағанымыз жөн. Ендеше бұларды қалайша тарихи тұлға ретінде атап, мақтанышқа айналдырмасқа. Міне, осындай еңбегімен де, ісімен де, үлкен жүректі адамгершілігімен де халық қалаулысына айналған аяулы азаматтарымыздың қатарында ғалым, зерттеуші сатирик, жазушы, педагог ең алдымен жастардың жақын, жанашыр қамқоршысы Темірбек Қожакеұлының болуы да заңды құбылыс демекшіміз.

Себебі ХХ ғасырдың екінші жартысынан басталатын қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуге (әсіресе 1927-1941 жылдар аралығы) белгілі ғалымдар Б.Кенжебаев, Қ.Бекхожин, Ү.Сұбханбердина және т.б қатар атсалысқан, қазақ сатирасының пайда болу, қалыптасу даму кезеңдеріне арнап ондаған зерттеу еңбектер жазып жариялатқан, кезінде кеңес өкіметі тарихынан байшыл, ұлтшыл алашордашыл деп жала жабылып, тоқтатылып тасталған «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Алаш», «Жас азамат», «Ұран» газеттері мен «Абай» журналында қызмет істеп, материалдарын жариялатқан С.Қожанов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Қ. Кемеңгеорв, Ж.Аймауытов, Н.Төреқұлов, А.Асылбеков, М. Жолдыбаев, Қ.Сарымолдаев, Н.Манаев сияқты бір топ публицистердің еңбек жолдарын, творчестваларын зерттеп, қазақ халқының әдеби, рухани мұрасы ретінде алтынды қоспадан тазартып бергендей қылып туған халқына қайтарып берген жарық жұлдыздай абзал азаматты басқаша атау мүмкін емес сияқты. Мұның өзі, біле білген адамға үлкен ерлік.

Екіншіден, ғылым жолы ой - шұңқыры мен белең - белестері  көп те ұзақ, әрі қиын жол. Ғылымда оның осындай оңайлықпен алдырмайтын қиыншылықтарына төтеп берген адам ғана өз еңбегінің жемісін көреді. Дер уақытында болмаса да өмір өзі дәлелдеп отырғандай маңдай термен, күреспен келген атақ-абырой түбінде еш кетпейді, айналып келіп иесін табады.  Мұны  айтып отырған себебіміз, кезінде бүкіл иісі қазақ  халқына ауыр соққы болып  тиіп, жарасы оңайлықпен  жазылмайтын дертке айналған атақты  1986 жылдың  желтоқсан оқиғасы Темекеңді де сырт  айналып өткен жоқ. Оған өзі басқарып отырған журналистика факультеті студенттерінің бойына ұлтшылдықты сіңіріп, кеңес үкіметінің жүргізіп отырған оң саясатына  қарсы  наразылық білдіріп, жастарды алаңға шығаруды  ұйымдастырды  деген, әбден ойластырылып,  ізі жасырылған жала жабылды. Сөйтіп,  факультет деканы, ғылым докторы, профессор бұрынғы еңбектері еленбей бір-ақ  күнде  қызметсіз, атақ абыройсыз қалды. Бірақ жүрегіне дақ түскенмен қайсар қаламгер уақытша қиындыққа мойынсұнып қайсыбіреулер сияқты сары уайымға салынған жоқ. Қайта бар күш-қайратын жинап, архив қазбалап, жазу столына отырды. Кейіннен соның жемісі ретінде Қазақстанның айтулы баспаларынан оның «Жас тілшілер серігі», «Жыл құстары», «Көк сеңгірлер» атты айтуы монографиялары жарыққа шықты. Айтулы деу себебіміз бұл кітаптар соңғы үш-төрт жылдың аралығында ғана сауда айналымына түссе де, қазір оқырмандары үшін  таптырмайтын,  бір-бірінен  сұрап,  іздеп  жүріп  оқитын  қат  дүниеге  айналып отырғанында.

Бұдан Темекең өзінің еңбекқорлығымен, әділеттілгімен барды бар, жоқты жоқ деушілігімен кейінгі кезде ғана танылды, бұрын, әсіресе «қызыл империя» тұсында кезегін күтіп, бұқпантайлап жатты деген ұғым тумауға тиіс. Өйткені, кезінде Абайды қазақ халқына «Бас ақын» ретінде Ахаң таныстырып, Мұхтар бүкіл әлемге паш етсе, Әлихан оны орыс аренасына шығарды. Ал осы Абай данышпанымыздың жаңа бір қыры – сатириктігін қазақ совет әдебиетіне қолынан жетектеп, алғаш әкеп қосқан профессор Қожакеұлы болатын. Екіншіден кезінде Сұлтанмахмұтты танудың атасы марқұм Бисекең көппен жалғыз алысып, шаршаңқырап жүргенде дара суырылып көмекке келген, «Сарыарқанның жаңбырының» да, «Ғайса кіммің?» де ешбір ұлтшылдығының жоқтығын және қайсыбіреулердің бұл өлеңдерді Сұлтанмахмұтты ақтау үшін Кенжебаевтың өзі шығарды деп халықты теріс жолға түсіріп, адастырып жүргенін де жастығына қарамастан, ертеңгі  күнін ойламастан баспасөз беттері арқылы ашық айтуға дәрмені жеткен де осы Темекең еді.

Енді Т.Қожакеұлының айналасы, ортасы, ниеттес, тілектес адамдары кімдер? Немесе өзіміз әңгімеміздің басты кейіпкері қылып алып отырған тұлғамыз халықымыздың «Жолдастарыңды айтшы, мен сенің кім екеніңді айтайын» деген мәселеге келетін болсақ, онда ең алдымен қазақ әдебиеттану ғылымынан алатын орны зор, белгілі ғылым Т.Нұртазин мен Т.Қожакеұлының арасындағы ресми, ғылыми, қала берді таза адамгершілік қарым-қатынастарға тоқталамыз.

Темірғали ағамыз кезінде жас ғалымның алғырлығына, еңбекқорлығына риза болып, реті келгенде қамқорлық та жасай білген. Оның үстіне өзі үміт күткен шәкірттің еңбек жолын үзбей қадағалап отырған. Оны мына мысалдан айқын байқауға болады. Мәселен, осыдан отыз жыл бұрын Т. Нұртазин Темекеңнің «Қазақ совет фельетоны» деген еңбегіне «Т. Қожакеев әзірге қазақ фельетонын» зерттеуші алғашқы әрі жалғыз ғалым.

Қазақ фельетонының пайда болу, қалыптасу даму кезеңдерін алғаш қарастырып, оған жол салу құрметі жас ғалымның еншісіне тиді.  Ал ол болса, бұл сыннан мүдірмей өтті» - деп жоғары баға берсе, оны екінші бір әдебиеттанудың білігірі Е. Ысмайылов «Күні бүгінге дейін қазақ совет фельетоны туралы жекелеген газет-журнал мақалалары болмаса, арнайы зерттеу еңбектер жоқ-тын. Сондықтан, сатира жанрын зерттеу, біліп-тану қазақ әдебиеттану ғылымының алдында тұрған үлкен міндет еді. Бұл жерде сатираның дамуы қазақ мерзімді баспасөзінің тарихы және практикасымен тығыз байланыста екендігін ұмытпағанымыз жөн. Олай болса, газет-журналымыз болу-болмауы да екіталай екен. Міне, осы үрдіс талабынан көріне білген. Т.Қожакеев студенттер, газет-журнал қызметкерлері мен ізденушілер үшін баға жетпес еңбек жазып шықты», – деп толықтырды.

Осыған іле – шала Темекеңнің революцияға дейінгі қазақ сатирасы туралы «Адам. Қоғам. Сатира» атты монографиясы дүниеге келді. Бұл еңбек туралы қазақ халқының батыр ұлы, ғалым әдебиетші М.Ғабдуллин, Қожакеев көптеген жылдары қазақ сатриасының тарихын зерттеумен айналысып келеді. Автордың сол еңбегінің жемісі ретінде екі бөліктен тұратын «Қазақ сатирасы» деп аталатын зерттеу монографиясын атауға болады. Егер, қазақ әдебиеттанушыларының әлі күнге дейін әдеби жанрлардың тарихын терең талдап, жан-жақты зерттеуге кіріспегендерін еске алсан, онда ғалымының бұл еңбегін тек ғылыми нақты еңбегі деп қана атап қоймай, әдебиет жанрларының құпиясын ашудағы іргелі монографиялық еңбектердің басы деп білгеніміз жөн деп өте салиқалы ой айтқан. Міне, еңбекқорлығымен, іздемпаздығының арқасында осындай дуалы ауыздардың ыстық ықылас – ілтипатына ілінген Т.Қожакеұлы 1980 жылдардың басында жоғарыда айтылған ғылыми зерттеулердің қорытындысы ретінде «Қазақ сатирасы» атты докторлық диссертация жазып бітірді. Оған енді қазақ ғалымдары ғана емес, туысқан республикалардың зерттеушілері де тиісті баға беріп, үн қата бастады. Мәселен, өзбек, қырғыз, әзірбайжан халықтарының Б.Керімжанова, Н.Ахундов, А. Тағаев сынды көптеген зиялылары «Қазақ сатирасы» монографиясына: «Қазақ халқының ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетіндегі сатираның барлық даму жолын жүйелі түрде зерттеген, тек тарихи-теориялық ғана емес, сонымен бірге практикалық маңызы да өте зор болып табылатын еңбек. Ол бұл саладағы М.Әуезов, Ә.Марғұлан, С.Мұқанов еңбектерін одан әрі жалғастырып қана қоймай, жаңа ғылыми ашулар жасады»,–деп әділ бағасын берді.

Ал, қазақ әдебиеттану ғылымының қазіргі кездегі ірі өкілдерінің бірі Р.Нұрғалиев болса, өзінің «Кең тынысты барлау» деген мақаласында: «Біздің әдебиеттану ғылымында сатира мен юморды зерттеп, кешегісі мен бүгінгісіне барлау жасап, ертеңгісіне көз жүгіртіп отырған ғалымдарымыз тым аз, тіпті жоқтың қасы. Қазақ совет әдебиетіндегі осы жанрдың қалыптаса бастауынан бері қамқоршысы болып, сатира мен юмордың қашан да басы – қасынан табылып, жүрген жанашыр ғалымымыз – филология ғылымдарның докторы, профессор Т.Қожакеев»,–деп жазды.

Темекең – тек қана сатираның пайда болу, қалыптасу, даму кезеңін зерттеуші, оның теориясын жасаушы адам ғана емес, сонымен қатар фельетон жанрының үлкен жанашыр жаршысы, жазушысы да бола білген жан. Мәселен, осыдан ширек ғасыр бұрын сол кезде «Ара» журналының бас редакторы қызметін атқарған белгілі сатирик жазушы Ж.Алтайбаев өз әріптесі Т.Қожакеұлына:

«Қадірлі Қожакеев!

Келе жатқан жаңа жылмен!

Сәлем соңында айтарымыз, сізді біз «Араның» белгілі «Сарбаздарының» бірі деп санаймыз. Солай болғанмен кейін, әрине, анда-санда болсын, журнал бетінде шаң беріп қойғаныңызды қалаймыз. Жасыратын не бар, осы жағы күні бүгін пәстеу боп келеді.

Сықақ, мысқыл екінің бірінің қолынан келе бермейді ғой. Сол себепті, біз де тек өзіңіз сияқты кейбір жолдастарға үміт артамыз. Нақты фактіге құрылған фельетон ғана емес, шартты фельетон мысқыл және сықақ әңгіме, мысал, миниатюра, ескілікті күлдіргі әңгіме сияқтылар да біздің кәдемізге кәміл жарамды дүниелер. Сол сияқты карикатура салатын ұтымды тақырыптарды да далаға тастамаймыз.

Үмітімізді ақтап, журналдың жұмысына бұдан былай белсене атсалысып, тұрар деп сенеміз. Алғашқы «сәлемдемеңізді» жыл басы – январьда алсақ өте дұрыс болар еді... Солай болса ырымға да жақсы ғой» - деп наз білдіреді.

Мұның өзі ғалым Қожакеұлының жазушы ретінде қалыптасуына үлкен әсер еткен сияқты. Өйткені ортаға он бес жыл салып, Темекең жазушылар Одағына мүшелікке қабылданар сәтте жазушы Е. Әукебаев былай деп кепілдеме беріпті:

«Талантты әдебиетші, ірі ғалым Т. Қожакеевтің творчествосын әріден білемін. Ол совет адамдарының еңбек ерліктері мен жоғары адамгершілік саналылылығын көрсететін елуден астам көркем очерк пен публицистикалық мақалалардың авторы. Сондай-ақ, сатиралық жанрлардың кіші формалары төңірегінде жемісті қалам тартып жүрген қарымды жазушы да. Әсіресе, Т.Қожакеевтің «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда», «Қазақ әдебиеті» газеттері мен «Вопросы литературы», «Жұлдыз» журналдарының беттерінде жарияланып жүрген қазақ жазушыларының сатиралық шығармаларындағы проблемаларды талдауға арналған мазмұны терең әрі ғылыми салыстыруы жағынан ерекше мақала, зерттеу, монографияларын атап өтпеске болмайды. Т.Қожакеев – мұнымен қоса жиырмадан астам кітап пен брошюралардың авторы. Мәселен, оның 1965-1985 жылдар аралығында «Қазақ мемелекеттік университеті», «Мектеп», «Қазақстан», «Жазушы», баспаларынан «Қазақ сатирасы», «Сатира және дәуір», «Адам, қоғам, сатира», «Сатиралық жанрлар», «Сатира-күштілер қаруы» және т.б. еңбектері шыққан.

Қорыта айтарым, сендіре айтарым Т. Қожакеев сатираның жанрлар сынының  дамуына ерекше үлес қосып, келе жатқан және қоса да алатын бірден-дір қаламгер екендігінде».

Кезінде бұл тұрғыда Темекеңді белгілі қоғам қайраткері, қазақ әдебиеттану ғылымының серкесі, академик М. Қаратаев та қостап, өз ойын қағаз бетіне былай деп түсіріпті:

«Филология ғылымдарының докторы, профессор Т. Қожакеев – қазақ сатирасының проблемалары бойынша оннан астам кітап жазған, республика көлемінде әдебиет сыншысы және көркем әдебиеттің сатиралық жанрларының жанашыры, насихатшысы ретінде кеңінен танымал болған жазушы. Оның еңбектері қазіргі сатираның актуальді проблемалары мен оның тәрбиелік маңыздарына арналып құрылған. Баспасөз беттерінде ол сатирик ретінде көрініп, негізінен сатиралық әңгімелер, фельетондар жазады.

Т. Қожакеев – жиырма жыл бойы журналистика факультетінің деканы бола тұрып, бар күшін әдебиетшілерді дайындауға жұмсап, жүрген жан. Әділін айту керек, қазіргі көптеген орта және кіші буын юморларшылар мен сатириктер оның шәкірттері болған.

Т. Қожакеұлы айтулы ғалым, уытты сатириктігімен қатар, танымал сыншы да. Олай деуміздің себебі, Темекең кезінде Е. Ысмайыловтың «Ақын және революция», «Сын мен шығарма», Б.Кенжебаевтың «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері», «Асау жүрек», «Шындық және шеберлік», Б. Шалабаевтың «Қазақ романының тууы мен қалыптасу тарихы», «Қазақ романының тарихы», Х. Сүйіншалиевтің «Ізденіс іздері», «VIII-XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиеті», Ж. Алтайбаевтың «Нақ,нақ», С. Адамбековтың «Атылған қыз туралы аңыз», Т. Нұртазиннің «Мұрат» сияқты түрлі жанрда жазылған роман, повесть, зерттеу еңбектеріне әділ сын жазып, жоғардыа айтқанымыздай барын бар, жоғын жоқ деуден таймаған.

Атақты авторлардан бастап, әдебиет майданына келіп, сыншылардан кейде орынсыз таяқ жеп, оң мен солын ажырата алмай жүрген жастар да Темекеңнің турашылдығы мен әділеттілігіне үнемі мойынсұнып отырған. Оны мына мысалдардан айқын байқауға болады.

Мәселен, қазақ әдебиет сынының тарланы Е. Ысмайылов Т. Қожакеұлының өзінің «Ақын және революция», «Сын мен шығарма» атты зерттеу еңбектеріне бірде шүйіріле, бірде шиырыла жазған әділ сынынан соң; «Қазақ әдебиетінің талғампаз сыншысы, ойлы әдебиетші досым Темірбек! Әдебиет сынның жолындағы еңбегің жемісті бола беруіне тілектеспін» - деп ризашылығын білдірсе, қазақ әдебиеті мен баспасөзі тарихын зерттеушілердің бірі Б. Кенжебаев Темекеңнің өзінің «Шындық пен шеберлік»  монографиясына жазған сынына орай: «Құрметті інім, талантты әдебиетші Темірбек ! Нені талдасаң, не айтсаң принципің, ұраның шындық болсын. Бізге шындық тағы да шындық керек», - деп жауап қайтарады.

Енді бр сәт біздің назармыз Темекеңнің есіктен төрге, төрден төбеге дейін жиылған бай кітапханасына ауды. Бәрі де қажет кітаптар, қазақ халқының соңғы кездері жоғалтыңқырап алып жүрген рухани байлықтары. Қайсыбірінің мұқабасын ашып қалсаң да кемерінен асып, тасып жатқан ақ тілек, игі ниет, марапаттау мен құрметтеулерге жолығасың. Мұның өзі, кімді болсын бей-жай қалдырмайтын дүниелер. Сондықтан, құрметті оқырман, сіз де бұл құрмет пен тағзымнан шет қалмаңыз.

Сонымен мына бір алғашқы кітаптың мұқабасында «Ерекше дарын, ақылды Темірбекке шын достық жүректен Б. Шалабаев» деп жазылса, екінші бір кітапта  «Қадірлі Темірбек! Өмірде қуанышың көп болсын, мейірің ассын. Осы кітапта аттары аталған бабалар аруағы қолдап жүрсін. Автор Х. Сүіншәлиев» деп қол қойылған. Ал, сатираның сардары, Ж. Алтайбаев: «Темеке! Сатира шаруашылығымыздың шын жанашыры – сізге мына «Нақ, нағымды» оң қолымен ұсынамын» десе, прозаның майталманы Д. Досжанов: «Қадірлі Темеке! Сіздің үлкен мәдениетімізге қосқан ұстаздық қаламгерлік үлесіңізді сырттай–іштей сыйлап жүретін жасы кіші ініңізден» деп «Табалдырығыңа табынын» сыйлапты.

Сондай-ақ, М. Қаратаевтың «Маған аса қымбат адамдар Азат пен Темірбекке ағалық махаббатпен деген қолтаңбасы, жазушы Қ. Исбаевтың «Темірбек замандасқа! Балаларыңның өмірі Айқыз өміріне  ұқсамасын! Адамгершіліктері аумасын! деген ақ тілеуі, өмірден ерте кетенімен, үлкенге іні, кішіге аға бола жүріп, туған халқының мақтанышына айналған С. Әшімбаев: «Құрметті Темірбек аға! Өзіңіз сияқты еліміздің үлкен Азаматына ініңіз Сағат деген жүрек-жарды ақтарылысы мен осы мақала авторының «Ғалым әрі ұстаз! Жастардың жанашыры, қара қылды қақ жаратын дара тұлға, халық қалаулысы Темірбек ағамызға шәкірті әрі әріптесі Қырықбайдан игі ниетпен ұсынылды» деген жолдарға дейінгі санқилы ізгі тілектерге толы үлкенді-кішілі еңбектер рет-ретімен кітап сөрелерінен саптағы жауынгерлерше орын алыпты, Т.Қожакеұлы кезінде одақтас республикалардың барлық дерлік әдебиетші, ғалымдармен тығыз байланыста болған. Біреулерінен ақыл кеңес сұраса, екіншілеріне көмек беріп отырған. Мәселен, Москвалық ғалым М.С. Черепахов Темекеңе ! «Аса құрметті Қожакеев! Мен сізге «Чернышевский және Маркс» деген мақаламды жариялауға келіскеніңіз үшін әрине, сіздің тарапыңыздан қойылатын талапқа сай болса, алдын-ала алғысымды білдіргім келеді. Оған екі бірдей тарих ғылымдарының докторлары пікір жазып беруге келісіп отыр. Мені бұл арада қинайтыны бірақ мәселе. Ол сіздердің жинақтарыңызға он екі машинкалық парақтан артық көлемдегі материалы қабылданбайды деп естідім. Ал, менің мақалам барлық қысқартулар мен жөндеулерден соң жиырма жеті бет болып отыр. Егер көлеміне бола басылмай қалатын жағдай болса, тым өкінішіті-ақ.

Бірақ, сіздің көмегіңіз арқылы еңбегімнің осы көлемінен қысқармай шығатындығына шүбәм жоқ. Сәлеммен доцент Черепанов деп жазса, екінші бір астаналық жазушы Е.А. Пермяк: Қадірлі Темірбек Қожакеевич! Мен кеше өздеріңіздің қызметкеріңіз В.Н. Усачевтің әжептәуір  кітабын Свердловтық М. Бассиннің «Урал» газетінде (1973-№2) жанаталаса қорғаштап, ақтамақ болғаны туралы қомақты да, нақты хат жазып қойып едім. Ал, бүгін таңертең болса, өз хатымды қайтадан оқып шығып, Басиннің бұл жан-жағындағысын көрмейтұғын қанша қоғамға тиесілі ақыл ой байлығын жекеменшіктілікке балап, тар шеңберде түсінуін өзім үшін де, сіз үшін де талқыға салу бекершілік екендігін аңғардым деп басқалардың тарапынан ешқандай тіреу қолдау таба алмай жаны құлазығанда қазақ ғалымын өзіне тартып, ақыл бөліскен...

Т. Қожакеұлы докторлық диссертациясын қорғаған жылы небәрі 44-ақ жастағы қамал бұзар қылшылдаған жас екен. Бірақ, сонысына қарамай ел адамдары да, басқалар да оны халық қамқоршысы, жоқтаушысы ретінде танып үлкен сенім артқан, әр ісіне табыс тілеп, сырттай тілектес болып отырған. Мәселен, академик М. Қаратаев, Р. Нұрғалиев, М. Қозыбаев сияқты қазақтың біртуар зиялылары Т. Қожакеұлының қуанышын да, қайғысын да бірге бөлісіп, үнемі қамқоршы жанашыр аға, іні ретінде көрініп, отырған.

Енді мәселенің осы жағына қарай ауыссақ, онда ең алдымен Мұқаң (М. Қаратаев) Темекеңнің отбасына басқаларға қарағанда бір қадам болса да жақын тұрған адам сияқты. Өйткені жылдың төрт мезгіліне байланысты айтулы даталар мен мерекелрге байланысты күндерде, Азат  жеңешеміз бен Темірбек ағамыздың қабырғаларына қасырет болып қатқан қайғысы да Мұхаң мен оның зайыбы Мәкеңнің көздері мен көңілдерімен таса қалмаған. Сондықтан да болар, жасы үлкен аға-жеңге өзінен кейінгі іні, келіндеріне «Мына гүл жайнаған көктемше жарқырай беріңдер, жайнай беріңдер! – деп игі тілек білдірсе, бірде «Айналайын Азат, Темірбек! Сіздерге жан-жүрегімізбен айтар ақ тілегіміз мына жаңа  1984 жыл құтты болсын денсаулық, бақыт, абырой әкелсін! Қабырғаларыңды қайыстырған, қайғылы жыл өзімен кетсін! Енді балаларыңның тек қызық, қуанышына бөленіңдер! Сәлеммен Мәкең, Мұхаң деп қамқоршы ретінде көрінеді.

Сондай-ақ Темекеңнің өзі де басқалардың қайғы –қасіретіне, қуанышы мен игілігіне, базбіреулер сияқты «менің үйім шет жақта» деп немқұрайлықпен қарайтын жан емес. Мәселен, бұл тұрғыдан Т.Қожакеұлының отбасымен ертеден араласып келе жатқан өзбекстандық ғалым Р.Алимова «Қымбатты біздің достарымыз Қожакеевтер! Менің өмірлік серігім, ерім  қайтыс болғанда, басымнан қиын сәттер өтіп жатқанда жан-жақты көмек көрсетіп, жанашарлық танытқандарыңыз және биік адамгершілік тұрғыдан ертеңіме сенуіме үлгі-өнеге болғандарыңыз үшін шын жүректен алғысымды білдіре отырып, сіздерге зор денсаулық пен бақытты өмір тілеймін, - дейді.

Т. Қожакеұлына деген өз ішкі сезімдерін  құрмет-алғыстарын жыр жолдары арқылы білдіріп, парақ беттерін өлең өрнектерімен кестелген азаматтар да жоқ мес. Мәселен, қазақ оқырмандарына баспасөз беттері арқылы кеңінен танымал Нұреден мен Мәдина Муфтаховтар «Ағасы мен жеңгесінің күміс тойына:

Зымырап жиырма бес жыл өткені ме,

                                   Азаттың әке үйінен кеткеніне?!

Сап алтындай Темекеңді ұстап алып,

                                   Асыл арман, мұратқа жеткеніне?!

 

                                   Қылығы қыздай әлі жар екен-ау,

                                   Қайыспай жүк көтерер нар екен-ау,

                                   Ағаның профессор атағында ,

                                   Жеңгейдің де үлесі бар екен-ау!

 

                                   Қосылса қос бәйтерек сән емес пе!

                                   Адамзат өмірінің мәні емес пе!

  Айтқанда сән мен мәнді , анау жүрген,

                                  Періштедей ұрпағын алам еске...,

- деп жыр жолдарымен жоралғы жасаса, Темекеңінің көп жылғы ғалымдық, педагогтік еңбегі жоғары бағаланып, орден мен наградталғанда студент –шәкірттері былай деп құттықтау жолдапты:

Мұндайда шаттаныстың шарпып әні,

                                   Шәкірттер тілдеріне бал тұнады.

                                   Құрметі көпшіліктің кеудеңізге,

                                   Құрметті орден болып жарқырады...

 

                                   Адамның асыл мінез баласы боп,

                                   Даламның дархан көңіл данасы боп,

     Бұл күнде қалам  тартқан сан қазақтың,

                                   Жүрсіз сіз -әкесі боп, ағасы боп...

 

                                   Жыл санап, биіктерге өрледіңіз,

                                   Жанды ғой, жанады әлі еңбегіңіз.

                                   Төртінші курстықтар айтар тілек:

                                   «Ал ағай құтты болсын орденіңіз!»

Үлкен адамдардың арасында үлкен жарастық достық та болады екен. Олар да өз қуаныш, сүйініштерін жыр жолдары арқылы жеткізіп, керек кезінде арқалы ақын болып кетеді екен. Темірбек аға әулеті немере көргенде үлкен ғалым М.Қозыбаев үйіндегі жеңгеміз екеуі мынадай жыр жолдарын жазыпты:

Темеке, Азат! Мәдет және Келін !

 

Дегенде орын толсын, орта толсын,

                                    Сәбиге өмір берсін, бақыт қонсын,

                                    Темекең Азатпенен өсіп - өніп,

                                    Қазақта қара шаңырақ орда болсын!

 

                                    Тойларың тойға ұлассын ұлан – асыр,

                                    Жасасын жігітіміз тұтас ғасыр

                                    Темекең ту көтерген ұлы ақсақал!

                                    Атансын өзі дана, тұқымы асыл!

Бұған «Игі тілекпен Қозыбай шалдың ұрпағы, семья  достары  - Манаш, бәйбішесі Сара деп қол қойыпты» Бұл тұрғыда жасы үлкен ағаларынан Темекеңнің тәрбиесінен өтіп, шапағатын көріп жүрген жастар да қалыспаған. Мәселен, жас та болса, бас болуға жарап қалған ақын,  филолгия  ғылымының кандидаты Б.Жақыпов «Сан шәкіртін тамсандырған Темекең» деген арнау өлеңінде:

Ғалымсыз дүйім халық даралаған,

                                      Сатира сардары деп, бағалаған.

                                      Архивтен сіз аршыған арыстардың,

                                      Аттары қазақ жерін аралаған.

 

                                      Қандырып бізді білім шәрбатына,

                                      Тынымсыз жүрсіз оймен танды атыра.

                                      Сізді ұстаз тұтатындар толп жатыр,

                                      Арқада Атырауда, Алматыда.....

 

                                      Жолға да кейін қалған көз тастаңыз,

                                      Асыл тас жыл өтсе де тозбас нағыз.

                                      Жетпістен жел қайықтай есіп өтіп,

           Сексенде сен жүргендей сөз бастаңыз! -

деп шәкірттік, інілік тілегін білдіреді.

 

4. Ү. Сұбханбердина

 

«Хасеннің Сұбханбердісінің Үшкүлтайы 1927 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. Әкесі Сұбханберді 1937 жылғы жеке басқа табыну зұлматының құрбаны.

1944 жылы Алматыдағы № 12 қазақ орта мектебін тәмамдағаннан кейін Қазақтың Мемлекеттік қыздар институтына оқуға түсіп, оның тіл және әдебиет бөлімін 1948 жылы бітіріп шыққан.

1952-1965 жылдары Қазақ ССР Ғылым Академиясының Орталық ғылыми кітапханасында библиограф, одан кейін қазақ кітаптары мен сирек кездесетін қолжазба бөлімінің бастығы болып қызметтер атқарды.

1964 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясында Тіл білімі институты мен М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының филология ғылымдарының біріккен Ғылыми советінде Қазақ ССР Ғылым Академиясының академигі Ә. Марғұлан мен Қазақ ССР Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі Е.С. Ысмайловтың жетекшілігімен «Қазақтың революциядан бұрынғы мерзімді баспасөзі және көркем әдебиет (XIX ғ. аяғы XX ғ. басы)» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған. 1966 жылдан бастап М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының текстология және қолжазба бөлімінің аға ғылыми қызметкері, фоно-фото бөлімінің бастығы, қолжазба орталығының аға ғылыми қызметкері болып жұмыс атқарып келеді...»

Міне, Ү. Сұбханбердинаның 80 жылғы ыстық пен суыққа толы ұзақ ғұмырының қысқаша ғана дәйектемесі осындай.

Бірақ, ғылым жолы қиын жол. Ата-бабаларымыздың білім инемен құдық қазғандай деген сөзі тегін айтылмаған. Әсіресе, ана атанып, үш бала тәрбиелеп, ғылым шыңына шығу әйел түгіл анау-мынау ер адамның қолынаң да келе бермейтін іс. Сондықтан, ғалым-ана туралы айтар ойымыз орнықты, жазар жайымыз нақты болуы үшін барлығын да әріден, яғни ең басынан басталық.

Үшкілтай апайымыздың өзінің айтуы бойынша, әкесі Хасенов Сұбханберді (1892-1942) оқытушы-педагог болған адам. Қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданында (кейбір деректерде 1889 жыл) туған. Семейдегі педагогикалық техникумды бітірген, 1937 жылға дейін Баянауылда, Шығыс Қазақстан облысы, Қотанқарағай ауданында, Алтай селосында мұғалім, мектеп директоры болып қызмет істеген. 1937 жылы 9 желтоқсанда «халық жауы» деген жаламен 10 жылға Краснояр өлкесіне Канск лагеріне айдалған. 1942 жылы 28 тамызда Тугачинск лагерінде қаза тапқан. 1956 жылы 29 наурызда Шығыс Қазақстанның облыстық соты Хасенов Сұбханбердіні кінәсіз деп тауып ақтаған. «Айқап» журналын халық арасына таратушы болған.

1937 жылы әкесін «халық жауы» деп тұтқындап, айдап кеткенде Үшкілтай небәрі он-ақ жаста еді. Бірақ, оның көз алдында айыптаушылардың ызғарлы жүздері мен әкесінің бар жинаған байлығы - ескі газет, журнал, кітаптар мен әсіресе, оның арасында «Айқап» журналының отқа тасталып, әкесімен бірге мәңгілік оралмас сапарға аттанғандығы ұмытылмас елес болып қалып қойған.

Сөйтіп, өмірдің тауқыметімен «халық жауының» қызы атанған жасөспірім әке жолын одан әрі жалғастырудың ендігі түрі тек оқу ғана болатындығын ерте түсінген. «Содан бас сауғалап, екіншіден білім іздеп Алматыға келдім. Алып бара жатқан таныс ешкім жоқ. Салып ұрып біреулердің сілтеуімен №12 мектепке келдім. Әйтеуір, көптеген қиындықтармен оқуға қабылдандым. Мектепті 1944 жылы бітіріп, Қазақ Мемлекеттік қыздар институтының тіл және әдебиет бөліміне түсіп, оны 1948 жылы ойдағыдай аяқтап шықтым. Менің шын ғалымдық жолым тек осыдан кейін ғана басталды», - деп әңгімелейді Ү. Сұбханбердина.

Ғалым алға қойған мақсатын жүзеге асыру жолын кітапханалардан, яғни архив қазбалаудан бастайды. Бірақ, бұл орайда да оның алдынан кесе-көлденең кездескен қиындықтар аз емес-тін. Мәселен, жоғарыда айтқанымыздай, Қазан төңкерісіне дейін ұлттық тілімізде шыққан көптеген газет-журнал, кітаптардың жойылып жіберілуі, әрі олардың Қазақстандағы кітапхана қорлары мен архивтерде түгелдей сақталмауына, ең бастысы бұл рухани мұралардың көпшілігінің хадімше басылуына байланысты еді.

Бірақ, қайратты жастың бұл іске деген ынтасы бәрінен де асып түсті. Жедел түрде Ж. Досқараевтан араб тілін оқып, жазудың дәрісін алған ол Санкт-Петербургтегі М.Е. Салтыков-Щедрин атындағы Мемлекеттік кітапханадан бір-ақ шықты. Сөйтіп, қолы алғаш рет жылдар бойы армандаған «Айқап» журналының түпнұскасына жетіп, тағы да түрлі қиыншылықтармен «Айқаптан» бастап төңкерістен бұрын жарық көрген қазақтың газет-журналдарының, кітаптарының түпнұсқасын, фотокөшірмесін, микрофильмдерін түсіртіп, жинай бастаған.

Сөйтіп, арман болған «Айқаптың» алғашқы қарлығашы 1961 жылы Қазақ Мемлекеттік баспасынан «Айқап» бетіндегі мақалалар мен хат-хабарлар» деген атпен алғашқы мазмұндалған библиографиялық көрсеткіштің І-бөлімі, профессор Е. Ысмаиловтың жалпы басқаруымен басылып шықты. Бірақ, баспа іле-шала екінші бөлімін басудан бас тартты. Оның өзіндік себептері де бар еді.

Бұл туралы автордың өзі былай деп еске алады: «Сыбырлаушы табылған болу керек. Үлкен үйге (Орталық Комитет) екі күннің бірінде кітаптың редакторы Есағаң (Есмағамбет Ысмаилов) екеуімізді шақыртып жатқаны... Ол кездегі менің көңіл-күйім белгілі, түнімен ұйықтамаймын. Кішкентай үш баламның халі не болар екен деймін. Еңбекті қолдап, корғап жүрген зиялы ағаларыма зияным тиіп кетпесе жарар еді деген ой да жегідей жейді. Осындай халде жүргенімде бір күні «Қазақстан мұғалімі» газетінде профессор Б. Кенжебаевтың «Айқап» журналы туралы еңбек» деген мақаласы басылып шықты. Түңғыш еңбегім туралы алғашқы сын мақала! Бұл мақала мен үшін ажал оғын қағып жіберген періштенің қанатындай әсер етті».

Иә, шынында да Б. Кенжебаевтың бұл мақаласы сол тұста тағдыры қыл үстінде тұрған жас ғалым үшін оққағары бар періштедей болғаны рас. Оны мақаланың мына бір жолдарынан айқын аңғаруымызға болады: «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Орталық ғылыми кітапханасы әрі күрделі, әрі өте қажет бір ғылыми жұмысты бастады. Мұнда революциядан бұрын қазақ тілінде шыққан мезгілді баспасөздер - газет-журналдар бетінде жарияланған мақалалар мен хабарлардың, тағы басқа материалдардың мазмұнын қысқаша баяндайтын библиографиялық көрсеткіштер жасалуда. Оларды кітапхананың ғылыми кызметкері Үшкұлтай Сұбханбердина жолдас құрастырған.

Көрсеткіш екі бөлімнен тұрады: бірінші бөлімі «Айқап» журналында жарияланған материалдардың көрсеткіші, екіншісі - «Дала уалаятының газеті», «Түркістан уалаятының газеті», «Қазақстан» газеті беттерінде шыккан материалдардың көрсеткіші болмақ. Соның алтыншы «Айқап» деген бөлімі жақында баспадан шықты.

Кітапта «Айқап» журналында жарияланған материалдар бірнеше тақырыпқа бөлініп берілген. Олар мынадай: 1. «Қазақ елінің экономикасы мен саяси жағдайлары туралы мағлұматтар», 2. «Қазақ елінің тарихы», 3. «Мәдениет, оқу-ағарту ісі», 4. «Тіл және әдебиет мәселелері», 5. «Көркем әдебиет», 6. «Баспасөз», 7. «Денсаулық», 8. «Дін туралы». Оның үстіне кітапта «Көмекші көрсеткіштер», «Айқап» журналы туралы» деген көлемді мақала бар.

Аз десек те революциядан бұрын қазақ тілінде екі-үш жүз шамалы кітап, 6 газет, бір журнал шықты. Бірқатар газет-журналдар бес-он жыл бойы шығып тұрды.

Қазак тілінде революциядан бұрын шыққан кітаптарда, газет-журналдарда көптеген мақала, хат-хабар жарияланған, елеулі мәселелер қозғалған. Қазақ халқының өткен-кеткені, тарихы туралы, сол кездегі саяси, шаруашылық, мәдени жағдайы, ғұрып-әдеті, салт-санасы, ізгі тілек-арманы туралы толып жатқан дәл, айқын ақпарат-деректер берілген, талай құнды ой-пікірлер айтылған.

Ал, осындай деректерді, құнды ой-пікірлерді біздің бүгінгі оқушыларымыз бен зерттеушілеріміздің, ғылыми қызметкерлеріміздің бәрі бірдей жете біле бермейді. Себебі, бізде қазақ тілінде революциядан бұрын шыққан газет-журналдар бетінде жарияланған мақалалар мен хат-хабарлардың библиографиялық көрсеткіштері жоқ, болған емес.»

Осылай жақсы ағаларының қолдауымен алғашқы сыннан аман құтылған. Ү. Сұбханбердина енді іргелі ізденісін одан әрі жалғастырып, 1963 жылы академик Ә. Марғұланның редакциялауымен «Қазақтың революциядан бұрынғы мерзімді баспасөзіндегі материалдар» деген екінші бір библиографиялық көрсеткішін шығарады. Бұл туралы сыншы Құлбек Ергөбеков өзінің «Алматы ақшамы» газетінде жарияланған «Тоғысқан тағдырлар немесе «Дала уалаятының газеті» жарыққа қалай шықты? » деген мақаласында: «Ү. Сұбханбердинаның бұл еңбегін қолжазба қалпында оқып, пікір айтқан, ақ батасын берген ғалым тағы да Бейсембай Кенжебаев болыпты уақытында. Ғалым архивінде пікірдің қолжазба көшірмесі сақталыпты. Онда профессор: «Тегі библиографиялық көрсеткіш жасау инемен құдық қазғандай жұмыс. Әсіресе, бірнеше мезгілді баспасөз бетінде жарияланған материалдардың мазмұнын баяндайтын көрсеткіш жасау әрі барынша ұсақ, қиын, әрі көп, көлемді жұмыс... Тұтас алғанда Үшкілтай Сұбханбердинаның бұл кітабы өте құнды еңбек. Ғылыми қызметкерлерге, аспиранттарға, студенттерге зәру кітап. Сондықтан да бұл кітаптың басылуы, неғұрлым тез басылып шығуы қажет», - деп қолдай құптаған сөз айтыпты», -деп жазады.

Ғалымның ауыз толтырып айтарлықтай екінші бір табысы қазақтың тұңғыш газеті «Түркістан уалаятының газетін» қайта жаңғыртуы болып табылады. Ү. Сұбханбердина 1964 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі Е. Ысмайыловтың жетекшілігімен «Қазақтың революциядан бұрынғы мерзімді баспасөзі және әдебиет» (XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басы) деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Міне, «Түркістан уалаятының газеті» осыдан соң алғаш рет ғылыми айналымға түсті.

Бұл жайында ғалымның өзі: «Қазан төңкерісінен бұрын қазақ тілінде шыққан газет, журналдар сан жағынан көп болмағанымен (14-15), олардың беттерінде қазақ елінің тарихы, шаруашылық жағдайлары, мәдени өмірі, әдебиеті, ғалымдары мен жазушылары туралы көптеген құнды мақалалар болды. Осы газеттердің ішіндегі түңғышы «Түркістан уалаятының газеті».

Көп уақытқа дейін қазақ тіліндегі алғашқы газет 1888 жылы Омбы қаласында шыққан «Дала уалаятының газеті» деп есептеп келген едік. Ал, шындығында одан 18 жыл бұрын- 1870 жылы шыққан «Түркістан уалаятының газеті» екендігіне көзіміз жетті. Ол туралы 1962 жылы «Білім және еңбек» журналында мақала жариялап, 1963 жылы библиографиясын шығарып, 1970 жылы «Әдеби мұра» жинағында газеттің ішінен мақалалары мен әдеби нұсқауларын жариялаған болатынбыз

Сонан кейін газет материалдары ғылыми айналымға түсе бастады», -деп әңгімелейді.

Ү. Сұбханбердина бұдан кейін де қарап қалған жоқ. 1986 жылы оның «Қазақ кітаптары», 1989,1991,1992,1995 жылдары «Дала уалаятының газеті» әдеби нұсқаларының 4 томы, «Ғашықнама», «Бүркеншік аттар», «Қазақ. Алаш. Сарыарқа», «Айқап», «Қазак» сынды библиографиялық көрсеткіштері жарық көрді. Ал, алдағы тұрған міндет бұдан да көп. Сондықтан да болар көптеген оның еңбегімен таныс адамдар көзінше болмаса да сырттай «бір өзі бір академия» деген ат қойып, қажет жерінде мақтанышқа айналдырып отырады.

Келесі сөз «Дала уалаятының газеті» туралы болмақ. Себебі, тарихымызды танып, түсінуге ықпал жасайтын түпнұсқа еңбектердің арасында осы басылым ерекше орын алатындығы белгілі.

Бүл үкімет тарапынан шыққан ресми газет болса да, көп уақыт Сібірге айдалып келген, бостандықты көксеген адамдардың ықпалын да болып, олар мұны халық газеті етуге тырысқан.

Халқымыздың тұңғыш ғалымы Ш. Уәлихановтың, классик ақын А. Құнанбаевтың, ағартушы әрі жазушы Ы. Алтынсаринның, жазушылар М.Ж. Көпеев пен Ш. Құдайбердиевтың, қоғам қайраткері Ә. Бөкейхановтың мақала, хабарларымен қатар, газеттен олар туралы материалдарды да оқуға болар еді.

XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап патша өкіметінің тарапынан қазақ жерін тонау, оның халқын құртып-жою бұрынғыға қарағанда әлдеқайда күшейе түскендігі белгілі. Осыған орай жарияланған газет материалдарында 1868 жылы шыққан «Ереже» туралы түсінік мақалаларда халықты аяусыз езіп-шаншуды заңдастырған «Ереженің» түпкі сыры ашылады. Бұл еңбектерден қазақ даласына жаңа әкімшілік саясат енгізіліп, жұртшылықтың көшіп-қонуына қажетті жаз жайлауы, қыс қыстауынан айырыла бастаған ел сүреңі ашық байқалады.

Сондай-ақ бұл басылымның беттерінен «артық жерге» қоныстанушылар қазақ тұрмысына, оның шаруашылық тәсіліне елеулі нұқсан келтіргенін, жергілікті халықтың жерді пайдалану құқы бұзыла бастағаның көптеген мақала, хабарлардан оқып, білуге болады. Мәселен, «Қазақтардың жерін қалайша билеп, пайдаланып тұрғанның баяны» деген мақалада: «Уақытша ереже» бойынша қазақ жеріндегі қыстау, жайлау, күзеу және бай, кедей, жатақ, кірме туралы мәліметтер берілген. «Керекуден келген хат» деген газет тілшісінің хабары ауа райының қуаңдығынан болған Керекудегі жұт туралы айта келіп, «жұт жеті ағайынды» дегенді еске салады, бұл ретте келімсек казак-орыстардың жасап отырған озбырлығы да оңай болмай отырғандығын сөз етеді.

Осындай отарлау саясатына байланысты патшалық Ресейдің Түркістан аймағын жаулап алғанына 25 жыл толуына арналған «Мейрам болған күн» деген мақалада Ресейдің саясатын аша түсетін деректер көп келтірілген. Орыс әскерінің қару-жарақ күшін, отарлау саясатынын күштілігін дәріптейтін бұл мақалада М.Г. Черняевтің Шымкентті бағындырғаны, В.А. Перовскийдің Ақмешітті жаулап алуы, қазақтың ең шұрайлы жерлеріне - Қапал, Ақтау, Ұлытау бекеттерінің салынғаны, Орал, Орынбор, Форт Александровский, Раимский, Қарабұтақ бекеттері салынғаны және Ташкент қаласының жаулап алынғаны туралы да мәліметтер бар.

Мұның барлығы да ғалымның өз аузымен айтылмаған сөздер. Алайда, автор қазақтың алғашқы газеттерінің бірі «Дала уалаятының газеті» туралы әдеби нұсқаларында өз қолымен не жазыпты. Енді бір сәт соған назар аударып көрелік. «Өткенін қастерлеп, бүгінгі ұрпақтың керегіне жарата білу - келешегі бар өркениетті елдердің ғана үлесіне тиетін жәйт. Біз кейінгі жылдарға дейін өткенімізге тереңдеп бара алмай келдік. Қазақ елі үшін ояну дәуірі енді ғана басталды. Қазақ халқының тарихи санасын қайтадан қалыптастыру қоғамды жаңғыртудағы негізгі мәселе болып отыр. Ол үшін өткен тарихымызды қоспасыз түгел білуіміз керек. Төңірегімізді түгендеуде жоғалтқанымызды іздеуде қолға алынған көп жұмыстардың бірі - ана тілімізде жарық көрген газет-журналдарды жинау, олардың бетінде басылған, шашырап жүрген дүниелерімізді халқымыздың игілігіне жарату болып табылады. Төл тарихымызды танып, түсінуге себін тигізетін түпнұсқа еңбектердің ішінде «Дала уалаяты газетінің» орны ерекше».

Иә, ғалымның бұл ойын дер кезінде айтылған орынды пікір демеске болмайды. Ендігі бір мәселе Ү. Сұбханбердинаның 1993 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген 13 баспа табақ көлеміндегі «Қазақ. Алаш. Сарыарқа» деп аталатын мазмұндалған библиографиялық көрсеткіш. Кімге болсын құнды да, кажет кітап. Ертеде оқу, білімнің қадірін түсіне білген ата-бабаларымыз мұндай еңбектердің құнын бір караға бағалаған.

Бұл кітаптың іргетасы да сонау елуінші, алпысыншы жылдары қаланған. Архивтен архив қоймай ерінбей еңбек еткен апамыз басқа материалдармен катар «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа» газеттерінің беттерінде жарияланған мақала, хабарларды жинастыра берген ғой. Ол туралы ғалымның өзі кейінірек: «50 жылдары алғашқы басылымдардың библиографиясын дайындап жүргенімде «Қазақ» газетінде жарияланған материалдарды да қоса жинаған едім. Әрине, ол кезде бұл басылымның бағы ашылады деп ойлаған емеспін, олай ойлаудың өзі қылмыспен пара-пар уақыттұғын», - деп еске алады.

Сөйтіп, елуінші жылдары өте көп қиындықпен жиналған құнды деректер енді ғана тоқсаныншы жылдардың басында өз оқырманын тауып отыр. Осының барлығын кейде бір-ақ адамнын жасап жүрген тіршілігі, еңбегі деуге сенгің келмейді. Бірақ, бұл ғалымның әрбір еңбегімен жақынырақ танысқан сайын амалсыз мойындайсың, іштей ризашылығынды білдіріп, басыңды иесің.

Автор бұл библиографиялық көрсеткіші шығар алдында «Халық кеңесі» газетінде жарияланған «Қазақ» газетіне - 80 жыл» деген мақаласында: «Өкінішке орай «Қазақ» газеті ұлтшыл, буржуазияшыл, либералды орган, алашордашылардың рупоры болды дей келіп оның редакторлары Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов ағартушы, ғалым, әдебиет зерттеушісі, дарынды аудармашы, оқу құралдары мен әдеби шығармалардың авторы болумен қатар, ірі журналистер еді. Қазақтың тұңғыш журналы «Айқап» пен «Қазақ газетінің беттерінде жарияланған мақалаларын оқығанда, олардың сан қырлы еңбектерінің куәсі боламыз», - дей отырып, одан әрі: «Қазақ газетінің авторларының көпшілігі - ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетіміздің бір тума білгірлері еді. Сол зиялы азаматтарымыз көп жылдар бойы «халық жауы» деген айдармен арамыздан аластатылып келді. Олардың ішінде Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев сынды ақын-жазушыларымыз бар. Шәкәрім Құдайбердиев, Құдайберген Жұбанов, Ғұмар Қарашев, Халел Досмұхаметов, Жаһанша Досмұхаметов, Мұхаметжан Тынышбаев, Асылбек Сейітов, Мұстафа Шоқаев, Бекмұхамет Серкебаев, Мұстафа, Ахмет Оразаев-тар, Ғабдолғазиз Мусин, Таһир Жомартбаев т.б. сияқты ғалым, қоғам  қайраткерлері, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сияқты көрнекті ақын-жазушылар «Қазақ» газеті арқылы өз үндерін білдіріп келген», - деп ендігі міндет осы адамдардың кезінде газет беттерінде жарияланған құнды еңбектерін халық игілігіне жарату қажеттігін айтқан болатын.

Міне, ғалым «Қазақ. Алаш. Сарыарқа» еңбегінде осы айтылған ой-пікірлерінің үдесінен шығып, үлкен де парасатты жұмыс атқарған. Бұл кітап туралы «Шыңыраудан шыққан шындық» атты көлемді сын мақала жазып, өз ойын оқырмандарымен: «Кітапта «Қазақпен» қатарласа жарық көрген «Алаш», «Сарыарқа» газеттерінде жарияланған материалдардың да библиографиялық көрсеткіштері қоса берілген. Бұл басылымдар осы күнге дейін дүрыс зерттеу көрмей, көпшілік қауымға беймәлім болып келе жатқаны белгілі. Осыны жан дүниесімен түсініп, олқылықтың орнын толтыруды ниет еткен ғалым еңбегін қалай бағаласақ та жарасады. Мұны шаң басқан архивтерде саусақтың ізі түспей, көмулі жатқан қымбат қазыналарды игеріп, халқына қайта қайтаруды өмірлік мұратына айналдырған библиографтың құнды дүниесі деп білеміз», - деп бөліскен жас ізденуші Қ.Сақовтың үлкен ғалымға деген құрметі де құптарлық.

Сөз соңында айтарымыз, 1995 жылы Қазақ энциклопедиясы баспасынан Ү. Сұбханбердинаның тағы бір елеулі еңбегі «Айқап» журналының жинағы жарық көрді (С. Дәуітовпен бірлесіп құрастырған). Көлемі 38 баспа табақ. «Қазақ баспасөзі тарихынан» деп аталатын кіріспе бөлімінде негізінен XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап, XX ғасырдың жиырмасыншы жылдарына дейін ана тілімізде шығып тұрған газет-журналдарға бүгінгі күн талабынан нақты баға беріледі. Одан соң «Айқап» журналына 24-25 беттер аралығында нақты тоқталып, талдау жасалынады. Ал, 46-295 беттер аралығында бес жыл бойы журналдың әр санында жарияланған материалдардың толық түпнұсқалық мәтіндері берілген. Кітап соңында «Айқап» журналының белгілі авторлары, «Айқап» журналына басылған мақалалар мен хат-хабарлардың мазмұндалған библиографиялық көрсеткіші» және «Авторлардың алфавиттік көрсеткіші» ерекше бір ыждаһатпен хатталып, тіркелген.

 

5. Медел Арғынбаев

 

Үстіміздегі жылдың мамыр айында қоғам қайраткері, тарихшы, публицист, ғалым Медел Жұмабайұлы Арғынбаев 70 жасқа толады. Соған орай біз бүгін мерейтой иесінің тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Қырықбай Алдабергеновпен арада болған сұхбатын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

- Медел Жұмабайұлы, әңгімеңізді өзіңізден бастасаңыз?

- Әкем Жұмабай Арғынбайұлы 1880 жылы, қазіргі Алматы облысы, Шелек ауданының Тескенсу ауылында дүниеге келген ұзын бойлы, аққұбаша келген, мейірімді адам болатын. Атам Арғынбай Тұрсынұлы орташа дәулеті бар күйлі адам болатын. Әкем жігіт жасына жеткен соң алғаш бір байдың қызына, одан бала болмаған соң біздің шешеміз Ләтіпке үйленеді. Үшінші ұлы мен – Меделханмын. Бірақ туғаннан соң хан деген жалғауды жаңа заманда хан, би, байлар болмауы керек деп құжатқа жазбай қойған. Содан ханнан айырылып, Медел ғана қалған. Өзімнің соңымнан ерген үш қызым бар.

- Медел аға, енді өмір жолыңыз, ғалымдық қызметіңізге қатысты әңгімеге көшсеңіз.

- 1947 жылы 10-сыныпты бітірген соң құжаттарымды ҚазМУ-дің тарих факультетіне тапсырдым. Бірақ сол жылы жолым болмай елге қайттым. Бірақ оған өкінбеймін. Себебі, тағдыр мені келесі жылы М. Қозыбаев, профессор А. Ержанов және Әмірхан Боқаевтармен кездестірді.

Біздер ҚазМУ-ді 1953 жылы аяқтадық. 88 бітірушінің арасынан сегізіміз Ташкенттегі бір жылдық партия мектебіне ұсынылдық. Бірақ Отызбай Сүйіндіков екеуміз партия мүшелігне кандидат болмағанымыздан Ташкентке ілікпей қалдық. Екеумізді сол кездегі Қазақ КСР-інің оқу министрі Ә.Сембаев шақыртып алып, Отызбайды Ақмолаға, мені Алматыда орын болмағандықтан, Жамбылдың педагогикалық училищесіне қызметке жіберді.

Содан не керек, көңілім өрекпіп, жолдамамды алып Жамбыл қаласындағы педучилищенің ғимаратына кіріп барсам, кабинетте 4-5 адам отыр екен. Директоры осының алдында ғана облыстық партия комитетінің мектеп бөлімі меңгерушісі қызметінен осында төмендеп келген Абдуллаев деген азамат екен. Құжаттарымды қарап отырып, «Бишара студент мұнда көп ақша табайын деп келген боларсың», демесі бар ма? Оның бұл сөзі менің судай тасыған көңіл-күйімді кілт басты.

Содан облонаға бардым. Райымбек Смайылов деген жігітке жолықтым. Ол Луговой ауданындағы оқу бөлімінің инспекторы екен. Мені жатып тұрып сонда шақырды. Сөйтіп ұстаздық қызметімді Луговой ауданының орталығындағы 10 жылдық аралас мектебінде оқу ісінің меңгерушісі қызметінен бастадым. Одан 1955 жылдың желтоқсан айына дейін Жамбыл қаласындағы жалғыз қазақ мектебінде оқу ісі жөніндегі меңгеруші болдым. Ал, 1955 жылдың желтоқсан айынан 1957 жылдың басына дейін облыстық комсомол комитетінің үшінші хатшысы, 1957 жылдан екінші хатшы қызметіне ұсынылдым. 1959 жылы облыстық партия комитетінің нұсқаушысы болып ауыстым. Осында жүріп Қазақ политехникалық институты аспирантурасының сырттай бөліміне түстім.

1965 жылдың соңында Алматы политехникалық институтының күндізгі бөліміне ауысып, оны 1968 жылдың мамыр айында бітіріп шығып, диссертациялық жұмысымды аяқтап, қорғауға тапсырдым. Осы жылы Жоғары білім министрлігі мені Жамбыл қаласының жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтына аға оқытушы етіп жіберді. Мамыр айында республикамыз Ғылым академиясының тарих және этнология институтында алғаш рет СОКП тарихынан жаңадан ғылыми кеңес ашылды. Сонда алғашқылардың қатарында мен «Правда» в борьбе за подъем экономики Казахстана в 1946-1958 годах» деген тақырып бойынша кандидаттық диссертация қорғадым.

1969 жылы академик С. Бейсенбаев басқарған СОКП тарихы институтының ұсынысы бойынша мен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ғылым және білім бөлімінің нұсқаушылық қызметіне шақырылдым. Сөйтіп, мұнда 2 жыл 4 ай қызмет істедім. Ал, 1982-1985 жылдар аралығында болса ИПКҒА (жоғары оқу орындары оқытушылары мамандығын одан әрі жетілдіру институтында, қоғамдық ғылымдар бойынша) директор болдым. Бұдан соң ұзақ жылдар бойы ҚазМУ-дің кешкі және сыртқы бөлімінің проректоры болдым. Осында жүріп, 1980 жылы Мәскеуде, МГУ-дың үлкен ғылыми кеңесінде «Соғыстан кейінгі қазақ журналистикасының тарихы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғадым.

- Сізді ұстаз, ғалым, тарихшы ретінде не ойландырады? Қазақ халқының болашағы туралы не айтасыз?

- Қазақстанда өндіріс болған жоқ. 25 пайыз бюджет Ресейден келді. Завод жоқ. Ең ақыры, мақта иіретін дұрыс фабрика да болған жоқ. Трактор заводында тек бөлшектер ғана жиналды. Астықтың бәрі де орталыққа кетті. Тек ет комбинаты мен қант зауыты ғана болды. Патша өкіметі құлап, Кеңес өкіметі орнаған күннен бастап жекеменшік жойылды. Жұрт жұмысты қатал билеушілерден қорыққанынан істеді. Қызылдар дінді де ауыздықтады. Олар өз жеке пікірі бар адамдарды «халық жауы» деп жаппай репрессия жүргізді. Ахмет, Әлихан, Міржақып, Тұрар, Сәдуақас, Мұстафа, Мұхаметжандар туған халқының тәуелсіздігін алып, бой жазғанын көре алмай арманда кетті. Бұған азамат соғысы, ашаршылық, репрессия, Отан соғысы, тың көтеру, Желтоқсан оқиғалары куә. Ал, қазақ халқының болашағы тек өздеріне ғана, тәуелсіздіктің туын қалай желбірететіндіктеріне байланысты. Егер, бүгінгі таңда жоғарыда айтылған мәселелерден қорытынды шығарылатын болса ғана мемлекетіміздің гүлденіп, алға басатындығына дау жоқ.

 

6. Марат Барманқұлов

 

Біздер қазір халқымыздың болашағы үшін Жұбан ағамыз айтпақшы «Мың өліп, мың тірілген» қазақ зиялыларына мәңгілік өшпес ескерткіш қою мәселесін ойластыруымыз керек. Неден? Алтыннан, мыстан немесе қоладан ба? Жоқ, сөзден. Иә, сөзден. Өйткені, сөз өлмейді. Ол мәңгілік. Кезінде осы жайлы ұлы Абай:

«Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп бекерге жырламаған ғой. Олай болса, 1937 жылы «халық жауы» деп нақақтан алғашқылардың бірі болып атылып кеткен Халық Танкин-Қалмұхамедов туралы, яғни осыдан бір жыл бұрын пайғамбар жасына келіп, ойламаған жерден көз жұмған, өз халқының аяулы ұлы Марат Кәрібайұлы Барманқұловтың әкесі жайында бүгінгі жас ұрпақ біле бермеуі де мүмкін.

Халық Танкин-Қалмұхамедов XIX ғасырдың соңында Торғай өңірінде туып, патша өкіметінің тұсында орыс тілінде жоғары білім алған, Сарыарқа мен Петербордың арасына оқу, білім, ғылым соқпағын салған, азғантай ғана саналы азаматтардың бірі болған. Өкінішке орай, тоталитарлық биліктің кесірінен қазақ даласын аштықпен қатар жалмаған репрессия жылдарында, 40-қа жетер-жетпес жасында Сталин, Берия, Ежов сияқтылардың қанды қылышының астында өзі сияқты 60мыңнан астам қазақ зиялыларымен бірге келмеске кетті. Бірақ, асылдың соңында тұяғы қалды. Өзі көз жұмған соң араға бір ай салып 1937 жылдың 13 ақпанында дүниеге Марат келді. Оны тәрбиелеп, өсіріп, ел қатарына қосу анасы Ғалия Ахметжанқызы Жүсіпова мен оған өз аты-жөнін берген жамағайын туыстары Кәрібай ақсақалдың еншісіне тиді. Алматы облысының Талғар қаласында туған Марат кейін Алматы қаласындағы № 33-орта мектепті бітірді.

Жас жігіт қиындықпен алғаш рет бетпе-бет осы жолы жолықты. Оқуды үздік бағаларға бітіргенімен оған «халық жауының» баласы екендігі ескеріліп, алтын медаль берілмеді. Алайда, қайсарлығы мен өмірге деген құштарлығы оны Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің жанындағы журналистика факультетіне алып келді. Оның жалпы әдебиетке, әсіресе, өз мамандығы – журналистикаға деген құштарлығы осы жерден басталды. Студент кезінен-ақ мойнынан фотоаппараты, қолынан қаламы түспей жүріп, ол өзінің болашағынан көп үміт күттірген. Курстастары мен ұстаздары Мараттың еңбекқорлығына, ізденімпаздығына, білімділігіне таң қалатын.

Мәкең Қазақ телевизиясының алғашқы комментаторы және репортері. Оның үстіне тұңғыш зерттеушісі. Ғалымның БАҚ-тың бұл саласында соңына қалдырып кеткен мол мұралары осыны дәлелдейді. Өздерін телевизияның тірі құдайымыз деп жүргендер кешірер. Оған жету үшін оларға әлі көп оқып, біліп, үйренулері керек. Себебі, студенттер, оның ішінде журналистер де әлі күнге дейін Марат Барманқұлов, Рамазан Сағымбеков, Совет Масғұтовтардың /бұл үш азамат бір кездері бір кафедрада қызмет істеген/ жазып кеткен кітаптарын оқып, жасап кеткен теорияларын жүзеге асырып, маңдай термен жинақтаған тәжірибелерін бөлісіп, пайдаланады.

М. Барманқұлов жоғары оқу орнын қызыл дипломға бітірісімен 1959-1961 жылдары енді құрылып жатқан Қазақ телевизиясында жауапты редактор қызметін атқарды. «Сто путей, сто дорог» сияқты циклды хабарлар жасап, көрермен көңілінен шыққан алғашқы тележурналистердің бірі болды.

Жас жігіттің білім-ғылымға деген құштарлығы оны 1961 жылдың желтоқсанында қазақ білімінің қара шаңырағы ҚазМУ-ге алып келді. Осында жүріп МГУ-дің аспирантурасына түсті. Жоғарыда аталған Рамазан, Советтермен күш біріктіріп, қазақ, орыс тілдерінде қазақ телевизиясының теориясы мен практикасына арналған оқулықтар жазуды қолға алды. Соның нәтижесінде Р. Сағымбековтың «Алматыдан сөйлеп тұрмыз», С. Масғұтовтың «Көгілдір экран - өмір айнасы», М. Барманқұловтың «Весь мир в вашей квартире» атты зерттеу еңбектері дүниеге келді. Мәкең журналистика факультетінде телевизия кафедрасын ашып, өмірінің соңына дейін басқарып өтті. 28 жасында Москвада кандидаттық, 44 жасында докторлық диссертациялар қорғап, 45 жасында пофессор атанды. Әзірге БАҚ-тың телевизия саласы бойынша Қазақстанда докторлық қорғаған алғашқы және жалғыз ғалым.  

Марат ағамыздың ғалымдық, ұстаздық, жазушылық қырларына тоқталмай тұрып, ол туралы әр кездері әртүрлі адамдардың айтқан пікірлеріне назар аударалық. Қазақстан Журналистер одағының хатшысы Камал СМАИЛОВ: «Оның ойлау, көп нәрсені түсіну шеңбері көп болатын. Оны түркі кезеңінен Интернетке дейінгілердің бәрі қызықтыратын. Марат Кәрібайұлы Дүниежүзілік Жүйенің пайда болуы туралы жазған алғашқы қазақстандық журналист болды. Журналистика факультетінде компьютер кабинетін ұйымдастырып, Интернет ашты. Студенттерге мұндай жағдай туғанына қуанышты болатын. Ол жастарға «Лидер XXI века» деген «Хабардың» бағдарламасында: «Олар тек XXI ғасырдың бастаушылары ғана емес, олар жаңа дәуірдің де басшылары. Олар әлі бала болса да, біздерден көп біледі» деп сенім артқан-тын.

Жазушы-публицист Геннадий ТОЛМАЧЕВ болса: «Марат Барманқұловпен арақатынасымыз жақсы болатын. Жарық жұлдыз, Қазақ телевизиясында алғаш орыс бағдарламаларын жасаған нағыз кәсіби журналист еді. Талантты ұстаз, ғалым. Уақытпен санаспай, білімнің бағалы дәндерін Қазақстанда жүздеп саналатын шәкірттеріне беретін.

Ол қадірлі адам болатын. Достары жиналған дастарқан басында да, аудиторияда да қарапайымдылығымен басқалардың назарын өзіне аударатын, әртүрлі бағдарламалардың, телевизиялық жюридің құрамында болғанда әріптестерінің жұмыстарын бағалауда үлкен білгірлік танытатын.

Біздің телевизиямыз ақылды да, білімді, кәсіби ұстаздарынан, тәлімгер журналистен айырылып, кедейленіп қалғандығы анық.

Оның жазған кітаптары Марат Кәрібайұлының осыдан 20 жыл бұрын жазылған жетістіктерге тоқталып қалмағандығын білдіреді. Уақыттан оза отырып, ол өз еңбектерінде бұқаралық ақпарат құралдарының болашағын, төртінші билік иесі екендігін көрсете білді» деп ой бөлісті.

Сондай-ақ «Экспресс К» газетінің редакторы Игорь ШАХНОВИЧ: «ҚазМУ-де оқып жүргенде мен бірнеше оқытушыларды жақсы көріп, сыйлап өттім. Олар Петр Терентьевич, Юрий Алексеевич Крикунов және Марат Кәрібайұлы Барманқұловтар еді. Бұл адамдар біздерді – студенттерді артық тапсырмалармен шаршатпай, шын мәніндегі журналистік шеберлікке үйретті.

Біз Марат Кәрібайұлымен бірге, жас журналистер ретінде Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықты да жеңіп алдық.

Біздерге журналистикадан дәріс бергендердің арасынан ол тек жаза білетіндігімен ғана емес, тамаша сюжеттер жасай алатындығымен де ерекшеленетін.

Марат Кәрібайұлы өзі жақсы білетін және үнемі зерттеп жүретін американ телевизиясының қыр-сырын шәкірттеріне жалықпай үйрететін. Ол өмірге ғашық болатын. Басқаларды, әсіресе, жас ұрпақты да соған үйрететін. Бұл оның бойындағы басты қасиеті болатын» дейді.

Иә, шындығында айта берсек, оның бойында нағыз адамгершілікке тән жақсы қасиеттер көп болатын. Ол өмірінің соңына дейін өз мамандығына, ғылымға адал болып өтті. Осы саладағы өзінің басқалардан артықшылығын ешқашан саудаға салған емес. Алайда, «жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген халқымыздың даналығын растап, соңына өлмес мол мұра қалдырып кетті. Енді аздап болса да Мәкеңнің осы қырына тоқталып өтелік.

Марат Кәрібайұлы өз алдына бір төбе ғылыми айналымға әлі түспей, зерттеуін күтіп жатқан публицистикалық еңбектерін айтпағанда, қысқа өмірінің ішінде 17 кітап жазып, өзінің шын мәніндегі ғалым, жазушы екендігін дәлелдеп кеткен адам. Бұл туралы белгілі ғалым, жазушы Әбілфайыз ЫДЫРЫСОВ: «Марат Кәрібайұлының «Бар әлем өз үйіңде» («Весь мир в вашей квартире») атты публицистикалық, әрі теориялық, әрі практикалық кітабы кеңестер одағы теледидаршы, ғалым теоретиктерінің қолдан түсірмес «кішкентай энциклопедиясына» айналды. Бүкіл кеңестік теледидар ғылымының теориялық оқулығы болды.

XX ғасырдың соңғы ширегінде Қазақстанда қазақ теледидар ғылымын бірінші баһадүр боп негіздеген, соның сарайының берік іргесін қалап, оның жеке ақшаңқан ақотауын көтерген пенде. Ендеше ұлы Абайға еліктеп айтсақ, ол – артында өшпейтұғын із, жойылмайтын іс қалдырған Марат Барманқұлов. Сондықтан рухы оның халқымен, ұрпағымен мәңгі жасаса береді.

Қазақ теледидары ғылымын негіздеген Марат Кәрібайұлы қашанда қазағымен жүреді» деп жазған.

Иә, шындығында солай. Қазақ телевизиясының іргетасын қаласып қана қоймай, оның теориясы мен практикасы туралы «Телевидение: деньги или власть?», «Сравнительный анализ жанров», «Весь мир в вашей квартире» және т.б. құнды оқулықтар мен монографияларды дүниеге әкелген ғалым туралы тірісінде аузын ашпаған кейбір «шәкірттері», енді Мәкеңнің атын жамылып, біраз шаруаның басын да қайырып жатқанға ұқсайды.

Марат Кәрібайұлының екінші бір қыры оның зерттеушілік қабілеті мен жазушылық талантында жатыр. Ол жайында филология ғылымдарының кандидаты, доцент Рахима БЕГІМТАЕВА былай дейді: «Марат Кәрібайұлының артында мол мұра қалды. Журналистика саласындағы ғылыми еңбектері бір төбе болса, түркі тақырыбына арналған әдеби еңбектері бір төбе. Марат Кәрібайұлының талантының ашылар тұсы осыдан көрінеді»

Марат Барманқұлов – түркітанушы, ислам зерттеушісі, мәдениеттанушы, философ, филолог-лингвист болып кете барады. Оның ендігі ғұмыры осы еңбектерінде жатыр. Тәуелсіздік алған тұста дүниеге келген «Түркі әлемі», «Алтын әйел», «Аққудың мұрагерлері». «Хан Иван» соның айғағы.

Ұлттық тұтастық туралы түркілердің мөлдір арманы сияқты 5 мың жылдықты қамтитын ғажап туындылары бітімі бөлек, жазылуы ерекше еңбектер. Оқи берсең көзің ашылады, көкірегің оянады, ғажайып ғаламның ішіне енесің, іздегеніңді табасың. Біздің эрамызға дейінгі II ғасырды әңгімелеп отырған тұста, аяқ астынан XX ғасырға ат басын тірейді. Тағы тарихтың тереңіне түсіп кетсең, лезде осы заманның бір оқиғасы алдыңнан шығады. Талдау, салыстыру, ескі мен жаңа, тарих пен тағылым, әдебиет пен мәдениет, дін мен тіл, кеше мен бүгін...

Тақырыптары да тарам-тарам, түрлі-түрлі бұл туындылардың түпкі ойы-халықтардың тілін, мәдениетін, әдебиетін, т.б. қасиеттерін сақтай отырып, бір ұлтқа айналып кетпей, өзі өмір сүрген мемлекеттің шаңырағы астында бейбіт қатар өмір сүру, тату-тәтті ғұмыр кешу. Орталық Азияда еңбек еткен түрік сұлтаны Махмұд Ғазнауи армандаған адамзаттың ғажайып жетістіктерімен қаруланған ұлы мемлекет жайлы ұзақ дастан десе де болады. Әзірбайжанның ұлы ақыны парсы тілінде араб харпімен жазып, түріктерді мадақтаса, ал Низамидің өзі қыпшақ қызы Аппаққа ғашық болып, ғазелдерін арнады.

Марат Кәрібайұлы осы еңбектерін орысша жазып, түркінің тұтас тарихын ұлтын сүйген ұлы жүрекпен ұрпағына тастап кетті. Тектілік емей немене?»

Иә, нағыз тектілік. Біздер көбіне орысша жазады деп Олжасты да, басқаны да сырттай жазғырып жатамыз. Бірақ көбіміз солардың не туралы жазатынын оқып, білмегендіктен көп нәрседен ұтыламыз да. Ана тіліміздің қадір-қасиетін арттыру үшін оны басқа ұлт өкілдеріне де жеткізе білуіміз керек. Ол үшін қазақ болып ойлап, орыс, ағылшын, араб, түрік, қытай, жапон және т.б. тілдерде ғылыми, әдеби, публицистикалық түрде жаза білетін Марат Кәрібайұлы сияқты ұлтжанды азаматтар қажет. Бүгінгідей заманда өз қарахан басынан басқаны ойламайтындардан құтылып, халыққа бет бұрмасақ, ертеңгі ұрпақтың алдында ұятты боламыз. Солқылдақ саясат пен құлдыраған экономика, артта қалған мәдениет, білім, өнер алға жетелемей, артқа сүйрейтіні анық. Міне, Мәкең өз шығармаларында осы мәселелер төңірегінде толғанады. Зиялыларды өзара текетіресті қойып, күннен-күнге азып-тозып бара жатқан қара халықтың қамын ойлауға шақырады.

Бұл жерде Марат Кәрібайұлының тағы да бір кітабы туралы айтпай кетуге болмайды. Ол – белгілі альпинист Қазбек Уәлиев туралы жазған «Армысың, Алатау, Есенбісің Эверест» деп аталатын көлемді шығармасы, Мәкең өмірінің соңына дейін спорт, дене тәрбиесімен достасып өтті. Оның белгілі велосипедші, альпинист екендігін білмейтін адам жоқ шығар. Қалт еткен бос уақыты болса таудан табылатын жазушының мұндай еңбек жазбауы мүмкін емес еді.

Мұнда басқалар үшін қазақтардың тек қана күреспен, бокспен, ат өнерімен айналысып, ән айту мен домбыра тартудан басқа да спорттың көптеген түрлерінен алдыңғы қатарлы елдердің жұлдыздарынан қалыспайтындықтарын дәлелдейтін көптеген қызықты деректер бар. Альпинизм Қазақстанда соғыстың алдында пайда болып, одан кейінгі жылдары күрт даму жолына түскен. Орал Үсенов, Сапаржан Оралов, Юрий Минжулин, Қазбек Уәлиев сияқты спортшылар 7 мың метрлік «Жеңіс» шыңын, 8 мың метрлік Гималай шыңдарын бағындырып, Амангелді Иманов, Абай, Мәншүк, 28 панфиловшыларға түрлі шыңдардың атын беріп, дүниежүзіне танымал болған. Міне, Мәкең осы адамдар туралы мақтанышпен жазып, оларды өз халқына кеңінен таныстырады.

Марат Барманқұловтың көп қырлылығының ең биік шыңы – оның ұстаздығы. Жас ұрпақты тәрбиелеп, білім беру, әсіресе, мектепті бітіре салып, жоғары оқу орнына түскен студенттерге дұрыс бағыт-бағдар беру оңайлыққа түспейді. Оған біреудің білімі, екіншілердің тәжірибелері жетіспей жатады. Ал Мәкеңде осы қасиеттердің барлығы да бар еді. Артық сөз болмау үшін, енді оның кешегі шәкірттерінің бірді-екісін сөйлетіп көрелік.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Ләйлә АХМЕТОВА: «Біз ешқашан дос болған емеспіз, бірақ, осыдан 29 жыл бұрын өмір мені нағыз ұстазбен жолықтырғанына өзімді ерекше бақытты санаймын. Әрине, өмірде көп ұстаздар болады, бірақ ертеде айтқандай жаны таза, білімі телегей-теңіз ұстаздар сирек кездеседі.

1971 жыл. Журналистика факультетінің 104-тобы. Біздің кураторымыз болып жас та жігерлі доцент М.К. Барманқұлов тағайындалды. Ол кезде оған студенттер жақсы көретін «Борман» деген ат әлі тағылмаған болатын. Алғашқы куратор сағатында-ақ ол барлығымызды тауға көтерілуге шақырды.

Біздің топ алғаш рет және кейін белгілі болғандай журналистика факультетінің тарихында соңғы рет университетте «Киров» тобы аталыпты. Мұны біз мақтан тұтқанбыз. Марат Кәрібайұлы да біздерді үнемі демеп, алға жетелеп отыратын».

Саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Ғалия ЫБРАЕВА: «Марат Кәрібайұлы журналистикаға қатысы бар әр адамның өмірінен үлкен орын алатынына сенімдімін. Ол өзінің мамандығы журналистиканы жақсы білгендіктен профессор, ұстаз ретінде әр студенттің көңілін, жүрегін жаулап, қолынан келгенше көмектесіп бағатын. Ғалым ретінде Марат Кәрібайұлы көптеген жаңа идеялардың басында тұрды. Ойын өрбітіп, соған сендіре алатын, сөз өнерінің шебері еді. Кез-келген тақырыпты оңай меңгеріп, одан әрі дамытып әкететін.

Өткен ғасырдың 70-жылдарында ол журналистиканың телерадио кафедрасын құруды қолға алды. Ол кезде телевизияға онша мән берілмейтін, «нағыз журналистер» газет немесе журналдарда қызмет істейтін. Осыған орай студенттер арасында да әртүрлі пікірлер кездесетін.

Бірақ, Барманқұловтың дәрісі телевизия болашағының зор екендігін дәлелдейтін. Соның нәтижесінде жаңа кафедраға бір топ студенттер өз еркімізбен ауысқан едік. Олар менің курстастарым Гриша Гройсер, Роза Досымова, София Янлосы, Мертай Ақшолақов, Гүлнар Омарбекова, Бағи Машанло  және т.б. болатын.

Айтайын дегенім, қазір солардың көпшілігі БАҚ-тың телевизия саласында өнімді қызмет істеп, басқаларға тәжірибелерін бөлісуде. Өзім журналистика факультетінің Халықаралық бөлімінің меңгерушісімін. Р. Досымова болса ТРК «МИР»-дің алдыңғы қатарлы тілшісі, Г. Омарова «Хабар» агенттігінің озат журналисі, М. Ақшолақов та ұзақ жылдар бойы «Хабардың» Қарағанды облысы бойынша тілшісі болды. С. Янлосы жақсы журналист әрі жарнамшы».

Сондай-ақ, Мәкеңнің дәрісін тыңдап, білім алған, биыл журналистика факультетін аяқтап жатқан бір топ болашақ телевизия мамандары былай деп ой бөліседі. Айжан ЖАНАЕВА: «Мен өз өмірлерін телевизиямен байланыстырған отбасында өскендіктен, журналистика факультетіне түспей тұрып-ақ олардың ұлы ұстаздары барлығын еститінмін. Мұнда жүріп мен Марат Кәрібайұлының телевизиялық журналистиканы оқытудың жаңа методикасын енгізіп қана қоймай, Журналистика Академиясын да ұйымдастырғанын білдім.

Кейбірулер оның дәрісінде студент, оқытушы деген ұғым болмаушы еді дейді. Керісінше, ол өзінің күш-жігері, білгірлігі арқылы студенттерді әрнәрсені білуге құлшындырып, өз ойларын айтуға, ортаға салуға үйрететін. Оларды кемсітпей, тыңдай алатын. Сондықтан, онымен барлығы санасатын.»

 

Валентин ПЕТРЕНКО: «Марат Кәрібайұлының қазасы туралы хабарды мен радио жаңалықтарынан естідім. Ол кезде студия ішінде хабар жүргізіп жатқам. Алғашқыда естігеніме сенбедім. Одан әрі не істегенімді білмеймін. Бірақ, бір сәт мен ол туралы барлық білетінімді көз алдымнан өткізгенім анық. Оның кітаптары, өткізген дәрістері, емтихан алдындағы консультациялары... Ең бастысы, ешқашан оның жүзінен кетпейтін жайдары күлкісі. Үлкенге де, кішіге де ықыласы...»

 

Назым ОРАЗГЕЛДИЕВА: «Өмірден тәжірибелі журналист, тәлімгер ұстаз, білімді ғалым, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультеті телевизия кафедрасын 40 жыл бойы үзіліссіз басқарған Марат Кәрібайұлы Барманқұловтың кеткеніне де міне, бір жыл болып қалыпты. Ол күні студенттер, қызметтес достары, туғандары мен туыстары қара жамылып жатқанда, табиғат ананың өзі де көз жасын тыя алмай, ағыл-тегіл жылап тұрғандығы белгілі».

 

 

7. Қырықбай Аллаберген

 

Аллаберген Қырықбай Мазанұлы 1952 жылдың шілде айының 18- жұлдызында Павлодар облысына қарасты Баянауыл ауданының қазіргі Жүсіпбек Аймауытов атындағы ауылында дүниеге келген. 1967 жылы оқудағы жақсы үлгерімі үшін Артекте болып, пионерлердің Бүкілодақтық ІІІ слетіне қатысып, дүниежүзіндегі алғашқы ғарышкер Ю.А Гагаринмен кездескен. Алғаш рет мектеп қабырғасында жүріп, аудандық «Жеңіс», облыстық «Қызыл ту» газеттеріне мақалалары мен өлеңдерін жариялата бастаған. 1970 жылы С.Торайғыров атындағы орта мектепті бітірген соң Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу кезінде Орта Азия әскери округінің «Боевое знамя» газетінде әскери тілші болған.

1973-1977 жылдары Баянауыл аудандық «Жеңіс» газетінде әдеби қызметкер, ауылшаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, Павлодар облыстық радиосының редакторы қызметін атқара жүріп,осы өңірдің тарихы, шежіре әдебиеті мен мәдениеті туралы деректерді жинап, зерттеп баспасөз беттеріне оқырмандарға сериялық материалдар ұсынып отырған.

1978 – 1983 жылдар аралығында қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқып жүрген кезінде Республикалық басылмдарда оның көптеген ғылыми-танымдық, зерттеу мақалалары жарық көрді. Осы арқылы ол өзінің журналистика, әдебиет және тарих ғылымдары бойынша зерттеу жұмыстарына бейім екендігін байқатты.

Соның нәтжесінде, «Отечественные записки» журналындағы қазақ тақырыбы (1818-1884жж)» деген тақырыпты диплом жұмысын жазып, жақсы бағаға қорғап шығады. Бұл болашақ ғылымның зерттеу саласындағы алғашқы табысы еді.

Қырықбай Мазанұлы 1983 -1987 жылдар аралығында Қазақ телерадиокомпаниясының ғылыми – көпшілік редакциясында редактор болып жұмыс істейді. Онда алағаш рет «Қазақстан ғылымы» және «Көкжиек» деген ғылыми көпшілік хабарларын дайындап, жүргізеді. Осында жүріп ҚР ҰҒА- ның көптеген алдыңғы қатарлы ғалымдармен танысып, олардың ашқан ғылыми жаңалықтарын ел арасында насихаттайды. Өзі де әдебиет, тарих саласында зерттеулер жүргізіп, алғашқы толымды ғылыми жұмыстарын бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінде жариялай бастайды.

Оның осындай ғылымға бейімділігін байқаған ғалымдар оны 1987 жылы өзі бітірген Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, журналистика тарихы кафедрасына оқытушылық қызметке шақырады. Араға бір жыл салып аға оқытушылыққа жоғарытылады. 1992 жылы ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі М.Х Асылбековтың жетекшілік етуімен Қ.М Алдабергенов, Ш.Уалиханов атындағы тарих және этнология институтының жанындағы ғылыми кеңесте «Отечественные записки» журналы Ресейдің Қазақстандағы отарлау саясаты туралы» деген тақырыпқа кандидаттық диссертация қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты дәрежесіне ие болады.

1993 жылы «Рауан» баспасынан «Отарлау саясатының ойрандары» атты алғашқы 5 баспа табақ көлеміндегі монографиялық еңбегі жарық көреді. Онда зерттеуші 1818 -1884 жылдар аралығында Ресейде демократиялық бағытта шығып тұрған «Отечественные записки» журналы материалдарының негзінде патшалы Ресейдің Қазақстанда жүргізген отарлау зардаптарын көрсетеді.

1994 жылы оның осы «Рауан» баспасынан «Алты алаштың ардақтылары» деген 6 баспа табақ көлемінде екінші бір монографиясы шығады. Онда автор 19 ғасырдың екінші жартысы мен 20 ғасырдың бас кезінде өмір сүріп, қазақ демократиялық публицисткасының іргетасын қалаған Ш. Уалиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев, М.Ж. Көпеев, Ә. Бөкейханов, С. Торайғыров, Т. Рысқұлов, С. Қожанов сияқты алты алаштың ардақтылары аталған бір топ зилы қаламгерлердің түрлі басылым беттерінде сөз өнерін қару орнына жұмсап, патшалы Ресейдің және одан кейінгі «қызыл империяның» отарлау саясатына қарсы қалай күрескендігі туралы сөз етеді.

1996 жылы Қ. Алдабергеновтың «Рауан» баспасынан қазақ баспасөзінің тарихына бүгінгі күн тұрғысынан көз жіберіп, тың байламдар жасап, жаңаша ой айтқан «Қазақ журналистикасының тарихы» атты 13 баспа табақ көлеміндегі жоғарғы оқу орындарының журналистика факультеттірне арналған оқулық кітабы жарық көрді. Онда ғалым 130 жылдан астам бай тарихы бар қазақ баспасзінің тарихына молынан көңіл бөледі. Өйткені  қазақ баспасөзінің тарихын тұңғыш зерттеуші, профессор Қ. Бекхожиннен соң бұл тақырыпқа араға 15 жыл салып, қайта оралған осы ғалым болатын. Міне, осындай ғылыми еңбектеріне байланысты оған Жоғары Аттестатциялық Комитет тарапынан 1996 жылы әдебиеттану ғылымының доценті ғылыми атағы берілді.

Тарих ғылымының кандидаты, доцент Қ.М. Алдабергенов Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде оқытушылық қызмет атқара жүріп, 1997 жылы «Рауан» баспасынан ХХ ғасырдың басында ана тілімізде біреуі Троицк, екіншісі Орынбор қаласында қатар шығып тұрған «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің беттерінде жер мәселесіне және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне арналып жарияланған материалдарға талдау жасап, баға беретін, сонымен қатар Қазақстандағы 1920-1930 жылдардағы баспа ісі және қазақ баспасөзінің қалыптасып, дамуына айтарлықтай үлес қосқан бір топ ақын, жазушы, сыншы, публицистердің еңбек жолдары мен шығармашылық шеберліктері жайында әңгіме қылатын 14 баспа табақ көлеміндегі «Көне басылымдар. Құнды деректер. Аяулы есімдер» деген монографиясын жарыққа шығарады.

Сондай-ақ 1998 жылы «Санат» баспасынан 15 баспа табақ көлеміндегі қазақ, орыс баспасөзінің және баспасөз тарихының бастауын болып саналатын Батыс Европа мен Америка, Азия елдеріндегі алуан түрлі бағыттағы бұқаралық ақпарат құралдары тарихынан мол мағлұмат беретін «Әлем баспасөз тарихынан» деп аталатын оқу құралы 2000 дана тиражбен басып шығарылды.

Бұл еңбектерде зерттеуші ғалым төмендегідей негізгі үш бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізеді: Біріншісі – қазақ және орыс баспасөз тарихын зерттеу бағытында. Екіншісі – Отандық тарих, яғни, Қазақстан тарихын зерттеу бағытында. Үшіншісі - әдебиеттану тарихын зерттеу бағытында.

Қ.М. Алдабергенов 2001 жылдың басында ҚР ҰҒА-ның Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының жанындағы диссертациялық кеңесте «Ресейдің Қазақстандағы отарлау саясатының бағыттары мен нәтижелері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап, тарих ғылымдарының докторы атанады.

Ғалым, зерттеуші бұл еңбегінде ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында орыс шаруаларын Қазақстанға қоныс аудару нәтижесінде жердің, судың азаюы, Ресей тарапынан қарулы, саяси және экономикалық қысымының күшейе түсуіне байланысты, жергілікті халықтың ұлт ретінде жойылып, кету қауіпінің туындағаны, соның нәтижесінде қазақтардың екі жақты қанауға ұшырап, тілі мен дінінен, салт-дәстүр, әдет-ғұрпынан, ғасырлар бойы қалыптасқан тарихынан, әдебиеті мен мәдениет, өнерінен ажырай бастағандығын көрсетеді. Осы материалдар нәтижесінде Ресейдің Қазақстандағы отарлау саясаттарын, бағыттары мен зардаптарын айқындай түседі.

Қ.М. Аллаберген 1996-1998 жылдары Қазақстан Республикасы Білім Министрілігінің «Құрмет грамоталары», 2002 жылы «Қазақстан Республикасының Ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталған.

Аспиранттар мен ізденушілердің ғылыми жұмыстарына жетекшілік етеді. Жоғарыда  көрсетілген ғылыми еңбектерінен басқа 200-ден астам республикалық баспасөз беттерінде жарияланған ғылыми мақалалары бар. 2002 жылдың тамыз айынан С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті тарих, археология және этнология кафедрасының меңгерушісі, Павлодар педагогикалық институның ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, қазір С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті журналистика кафедрасының меңгерушісі.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

     ТӨРТІНШІ ТАРАУ

 

Қазақ мерзімді баспасөзінің

 тарихы туралы қысқаша анықтама

 

1.«Абай» журналы

    

«Абай» атты ғылыми, әдеби, шаруашылық журнал 1918 жылдың 4-ақпанынан бастап Семей қаласында шыға бастады. Негізінен бұл басылымды шығарушылар «Екеу» деген лақап атпен қол қоюшылар болатын. Оның бірі журналдың ресми редакоры Ж. Аймауытов болса, екіншісі әдебиет майданына енді араласқан М. Әуезов еді. Журналда Шәкәрім, С. Торайғыров, С. Дөнентаев, Ғ. Қарашев, С. Садуақасов, Х. Досмұхамедовтардың өлеңдері мен публицистикалық мақалалараы жиі жарияланады.

Ж. Аймауытов, М. Әуезовпен қатар «Абай» журналына С. Торайғыровтың да қосқан үлесі зор. Өйткені Сұлтанмахмұттың қазан төңкерісі және азамат соғысы жылдарында жазған «Социализм» атты мақаласын публицистік еңбектерінің бірі де, бірегейі де деп атауға болады. Бұл мақаланың алғашқы бөлімі журналдың 1918 жылғы наурыз айындағы санында басылып, жалғасы қолды болып кеткендіктен жарияланбай қалған.

«Абай» журналына жиі араласып, көп көмегін тигізген оның беттеріне «Абайға», «Қазақ әйеледрі туралы», «Жазушыларға», «Бозторғай» сияқты бірқатар мақалалары мен өлеңдерін жариялаған белсенді авторлардың бірі

С. Дөнентаев болатын.

Бұлардан басқа «Абай» журналының 3-санында «Қоныс құтты болсын», «Алашқа», «Философия жайынан», «Тұңғыш құрбан» мақалалары жарияланған.

Ал журналдың келесі алтыншы саны 1918 жылдың шілде айының 19 жұлдызында жарық көрген. Онда «Омбы қаласында өткен жалпы жастар съезі туралы» хабар, М. Әуезовтың «Жастар ұйымына ашық хаты», сондай-ақ авторы көрсетілмеген «Қайткенде адам боламыз» деген проблемалық мақала басылған.

«Абайдың» 1918 жылдың қазан айында шыққан соңғы 11-санындағы бірінші бетінде басылған жарнамадан басқа «Ұлтты сүю» деген мақала мен «Қайран жүрек», «Абай сөзі» атты өлеңі берілген. Одан әрі С. Аспандияровтың «Обадан сақтану һәм емделу шаралары» деген ғылыми еңбегі жарияланған.

Сөйтіп, «Абай» журналы 1918 жылдың аяқ шеніне қарай біржола жабылды. Оған себеп, Семейде большевиктердің билік басына келіп, «Алашорда» үкіметінің құлауы еді.

 

2. «Әйел теңдігі» журналы

 

«Әйел теңдігі» журналы 1926 жылдың шілде айынан бастап, бұрынғы «Теңдік» газетінің орнына шыға бастады. Журналда партия тіршілігі бөлімі, дені саудың жаны сау, біздің жұмысымыз, әдебиет бөлімі, кітап сыны, жастар бөлімі, әйелдерге кеңес, өнер-білім үйрену заң бөлімі сұрау-жауаптар тілшілер бөлімі болды. Алғашқы редакторы С. Есова кейін оны Н. Сәниева, Н. Арықовалар ауыстырады.

Журнал тиражы жылма-жыл өсіп отырды. Бірінші саны 500 данамен шыққан «Әйел теңдігі» 1926-1928 жылдары 3000, 1935жылы 10000-ға жетті. Журнал шығып тұрған 1926-1935 жылдар аралығында ХІХ ғасырдағы Сара Тастанбекова секілді ескі салттың қалың малдың құрбаны болған қазақ қыздарының басына теңдік бостандық әперу мәселесін батыл қолға алып, тозығы жеткен дәстүрлерді аяусыз әшкерлеп, «Әйел теңдігі» деген атына сай үлкен қызмет көрсетті.

Журнал беттерінде Б. Майлиннің, І. Жансүгіровтың, Б. Кенжебаевтың, А. Оразбаеваның, С. Есованың қазақтың тұңғыш ақын қызы Ш. Иманбаеваның белгілі қоғам қайраткері Н. Арықованың тағы басқа да көрнекті азаматтардың мақалалары басылған.

Қазақ әдебиеттің ірге тасын қалаушылар С. Сейфуллин, Б. Майлин, І. Жансүгіров, С. Мұқанов қатысқан журналдағы әдебиет бөлімі ең қызықты, тартымды  бөлім болды. Осы аталған төрт алыптың бірсыпыра әңгімелері, поэмалары, өлеңдері алғаш рет «Әйел теңдігінде» жарияланады. Б. Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесі мен «Раушан коммунист» повесі алғаш рет осы журналда басылды.

 

3. «Айқап» журналы

 

«Айқап» журналының алғашқы саны Троицк қаласында 1911 жылдың қаңтарында жарық көрді. Оның шығарушысы, редакторы демократ ақын, жазушы М. Сералин болды. Алғашқыда айына бір реттен, ал 1912 жылдан айына екі реттен, 12-24 бет көлемінде шықты. Баспасөз зерттеушісі профессор Қ. Бекхожиннің дәлелдеуінше «Айқаптың» тиражы 1000 дана болған. Жалпы, журналдың бес жыл ішінде 89 саны жарық көрген.

«Айқап» әр материалдың мазмұны мен тақырыбына жете көңіл бөліп отырды. Бірінші бетіне елдің өмірінде болған жаңалықтар, ресми хабарлар, екінші, үшінші беттерінде «Ашық хат» деген айдармен оқырмандар хаттарын жариялаған. Проблемалық мақалалар (жер туралы, съезд, сайлау т.б тақырыптар) бойынша 4-6 беттеріне орналасқан. «Фельетон», «Хабарлар» бойынша айдармен материалдар журналдың орта тұсынан орын алған. Ал шетел жаңалықтарын көңіл айтулар мен басқармадан ескертулерді жаңа кітап туралы рецензияларды журналдың соңғы беттерінен оқуға болатын.

«Айқап» өз кезі үшін үздік журнал болды. Оның әр санын жұрт асыға күтті. Журналдың хатшысы болып 1911-12 жылдары Ә. Галимов, 1913-14 жылдары С. Торайғыров істеді. Қызметкер, тілші, автор болып, Ж. Сейдалин, С. Көбеев, С. Сейфуллин, Б. Майлин, С. Дөнентаев, Б. Қаратаев, М. Жолдыбаев, Б. Бекжанов және т.б қатысты.

 

 

4. «Ақжол» газеті

 

1923 жылы «Ақ жол» газеті туралы Б. Майлин: «Осы декабрь жұлдызының 7 күні Ташкентте шығатын Түркістан үкіметінің тілі «Ақ жол» жарыққа шығуына үш жыл толды. Сол күннің құрметіне «Ақ жол» Қазақстанда көп тараған газет екенін айта келіп: «Ол Түркістан үкіметінің қолдаған шараларын қазақ халқына жеткізіп тұрды», - деп атап көрсетті.

Шындығында 1920 жылдың 18 сәуірінен шілденің 27-сіне дейін Ташкент қаласында қазақ тілінде «Жаңа өріс» газеті шығып тұрған болатын. Ал «Ақ жол» болса, сол басылымның заңды жалғасы еді. Алдымен, «Жаңа өріс» газеті туралы бір-екі ауыз мәлімет бере кетелік. «Ол қырғыз – қазақша жетісіне екі рет шығатын сыпайы тілдегі саяси әрі шаруашылық газет» деп аталады. Басылым материалдары халықты негізінен еңбекке, игі тіршілікке шақырды. Оның бар-жоғы 14 нөмірі жарық көрді. Ал сол жылдың 7-желтоқсанынан бастап оның орнына «Ақ жол» газеті шыға бастады. Орташа таралу тиражы 1800. Алғашқы редакторы С. Қожанов. Басылымның ішкі хабарлар, сыртқы хабарлар сауатсыздықты жоғалту жайынан, әйел теңдігі, ресми бөлім, бұйрық-жарлықтар жастар арасында, жарнама, партия тіршілігі, партия талаптары, шаруашылық жайынан деген бөлімдері болды.

1924 жылдың соңында Түркістан  Совет республикасы таратылып, қайта құрылды. Осыған байланысты бұрын оның қарамағында болып келген Жетісу мен Сырдария облыстары Қазақ АССР-іне қосылды. Осыдан кейін «Ақ жол» газеті 1925-1927 жылдары Қазақстанның Сырдария облыстық партия, Кеңес мекемелерінің органы болып Шымкентте шығып тұрды.

 

5. «Алаш» газеті

 

«Алаш» 1916 жылы 26-қарашадан бастап 1917 жылдың ортасына шейін Ташкент қаласында апта сайын шығып тұрған. Редакторы К. Тоғысов, шығарушысы М. Тоғысова. «Туркестанский курьер» баспаханасында басылып тұрған. Газеттің шығуы жайында «Алаш» газетінің алғашқы санында «Россия қарамағындағы елдердің бірі болу үшін қазақ халқының шешетін мәселелері: оқу-ағарту ісін жөнге қою, Мемлкеттік Думаға қатысу сот ісін жөндеу, әйел мәселесін көтеру, елдің тұрмыс-халін түзету» деген. Міне, газеттің негізінен осы мәселелерді көтергенін ондағы басылған мақалалардан байқауға болады. К. Тоғысов «Жоғалсын Романовтар!» деген мақаласында 300 жыл Ресейді билеген Романовтар туралы айта келіп әр халық өз алдына егеменді ел, демократиялық республика болуы керек деген идеяны ұсынады.

Сондай-ақ газет бетінде белгілі ақын-жазушылардың алғашқы өлеңдері мен әңгімелері басылған. Онда Б. Майлиннің, Ж. Аймауытов пен М. Әуезовтің студент кездерінде жазған мақалалары кездеседі.

1917 жылғы 22-санынан бастап, «Алаш» газетінің редакторы Т. Жанбаев болғаны туралы «Алаш» газетіндегі Жанбаевтың «Оқушыларға өтініш» деген мақаласында К. Тоғысовтың халық мәжілісіне, Петербордағы шаруалар съезіне уәкіл болып сайланғаны, газет шығару жұмысы Т. Жанбаевқа тапсырылғаны хабарланған. Зерттеуші Ү. Сұбханбердинаның дерегіне қарағанда Петербордағы Салтыков –Щедрин атындағы кітапханада газеттің 22-санына дейін сақталған.

 

 

6. «Ара» журналы

 

Саяси-сатиралық «Ара» («Шмель») журналы 1956 жылдың наурыз айынан бастап, екі тілде (қазақша-орысша) 20.050 дана тиражбен 0,70 бет баспа-табақ көлемінде айлық басылым ретінде шыға бастады. Бас редакторлығына жазушы Ғ. Мүсірепов, редактордың орынбасарлығына Д. Снегин тағайындалды.

«Ара» журналының сол кездегі басты міндеттерінің бірі - ұрлық, зорлық, өтірік-өсек, алдау-арбау, төрешілдік, мансапқорлық, алып-сатарлық, қалың мал сияқты ескіліктің қалдықтарымен күресу және сатиралық өткір тілмен түйреп, әшекерлеу болып табылады.

«Ара» журналының алғашқы сандарында назар аударарлықтай материалдар баршылық, әсіресе, басылым беттерінде жарияланған каррикатура, шарж, сатиралық суреттер оқырман көңілінен шыққандай. Мәселен, суретші Федорцевтің «Қоқиланған қаздар», Леонтьевтің «Осы жұрт мені текке жамандап жүр», Бейсеновтың «Құртты –ау мына кебенек» тәрізді сықақ әзіл-қалжыңға құрылған каррикатуралары ойдан шығарылған емес, өмірден алып берілген дүниелер.

Сондай-ақ «Ара» журналының кейінгі сандарында қоғам өмірінде кездесіп отырған талай кемшіліктердің бетін ашатын Ө. Қанахиннің «Саршұнақтармен шайқасу», А. Егізбаевтың «Берекесіз бес күн», Павлованың «Сынсыз кеңес, сылдыр су», М. Балюктің «Кімге жүгінеміз?», Леховскаяның «Жердің асты мен үстінде» фельетондары мен А. Тоқмағамбетовтың «Көктемгі көріністер» және Ш. Смаханұлының «Қыл-көпір» сатиралық өлеңі жарияланды.

Журнал шыға бастаған 40 жыл ішінде оның тікелей әсерінен С. Адамбеков, О. Әубәкіров, Ш. Смаханұлы, Ж. Алтайбаев (1961-1971 жылдары редактор болған) Ғ. Қабышев, Ү. Уайдин, С. Кенжеахметов, К. Әмірбеков, Ө. Жаппарханов сияқты көптеген сатира сарбаздары өсіп, тәрбиеленіп шықты.

 

7.«Арай» журналы

 

1986 жылдың «Желтоқсан» оқиғасынан кейін қазақ жастарының арасынан «халық жауларын» іздеу, табу, табылмаған жауларды қолдан жасау науқанын қанқұйлықпен жүргізуді Колбин қолға алып, азғантай ғана халқымызды «оңтүстіктер» мен «солтүстіктерге» бөліп, үй ішінен үй тігіп жатқан тұста 1987 жылдың сәуір айында дүниеге келген басылымдардың бірі - «Арай» («Заря») журналы.

Бұл саяси-қоғамдық және әдеби журналды ұйымдастарып, қанат қақтырған, 1994 жылдың маусым айына дейін бас редакторы болған жазушы Ә. Көпішев болатын.

«Арай» бүгінгі күннің ауыртпалығына қарамастан өз оқырмандарын жоғалтпаған жанашыры көп басылым. Ә, дегеннен-ақ  республикада шығарылатын журналдардың арасынан алғашқы бестікке ілінген «Арай» болса, әлі де сол беделін жоғалтпай келеді.

Журнал жастар тәрбиесі, олардың қазіргі тыныс-тіршіліктері туралы көп жазады. Сондай-ақ тәуелсіздікті жариялағаннан бері Қазақстанның жерін көпсініп, онда тұратын ұлттардың татулығын көре алмай, реті келсе де, келмесе де, «шағып» , «шымшып» жатқандар аз емес.

Осыған мысал ретінде «Арай» соңғы уақытта өз қандастарымыздың да басқаларға қосылып, өз халқын менсінбей кемсітіп, ауылдағы қазақтарды одан бетер жек көріп, үшінші сортқа жатқызып жүрген «ғалымсымақтарды» сынға алып отыр.

Журналдың «Ақ шымылдық», «Кездесуге шақырып едік», «Тылсым дүние», яғни тіршіліктің қырық құпиясы,  «Күлегеш», «Әйгілі адамдар», «Ел мен жер» т.б айдарлары бар.

 

8. «Ауыл» газеті

 

Қостанай губерниялық партия комитеті мен губаткомының органы «Ауыл» газеті 1923 жылдың 1-қыркүйегінен шыға бастады. Қостанайда әріп болмағандықтан «Ауылдың» алғашқы нөмірлері Челябі қаласында басылды.  Кейін газеттің редакторы М. Сералин Қазан қаласынан әріп және басқа да жабдықтар алып келген соң газет Қостанайдың өзінде шығып тұрған.

Б. Майлин осы газетте әуелі әдеби қызметкер, соңынан бөлім меңгерушісі, 1924 жылы уақытша редакторы болып журналистік қызмет атақарады. Оның бұл газетте көптеген сын мақалалары, фельетондары және өлеңдері басылды. Бейімбет газеттің бірінші нөмірінде «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» өлеңін жариялады.

Сондай-ақ газеттің белсенді тілшілерінің бірі С. Қарпықов: «Өткен 1921-1922 жылдары сұрапыл ашаршылықтан оқу жұмысы төмендеп қалып еді. Ол кезде үкіметтің бар мақсаты кедейлерге жәрдем беру болғандықтан, оқу жұмысына жете көңіл бөлінбеді. 1922 жылдың аяқ жағы тоқшылыққа айналды. Халықтың салған аз ғана астығы шығып, үкіметтің қолын жәрдемнен босатты. Губерниялық оқу бөлімі 1923-1924 оқу жылына әзірлік ретінде оқытушылар даярлайтын курстар ашты. Жаңадан 50-80 балалық оннан аса мектеп ашылды, - деп жазса, ал журналист Ж. Еленов 1923 жылы 27-шілдеде Қостанай губерниясы әйелдерінің жиналысы өткізілгенін, оған қазақ әйелдерінен аз қатысқанын сөз етеді. Бұдан ол қазақ әйелдерінің әлгі күнге теңдікке қолы жетпегені, басшы қызметтегі азаматтардың әйел бостандығына немқұрайлы қарайтыны байқалады деп қорытынды шығарады.

1925 жылы Б. Майлин Қызылордадағы республикалық баспасөзге ауысты. Ж. Еленов та сонда кетті. Сондықтан газетке хабар жазып, қаламы төселген тілші М. Жақсылықов «Ауыл» газетіне әдеби қызметке алынды. 1928 жылы 8-қыркүйекте «Ауыл» округтік газет болар қарсаңында белгіл аудармашы Х. Өзденбаев осы газеттің хатшысы болды.

 

9. «Ауыл тілі» газеті

 

Партияның ауылды онан әрі советтендіру саясатын жүзеге асыруда 1926-1929 жылдары шығып тұрған жалпы қазақстандық арнаулы шаруа газеті «Ауыл тілі» үлкен роль атқарды. Ол Қазақстан өлкелік партия комитеті, Орталық атқару комитеті, кәсіпшілер одағы және Сырдария губкомы мен атқару комитетінің атынан Қызылорда қаласында шығарылды. Бұл газет көлемі 4 бет, тиражы 6800 дана болып, Қазақстанның барлық ауылдарына таралып тұрды.

«Ауыл тілі» газеті көтерген мәселелері: оқу,денсаулық, әйел теңдігін қорғау, советтердің , қосшылардың жұмысын жақсарту, кооператив, кедей –жалшылардың қозғалысын өрлету болып табылады.

Бұл газетке С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, С. Мұқанов, Б. Майлин, Ж. Сыздықов, Қ. Әбдіқадыров, А. Сегізбаев сияқты көрнекті жазушылар мен журналистер белсене қатысты. Олар халыққа түсінікті тілде қара сөзбен де, өлеңмен де, әңгіме, очерк, сықақ, фельетон жазып, ескіні сөгіп, жақсыны дәріптелді. Партия мен үкіметтің игі шараларын насихаттап, жүзеге асыруға үндеді.

«Ауыл тілі» газеті ауылды советтендіру күресінде өзіне жүктелген міндетін абыроймен орындап, 1929 жылы 12-ақпанда 5 (129) нөмірінен кейін өзінің шығуын тоқтатты.

 

10. Аллаберген Қ.М.

 

Аллаберген Қырықбай Мазанұлы. 1952 жылдың 16-шілдесінде Павлодар облысы, Баянауыл ауданының Жосалы (қазіргі Ж.Аймауытов атындағы) кеңшарында туған. 1970 жылы С.Торайғыров атындағы орта мектепті бітірген. 1970-1972 жылдары Отан алдындағы азаматтық борышын атқарған.  1973-1975 жылдары Баянауыл аудандық «Жеңіс» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1976-1978 жылдары Павлодар облыстық телерадио хабарларын тарату комитетінде редактор болған. 1978-1983 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқыған. 1983 -1987 жылдары республикалық телерадио хабарларын тарату комитетінің Ғылыми – көпшілік бағдарламалары редакциясында редактор болып жұмыс істеген. 1987 жылдан Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік Ұлттық университетінде оқытушылық қызметте болған, қазір кафедра меңгерушісі. Тарих ғылымының докторы. Ол «Отралау саясатының ойрандары», «Алты алаштың ардақтылары», «Қазақ журналистикасының тарихы», «Көне басылымдар, құнды деректер, аяулы есімдер», «Әлем журналистикасының тарихы», «Әлем баспасөзі тарихынан лекциялар курсы» сияқты оқулық, монографиялармен қатар 200-ге жуық ғылыми мақалаларының авторы.

 

 

11.  Бекхожин Қ.Н.

 

Бекхожин Қайыржан Нұрғожаұлы. 1910 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Тұңғыш қазақ баспасөзі тарихын зерттеушілердің бірі. Осы тақырыпта 1949 жылы кандидаттық, 1965 жылы докторлық  диссертация қорғаған. Тарих ғылымынң докторы, профессор. Ол журналистік қызметін 1929 жылы Павлодар округтік «Кеңес туы», «Колхоз» газеттеріне хат-хабар жазудан бастады. 1935 -1939 жылдары Семей облысы «Екпінді» газетінде істеді. 1942 жылы қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірді. 1942-1945 жылдарда Қостанай облысы «Большевиктік жол» газетінің редакторы. 1945-1947 жылдары өзі оқыған университетінің журналистика факультетінің аға оқытушысы, деканы болды. 1948 жылдан журналистика кафедрасының меңгерушісі. Ол «Дала уалаятының газеті» мен «Айқап» журналын зерттеуде көп еңбек сіңірген ғалым. Бекхожин 60-тан аса ғылыми мақалалармен,  «Қазақ баспасөзінің даму жолдары» және «Қазақ баспасөзі тарихының очеркі» атты монографиялық кітаптардың авторы. Ғалымның өмір жолы туралы оның туған інісі, ақиық ақын Қалижан Бекхожин: «Сірә, мен алты жасымда хат таныған шығармын. Менің әкем сол алты жасар кезімнен ескіше хат тануға баулыды. Ал менен үш жас үлкен Қайыржанды араб әліппесін үйреніп, хат білгеннен кейін, орыс мектебінде оқытты. Әкеміздің бұл сенімін Қайыржан ақтады. Оқып, білім алғанның арқасында кейін тарих ғылымының докторы, ҚазМУ-дың профессоры болды...», - деп жазды.

 

12.  «Бірлік туы» газеті

 

Негізін Шоқайұлы Мұстафа қалаған «Бірлік туы» газеті Ташкент қаласында 1917 жылдың 24 маусымынан 1918 жылдың сәуір айының ортасына дейін жарық көріп тұрған. Мұны да Кеңес үкіметі жапқан. Газеттің мәдениеті, танымдық, тез ақпар жеткізушілік деңгейі – жалпы сапасы өте жоғары болған. Салыстыра қарағанда, 1920-1925 жылдары шыққан басылымдардан көш ілгері газетке Шоқайұлы М, Болғанбайұлы Қ, Қожанұлы С, Дулатұлы М, Құлжанұлы Н, Сарыбайұлы Ш, Күлетұлы Қ, Басығарұлы Ж, Шәрменұлы Е, Майлыұлы Б сынды арыстар ат салысқан.

Бұл басылым туралы «Ана тілі» газеті: «Бірлік туы» мен оны шығарысқан азаматтардың газеті жабылғаннан кейін, большевизм тұсындағы тағдыры аса қайғылы. Мұстафа лажсыздан шетелге кетті. Қалғандырының бәріне кезінде «Бірлік туына» қатыстың деп айып тағылды. Не керек, баршасы да кеңестік тоталитарлық жүйенің құрбаны боп кете берді» – деп жазған.

 

13.  «Балға» журналы

 

Сатиралық «Балға» журналы 1932 жылы жарық көрді. Ол өзінің мақсатын, сипатын неге балға екенін былай түсіндірді: «Мен балғамын, пролетариаттың күшті қаруымын, еңбек құралымын.  Мен қирата білем, жайната білем, бұза да білем, соға да білем, бүлдіремін де, күлдіремін де... Өмірдің  де, өлімінің де иесі – балға. Балғадан ойын шықпайды, іс шығады. Балғадан ескі дүниенің өлімі болады. Балға жаңа дүниенің өмірін соғады. Мен ұратын жау бар: ол-байлар, байдың тобы. Мыж-мыж қылам, құртам.  Бай-құлақтың сақ иті-ұлы орысшыл, ұлтшыл, бәлем ісім сендермен түссін. Бай-кулактың агенті-опортун атаулы, төрешілдер, кесірілер күл талқаныңды шығарам. Молда, пролетариат гүрзісі мен болам. Көбірек гүрсілдетер кісімнің бірі сен боларсын».

Осыған орай «Балғаның» бетінде Қ. Қуанышбаевтың «Өшірет» М. Гатуллиннің, Қ. Тайшықовтың «Өкінемін», «Айна алдында» деген сықақ өлең, фельетондарын жарияланды.

 

14. «Бостандық туы» газеті

 

1920 жылдың соңында республиканың облыстары губерния болып қайта құрылды. Міне, осы кездегі газеттер партияның губерниялық Атқару Комиттетрінің органы болып жарияланды. Мысалы, 1920-жылдың ақпан айынан бастап Омбы қаласында «Кедей сөзі» деген газет шығып тұрған. Ал 1921 жылдың 19-наурызынан осы «Кедей сөзінің» орнына енді  «Бостандық туы» деп аталатын басылым жарық көре бастады. Ол әуелі Омбыда Сиб- ревком жанындағы Қазақ АССР – інің өкілділігі атынан кейін РКП (б). Ақмола губкомы мен губревкомының органы ретінде Қызылжарда шықты. Бұл басылымның 1921-1922 жылдардағы алғашқы редакторларының бірі – Сабыр Айтқожин болды. 1922 жылы уақытша редакторы болып Ж. Жәнібеков қызметін атқарған кезде С. Мұқанов губкомның жіберуі бойынша «Бостандық туының» жауапты хатшысы болды.

1924-1925 жылдары «Бостандық туында» жас талап, ақын жазушылар Ж. Сыздықов, С. Омаров, Ж. Сайн, А. Тоқмағамбетов, Ш. Құсайынов, Ғ. Малдыбаев сияқты ақын-жазушылар, 20-30 жылдары «Бостандық туы» кейін оның жалғасы болған  «Кеңес ауылы», «Ленин туы» газетінде қызмет етіп алғашқы шығармаларын бастырып, қаламдарын осында ұштай бастаған.

 

15.  «Дала уалаятының» газеті

 

«Түркістан уалаяты газетінен» кейінгі өзіндік тарихи орны бар қазақ тіліндегі екінші басылым – «Дала уалаятының» газеті жаңадан құрылған Омбы генерал –губернаторының органы ретінде Омбы қаласында 1888 жылдың 1-қаңтарынан бастап 1902 жылдың 12 сәуіріне дейін 14 жыл қатарынан жарық көріп тұрған. Оның орысшасы «Киргизская степная газета» деп аталған. Газеттің редакторы ретінде әр кезде И. Козлов және К. Михаилов, Г. Абаза деген кісілер қол қойып отырған. Ал басылымының қазақшасын үзбей редакциялаған генерал-губернатор канцелярясының аға тілішісі Е. Абылайханов пен Д. Сұлтанғазиндер болатын. Газетте Р. Дүйсенбаев, Б. Чалымбеков және тағы басқа бірнеше адам аудармашы әрі әдеби қызметкер міндетін атқарған. Сондай-ақ мұнда арнайы тілшілер ретінде О. Әлжанов, Ж. Аппасов, Ш. Айманов, Д. Иманқұлов, А. Қылышбаев, А. Нөгербеков, М.Ж. Көпеев, Қ. Жаңатаев, А. Шонаев, Б. Әбдіков жиі мақала жазып тұрған. Редакция қызметкерлерінің және газет авторларының арасында М. Сералин, А. Құрманбаев, Қ. Жапанов  секілді халық арасынан шыққан, оқыған, прогресшіл бағыттағы адамдар да болған.

Газет патшаның реакцияшыл, отаршылдық саясатын насихаттайтын материиалдарды жариялаумен қатар өзінің ресми емес бөлімінде егіншілікті өркендету, отырықшылыққа көшу, ғылыми жаңалықтар мәдениетке ұмтылу (дәрігерлік көмек, мектеп ашу, қазақ тілін, әдебиетін дамыту проблемалары) ел басқару, сауда ісін жолға қою, мал тұқымын асылдандыру және т.б.көптеген мәселелерді қамтып тұрды. Сондай-ақ мұнда шетел және Ресейдің ішкі жаңалықтары, көршілес мемлекеттер жөнінде де хабарлар берілді. Газеттің нақты тиражы туралы анық мәлімет жоқ. Дегенмен бір ақпарда оған міндетті жазушылар саны 1332 деп көрсетілген.

 

16.  «Дұрыстық жолы» газеті

 

Бұл басылымды 1919 жылы 20 ақпаннан 10 шілдеге дейін Ұлттар істері халық комиссариятының қазақ бөлімінің Бөкей бөлімшесі Орда қаласында шығарып тұрған. Айына екі рет шығып, барлығы 11 нөмрі жарық көрген. Газеттің тек Батыс Қазақстанда ғана емес, Жетісу және Семей облыстарында да жаздырып алушылары болған. Шығарушысы – «Жазушылар құрамасы» деп газет редакциялық коллегияның атынан шығып отырған.

Газеттің бағыты, алдына қойған мақсаты 1919 жылы 20 ақпанда шыққан бірінші нөмірінде басылған «Баспасөз» деген бас мақаладан айқын көрінеді. Бас мақала алдымен баспасөздің маңызына тоқталады: «Баспасөз халықты белгілі бір саяси бағытқа салып, ғылым-білімге шақырады, әдеби тілдің дамуына себеп болады, халықтың тұрмысы мен шаруасының жақсаруына көмектеседі» делінген.

Сөйтіп, бұл  басылым қазақ ішінде өнер-білімнің таралуына көмектесіп, шаруашылықтың өркендеуі жөнінде кеңес беріп отырды. Ол «Қызыл фронт» деген айдар ашып Қызыл Армияның жеңісті қимылын жазып, интервенттермен ақ гвардияшылардың сойқандық қылықтарын әшкерледі. Азамат соғысының барысы жайында мағлұмат берді.

Бөкей облысы 1919 жылдың орта шеніне дейін тікелей РСФСР-ға қарап келді, ал сол жылы шілдеде қазақ елдерін басқаратын Кирревком құрылғаннан кейін Қазақстанның құрамына Бөкей губерниясы болып енді. Осыған байланысты «Дұрыстық жолы» 1919 жылы 10 шілдеде өзінің он бірінші нөмірінен кейін шығуын тоқтатты. Бұдан кейін оның орнына «Қызыл дала» газеті біраз уақыт шығып тұрды.

17.  «Егеменді Қазақстан» газеті

 

Уақыт өткен сайын «социалистік» деген сөздің өзінің бұрынғы мәнін жоғалта бастағаны мәлім. Сондықтан бұрынғы «Социалистік Қазақстан» газеті жоғары жаққа оның атын өзгерту мәселесі қойылуына байланысты 1991 жылдың маусым айынан бастап «Егеменді Қазақстан» деген атпен шыға бастағаны белгілі.

Осыған орай басылым келбеті еліміз егемендік алған жылдардын бері өзгеріп сала берді. Газет біртіндеп бұрынғы жалтақтықтан арылып, ұлт тағдырына байланысты материалдарды жиі жариялай бастады. Осы уақыттарда бұл газеттің бетінде қазақ тарихының кесек тұлғалары мен қол бастаған батырларымыз жөніндегі материалдар сериясы жарияланып, әрбір оқырманның ұлттық перзенттеріне деген мақтаныш сезімін тудырды.

 

18. «Егемен Қазақстан» газеті

 

1993 жылдың 1-қаңтарынан бастап «Егеменді  Қазақстан» енді «Егемен Қазақстанға» айналды. Міне, осы кездерден бастап «Егемен Қазақстан» бұрынғыны қайта қауыштыру үшін біраз тер төкті. «Ақтаңдақтардың» бетін ашуға, Ахмет, Мағжан,Міржақып сияқты арыстарымыздың қайта оралуына, Атырау, Ақтау, Ақмола аттарының қалпына келтіруіне, тағы басқаларына осы газет өз әлінше араша түсіп, үлес қосып отырды.

Иә, уақыт озды, заман өзгерді. Бірақ газеттің бүгінде көтеретін мәселесі аз емес. Оны осы басылымның әр санын ашып қарасаңыз көзіңіз жетеді. Тайталас әлі де тоқтаған жоқ, тәуелсіздігімізді тұрақтандыру, көкпарға түскен тіліміздің, жеріміздің, азаматтығымыздың тамырын нығайту сияқты басты міндеттерді көтеруде де «Егемен Қазақстанның» орны бөлек. Оның арғы жағында қазіргі қиыншылықтар – нарық жағдайы, экономика мәселесі, сыртқы саясат сияқты күрделі мәселелер тұр.

 

 

19. «Еңбек туы» газеті

 

1920 жылы Қазақ автономиялы республикасы жарияланғаннан кейін «Ұшқынның» орнына жарық көрген «Еңбек туы» газетін редакциялық алқа шығарды. Оның басты ұйымдастырушысы С. Сейфуллин - «Манап – Шамиль» деген бүркеншік атпен газеттің жетекші, саяси мақалаларын жазып отырды. «Ұшқын» газеті сияқты «Еңбек туының» да алғашқы саны 1920 жылдың 13- қарашасында Орынборда шықты.

Жалпы, сол кездегі газет төңірегіне топтасқандарға назар аударсақ, арасында аттары бүкіл алаш жұртына айбын болған, бесікте жатқан қызыл қарын жас баланың қамы үшін,  қазақ дейтін маңдайының соры қалың елдің ертеңі үшін жандарын шүберекке түйіп, отқа-суға түскен жақсылар мен жайсандардың, халқымыздың аяулы арыстарының барын көреміз. Жан -жүректерімен, күллі ой-саналармен уақыт тынысын дәл ұғып, отаршылдық ойранына қандары қас екенін қаймықпай айтқан осынау ұлы перзенттеріміздің аруақтары бүгінгі дейін жанымызда жүр. Олардың дені әр жылдары газетке тікелей басшылық жасаса, дені қолдарына қалам алып, ұрпақ тәрбиесіне ат салысып отырған, өз сөзін оқырманына бүкпесіз айтып келген бұл газеттің бастау бұлағында А. Байтұрсынов, С. Сейфуллин, Т. Рысқұлов, С. Садуақасов, М. Жұмабаев, М. Дулатов сияқты ұлтымыздың рухани көшінің басшылары, күрделі заманның ғажайып, ұлы тұлғаларының тұруы бұл газеттің беделінің қаншалықты зор болғандығын байқатады.

 

20. «Еңбекші қазақ» газеті

 

«Еңбек туының» жалғасы болып 1921 жылдың 7-қарашасында Орынбор қаласында «Еңбекші қазақ» газетінің алғашқы нөмірі шықты. Оның редакторы Ә. Байділдин болды. Ал одан басқа шығарушылар ұйымында Т. Жүргенов пен Е. Алдоңғаров та жұмыс істеді 1922 жылдары «Еңбекші қазақтың» негізгі міндеті –қазақтың жұмысшы табы мен қалың бұқарасын надандық жұмысынан құтқарып, көзін ашу, таптың санасын күшейтіп, дос пен қасын таныту, әділет ісіне қатынастырып, шаруасын жемістендіріп, тұрмысын түзету, ел ішіндегі ескі әдет-ғұрыптан арылу, қысқасы Қазақстанның саяси өміріне саяси көсемдік қыла беру, негізгі пікірлеріміздің ордасы болу, яғни жар салатын шешен, ақыл айтатын өсиетші, топ бастайтын көсем болу тұрды.

Міне, сол 1922 жылдары «Еңбекші қазақ» бетінде осыған сәйкес көптеген мақалалар жарық көріп отырды. Алғашқыда аптасына екі рет шыққан «Еңбекші қазақ» елдің мешін жылғы жұтына, естен танып тұрған кезінде үлкен рухани көмек берді. Мысалы, «Еңбекші қазақтың» 1921 жылғы 7 қарашадағы 1 нөмірі «Астық үшін күрес» деген мақаламен ашылды. Сөйтіп, бұл газет азамат соғысының зардаптарын, Қазақстанның кейбір жерлерінде орын алған құрғақшылықты, егін шықпай қалуына байланысты болған ашаршылықты қорықпай жазып отырды. «Еңбекші қазақтың» редакторлары болып, әр жылдары - С. Сейфуллин, М. Жолдыбаев, Т. Рысқұлов, О. Жандосов қызмет істеді.

 

21. «Ерік» газеті

 

1923 жылдың 1 сәуірінде «Ерік» газетінің бірінші нөмірі шықты. Ол – Гурьев уездік партия комитеті мен атқару комитетінің органы болды. Тиражы 500 дана.

Газет шаруашылық мәселелеріне (мұнай, балық, егін) ерекше назар аударды. Уездің халық шаруашылығын қалпына келтіру, шаруашылықтың социалистік даму жолына түсуі, көшпеліліктен отырықшы тұрмысқа бейімделу, өнеркәсіп орындарын жақсарту мәселелері газеттің күнделікті тақырыбы еді.

Газетте жергілікті ақындардың өлеңдері басылып тұрады. Әсіресе, Д. Тілегеновтың «Азаматтар»,  «Жастарға», «Доссор бейнетқорларына» өлеңдері жарияланып, оқушылардың жоғары бағасын алады.

«Ерік» газеті 1924 жылғы 28 тамыздан бастап «Жұмыскер тілі» деген атпен шықты. 1932 жылдың қыркүйек айынан бастап «Социалистік құрылыс», 1963 жылдың 1 мамырынан «Коммунистік еңбек», ал 1990 жылдан «Атырау» болып өзгерді.

 

22. «Жалын» журналы

 

Бұл әдеби-көркем және қоғамдық-басылым 1969 жылдан бастап шығып келеді. Журналдың негізгі мән-мазмұнына тоқталар болсақ,онда «Аманат», «Алдыңғы толқын ағалар», «Зерттеу», «Таным», «Қазақ кәсіпкерлері» сияқты айдар, тақырыптармен өлең-жыр, әңгіме-повесть, зерттеу мақалалармен танымдық материалдарт көптеп басылады.

Осы орайда «Жалынның» публицистика, проза, поэзия әдеби-сын бөлімдерінде кейінгі жылдары жарық көрген кейбір шығармаларға тоқталар болсақ, онда ең алдымен «ақтандақтар» мәселесіне жазылған Т. Қожакеевтің «Сәкенді не үшін сынаған», Т. Кәкішевтің «Сәкен аялаған арулар», Д. Снегиннің І. Жансүгіров жайында «Қолыңа не себепті қалам алдың?», Х. .Досмұхамедовтың «Мұра» айдарымен берілген «Кенесарының соңғы күндері» атты еңбектерін атап өтуге болады.

 

23. «Жаңа әдебиет» журналы

 

Қазақстан партия ұйымының көмегімен  жазушылар ұйымы 1928 жылдың 1 қаңтарынан бастап, бұрынғы бірер рет шыққан «Жыл құсы» деген жинақтың орнына дербес журнал шығарды. Оны дәуірге сай «Жаңа әдебиет» осы күнгі «Жұлдыз» деп атады.

«Жаңа әдебиет» журналының 1928 жылғы 1 саны көркем туындыдан сол кездегі жас ақын Т. Жароковтың «Аэроплан»  дейтін әйгілі өлеңімен ашылған. Осы бір өлеңнің осылай орналастырылуында, беташар ретінде берілуінде терең мән бар тәрізді. Ол бейне бір биікке көтерілуге, алысқа самғауға меңзеп тұрғандай.

С. Мұқановтың «Сұлушашы», Б. Майлиннің «Сарыала тоны», І. Жансүгіровтың, Ғ. Мұстафинның әңгімелері, Қ. Жұмалиевтің «Егізбай мен Ерқожа» сияқты поэзия туындылары жарияланған шығармалардың идеялық, тақырыптық шеңберін ғана емес, сонымен қатар «Жаңа әдебиеттің» ұстаған бағытын да танытады.

Бұған Б. Майлиннің үш перделі «Көзілдірік», Ж. Шаниннің «Қара құлып» пьесалары мен С. Шәріповтың «Ерден батыр», С. Мұқановтың «Пролетариат әдебиетіндегі көркем шығарма әдістері», Ж. Шаниннің «Театр тарихы» атты сын материалдарын қоссақ, журналдың әдеби жанрларды тегіс қамтуға күш салғанын аңғару қиын емес.

 

24. «Жаңа мектеп» журналы

 

Жиырмасыншы жылдары газеттермен қатар әртүрлі салада шығып тұрған журналдар республикамыздың экономикасы мен мәдениетін өркендетуге көмектесті. Солардың бірі 1925 жылғы тамызда шыға бастаған Қазақстан халық ағарту комиссариятының органы «Жаңа мектеп» журналы болды (Кейін ол «Халық мұғалімі» болып, қазір «Қазақстан мектебі» деп аталады).

Баспасөз - өмірдің айнасы және шежіресі. «Жаңа мектеп» журналының 1926-1929 жылдардағы беттерінен сол кездегі оқу-ағарту жайы көз алдында елестейді. Ол айына бір рет шығып тұратын ғылыми педагогикалық журнал болды. Оның ғылыми педагогика, аймақ тану, жалпы білім, әдебиет бөлімі, ресми бөлімдері болды.

«Жаңа мектеп» журналы мектеп, оқу-тәрбие жұмысы, сауатсыздықты жою туралы халық ағарту мекемелері қызметкерлерінің, мұғалімдердің хат-хабарын және мақсаттарын жариялап отырды. Сонымен бірге журнал ауыл мұғалімінің саяси –идеялық білімін ұстаздың шеберлігін арттыруға көмектесті. Онда методика мәселелері, тәлім-тәрбие жұмыстары, жаңа алфавит туралы көлемді консультатциялық мақалалар мен тәжірбие алмасу материалдары басылды.

Журналдың әдебиет бөлімінде С. Сейфуллиннің, Б. Майлиннің, І. Жансүгіровтың және басқа да ақын-жазушылардың жас буындар үшін тәрбиелік маңызы зор шығармалары жарияланды.

Сондай-ақ жаңа кітаптар мен оқу құралдары туралы сын-библиография, мектепте оқылатын пәндердің терминологиялық сөздіктері болды. Журналдың редакторы міндетін М. Жолдыбаев, кейін біраз уақыт І. Қабылов атқарды.

 

25. «Жаршы» журналы

 

1929 жылы 24 қаңтарда Қазақстан Орталық Кеңес комитеті призидиумы мен Халық Комиссарлар кеңесі жаңа әліппе туралы қаулы қабылдады. Халыққа жаңа әліппені насихаттау үшін «Жаршы» журналы шығарылды. Ол бүтіндей күлкі-сықақ журналы емес еді. Дегенмен, тұсындағы кемшіліктерді сынап, жоюда едәуір іс атқарды.

 

26. «Жас Алаш» газеті

 

«Жас алаш» газеті 1921 жылдың 22-наурызында Ташкент қаласында жарық көрді. Оны шығарушы – Ғ. Мұратбаев, ұйымдастырушысы – Ташкенттегі қазақ-қырғыз институтының студенттері болатын. Кезінде «Оның тұтқан жолы, көздеген мақсаты-қазақ, қырғыздың еңбекшіл жастарының ұлы дәуір ұранына қамдамақ, төңкеріс ағымымен таныстырып, көзін ашып, көңілін оятпақ. Қазақ, қырғыз еңбекшіл жастарын ұрандастырып, ұйыстырып, бытыраңқы бастарын қосу» деп түсіндірілді. Бірінші нөмірде І. Жансүгіровтың «Жас замандастарға» деген бас мақаласы, «Жалпы жасқа» арнаған өлеңі жарияланды.  С. Есова қазақ-қырғыз қыздарына революцияның не бергенін, ендігі міндеттерін түсіндірді. Екіншіден, «Ер-азамат жастарға» арнауында оларды ұйым болып бірігуіне үндеді.

«Жас алаштың» екінші нөмірі сол жылы 11 көкекте, үшінші нөмірі 1 мамырда шықты. Бұларды алғаш алған «Ақ жол» газеті «Жас алашқа» жазылған мақалалар, хабарлар жастарға шын пайдалы,өрнекті деуге жарайды. Бұл аяқ алысынан танбаса «Жас алаш» сүп-сүйкімді газет болатын» - деп жазды.

Бірақ көп ұзамай «Жас алаш» газеті түрлі себептерге байланысты жабылып қалды.

 

27. «Жас қайрат» газеті

 

Жабылып қалған «Жас алаштың» орнына енді 1922 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Ташкент қаласында «Жас қайрат» газеті шығарыла бастады. Редакторы Е.  Алдоңғаров болды.

«Жас қайрат» газеті шағын көлемді, төрт бет болып, өнер-білім, тәлім – тәрбие, шаруашылық, ішкі хабарлар,әдеби бөлімдері болды. Саяси бөлімінде шетелдегі әлеуметтік хал-ахуалды, жұмысшы табының күресін,ондағы жастардың өмірін көрсетті. «Біздің елде» деген ішкі хабарлар бөлімінде республикадағы саяси, шаруашылық мәдени өзгерісерді, ел тіршілігіндегі жаңалықтарды хабарлап отырды. Өнер-білім бөлімінде жастарды ғылым, техника жаңалықтарымен таныстырды.

 

28. «Жас Қайрат» журналы

 

«Жас қайрат» газеті отыз шақты нөмірінен кейін 1924 жылдан сол атымен журналға айналды. Бұл туралы «Ақ жол» газеті кезінде: «Орта Азиялық жастар бюросының тілі «Жас Қайрат» журналының 24 жылғы бірінші саны басылып шықты. «Жас Қайраттың» ішінде мына бөлімдер бар: Саясат, өнер-білім, әдебиет, мектеп һәм оқу, әдет-ғұрып, қыздар, жаңа шыққан кітаптар. Әр бөлімде басылған мақалалар маңызы жағынан жаман емес, кім болса да оқып, қуанарлық. Әсіресе оқу жолында жүрген жас талапкерлерге оқып, пайдаланарлық сөз көп. «Жас Қайрат» өткен 23 жылы газет түрінде бір жапырақ, екі жапырақ болып шығып оқушылардың сақтап жүріп пайдалануына қолайлы болған. «Жас Қайраттың» өмірі ұзақ болуы үмітті» - деп жазған.

Журнал «Ақ жол» редакциясы жанынан шығып тұрды. Ол қазақ, қырғыз жастарына арналды. Мазмұны жағынан саяси, ғылыми, әдеби журнал еді.

 

 

 

29. «Жас қазақ» журналы

 

«Өртең» шығуын тоқтатқан соң, Қазақстан жастарының өзіне арнаулы баспасөз керектігі күн тәртібіне қайта қойылды. Ел тілегін ескеріп, Қазақстанның Аймақтық жастар Комитеті 1923 жылы қазаннан «Жас қазақ» журналын шығарды. Оның алғашқы шығарушылары – Е. Алдаңғоров, А. Оразбаева, А. Сегізбаевтар. Журнал 1925 жылға дейін өмір сүріп, 13 саны жарық көрді.

«Жас қазақ» өз бетін жастарға кең ашып, олардан жазушылар, ақындар шығаруды да мақсат  етті. Оған Е. Алдоңғаров «Тамшы», «Сартай», «Шұбар теңіз баласы», «Қоғылшы», А. Сегізбаев «Жөнеу», С. Дөнентаев «Жетім» деген бүркеншік атпен көп жазды. Бұлар кейін көрнекті журналист – жазушы болып қалыптасты. Журнал оқушыларын өзіне тарту үшін жұмбақтар, ертегілер, әңгімелер, сықақтар, оқшау сөздер жариялап, отырды. Оның 10-11 нөмірлерінің «Күлкі бөлімінде», «Сақау Рахметтің ісі», «Байдың сыры» деген оқшау сөздер, 12-13 нөмірлерінде «Құран», «Қырық өтірік» атты сықақ әңгімелер орын алды. Журнал халық ауыз әдебиетіне де ден қойды. Асан-Қайғы, Жиренше шешен әңгімелерін, «Қаракесек Қазбектің, Қаз дауысты атануы» деген аңыздар жарияланады.

 

30. «Жас Азамат» газеті

 

Қазақ жастар баспасөзінің төлбасы «Жас Азамат» газеті 1918 жылдың сәуір айында барлық жастар ұйымдарын біріктіріп,басын қосқан «Жас Азамат» ұйымының органы (тілі) болып есептеледі. Бұл біріккен ұйымының төрағасы Мырзаұлы, басқарма мүшелері: С. Сәдуақасұлы, Т. Досымбекқызы сияқты қазақтың біртуар ұл-қыздары болатын. Ал осы ұйымның тілі – «Жас азамат» газетін шығарушы редакторы Қ. Кемеңгеров еді.

Бұл саяси – қоғамдық экономикалық басылымның алғашқы нөмірі 1918 жылдың 30 шілдесінде Қызылжар қаласында жарық көрген. Сөйтіп, «Жас азамат» газетінің алғашқы нөмірі «Жас тілек» атты бас мақаламаен ашылған. Онда «Жас азаматтың» мақсат – мүддесі: «Өмір тәжірбиесінің, білім аздығының кемдігіне қарамай, төрт түлігі сайланбай «Жас азамат» тәуекел кемесіне мініп, тұрмыстың таласатын, күресетін майданына шықты. Келешектің қараңғылығы саяси һауананың күн сайын құбылуы, қалың өрттей, кеселді дерттей, апаты күшті күндердің тууы, дүниеде болу-болмауы, әлінің майданға қойылуы, ұлттың өмірлі құқықтары аяқ астына тапталып, зорлықтың қан соруы «Жас азаматтың» үстіне ауыр жүк салып отыр. Қоғамдасып, қолтықтасып, күш беріп, ауыр жүкті тиісті орнына жеткізу – жастардың бас міндеті, үлкен борышы. «Жас азаматтың алтын идеалы, әулие мақсұты, негізгі жолы ұлт бостандығы, ұлт теңдігі» – деп көрсетіледі.

Осындай қиын-қыстау кезеңдегі қазақ қоғамының жағдайын саясат саханасындағы теңсіз күрес жайын «Жас азамат» газетінің бетінде жарияланған М. Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін», М. Дулатовтың «Алаш құрбаны» бүркеншік аттармен жазған белгісіз авторлардың «Бір керекті нәрсе», «Татулық һәм Русия», «Қағаз ақша», «Біздің ұлтшылдар» дәне т.б түрлі жанрлардағы материалдардан айқын көруге болар еді. «Жас азамат» газетінің соңғы 22-нөмірі 1919 жылдың 3- ақпанында жарық көрген.

 

31. «Жетісу ісші халық мұхбирі»

 

Жетісу облыстық ревкомының және ұлт істері жөніндегі облыстық комитетінің органы «Жетісу ісші халық мұхбирі» (дұрысы «Жетісу  еңбекші халқының хабаршысы) қазақ, өзбек, ұйғыр,татар,қырғыз тілдерінде аралас басылым ретінде 1918 жылы 21-маусымда Алматыды шыға бастады. Бұл - осы өңірдегі тұңғыш қазақ газетінің (қазіргі «Жетісу») редакторы болып Сабыржан Шәкіржанов тағайындалды.Редакциялық коллегияға алты адам бекітілді, оның құрамына большевик Сабыржан Ғаббасов енгізілді. Бұрын «Айқап» журналында тілші болып, журналистік тәжірибе жинақтаған ол газет шығару ісіне көп көмек көрсетті.

Басылым редакторы С. Шәкіржановтың айтуынша, бастапқы кезеңде газеттің тілі татар тіліне ұқсастау болған өйткені, редколлегияның екі мүшесі (барлығы төртеу) қазақ болды. Ақыры газет таза қазақ тілінде шыға бастайды.

Бұл газет Жетісудағы қазақ халқына, сонымен бірге ұйғыр, дүнген, татар, өзбек еңбекшілеріне кеңес үкіметінің мәні мен маңызын насихаттап, оларды жаңа өмір құру жолындағы күреске шақырды. Сөйтіп, Жетісудағы тұңғыш қазақ газеті «Мұхбірдің» 41-нөмірі шығып, тоқтатылды.

 

32. «Жұмысшы» газеті

 

1928 жылы 1-мамырда Қызылорда өлкелік партия комитеті мен кәсіподақ советінің атынан «Жұмысшы» газеті шыға бастады. «Жұмысшы» газеті көлемі үлкен форматты, төрт бет болып «Еңбекші қазақ» газетінің жанынан шығарылды.

«Жұмысшы» газеті еңбекшілердің қамын ойлап, оларға шын жөн сілтеуші, кеңесші болуды мақсат етті. Адамдардың ұжымдық еңбекке бірігуіне, партия қатарына өтуді көп көңіл бөлді. Жергілікті жерлерде кәсіподақ еңбек шарттарының орындалуын қадағалап кеңес орындарының жұмысына көмектесті.

Газет қазақ жұмысшыларының санасын оятып, білім көтеру мақсатымен «Сұрақ-жауаптар» бөлімін ашты. Онда жұмысшылардың білгісі келген жайларына жауап-түсінік беріп отырды. Кәсіпшілер одағы деген не, оған мүше болу жайы қалай екенін үнемі насихаттап отырды.

«Жұмысшы» газеті өзінің бірінші бетінде шетелдердегі жұмысшылыр қозғалысын, екінші бетінде жергілікті жерлердегі жұмысшылардың ісін, жай-күйін баяндады. Үшінші беттегі «Хабар-ошар» бөлімінде кеңес елінде болып жатқан жаңалықтарды үзбей жазып отырды. Ал «Денсаулық жайы» деген бөлімінде газет түрлі аурулар, одан сақтану, оны емдеу жолдары жөнінде консультациялар ұйымдастырылды. Газеттің бір үлкен бөлімі «Жастар тұрмысынан» деп аталды.

«Жұмысшы» газеті орыс, қазақ жұмысшыларының арасында достық қатынас орнату үшін белсене күрес жүргізді.

«Жұмысшы» газеті 1930 жылғы дейін шығып тұрды. Бұл уақыттың ішінде ол бұрын өнеркәсібі болмаған Қазақстанда жаңа өнеркәсіп салаларының көптеп ашылуына, онда қазақ жұмысшыларының санының көбеюіне байланысты, олардың мәдени-білім дәрежесінің өсуіне ат салысты. Республикамызда маман жұмысшы кадрларының даярлауға қолқабыс етті.                    

 

33. «Қазақ» газеті

 

«Қазақ» - қоғамдық-саяси және әдеби газет. 1913 жылы 2 ақпанынын бастап Орынборда аптасына 1 рет, 1915 жылы аптасына 2 рет шығып тұрған. Тиражы 3000, кейбір мағлұматтарда 8000 –ға жеткен. Бірінші редакторы- белгілі ғалым, жазушы, қоғам қайраткері А. Байтұрсынов,  екінші редакторы – қоғам қайраткері, жазушы М. Дулатов, бастырушысы Мұстафа Оразаев, кейін «Азамат» серіктігі болған. Газеттің басылып шығуына алғаш қаржы жинастырып, әрі қалтасынан қаражат шығарған Ахметишан Оразаев болған. Ахаң газетке автор ретінде де қатысып «Қызылқұм елінде» деген секілді мақалалар да жариялатып отырған. Хусаинов-Каримов баспаханасында басылып тұрған. Газеттің 1918 жылғы сандарының редакторы Жанұзақ Жәнібеков. Барлығы 265 нөмірі жарық көрді.

Газетте ХХ ғасырдың басындағы қазақ жұртының саяси-әлеуметтік өмірінің ең түйінді мәселелеріне, шаруашылық жағдайына, жер мәселесіне, басқа елдермен қарым-қатынасына, оқу-ағарту, бала тәрбиесіне, әдебиет пен мәдениет, әдет-ғұрып, салт-санаға, тарих пен шежіреге арналған Ә. Бөкейхановтың, Ш. Құдайбердиев сынды әдебиетіміздің дамуына үлесін қосқан ардақты ағаларымыздың ғылыми шығармалары, әңгіме, өлеңдері басылып, аудармалар туралы сын мақалаларымен қатар Л. Толстойдан, А. Чеховтан алғашқы аудармалар жарық көрген.

 

 34. «Қазақстан» газеті

 

Көпшілік одағының мүшелері 1920 жылы елден қаржы жинап, Орда қаласындағы А.Н. Щелкованың меншікті баспаханасын ұйымдастыруға көмектеседі. Сөйтіп, 1911 жылдың наурыз, мамыр айларында орыс баспаханасынан «Қазақстан» газетінің алғашқы екі нөмірі жарық көреді. Бұл туралы газет қызметкері С. Меңдешов «Бөкей даласындағы 1916 жылғы көтеріліс» деген мақаласында сөз етті.

Газетті шығарушылар екі нөмірі жарық көргеннен кейін редакцияны Орда қаласынан Орал қаласына көшіреді, оған патша әкімшілігінің цензурасыз шыққан басылымның әр материалына кінә тағып, авторларды қуғындауы себеп болған.

Басылымның үш жыл ішінде 18 нөмірі жарық көреді. Оның кейбір сандарында орыс, қазақ, татар тілдерінде жазылған материалдар басылған. Редакторы – Елеусін Бұйрин болған. Онда бас мақала, фельетон, жолсапар очерктері, мақала, хабар, корреспонденциялар, пікір-талас, диалектикалық-философиялық мақалалар жиі жарияланған.

Бұдан басқа басылымда агротехникалық, дәрігерлік кеңестер, экономика мәселелері, ғылым табыстары, ішкі-сыртқы хабарлар, тілші хаттары үзбей жарияланып тұрған. Мәселен, «Қазақстанның» 1911 жылғы екінші нөміріндегі «Лампымай» деген хабарда Үйшік (Атырау) уезінде 800 шақырым жер көлемін алып жатқан бай мұнай көзі табылғандығы жазылған. Газеттің дәл осы санында «Қазақ» (Ғ. Қарашев) «Ба»  деген ұзақ мақалада право (заң) мәселелерін сөз еткен. Автордың ойын Б.Н.Дельевич (Теке қаласының соты) газеттің 1912 жылғы 7-8 нөмірлерінде одан әрі жалғастырады.

 

35. «Қырғыз» газеті

 

Бұл басылым 1907 жылдың наурыз айында жарық көрген. «Торғай» газетінің 1907 жылғы 1-нөміріндегі «Новая киргизская газета» деген библиографиялық мақалада (авторы «И» деп қана көрсетілген): «Біздің қолымызда Оренбург губерниясындағы Троицк қаласында жаңа шыға бастаған «Қазақ газетінің» 2-ақпандағы бірінші (пробный) нөмірі келіп түсті»,-деп жазылып, газет орыс және араб әрпімен екі тілде, яғни орысша, қазақша жарық көретіні, редакторы Х. Сосновский, бастырушысы Қостанайдың қазағы Е. Иманбаев екені айтылған.

Мақала авторы «Қазақ газетінің» сол санында жарияланған материалдарға талдау жасап, олардың идеялық бағытын анықтауға ұмтылады. Ол газеттің ұстанған бағытына мынадай баға береді: «Шағын бас мақаласында редакция газетінің саяси (кредо) бағытын ашып айтудан жалтарады. Бірақ онда басылған мақалалардың мазмұнына қарағанда, газет «солшыл бағыттағы органдардың жаугерлік тактикасын ұстау ниетінде екендігін қателеспей-ақ айтуға болады». Осылай дей келіп шолушы: «Қазақ газетінің» редакциясы өзінің барлық күш-жігерін қазақтардың мүдделерін жалпыорыстық мүдделермен байланысты жақтау үшін жұмсамақшы»,-деп патша үкіметінің отарлау саясатына наразылық білдірген пікірдің барына да тоқталады.

Өкінішке орай бұл газетті бірінші нөмірінен соң-ақ патша үкіметі шет аймақтағы ұлттардың наразылығын күшейтеді-міс деген сылтаумен жауып тастаған.

 

36. «Қазақ мұңы» газеті

 

Торғай облыстық Совдепінің газеті «Қазақ мұңы» 1918 жылы 16-сәуірде Орынборда шыға бастады. Редакторы белгілі қоғам қайраткері – Нәзір Төреқұлов болды. Бұл газет қазақ еңбекшілеріне кеңес өкіметінің артықшылығын, оның алғашқы декреттерінің мән-мазмұнын түсіндіріп отырды.

1918 жылдың 21-наурызынан 3-сәуіріне дейін Орынборда большевиктердің басшылығымен Торғай облысының Советтер съезі өтті. Осы съездің қаулысы бойынша шыға бастаған «Қазақ мұңы» газетінің бірінші нөмірінде Ә. Жангелдиннің Советтердің осы облыстық съезін ашардағы сөзі толықтай берілді. Онда ол: «Совет өкіметінің күші оның нақтылы саясат жүргізуінде, бұл халықтың мұң-мұқтажына сай келеді. Бұл өкімет аз уақыт ішінде орасан зор жұмыстар істеді. Мәселен, ол шіркеуді мемлекеттен бөлектеді, жерді еңбекші шаруаларға берді, ескі соттарды жойды, бітім жасап, армияны таратты»,-дей отырып, халықты белсене жұмыс істеп, жаңаша тұрмыс құруға шақырды.

Бірақ көп ұзамай азамат соғысының басталып кетуіне және Орынбордың Дутов бастаған ақ гвардияшылардың қолына көшуіне байланысты «Қазақ мұңы» шығуын тоқтатады.

 

 

37. «Қазақ тілі» газеті

 

Семей губкомы мен Атқару комитетінің органы «Қазақ тілі» газетінің алғашқы нөмірі 1919 жылдың 4-желтоқсанында Семей қаласында жарық көрді. Бұл басылым Семей, Павлодар, Өскемен, Зайсан және Қарқаралы уездеріне таралып тұрды.  Газет редколлегиясының қолымен жетісіне үш рет, көлемі төрт бет болып шықты.

Кезінде «Қазақ тілі» газетінің қандай мәселелер көтеріп отырғандығын сонда басылған материалдардың тақырыптарынан көруге болады. Мысалы, басылымның 1920-1930 жылдар аралығындағы бірсыпыра нөмірлерінде «Әйел теңдігі туралы», «Барлық күш оқуға», «Жерден ізде» (қалай егін салу керектігі жайында), «Жергілікті кеңес өкіметін құру» (съезд, сайлау туралы), «Қызылдар майданы» айдарымен көптеген материалдар жарияланған.

Сондай-ақ, «Қазақ тілі» газетінде 1923-1933 жылдары белгілі ақын әрі публицист С. Дөнентаев қызмет атқарған. Ол жаңа өмірді жырлайтын өлеңдерімен қатар өткір фельетон, жастар өмірі, әйел теңдігі, денсаулық жөнінде көптеген публицистикалық мақалалар жазған.

 

 

38. «Қазақстан мұғалімі» газеті

 

«Қазақстан мұғалімі» («Учитель Казахстана») газеті 1952 жылдан бастап екі тілде қазақша және орысша шығарыла бастады. Алғашқы редакторы О. Құдышев.

Бұл басылым оқу министрлігінің басқармасы мен бастауыш және орта мектеп қызметкерлеріне, яғни мұғалімдерге, педагогикалық жоғары оқу орындарындағы студенттерге көмекші әрі нұсқаушы құрал ретінде есептелді.

1956 жылдан бастап газетте «Мектеп», «Партия», «Кәсіподақ», «Ғылым және әдебиет» деп аталатын бірнеше жаңа бөлімдер ашылды. Көптеген материалдар жанрлық жағынан ерекшеленетін болды. Әр мақала өз мазмұнына қарай «Мектеп туралы ойлар», «Мектеп хабарлары», «Мұғалімдердің январь кеңесінен» сияқты айдарлар аясында жарияланды.

КОКП XX съезінен соң мектеп-интернаттар салу ісі жолға қойылды. Бұл істен «Қазақстан мұғалімі» де шет қалған жоқ. «Мектеп-интернат қандай болуға тиісті» деген ортақ тақырыппен арнаулы беттер ұйымдастырылды. Ол жылдардағы газеттің редакторы З. Ақышев болды.

 

 

39. «Қазақстан мектебі» журналы

 

1961 жылдан бастап бүгінге дейін қазақ тілінде жеке-дара шығып келе жатқан көп салалы «Қазақстан мектебі» журналының педагогикалық, кәсіби басылым ретінде арқалап келе жатқан жүгі ауыр. Оның басты бағыт-бағдары: білім беру ісін басқару, ұйымдастыру мәселелері, педагогика, психологиялық педагогика ғылымы зерттеулерінің бағыт-бағдарламалары, ғылым мен мектеп байланысы, оқыту, тәрбиелеу ісіндегі тәжірибе тағылымдары, жеке ұстаздардың өзіндік шығармашылығы, табыстары, оқу бағдарламаларындағы жаңалықтар, педагогтардың теориялық және әдістемелік білім көтеру мәселелері, мамандар даярлау болып табылады.

Қазақ баспасөзі тарихынан тұңғыш педагогикалық жұмыстың әр саласы бойынша шығып тұрған бірнеше кәсіби журналдардың үлкен шаңырағы да осы журнал. «Қазақстан мектебінің» әр жылдардағы қосымшалары болып ашылған «Русский язык и литература в казахской школе» журналы 1978 жылдан, «Бастауыш мектеп», «Отбасы және балабақша» журналдары 1994 жылдың шілде айынан бөлініп шығып, жеке-жеке шаңырақ көтерді. 1990 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналының қайта құрылуына да «Қазақстан мектебі» журналы тікелей ат салысты.

Қазір бұл редакция шаңырағынан үш журнал – «Қазақстан мектебі», «Информатика-физика-математика», «Қазақ тарихы» шығады. Соңғы екеуі қосымша атанғанымен оқырман үшін өз алдына бір-бір журнал ретінде есептеледі.

 

40. «Кедей» газеті

 

Ақтөбе губкомы мен губаткомының газеті «Кедейдің» алғашқы нөмірі 1924 жылдың 7-маусымында жарық көрді. Ол 1930 жылдың тамызынан «Алға», 1932 жылдың наурызынан «Социалистік жол», 1962 жылдан «Батыс Қазақстан», 1965 жылдың ақпанынан «Коммунизм жолы» қазір «Ақтөбе» деп аталады. «Кедей» бастапқы кезде жетісіне бір рет, шағын көлемде екі бет болып басылып тұрды. Басылымның 5-нөмірі шыққан соң төрт бет көлемге ие болды да, тиражы 600-ге артты.

«Кедей» газетінің бетінде алғашқы кезде «Қазақстанда», «Елден», «Жастар тұрмысы», «Телеграммалар» деген бөлімдер ашылды. Одан соң бұларға ішкі-сыртқы хабарлар бөлімдері қосылды. Газет көбінесе ауыл өмірін, бұрынғы жарлы-жалшылардың жаңарған тұрмысын жазды. Оларға шаруашылықты қалпына келтіру жолдарын түсіндіріп, еңбекке шақырды.

Губерниялық газеттерде көбінесе қалың мал, көп әйел алу, әмеңгерлік, әйел теңдігін аяққа басу әрекеттеріне қарсы, совет және кооператив орындарына еніп кеткен жат пиғылды адамдардың қулық-сұмдықтарына қарсы хат-хабарлар жиі басылып тұрды.

«Кедей» газетінің редакторы талантты жазушы әрі журналист Ж. Тілепбергенов, хатшысы белгілі журналист Ә. Қарағұлов болды.

 

 

41. «Кедей тілі» газеті

 

Кеңес үкіметінің саясатын аз ұлттар арасында кеңінен насихаттау мақсатымен РКП (б) Астрахань губкомының қаулысы бойынша олардың өз ана тілінде басылымдар шығарылып тұрды. Мысалы, онда 1922 жылдан татар тілінде «Қызыл ел» газеті, 1924 жылдан қазақ тілінде «Кедей тілі» газеті шыға бастады.

Қазақ тіліндегі газеттің бірінші нөмірі 1924 жылы 20 сәуірде «Кедей тілі» деген атпен Астрахань губерниялық атқару комитеті мен Татар-Қырғыз бюросының және Тамақ, Кен жұмысшылары кәсіпшіліктері одағының органы деп жарияланды. Газет айына үш рет шығып тұрған.

«Кедей тілінің» жарық көруі төменгі Еділ бойындағы қазақ жұртшылығының өміріндегі зор оқиға еді. Мал шаруашылығымен және балықшылық кәсіпшілікпен айналысқан теңіз жағалауының қазақтары мен Басқұншық тұз көлінің жұмысшылары осы басылым арқылы өз мұң-мұқтаждарын шешіп отырды. «Кедей тілінің» 1924-25 жылдардағы редакторы Нығмет Сәбитов болды. Газет 1931 жылға дейін шығып тұрды.

 

 

42. «Көмек» газеті

 

Жетісу облыстық ұлт істері бөлімі 1918 жылы 3-желтоқсанда «Мұхбірдің» орнына дербес қазақ газеті шығарылсын, оның аты «Көмек» деп аталсын. Газет аптасына екі рет шығатын болсын, ал газеттің алғашқы нөмірі 1500 дана болып басылып, халыққа тегін таратылсын деген қаулы қабылдады.

«Көмек» газетінің алғашқы нөмірі «Мұхбірдің» жалғасы ретінде 1919 жылғы 1-қаңтардан бастап шықты. Бұрынғы газетке қарағанда «Көмектің» идеялық мазмұны мен материалдарының сапасы анағұрлым жоғары болды. Газет жергілікті, кеңес, шаруашылық органдарының қаулылары мен бұйрықтарын бұрынғыдай тоқтаусыз және түгел жариялай бермей, іріктеп, ықшамдап басатын болды.

Жергілікті қазақ баспасөзін 1918-1919 жылдары облыстық атқару Комитетінде қызмет істеген Ораз Жандосов басқарды. Оның инициативасы бойынша газеттің жұмысы, халық арасында таралуы, сапасының жақсаруы жөнінде талай рет мәселе қаралып, тиісті шаралар қолданылып отырды. Бірақ көп ұзамай 1920 жылдың 4-қаңтарынан бастап, «Көмектің» аты өзгеріп, «Ұшқын» деп шыға бастады.

 

43. «Қызыл Қазақстан» журналы

 

1921 жылдың 15 қыркүйегінде РКП (б)-ның Қазақ облыстық комитетінің органы «Қызыл Қазақстан» (қазіргі «Ақиқат») журналы айына екі рет шыға бастады. Шығарушы: Кирревкомның үгіт-насихат бөлімі. Қол қойған: редколлегия. Ол жалпы қоғамдық-саяси, шаруашылық және мәдениет мәселелерін қамтитын журнал болды. Оның беттерінде РКП (б) съездері мен қарарлары насихатталды. Алғашқы сандарында «Советтің соты», «Кеңес мектептері туралы», «Халық пен әдебиет» және т.б. Мақалалар жарияланды. Журнал қазақ еңбекшілерін К. Маркстің, В.И. Лениннің өмірбаяндарымен, революциялық қызметтерімен таныстырды, партия гимні «Интернационалдың» қазақша аудармасын басып шығарды. Әуелде большевиктер партиясының, кейіннен Кеңес Одағы Коммунистік партиясының өмірінде, республикалық партия ұйымдарында болып жатқан елеулі өзгерістер мен оқиғалардың бірде-бірі журнал назарынан тыс қалған емес. Сондықтан да бұл журналды таза партиялық журнал болды дегеніміз әділдік болар еді.

 

44. «Мәдениет және тұрмыс» журналы

 

«Мәдениет және тұрмыс» деп аталатын қоғамдық-саяси және әдеби  журналдың алғашқы саны 1958 жылдың шілде айында жарық көрді. Оның алғашқы редакторы М. Дінішев болды. Ал редколлегия құрамына – Б. Атшабаров, Ә. Ахметов, Р. Ержанов, М. Меңдіқұлов, С. Мұқанов, Ә. Тойғанбаевтар сайланды.

«Мәдениет және тұрмыстың» басты айдарлары «Қызық екен біліп ал», «Игілікті істердің бастамасы», «Ет тағамдары», «Өнер-ғылым жаңалығы», «Естімеген елде көп», «Пайдалы кеңес», «Дәрігердің кеңесі», «Өнер табысы-өмір ырысы», «Цифрлар мен фактілер», «Ата-аналар хаты», «Мұндай да халық бар», «Шетел әзіл-сықақтары», «Семья-тәрбие ошағы», «Спорт», «Бөбектерге оқып бер», «Искусство шеберлері» деп аталды.

Сондай-ақ бұл басылымда тұрақты түрде, ай сайын «Ошаған» арнаулы беті, «Жирен жаман әдеттен, үйрен жақсы әдеттен» айдарымен «Демалыс сағатында» арнаулы беті жарық көріп тұрды.

Өмірге келгендегі алғашқы қадамы осылай басталған еліміздің мәдениеті мен тұрмысын көтеруге өзіндік үлес қосып келе жатқан бірден-бір басылым «Мәдениет және тұрмыс» өзінің ұстанған позициясының айқындығының арқасында бүгінгі күнге дейін өз жалғасын тауып келеді. Бұл басылым 1989 жылдан бастап атын «Парасат» деп өзгерткенімен оның қырық жыл бойы қалыптасқан тарихы, өзіндік жазу үрдісі өзгерген жоқ.

 

 

45. «Майдан ақиқаты» газеті

 

Екінші Белорусия майданының басылымы «Майдан ақиқаты» Солтүстік батыс майданы таратылғаннан кейін бұрынғы «Отан үшін» газетінің орнына 1943 жылдың қараша айынан бастап шыға бастаған. Редакторы белгілі журналист Ахмет Елшібеков болды. Бұл газет аптасына екі рет 1945 жылдың маусым айына дейін «Неміс оккупанттарына өлім!» деген ұранмен жарияланып тұрған.

Енді осы газетте жарияланған нақты материалдарға тоқталсақ, онда мәселен «Жауға дамыл таптырма» деген бас мақалада: «Бір неміс кеміген сайын жеңіс жақындай түседі. Алдыңғы қатарлы жауынгерлерден өнеге алып, немістің қанішерлерін қыра беріңдер! Ұрыста шеберлікті пысыта беріңдер, неміс-фашист басқыншыларды білектің күшін ғана емес, білімнің де күшін жұмсап қыра беріңдер»,-деп қазақ жауынгерлерінің қайрат-жігерін жаниды.

Соғыс жеңіспен аяқталған соң бұрынғы Екінші Белорус майданының аты жаңадан «Әскерлердің Солтүстік тобы» деп аталады да, осыған байланысты енді «Майдан ақиқаты» газетінің аты «Жеңіс туы» деп өзгертіледі. Сөйтіп, бұл басылымның 1946 жылдың күзіне дейін 86 нөмірі жарық көреді де, тоқтатылады. Онда негізінен әскери тілшілер міндетін атқарғандар Сағынғали Сейітов пен ғажап ақынымыз Жұбан Молдағалиевтар болып табылады.

 

 

46. «Майдан правдасы» газеті

 

Волхов майданының органы – «Майдан правдасы» газеті 1942 жылдың қараша айының отызыншы жұлдызынан бастап шыға бастаған. Жауапты редакторы К.П. Павлов, орынбасары Н. Қорабаев. Газеттің 1942 жылы тоғыз нөмірі, 1943 жылы 101 нөмірі, 1944 жылы 14 нөмірі жарық көрген. Газет аптасына екі рет бейсенбі, жексенбі күндері шығып тұрған. Онда қазақ жауынгерлерін жеңіске рухтандырған, олардың ерлігін дүниенің төрт түкпіріне паш еткен материалдар жарияланған. Мысалы, «Майдан правдасының» 1943 жылғы 1-қаңтар күнгі нөмірінде «Шешуші жеңістерге жетелік!» атты бас мақала берілген. Бас мақалада фашистерге қарсы Москва түбінде берілген соққы - Ұлы Отан соғысы тарихындағы елеулі оқиға екендігі жазылған. Сонымен қатар мұнда тыл еңбеккерлерінің де ерлікке пара-пар қажыр-қайраттары дәріптелген. Мақала «Волховтың жауынгерлері! Майдан үшін үсті-үстіне қару беріп, өздерінің барлық жиған-тергендерін жеңістен аямай отырған әкелеріңнің, аналарыңның, әйелдеріңнің сенімін ақтаңдар! Соғыс өнерін тынбастан, қажымастан үйреніп, меңгеріп алыңдар! Жауды күн сайын әлсіретіңдер!» - деген ұранмен аяқталады.

«Майдан правдасы» газетінде «Неміс фашист басқыншыларына – лағнет және өлім!» деген ортақ тақырыппен бұдан басқа да «Зорлық-зомбылықтың зардабы», «Гитлершілердің тағы бір жауыздығы», «Гитлердің ауыр азабы», «Бандылар», «Қанға-қан!», «Жанға-жан!» - деп аталатын көптеген материалдар жарияланып тұрған.

 

 

47. «Мұғалім» журналы

 

1919 жылы Бөкей облысында «Дұрыстық жолы» газетімен қатар қазақ және орыс тілінде Қазақстандағы алғашқы әскери газеттерінің бірі - Әскери істер жөніндегі қазақ коммисариатының «Хабарлары» («Известия Киргизского комиссариата по военным делам») деген газет және «Мұғалім» атты қоғамдық-саяси, ғылыми-педагогикалық және әдеби журнал шығып тұрды. Оны шығарып, таратушы – Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының Бөкей облыстық бөлімшесі, редакторы – Ғабдолғазиз Мұсағалиев (Ғ. Мусин) еді. Журналдың 1919 жылы барлығы 7 саны шығып, онан кейін тоқтады. Оның саясат, педагогика, ғылым, шаруашылық, әдебиет және жергілікті хабар бөлімдері болды. Журналдың 2-санында К. Маркс пен Ф. Энгельстің өмірбаяндары аударылып басылған.

Журналдың 1919 жылғы 15-шілдедегі 7-санының бірінші беті Абайдың махаббат туралы бір шумақ өлеңімен ашылған. Әдебиет бөлімінде З. Зұлқайыровтың «Құдалық» әңгімесіндегі мәдениетті жұрттарда қыз бен жігіт бірін-бірі сүйіп қосылады. Қазақтың әділетсіз құдалығы, қалың мал енді Кеңес өкіметі тұсында жойылды, қыз бен әйелдерге шын бостандық берілді дейді. «Қазақ халқының оқуы» деген мақалада бұрын «Қазақ өзінің балаларын орыс-қазақ мектебіне шын ықыласпен берсе, патша үкіметінің миссионері оларды христиан дініне кіруге зорлап, дін жолында тәрбиеледі»,- дей келіп автор «Енді таң атып келеді, өнер – білімге жетеміз», - деп жазды.

 

 

48. «Отан үшін» газеті

 

1942 жылдың екінші жартысынан бастап қазақ тілінде майдандық газеттер шыға бастады. Қазақ мемлекеттік кітап палатасының анықтамасына қарағанда Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ тілінде 16 газет шығып тұрған. Оның алғашқысы Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияның «Отан үшін» газеті. Газеттің 1944 жылдың тамыз айының соңына дейін 109 нөмірі жарық көрген. Басылымның жауапты редакторы жазушы Л. Макеев болса, оның орынбасары Құрманбек Сағындықов еді.

Ал екінші бір «Отан үшін» газеті 1942 жылдың шілде айынан бастап Солтүстік батыс майданында шыға бастаған. Оның 1943 жылдың қараша айына дейін 108 нөмірі жарық көреді. Газеттің алғашқы жауапты редакторы Н. Кружков. Одан кейін Д. Ускулаев пен Ж. Молдағалиевтер еді. Бұл газетте С. Сейітов әдеби қызметкер міндетін атқарған. Сондай-ақ мұнда А. Тоқмағамбетовтың сатиралық жанрдағы материалдары көп жарияланған.

Мәселен, осы басылымның 1942 жылғы 26 қыркүйек күнгі 23-нөмірінде «Қазақ жауынгерлерінің ерлігі» деген жалпы тақырыппен арнаулы бет берілген. Ондағы «Қазақтың жас батырлары» деп аталатын бас мақалада: «Бостандық сүйгіш қуатты қазақ халқының таңдаулы ұлдары неміс қарақшыларымен күресте батырлық пен батылдық, ерлік пен жүректіліктің тамаша үлгілерін көрсетіп жүр. Олар Отан үшін, гүл жайнаған Қазақстан үшін жаумен аянбай алысуда»,- деп қазақ жастарының майдандағы ерлік іс-қимылдарын ашып көрсеткен.

 

 

49. «Садақ» журналы

 

Кезінде Уфадағы Ғалия медресесінде оқыған башқұрттар «Парлақ», татарлар «Аң», черкестер «Ләгуә», қазақтар «Садақ» деген қолжазба әдеби журналдар шығарып тұрған. Уфа қаласында 1915 жылдың 9-қарашасынан шыға бастаған бұл басылымның ұйымдастырушысы, шығарушылары – Бейімбет Майлин мен Жиенғали Тілепбергеновтер болды. Бірақ Б. Майлиннің науқастанып, еліне қайтып кетуіне байланысты «Садақты» 3-санынан бастап Ж. Тілепбергенов редакциялайды да, шығарушы міндетін «Қазақ ұйымы» атқарады. «Журналымыздың мақсаты-оқуға келген қазақ жастарына жол-жоба көрсетіп, қалам ұстауды, сөз жазуды үйрету, өткендегі өмірдің жақсылық жағын өнеге етіп, жаманшылығынан безіндіру болып табылады»,-деп жазды редакция алқасы.

Шындығында «Садақтың» 1-санынан бастап, соңғы 15-санына дейінгі аралықта екі жыл қатарынан новелла тәрізді қысқа әңгімелер, көлемді повестер, очерктер, сықақ этюдтар, жас ақындардың өлеңдері, сын пікірлер, қазақтың ауыз әдебиетінің нұсқалары молынан жарияланған.

 

 

50. «Сана» журналы

 

Ғылыми-көпшілік «Сана» журналы 1923 жылдың қаңтар айынан бастап Ташкент қаласында шыға бастады. Редакторы Х. Досмұхамедов болды. Ол бұл басылымның мақсат-мүддесін: «Зманымыз мәдениет заманы, мәдениетке білім жеткізеді. Білім оңайлықпен қолға түспейді. Білім алуға көп еңбек, асқан сабырлылық керек. «Сананы» шығарғандағы мақсатымыз аз да болса, кемшіліктерімізді жойып, елге, мұғалімдерге, жасөспірім шәкірттерге түсінікті сөз беру. Бұл өте ауыр жұмыс. Дегенмен, кіріспеске амал жоқ»,-деп айқындап берді.

«Сана» журналын шығарушылар әу, бастан-ақ оқырмандарына тарихи мәселелерді көбірек түсіндіруге күш салғандықтары байқалады. Сондықтан да онда «Түрік-монғол тарихы», «Ескі заманнан Шыңғыс ханға шейін» деп аталатын түрлі тарихи материалдар жарияланып, адамдардың өз халқының өткені мен болашақ тарихын білуге деген құштарлығына жол ашқандығы сезіледі.

Сондай-ақ онда «Ұйқы деген немене?», «Миллион деген немене?» сияқты танымдық мақалалармен қатар «Тобықты, Арғын, Қоңырат, Сопақ бидің қағысқаны, Бала бидің бір сөзі» деген және «Қарауыл Арғын Қанай ауылы. Бекболат бидің бір ауылдың төресімен қағысқаны» деген ел аузынан жиналған әңгімелер, «Қай жүз көп» деген демографиялық талдау, Тұрсынбай батырдың өмірі туралы шағын мақаламен қатар М. Жұмабаевтың «Сәрсенбайдың жыры», «Жұлдызды жүзік, айды алқа қып берейін» деген өлеңдері жарияланған.

Бірақ, «Сана» өкінішке орай 3-ақ саны шығып, 1924 жылдың қараша айында «Саясат» бөлімі болмағандықтан, сол күннің, сол таңның көкейкесті әлеуметтік, саяси мәселелерін көтеріп, жаңаны насихаттамағаны және ескіні, өткенді сөз еткені үшін деген айып тағылып, жабылады.

 

51. «Сарыарқа» газеті

 

Кезінде «ұлт қамын ойлап, шарқ ұрған» «Сарыарқа» газеті әлі де болса толық зерттеліп, бағасын ала қойған жоқ. Бодан елдің санасына тәуелсіздік рухын сіңіріп, жұртты оятқан «Қазақ» газетімен үндес, бағыттас бұл басылым 1917-1918 жылдары Семей қаласында шығып тұрған. Газеттің жауапты шығарушысы – алаштың ардақты азаматы, соңынан кеңестік саясаттың құрбаны болған Халел Ғаббасов.

«Сарыарқаның» көтерген мәселесі: Алашорда өкіметін құру, қазақ мемлекетін жасау, жоғалған елдікті қайта орнықтыру болды. Сондай-ақ алашорданың Семей тобының саяси бағдарламасы да осында басылған. Ең бастысы сол кездегі қазақ қайраткерлерінің іс-қимылдарымен де осы газеттен танысуға болатын еді.

«Сарыарқа» газетінде кезінде негізінен ел, жер, халық қамын ойлаған Ә. Бөкейханов, Х. Ғаббасов, Ж. Аймауытов, Т. Құнанбаев, М. Тұрғанбаев сияқты арыстардың жүрек-жарды еңбектері жарияланып тұрған.

Бұл басылымға басқаларға қарағанда көбірек дүниелерін (өлең, әңгіме, мақалалар) бастырып, белсенді түрде қатысқан Ж. Аймауытов болып табылады. Себебі, оның «Сарыарқаның» бірінші нөмірінде «Сарыарқаның сәлемі» деген өлеңі, екінші нөмірінде «Тұр бұқара, жиыл кедей, ұмтыл жастар!», үшінші нөмірінде «Партия» деген мақалалары мен «Ғашықтық» (Абайша), «Жынды», «Айна» атты шағын әңгімелері мен оқшау сөздері жарияланған.

 

 

 

 

 

 

52. «Серке» газеті

 

«Серке» газеті – 1905-1907 жылдарда Ресейде болған бірінші революция екпінімен шыққан баспасөз түрінің бірі. Бұл газет жайында Б. Кенжебаевтың «Қазақ баспасөзінің тарихынан мәліметтер» деген кітабында бірталай мағлұматтар берілген.

«Серке» газеті 1907 жылы қазақ оқушыларына арналып Петербургте шығып тұрған «Улфат» газетіне қосымша ретінде Шәймерден Қосшығұловтың басқаруымен, Хажы Ибрагимовтың редакторлығымен шыққан. Патшалық басқару орындарының рұқсаты бойынша алғашқыда екі жетіде бір шығатын болып анықталса да, бірақ «Серкенің» екі нөмірі ғана шығып, тоқтап қалған. Жазылу бағасы бір жылға 2 теңге, жарты жылға 1 теңге 25 тиын, жеке саны 10 тиын.

«Серке» газетінің шығуы туралы 1911 жылы «Айқап» журналында М. Сералиннің оқушыларға арнап жазған бас мақаласында: «1907 жылы II мемлекеттік думаның мүшесі Шаһмардан Қосшығұловтың іжтиһатымен Петербурда «Серке» ісімлі журналы шыға бастап еді, ұзаққа бармай, үкімет тарапынан тоқтатылды»,-деп айтылған. Газеттің шығуы жайында Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасында Ш. Қосшығұловтың айтуымен жазылған қолжазба да бар. Ол жазбада «Серке» газетінің 3-4 нөмірі шығып тоқтағанын «Серке» деген не сөз, ол боранда қой бастайтын көсем мағынасында қолданатын ұғым деп түсінік берген.

Ал бүгінгі таңда бұл газеттің жабылуына басты себеп, белгілі ақын-журналист М. Дулатовтың «Жастарға» атты өлеңі мен «Біздің мақсатымыз» деген мақаласының жариялануы болды деген де дерек бар.

 

53. «Социалды Қазақстан» газеті

 

1932 жылдың қаңтар айында «Еңбекші қазақ» газеті «Социалды Қазақстан» атына ие болды. Ал осы жылдың мамыр айында газетке Әйтеке Мусин редактор болып тағайындалды.

Отызыншы жылдардың бас кезінен бастап Кеңестер Одағында ауыр өнеркәсіп, колхоз құрылысы, халық мәдениеті жолында кең күрес басталды. «Социалды Қазақстан» газеті сол заманның үніне айналып, қазақ елінің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосты. Бірақ қазақ елі үшін қай кезде де елі мен жерінің тұтастығын қызғыштай қору мәселесі күн тәртібінен түсіп көрмеген. Әсіресе, 1932 жылдардағы ашаршылық, 37 жылдардағы репрессия ауыр да күрделі мәселе болды.

Бірақ иығында ағартушылық парыз бен көп тепкіден жасыңқырап қалған халықтың рухын ояту міндеті қатар тұрған басылымның алдынан көп кедергілер ұшырасқан еді. Осы алмағайып кезеңде газеттің көкейіндегісін ашып айта алмай күмілжіген тұстары, қызыл қылыштың айбынынан тайсақтап, жүзін төмен салып, тек жаңа саясатты мадақтаған болып, кібіржіктеген кезеңдері де аз еместігін білгеніміз абзал.

 

54. «Социалистік Қазақстан» газеті

 

1937 жылдың мамыр айынан бастап «Социалды Қазақстанның» аты  «Социалистік Қазақстанға» айналып, редакторлыққа Ж. Арыстанов сайланды. Ол бұл туралы кейін: «Менің ең алғашқы жұмысым газетіміздің атына түзету енгізу болып, «Социалды» деген ұғымның октябрьден басталған Қазақстандағы өзгерісті дәл бейнелей алмайтынын баяндап, бұдан былай газетімізді «Социалистік Қазақстан» деп атауға (1937-мамыр) өлкелік Комитеттің бюросынан рұқсат алғаным есімде»,- деп еске алады.

Бұдан соң «Социалистік Қазақстан» Ұлы Отан соғысы жылдары қазақ жауынгерлерінің соғыс кезінде қандай ерлік жасағанын, тыл еңбеккерлерінің соғыс жағдайындағы өмір-тынысын, олардың ерен-еңбектерін әрқашан үлгі етіп жазып отырды.

Әрине, соғыстан соң да оның беттері тың жерлерді игеру, бейбіт кезеңдердің ерен еңбектерін, қой басын елу миллионға жеткізу сияқты тағы басқа да сол кездердің елеулі табыстарын сөз етуден, насихаттаудан алдына жан салмады.

Бірақ қайтсек өз халқымыздың жыртығын жамай аламыз деген ой газет басшыларының ойынан ешқашан кеткен жоқ. Мысалы, 1959 жылдардан бастап бұл газет ұлтшылдық айыптаулардан есеңгіреп қалған ұлт зиялыларының естерін жиғызуға, оларды газет төңірегіне қайта топтастыруға үлкен қызмет етті.

Бұл жылдардағы «Социалистік Қазақстанның» өсіп-өркендеуіне зор үлестерін қосып, басшылық жасаған редакторлары Құрманбек Сағындықов, Кеңесбай Үсебаев, Ұзақ Бағаевтар газеттің өз «бет-бейнесін» сақтауына зор еңбек сіңірді.

 

 

55. «Темір қазық» журналы

 

Москвада Ұлттар ісі жөніндегі халық комиссариатында қызмет істеген шығыс елдерінің оқығандары татар, түрік тілдерінде «Қызыл шарық», қазақ тілінде «Темір қазық» журналын шығарды. Оның бірінші саны 1923 жылдың ақпан айында жарық көрді. Басылым айына бір рет шығатын саяси, шаруашылық, білім, әдебиет журналы деп аталады. Бірақ кеңес үкіметі  «Темір қазықты» ұлтшылдықты уағыздады, ескіні дәріптеді, совет мекемелеріне тіл тигізді деп, 3-санынан соң жауып тастады.

 

 

56. «Таң» журналы

 

«Таң» әдеби журналы 1925 жылдың наурыз айынан бастап Семей қаласында шығып тұрды. Шығарушылардың бірі М. Әуезов еді. Оның бар-жоғы 4-ақ саны жарық көрді. Осы 1925 жылдың маусым айында қаражат және қағаз тапшылығына байланысты басылым біржола тоқтады.

«Таңның» ең негізгі бөлімі - әдебиет бөлімі болды. Онда фольклорлық мұралар, белгілі ақын, жазушылардың өлең-жырлары мен әңгімелері жарияланып тұрды. Бірінші санында Абайдың жарияланбаған өлеңдері, өсиет сөздері, С. Дөнентаевтың «Дәуітбек» деген өлеңі басылды, осында Бұқар жырау өлеңдері, Жиренше шешен туралы аңыз әңгімелер берілді. Үшінші санында Сұлтанмахмұттың жарық көрмеген өлеңдері, Абайдың баласы Тұрағұлдың Горькийден аудармалары жарияланды.

«Таңға» М. Әуезов көп жазды. Оның «Қайғылы жетім», «Қазақ қызы», «Қорғансыздың күні» әңгімелері, «Бүркітші» шығармасынан үзінділер басылды.

Журнал өз оқушыларын қазақ елінің жер-су, тау-тасымен, өзен-көл, жалпы географиясымен таныстырып отырды. «Өлкетану» бөлімінде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс жайында, Ақмешіт туралы материалдар берілді.

 

 

57. «Теңдік» газеті

 

1920 жылы Қазақстан автономиялы республикасы Орталық Атқару Комитетінің қалың малға, әмеңгерлікке, көп әйел алушылыққа тиым салу жөнінде қабылдаған декреті жарияланды. Декретте қазақ әйелдерінің еңсесін басқан, адамдық қасиетін қорлаған, тағы басқа да зиянды әдет-ғұрыптарды жою көзделді. Міне, осы декреттің мәнін әйелдерге түсіндіріп, олардың өздерінің бас бостандығы үшін күресуіне көмектесу, әйелдерді қоғам өміріне белсене араластыру үшін ел ішінде көшпелі қызыл отаулар, делегаттар жиналыстары ұйымдастырылды. Бұлардың жұмысын насихаттайтын, әйелдерге арналған баспасөз органын шығару қажеттігі туындады. Осыған орай жетісіне бір шығатын аймақтық партия комитеті жанындағы әйелдер бөлімінің газеті «Теңдік» 1925 жылы 5 мамырда Қазақстанның сол кездегі астанасы Орынборда шыға бастады. Газет редакторы С. Есова болды. «Теңдіктің» алғашқы нөмірінде жарияланған С. Есованың «Баспасөз күнінде» атты мақаласында газеттің негізгі мақсатын танытатын мынадай сөздер бар:

«Бүгін еңбекшілердің туын көтеріп, алдағы істердің айқайшысы болып әйелді теңдікке, азаттыққа сүйрейтін «Теңдік» туып отыр. Бұл – зары кең даланы күңіренткен еңбекші қара шаруа әйелдерінің саңылауын ашып, оларды әлеумет ісіне араластырып, жұртшылық жұмысына жұмылдыратын көптің «Теңдігі». «Теңдік» езілген әйел, қорлықтағы күңдер тіршілігінің айнасы. Сондықтан жер-жердегі қара шаруа, еңбекші әйелдер газетті алдырып, өз тіршіліктерін жазып тұруды міндет санау керек».

Жеті нөмірінен соң «Теңдік» газеті 1926 жылдың шілде айында журналға айналып «Әйел теңдігі» деп аталды.

 

 

 

 

58. «Тіршілік» газеті

 

Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуіндегі» мағлұматтарға қарағанда «Тіршілік» газеті шамамен 1917 жылдың шілдесінен 1918 жылдың шілдесіне дейін, яғни Ақмолада Кеңес өкіметі уақытша құлағанға дейін, бір жылдай шығып тұрған.

Газеттің ресми редакторы біздерге «Дала уалаятының газеті» және «Айқап» журналдарынан белгілі Р. Дүйсенбаев пен С. Сейфуллин болды. Басылымның негізгі авторлары болып, оның өз редакторлары және «Жас қазақ» ұйымы басқармасының белсенді мүшелері А. Асылбеков, Ж. Нұркин, Б. Серікбаевтар саналды. Себебі, «Тіршіліктің» бетінде олардың көптеген мақалалары мен памфлеттері жарияланды.

 

 

59. «Торғай» газеті

 

1869 жылы 2-қаңтарда Орынбор және Сібір ведомствосына қарайтын территория қайта құрылып, Торғай облысы делініп атала бастады, құрамына 4 уезд, 28 болыс қарайтын облыс сол кездегі Қазақстанның біраз жерін алып жатты.

Ал 1879 жылы орталығы Орынбор қаласында облыстық басқарманың баспасөз орталығы құрылып, оның ресми органы шыға бастады. 1895 жылдан бастап бұған қосымша «Тургайская газета» деген атпен ресми емес бөлімі шығарылып, ол 15 жылдай өмір сүрді. «Торғай» газетінде Ш. Уәлихановтың, Ы. Алтынсариннің өмірі мен қызметімен таныстыратын материалдар жарияланды.

«Торғай» газеті көпшілікке пайдалы материалдарды қазақ және араб әріптерімен қазақ тілінде жариялап отырды. Әсіресе, сол кездегі жұтқа, эпидемияға байланысты материалдар, қоғамдық құбылыстарды сынайтын фельетондар, халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап басып отырды. Оның редакторы Ә. Балғымбаев болды.

 

 

60. «Түркістан уалаятының газеті»

 

Қазақ баспасөзінің тұңғышы «Түркістан уалаятының газеті» сол кездегі Түркістан генерал-губернаторлығының орталығы Ташкент қаласында 1870 жылдың 28-сәуірінен бастап, орыс тілінде шығатын «Туркестанские ведомости» газетіне қосымша ретінде айына төрт рет (екі саны өзбекше, екі саны қазақша) шығарыла бастады.

Газеттің редакторы – ұлты башқұрт болса да, қазақтың намысын қорғап, сойылын соққан, орыс және Шығыстың көп тілдерінде еркін сөйлеген, генерал-губернатордың тілмашы болған ізгі ниетті азамат Ш.М. Ибрагимов еді. Ал бұл басылымның аудармашысы әрі әдеби қызметкері болып Х. Жанышев, З. Шайхыәлібеков, Ж. Қазыбековтер жұмыс істеді.

«Түркістан уалаятының газетінің» ресми және ресми емес деп аталған басты екі бөлімі болды. Ресми бөлімде патша өкіметінің бұйрық-жарлықтары жарияланып, үкімдері түсіндірілсе, ресми емес бөлімде отаршылық, егіншілік, мал шаруашылығы, сауда, ішкі-сыртқы жағдайлар, әдебиет, мәдениет, білім, ғылым, өнер және әйел теңдігі мәселелері қаралды.

 

 

61. «Орал» газеті

 

Бұл басылым 1907 жылдың 4-қаңтарынан 27 сәуіріне дейін Орынбор қаласында жарық көріп тұрды. 31-нөмірі шыққанда патша үкіметі оның өмір сүруіне тыйым салды.

«Орал» газетінің редакторы большевик Х. Ямашев болды. Оны «Пролетарий» газеті «ұлтшылдық дегенді білмейтін нағыз социал-демократ»,-деп бағалады. Шын мәнінде ол редакторлық еткен «Орал» газеті «Орынбор-Ташкент» теміржолы бойындағы, сондай-ақ қаланың ішіндегі қазақ жұмысшылары арасында революциялық идеяны таратып, оларды қарулы күреске дайындады. Оның беттерінде пролетариаттың және маркстік партияның жетекшілік рөлі, жұмысшы-шаруа одағының маңызы, революция дамуының жаңа кезеңі туралы мақалалар жарияланды.

 

62.«Ұшқын» газеті

 

Биыл өзінің 90 жылдық торқалы тойын атап өткелі отырған «Егемен Қазақстан» газетінің тарихы – алғашқы нөмірі 1919 жылдың 17-желтоқсанынан бастап шыға бастаған «Ұшқын» газетінен басталады.

1919 жылы Орынбор ақтардан тазартылған соң Қазақ өлкесін уақытша басқару жөніндегі революциялық комитет (Кирревком) құралып, іске кіріседі. Баспасөз секциясын ашып, өз газеті «Ұшқынды» шығару үшін редакция алқасын құрады. Оның жетекшісі болып кезінде Бөкей ордасында «Ұран», «Дұрыстық жолы» газеттерін шығаруға қатысқан Т.Сәниев тағайындалады.

«Ұшқынның» бірінші нөмірінде Бернияз ақынның «Ұшқынға» деген арнау өлеңі және газет басқармасының атынан дайындалған басылымның мақсат-мүддесі көрсетілген бас мақала жарияланған. Сондай-ақ Әмірғали деген автордың жер-су, елді басқару, азық-түлік, мал шаруашылығы проблемаларына арналған «Жалпы қазақ съезіне әзірленіңдер!» деп аталатын мақаласы берілген.

Ал газеттің екінші бетінде «Сыртқы хабарлар», «Россия хабарлары», «Дұшпандар елінде» деген айдарлармен орталықтан және шетелдерден келіп түскен жаңалықтар болды. Онда, мәселен Үндістанда өкіметке қарсы халық наразылығы өсіп бара жатқандығы, Мысыр қаласында көп адам жиналып, басқару ісінде өзгеріс талап еткендіктерін, соның нәтижесінде үкімет абақтыға жабылған тұтқындарды босатуға мәжбүр болғандықтары туралы жазылды.

1920 жылдың 13 қарашасынан бастап Орынбор қаласында Қазақ автономиялы республикасының жариялануына байланысты «Ұшқынның» орнына «Еңбек туы» газеті шыға бастады.

 

 

63. «Шолпан» журналы

 

«Шолпан» журналы Түркістан Орталық партия комитетінің органы болып Ташкентте шығарылды. Қазақ тілінде айына бір рет шығатын саясат, шаруашылық, білім, әдебиет журналы деп аталды. Ол 1922 жылдың қазанынан 1923 жылдың мамыр айына дейін шығарылып тұрды.

Журналдың өнер-білім, шаруашылық бөлімдерінде көптеген танымдық материалдар жарияланды. Мәселен, «Қазақ тіліндегі сингорманизм заңы», «Орхон жазуы туралы бірнеше сөз», «Жер сілкіну», «Ғылым не береді?» т.б. мақалалардың ғылымдық, тәрбиелік, үгіт-насихаттық мәні зор болды. Журнал жұмысына О. Жандосов, Ә. Диваевтар белсене қатысты. Сондай-ақ басылым бетіндегі құнды шығармалар деп М. Жұмабаевтың «Қорқыт», «Батыр Баян» поэмаларын, М. Әуезовтің «Оқыған азамат» әңгімесі мен «Заман еркесі» романын, Б. Серкебаевтың «Қонай құлаған тас» және Ш. Құдайбердиевтің «Ләйлі-Мәжнүн» поэмаларын атауымызға болады.

Ал редакция жұмысына үнемі араласып, туған халқына жанашырлық танытатын, материалдар жариялатып отырғандар: Н. Төреқұлов, С. Қожанов, С. Аспендияров, Т. Рысқұлов, О. Жандосов, А. Оразаев сынды азаматтар болды.

 

64. «Шаншар» журналы

 

1925 жылы Ташкент қаласында қазақтың алғашқы сатиралық журналы «Шаншар» дүниеге келді. Ол бірінші санындағы «Шаншар кім?» деген бас мақаласында өзінің міндет-мақсатын: «Заманаға мойын ұсына алмай, жаңаға көне алмай, ескіні қолдан бере алмай жүргендерді мүйізіне ілмек. Елді араламақ, жақсы мен жаманды, ақ пен қараны сараламақ, тура жолдан аяғы шалыс басқанды біздеп жараламақ. Шындық, түзулік, әділдік қылышын қолына тұтып, кеңес жолына түсіп, шын кедейлер жаршысы болмақ»-деп түсіндіреді.

Өзі айтқандай-ақ журнал жеке материалдарында сол кездегі өмір-тіршілікте жиі кездесетін кейбір кемшіліктерді орынды ажуалады.

 

 

 

 

 

 

 

 

         БЕСІНШІ ТАРАУ

Жаңа кітаптарға рецензиялар

1. Тарихқа толы туынды

 

Белгілі қоғам қайраткерлері, ғалым, архитектор, сәулетшілер Адамбек Қадірбекұлы Қапанов пен Сұлтан Қабиұлы Баймағамбетовтардың биылғы жылы ғылым, техника және білім саласы бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ұсынылып отырылған, «Дидар» баспа компаниясынан 1998 жылы жарық көрген «Алматы. Архитектурасы мен қала құрылысы» деп аталатын қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған 22 баспа табақ көлеміндегі ауқымды монографияларымен жан-жақты танысып шыққан соң осындай қорытындыға келдік.

Еліміздің Оңтүстік шығысындағы Іле Алатауының әсем бөктерінде орналасқан, 1 миллион 200 мыңнан астам халқы, сонау орта ғасырлардан басталатын тарихы бар Алматы /Алмату/ қаласы жайлы бұл еңбек, оны оқып шыққан адамдарға бір күннің, айдың немесе жылдың жемісі емес екендігін байқатады. Қос автордың алғашқысы 1951 жылы Москва архитектура институтын бітіргелі күні бүгінге дейін осы салада жемісті қызмет атқарып, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген архитекторы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанса, екіншісі 1972 жылы Қазақ политехникалық институтының архитектура факультетін бітіргелі Алматы қаласының құрылысын салып, сәулеттендіруге ерекше үлес қосып келе жатқан, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері», Қазақстан республикасы Инженерлік академиясының корреспондент мүшесі, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері.

Осыдан-ақ біз қарастырып отырған еңбектің көп жақтылығын, мазмұндылығын, ғылымилығын сонымен қатар тарихи әрі әдебилігін де байқауымызға болады. 352 беттен тұратын, кіріспе мен қорытындыдан басқа екі бөлім, тоғыз тарау және библиография мен 350-ге жуық түрлі-түсті суреттер берілген монографиядан Алматы қаласы туралы тарихи, архитектуралық, құрылыс, сәулеттендіру, абаттандыру, көркемдеу және мәдени қажетті деген деректердің барлығын дерлік табуға болады.

Бұл туралы халық сәулетшісі, архитектура академигі Қазақстан Республикасы Сәулетшілер одағының президенті Қ. Монтақаев былай деп әңгімелейді: «Профессор М.М. Меңдіғұловтың 1953 жыды «Алматы қаласы архитектурасы» деген еңбегі басылып шыққаннан бері 48 жыл өтті, алайда осы жылдар ішінде Алматыда орасан зор өзгерістер болғанымен, Алматы жайында кәсіби деңгейде бірде-бір кітап жарық көрген жоқ. Осыған байланысты бұл монографияның жарыққа шығуы – архитектуралық және қалақұрылыстық ғылым мен тәжірибеге қосылған үлкен үлес болып табылады.

Монографияда Алматы қаласына байланысты ерте заманнан бүгінгі уақытқа дейінгі кезеңдерді қамтитын мағлұматтар, қаланың қазіргі заманғы даму кезеңдері мен жақын және алыс болашақта оны дамытудың болжамдары келтірілген.

Қаланың табиғат жағдайлары жан-жақты талдауға негізделген материалдар және оларды зерттеулер, тарихи және археологиялық мәліметтер кітапта кеңінен қамтылады.

Қалада салынған неғұрлым ірі және бірегей қоғамдық үйлер мен ғимараттарды зерттеу және талдау негізінде Алматыда өзіндік жоғары деңгейдегі ұлттық архитектуралық мектеп қалыптасқандығы туралы тұжырым жасалған».

Иә, бұл мәселенің тарихи жағына келетін болсақ, онда жоғарыда аталған М.М. Меңдіғұловтың еңбегінде: «Үйсіндер құрылыс ісінде ағашты пайдаланды: бейіттердің қабырғаларымен Тянь-Шань шыршасының сырғауылдар салған. Мұндай бейіттер Есентай өзенінің батысындағы жеміс консервілеу комбинаты маңынан табылды. Бұл әшекейлердің бір ғажабы қос өркеш түйе, таутеке пішінді сақина, тышқан бейнелі сырға және әр түрлі алтын жапсырмалар түрінде болып келетіндігі» деп жазылған.

Оның дәлелі осы бертінде ғана қазіргі қазақ теледидар-студиясы кешені маңынан табылған қоныс бергі замандағы үйсін мәдениетіне жатады. Қоныс Алматыдағы Тимирязев көшесі мен әл-Фараби даңғылы аралығында 6-кірпіш заводы көшесін бойлай орналасқан. Бұл қоныстан табылған негізгі олжалар дән үккіштен, қырғыштар, қыш ыдыс, ұршықбас, мал сүйектері. Қоныстың төменгі қыртысынан тастан салынған құрылыс сілемі, ошақ орны байқалған. Мұнда қыш ыдыс сынығының өте мол болуы, кейбіреулерінің бүтін қалпында табылуы қыш ыдыс қалыптау нақ осы араның өзінде жүргізілген аңғартқан. Сондай-ақ біздер 70 жылдардың соңында «Горный гигант» шаруашылығы маңынан біздің дәуіріміздің IY-Y ғасырларына жататын зергерлік бұйымдар табылғанын да білеміз.

Осы орайда жалпы тарихи деректерге сүйенетін болсақ, онда біздің дәуірімізге дейінгі 1-біздің дәуіріміздің 1 ғасырларында Жетісуда, Балқаш көлінің Оңтүстік батыс жағалауында, сондай-ақ, Қазақстанның басқа да аймақтарында көшпелі ғұн тайпалары өмір сүрді. Бұл мәдениет жергілікті тайпалар өнерінің ықпалын бойына сіңіре отырып, өзі де үлкен беделге ие болған.

    YI ғасырдың екінші жартысында қазіргі Қазақстан территориясы Түрік қағанаты / 552-603 жылдар/ қол астында болды. 603 жылы Түрік қағанаты Шығыс және Батыс қағанат болып екіге бөлінген. 704 жылы Батыс Түрік қағанаты мүлде ыдырады. Жетісуда жаңа мемлекет – Түргеш қағанаты ту тікті. 756 жылы қарлұқтар түргештерді жеңіп, Түрген қағанатының жеріне иелік етті. Қарлұқтар тұсында Іле Алатауы бөктерлерінде, тау өзендері аңғарында егіншілікпен айналысқан отырықшы қоныстар мен қалалар пайда болды.

Ал, солтүстік-шығыс Жетісу өңіріндегі орта ғасыр қоныстары мен қалаларының ірге көтеруі IX-X ғасырларға жатады. Сол кезеңді бейнелейтін археологиялық қатпар бірді-екілі қалашықтарда ғана, соның ішінде Алматы мен Талғар өңірінен байқалған. Яғни, бұл аймақтағы қалған қоныстары мен қалалар X-XII ғасыр аралығында ірге тепкен. Бұдан Алматы қаласының алғаш ірге тігуі  IX-X ғасырлардан басталатындығын байқауымызға болады.

Сөйтіп, Алматы қаласы ұлғайып, көркейді. Біздің дәуіріміздің XI-XIII ғасырларында, яғни Қарахан әулеті билік құрған кезде басталған. Ол кезде бұл қала Алмату деп аталған. Ол сөз XYI ғасырда айтылған, оны зерттеушілер қазіргі Алматы туралы деректің басы деп қабылдайды. Бұл туралы Ш. Уәлиханов өзінің «Жоңғар очерктерінде»: «Мұнда орта ғасыр заманында отырықшылық өріс алған. Әсіресе, Іле аңғарын қоныстаушылар мол болған. Алмалық қаласы, Ханақай мен Қайнақ және Алматы сауда-саттығымен белгілі болған генуэз көпестерінің Қытайға, ал, қыпшақ елшілерінің ұлы ханға баратын үлкен керуен жолы үстінде станция қызмет атқарған» деп жазған.

Одан әрі еңбекте Верный қаласының салыну тарихы мен оның қалыптасу, даму кезеңдері сөз болады. Бұл жерде Кеңес үкіметі тұсында Алматының тарихы осы Верныйдан басталады деп, сонғы кезеңге дейін қазақ халқын өз тарихынан айырып келген бұрмалаушылық саясаттың үстем болғандығын еске салғымыз келеді.

Монографияның екінші бөлімі «Алматы қаласының негізгі даму кезеңдері» деген тараудан басталады. Онда Верныйда 1918 жылдың наурыз айында Кеңес өкіметі орнағаннан бастап, 1991 жылғы тәуелсіздік алған кезімізге дейінгі аралықта салынған негізгі құрылыстардың тарихы, қаланың сәулеттендірілуі, көгалдандырылуы, ескерткіштер мен монументтердің қойылуы кеңінен әңгімеленеді.

Бұл туралы өз ойын Алматы қаласының әкімі В.В. Храпунов былай деп ортаға салды: «Қолыңыздағы «Алматы. Архитектурасы мен қала құрылысы» деп аталатын А.К. Қапанов пен С.Қ. Баймаганбетовтың бұл ғылыми монографиялары Іле Алатауының бөктерінде, қарлы шындардың аясында орналасқан әсем қала Алматы туралы іздесең таптырмайтын зерттеу еңбек. 1929 жылдан 1997 жылға дейін Қазақстан Республикасының астанасы болған Алматы аймақтық кіші қаладан 1 миллион 200 мың тұрғыны бар ірі, қазіргі заманға сай қалаға айналып қана қоймай, Қазақстан Республикасының тарихи, әдеби, ғылыми, экономикалық орталығы дәрежесіне дейін жетті.

Осы жылдар аралығында кең масштабты архитектуралық құрылыс жұмыстарының жүзеге асырылуына байланысты бүгінгі күні өзіндік ерекшелігімен ешкімге ұқсамайтын дүниежүзінің әдемі де сұлу әрі қызықты қалаларының біріне айналып отыр.

Табиғат жағдайын зерттеу барысында, қаланың өткен тарихына шолу жасай отырып, қазіргі қаланың даму кезеңдері көрсетілген. Онда әсем қаламыздың тамаша сәулеттендіру – қала құрылысы комплекстері, қалаға өзіндік қайталанбайтын көрік беретін үйлер мен түрлі құрылыстар, оның абаттандыруы мен көгалдандыруы, сыртқы көркі, инженерлік – көлік инфрақұрылымы, көше-жол жүйесі мен қала транспорты, инженерлік қорғаныс пен экология жағдайлары толықтай қамтылған.

Қалаға ең қажетті мәселелердің бірі монографияда көтерілген Алматының құрылыс салу базасын нығайтып, оның басты әлеуметтік – экономикалық бағыттарын анықтап, республикалық маңызы бар елді мекенге айналдыру проблемасын шешу болып табылады.

Монографияның авторы  А.К. Қапанов пен  С.Қ. Баймаганбетов бүкіл елімізге танымал Алматы қаласының бас архитекторлары /бұрынғы және қазіргі/. Олар Алматы қаласының бұрынғы барлық негізгі жоспарларын /1938, 1950, 1963, 1978, 1989 жылдар/ зерттеп, талдау жасау барысында өздері басшылық ететін Алматы қаласының жаңа Бас жобасын жасау жөніндегі авторлар құрамы топтарымен бірге «Алматы қаласының 2005 жылға дейінгі және 2030 жылдарға арналған қала құрылысының перспективалық дамуының негізгі бағыттары» деген арнайы жұмысты аяқтап шықты. Бұл жұмыс монографияда келтірілген. Ол таяу уақыттарда Алматы қаласының нақты даму жоспарларын жасаған кезде де, қаланың территориялық жағынан даму бағытын анықтауда да өз жемісін беретіндігіне сенім мол.

Монографияда тағы да басты бір сұраққа, Алматыны, оның тамаша табиғат байлықтарын ұтымды пайдалана отырып, Халықаралық туризм орталығына айналдыру мәселесіне салиқалы жауап беріледі.

Бір сөзбен айтқанда кітап сәтті шыққан. Мәтін үш тілде жазылғандықтан оны шетел оқырмандары да оқи алады. Сондай-ақ, «Оңтүстік астананың» қайталанбайтын өзіндік ерекшелігін көрсететін 380-нен астам фотосуреттері де еңбектің еңсесін көтеріп тұр.

Сондықтан, бұл студенттердің, оқытушылардың, ғалымдар мен қалың оқырмандардың ғана емес, бүкіл қала салушылардың, архитекторлар мен инженерлердің, құрылысшылардың және қалалық, аудандық дәрежедегі барлық әкімшілік қызметкерлерінің де кез келген энциклопедия сияқты қолдан түспейтін ғұмыры ұзақ құнды кітап екендігін айтқым келеді».

Ал, монографияның бұдан кейінгі тарауларында болса, қала салу ісі құрылымының қалыптасуы, қаланы жоспарлау және қайта жаңғырту жобасы, қоғамдық ғимараттар архитектурасы, қаланы көгалдандыру, абаттандыру, монументті-көркемдеу және демалыс аймақтары, қаланың инженерлік-көлік инфрақұрылымы және инженерлік қорғаныс, экология және Алматы мен оның іргелес аймағының даму болашағының мәселелері қарастырылады.

Еңбектің бұл қырлары туралы біздер Алматы қаласының дамуына лайықты үлес қосқан бір топ мемлекеттік, қоғамдық қайраткерлер, архитекторлар, құрылысшылардан өз пікірлерін айтып берулерін сұраған едік. Осыған орай Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, еңбек сіңірген архитектор Ш.Е. Уәлиханов: «Соңғы 3-4 онжылдықта Алматының кең көлемді қайта түлеп, жаңғыруы қаланың құрылыс жүйесі мен сәулеттендіру келбетін түптамырымен өзгертіп, оны сәулеттендіру ерекшелігі жағынан дүниежүзіндегі ең әсем қалалардың қатарына қосты.

Алайда, өкінішке орай бұл Алматы қаласын салу, жаңғырту және дамыту жөніндегі үлкен сәулеттендіру-құрылыс тәжірибесі, өткен жарты ғасырға жуық кезеңде осы өзіндік ерекшелігі мол қала салу тәжірибесін кәсіби ғылыми тұрғыда талдап, оң баға берген, жақын және алыс шетелдерге таныстырған бірде-бір кітап жарияланбады.

Сондықтан 1998 жылы жарық көрген «Алматы. Архитектурасы мен қала құрылысы» деген ғылыми монографияның жарық көруі жоғарыда айтқан кемшіліктің орнын толтырып, еліміздің қоғамдық өміріндегі басты оқиғалардың бірі болып отыр.

Бұл зерттеу еңбекте Алматы аймағы біздің дәуірімізге дейінгі көптеген мыңжылдықтар бойы отырықшы тұрғындармен игерілуіне байланысты осы қалаға қатысты ерте кезеңдерден басталатын деректер қамтылған.

Монографияда Алматының өткен жылдардағы, сондай-ақ қазіргі кезеңде 1998 жылға дейінгі салынған барлық белгілі архитектуралық ескерткіштер көрсетіліп, берілген.

Алматының барлық ірі, қызықты, өзіндік қайталанбас ерекшелігі бар үйлері мен құрылыстары суреттеліп олардың орныққан жерлері мен салынған уақыттары көрсетілген. Әрбір құрылыс сапалы, түрлі-түсті суреттерге түсіріліп, жобаның авторларының, сәулетшілер бас құрылысшыларының аты-жөндері берілген.

Қаланың салыну тәжірибесі мен қайта жабдықталуы, оның орталық бөлігінің, маңызды жол қатынастарының, архитектуралық орналасуы мен қала құрылысының ерекшеліктері талданып, бір жүйеге түсірілген.

Жекелеген құрылыстардың өзіндік ерекшеліктеріне, олардың архитектуралық-композициялық шешімдеріне, стильдік бағыттарына ғылыми баға берілген.

 Бұл еңбектің ерекше құндылығы, онда Алматы қаласының даму аспектілері: архитектуралық, құрылыстық, инженерлік-көлік инфрақұрылымы және т.б. комплексті түрде қамтылған. Қаланың 20-30 жылға даму перспективасының концепциясы ұсынылған.

Қаланы көгалдандыру, абаттандыру, монументті көркемдеу және демалыс аймақтары мәселесіне монографияда арнайы тарау арналған. Таңғажайып фонтандар, декоративті мүсіндер, темір қоршаулардың тамаша үлгілері, ескерткіштер, монументтер көрсетілген. Олардың қатарында Абай Құнанбаевқа, Шоқан Уәлихановқа, Мұхтар Әуезовке, Жамбыл Жабаевқа, Әліби Жанкелдинге, Ғани Мұратбаевқа, Дінмұхамед Қонаевқа арналып қойылған ескерткіштер бар. Сондай-ақ, Қазақстанның ірі қайраткерлеріне арналған мемориал, Тәуелсіздік монументі және т.б. қайталанбас өнер туындылары болып табылады.

Сөйтіп, бұл зерттеу еңбектің ең басты жетістігі деп қаланың архитектуралық ескерткіштерінің каталогы немесе көрмесі әрі Алматының қала құрылысы дамуы тарихының деректі жылнамасы ретінде оны болашақ ұрпаққа жеткізу тәсілінің құралына айналуында деп білеміз» - деп ой бөліседі.

Тек Республикамызға ғана емес, бүкіл алыс, жақын шетелдерге өзінің сәулетшілік өнерімен кеңінен таныс Ш.Е. Уәлихановтың тілге тиек болып отырған монография туралы көзқарасын Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген архитекторы, Шығыс елдері Халықаралық архитектура академиясының корреспондент мүшесі Т. Ералиев былай деп жалғастырды:

«Бұл ғылыми еңбек Алматының қала салу ісі құрылысының дамуының барлық аспектілерін қамтиды. Қаланың даму ерекшеліктерін түсіну үшін монография авторлары Алматы қаласына қатысты барлық деректерді жан-жақты зерттеп, талдаудан өткізеді. Олар жазба түпнұсқаларға сүйене отырып мәселенің тарихи жағын, ондай-ақ құжаттық деректер негізінде аймақтың және Алматы қаласы территориясының табиғи, географиялық, ауа-райының және т.б. ерекшеліктерін нақтап, көрсетеді. Кейбір табиғи факторлар қаланың күрт, жедел дамуына игі ықпал жасаса, кейбіреуі, керісінше оның дамуына кедергі болды.

Монография авторлары жоғарыда келтірілген ізденістерге сүйене отырып, Алматы қаласының комплексті дамуы мен барлық өткен жолдарын жоғары кәсіптік деңгейде дәлелдеп, талдап береді. Олар бұл жерде жобалық, ғылыми-зерттеу, жобалау-жоспарлау құжаттарына /әр жылдары жасалған Алматы қаласының барлық Бас жоспарлары енгізілген/, архитекторлардың ұжымдық және жеке творчестволық қызметтеріне, сондай-ақ әртүрлі аралас салалар мамандарының – инженер, жоспарлаушы, ең соңында көптеген ғылыми, жоспарлау және құрылыс ұйымдарының тәжірибелеріне сүйенеді.

Қаланың даму проблемалары жөніндегі тұжырымдар мен ұсыныстар жоғарыда келтірілген деректерді тереңінен зерттеу негізінде жасалған.

Монографияда баяндалған мол ақпараттан қаланың дамуы жайындағы мына аспектілерді бөліп көрсетуге болады:

а) архитектуралық және құрылыстық  

ә) қала құрылысын салу

б) инженерлік-техникалық

Бұл монографияның архитекторлар үшін ерекше құндылығы, ондағы қаланың барлық негізгі құрылыстары түрлі-түсті кескінде беріліп, олардың авторларының аты-жөндерінің аталғандығында дер едім. Сондай-ақ, онда Алматы қаласының дамуына лайықты үлес қосқан барлық ірі мамандардың, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің ата-тектері жазылған.

Сондықтан, осы зерттеу еңбек Алматының архитектуралық-қала құрылысын салу қызметі мен қала шаруашылығының барлық жақтарын қамтып, көрсететін архитектуралық және қала құрылыс ғылымына қосылған зор үлес болып табылады деп білем.

Бұлардан басқа, бұл монография туралы біздер республикамызға белгілі ғалымдар, академиктер Бақытжан Жұмағұлов, Әбдісағит Тәтіғұловтармен, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген архитекторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Владимир Кацев, Алматы облысының Бас архитекторы С. Фазылов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген архитекторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты В.Н. Ким және т.б. әңгімелескен болатынбыз. Бірақ олардың барлықтарының ойлары мен пікірлері бір жерден шыққандықтан біздер биылғы жылы ғылым, техника және білім саласы бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ұсынылып отырылған «Алматы. Архитектурасы мен қала құрылысы» деп аталатын монография және оның авторлары Республикамызға кеңінен танымал қоғам қайраткерлері, ғалым, архитектор, сәулетшілер Адамбек Қадірбекұлы Қапанов пен Сұлтан Қабиұлы Баймағамбетов туралы шағын мақаламызды осымен аяқтаймыз.

 

2. Қайраткер қаламгердің қарымдылығы туралы жаңа кітап

 

Мұхтар Әуезов – творчествосы ұлттық шеңберден шығандап көтеріліп, әлемдік мәдениеттің қымбат қазынасына толымды қор болып қосылған ұлы суреткер. Сондықтан бүгінгі таңда туған жекелеген байсалды еңбектерге қарағанда, оның мұрасы әлі ұзақ уақыт жан-жақты, сан алуан, әр бағытты зерттеулердің обьектісі болуы қажет. Табысына таңдай қағып, тапшысына бас шайқау- әдебиеттанудың марқайған кезіне жараспайтын мінез. Қазақ тарихында ерекше құбылыс – М. Әуезов туындылары идеялық-көркемдік, образдық, жанрлық ретпен де, ізденіс өрістері, қаламгерлік эволюция тұрғысынан да ақтара қарап, саралауды талап етеді.

Қазір де Әуезовтың ауызға алынбай, аз зерттеліп жүрген бірталай еңбектері бар. Олар – жас Мұхтардың қаламгерлік жолындағы алғашқы публицистикалық шығармалары. Міне, осы жайында биыл «Ана тілі» баспасынан филология ғылымдарының кандидаты Бауыржан Жақыптың 8,5 баспа табақ көлеміндегі «Мұхтар Әуезов - публицист» деген зерттеу монографиясы жарық көрді. Кітаптың алғы сөзін жазған республикамызға кеңінен танымал ғалым Шериаздан Елеукенов еңбекке: «Жас зерттеуші еңбегінің тағы да бір аталып өтілуге тиісті жері – оның жазушы публицистикасын ғылыми кең арнада зерделей білгендігі. Ол Әуезов қаламынан туған әр мақаланы журналистика тарихындағы оқиға деп бағалайды да, оның туу, жазылу тарихын, тақырыбын, мазмұнын сол кездегі қоғамдық-саяси жағдай фонында, публицистің яки мақала авторының өмірбаянымен, тіпті жазушының көркем повестерінің дүниеге келуі жайымен тығыз байланыстырады. Осының нәтижесінде Мұхтар Әуезов публицистикасының алғашқы он бес жылының жемісі көз алдыңа жайнап шыға келеді. Оның бер жағында сол бір кездердегі қазақ баспасөзінің ахуалына қанығамыз»,-деп өте жоғары баға береді.

Шынында да автордың, М. Әуезовтың публицистикасын, оның ішінде алғашқы шығармаларын талдап көрсетуге, тың ойлар айтып, батыл шешімдер жасауға жан-жақты дайындықпен келгенін, кітапты толық оқып, зерделеп шыққан соң көзіңіз жетеді. Мәселен, бұрын белгілі себептерге байланысты заңғар жазушының «Алаш», «Сарыарқа», «Абай» газет-журналдарында жарияланған алғашқы еңбектері туралы аз айтылады, немесе мүлде ауызға алынған жоқ.

Бірақ, сол алғашқы мақалаларының өзінде-ақ, жас Мұхтар қазақ халқына өзіне кім екендігін байқатып үлгерген. Ол «Алаш» газетінде жарияланған тырнақалды «Қазақтың өзгеше мінездері» мақаласында-ақ сол уақыттағы қазақ арасындағы ірі қоғамдық құбылыстар жайлы сөз қозғап, халық тұрмысының өсіп-дамуы жағдайларын әңгімелеп және соған келтіріп отырған «ұйымсыздық, күндестік, парақорлық, партия, әділетсіздік, әйелдің жолы» деген сияқты түрлі кесел-кемшіліктерін сынап, оның себептерін, сол дерттерден арылудың жолын іздейді.

Ал, жас Мұхтардың екінші бір алашорда басылымы болған «Сарыарқа» газетінің беттерінде «Адамдық негізі - әйел», «Оқудағы құрбыларыма», «Қайсысын қолданамыз» сияқты публицистикалық мақалалары жарық көрген. Мәселен, осы  «Адамдық негізі - әйел» мақаласы жайында сырлы әдебиет бетінде болмай, жалпы газет, журнал мақалаларынан басталды. Ең алғашқы баспаға шыққан статьям «Сарыарқа» газетінде: «Адамдық негізі - әйел» деген нәрсе еді...» деп жазған ғой.

Кезінде М. Әуезов жалпы ғылым, білім, ілім жайында да ірі-ірі проблемалар көтеріп, басқаларға жөн-жосық көрсете алған. Бұл туралы кітап авторы былай деп жазады: «Журналдың («Абай» журналын айтып отыр.-Қ.А.) бірінші санында басылған «Ғылым» атты мақаласында Әуезов адамзат тарихынан мысалдар келтіріп, ғылымның қалай пайда болғанын баяндайды. Сөйтіп, ғылымның зор тәжірибеден, өмірлік қажеттіліктен туғанын нанымды дәлелдейді. «Шын ғылым жолына түсінсе, шын көздеген мақсаты адамдық, ақтық болар еді» - деген жолдар арқылы қаламгер ғалымның тіршілікте атқарар қызметінің айрықша екендігін көрсетеді. Бұл мақалада да адамшылық, ағартушылықты негізгі лейтмотив етіп ала отырып, публицист өзінің саяси-әлеуметтік көзқарасын танытады».

Осы және М. Әуезовтың 30-жылдарға дейінгі шығармашылығы кітаптың алғашқы «Мұхтар Әуезов публицистикасындағы қоғамдық-саяси көзқарастың қалыптасуы» деген бөліміне кірген. Ал «публицист шеберлігі» деп аталатын екінші бөлімде 30-жылдардан кейінгі, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы, және одан кейінгі кезеңдегі толыққан, шыныққан, кемерінен асып түсіп жатқан шын мәніндегі қайраткер қаламгердің публицистика саласындағы тұтас та, құнды шығармалары туралы сөз болады.

Бір сөзбен айтқанда, бұл оқулық-монография келешекте М. Әуезовты танып, білем деген студенттерге ғана емес, мен қазақпын деген бүкіл оқырманға жолбасшы, өткен тарихтан хабаршы бола алатын құнды еңбек деп бағалауға тұратын ізденістің қорытындысы дерлік.

 

3. Парасаттылық парызын пайымдау

 

Филология ғылымының кандидаты, доцент Т. Бекниязовтың «Қазақ университеті» баспасынан үстіміздегі жылы жарық көрген монографиясы «Парасат пен парыз» деп аталады. Зерттеушінің бұл еңбегінде халқымыздың рухани көркемсөз әлемі мен оның тұлғалары туралы баяндалады.

Төрегелдінің бұдан басқа да сонау 1973 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, алғаш еңбекке араласқаннан бергі ширек ғасыр ішінде республиканың баспасөз беттерінде ғылыми мақалалары мен әңгіме, очерк және жоғары оқу орындарының филология, журналистика факультеттері студенттеріне арналған көмекші оқу құралдары, материалдары жарияланып, кітап болып шыққан.

Ол еңбек жолын Қазақ радиосында редактор болып бастап, одан соң бес-алты жыл бойы аға газетіміз «Егемен Қазақстанның» мектебінен өткен. Осында жүргенде Т. Бекниязовтың 1978 жылы «Жалын» баспасынан балаларға арналған «Сырғанақ» атты тұнғыш әңгімелер жинағы жарық көрді.

Т. Бекниязов ғылымға 1985 жылдан бастап араласа бастады. Ол 1993 жылға дейін Қазақстан Ғылым академиясының М. Әуезов атындағы  Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер бола жүріп, кандидаттық диссертация қорғады. Соның нәтижесінде 1996 жылы «Әдебиеттану терминдерінің сөздігі» (авторлар ұжымы) және 1997 жылы «Кейіпкердің адамгершілік проблемасы» деген монографиясы дүниеге келді. Бұл еңбектердің  қазіргідей егемендік алып, рухани байлықтарымызды қалпына келтіріп жатқан кезеңде жұртшылыққа қажеттігі айтпаса да түсінікті.

Алғашында Басқару академиясында қазақ тілі мен фольклордан дәріс берген. Т. Бекниязов өзі білім алған алтын ұясы - Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетінде ұстаздық қызметін жалғастырып жүр, бүгінде доцент.

Міне, ол осылайша жемісті еңбек етуде. Осы жылдар аралығында факультет студенттеіне «Журналистика терминдері», «Еуропа журналистикасының тарихынан», «Журналистің творчестволық лобораториясы»  атты көмекші оқу құралдары мен әдістемелік талдаулары басылып шықты. Оған қоса студенттерді журналистикада баулып, қазақ радиосынан берілетін «Сана» радиохабарында жетекшілік етіп келеді. Бұл ҚазМҰУ - дің өзінде құрылған студия.

Публицист ретінде де Төрегелдінің тариғи тұлғаларға арналған эсселері газет-журналдарда жарияланып жүр. Бұл орайда Қорқыт, Бабыр сияқты бағзыда өткен бабаларымыз туралы оның қызығушылықпен қалам тербеуі құптарлық. Ал Төле, Қазбек, Әйтекелермен бірге жүрген Мүсірәлі (Софы Әзиз) әулие туралы, сондай-ақ әйгілі «Кенесары- Наурызбай» дастанын жазған Нысанбай жырау мен Кенесары қолбасшыларының бірі болған Бұқарбай батыр жайында тың деректер, айтарлықтай мағлұматтарды халқымызға ұсынуы да игі нышан.

 

 

4. Т. Бекниязовтың кітабы хақында

 

Журналистік, онан кейін жазушылық жолдан өткен Төрегелді Бекниязов ғылымға 1985 жылдан бастап араласа бастады. Ол 1993 жылға дейін Қазақстан Ғылым академиясының М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болып жүріп, кандидаттық диссертация қорғады. Соның нәтижесінде 1996 жылы «Әдебиеттану терминдерінің сөздігі» (авторлар ұжымы) және 1997 жылы «Кейіпкердің адамгершілік проблемасы» деген монографиясы дүниеге келді. Араға жыл салып «Парасат пен парыз» атты екінші бір зерттеуі оқушысының қолына тиді. Сондықтан бұл еңбектердің қазіргідей егемендік алып, рухани байлықтарымызды қалпына келтіріп жатқан кезеңде жұртшылыққа қажеттегі айтпаса да түсінікті.

Ұстаз ретінде алғашында ҚР Басқару академиясында қазақ тілі мен фольклордан дәріс берген Т. Бекниязов қазір бір кездері өзі білім алған алтын ұясы - әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің журналистика факультетінде доцент, деканның орынбасары.

Осы жылдар аралығында оның факультет студенттеріне арналған «Журналистика терминдері», «Еуропа журналистикасының тарихынан», «Журналистің творчестволық лабораториясы» атты көмекші оқу құралдары мен әдістемелік талдаулары басылып шықты.

Біздің қолымызға қалам алдырып, мақала жазуға итермелеген басты себеп – Т. Бекниязовтың өткен жылы «Қазақ университеті» баспасынан шыққан «Өмірге құштарлық» атты мазмұнды да көлемді монографиялық әрі шығармашылық бағыттағы еңбегі болып отыр. Себебі, мұнда оның ширек ғасыр ішінде жазған зерттеулері мен сыни мақалалары, повестері мен әңгімелері және очерктері жинақталып берілген. Сондықтан көлемі 21 баспа табақ бұл кітап оның өз оқырмандары алдындағы есеп беруі немесе өткен еңбек жолының бір қорытындысы, түйіні сияқты.

Еңбектің бірінші бөлімінің алғашқы тарауы «Журналистика жайынан» деп аталады. Онда «Жазушылар және қазақ публицистикасы», «Шоқан бастаған жолсапар очеркі», «Байтұрсыновтың «көсемсөз» ұғымы туралы», «Тұлғалар жайлы жазбалар», «Жаңашыл журналистика жолында», «Журналистің шығармашылық ізденістері хақында», «БАҚ, заң, ұлттық тәрбие» және «Меруерт – «Қыз Жібек» деген тақырыптар қамтылған.

 «Жазушылар және қазақ публицистикасы» деген зерттеуінде автор қазақ публицистикасының пайда болу, қалыптасу, даму кезеңдерін сөз етеді. XIX ғасырдың екінші жартысындағы Шоқан, Ыбырай, Абайлардан бастап,  XX ғасырдың басында олардың ізбасарлары болған Ахмет, Әлихан, Міржақып, Жүсіпбек, Шәкәрім, Сәкен, Ілияс, Бейімбеттермен қатар, XX ғасырдың  ірі тұлғалары – Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабидендердің бұл салада сіңірген еңбектерін паш етеді. «Шоқан бастаған жолсапар очеркінде» автор Шоқанның бұл салада тұңғыш болғандығын оның «Жоңғария очеркінен», «Іле өлкесінің географиялық очеркі», «Қырғыздар туралы жазбалары» очерктерінен нақты мысалдар келтіре отырып дәлелдейді. Соған орай мақаласында «Сайып келгенде, Шоқан шығармалары аса мазмұнды, ойға бай, көркемдігі шырайлы болып келеді. Бұған қоса оның публицист ретіндегі аңғарғыштығы, терең ойлылығы, өз заманының қыр-сырын жан-жақты толғаныспен жаза алатын қалам-қарымы тәнті етпей қоймайды. Бұл солай болу керек екені де ақиқат. Себебі, Шоқан біртуар тұлға, аса сирек дарын иесі. Ол - өзінің ұлылығын өзі дәлелдеп кеткен! Оған соңында қалған құнды да, бай мұрасы куә», - деп аяқтайды.

Осы еңбегінде автор халықаралық термин «Публицистика» деген ұғымның қазақшасын «көсемсөз» деп берген. Бұл туралы автор кітабында «...   Ахаңның ғасыр басында публицистика терминін «көсемсөз» деп қазақи балама тапқанның өзі неге тұрады! Мұнда тапқырлыта айқын көрініп тұрған жоқ па? Мән-мазмұн да қабысып жатыр. Ғылыми тұрғыда бұған өзге пікір айту қиын. Мүмкін, болашақта осыған орай басқа да балама ұғым табылып қалар, бірақ әзірге Ахаңнан артық публицистика атауын тауып тұрмағанымызды да лажсыздан мойындауға тура келеді. Ендеше, бұл бүгінгі журналистиканың да ізденістік міндеті болып шығады. Ахаң негіздеген ұғым мәңгілік қала бермек!», - деп жазады.

Кітаптың бірінші бөлімінің екінші тарауы «Әдебиет әлемінен» деп аталып, онда «Проза: классиктер үлгісімен», «Әуезовке арналған роман-эссе», «Ақтаңдақтар ақиқаты», «Майдан жырлары», «Халық пен тарих бейнесі», «Тіршілік һәм тартыс», «Елдік тағылымы», «Шығыс әдебитінің зерттеушісі», «Сырдағы жырды жинаған», «Жас кейіпкер әлемі» деген сын мақалалар топтастырылып берілген.

«Проза: классиктер үлгісімен» зерттеуінде автор қазіргі қазақ повестеріндегі қаһарман проблемасы туралы: «Қазіргі қазақ жазушылары өздерінің повестерінде алдыңғы классиктерімізден үлгі ала отырып, бұл күндері қаһарман образын жасауда жан-жақты суреттеу тәсілдерімен таңылып келеді. Олардың өзге ұлт әдебиеттеріндегі секілді өзіндік суреткерлік машығы, көркемдік-эстетикалық қуаты, поэтикалық бейнелеу құралдары қалай зерттеуге де негіз бола алады. Айталық, С. Мұратбековтың, Ә. Кекілбаевтің, М. Мағауиннің, Ә. Таразидің, Қ. Жұмаділовтің, Д. Досжановтың, О. Бөкеевтің, М. Сүндетовтың, т.б. шығармалары атап айтуға тұрарлық. Олардың: «Қалың қар», «Шеткері үй», «Құс қанаты», «Өткінші», «Тілегімді бере гөр», «Сайтан көпір», «Қар қызы», «Гармония, симметрия және Марат», т.б. аталатын повестері қазақ әдебиетінің жетістігі саналады...», - деп ой қозғайды.

Мұны тиянақты дәлелдеп шығу үшін Ә. Таразидің «Дауа. Жеті. Қырық жеті», С. Мұратбековтің «Қалың қар», О. Бөкеевтің «Атау кере» шығармаларын, ондағы негізгі қаһармандар бейнесін талдап, оқырмандар назарына ұсынады.

«Әуезовке арналған роман-эссе» мақаласында академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың өзінің ұстазы Мұхтар Әуезов туралы жазған «Менің Әуезовім» атты роман-эссесіне жан-жақты тоқталса, «Ақтаңдақтар ақиқатында» академик Серік Қирабаевтың «Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері» деп аталатын монографиясын жүйелі түрде талдайды.

Т. Бекниязовтың «Өмірге құштарлық» кітабының екінші бөлімі «Шығармалар» деп аталып, онда повестері мен очерктері берілген. Оның «Мәңгілік пен махаббат» және «Менің атам батыр болған» деген екі повесі де бізге тілінің шұрайлылығымен ұнады.

Алғашқы шығарма мәңгілік өлмес махаббат тақырыбына арналған. өмірдің өзінен ойып алынған Сәулет-құрылыс академиясын бітіріп, Ұлыдария үстінен салынып жатқан көпірге қызметке жіберілген Ақнұр мен сол құрылыста инженер болып істейтін Бекеннің арасындағы достық пен сыйластық шынайы махаббатқа айналып, жоғары адамгершіліктің символын танытады.

Бірақ, өмір бар жерде қуаныш пен қайғы-қасірет те қатар жүреді емес пе?! Міне, сөйтіп талапкер сәулетші, Қадырхан бабасының мүсінін жасап елді елең еткізген, өзінің адал махаббатымен Бекен сияқты жайсаң жігіттің жүрегін баурап алған Ақнұр сынды ару қараниетті қорқаулардың қолынан қаза тапса да, оқырмандарының көз алдына жастық пен махаббаттың мәңгілік көрінісіндей болып қала берген.

«Менің атам батыр болған» повесі балалар өмірінен жазылған. Етек-жеңі ықшам. Мұнда осыдан 56 жыл бұрын аяқталған соғыс жаңғырығы бар. Бесінші сынып оқушысы, кішкентай ғана Ермектің бір кездері Белоруссияда ерлік жасап, батыр атанған нағашы атасының орденін өзі сияқты оқушылардың көмегімен табуы шығармада нанымды бейнеленген.

Бұл кітапқа Б. Бекниязовтың повесть, әңгімелерімен қатар «Абырой», «Замандас шаттығы», «Теңіз толғауы», «Парасат», «Сенім», «Арман асуы» деп аталатын біраз очерктері де енгізілген. Бұл шығармалар негізінен автордың кезінде «Социалистік Қазақстан» газетінде тілші болып қызмет істеп жүргенде жазған туындылары. Онда егінші, малшы, шахтер, мұнайшы, болат балқытушы туралы өмір суреттері берілген.

Ғалым, жазушы, публицист Т. Бекниязовтың бұл еңбегі сәтті шыққан. Кітаптың әр бөлімінде түрлі мәселелер қозғалса да оның саяр ойы біреу-ақ. Ол тәуелсіз еліміздің, өткені мен бүгіні және ертеңі туралы сенімді уәжге құрылған шығармашылық жарқын ойлар.

 

 

5.  Марапаттауға лайық шығармалар

 

(Ерлан Мұхтарұлы Арынның тікелей басшылығымен немесе жеке авторлығымен жарық көрген басылымдар мен публицистикалық еңбектер туралы)

 

3-томдық «Қазақ мәдениеті» атты энциклопедиялық басылымның алғашқы томы «Қазақ тілі» деп аталады. Бұл басылымда 900-ге жуық ұғымдар мен терминдер, 400-ден аса тілші-ғалымдар жайлы есімнамалық мақалалар енген; 100-ге тарта суретпен және 80-ге жуық суретті дүниеліктермен толықтырылған.

«Қазақ тілі» энциклопедиясы мемлекеттік тіл жөнінде мол мағлұмат беретін: «Қазақ тілі», «Қазақ тіл білімі», «Ұлттық тіл», «Ана тілі», «Мемлекеттік тіл» білімі түркітану ғылымының бір саласы болғандықтан, түркі тілдерінің генетикалық, құрылымдық сипатын айқындайтын тарихи жазба ескерткіштерге («Орхон ойма жазулары», «Енисей ойма жазулары» (А. Аманжолов), («Көне ұйғыр жазба ескерткіштері» және «Ескі қыпшақ жазба ескерткіштері») арналған біршама еңбектер енгізілген. М. Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегі мен қыпшақ тілдерінің, оның ішінде қазақ тілінің қатысы бар басқа да еңбектер толық берілген. Сонымен қатар «Әлеуметтік тіл білімі», «Тіл», «Тілдік норма», «Тілдік орта», «Тілдердің қарым-қатынастар», «Тілдік жағдай», «Тілдердің топтастырылуы» сияқты тіл білімі ұғымдары да енгізілген. Түркі тілдерінің ерекшеліктерін зерттеуге зор еңбек сіңірген орыс ғалымдары, сондай-ақ қазақ тілінің жан-жақты зерттеліп, дербес ғылымға айналуына үлес қосқан зиялылары Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедов, Жүсіпбек Аймауытов, Қошке Кемеңгеров және тағы басқа ғалымдар жайлы мағлұматтар берілген.

«Қазақ әдебиеті» энциклопедиясы сөз өнерінің, әдебиет пен әдебиеттану ғылымының барлық жанрларын, салаларын қамтитын еңбек болып табылады. Әдебиетіміз туралы сан салалы дерек-мағлұматтарды жинақтап, жүйелі түрде баяндап, ұлттық әдебиетіміз туралы тұтас түсінік қалыптастыратын қомақты еңбек. «Қазақ әдебиеті» энциклопедиясына енгізілген көптеген ғылыми мақалаларда қазақ сөз өнерінің ежелден қалыптасқан дәстүрлерін, ауызша және жазба әдебиетінің қамтитын сипатын, ұлттың өзгешелігін, қоғамдық, танымдық, көркемдік мәнін ашуға жан-жақты мән берілген. 15-18 ғасырлардағы жыраулар поэзиясына, ертегі аңыздарға, батырлық, ғашықтық жыр-дастандарға ерекше назар аударылған. Қазіргі қазақ поэзиясына да тоқталған. Оның жетістіктері нақтылы талданып баяндалған. Соңғы жылдары қалыптасқан ғылыми ұғым-терминдердің маңыздылығы жан-жақты көрсетілген.

«Қазақ өнері» энциклопедиясы жалпы мәдениетпен танысқысы келетін қалың оқушылар қауымына арналған әмбебап басылым. Ұлттық өнеріміздің даму процесі, оның сан ғасырлық тарихи жолын көрсететін энциклопедиялық еңбек. Бұл басылымда ұлттық қолданбалы өнер музыка және би, сәулет пен бейнелеу, XX ғ. өмірге келген кәсіби театр мен балет, кино мен цирк және эстрада өнерінің қалыптасуы мен оның жетістіктері, түркі тілдес елдер өнерімен туыстығы және өзара тығыз байланысты жайында жазылған мақалалар кең қамтылған. Сонымен қатар қазақ жерін мекендеген өзге ұлт өкілдерінің өнері жайлы мағлұматтар берілген. Ғасырлар бойы қалыптасқан өнеріміздің дамуына, өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосқан атақты мәдениет қайраткерлері жайлы қысқаша ғұмырнамалық мақалалар енген.

«Алды-артыма қарайлап өмір кештім» және «Әулиедей ұлын елейді ел» атты екі тараудан тұратын Өзбекәлі Жәнібеков туралы қомақты еңбекті атамай өтуге болмайды. Алғашқы бөлімде Өзбекәлі Жәнібековтың қазақ халқының ұлы перзенттері Қаныш Сәтбаев, Нұртас Оңдасынов, Ілияс Омаров және басқалар туралы жазбалары беріледі. Екінші бөлімде Өзбекәлі Жәнібеков туралы белгілі азаматтардың құнды еңбектері жарияланған.

2001 жылы Мұхаметжан Тынышбаевтың баяндамалары мен мақалаларының жиынтығынан тұратын таңдамалысы шығарылды. Мұхамеджан Тынышбаевтың тарихшы ғалым ретінде жазған еңбектері екінші бөлімде жинақталған. Үшінші бөлімде Мұхамеджан Тынышбаевтың өмір баяны мен қызмет жолына қатысты материалдар берілген.

Келесі еңбек Темірбек Жүргеновтің таңдамалысы. Кітаптың алғашқы тарауында Жүргеновтің әр жылдары жазған мақалалары, екінші тарауында кітаптарынан үзінділер берілген.

Сондай-ақ, Е. Арын Ілияс Омаровтың шығармаларын басып шығаруға көп үлес қосқан. Еңбекте қазақ халқының әдебиеті мен мәдениеті, өнері сөз болады.

Е.М. Арынның басшылығымен жарық көрген келесі бір 9-томдық «Қазақтар» анықтамалығы көпшілік оқырман қауымға арналған құнды еңбек. Анықтаманың бірінші томы «Тарихи оқиғалар» деп аталады. Онда Қазақстан территориясындағы алғашқы тайпалық одақтардан бастап, қазақ хандығының құрылуы, тәуелсіздік алу жолдары қарастырылады. Екінші томында «Тарихи тұлғалар» деген атпен халқымыздың аяулы перзенттерінің ғұмырнамалары берліген. «Шежіре» деп аталатын үшінші томында қазақ халқының белгілі шежіре тарқатушылары мен ғалым-зерттеушілерінің еңбектерінің мәтіндері топтастырылған.

«Асыл сөз» деген 4 томында халқымыздың аталы сөздері берілген. «Ата салт» деп аталатын 5 томы халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріне, алтыншы том «Қазақ» сөзінің шығу төркініне, жетінші томы қазақ даласын зерттеген шетел саяхатшылары мен зерттеушілердің шығармаларына арналған. Сегізінші «Атажұрт» томында жер-су аттарына анықтама беріліп, олардың шығу төркініне тоқталады. Соңғы тоғызыншы том қазақ тарихының түрлі кезеңдеріне арналып жарияланған басылымдар мен мақалалардың библиографиясынан тұрады.

 Е.М. Арын басылым беттеріне де түрлі тақырыптарда мақалалар жариялаған. Атап айтсақ «Киелі жердің дарынды перзенттері» атты мақаласында Ертіс өңірінің аяулы тұлғалары  Қ.И. Сәтбаев, Ә.Б. Бектұров, Ә.Х. Марғұлан және тағы басқалар туралы мәліметтер береді. Өз өлкесінің мәдени және қоғамдық өмірінің жанашыры болған Мұса Шорманұлы жайлы «Халқына қамқор болған Мұса мырза» деген мақаласы жарық көрді. «Іскер басшы, парасатты педагог» атты Әбікей Сәтбаев туралы мақаласы, ғалым Х.Ж.Жұматовтың 90-жылдығына арналған «Ғылымда үлесі мол еді», академик С.Б. Бейсембаевтың 90-жылдығына арналған «Тарихи ғылымның тұлғалы өкілі», Ш.Ш. Шөкиннің 90-жылдығына арналған «Қаһарман ғалым», академик Ә.Б. Бектұровтың мерейтойына арналған «Ғалым болашаққа көз жіберіп, бүгінгісімен өмір сүреді» атты мақалаларының қоғамымыздан алар орны ерекше.

Қорыта келгенде қазақ халқының тарихын, мәдениетін, өнерін қамтитын еңбектерді дүниеге келтірген, қазақ халқының ұлы перзенттері туралы публицистикалық еңбектер жазған Е.М. Арынның рухани байлығымызды одан әрі дамытуға қосқан үлесі өте мол.

 

 

 

 

 

 

 

Е.М. Арынның жалпы басқаруымен 1998 жылы «ІРК-ТІПО» баспа-редакциялық орталығынан «Қазақтар. Казахи» деген ортақ атпен шыққан көпшілікке арналған 9 томдық анықтамалық хақында

 

 Анықтаманың бірінші томы «Тарихи оқиғалар» деп аталады. Онда біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырдан күні бүгінге дейінгі Қазақстан тарихының негізгі кезеңдері жинақталып берілген. Сонау сақтардың тайпалық одақтарынан бастап Қаңлы мен Үйсіндердің мемлекеттік құрылымдары, Ұлы Түрік және Түргеш қағанаттары, дешті-Қыпшақ мемлекеті, Қазақстанда моңғолдардың жаулап алуы, Қазақ хандығының құрылуы, ақыры ұзақ та қиындығы мен зардаптары мол ғасырлардан соң тәуелсіздікке қол жеткен жылдарды көрсететін деректер кімді болсын селқос қалдырмайды.

Ал «Тарихи тұлғалар» деп аталатын анықтаманың екінші томында қазақ халқының сақ дәуіріндегі ата-бабаларынан бастап күні кешеге дейін ел қамы үшін жан аямай ел есінде қалған Күлтегін, Қорқыт, Әбунасыр Әл-Фараби, Абылай хан, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Кенесары хан, Әлихан Бөкейханұлы, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов, Бауыржан Момышұлы, Қаныш Сәтбаев және тағы басқалардың ғұмырнамалары берілген.

Анықтаманың үшінші томы «Шежіре» деп аталады. Онда қазақ халқының белгілі шежіре тарқатушылары мен ғылым-зерттеушілері Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Қазақ шежіресі», Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі», Мұхамеджан Тынышпайұлының «Қазақ руларының шежіресі», Сәрсен Аманжоловтың «Қазақ халқының негізін құраған тайпалар мен тайпалық одақтардың тарихына байланысты» деген еңбектерінің толық мәтіндері берілген.

«Асыл сөз» қазақтар кітабының  4 томы. Мұнда ғасырлар бойы жинақталған халқымыздың аталы сөзінің мәйегі берілген. Мәселен, Ж. Баласағұнидың «Нағыз адамның белгісі - кісілік», М. Қашқаридың «Тау тауға қосылмас, адам адамға қосылады», «Кәрі ақсайды ақылдан, ер ақсайды жақыннан», О. Сүлейменовтың «Әлсіз де өлер, қайтесің, алып та өлер», Б. Момышұлының «Отан үшін отқа түс - күймейсің», М. Арынның «Ұлттық рухты жоғалтпауымыз керек, оны өзгертем деп әуре болудың қажеті жоқ» деген ұлағатты сөздері мәңгі ұмытылмас рухани мұра екендігіне дау жоқ.

Сондай-ақ «Қазақтар» кітабының бесінші томы «Ата салт» түгелдей халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүріне арналған. Онда негізінен ырым-сенімге байланысты «Ажырасаяқ», «Азан», «Азан шақырып ат қою», ойын сауыққа орай «Ақсүйек», «Алтыбақан», «Аңшылар», «Арқан тартыс», «Асық ойындары» сияқты екі жүзге таяу тақырып қамтылған.

«Қазақтар» анықтамасының алтыншы томы «Қазақ» сөзінің шығу төркіні туралы» деп аталады. Көпшілікке белгілі ғалым-зерттеушілер М. Ақынжановтың «Қазақ халқының аты туралы дерек», М. Арынның «Төртінші анық, тарих», Б. Кенжебаевтың «Қазақ», Ә. Марғұланның «Тамғалы тас» жазуы. Орта ғасырда қазақша тасқа бедерленген белгілер», В. Шахматовтың «Қазақ халқының этногенезі мәселесіне орай» сияқты еңбектері «қазақ» сөзінің шығу төркінін жан-жақты зерттеп, оқырманына мол мағлұматтар береді.

«Қазақстан һәм қазақтар хақында». Бұл «Қазақтар» кітабының жетінші томы. Кезінде Ұлы даланың қасиетті жеріне талай шетел саяхатшылары мен зерттеушілерінің табандары тиген. Олар қазақтар туралы шындыққа толы шығармалар жазып, қазақтардың елі, жері, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі туралы өз таңданыстарын жасыра алмаған.

«Атажұрт» ұғымы кімді болсын бей-жай қалдырмайтыны анық. Сондықтан да болар бұл тақырыпқа анықтамалықтың сегізінші томы толықтай арналыпты. Мұнда негізінен елімізде ертеден қалыптасқан жер-су аттарына анықтамалар беріліп, сол атаулардың шығу төркіндеріне түсініктемелер беріледі. Әсіресе, бұл жас ұрпақтар үшін топонимикалық және ономастикалық терминдердің сырын түсінуге ерекше ықпал етеді.

«Қазақтар» анықтамасының соңғы тоғызыншы томы қазақ халқы тарихының түрлі кезеңдеріне арналып жарияланған басылымдар мен мақалалардың библиографиялық көрсеткіштеріне арналған. Бұның өзі мемлекетіміздің өткен тарихын зерттеп, білігісі келетіндер үшін таптырмас білім көзі екендігіне дау жоқ.

Қорыта келгенде осыдан төрт жыл бұрын, небәрі 3-ақ мың тиражбен жарық көрген бұл анықтамалық бүгінгі таңда тек ғалымдар мен жоғары оқу орындары студенттерінің ғана емес, көпшілік оқырманның да іздеп жүріп оқитын энциклопедиялық басылымдарына айналып отыр. Себебі, әрқайсысы 25-30 баспа табақ көлемнен тұратын бұл еңбекте қазақ халқының ұзақ ғасырларға созылған тарихы, шежіресі, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі, өткені мен бүгінгісі және ертеңі жатыр.

Сондықтан бұл еңбек, оның жалпы редакциясын басқарған Е.М. Арын қандай да бір болмасын марапаттауға, сыйлық иегері атануға әбден лайық тұлға деп білеміз.

 

Е.М. Арынның басшылығымен «Арыс» баспасынан шыққан Өзбекәлі Жәнібек, Темірбек Жүргенов, Мұхаметжан Тынышбаев,

Ілияс Омаровтардың таңдамалы шығармалары жайында

 

1.Халқымыздың аяулы ұлдарының бірі, кеше ғана арамыздан кеткен қоғам қайраткері әрі ғалым, этнограф Өзбекәлі Жәнібек туралы 1999 жылы «Арыс» баспасынан жарық көрген 16,5 баспа табақ бұл еңбек «Алды-артыма қарайлап өмір кештім» және «Әулиедей ұлын елейді ел» деген екі бөлімнен тұрады.

Алғашқы бөлімде автордың кезінде қазақ халқының ұлы перзенттері  Қаныш Сәтбаев, Нұртас Оңдасынов, Ілияс Омаров, Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаев, Нұрмолда Алдабергенов және тағы басқалар туралы жазған, бұрын баспа беттерін көрмеген жүрек жарды жазбалары топталып берілген.

Ал, екінші бөлімде болса, керісінше кітап авторы туралы Әбіш Кекілбаевтың «Өмірлі өнеге», Михаил Есенәлиевтің «Ұлтын ұлықтаған азамат», Манаш Қозыбаевтың «Өзбекәлі хақында», Ерлан Арынның «Қазақтану ғылымының қара нары еді» және басқа да көптеген белгілі азаматтардың  Өзбекәлі Жәнібек туралы құнды-құнды естеліктері жарияланған.

2.Қазақстан даму институты мен репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қорының екінші бір елеулі еңбегі ол бүкіл Орта Азия мен Қазақстанға белгілі қоғам қайраткері, Алаш азаматы Мұхамеджан Тынышбаевтың таңдамалысын шығарды.

Бұл құнды кітап 2001 жылы «Арыс» баспасынан 20,7 баспа табақ көлемінде 1000 дана тиражбен шығарылған. Онда Мұхамеджан Тынышбаевтың түрлі жиындар мен баспасөз беттерінде жасалған баяндамалары мен мақалаларының мәтіндері жинақталып берілген.

Мысалы, «Его превосходительству господину председателю комитета министерств», «Киргизы и освободительное движение» атты баяндамалары мен «Қазақ» газетінде жарияланған «Аспанда ұшып жүретін машина һәм Европа соғысы», «Соғыс кемелері һәм мина», «Темір жол һәм Европа соғысы» мақалалары XX ғасыр басындағы еліміз бен шетелдердегі саяси жағдайлардан хабар беретін еңбектер.

Ал, бұл арада Мұхамеджан Тынышбаевты тарихшы ғалым ретінде жұртқа кеңінен танымал қылған, мән-мазмұнын күні бүгінге дейін жоймаған «Түрік-моңғол тарихы», «Мырза Едіге батыр», «Материалы к истории киргиз-казахского народа», «Ақтабан шұбырынды» сияқты еңбектері екінші бөлімге жинақталып берілген.

Үшінші бөлімде болса  Мұхамеджан Тынышбаевтың өмір баяны мен қызымет жолына қатысты қосымша материалдар орналастырылған. Бұл арқылы кез-келген оқырман өзіне қажетті материалдарды көп қиындықсыз тауып алуына жағдай жасалған.

3.«Арыс» баспасынан 2001 жылы шыққан тағы бір айтулы еңбек, ол 13,9 баспа табақ көлеміндегі, 1000 дана таралымды Темірбек Жүргеновтың таңдамалысы. Алғы сөзді экономика ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Арын мен «Арыс» қорының президенті Ғарифолла Әнес жазған.

Кітаптың алғашқы тарауы «Т. Жүргеновтің әр жылдары жазылған мақалалары» деп аталады. Онда негізінен оқу-ағарту мәселелеріне көп көңіл бөлінген. Мысалы, «Мектеп жұмысындағы кемшіліктерді жою», «Мектептің түрі, тілі туралы», «К задачам нового педвуза КССР» деген мақалаларынан сол кездің басты проблемаларын көреміз.

Ал, «Темірбек Жүргеновтің кітаптарынан үзінділер» деп аталатын екінші тарауда болса, заманында бүкіл Түркістанға белгілі қайраткер ретінде танылған біртуар азаматтың «Проблема административно-хозяйственного районирования СССР и Казахстана», «Год работы Казахского высшего педагогического института», «Қазақстанда сауатсыздықты жою жұмысы туралы», «Мектептің түп кемшіліктері үшін күрес», «Қазақстандағы мәдениет революциясы» атты ұлағатты мол еңбектерінен үзінділер беріліп, оларға бүгінгі күн тұрғысынан қорытындылар жасалады.

4.«Қайраткер, ойшыл, азамат» деп алғы сөзін экономика ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Арын жазған, өткен жылы ғана 90 жылдығын бүкіл Қазақстан тойлап өткен Ілияс Омаровтың шығармалары «Арыс» баспасынан 2001 жылы 14,1 баспа табақ көлемінде, 1000 дана таралыммен өз оқырмандарына жеткен.

Кітаптың негізгі бөлімі «Әр кездегі мақалалары мен жазбалары» деп аталады.

Еңбекте қазақ халқының әдебиеті мен мәдениеті, өнері сөз болады. Мәселен, «Өскен елдің өзіне лайық музыкасы болсын», «Кітап – мәдениеттің қуатты құралы», «Ескі мұра жаңа мазмұнда», «Ана тіліміз жөнінде» және тағы да басқа осы тақылеттес алуан тақырыптың басын құрайтын мақалалар мен жазбаларда автордың туған халқының рухани байлығына деген жанашырлығы  байқалады. Ол өз халқын жанындай сүйеді. Оған көлеңке түсіргісі келмейді.

Ал кітаптың соңында берілген «Қосымшалардан» ұлы тұлға туралы Ғ. Мүсіреповтың, оның аяулы жары Гүлшат Омарова мен тұңғыш қызы Энгельсина Омарованың жүрек жарды лебіздерін оқуға болады.

Қорытындылай келгенде жоғарыда сөз болған төрт еңбектің барлығы да бүгінгідей тәуелсіздік туының желбіреуіне үлкен үлес қосқан, жүректері елім, жерім, халқым деп соққан Өзбекәлі, Мұхамеджан, Темірбек, Ілияс сынды нар тұлға азаматтардың еңбектерінің арқасы, ал арада көп уақыт өткен соң олардың соңдарына қалдырған мұраларын жас ұрпаққа жеткізуші «Арыс» қоры және Ерлан Мұхтарұлы Арын сияқты абзал жандардың арқасы екендігін айта отырып, бұл еңбектердің де және оларды жарыққа шығарушылардың да қандай да болмасын жоғары атаққа лайық екендігін айтқымыз келеді.

 

 

7. Шығармашылықтың «шыңы» - шежіре

 

Бұл тақырып соңғы кездері басқа жерлерде қайдам Павлодар облысында оттай жанып, бұрындары бал арасындай тату – тәтті өмір сүріп жатқан ел арасына сызат түсіріп, ру-ру, қала берді ата-атаға бөлініп, бірін-бірі ғайбаттап, билік құру мен атақ-абырой жинаудың құралына айналып бара жатқандай. Мақсат біреу - өз руыңды басқалардан неғұрлым күшті, әлді, айбарлы көрсете білсең солғұрлым басқаларға әмір, бұйрығың жүреді. Өзіңді ақсүйек санап, жаратқанның нұрына малынғандай сезінесің. Сөйтіп, бір күйінгенде «Бұл күнде анау да «ақын», мынау да «ақын» деп Сәкен Иманасов ағамыз айтқандай «Бұл күнде анау да «шежіреші», мынау да «шежіреші» болып тұр.

Естірге құлақ, көрерге көз болса оны дәлеледеу бұл күнде қиын емес, Жазушылар органы «Қазақ әдебиеті», ұлттық апталықтар «Ана тілі» мен «Жас қазақ» газеттерінде және «Қазақстан» арнасының «Күлтөбе», «Тайталас», «31» арнаның «Дода» бағдарламаларында қазақ халқының тарихы, рухани байлығы, тіл, дін, ділі туралы қадау-қадау өткір мәселелер жарияланып, көрсетіліп жатса да содан бір қорытынды шығарып, ел, жер, халық үшін қызмет етейік деп жатқан қоғам, үкімет, оның қарапайым мүшелері де жоқ. Ал қоғам қайраткерлері мен ғалымдар және интеллигенция өкілдері бас-бастарына партия құрып, Абай атамыздың өлеңдері мен Жүсіпбек ағамыздың мақалаларында кездесетіндей қазақ халқына ешбір пайдасыз, ұғымына жат, жеке бастың қамын ойлайтын келеңсіз істермен айналысып кеткен.

Жастары «Атың шықпаса жер өртенің» кебін киіп (Қалмұқан Исабаевтың жағасынан алған руласы немесе Қабдеш Жұмаділовтың етегіне жармасқан қандасы сияқты) болмастың ісін бітіріп жүрсе, ақсақалдары ұлттық емес, рулық құрау – құрау тарих жасауға бейімделіп алған. Ақсақалдар болғанда да кәнігі тарихшылар емес, ең құрмады 77 атасы түгіл 15-20 аталарын толық таратып бере алмай бастары дауға қалып жатқан бұрынғы кеңшар басшылары, партия ұйымының хатшылары, биолог пен химиктер тіпті араларында жүргізушілермен қатар мектеп мұғалімдері де бар.

Осы арада амалсыздан «шежіре» деген не, және «шежіреші» деген кім деген орынды сауал туындайды. «Шежіре» сөзі арабтың «шаджарат» немесе «шәджәре» яғни емен ағаштың тамыры, бұтақ-тармағы деген мағынаны білдіреді. Ал шежіреші дегеніміз осы алып еменнің, яғни халықтың тамырын, бұтақ-тармақтарын, тайпа-руларының шығу тегін, қалыптасу тарихын, құрамын анықтап беруге тиісті ғұлама адам, адамзат баласының 77-і атасын болмаса да 15-20 атасын таратып беруге қауқары бар, әріден бастасақ Рашид-ад-Дин, Ұлықбек, Қадырәли Жалайри, бергісі Шоқан, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Нұржан Наушабайұлы, Мұхамеджан Тынышбаев сияқты біртуар дара тұлғалар болуы керек. Ал құрбеталды ата тек тізбесін жинақтап, оған ешбір түсінік, талдау жасамай сол күйінде шежіре деп халыққа ұсыну надандықтың белгісі. Яғни халықты да надандыру болып табылады.

Бұл тұрғыда сөзіміз орнықты әрі дәлелді болу үшін ең алдымен Шоқан Уәлихановтың «Қазақ шежіресі» еңбегіне тоқталып өтелік. Ұлы ғұламаның: «Қазақтардың ру-руға бөлінуі, бұрыннан келе жатқан дәстүрден ауытқымайды. Олар шығу тектерін таратқанда, ортақ бір кіндіктен өрбитіндерін қатты діттейді. Ру мен ру, жүз бен жүз араларындағы жол-жора бойынша да, үлкен-кіші тәрізді салт-сана ұғымында да, о бастағы, тұқым қуалау әдеті басты шарт болып саналады. Қазақтың қай руы болмасын жүздерден тараған ұрпақ ретінде, ал рулардың өз ішіндегі тармақтары, ноқта ағасы, қарашаңырақ иесі болып жіктеледі. Сол себепті де, қай жүздің болмасын, жолы үлкен-ноқтаұстар ең көне руының өзі шежіре бойынша одан әрі жоғарыда айтқанымыздай қазақ халқы, шығу тегі, құрамы және қалыптасу тарихы туралы барлық мәліметтер кеңінен таратылып, өзіне дейінгі шежірешілердің негізгі-негізгі дегендерінің барлықтары да назардан тыс қалған жан-жақты талдауға түскен. Бұны біздер қазақ тарихының шежіресін зерттеудегі алғашқы ғылыми үлгі деп қабылдап, болашақта оны бағыт-бағдар ретінде ұстануымыз керек.

Ш. Уәлихановтың бұл еңбегін ғылыми тұрғыдан одан әрі жетілдіріп, қазақ халқының XX ғасырдың басына дейінгі шындық тұрғыдағы толыққанды шежіресін жазып беріп кеткен Алаштың ардақты ұлдарының бірі Мұхаметжан Тынышбаев болатын. Енді оның 1925 жылы Ташкенттен шыққан «Қазақ шежіресі» туралы алғы сөзін белгілі қоғам қайраткері И. Тоқтыбаев жазған және тарихи маңыздылығын күні бүгінге дейін жоғалтпай отырған осы бір қысқа да нұсқа шығармада қазақтың «радословие» - шежіресі, «генеология» - ру тарихы толықтай бүге-шігесіне дейін таратылып, тайға таңба басқандай санамалап тұрып көрсетіліп берілген. Мұнда қазақ халқының тарихы бір бөлек, үш орда – үш жүз, оның құрамына енетін ру, тайпа тарихы бір бөлек, қазіргі кезде шежіре деп ұсынылып жүрген тізбе кестесі кітап соңында бір бөлек, ескертпе түзетулермен беріліп отырылған.

Бірақ, өкінішке орай содан, кейін күні кешеге дейін, яғни егемендікке қол жеткізген 1991 жылға дейін, кеңестік қызыл империяның біржақты идеологиясына орай шежіре жазу тәжірибесі мүлде үзіліп қалды деуге болады. Бұл үрдіс тек соңғы 15 жыл ішінде тәуелсіздік заманында қайтадан жаңғырып, тарих ғылымының бір саласы ретінде қолға алына бастады.

Енді мәселенің осы ұштығына көңіл аударсақ, онда мынау деген тарихшылардың өздерінің де соңғы 15 жыл ішіндегі тәуелсіз Қазақстан тарихының зерттелуіне деген көзқарастарының ала-құла екендігіне дау жоқ. Оның үстіне қазір кәсіби тарихшылардың нәпақасын басқа мамандық иелерінің толықтай болмаса да жартылай жаулап алғандықтары жасырын емес. Бұл саладағы мықты мамандар түрлі себептерге байланысты тарих сахнасынан алыстатылып немесе өз еріктерімен кетіп жатса, олардың орнына келіп жатқан кейінгі толқын тарихшылардың кем-кетігі көп болып тұр. Көбісі өмір мектебінен өтпеген, ғылымға кездейсоқ келген, тек атақ-абырой үшін шен-шекпен қуып, бір-бірімен теке-тіреске түскен жаңа қазақтар немесе 60-70-ке келгенде ғалым болуға құштарлықтары оянған кемпір-шалдар. Осы үрдіс облыс орталықтарының жоғары оқу орындарында кең етек жайған.

Бұл туралы біздің жақта халық арасына кеңінен тарап кеткен:

                                       Кемпір ғалым, шал ғалым,

                                       Аямай шашқан бар малын.

                                       Кәрі - құртаң қыз ғалым,

                                       Арнаған жылы - жұмсағын.

 

                                       Депутат деген бар ғалым,

                                       Ашпайтұғын бір жағын.

                                       Магистр деген бар ғалым,

                                       Академиктен асқан, қу залым.

 

                                       Әкім деген бар ғалым,

                                       Тойымы жоқ мес қарын.

                                       Қорғамаған бар ғалым,

                                       Тауып кетіп амалын.

 

                                       Әрбір үйде бар ғалым,

                                       Тексеріп көр сенбесең.

                                       Қайсысы оның шын ғалым,

                                       От басарсың білмесең,-

деген өлең жолдары да бар.

Олар үшін бір-екі жылда кандидаттық немесе докторлық диссертация қорғап, жолында тұрғандарды мейлі ол туған әкесі болсын ретін тауып билік шыңнан терең жарға итере салу түкке тұрмайды. Биік лауазымды тамыр-таныстарын арқа тұтып, ертеректе басқа біреулер қорғаған еңбектің тонын ішіне айналдырып қайта қорғау, немесе қорғаудың оңай жолын іздеп белді де белгілі ғалымдарды бір-бірлеріне айдап салушылық та кездеседі. Сайып келгенде осының барлығы да тарих ғылымының беделін түсіріп, кәнігі тарихшылар жазбаған сапасыз еңбектердің, оның ішінде шежірешілердің көбейіп кетуіне әкеліп отыр. Ең масқарасы олар қарапайым халықтың қазақ тарихына деген наразылығын тудыруда. Сенбесеңіз нақты мысалдарға жүгінейік.

Ұлт газеті «Ана тілі» үстіміздегі жылдың 1,2,4,7 – 10,12,13,14,15,17,18 сандарында журналист Дағжан Белдеубайұлының «Шындықтан тайсаң – шырқын бұзылады» деген ұзақ циклды мақалалар топтамасын жариялады. Бізді тарихшы ретінде ойландырғаны сол автордың: «Еліміздегі ұлтшыл ұйымдардың бірі – халық дабылы қоғамдық қозғалысы өткен жұмада қазақ тарихына қатысты арнайы мәслихат өткізді. Дұрыс-ақ. Дұрыс болатыны – қазақ тарихы атты ақтаңдаққа толы саланы әркім өзінің руына, жүзіне тартқыштап, нәтижесінде – тәуелсіздіктің 15 жылында ұлттық емес, рулық құрау-құрау тарих жасалды. Оның өзі сын көтереді деп айту қиын» деген қысқа тұжырымы болды.

Ал, «Қазақ әдебиеті» газетінің былтырғы, яғни 2005 жылдың 28-қазан күнгі санында жарияланған Баянауылдық еңбек ардагері Алпысбек Әділханұлының «Ес бар ма сенде, Еңсебаев?» атты ашу-ызаға толы, бірақ әділ жазылған мақаласын оқып шыққан соң не істерімді білмей бармағымызды тістегеніміз шындық.

Мұнда мақала авторы жергілікті баспадан 2004 жылы Т.А. Еңсебаевтың авторлығымен шаққан «Қанжығалы шежіресіне»: «Соңғы кезде обал мен сауапты айырмайтын олақ ойыншы, тойшы, тойымсыздар, шолақ шенденек, шала білгіш, шежірешісымақ және жасанды ұсақ-түйек тарихшысымақтар көбейді. Бұлар ел-ру, ата-баба, ағайын арасын қосып, жақындатып емес, жік-жікке бөліп, жамандау, ластау жағында жүр. Осы күнде тым қатерлі осылар. Өйткені, кез-келген олақ-шолақ, шала білгіштердің арғы жағында тімсіктік пен сілімтікке саятын арзан абырой мен атақ алғыштық және оңай ақша тапқыштық пиғылдар тұрады. Менің ашынып, налып айтпағым осы туралы», - деп жан-жақты талдау, яғни сараптама жасайды.

Бұл арада «Қанжығалы шежіресінің» авторы Т.А. Еңсебаев расында да бұл руға қатысы жоқ Сүйіндік тайпасы, оның ұрпақтары Жанболды, Құлболды, Жолболды, оның ішінде Құлболдының балалары Тұлпар, Күлік, Айдабол туралы сөз қозғап, Тұлпарды әкенің қарғысына қалып өспеген ұрпақ деп жаңылсады және Айдабол мен Қанжығалы  руларының арасында ертеректе болған ескі жараның аузын тырнап қанатқандай болады. Бір сөзбен айтқанда мақала авторының шежіре авторына қояр бұдан басқа да күнәлары баршылық. Оны жазушылар газетінің екі бетіне бөліп берілген қомақты материал мәтінімен толық танысқан адам ғана түсіне алады деп білеміз.

Осындай облыс төңірегінен шығып, республика көлемінде белгілі болған айғай-шудан соң ағайын-туғанның ыстық-суығы басылып, сабаларына түсер деген үмітіміз ақталмады. Қайта жер-жерде әркімнің өз руының шежіресін жазуға деген ынта-ықыласы бұрынғыға қарағанда да арта түскендей. Павлодарда Айдабол руының, Баянауылда Қозған руының игі жақсылары бас қосып шежіре дайындауға кірісіпті, бірақ ақсақалдары өзара келіспей қалып құрылтайларын кейінге қалдырыпты, Ақсуда орта мектептің биология пәнінің мұғалімі Уақ руының бір тармағының шежіресін жазып, тұсаукесер жасап оны облыстың телевизия көрсетіпті деген, дақпырт, алыпқашпа сөздер құлақ сарсытады.

Жуырда ұзынқұлақтан Т.А. Еңсебаев ағамыз біреулермен қосылып енді баспаға бір рудың емес, бірнеше рудың басын біріктіретін Сүйіндік тайпасының шежіресін тапсырып, оны шығаруға демеушілер бәленбай миллион теңге бөліп, тұсау кесері күзге қарай Павлодардың ең үлкен «Ертіс» мейрамханасында өтейін деп жатыр екен деген хабар келіп жетті. Өйстіп, мәре-сәре болып жатқанда Павлодардың құрамында емге іздесең бір қазағы жоқ «ЭКО» баспасынан тағы да бір бұрынғы совхоз директоры Қаратай Әбдіковтың Орманшы (Жолболды) шежіресі жарыққа шықты. Автордың өз тарихынан басталып, өз отбасының тарихымен аяқталатын бұл кітаптың да болашақ ұрпақ үшін мықты тәрбие құралы бола алмайтындығына көз жеткендей.

Осылай көңіліміз құлазып, қордаланып қалған мұң-зарымызды кімдерге айтарымызды білмей дал болып отырғанымызда қолымызға тағы да бір Жұмат Тілебаев деген ағамыздың «Ана жұртым - Ресей, ата жұртым – Кереку мен Семей» деген көлемі 420 беттік (Бір докторлық диссертацияға татитын) тағы да бір шежіресі келіп түсті. Беттерін олай парақтап, былай парақтап көзі ашық, көңілі ояу оқырманға қажетті маңызды ештеңе таба алмай қиналдық. Айтпақшы, бұл шежіренің де тұсау кесері жуырда С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада өтпекші екен. Сөйтіп, құрметті оқырман, егер жол түсіп Павлодар қаласына келе қалсаңыз кезекті шежіре, не өмір баяндық мемуардың тұсау кесер тойының үстінен түсеріңіз анық. Келіңіз, көріңіз, жаңа шығармаға өз пікіріңізді айтып, қонақ болып кетіңіз.

 

 

 

 

 

 

 

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

 

1.Н.Омашұлы. Журналист дайындауда жаңалық көп // Хабаршы. 1998, № 4-5-бет.

2.М.Барманкулов. Масс-Медиа: Турция-Казахстан // Хабаршы. 1998, № 4, 9-13-беттер.

3.С.Барлыбаева. Азиатский информационный рынок // Хабаршы. 1998, №4, 13-16-беттер.

4.А.Ахметбекұлы. Жапон журналистикасы жайында // Хабаршы. 1999, № 5. 13-16-беттер.

5.Жақып Бауыржан, Құсманқызы Сая. Шетел тәжірибесінің қазақ журналистикасына ықпалы // Хабаршы. 1999, № 6. 9-12-беттер.

6.Г.Ибраева. Первая жертва войны – это истина // Хабаршы. 1999, № 7. 4-10-беттер.

7.К.Нәрібаев. Қазіргі кезеңде информация құралдарының рөлін арттыру // Хабаршы. 1997, № 1. 5-6-беттер.

8.С.Қозыбаев. Бұқаралық ақпарат құралдары қоғам еркіндігінің көрсеткіші // Хабаршы. 1997, № 1. 11-18-беттер.

9.М.Барманқұлов. Қоғам сақшысы // Хабаршы. 1997, № 1. 18-24-беттер.

10.Ә.Игенсартова. Республика баспасөзі – нарық кезеңінде // Хабаршы. 1998, №3, 24-27-беттер.

11.Т.Бекниязов. БАҚ заң және ұлттық-рухани тәрбие болмысы Хабаршы. 1998, №4, 32-35-беттер.

12.Б.Исабаев. Қоғамның ішкі саяси тұрақтылығындағы тіл және дін факторы // Хабаршы. 1998, №4, 35-37-беттер.

13.«Егемен Қазақстан» газеті. 1997, 8-шілде.

14.«Егемен Қазақстан» газеті. 1996, 1-желтоқсан.

15.А.Есдаулетов. По тропе наставника // Хабаршы. 1998, №2. 55-59-беттер.

16.Е.Дудинова. Истоки публицистики Олжаса Сулейменова. Начало творчество //  Хабаршы. 1998, №2, 63-65-беттер.

17.Т.Қожакеев. Түзел, сықақ, мін түзелсін // Хабаршы. 1998, №2, 52-54-беттер.

18.Жақып Бауыржан. Қазақ публицистикасының бастаулары // Хабаршы. 1998, №3, 104-107-беттер.

19.Сонда.

20.К.Қамзин. Өткен ғасыр интерференциясы // Хабаршы. 1998, №2, 64-67-беттер.

21.Т.Бекниязов. Жазушылар және қазақ публицистикасы // Хабаршы. 1999, №5, 48-51-беттер.

22.Б.Әшірбаев. Қазіргі ақындар айтысы және әлеуметтік өмір // Хабаршы. 1999, №5, 63-67-беттер.

23.Қ.Аллаберген. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің публицистикалық шығармалары // Хабаршы. 1997, №1, 51-56-беттер.

24.Қ.Сақов. Ұлттық сана ұйытқысы // Хабаршы. 1997, №1, 66-70-беттер.

25.А.Рожков. Военная печать Казахстана // Хабаршы. 1997, №1, 71-74-беттер.

26.Т.Көпбаев. Бір қойылымның сыры туралы // Хабаршы. 1997, №1, 98-102-беттер.

27.Ш.Омарова. Қазақ радиохабары: ізденістер мен іркілістер // Хабаршы. 1997, №1, 112-116-беттер.

28.Т.Көпбаев. Радиодраматургия. Тілдік ерекшеліктер мен сөз қолданыстары // Хабаршы. 1998, №2, 71-73-беттер.

29.Н.Шыңғысова. Қазақ теледидарының жастар бағдарламасы: тарихынан тағылым // Хабаршы. 1998, №2, 76-81-беттер.

30.К.Қамзин. Қазіргі публицистиканың жаңа нышандары // Хабаршы. 1997, №1, 119-122-беттер.

31.Қ.Тұрсынов. Қазақ теледидарының дәстүр мен жаңашылдық нышандары // Хабаршы. 1998, №2, 101-103-беттер.

32.Т.Бекниязов. Жазушылар және қазақ публицистикасы // Хабаршы. 1999, №5, 48-50-беттер.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

МАЗМҰНЫ

 

Алғы сөз                                                                                                                 3

 

БІРІНШІ ТАРАУ. БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ ЖӘНЕ   4-48

ҚОҒАМ

1.Жер жаннаты өңірінің жаршысы (Алматы облысы баспасөзінің

   тарихынан)                                                                                              4-9

2.Жаңа өмірді аңсаған «Кедей еркі»                                                      9-14

3.«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» («Жас Алаш» газетінің тарихынан)

          4.Өткен ғасырдағы қазақ арулары (Орыс баспасөзіндегі қазақ

            тақырыбы )                                                                                            14-19

          5.Қазақтай малдың жайын кім біледі? (Орыс баспасөзіндегі қазақ

            тақырыбы)                                                                                             19-20

          6.Айқын көрсетіп отырды (Орыс баспасөзіндегі қазақ тақырыбы)  21-24

          7. «Су ішкен құдығыңа түкірме» немесе қазақ баспасөзінің өткені мен

             бүгінгісі туралы ойлар                                                                        25-27

          8.Жұтаған экран, жүдеген журналист                                                  27-30

          9.Жалған намыс жарға жығар                                                               30-32

          10. Сапасыз оқулық, ұрлықшы автор және білімсіз студент             32-39

          11. Қоғам айнасы (Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетіне 80

                жыл)                                                                                                   39-41

          12. Аймақтық жоғары оқу орындарында журналист кадрларын даярлау

                проблемалары                                                                                   42-44

          13. Егемен елдің еркін баспасөзі:

                функциялары мен даму заңдылықтары                                         44-48

 

ЕКІНШІ ТАРАУ. ТӨРТІНШІ БИЛІК ТАҒЫЛЫМЫ                           49-71

 1.Әлем және ақпарат                                                                             49-54

 2.Журналистика. Қоғам. Саясат. Экономика.                                    54-58

 3.Публицистика әлемі                                                                           58-63

 4.Баспасөз тарихынан                                                                           63-66

 5.Электронды ақпарат құралдары                                                       66-69

 6.Шеберлік мектебі                                                                               69-71

 

ҮШІНШІ ТАРАУ. ҚАЗАҚ МЕРЗІМДІ БАСПАСӨЗІНІҢ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУШІЛЕР                                                                                          72-110

  1.Бейсенбай Кенжебаев                                                                       72-78

  2.Қайыржан Бекхожин                                                                        78-84

  3.Темірбек Қожакеев                                                                           84-93

  4.Үшкілтай Сұбханбердина                                                                93-99

  5.Медел Арғынбаев                                                                            99-101

  6.Марат Барманқұлов                                                                      101-107

  7.Қырықбай Аллаберген                                                                 107-110

 

 

ТӨРТІНШІ ТАРАУ. ҚАЗАҚ МЕРЗІМДІ БАСПАСӨЗІНІҢ ТАРИХЫ ТУРАЛЫ ҚЫСҚАША АНЫҚТАМА                                                    111-142

1.«Абай» журналы                                                                                   111

2. «Әйел теңдігі» журналы                                                              111-112

3. «Айқап» журналы                                                                                112

4. «Ақжол»газеті                                                                                      113

5. «Алаш» газеті                                                                               113-114

6. «Ара» журналы                                                                                    114

7. «Арай» журналы                                                                          114-115

8. «Ауыл» газеті                                                                               115-116

9. «Ауыл тілі» газеті                                                                               116

10. Аллаберген Қ.М.                                                                          116-117

11. Бекхожин Қ.Н.                                                                                     117

12. «Бірлік туы» газеті                                                                              117

13. «Балға» журналы                                                                                 118

14. «Бостандық туы» газеті                                                                      118  

15. «Дала уалаятының газеті»                                                           118-119

16. «Дұрыстық жолы» газеті                                                             119-120

17. «Егеменді Қазақстан» газеті                                                               120

18. «Егемен Қазақстан» газеті                                                                  120

19. «Еңбек туы» газеті                                                                       120-121

20. «Еңбекші қазақ» газеті                                                                        121

21. «Ерік» газеті                                                                                  121-122

22. «Жалын» журналы                                                                              122

23. «Жаңа әдебиет» журналы                                                            122-123

24. «Жаңа мектеп» журналы                                                                    123

25. «Жаршы» журналы                                                                             123

26. «Жас алаш» газеті                                                                        123-124

27. «Жас қайрат» газеті                                                                             124

28. «Жас қайрат» журналы                                                                       124

29. «Жас қазақ» журналы                                                                         125

30. «Жас азамат» газеті                                                                      125-126

31. «Жетісу іші халық мұхбирі»                                                              126

32. «Жұмысшы» газеті                                                                       126-127

33. «Қазақ» газеті                                                                                      127

34. «Қазақстан» газеті                                                                        127-128

35. «Қырғыз» газеті                                                                                   128

36. «Қазақ мұңы» газеті                                                                     128-129

37. «Қазақ тілі» газеті                                                                               129

38. «Қазақстан мұғалімі» газеті                                                        129-130

39. «Қазақстан мектебі» журналы                                                           130

40. «Кедей» газеті                                                                               130-131

41. «Кедей тілі» газеті                                                                               131

42. «Көмек» газеті                                                                              131-132

43. «Қызыл Қазақстан» журналы                                                            132

44. «Мәдениет және тұрмыс» журналы                                          132-133

45. «Майдан ақиқаты» газеті                                                                   133

46. «Майдан правдосы» газеті                                                          133-134

47. «Мұғалім» журналы                                                                           134

48. «Отан үшін» газеті                                                                       134-135

49. «Садақ» журналы                                                                               135

50. «Сана» журналы                                                                          135-136

51. «Сарыарқа» газеті                                                                               136

52. «Серке» газеті                                                                                     137

53. «Социалды Қазақстан» газеті                                                            137

54. «Социалистік Қазақстан» газеті                                                        138

55. «Темір қазық» журналы                                                                     138

56. «Таң» журналы                                                                            138-139

57. «Теңдік» газеті                                                                                    139

58. «Тіршілік» газеті                                                                                 140

59. «Торғай» газеті                                                                                    140

60. «Түркістан уалаятының газеті»                                                  140-141

61. «Орал» газеті                                                                                       141

62. «Ұшқын» газеті                                                                            141-142

63. «Шолпан» журналы                                                                            142

64. «Шаншар» журналы                                                                           142

 

БЕСІНШІ ТАРАУ. ЖАҢА КІТАПТАРҒА РЕЦЕНЗИЯЛАР            143-164

1.Тарихқа толы туынды                                                                      143-149

2.Қайраткер қаламгердің қарымдылығы туралы жаңа кітап          149-150

3.Парасаттылық парызын пайымдау                                                 150-151

4.Т. Бекниязовтың кітабы хақында                                                   151-154

5.Марапаттауға лайық шығармалар (Е.М.Арынның тікелей   басшылығымен немесе жеке авторлығымен жарық көрген басылымдар мен публицистикалық еңбектер туралы)                                          154-160

6.Шығармашылықтың «шыңы» - шежіре                                         160-164

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ                                      165-166

МАЗМҰНЫ                                                                                                 167-169

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Аллаберген ТАРИХ ЖӘНЕ

Аллаберген ТАРИХ ЖӘНЕ

УДК 070 ББК – 76.02 А – 44

УДК 070 ББК – 76.02 А – 44

АЛҒЫ СӨЗ Бұл кітаптың «Қазақ мерзімді баспасөзінің зерттелу тарихынан» деген екінші бөлімінде автордың қазақ мерзімді баспасөзінің тарихына қатысты әр жылдары

АЛҒЫ СӨЗ Бұл кітаптың «Қазақ мерзімді баспасөзінің зерттелу тарихынан» деген екінші бөлімінде автордың қазақ мерзімді баспасөзінің тарихына қатысты әр жылдары

БІРІНШІ ТАРАУ Бұқаралық ақпарат құралдары және қоғам 1

БІРІНШІ ТАРАУ Бұқаралық ақпарат құралдары және қоғам 1

Жетісу ісші халық мұхбірі» (Жетісу еңбекші халқының хабаршысы), «Көмек» және «Голос

Жетісу ісші халық мұхбірі» (Жетісу еңбекші халқының хабаршысы), «Көмек» және «Голос

Анненковтың әскеріне қарсы шабуылға шықты

Анненковтың әскеріне қарсы шабуылға шықты

Бұрынғыларға қарағанда «Голос

Бұрынғыларға қарағанда «Голос

Отанына қайтып оралған босқын қазақтарға жәрдем көрсету, еңбекшілер арасында саяси-ағарту жұмысын жүргізу

Отанына қайтып оралған босқын қазақтарға жәрдем көрсету, еңбекшілер арасында саяси-ағарту жұмысын жүргізу

Коммунизм таңы» деген атпен облыстық басылым ретінде шыға бастайды

Коммунизм таңы» деген атпен облыстық басылым ретінде шыға бастайды

Жетісу хабарларында»: «Сарқан 27 мартта

Жетісу хабарларында»: «Сарқан 27 мартта

Ал, газеттің 1921 жылғы 1 маусым күнгі саны «Бүгін

Ал, газеттің 1921 жылғы 1 маусым күнгі саны «Бүгін

Ақтар күн батысқа қарап босып бара жатыр

Ақтар күн батысқа қарап босып бара жатыр

Бұдан бұрын берекелі, бірлікте болған қырғыз (қазақ-Қ

Бұдан бұрын берекелі, бірлікте болған қырғыз (қазақ-Қ

Бұдан басқа оның бұл басылымда ақтардың қолынан қапыда қаза тапқан қайраткер азамат

Бұдан басқа оның бұл басылымда ақтардың қолынан қапыда қаза тапқан қайраткер азамат

Бұл саяси-қоғамдық, экономикалық басылымның 1918 жылдың 30-шілдесінде шыққан алғашқы нөмірінде «Жас тілек» атты бас мақала жарияланып, онда «Жас азаматтың» мақсат-мүддесі: «Өмір тәжірибесінің, білім аздығының кемдігіне…

Бұл саяси-қоғамдық, экономикалық басылымның 1918 жылдың 30-шілдесінде шыққан алғашқы нөмірінде «Жас тілек» атты бас мақала жарияланып, онда «Жас азаматтың» мақсат-мүддесі: «Өмір тәжірибесінің, білім аздығының кемдігіне…

Экспресс-К» - ның шығуын 5 айға артқа жылжытты

Экспресс-К» - ның шығуын 5 айға артқа жылжытты

Отан соғысының басталуына байланысты басқа да салалық басылымдар сияқты жастар баспасөзі де шығуын уақыттша тоқтатты

Отан соғысының басталуына байланысты басқа да салалық басылымдар сияқты жастар баспасөзі де шығуын уақыттша тоқтатты

Егер тәуелсіздіктен соң, нарық заманында жоғарыда айтқанымыздай басқа басылымдар құрдымға кетіп жатқанда, жастар баспасөзінің өрге басып, оқырмандарының сүйікті басылымына айналуы жасыратыны жоқ сол кездегі газет…

Егер тәуелсіздіктен соң, нарық заманында жоғарыда айтқанымыздай басқа басылымдар құрдымға кетіп жатқанда, жастар баспасөзінің өрге басып, оқырмандарының сүйікті басылымына айналуы жасыратыны жоқ сол кездегі газет…

Сол сияқты, көне басылым беттерінен кездескен мынадай бір тарихи деректі де айта кеткен орынды секілді

Сол сияқты, көне басылым беттерінен кездескен мынадай бір тарихи деректі де айта кеткен орынды секілді

Г.Броневский: «Қырғыздардың (қазақтардың-А

Г.Броневский: «Қырғыздардың (қазақтардың-А

АЙҚЫН КӨРСЕТІП ОТЫРДЫ (XIX ғасырдағы қазақ жеріндегі сауда, айырбас, жәрмеңке мәселелері туралы «Отечественные записки» қалай жазды) «Отечественные записки» журналының бетінде (1818-1884 ж

АЙҚЫН КӨРСЕТІП ОТЫРДЫ (XIX ғасырдағы қазақ жеріндегі сауда, айырбас, жәрмеңке мәселелері туралы «Отечественные записки» қалай жазды) «Отечественные записки» журналының бетінде (1818-1884 ж

Семей, Қоянды (Ботовск) жәрмеңкелерінен де айтарлықтай пайда түсіп отырған

Семей, Қоянды (Ботовск) жәрмеңкелерінен де айтарлықтай пайда түсіп отырған

Жәрмеңке көктем және күз айларында өткізіледі

Жәрмеңке көктем және күз айларында өткізіледі

Бұдан даладағы сауданың қалай жүргізілгенін байқау қиын емес

Бұдан даладағы сауданың қалай жүргізілгенін байқау қиын емес

СУ ІШКЕН ҚҰДЫҒЫҢА ТҮКІРМЕ» немесе қазақ баспасөзінің өткені мен бүгінгісі туралы ойлар

СУ ІШКЕН ҚҰДЫҒЫҢА ТҮКІРМЕ» немесе қазақ баспасөзінің өткені мен бүгінгісі туралы ойлар

Осыған қарап бүкіл бір ұжымға, бүкіл бір оқу орнына жеке бастың қамы үшін орынды, орынсыз кінәлар тағып, өш ала беруге бола ма екен? Үшіншіден, журналист…

Осыған қарап бүкіл бір ұжымға, бүкіл бір оқу орнына жеке бастың қамы үшін орынды, орынсыз кінәлар тағып, өш ала беруге бола ма екен? Үшіншіден, журналист…

Тура биде туған жоқ» дейді біздің қазақ

Тура биде туған жоқ» дейді біздің қазақ

Осыдан соң – ақ біз Шәріп Құрақбаев ағамыздың жазып отырғанын жәй нәрсе емес, саяси маңызы бар қоғамдық іс екеніне тағы бір рет көз жеткізгендей болдық

Осыдан соң – ақ біз Шәріп Құрақбаев ағамыздың жазып отырғанын жәй нәрсе емес, саяси маңызы бар қоғамдық іс екеніне тағы бір рет көз жеткізгендей болдық

Саясат, экономика, қоғамда болып жатқан күнделікті жағдай, нарықтық экономикаға маңдайы соғылып қатты жарақаттанған ауыл адамдары, олардың есебінен байып «жаңа қазақ» атанып жүрген шолақ ойлы белсенділер,…

Саясат, экономика, қоғамда болып жатқан күнделікті жағдай, нарықтық экономикаға маңдайы соғылып қатты жарақаттанған ауыл адамдары, олардың есебінен байып «жаңа қазақ» атанып жүрген шолақ ойлы белсенділер,…

Сондықтан бұл жұмысты жақсарту үшін компания президентінен бастап, телеарналардың басшыларымен қатар әр хабардың редакторларына дейінгі аралықтағы барлық шығармашылық топ бірлесе қимылдауы керек

Сондықтан бұл жұмысты жақсарту үшін компания президентінен бастап, телеарналардың басшыларымен қатар әр хабардың редакторларына дейінгі аралықтағы барлық шығармашылық топ бірлесе қимылдауы керек

Жас алаш» та алтын уақыттарын етектері жасқа толып, жұмыс іздеп ауыл мен қаланың екі арасын кезіп кеткен жастарының басын қоса алмай, үлкен орында отырған көкелерімен…

Жас алаш» та алтын уақыттарын етектері жасқа толып, жұмыс іздеп ауыл мен қаланың екі арасын кезіп кеткен жастарының басын қоса алмай, үлкен орында отырған көкелерімен…

Неге? Қай мекемеде болсын іс қағаздары, құжаттар орысша жүргізіледі

Неге? Қай мекемеде болсын іс қағаздары, құжаттар орысша жүргізіледі

БАҚ мамандарын даярлауға бізде қолданылып жүрген оқулықтар жайлы болмақ

БАҚ мамандарын даярлауға бізде қолданылып жүрген оқулықтар жайлы болмақ

Мысалы, Б.Кенжебаев, Қ.Бекхожин,

Мысалы, Б.Кенжебаев, Қ.Бекхожин,

Мынау кімнің стилі, тіптің кімнің жазғаны?

Мынау кімнің стилі, тіптің кімнің жазғаны?

Одан кейінгі «Қазақ публицистикасының көшбасшылары» деген атаумен берілген

Одан кейінгі «Қазақ публицистикасының көшбасшылары» деген атаумен берілген

Барлығы да Ш.Байғалының өз еңбегі ретінде көрсетіледі

Барлығы да Ш.Байғалының өз еңбегі ретінде көрсетіледі

Мұны оқыған студент кім боп шығады?

Мұны оқыған студент кім боп шығады?

Себебі, оған бұл кітапты шығаруға рұқсат берген университет басшылары, кітап рецензенттері, министрліктегі жоғары лауазымды шенеунік мырзалар кепілдік беріп, жол ашып отыр ғой

Себебі, оған бұл кітапты шығаруға рұқсат берген университет басшылары, кітап рецензенттері, министрліктегі жоғары лауазымды шенеунік мырзалар кепілдік беріп, жол ашып отыр ғой

Бірі ақын, бірі жазушы, бірі публицист-көсемсөзші

Бірі ақын, бірі жазушы, бірі публицист-көсемсөзші

Содан 1944 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне педагогтік қызметке келеді

Содан 1944 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне педагогтік қызметке келеді

Аймақтық жоғарғы оқу орындарында журналист кадрларын даярлау проблемалары Құрметті әріптестер! Құрметті конференция қонақтары!

Аймақтық жоғарғы оқу орындарында журналист кадрларын даярлау проблемалары Құрметті әріптестер! Құрметті конференция қонақтары!

Кезінде нарықтық экономика талаптарына сай ашылып, әлікүнге дейін жұмыстарын жалғастырып келе жатқан осындай бөлімшелер мен кафедралардың бүгінгідей жаһандану талаптарына сай ма, жыл сайын олардың қабырғаларынан…

Кезінде нарықтық экономика талаптарына сай ашылып, әлікүнге дейін жұмыстарын жалғастырып келе жатқан осындай бөлімшелер мен кафедралардың бүгінгідей жаһандану талаптарына сай ма, жыл сайын олардың қабырғаларынан…

Сондай-ақ, диссертациялық Кеңесте кезек ретімен жылына біреуден болса да әр аймақтан кандидаттық диссертациялар қорғатып, ҚазМУ «Хабаршысында» мақалаларын жариялап, келісім шарт бойынша магистрлер даярлап беріп отырса…

Сондай-ақ, диссертациялық Кеңесте кезек ретімен жылына біреуден болса да әр аймақтан кандидаттық диссертациялар қорғатып, ҚазМУ «Хабаршысында» мақалаларын жариялап, келісім шарт бойынша магистрлер даярлап беріп отырса…

Газет не журнал белгілі бір мерзімділікпен өткенді өз бетінде бейнелейді

Газет не журнал белгілі бір мерзімділікпен өткенді өз бетінде бейнелейді

Бірақ газетшіге кінә қоятын да, қоймайтын да орын бар

Бірақ газетшіге кінә қоятын да, қоймайтын да орын бар

Бұлармен бірге бұрынғыша талдамалы сипаттағы мақала, хат, шолу жанрлары пайдаланып келеді

Бұлармен бірге бұрынғыша талдамалы сипаттағы мақала, хат, шолу жанрлары пайдаланып келеді

Озбырлардың сан түрлі зұлымдықтарын көріп, ежелгі өр мінезімен айрылып қалған, бірақ шындап бір бұрылса дегеніне жетпей қоймайтын талантты халқымыз өз азаматтығы үшін жүздеген жылдар бойы…

Озбырлардың сан түрлі зұлымдықтарын көріп, ежелгі өр мінезімен айрылып қалған, бірақ шындап бір бұрылса дегеніне жетпей қоймайтын талантты халқымыз өз азаматтығы үшін жүздеген жылдар бойы…

ЕКІНШІ ТАРАУ

ЕКІНШІ ТАРАУ

Түрік телевизиясы туралы түсінігіміздің тым аз екендігі байқалады

Түрік телевизиясы туралы түсінігіміздің тым аз екендігі байқалады
Материалы на данной страницы взяты из открытых истончиков либо размещены пользователем в соответствии с договором-офертой сайта. Вы можете сообщить о нарушении.
18.06.2019