Ұрпақ үшін рухы биік Бауыржан
(Б.Момышұлының туылғанына 102 жылдығына арналған
тарихи патриоттық кеш)
Мақсаты: халқымыздың қаһарман ұлы Б.Момышұлының өмірі мен шығармашылығымен таныстыру, ерлікке, елжандылққа, Отанын қорғай білуге тәрбиелеу. Патриоттық тәрбие беру.
Көрнекілігі: Б.Момышұлының портреті, Б.Момышұлының шығармалары және суреттер көрмесі, ұлағатты сөздер.
( Сахна сыртынан баяу әуен ырғағымен)
Соғыс не? Арпалысқан өлім-өмір,
Тұрса ағаш, сынса отын, жақса көмір.
Өлім мен өмір батыр алысқанда,
Бұрқылдап қызуына қайнар темір.
Соғыс не? Соғыс елдің сыны,
Ел емген қазыналы жердің сыны.
Адалдық арамменен айғақшысы,
Төгілген керек үшін тердің сыны.
Соғыс сұмдық. Атадан бала айырылған,
Біреу қан, біреуін ар айырған.
Соғыстың жоқ ешқандай тамашасы,
Бір өлім, мың өлімнің арашасы.
1жүргізуші: - Армысыздар, көрермен қауым!
2жүргізуші: - Қайырлы күн, құрметті ұстаздар, оқушылар!
1жүргізуші: - Биыл, біз Ұлы Жеңіс мерекесінің 67 жылдығын тойлағанбыз.
Жеңісті сан миллиондаған адамдар төрт жыл бойы минуттап, сағаттап сарыла күтті емес пе? Бірақ, сол жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Жеңіс жолында Отан үшін от кешіп миллиондаған асыл азаматтар мерт болды. Жауымен жан аямай шайқасып ерліктің ерен үлгілерін көрсетті.
1 жүргізуші: - Бірақ сағы сынбады, жігер жасымады. Олардың бойындағы отаншылдық сезімі, қолына қару алып сапқа тұрған көптеген ұлт өкілдерінің тізе қосқан бірлігі мен ерлігі Жеңіс сағатын жақындата түсті.
«65 жыл өтсе дағы» өлеңі
2 жүргізуші: - Құрметті көрермен қауым! Бүгінгі «Ұрпақ үшін рухы биік Бауыржан!» атты тарихи патриоттық кешіміз – аты бүкіл әлем халқына аңызтбоп тараған қазақ елінің ақиық қыраны Б.Момышұлының қайталанас ғажайып сырға толы өмір жолы мен көркем туындылары жөнінде.
1 жүргізуші: - Бүгінгі кеш – қиын-қыстау күндерде жалын жамылып, от кешкен, жүрегі жұртым деп соғып, тар кезеңде туған еліне пана бола білген жауынгер, ержүрек азамат адал патриот – Б.Момышұлының 102 жылдығына арналған кеш.
2 жүргізуші: - 1941-1945 жылдар. Адамзат тарихында болмаған алапат соғысына бірлік, достық жолында жан қиған қазақ батырлары ерекше ерлік көрсетті.
1 жүргізуші: - Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1миллион 700 мыңнан астам жауынгерлер қатысты. Соның ішінде Совет Одағының батыры атағын алған 497 адам екен. Олардың ішінде аты аңызға айналған атақты да, даңқты Б.Момышұлы ағамыз да бар.
Баяндама «Қазақтың батыр ұлы – Бауыржан»
2 жүргізуші: - Бауыржан Момышұлы 1932 жылы әскер қатарына алынып, мергендік өнерін игерді. Түрлі әскери бөлімдерде взвод, рота командирі болды. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы бастамасымен генерал – майор Иван Васильевич Панфиловтың басшылығымен жасақталған 316 атқыштар, 18 гвардияшылар дивизиясы құрамында майданға аттанды. Батальон, полк командирі болды.
1 жүргізуші: - 1941 жылы күзгі шайқаста өз батальоны 27 рет шабуылға бастап шықты. Бес рет қоршауды бұзып, негізгі жауынгерлік құрамымен аман-есен дивизиясына қосылды. Ресейдегі Волоколамск, Горюнь, Матренино, Лопастино, Крюково, Бородино т.б. қала, деревнялар үшін болған қырғын ұрыстарда 9 рет асқан ерлік үлгісін көрсетті.
Қалижан Бекхожин «Қол бастаған батыр»
2 жүргізуші: - Командир Момышұлы жетік стратег, асқан тактик болуымен қоса, сұңғыла психолог та еді. Момышұлының өмірбаянының осы ең жауапты кезеңінде Мәскеу түбіндегі шайқас ерекше орын алды.
Қалижан Бекхожин «Атыңды мен естідім»
1 жүргізуші: - Бауыржан Момышұлы – қазақ тарихындағы ең тұңғыш әскери ғылымның теориясы мен практикасын ұштастырған ұстаз - қолбасшысы. Ол – қазақ әскери ғылымының маман теоретигі, ғалымы.
2 жүргізуші: - 1956 жылы полковник атағымен оставкаға шыққан Бауыржан Момышұлы бір жола шығармашылық еңбекпен шұғылданды.
Бауыржан Момышұлы қазақ әдебиетіндегі поэзия, проза, драматургия жанрларын әскери тақырыппен толықтырды.
Жас ұрпақты елдік пен ерлікке үндеді, ұлттық мақсат мұратқа адал, рух пен намыс жолында шынайы берілгендік танытуға бағыт-бағдар берді.
Бауыржан Момышұлы «Панфилов»
1 жүргізуші: - Көсем тұлғалы қайраткерлігі мен жауынгер қолбасшылығына шешендік қасиеті қоса дарыған ол қазақ әскери ғылымын ұлттық және жалпыадамзаттық деңгейде танытты. Оның бұл еңбегінде туындылары арқылы да қанықпыз: «Офицердің күнделігі», «Бір түннің тарихы», «Москва үшін шайқас», «Жауынгердің тұлғасы», «Майдан», тағы басқалар.
2 жүргізуші: - Жауынгер жазушының хаттарында Отанға адалдық, ел - жерге құрмет, адам мен оның еңбегін әділ бағалау, өмір-өлім мәні, жастар тәрбиесі мен болашағы, тіл тағдыры мен тағлымы, командир мен солдаттың ерік-жігерлігі, ұрыс жүргізудегі айла-тәсілдері, оқ пен от арасындағы серт пен сенім, соғыс сабақтар т.б. кең көлемде орын алады.
Бауыржан Момышұлы «Парыз»
1 жүргізуші: - «Бауыржан Момышұлы тек атақ-даңқы шыққан батыр ғана емес, терең ойлы, өзіндік пікір толғанысы бар, алғыр да тапқыр азамат»,- деп бағалаған қазақ халқының заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов.
Бауыржан Момышұлы «Осылай болғым келеді»
2 жүргізуші: - Москва. Кремль. 1990 жыл. Желтоқсанның 11-і. Момышұлы Бауыржанға, полковникке «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді. Бірақ бұл атақ Бауыржан Момышұлының 80 жылдық мерейтойының қарсаңында, атамыздың көзі жұмылғаннан кейін берілгендігі өкінішті.
1 жүргізуші: - Қазақстан өз Тәуелсіздігін алғаннан кейін, ҚР-ның Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Бауыржан Момышұлының туған ауылына берілді, туған жерінен мұражайы ашылды. Алматыдағы әскери мектеп Бауыржан Момышұлы атанды.
Айбатыр Сейтақ «Қаһарман»
2 жүргізуші: - Бауыржан Момышұлы – әділ, өткір, шыншыл, қырағы, айбынды, арлы, рухы күшті әскери басшы.
1 жүргізуші: - Бауыржан Момышұлының жеке басы ұлтжандылығымен, қаһармандығымен, дарындылығымен, жоғары адамгершілік қасиеттерімен елеулі.
Қайрат Жұмағалиев «Намысынан халқынан жаратылған»
2 жүргізуші: - Бауыржан Момышұлы – халқының сүйіктісі, сол себептен оны аялап әнге, жырға, өлеңге қосуда.
1 жүргізуші: - Бауыржан Момышұлы – әлем халқының ортақ перзенті дәрежесіне дейін көтерілген азамат.
2 жүргізуші: - Иә, батыр ата айтқан екен «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деп. Біздің батыр бабаларымыз бен аталарымыз Отанды қорғаған, қастерлеген, Отан үшін өмірлерін қиған. Батырлар ұрпақтан ұрпаққа жалғаса бермек.
1 жүргізуші: - Біз Бауыржан атамыздың өсиеттерін есте сақтап, орындауымыз керек. Өйткені Қазақстаннын болашағы өздеріміз.
2 жүргізуші:
- Халықты қорғайтын, қолдайтын,
Елдігін ертеңге жалғайтын.
Батырлар – қырандар самғайтын,
Қайраты – қанаты талмайтын.
1 жүргізуші:
- Қайсарлық қанымен жаралған,
Батырлық дарыған даламнан.
Бауыржан сияқты ұлы бар,
Елімде ешқашан жоқ арман.
2 жүргізуші:
- Осымен бүгінгі тарихи-патриоттық кешіміздің соңында айтарымыз: Еліңді сүй!
1 жүргізуші:
- Елін сүйген адам ғана батыр болар.
Жаңаөзен қызмет көрсету және жаңа технологиялар колледжі
Ұрпақ үшін рухы биік Бауыржан
(Б.Момышұлының туылғанына 102 жылдығына арналған
тарихи патриоттық кеш)
Дайындаған: Жайбергенова Б.А.,кітапхана меңгерушісі
2012/2013 оқу жылы
© ООО «Знанио»
С вами с 2009 года.