«Қостанай облысының киелі орындары»
Маңызы жоғары, халық тарапынан ерекше құрметке ие табиғи немесе мәдени мұра және сәулеті айрықша діни мәнге ие ескерткіштер мен кесенелер, сондай-ақ, Қазақстан халқының жадында өшпес із қалдырған тарихи және саяси оқиғалармен байланысты орындардың барлығы елімізде осы киелі орындар санатына жатады. «Қазақстанның қасиетті орындары мен кешендері» дегеніміз – ерекше қастерленетін табиғи, мәдени мұра және діни сәулеттің айрықша ескерткіштері, кесенелер, сондай-ақ Қазақстан халқының жадында өшпесіз қалдырған тарихи және саяси оқиғалармен байланысты орындар. Жалпы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы біздің көптен күткен дүниеміз еді. Осы кезге дейін айтылмаған өзекті ұлттық мәселелер, салт-дәстүріміз, ұлттық код туралы сөз қозғап жатырмыз.
Біздің өңірімізде, яғни Қостанай облысында Қазыбай әулие Ақпанұлының сүйегі Жангелді ауданының Аралбай кентінде жерленген. Бүкіл аймаққа әйгілі әулие XVII ғасырда өмір сүрген. Тарихшылардың айтуынша, Қазыбай баба 1664 жылы дүниеге келіп, 78 жасында Баян-Таңат аймағында қайтыс болған. Сонымен қатар Албарбөгет (Айса бөгеті) туралы айтсақ, бұл бөгет Торғай даласының алғашқы кәсіби гидротехниқ маманы Айса Нұрмановтың басшылығымен Жангелдин ауданындағы Қабырға деген өзенінің бойында бой көтерген. Бөгеттің құрылысы 1924 жылы басталып, 1926 жылы аяқталған. Бірде-бір техниканың көмегінсіз тек адамдардың қажыр-қайратымен және күшімен салынған әрі өзенді бөгеген бөгеттің ұзындығы он жеті шақырымды құрайды. Біздің облысымызда Албарбөгет бөгетін салуға төрт жүз шақырымдық жердегі Аманқарағай ауданынан қос өркешті түйелермен жеткізген бөренелер пайдаланылды. Ал судың екпіні топырақтан өтіп кетпеу үшін бұтақтардан төсеніштер төселіп, бөгеттің жел соғатын бетіне қарай топырақтармен толтырылған қапшықтарды үйіп тастаған.
Осы бөгетті салу үшін қатарынан екі жыл осы маңайдың тұрғындары көктемнен бастап алғашқы аязға дейін жұмыс істеді. Бұған атсалысқан 160 адамның есімі әрі олардың ерліктері Торғай аймағы тұрғындарының тарихы мен жадында мәңгілікке сақталатын болады. Ал халық бұл бөгетті оның негізін қалаған, жоба авторы әрі ұйымдастырушы Айса Нұрмановтың есімімен «Айса бөгеті» деп атап кеткен. Торғай өңірінде осыған қатар Құтан әулие Аталықұлы кесенесі Амангелді ауданының Қарынсалды өзені маңына жақын Амантоғай ауылында орналасқан. Бұл кесене бірнеше рет жаңартылған болатын. Құтан әулие бабамыздың ұрпақтары 1977 жылы оның зиратының маңынан кірпіштен мазар тұрғызған. Ал 2008 жылы жаңадан кесене салған екен. Сонымен қоса Құтан әулиенің басында күні-түні тілек тілейтін адамдарға түнеуге арналған үй бар. Облысымыздың Жангелдин ауданындағы киелі мекендердің біріне Баймырза әулие Мергенұлының кесенесін қосуға болады. Бұл кесене ауданның Қалам-Қарасу ауылдық округінің аумағында орналасқан. Тарихқа жүгінсек, он жасынан бастап Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте батырлығымен көзге түскен. Кейін қол бастаған батыр да болыпты. Оның әкесі Мерген батырдың бойына болжаушылық қасиет дарыған. Баймырза әулие зиратының жанында тұрғызылған кесене Торғай аймағының тұрғындары үшін сиынатын орынға айналған. Әрі түрлі дертке шалдыққан сырқаттарды емдейтін болғандықтан жұрт Баймырза батырға көзі тірісінде «әулие» атауын қосып берген. Жазы би Жанұлының кесенесі (1790-1840 жылдары өмір сүрген) облысымыздың Алтынсарин ауданында салынған. Жазы би Жанұлы кезінде Ресейдің құрметті адамы әрі старшина болған азамат.
Елімізде ескі қалалардың орыны да жиі кездесіп жатады. Әйтсе де, оларды ашық аспан астындағы мұражайға айналдырып, жас ұрпақ назарына ұсына алмай отырмыз. Ұлы Даламыздан бірнеше рет алтын адам табылуы кең-байтақ жеріміздің шын мәнінде рухани бай екеніне көз жеткізеді. Дамыған елдерде өткенін дәріптеу үшін мұражайларға кіру тегін. Сондықтан, алдағы уақытта ашық аспан астындағы мұражайларды құруға мән беріп, алтын адам елі ретінде, киелі жерлеріміздің қасиетін көпшілікке таныта білсек, арманның орындалғаны.
© ООО «Знанио»
С вами с 2009 года.