Шешендік туа біткен қасиет пе, әлде үйренуге болатын өнер ме?
Шешендік өнер қазақ халқының қанына біткен ерекше қасиет деп білемін. Кешегі өткен би-шешендер, болыс пен бектер айтып кеткен даналық сөздер осыны айғақтайды. Дегенмен, шешендік туа біте ме, әлде оны үйренуге бола ма? Осы сауалға жауап іздеп көрейік.
Шешендік өнер – сөз өнерінің ең асылы. Әрине, сөз өнерінің өзі – өнер атаулының ішіндегі ең күрделісі.Қиыннан қиыстырып сөз тауып, оны өрнектеу үшін тіл шеберлігі керек. Десе де, шешендік үйренуге болатын өнер деп ойлаймын.
Әдебиетіміздің алтын қорына қарайтын болсақ, атақты би-шешендер сөз майданында сыналған, шыңдалған. Өйткен, сөз өнері – халқымыздың қанына сіңген асыл өнер. Асыл өнерді меңгеру үшін қажырлы еңбек керек деп білемін. Әдемі сөйлеу, қисынын келтіру, сөзді өрнектеп, әшекейлеп безендіру, ойды әдемі, әсерлі жеткізу жаттығуды қажет етеді. Бұрынғы замандарда би-шешендеріміз шаршы топта, небір дау-дамайды шешу үстінде шыңдалғанын білеміз.Осы үлкен сабақ болып, жер, жесір, құн дауы сияқты ірі келелі мәселелерге бітімін айтып отырған. Қарап отырсақ, би-шешендер дала сотының қызметін атқарған. Қазақ даласында көп болған академик В.В.Радлов: "Қазақтар... мүдірмей, кідірмей, ерекше екпінмен сөйлейді. Ойын дәл, айқын ұғындырады. Ауыз екі сөйлеп отырғанның өзінде сөйлеген сөздер ұйқаспен, ырғақпен келетіндігі соншалық, бейне бір өлең екен деп таң қаласын",- деп сүйінген екен. Осы пікірдің өзі-ақ екінің бірінің шешен болғанын көрсетеді.
Халқымыз: «Өнер алды – қызыл тіл» деп, шешендік өнерге ерекше баға берген. Шешендік өнерді үйрену үшін, жоғарыда айтқандай қажырлы еңбек қажет болса, сонымен қатар, мықты ұстаз керек.Мысалға екінші ұстаз атанған Әл-Фараби бабамыз Аристотельді ұстаз тұтып, еңбектерін бірнеше рет оқыған екен. Соның нәтижесінде өзі де ғылыми еңбек жазып шығарады. Міне, сөз өнерін осындай ұстаздардан үйренуге болатынын осы мысалдан байқауға болады. Шешендік өнерді ерте бастан меңгерту үшін балаға ертегі айтып, жырларды жатқа оқытқызып, кітап оқыту пайдалы деп түсінемін. Өйткен, баланың тілі дамып, сөздік қоры молаяды. Шешен адамға тән қасиеттің бірі – сөздік қорының молдығы. Халқымыз осы қасиетті ерте жастан балаға үйрете берген екен. Қазіргі кезде осы тәрбие бастауын қолға алсақ, шешендік өнерді еркін, тез меңгеріп алар ма едік?..
Шешендік өнерді үйренудің бір бастауы – бай ауыз әдебиетіміз бен классикалық әдебиет үлгілері. Сонымен қатар, сөз сайысы, түрлі дебаттық жобалар, пікірталастар көп болса, тіл мәдениетін еркін меңгеріп, шешендік өнердің қасиеттері бойымызға сіңер еді. Өйткені, шешендік өнер қолма-қол туып айтылатын, суырыпсалма жүрекжарды әділ сөздерге негізделіп шығармашылық сипатымен дараланады. Осы қасиетке ие болу үшін жоғарыда аталған сөз сайыстары ауадай қажет деп түсінемін. Атақты Цицерон "Адам бойындағы талант, терең білім, қалыптасқан дағды болуы керек, осы үшеуі сай болғанда ғана нағыз шешен қалыптасады»,- дейді.Ендеше, қанымызға сіңген шешендік қабілетті оятып, терең біліммен дамытып, күнделікті дағдыға айналдырсақ, шешен де, шебер сөйлеудің майталманы боламыз.
Ойымды түйіндей келе, халқымыздың саф алтындай сөз өнерін, тіл өнерін еркін меңгеріп, шешен сөйлеуге әрбіреуіміз талпынуымыз керек деп білемін. Ана тіліміздің туын осылайша биіктете аламыз. Ендеше, туған тілдің қадіріне жетеміз десек, шешендік өнерді меңгерейік!
© ООО «Знанио»
С вами с 2009 года.