Күні: 27.02.2015
Пәні: қазақ әдебиеті
Сыныбы: 10 «Ә», «Б»
Сабақтың тақырыбы: Шәкәрімнің «Еңлік –Кебек » поэмасының идеясы мен тақырыбы. Тарихи шындық.
І. Сабақтың мақсаты:
1. Білімділік. Шәкәрім мұрасын тереңдей оқытып үйрету, дастанның мазмұнын меңгерту, идеясы мен тақырыбын ажырата отырып, дастанның жазылуына себеп болған тарихи шындықты қғындыру.
2.Дамытушылык . Логикалық ойлау қабілеттерін, шығармашылық белсенділіктерін шыңдау,көркем мәтінмен жұмыс істеуді дамыту.
3. Тәрбиелік. Кейіпкер тағдырына ортақтастыра білу, қауымдасып жұмыс істеуге, бір-бірінің пікірін дамыта отырып, өзара сыйластыққа үйрету.
Сабақ әдісі: сұрақ-жауап, пікірлесу, талдау.
Көрнекілігі: сызбалар, ақын портреті, интерактивті тақта.
ІІ. Сабақ барысы:
1. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылармен амандасу, сыныпты түгендеу. Сабаққа сәттілік тілеу.
Сынып оқушыларын 3 топқа бөлу. Топтық тапсырмалар беру.
(Әдебиетшілер, тарихшылар, зерттеушілер)
II. Үй тапсырмасы. (9 минут).
І топ. Шәкәрім кім? Ол туралы не білесіңдер?
ІІ топ. Шәкәрім қандай өлең, дастандар жазған?
ІІІ топ. «Еңлік-Кебек» поэмасы кімнің ақыл- кеңесімен жазылған? Абайдың Шәкәрім шығармашылығына тигізген әсері жайлы баянда. «Абай жолы» романында осы оқиға айтылатындығы туралы.
1 кесте
Ш.Құдайбердіұлы (1858-1931) Туған жері - бұрынғы Семей облысы, Абай ауданы. Абай басшылығымен араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік меңгерген. 1905-1906 жылдары Меккеге қажылыққа барған. Поэмалары: «Нартайлақ-Айсұлу», «Қалқаман-Мамыр», «Ләйлі-Мәжнүн», «Еңлік-Кебек», «Мұтылғанның өмірі».
|
2 кесте
«Еңлік –Кебек » 1891 жылы жазылған. Оқиға болған жер – Шыңғыстау өңірі, 18 ғасырдың сексенінші жылдары. Жанры – эпикалық-ғашықтық дастан. Тақырыбы – екі жастың махаббат трагедиясы. Идеясы – қоғамның әділетсіздігіне, озбырлығына қарсылық. Өлең құрылысы –11 буынды, қара өлең ұйқасымен жазылған.
|
III. Жаңа сабақ.
Қызығушылықты ояту.
Электрондық оқулықтан видео-ресурс. Ш.Құдайбердіұлының «Еңлік - Кебек» поэмасы туралы. (3 минут)
а) Топтық тапсырма. (15 минут)
І топ |
Жырдың композициялық құрылымы, әдеби теориялық ұғымдар. |
ІІ топ |
Дастандағы тарихи шындық. Қазақ халқының сол ғасырдағы жазасы, үкімі. Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек » поэмасында қандай мәселе көтерілген?
|
ІІІ топ |
Кейіпкерлерге тоқталу. Жырдағы Нысан абыз. |
1) Поэманың композициялық – сюжеттік құрылысы
Р/с |
Оқиға желісі |
Оқиға өрісі |
1 |
Экпозиция |
Кебектің Нысан абызға бал ашқызуы |
2 |
Оқиғаның басталуы |
Кебектің аңға шығуы. Еңлікпен кездесуі. |
3 |
Оқиғаның дамуы |
Кебек пен Еңліктің байланысы |
4 |
Оқиғаның шиеленісуі |
Кебектің Еңлікті алып қашуы, сәбилерінің дүниеге келуі |
5 |
Оқиғаның шарықтауы |
Екі жасты өлтіруге шешім қабылдауы |
6 |
Оқиғаның шешімі |
Екі жастың өлімі, сәбидің тауда қалуы |
2) Қазақ басына ауыр күн туған заманда жоңғар шапқыншылығынан ығысқан қазақ елінің дені Сыр бойын сағалайды. Сарыарқа иен қалады. Тобықты ол кезде Қаратауды мекен еткен екен. Жоңғарлықтарды өкшелей қуған жұрт өзіне жол-жөнекей ұнаған жерлерге қоныстанған. Тобықты биі Қараменде мен батыр Бақай өз елімен Ертісті өрлеп барып, жоғары ағысына мекен етуді көздейді.
Алайда олардан бұрын келген қалың
найман мен керей Ертісті қапталдай жайғасады. Сондықтан да
олар Шыңғыстаудың етегін баса, сыбан мен матайлардың
арасына сыналай тұрақ тебеді. Жер дауы, жесір дауы өршиді.
Мұның соңы тобықты Бақай батыр мен сыбан Маян
батырдың жекпе-жегіне ұласады. Екеуі де қаза табады. Осы
оқиғадан соң тобықты мен матай арасындағы
қызыл жаулыққа әкеледі. Міне, осы кезде
Еңлік-Кебек оқиғасы бұрқ ете түседі.
М. Әуезов: «Шыңғыстың бұрынғы иесі матай
болады. Сол матайды Кеңгірбай тұсында тобықты ру басылары
алғаш ірге тепкен жерінен тайдырмақ болады. Бұның арты
шабуылға ұласады. «Еңлік-Кебек» оқиғасы дәл
осы алғашқы талас-тартыстың кезін көрсетуші еді», -деп
түсініктеме береді.
3) «Абайдың туысы мен өмірі» атты мақаласында М. Әуезов Нысан абыз туралы былай деп жазады: «Құнанбай жас күнінде ат үстіндегі қайраттылық, ерліктен басқа, ақылға да, сөзге де орамды кісінің белгісін берген болу керек. Өйткені сол кезде үлкен кәрілікке жеткен Нысан абыз деген ел сыншысы Өскенбайға «Өзіңнің бағың қыдырдай болса, балаңның бағы Шыңғыстай болсын», - деп сын айтыпты дейді.
«Қыдыр – Шыңғыс тауының солтүстік жағындағы бөктер тау», - деп М. Әуезов түсінік берген.
Шәкәрімнің шежіресінде: «Тобықтының екі баласы Ерестек, Дәулетек. Бұл Дәулетекке бір аста жуан таяқ ұстап, ошақ басын қорығаннан жуантаяқ атанып, нәсілі де сол атпен аталды. Ол Дәулетектің үш баласы – Байқара, Байшара, Жиеншара. Бұл Жиеншара оқымысты кісі болған соң «Хафат» дейміз деп, тілі келмей абыз атанды», - деп жазылған.
Нысан абыз осы Жиеншораның баласы деген сөз бар. Кейбір қариялар: Нысан абыздың аты – Жиеншора. Нысаналы болған соң Нысан абыз деп атап кеткен дейді. Тобықтылардың шежіресінде де, ел әңгімелерінде де өзге сөз айтылмайды. Жорамал болуы мүмкін.
Глоссарий
Жеті момын
Орта Жүз арғын тайпасы құрамындағы рулар бірлестігі.
Қабекең
Кеңгірбай биге қойылған ат. Қабан сықылды бұрылмайтын мықты деген сөзден шыққан.
Жуантаяқ
Тобықты руының бір тармағы.
Сыбан
Найман руының бір тармағы.
Жеті момын
Орта жүз арғын тайпасы құрамындағы Атығай, Қарауыл, Қанжығалы, Тобықты һәм Бәсентиіннің үш баласы, бәрінің үлкен шешесінің аты Момын болғандықтан, осы рулар бірлестігіне берілген жалпы атау.
Ғашықтарға арналған ескерткіш туралы айту.
Ескерткіш 1960 жылы қазақ даласының ең әдемі ғашықтарының ішінен біріне құрмет көрсету ретінде жергілікті жастармен орнатылған. Шатыр тәрізді бектілген көлемді іргетастың пирамидалық кейпі алыстан-ақ көрініп тұрады. Ішінде-екі бейіт бар, оларда: "Еңлік-Кебек" жазбалы плита бар. Ескерткіш Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы, Шыңғыстау тауларында орналасқан. Мавзолей жанында Ащысу көлі (Тұзды су) ағып өтеді.
Видео – ресурс. «Еңлік – Кебек» дастанының қазақ сахнасында қойылуы.
Еңлік-Кебек (пьесасы) - Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің трагедия жанрында жазған шығармасы. Шығарма 1922 жылы жазылды және 1943 жылы жаңа нұсқасымен жарық көрді. Еңлік Кебек пьесасын жазған кезде М.Әуезов 21 жаста болатын. 1917 жылы 7 маусымда М.Әуезовтің “Еңлік — Кебек пьесасы осы арада алғаш рет киіз үй сахнасында қойылды” деп жазылған тағы бір ескерткіш бар.
(7 минут)
IV. Сергіту сәті. Шәкәрімнің «Бұл ән - бұрынғы әннен өзгерек» әнін айтқызу. (1 минут)
ә) Пікірталас ұйымдастыру
«Еңлік пен Кебектің өліміне кім кінәлі?» деген тақырыпта пікірталас жүргізу
І топ. Ру басылары кінәлі.
ІІ топ. Екі жастың өздері кінәлі.
ІІІ топ. Кеңгірбай кінәлі.
(Әр топ өз пікірлерін қорғап шығады)
(5 минут)
Оқушылар пікірі:
1 . Екі жастың өліміне, менің ойымша, ру басылары кінәлі. Себебі, ру басылары екі жастың жалындаған махаббатына қарсы болып, оларға келісім бермейді. Ру басылардың пікірінше, екі жастың бұл ісі қылмыс, қателік болды және оларға өз ризашылықтарын бермеді.Егер ру басылары келісім бергенде бақытты да баянды өмір сүрер еді және жас сәбидің өліміне де себепкер болмас еді.
2. Менің пікірімше, бұған екі жас кінәлі деп ойлаймын. Өйткені екі жас ата-анасының келісімінсіз алты айдай кездесіп жүріп, тауға қашып кетіп, балалы да болады.Ата-анасының келісімін алмай, нәтижесінде олардың зардабын сәбилер тартты.Әрбір адам дүниеге келген соң ата-анасының үмітін ақтап, ризалығын алу керек.Сонда ғана барлығы жақсы болады деп ойлаймын.
3. Менің пікірімше, екі жастың өліміне ру басылары кінәлі.Себебі олар әрбір сүйген жандарды қоспай, қарсылық танытты. Бұл меніңше дұрыс емес. Шын сүйген жандарға ақ батасын беріп келісімін беру керек еді.Еңлік пен Кебекті ру ақсақалдары өлтіргенше, олар нағыз махаббаттың қандай екенін біліп, бақытты ғұмыр кешті.
V. Бекіту.
1. Автор шешімімен келісесің бе?
2. Егер сен автор орнында болсаң шығарманы қалай аяқтаған болар едің?
3. Шәкәрімнің осы поэма арқылы айтпақ ойы не ? Дастанды оқи отырып қандай ой түйдің?
VI. Үйге тапсырма. « Ғашықтың тілі - тілсіз тіл» тақырыбында ойтолғау жазу.
Поэманың зерттелуі. Поэма туралы пікірлер.
Бағалау. Критериалды бағалау.
Скачано с www.znanio.ru
© ООО «Знанио»
С вами с 2009 года.