"Шорға соғысы"
Оценка 5

"Шорға соғысы"

Оценка 5
Лекции
docx
история
5 кл—11 кл
30.11.2020
"Шорға соғысы"
Өлкетануға арналған ақпарат
Камбасова М.М. Өлкетану оқулары мақала.docx

Камбасова М.М., тарих ғ.магистрі, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Өскемен қаласы, Қазақстан Республикасы

 

ШОРҒА СОҒЫСЫ

 «Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады».

 Н. Ә. Назарбаев

1995 жылдың шілде айында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңес  «Қазақстан Республикасындағы  тарихи сана қалыптасуының тұжырымдамасын» бекітті. Онда: «...өткен тарихымыздың  шынайы бейнесін жасау – жалпыұлттық бірлігіміздің, Қазақстан Республикасының мемлекеттік бітімі қалыптасуының, оның егемендігін нығайтудың, азаматтық мен отаншылдықты тәрбиелеудің ең басты факторларының бірі болып отыр. Тарих - халықтың зердесі, ол содан қуат алады, ол содан әлеуметтік шығармашылыққа, жарқын болашаққа бастайтын шабыт алады» [1, 32б],- деп Отанмыздың тарихын оқытудың маңыздылығы атап көрсетіп, мемлекеттік саясаттың тарихи сананы қалыптастырудағы негізгі басымдықтары айқындады. Тарихи сананы қалыптастыру міндетін жүзеге асыру үшін мектепке дейінгі, мектептегі және жоғарғы оқу орындарындағы білім беру жүйесі, бұқаралық ақпарат құралдары, мәдениет мекемелері, қоғамда тарихқа ден қою, тарихқа деген құрмет пен тағзым, тарихты түйсіну ахуалын туғызуы тиіс болды. Осындай игі шараның аясында Қазақстан тарихы пәні тек қане мектеп қабырғасында ғана емес, барлық жоғары жоғарғы оқу орындарындағы барлық мамандық студенттеріне міндетті пән ретінде оқытылып, мемлекеттік емтихан ретінде қабылданғаны белгілі. Отанымыздың тарихында әлі қыр-сыры ашылмаған немесе жеткілікті зерттелмеген, зерттеліп жатса да оқушылар тарапынан танылып білінбеген  оқиғалар өте көп. Солардың қатарында мақалаға өзек болып отырған атап «Шорға соғысын» атап кетуге болады.  

XVII-XVIII ғасырлар қазақ елінің тарихындағы қасіретті берттердің бірі екені белгілі. Бұл жерде қазақ жеріне шығыстан жоңғарлардың үздіксіз шабуылдары, қазақ билеушілерінің алауыздығының салдарынан үнемі жеңілістерге тап болып отыруы халықтың орасан зор шығынға ұшыратты да. Ел басына күн туғанда артынан халықты ерте білген атаулы тұлғалар да шықты. Жоңғарлардың шабуылына алғаш ұшыраған Жетісу жерімен қатар Ертіс бойы да екені тарих беттерінен белгілі. Бұл аймақтарда жатжерлік басқыншыларға қарсы үнемі күрестер болып жатты. Соның бірі – Шорға соғысы.

Тарихи деректер Шорға соғысының 1755 жылы болғанын айғақтайды. Аталмыш шайқастың сексен күнге созылуы бұл текетірестің қаншалықты қиян-кескі сипатта әрі кең ауқымда өткенін байқатады. Оның мынандай себеп  - салдарлары бар. Бұл шайқасқа Алтай, Тарбағатайды мекендеген жоңғарлар   ғана емес, кейбір деректер бойынша Шығыстағы қалқа моңғолдар да белсене қатысқан сыңайы бар. Батыс пен шығыстағы моңғолдар арасында кезінде билік үшін қақтығыстар болғанымен, ойраттар Шығыс Түркістан мен қазақ елін талап-тонауы арқылы Шығыс Моңғолияның әлеуетін көтергені де әмбеге аян. Енді сол қанаттағыларға қауіп төнгенде оң қанаттығылар қалай теріс айналсын. Қысқасы, Манчжуриядан бастап, Алтай-Тарбағатайға дейінгі моңғолдардың таңдаулы түмендері Шорға мен Жоңғар қақпасындағы соңғы шайқастарға тастүйін дайындықпен келіп,белсене қатысқанын    әртүрлі дерек көздері дәлелдеп отыр.

Абылай хан елдің шығысын шегендеудегі шайқастарға да ерекше мән бергені байқалады. «Жоңғар шапқыншылғы кезінде қазақ жұртының үштен екісі шейіт болды. Жан - жағымыздан анталаған жаудың кейбірі әлі тізесін      батырып келеді. Сондықтан, соғыста аз шығынмен жеңіске жетіп, халқымызды сақтап қалуға тиіспіз» - деп ұйғарым жасауын алысты болжайтынын аңғарлылық, кемеңгерге  тән көрегендік демей не дейсіз?! (Оның бұл деректерін атақты ғұлама Шәкірім де атап көрсеткен болатын).  Бірақ, жоңғарлар өздерінің бір кездегі басымдығын қайта қалпына келтіру үшін ел тыныштығын бұзумен болды. «Қаракерей Қабанбай» кітабында Шорға соғысының тұтануына қандай себептер түрткі болғаны нақты баяндалған. Ойраттар тыныш жатқан қазақ жұртына ойран салып, лап қойғаннан кейін ондағы ел -жұрт босып кетеді. Бұл шабуыл қазақ халқының қайта бас көтеруіне жол ашады. «Қаракерей Қабанбай», «Бөгенбай батыр» кітаптарында Шорға соғысына Қабанбай, Бөгенбай, Барақ, Бармақ, Бердіқожа, Қасабай, Жантай, Баймұрат, Райымбек, Тентек, Қосай, Тама, Дәулетбай, Шөрек, Жаман, Орақбай және Қазыбек би қатысқан.

Жекелеген ұрыстарға келсек, ел ауызында ауыз болып қалған Сеңгір тоғайындағы шайқасты айтуға болады. Қазақ жасақтары шығысты бетке алып, Қандысу өзенінің бойындағы қалың жыныс тоғайға келгенде соған тастай бекінген жоңғарлар оларды аттап бастырмапты. Шабуылдамақ болған кейбір сарбаздар оққа ұшады. Қол бастағандарға да жан керек, олар бір-біріне «Тоғайға сен кір,сен кір» деп кідіріп қалыпты. Дәулетбайға сол кезде тосын бір ой келіп, бірінші тобын тоғайдың терістігінде қалдырады да, екінші тобын ойраттарға сездірмей түн ішіне олардың түстігіне, яғни, ту сыртына шығартады. Ертеңінде жасақтағылардың бірінші тобы Дәулетбайдың нұсқауымен тоғайдан бергі алаңқайға от жағып,айналаны түтіндетіп, керней қаққызып, дабыл көтерткізеді. Осын айғай - сүрен тоғайды айнала бекінген жаудың зәре-құтын қашырады. Сөйтіп, шептерін тастап, жылыстай қашқан-дар да, терістікке қарай ағылғандар да аз болмайды. Дәулетбайға да керегі сол болатын. Ойраттардың ту сыртынан ойран салып, терістіктегілерді түре қуып, оларды ойсырата қырып, жеңіске жетеді. Сонымен қатар, қазіргі Құйған аудандық округінде «Қалмаққырылған» деген жер бар. Онда да Дәулетбай бастаған қол күші басым жаумен айқасып жеңіске жеткен. Сол сияқты, Шорға соғысын сөз еткенде Қосай батырдың да ерлігін атап кеткен жөн. Оның Шорға соғысындағы ерлігін Кәрібай, Әрімжан ақындар жырға қосып,    батырлық және қолбасылық қабілетін жоғары бағалаған. Мәселен Кәрібай ақын толғауында:

                              «...Қасына ер Бөгенбай барақты алып,

                               Болғаны елге қорған алашқа анық.

                               Бердіқожа, Қасабай, Жантай батыр,

                               Қосылған ер Жәнібек талаптанып.

                               Ер Қасым, Баймұрат пен Райымбек,

                               Болғаны оған серік қазаққа анық.

                               Қосай, Тама, ер Шөрек, Малайсары,

                               Атын тізіп айтайын санаққа алып...»  -  деп жырласа, Әрімжан ақын:

                               «Қабанбай, Қосай, Дәулетбай,

                               Қатаған ханның жиені.

                               Байжігіттен шыққан үшеуі,

                               Батыр болған киелі,» - деп дәріптейді.

Сонымен қатар елі үшін еңіреп өткен Кенже, Атмал, Жәуен, Байотар, т.б. батырлар қазақтың бір сүйем жері үшін қасық қаны қалғанша жан аямай шайқасып, кейбірі өзін құрбандыққа шалғаны ұмытылуға тиіс емес. Олардың әрқайсысының тағдыры бір-бір дастанға жүк боларлық. Бұқар жырау:

                                «Қалбадан осы жолы қалмақ қашып,

                                Тұра алмай қарсыласып,салмақтасып,

                                Қарғоба,Базар,Боғас бәрін тастап,

                                Жөнелді Маңырақпен ар жаққа асып»,- деп қазақ батырларының ерлігін асқақтата жырлайды. Сонымен бірге ұлы жырау осы өңірлерден бастап, Сары Еміл өзеніне дейінгі аралықта Ер Тама, Кенже батырлар мен Назарғазы байдың ажал құшқанын, ұзын саны он алты қазақ батырының Мойынши, Ақсу, Емілдің бойында опат болғанын күйіне отырып жырлайды.[2]

Осы факторлар Шорға соғысының қазақ тарихындағы ең сұрапыл соғыстардың біріне айналғанын айғақтайды. Бұл шайқаста алауыздық, бақталастық дегенге жол берілмеді. Оған мысал ретінде 1718 жылы Аякөз түбінде болған шайқасты алсақ, алғаш екі күнде қазақтар басым түсіп, үшінші күні олар жеңісті жоңғарларға өз қолымен бере салғандай берекесіздік танытқан. Қазақ әскерлерінің осылай масқара болып жеңілуіне Әбілқайыр және Қайып сұлтандардың ортақ тілге келе алмауы себеп болған.

Сондықтан, осы оқылықтар қатаң ескерілгендіктен Шорға шайқасында қазақ жасақтары басшыларының алауыздыққа салынып, бұра тартылуына жол берілмеді. Керісінше Абылай, Қабанбай сияқты кемеңгерлер өздерінің    ұтқыр саясаттары арқылы Лама-Доржы, Дабашы,Әмірсана сияқты жоңғар    хандарының алауыздығын өте ұтымды пайдалана біліп, оларды бір-біріне қарсы қою арқылы жау жасақтарын бөлшектеуге, сол бөлшектенген жасақтардың өзара шайқасқа түсуіне,сөйтіп қырғынға ұшырауына әкеліп соқтырады. Абылай хан мен Қаракерей Қабанбайдың көреген саясаты мен стратегияларының арқасында бұл соғыста қару-жарақ емес, бірлік пен ақыл-айла жеңіске қол жеткізеді. Шығысты шегендеген бұл шайқастың ерекшелігі де, сабақ аларлық тағылымы да сонда. 80 күнге созылған Шорға соғысының ауқымы мен қатысушылардың молдығы жағынан осы өңірдегі айқастардың қай-қайсысынан болмасын артып түседі. Абылай хан мен Қаракерей Қабанбай батырдың басты назарында болған бұл шайқас қазір мектептің тарих оқулықтарына енгізіліп,оқытылу да.

Қалмақтар Шорға соғысына дейін қазақ жерінде басып алған ұлан-ғайыр иеліктерінен айырылып қалса да, Алтай,Тарбағатай өңірлерінің басым бөлігін уысында ұстап тұрған екен. Енді сол кезеңдегі саяси ахуалды көзге елестете кетейік. Жоңғарлармен арадағы аласапыран айқастарда тарихшылар айтқандай халықтың үштен бірі қырылса, Абылай хан соғысты одан әрі  соза беруге жол бермегенін түсінуге болады. Өйткені Жоңғария өз алдына, Ресей мен Қытайда тізесін батырып келе жатты.Сондықтан, ол ел-жұртты уақытша болса да тыныс алдырып, есін жиғызуды көздегені хақ. Бірақ сол кезеңдегі күрделі жағдай бейбіт өмірге тыныштық бермегені мәлім. Бұған қалмақтардың билік басындағы тұрақсыздығы да әсер етті. Сондықтан Абылай хан мен Қаракерей Қабанбай батыр жоңғар хандары мен ханзадалары Лама-Доршы, Дабашы, Әмірсананың өзара алауыздығын пайдаланып, олардың күштерін әлсіретуге және уақыттан ұтуға оңды қадамдар жасап отырды. Шорға соғысы осындай күрделі кезеңге тұспа тұс келді.

Сексен күнге созылған бұл соғыс қалай өрбіп,қалай аяқталғанына келейік. Зейнолла, Сәнік, Бейсенғали Садыханның «Қаракерей Қабанбай» атты кітабындағы «Шорға соғысы» атты мақала-деректеріне жүгінсек, қазақ-қалмақ жағы ит пен мысықтай арбасқан кезде Байжігіт елі 1754-1755 жылдары Шорға өңіріне орналасыпты.Тама батырдың басшылығындағы бір мыңдай адам жау жаққа қойылса керек.

Бірақ Алтайдағы Алқабілек-білезікке бекінген моңғолдар жансыз жіберіп,   қазақ қосындарының ішкі жағдайын біліп алады. Содан кейін қазақтың бейғамдығын пайдаланып, мол жасақпен келеді. Олар алдымен Орқашарда жатқан Тама батыр мен Назарғазы төренің екі мыңнан астам жылқысын қолды етіп, жылқышыларын өлтіріп кетеді. Мұнымен де тынбай Тарбағатай  өңірінде тыныш жатқан елге зобалаң туғызып, осы өңірді басып алады. Қазақтардың қалған-құтқаны Қалба тауына қарай босып кетеді.

Осы қайғылы жағдайды Дәулетбай Қабанбайға жеткізгесін ол шайқастағы  барлық қазақ батырларына арнап үндеу жолдайды. Қабанбайдың үндеуін қостап әр шалғайдан 27 батыр жиналады. Дәулетбайдың баласы Көтеш пен Қарақан батырлар жаудан астыртын «тіл» әкеліп,    қалмақтың қалай орналасқанын білген Қабанбай жауды бірақ қарпытпай,         Әмірсананы ішке тарта отырып,қалғанын жеке-жеке құрту тәсілін қолдану -ды жүктейді.

Шорға соғысына екі жақтан қанша адам қатысқаны туралы дерек жоқ. Бірақ, бұл ұрысқа қазақ-жоңғар соғыстарында сыннан өткен ең таңдаулы әскери құрамалар мен жаужүрек батырлар қатысқаны күмән тудырмайды. «Заманында Алшынбай ақын осылай жырлаушы еді деп» бұл рухани мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізген Кәрібай ақын Шорға шайқасына қатысқан қазақ батырларын былай деп дәріптепті:

                                         Қабанбай, Ер Бөгенбай, Батыр Барақ,

                                         Уалы сүйегі уақ батыр Бармақ.

                                         Бердіқожа, Қасабай, батыр Жантай,

                                         Қаз дауысты Қазыбек өңкей саңлақ.

                                         Баймұрат, Райымбек, батыр Тентек-

                                         Барлығы жауға кеткен кегін алмақ.

                                         Қосай, Тама, Дәулетбай, батыр Шөрек,

                                         Жиылып ақ батамен қылған тілек. 

                                         Барлығына Қабанбай қолбасы болып,

                                         Айқастық ата жаумен бірнеше рет.

                                         Қалмаққа келдік тиіп Шорғадағы,

                                         Бұл жолы кем болмады олжа жағы.

                                         Ер Барақ, батыр Жаман, Орақбайдың,

                                         Аққан қан қылышынан сорғалады.

Бұл батырлардың қазақ жерінің әр түкпірінен келгені аңғарылады. Қанжығалы Бөгенбай Арқадан, Райымбек оңтүстіктен келген. Мұқағали Мақатаевтың «Райымбек!Райымбек!» атты поэмасында оның ерен ерлігі мен биік адамгершілігі мәнерлі жырланғаны белгілі.

Моңғолдың Доланқара бастаған елу-алпыс адамы Сауырдағы Меркіт елінің көп жылқысын барымталап, оларды Қабанбай мен Дәулетбай бастаған 40 жігіт Ертістен өте қуып жетеді. Сол жерде Доланқараның өзі білегін сыбанып тас­тап атып шығады да, Қабекеңді жекпе-жекке шақырады.  

Абылай хан болып, Қабанбай қолбасы болып тұрған шақта жоңғар шапқыншылары бейбіт жатқан қазақ жасақтарын сан рет ойсырата шауып, қызыл қырғын соғыс салып, жерін тартып алып отырған. Сондай бір аласапыран кезде, жау жақ қапталда Қосай, Тама батырлардың жасағы қалқан болып, мыңғырған жылқылары сонау Орқашар жеріне дейін созылып жатқан бір мәуетек шақта Алтайдағы Алқабек-Білезікке бекінген торғауыттар тағы да мың-мыңдап жылқы барымталап, бірқыдыру адаммен бірге Таманың ұлы Байқонысты да өлтіріп, Тарбағатай өңіріне біржола бекініп алады. Жаудан үркіп Қалбаға қарай қашқан ел ағыны қатты өзеннен өткел таба алмай, көп адам суға кетеді (Кейін шаруашылық қажеті үшін су бөгені салынған, қазір Бозша, Маңырақ, Ақжар ауылдарының іргесінен ағып өтетін тау өзенінің «Қандысу» аты содан қалған деген аңыз бар…). Тоқсанның сеңгіріне шыққан Тама батыр елді Сауырға тиянақтатып, Дәулетбайды дереу Тарбағатайдың батысындағы Бақтының мойнында отырған Қабанбайға шаптырады. Бұл – атақты Шорға соғысы атанып тарихта қалған, сексен күнге созылған қанды сойқанның басы еді. Қылышынан қан сорғалаған батырлар ата жаудан айласын асырып, жасақтардың жан аямай арпалысуының арқасында Қалбадан Шорғаға дейінгі өңірді жау шеңгелінен қайтадан қайтарып алады. Алтай мен Сауыр-Сайқан, Қара Ертіс пен нұр Зайсан, Марқа мен Нарын арасы торғауыттан тазартылады. Босқан ел Қарғыба-Базар мен Ойшілікке, Шорға мен Боғас Маңыраққа қайтадан қоныс тебеді. Сол жылдары Алакөл мен Бақты маңында да дүрбіттер дүрбелеңі белең алды. «Дүрбіттер Қатынсу бойында тағы бір рет бас құрап, өздерінше тұрыстық бермек болған. Бірақ ол талаптарынан да ештеңе шықпады. Жеке сайысқа шақырған Бадынжап Зайзанды Жұмық Дәулетбай батыр екі айналымға келтір­мей, найзамен іліп тастады» [ 2, 46б].

 Сол жылдары Тарбағатай өңірі бойынша тарихта қалған қанды шайқастардың ішінде Маңырақ маңындағы ұрыс та аса ауыр болған. Барқытбел, Сауыр-Сайқанның шығыс бет қапталындағы Маңырақ сілемдерінде сіресе бекініп алған әрі оқ қарумен жарақтанған торғауыт пен дүрбіт қатты қарсыласады. «Бұл ұрыста Дәулетбай батыр бастаған Жұмық жігіттері ерекше көзге түсті. Әншейінде әр қадамын аңдап басып, сақ жүретін Дәулетбай бұл жолы өлер-тірілерін ұмытып, үнемі алдыңғы шепте шабуылдаумен болды. Батырдың көзіне қан толып, бет-әлпеті де жан шошырлықтай өзгеріп кеткен. Шамасы, мұндай жанкешті өлермендіктен ажалдың өзі де қаймығатын болуы керек, ақ көбігі шыққан тортөбелдің үстінде ұршықтай үйіріліп, алдаспанын оңды-солды сілтегенде, бейне орман отап келе жатқандай, жау ортасын қақ жарып, арттағы әскерге жол ашып отырды». [ 2,47б]

Тарбағатайды торыған торғауыт пен дүрбітті, Марқа мен Нарын маңына елеурей еніп кеткен ұранхайларды жапыра қуып тастап, Жұмықтың жеті баласының ата қонысын аңдатқан Қабанбай ағасы сияқты Дәулетбай батыр да Тарбағатай өңірінде ат тізгінін тартқан соң Жұмықтан тараған Сатының бес баласы мен аталас туысы – Сайболат ұрпақтарына Маңырақ пен Арғанаты, Барқытбел мен Зайсан көл арасынан әділдікпен жер бөліп бергендігі де тарихи шындық.

 

ҚОРЫТЫНДЫ

Қазiргi Қазақстан - халықаралық қауымдастықтың, құрметтi және беделдi мүшесi. Негiзгi экономикалық, әлеуметтiк дамудың және тұрғындардың өмiр сүру деңгейi көрсеткiштерi бойынша бiздiң елiмiз ТМД-да алдыңғы орындарда тұр. Елде бiрнеше тiлде еркiн сөйлей алатын, заманға сай ақпараттық технологияларды игерген белсендi жас ұрпақ өсiп келе жатыр. Сонымен бiрге, халқының рухани құндылықтарын игермеген, өз тарихын бiлмейтiн жас ұрпақ қазiргi жаһандану ағынына төтеп бере алмай түрлi бағыттарға ерiп кету қауiпi бар екендiгiн жасыруға болмайды.  Мемлекеттiң осы тұрғыдағы мiндетi - жас қазақстандықтарды патриоттық рухта, халқына деген сүйiспеншiлiк рухында тәрбиелеу.  Осылайша, өткен тарихымызды қайта жаңғырту, кеңестік идеологияның қысымымен өз бағасын таппаған оқиғаларды қайта жаңғырту, елін сүйген, елім деп жанкештілікпен күрескен бабалар ісін естен шығармай тағзым ету, олардың игі істерін жалғастыру өсіп келе жатқан жас ұрпақтың, яғни біздің қолымызда. Біз қазақ халқының сан ғасырлық дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтап, түлете беруіміз керек. Қазақстан халқының ілгері дамуын қамтамасыз етеміз!  Сөз соңын дана халықтың: «Өлі разы болмай, тірі байымас»- деген даналық сөзімен аяқтағым келеді.

 

 

 

 

 

 

 

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1.     «Қазақстан Республикасында тарихи сана қалыптасуының тұжырымдамасы». – Алматы: Қазақстан, 1995. – 32 б. 

2.     Қабдеш Жұма­діловтің «Дарабоз» тарихи романынан, І том.

3.     Ғаламтор беттерінен ақпараттар

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 





 

Камбасова М.М., тарих ғ.магистрі,

Камбасова М.М., тарих ғ.магистрі,

Шығыстағы қалқа моңғолдар да белсене қатысқан сыңайы бар

Шығыстағы қалқа моңғолдар да белсене қатысқан сыңайы бар

Бөгенбай барақты алып,

Бөгенбай барақты алып,

Абылай хан мен Қаракерей Қабанбай батырдың басты назарында болған бұл шайқас қазір мектептің тарих оқулықтарына енгізіліп,оқытылу да

Абылай хан мен Қаракерей Қабанбай батырдың басты назарында болған бұл шайқас қазір мектептің тарих оқулықтарына енгізіліп,оқытылу да

Уалы сүйегі уақ батыр Бармақ.

Уалы сүйегі уақ батыр Бармақ.

Жеке сайысқа шақырған Бадынжап

Жеке сайысқа шақырған Бадынжап

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ 1

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ 1
Материалы на данной страницы взяты из открытых истончиков либо размещены пользователем в соответствии с договором-офертой сайта. Вы можете сообщить о нарушении.
30.11.2020