"Сырға салу" салт дәстүрі
Оценка 4.6

"Сырға салу" салт дәстүрі

Оценка 4.6
Культурные мероприятия
docx
воспитание
18.02.2020
"Сырға салу" салт дәстүрі
традиции казахского народа
Салт дәстүр.docx

«Сырға салу» салт дәстүрі

 

(Домбыра баяу ойнап тұрады)

 1 жүргізуші(Ер азамат):

-      Армысыздар құрметті тойға жиналған ағайын-жұрт!

 

2  жүргізуші(Қыз бала):

-      Қайырлы күн қадірменді қонақтар!

1 жүргізуші:

Неше бір заман өтседе

Бабалар салған жолымен

Мәңгілік елдің төрінде

Сақтаған салтын жөнімен

 

Айттырып құда түсірер,

Бойжеткен айдай аруға.

Сырғасын салып, сүйсінер

Жеңгелер жаққан ауылға.

 

 2 жүргізуші:

         Алтын сырға тағылар,

Алтындай таза болсын деп.

Ақылды әрі бағалы

Жайдары, жарқын болсын деп.

 

Қазақтың қызы қашан да

Үлкеннің алып батасын,

Ибалы келін атанған,

Осынау салтым жасасын.

 

1 жүргізуші:

-      Қазақ халқының «Сырға салу» салт дәстүрінің бірі қазіргі кезде кеңінен таралған. Сол тамаша дәстүрді тамашалайық ағайын.

 

1 жүргізуші:

-      Құдалар келді!

Қарсы алып жүгір, ағайын

Гүл менен биге ораңдар бүкіл маңайын!

Алдынан шықсын Аталар мен аналар,

Ақ қырау шалған самайын!

 

2 жүргізуші:

-      Күмбірлеп күй мен жаңғырып жаңа ән ойналсын,

Отыз күн ойын,

Қырық күн тойың тойлансын!

Жайылып жастық, иіліп төсек болайық,

Құдалар Аты байлансын!

 

(Құдалар келе жатқан кезде есік алдына қыздың екі жеңгесі арқан тартады, арқан тартқан адамдарға құдалар жағы өз жоралғысын (орамал, мата, ақша) береді.

Құдалар есіктен кіріп амандасқаннан соң қыздың туыстары қарсы алып көріседі. Шашу шашылады.

Құдалар жайғасып алғасын екі жақ бір бірімен танысады. Аман түгел алысады. Шұбат таратылады)

Қыз ауылының қариясы жолаушылардан келген мақсатын сұрайды.

Құдалар келген мақсатын айтады:

-      Біз Қонай батырдың ұрпақтары Кенже жеменей ауылынанбыз. Біздің ауылда ұл бар дегендей, сіздің ауылда қыз бар дегендей.Үлкендердің қолдауымен, жастардың қалауымымен Сіздің қызыңызға құда түсіп, сырға салуға келіп отырған жайымыз бар.

Қыздың ауылының ақсақалы:

-      Адам беру біреуге оңай емес қашанда, өмір заңы осы ғой.«Жолаушы мұраты - жету, қыз мұраты – кету» екенін ұғынғанымызбен,бауыр етінен жұлып алып қызды өзге жұртқа аттандыру кімге болса да оңай емесін бәріміз білеміз. Алайда, барған жерінде тастай батып, судай сіңіп жатса – абыройларыңыздың асқақтағаны сол емес пе! Құдай қуат берсін,құда-жекжаттарымызға сана берсін, жақсы жер болса – қызымыз алаңдамай бара берсін! Екі жас бақытты болсын, өмірі жақұтты болсын!

 

Көпшілік «Әумин» деседі.

 

Қыздың ауылы құдаларға болашақ келіндерін таныстырады. Оған құда көрімдігін береді.

(Қоржын ашуға кіріседі. Бірінші кезекте, өлілер риза болсын деп босағаға ер адамға киім қыстырады. Сонан соң қызға әкелінген сырға салынады. Оны қыздың құлағына  салады. Сырға көрімдігі қыздың екі жеңгесіне беріледі.)

Жігіт ауылының ақсақалы:

-      Халқымыздың салты бойынша осы шаңырақтың өлі- тірісі деп бір мал, «Ана сүтінің» ақысы, «Қыздың қалыңы» деп ақшалай сыйлық,  «Құдағи қоржыны» табыс етеміз.

(«Ана сүтінің» ақысына көбіне анасына жеке алтын зат алып береді. Құдағи қоржынның ішіне піскен ет, тәттілер, шұбат-қымыз салады. Қоржынның сырты сақина, білезік, моншақтармен көмкеріледі. Оларды қоржынды ашқан қыз жақтың кісілері бөлісіп алады)

Жігіт ауылының ақсақалы:

-      Ал құрметті құда, батаңызды беріңіз.

Қыз ауылының қариясы батаны келген бас құдадан сұрайды.

Бас құда:

Сұрасаңыз бата берейін

Үстем болсын мерейіңіз.

Ықыласпен қол жайсаңыз

Ақ тілекті төгейін.

 

Қосылған теңін тауып балалардың

Әуелі жасын ұзақ бақытты қыл.

Алдында ақсақалдың абыройлы,

Өзінен кейінгіге қадірлі қыл.

 

Сөйлесе айтар сөзін жүйелі қыл,

Қалдырмай қатарынан киелі қыл.

Тілегін екі жақтың қабыл етіп,

Ат мініп, жүгін артар түйелі қыл.

 

Қуаныштан, шаттықтан,

Айырмасын құдайым,

Ақ тілеуді ендігі.

Құдаларға бұрайын.

 

Қыз өсіріп, қыз беріген,

Айналайын сіздерден,

Сондықтан да мың алғыс

Құда болған біздерден.

                                         Әумин.

 

 

Қыз ауылының қариясы сөз сөйлеп  немересіне  бата береді:

Құдажан жорытқанда жол болсын,

Құдағи дастарханың мол болсын.

Алланың шапағаты тие берсін,

Бізден тілек сол болсын.

 

Суырылып шықтың, қызым, өзегімнен,

Суынып кетпе жырақ өз еліңнен.

Бақытың берген шығар тізгініңді,

Бақытың келген шығар кезегімен.

 

Тілегі ата-анаңның тағың болар,

Батасы ел-жұртыңның бағың болар.

Ойланып ақылыңмен жүрер болсаң,

Құдайым ниетіміз қабыл болар.

 

Сағаңмен сарапқа түс күнім еркем,

Анаңмен бірге қалсын еркелігің.

Ата-анаңның үмітін ақта жаным,

Барған елде сыйлы бол, бақытты бол!

 

 

Әкесінің тілек-аманаты

          Құрметті халайық, бүгін біздің қуанышымызды ортақтасып келіп отырған ағайын, туыс - бауырлар!

          Құрметті құда-құдағи! Сөзімнің сіздерге арнағым келеді.

Үйімді жарық еткен нұрым, жүрегімді тербеген жырым, ақ құсқа айналып, көрші бәйтерекке ұя салмаққа ұшқалы отыр.

Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, күнге күйдірмей, суыққа тоңдырмай бой жеткіздім, өсірдім. Ендігі жерде қызымның сүйегі – менікі, еті – сіздікі.

Жігіттің әкесі амантатты қабыл алып,өз тілегін айтады.

 

 

 

 

 

Қыздың әкесі:

-      Маған өзіңе сөз арнау өте ауыр, қызым! Сені мұңайтқым келмейді, қуантқым келеді.

                 Қыдыр ата болсын балам жолдасың,

                 Көкірегің елдің күйін толғасын.

                 Атқан таңың бағыңды ашып әрдайым,

                Ата бабаң әруағы қолдасын!

 

                 Ашық болсын аспаның мен айналаң,

                 Ардақтасын ақ орамал байлаған.

                 Тәң сәріде тілек тіле Тәңірден,

                 Тартынбастан қолыңды енді жай балам!

                                                               Әумин!

 

Қосшы бала:

-      Бата берілді. Құда табақты тартыңдар! Қонаққа ет тартыңдар!

 

(Адай күйі ойналады)

1 жүргізуші:

-      Құтты да болсын,

Қарсы алған құдаң гүлдермен,

Жандар деп жатыр тәрбие көрген, үлгі өрген.

Асауды – ноқта,

Құданы құдай қосады,

Баянды болсын қызықтарыңыз бұл көрген.

(Домбырамен күй орындалады)


 

Сырға салу» салт дәстүрі (Домбыра баяу ойнап тұрады) 1 жүргізуші(Ер азамат): -

Сырға салу» салт дәстүрі (Домбыра баяу ойнап тұрады) 1 жүргізуші(Ер азамат): -

Алдынан шықсын Аталар мен аналар,

Алдынан шықсын Аталар мен аналар,

Бірінші кезекте, өлілер риза болсын деп босағаға ер адамға киім қыстырады

Бірінші кезекте, өлілер риза болсын деп босағаға ер адамға киім қыстырады

Айналайын сіздерден, Сондықтан да мың алғыс Құда болған біздерден

Айналайын сіздерден, Сондықтан да мың алғыс Құда болған біздерден

Маған өзіңе сөз арнау өте ауыр, қызым!

Маған өзіңе сөз арнау өте ауыр, қызым!
Материалы на данной страницы взяты из открытых истончиков либо размещены пользователем в соответствии с договором-офертой сайта. Вы можете сообщить о нарушении.
18.02.2020