ӘОЖ 377.016:811.512.122
А.А. Амангелді,
ф.ғ.к.
ТІЛ ҮЙРЕТУДЕ ҚОЛДАНЫЛАТЫН ТИІМДІ АҚПАРАТТЫҚ-КОММУНИКАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР
«Адамзат үшін ХХІ ғасыр – жаңа технологиялар ғасыры болмақ, ал осы жаңа технологияларды жүзеге асырып, өмірге енгізу, игеру және жетілдіру – бүгінгі жас ұрпақ, сіздердің еншілеріңіз... Ал жас ұрпақтың тағдыры– ұстаздардың қолында», - деп елбасымыз Н.Ә. Назарбаев айтқандай, ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қарқындап дамып келе жатқанын бүгінде сәт сайын ашылып жатқан жаңалықтар дәлелдеп отыр.
Жаңа ақпараттық технологияны адамзат қызметінің барлық саласына енгізу ақпараттық қоғамның басты көрінісі болып отыр. Мұғалімдерге қойылатын талаптардың бірі – оқытудың жаңа технологияларын меңгеру. Осындай аса қажетті технологиялардың бірі – ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (бұдан кейін АКТ) пайдалану. АКТ-ны игеру қазіргі заманда әрбір жеке тұлға үшін қажетті шартқа айналды. АКТ-ның дамуы кезеңінде осы заманға сай білімді шәкірт тәрбиелеу мұғалімнің басты міндеті болып табылады.
«АКТ құралдары» дегеніміз – микропроцессорлық және жаңа АКТ негізінде қызмет атқаратын, ақпаратты таратудың жаңа құралдары мен жүйелері, ақпаратты жинақтау мен олардың қорын жасау, сақтау мен өңдеу, оларды жан-жақты таратуды қамтамасыз ете алатын бағдарламалық, бағдарламалық-аппараттық және техникалық құралдар мен құрылымдарды айтамыз. АКТ-ға жататындар: ЭЕМ, дербес компьютерлер, терминалдық құралдардың жинақтары, жергілікті есептеу жүйелері, мәтіндік және графикалық ақпараттардың құрылымдары, көлемі үлкен мұрағаттық ақпараттарды сақтау құралдары, аудиовизуалдық ақпарттарды бақылайтын құралдар мен құрылымдар, машиналық графика жүйелері, программалық кешендер, жергілікті желілер, әлемдік деңгейде ақпарат алмасуын қамтамасыз ететін қазіргі кездегі байланыс құралдары.
Білім беру саласындағы көп қолданыста жүрген АКТ құралдары:
- Интерактивті тақта;
- Мультимедия;
- Интернет кеңістігі;
- Электронды оқулық.
Оқу үрдісінің тиімділігін қамтамасыз ету үшін қажет:
- Бір қалыптылықты пайдаланбау, яғни, деңгейлер бойынша (білу, пайдалану, қолдану) оқушылар әрекетін ауыстырып отыру;
- Баланың ойлау (зерделеу) қабілетін дамытуға бағытталу, яғни елестету, салыстыру, байқағыштық жалпыдан негізгіні айыра алу, ұқсастықты табу қасиеттерін дамыту;
- Компьютерлік технологияны пайдалана отырып дарынды, орташа және үлгерімі төмен оқушыға сабақты ойдағыдай меңгеруіне мүмкіндік туғызу;
- Оқушының есте сақтау қабілетін ескеру (жедел, қысқа мерзімді және ұзақ уақыттық есте сақтау).
Жаңа АКТ-ны сабақта пайдаланудың тиімділігі:
Оқушының еркін ойлауына мүмкіндік береді;
Ақыл-ойын дамытады;
Шығармашылық белсендігін арттырады;
Ұжымдық іс-әрекетке тәрбиелейді;
Тіл байлығын жетілдіреді;
Жан-жақты ізденушілігін арттырады.
Кез келген адам білім алу барысында білімнің сапалы болғанын қалайды. Бұл кезекте ақпараттық технологияның атқарар рөлі ерекше. Білім беруде АКТ-ны пайдалану мен оқушылардың құзіреттілігін қалыптастыру, қазіргі заман талабына сай АКТ-ны, электрондық оқулықтарды және Интернет ресурстарды пайдалану оқушының білім беру үрдісінде шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда ХХІ ғасыр табалдырығын еркін аттаған азат ұрпаққа тәлім-тәрбие және білім беруді жетілдірудің, мемлекеттік тілді оқытудың басым бағыттарын айқындау педагогика тәжірибесінің көкейкесті мәселелерінің бірі болып отырғаны анық. Сондықтан тілді үйретуде ақпараттық технологияларды пайдаланудың мақсаты оқу процесінде қатысушылардың дер кезінде тиянақты білім алуын қамтамасыз ету және кәсіби даярлау мен осы үдерісті оқытушы тарапынан басқарудың жоспарлаған сапасына қол жеткізу болып табылады.
Қазіргі кезде тілді үйрену барысында оқыту құралдары (компьютерлер, телекоммуникациялық байланыс құралдары, автоматтандырылған оқыту бағдарламалары, электронды оқу материалдары, қажетті интерактивті бағдарламалық және әдістемелік жабдықтар) әр түрлі оқыту түрлерін жетілдіруге мүмкіндік береді, оған қоса оқушылардың өзіндік жұмыстарын орындататын әдістемелік құралдар ретінде атқаратын жұмысының маңызы өте зор.
Ю.К. Бабанскийдің айтуынша оқыту үрдісіне компьютерді енгізу оқушылардың оқу-танымдық белсенділігіне басшылық жасауда, оны интенсивтендіруде жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізеді [5].
Тілді үйрету кезінде ақпараттық технологияның мүмкіндіктерін пайдаланудың дұрыс бағытының бірі — компьютерлік модельдеу, имитация және виртуальды стенд. Бұл бағыт оқушыға нақты құбылыстар мен объектілерді зерттеудің құралын айқындауға септігін тигізеді. Мысалы, виртуальды стендпен жұмыс істеген кезінде оқушылар компьютердің өз командасына берген бағасын көре алады. Бұл тұрғыдан алғанда шешімнің дұрыстығын ғана емес, сондай-ақ ұстанған бағыттың күшті және әлсіз жақтарын, жіберілген қателіктерді де оқушыларға көрсетіп отыратын интеллектуалды танымдық жүйелер де қолданылады.
Компьютерлер мен интерактивті тақтаны оқушылардың тілдік құзіреттілігін, шығармашылық потенциалын дамыту құралы ретінде пайдалану интеллектуалдық, эстетикалық және ақпараттық сауаттылығын арттыруға көмектеседі, ал көрнекі құрал ретінде пайдалану оқу-танымдық үрдіс тиімділігін арттырады. Тілді үйрету барысында ақпараттық технология арқылы берілетін білім оқу материалын жүйелі беруге, ақпаратты көруге, есте сақтауға, қатысымдық тұрғыдан меңгеруге, қазақша тілдік қатынасты игеруге мүмкіндік береді.
Ақпараттық технологияны қолдануда, әдетте шынайы өмірлік жағдайлар келтіріліп, бірігіп шешу мәселелері ұсынылады, рольдік ойындар пайдаланылады, білгірлігінің қалыптасуы барысында жеке белсенді позициясын қалыптастыруға жағдай тудырады, қарым-қатынас дағдыларын орнықтырады, сыни тұрғыдан ойлауға үйретеді. Демек, ақпаратты технологияны пайдалану оқу үрдісіне енгізу тіл үйретуде тиімді. Тыңдап-түсіну, көріп-байқау құралдарының концепциясында оқыту былайша орналасады: тыңдау – сөйлеу – оқу – жазу. Оның ішінде ауызша қабылдау (тыңдау мен сөйлеу) әрдайым ілгері шығып отырады. Тыңдап-түсіну, көріп – байқау құралдарының ішінде сабақ берудің барлық сатысында қолдануға болатын түрі-аудио құралдар, радио мен теледидардың хабарлары, сұхбаттар жазылған үнтаспа, т.б.
Аудиоматериалдар сабақта мынадай мақсатта қолданылады: біріншіден, қажетті ақпаратты күшті әсерлілікпен жеткізеді; екіншіден, оқушының бақылаушылығы мен талдау дағдыларын жетілдіреді, үшіншіден, өз пікірін, ойын тұжырымдап айтуға үйретеді. Таспа арқылы тыңдалатын мәтін оқушының тілін дамытады. Тіл үйренудегі тыңдау сөйлеумен тығыз байланысты. Оқушыға таспадан естігенін тілінде пайдалану қажеттігі туады. Таспадан тыңдалған мәтін бойынша сұрақ қою ең тиімді жол, өйткені оқушы сұраққа дұрыс жауап беру үшін мәтінді ынтамен тыңдап, мәнін түсінуге тырысады.
Қазіргі заманғы компьютерлік телекоммуникациялар әр деңгейдегі оқу ақпаратын алу және білім беруде дәстүрлі оқыту әдістерімен бірдей, кейде одан да тиімді түрде жүзеге асырады. Адамның компьютер көмегімен атқаратын оқу іс-әрекеттері өте күрделі және алуан түрлі. Оларды төменде атай отырып, біз бұл іс-әрекеттің негізінде оқушыларда шығармашылық ойлау пайда болатынына көз жеткіземіз:
- игерілетін теориялық білімдер жүйесінің негізінде жатқан жалпы қатынастарды табу мақсаты бойынша оқу міндеттерінің шарттарын қайта қарау;
- аталған қатынастарды графикалық және белгі түрінде модельдеу;
- қатынас моделін оның жалпы белгілерін игеру мақсатында қайта қарау;
- жалпы әдіс негізінде нақты практикалық міндеттерді бөліп алып, шешу;
- алдыңғы іс-әрекеттің орындалуын бақылау;
- берілген міндетті шешудің жалпы тәсілін игеру бағасы.
Көрнекі құралдың жаңа заман талабына сай түрлерінің бірі болып саналатын мультимедиалық энциклопедия, электрондық оқулықтар мен түрлі дыбыстық таспа материалдары бүгінгі таңда тіл үйренушілердің қай тілді болмасын тез әрі терең, қиындықсыз игеруіне мейлінше қолайлы жағдай тудырып отыр.
Қорыта
келгенде: «Қазіргі заманда жастарға ақпараттық
технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай жаңа білім
беру өте-мөте қажет» деп, ел Президенті атап
көрсеткендей, ақпараттық технологияларды мемлекеттік тілді
оқытуда тиімді пайдалану – жаңа білім берудің бірден бір
шарты.
Оқыту үрдісінде ақпараттық технологияны қолдану
білім сапасын жақсартуға көмектеседі.
Сабақ барысында ақпараттық технологияны қолданудың жақсы жақтары:
1. Түрлі-түсті иллюстрациялар, ұлттық музыка, анимациялар есте сақтау процесі үшін тиімді.
2. Әр сабақта сөйлеу әрекетінің бес түрі де қолданылады: тыңдалым, сөйлесім, оқылым, жазылым, айтылым.
3. Әр сабақ төмендегілерді қамтиды:
а) компьютермен үзіліссіз тілдік қарым-қатынас;
ә) бірнеше рет тыңдау мен оқып-білген материалды қайталаудың арқасында дағдыларды машықтандырғанға дейін меңгертіледі.
4. Компьютер оқушының өзіндік жұмысын ұйымдастырады.
5. Компьютер оқытудың аудио және бейне құралдардың мүмкіндіктерін табысты байланыстырады.
6. Компьютерлік желілермен жұмыс істеу арқылы оқушылардың тілдік сауаттылығы, шығармашылық әлеуетінің, тілдік құзіреттілігінің дамуына мүмкіндік туады.
Әдебиеттер:
1. Истаев С.Ә., Мұхамеди А.К., Ахметова О.С. Компьютерлік технология негіздері курсқа арналған практикум // - Алматы: Дарын. Әдістемелік оқу құралы. - 2000.- 147б.
2. Білімділер сайты, http://bilimsite.kz/kazakh_tili/
3. Занков Л.В. Наглядность и активизация в обучении. -М: учпедгаз,1960.-34с.
4. Монахов В.М. Проектирование и внедрение новых технологий обучения // Советскакя педагогика. -1990. №7. -С.17-23.
5. Білімділер порталы http: //bilimdiler.kz/ustaz/
6. Дацюк Г.И. Психолого-педагогические особенности применения информационных-коммуникационных технологий в учреждениях общего серия педагогическая 21 среднего образования. 19.00.13. Дис.канд.пед.наук; - М., 2001. - С.30-62.
7. Бабанский Ю.К. Оптимизация процесса обучения: Общедидактический аспект. -М.; Педагогика. -1977. -254с.
8. Соболева Н.Н., Гомулина Н.Н., Брагин В.Е., Мамонтов Д.И. Электронный учебник нового поколения // Информатика и образование. - 2002. №6. 67с.
Резюме
В статье рассматривается эффективные методы использования информационно-коммуникационных технологии в обучении казахского языка, как средство межкоммуникационных отношении
Summary
The article discusses the efficient use of information and communication technologies in teaching the Kazakh language as a means of communication between the respect of the education
«Ғылыми-инновациялық даму жоғары білімді жаңғырту факторы ретінде»
ІІІ халықаралық ғылыми-әдістемелік конференцияға қатысу тапсырысы
Т.А.Ә. Амангелді А.А., Туленов М.С.
Баяндама атауы «Тіл үйретуде қолданылатын тиімді ақпараттық-коммуникациялық технологиялар
Секция «Қазіргі кезеңде мамандарды даярлаудағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар»
Ғылыми атағы, ғылыми дәрежесі 1. Филология ғылымдарының кандидаты
Жұмыс орны «Тұран-Астана» университеті
Лауазымы 1. доцент; 2. оқытушы
Мекенжайы
Телефон/факс, e-mail ainur.amangeldy@mail.ru
Қажетті техникалық құралдар мультипроектеор
Қонақ үйде орынының қажеттілігі жоқ
Скачано с www.znanio.ru
© ООО «Знанио»
С вами с 2009 года.