"Алаш туы тігілген өлке" зерттеу жұмысы
Оценка 5

"Алаш туы тігілген өлке" зерттеу жұмысы

Оценка 5
Исследовательские работы
doc
история
5 кл—11 кл
29.11.2020
"Алаш туы тігілген өлке" зерттеу жұмысы
Алаш туы тігілген өлке туралы зерттеу жұмысы.
Алаш туы тігілген өлке.doc

А.М.Жағалбаева

«АЛАШ ТУЫ ТІГІЛГЕН ӨЛКЕ»

«М.Хасенов атындағы Бестерек орта

 мектеп –бақша және мектеп жанындағы интернат»КММ

Ғылыми жетекші: М.Н.Жагалбаева-тарих пәні мұғалімі.

Биыл Алаш қозғалысының ғасырлық тойы – Алаш ұлттық автономиясының, Алаш партиясының және Алаш үкіметінің құрылғанына 100 жыл толып отыр.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында Алаш Орда қайраткерлерінің еңбегін: «ХХ ғасырдың басындағы ұлттың зиялылары қазақтың ұлттық идеясын құрастыру міндетін өз мойнына алып, ұлттық бірігу идеясын ұсынды. Бүгінгі таңда біздің отандық тарихымыздағы ұлттық саяси ұйымдардың құрылу құбылысы толығымен ұғынып қабылданған жоқ. Өз кезінде Алаш партиясының жетекшілері ұсынған көптеген ережелер, бүгінгі күнде де өз маңыздылығын жойған жоқ. Ол қазақ қоғамының біртіндеп трансформациялануын және қазіргі заман ағымына бейімделуін мақсат еткен отандық ұйым болған» деп сипаттаған.

«Алаш» құбылысы – ХХ ғасыр басындағы ұлттың өзін-өзі ұлт ретінде сақтап қалуға талпынған ірі қозғалыс ретінде тарихқа енді. Алаш қозғалысының басында ат төбеліндей аз санды қазақ оқығандары тұрды. Екі ғасырға жуық патшалық Ресейдің қыспағында қалып, езгісіне түскен қазақты көзі ашық, көкірегі ояу Алаш қайраткерлері «Оян Қазақ, көзіңді аш, көтер басты!», деп ұран тастап, ұлт болып ұйысуға шақырды. Ұлт көсемдері ниеттерін нақты іспен дәлелдеді.                                                      

Алаш қозғалысының басты мақсаты – қазақ елінің өзін-өзі басқару, түбінде дербес мемлекет құру, қазақ жерлеріне ішкі Ресейден қоныс аударған қарашекпенділерге шек қою,   ұлттық мәдениетті өркендету, оқу жүйесінің, тілдің дамуына қажет шарттар түзу болды. Осы асқақ мақсаттарын іске асыру үшін 1917ж  13 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен II Жалпықазақ съезінде 1917-1920 жылдардағы өмір сүрген ұлттық мемлекеті Алаш автономиясы құрылады, құрамына Бөкей Ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария, Ферғана, Самарқан облыстары кірді.Осы аталған жерлердің табиғат байлықтары, жер астындағы және оның үстіндегі барлық қазына Алаш автономиясының меншігі деп жарияланды. Қорғауы үшін Алаш автономиясының Қарулы Күштері құрылып, ол «халықтық милиция» деп аталды. Съезде Семей қаласы уақытша Алашорда орталығы болып жарияланды.

Сонымен Алаш идеясы  оның алғашқы ірге тасы – қазақ идеологиясының темірқазығы болып, Алаш қайраткерлерінің қолымен Семейде қағылды, бостандық пен тәуелсіздіктің туы Семейде тігілді. Алаш ұлт-азаттық қозғалысының бастаухаты - «Алаш ұраны» осы қаладан қазақ даласына тікелей тарады. Алаш идеясының алтын бесігі, асыл өзегі болған Семей қаласының XX ғасыр басындағы саяси ықпалы, экономикалық белсенділігі, өмір сүру сапасы  жоғары еді. Семейде ұлттық интеллигенцияның қалыптасып, мүлде жаңа саяси - әлеуметтік күштің пайда болуы ұлттық сананы өсіріп, қазақтың беделін көтерді. Алаш ұғымындағы рухтық, асқақтық, өрлік халық бұқарасын дүр сілкіндіріп, тарихи үрдістің жаңғыруы мен дамуын жеделдете түсті, рухани аштыққа жол берілмей, қала тіршілігіне қан жүгіріп, еңсесін тіктеді. М.Дулатов: «Семей - бір губерния елдің миы, ақыл-ойының табысы» деп әділ баға берді.

  Семей облысы сол кездегі қазақ қоныстанған тоғыз облыс ал, халқының саны жағынан да Қазақ өлкесінде Ақмола облысынан кейінгі орынды иеленді. Бұл арада есепке тек Ақмола, Семей, Торғай және Орал облыстары алынды. Семей облысықазақтардың саны мен басқа ұлттарменбасқа ұлттармен салыстырғандағы үлесі жағынан қазақ қоныстанған аймақтар арасында бірінші орында болды. Ә.Бөкейхановтың есебі бойынша 1917 жылдың ортасына қарағанда Семей облысында 754 мың қазақ тұрған. 1917 жылы Семей облысы уездерінің саны бесеу болды. Олар мыналар: Семей уезі (орталығы Заречная Слободка кейін Алаш аталған (1917-1927 жж.),  Павлодар уезі (Кереку), Зайсан уезі (Зайсан), Өскемен уезі (Өскемен) және Қарқаралы уезі (Қарқаралы). Семей облысы ұлттық құрамы жағынан көп ұлтты болды. Жоғарыда айтқандай қазақтардың үлес салмағы басым болған. Оны мынадан байқаймыз: Семей уезінің 59,56%, Павлодар уезінің 58,31%, Зайсан уезінің 76,33 %, Өскемен уезінің 54,18% және Қарқаралы уезінің 97,70% қазақтар болған. Жалпы облыс бойынша 67,39% -і қазақтар болды. Семейде 1917 жылы 7 наурызда Р.Мәрсеков, Х.Ғаббасов, Ә.Ермековтардың ұйымдастыруымен облыстық қазақ комитетін құруға қатысты өткен алғашқы жиында-ақ, Семейдің «Заречная Слабодка» (қалашық) деп аталатын сол жағалауын Алаш қаласы деп жариялау туралы шешім қабылданды.  Бұл Слабодкалардың яғни, Алаш қаласының негізін салушылар: «Уақ руының биі, әрі старшинасы Тінібай Кәукенұлы пен Терістаңбалы руының биі, әрі старшинасы Жоламан Жандарбекұлы тәрізді қазақтың игі жақсылары» еді. Мұнда Семей уездік Земствосы төрағасы А. Қозыбағарұлы, Алаш қалалық думасы төрағасы Б.Сәрсенов мен Алаш қоғамдық басқармасының төрағасы А.Ерыкалов  кеңселері, Алаш соты төрағасы М.Боштаев,  Алаш милициясы  бастығы О.Әлжанов және Алаш әскери жасақтары басшысы Х.Тоқтамышев орналасты.

 Алаш Орда билік құрған 1918 жылдың маусымынан 1919 жылдың желтоқсан айының ортасына дейінгі уақыт аралығындағы Алаш қаласы бас- жатақ Жоламан, орта жатақ – Тінібай, төменгі жатақ- Қайықаузы деп аталған ауылдардың аумағын қамтыған. 1917 жылдың 7 наурызынан бастап өмір сүрген Алаш Орда үкіметінің астанасы Алаш қаласы – 1927 жылдың 15 қыркүйегінде Семей қалалық Советінің қаулысымен- Жаңасемей қаласы, ал Алаш Орда көшесі- Жаңасемей көшесі болып өзгертіліп, әлі күнге дейін осы атаумен аталып келеді.           

 Осы тұрғыда Семей өңірі тарихында өшпес із қалдырған бүкілхалықтық қозғалысқа айналған Алашорданың қоғамдық-саяси қызметтерін және оның жетекші тобы ұлт зиялыларына тоқтала  кетсем.

    Алашорда қозғалысының басшылығында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхаметжан Тынышпаев, Райымжан Мәрсеков, Биахмет Сәрсенов, Халел Ғаббасов, Жақып Ақпаев, А. Қозбағаров сынды ұлт зиялылары тұрды.

Әлихан Бөкейханов-1866 жылы 5 наурызда Семей облысының  Қарқаралы уезінде дүниеге келген XIX ғ. соңы мен XX ғ. басындағы қазақ зиялыларының, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарындағы аса ерекше тұлға. Алашорда ұлттық автономиясының алғашқы төрағасы болды.                        

Райымжан Мәрсеков – 1879 жылы Семей облысы, Өскемен уездіне қарасты Айыртау болысында дүниеге келген — Алаш қозғалысының аса көрнекті қайраткері, Алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, заңгер, публицист, қазақтың мүддесін көздеп, қамын жеген ұлт ойшылы. Райымжан Алаш қозғалысына құлшына араласып, оның жетекшілерінің біріне айналды.

1917 жылы Семейде қазақ комитеті құрылғанда оның төрағасы болып сайланды. Сонымен бірге уақытша үкіметтің облыстық атқару комитетіне мүше болады. 1917 жылы 27 сәуір мен 7 мамыр аралығында Семей облыстық қазақ съезі өтеді. Осы съезді ұйымдастыруға мұрындық болған. Сол жылы кұзде Алаш партиясы атынан Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутат болып сайланды.1918-1919 жылдары Семей облыстық жер басқармасының төрағасы болды. Осындай жауапты, лауазымды қызметтерде жүріп, қазақ қоғамында жаңаша сот қағидасын қалыптастыру, соттар ұйымдастыру, Алаш әскерін жасақтау, жер дауын шешу, елді азық-түлікпен қамту, қазақ жастарын оқыту ісін жүйелі жолға қою сияқты ұлттың көкейтесті мәселелеріне көңіл бөліп, соған пайдасы, себі тиетін қадамдар жасап отырған 1918-1919 жылдары Семейде Алаш әскері жасақталғанда, Р.Мәрсеков тағы да көш басынан табылады.

Биахмет Сәрсенов - Алаш қозғалысының қайраткері 1885 жылы Семей облысы Зайсан уезі Нарын болысында қазіргі (Шығыс Қазақстан облысыАқсуат ауданы) туған. 1917 жылы Алаш партиясы құрылатын I  жалпықазақ съезінің де, Алаш автономиясы жарияланатын II жалпықазақ съезінің де ұйымдастыру және өткізу жұмысына белсене катысады. Алашорда үкіметі - Ұлт кеңесі анықталатын II съез құрамында А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаевтармен бірігіп Білім комиссиясына кіреді.1919 жылы Семей облыстық жер басқармасы халық ағарту бөлімінің қазақ бөлімшесіне басшы болып тағайындалады. Осы кезде Семейде жаңадан ашылған мұғалімдер курсында, өзі оқыған мұғалімдер семинариясында әр түрлі пәннен сабақ береді. Қаладағы мәдени ұйымдардың жұмысына атсалысады. «Қазақ», «Сарыарқа» газеттеріне мақала жазып тұрады.

Халел Ғаббасов -1888 жылдың 1 қазанында Семей қаласында, қала жатағының отбасында туған - Алашорда үкіметінің Семей облысынан сайланған мүшесі, Үкімет төрағасының орынбасары, Алаш қозғалысының көрнекті жетекшілерінің бірі, Алаш үні «Сарыарқа» газетінің редакторы, мамандығы – физик-математик.

Халел Ғаббасовтың қазақ елдігі үшін еткен еңбегінің ең көрнектісі – оның 1917 жылғы желтоқсан айында өткен Жалпықазақтық съезге арнайы құрылған комиссия атынан Қазақ автономиясы, милиция және Ұлт кеңесі туралы баяндама дайындап жасағаны. Съезге Халел Алашорда үкіметінің мүшелігіне Семей облысынан сайланып, кейін төраға Ә.Бөкейхановтың орынбасары міндетін атқарып, Алашорда атынан шығарылған заң-қаулыларға қол қойып отырады. Съезге милиция жасақтау туралы баяндама жасап, кейін сол қаулының негізінде 1918 жылы Семейде Алаш атты әскер жүздіктерін жасақтауға белсене араласады. Халелдің атқарған үлкен бір ісі – төраға Ә.Бөкейхановтың тапсырмасымен 1918 жылдың 20 наурызында автономия жөнінде И.В.Сталинмен телеграф арқылы келіссөз жүргізуі. 1918 жылы сәуір айында Ә.Бө­кей­ханов, Ә.Ермековтермен бірге Алаш автономиясы телеграф арқылы В.И.Сталинмен тағы да сөйлескен. 1918 жылғы 21 сәуірде РКФСР Халық комиссарлары кеңесі мен Ұлт істері жөніндегі комиссариятына жолдаған жеделхатында Алашорда автономиясын дереу мойындау туралы талап қояды.1930 ж. қуғынға ұшырап, Абайдың баласы Тұрағұлмен бірге жер аударылып 1931 жылы Мәскеу түрмесінде атылады.

Жақып Ақбаев - Алаш зиялысы, күрескер, қайраткер, Алашорда үкіметінің мүшесі, заңгер. Құқықтану магистрі. 1876 жылы 25 қазанда Семей облысы, Қарқаралы уезі, Берікқара болысы, №3 ауылының Төңіректас деген жерінде дәулетті отбасында туған. 1886 жылы Қарқаралы қаласындағы қазақ интернатында оқып, 1898 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне түсіп 1903 жылы бітіріп шығады.  Ақбаевтың өмірі мен қызметі, саяси серіктері Ахмет Байтұрсынұлы және Ж. Досмұхамедов тағы басқа Алаш ардагерлерімен үндес келеді.

Асқақ рухынан адасқандай аянышты күй кешкен Ұлы Дала ұлан­дарының басына бұлт үйірілген ХХ ғасырдың бас жағында қараң­ғылықтың көгінде жұлдыздай жарқыраған Алаш арыстарының ішінде езілген елінің еңсесін кө­теруге көп еңбек сіңірген ерек тұлғалардың бірі Отыншы Әлжанов болатын. 1873 жылы Семей облысы Зайсан уезі Нарын болысына қарасты №6 ауылда туған ол Алаш қозғалысының нағыз наркескеніне айналды. Зайсандағы орыс-қырғыз училищесін, одан соң Омбыдағы қалалық училищені, мұғалімдер семинариясын үздік бітіріп, біраз уақыт мұғалімдікпен айналысқан. Кейінірек Ақмола округтік сотының аудармашысы, Көкпекті қаласындағы орыс-қырғыз училищесінің директоры болып жұмыс істеген. Орынборда өткен ІІ Жалпықазақ съезінде Алашорда үкіметі – Ұлт кеңесінің мүше­лігіне сайланады. Құрылтай қа­­рарындағы өзіне жүктелген міндетті өтеу мақсатында Жетісу аймағында Алаш милициясын жасақтауға бел шешіп кіріседі. Бұлғақ заманның бұл қан қа­сабы қазаққа қандай зардап әкелетінін түсініп, ақтан да, қызылдан да түңілген Отыншы Әлжанов қасына сенімді серік­терін ертіп, туған ауылына қай­­тады. Ағайын арасындағы беделді ақсақалдармен ақылдасып, Қытай шекарасына асуды жөн көреді. Екіжақты шапқыншылықтан есепсіз қырылған қазақтарды көріп қатты қамығады. Арғы бетке ауғалы отырған ауыл­ға бірде Мамонтовтың қызыл­гвар­дияшылары қырғидай тие­ді. Бейбіт елді бөріктірген безбүйректерге қаны қайнаған өр мінезді Отыншы өзінің отрядымен қорғанысқа көшеді. Ағаш диірменнің төбесіне қол пулеметін құрып тастап, жауына оқ жаудырған есіл ер ақырында отқа оранып опат болады. Қайғылы қазаға байланысты Міржақып Дулатұлы «Қазақ» газетінде: «Қызықты ғұмырыңның көбі абақтыда, айдауда өтті, бірақ, қымбатты Отыншы, Алаштың көркейгенін көре алмай кеттім деме, сендей ұл туған ел ешкімнен кем болмас» деп жазғаны белгілі. Иә, Дулатұлы көрегендікпен дұрыс болжағандай, алаштықтар армандаған тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстан бүгінде бү­кіл төрткүл дүниеге танылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен өркениет өріне беттеп барады. Алаштың ар-намысы атанған асылдарымызды ардақтау арнасын тапты. 2016ж тамыз айында Үржар ауданында Астанадан арнайы келген алаштанушы ғалымдардың қатысуымен өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда отаны үшін отқа түскен Отыншы Әлжанов туралы тың деректер мен баяндамалар оқылып, арнайы ас беріліп, Үр­жар селосының ортасына Отыншы Әлжановтың бюсті орнатылғаны көңілімізге үлкен қуаныш сезімін ұялатты. Белгілі ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай әртүрлі себептермен атаусыз қалған әруақтарды бір аунату сауапты іс екендігіне тоқ­талып, өткенге құрмет көрсету арқылы бүгінгілердің рухын көтеретінімізді атап көрсетті.

ХХ ғ. басында дүниеге келген алаш идеясы Тәуелсіз Қазақстанның мүдделеріне қызмет етуде. Уақыт өтіп, жаңа ұрпақ келіп, Алаш интеллигенциясының өнегелі де ғибратты қоғамдық ойлары, рухани тәжірибесі жылдар өте, ғасырлар өте тарих толқынындағы қазақ ұлтын демеп тұрары сөзсіз.Сөзімнің соңында күші зор отаршыл биліктің алдында мұқалмаған Алаш қайраткерлерінің қайсар рухы-тарихтағы мәңгі өшпейтін ұлттық тағылымы мол  мұра деп аяқтағым келеді.

   

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. - Алматы: Атамұра, 1999. -163-180 б.

2. «Қазақ» газеті. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1998. – 411 б.

3. «Егемен Қазақстан» газеті –Алматы:2016ж 16 тамыз

4. «Алаш туы тігілген өңір» -Семей-2015ж,30-85 б.

5.Қазақстан тарихы:әдістемелік журнал -2013ж  №2 63-12б7


А.М.Жағалбаева «АЛАШ ТУЫ ТІГІЛГЕН ӨЛКЕ» «М

А.М.Жағалбаева «АЛАШ ТУЫ ТІГІЛГЕН ӨЛКЕ» «М

Семейде ұлттық интеллигенцияның қалыптасып, мүлде жаңа саяси - әлеуметтік күштің пайда болуы ұлттық сананы өсіріп, қазақтың беделін көтерді

Семейде ұлттық интеллигенцияның қалыптасып, мүлде жаңа саяси - әлеуметтік күштің пайда болуы ұлттық сананы өсіріп, қазақтың беделін көтерді

Алашорда қозғалысының басшылығында Әлихан

Алашорда қозғалысының басшылығында Әлихан

Халел Ғаббасовтың қазақ елдігі үшін еткен еңбегінің ең көрнектісі – оның 1917 жылғы желтоқсан айында өткен

Халел Ғаббасовтың қазақ елдігі үшін еткен еңбегінің ең көрнектісі – оның 1917 жылғы желтоқсан айында өткен

Ағаш диірменнің төбесіне қол пулеметін құрып тастап, жауына оқ жаудырған есіл ер ақырында отқа оранып опат болады

Ағаш диірменнің төбесіне қол пулеметін құрып тастап, жауына оқ жаудырған есіл ер ақырында отқа оранып опат болады
Материалы на данной страницы взяты из открытых истончиков либо размещены пользователем в соответствии с договором-офертой сайта. Вы можете сообщить о нарушении.
29.11.2020