ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ЖЫЛҚЫҒА ҚАТЫСТЫ ЭТНОЛЕКСИКА
Оценка 4.9

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ЖЫЛҚЫҒА ҚАТЫСТЫ ЭТНОЛЕКСИКА

Оценка 4.9
Исследовательские работы +2
doc
29.11.2020
ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ЖЫЛҚЫҒА ҚАТЫСТЫ ЭТНОЛЕКСИКА
научная монография
МОНОГРАФИЯ.doc

 

 

 

 

АМАНГЕЛДІ АЙНҰР АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ

 

 

 

 

 

 

 

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ЖЫЛҚЫҒА ҚАТЫСТЫ ЭТНОЛЕКСИКА

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ӨСКЕМЕН, 2012

ӘОЖ 811.512.122`27(075)

КБЖ 81.2 Қаз – 0327

А 52

Пікір жазғандар:

Филология ғылымдарының докторы, профессор Ж.Т.Назбиев

Филология ғылымдарының кандидаты,

қауымдастырылған профессор Жилкубаева А.Ш.

 

Жалпы редакциясын басқарған

Филология ғылымдарының докторы, профессор Манкеева Ж.А.

 

А 52  Амангелді Айнұр Амангелдіқызы

  Қазақ тіліндегі жылқыға қатысты этнолексика (І.Есенберлиннің    

  «Көшпенділер» романы материалдары негізінде). Ғылыми монография. –   

  Өскемен: С.Аманжолов атындағы ШҚМУ баспасы, 2012. – 214 б.

 

ISBN 978-601-7383-13-8

 

Монография С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың практикалық қазақ тілі курсы кафедрасының  ғылыми-теориялық  семинарында талқыланды  29.12.11 ж. (№2 хаттама).

 

      

ISBN 978-601-7383-13-8

 

Кез келген этнос атаулының ежелгі дүниетанымдық жүйесі, халықтық рухы әуелі оның тілінде көрініс табады. Әр халықтың өзіндік салт-санасы, елдік рухы алдымен оның тілінде таңбаланады. Этностың өзіндік дүниетанымынан, тұрмыс-салт ерекшелігінен туындаған арнайы сөз қолданыстардың халықтың өткен өмірінде қандай мәні болса, бүгінгі өмір тіршілігіне тигізер пайдасы одан зор. Қазақ халқы тәрізді аз ұлттарға тілін, ділін, ұлттық рухын дақ түсірмей, кіршіксіз таза сақтап қалумен бірге, тілін, мәдениетін дамыту, өркендету мәселесі қойылып отырған қазіргі жаһандану заманында ұлттық құндылықтарымыздың інжу-маржандарын түгендеп, жаңғыртып отыру, сақтап, дәріптеп отыру өте маңызды.

Автор жылқыға қатысты тілдік бірліктерді ұлт мәдениетімен, салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен, ұлттық-мәдени ерекшеліктерімен байланыста қарастырады, жылқы атауларын этнолингвистикалық, тарихи-ономасиологиялық, сөзжасамдық тұрғыдан кешенді талдайды.

Кітап тіл тарихын, ұлт мәдениетін зерттеумен айналысатын тілші-зерттеушілерге, студенттер мен магистранттарға арналған.

 

УДК 811.512.122`27(075)                          С. Аманжолов атындағы Шығыс

ББК 81.2 Қаз – 0327                        Қазақстан мемлекеттік университеті, 2012.

 

Алғысөз

 

Еліміз егемендік алып, тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болуына байланысты қоғамда тарихи сана мен ұлттық таным көкжиегі кеңейе бастады. Осыған байланысты ұлттық рухани-мәдени мұраның тарихи маңызын саралап, қайта бағалау мүмкіндігі туып отыр. Кез келген этнос атаулының ежелгі дүниетанымдық жүйесі, халықтық рухы әуелі оның тілінде көрініс табады. Бұл ретте В.Гумбольдт: “Язык народа есть его дух, и дух народа есть его язык. Язык насыщен переживаниями прежних поколений и хранит их живое дыхание” деп пайымдаған [1,68-82 б.]. Әр халықтың өзіндік салт-санасы, елдік рухы алдымен оның тілінде таңбаланады. Этностың өзіндік дүниетанымынан, тұрмыс-салт ерекшелігінен туындаған арнайы сөз қолданыстардың халықтың өткен өмірінде қандай мәні болса, бүгінгі өмір тіршілігіне тигізер пайдасы одан зор. Тілдің мемлекеттік мәртебесін нығайтудың қазіргі таңдағы маңызды бір мүмкіндігі – оның осы танымдық қызметін неғұрлым толық ашып көрсету, сол арқылы ежелгі елдік атрибуттарды, халықтық қалыпты, рухани тамырды тереңірек зерттеп, жете тану. Тіл мен танымды жіктеп қарамай, оны құбылыс ретінде сабақтастыра қарау академик Ә.Т.Қайдаров ұсынған “тіл мен ұлт біртұтас” немесе “адамды тіл әлемі арқылы тану” деген қағидаларға сүйенетін қазақ тіл біліміндегі жаңа бағыттың қалыптасуына әкелді. Этнолингвистиканың ғылыми-теориялық негізі Ә.Қайдаров, Е.Жанпейісов, М.Копыленко, Р.Сыздықова, Б.Қалиев, Н.Уәлиев, Ж.Манкеева, Г.Смағұлова, Р.Шойбеков, А.Жылқыбаева т.б. ғалымдардың еңбектерінде қаланды. Соңғы уақытта қазақ тіл білімі лингвомәдениеттану, когнитивтік тіл білімі сияқты тілдік салалармен толығып, өз жемісін бере бастады. Төрт түлік мал атауларын зерттеуде де осы бағыттарды қолдану оң нәтиже берері анық. Өйткені төрт түлік атауларын, әсіресе жылқы атауларын зерттеуді осы бағыттарға сәйкес жүргізу ұлттың тарихы мен тегін зерделеумен қатар, оның дүниетанымын, өзіне ғана тән ұлттық болмысы мен мінез-құлқын айқындауға жол ашады.

Кәсіп пен олардың таңбалық сипаттамасы – тіл бір-бірімен тығыз байланысты. Қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік өмірінде жылқының маңызы зор болды. Қазақ халқы үшін жылқы – қозғалыс көзі, өмір сүру, тіршілік ету формасы. Сондықтан жылқыға қатысты сөздер, сөз тіркестері, фразеологизмдер, мақал-мәтелдер тілімізде көптеп ұшырасады. Осы тілдік деректерді жүйелі түрде жинау, ғылыми талдау сөздік қордың толығуына ғана емес, оны жаңа қырынан зерттеуге, тануға әсер етеді. Сол сияқты жылқы атауларын көркем мәтінде қарастыру мәселесі де өзекті. І.Есенберлин сынды сөз зергерінің атын әлемге паш еткен “Көшпенділер” трилогиясындағы жылқы атауларына этнолингвистикалық талдау жасау, біріншіден, қазақ халқының ұлттық танымының, ұлттық болмыс-бітімінің, ұлттық рухының,  менталитетінің жарқырай көрінуіне жол ашса, екіншіден, жазушының тілдік тұлғасын тану мүмкіндігіне ие боламыз. Мұның өзі жылқы атауының негізіндегі ғаламның ұлттық тілдік бейнесін және қаламгердің идиостилін айқындауға жол ашады.

1 ЖЫЛҚЫ АТАУЛАРЫНЫҢ ТАРИХИ-ОНОМОСИОЛОГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ СӨЗЖАСАМДЫҚ НЕГІЗДЕРІ

1.1. ТӨРТ ТҮЛІК МАЛҒА ҚАТЫСТЫ ДЕРЕКТЕРДІҢ ЗЕРТТЕЛУ ЖАЙЫ

 

Қазақтардың дәстүрлі идеологиялық таным-түсінігінде төрт түлік маңызды орын алады. Қазақ тіл біліміндегі төрт түлікке қатысты тілдік деректердің бастауы – салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың зерттелуі өз бастауын ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырдың басында жазылған этнографиялық зерттеулерден алатыны белгілі. Төрт түлік малға қатысты мәліметтің тағы бір көзі – тілдік және фольклорлық деректер екені даусыз.

Көшпенділерде төрт түлік шаруашылық қатынастарымен қоса, мәдениет үрдісінде де алдыңғы орынға шығып, сол кезеңдегі адамдардың наным-сенімдерінде культтік мәнге ие болумен қатар, олардың идеологиялық танымында да бекемденген еді.

Қазақтардың төрт түлікке байланысты әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері жүйесін зерттеу көшпенділердің рухани және материалдық мәдениетін зерделеуге, осы арқылы көшпенділердің дүниетанымдық бітімін айқындауға мүмкіндік туғызады.

Төрт түлік малға қатысты алғашқы тілдік деректер Г.Н.Потаниннің [2], А.И.Левшиннің [3], Н.И.Ильминскийдің [4], В.В.Радловтың [5], А.И.Добромысловтың [6], А.Е.Алекторовтың [7] еңбектерінде кездеседі.

Ш.Уәлиханов еңбектерінде қазақтардың төрт түлікке қатысты дәстүрлі дүниетанымдық түсінігі жөнінде құнды мәліметтер жазылған [8], Ы.Алтынсариннің еңбектерінде төрт түліктің дүниетанымдық, мифологиялық негізде, көне наным-сенім тұрғысында магиялық, анимистік қызметтері жайлы мағлұматтар келтіріледі [9]. Ә.Диваевтың еңбектерінде төрт түлік малға қатысты ырым-тыйымдар, мал шаруашылығына қатысты әдет-ғұрыптар, мал пірлері жөнінде айтылады [10]. Ал Ә.Бөкейхановтың еңбегінде де мал шаруашылығы, қой шаруашылығына қатысты ырымдар мен әдет-ғұрыптар туралы құнды-құнды деректер беріледі [11]. Төрт түлікке байланысты әдет-ғұрыптар қазақ халқының алғашқы зиялылары С.Сейфуллиннің [12], С.Аспендияровтың [13], сол сияқты Х.Абишевтің халықтың төрт түлік малдың мінез-құлқына  қарап, күн райын болжау тәжірибелері жөніндегі зерттеулерінде ерекше құнды деректер аз емес [14]. Х.Арғынбаевтың мал шаруашылығына арналған этнографиялық еңбегінде төрт түлікке қатысты әдет-ғұрыптар жан-жақты зерттелген [15].

Ә.Төлеубаев [16], А.Тоқтабаев [17] тағы сол сияқты көптеген этнограф-ғалымдар төрт түлік малға қатысты сүбелі еңбектер жазған.

Төрт түлік мал атауларының тілдік тұрғыдан зерттелуіне келсек, алғашқы деректер А.М.Щербактың еңбегінде [18], Э.В.Севортянның этимологиялық сөздігінде [19]  кездеседі.

Қазақ тілінің 10 томдық түсіндірме сөздігі [20], Т.Жанұзақовтың редакторлығымен шыққан қазақ тілі сөздігі [21], А.Құралұлы құрастырған “Қазақ дәстүрлі мәдениетінің энциклопедиялық сөздігі” [22], қазақ тілінің этимологиялық сөздігі [23] төрт түлікке байланысты материалдарға өте бай. Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігінде жылқы малына қатысты жергілікті тіл ерекшеліктері қарастырылған. Сөздікте жылқы малына қатысты диалект сөздер олардың қолданылу аймағымен қоса әдеби тілдегі баламасымен, нақты мысалдар арқылы берілген [24].

Төрт түлік мал атаулары бүгінде әртүрлі зерттеу нысанына айналып отыр. Мәселен, төрт түлік мал атаулары, түр-түсі және төрт түлікке қатысты фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер этнолингвистикалық тұрғыдан академик Ә.Қайдаров [25,26,27,28], Р.Сыздықованың [29] еңбектерінде жан-жақты терең зерттелген.

Төрт түлікке байланысты табу мен эвфемизмдер Ә.Ахметовтың еңбегінде [30], сондай-ақ төрт түлік малға қатысты материалдар Ә.Нұрмағанбетұлының [31],  Ш.Жанәбіловтың [32] зерттеулерінде талданған.

М.Қашқаридың “Диуану лұғат ит-түрк” атты сөздігіндегі төрт түлік мал атаулары М.С.Бейсенованың диссертациясына өзек болған [33], Ә.Жақыповтың жұмысына түйе малы арқау болса [34], Н.К.Айтбаеваның [35], Ж.Байтелиеваның зерттеу жұмыстарына жылқы малы негіз болған [36], ал Б.Қ.Тлепиннің зерттеу жұмысына қой-ешкі атаулары нысан етіп алынған [37]. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі төрт түлікке қатысты материалдарға өте бай. Сөздікте фразеологизмдерге анықтама беріледі, сондай-ақ, төрт түлікке қатысты этнографиялық материалдар да молынан қамтылған [38]. С.Сатенованың диссертациясының “Қос тағанды фразеологиялық тіркестердің этнолингвистикалық және этимологиялық сипаты” атты тарауында кейбір төрт түлік атауларына қатысты фразеологизмдерге (“құлындағы сақауын, құнандағы тісеуін айтты”) талдау жасалады. Аталған жұмыстың “Қос тағанды фразеологиялық тіркестердің жеке компоненттерін этимологиялық тұрғыдан түсіндіру” атты бөлімінде жылқы малына қатысты айтылатын “күдері”, “күдіре” сөздерінің мағыналарының жасалу жолдары сөз болады [39].

Т.В.Линко [40], Е.А.Керимбаев [41], У.Р.Ержанова [42], А.Ә.Әлімхан [43] тағы басқа ғалымдардың зерттеу жұмыстарында төрт түлік мал атауларына қатысты лексика тарихи-ономосиологиялық тұрғыдан зерделенеді.

Мал пірлері жөнінде жазылған тілдік және этнографиялық еңбектерде жылқы малының пірі – Қамбар ата (Жылқышы ата) жөнінде де айтылады.

Ежелгі қазақтардың дүниетанымында түйе, жылқы, қой адамдарды зұлым, қаскөй күштерден қорғаушы күштерге ие. Ертеден-ақ түрлі діни наным-сенімдер мен көзқарастар бойынша бұларға табынып, сиынып отырған.

Сонымен қатар өзі өсірген төрт түлігін қазақтар жылы райлы және суық райлы мал деп екіге бөлген. Жылы райлы малға жылқы мен қой жатса, суық райлы малға сиыр, түйе, ешкі кірген. Қазақтардың дүниетанымында жылы райлы малдың жылқы мен қойдың еті суық райлы малдың етіне қарағанда құнарлы, науқас адамдарға күш-қуат береді деп саналған.

Қазақтардың жылы райлы мал деп құнарлылығы мен емдік қасиетін дәріптеген қой мен жылқыны моңғолдар да жылы райлы мал деп таныған. Олар жылы райлы малды монғолша “халуун хушуута” деп айтқан, аудармасы “жылы қанды мал”. Мұндағы “халуун” сөзінің түпкі төркіні адамдармен бір туған, қандас туыстар деген мағынасын берген. Сөйтіп, олар да жылы райлы мал қой мен жылқыға тотемдік тұрғыдан табынған.

Жылқыға байланысты арнайы жазылған еңбек ретінде Н.К.Айтбаеваның “Қазақ тіліндегі жылқыға қатысты атаулардың лексика-семантикалық және дүниетанымдық сипаты” [35] және Ж.Байтелиеваның “Қазақ тіліндегі жылқы малына қатысты фразеологиялық тіркестердің этномәдени уәждемесі” атты жұмыстарын атауға болады [36]. Ұ.Қайырбаеваның қазақ, түрік, өзбек тілдеріндегі “үй жануарлары” атаулары негізінде жазылған “Түркі лексикасын компонентті талдау” атты жұмысында жылқы малына қатысты кейбір атауларға компонентті талдау жасалады [44], сол сияқты Р.З.Панзарбекованың “Қазақ тіліндегі жануарлар төлінің атауы” атты зерттеу жұмысында құлын, жабағы лексемалары талданады [45]. Дыбыстық еліктеуіш етістіктердің этнолингвистикалық негіздерін зерттеген Қ.Н.Шотаның жұмысында жылқы түлігіне қатысты дыбыстық еліктеуіш сөздерге (етістіктерге) талдау жасалынған [46]. Ш.Жанәбіловтің [32] еңбегінде жылқы малына байланысты сөз топтары зерттеледі. М.Бейсенованың диссертациясының бірінші тарауы жылқы малына арналған [33], академик Ә.Қайдаровтың “Халық даналығы” атты еңбегінде жылқы малына қатысты бірқатар мақал-мәтелдерге түсінік беріледі [27]. Сол сияқты академик Ә.Қайдаровтың “Тысяча метких и образных выражений” аталатын еңбегінде басқа түліктермен қатар жылқы малына қатысты кейбір фразеологизмдерге түсінік беріледі, этнолингвистикалық талдау жасалады [28]. А.Жылқыбаеваның жұмысында жылқы түлігінен алынатын тағам атаулары сөз болады [47]. С.Қасимановтың “Қазақ халқының қолөнері” [48], Б.Хинаятұлының “Қазақтардың төрт түлікке қатысты дәстүрлі ырым, жосын-жоралғы, әдет-ғұрыптары” [49] атты еңбектерінде жылқы малына қатысты материалдар кездеседі. Қазақ тілінің рухани мәдениет лексикасын зерттеумен айналысып келе жатқан зерттеуші-ғалым С.Е.Жанпейісованың диссертациялық жұмысында жылқы малына қатысты этнолингвистикалық терминдер қарастырылады [50]. Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың символдық мәнін зерттеуші Қ.Қаирбаеваның жұмысында басқа түліктермен қатар жылқы малының да символикасы сөз етіледі [51].

 

1.2 І.ЕСЕНБЕРЛИННІҢ “КӨШПЕНДІЛЕР” РОМАНЫНДАҒЫ ЖЫЛҚЫ АТАУЛАРДЫҢ ЖІКТЕЛІМІ МЕН ЛЕКСИКА-СЕМАНТИКАЛЫҚ ТОПТАРЫ

 

Қазақ тілі дүниежүзіндегі ең бай тілдердің бірі. Тіліміздің сөздік қоры өте бай. Тіл білімінде осы бай қазынаны классификациялаудың әр түрлі принциптері бар. Жалпы классификациялаудың көп тараған түрлеріне: алфавиттік, тақырыптық, генетикалық, монографиялық және лексикалық классификациялау жатады.

Сөздік қордағы тілдік деректер бір-бірімен қандай да бір байланыста болып, өзара белгілі бір сөз топтарын (тақырыптық, мағыналық) құрайды. Демек, сөз мағынасын зерттеуде тілдік бірліктерді лексика-семантикалық топқа бөліп қарастыру ыңғайлы, тиімді де қажетті әдіс. Бұл жөнінде Ф.П.Филин: “Изучение словарного состава по тематическим группам законно не только по причине методических удобств при изложении разнородного лексического материала. Исследование состояния и развития слов, обозначающих различные группы предметов явлений природы и общества, важно само по себе, что не требует особых доказательств”, - деп жазған [52,23 б.].

Белгілі түркітанушы ғалым К.М.Мұсаев та “наиболее верным методом исследования конкретного языка представляется изучение лексики по тематическим группам” [53,12 б.], - дегенде, бұл әдістің тиімділігін айтқан. Сөздерді тақырыпқа бөліп зерттеудің артықшылығына Цинциус та назар аударған болатын: “Тематическая разработка словарных материалов в виде составления карточек, списков дает исследователю возможность выявить каков общий объем и какова степень детализации лексического запаса языка в той или иной области словаря” [54,4 б.].

Сөздерді тақырыптық топтарға бөлу тілдік емес ой-танымдық критерийлерге негізделетіндігі белгілі.

Осы уақытқа дейін тақырыптық топ және лексика-семантикалық топ терминдері қатар қолданылып келеді. Сөздерді лексика-семантикалық, тақырыптық топтарға бөлу жөнінде ғалымдардың пікірі әрқилы. Кейбір ғалымдар бұларды мағыналас терминдер деп есептесе, басқа бір топ ғалымдар оларды бірі бірінен тәуелсіз екі термин ретінде қолданады. Сөздерді бұлай топтау әдісі қазіргі лингвистикада әрқилы аталып жүр, кейбір ғалымдар оларды лексика-семантикалық парадигмалар, лексика-грамматикалық разрядтар деп атаса, кейбір тілші-ғалымдар лексика-семантикалық топтар терминін қолданады.

Ф.П.Филин: “Лексико-семантические группы слов представляют собой собственно-языковые единицы, продукт исторического развития того или иного языка. Слова, выражая свои собственные значения, в рамках одной лексико-семантической группы, в то же время оказываются собой отношениями, не безразличными для их собственных значений”, - [55] дейді. Сонымен қатар, А.А.Уфимцеваның: “Самое двойное название группы “лексико-семантическая” говорит о том, что анализу подвергается слово как лексема, во всех его формах и лексических значениях, и что объединение слов как единиц словарного состава происходит по основному для слова признаку – по лексическому значению слова” [56,137 б.] деген пікірі де орынды.

М.Оразов: “Тематикалық топ сөздердің тек денотаттық мағыналарына (кейде объектив дүниедегі заттардың өздеріне) негізделсе, лексика-семантикалық топ сөздердің лексикалық (әрі денотаттық, әрі сигнификаттық, әрі ішкі лингвистикалық) мағынасына негізделеді” [57] десе, Ф.П.Филин: “Лексика-семантикалық топ деп екі немесе бірнеше сөздің лексикалық мағынасына қарай бірігуін айтамыз” [55] дейді, ал Р.И.Хашимов “Под термином “тематическая группа” понимается любая совокупность слов, в которой все члены объединены на основании не менее одного общего признака, а часть членов признаком” [58] деген пікір білдіреді.

Жалпы сөздерді лексика-семантикалық, тақырыптық топтарға бөліп қарастыруға алғашқы қадамды А.М.Щербак [18], Л.Покровская [59], тағы басқа ғалымдар жасады. Бұл әдістің теориялық негізі Ф.П.Филин, Д.Н.Шмелев, А.А.Уфимцева сияқты ғалымдардың еңбектерінде қаланды.

Сөздерді тақырыпқа бөліп зерттеу қазіргі тіл білімінде, сондай-ақ, қазақ тілінде де кең тараған әдіс. Кез келген лексика-семантикалық топ қандай да бір тематикалық топқа енеді. Бірақ бұған қарап, бұл екі терминнің арасында айырмашылық жоқ деп айтуға болмайды. Тематикалық топ ұғымы лексика-семантикалық топ ұғымынан кеңірек. Әдетте тематикалық топқа зерттеушілер түрлі сөз табынан құралған сөздерді енгізсе, лексика-семантикалық топқа бір сөз табына жататын сөздерді кіргізеді. Тематикалық топқа енген сөздердің мағыналары, әдетте, бір-бірінен тәуелсіз болып келеді, бұл топқа қатысты жаңа сөздер қосылса немесе, керісінше, кейбір сөздер түсіп қалса, бұл осы топ мүшелерінің мағынасына ешқандай залалын тигізбейді, яғни бұл топқа өзара семантикалық байланысы жоқ сөздер енеді. Мысалы: жылқы, жүйрік, ат, бие, сәйгүлік, құнан, бесті, құлагер т.т. Лексика-семантикалық топтың құрамындағы сөздер бір-бірімен лексикалық мағынасы жағынан байланысады. Мәселен, құлын, жабағы, тай т.с.с. Аталған екі топтың арасындағы ұқсастық: екі топқа енетін сөздер де объективтік шындықты бейнелейді. Келтірілген мысалдан байқағанымыздай, лексика-семантикалық топтың мүшелері арасында белгілі бір оппозициялық байланыс болады. Бұл топтың құрамына қандай да бір сөз енсе, немесе шығатын болса, оппозициялық байланыс өзгереді. Демек, лексика-семантикалық топқа енген сөздердің бірінің мағынасы өзгеріске ұшырайды, тарылады немесе кеңейеді.

Тематикалық топ сөздердің тек парадигмалық қатынасына негізделінбейді, олар әрі парадигмалық, әрі денотаттардың арасындағы байланыстарға сүйенеді. Екінші сөзбен айтсақ, тематикалық топтың көлемі парадигмалық қатардан да, лексика-семантикалық топтың көлемінен де кең болады.

Сонымен, лексика-семантикалық топтар деп – бір саладағы тілдік единицалардың іштей жіктеліп, мазмұн-мағына, тақырып жағынан бір-бірінен оқшауланып, не өзара шоғырланып тұратын тобын айтамыз.

Жылқы малына қатысты сөздерді өз ішінде бірнеше лексика-семантикалық топтарға жіктеуге болады. Сөздерді мұндай топтарға бөлу жылқы малына байланысты сөздердің мән-мағынасын ашуға, олардың қолданылу аясын, қолданылу жиілігін тағы басқаларды анықтауға мүмкіндік жасайды.

Ғалым М.Оразов сөздерді лексика-семантикалық топтарға бөлу барысында кейбір шарттардың ескерілуі тиіс екенін айтады [60,124-125 б.]. Трилогиядағы жылқы атауларын жіктегенде осы шарттар ескерілгендіктен, оларға тоқтала кетуді жөн көрдік. Сонымен, бір лексика-семантикалық топтағы сөздерді топтастырғанда мына шарттар ескерілуі тиіс:

1) бір-бірімен белгілі бір мағыналық байланыста (элемент-сема) болуы;

2) бір сөз табынан болуы, белгілі бір парадигмалық қатар түзуі;

3) өз дербестігін сақтай отырып, басқа лексика-семантикалық топпен өзара байланыста болуы;

4) бірін-бірі мағынасына қарай мағыналық қатар түзей отырып, толықтырып тұруы;

5) шағын топтарға бөлінуі;

6) бір лексика-семантикалық топқа антоним, синоним сөздер кіруі мүмкін [60,124-125 б.].

Осы принципке сай, шығармадағы жылқы малына байланысты сөздер жұмыста төмендегідей лексика-семантикалық топтарға бөлініп қарастырылды:

1) Жылқы малының жалпы атаулары;

2) Жылқы малының жасы мен жынысына қарай қойылған атаулар;

3) Жылқы малының дене мүшелерінің атаулары;

4) Жылқы малының табиғи ерекшеліктеріне байланысты атаулар;

5) Жылқы малының жүрісіне байланысты атаулар;

6) Жылқы малына байланысты кәсіби сөздер;

7) Жылқы малына тән кейбір қимыл-әрекеттерге қатысты сөздер;

8) Жылқы малының түрі мен түсіне қарай қойылған атаулар;

9) Жылқы малына байланысты қойылған ономосиологиялық (антропонимдер, топонимдер және гиппонимдер) атаулар.

Зерттеуші Ш.Жанәбілов жылқы түлігіне байланысты сөздерді былайша жіктейді: жылқының үйіріне байланысты атауларды: биелер, ат-айғырлар және бойдақ жылқылар деп берсе, биелерді құлынды биелер, қысырақтар деп бөледі; ал ат-айғырларды айғырлар, саяқтар деп екіге бөледі. Бие атауларын әрі қарай буаз бие, құлынды бие, тайлы бие, мес бие, сауулы (құлыны жоқ) бие, тел бие, сақа бие, сақа қулық бие, үлкен қулық бие, кіші қулық бие, қасабалы бие, шарланған бие, асау бие, бошалауық (жершіл) бие, құнды бие, құтымсыз (құнсыз) бие, құт бие, құртық бие деп топтаған. Сол сияқты биелерді дене бітімі ерекшеліктеріне қарай аталуы, құлындауына қарай аталуы, күй-жайына қарай аталуы, жасына қарай аталуы, сауылуына қарай аталуы, емшек және желін бітісіне қарай аталуы, сүтінің аз-көптігіне қарай аталуы, мінезіне қарай аталуы, жал-құйрық бітісіне қарай аталуы, қысырақтардың аталуы деп бірнеше топтарға жіктейді. Бұлардан басқа сөз топтарын былайша саралайды: жылқының піштірілуі мен күш-көліктілігіне қарай аталуы, құлын атаулары, жылқының ортақ атаулары, жылқы мінезіне байланысты атаулар, жылқының тісіне байланысты атаулар, құлында болатын мінезге байланысты атаулар, құлындайтын бие жайында айтылатын атаулар, жылқының үні мен түрлі әрекеттеріне байланысты атаулар, жылқының жатып-тұруына байланысты айтылатын атаулар, жылқының түсіне байланысты атаулар, жылқы түгінің атаулары, жылқы туралы айтылатын одағай сөздер, жылқыда болатын аурудың атаулары [32].

Жылқыға байланысты жоғарыда аталған атаулардан басқа да сөз топтарын бөліп көрсетуге болады, мысалы, жылқының тісіне байланысты атаулар, құлындайтын бие жайында айтылатын атаулар, жылқының жатып-тұруына байланысты атаулар, жылқының түсіне байланысты атаулар, жылқының түгінің атаулары, жылқы туралы айтылатын одағай сөздер, жылқыда болатын аурулардың атаулары.

Лексика-семантикалық топтар туралы сөз қозғағанда сема және оның түрлері мәселеріне де тоқталған жөн. Сема – сөздердің әрі қарай бөлшектеуге келмейтін ең кіші мағыналық бөлшегі. Семалардың табиғатын ашу, түрлерін айқындауда В.Б.Гак, Н.И.Толстой, Д.Н.Шмелев, И.Кучқартаев, Ю.А.Найда, О.И.Селиверстова, сонымен қатар М.Ержанов, М.Оразов, Б.Қалиев, А.Жылқыбаева сияқты зерттеуші-ғалымдарымыздың пайымдаулары мен зерттеулері басшылыққа алынып жүр.

Сөздердің мағыналарын құраушы семаларды тіл білімінде түрліше жіктеу орын алған. И.Қучқартаев семаларды идентификациялаушы сема, дифференциялаушы сема және қосымша сема деп үшке бөледі [61], В.Б.Гак та семаларды үш топқа жіктеп қарастырады: жалпылаушы сема, даралаушы сема және потенциалды сема [62].

Ұ.Қайырбаева өзінің кандидаттық диссертациясында [44] семалардың табиғаты туралы пікірлерді саралай келе, Б.Қалиев пен А.Жылқыбаеваның жіктеуін негізге алды. Ғалымдар 16 түрлі семаларды саралай келе, оларды төмендегідей үш семаның төңірегіне топтайды: а) жалпылаушы сема; ә) нақтылаушы сема; б) ықтимал сема [63]. Біз де аталмыш ғалымдардың классификациясын қоштаймыз.

Сонымен, шындық болмыстағы заттардың жаратылысына тән ортақ белгілері мен айырмашылықтары болатындығы белгілі. Демек, сөздердің семантикалық құрылымын анықтауда жалпылаушы сема мен даралаушы семалардың болуы заңды құбылыс. Романда кездесетін құлын, тай, жабағы семалары – даралаушы семалар болса, жалпылаушы сема – жылқы малының жасы болады. Сол сияқты ілбу, аяңдау, желу, шабу сөздерінің семасы – даралаушы сема болса, қозғалыс – оның жалпылаушы семасы. Жалпылаушы сема сөздердің белгілі бір лексика-семантикалық топтарға бөлінуіне негіз болса, айырушы сема сөздердің жеке-жеке өмір сүруіне негіз болады.

Сонымен қатар, сөздердің семантикалық құрылымын анықтауда қосымша семалардың алар өзіндік орны ерекше. Өйткені кез келген тілде ауыспалы мағынада қолданылатын сөздер баршылық. Олар – сол этностың тіл байлығының көрсеткіші. Мысалы, жылқы мінез. Құлыным лексемасының да қосымша мағынасы бар. Аяулы анаға, тіпті күнәсі болған күнде де, сол баланы өмірге әкелген, “құлыным” деп түн ұйқысын төрт бөліп аялай сүйген сорлы анаға, дәл мұндай сұмдық жазаны Ақсақ Темір қалай шығарған? [64,87 б.]. Бұл сөздің этнографиялық мәні зор. Ол – қазаққа ғана тән жақсы көргендікті білдіру. Қандай да бір жануар атауы ұқсату арқылы адамға қатысты қолданылғанда түрлі халықтардың дүниетанымы мен ұлттық менталитетіне тікелей байланысты болады. Романда жазушы бұл лексеманы шығарманың эмоционалды-экспрессивтік реңкін арттыру үшін пайдаланады.

 

1.2.1 ЖЫЛҚЫНЫҢ ЖАСЫ МЕН ЖЫНЫСЫНА, ТҮРІ МЕН ТҮСІНЕ ҚАТЫСТЫ Т.Б. АТАУЛАРДЫҢ ЖАЗУШЫ ШЫҒАРМАСЫНДА БЕРІЛУІ

Жылқы малының жалпы атауларына төмендегідей сөздер енеді: ат, жылқы, жұнт, қылқұйрық. Романдағы ат, жылқы сөздерінің қолданылу жиілігі өте жоғары. Себебі романның оқиғалар желісі қазақ хандығы құрылған тарихи кезеңде өтеді. Бұл – көшпенді қазақ халқы үшін жылқының маңызы ерекше артып, жылқы әрі көлік, әрі азық, әрі соғыс құралына айналған кезең болатын. Сондықтан шығармада ат, жылқы, салт атты, атты әскер тәрізді сөз қолданыстары да жиі қолданылады.

Әдейі осы мезетті аңдып тұрғандай Жәнібек Ферғана өңірінде жайылып жатқан Жұныстың жылқысын тегіс айдап әкелуге бір топ жігіттерімен ортаншы баласы Қасымды аттандырады [64,176 б.].

Бұл Исфаған болатынан алдаспан, ұзын қылыш тағынған, Қорасан құрышынан сауыт-дулыға киген, мұздай боп қару-жарақ асынған, өз заманының әскери өнер-ғылымымен әбден суарылған, Әбілқайыр ханның бүкіл шығыс әлеміне белгілі атақты атты әскері! [64,246 б.].

Көп кешікпей бір қойнаудан салт атты көрінді де, бірітіндеп көбейе бастады [64,408 б.].

Ат лексемасына қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде мынадай анықтама беріледі:

1) Үйірге түспейтін, піштірілген, ақталған жылқы.

2) Көлік ретінде салт мінілетін, арба-шанаға жегілетін және де түрлі шаруашылық жұмыстарға пайдаланылатын еркек жылқы.

Орта ғасырлық түркілердің тілінде үйірге түсіп, ұрпақ өрбітуден басқа жағдайдың бәрінде де “ат” сөзі қолданылған екен. Қазіргі қазақ тілінде де ат сөзінің қолданылу жиілігі өте жоғары. Өйткені аттың басты міндеті – жұмысқа жегілу. Ол ең алдымен – кісінің қанаты. Арғымақ, сәйгүлік аттар – міністің, бәйгенің, жарыстың қолғанаты. Одан соң, ат – көлік, мініс-жүріс көлігі, аяқ лау, жүк көлігі, арба тарту, жер жырту сияқты жұмыс көлігі.

Қазақтар алыстан қандай қылқұйрық көрінсе де жылқы дейді, жылқы – жалпы атау. Жылқыны: жүк жылқысы (владимир, першорон жылқысы), жегіс жылқысы (орлов, орыс, латыш, американ), мініс жылқысы (араб, ахалтеке, номуд), жазық дала жылқысы (дон, буденный, қостанай, монғол, қазақ жылқысы), тау жылқысы (кабардин, қарабақ, қарабайыр, қырғыз, алтай, әзербайжан), солтүстік дала жылқысы (вятка, эстон, якут) деп бірнеше тұқымға бөледі [66].

Қылқұйрық сөзі де жылқы түлігінің жалпы атауы. Бірақ мұнда атауыштық мәннен гөрі образдылық басым. Бұл лексеманы бөлшектің бүтінге ауысуы нәтижесінде пайда болған деп қарастыруға болады.

Жылқының барлық түріне ортақ мынандай атаулар бар: тақымға басқан ат, қырсау жылқы, кердең (керенау) жылқы, барлыққан жылқы, жабық етті жылқы, берік жалды жылқы, тісеген жылқы (құнан, байтал, тай), жалы мұздай (жалы доғалдай) жылқы, су жалды жылқы, сабылған жылқы, соқтыққан жылқы, тұлпар, жел жетпес  (оқ жетпес) жылқы, сәйгүлік ат, ер арқа жылқы, сиыр құймышақ жылқы, астау жонды жылқы, тік жонды жылқы, қақпақ жонды жылқы, ешкі бас жылқы, қой басты жылқы, қамыс құлақ, қайшы құлақ жылқы, мәстек құлақ жылқы, сауран сойы, дөрбіт, дүлдүл, бөртекі жылқы, маймақ жылқы, қоңды жылқы, тарпаң жылқы, жүрісті жылқы, қызба (желік) жылқы, қоңылтақ жылқы, қоңторғай жылқы, қысыраған жылқы, шырсыз жылқы, қолау, жабық жалды, өкпе жалды, су жалды, қара (ет) жалды, көтерем жылқы, жайланған жылқы, қатпа жылқы, көкбақа жылқы, зорыққан жылқы.

Жылқы түлігінің мінезіне байланысты: бас асау жылқы, кекжек (шегіншек) жылқы, безер (тентек) жылқы, жебір жылқы тағы сол сияқты атаулар да біршама.

Жылқы малының жасы мен жынысына қарай қойылған атауларға төмендегілер жатады: құлын, тай, жабағы, құнан, дөнен, бесті, байтал, сойтал, құнажын, дөнежін, ат, айғыр, сәуірік, бие, қысырақ. Трилогияда жылқының жасы мен жынысына қарай қойылған атаулардың барлығы дерлік кездесіп отырады.

Және болыстарға берген бұйрығында бұл малдар құлынды бие, үйірге салуға жарайтын айғырдан бастап, тек құнажын, дөненге дейін ғана алынсын. Және асыл тұқымнан болсын. Қыршаңқы, маңқа жылқы алынбасын деп анықтай тапсырды [64,166 б.].

Сыбан Рабтан көктем туысымен шабуылға шықпақ болды. Бұл көп жылқылы қазақ елінің тай-жабағысы піштірілген, жаңа аяқтанған қозы-лағының көшке ере алмайтын, ұрысуға ыңғайы жоқ кезі еді [64,307 б.].

Бұл топшаның атауын жылқы малының жасы мен жынысына қатысты атаулар деп алып отыруымыздың өз мәні бар. Өйткені, “малым - жанымның садағасы, жаным - арымның садағасы” дейтін кез келген қазақ малдың жай-күйін, түр-түсін тағы сол сияқты белгілер мен нышандарды оп-оңай айыра біледі. Сол сияқты шаруа баққан кез-келген қазаққа құнан дегеннің – екі жасқа толып, үш жасқа аяқ басқан еркек жылқы, құнажын – екі жас пен үш жас аралығындағы ұрғашы жылқы, дөнен дегеннің – төрт жасар еркек жылқы, байтал дегеннің – үш жас пен төрт жас аралығындағы құлындамаған ұрғашы жылқы, бесті дегеннің - бес жасар еркек жылқы екендігін тәптіштеп айтудың өзі артық. Яғни, бұл топтағы лексемалар жылқы малының тек жас мөлшерін ғана немесе жынысын ғана емес, олар жылқы баласының әрі жас мөлшерінен хабардар етсе, әрі жынысын да қоса білдіреді.

Ш.Жанәбіловтің көрсетуі бойынша бие атауларының өзін мынандай жікке бөліп қарастыруға болады: буаз бие, құлынды бие, тайлы бие (қысыр бие),  мес бие, сауулы (құлыны жоқ) бие, тел бие, сақа бие, сақа қулық бие, үлкен қулық бие, кіші қулық бие, қасабалы бие, құтымсыз (құнсыз) бие, құт бие, құртық бие [32].

Тілдік қолданыста биелер дене бітімінің ерекшеліктеріне қарай: айна көз бие, қара желін бие, күпшек санды бие, қамыс құлақ, қайшы құлақ немесе сиыр құлақ бие, ноқталы бие, қосақты бие, ер арқа бие деп бөлінсе, құлындауына қарай: қулық бие, айғырдан қашқан бие, ерте бие, кенже бие, арамза бие деп бөлінеді. Күй-жайына қарай биелерді: ту бие немесе құр бие, тасырқаған және тосырқаған бие (жылқы), «дөнен» бие, ашаң бие, босаң (босалаң) бие, жасық бие деп, жасына қарай: тай бие, құнажын байтал, дөнежін бие, бесті бие, кәртамыс бие, лақса бие, жасаған бие, сары қарын бие, құнажын байтал, дөнежін шығар, дөнежін байтал деп жіктейді. Сауылуына қарай: қожыраған бие, ақ кеуіл (көңіл) бие десе, емшек және желін бітісіне қарай биелер: шипі емшек бие, тар үрпілі бие, кең үріпті бие, тік емшек бие, сыңар емшек бие, бүйен емшек бие, быртық емшек бие, талтақ емшек бие, тостаған желін бие, қара желін бие деп аталады. Ал сүтінің аз-көптігіне қарай: мама бие, сүті қайтқан бие, суалған бие, мәнерсіз бие, ақ тандыр бие, исіншек бие деп топтайды. Мінезіне қарай: бедіреуік бие, тарпаң бие (жылқы), жебір бие, безер бие, жанасқыш бие десе, жал-құйрық бітісіне қарай: майда жалды бие, кереге жалды бие, тоқпақ жалды бие, шұбалаң құйрықты бие, сояу құйрықты бие, келте құйрықты бие, сымпыс құйрықты немесе қылыш құйрықты бие деп бірнеше топтарға жіктеледі.

Сол сияқты қысырақтардың (бойдақ биелердің) да атауларын тізбелей беруге болады: қысырақтар (бойдақтар), бордақы бие, қысыр бие, тоқ бие, тұнған бие, бедеу бие, тұмса қулық, қызыл май, бүгежік, көбең бие, ақ жілік бие, қара кемік бие, қарғылжың бие, қолтума бие, толған бие, шыңылтыр бие, шатыс бие,  нәкүс (құтамсыз) бие, сұңғақты (ірі) бие, қазанат бие, арғымақ бие, жалбыр бие, бүкіш бие, ұрғашы тай, ұрғашы тел тай, ұрғашы кенже тай, тобышақ бие, жүрдек бие, құйма тұяқ бие, қазан (қаз) табан бие, өткір көзді бие, бөкен санды бие, серке санды, шәлкес мінезді бие.

Жылқы төлінің екі жастағысы немесе үш жасқа қараған ұрғашысы құнажын байтал деп аталса, төрт жастағысы дөнежін байтал, бес жастағысы бесті байтал деп аталады. Ал құлындаған ұрғашы жылқы малын құнажын бие, дөнежін бие деп атайды.  Яғни, ұрғашы жылқы құлындағанша байтал атауы қосақтала жүреді. Тіліміздегі “Бие құлындамай, байтал аты қалмайды” деген тұрақты тіркес осыдан шыққан. Бұл лексемалардағы -жын, -жін тұлғалығы Б.Я.Владимирцовтың айқындауы бойынша монғол тілінде ұрғашы жынысты деген мән береді.

Халқымыз құлындамаған ұрғашы жылқыны қысыр дейді. Бұл лексеманы А.М.Щербак екі бөліп: кісір, -ақ деп қарастырады. Ғалым алғашқы компонентті жазба монғол тіліндегі kewzser (бесплодная), kewu(n), kewken (дитя) мағыналас деп қарайды, ал екінші компонент -ser монғол тілінде “жоқ” деген мәнде жұмсалады. Бұл қосымша тіліміздегі -сыз/-сіз қосымшасымен үндеседі, демек қысыр сөзі “төлі жоқ”, “төлдемеген” деген мағынаны береді. Көне ескерткіштер тілінде қысыр лексемасы “бала тумаған әйел” мәнінде қолданылғаны мәлім.  Осы атауға сәйкес, әр жастағы бұрын құлындамаған ұрғашы жылқылардың үйірі қысырақтың үйірі деп аталады.

Осыдан екі жыл бұрын Ұлытауға арқар атуға бара жатып жұтаң қыстың аяғы қатты боранға айналып, үш күн Тайкеткен өзенінің бойындағы Айыртаудың ық жағындағы Әбілқайыр ханға жататын қысырақтың үйірлерін бағып жатқан, маңайында тұлдыр жоқ қосқа аялдаған [64,71 б.].

Байтал – үш жас пен төрт жас аралығындағы құлындамаған ұрғашы жылқы. Сонымен бірге бұл атаудың сематикасында “әлі төлдемеген ұрғашы жас жылқы” деген негізгі мағынаға қоса “қысыр қалған”, “семіз”, “күйлі” деген семалық элементтер жарыса жүреді [18,16 б.]. Екі-үш жасында қысыр қалып, төрт-бес жасында құлындаған ұрғашы жылқыны қулық, қулық бие дейді. Ал бірнеше мәрте құлындаған биелерді мама бие, сарықарын бие дейді.

Осы топқа қатысты сойтал сөзіне тоқталатын болсақ, бұл сөздің анықтамасы 10 томдық түсіндірме сөздікте берілмеген. Ал 1999 жылы шыққан “Қазақ тілінің сөздігінде” бұл лексемаға төмендегідей анықтама берілген: Төрт жасқа шығар, яғни байталдан бір жас үлкен ұрғашы дөнежін жылқы [22,57 б.]. Ал, сойталдай сөзіне осы сөздікте: “Еңгезердей, ірі, сорайған, биік” [22.57 б.] деген анықтама берілсе, ҚТТС-де (8том): Еңгезердей, биік, сорайған [21,319 б.] - деп береді.

2002 жылы шыққан “Қазақ тұлпары” газетінде сойтал сөзіне төмендегідей анықтама беріледі: “Сойтал – төрт жасқа шыққан ұрғашы жылқы” [67]. Тілімізде сойтал лексемасына ұқсас “соқтан”, “соқтандай” деген сөздер бар. Соқтан дегеніміз – “төрт жасқа шығар дөнен бура” [21,57 б.], соқтандай сөзі – “денелі, ірі, үлкен денелі” деген мағынаны білдіреді [21,57 б.]. Бұдан байқағанымыз, соқтан, сойтал, соқтандай және сойталдай сөздерінің дыбысталуы жағынан ғана емес, мағынасы жағынан да ұқсастықтары бар. Сойтал және соқтан лексемалары малдың жасын білдіріп тұр. Ал сойталдай, соқтандай сөздері тұрақты теңеулерге жатады. Төрт жастағы мал – жас малдай емес, денесі толысқан, іріленген, өте күшті мал. Демек, сойталдай, соқтандай теңеулері осыған меңзейді.

Халқымыз еркек жылқыларды айғыр және саяқ деп екіге бөледі. Үйірге түсетін еркек жылқы айғыр деп аталса, бес жасқа дейін үйірге салмаған еркек жылқы сәурік деп аталады. Бес жастан асқан, ақталған жылқы азбан деп аталады. Екі жастан асып, үш жасқа қараған еркек жылқыны құнан, төрт жасқа шыққан еркек жылқыны дөнен дейді. Құнан, дөнен, құнажын, дөнежін лексемаларындағы -құ/-гу, -дө/-ду  тұлғалықтарының беретін мағынасының монғолдың үш, төрт сан есімдерімен сәйкес екеніне қазір ешкім күмәнданбайды.

Ш.Жанәбілов айғыр атауларына: айғыр, жасамалы, желқуық айғыр, сәурік айғыр, құр айғыр, бұзғыш айғыр, шақар айғыр, сыңар ен айғыр, шартық айғыр, азбан айғыр деген атауларды жатқызса, саяқ (бойдақ) жылқылар атауларына: бойдақ жылқылар, ат, сақа ат, еркек тел тай, еркек кенже тай, тоқтасқан ат, ши арқа ат, мықыр ат, қысыр емген, шобыр, тұғыр, мес ат (мәстек) деген атауларды қосады.

Қылшылдаған жас айғыр кезі келгенде кәрі-құртаңды үйірінен өзі қуады [64,101 б.] деген сөйлемде жазушы айғыр, үйір сөздерін ауыспалы мәнде, адамға қатысты қолданып, көркем бейне сомдауға жұмсаған.

Жылқы піштірілуі мен күш-көліктілігіне қарай: саяқтар, ығыр ат, құр ат, сетер ат, пішпе деп бөлінеді.

Құлын - жылқы түлігінің алты айға дейінгі төлі. Қазақ тілінде құлынның атаулары өте көп. Құлынды өсіп-өнуіне, тұқымына, мінезіне қарай бірнеше топқа бөліп, әр түрлі атаған. Құлын атаулары да шығарманың өн бойында ұшырасып отырады.

Сол күні таңертең енесінен жетім қалып, құлынынан өзі еміздікпен асыраған қара жорғаны Есілден су ішуге келген кезінде еппен құр-құрлап ұстап алып, Шыңғыстың басы салынған дорбаны мойнына тағып қоя берген [65,124 б.].

Құлын атауларына төмендегілер енеді: құлын (төл), құлыншақ, күн қақты құлын, кенже құлын, добыр аяқ құлын, мәйекті құлын, марқа құлын, будан құлын, қара құлақ құлын, жетім құлын, жабағы, шу асау құлын, еміншек құлын, тіленшек құлын тағы басқа.

Құлын атаулары Ш.Жанәбілов, Р.Панзарбекова тағы басқа зерттеушілердің еңбектерінде сараланады.  Халықтық дәстүрлі тәжірибе негізінде пайда болып, сұрыпталып, қолданысқа енген құлынның түрлі атауларын былайша топтауға болады:

1. Құлынның туылған уағына қарай: марқа құлын – ерте, қыс ішінде туған құлын; кенже құлын – мамыр айының соңында туған құлын; дүбір аяқ құлын – қыс айларында туған құлын;

2. Енесінің сүтке жарыту, жарытпауына, т.б. байланысты: күнқақты құлын – енесі мініліп жүріп, жөнді ембей, сүттен қағылып қалған құлын; мәйекті құлын – енесінің сүтіне тойған, тоқ пейіл құлын; жетім құлын - енесі өліп немесе енесін қасқыр жеп, жетім қалған құлын; еміншек құлын – енесінің сүтсіз құлындағанынан немесе енесінің сүтке жарытпауынан емізік арқылы өсірілген құлын; тіленшек құлын – қолдан сүт ішіп үйреніп, көрінген кісінің соңынан еріп жүретін құлын;

3. Құлынның жаратылысына, басқа да түрлі әсерлерге байланысты, даму ерекшеліктеріне қарай бөлінуі: асау құлын – желіге байласа да жуасымайтын құлын; шу асау құлын – қашып қолға ұстатпайтын қашаған құлын; шудан құлын –  әр тұқымнан туған құлын;

4. Құлынның жас мөлшеріне қарай: қара құлақ құлын – құлынның шираған, байлануға келген шағы; жабағы – алты-жеті айлық құлын;

5. Түгіне байланысты: қара құлын – сырт түгі қара, ұшы жылтыр болып, қылшықты келген құлын; сары құлын – сыртқы қылшық түктері бірыңғай сары болып келген құлын; жирен құлын – сыртқы қылшық түктері бірыңғай сарғыш қызыл болып келген құлын; торы құлын – түк бітістері тобылғы түстес, жал, құйрық, сирақтары қара қошқыл болып келген құлын; көк құлын – түктері шымқай көк болмай, көкшіл қылшықты болып келген құлын; қара көк құлын – сыртқы түктері қара қошқыл болып келген құлын; қызыл көк құлын – көк түсті құлынның қылшықтарының ұшы қызыл түстес болып келгені; қара құлын – басы мен денесі жылтыр сары немесе құрым сары реңде болып, аяқтары мен жал-құйрықтары қара, арқасынан құйрығына дейін созылған жіңішке қара жолағы бар құлын; ақ жал құлын – түр-түстері құланға ұқсас болып келетін, бірақ сирақтары мен жал-құйрығы бозғылт немесе боз болып келген құлын; сұр құлын – дене түк бітісі ақ көкшілдеу болып, бас-сирақтары, жал-құйрығы қара келіп, шоқтығынан құйрығына дейін арқасында қара жолағы бар және жауырыны, тірсегі, сирағы, кейде көлденең жолақты, тарғыл болып келген құлын; қаракер құлын – жалпы түсі қара болып, тұмсығы мен шабы күңгірт тартып келген құлын; шабдар құлын – сырт түгі ақшыл сары болып, жалы бурыл, ақ қыл мен қара қылдың араласып келген құлын; ала құлын – негізгі түгінің арасында ақ жүнді үлкен-кішілі дағы бар құлын; бурыл құлын – негізгі дене түгінің арасында жирен, қараторы, біртегіс ақ қылшық араласып келген, бірақ ақ қылшық басы мен аяғында болмайды; шұбар құлын – денесінің қылшығы ақ келіп, арасында майда теңбілі (қара, торы, жирен, т.б.) бар, не қылшығының басқа түсте болып, арасында ақ теңбілді келген құлын; шаңқан боз құлын – түсі шымқай, өте ақ болып келген құлын; қылаң құлын – боз, ақ боз құлын.

Жылқы түлігінің алты айдан бір жасқа дейінгі төлі жабағы деп аталады. Бұл лексема “бүтіннің бөлшекке айналу заңы” бойынша жасалған. Жазғытұры жануарлардың түлем жүнін тастайтыны белгілі. Мұны қазақ жабағы жүн деп атайды. Қазақ тіліндегі жануарлар төлінің атауларын зерттеген Р.Панзарбекованың айтуы бойынша жабағы сөзінің мағынасы – “алты айдан асқан бір жасқа дейінгі жылқы төлі. “Алғашқы қар басқан”, “өткен жылы туып, бірінші түлем жүнін тастаған” деген семантикалық элементтер осы ұғымға кіреді. Бұл лексаманың өзара іргелес байланыстағы денотаттардың атауы болып жұмсалуы еш күмән туғызбайды” [45,14 б.].

Жылқы малының бір жастан асып, екі жасқа қараған төлі тай деп аталады. Тай лексемасы тайлақ, тай өгіз, тайқар лексемаларына семантикалық өзек болып, бір сөзжасамдық ұя жасап тұр. Сонымен қатар бұл атауда әдейі кемсітушілік сияқты прагматикалық ұғым да бар. Халқымызда ат байлау дәстүрі бүгінде де сақталған. Кейде, екі адамның арасында келіспеушілік болған жағдайда сыйға ие болған адам: “бір тай мінгіздім деп...” деген сөздермен өз өкпе-назын білдірген. Мұнысы, дүние-байлық емес, сыйластық, татуластық бірінші санатта дегендегісі болса керек.

Бұлардың мінгендері кәкір-шүкір тай-тұяқ емес, он күн желіске шыдай алар аласа бойлы, тоқпақ жалды, құшақ құйрықты, кілең сайгүлік шабысты жылқы [64,8 б.].

Жылқы малының жасы мен жынысына қарай қойылған атауларды жеке-дара жылқы малының жасын білдіретін сөздер, жылқы малының жынысын білдіретін сөздер деп қарастыру бұл семалардың мәнін толық ашуға мүмкіндік бермейді, сондықтан аталмыш семалар бір лексика-семантикалық топта қарастырылды.

Жылқы малының жасына, жынысына, тұқымына, мінез-құлқына, табиғи ерекшеліктері мен түрлі қасиеттеріне байланысты тілімізде өте көп атаулар пайда болып, сөздік қорымыздан орын алған. Аталған ерекшеліктерімен қатар түр-түсіне байланысты да көптеген атаулар пайда болған.

Төрт түлік малын түстеп танитын қазақ үшін жал-құйрығы мен түгінде сәл ғана айырмашылығы бар торы ат пен күрең торыны, құла ат пен құлагерді шатастыру үлкен айып және малшы өмірінде бұл мәселенің маңызы аса зор [26,3 б.].

Жылқы малының түрі мен түсіне қатысты атауларға мыналар жатады: теңбіл, көк бөрте, ақ, ақ бөрте, ақ бурыл, ақ құла, ақ сұр, сұр, торы, ақшулан, құла, шұбар, шабдар, қызыл, қызыл торы ат, қара, қара торы ат, қара кер, тарлан, тарлан боз, құла қасқа, құба, ал қара көк, ақтаңкер, ақбозат, шаңқан, сары, жирен,  ала, қылаң, баран.

Белгілі этнограф Х.Арғынбаевтың айтуы бойынша, жылқының түсі дәстүрлі 4 топқа бөлінеді:

1) қылаң (ақ боз, боз, бурыл, көк бурыл, теңбіл, құбақан, сары, құла, жирен, шабдар, көк, сұр, құла кер, нар қызыл);

2) баран (торы, қара, қара көк, қара кер, қара сұр, қоңыр, жирен, күрең);

3) ала (сары ала, сұр ала, көк ала, кер ала, қара ала, қоңыр ала, күрең ала).

4) шұбар (байшұбар, бозшұбар, көкшұбар, қара шұбар) [15].

Бір сөзден тұратын негізгі атаулар біршама, мысалы, баран (баран ат, баран айғыр, баран жылқы), боз (боз ат, боз айғыр, боз дөнен, боз жорға), бурыл (бурыл тай, бурыл ат), жирен (жирен ат, жирен айғыр, жирен байтал, жирен қасқа), кер (кер ат, кер дөнен, кер айғыр), күрең (күрең ат, күрең айғыр, күрең жорға), қоңыр (қоңыр тай, қоңыр ат, қоңыр бесті), құба (құба айғыр, құба жорға), құла (құла айғыр, құла ат, құла бие), қызыл (қызыл ат, қызыл бие, қызыл дөнен), қылаң (қылаң жылқы), сары (сары ат, сары дөнен, сары айғыр), сұр (сұр жорға, сұр дөнен), тарғыл (тарғыл ат, тарғыл бие), теңбіл (теңбіл айғыр, теңбіл дөнен), торы (торы ат, торы тай, торы қасқа), шабдар (шабдар ат, шабдар бие, шабдар жылқы), шұбар (шұбар ат, шұбар тай, шұбар айғыр, байшұбар) [26].

І.Есенберлиннің “Көшпенділер” тарихи трилогиясында жылқыға біткен барлық дерлік түр-түс атаулары кездеседі:

Көп ішінен қара қасқа жүйрік мінген қара сұр жігіт суырылып алға шыға берді [64,547 б.].

Кескілескен ет, жосылып аққан қан, ата жауына қарсы өшіге ұмтылған ерлер, алдыңғы екі аяқтарын көкке көтере, найзаға кеудесін тосқан кер төбел, мақпал қара, құлагерлер... [64,548 б.].

Енді міне, мынау сар даланы кезіп келе жатқан үш салт аттының ортасындағы аққұба жігіт осы Есіркеген. Астында оқтаудай боп жараған күзен күрең. Басын шұлғып тастап, жіті басып аяңдағанда, екі жағындағы – шабдар байтал мен кәртаң тартқан қаракөк ат – желе түсіп, әзер еріп келеді [65,229 б.].

Қазақ тілінде жылқының түсін білдіретін жалаң атаулардың бір өзі ғана сан жағынан 20-дан асып жығылады, соның барлығы да трилогияның өн бойында кездесіп отырады.

Енді осы түстерге жеке-жеке тоқталайық. Мысалы, қылаң, қылаңға жататын түстердің барлығы да мұнда назардан тыс қалмайды:

Астындағы сүліктей жараған қылаң бедеуі қара терге малынған кісі Жоламандар тұрған төбенің етегіне келіп тоқтады [65,30 б.].

Қос қылаңы – Жоламанның ұшқан құспен жарысар бедеулері. Қос қылаңды кезектете ауыстырып мініп, кейін шапты [65,39 б.].

Қылаң тобына жататын түстердің негізгісі - ақ түс. Қараға қарама-қарсы түс. Дегенмен, ақ атауы барлық жағдайда ақ түсті ғана білдіреді десек қателесеміз. Ә.Қайдаров, З.Ахтамбердиева, Б.Өмірбеков сынды ғалымдар ақ сөзінің оннан астам ауыс мағыналары мен символикалық мәндері бар екенін көрсетеді [26].

Жылқының ақбозын халық қасиетті деп санайды. Трилогияда қолбасшылардың, хандар мен әміршілердің жорық аттарының  ақ боз болып келуі тегін емес. Ертеде батагөй қариялар да, ел қорғаны – батырлар да ақбоз айғыр мінген. Пайғамбар жасына жетпеген ер-азаматтар қайтыс болса, оның асына ақбоз шалатын болған. “Ақ ат мінген сайыпқыран жорықта кілең жеңіске жетеді. Әдетте, мұндай атты сардар немесе патшаның өзі мінсе жарасады”, - дейді Омар Хайям өзінің “Наурызнамасында”.

Тағы кешегідей сес көрсетіп, жалаң қылыштарын басынан жоғары көтере, нөкерлерін соңынан ертіп жасыл туын желбірете, қамалды жанай ақ боз ақалтекесін ойнатқан Абдолла әмірші... [64,364 б.].

Жаугершілік заманында жиі болып тұратын анттасу дәстүрі қазіргі заманда ұмытыла бастады. Соғыс кезінде бітімге келіп, келісе қалса, боз бие құрбандыққа шалынып, оның қанына екі жақтың адамдары саусағын батырып, серттесіп, бітімге келетін болған.

Жалпы қазақ ұғымында ақ – ең қалаулы түс, қасиетті ұғым, жақсылықтың, пәктіктің, әділдіктің белгісі. Сондықтан да бұл түске қатысты қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары өте көп. Романда халықтың ежелгі хан сайлау дәстүрі бірнеше рет сөз етіледі. Ертеде хан сайлауында болашақ ханды боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге көтеріп, хан сайлаған. Романда қазақтың атақты Жәнібек, Қасым, Абылай сияқты хандарын хан көтеріп, таққа отырғызуы баяндалады. Мысалы:

Асан Қайғы батасын беріп, ертеңіне Жәнібекті боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге көтеріп, қайтадан бар қазаққа хан сайлады [64,223 б.].

Бір ай өтпей осы Талас, Шу маңындағы қазақ руларының басшылары жиналып, Бұрындықтың орнына боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге көтеріп, Қасымды хан сайлады [64,291 б.].

Үш жүздің ел-жұрты өзін Үлкен Орданың ханы етіп боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге көтерген күннен сегіз жыл өткен соң, Абылай бүкіл қазақ ханы етіп бекітуін сұрап, баласы Тұғымды бас етіп, Петербургке елшілер аттандырған [64,581 б.].

Кенесары бәлсінген жоқ, әңгімесін бастап кетті.

- Атамыз Абылайды үш жүздің игі жақсылары боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ киізге орап, хан ғып көтерген күнінің түнінде ол бір ғажайып түс көріп шығыпты [65,181 б.].

Бұл мысалдардың барлығынан да хандардың ақ немесе боз биенің сүтіне шомылдырылатыны байқалады. Жылқының ақ боз түстісі ерекше символдық және магиялық, сакральдық (киелілік) сипатқа ие. Құрбандыққа ақ боз ат шалынған. Өйткені көне түркілер жылқыға ерекше табынып, желдей жүйрік жылқыны күнге теңеген. Құрбан шалғанда ақ жылқының таңдалу себебі: ақ түс – күннің символы, сол себепті ақ боз ат құрбандыққа шалынған. Дегенмен, қазақ күнді ақ емес, қызыл дейді. Сол сияқты жылқының ақ түстілерін қызыл жылқы деп атайды. Ендеше, жылқының түсін атауда сирек қолданылатын қызыл түс те күннің түсі, Тәңірдің символы.

Зерттеуші-ғалым Әбілхан Әбіласан “Алтын құс-адам және біз” атты мақаласында мынадай пікір айтады: “Ешкі тұяқ қызыл ат” “Алтан Құс-Адам” – қолбасы Эт су шад бастаған әскери қауым мекендеген, олар жаудан қорғаған жер-су аттарының әрқайсысы бір-бір аңызға арқау. Солардың бірқатары – түз аңы құланға байланысты атаулар. Атап айтқанда Құлантөбе, Құланқашқан, Құлансуат, Құланқырған. Бұл атаулар мұнда, Іле бойы, Жетісу жерінде ежелден құландар мекендегенін білдіреді.

Қазақта ақбөкенді де, қарақұйрықты да, тау ешкіні де – киік деп атайды. Яғни бұлар халық ұғымында киік тобын құрайды. Осылайша жабайы жылқыларды да бір топқа бөліп, “құлан” деп атаған.

Құландар тобын құрайтын – тарпаң, түзат (Пржевальский жылқысы), жылқыкиік (ежелде “қызыл ат”, яғни қызыр жылқысы “ешкі тұяқ қызыл ат” аталғаны аңғарылады) секілді жабайы қылқұйрықтылар болған. Жылқыкиік он сегізінші ғасырдың соңына таяу жойылып кеткен. Жоғарыда аталған құланға қатысты жер аттары осы топтағы түрлерге байланысты айтылған деп білеміз. Бұл аталған құландар тобы ішінде тарпаң мен түзат – қазіргі жылқылардың арғы тегі болып табылады. Олар қолға үйретілген. Жаугершілік, жортуылы көп заманға лайық, қасиеттері аса жоғары бағаланған, жыр, аңыз арқауы болған. Персеполь жартасында құлан жасаулап әкеле жатқан сақтар бейнеленген бедер бар. Міне, осында патшаға лайық деп табылған сый-тарту (құлан) мен қазіргі түзат (Пржевальский жылқысы) бейнесін салыстырсақ, олардың бір тектен екенін аңғару қиын емес.

Жылқыкиіктің де қолға үйретілгені туралы бұлдыр аңыз сораптары бар. Оған “Қарасай-Қази” хиссасында куә боларлықтай жыр жолдары ұшырасады.

Орал, Орал, Орал тау,

Орал таудай тау болмас

Орал таудың басында

Шұбырып өскен бес тұлпар,

Бес тұлпардай мал болмас.

Бес тұлпардың ішінде

Ешкі тұяқ қызыл ат...

Жал құйрығы ұзын ат...

Орал тауды жайлаған бес тұлпардың иесі Көкше деген қарт екен дейді. Бұл жай Қызыр атаны еске салады. “Қызыл ат” сөзінің өзі де осы иелі, киелі деген мәнді білдіретін сияқты. Бір нұсқада оның түсі “көк бұйра” – қызылкөк. Әйтсе де жылқыға теліне бермейтін “қызыл” атауының мәні осы “киелілікте” болса керек.

Қарасай бабаларына арман болып өткен осы ешкі тұяқ қызыл атты ұстап мінеді. Сол атпен жауды жайпайды. Ол батырдың сенімді серігі, қысылғанда құтқарар “қанаты” болады.

Жырда бес тұлпардың біреуі, “ешкі тұяқ қызыл ат” былай суреттеледі:

...Талма-талтүс болады,

Ішіп жүрген бұлаққа

Шұбырып тұлпар құлады.

Шөлдеп келген жануар

Суға басын қояды.

Бұғып жатып Қарасай

Қызыл атқа қарады.

Қасындағы тұлпардан

Артық екен тұяғы,

Қызыл аттың тұяғы-ай!

Ұшатын құстай көрінді

Ойнап басқан аяғы.

Төбесінде көрінді

Қиылған қайшы құлағы.

Қолтығында көрінді

Ұшатын қанат-қияғы-ай!

Шамшырақтай көрінді

Екі көзі – жанары-ай!

Алтынменен қаптаған

Бар еді таққан тұмары-ай

Қызыл атқа қызығып

Ұстауға болды құмар-ай!

Осындағы қызыл аттың суреті сөз жоқ жылқыкиік бейнесін елестетеді. Әрине, уақыт өте келе жыршылар жанынан қосылған, алынып қалған жолдар болуы заңды.

Жылқыкиіктің аса бір құнды қасиеті 2-3 күнге дейін су ішпей жүре беретін болған. Шөптесін өсімдіктерді ғана қорек еткен. Үйірімен жайылып, қатер сезілсе, жылқыша пысқырған. Дене тұрқы ірі. Мүсіні сұлу да сымбатты. Шоқтығынан – 160 см. Жалы тік. Ешкі тұяқ, киік мүйіз бұл “қылқұйрықтың” түсі сұр, жирен болған көрінеді. Көгілдір түсті ерекше түрі 1800 жылы толық жойылып кеткен.

Жылқыкиіктің 3 атасы (род), 5 түрі (вид) өмір сүріпті. Геродот жазбаларында “ешкітұяқтылар” туралы аңыз-дерек кездеседі. Осы әңгімедегі “ешкітұяқты” кісілерді көпшілік зерттеушілер фантастика ретінде қабылдаса, бір қатары “салтаттылар” деп, ал кейбірі ешкі терісін жамылған аңшылар деп түсінеді. Әйтсе де, бұл сөздің төркінінде бір шындықтың жатқанын теріске шығара алмайды.

Бұл арада әңгіме ешкі тұяқ қызыл атқа, яғни жылқыкиікке байланысты болса керек деп білеміз. Демек, жылқыкиіктің қолға үйретілген, салт мінілген түрі болғаны. Мұны “Қарасай-Қази” жыры да қолдап тұр. Олай десек “ешкітұяқтылар” “ешкітұяқ аттылар” (салтаттылар) деген сөз болып шығады.

Жетісу, Іле өңіріндегі “құлан”-ға қатысты жер атаулары тегінде осы жылқыкиік атына байланысты қойылған болса керек. Оның ежелгі атын “Қарасай-Қази” жыры “ешкі тұяқ қызыл ат” деп атап отыр. Ғылымда мұны құландар тобына емес, жұптұяқтылар қатарына қосады. Тарпаңды (квагга), түзатты (Пржевальский жылқысы) жылқы тобына жатқызады. Жабайы есек тұқымдастарының бір түрін (қазір “құлан” деп жүрген) құлан тобына ендіреді. Бұған “анагр, қиян” деген түз аңдарын қосады. Осы біз “құлан” атап жүрген аң түрінің өз аты - “қияңқы” болса керек.

Жалпы “құлан” деп түркі қауымы жылқы тектесті ғана атағаны анық. Бұған тарпаң, түзат, жылқыкиік секілді жүйрік, қолға үйретіп, салт мінуге болатын айрықша қасиеттерге ие “қылқұйрықтылар” ғана жатады деп білеміз. Халық ауыз әдебиеті солай дейді. Ал қазіргі “құлан” (жабайы есек) табиғатында қолға үйренбейтін, оған көнбейтін аң. Анагр да, қиян да сондай. Бұларды домбаймен (ғылымда жабайы есек деп тек осы ғана аталады) бірге бір топ деп есептеу керек секілді. Гардизидің (ХІғ.) қимақтар елі туралы жазбасында мынадай жолдар бар: “...Бұдан ары Ертіс өзені жатыр, ол жерден Қимақтар елі басталады. Өзеннің екі жағалауында да жайылып жүрген жабайы жылқылар үйірлері, олар кейде мыңнан екі мыңға дейін жетеді... Өздері тез көбейіп жатады. Бұл жылқыларды ұстау қиын. Кейде арқанмен ұстап, үстіне мініп бас білдіреді. Сонда ғана қолға үйренеді”.

Міне, бұл осы құландар болса керек. Қолға үйренетін жылқы текті түзат. Қазіргі  “құлан” аталып жүрген жануар жабайы есек емес. Ол еш уақытта қолға үйренбейді, бас білдіруге көнбейді... Оның халықтық атауы – құлан.

Олай болса, Жетісу, Іле өңіріндегі “құланға” қатысты атаулар тарпаң, түзат, “ешкі тұяқ қызыл ат” – жылқыкиік секілді далалықтар үшін ерекше қастерлі, тіпті тотемге айналған түз аңдарына байланысты аталған деуге болады.

...Эт су шад бас киімінің маңдай тұсынан орын алған алтын мүсін ешкі тұяқ қызыл ат – жылқыкиік бейнесі десек, құлан атқа деген ата-бабаларымыздың айырықша қастерлі сезімін аңғарғандай боламыз” [68,58-61 б.].

Демек, “қызыл ат” лексемасындағы қызыл сөзі “иелі”, “киелі” деген мәнді білдіріп тұр десек, қателеспеспіз.

Қызыл ат қартайса, алдымен басы, бірте-бірте бүкіл денесін майда-майда қоңырқай теңбіл басады. Мұны тарлан дейді [69,11 б.]. Романда тарлан ат та кездеседі:

Кәрі тарланның кей қимылы жас тұлпарға бергісіз [65,156 б.].

Алғашында ақ түсті ат тек аспан құдайларына шалынып келсе, кейінірек атақты адамдарға ас беру рәсімінде қайтыс болған адамға арнап, ақ түсті жылқы сойыла бастаған. Бұл қайтыс болған адамның тірісінде ерекше сый-құрметке бөленген адам болғандығын көрсетеді.

Сондай-ақ, ақ түс – “өлі дүние түсі” деп есептелінеді. Демек, ақ түсті жылқы өлілер дүниесіне жеткізуші бірден-бір медиатор қызметін атқарған [70,84 б.]. Сол сияқты, құйрық-жалында ағы бар жылқы малы нысаналы деп саналып, оны ерекше күтіп-баптаған, соймаған.

“Ақ” – “қадірлі, қасиетті, ырым-кәдеге байланысты ұғымды білдіретін анықтама”. Мысалы: ақ боз бие, ақ түйе (атан), ақ сары бас қой сияқты тіркестердің құрамында “ақ” түс атауы тұруының да дәстүрлік мәні бар: “ақ” түсті малдар төрт түлік малдың басы, берекесі, пірі саналған. Оларды жай уақытта союға тыйым салынған, сойылса тек ұлы жеңіске, алыс сапардан еліне аман-есен оралған жолаушыға, ұлға зар болып жүрген белгілі азаматтың әйелі ұл тапқанда, ел, ру болып өзара серттескенде т.б. осы сияқты ерекше зор қуанышқа, оқиғаға арнап қана сойылатын болған. Ақ түсті киелі малдың қасиетті, қадірлі саналуы, міне, осы кәде-ырымға байланысты [71,19 б.].

Қазақ ұғымындағы тағы бір қасиетті түс – көк. “Көк түсті қадірлеу дәстүрі халқымыздың тарихынан белгілі. Тілімізде “көгеру”, “көк шықты”, “көкке ауыз ілікті”, “көсегесі көгерсін” деген ұялас сөздер мен сөз тіркестері бар. Туған жеріміздің ең шырайлы, сұлу өңірінің аты “Көкшетау” болса, ең үлкен көлі Балқашты “Көкше теңіз” деген. Соның бәрі, өмір сүру, жаңарып-жасару, мұратқа жету деген ұғыммен төркіндес” [72].

“Көк” түске Ә.Қайдаров, З.Ахтамбердиева, Б.Өмірбеков сияқты ғалымдар төмендегідей анықтама береді: “Көк (көк дөнен, көк байтал, көк шолақ т.б) – түгі нағыз көк емес, қоңырлау көк денені, әсіресе бас-аяғын көкшіл қылшықтар басқан жылқы түсі”, “...құлын кезінде қоңыр, күлгін, сұр болып келетін бұл түс бара-бара өзгеріп, бозара түседі” [26,92 б.].

Міне, осы кезде Бұрындық ханның қылығына ызаланған “Жалғыз көз” батыр бір топ серіктерімен ханның қалың жылқысын қуып әкетті. Кілең көк аланы айдап апарып ол, Мұхамед-Шайбани жасақтарынан жер шұқып қалған кедей ауылдарға бөліп берді [64,285 б.].

“Сенсе – жарылқайды, сезіктенсе - қорқады” көптен бері қызығып жүрген, қызыл етін сыртқа теуіп, оқтаудай боп жараған көк жорғаны Әбілқайыр оған сыйға тартты.

- Астыңдағы атыңның аяғына қан түскен екен, ертеңнен бастап ана көк жорғаны мін, - деді хан [64,453 б.].

Ертеде көк түсті жылқыны да құрбандыққа шалатын болған. Бұл рәсім романда былайша суреттеледі:

Бұл хабарды естігенде қас жаулары, әсіресе, Әбілқайыр жерін алып, суын алып, қиянаты көп өткен кейбір қазақ ауылдары көкала жылқы құрбан шалып, қуанышқа кенелді [64,247 б.]

Ал, енді аққа қарама-қарсы түс – қара түске келейік. Бұл түс баранға жатады. Ақ түс сияқты қараның да көптеген ауыспалы, символикалық, шартты мағыналары баршылық. Ә.Қайдаров, З.Ахтамбердиева, Б.Өмірбековтер қазақ тіліндегі қара түстің ауыс мағыналары отыз шақты екендігін айтады. Расында да бұл түстің қолдану жиілігі өте жоғары, халық қараны жамандықтың, зұлымдықтың, қайғы-қасіреттің белгісі ретінде таниды. Бірақ қара түс арқылы халқымыз тек жамандықты ғана емес, қарапайымдылық, қасиеттілік (қара шаңырақ, қара өлең, қара қазақ тағы басқа) сияқты қасиеттерді де танытады.

Ал жылқының түгіне байланысты алсақ, қара (қара ат, қара айғыр, қара жорға, қара дөнен) – сыртқы түгі түбіне дейін шымқай қара, ұшы жылтыр қылшықты болып келетін жылқы түсі. Трилогияда баран, қара, қара көк түсті жылқылар да аз сөз етілмейді. Халқымызда қара көктің тұқымы деген сөз бар. Бұл сөзді қазақ ерекше адамдарды, олардың үрім-бұтақтарын сипаттағанда қолданады.

Ұлы бабам Орта жүздің ханы Сәмекеге қырық мың жылқы біткен. Өз әкем Құдайменді сұлтанға да отыз мың қара көк пен күрең бітті емес пе..

Жиырма мың қылаң мен бараным бар. Тек салықты аз төлеу үшін қағазға он екі мың деп көрсеткем. Сегіз мың жылқымды жасырып қалғам [65,101 б.].

Қара мал лексемасы жөнінде Ұ.Серікбаева былай дейді: Қара– төрт түліктің ішіндегі сиыр, жылқы, түйе сияқты ірі мал. Бұларды қазақтар қара мал, не ірі қара мал деп атайды. Бұлардың қара түске тікелей қатысы жоқ болса да, “қара мал” деп аталуы ұсақ малдан (қой-ешкіден) ерекшелігін, яғни “ірілігін” (түптеп келгенде, қарайып, алыстан көрінетін сұлбасына байланысты екендігін) айқындап көрсету барысында қалыптасқан деп жобалауға болады.

Қазақ тілінде “қара” атауының “ірі қара мал” мағынасында қалыптасқандығы соншалық, ол жеке-дара (малсыз да) қолданыла береді. Мысалы, қазақ эпосында: “Тоқсан мың екен қарасы басына ноқта тимеген...” деген сөздер бар.

Қазақ тілінде елік, ақ бөкен, қарақұйрық, тауешкі, жайран т.б. сияқты жабайы аңдарды да “қара аң” деп атау дәстүрі бар. Мұндағы “қара” да “ірі” деген мағынаны аңғартады деп білеміз” [71,23 б.]. Біздің бұл пікірмен келісе отырып, өз тарапымыздан қосыр ойымыз мынадай: сиыр, жылқы, түйе төрт түліктің ішіндегі ірілері екендігі рас. Дегенмен, “қара мал” атауының қара түске тікелей қатысы жоқ деп кесіп айта алмаймыз. Өйткені аталған түліктер үлкен болғандықтан қарайып, алыстан көзге шалынады. Сонымен бірге, бұл түліктер ұсақ малдарға қарағанда етті, әсіресе, қара кесек етті мол береді. Ал түз аңдарының еттері, әдетте, тіптен қара кесек болып келеді. Демек, бұлар “қара мал” лексемасының мағыналарын құрайтын семалардың бірі дер едік.

С.Шүкірұлының баран сөзі туралы пікірі көңілге өте қонымды. Расында да, “неліктен Баранкөл, баран ат, баран жылқы дейміз?”. “Алдыңғы ат баран болмай, қылаң болады” - деп Ақан неге айтқан? Бұл сөздер түсті бейнелеп тұр. Баран – қара деген мәнде.

Торғай облысының Жангелдин ауданында Шақшақ Жәнібек ауылында Ә.Кекілбаевтің “Үркер” романында аталатын Қарабас батырдың ұрпақтары тұрады. Ат тергейтін әжелер Қарабас, жалпы қара деген сөзді атамайды. Қарабас дегенді Бараншеке, қара дегенді баран деп сөйлейді. Ол кісілердің айтуынша олардың енелері де солай атаған көрінеді. Баран сөзінің мәні қара екендігі туралы фразеологиялық сөздікте де дерек бар (ҚТФС, 706-б). Бұдан шығатын түйін, үйлі-баранды деген сөздің мәні қара-құралы, яғни үйлі-жанды болдық дегендік. Қара-құралы адам – балалары көп, туыс-туғанды кісі. Қара-құра ұғымына мал да жатады. Үйлі-баранды дегенді кеңірек ұғымда алсақ, малды-жанды үй деген сөз.

“Моңғолдың құпия шежіресінің” аудармасында бұл сөздің ауыспалы мағынадағы қолданысы байқалады. “Іздесең ізі табылмас, Байқасаң бараны көрінбес” немесе “бұл үшеуінің әскери баранын көрген соң” дегендерде бараны көрінбес – қарасы (адамның сұлбасы) көрінбес, ал әскери баранын - әскерінің қарасын (шамасын) дегенді білдіріп тұр. Мағына ауысқанымен, мән біреу; баран қара сөзінің орнына қолданылып тұр. Бұл тілімізде бар тәжірибе” [73].

Жалпы жылқы малының түр-түсі жасына байланысты өзгеріп, құбылып отырады. Малдың түр-түсі оның мінезін, тегін анықтауда да маңызды. Қойдан қоңыр, жылқыдан торы деген сөз тіркесі адамға қатысты айтылған. Бұл қарапайымдылықты, қарабайырлықты, жуастықты білдіреді.

Біз қылаңнан ақ, көк, қызыл түстерге, бараннан қараға кеңірек тоқталдық. Жылқы малының түр-түсі туралы бүкіл мәліметті қамтып шығу мүмкін емес, сондықтан біз енді ала түсіне ғана тоқталамыз.

Ала (ала ат, ала айғыр, ала жорға, ала бие т.б) – жылқының негізгі түгінің (торы, жирен, көк, сары тағы басқадай) ара-арасында ретсіз орналасқан үлкенді-кішілі ақ, ақшыл дақтары бар түс [26].

Ала түсті атты жалпы ат сыншылары жақтыра қоймайды. Алаяқ аттарды да атпаздар онша ұната бермейді.

Тілімізде “ақтылы қой, алалы жылқы” деген фразеологизм бар. Ата-бабаларымыз қой отарларының боз болғанын, үйірлі жылқыларының түсінің әр қилы болғанын ұнатқан. Яғни, алалы жылқы байлықтың, сән-салтанаттың белгісі.

Жылқының түр-түсі туралы жоғарыда келтірілген деректер түр-түс атауларының тек жылқыны түстеп тану үшін емес, олардың мінез-құлықтарын, сын-сипатын, түрлі қасиеттерін анықтауда зор маңызы бар екендігіне көзімізді жеткізеді.

Осы орайда біз Р.Сыздықованың ала, алаша ат туралы пікіріне тоқталғымыз келеді.

Түркі тілдерінің осы күнгі сөздіктерінде ала сөзінің “ат, жылқы” мағынасы көп көрсетілмейді, өзге де сындық мағыналарымен қатар, жылқының түсін білдіретіндігі айтылады. Қазақ тілінің екі томдық түсіндірме сөздігінде де, қазақша-орысша сөздіктерде де ала дегеннің “ат” мағынасы көрсетілмейді. Тек он томдық түсіндірме сөздіктің І томында ала сөзінің екінші мағынасы көне, ол “жылқы ішінде көрнекті, жүйрік ат” деген мағынасын танытады. Шынында да қазақтың эпостық жырлары мен өткен ғасырлардағы ақын-жырауларының мұраларында ала сөзі “ат”, оның ішінде “азбан” ұғымында жиі кездеседі. Мысалы, “Алпамыс”, “Қобыланды” жырларында:

Ерлер мінер алаға,

Көңілім толды санаға...

Мінген атым ала еді,

Қылшық жүнді қара еді...

Махамбетте: Міне алмаған алаға-ай...

Ала сөзі, біздіңше, бұл мысалдарда жалпы “ат” (мейлі “көрнекті, жүйрік” болсын) дегенді емес, “азбан” дегенді білдіреді. Кейбір түркі тілдері сөздіктері алаша (ала) деген сөзді орысша мерин деп көрсетеді. Ал орыс тіліндегі мерин сөзі, Ушаковтың сөздігінде берілуіне қарағанда, қалмақтың мөрін сөзінен алынған: мерин – ақтатылған айғыр.

Ала сөзі түркі тілдерінің қыпшақ тобында алаша вариантында жиірек қолданылған. Татар тілінде алаша – мерин. Қазақ тілінде жылқыға қатысты тұстарда алаша дегеннен гөрі ала тұлғасы жиірек ұшырасады, бірақ алаша варианты да жоқ емес. Мысалы, “Ер Тарғын” жырында:

Алаша аттың басы деп,

Қалмақты ердің қасы деп – деген жолдарда Тарғын батыр жекпе-жекке шығатын қалмақтың “алты құлаш ала аты” алаша ат деп те аталады. Алаша варианты Түркіменстан қазақтары тілінде түйенің будан тұқымын атауға жұмсалады.

Сірә, “азбан” мағынасындағы ала сөзі – халық поэзиясында күшті, мықты жылқының символы, өйткені азбан – үйірге түсіп жүрген, яғни әбден есейіп, күш жиған еркек малдың ақтатылған кездегісі. Оның мықтылығы сондай – ол “ертеңнен шапса, кешке озған, ылдидан шапса, төске озған томаға көзді қасқа азбан” болып суреттеледі.

Сондықтан да батырлардың мінген мықты аты ала (азбан) болады. Батыр өзінің күш-қайратын танытқысы келгенде, “жылқы ішінде аламын” дейтіні де осыны дәлелдейді. Азбан мен ала сөздері – синонимдер, бірақ поэзия тілінде жылқыға қатысты тұстарда жиірек қолданылатыны ала варианты болғанға ұқсайды. Өйткені азбан сөзі тек жылқыға емес, ақталған қошқарға, бұқаға да қатысты айтылады [29,27 б.].

Ғалым Р.Сыздықованың бұл пікірі өте орынды айтылған деп ойлаймыз. Демек, ала сөзі екі түрлі мағынада жұмсалады: әрі жылқының түсін білдірсе, әрі әбден есейіп, күш жиған, мықты жылқы деген мағынада қолданылады екен.

Енді алаша сөзінің тағы бір мағынасына назар аударсақ. Қарамағындағы рулардың басшыларына ат шаптырып “әскерлерін жылдағыдан гөрі ертерек, қар кетісімен, көк шығуға қарамай-ақ, Қара Кеңгірдегі Алашахан моласының жанына жеткізсін”, - деп хабарландырған [65,248 б.].

Мұрат Мөңкеұлының “Алаш алаш болғалы, алаша атқа мінгелі, Ала шұбар ту байлап, алашқа ұран бергелі, Әлім еді ағасы” деген өлең жолдарындағы алаш сөзінің беретін мағынасы жөнінде сөз таласы өте көп. Ата-бабаларымыздан “Кеше Алаш алаш болғанда, Алаша хан болғанда, үйіміз ағаш болғанда, ұранымыз “Алаш” болғанда, үш жүздің баласы қазақ емес пе едік?”, - деген сөз қалған. Халықта “Алаш”, “Алаша хан” жөнінде аңыз әңгімелер көп.

Ш.Уәлихановтың айтуы бойынша “Алаш мыңы деп ертеде жалпы қазақ халқын атаған. Үш Алаш, Алты Алаш, Үш мың Алаш, Алты мың Алаш деген халықтың ескі атаулары сол халықтың нақтылы саны деген ұғым емес, ...ескі шежірелерде Алаш мыңы дейді де, артынша халық, ел деп толықтырып отырады... Алаш мыңы – мыңдаған Алаштардың одағын, Алаш қоғамын бейнелейтін атау болса керек” [74,27 б.].

Алаша хан атауын мифоантропонимиялық концепт ретінде қарастырған Б.Тілеубердиев: “Алаш” мифоантропонимиялық концептісінде: 1) атам заманнан көксеген бірлік идеясы жатыр; 2) мемлекеттікті орнықтыру идеясы жатыр; 3) әділ, құдіретті хан идеясы бар”, -  деген тоқтамға келеді [75,227 б.].

Алаша ат күшті, мықты жылқы мәнінде қолданылса, Алаша хан атауында әділ, құдіретті хан идеясы болуы, біздіңше, әбден мүмкін. Өйткені, алаша ат жай жылқы емес, ерекше ат болса (жылқы ішінде аламын), Алаша хан хандардың ішіндегі бірегейі деген мағынаны беруі мүмкін. Жазушы трилогияда жылқының түсіне (ала) қатысты пайда болған мақалды адамдардың мінез-құлқын сипаттауда қолданады: Бір биеден ала да туады, құла да туады, бір шіріген жұмыртқа кімді бүлдірер дейсің дейді ішінен Кенесары [64,83 б.]. Бұл жерде ала сөзі мықты жылқы деген мағынада емес, түстік мәнде жұмсалып тұр.

Қорыта келе, жылқы малының түсіне қатысты жалаң атаулар тілімізде біршама. Оларды дәстүрлі төрт топқа бөліп қарастыруға болады: қылаң, баран және ала, шұбар. Белгілі қаламгер Ілияс Есенберлиннің “Көшпенділер” атты тарихи трилогиясында жылқының барлық түстері (қылаң да, баран да, ала да, шұбар да)  қамтылған. Жазушы жылқыға біткен әр түсті өзіндік символикалық, магиялық, сакральдық мәндеріне қарай ұтымды қолдана білген. Демек, шығармадағы жылқы атауларының шебер қолданысы жазушының тілдік тұлғасын сипаттайтын аялық білімін де көрсетеді.

 

1.2.2 ЖЫЛҚЫНЫҢ ТҰҚЫМЫНА ЖӘНЕ ТАБИҒИ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІНЕ, ЖҮРІСІНЕ, ДЕНЕ МҮШЕЛЕРІНЕ, СЫНЫ МЕН БАБЫНА БАЙЛАНЫСТЫ АТАУЛАРДЫҢ ҚАЛАМГЕР ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ КӨРІНІСІ

 

Жылқы малының тұқымы мен түрлі табиғи ерекшеліктеріне байланысты атауларға: сайгүлік, пырақ, дүлдүл, қазанат, екітүгей, арғымақ, дөрбіт, тұғыр, қашыр, тарпаң, тұлпар, талау, мәстек, ақалтеке, тобышақ, текежаумыт, жабы, қарабайыр, жорға, жүйрік, асау, шабан т.с.с. сөздер жатады.

Бәрінің де мінгені осы қара айғырдың тұқымы, кілең тоқпақ жал нардай дүлділдер [64,288 б.].

Бұл топтағы сөздерді мағынасына қарай тағы да бірнеше топқа жіктеуге болады:

1. Жылқы малының тұқымын, тегін білдіретін атауларға: қарабайыр, арғымақ, ақалтеке, текежаумыт, жабы сияқты атауларды жатқызуға болады.

2. Жылқы малының табиғи ерекшеліктеріне байланысты атауларға: жорға, жүйрік, асау, шабан тағы сол сияқты сөздер жатады.

Шығармада бұл топқа жататын атаулар да жиі қолданылады. Жазушы әр тұқымның өзіндік қасиеттері мен кемшіліктерін, артықшылықтарын, сын-сипатын ашып, шығармада шебер пайдаланады.

Тек түрікмен ақалтекесі мен текежаумыт аттары ғана өте алатын құмды жолдармен дабырсыз барып “Жәнібек ханның күлін көкке ұшырып, кеңесін шап” деген [64,208 б.].

Жазушы аталған атауларды шығармада өз мақсатына сай қолданып отырады. Жылқының түрлі тұқымдарын, олардың ерекшеліктері мен артықшылықтарын, тіпті кемшіліктерін де шеберлікпен, шындыққа жанасымды етіп пайдаланады:

Бірақ ақ бөкенге екі ырғып жететін ақалтеке, текежаумыттар бұларды қарасына да ілдірмеді [64,219 б.].

Бұның бәрі монғол жылқысының төзімділігі мен жауынгерлерінің салт атқа жасынан дағдыланғанынан еді [64,67 б.].

Орхон, Онон, Керулен, Енисей, Ертіс секілді ағысы қатты мол судың жағасында өскен монғол жылқылары, толқыны екпінді қандай өзендер болса да арғы бетке алып шығады [64,139 б.].

Тебінге үйренген қазақы жылқы қабырғалары ырсиып, әзер жүретін халге жетті [64,402 б.].

Үйір-үйір жылқы да бар. Бұлардың да кейпі өзгеше. Алысқа талмай шабатын сүмбіл жалды қазақтың мықты жылқысымен аралас қаз мойын, сидаң аяқты, көтеріңкі кеуделі түрікменнің ақалтеке, текежаумыт тұқымдастары да көзге түседі [65,27 б.].

Тақымында бұзау тісті шоқпары, өзіндей шомбал, ошақ тұяқ, төрт таған, құлаш кеуделі, жалпақ жаялы мықты қазақы жылқы [65,99 б.].

Тек мұндай жүріске күніне жүз жиырма шақырым жер алатын қазақ аты ғана жарайды.

- Қазақ жігіттері ше? – Генс те күлді. – Алғашқы саяхатымда салт атқа мінемін деп менің де артым ойылып қалған [65,216 б.].

Одан Сарысудың құмайтты оң жағын жағалап отырып, жиырма екі шақырымдай жердегі Таймас батырдың моласын басып, қырық бес шақырым тұратын мына Қыз моласы деп аталатын тұсқа келіп азырақ ат шалдырыпты.

- Дұрыс айтасыз, - деді Генс, - қазақ жылқысы мұндай жерде де оттай алады... [65,213 б.]. Мысалдардан қазақ жылқысының төзімділігін, мықтылығын, ақалтеке, текежаумыт тұқымдас жылқылардың жүйріктігін, сұлулығын тағы басқа қасиеттерін танимыз.

Тіліміздегі осы топқа енетін тарпан/тарпаң сөздерін зерттеуші ғалым Р.Сыздықова бір сөздің түрлі варианттары деп қарап, мынадай анықтама береді: “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырында:

Тарпаңды асауменен бір қоймайды – десе, Махамбет ақын:

Тарпаңдай тізесін бүгіп от жеген

Тағыдай таңдап су ішкен

Тағы сынды жан едік – дейді.

Тарпан (тарпаң) сөзі В.В.Радловтың көрсетуінше, қазақ тілінде жабайы жылқының атауы. Мамандардың айтуына қарағанда, құлан – Азия жерінің жабайы жылқысы болса, тарпаң – Еуропа жерінің жабайы жылқысы. Ата-бабалары Оңтүстік орыс ойпатының біраз жерін, Каспий теңізінің солтүстігін (демек, Еуропа топырағында) жайлаған қазақтар үшін тарпан жат болмаған, оны қазақтар жақсы білген. Азиядағы тектесі құлан сөзін поэтикалық образ жасауға пайдаланғаны сияқты, тарпаңды да ешкімге бағынбайтын еркіндіктің символы ретінде поэтизмге айналдырған деп табамыз [29,149-150 б.]. Біздіңше, ғалым Р.Сыздықованың тарпаң сөзі жөніндегі ой-тұжырымдары көңілге өте қонымды.

Тарпаң туралы тарихшы ғалым, жазушы Мұхтар Мағауин “Аласапыран” атты тарихи романында: “Тарпаңды үйретіп, ат қылып міну, тіпті аз күн қолға ұстау мүмкін емес еді. Тебеді, тістейді, тулайды. Қашан кеудеден жаны шыққанша қапасқа көнбейді. Үлкені түгілі құлыны да қолға тұрмас еді. Құсадан өлетін. Алайда қазақ арасында тарпаң шатыс жылқылар көп болушы еді және айрықша жоғары бағаланатын. Тарпаңның айғыры – аса үйірсек хайуан. Ызақор, долылығының үстіне ғаламат күшті. Кезі келсе, жайылымдағы жылқыға шауып, ондағы кез келген айғырды оп-оңай шайнап тастайды да, бестеп-ондап бие айдап кететін. Келер жылы, одан соңғы жылдары өздері де тағылана бастаған бұл биелерден үй жылқысына да, дала жылқысына да ортақ белгілері бар, жоны көк жағал – қара сұр, буырыл, ақ сұр құлындар туатын. Ол құлын кезінде қолға түссе, асырауға көнеді, әрі қоян жүйрік, әрі жойқын күшті ат болып шығады. Егер құлын кезінде қолға түспесе, жабайы тарпаңнан айырмасы шамалы”, - деп жазады.

Халқымызда жылқыға байланысты аңыз-әңгімелер де бар. Судан шығатын Суын айғыр, Көкмойнақтың үйірі, текежаумыт, ақалтеке туралы аңыздарда олардың атауларына халықтық этимология тұрғысынан талдау жасалады.

...Халық арасындағы қария сөз түрікменнің Теке мен Жаумыт тайпасынан шыққан екі азулы тұқым құдандалы болып, жылқыларын бір бағып, атақты Текежәуміт тегін жасағандығы туралы айтады. Ахалтеке атанған Ахал мен Теке тарихы да соны баян етеді. Ахалтеке ең ескі тұқым, араб жылқысынан да бұрын шыққан тек болып саналады. Далалықтардың ауызша тарихында сол Ахалтеке мен қазанаттың арасынан шыққан буданды аты аңызға арқау болған Көкмойнақтың үйірі деседі [76].

Жылқы малының жүрісіне байланысты атаулар: ілбу, аяңдау, қара жүріс, қалмақы жүріс, желу, сар (сары) желіс, сау желу, шоқырақтау, орта шабыс, шабу, жорғалау, жол жорға, тайпалу, жорыту, жортақтау, бөкен желіс, бұлаң құйрық, май бүлкек, ит бүлкек, текіректеу.

Романда жылқының жүрісі жөнінде де көптеген мәліметтер беріледі. Жылқы жүрісі – оның аяқ басуы. Жылқы жүрісі табиғи және жасанды болып екіге бөлінеді. Табиғи жүріс – жылқыға адамның үйретуінсіз біткен жүріс.

Аяң – жылқының өте жай жүрісі. Созақтың қақпасына таянғанда ғана атының басын тежеп қатты аяңға салды [64,274 б.].

Өгіз аяңда – алдыңғы ізіне артқы аяқ жетпейді. Аяңшыл жылқыға кәдімгі ат бүлкіл желіспен әзер ілеседі, аяңшыл жылқының артқы аяғы алдыңғы аяқтың ізінен асып түсіп отырады.

Желіс – аяңнан гөрі өнімдірек жүріс. Бұл бүлкіл, бөкен желіс, сар желіс болып бөлінеді. Бүлкіл – желістің ең жай түрі (сағатына 13-15 км.); бөкен желіс – ұзақ жолға қолайлы (сағатына 50 км. дейін). Мұндай желіс желгіш жылқы тұқымдарына ғана тән. Бірақ жылқы сар желіске ұзақ төзе алмайды. Жолаушыға да, жылқыға да бөкен желіс тиімді.

Астында омырауы сала құлаш, жотасы тақтайдай құйма тұяқ қара көк; қатты аяң, майда желіспен әлде нені әңгіме етіп, қарқ-қарқ күліседі [64,572 б.].

Желе жортып келе жатқан екі топ біріне-бірі таяу кеп тоқтады. Ауыл тобынан ақ боз ат мінген Сұршақыз ғана алға қарай қозғалды [64,574 б.].

“Қанішер Абылай ғой, қашып барады” деді ол, сосын Көкдауылының тізгінін сәл босатып, қолындағы ақ найзасын беліне қыстырып, ұзақ-сонар сар желіске салып, шаһардан ұзай берді [64,315 б.].

Шабыс – жылқының желістен де тез жүрісі. Мұның жай түрін майшоқырақ деп атайды, өйткені адамға тыныш келеді. Мұнан қарқындысын жай шабыс, ал жылқының бар мүмкіндігінше шабуын ағынды шабыс деп атайды, яғни мұндай жылқы қысқа қашықтықты өте тез алады. Бұл - әсіресе ахалтеке жылқысына тән қасиет. Жылқының өзге жүрісінің бірі – жорғалау және қарғу. Қарғуға жылқыны жаттықтырады. Жаттыққан жылқы 2,47 метр биіктіктен, ұзындығы 8,3 метр ордан қарғи алады.

Үнемі белдеуде тұратын Тұлпаркөгіне міне сала, бұ да оңтүстікке қарай шаба жөнелді... Қос күрең қанша жүйрік болғанмен, тоқ күйінде ұзақ шабысқа шыдамай, оптығып, болдыра бастаған [64,574 б.].

Ал, қытайлық қандасымыз Зейнолла Сәнік жорғаның өзін аяң жорға, жол жорға, қой жорға, тайпалған жорға, су шайқалмас жорға, үш аяқ жорға, төкпе жорға, шапқын жорға, өре жорға деп бірнеше түрге бөледі. Сонымен бірге тілдік қолданыста су (судай) жорға/су төгілмес (сауырдан су төгілмес) жорға деген тіркес те жиі кездеседі [77,70 б.].

Наурызбай бас бәйгіге тігілген сүліктей қара су жорғаны өзі алмай, бөтен елдің қызы еді, жанындағы жолдасын жыққан айыбым деп, Ақбөкенге тартқан-ды [65,142 б.].

Қара жүріс деп халқымыз шаппай жүріп отырған аяңды ұзақ жүрісті айтса, қалмақы жүріс, желіс деп ұзақ уақыт желе жортуды айтады. Құлан бүлкілге (бүлкекке) басты деп жорта жөнелгенді, сау желіске салғанды айтады. Сар (сау) желді немесе сар желіске салды деген тіркес бірқалыппен көсіле шапты, желе жортты деген мағынада қолданылады.

Осы орайда С.Шүкірұлының “жорық” сөзі туралы пікірін келтіре кетуді жөн көрдік: “Не жорық – басқанікі басқа, саған не жоқ деген мағынада” деп “Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінде” (406-б) тым қысқа қайырылған. Жорықтың әр түрлі қолданыс орайында амалсыздық, шарасыздық қалып таныту, торығу, түңілу кейіпте, белгілі бір оқиғаға қатысты адамдар өресін, таным-түсінігін салыстыру, білдіру ретінде айтылар сәттері бар. Ал жорықтың жүріс мәні аттың жортысында. Жортыс, жорту, жортақ, жортақтау сөздерінен жортақ ат, жортуыл, жортуылдау сөздері туындайды. Жортуыл, жортуылдау кейін ат жүрісінен жауға аттану мағынасына ауысқан. Аттың жортысы ат жүрісінің адамға да, өзіне де жайлы, өнімді жүріс түрі. Аяң – тым баяу жүріс, жорға – жаппай жүріс емес, сәндік, салтанат жүріс, желіске, шабуға – ат та, адам да ұзақ жүріске шыдамайды. Бұлар бір қалыпты емес, ара-тұра жүрістер. Ұзақ жүріске ең қолайлысы жортып, жортақтатып, жорттырып, жортуылдап отыру. Жортақ ат, жортақ жүріс жорық сөзін тудырған. Жорық сөзінің әскери термин ретіндегі сипаты әлі жоғалған жоқ. Мәдени жорық, өлкетану жорығы, шаңғышылар жорығы дегендей ойларда да қолданылып келеді” [78].

Сонымен, қара жүріс дегеніміз – шаппай жүріп отырған аяңды ұзақ жүріс, қалмақы жүріс немесе желіс дегеніміз – ұзақ желе жорту болса, құлан бүлкіл – жорту, сау желіске салу болып табылады.

Жылқы малына тән кейбір қимыл-әрекеттерге қатысты сөздер: оқыранды, кісінеді, шұрқырасты, иіскелесті, қасысты, тістесті, тебісті, жусады, үйездеді, осқырынды, үрікті, тулады, тарпыды, аялдады, қарғыды, секірді, шіңгірледі, пысқырды, шыңғырды,  азынады.

Бұл топтағы оқыранды, кісінеді, шұрқырасты, осқыранды, шіңгірледі, азынады, сартылда, сатұр-сұтыр шабу, пысқырды, шыңғырды т.с.с. сөздер жылқы түлігінің жүрісіне, шабысына, үркуіне, үні мен түрлі әрекеттеріне қатысты еліктеуіш сөздер (етістіктер). Жылқы малына байланысты дыбыстық еліктеуіш етістіктерге Қ.Н.Шотаның кандидаттық диссертациясында жан-жақты талдау берілген [46,56-61 б.].

Ал иіскелесті, қасысты, тістесті, тебісті, жусады, үйездеді, үрікті, тулады, тарпыды, аялдады, қарғыды, секірді т.б. сөздер жылқының түрлі қимыл-қозғалысының атаулары.

Қазақ атты күтіп-баптауында да, оны сынауда да алдына жан салмаған. Атақты Толыбай сыншы жылқыға бір қарағанда-ақ оның тегінің қандай екендігін, одан жүйрік шығатынын-шықпайтынын дөп басып айтып бере алады екен. Бұдан басқа да қазақта Күреңбай сыншы (ХІХғ), Киікбай сыншы (ХІХғ) сияқты ат сыншылары болған. Автор қолданысында ат баптау өнері де назардан тыс қалмайды. Автор шығармада халықтың ұжымдық тәжірибесінің нәтижесінде жинақталған бәйге атын баптау, сынау, күтіп-баптау жөніндегі білімдерін талғам-талабына сай екшеп, саралап қолдану арқылы шығарманың танымдық маңызын арттыра түсуге қол жеткізген.

Біз жылқының сыны мен бабы жөнінде сөз қозғамас бұрын шығармада жиі қолданылатындықтан, оның дене мүшелерінің атауларына тоқталған жөн деп ойлаймыз. Жылқы малының дене мүшелерінің атаулары: сирақ (төрт аяқ), ауыз, омыртқа, аламай, арқасы, арты, бақай, бауыры, ерін, жақ, жал, жауырын, желке, шаша, жота, иек, кекіл, көз, жая, айналшық, қабақ, қабырға, қалбағай, құйрық, құлақ, мойын, мұрын, мықын, ойынды ет, омырау, сағақ, сан, сауыр, сырты, сіңір, тірсек, тіс, төс, тұяқ, ұршық, шақпақ, шынтақ, шідерлік, қолдық, үзеңгілік, тебінгілік, ерлік, құйысқандық, жаңбырлық, сербек.

Бұл топтағы жал, шаша, шідерлік, сербек, ерлік, құйысқандық, жаңбырлық тәрізді атаулар тікелей жылқы малына байланысты атаулар болса, қалғандары түрлі жануарларға ортақ атаулар.

Бұл атаулардың ішінде түсіндіруді қажет етпейтіндерімен қатар, мағынасы көпшілікке түсініксіздеу, кез-келген адамға ашыла қоймайтындары да бар. Мәселен, сербек сөзі жылқы малымен тікелей айналысқан атбегілерге ғана түсінікті. Сербек – бел омыртқаның сыртқа шығатын жері. Егер жылқының сербегі шығыңқы болса, оны атбегілер кемістік деп санайды. Сол сияқты, ат сыншылары бәйге атының қалбағайлы болғанын ұнатады. Қалбағай – жамбастың үстіңгі жағындағы сыртқа шығыңқырап тұрған омыртқа, ұша. Демек, қалбағайлы дегеніміз – қалбағайы үлкен, қалбағайы шығыңқы жылқы. Бәйге атының тағы бір ерекше белгісі – аламайлы болып келетіндігі. Аламай – көз, көтенішек сияқты дене мүшелерінің айналасына біткен қалың май қабаты. Аламайлы сөзі бұл жерде көз туралы мағынада қолданылып тұрған жоқ. Аламайлы – аламайы үлкен, майлы, яғни көтендігі шығыңқы деген мағынаны береді. Сол сияқты шаша деп жылқының сирағы мен бақайшағы түйіскен жердегі бір шоқ ұзын қылды айтса, жаңбырлық деп жылқының сауырындағы ойыстау тұсын, суағарын айтады. Шідерлік сөзі де жылқы малына қатысты. Шідер – аттың алдыңғы екі аяғы мен артқы бір аяғын қосып салынатын тұсау, ал шідерлік аттың сирағының шідер салатын жері.

Ал төмендегі сөздер аттың сынын білдіреді: қой мойын, қоян жақ, бөкен қабақ, ой желке, теке мұрын, салқы төс, тақыр бақай, жұмыр тұяқ, тар мықын, күлте құйрық, шақпақ етті, бота тірсек, кең сауырлы, майда жалды (Абай); ойық желке, кекшіл бас, құлжа мойын, наз бедеу (Б.Өтемісұлы); күдері бел, күпшек сан (Б.Өтемісұлы); қалбыр өкпе, сом (кетпен, шара) тұяқ, сом аяқ, быртық бақай, болат тұяқ, тәует бас, қамыс құлақ, құлан жал, қаншыр мойын, бұлан мойын, қой жұтқыншақ, ит өндіршек, қоян жон, құс топшы, түлкі төс, тазы тізе, ит жіліншік, желмая тілерсек, салбыр тілерсек, серке сан, бөкен сан, талыс танау, қақпан бел, үңгір сағақ, сапты аяқтай ерінді, салпы ерін, сала сүйек (І.Жансүгіров).

Бәйгеге қосатын аттың сыны Зейнолла Сәніктің көрсетуі бойынша мынадай:

Сыртқы бітімі: ойқы-шойқы, сүйегі алқа-салқа, сала сүйек, көк еті кедір-бұдыр, бөлшек-бөлшек, төрт аяғы денесіне дөп біткен. Құлан тұяқ, жазық бауыр, қоян жон, құлан жалды, сымпыс құйрық, бірыңғай, өркеші жоқ нардай жуан тұғырлы, жалпы бітімі құп жарасқан, көрген көздің жауын аларлықтай.

Бас бітімі: тәует бас, етсіз (қубас десе де болады), кең маңдайлы, кекілді, қамыс құлақ. Көз аясы шығынқы, бота көзді, жанарлы, бөкен қабақ, қоян жақты, үңгір сағақ, теке мұрын, салпы ерін, талыс танау (танауында бестен жетіге дейін иненің көзіндей тесігі болады, мұны “жел танау” деп атайды), ауыз омыртқа шығыңқы, қой жұтқыншақ, саңалақты, кең тынысты келеді. Мұның өзі ерен жүйрікке бітетін бітім.

Кеудесі: шоқтығы тұмардай, ұзын, кең жауырынды, омыраулы, салқы төс, құс топшы, қуыс қолтық, қабырғалы, бұл күші алдында біткен кең тынысты бәйгенің бітім белгісі. Мұндай аттар күштілігімен ұзаққа мойымайтын, өршіл, талмас шабыскер болады.

Бөксесі: бауыры жазық, қарынсаулау, қоян жонды, қалбағайлы, қақбан бас (кейбір бәйгенің белдемесі жаямен біте қайнасқан әрі жіксіз бітеу болады, мұны “қақбан бас” деп атайды. Бітеу белдемелі қақбан бас бәйге төтен жүйрік болады). Жел қанатты, сүбе-сербегі қалыпты, қазық жая, сауыры жалпақ келеді. Құймышағынан шоқтығына дейінгі арқа-белі бір түзу сызық бойында жатады. Мұндай аттар алысқа жортса талмайтын, күдірге шапса самғайтын, аламан бәйгеде алдына қара салмайтын ұзақшыл болады. Қанаты қарыс сүйем немесе қарыс сынық сүйем келеді. Форымы сүбе қабырға тәрізді, онан гөрі жіңішке әрі жұқа болады. әдетте жылқыда он сегіз жұп қабырға болады да, ал, жүйрікте он тоғыз жұп, құс қанат болғанда жиырма жұп қабырға болады. Мұны “жел қанат” деп атайды.

Алдыңғы аяғы: алдыңғы аяқтың қойылысы қалыпты, ұзын, кең, қу жауырынды (етсіз), тоқпақ жілігі қысқа, ит жіліншік, сіңірлі, жер соғарлы, қысқа бақай, құлан тұяқ (тұяғы тік, табаны қуыс, қалың, шымыр), болат тұяқ деп те атайды. Қолдың ойынды еті бөлек-бөлек, кедір-бұдыр болып бұлтиып тұрады. Тоқтаған жері шоқтық пен табанының дәл ортасында жатады. Алдыңғы аяқтары мұндай бітім кеуденің кескініне дөп келіп, жүйріктің тұлғасын қиюына түсіріп, сымбатын әрлеп тұрады.

Артқы аяғы: қылыш жіліншік, арасынан ел көшкендей кең, артынан қарағанда төс сүйегі көрініп тұрады; шақпақ етті, аласа ұршық, жамбастың басы делдек, серке сан, өр шідерлі, шідерлігі жуан, ботатірсек болады. Артқы аяқтағы мұндай бітім бөксе бітіміне құйып қойғандай жарасып тұрады.

Сымбаты: шапсаң жел, мінсең жайсаң, тұрса селсоқ, күйкиіп көзге қолаш көрінеді. Салбырап тұрғанына қарап ат сынын білмейтін жан онша назар аудармайтын күйде болады. Ал, жылқы танитындарға көзтоймас сұлу сымбат байқалады.

Мінезі: селт етпес жуас, қыз мінезді, ерке, жайдары, салаң бойкүйез, байлауға сергек, көлденеңдеп тұрады. Қарауылшыл, алысты көргіш, отшаң, сонырқалағыш, шөп талдағыш, оттағанда көк құрақты қомағайлана қарбытып, дәл түптен тауысып орады. Суарғанда ағысқа қарсы өрлеп, тұнығын таңдап жұтады. Желісті, жетекшіл, қосарға алғанда алды-артыңды орап елпілдеп отырады. Мінсең көңіл-күйіңді тауып лыпып тұрады, сүрініп, қабынып тапырақтамайды. Елбеңдеген нәрсеге селт етіп сыр бермейтін, қорқа білмейтін өжет келеді. Сонымен бірге суытқанда артқы екі аяғына кезек салмақ салып, тұяғының ұшын жерге демеп, ат ағаш не киіз үйге иегін артып, бойын суытқыш келеді.

Жүйріктің тегі: аттың тұқымы арғы тегі, қатысты жылқы тұқымдарының тарихынан қозғап анықталады. Осы әдіспен талғайтын сыншылар сарапқа салынған құлын, тай, құнандардың дене бітіміне, сүйегіне қарап көрген жерден бәлен айғырдың баласы, бәлендей биеден туған деп арғы тегінен тартып айтып бере алады. Баптаған бәйгені көргенде дене бітімінен, сүйгенінен оның әке-шешесін, жасын, жарауын, бапталуын, жүгіру жер шегін, нешінші болып келетінін шаппай тұрып танып, дәл басып айтатын көреген сыншылар болады.

Жүйріктің өлшемі: құйрығын қайырып сербегіне жеткізіп өлшейді. Құйрық тұғылы сербекке жетсе не асса, шаша тұтамға толса, май өкше төрт еліге жетсе, қасқа тісі күректей, оның үстіне қасқа тіс қатары мен азу тіс қатарының арасындағы кетік алшақ болса, құндыздығы құйрығына дөп біткен болса, құйрығы қылта түптен басталып ұшына қарай сүйірлене бітсе, сонымен бірге үстіңгі ерінінен тастөбеге дейінгі бас ұзындығын тастөбеден құймышаққа дейін үш еселеп өлшегенде сүйем қарыс жетпей қалса, т.б. Міне, осындай нақты өлшемдерге де қарап шын жүйрікті сынап шығуға болады [77,73-77 б.].

Бәйге алатын аттың белгілері: бәйге әбден бабына келгенде елеңдеп, қарауылдап, көлденеңдеп, тықыршып тұрады. Құмалағы құрғап жартылай түседі. Осы кезде ауық-ауық жасаңға арқандап ішін босатып тұрған жөн. Бабына келген бәйгенің жүні тал-тал болып тікірейіп, жылтырап қылаң ұрып тұрады. Жүргенде артқы екі аяғының өкшесі жерге тимейді, тұяғының ұшымен іліп басады.

Бәйгеден келетін аттар көп есінейді, таранып, саңлақтанып, сөреге барар алдында дамыл-дамыл тезектейді.

Бәйгеден келген атты суытуға ерекше мән берген жөн. Бәйгеден келген соң бір сағат мөлшері баяу жетелеп жүру керек, тері құрғап, солығы басылғанда тоқтатады. Қайтар жолы алыс болса жетелеп қайтады. Мұның өзі ат денесіндегі тасыған қанды сабасына түсіріп, аттың аяғына көз түсуден, қан түсуден сақтайды. Бәйге алаңы күдір болса ат тағаланады, жазық болса тағаланбайды. Аттың аяғын күту – оның бәйгеден келуіндегі маңызды шарттардың бірі” [77,80-81 б.].

Міне, Зейнолла Сәніктің кітабынан бәйге аттарын сынау жөнінде алған мәліметіміз осындай.

Енді Кей-Қауыстың үлгісіне тоқталайық (ХІ ғасыр):

“Жақсы аттың түр-түсі де жақсы болады. Сондықтан, аттың қасиетін анықтау үшін, оның бітіміне, жаратылысына байыптап қарау керек. Жақсы деген, жүйрік деген аттың сын-сипаты мынадай болады:

Тісі аппақ, біркелкі, жұқалтаң, әрі мығым. Төменгі ерні салпы. Танау қуыстары кең, биік. Көздері, кірпіктері қара түсті. Маңдайы жазық. Құлақтары ұзын. Құлақтарының арасы дөңес және алшақ. Шүйделі, мойны жұмыр, кең алқымды. Жалы сирек. Кеудесі кең, омырауы ашық.

Аяқтарының арасы алшақ. Аяқтарының жоғарғы сүйектерінен төменгі сүйектері (сирақтары) ұзын. Тұяғы қара түсті, қалың. Табаны төңкерілген кеседей дөңгелек.

Жоталы. Сауыры дөңгелек, жаялығы кең. Сауырының ішкі жағы етті, шақпақ еті тығыз, қара түсті. Белі - қақпан бел. Қарны мен бүйірінің арасы қысқа, кебеже қарын.

Құйрығы сүзіліп бітеді. Құйыршығы қысқа. Жүргенде, тұрғанда тыныш, жайлы. Үстіне мінген кісінің ыңғайын жіті сезінеді.

Түр-түстің ең жақсысы – торы, құрма түс. Жиреннің ішінде алтындай жарқырағаны болады. Мұндай түсті аттың еріндері, көздері мен кірпіктері, екі сауыр аралығы, ұмасы, жал-құйрығы қара түсті болып келсе, онда ол жақсы деп есептеледі. Баран түстінің ішінде шымқай қара түсті ат дұрыс, бірақ оның көзінің қызыл болмауы шарт. Қызыл көз ат тарпаң, мінезі шадыр болып келеді. Көк түсті аттың жақсысы өте сирек ұшырасады. Егер көк түсті аттардың шақпақ еттері бос, әрі боз болса, сондай-ақ оның көзі мен кірпіктері, жал-құйрығы ақ түсті болса, сондай-ақ шоқтығы, омырауы, аяқтары қара түсті келсе, онда оны жақсы аттардың қатарына қосқан дұрыс. Сұр түсті аттың арқасы қара жолақты, аяқтары, шашалары, жал-құйрығы, көздері мен кірпіктері, еріндері қара түсті болса, онда ол жақсы деуге лайықты. Ала түсті аттың жақсысы өте сирек.

Аттың жақсы белгілерін білумен қатар оның жаман қасиеттерін, кемшіліктерін білудің де маңызы жоғары. Кей-Қауыс аттың төмендегі белгілерін оның кемшіліктері деп біледі:

Керең ат. Керең ат басқа жылқының кісінеуіне, оқырануына жауап қайтармайды, тек құлақтарын артына жымита береді.

Солақай ат. Жетектеп қораға кіргізгенде немесе шығарғанда, солақай ат алдымен сол аяғын қозғайды. Мұндай ат сүріншек келеді.

Тауық соқыр ат. Тауық соқыр ат қараңғыда табан жолын көрмейді, жолдың жайлы-жайсызын аңғармайды, жуас аттар үркетін нәрселерден үрікпейді де, үркек деген аттардың өзі үрікпейтін нәрселерден үркеді.

Көзі кем аттардың енді бірі күндіз көрмейді. Мұндай аттың көздерінің қарашығы көк болады, кірпік қақпайды, көздері үнемі ашық тұрады.

Қыли ат. Сырттай қарағанда, аттың көзінің қылилығы кемістік сияқты көрінеді. Бірақ, арабтар мен парсылар аттың көзінің қыли болып келуін жақсы белгілердің қатарына қосады. Әли пайғамбардың дүлдүлі қыли болған деседі. Егер аттың екі көзі бірдей көкшіл келсе, онда бұл жаман белгі емес, ал аттың бір ғана көзі, әсіресе мінер жақ көзі көкшіл болса, онда бұл кемістік болып табылады. Ақ көз, шегір ат та жақсы емес.

Алаяқ ат. Егер аттың мінер жақтағы алдыңғы және артқы бақайлары ақ болса, онда бұл кемістіктің белгісі. Артқы немесе алдыңғы аяқтары ұзын біткен ат та жақсы емес. Мұндай аттар ылди мен өрге бірдей жақсы шаба алмайды. Маймақ аяқ аттар сүрінгіш, жығылғыш келеді. Аттың аяқтарының әдеттегіден тыс ұзын болып келуі де кемістік болып табылады. Ондай аттардың аяқтарының буындарын ауру шалған десе де болады.

Шоқтығы, қолтығы, омырауы, бақайлары қылды, шашалы аттар да жақсы бола алмайды.

Құйрығы артын жаппай, қисайып тұратын ат та жақсы емес. Ит құйрық атты да жақсы деуге болмайды.

Үркек, басы асау, басы қатты және жиі-жиі кісінейтін, еркектік мүшесін жиі шығарып, жиі жел жіберетін, тезек тастауы едәуір уақытқа созылатын ат та жаман деп есептелінеді.

Аттың кәрілігі де оның кемістігі қатарына жатады.

Ат сатып аларда осы айтылған белгілердің бәрін ескеру керек. Сонымен қатар, аттың бойының да тым аласа болмауына көңіл бөлу дұрыс. Кісі өзі қанша келісті болғанымен, егер оның астына мінген аты аласа бойлы, жатаған келсе, онда кісінің өзі де көрнекті көріне алмайды. Аттың оң жақ бүйіріндегі қабырғаларының саны сол жақ бүйіріндегі қабырғаларының санынан артық болады. Егер аттың екі жақ бүйіріндегі қабырғаларының саны бірдей болып келсе, онда одан ешқандай да қыл құйрықты жануар оза алмайды. Сондықтан ондай атты қандай қымбат бағаға болса да сатып алған мақұл [79,6-7 б.].

Енді ХІХ ғасырда өмір сүрген атақты ат сыншысы Киікбай сыншының үлгісіне үңіліп көрелік:

Кеуде. Шын жүйрік төсінің астынан адам жүгіріп өткендей, кеуделі, омыраулы болады. Мұндай кең кеуделі аттың өкпесі қанша ұзақ шабыс, аламан бәйгеде де ентікпейді.

Сағақ. Екі жақтың арасы алшақ, жұдырық сиып кеткендей кең сағақты. Егер аттың кеудесі кең біткенімен, сағағы тар болып келсе, онда ол кең тыныстай алмайды. Сағағы кең жылқының тынысы да кең. Ақан серінің Құлагерінің сағағы кішігірім баланың басы сиып кеткендей кең болған.

Шынтақ. Қолтығы ашық, шынтағы сыртына қарай айнала біткен. Егер шынтақ қысыңқы болып бітсе, онда ол шапқан аттың қолтығынан соғып, өкпенің еркін тыныстауына кедіргі жасайды.

Танау. Танауы қол сиып кетердей делдиіп тұрады. Мұны қазақ “бөкен танау” дейді. Кең танау, кең сағақ, кең қолтық, кең кеуде - осының бәрі жүйрікке біткен өкпенің қандай шабыста да алқынбай тыныстауын қамтамасыз етеді.

Бас. Жүйріктің басы ұшқыр, үйректің басындай ұзын, сүйрік болып келеді, әрі онда кесіп аларлық ет табылмайды. Осындай етсіз сүйріктей басын алдына қарай төсей шапқанда, жүйрік қарсы аққан желдің кедергісін оңай жойып, құстай ұшады.

Мойын. Жүйріктің мойны жолбарыстың мойынындай жұмырлана бітеді. Мұндай мойын ертеден кешке шапқанда да талмайды. “Қой мойын” деген осындай болады.

Алды мен арты. Қос жүйріктің алды мен арты тең келеді. Мұндай аттың алдынан қарағанда, арты жіңішке сияқты болады, ал көлденеңінен қарағанда, алды-арты бірдей толық болып көрінеді.

Жүйріктің биіктігі үш түрлі болады. Бір жүйріктің алды биік, арты аласа келеді. Енді бір жүйріктің арты биік, алды аласа бітеді. Арты биік, алды аласа ат өрге шапқыш келеді. Алды биік, арты аласа ат ылдида шапқыш келеді. Ал, алды мен артының биіктігі бірдей жүйрік ылди мен өрге бірдей шабады.

Жота, жая. Жүйрік жоталы да жаялы келеді. Жотасы кісі төсек салып жатардай жалпақ бітіп, жаялығы кісі құшағы бойындай кең келеді. Жоны қысқалау, күдістеу де болып келеді.

Тірсек. Жүйріктің тірсегі жолбарыстың тірсегіндей маймиып келеді. Маймиған тірсекті жүйріктің артқы аяқтарының серпіні ғаламат күшті болады. Жүйрікті жүйрік ететін де осындай серпінділік. Мұндай тірсекті ел арасында “бота тірсек” деп те атайды.

Тұяқ. Тұяғы төңкерілген кеседей, жарылмай бүрісе бітеді де, әрі қалың, биік болады. Мұндай қалың әрі биік тұяқ қанша ұзаққа шапса да еш қызбайды. Жұқа, жатаған тұяқ тез қызады да, аяқтың қаруын тез қайтарады.

Құлақ. Жүйріктің құлағының түбі құланның құлағының түбі секілді бос болады. Жүйрік шапқан кезде, мұндай құлақ желкеге қарай жатып қалады да, оған қарсы соққан жел кірмейді.

Жал. Құйрық. Жал-құйрығы сұйық келеді. Олай болатын себебі бар: шын жүйрік майын жалы мен жаясына, қазысы мен қарнына, қартасына емес, етіне жинайды. Жал майға бітеді. Жал майы жоқ жылқының жалына қыл да сирек, сұйық бітеді.

Күш-қайрат. Жүйрік сарқылмас қайратты болады. Қайраттылықтың сыртқы белгісін жүйріктің азу тісінен байқауға болады. Айқаса, кейін қарай кекжие біткен азу тіс – сондай сарқылмас қайраттың белгісі.

Мінез – жылқының мінезі қабағында тұрады. Жұдырықтай түйіліп тұрған қабақ қайсар мінезді аңғартады. Қалың жарыста мұндай жылқы қуатына қуат қосып, өршіп, егесе шабады, алдына қарай оздыруға намыстанады [79,11-12 б.].

ХІХ ғасырда ғұмыр кешкен тағы бір мықты сыншы Шоқай Шөңкейұлының бәйге атына қояр талабы төмендегідей:

Бас. Жүйріктің басы шағын көлемді, етсіз (қу), танауы кең, маңдайлы келеді. Маңдайы аздап дөңес болып бітеді. Көзі үлкен, ағы мен қарасы ашық, томпақ та, шығыңқы да емес, қарағанда жалт-жұлт етіп тұрады. Құлақтары тік бітеді, емін-еркін қозғалады. Шүйделі келіп, желкесі етсіз болады. Жақ сүйегінің бітімі де ерекше. Жақ сүйегінің екі жақ қыры иектің астына келіп түйісетін жерде үшкіл емес, бас бармақ немесе үлкен саусақ сиярлақтай болып бітеді. Оның үстіне жақ сүйегінің төменгі қырлары тік, түзу келеді. Қабағының асты мен үсті бірдей. Қызыл иегі төмен бітеді. Танауының су ағарлығы, үш болмаса да, екі арна, екі орамнан тұрады.

Мойын. Мойынның ұзындығы орташа, желке мен алқымдыққа қарай жұмырлана бітеді. Шақпақ етті. Жал қыры өткір, қайратты. өңеші етке немесе теріге қысылмай, кең, еркін жатады.

Омырау. Жүйріктің омырауы алдынан артына қарай кең, енді, ал жоғарыдан төменге қарай – терең (салпы) болады. Жүйріктің омырауының кеңдігін былай анықтайды: жүйрікті оның алдыңғы екі аяғының тұяқтарының ішкі жиектерін бір-біріне тигізіп тұрғызып қарағанда, екі тізенің арасы, кем дегенде, үш-төрт елідей (алты-жеті см) алшақ тұрады. Омырауының тереңдігі (салпылығы) мына жолмен анықталады: алдынғы аяқтың тұяғының алдыңғы жиегінен шынтаққа дейінгі аралықтың ұзындығы мен шынтақтан шоқтықтың жоғарғы қырына дейінгі аралықтың ұзындығы өлшеніп, салыстырылады. Егер олардың ұзындықтары бірдей болса, онда бұл омыраудың тереңдігін (салпылығын) білдіреді.

Қабырға. Жүйрік жаратылған жануардың қабырғалары иіліп бітеді. Қарынды келеді. Бірақ оның қарны сиырдың қарнындай қампиған емес, орташа болады.

Шоқтық. Шоқтығы әдеттегідей. Жотасы жазық, кең. Мықыны ұзын емес, енді, әрі шақпақ етті болып келеді. Құймышағы аздап шығыңқы, сіңірлі, құйрығы көтеріңкі. Жал, құйрығы майда, жұқа бітеді.

Айтылған кеңестерге қосымша мынаған көңіл бөлу керек: жүйрік аттың құйрығын жоғары көтергенде, оның мейлінше қайраттылығы байқалады. Сондай-ақ құйрықты бір бүйірге аударып тартқанда, оның ұшы жамбас сүйектің басына жетуге тиісті. Үшіншіден, бел омыртқаның көлденең біткен сүйектері енді, әрі олардың кем дегенде үшеуінің артқа қарай иіле бітуі керек.

Иықтың басы жұмыр келіп, жауырын мен иықтың сүйектерінің арасындағы бұлшық (шақпақ) еттер тиісті дәрежеде жетілген болуы шарт. Шынтақ өкпе тұстан алшақ тұрады. Иық асты сүйектері енді, мықты, шақпақ етті келеді. Тізесі әлді. Буындары қол батпастай қатты. Сіңірлі. Бақайшағы биік те емес, аласа да емес, орташа болады. Алақаны көзге құрғақ, кең көрініп, тұяғы жалпақ, жазық емес, төңкерілген кеседей әрі жұқа емес, қалың болады. Тобығы сүйектей қатты бітіп, бақайшаққа ұласады.

Сауырының шақпақ еттері мейлінше жетілген болуы шарт. Сирақ пен сан да бұлшық етті келуі керек. Тірсек буынды, буыны құрғақ, сіңірлі келеді.

Құймышақ шоқтықтан  биіктеу тұрады. Жүйрікті түзу тұрғызып, артынан қарағанда, оның артқы аяқтары алдыңғы аяқтарын көлегейлеп көрсетпейді. Аттың кеудесінің ұзындығы бойының биіктігінен ұзынырақ болады [79,9-10 б.].

ХІХ ғасырда өмір сүрген атжанды қазақтардың бірі, атақты сыншы Күреңбай бәйге атын былайша суреттейді:

Бас. Жүйріктердің бас бітімі жай аттардың басынан ерекшеленіп тұрады. Қазақ жүйріктері тәует бас болып келеді. Құлағы тік “қамыс құлақ” болғанда, жұтқыншағы қойдың жұтқыншағына ұқсайды. Мұны “қой жұтқыншақ” десе де болады. Сағағы кең, үңірейіп тұрады, соған байланысты мұндай сағақты атқұмар жұрт “үңгір-сағақ” деп атайды. Ерні салбырап тұрады, ондай ерінді “салпы ерін” дейді. Бастың өзі кез жарым болса да, одан кесім ет шықпайды. Танауы – талыстай, кеңірдегі – кең болады.

Мойын. Жүйріктің бітімінің ерекшелігінде көп мән бар. Қаз мойын сұлу көрнгенімен, шабуға жаралған жүйрік үшін жайсыз. Аламан бәйгеде мұндай мойын тез талады. Нағыз жүйріктің мойыны ұзын емес, бұланның мойнындай жұмырланып келеді. Жалы қалың да емес, сұйық та емес, құланның жалындай майда келеді. Оны ел арасында “құлан жал” деп те атайды.

Жауырын. Жауырыны тақтадай жазық, кең болады.

Жаялық. Жоны жұмырланып, қоян жонданып тұрады. “Қоян жон” деп халық осындай жонды айтады.

Аяқ. Сіңірлі, жер соғарлы, тік біткен сом аяқ, быртық бақай, тазы тізе, ит жіліншік, құс топшы, серке сан – шын жүйрікке тән белгілері. Тілерсегі желмаяның тілерсегіндей болып бітсе, онда мұндай ат өзге аттардың екі-үш аттаған жерін бір-ақ аттайды.

Құйрық. Құйрығы қою да, сұйық та емес, қоқанның жібегіндей жеңіл келеді.

Ұршығы аласа, жамбастың басы делдек, шоқтығы өргек, қалбағайлы, қақпан бел болып келеді” [79,8 б.].

Ал Толыбай сыншының алғырлығына, көрегендігіне тіпті де таң қалмау мүмкін емес. Халық арасында Толыбай сыншы туралы аңыз-әңгімелер де өте қызықты әрі нанымды баяндалады.

“Бір күні Толыбай бала Сырды бойлап жортып келе жатса, анадай жерде, жолдың жиегінде аттың қу басы жатыр екен дейді. Тізгінді тартып, атты тоқтатыпты да, қу басты қолына алыпты. “Е, мынау не де болса айтулы жүйріктің басы екен. Тұмсығы имек, бөкен тұмсық. Көзінің ойындысы терең, жар қабақ. Не де болса алысқа шабатын, ұзаққа сілтейтін жануар екен. Шықшытын қара! Екі жақтың ортасы алшақ жатыр. Тістері асыл тастан жаратылғандай әлі жалтырап тұр. Өңін бермеген, түсін бұзбаған. Өзі онша кәрі емес. Кәне, бір, екі, үш. Тоғыздан асып, онға қараған дер шағында кеткен екен, жануар! Жас кеткен. Ит бір жылда төрт жасайды. Жылқы бір жылда үш жасайды. Сүт еміп бір жасайды. Шөптің уыз, балапан кезінде, сүтті шөпке тойып екі жасайды. Шөптің буыны қатып, дәні толғанда күш жинап, қуат алып үш жасайды. Ал, қыс пен шілде есепке жатпайды. Сонда бұл ат не бәрі отызға келген. Жас қой. Әй-әй, бас сүйегінің бітімі бөлекше екен. –Қамшының сабымен қу басты тық-тық ұрып қарапты. –шық-шық етеді. Сүйегі қандай асыл! Мына тұмсыққа қарағанда шоқтығы биік, аяғы ұзын, қоян тірсек, серпіні мол, сіңірлі мал екен. Әсіресе, мына Сырдың жері тәрізді құмдауыт, босаң, көбелең жерде шабыс бермейтін ат қой бұл” [80,69-71 б.].

Абай да тұлпарды жақсы көріп қадірлеген, аттың мінез-қасиеттерін терең білетін атбегі замандастарынан тұлпар, жорға аттарды қолқа салып ала білген және өзі де басқаларға содай аттарды талай сыйға тартқан адам болған [81,32 б.]. Абай өзінің “Аттың сыны” атты өлеңінде жүйрік аттың мінсіз мүсінін өлең тілімен өреді:

Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ.

Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.

Ауыз омыртқа шығыныңқы, майда жалды,

Ой желке, үңірейген болса сағақ.

Теке мұрын, салпы ерін, ұзын тісті,

Қабырғалы, жотасы болса күшті.

Ойынды еті бөп-бөлек, омыраулы,

Тояттаған бүркіттей салқы төсті.

Жуан, тақыр бақайлы, жұмыр тұяқ,

Шынтағы қабырғадан тұрса аулақ.

Жерсоғарлы, сіңірлі, аяғы тік.

Жауырыны етсіз, жалпақ тақтайдай-ақ.

Кең сауырлы, тар мықын, қалбағайлы,

Алды-арты бірдей келсе ерге жайлы.

Күлте құйрық, қыл түбі әлді келіп,

Көтендігі шығынқы, аламайлы.

Ұршығы төмен біткен, шақпақ етті,

Өзі санды, дөңгелек келсе көтті.

Сырты қысқа, бауыры жазық келіп,

Арты талтақ, ұмасы үлпешекті.

Шідерлігі жуандау, бота тірсек,

Бейне жел, тынышты, екпінді мініп жүрсек.

Екі көзін төңкеріп, қабырғалап,

Белдеуге тыныш тұрса, байлап көрсек.

Абайдың бұл өлеңі “Абайдың ақындық құдіретімен “қиыннан қиыстырылып” өрнектелген сұлу да тұлпар аттың бейнесі мен қасиетін” танытатын, “мол синтаксистік құрылыммен жазылған өлең” [81,31 б.].

Ә.Жаниязов өзінің “Сабақ тақырыбы – “Аттың сыны” атты мақаласында М.Әуезовтың ойларын орынды келтіреді: “Бәйге аттың мүсінін сынап, сипаттауда Абай үлкен білімділік, байқағыштық танытады. Ол әрі шебер ақын болудың үстіне аса білгір, саятшы, атсейіс сыншы боп шығады. Аттың бар мүшесін сынап шығуға, әсем жырмен, үлкен шешендікпен шеберлеп сипаттауда ақын қазақ тілінің осы жөніндегі мол байлығын да танытады.

...Өзі жүйрік, өзі берік, жуан, жуас, қолға түспес жақсы атқа қарап отырған көз, өзі де еңбекші адамның көзі. ...Одан соңғы атап өтетін өлеңдегі ерекшеліктің бірі – бұнда және де шындықтан тыс, қиялды теңеулер жоқ... Өте нақтылы, шыншыл, дәлшіл үлгіні көрсететін реалистік шеберлікпен толық шыққан, көркем шығарма болады... Өлеңдік құрылыста, сөздік байлықта, ақындық орамды шешендікте де біртегіс, тұтас келісімді танытады” [81,91-92 б.].

Өлеңдегі сөздер мен сөз тіркестері аттың мүшелерін, олардың қасиет, белгілерін, сынын бейнелейді. Ақын өлеңде ат суретін жасауда қатаң жүйе ұстанған: аттың маңдайындағы кекілінен, құлағынан бастап, рет-ретімен оның денесінің жеке мүшелерін, олардың сындық, бейнелік белгілерін, қызметін жеке-жеке сөздермен, сөз тіркестерімен бейнелеп, шідерлігін, тірсегін, тұяғын сипаттаумен аяқтаған, суреттеуде мұндай тәртіп сақталмаса, өлең ондағы сурет нанымды, көркем шықпас еді. Жансыз құранды көрініс болар еді. Абай бұны жете  түсінген, әсемдікті нәзік сезінген шебер ақын [81,34 б.].

Өлеңде аттың сынын білдіретін төмендегідей сөз тіркестері кездеседі:

Қамыс құлақ: жел соққанда қамыстың ұлпа басының ыққа қарай иілетіні секілді, шапқан кезде жүйрік ат құлағын желкесіне қарай жатқызып алады. Сонда құлағына алдан соққан екпінді жел кірмейді, оның түбі ауырмайды, өзге дыбыстарды жақсы естиді.

Қой мойынды: қой мойынына ұқсас жұмырлана біткен ат мойыны алыс жолға шапқанда талмайды. Аттың мойыны талса, өзге мүшелері де ауырлайды, шаршайды.

Қоян жақ: етсіз, тақыр басын алдына соза шапқанда ат мойны талмайды, бүкіл денесін алға қарай жетектеп отырады, қоян жақ – ат басының жеңіл болуының белгісі.

Бөкен қабақ: бөкен – ең жүйрік, жылқы тұқымдас аң, оған түксиген қабақ біткен. Бәсекеде еліріп, құтырынып шабатын ашулы аттың бір белгісі.

Үңірейген сағақ: жүйрік аттың алқымының, тыныс жолдарының кеңдігінің белгісі. Ағызып шауып келе жатып, ат дұрыс дем алып отырса, өкпесі алқынбайды.

Шынтағы қабырғадан тұрса аулақ: шынтақ аттың қабырғасын, кеудесін, қолтығын қыспайтындай кең бітсе, онда еркін тыныстап, ұзаққа шабады.

Салқы төсті: омырауы алға шығыныңқы біткен.

Бота тірсек: аттың ботаның тірсегіндей майыса біткен артқы аяқтары шапқанда, алға қарай серпінді, екпінді, алымды, жер тірегіш, адымдағыш келеді.

Жауырыны жалпақ: ұзақ жолға мінгенде, бәйгеге шапқанда, адамға үстінің жайлы, тыныш болуының белгісі.

Теке мұрын, салпы ерін, ұзын тісті, жұмыр тұяқ, тақыр бақай: бәйге атының мықтылығының, төзімділігінің, жүйріктілігінің, әсемдігінің белгілері.

Нұрпейіс Байғанин жылқы малын былай деп сипаттайды:

...Құлынынан қолда өскен,

Мінілместен құр өскен.

Түгі қамқа құндыздай,

Көзі шолпан жұлдыздай.

Тұлпарымды мақтайын,

Сымбатына тоқтайын.

Сағағынан үзілген,

Жал-құйрығы сүзілген,

Кірпігі қарыс, төгілген.

Тұлабойда бұлтылдап,

Бұлшық еті бөлінген.

Шоқтай болған кекілі

Маңдайына төгілген.

Серіппелі тілерсек

Жақтай болып бүгілген.

Жаңбырлығы, сауыры

Тұтас, майға бөленген.

Қос құлағы құрақтай,

Тұяғы құрыш болаттай,

Сала құлаш мойыны

Жібек баулы қынаптай.

Тістерінің бедері

Тісеп қойған қайрақтай.

Төсі төмен салынған,

Бауыры ішке алынған.

Шоқтығы озат көрінген

Қатар тұрған нарыңнан.

Құлан дерсің мүсінін

Қарап тұрсаң алдынан,

Отан қорғар ұлымның

Мінері осы ат

Лайық деп танылған.

Төрт тұяқты көмкере

Айдай таға қақтырып,

Басын сүзе тартқанда

Үзілмес тізгін тақтырып;

Мақпалменен терліктеп,

Алтын ермен ерттеп,

Шап айылын бос тартып,

Көргеніңде шаптырып

Тұтаса біткен тұлғасы

Алты құлаш жазылар,

Басқан ізі қазылар.

Жарыса ұшқан құстардан

Озатұғын сазы бар.

Кірпігіңді қаққанша

Бір көш бойы барғызар,

Ескен желді артыңнан

Қарсы алдыңнан тұрғызар

Зуылдаған екпіні

Деміңді зорға алғызар.

Әрі-бері шапқан соң

Күдірден-күдір асады,

Арандай аузын ашады,

Ауыздығын басады.

Домаланған моншақтай...

Бәйге атты баптау әдістері өте көп. Зейнолла Сәнікте бәйге аттарын қалай баптау керектігі жөнінде де біршама деректер келтірілген. Біз алдымен осы аталған автордың талдауларына тоқтауды жөн көрдік:

Қолтығын жазу: атбегілер бәйгені құлынынан таңдап алып баптайды, оны жас баладай мәпелеп, тайында жуасытып, қолын түсірмей, қанжілік қып қанын бұзып алмай, тебінін қайтармай, сүйегін жасытпай, жүрегін шаймай, ақ жілік қалпында бағып баптайды. Құнан шыққанда аздап бәйгеге қосады. Мұны “қолтығын жазу” немесе “жер тану” деп атайды. Бұл бәйгенің алғашқы сын кезеңі.

Қанды бұт: бәйгелі боларында көз жеткізген құнандарды күтіп бағып, мүшел жас дөненінде піштіріп қанын толтыру үшін қоя береді. Мұны “қанды бұт” деп атайды. Бабында пішіп қоя берген дөнен есейіп, күш жинап, тез жетіледі, азуын жарып мүшелге толған белгі береді, сонан бестісінде қайта ұстап баптайды. Көңілі шайылмай өткен шын жүйріктің мен мұндалайтын, “бестімде ұстап бәйгеге қос, келе алмасам басымды кес” дейтін кезі дәл осы.

Қутезек: бесті кезінде атты бәйгеге көп қоса бермейді, күшін үзіп алмай, етін аудырмай, күздегі қыстау сонысына бабымен бағып, қар түсе шөпке байлайды. Дағдылы, жасмал бәйгелерді тебінге қоя беріп, аяқ – қолындағы зорықты қарға сорғызып, жеңілдегенде ұстап бағымға алады. Бәйгенің күйі қалыпты болғанда көк тістетпеген жөн. Өйткені жаңа тебіндеген көк атты көбеңсітіп, өкпесін қабындырады, сонымен ат шымыр етін тастап, көбік етке айналып кетеді. Сұлы атқа жеңіл келеді, қазыландырмайды, етін сақтап, қызылын  тептіріп, сүйегін түзейді, тебінін күшейтеді.

Көкке аунату: егер бәйге қыс бойы арпа, жүгерімен жемделіп, тым қазыланып кеткен болса, май айында шайқама шалғынға он бес – жиырма күн қоя беріп далаға оттатады, мұны “көкке аунату” деп атайды. Мұндай бап бәйгенің етін жайдырып, майын тартып қазысын арылтады. Аттың аяғын шалғын соғып, көкке аунату көңілдегідей болғанда ат қайта ұсталып бапталады.

Көк қарыннан сақтау: үш-төрт елі қазылы семіз атты сартап етіп бабына келтіру үшін табандай бір ай уақыт қажет. Алғаш жарата  бастағанда аз оттатады. Оттау уақытын тәулігіне бес-алты сағаттан асырмаған жөн, таңертең күн көтеріле қайтадан ағаштың саясына апарып байлайды (бұрынғы кезде арнаулы киіз үйге баптаған). Күн сайын он бес-жиырма шақырым жерге аяңдап жүріп келіп, дем алдырып суытып отырады. Еті қатқан соң тәулігіне жеті-сегіз сағат оттатады. Өте семіз атты бастабында екі-үш күнде бір рет суарады. Еті қатқан соң күніне екі рет суарады, ағынды судан емес, бастаудың көзінен тұнық кезінде суарады, әр жолы ат су ішіп бір рет басын көтергенде – ат суаруды доғарады. Мұны “көк қарыннан сақтау” деп атайды.

Қанын түзеу: бәйгеде зорлық барлығы білінгенде қара шаймен суарып ішіндегі ыстықты немесе зорлықты айдайды. Қанында бұзылу пайда болғанда ақ ұннан жұдырықтай қамыр илеп, бастаудың бір шелек суына езіп, сірнесін алып тастап, ұнды сумен суарады, мұны “қанын түзеу” деп атайды. Мұндайда кейбір атбегілері саумалмен суарып та түзейді, бұлай ету аттың тебінін арттыра түседі.

Тілін буып баптау: жүлде алып жүрген сенімді бәйгелерді ұстап баптамай – ақ тілін буып жылқыға қоя беріп сырттай бақылап жаратады. Мұндай аттар аз оттап, суды қалыпты ішеді де тоқ жарайды, күндер өте келе қаншырдай қатады. Терін де алмай бәйге өткізілерден аз күн бұрын ұстап, тілін шешіп, үйлесімді баптап барып бәйгеге қосады.

Көбік терін алу: қалыпты еті бар бәйгелерге он шақты күн, еті ауырларына жиырма күн болғанда он-он бес шақырым жерге желдіріп, бусандырып, көбігін шығарып таң асырады. Мұны “көбік терін шығару” деп атайды. Онан соң аттың  жарауына қарап бірнеше күннен кейін қара жарысқа салады. Мұны “ашты терін шығару” деп те атайды. Онан кейін тағы таң асырады. Тер алуда аттың бойын алдырудан қатаң сақтанған жөн. Тер алу ат көп терлемейтін күйге жеткенде тоқтатылады. Бапкерлер терді жалап көреді, тердің түсі мөлдір, су тақылетті шыққанда бөтен дәм білінбегенде ашты тері алынды, бөгде тер қалмады деп есептейді.бұл бәйгенің бабына келгендігін білдіреді.

Күйі ауған ат: күйі ауған ат май етті, қара етті болып бөлінеді. Май етті аттың қызылы сыртына теуіп, тысырайып, ішкен-жегені бойынан көрініп тұрады. Мұндай аттар сырттай қарағанда семіз көрінгенімен майы аз болады. Бабын білмеген адам осыған қарап бәйгені баса жаратып жіберсе, етінен ауып, тер басып, қолтығы дірілдеп жолда қалады. Мұны “күйі ауған” деп атайды.

Топ қазы: қара етті ат қызыл аш көрінеді, сүйегі үңірейіп, арық аттай байқалады. Бірақ іші қазылы келеді. Бабын білмегендер мұндай атты шала жаратса бәйгеде шайлап, тер басып, аяғын ала алмай қалады. Мұны тері арылмаған, майы арылмаған немесе “топ қазы” деп атайды.

Бәйгенің ұйқысын қандыру: кейбір атбегілер баптаудан ширығып тұрған атты ертең бәйге болады деген түні ымырт жабыла ноқтасын сыпырып жылқыға қоя береді де арнайы адам арқылы алыстан қауымдап бағады. Байлауда іші пысып тұрған ат жылқыға қосылған соң ойнақтап онша жайылмайды. Жылқылардың іңіргі, таңғы жусауында бірге жусап тырайып ұйықтап ұйқысын қандырады. Мұны “бәйгенің ұйқысын қандыру” деп атайды” [77,77-80 б.].

Біз бәйге атты баптаудың қыры мен сырын жіті зерделеген тағы бір өткір көзді сыншы, тәжірибесі мол атбегі Шоқай Шөңкейұлының тәжірибесіне (ХІХ ғасыр) тоқталуды жөн көрдік.

Шоқай Шөңкейұлының тәжірибесі бойынша “көктемнен күзге дейін ат-айғырды үйірге жібереді. Үйірдегі ат-айғыр өз аяғымен жайылады. Өз аяғымен жайылып жүрген ат-айғырдың қоңының төмендемей, тым семіріп кетпей, орташа күйде болғанын қадағалау керек. Қыс күндері оны таза, нәрлі пішенге байлап, күш түсірмей, аздырмай мініп жүруге болады.

Атты бәйгеге дұрыс дайындап, баптау мерзімі екі жарым айдан кем болмауға тиісті. Баптау наурыз айының алғашқы күнінен басталады.

Бапкер наурыздың бірінші күнінен бастап, күн сайын кешке қарай аяңмен үш-төрт шақырым жер жүріп қайтады. Мұндай жүрістен кейін, атты таң асырып суытады. Таң асып суып тұрған ат жерге жатпас үшін оның шылбырын мама ағашқа қысқа етіп байлайды.

Ертеңгісін таң асып суыған атқа алдымен аздаған пішен береді, содан кейін оны суғарады, суға қанған атқа екі жарым қадақ сұлы береді. Сұлыдан кейін аттың алдына мол қылып сапалы пішен салады. Ат пішеннен қанша жесе де көптік етпейді. Кешке қарай үш-төрт шақырым қашықтыққа аяңмен жүргізіп келу керек. Мұндай жүріске шығар алдында атқа тағы да екі жарым қадақ сұлы жегізген дұрыс.

Наурыздың екінші жартысынан сәуірдің басына дейін осы тәртіппен атты екі немесе үш күнде бір суытады. Бұл уақыттар аралығында аттың жем-шөбіне өзгеріс енбейді. Наурыз айы ішінде жасалатын мұндай суытудың көздейтін өз мақсаты бар. Мұндай суыту барысында ат, біріншіден, шөп қарыннан тазарады, екіншіден, жеген жемінен күш алып қайраттана түседі.

Сәуір айының басынан атты күн сайын желіске салып суытады. Жер қашықтығы бұрынғысынша үш-төрт шақырым күйінде сақталады, жем-шөп, таң асыру тәртібі бұрынғыдан өзгермейді.

Сәуір айының екінші жартысынан бастап аттың жылдамдығына өзгеріс енеді. Көрсетілген үш-төрт шақырым қашықтықтың алғашқы кезеңінде ат бұрынғысынша желіп отырады да, соңғы бір-бір жарым қашықтықты шоқырақпен алуға тиісті. Жем-шөпке мынандай өзгеріс енеді: бұрынғыша суып, таң асқан атқа ертеңгісін аздап пішен беріп, содан соң оны суғарады. Суғарғаннан кейін бұрын беріліп келген жем берілмейтін болады. Кешке қарай, суытуға шығар алдында ғана атқа екі қадақтай сұлы береді.

Жем-шөптің мөлшері мен беру тәртібінің өзгеруіне байланысты атты суытудың жиілігі де өзгереді. Ат енді үш немесе төрт күнде бір рет қана суытылады. Суытылмаған күндері атқа аздаған ғана сұлы беріледі де, оның негізгі қоры сапалы пішен болады.

Егер аттың қарны тиісті көлемге дейін тартылса, онда атты тағы да, сәуірдің басындағыша, аяң жүріспен жүргізіп, одан желіске салып, одан кейін шоқытып суыту керек. Суытып, таң асырып, жемдеу тәртібінде өзгеріс болмайды. Қарны тартылғанша атты осы тәртіппен екі-үш күнде бір суытып отырады.

Бәйгеге бір немесе бір жарым апта қалғанда, атты суытудың ең маңызды кезеңі басталады. Төрт-бес шақырым қашықтыққа ат алдымен аяң жүріспен жүріп, одан желіске көшіп, желістен – шоқыраққа, одан желіске көшеді. Желіске көшерде аттың жабуы жабылады. Қораға жүз қадамдай қалғанда, атты аяңға көшіру керек. Ат сол аяңдаған қалпында жабық ат қораға келіп кіреді.

Жабық ат қораның ішінде атты жабу жабылып, тұмшаланған күйінде, ащы терінің түгел шығып, терінің тұз дәмі кеткенше жетектеп немесе мініп аяңдап жүру керек. Мұнан кейін аттың жабуын алып, тері кепкенше сол қора ішінде жетелеп жүру дұрыс. Тері кепкен соң да атты қораның ішінде кешке дейін ұстау керек. Кешке атты жабық қорадан шығарып, тиісті орында суытып, таң асырады.

Таң асып суыған атқа алдымен аздаған пішен береді, одан кейін сұлы, сұлыдан соң тағы да аздаған пішен береді. Соңында атты қанғанша суғарады.

Су ішіп қанған соң, атты мұздай сумен жуады да, үсті құрғағанша сүртеді. Одан әрі атты денесі толық кепкенше серуендетіп жүреді. Бұдан кейін атқа бір құшақ пішен береді, пішенді жеп болған атты суғарады. Содан соң атқа бір жарым қадақ сұлы беріп, оны тағы да таң асырып суытады.

Аттың артық майы кеткенше, суытудың осы тәртібі сақталады.

Бәйгеге бір-екі күн қалды дегенде, атты жиі аяңдатып, суы қанғанша суғарып, аз-аздап сұлымен жемдейді де, қаңтарып қояды. Түнге қарай атты ұйықтатпай, жерге аунатпай, мама ағашқа шылбырын қысқа етіп байлау керек. Бәйгеге дейін ат осы тәртіп бойынша бапталады” [79,12-14 б.].

Бәйге атының сыны мен бабы, күтімі жөніндегі атаулардың жазушы қолданысындағы көрінісіне келсек, шығармада мұндай құндылықтарды жазушы асқан шеберлікпен, кеңінен пайдаланып отырған. Қаңтару, таң асыру, жарату сияқты ұғымдар аз кездеспейді.

Қобалжи тынышталған ауыл мызғымас бір өлік тәрізді, тек анда-санда қаңтарып суытып қойған сыпай аттарының пысқырғаны мен күзетшілердің еміс-еміс күбірі естіледі [65,23 б.].

Бақты-Қожа уәзір жіберген жеті қарақшы айсыз тастай қараңғы түнде кеп, бәйгеге жаратып жүрген Ақбақайын қосының жанына қаңтарып қойып, көзінің шырымын алғалы ұйықтап кеткен Орақтың дәл үстінен шыққан [64,81 б.].

Соққан құйындай Наурызбай мен Ағыбай жігіттері ұрандасып, көл жағалап арғы бетке ауған шақта, әр жерге қоға, қамыс жағып естерін жинай бастаған солдаттар да таң асырып қойған аттарына мініп үлгірді [65,276 б.].

Сөйткенше болған жоқ, қара терге малынған, сүліктей жаралған астындағы баран жүйрігін Нұра етегінде отырған Жәнібек тобына тікелей салған шапқыншы жігіттің “Аттан! Аттан! Жау келіп қалды!” деген айқайы шықты [64,207 б.].

Ал аттың сынына ерекше мән беріле суреттеледі. Әр тұқымның ерекшелігі ескеріледі. Жаубасар жүйріктердің, ереуіл аттарының, небір таңдаулы саңлақтардың бейнесі жасалады.

Бұл хабарды естіген қазақтың Қобыланды, Қамбар, Қара Оспан секілді аты шулы батырлары үстеріне сауыттарын киіп, қамыс құлақ, бөкен сан, жал-құйрығы жерге төгілген тұлпарларын ойнатып, өзгелерден сытылып шыға берді.

Әсіресе бұлардың көзге түсері батыр Қобыланды мен астында есік пен төрдей қара сирақ тұлпары бар Жәнібектің екінші баласы Қамбар болатын [64,209 б.].

Бұлардың мінгендері кәкір-шүкір тай-тұяқ емес, он күн желіске шыдай алар аласа бойлы, тоқпақ жалды, құшақ құйрықты, кілең сайгүлік шабысты жылқы [64,8 б.].

Кейбір адамдар бәйгені жаратуды жылқыны арыту, ащы терін шығару деп теріс түсінеді. Атты жарату дегеніміз – бұл бәйге атты жарысқа арнайы дайындау, денесін шынықтыру. Қоңды атты арыту мақсатында жиі-жиі таң асыру, ащы терін алу үшін жиі-жиі жабулау аттың әлсіреуіне де әкеп соғуы мүмкін. Демек, жоғарыдағы ат баптау әдістері мен жеке атбегілердің тәжірибелерінен мынаны аңғаруға болады: атты аяңдатып, желдіртіп, жүгіртіп, аса қинамай жарату керек. Бұл, бәйге атының тынысының кеңуіне, сіңірінің бекуіне себепші болады, сол сияқты аттың тұла бойындағы ащы терінен арылуына мүмкіндік береді. Ат баптаудың қыры мен сырын қазақ атбегілері жақсы түсініп, жеке тәжірибесінде қолдана білген.

Халықтың бәйге атын баптауға қатысты ұжымдық тәжірибелері тілдің кумулятивтік қызметінің нәтижесінде сақталып қалған халықтың қазынасы. Осы ұлттық құндылықтар жазушының назарынан тыс қалмай, шығарманың танымдық мәнін арттыра түскен.

 

1.3 РОМАНДАҒЫ ЖЫЛҚЫ МАЛЫНА ҚАТЫСТЫ АТАУЛАРДЫҢ СӨЗДІК ҚОРДАҒЫ ОРНЫ

1.3.1 ШЫҒАРМАДАҒЫ ЖЫЛҚЫ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ ТІЛДІК БІРЛІКТЕР ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЖАСАЛУЫ

 

Мал шаруашылығы ерте заманда ата-бабаларымыздың тіршілігінің тірегі, күнкөрістің негізгі көзі болды. Ал тіл - сол шаруашылықты жүргізетін қауымның ең негізгі қатынас құралы. Демек, ғалым  Т.Өмірзақов айтқандай, тіршілік көзі - кәсіп пен олардың таңбалық сипаттамасы - тіл бір-бірімен тығыз байланысты болмақ. Бұған қарағанда қай тілдің болмасын сөздік қоры сол елдің шаруашылығына біршама тәуелді. Мысалы, Сібір халықтарында бір ғана қардың 80-нен астам атауы, бұғыға қатысты 1000-нан астам сөз бар. Араб елінде түйеге байланысты 1000-нан астам атаулар қалыптасқан. Қазақ тілінде тек Ж.Бабалықовтың “Қырандар” деген кітабында саятшылық жөнінде 1000-ға жуық атау сөздер берілген. Жылқы түлігіне байланысты тілдік бірліктер бұдан асып түспесе, кем түспесі анық. Қоғам дамып, халықтың дүниетанымы өзгеріп, кейбір сөздер қолданыстан шығып қалса, керісінше, өмірдің ағымына сай жаңа сөздер пайда болып, қалыптасып, мағынасы дамып, өзгеріп тұрады, яғни, тіл үнемі даму, қозғалыс үстінде болатыны белгілі. Қоғам өміріндегі барлық өзгеріс, жаңалықтар этностың тілінде өз ізін, таңбасын қалдырады.

Қазақ тіліндегі төрт түлікке, соның ішінде жылқыға байланысты туындап, қалыптасқан, сөздік қорымыздың ең құнарлысы болып саналатын кәсіби сөздер біршама. Сонымен қатар бұл атауларды тілдің ең көне қабатына жатқызуға болады. Өйткені бұл сөздер он екі мың жылдан астам уақыт бойы белсенді қолданылуда болып, уақыттың қатал тезінен, сұрыптауынан өтіп, нешеме ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, біздерге жетті.

Белгілі қаламгер І.Есенберлиннің шығармаларында, әсіресе, тарихи романдарында жылқыға қатысты тілдік деректер молынан ұшырасады. Біз жұмысымызда І.Есенберлиннің “Көшпенділер” тарихи трилогиясы бойынша түзілген сөзтізбеміздегі сөздерге талдау жасамақпыз. Трилогияда жылқыға қатысты тілдік деректер өте көп. Сонымен қатар жылқы шаруашылығына қатысты сөздер де молынан қамтылған. Бұл түсінікті де. Өйткені, көшпенді өмір салтын ұстанған далалықтар үшін жылқының маңызы өте зор еді. Мінсе – көлік, ішсе – сусын, жесе – тамақ болған жылқының орны бөлек болатын. Ат үстінен ұйқы алған жаугершілік заманда елдің ішкі, сыртқы саясатын реттеу, азаттығын сақтап қалу сияқты ірі мемлекеттік мәселелердің шешімін табуы атты әскерсіз мүмкін емес еді. Сыртқы жаудан қорғану, келешек ұрпақтарға ата-бабадан мирас болып келе жатқан ұлы даланы бөлшектемей аманат ету үшін жауынгер халыққа тек түгі бар жүрек, қуатты білек қана емес, жауынан қашса, құтылып, қуса жететін, төзімді, белді әрі жүрдек жылқы ауадай қажет еді. Ұшы-қиыры жоқ ұлан даланы мекендеген аз ғана қазақ халқы үшін жылқының маңызының қаншалықты болғаны І.Есенберлиннің “Көшпенділер” тарихи трилогиясының оқиғалар желісінен де байқалады.

Жылқы шаруашылығына қатысты сөздерге: ер-тоқым, ат көрпе, ат дорба, ат жабу, атұлтан, ат-арба, ат-сайман, ат-тұрман тағы сол сияқты сөздер жатады. Трилогияда жылқы шаруашылығына қатысты төмендегідей тілдік деректер кездеседі: ер-тоқым, ат дорба,  атұлтант, т.с.с.

Шығармадағы жылқы шаруашылығына қатысты лексиканы өз ішінде шағын топшаларға бөліп қарастыруға болады, мәселен: 1) кәсіп иелерінің атаулары; 2) ер-тұрман атаулары; 3) жылқыны бағуға, сынауға, баптауға қатысты сөздер, 4) жылқыдан алынатын өнім атаулары және өнім алуға, сақтауға қажетті заттар (ыдыстар).

Жылқыға қатысты кәсіп иелерінің төмендегідей атаулары бар:  атпаз, атсейіс, атқағар, атбапшы, жылқышы, биеші, атшы, атбегі, атқосшы, шабандоз, бапкер, сайыпкер, сабадар.

Осы топқа қатысты сабадар сөзінің мағынасын қазірде біреу түсінсе, біреу түсінбеуі мүмкін. Өйткені заман ағымына қарай, ғылым мен техниканың дамуына байланысты көліктің міндетін техника атқаратын болды. Сол сияқты мыңды айдап, саба-саба қымыз сапыратын байлар да жоқ. Бұл лексемадағы саба сөзі, әрине, көпшілікке түсінікті. Ал –дар қосымшасының беретін мағыналарына тоқталатын болсақ, біріншіден ол профессор Б.О.Орузбаеваның айтуынша “ұстаушы, иеленуші” дегенді білдіреді. Зерттеуші аталған қосымшаны иран тілінің даштән “держать, обладать” сөзімен байланыстырады. Демек, бұл пікірге сүйенсек, сабадар лексемасының мағынасы “саба ұстаушы, яғни аста, жиын-тойда қымыз жағын басқарушы” дегенге саяды.

“Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесінде” (1989ж.) бұл қосымшаның екінші мағынасы жөнінде авторлар “тілімізде әдетте кішірейту мағынасын білдіретін –ша (-ше) тұлғалығымен синонимдескен” дей келе төмендегідей мысал келтіреді: Екі кежекдарды қосқанда бір қазан ет болады (Ж.Қосыбаев) [82,135 б.]. Бұл мағынаның, біздің ойымызша, сабадар сөзіне қатысы жоқ. Себебі, сабадар лексемасында кішірейту мәні жоқ. Ендеше, -дар қосымшасы “ұстаушы, иеленуші”, яғни ”жауапкер” (жауап беруші, жауапты) деген мағына үстеп тұр.

Белгілі қаламгер І.Есенберлиннің “Көшпенділер” тарихи трилогиясыда жылқы малына байланысты кәсіп иелерінің атаулары үнемі кездесіп отырады. Өйткені ұзақ сапарға, жортуылдарға шығу үшін сарбаздардың аттары барлығып шаба алмайтын тым семіз де емес, ұзақ шабысқа жарамайтын тым арық та емес, бабында болуы керек. Сонымен бірге сарбаздардың ер-тоқымдары, әбзелдері де мықты, сенімді болуы тиіс. Қысқасы, ат-тұрмандары сай әскер – ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті шарттардың бірі еді. Мұны Тәуке ханмен оның билері шығарған заңдар жиыны - “Жеті жарғы” да растайды. Мұнда біреудің өредегі атын рұқсатсыз алған адамға өлім жазасы кесіледі делінген. Бұл бап ережеге – “ат – ер қанаты”, соғыс құралы болғандықтан енгізілген. Міне, осындай себептерге байланысты трилогияның өн бойында жылқыға қатысты кәсіби лексика өте молынан қамтылған. Романда кәсіп иелерінің атаулары да, ер-тұрман атаулары да, жылқыны бағуға, сынауға, баптауға қатысты сөздер де, жылқыдан алынатын өнім атаулары мен өнім алуға, сақтауға қажетті заттардың (ыдыстар) атаулары да жетерлік. Мәселен, кәсіп иелерінің атауларынан жылқышы, атбегі,  атұлтант, құрықшы, ат сыншысы, атқосшы  тәрізді сөздер кездеседі.

Қытайлық қандасымыз Зейнолла Сәнік өзінің “Қазақтың тұрмыс-салт білімдері” атты кітабында жылқы сынына қатысты біршама ойлар айтады. Ол: “Атбегі – бәйге атын тани білетін, шебер баптайтын бапкер, сыншы адам. Ежелгі түркі халықтарының жазба ескерткіштерінде: бек – ұлық, көсем деген ұғымды білдірсе, бертін келе жеке істі жете білетін кісіні де солай атаған.  Сонан соң барып атбегі, құсбегі келіп шыққан”, - дейді [77,73 б.].

Тек түске дейін ұдайы шапса тері ғана шығатын Жәнібектің көкбуырылы ғана әлі тың еді. Атбегі әбден жаратқан екен, қабақ қаққанша жолдастарынан ұзап кетті [64,321 б.].

Сонда, қос басы, он көкжал қасқырды бір күнде жалғыз өзі түсіретін әйгілі аңшы және атпал батыр жылқышы Орақпен кездескен [64,71 б.].

Ақбақайдың қашқан қасқырды қалай қуып жететінін бір-екі рет көрген ат сыншысы Қаптағай:

Жүйрігіңді сынап көр. Мен бірдеме білсем, Ақбақай ұятқа қалдырмайды, - деп Ораққа өзі ақыл берген [64,71 б.].

Ат дүбірі шығысымен-ақ елең ете қап, Ақбақай басын көтеріп алып, өзіне ұмтылған құрықшыны көзі шалып, ор қояндай ата жөнелген [64,81 б.].

Шабыттанған шақтағы жыраудың мұндай әдетіне қанық есік алдында тұрған атқосшы жігіт домбыраны жерге түсірмей қағып алды [64,500 б.].

...Оның Қоқаннан келгенін бір-ақ адам білетін. Ол әрі мылқау, әрі меңіреу, өзінің атқосшысы өзбек жігіті еді [64,536 б.].

Генералдың атұлтанты – ұзын бойлы корнет “кіріңіз” дегеннен кейін, қабылдау бөлмесінің қара былғарымен қапталған есігін аға сұлтан қобалжи ашты [65,173 б.].

Ғалым Б.Қалиұлы  ...атбегі (ат сыншысы) мен сайыпкер (атты бабына келтіруші, ат жабдықтаушы), атсайыс (ат жарысы, бәйге) пен атпаз (атты жақсы көретін адам)... деген сияқты сөздерді саралап қолдансақ деген ұсыныс айтады. Және де бәйге (ат жарыс) – бәйгі (жүлде, сыйлық)... т.б. осы сияқтылар да бір мағынаны білдіретін фонетикалық варианттар емес, көптеген зерттеушілер айтып жүргеніндей жеке-жеке мағынасы бар лексикалық сөздер екендігіне көз жеткізу қиын болмас еді. Ғалым біз сөздердің мағыналық жағынан саралануы дегендерден қашпауымыз керек. Бұдан тілімізге келер зиян жоқ. Қайта, керісінше, лексикамыз молайып, тілдік қорымыз байи түседі [83,37,38 б.] - деп түйіндейді.

Атжанды халық болғандықтан, қазақ тілінде ер-тұрман атаулары да көптеп кездеседі. Ер-тұрманның әрбір бөлшегі атқұмар халықтың көзінен таса қалмай, белгілі атауға ие болған. С.Қасимановтың “Қазақ халқының қолөнері” [84] атты еңбегінен ер-тұрман атаулары, оларды қалай жасау керек, неден жасау керек деген сауалдарға жауап табуға болады.

Ат-тұрман атауларына ер, тоқым, тебінгі тоқым, ішпек, ішкілік, терлік, айыл, шап айыл, төс айыл, кер айыл, құр айыл, тартпа айыл, алдыңғы айыл, жүген, жырым, ауыздық, тізгін, қос тізгін, жақтау, желкелік, сағалдырық, кекілдік, кеңсірік, сулық, шаужай т.т. жатады.

Трилогияда ең жиі қолданылған осы ер-тоқым, әбзелдер атаулары. Жаугершілік заманында ат-тұрманы сай жауынгер ерекше құрметке ие еді. Осы атқа қажетті құрал-жабдықтарды түгендеп сайлау үшін, әрине, сарбазға құрал-жабдықтардың атауларын ғана емес, олардың құрамдас бөлшектерінің де атауларын білуі шарт. Романда атқа қажетті құрал-жабдықтар мен олардың бөлшектерінің атаулары да молынан қамтылған. Романнан мысалдар келтірейік.

Әсіресе, ортада келе жатқан, бүкіл Дәшті Қыпшақ жеріне әйгілі, “Ортеке” деп ат қойылған күлсары сайгүлік мінген жас әйел таңғажайып салтанатымен салтанатымен анадайдан-ақ көздің жауын алады. Астындағы сайгүлік жүйрігінің ат-әбзелі, жүген-құйысқаны, өмілдірігі – бәрі сары алтынмен апталған [64,19 б.].

Жаңа ғана аллаға ақсарбас қой айтып, жауға қарсы бірге аттанбақ боп бәтуаласқан Бабасұлтан бір топ әскер басы батыр адамдарымен ешбір күмәнсіз тұрған Жәлім сұлтанның қасына келіп, атының шаужайынан ұстай алды [64,337 б.].

- ...Ал сендер сарбаздарға жетіңдер. Белдеріне байлаған аттардың шылбырларын кесіңдер, ер-тоқымдарының оң үзеңгілерін шешіп алыңдар! [65,18 б.].

- Жақсы, - деді Жоламан ойын ашып айтпай, - әзірге біздің көшпен бірге болыңдар. Өзге жағдайды соңынан сөйлесерміз, - бір жігітке бұрылып, - жігіттер, ана тұсаулы аттарды алып, мыналарды біздің ауылдың көшіне жеткізіп сал, - деді [65,44 б.].

Қалжырап келе жатқан әскерге ат шалдырып, тынығуға қолайлы... [65,273 б.].

Осы топшаға қатысты ер-тоқым, ат-тұрман лексемалары жинақтаушы мәнде жұмсалады. Ер-тоқым деп атқа мініп-түсуге лайықталған, ер-тоқымды ат үстіне бекітетін бүкіл тұрманы толық, атқа ерттей салып, айылын тартқан соң, міне жөнелуге дайын тұрған тас түйін жабдықты айтатын болса, ал ат-тұрман лексемасы аттың “ер-тұрманға”, “айыл-тұрманға” жататын барлық жабдық тобы деген мағынада жұмсалады. Демек, ат-тұрман лексемасының мағынасы ер-тоқым дегеннен гөрі кеңірек ұғымды қамтиды. Яғни, ат-тұрманға ер-тоқыммен қоса айыл-тұрмандар (баулар, тартпалар, белдіктер т.с.с.) атаулары қоса енеді. Ер-тоқым - жалпы атау, оның құрамдас бөліктері: ер, тоқым. Тоқым ұғымына – тебінгі тоқым, ішпек, ішкілік, терлік сияқты төсеніш жабдықтар кіреді. Тоқым атаулының барлығы да таза киізден жасалады. Ал ер деп атқа салт міну үшін ағаштан, темірден, киізден жасаған жабдықты, ердің қаңқасын атайды. Аттың басарқасын баспайтын (атқа тимейтін) етіп жасалған ер-тоқымның негізгі бөлігі. Ердің өзінің бірнеше түрі болады, мәселен:  “қазақ ері”, “қоқан ері”, “құранды ер”, “ашамай ер”,  “қазықбас ер”, “орыс ері” деп аталатын түрлері бар. Ердің жасалу үлгісіне қарай “арғын ері”, “найман ері”,  “дулат ері”, “мұрын ері” деп аталатын түрлері бар. Қоқан ерін негізінен әйелдер мен қарттар пайдаланады. Мұндай ердің арт жағы жалпақ, отыруға ыңғайлы келеді, бірақ атқа ауыр ер. Құранды ер – ерлердің ішінде жасалу жағынан өте күрделі, берік және жайлы да әдемісі. Мұндай ерді түрлі жеміс ағаштары, қарағаш, теректен, 18 бөлек ағаштан, кейде одан да көп бөлшектерден желімдеп құрастырады. Ердің құрамдас бөлшектерін жонып, қиюластырып қосуды ер қосу деп айтады.

Ердің бұлардан басқа да түрлері бар. Мәселен, ашамай ер – жас балаларға арналып жасалады, алды-арты биік сүйемелі келеді, ал ойма ер – алдыңғы, артқы қас, екі қаптал, белағаш деп аталатын бес бөлшек ағаштан ойылып жасалатындықтан ойма ер, ойма қасты ер деп аталады.

Әшекейіне қарай күміс ер, алтын ер деп те атайды.  Күміс ер деп күміспен сәнделген ерді айтады. Көбінесе әйел қауымына арналады. Күміс ердің екі түрі бар: оның бірі – жаппай күміс ер, екіншісі – күмістелген ер деп аталады. Ертеде, әсіресе, қыз-бозбаланың, сал-серінің, күйеу-қалыңдықтың ерлері күмістеліп жасалатын болған. Сол сияқты мұндай ерлерді жорғалар мен атышулы сәйгүліктерге арнап жасатқызған, сыйға тартқан. Алтын ер деп күміс ер сияқты ердің бөлшектері алтынмен өрнектелген, иесіне өте қымбатқа түссе де сән-салтанат, мақтаныш үшін жасалған ерді айтады.

Айыл-тұрман атауларына: айыл, шап айыл, төс айыл, кер айыл, құр айыл, тартпа айыл, алдыңғы айыл, жырым т.б. жатады. Қайыстан, құрдан, былғарыдан жасалған, ер-тоқымды ат үстіне бекітіп тұратын, аттың бауырынан орай тартылатын жалпақ тартпа бау айыл деп аталады. Шап айыл – бұл ердің арт жақ қасының астынан тағатын айыл. Оны кейде артқы айыл деп те атайды. Ал ердің үстінен бастыра тартатын тұтас төс айыл – кер айыл делінеді.

Жүген – мініп-түсетін, артып-тартатын, жегілетін жылқының басына кигізілетін ауыздығы бар тұрман. Жүген ат басын тілеген жаққа бағыттауға, тілеген сәтте атты тоқтатуға қажет. Жүген ат-көклікті ырыққа көндіру үшін, шу асауды үйрету үшін қажет. Ат басына ілінетін осы жүгеннің – ауыздық, тізгін, қос тізгін, жақтау, желкелік, сағалдырық, кекілдік, кеңсірік, сулық, шаужай атты құрамдас бөліктері бар. Ал бұлардан басқа жасалған материалдарына қарай қайыс жүген, құр жүген, өрме жүген, былғары жүген, түйме жүген, шытырмалы жүген, күміс жүген сияқты түрлері бар. Жылқының - жүгені, ауыздығы, тізгіні, түйенің – бұйдасы мен итпесі, сиырдың – мұрындығы сияқты тұрмандар аты басқа болғанмен, мазмұны – бағындыру деген бір-ақ ұғымды береді. Қазақтар тыңдамай кетті, бағынбады деудің орнына жүгенсіз кетті, жүгенсіздік деген тәрізді сөздерді қолдана береді. Жылқының жүгеніне, ауыздығына, тізгініне қатысты пайда болған сөз орамдары да тілімізде кездеседі: жүген-құрық тимеген, жүгенсіз кетті, тізгінін жиды, тізгінінен айырылды, тізгінін берді, тізгін тартты (тарта сөйледі), тізгін тартар бер!, тізгін салмады, тізгін көшті (тиді, ұстады)/тізгінін өз қолына алды, тізгіндеп ұстады, тізгінге жабысты, тізгін берді/тізгінді босатты (жіберді).

-дырық/-дірік тұлғалығының мәнін тілші ғалымдар түрліше береді. Ғалым С.Аманжолов көзілдірік сөзіне талдау жасау арқылы ашады: көз – зат есім, -іл – екінші жақ бұйрық рай етістігі, -дыр - өзгелік етіс жасайтын формант немесе тұр етістігі, -ық – зат есім жасайтын жұрнақ. Ғалымның пікірін кейбір ат-әбзелдеріне қолдансақ, мәселен, сағалдырық, өмілдірік т.б. олардың мазмұны айқындала түседі. Сағалдырық – жүген мен ноқтаның ат алқымы астынан орап тұратын бауы. Ат басынан жүген мен ноқтаның сыпырылып түспеуі үшін жасалған бөлшек. Сағалдырықтың өзі екі бөлек жасалады да, бір басы жүген жақтауына бекітілген қамшылар жақ бауы ұзындау болады да, ат сағасынан орап келіп, мінер жақ бауға тоға арқылы жалғастырылған. Өмілдірік – ер-тоқымның кейін кетпеуі үшін ат омырауына тағылатын тұрман. Оның алдыңғы екі қапталдағы шеттікке жырым арқылы бекітілетін және ердің алдыңғы қасына іле салатын түрлері бар. Бірінші түрі әйелдер тұрманына арналған да, екінші түрі ерлер тұрманына арналған. Ердің қасына ілінетін түрлерінің мінер жағы жырымды, айылбасты немесе жырым өткізіп шалынатын бүлдіргелі келеді. Ерлер өмілдірігі – екі жақтау, бір жырым, бір айылбас, не бүлдірге, бір салпыншақ сияқты бөлшектерден тұрады. Ал әйелдерге арналған тұрманның өмілдірігі – екі жақтау, бір не екі айылбас, бір салпыншақ, кейбірінде төс бау да болады. Жасалу үлгісіне, сән мен сапасына қарай былғары, қайыс, өрмелі, түймелі, үзбелі, шытыралы, алтын, күміс өмілдірік деп аталады.

Бұл Жәнібек сұлтанның екінші әйелі, Алтын хан еліндегі монғолдармен аралас отырған көшпелі Керей руының қызы Жаған бикем. Бұның астында аты шулы “Киік-аяқ” атанған ақбоз жүйрік, Рабиу-Сұлтан-Бегімнің ер-тоқымындай ат-әбзелін алтын жаппаған, жүген-құйысқаны, ат кеудесіне түсіре салған өмілдірігіне дейін бәрі қақтаған ақ күміс... [64,20 б.].

Зерттеуші Ә.Нұрмағамбетұлының дәлелдеуіне жүгінсек, мысалдағы құйысқан атауының беретін мағынасы төмендегідей: “...түркі тілдері сөздігіне жүгінейік. Ал ондағы “кудичақ” тұлғалы сөз қазіргі қазақ тіліндегі “құймышақ” дегенді білдірсе, қазіргі чуваш тіліндегі “хыдж” біздегі “арт”, “бөксе” сөздерінің орнына жүреді. Бұлардан байқайтынымыз, сөздің ең алғашқы түбірі  “қуд”, қазіргі тілімізде “құй” болып өзгерген. Демек, бұл “құйысқан” сөзінің бірінші буыны.

Ал тунгус-маньчжурларда “һошшан” тұлғалы сөз “қайыс” мағынасында қолданылады. Енді алғашқы  “құй” түбіріне “һошшан” сөзін қоссақ, “құйһошшан” тіркесі шығар еді. Бұл тіркес “құйрық қайыс” деген мағынаны білдіріп, қазақ тілінің заңдылығы бойынша,  “құйысқан” болып өзгерген” [105,26-27 б.].

Зерттеуші өмілдірік атауына да дәйекті дәлелдемелер ұсынады: “Ердің алдыңғы жағына байланып, аттың омырауы арқылы алдыңғы  тартпаға бекітілетін жабдық. Оның атқаратын қызметі ерді кейін жібермеу. Аттың кеудесі түркі тілдерінің кейбіреуінде осы түбірмен дыбыстас сөздермен аталады. Мысалы, өзбекше – “өмген”, хакас тілінде “омуз” біздегі “омырау” мағынасын береді. Осы сөздер сәл өзгере келіп, “өмілдірік” сөзінің түбірін тудырған. Одан әрі “өміл” түбіріне кейінгі кезде қазақ тілінде жұрнаққа айналған “ілдірік” қосылып, “өмілдірік” сөзі пайда болған. Жұрнақ деп отырған “ілдіріктің” алғашқы кездегі мағынасы “ілу” деген етістікті білдірген. Осы арқылы пайда болған “көзілдірік” сөзін еске алуға болады. Сөйтіп,  “өмілдірік” дегеніміз “кеудеге ілетін” деген мағынаны ұғындырады екен” [105,27-28 б.].

Сонымен, сағалдырық – сағаққа ілінетін, өмілдірік – аттың омырауына (өм/ом) ілінетін тұрман атаулары болса, тығылдырық – ер қапталының не алды, не арты басқаны білінсе, сырт көзге байқалмайтындай етіп, қаптал астына белгілі қалыңдықта қабатталған киіз. Ер қапталының ат қапталын баспауы үшін жасалған осы әдіс – тығылдырық деп аталады. Кейде мұны кепіл, кепіл киіз деп те атайды. Ал құйрыққа ілініп тұратын қайыс – құйысқан делінеді.

Жылқыға қатысты оны бағуға, сынауға, баптауға қатысты сөздерге: қаңтару, тұсау, күзеу, жарату, баптау, мама ағаш, қамшы, құрық, шалма  т.с.с. жатады.

Бұл топшаға енетін сөздерді “нағыз кәсіптік сөздер” десе болады. Бұлар -  тікелей жылқы малын күтіп-баптауға, бәйге атын сынауға, жаратуға қатысты пайда болып, қалыптасқан сөздер. Бұл топшаны: 1) жылқыны күтуге, бағуға қатысты ұғымдарды білдіретін сөздер, 2) аттың дене мүшелерінің атаулары, 3) бәйге атының белгісін, сынын сипаттайтын сөздер, 4) бәйге атын жаратуда қолданылатын сөздер, 5) қазақтың ат үсті ойындары деп жіктеуге болады.

Жылқыны күтуге, бағуға қатысты ұғымдарды білдіретін сөздерге: қаңтару, тұсау, күзеу, мама ағаш, қамшы, құрық, шалма т.с.с. сөздер жатады.

Қазақта жылқыны жігіттің жігіті ғана бағады деген сөз бар. Өйткені жылқы жатын малына есептелмейді. Әсіресе, қазақы жылқы тебінге үйренген жануар. Қорада тұрса оның алдынан жем-шөп үзілмеуі керек, себебі, жылқы күйіс қайтармайды. Жылқы малы суыққа төзімді болғандықтан жылқышылар жылқыны үйірлеп қоста жатып бағады.

Жазғытұры жылқы күзеледі. Құнан, байтал, жабағы тайдың жал-құйрығы күзеледі. Олардың күзелуінде айырмашылық бар, үшеуінің күзелуі үш түрлі болады. Байталдың кекілінің түбін қынап, ұшын тегістейді. Құйрығын құндыздығынан (құйрықтың түбі, құйысқандықтан тұтамдай төмен) бір, орта тұсынан екінші рет бунап күзеп, ұшын қырқып қояды. Күзелуіне қарай байталды сонадайдан тануға болады. Егер байталды байталша күземей, құнанша күзеп қойса, оны айғыр қайтармай, қысыр қалуы мүмкін.

Құнанның кекілі түбінен, құйрығын құндыздығынан сәл ғана қынайды да, басқа жағына тиіспейді. Ал екеуінің де жалын түбінен сыпыра күзеп, шоқтықтың алдыңғы жағынан (жалдың біткен жерінен) бір тұтам қалдырады. Атқа мінерде кісі, аяғын үзеңгіге салған соң, сол қолымен содан ұстап, оң қолымен ердің қасынан ұстап көтеріледі. “Ат жалын тартып мінді” деген сөздің осыдан шығуы мүмкін. Ал жабағының жал-құйрығын, кекілін шұнтитып, сыпыра күзейді [69,7 б.]. Романда жылқының күземі де назардан тыс қалмайды:

Ылдиға қарай ентелей құлаған көштің бір бүйірінен, жал-құйрығы күзеулі тайға мінген, екі бүйірін таянып алып, “Елім-ай" әнін салған он төрт-он бес жасар қара торы қыз бала көрінді [65,14 б.].

Жылқыны бағуға, сынауға, баптауға қатысты сөздер де трилогияда аз кездеспейді. Мысалы: Қаңтару - шөп жегізбеу үшін жылқының тізгінін ердің басына кекжите байлау.

Тек қаңтарып қойған ер басынан тізгінін алып, аяғын үзеңгіге сала беріп, баласы Қалден Церенге: - Хоча қазақ қызын өлтіріңдер дегенде, өлтіртпей тірі алып қалған Меркіт жігіттері бірі қалмай осы арада ажал тапсын! – деді [64,352 б.].

Бұқар ай туғанша көзінің шырымын ала тұрмақ боп, атын тұсап тастап, ерін жастық, тоқымын төсек етіп, сексеуілдің түбіне қисая кетті [64,380 б.].

Жаугершілік заман, жауға шабатын жігіттердің аттары белдеуде тұрған. Біразы жақын маңда шідерлеулі жайылып жүрген [64,491 б.].

Жылқыны бағуға, сынауға, баптауға қатысты сөздер топшасына, сондай-ақ, жылқыны байлауға, ұстауға, басқаруға, үйретуге т.б. арналған құрал-жабдық атаулары да енеді.

Керме, желі, шалма, күнде, тұсамыс, шідер тәрізді сөздер жылқыны (құлынды, биені) байлап қоюға, ауыл маңында байлап ұстауға арналған заттардың атаулары. Аталған топқа қатысты мама ағаш деген сөз бар. Мама бие деп халқымыз көп құлындаған, өте сүтті биені айтады. Оның сүтін құлыны еміп, тауыса алмайды. Құлыны еміп болғаннан кейін, көп уақыт өтпей исініп тұрады. Оны қазақ киелі мал санап, түлік басы деп қастерлейді. Ал мама ағаш сөзінің мағынасы – “ат байлауға арналған керте. Аста, тойда көп адам атпен келіп түсетін жерге ағаштан керте жасап, яғни биіктеу екі мықты қада қағылып, сол екі қаданың арасы жоғары жағынан ұзынша сырғауылмен қосылады. Ол керегінше бір ғана емес, бірнешеу де болуы мүмкін. Кейбір бай ауылдар жәй күндері де мама ағаш орнататын болған. Сондай-ақ кемеліне келген, жайқалып жақсы өскен, мәуелі жеміс ағашын да мама ағаш дейді” [85]. Ал мамы - қырғыз тілінде “бағана”, “қада” деген мағынада қолданылады. Ал оны қазақтар кейде атағаш, атбайлағыш деп те атай береді.

Жылқы байлайтын мама ағашты ертеректегі түркілерде мифологиялық таным бойынша “алтын қазық” деп атаған. Ертеректе үй егесі мама ағашты көшкенде тастамастан алып жүрген. Оны кейбір дәулеті тасқандар тіпті дәріптеп, күміспен күптеп те қоятын болған. Бұдан көшпенділердің жылқы түлігіне табынушылығымен қоса, мама ағаштың құт-берекенің түп қазығы атрибутын атқаратындығы белгілі болды [70,67 б.].

Жылқыны басқаруға, бағындыруға, асау үйретуге қажетті құрал атауларына: шалма, қыл арқан, қамшы, құрық т.с.с. жатады. Біз бұл топшадан қамшы сөзіне ерекше тоқталмақпыз. Қамшы деп қайыстан өрген, тобылғы сапты, көлік жүргізу үшін пайдаланылатын құралды айтады. “Жалпы “қамшы” сөзі атау болудан бұрын етістік қызметін атқарған. Оны біз чуваш, тува сияқты тілдер дерегінен білеміз. Айталық, чуваш тілінде “хамсар” біздегі “сермеу”, “кезену” мағыналарын берсе, тува тілінде “ұру, соғу” – “кымчылар” делінеді. Қазақ тілімен туыстас тілдердің ішінде ең әріден келе жатқан, ежелгісі – чуваш тілі. Бірте-бірте “қамшы” сөзі өзінің алғашқы “сермеу”, “кезену” мағыналарынан айырылып, біздің тілімізде атау болып қалыптасқан” [105,25 б.].

Қамшының өрілуіне, сабының неден жасалуына қарай түрліше атаулары бар: бұзау тіс, дойыр (дүр), дырау, тобыршық қамшы, шыбыртқы, төрттаспа, тобылғы сапты қамшы т.с.с.

Ол атын ойнатып Абзал ақсақалдың қасына жетп барды да, мүсіндей қозғалмай тұрған ел ағасын бұзау тісті, қорғасын бауырлы тобылғы қамшысымен дәл басынан тартып, тартып жіберді. Құлаштай сілтеген қамшы ауаны кескілеп “ыс, ыс" етеді [65,21 б.].

Қамшыны қазақ халқы тек шаруашылық құралы деп қарамайды, оны ер қаруы деп біледі.

Қазақ ұғымында қамшының артқарар қызметтері, символикалық мәні өте зор. Қолдың қаттылығы, жұмсақтығы немесе береке бірге кетпесін, ұшығы жерде қалсын деп, қамшыны қазақ сыйға тартқанда қолға ұстатпай, жерге тастайды.

Ел іші бүлініп, араздық, даудың арты жауласуға дейін баратын кездерде жаушылардың төрге қамшысын ала шығатын кездері болады. Бұл – жақсылықтың нышаны емес, қазақ жайшылықта қамшыны ұстап төрге шықпайды. Жайшылықта қамшы ұстап төрге озу ерсі қылық саналады. “Елдестірмек – елшіден, жауластырмақ - жаушыдан" демекші, бұл - дөңайбат, сес көрсетуді білдіреді.

Ертеде билер кеңесінде, ірі дауларды шешу кезінде сөз алу үшін қамшысын алға тастайтын болған. Бұл дәстүр қамшы тастау деп аталады.

І.Есенберлиннің “Көшпенділер” тарихи трилогиясында осы дәстүр туралы төмендегідей деректер келтіріледі:

Сөз астарын түсінген қызба мінезділеу Темір би сөз таластырғысы келіп кетіп, ежелгі дәстүр бойынша, айыр тісті, алтын сыммен оралған тобылғы сапты қамшысын алдына тастай салды [64,204 б.].

- Мә, менің қамшым... Жауап қайырмайтын болса алдарына таста да, өзің кейін шап! [65, 567 б.].

Бөгенбай қамшысын алдына тастай салды да. Енді Абылайға бұрылды [64,553 б.].

Қамшы ұстаудың түрлі ишара белгі білдіретін мәні болған. Егер үйге келген адам қамшысын босағаға қалдырмаса, жай келмегені, білеп қолына қатты ұстаса – онда дауласып, жанжалдасуға келгені де, ...егер қамшыны төрге алып шығып, ортаға тастаса – көпке созылған жанжалдан шаршап, бітімге келейік, қашанғы созамыз дегенді білдіргені екен, кірісімен қамшысын тастамастан жамбасының астына салып отырса, дауға келдім деген ишарасы екен [70,67-68 б.].

Қамшыны ұстаудың өз этикеті бар: жаяу адам қамшыны бүктеп ұстаса, ал салт атты оны оң қолының білегіне іліп, сол қолымен аттың тізгінін ұстауға тиіс. Тіпті атты қамшылаудың да өз жөні бар, сәні бар. Оны жазушы романда шебер пайдаланады:

Рабиу-Сұлтан-Бегімдей ерекше салтанатымен емес, Жаған өз келбетімен, жасынан ат құлағында ойнап өскен көшпелі елдің қызы екенін көрсетіп тұрған ерекше отырысымен, қамшыны сипай тартқан болмысымен көздің жауын алады [64,20 б.].

Жалпы қазақ дүниетанымында қамшы түрлі символикалық мәнге ие. Бойжеткен қызға құда түсуге келген адамдар ертеректе қыз үйінің төріне қамшысын іліп кететін болған. Бұл – қыз енді біздікі, біздің болашақ келініміз дегенді білдірген. Кейде жігіт жақ тым ұзақ хабар-ошарсыз жатып алса, қыз әкесі қамшыны иесіне қайтарып жіберетін. Бұл дәстүр қамшы қайтару деп аталады. Қазақтардың беташарда келіннің бетін ақ желегіне қол тигізбей қамшының сабымен немесе домбырамен ашу, сол сияқты аяғы ауыр әйел босанатын үйдің төріне қамшы ілу, ауруды қамшымен ұрып емдеу тәрізді дәстүрлері мен ырым-тыйымдары қамшыны киелі санап, жын-шайтаннан сақтайды деген түсініктен пайда болған. Сол сияқты ер адамдарға әйелінің қазасын қамшының сабы сынды деген сөздермен білдіретін. Кей зерттеушілердің бұл естірту мен жұбатуды қамшының сабы сынса, ауыстырарсың, әйелің өлсе, басқасын аларсың деп түсіндіруі, біздіңше, дұрыс емес, қамшы – жолаушының жылқыдан өзге жалғыз жол серігі, жылқыны басқаратын, дұрыс бағытқа жол сілтеп отыратын құрал. Ендеше, қамшыдан айырылу немесе сабы сыну – өмір серігіңнен айырылдың, ақылшыңнан айырылдың дегенге меңзесе керек.

Шығармада жиі қолданылатын тағы бір атау – құрық. Үзеңгісін шірене арт жағына қарай қисая, қолындағы құрығын қос қолдап бұрай тартып жанаса жабысып келеді. Күндікке шапқан жүйрік шаршады ма, әлде мойнына түскен құрықтың қыл арқаны батты ма, екі бүйірін солқылдата демін алып, үстінен тері көпсіп бұрқырап, қамыс құлағын қайшылай теңселе барып тоқтады [64,195 б.].

Құрық – “жылқы ұстайтын бас жағында ілмек жібі бар ұзын ағаш. Ал оның атауын ертедегі түркі тілдері сөздігінен табуға болады. Онда “уқруқ” сөзі күнделікті тұрмыста қолданылып жүрген “арқан” ұғымын білдіреді. Дыбыстардың орын алмастыруы нәтижесінде “уқруқ” – “құрық” болып өзгерген. Кейбір түркі тілдерінде арқаннан жасалған ілмекті – “һурка” деп атайды. Бұл да арқанның алғашқы атауы “уқруқ” сөзінен шыққан” [105,27 б.]. Ал құрық сөзінен құрықшы атауы жасалған. 

Шығармада шылбыр сөзі де жиі кездеседі. Шылбыр – “атты қазыққа байлауға арналған жүгенге бекітілген ұзын жіп. ...өз атауын жүн мен қылға байланысты алған деуге болады. Өйткені ертедегі түркі тілдерінде  ешкі мен қой жүні мағынасын білдіруде “чүбүр” сөзі қолданылған. Әдетте, ешкінің түбітінен басқа түгі “жүн” емес, “қыл” болып аталады. Ешкінің қылы да, қойдың жүні де ертеректе “чүбүр” деп айтылса, екі заттың қосылып келіп, есілуінен пайда болған арқан сияқты жіптің “шылбыр” аталуы да заңды деп ойлаймыз” [105,125 б.].

Жылқыдан алынатын өнім атаулары және өнім алуға, сақтауға қажетті зат (ыдыс) атауларын аты айтып тұрғандай, үшке бөліп қарастыруға болады: 1) жылқыдан алынатын өнім атаулары, 2) жылқы өнімін алуға қажетті заттар (ыдыстар), 3) даяр өнімді құюға, сақтауға қажетті зат (ыдыс) атаулары. Жылқыдан алынатын өнімдерге: қымыз және оның түрлері, жылқы (құлын, тай) еті, қазы, қарта, жал, жая, т.с.с. сөздерді жатқызуға болады.

Жаңа сауылған бие сүті саумал деп аталады. “Саумалдың көпіршіп, көбіктеніп тұратын қасиетіне қарап сөз төркіні араб тілінен болар деген жорамал жасаймыз. Өйткені бұл тілде “саумалэ” – көбік, көпіршік мағынасында қолданылады. Түркі, монғол не тунгус-маньчжур тілдерінде “саумал” мағынасына жуық келерлік, әрі төркін боларлық сөз тұлғасын кездестірмедік. Осыған орай, тілімізздегі “саумал” атауы көпіру қасиетіне байланысты арабтардан ауысқан болуы ықтимал”  [105,27 б.].

- Қаным кеуіп барады, бір жұтым саумалың бар ма, бойжеткен, - деп Серғазы әзілдеген болады. Ақбөкен түрегеліп барып, көрші үйден сырлы аяққа құйып қымыз әкеледі [64,42 б.].

 Қымыз – бие сүтінен ашытып жасалатын аса құнды, емдік сусын. Оның бірнеше түрлері бар. Уыз қымыз – биені алғаш байлағандағы жаңа ашытылған қымыз. Бал қымыз деп сүр қазы қосып, әбден өлтіріліп пісілген, бабы келген қымызды айтады. Сақталу мерзіміне қарай құнан қымыз (екі түн сақталған қуатты қымыз), дөнен қымыз (үш түн сақталған күші мол қымыз), бесті қымыз (төрт түн сақталған сапалы қымыз) деп аталады. Шөп буыны қатып, күзде сауылған биенің маңызды қымызын сары қымыз дейді. Қыста құлынсыз сауылатын биенің дәмді, қуатты, шипалы қымызыды қысырдың қымызы десе, көп тұрған немесе үстіне саумал қосылған сапасы төмен қымызды түнемел қымыз деп атайды. Трилогияда бұл топшаға енетін сөздер де кездеседі:

Қотан қарт алдында тұрған сырлы аяқтан уыз сары қымызды бір жұтып орнына қайта қойды [64,59 б.].

Мысалы Яссы шаһарының қасына Мысырдан келген қожалар туған елдерінің үлгісімен Сунақ, Жүйнек, қазақ жерінде алғашқы қорғасын қорытылған, тай еті түгелімен сыятын қырық құлағы бар атақты Мысқазан құйылған, дін кіндігі Қарнақ тұрғызылған [64,186 б.].

Бұлар жас құлынның балбырап піскен, уыздай дәмді етін жеп, балдан тәтті сары қымызды рақаттана сіміріп, ит жүгіртіп, құс салу жайын әңгіме етіп, бие сауымындай мезгіл отырды [64,424 б.].

Он екі мүшесі түгел астауға салынған құнанның семіз еті, қабырғасы қабырға, төсі төс, жілігі жілік күйінде заматта жоқ болып жатыр [64,456 б.].

“Жылқының еті - бал, сүті – шекер” деп қазақ халқы жылқының етін де дәріптеген. Кірпияз адам тәрізді шөптің - шұрайлысын, судың - тұнығын таңдап, талғап ішетін жылқының еті мен сүтінің тағамдық қана емес, емдік сапасы мен құндылығы да өте жоғары. Қыстың қақаған аязында, желдің өтінде, иен далада қос тігіп, күндіз-түні тыным таппай жылқы баққан жылқышылар жылқының етін жеп, сорпаға құрт қосып ішіп, суықтан қорғанатын. “Жылқы еті - жегенше, сиыр еті - жатқанша, қой еті – таң атқанша” деген мақалдан жылқы етінің жеңіл, тез қорытылып, тез сіңірілетіндігі байқалса, ал “Жылқы еті – жесең, тісіңе кіреді, жемесең, түсіңе кіреді” деген мақал жылқы етінің түске енетіндей жеңсік ас екендігін көрсетеді. Жылқының қадірлі мүшелері саналатын қазы, қарта, жал, жая да қазақтар үшін жеңсік ас саналады. Қазы деп жылқының төстіктен төменгі майлы етін атайды. Мысалы, соғымның қазысы екі елі шықты. Қазы сөзінің осы мағынасына сәйкес қазы байлады деген сөз тіркесі қалыптасқан. Ол жылқы семірді, май бітті дегенді аңғартады. Қазы атауы, екіншіден, жылқының майлы қабырғасын етегімен қосып тіліп алып, оны тұздап, бұрыштап, ішекке тығып жасаған ұлттық тағам деген мәнде жұмсалады. Ал жылқының қатпар-қатпар болып келген майлы ішегі және осы майлы ішектен жасалған дәмді тағам қарта деп атаса, жылқының жал майын жал деп атайды.  Тілімізде жал сөзінің қатысуымен де тұрақты сөз тіркестері пайда болып, қолданысқа енген. Мысалы, жал бітті фразеологизмі жылқыға қатысты тура мәнде оның тойынып, қоңданып алғандығы туралы айтылса, ауыспалы мәнде адамға қатысты әл-ауқаты артты, тұрмысы жақсарды деген мағынада қолданылады. Сол сияқты жалы бүтін, жалы кетті фразеологизмдері де тура, ауыспалы мәндерде қолданыла береді. Жалы бүтін фразеолгизмі тура мәнде күйлі, қоңды дегенді білдірсе, ауыспалы мағынасы жағдайы жақсы, уайым-қайғысы жоқ дегенді аңғартады. Ал жалы кетті фразеологизмі бұған қарама-қарсы мәнде, тура және ауыспалы мағыналарда жұмсалады. Тура мағынасында жылқы малының арықтағандығын білдірсе, ауыспалы мәнде адамның көңіл-күйі нашарлап, арып, жүдеп жүргендігін сипаттайды. Жая сөзі де екі мәнде жұмсалады: біріншіден ол малдың сауырымен жалғасқан екі жамбасының тұтасқан жұп-жұмыр майлы жері (Жирен аттың жоны, жаясы жұп-жұмыр) дегенді білдірсе, екіншіден, жылқының екі жамбас сүйегінің түйіскен тұсындағы дәмді, майлы жері де осылай аталады. Демек, бұл сөздер, біріншіден, жылқы малының дене мүшелерінің атауларын білдірсе, екіншіден, осы мүшелерден дайындалған ұлттық тағам атаулары болып табылады.

Жылқы өнімін алуға, даярлауға қажетті заттар мен құралдар атауларына: көнек, бие көнек, бүрме көнек, піспек т.с.с. жатады. Көнек деп иленбеген жас теріні шелек тәріздендіріп тігіп алып, ішіне құм кептеп қатырған бие сауатын тері шелекті (көн шелек) айтады. Оны кейде бие көнек деп те атайды. Бие көнектің бүрме көнек деп аталатын бір түрі бар. Бұлар бие саууға қажетті ыдыстар. Бұларға саумал (бие сүті) құйылады.

Ал саба, піспек, саба аяқ – қымызды даярлауға қажетті құрал-жабдықтар қатарына жатады. Қазақтар саба – кептірілген шикі теріні әуелі құрымға салып, құм кептеп қатырып, содан кейін ысқа салып төрт бойдан құрастырылған, жылқы терісінен жасалған ыдысты (қымыз саба, іркіт саба т.с.с.) айтады. “...өте ерте кездерде біздің тіліміздің өзінде де бұл сөз тек қана “ыдыс” мағынасын білдірген сияқты. Өйткені қазірдің өзінде де тувалар мен Сібір халықтарының кейбіреулерінде “сава” тұлғалы сөз жалпы ыдыс атаулыны білдіреді. Ал қазақ тілінде “ыдыс” сөзі пайда болғаннан кейін “саба” жеке бір заттың атауына айналған” [105,29 б.]. Яғни, ертеректе бүкіл ыдыс атаулының жалпы атауы ретінде кең қолданыста болған “саба” лексемасының мағынасы даму барысында тарылып, нақты бір зат атауына айналған.

Ал піспек деп саба, торсық, күбіні пісетін ағаш жабдықты атайды. Саба аяқ қымызды даярлау үдерісіне тікелей қатысы жоқ, дегенмен қажетті жабдық. Саба аяқ – сабаның астына қою үшін әшекейлеп жасаған төрт бұрышты жүк аяқ.

Жылқы өнімін алуға, даярлауға қажетті заттар мен құралдар атаулары І.Есенберлиннің “Көшпенділер” трилогиясындағы ең аз кездесетін сөздер осы топшаға енетін сөздер.

Әлде алдарынан көтерілген қазаның мен сабадағы қымызың сені құтқарады деп ойлайсың ба? [64,578 б.].

- Қымызың балдан тәтті екен, тағы да құйшы.

Жаған жадырап сала берді.

- Сабасын Керейлерше ыстатқам. Әдейі өзіңе арнап... [64,236 б.].

Сырттағы жалшыларына қонақтарға арнап ту бие сойдырған Торғынай бәйбішесі үйге кіріп, бес тайдың терісінен тіккен сабаны қара піспекпен күрпілдете пісіп, тегенедей-тегенедей ағаш аяқтарға қымыз құя бастаған [64,108 б.]. Көлемді сабалар бес жылқының терісінен даярланған. Сабаның бойына төрт жағынан төрт жылқы терісі ұсталады да, бесінші тері табан болады. Бес биенің сабасындай деген сөз содан шыққан. Бұл теңеу толық, етженді келген әйел адамдарды, бәйбішелерді сипаттауда қолданылады.

Жылқыдан алынған өнімді құюға, сақтауға қажетті заттар (ыдыстар) топшасына: торсық, бала торсық, жан торсық, зерен, без аяқ, самар, сүйретпе, мес тәрізді атау сөздер жатады.

Зерен, шара,  без аяқ – қымыз құйып ішуге арналған шағын ыдыстардың атаулары. Ал торсық,  бала торсық, жан торсық сияқты дыстар қымызды шағындап алып жүруге арналған ыдыс атаулары. Мәселен, жан торсық деп жолшының қанжығада жүретін кішкене торсығын айтады. Оны жарты айға ұқсатып, аузын тығындайтын етіп көннен қатырып істейді. Зерен, без аяқтан басқа ыдыстар, мысалы, торсық, саба, сүйретпе  қымыздың дәмін келтіру үшін ысталған теріден жасайды. Ірі малдың бас терісінен немесе мойын терісінен қымыз құюға арнап жасалынған үлкен торсық – сүйретпе деп аталады. Қымыз құятын, ет жасайтын үлкен сопақ астауды (тегене, тегеш) – самар дейді.

Мес. “Айран, қымыз сияқты сусындарды құятын қой немесе ешкі терісінен жасалған ыдысты бұрын осылай атаған. Тәжік, парсы тілдерінде “меш” сөзі “қой” деген мағына береді. “Меш” сөзі қазақ тілінде “мес” қалпында тұлғаланып, мағынасы жағынан ыдысты білдірерлік өзгеріске түскен, атауға айналған. Демек, “мес” дегеніміз – қой терісінен жасалған ыдыс” [105,27-28 б.]. Яғни, мес – сөзжасамның лексика-семантикалық тәсілімен жасалған атау. Орыс тіліндегі “миська” сөзінің түп-төркіні осы сөз болуы мүмкін.

Романда аталмыш топшаға жататын сөздер де сирек те болса кездеседі.

Қыз үн-түнсіз, босағада тұрған торсықты пісіп-пісіп жіберіп, шара аяқпен алдымен әкесіне, содан кейін ағасы Қалден Церен мен Ренатқа қымыз құйып берді [64,347 б.].

Жаған қымыз құйылған күміс шара мен алтын кесені әкеп, төменірек тізе бүкті. Исі аңқыған сары қымызды күміс ожаумен сапыруға кірісті [64,235 б.].

Ханның келетінін күтіп, үйдің ортасындағы қызғалдақтай кілем үстінде алтын шарадағы уыз қымызды сапырып отырған Жаған түрегеліп, иіліп сәлем етті [64,229 б.].

Сол қара-құрым жылқыны екеу-екеуден серік боп, ән шырқап айнала жүрген қыз-бозбала. Қос жанында тайқазанда былқылдай қайнаған құлынның уыз еті [64,231 б.].

Қорыта келе, І.Есенберлиннің “Көшпенділер” тарихи трилогиясында жылқыға қатысты кәсіби лексика молынан қамтылған. Бұны “Көшпенділер” жанрымен байланысты дер едік. Романға арқау болып отырған уақыт желісі көшпенді өмір салтын ұстанған қазақ халқының өмір-тарихындағы ең қиын, қауіп-қатерге толы, жаугершілік заман болғандықтан, ел мен жердің азаттығын қорғап қалу жылқысыз, атты әскерсіз мүмкін емес еді. Ал барлық ат-әбзелі, ер-тұрманы сай әскер жеңіске бастар бір көздей еді. Бұл жағдай романда жылқыға қатысты кәсіби лексиканың мол қамтылуына бірден-бір сара жол ашқан. Сонымен бірге жылқымен біте қайнасқан көшпенді ата-бабаларымыздың өмірін бейбіт заманда да ішсе – сусын, жесе – ет, мінсе – көлік болған жылқысыз елестету қиын. Сол себептен де романда жылқыға қатысты кәсіби лексиканың болмауы орынсыз.

 

1.3.2 РОМАНДАҒЫ ЖЫЛҚЫҒА ҚАТЫСТЫ АНТРОПОНИМДЕР МЕН ТОПОНИМДЕР, ГИППОНИМДЕР, ОЛАРДЫҢ ЖАСАЛУ ЖОЛДАРЫ

 

Халқымыз балаға ат қоюға өте шебер. Балаға ат қойғанда әдетте ата-анасы түрлі мақсатпен, тілекпен қоюы мүмкін немесе баланың есімі оның әке-шешесінің арманымен ұштасып жатуы мүмкін. Мәселен, баланың атын тіл-көз тимесін деген ниетпен Жаманбай, Тезекбай, Ұлтанқұл т.с.с. деп, баланың дені сау, жаны берік болуы үшін Тасболат, Тастемір, Шымырбай, деп, бала-шағаларының өмірі ұзақ болсын, көп жасасын деген ниетпен Жанұзақ, Жүзбай, Жүзжасар, Мыңжасар, Өмірбек, Сексенбай, Тоқсанбай, Ұзақбай, Көпжасар деп қояды. Жаңа туылған балаға елдің ардақты адамдарының атын солардай батыр, дана, өнерлі болсын деген ниетпен (Абай, Абылай, Қазыбек, Исатай, Махамбет), ислам дінінің әсеріне байланысты (Мұхамбет, Иса, Сүлеймен, Хадиша, Зылиха, Әмина) немесе қыз аттарына аспан әлемінің, аңдардың, асыл тастардың, қымбат маталардың, нәзік өсімдіктердің атын қойса (Айман, Алтын, Еңлік, Жібек, Жұлдыз, Күміс, Құралай, Мақпал, Меруерт, Раушан, Шолпан, Шынар), мұрат-мақсатыма жеттім-ау деген ниетпен ат қойғанда (Арман, Бақыт, Мақсат, Мұрат), ұлы жоқ үйде қыз туғанда  (Болған, Тойған, Ұлбала, Ұлболсын, Ұлбала, Ұлжан, Ұлту, Ұлтуған), соңғы балаға ат қойғанда (Кенжегүл, Кенжебай, Кенжетай), баласы шетіней берген үйде жас сәбиге ат қойғанда (Аман, Есен, Жүрсін, Тоқтар, Тұрсын) сол есімдердер-ақ үй иелерінің арман-тілектері байқалып тұрады.

Адам есімдерін жылқы түлігімен байланыстырып қою да халқымызда жиі кездесетін құбылыс: Жылқыайдар, Жылқыбай, Жылқышы, Құлыншақ, Жабағы, Торытай, Қаратай, Сарытай, Құлатай, Бозтай, Ақтай, Көктай, Кертай, Жамантай, Тайшық, Құнанбай, Дөненбай, Бестібай, Торайғыр, Қамбар, Жорға Жұмабай (лақап есім).

Адам есімдерін жылқы түлігімен байланыстырып қоюдың мәні жылқыны киелі, қасиетті деп санаудан туған. Қуса жетіп, қашса құтылатын сәйгүлік аттарды халқымыз аса құрметтеген, баптап, күтіп ұстаған. Шынында да, оны төрт аяқты жануарлардың патшасы десе де болады. Расул алайһ-с-салам: “Құт жылқының пешенесіне жазылған” деген. Парсылар атты “баджан” (елжан), румдықтар “бадпай” (желаяқ), түріктер “құтты қадам” және “бақтияр етуші”, үнділер “тахт-и-раван” (тақ сәулеті), арабтар жердегі Бұрақ (Мұхаммед пайғамбар мініп көкке көтерілу үшін жаратқанның өзі жіберген қанатты ат) деп атаған.

Халқымыз бұл түлікке тек мақал-мәтел ғана емес, өлең, жырлар, ән-күйлер арнаған. “Құлагер”, “Екі жирен”, “Ақкербез”, “Топайкөк”, “Маңмаңгер”, “Жайқоңыр”, “Бурылтай” әндері, “Кербезкер”, “Сұржекей”, “Құлажекей”, “Бозжорға”, “Ақбозат” күйлері халық арасына кеңінен танымал. Қобыландының Тайбурыл, Алпамыстың Байшұбары, Ақанның Құлагері, Құлбектің Құла торысы, Итбайдың Қоянкөгі, Ақтайлақтың Көкқасқасы, Бошайдың үш қарасы атанған Құланқара, Бұланқара, Желмаясы, Тарғынның Тарланы, Қамбардың Қарақасқасы сияқты жануарлар ерге серік болып қана қоймай, оларға қанат бітіріп, дем берген. Халқымыздың түсінігінде жылқы – ең ардақты түлік. Оның “иесі” Қамбар (Жылқышы) атадан жылқының амандығын тілеп жалбарынған. Қазақ үшін жылқыны тіпті тотемге айналған түлік десе де болады. Сонымен бірге қазақ үшін жылқы байлықтың, сән-салтанаттың да белгісі. Ал, құлын - сұлулықтың, еркеліктің символы. Халқымыз әдемі әйелді “құлын мүшелі”, “құлын мүшесі бұзылмаған” деп сипаттайды. Айғырдың үйірсектігі де назардан тыс қалмайды. Адам есімін жылқы түлігіне байланыстырып қоюдың сырлары осында.

Тілімізде жылқыға байланысты жер-су атаулары да молынан ұшырасады: Құлынды, Тайжүзген, Тайсойған, Тайбағар, Тайшық, Бәйгетас, Бәйгетөбе, Бурылбайтал, Жиренайғыр, Құлайғыр, Қасқаайғыр, Биесимассай, Сарыалабиенің кезеңі, Мыңбиенің қазынасы, Алабие, Қоңырат, Торытөбел, Айғыржал, Ақжал, Қамбар қора.

Трилогияда Тайкеткен, Саумалкөл, Атбасар, Атмінгескен тәрізді топонимдер мен гидронимдер бар. жазушы Атмінгескен атауының тарихын оқиға желісіне орай қызықты, әрі орынды баян етеді.

Жылқының көркем мәтінде кездесетін аттары: “Шалқұйрық” (Ер Төстік), “Қырат” (Көрұғлы), “Байшұбар” (Алпамыс), “Тайбурыл” (Қобыланды), “Қарақасқа” (Қамбар), “Тарлан” (Ер Тарғын), “Көкбоз” (Төлеген), “Ақмоншақ” (Көбікті), “Сандалкөк” (Қараман), “Ақтабан” (Исатай), “Керқұла” (Кендебай), “Қоянкөк”, “Құланқара”, “Бұланқара”, “Желмая” (Бошай), “Қубас” (Қабанбай), “Азбан-Сұр” (Ораз-Мұхаммед), “Томаға-Көз” (Ай-Шешек-бегім), “Құлагер”, “Маңмаңгер”, “Үркеккер” (Ақан сері), “Қарақұлақ”, “Шаңтимес”, “Желтимес”, “Кесікқұлақ”, “Күншалмас”, “Күреңтөбел”, “Көкдауыл”, “”, “Көккептер”, “Қақпанбел”, “Желаяқ”, “Қылаңбоз”, “Қазмойын”, “Мақпалқара”, “Айқасқа”, “Сұржекей”, “Аймаңдай” (Абай), “Найманкөк” (Құнанбай), “Бозжорға”, “Құндызқара”, “Шымқара”, “Ақтанкер”,  “Қызыл жебе”.

Жоғарыда келтірілген мысалдардан байқағанымыздай, жылқы түлігінің көркем әдебиеттерде кездесетін аттарының барлығы дерлік олардың түр-түсіне, мінезіне тағы сол тәрізді қасиеттеріне байланысты қойылған. Мысалы, “Маңмаңгер”, “Үркеккер”, “Шаңтимес”, “Желтимес”, “Бозжорға”, “Желаяқ” сияқтылар жылқы нәсілінің үркектігіне, шапшаңдығына, жорғасына тағы сондай қасиеттеріне қарай қойылса, “Шалқұйрық”, “Байшұбар”, “Тайбурыл”, “Қарақасқа”,  “Тарлан”, “Ақмоншақ”, “Сандалкөк”, “Ақтабан”, “Керқұла” сияқты атаулар жылқының түрі мен түсіне байланысты қойылған.

Трилогияда кездесетін гиппонимдер: “Ортеке”, “Киіккетпес”, “Киік-аяқ”, “Тарланкөк”, “Тұлпаркөк”, “Көксеңгір”, “Көкдауыл”, “Кертөбел”, “Ақылақ”, “Ақауыз”, “Ақтанкер”, “Ақжамбас”, “Ақсирақ”, “Ақбақай”, “Жалынқұйрық”, “Құмай төс”. Бұлар жылқының түрі мен түсіне, ерекше қасиеттеріне (сұлулығына, шапшаңдығына) қарай қойылған. Олардың барлығы да күрделі сөздер.

 

1.4 РОМАНДАҒЫ ЖЫЛҚЫ АТАУЛАРЫНЫҢ СӨЗЖАСАМДЫҚ СИПАТЫ

1.4.1 СИНТЕТИКАЛЫҚ ТӘСІЛ АРҚЫЛЫ ЖАСАЛҒАН АТАУЛАР

 

Синтетикалық сөзжасамдағы ең түпкі мағыналы бөлшек – түбір десек, жылқы малына байланысты бір буынды түбір сөздерге: ат, тай, кер, боз сөздері; екі буынды түбір сөздерге: жорға, құлын, тұлпар, құнан тағы басқа сөздер; үш буынды түбір сөздерге: арғымақ, жабағы тағы сол сияқты сөздер жатады.

Синтез амалының негізі, ұйтқысы сөздік қордағы дербес мәнді сөздерден тұрады да, оларға аффикстер қосылады. Кейбір ғалымдар жұрнақ деп сөзжасам жүйесінің, жұрнақша деп форма жасайтын аффикстерді атасақ [82,78 б.] дейді.

Расында да, қой сөзінен қойшы; бас-тан бас-шы; жол – жол-шы, жол-дас; қарын – қарын-дас сияқтылардың жаңа мағыналы сөз жасап тұрғаны шүбә туғызбайды. Іні – іні-шек, келін – келін-шек, құлын – құлын-шақ тағы басқаларды ойыншық дегенмен салыстырсақ, соңғы ойын – ойыншық болып, екеуі де зат есім болып есептелінгенімен, қой – қойшы тәрізді екеуі екі түрлі сөз екендігі айдан анық көрініп тұр. Сондықтан да алдыңғылардағы: -шақ, -шек, -шық форма тудырушылар да, ойын-шық, қоян-шық, ірім-шік, тепкі-шек, буын-шақ, түйін-шек сияқтылардағы: -шық, -шік; -шақ, -шек сөз тудырушылар. Біз де осы өзара омоформа жасайтын аффикстердің алғашқыларын жұрнақша, соңғыларын жұрнақ деп бөліп атауды құптаймыз.

Сөзжасамның жеке-жеке үлгілерінің жаңа сөз жасауда, сөйтіп, тілдің лексикалық құрамын байытуда рөлі бірдей емес. Бір сөзжасам үлгілері арқылы жүздеген, мыңдаған жаңа сөздер жасалып, тілдің сөздік құрамынан берік орын алады, ал екінші бір сөзжасам үлгілері негізінде бірлі-жарым ғана жаңа сөз жасалған болып шығады. Сондықтан да сөзжасам процесіне, сөзжасам үлгілеріне, біріншіден, өнімділік-өнімсіздік сипат, екіншіден, құнарлылық-құнарсыздық сипат, үшіншіден, ол жасалған туындылардың немесе сөзжасам үлгілерінің тілде қолданылу мүмкіндіктері, белгілі мәтіннің жанрлық-стильдік сипатына байланысты жиі қолданылып, сол жанрдың я стильдің қолданылудағы бір тілдік көрсеткіші болу немесе керісінше болмау сияқты статикалық қасиеттер тән болып отырады.

Сөзжасам процесі осындай өнімділік-өнімсіздік, құнарлылық-құнарсыздық қасиеттері арқылы грамматикалық тұлғалар парадигмасынан, грамматикалық категориялардан ажыратылады. Өйткені соңғыларда құнарлылық-құнарсыздық, өнімділік-өнімсіздік болмайды, әмбебап сипат болады, онсыз парадигмалық жүйе де, грамматикалық категория да бола алмайды.

Сөзжасам процесі нәтижесінде туған лексемалар тілдің сөздік құрамын жалпы байытып қана қоймайды, сонымен бірге нақты сандық жағынан да көрініп, әрбір үлгінің сөзжасамдық қатарының ұзақ-қысқалығын да көрсетіп отырады. Ал бұндай қасиет грамматикалық тұлғаларда да, категорияларда да болмайды, өйткені, белгілі парадигмалық жүйенің, грамматикалық категориялардың тұлғалары әмбебап, яғни, сол сөз табына енетін сөздердің барлығына да жалғана алады. Екіншіден, сөзжасам қатарының жеке тәсілдері мен үлгілеріне, олардың түрлеріне байланысты өнімділік-өнімсіздік қасиеті оның сандық сипаты болып саналады.

Сөзжасам үлгілері өнімділік-өнімсіздік қасиетімен, яғни, сандық сипатымен бірге құнарлылық-құнарсыздық қасиетімен де ерекшеленеді. Сөзжасам тәсілдерінің  құнарлылық-құнарсыздық қасиеті олардың (ол тәсілдер мен оның үлгілерінің) сапалық сипаты болып саналады. Кез келген құбылыстың сандық жағы мен сапалық жағы бір-бірінен айқын ажыратылатын сияқты сөзжасам тәсілдері мен үлгілерінің өнімділік-өнімсіздік және құнарлылық-құнарсыздық сипаттарының айырмашылықтары, мәндері, өкінішке қарай, практикалық оқулықтар былай тұрсын, ғылыми грамматикалар мен жеке арнайы зерттеулерде де нақты ғылыми түрде ажыратыла, шекарасы айқындала бермейді. Олар (өнімділік-өнімсіздік те, құнарлылық-құнарсыздық та) көбіне бір ұғымның тұрғысынан сандық жағынан ғана қаралып келеді. Шынында, өнімділік-өнімсіздік сипат тілдің даму барысында сөзжасам процесінің, оның жеке үлгілерінің орын алып отырғанын жалпы сандық жағынан көрсетсе, тілде белгілі сөзжасам үлгісі бойынша немесе соның бір түрі арқылы қанша сөз жасалады деп жалпы айқындалса, құнарлылық-құнарсыздық сипаты сол сөзжасам үлгісінің жаңа сөз жасау мүмкіндігін, потенциалын айқындайды немесе белгілі бір дәуірде, бір кезеңде т.б. сөзжасам үлгісінің қай түрі жандана түсті, қанша жаңа сөз тудырып отыр, берілген кезеңде сөз жасаудың сол үлгісінің активтілігі қандай, міне осы межемен өлшенеді [86,282-284 б.].

Романда синтетикалық тәсілмен жасалған жылқыға байланысты сөздер біршама. -шы, -ші жұрнағының үстелуімен жасалған сөздер: ат-шы, жылқы-шы, бие-ші, құрық-шы. Бұлар зат есімнен жасалған туынды зат есімдер. Ал  атқосшы, атбапшы сөздері аралас тәсілмен, біріккен сөзге (ат+қос+шы, ат+бап+шы) –шы қосымшасының жалғануы арқылы жасалған. Бұлар зат есімнен жасалған туынды зат есімдер.

Бұл мысалдардан көрініп тұрғандай, -шы, -ші жұрнағы - мамандық, кәсіпті білдіретін өнімді әрі құнарлы жұрнақ. Оны Н.Ф.Катанов –шық (-шік) тұлғалығымен, Н.Б.Баскаков –са (-се) формантымен, Т.Рамстедт, Ф.А.Ганиев қытай-корей тілдерінде адам мағынасында қолданылатын «са» сөзімен байланыстыра қарайды. Түбірге –шы, -ші жұрнағының қосылуы арқылы жасалған туынды зат есімдердің ең көбі – жалпы халықтық сипаты бар сөздер. Бұл жұрнақ соңғы кезде кең қолданылып, орыс тілінің осы мәндегі –ист, -истка, -ник, -ница аффиксін ығыстырып келеді.

Жылқыға қатысты –шақ, -шек, -шық жұрнақтары арқылы жасалған сөздер көп емес. Мысалға құлыншақ сөзін алайық. Мұндағы –шақ – сөз түрлендіруші қосымша.

-шақ, (-шек) жұрнағының шығу тегі туралы мәселе түркітанушы ғалымдар назарын ертеден-ақ аударып келеді. Олар бұл жұрнақты сан («количество»), мөлшер, мезгіл («в пору») мағынасын беретін «чак\шақ» сөзімен байланыстырады. Ал А.Фон Габен, Г.И.Рамстедт сияқты кейбір ғалымдар бұл тұлғалықты –ч және –ақ элементтеріне бөліп қарайды.

Көрнекті ғалым Қ.Жұбановтың аталмыш жұрнақ жөніндегі пайымдаулары өте қызғылықты: «Грузиннің кали, швили деген сөзіндегі шв ұл, бала деген сөз екен; осы мысалдағы шв – қыпшақ сөзіндегі –шық; осы кішірейткіш –шық – бала-шаға деген қос сөздегі –шаға сыңарына тең; Қырым татарлары, түрікпендер, әзірбайжандар бала деген сөзді шаға дейді. Біздің тіліміздегі қызыл шақалақ (қызыл шақа) дегендегі шақалақ та жоғарыдағы шаға сөзіне қатысты екендігі даусыз. Олай болса, құлыншақ дегендегі шақ та сол бала мағынасындағы шаға. Біздің «бала-шаға» деген қос сөзіміздің екі сыңары да бала мағынасында. Демек, құлыншақ – бала құлын. Нәтижесінде құлыншақ, тоқтышақ, келіншек дегендегі «шақ» сыңарлары анықталатын сөзден соң тұрған анықтауыштар екенін көреміз. Кейінгі заманда шақ сөзі кішірейткіш қосымша болып қалған да, оның тұлғасы –ша\-ше болып ықшамдалған: тайын-ша, өгіз-ше, ту-ша, құнан-ша, дөнен-ше (құнажын, дөнежін) [87,115 б.].

-паз жұрнағы да құнарсыз деп есептелінеді, өйткені бұл жұрнақтың мағынасы –шы, -ші жұрнағына жуық келгенімен, айырмашылығы да бар.

-паз жұрнағы –кер, -қор жұрнақтары тәрізді арғы тегі өзге тілден ауысып келіп, сіңісіп кеткен жұрнақ. Ол иран тілдерінен қазақ тіліне жалаң өзі жеке тұрған күйінде емес, тұтас сөз құрамында, яғни түбірмен қоса кірген жұрнақ. Мысалы, ол әуелде өнерпаз (<һүнерпаз), әйелпаз (<ғәйалбаз), додапаз (<дудепоз) сияқты туылымдар арқылы келіп сіңді. Кейін келе бұл кірме тұлғалық қазақ тілінің өзінің байырғы түбірлеріне де қосылып, сол «өз топырағындағыдай» сөзжасамдық қызмет атқара бастайды. Бірақ бұл жұрнақ арқылы жасалған туынды зат есім тілімізде бірді-екілі ғана кездеседі. Біздің тақырыбымызға қатысты атпаз, додапаз сөздерін ғана атауға болады. Атпаз көрген ат таныр, Ұстаз көрген хат таныр.

-пар жұрнағының қосылуымен жасалған туынды зат есімдер тілімізде көп емес (шоқпар, қатпар). Соның бірі біздің тақырыбымызға тікелей қатысты тұлпар сөзі. Мұндағы түбір мен жұрнақ ажырап, жеке қолданылмайды және мағынасы да әбден көмескіленіп кеткен. Тұлпар сөзін қатпар сөзімен салыстырсақ, соңғы сөздегі түбір (қат) мағынасы сақталып қалған. Жеті қат жердің асты, қат-қат, қат-қабат тағы басқадай сөздердегі қат сөзі мен қатпар сөзі бір мағынаны береді. Ал тұл түбірінде мұндай дербестік жоқ.

Бұл хабарды естіген қазақтың Қобыланды, Қамбар, Қара Оспан секілді аты шулы батырлары үстеріне сауыттарын киіп, қамыс құлақ, бөкен сан, жал-құйрығы жерге төгілген тұлпарларын ойнатып, өзгелерден сытылып шыға берді [64,209 б.].

Тіліміздегі өнімді жұрнақтардың бірі – -ыс (-іс, -с) жұрнағы. Бұл жұрнақтың жалғануымен жасалған сөздердің сан түрлі мағыналық сипаты бар. Ат шабыс және ат сайысы сөздеріне тоқталғымыз келеді. Шабыс сөзінің мағынасынан процестік сипат, абстрактылық айқынырақ сезіледі, түбірдің мағынасы да айқын. Ал енді ат сайысы тіркесіндегі сай етістігін бүгінде көп жұрт біле бермейді. Ол шаншу мағынасын білдіреді. Мысалы бұрынырақ кезде айтылған кереге жайып, уық сайып деген тіркесті келтіруге болады. Осы етістікке –ыс тұлғалығы жалғануы арқылы жасалған ат сайысы, балуан сайысы дегендегі сайыс кеңес дәуірінде жаңа тағы біраз термин орнына қолданыла бастады: қос сайыс, бес сайыс, сайыс. -ыс жұрнағы бұл жерде кәсіптік термин жасау қабілетіне ие болып тұр.

-лық (-лік), -дық (-дік), -тық (-тік) – түркі тілдеріндегі ең өнімді жұрнақ. Ғалымдар оның этимологиясын түрліше беріп жүр: біреулер іл етістігінен, көп зерттеушілер лық толы дегендегі лық сөзінен шығарады. Ол мағынасы әр түрлі туа түбір зат есімдерге жиі жалғанады. Соған байланысты олардан жасалған туынды зат есімдер де өздерінің ұғымдық сипаты жағынан түрлі-түрлі болып келеді.

Мысалы: Аттарының бәрі жал-құйрығын түйіп тастаған, ауыздығымен алысқан жүйріктер [64,19 б.].

Аттан секіріп түсем деп әрекет істемес үшін, көмірдей қара, жұп-жуан ұзын қос бұрымын ат үстіндегі жігіттің тақымының астынан өткізіп, аттың омыраулығынан мықтап ілмешектеп қойған. Бұл - жауласқан елінің қыз-келіншегіне істейтін қалмақтан қалған үлгі... [64,274 б.].

-лық (-лік), -дық (-дік), -тық (-тік) жұрнағы арқылы туа түбір зат есімнен жасалған бірқыдыру туынды зат есімдер этнографиялық атау типтес, термин сипаттас болып келеді. Ондай туынды зат есімдерге, мысалы, мына сияқты этнографиялық тіл құбылыстарын жатқызуға болады: қалыңдық(<қалың-дық), базарлық (<базар-лық), ақшалық (<ақша-лық), терлік (<тер-лік), желдік (<жел-дік), жіптік (<жіп-тік), істік (<іс-тік).

-лық (-лік), -дық (-дік), -тық (-тік) жұрнағы арқылы туа түбір зат есімнен жасалған термин ыңғайындағы туынды зат есімдердің жоғарыдағыдан басқа да жекелеген мағыналық топтары бар. Олардың мысалы мына бір тобы тағам мен өсімдік түрлерімен, жәндік, жануарлармен байланысты: тұздық (<тұз-дық), астық (<ас-тық), сәскелік (<сәске-лік), кештік (<кеш-тік), түстік (<түс-тік (обед)), тұқымдық (<тұқым-дық), уыздық (<уыз-дық), қымыздық (<қымыз-дық), инелік (<ине-лік), жәндік (<жән-дік) т.б.

Туа түбір зат есім мен -лық (-лік), -дық (-дік), -тық (-тік) жұрнағының қосылуынан жасалған туынды зат есімнің мына бір саласы адамның не малдың, соның ішінде жылқы малының да тек дене мүшелерімен байланысты болып келеді. Мысалы, қазақ тілінде ондай біраз сөз бар: қолтық (<қол-тық), кекілдік (<кекіл-дік), иектік (<иек-тік), шоқтық (<шоқ-тық), шашалық (<шаша-лық), бұғалық (<бұғақ-лық), иықтық (<иық-тық), иіндік (<иін-дік), белдік (<бел-дік), төстік (<төс-тік), арқалық (<арқа-лық), тізелік (<тізе-лік), қабырғалық (<қабырға-лық), желкелік (<желке-лік), жондық (<жон-дық), жауырындық (<жауырын-дық), кеуделік (<кеуде-лік), омыраулық (<омырау-лық), жаялық (<жая-лық), мұрындық (<мұрын-дық), ауыздық (<ауыз-дық), еріндік (<ерін-дік), мойындық (<мойын-дық). Қазақ тілінде осы келтірілген тіл құбылыстарына тікелей қатысты үзеңгілік, жүгендік, сулық сияқты да туынды зат есімдер бар. Бұлар да солай түбір зат есімге -лық (-лік), -дық (-дік) жұрнағы жалғану арқылы жасалған. Бұлар да солай – терминдік сипаты, номинациялық тиянақтылығы жағынан әбден орныққан дериваттар [81,114-117 б.].

Сонымен, -лық (-лік), -дық (-дік), -тық (-тік) жұрнағының қатысуымен жасалған жылқы малына байланысты сөздер: терлік (<тер-лік), қолтық (<қол-тық), кекілдік (<кекіл-дік), шоқтық (<шоқ-тық), шашалық (<шаша-лық), бұғалық (<бұғақ-лық), тізелік (<тізе-лік), қабырғалық (<қабырға-лық), желкелік (<желке-лік), кеуделік (<кеуде-лік), омыраулық (<омырау-лық), жаялық (<жая-лық), ауыздық (<ауыз-дық), үзеңгілік (үзеңгі-лік), жүгендік (жүген-дік), құндыздық (құндыз-дық), құйысқандық (құйысқан-дық), шідерлік (шідер-лік), ерлік (ер-лік), жаңбырлық (жаңбыр-лық), ауыздық (<ауыз-дық).

Бұлардың ішіндегі терлік (<тер-лік), ауыздық (<ауыз-дық) т.с.с. бірлі-жарым сөздерден басқасы түгелдей жылқының дене мүшелерінің атаулары болып табылады.

-гер (-кер). Бұл тұлғалық біраз түркі тілдерінің сөзжасам жүйесінде кездеседі. Бәрінде де ол кірме тіл құбылысы қатарында қаралады. -кер, -гер тұлғалығы иран тілінен енген деп саналады. Сірә, сол кірмелігіне байланысты болу керек, қазақ тілінде оның -ғар, -қар варианты қалыптаспаған. Парсының осы шақ дербес көр етістігінен пайда болған бұл –-гер, -кер жұрнағы қазақ тілінде көбінесе тұтас сөз күйінде араб, парсыдан ауысқан кірмелердің құрамында кездеседі. Ал туынды зат есім түріндегі мұндай кірмелер тілімізде біршама. Олар мыналар: балгер (<фалгир), жауынгер (<джәнгауәр), жәдігер (<джадугар), зергер (<зәргәр), құныкер (<хунгер), найзагер (<нәйзөгәр), саудагер (<соудагер), себепкер (<сәбәбкар) т.б.

Бұл топқа жылқы малына байланысты мініскер (<мунишкар) сөзі енеді. Сондай-ақ, бұл тұлғалықтың қатысуымен жасалған желіскер (рысак) сөзі де жылқы малына қатысты. Бұлардан басқа бапкер, шабыскер сияқты сөздер де осы жұрнақ арқылы жасалған. Ал, Құлагер, Маңмаңгер, Үркеккер дегендегі -гер жылқының түсін (кер) білдіріп тұр. Демек, бұл сөздердегі –гер қосымша емес, жылқының түсін білдіретін (кер) толыққанды сөз.

Демек, -кер, -гер жұрнақтары, біріншіден, жылқының түрлі қасиеттерін (желіскер, шабыскер) білдіретін, екіншіден, кәсіпті (бапкер) білдіретін сөздерде кездеседі.

Қорыта келе, синтетикалық тәсіл арқылы жасалған жылқы түлігіне байланысты сөздер негізінен -шы (-ші); -шақ (-шек, -шық); -паз; -пар; -ыс (-іс, -с); -гер (-кер), -лық (-лік), -дық (-дік), -тық (-тік) қосымшалары арқылы жасалады. Жылқы малына қатысты сөздердің сөзжасамында -лық (-лік), -дық (-дік), -тық (-тік) қосымшасы мен -шы (-ші) қосымшасы аталған қосымшалардың ішіндегі ең өнімдісі болып табылса, -паз; -пар жұрнақтары өнімсіз қосымшалар қатарына жатады. -шы/-ші жұрнағының қатысуымен әдетте мамандық, кәсіп атаулары жасалады. Атшы, жылқышы, биеші, атбапшы лексемаларының мағынасы да осы анықтамадан алшақ кетіп жатқан жоқ. Ал, құлыншақ сөзіндегі -шақ қосымшасы кішірейткіш мәнде қолданылса, атпаз семасының құрамындағы -паз жұрнағы жоғарыдағыдай кәсіп иесі дегенді білдіреді. -лық/-лік жұрнағының көмегімен тілімізде пайда болып, айналымға енген жылқы түлігінің дене мүшелерін білдіретін атаулар да біршама. Ал -кер/-гер қосымшасы тілімізде екі түрлі мәнде жұмсалады. Бұл қосымша Құлагер, Маңмаңгер, Үркеккер т.б. жылқы аттарында жылқының түсін білдірсе, бапкер лексемасының құрамында ол мамандық атауын беретін -шы/-ші жұрнақтарымен үндес. Ал, шабыскер, желіскер, мініскер сөздерінің құрамындағы мәні бұдан мүлдем өзгеше. Мұнда шапқыш ат, желгіш ат, мініске берік ат деген сапалық мағынаны білдіріп тұр.

 

1.4.2. АНАЛИТИКАЛЫҚ ТӘСІЛ АРҚЫЛЫ ЖАСАЛҒАН АТАУЛАР

 

Аналитикалық тәсіл өте көне тәсіл болып табылады. Бұл тәсіл әсіресе қытай, жапон тілдерінде кең тараған. Ағылшын, неміс тілдері де бұл тәсілге көбірек сүйенеді. Орхон жазба ескерткіштерінің лексикалық қорындағы күрделі сөздер аталмыш тәсілдің түркі тілдерінде де ерте замандардан бері қолданылып келе жатқандығын дәлелдейді.

«Аналитизм – күрделі аталым жасаудың, ұғымды бірнеше сөздердің тіркесі арқылы таңбалаудың, күрделі құрылымдық жүйені дара бірлік ретінде қалыптастырудың жолы, яғни әр түрлі мағынаны білдіретін тіркестердің бір номинативті мағына беретін бірлік ретінде жаңа номинативтік қызметке көшуі, сөйтіп, біртұтас тұрақты лексикалық мағынаға ие болуы, яғни лексема ретінде қалыптасуы [88;17].

Біртуар қаламгер І.Есенберлиннің “Көшпенділер” романында жылқыға қатысты этномәдени лексика молынан қамтылған. Әсіресе жылқының түр-түсін білдіретін атаулар өте көп. Романдағы жылқының түр-түсін білдіретін атауларды жалаң атаулар және күрделі атаулар деп жіктеуге болады. Біз тараушада аналитикалық тәсіл арқылы жасалған күрделі түр-түс атауларына талдау жасамақпыз.

Қазақ тілінде аналитикалық тәсілдің төмендегідей түрлері бар: 1) Сөзқосым; 2) Қосарлау; 3) Тіркестіру; 4) Қысқарту.

Сөзқосым тәсілі арқылы қазақ тілінде екі я онан да көп түбір сөздер біртұтас дыбыстық құрамға қосылып, бір лексикалық мағына беріп, бір ұғымды білдіріп, бір лексикалық единица жасайды, сондықтан сөздің осылайша жасалуы сөзқосым тәсілі арқылы жасау деп саналады.

Қазақ тіліндегі бұл тәсілдің орыс тілінен ерекшелігі – күрделі сөздердің компоненттерін байланыстыратын элемент жоқ. Мұндағы компоненттер ұзақ уақыт қатар қолданылу нәтижесінде бірігіп, қосылып кеткен. Бұл тәсіл арқылы жасалған сөздер дербес сөздер болып танылады, сонымен бірге оларды іштей жеке-жеке сөздерге жіктеуге келеді. Сыңарларының дыбыстық құрамына қарап, бұл тәсілді екіге бөлуге болады: 1) Біріктіру; 2) Кіріктіру.

Біріктіру тәсілі арқылы жасалған сөздердің ішкі сыңарлары өздерінің әуел бастағы дыбыстық құрамын толығымен сақтай отырып бірігеді. Мысалы, құлагер, күлсары, Ақжамбас, Тарланкөк, Ақсирақ тағы сол сияқтылар жатады.

Әсіресе, ортада келе жатқан, бүкіл Дәшті Қыпшақ жеріне әйгілі, “Ортеке” деп ат қойылған күлсары сайгүлік мінген жас әйел таңғажайып салтанатымен салтанатымен анадайдан-ақ көздің жауын алады [64,19 б.].

- Бар, қалқам, Тарланкөкті жіберген болсаң, басқа асауды үйрет, - деді [64,39 б.].

Сөйткенше болған жоқ “Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы бидің” алтыншы ұрпағы, ел кезген Асан ата ауыл сыртынан кеп, Ақсирақ жүрдегінің үстінен түсті [64,195 б.].

Тек түске дейін ұдайы шапса тері ғана шығатын Жәнібектің көкбуырылы ғана әлі тың еді [64,21 б.].

Кіріктіру тәсілі арқылы жасалған түр-түс атаулары біздің жинаған материалдарымызда кездеспейді.

Қосарлау тәсілі екі сөздің бір-біріне қосарлануы я бір сөздің қайталануы арқылы атау жасайды, ол тілде көне замандардан келе жатқан тәсілге жатады. Қазіргі қазақ тілінде де бұл сөзжасамдық тәсіл кеңінен қолданылады. Бұл тәсіл арқылы жасалған сөздердің сыңарлары мағыналас немесе мағынасы жақын сөздер болып келеді. Мысалы: құлын-тай, ат-тон, ат-арба, ат-көлік, ат-шапан. Және де бұл компоненттер бір сөз табынан тұрады.

Көп кешікпей қамалға қарай қара күбі қойылған ат-арба бара жатты [65,369 б.].

“Бағана Неплюев шатырының алдында судай жаңа қызыл сафьян былғары ер-тоқым жатыр еді [64,453 б.].

Аталмыш тәсіл арқылы жасалған қос сөздердің сыңарларының буын саны сай келіп отырады: жорға-жортаң, ат-тон. Бұл заңдылық бұзылса, буын саны аз компонент бірінші орында, буын саны көп компонент екінші орында тұрады: тай-тулақ, ат-сойыл, ат-көлік, ат-тұрман, ат-арба, тай-жабағы, ат-сайман, тай-құлын, ат-шапан тағы сол сияқтылар.

Екі бүйірінде Жоңғардың жал-құйрығын өріп тастаған тапал жылқысын мінген атақты атты әскері [64,517 б.]

Сыбан Рабтан көктем туысымен шабуылға шықпақ болды. Бұл көп жылқылы қазақ елінің тай-жабағысы піштірілген, жаңа аяқтанған қозы-лағының көшке ере алмайтын, ұрысуға ыңғайы жоқ кезі еді [65,307 б.].

Мысалдағы тай-жабағы  сөзінің сыңарлары бір сөз табынан тұрады, бір лексика-семантикалық топқа жатады,  және де буын саны аз компонент (тай) бірінші орында, буын саны көп компонент соңғы орында тұр.

Бұған қарама-қарсы жағдай өте сирек те болса кездеседі. Мысалы: құлын-тай, аттылы-жаяу.

Келтірілген мысалдардан байқайтынымыз, қосарлама тәсілі арқылы жасалған сөздердің бәрінде жинақтау мағынасы жатады. Мысалы: ат-сайман немесе ат-сойыл дегенді ат және оған керекті ат үсті жүріске қажетті құралдар деп түсінеміз, ер-тоқым десе, ат-әбзелдерінің жиынтығы екенін бірден аңғарамыз.

Бұл тәсіл арқылы жасалған сөздердің әдетте екі сыңары да бір сөзден құралады, кейде бұл компонеттер ешбір өзгеріссіз, түбір қалпында қайталанады: үйір-үйір, саба-саба, қос-қос. Кей жағдайда –лап/-леп, -дап/-деп, -тап/-теп қосымшалары жалғанады.

Үйір-үйірлеп матастырған жылқының кей тобы жел өтіне шыдай алмай ығуға айналды [65,355 б.].

Кейде екі компоненті қарама-қарсы мәндегі сөздерден келеді: аттылы-жаяулы тағы басқа. Кейде екі компоненттің бірі, көбінесе екіншісі, алғашқы сыңардың бірінші дыбысын өзгерту, я дыбыс қосылуы арқылы жасалады. Трилогияда ат-мат, ер-мер т.б. сөздер кездеседі. Мұндай сөздер қомсыну мағынасын береді.

Ал жылқының түр-түсін білдіретін сөздерге келсек, трилогиядан біз қосарлау тәсілі арқылы жасалған түр-түс атауларын кезіктірмедік.

Тіркесу тәсілі арқылы күрделі сөз жасалғанда, сөз тіркестері ұзақ уақыт қолданыла келе компоненттерінің мағыналары кірігіп, бір мағынаға көшеді. Бірақ олар өзінің сөз тіркесі кезіндегі бөлек жазылу қалпын сақтаған. Бұл тәсілмен жасалған сөздердің әрқайсысының объективті өмірде белгілейтін заттары да басқа-басқа. Осы сөздердің қайсысының болсын компонеттері де, олардың орны да тұрақты болады. Бұлар тілде дайын тұрған сөздер, әркім оларды осы құрамда, бір мағынада, бір заттың атауы ретінде қолданады. Сөйлемнің бір ғана мүшесі болады, сөз түрлендіруші қосымшалар олардың соңғы компоненттеріне ғана жалғанады. Бірақ олар дербес сөз болып танылмай жүр, өйткені сөз деп бірге жазылған, тұтас дыбыстық құрамдағы сөздер ғана алынып, күрделі сөздердің мағына бірлігі ескерілмей, сөздіктерде тіркес ретінде беріледі. Мұндай сөздерге ат лексемасына қатысты: ат арба, ат шана, ат тырма, ат соқа, ат дорба, ат жабу, ат қора, ат барабан, ат көпшік, сол сияқты құнан, дөнен, бесті сөздерінің тіркесуімен жасалған: құнан өгіз, құнан қымыз, құнан қой, дөнен қымыз, бесті қымыз тағы сол сияқты сөздер жатады.

Жылқының түр-түсін білдіретін атаулар сөзжасамында сөз болып отырған тәсілдің орны ерекше. Сөздердің тіркесіп келуі нәтижесінде жылқының түр-түсін білдіретін көптеген атаулар жасалып, сөздік қордан орын алған: теңбіл көк, ақ бөрте, тарлан боз, құла қасқа, ал қара көк, ақ табан, сұр жорға, қара қасқа, ақ қаптал тағы басқалар.

Нөкерінің бірі анандай жерде ұстап тұрған жал-құйрығы жерге төгілген теңбіл көгін алдына тарта берді [64,274 б.].

Өз әкем Құдайменді сұлтанға да отыз мың қара көк пен күрең бітті емес пе.. [65,101 б.].

Бұл күрделі сөздердің әрқайсысы бір тұтас лексикалық мағына береді, яғни, түр-түсті, сындық белгіні білдіреді. Мұндай күрделі сөздердің де компоненттері тұрақты, орны берік, араларына басқа сөз түспейді. Күрделі сөздердің жеке компоненттері синтаксистік байланысқа түспей, олар тұтас бір сөз ретінде ғана басқа сөздермен байланысып, сөз тіркестерінің бір компонеті болады, сөйлемде бір сөйлем мүшесі қызметін атқарады. Бұлар – субстантивті күрделі атауларға жатады. Осы күрделі сын есімдердің бәрі бір тірек компонент арқылы жасалғандықтан, оларда ортақ мағына бар, ол ортақ мағына тірек компоненттен туып тұр, сол арқылы бұл күрделі сөздердің мағыналары байланысып тұр. Сөйтіп туынды түбірлерде мағына байланыстылығы түбір сөзге қатысты болса, күрделі сөздердің мағына байланыстылығы тірек компоненттің мағынасынан шығады. Расында да жылқының ақ шұбар, қара шұбар, боз шұбар тағы басқа түрінің жасалуына тірек компонент болып тұрған сөз – шұбар. Сондықтан осы күрделі сөздердің бәрінің мағынасына ол тірек болып қатысып тұр, сол арқылы мағыналық байланыс туып отыр. Ала түсі жөнінде де осыны айтуға балады.

Бұл хабарды естігенде қас жаулары, әсіресе, Әбілқайыр жерін алып, суын алып, қиянаты көп өткен кейбір қазақ ауылдары көк ала жылқы құрбан шалып, қуанышқа кенелді [64,247 б.].

Кілең көк аланы айдап апарып ол, Мұхамед-Шайбани жасақтарынан жер шұқып қалған кедей ауылдарға бөліп берді [64,285 б.].

Яғни, тіркесу тәсілі екі я онан да көп сөздердің тіркесіп, бір мағынаға ие болуы арқылы сөзжасамды іске асырады, сонымен бірге бұл компоненттер – түбір сөздер болып табылады. Жылқының жоғарыдағы түр-түсіне байланысты күрделі сөздердің компоненттері түгелдей түбір сөздер, сын есімдер болып келеді.

Күрделі атауларды Ә.Қайдаров, З.Ахтамбердиева, Б.Өмірбеков тәрізді ғалымдар тұлғалық және мағыналық жағынан тағы екі топқа бөліп қарастырады. Бірінші топ – негізгі екі түр-түс атауының өзара тіркесуі арқылы жасалған күрделі атаулар; екінші топ – негізгі түр-түс атауларының біреуі, не екеуі қатысып басқа сөздермен тіркесуі арқылы жасалған күрделі атаулар [26].

Сөйтті де, астындағы ақ боз жорғаны тебініп қалды. Жорға шоғырланған топқа қарай ырғала жөнелді [64,232 б.]

Мысалдағы ақ боз атауы осы бірінші топқа жатады. Екі түр-түс атауының тіркесіп келуі нәтижесінде жасалып тұр.

Жоғарыда аталған ғалымдар күрделі атауларды компонент санына байланысты: 1) Екі компонентті; 2) үш және көп компонентті (күрделі) түр-түс атаулары деп топтастырады.

Екі компонентті түр-түс атаулары екі сөзден тұрады, олар екі түстің қосындысын білдіреді. Қосарланып, күрделеніп тұрған түсті анықтаушы тіркестің ең соңғы компоненті сол түстің доминанты болып есептеледі. Мәселен, қара кер, құла кер деген түстердің доминанты – кер де, алдыңғы қара мен құла сөздері кер түсінің қосымша реңкін, бояуын анықтаушы сыңарлары. Сонда мақпал қара, жылтыр қара, сүліктей қара, тобылғы торы, кер торы, қара торы деген түс атауларының доминанты қара және торы сөздері болып тұр. “Қара” мен “торының” табиғатын айқындап тұр.

Бірақ қырағы көз Абылай, Бұқар жыраудың астында өзінің бәзбаяғы топай торысы екенін анадайдан-ақ көрді [64,568 б.].

Бұдан екі жүз жыл бұрын бүкіл әлемді тітіреткен Ақсақ Темір көреген Алтын Орда астанасы Сарайға қандай айбармен кірген болса, енді сол Алтын Орда хандарының ұрпағы Тәуекел хан, сары алтынмен қақтаған ер-тұрманды сүліктей қара арғымағын ойнатып, сондай айбармен Самарқантқа кірді [64,398 б.].

Ғалымдардың айтуы бойынша, егер екі компонентті атаулардың ең соңғы сөзі түр-түстің өзін білдірмесе, онда негізгі мағынаға екеуі де ортақ болады. Мәселен, қара төбел, ақ бақай, көк мойын деген тіркестердегі қара, ақ, көк түстер жылқының түсін түгел емес, белгілі бір бөлшегін ғана (төбелін, бақайын, мойнын) анықтап тұр. І.Есенберлиннің “Көшпенділер” тарихи трилогиясында жылқының мұндай түстері аз емес.

- Мен бармын! – деді Қамбар батыр астындағы қара сирақ тұлпарын тебіне түсіп, алға қарай ұмтыла беріп [64,216 б.]

Көп ішінен қара қасқа жүйрік мінген қара сұр жігіт суырылып алға шыға берді [64,547 б.].

Кескілескен ет, жосылып аққан қан, ата жауына қарсы өшіге ұмтылған ерлер, алдыңғы екі аяқтарын көкке көтере, найзаға кеудесін тосқан кер төбел, мақпал қара, құлагерлер... [64,548 б.].

Алдарында есік пен төрдей қара қасқа айғыр мінген, қисық бұқар қылышын басынан аса үйірген Иман батыр... [65,282 б.].

Аталған ғалымдар осы ерекшеліктерді ескере отырып, екі компонентті түр-түс атауларын былайша жіктейді: 1) Екі компоненті де негізгі түсті білдіретін атаулар: қара ала, ақ боз; қара кер; қара көк, қызыл күрең, қара көк; құла жирен; күрең қызыл, қара торы; боз шұбар т.с.с.

Басын шұлғып тастап, жіті басып аяңдағанда, екі жағындағы – шабдар байтал мен кәртаң тартқан қара көк ат – желе түсіп, әзер еріп келеді [65,229 б.].

Екі компонентінің біреуі ғана түр-түсті білдіретін атаулар құрамына енетін компоненттің не алдыңғысы (анықтауышы), не артқысы (анықталушысы) негізгі түстің қосалқы мағына-мәнін білдіру үшін қолданылады. Оларға: қасқа, төбел, жал, танау, бақай, бас, бауыр, сауыр, айыл, табан, қаптал, мойын, тобық, тұяқ, аяқ, сирақ, құйрық, тірсек, бел, тайпақ, ысқаяқ, меңді, жалпақ, әсем, сұлу, кербез, қан, шаңқан, тобылғы, сүлік, мақпал, шал, ор сияқты не жылқының мүшелерінің, не оның ерекше белгілерінің, я  мінез-құлқын, жүріс-тұрысын, көркін тағы басқа сипатын білдіретін сөздер жатады. Мысалы: мақпал қара, сүліктей қара, қан жирен, маңғаз торы, меңді жирен, кербез торы, әсем қоңыр, көк шолақ, тепең көк т.б.

Бұлардың мінгендері жал-құйрығы түйілген қамыс құлақ, бөкен сан жүйрік, не болмаса құлан қандас бота тірсек сүліктен жаратылған будан [64,572 б.].

Астында тобылғы күрең ат, үстінде қоңыр түйе жүн шекпен, басында төрт салалы пұшпақ бөрік [65,6 б.].

Астында оқтаудай боп жараған күзен күрең [65,229 б.].

Мұндағы мақпал қара, сүліктей қара, күзен күрең атауларының анықтауышы зат есімнен (күзен – аң, күзен күрең//күзендей күрең), анықталушысы сын есімнен болып келеді және де жылқының түсінің ерекшелігін (жай қара емес, мақпалдай қара, күзендей күрең) білдіреді.

Бұл тіркестердің бәрі де тілде қалыптасқан тұрақты тіркестер санатына жатады. Бұл тіркестердің бір ерекшелігі, бұлардан кейін ат, бие, айғыр, тай, дөнен, бесті, құнан, байтал сияқты жылқы атауларының тұруын талап етпейді.

Жылқы малының түр-түсін білдіретін үш және одан да көп компонентті күрделі атаулардың жасалуына көбіне-көп жоғарыдағы екі компонентті атаулар негіз болады. Ә.Қайдаровтың пікірінше, бұл тәсіл түр-түске үстеме мағына артудан гөрі, оны дәлірек айтып, анықтай түсуді мақсат етеді. Мәселен, бақайының ағы бар торы жылқыны торы ат дей салсақ, жылқының құлағында ойнап өскен қазақ үшін тым жалпылама, дәл аталмаған болар еді. Сондықтан да ол жылқы түсін оның барлық түр-түс, мінезіндегі, дене бітісіндегі көзге ұрып тұрған ерекшеліктердің бәрін тізіп айтуға бейім тұрады. Мысалы: ақ бақай торы, жалпақ бел жирен, ақ жал торы, маңғаз қара жирен, көк жал қара, мұздай қара көк, ақ танау қара (айғыр) тағы басқа. Әрине, мұндай тіркестердің бәрін ұдайы қолданылатын қалыптасқан, тұрақты тіркес деп айтудан біз де аулақпыз.

І.Есенберлиннің “Көшпенділер” трилогиясында жылқы малының түр-түсін білдіретін үш және одан да көп компонентті күрделі атаулар көп емес.

Шолақ құйрық күрең айғыр мінген хорунжий алдында келе жатыр [65,47 б.].

Ең алдында есік пен төрдей ала аяқ күрең мінген батыр, үстіндегі сауыты күнмен шағылысады, одан кейін боз атты біреу [65,51 б.].

Сүмбідей сұлу бедеуінің үстінде қорғасын құйған құлжа асығындай берік отырған осынау жас жігіттің сымбатына сүйсінгендей көзінде бір сәуле жалт етті де, кенет үрлеп сөндірілген білте шам жарығындай жоқ болды [65,30 б.].

Астында есік пен төрдей, ай табанды жайма жал қара көк айғыр. Тақымында келте шоқпар, қарына темір бауырлы қайың сойыл ілген [64,7 б.].

Астында омырауы сала құлаш, жотасы тақтайдай құйма тұяқ қара көк; қатты аяң, майда желіспен әлде нені әңгіме етіп, қарқ-қарқ күліседі [64,572 б.].

Автор шығармасында жылқының түр-түсіне қатысты күрделі атауларды “көркем сөздің бейнелеу, суреттеу, әсірелеу талаптарына сай” [26,98 б.] қолданады. Сонымен қатар жылқының түр-түсіне қатысты шебер жасалған күрделі атаулар бірегей жазушының талғам-танымын, шеберлігін паш етеді.

Сонымен, қазақ тілінің сөздік қоры жылқы малының түр-түсін білдіретін сөздер мен сөз тіркестеріне өте бай екендігіне көзімізді жеткіздік. Романдағы жылқы малының түр-түсін білдіретін атаулар академик Ә.Қайдаридың ізімен жалаң және күрделі атаулар деп екі топқа бөліп қарастырылды. Ал күрделі атаулар тұлғалық және мағыналық жағынан тағы екі топқа бөлінді. Бірінші топ – негізгі екі түр-түс атауының өзара тіркесуі арқылы жасалған күрделі атаулар, екінші топ – негізгі түр-түр атауларының біреуі не екеуі қатысып басқа сөздермен тіркесуі арқылы жасалған күрделі атаулар. Олар компонент санына байланысты: 1) екі компонентті; 2) үш және көп компонентті (күрделі) түр-түс атаулары деп топтастырылып қарастырылды. Екі компонентті атаулар іштей тағы екі топшаға бөліп қарастырылды: 1) екі компоненті де негізгі түсті білдіретін атаулар; 2) екі компонентінің біреуі ғана түр-түсті білдіретін атаулар

Қорыта келе, жылқы малына байланысты сөздер мен сөз тіркестерін жасауда аналитикалық тәсіл кеңінен қолданылады. Жылқы малына байланысты сөздердің сөзжасамында кіріктіру және қысқарту тәсілдері арқылы жасалған модельдер кездеспейді. Ал жалпы тілімізде жылқы малына қатысты біріккен сөздер, қосарлама қос сөздер, қайталама қос сөздер, тіркестіру тәсілі арқылы жасалған сөздер молынан ұшырасады.

 

1.4.3 ЛЕКСИКА-СЕМАНТИКАЛЫҚ ТӘСІЛ АРҚЫЛЫ ЖАСАЛҒАН АТАУЛАР

 

Сөзжасамның лексика-семантикалық тәсілі арқылы жасалған сөздер жаңа мағынаға ие болады. Олар көп мәнді болып келеді, ең бастысы омонимдік қатар түзеді. Сондай-ақ осы тәсіл арқылы сөздер о бастағы мәнін жоғалтып, не болмаса әлсіретіп басқа бір сөз табының қатарынан танылады. Мәселен, “біреу ән шырқап отыр” дегенде, біреу сөзінің алғашқы негізгі (сандық) мағынасынан енді әлдекім, белгісіз біреу деген адам мәніндегі есімдік сөз табын түсінеміз. Лексика-семантикалық тәсіл арқылы сөздің әуелгі мағынасын өзгертіп, бір сөз табынан екінші сөз табына өту құбылысы ғылымда конверсия деп те аталады. Бұл тәсілдің ішкі ерекшеліктері де бар. Аталмыш тәсілмен жасалған сөз мағынасын өзгерткенімен, әрдайым бір сөз табынан екінші сөз табына ауыса бермейді, кейде мағынасы өзгергенімен сөз басқа сөз табына көшпей, сол сөз табында қалады, ал кей жағдайда басқа сөз табына көшу де жиі кездесіп тұратын құбылыс. Мәселен, ақбайтал, қылқұйрық, аққұйрық сөздерін мысалға алалық. Аққұйрық шайдың атауы болса, қылқұйрық жалпы жылқы түлігінің атауы, ақбайтал сөзі жаяу борасын мағынасын береді.

Қақырды қар жапалақ баспалатып,

Түсірмей түкірігін аспанға атып

Арсылдап алақаншық соқты боран,

Бурадай бұрқ-сарқ етіп шегін тартып.

Ақбайтал кесе тұрып жапты күртік,

Асығыс жүре алмайсың атпен жортып.

Ақ шатыр асуларға отау тігіп,

Беткейдің бетегесін кетті желпіп. (Н.Ахметбеков).

Мұндағы ақбайтал, алақаншық сөздері бүгінде ұмытылып бара жатқан көненің көзі, ұлттық табиғатымыз тудырған желдің, боранның атаулары.

Сөзжасамның лексика-семантикалық жолын кейбір түркітанушы ғалымдар (Б.О.Оразбаева, Ф.А.Ғаниев т.б) өте көне тәсіл деп санаса, енді біреулері (Ғ.С.Садвакасов т.б) бұл жолды сөзжасамға тән тәсіл деп қарамайды. Соңғылардың дәлелі – сөзжасам қалай болғанда да белгілі бір қосымшалар жалғау жолымен жасалады деуі.

Бұл тәсіл көбінесе, омонимдік қатарларда жұмсалатын сөздердің жасалуында қолданылады. Бұл ретте дыбысталуы бірдей сөздер сөйлемде қолданылу орайына қарай әр түрлі сөз табын құрайтын болады. Ал, мұның өзі, сайып келгенде, сөзжасамның байлығын көрсететін лексикалық жол болып табылады. Мысалы,  жүз сөзін алып қаралық. Бұл сөз басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсу арқылы бірде заттық, бірде сандық, енді бірде қимылдық мәндерде жұмсалады. Осыған орай ол зат есім, сан есім және етістік тәрізді сөз таптарының қатарынан танылады.

Осы ретте тақырыбымызға қатысты бесті сөзіне тоқталмақпыз. Мысалы, Бәйге алмаған тұлпардан Белі берік бесті артық” деген мақал құрамындағы бесті сөзі заттанып тұр. “Бірақ бұл субстантивтену реестрлік дәрежеге әлі жетіп үлгермеген. Өйткені бесті сөзінің әлі де болса сын есімдік қасиеті басым (бесті айғыр, бесті ат, бесті қымыз)” [81,165 б.].

Байтабын Бопайдың желдей жүйрік атақты кербестісінің айылын босатып, ер-тоқымын жөндеп қайтадан ерттеді [65,144 б.].

Ақауыз көкбестіні көсілте салған, зілдей найзасын оң қолымен ойната көтерген Наурызбай өзі жігіттерінің алдында... [65,279 б.].

Мысалдардағы кербесті, көкбесті сияқты күрделі атаулар да субстантивтенген. Субстантивтенген сөздер қатарына жылқының түр-түсін, ерекше белгілерін, мінез-құлық, жүріс-тұрысын, көркін тағы басқа сипатын білдіретін сөздер жатады. Мысалы: қара қасқа, көк қасқа, торы төбел, боз төбел, ақ жал, қара жал, ақ бақай, ала бас (айғыр), сары бауыр, көк сауыр, көк айыл, ақ табан, ақ қаптал, көк мойын, сары мойын, ала аяқ, ала сирақ, тайпақ қара, мақпал қара, сүліктей қара, тобылғы торы, қан жирен, маңғаз торы, меңді жирен, кербез торы, тепең көк, сандал көк, кер жайдақ, бәйге күрең, кер бедеу, саяқ торы, сұр жорға, боз жорға т.б. Бұлар тіліміздегі қалыптасқан тұрақты тіркестер қатарына жатады. Бұлардың бір ерекшелігі: өзінен кейін, мәселен, ат, бие, айғыр, тай, құнан, дөнен, бесті, байтал сияқты жылқы атауларының тұруын талап етпейді, яғни, олар заттану процесіне ұшырап отыр. Сонымен қатар, ешқандай қосымшалардың қатысуынсыз, дыбыстық құрамын сақтай отырып, мағыналарын өзгертіп, сындық мағынадан заттық мағынаға ауысып отыр. Жалпы заттану – ықшамдалу заңдылығына байланысты болатын құбылыс екендігі белгілі.

Қазақ жылқы түлігін құрмет тұтып, оны қасиетті деп санаған. Ата-бабамыз жылқыны қастерлеп қылқұйрық деп атаған. Бұл лексема да сын есімнің заттануы нәтижесінде пайда болған.

Тілімізде жылқы түлігіне қатысты жалпыхалықтық субстантивтер де баршылық. Солардың бірі – атты сөзі. Бұл сөздің субстантивтенуі төмендегі мақалдан анық көрінеді: Аттыға еріп жаяудың таңы айырылыпты. Сөз таптарының барлығы да субстантивтенеді. Жылқы малының түр-түсін білдіретін сын есім сөздердің барлығы дерлік субстантивтенуге бейім тұрады.

Нашар киінген жалғыз аттыны ешкім аңғара қоймас деген. Арқа жігіттерінің ең таңдаулы жүйрігін мініп жолға шықты [64,353 б.].

Атқамінер сөзі де семантикалық тәсілмен жасалған күрделі субстантив. Бірақ бұл сөзде номинациялық (атаулық) ұғымынан гөрі образдық сипат үстемірек.

Сыңарлары бір-бірінен ажырамайтын, мағыналары көмескі күрделі субстантивтер тілде жалпы сирек ұшырасады. Мысалы, сайгүлік. Сайгүлік субстантивінің екінші сыңары мақал-мәтелде, кейбір поэзиялық шығармада кісі есімі болып та, өз алдына жеке де қолданылады: Күзде күлік жүгіреді, Көктемде жілік жүгіреді (мақал).

Атау тұлғалы күрделі субстантивтер құрамы жағынан үнемі есім типті ғана болып келе бермейді. Сонымен қоса олардың бір сыңары, көбінесе соңғысы, есімше тұлғасында келіп отырады. Мұндай тіл құбылыстарының да біразы реестрлік (номинациялық) дәрежеге жеткен. Мысалы: сіргемөлдіретер, атұстар, атбайлар.

Тілімізде реестр сөз дәрежесіне әзір жете қоймаған, бірақ соған таяу, “жолайрықта” тұрған күрделі субстантивтер де бірталай: жат жұрттық, жат жерлік, шетелдік тағысын тағылар. Біздің тақырыбымызға қатысты – көлік мәніндегі бұтартар, аяқартар сөздері.

Лексика-семантикалық тәсілге сөз мағынасының кеңею және тарылу құбылыстары да жатады. Жалпы сөз мағынасының кеңеюі және тарылуы оның сыртқы дыбысталуына әсер етпейді, яғни, өзгертпейді. Мағынаның тарылуы – бұл ой желісінің жалпыдан жекеге айналуының көрінісі. Мәселен, бүгінде көне түркі тіліндегі қол, тары, тон атауларының өте кең мағынада қолданылғанын әркім біле бермейді. Тон жалпы киім-кешек атауы болса, тары егін, астық деген мағыналарда жұмсалған.

Жылқыға байланысты осындай бір атау – қысырақ сөзі. Бұл лексема қазір қысыр байталдар үйірі деген мағынаны береді.

Осыдан екі жыл бұрын Ұлытауға арқар атуға бара жатып жұтаң қыстың аяғы қатты боранға айналып, үш күн Тайкеткен өзенінің бойындағы Айыртаудың ық жағындағы Әбілқайыр ханға жататын қысырақтың үйірлерін бағып жатқан, маңайында тұлдыр жоқ қосқа аялдаған [64,71 б.].

Бұл сөз ертеректе жалпы бие деген ұғымның орнына, яғни, кең мағынада қолданылған. Мысалы: қыз бірла күрешме, қысырақ бірла жарыспа (ярышма) [69; 394-б].

М.Қашқари сөздігінде құлынлық қысырақ [89] – “құлынды бие”, қысырақ құлнады – “бие құлындады” [89] сияқты тіркестер кезігеді. Бұл сөз осы мағынада одан кейінгі  кездегі әдеби нұсқаларда да ұшыраспайды. Мысалы, “Кодекс Куманикусте” қысырақ бие дегеннің орнына жұмсалған. Қазір қысыр деген сөз барлық түркі тілдерінде кездеседі, бірақ онда тек бие деген мағынаны ғана білдірмейді, қысыр сиыр, қысыр бие, қысыр інген болып қолданылады, ал қысырақ деген сөз бие мағынасында азербайжан тілінде ғана кездеседі.

Ертеде жиі және кең мағынада қолданылған қысырақ деген сөз бертін келе мағынасы тарылып, қолданылуы сиреп, көптеген түркі тілдері сөздігінен шығып қалған [90,50 б.].

Демек, қысыр сөзі мағыналық даму барысында семантикалық өзгеріске ұшырап, тек биеге байланысты ғана емес, басқа да төрт түлік малға байланысты қолданыла бастады. Мұндай тілдік деректер жөнінде академик І.Кеңесбаев былай деп жазады: “Даму барысында сөздердің мағынасы кейде кеңейеді, кейде тарылады”.

“Диуану”, “Құтадғу біліг”, “Кодекс куманикус”, “Тефсир” тәрізді көне түркі тілдерінің ескерткіштерінде “йылқы” лексемасының “үйірдегі тұяқты мал” деген мағынаны бергені жөнінде деректер келтірілген.

Яғни, ертеректе “йылқы” атауы “мал” сөзінің синонимі болған, мал атаулының жалпы атауы болған. Сөйтіп, уақыт өте келе жылқы лексемасының “үйірдегі тұяқты мал” деген мағынасы өзгеріп, яғни аталған атау сөз мағынасының тарылуы процесіне ұшырап, қазіргі уақытта тек жылқы малына қатысты ғана қолданылатын болды.

Жабағы. Жылқы төлінің жас ерекшелігіне қарай қолданылатын бұл атау да “бөлшектің бүтінге айналу” заңдылығы бойынша жасалған. Жан-жануарлардың көктемде тастайтын жүні жабағы жүн деп аталады. Бұл лексеманың өзара іргелес байланыстағы денотаттардың атауы болып жұмсалуы еш күмән туғызбайды... Жабағы сөзінің жалпы семантикасы жылқының 6 айдан асқан, алғаш қар басқан, өткен жылы туып, түлем жүнін тастаған төлі дегенге саяды [45,14 б.].

Сыбан Рабтан көктем туысымен шабуылға шықпақ болды. Бұл көп жылқылы қазақ елінің тай-жабағысы піштірілген, жаңа аяқтанған қозы-лағының көшке ере алмайтын, ұрысуға ыңғайы жоқ кезі еді [64,307 б.].

Тіліміздегі лексика-семантикалық тәсіл арқылы жасалған жылқы малына байланысты сөздерге жылқы малының жасын, түсін тағы басқа қасиеттерін білдіретін сөздер жатады. Олар заттану құбылысы нәтижесінде сын есімнен зат есімге айналады (бесті, боз жорға, сандал көк). Яғни, жылқы малының түр-түсін білдіретін сөздер заттану процесіне басқалардан гөрі бейімірек келеді. Алайда, есімше тұлғалы субстантивтер көп емес: сіргемөлдіретер, атұстар, атбайлар, бұтартар, аяқартар.

Ал сөз мағынасының  өзгеруі арқылы жасалған тілдік единицаларға – қысырақ, жылқы, жабағы сөздерін жатқызуға болады. Қысырақ, жылқы сөздері сөз мағынасының тарылуы нәтижесінде жасалса, жабағы лексемасы “бөлшектің бүтінге айналу” заңы бойынша жасалып, сөздік қордан орын тепкен.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

2 І.ЕСЕНБЕРЛИННІҢ “КӨШПЕНДІЛЕР” РОМАНЫНДАҒЫ ЖЫЛҚЫ АТАУЛАРЫНЫҢ ЭТНОМӘДЕНИ ЖӘНЕ СИМВОЛДЫҚ НЕГІЗДЕРІ

 

Этнолингвистика - латын тілінен аударғанда халықтың тіл білімі, яғни халық пен тілдің байланысы деген ұғымды білдіреді екен. Бұл ғылым  өз бастауын Америка Құрама Штаттарынан алады. Оның негізін  қалауға Э.Сепир, Ф.Буаз, Б.Уорфф сияқты ғалымдар ат салысты. Олар үндістердің мәдениетін, тұрмыс – салтын зерттеп, тіл білімінің жаңа бір саласына жол ашты. Алайда олар этнолингвистиканы социолингвистиканың бір саласы деп қарастырды.

Ресейде бұл мәселемен Ф.И.Буслаев, А.А.Потебня айналысты. Дегенмен, американдық әріптестері сияқты бұл ғалымдар да аталмыш саланың мақсат-міндеттерін жете түсінген жоқ. Ең алғаш ғылыми түрде этнолингвистикалық зерттеу жүргізген ғалым – академик А.Н.Толстой. Ол тіл біліміндегі бұл саланың орнын, зерттеу объектісі мен мақсаттарын белгілеп берді. Оның пікірінше: “Этнолингвистикаесть раздел языкознания или – шире-направление в языкознании, ориентирующее исследователя на расмотрение соотношения и связи языка и народного творчества, их взаимозависимости и разных видов их корреспонденции...” [91,182 б.].

Этнолингвистика (грек. Ethnos – халық, тайпа және лингвистика) – тілді мәдениетпен, тілдік, этномәдени және этнопсихологиялық факторлармен байланыстыра қарастыратын тіл білімінің бағыты. Кең мағынада, этнолингвистика – мәдениетті, халық психологиясын, мифологияны лингвистика (тіл) арқылы зерттейтін кешенді пән. Этнолингвистика семантика мәселелерін де қарастырады. ХХ ғ. 70-80 ж.ж. фольклористикаға назар аударыла бастады, зерттеулер тіл мен мәдениеттің өзара байланысын ашуға бағышталды. Әлеуметтік лингвистика, психолоингвистика, этнография шеңберінде тілдердің тарихын зерттеу көзделді, ол үшін сол тілде сөйлеушілердің этникалық (ұлттық) тарихын зерттеу қажет болды. Тіл мен мәдениеттің арақатынасы шеңберінде болатын түсініктерді (мағыналарды анықтау, тілді белгілер жүйесі деп танудан туындайтын мәселелерді шешу және т.б.) этнолингвистика пәні қарастырады [92,275 б.].

Ал қазақ тілінде бұл саланың қалыптасуы академик Ә.Қайдаровтың есімімен байланысты. Ол “этнос болмысы”, “тіл әлемі” сияқты термин-ұғымдарды ұсынады. Ғалым: “Біздің пайымдауымызша, “этнос болмысы”этностың ұлттық бейнесі, тарихи тұлғасы және ол туралы реальды шындық (реальная действительность). Басқаша айтқанда: “этнос болмысы” дегеніміз - этностың сонау балаң кезінен бүгінгі есейген шағына дейінгі кешірген өмір-тіршілігінің айнасы, оның тілі арқылы қалыптасып, жадында сақталып, ұрпақтан нәсілге мирас болып ауысып келе жатқан бай рухани-мәдени қазынасы.

...Этнос туралы осыншама мол деректер мен мағлұматтарды тек тіл ғана өз бойына сыйғызып, сары майдай сақтап, шашпай-төкпей ұрпағына жалғастыра алады.

...Сонымен, “тіл әлемі” дегеніміз – этнос болмысына қатысты мыңдаған, тіпті миллиондаған мағыналық бірліктердің жиынтығы, синтезі”, - дейді [25,11 б.].

Сонымен, этнолингвистика деп, тіл мен сол тілде сөйлеуші этностың (халықтың) байланысын, яғни бір-біріне әсер етіп отыратын лингвистикалық және этносқа қатысты факторларды өзара бірлікте, қатар қойып зерттейтін тіл білімінің саласын айтамыз.

Тіл білімі тарихының өте ертеден басталатыны тәрізді, тіл мен этностың ара-қатынас мәселесі де әріден келе жатқан, ежелгі құбылыс.

“Ұлтты сақтайтын төрт қорғаныш бар. Адамның дене мүшелерінің ішінде өкпе, бауыр, жүрек және ми қаншалықты маңызды ағзалар болып табылса, әскер, тәуелсіздік, тіл және ұлттық сана – ұлттың сондай үлкен төрт қамалы.

Белгілі бір ұлт әскерінен айырылуы мүмкін. Тәуелсіздігін де жоғалтуы мүмкін. Бірақ тілі сақталып тұрғанда – ол ұлттың өмір сүргені. Тілін жоғалтқан ұлт - өлген ұлт. Әйтсе де белгілі бір ұлт өз еркінен тыс себептермен тілін жоғалтқанымен, ұлттық санасын сақтап қалған болса, ол күндердің күнінде сол ұлттық санасының арқасында өз шынайы бейнесін еске түсіріп, өз тілін қайта үйреніп, тірілтуі мүмкін.

Ұлттық сананың сергектігі ұлттардың өмір сүру қабілетімен өлшенеді.

Ұлттық сана сергек жерде жат жұрттықтардың сырнайының үні шықпайды.

Ұлттық сана сергек жерде тіл қызғыштай қорғалады. Ұлттық сана – ұлттың өмір сүру көрінісі, өмірінің қайнар көзі және қуатты қаруы” [93].

Сонымен, ұлттық сана мен тіл – этностың ең тұрақты, ең бір басы ашық негізгі көрсеткіштері. Ал тұрақтылығы бұған қарағанда осалдау, өзгеруге бейім территориялық бірлік, экономикалық – шаруашылық және мәдениет тұтастығы тағы басқа этностың қосалқы белгілері болып танылады.

Яғни, этнолингвистика этнос пен оның тілін тұтас бір жүйе деп алып, тығыз байланыста қарастырады. Демек, халықтың өткен жолын, даму, қалыптасу кезеңдерін тек материалдық дүниелер ғана емес, сол этностың өзімен бірге біте қайнасып, жасап келе жатқан тілінің деректері негізінде де анықтауға болады. Өйткені академик Ә.Қайдари айтқандай, “тіл – тұла бойы тұнып тұрған тарих”.

Тіл арқылы ұлттық менталитетті де тануға болады. Жазу – сызуы болмаған халықтардың салт-санасы, әдет-ғұрып, наным-сенімі, тұтынған заттары, киімі, тамағы тағы басқалары түгелдей тіл деректері арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырады.

Тіл деректері деп отырғанымыз – сөздер, сөз тіркестері, фразеологизмдер, мақал-мәтелдер. Тіл фактісі ретінде кездеспейтін заттар мен құбылыстарды, ұғымдар мен түсініктерді этнос өмірінде мүлдем болмаған, ал болған ретте халық жадынан шығып, із-тозсыз жоғалған, ұмыт болған деп қарауға болады.

Этнолингвистиканың негізгі зерттеу объектісі – этнографизмдер, дәлірек айтсақ, этнографиялық лексика.

“Этнографизмдер дегеніміз - өткен тұрмысымызда болған, көбі әлі де қолданылып келе жатқан тұрмыстық бұйымдардың, белгілі бір кәсіпке, шаруашылыққа, салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа, наным-сенімге, баспанаға, киім-кешекке, ішер асқа, туыстық қатынасқа, ел билеу ерекшелігіне, заң тәртібіне, әдеттік правоға байланысты қолданылатын, халқымыздың тұрмыстық және тілдік ерекшелігін көрсететін арнаулы атаулар мен сөз тіркестері” [94,19 б.].

Этнографиялық лексиканың құрамында өткен өмірді бейнелейтін сөздер мен сөз тіркестері көптеп кездеседі. Бірақ олардың көбі күнделікті қарым-қатынаста айтылса да, бәрі бірдей бүгінгі ұрпаққа түсінікті бола да бермеуі мүмкін. Олардың арасында қолданыс аясы тарылып, о бастағы мағынасының күңгіртеніп, не мүлдем ұмыт болғандары да аз емес. Бұлардың этнографиялық мазмұнын, дәстүрлік қолданысын зерттеу – этнолингвистиканың үлесіне тиген міндет.

Кейінгі кезде қазақ этнолингвистикасы да жан-жақты дамып келеді. Е.Жанпейісов, Б.Қалиев, Ж.Манкеева, А.Жылқыбаева сынды ғалымдарымыздың осы саланы дамытуға қосқан үлестері айтарлықтай.

Академик Ә.Қайдаров “қазақ этнолингвистикасының бүгінде өзінше түйген ой-тұжырымы, өзінше бағамдап, бағдарлауы, өзіме тән деп айта алатын ерекшеліктері жоқ емес” дейді де, соларды санамалап көрсетеді:

1. Қазақ этнолингвистикасының өзі үшін (басқалар үшін де!) біржолата басын ашып, айқындап алған мәселесі – Қазақ этносының ұлттық бейнесін, өзіндік болмысын толық та түбегейлі түрде тек оның тіл байлығы – “тіл әлемі” арқылы ғана жан-жақты танып-білуге болатындығы.

2. Қазақ этнолингвистикасы алдына қойған мақсаттың үддесінен шығу үшін этнос тіліне қатысты көптеген қоғамдық пәндермен де, лингвистика салаларымен де бірлесе отырып, өзара сыбайласа, іліктесе әрекет ететін, бірақ олардың бірде-біреуінің шылауында жүрмейтін, пәнаралық қызмет атқарып, “қолбала” да болмайтын,  өзіндік үрдісі мен принциптерін сақтаушы әмбебап ғылым.

3. Қазақ этнолингвистикасы қазақ тілінің лексикалық байлығын мүмкін болғанынша (жетер жеріне жеткізе) түгел қамтып, індете зерттеуді мақсат етеді. Тіл әлеміндегі этнос бейнесін тек лексика қорының жиі қолданылатын “үстіңгі қабатындағы” мағыналық бірліктер негізінде ғана емес, сонымен қатар оның төменгі қабаттарында, қойнау-қолаттарында тұнып жатқан (бүгінде сирек қолданылатын) сөз маржандары арқылы да жаңғыртуға тырысады. Этимологиялық зерттеулердің өзіндік бір ерекшелігі - әдеттегі (түсіндірме, екі тілдік, терминдік, этнографиялық т.б) сөздіктерге ене бермейтін құнарлы да сапалы, бейнелі де көркем, көне де байырғы сөз өрнектерінің, тіпті айтуға тыйым салынған “ұят” сөз-деректерді де, әзіл-қалжыңдарды да қамтуында.

4. Қазақ этнолингвистикасының тағы бір принципі – лексикалық байлықтың мазмұны мен мән-мағынасын этностық таным тұрғысынан толық ашу, этнос болмысына қатысты бағалы мағлұматтар мен құнды деректерді түгел сөйлету, тілдің өзіне тән бояу-нақышымен бейнелі де көркем түрде суреттеу…

5. Қазақ этнолингвистикасының мықтап ұстанатын принциптерінің тағы бірі – жүйелілік.

Қазақ этнолингвистикасы зерттеу объектілерін өзара әрі іштей топтастыра зерттеу (классификациялау) принципін қатал сақтауды талап етеді [25,16 б.].

Олай болатын болса, тіліміздегі ұшан-теңіз этнографизмдерді қалай болса солай емес, белгілі бір жүйе бойынша, мағыналық-тематикалық топтарға бөліп, өзара жіктеп, саралап зерттеу қажет.

Бұл ретте біз тағы да академик Ә.Қайдаридің этнографизмдерді “Табиғат”, “Адам”, “Қоғам” деп үш салаға бөліп қарастыруын құптаймыз. Ғылыми жұмыста қарастырылатын мәселе “Табиғат” деп аталатын саланың “Хайуанаттар дүниесі” тармағының “Үй жануарлары” тарауын қамтиды.

Жылқы малына қатысты атауларды зерттеу барысында академик Ә.Қайдаридің жоғарыда көрсетілген этнолингвистикалық ұстанымдары, соның ішінде:

- Қазақ этносының ұлттық бейнесін, өзіндік болмысын толық та түбегейлі түрде тек оның тіл байлығы – “тіл әлемі” арқылы ғана жан-жақты танып-білуге болатындығы;

- Қазақ этнолингвистикасы қазақ тілінің лексикалық байлығын мүмкін болғанынша (жетер жеріне жеткізе) түгел қамтып, індете зерттеуді мақсат етеді. Тіл әлеміндегі этнос бейнесін тек лексика қорының жиі қолданылатын “үстіңгі қабатындағы” мағыналық бірліктер негізінде ғана емес, сонымен қатар оның төменгі қабаттарында, қойнау-қолаттарында тұнып жатқан (бүгінде сирек қолданылатын) сөз маржандары арқылы да жаңғыртуға тырысады;

- Лексикалық байлықтың мазмұны мен мән-мағынасын этностық таным тұрғысынан толық ашу, этнос болмысына қатысты бағалы мағлұматтар мен құнды деректерді түгел сөйлету, тілдің өзіне тән бояу-нақышымен бейнелі де көркем түрде суреттеу;

- жүйелілік сияқты негізгі бағыттары басшылыққа алынды.

Көшпенді өмір салтын ұстанған қазақ халқының өмірінде жылқының алатын орны ерекше. Сондықтан да қазақта жылқы түлігіне қатысты этнографизмдер - жылқының дене мүшелерінің атаулары, сыны, бабы, жылқыға байланысты пайда болған ырым-тыйымдар, салт-дәстүрлер, жылқы түлігіне байланысты халықтық өлшемдер көптеп саналады. Қазақ тілі этнолингвистикалық мәні зор тілдік единицалар – сөздер мен сөз тіркестеріне, мақал-мәтелдер мен фразеологизмдерге өте бай.

 

2.1 ЖЫЛҚЫ АТАУЛАРЫН ҒАЛАМНЫҢ ТІЛДІК БЕЙНЕСІ” ТЕОРИЯСЫ ТҰРҒЫСЫНАН ЗЕРТТЕУ

 

Ғылым мен техниканың дамуы ғылымның барлық салаларына, соның ішінде тіл білімінің дамуына да өз әсерін тигізуде. Қазіргі заман талабына сай лингвистикада жаңа бағыттар мен түрлі салалардың негізі салынып, дамып, тіл білімінің зерттеу нысаны кеңейе түсті. Этнолингвистика, когнитивті лингвистика, лингвомәдениеттаным, паралингвистика, прагмалингвистика тәрізді лингвистика салалары тілді жан-жақты, ғылыми тұрғыда зерттеуге мүмкіндік ашты. Қазақ тіл білімі де жаңа бағыттардағы зерттеулермен толығу, даму үстінде. «Ғаламның тілдік бейнесі» теориясы да өз кезегінде тілдік зерттеулерге негіз болып, тілдің дамуына өз үлесін қосуда.

Когнитивтік үдерістердің (процесс) ішінде тіл, тілдік қарым-қатынас айрықша орын алады. Тіл адам қабылдаған кез-келген ақпаратты “сөзбен беруде (тілмен жеткізуде)” көрінетін түрлі танымдық актілермен қосыла отырып, әмбебаптығымен ерекшеленеді. Дегенмен, тіл когнитивтік аспектіде ақпаратты беруге, сақтауға, түрлі мақсатта қолдануға арналған ерекше құрал ретінде бұдан да қызықтырақ. Адамда оның ойын, нұсқауын, хабарды, ескерту беруін жеткізуге мүмкіндік беретін тілден асқан барынша жетілген құрал жоқ.

Әрбір жекелеген ұлт түсінігінде әлем әр түрлі көрініс табады. Бұл, әсіресе, тілде айқын байқалады. Яғни, тілдегі әлем бейнесі - адамның әлемді тануының негізі. Бұған Б.Уорф пен Э.Сепирдің көзқарастары тұрғысынан қарасақ, әр түрлі ұлт осы ғаламды өзінше танып, өзінше пайымдайды. Демек, тіл біздің ата-бабаларымыздың “ғалам бейнесін” қалпына келтіруімізге мүмкіндік жасайды, тіл арқылы біз ата-бабаларымыздың “ғалам бейнесін” елестете аламыз.

Е.С.Кубряковаша айтқанда: “...картина мира - то, каким себе рисует мир человек в своем воображении. Феномен более сложный чем языковая картина мира. ...не все, воспринятое познанное человеком, не все прошедшее и проходящее через органы чувств и поступающее извне, по разным каналам в голову человека имеет или приобретает вербальную форму” [95,142 б.].

Тілдегі ғалам бейнесі, біріншіден, адамның әлемге көзқарасымен сипатталатын болса, екіншіден, әрбір жеке тілдегі әлем моделіне қоғамдағы ұлттық әлем бейнесіне ұласады. Бұл жеке тілдің өзінше сипатқа ие болуына ықпал етеді. Себебі әр тілдің өзіне ғана тән концептуализациялық әдістері бар. Яғни әрбір жеке тіл ғаламды өзінше бөлшектейді, әрбір концептуальды тілдің негізінде ғалам бейнесі кескінделген. Ал осы концепт ұғымы - “когнитивтік лингвистикадағы негізгі ұғым. Семантикалық бағытта концепт сөзге сәйкес келсе, логикалық бағытта ұғыммен сәйкес келеді. Демек, әлемнің пәк бейнесі (наивная картина мира) когнитивтік модельде айқындалады. Ол өз кезегінде ұжымдық санамен, көзқараспен, ұжымдық философиямен байланысты болады” [51,17 б.].

Бұл мәселе А.А.Уфимцева, Ю.М.Караулов, В.Н.Телия, Е.С.Кубрякова т.б. ғалымдардың зерттеулеріне негіз болды. Концепт ұғымының мәнін ашуда А.П.Бабушкин, М.В.Никитин сынды ғалымдардың үлесі зор. М.В.Никитинше айтқанда, концепт дегеніміз – елестету және ұғымның бірлігі. Демек, концепт шындық өмірдің бейнесі, әрі ұлт санасындағы бейне [96,5 б.].

Белгілі бір этностың таным-түсінігі, қоғамдық-әлеуметтік жағдайы, күнкөріс көзі, шаруашылығы, материалдық мәдениеті т.б. экстралингвистикалық факторлар ұлттық тәжірибеде танылып, белгілі бір ұғым пайда болады. Ұғым өз кезегінде белгілі бір лексемалар арқылы таңбаланады. Дегенмен, белгілі бір сөздің лексикалық мағынасымен қатар түрлі семантикалық элементтер жарыса жүретіні мәлім.

Демек, лексеманың толық мазмұны контексте ғана толық ашыла алады. Олай болса, жылқы малының жасы мен жынысын білдіретін, құлындаған, құлындамағанын, үйірге түскен, түспегенін, ақталғанын білдіретін ұғымдар, сын-сипатын, күйін, жараған, жарамағандығын т.с.с. білдіретін лексемалардың мазмұны контексте ғана толық ашыла алады. Мәселен, үйірге түсіп жүрген еркек жылқыны айғыр,  ақталғаны - ат, бес жастан асқанда ақталғаны - азбан, ал үйірге бес жасқа келгенше түсірілмеген еркек жылқы сәурік деп аталады. Айғыр үйір жылқы фразасында айтылғандай, бір үйір жылқыға бір айғыр салынады, бір үйірде жиырмаға дейін бие болуы мүмкін. Сондай-ақ,  әрбір айғыр өз үйірін тек қасқырдан, бейсауат адамнан ғана емес, бөтен айғырдан да қызғанып, қорғайды. Қызғаншақ, адуынды айғырлар қыстың қақаған аязы мен түтеген боранында қасқырға үйірін алғызбайды. Ал үйірді бөтен айғыр маңайласа, мұндайда айғырлар шайнасып қалуы да мүмкін. Айғырды көбейтпеу мақсатында үйірге салуға таңдап алынған айғырдан басқа еркек жылқыны ақтатып жіберген. Жақсы,  мықты тұқым алу үшін әдетте халықтық тәжірибе бойынша, еркек жылқыны бес жасқа келгенше үйірге салмай өсіреді. Мұндай жылқы әдетте төзімді, мықты болып өседі. Одан алынған төл де күшті, мықты болып туады. Мұндай жылқыны кейде бесті кезінде асыл тұқымды биеге салып, тұқым алып қалады да, түрлі жорықтарға, шабуылдарға, салт мінуге, алыс жолдарға төзімді болуы үшін ақтатып жібереді. Он жасқа келгенде оны қазақ атбегілері нағыз бабындағы ат деп санайды.

Осы тәрізді шаралар, халық болып, ел болып жинақтаған тәжірибелер халқымыздың дүниетанымынан, мәдениетінен хабардар етеді, халқымыздың рухани және заттық мәдениетінің даму деңгейін аңғартады. Яғни, бұл біздің ата-бабаларымыздың тек экстенсивті ғана емес, интенсивті шаруашылық ұйымдастыра білгендігінің де дәлелі. Зерттеуші Н.Айтова жылқыны концепт ретінде қарастырып, оның тілдік бейнесіне тоқталады. І.Есенберлиннің “Көшпенділер” романындағы “жылқы” концептісі ұлттық санадағы жылқыға қатысты ақпараттардың барлығын қамтуымен қоса, көшпенділердің ұлттық құндылықтарын, дүниетанымындағы ерекшеліктерін танытады. Көшпенділерді жылқыдан, жылқыны көшпенділерден ажыратудың өзі қиын. ...Алғаш атқа мінуді, атты бас білдіретін ауыздықты, ер-тұрманды, үзеңгіні және шалбар (шарвар) киюді, ат үсті жүріске ыңғайлы, биік өкшелі етікті қазақ халқының арғы ата-бабалары (сақтар, ғұндар, қыпшақтар) өмірге әкелді. Аттың арқасында әлемнің жартысын жаулап алды [97,181-182 б.]. Шығармадағы  “жылқы” концептісі қамтитын рухани, заттық мәдени құндылықтар көшпенділердің бейбіт өмірде де жылқының маңызының еш төмен еместігін дәлелдейді.

Әлемнің қарапайым бейнесі когнитивтік модельде айқындалатын болса, “ол өз кезегінде ұжымдық санамен, көзқараспен, ұжымдық философиямен байланысты болады. Демек, ғаламның тілдік бейнесі негізінен және толығымен адамдар санасындағы әлемнің логикалық бейнесімен сәйкес келеді. Ал ғаламның кез-келген ұлттық тілдік бейнесінің әмбебаптығы және өзіндік ерекшелігін айқындайтын метафора, теңеу және символ болып табылады” [51,18 б.].

Жалпы жан-жануарлар символикасы жайында Қ.Қайырбаеваның кандидаттық жұмысында өте жақсы айтылады. Біз тақырыбымызға сәйкес жылқы малына байланысты символдарға тоқталмақпыз.

Бұл дүние түгілі о дүниені де жылқысыз елестете алмайтын қазақ халқы үшін жылқы біріншіден, күннің, қозғалыстың, тұрақтылықтың символы. Қазақ әлеуметтік дәреженің толықтығын, бүтіндігін көрсету үшін төрт түлік малды атайды: жылқы, түйе, қой, сиыр. Олар дүниенің төрт бұрышын, төрт стихияны, төрт бағытты, адамның төрт түрлі мінезін білдіреді. Сонымен бірге қазақ ұғымында жылқы – жоғарғы әлемнің символы. Сиыр – о дүниенің бейнесі болса, қой – материалдық әлемнің белгісі, ал түйе – ғарыштың символы [98;32]. Ж.К.Каракузова, М.Ш.Хасанов “Космос казахской культуры” деген еңбегінде өзге төрт түлікпен қатар жылқы малының да символдық мәніне тоқталады. Авторлар жылқы – жоғары әлемнің, даналық әлемінің, ата-бабалар әлемінің символы, ол әсіресе салт-дәстүрлерде айрықша көрініс тапқан дейді.  Расында да дүниеге келу, үйлену, жерлеу рәсімдерінде басқа түліктерден жылқы түлігінің орны ерекшеленіп тұрады. Бұл жөнінде зерттеушілер А.Тоқтабай мен Ж.Сейтқұловалардың “Төрт түліктің қасиеті” атты еңбегінде құнды деректер келтірілген.

Мәселен, ертеректе халқымызда құда түсуге алғаш келгенде жігіт жақтың адамдары қыз үйінің төріне қамшы іліп, жорға байлап кетеді екен. Бұл  “құдалықтың басы осы” дегенді білдіреді, яғни қызды иеленудің алғашқы қадамының белгісі.  Жігіт жақтан ұзақ уақыт хабар болмаса, қамшы иесіне қайтарылатын болған. Бұл салт қамшы қайтару деп аталады. Қыз жақтың қамшыны қайтаруы “қызымның басын босаттым” дегенді білдіреді. Кейде жігіт жағы кешірім сұрап, айып төлейтін де жағдайлар кездесетін. Сондай-ақ, қыз үйіне жаушы  келгенде астына міндетті түрде ақ боз ат мініп келген. Бұл “ақ ниет, ақ тілеумен келдім”, “осы сапарда жолым ақ болсын” дегенге меңзейді. Ал қыздың ата-анасы келісімін берген жағдайда қой сойылып, бата жасалатын. Жаушыға кетерінде “уәдем - уәде” деп, “шеге шапан” кигізетін. Кейде шапан орнына ат мінгізіп жіберетін болған. Бұл ат “шеге ат” деп аталған. “Шеге қазақ ұғымында уағдаластықтың, беріктіктің белгісі - бір істі аяғына жеткізіп, бітірерде - шегеледің бе? - дейді. Шеге шапан, шеге ат - шегедей беріктіктің символымен теңеліп аталғандар” [70,106 б.].

Аталған салт-дәстүрлерден басқа да жылқыға қатысты көптеген жол-жоралар бар. Мәселен, есік-төр көрсету тойында қалың малдың жылқысын бөлгені үшін жылқышыларға жылқы беріледі. Оны “құрықбау” деп атаған.

Халқымыздың тағы бір игі дәстүрі - “атбайлар”. Болашақ күйеу қыз ауылына атпен бармайды, ауылға жетпей аттан түсіп, атын жолдастарынан беріп жібереді. Жолдастары күйеудің келгенін хабарлап, атын қалыңдықтың сіңлілеріне береді. Күйеудің атына, әдетте, ерекше көңіл бөлінеді. Таңдаулы деген атқа жақсы, алтынмен, күміспен әшекейленген ер-тұрман салынады. Бұл - жігіттің қайын атасына тартқан сыйы. Егер ат, ер-тұрман ұнаса, қыз әкесі оны алып қалады. Ал күйеудің ауылға жаяу келуі, атын қайын атасына сыйға тартуы бас иіп, тағзым етіп келгендігін сездіреді. Астындағы аты - көшпенділердің аксиологиялық иерархиясында - негізгі байлық. Көшпенділердің этикеті бойынша атын сыйлау келген адамның өзін сыйлағанмен бірдей [70,109 б.].

Сондай-ақ, ұрын тойда А.Т.Төлеубаевтың айтуы бойынша, босағаға ілу деп бие байланады. Өйткені бие өсіп-өнудің белгісі саналады. Ал қыз үйінен аттанарда қалыңдық пен күйеуді үкіленген, күміс ер-тоқыммен ерттелген жорғаларға мінгізген. Ұлттық дүниетаным бойынша күмістелген ер біріншіден, сән-салтанатты білдірсе, екіншіден тіл-көзден, жын-шайтаннан сақтайды деп түсінген. Халқымыз күмісті алтыннан да артық көрген. Ұлтымыздың түсінігінше, күміс – бақыттың белгісі. Күмістен жасалған заттарда адам бойын жамандықтан тазартатын құдіретті күш бар деп сенген. Демек, біздің ата-бабаларымыз ерте замандарда-ақ күмістің қасиетін түсініп, жастардың ер-тұрмандарын оларды бәле-жаладан қорғасын, тіл-көзден сақтасын деп күмістен жасаған, күміс жалатқан.

Халықтың салт-санасында жылқы – жоғарғы әлем, интеллект белгісі, ата-бабалар символы. Мәселен, батырлар жырында, жылқы тек көлік қызметін атқарушы ғана емес, ер қорғаны, ақылшысы ретінде көрініп, иесін қорғап-қоршап жүреді, тіпті адамша сөйлеп, ақыл-кеңес те береді. Осы орайда Г.Гачевтің пікірінің маңызы ерекше Ол: “Жануарлар иерархиясында жылқы бірінші орын алады. Өзге жануарлар адамға қызмет етеді, ал жылқыға адам қызмет етеді және оны ар санамайды, өйткені жылқы – тәңірдің тірі бейнесі, нұры, жылқы әлемнің жоғарғы бөлігі. Жылқыдан өзге жануарлардың бәрі жерлік, олар жерге тартылады, жерге қарайды, ал жылқы алдына, жоғарыға қарайды, ат үстіндегі адам да жоғары әлем мүшесі, сондықтан ол да жер мен оның тартылысынан босаған”, -  дейді [99,66-68 б.].

Аркаикалық дүниетанымда дүлей күшті желдің және Күн нұрының шапшаң қимылына жылқының ғана шабысы тең келген. Әрі жылқы – Тәңірінің сүйген түлігі. Сонымен қатар ол “әруақтар әлеміне қиналтпай жеткізуші медиатор” [70,104 б.].

Қазақ жайшылықта аттың құйрығын кеспейді, себебі, жерлеуге, өлікті жөнелтуге байланысты ат тұлдау рәсімі пайда болған. Бұл ырым ер адамдардың өлімімен байланысты. Қазақтар қайтыс болған адамның атын тұлдайды. Яғни, жайшылықта бұл жаман ырым болып саналады. Және де ауылға шауып келу де жағымсыз іс, өйткені өлік шыққан үйге немесе ауылға “ой, бауырымдап” шауып келу салты бар. Ат қойып келу - бұл өлімге бата оқи барудың ең үлкен шарты болып саналады. Ер адамдар алыстан айқайлап: “Ойбай, бауырым!” - деп, қаралы ауылға қарай жылай шабады. Сонымен бірге, шетінеп кеткен жас балаға ат қойып бармайды.

Қазақтың дәстүрлі өлікті жөнелтуге байланысты жосын-жоралғылар жүйесінде жылқы ертеден келе жатқан дүниетаным бойынша анимистік тұрғыда адамның о дүниедегі өміріндегі тіршілігіне қажетті түлік ретінде саналатындықтан, жылқы түлігіне қатысты көптеген жоралғылар пайда болған.

Қазақтар, әдетте, қайтыс болған адамның қонақасысына жылқы сойған. Қаза болған адам жерленген соң, оның мінген атының жал-құйрығы кесіліп, “тұлданады”.  “Тұл” ат иесінің асына дейін мінілмей, бос жіберіледі де, жыл толған соң, асына сойылып, еті атақты адамдарға таратылатын болған. “Тұл атты соярдағы онымен көрісу, қоштасу, сәлем жолдау оның о дүниемен байланыстырушы қызмет атқарғандай сипаттағы ролін ескі дүниетанымдық анимистік қағиданың негізінде жасалғандығы анық” [70,142 б.].

Өлікті арулаған орынға шырақ жағу рәсімі кезінде де жылқының маңыздылығы байқалады. “Жаққаның шырақ болсын, мінгенің пырақ болсын!” деп тілек айтады, бұл да жылқы түлігінің медиаторлық қызмет атқарғандығының бір дәлелі. Қазақтар шамасы келсе қайтыс болған адамның қонақасысынан бастап асына дейін жылқы малын арнап союға тырысады. Бұл қаза болған адамның ұрпақтарының құрметі ретінде бағаланаған. “Әкесіне ат мінгізіп жіберіпті” деген фразеологизмнің мәні осыған сайады.

Жалпы жылқыға табынушылық, дәріптеушілік тек қазақ халқы ғана емес, басқа да көптеген халықтардың тарихында да (мысалы, ежелгі римдіктерде, гректерде, қытай елінің тарихында, ежелгі үнді еуропа елдерінде) кездесетін құбылыс. Көптеген елдердің мифологиясында да жылқы ерекше қасиетті түлік ретінде бейнеленеді. Мысалы, “Буряттар да жылқы қылынан есілген арқанмен айнала жылан шақпасын деген қоршау жасау әдеті бар екен. Олардың көне сенімінше жылқы жарық пен мейірімділіктің символы, жылан символына қарама-қарсы. Жылқыдан жыланның қорқу себебі оның танауларынан от жалыны ұшқындап тұрса, тұяғынан от шашылады. Ал жылқының жалында мейірімді адам жаны жасырынып отырып, бүкіл зұлым қаскөй күштерді қуады [70,40 б.].

Елдігіміздің белгісі – елтаңбада  қанатты тұлпар бейнесі кескінделген. Тұлпар – күннің, қозғалыстың, тұрақтылықтың символы. “Ол геральдистер тілінде арыстанның жүректілігін, қыранның қырағылығын, өгіздің ғаламат қара күшін, еліктің ғажайып көзге ілінбес шапшаңдығын, қырмызы қызыл түлкінің қалай да болса жауын жер соқтырар айлакерлігін білдіреді” [72,44 б.]. Ал қанатты тұлпар қазақ поэзиясында асқақ арманның, шабыттың белгісі. Жылқы, сонымен бірге, асқан байлықтың (алалы жылқы), сән-салтанаттың да белгісі.

Сонымен, атқұмар, атжанды қазақ халқы үшін жылқы – қозғалыс көзі, өмір сүру, тіршілік ету формасы. Жылқы - әлемнің жоғарғы бөлігі, интеллект белгісі, ата-бабалар символы. Жылқы - тәңірдің тірі бейнесі, нұры. Жылқы - күннің, қозғалыстың, тұрақтылықтың символы. Қазақ поэзиясында асқақ арманның, шабыттың белгісі. Байлықтың, сән-салтанаттың да белгісі - жылқы.

Табу – полинезей тілінің ta - “белгілеу” және рu – “күллі, түгелімен” деген сөздерінен жасалған термин сөз. Ертеректе діндарлық, ырымшылдықтың салдарынан кейбір заттардың аттарын тікелей айтуға тыйым салынып, ол сөздерді басқа сөздермен ауыстырып айтатын болған.

Табудың пайда болуы мен дамуы да ұлттық дүниетаныммен, тілдің тарихымен тығыз байланысты. Бұрын табуды қазақ әйелдері көп қолданған. Олар қайын жұртын және күйеуін өз есімімен атай алмаған. Өзеннен  су алуға барған жас әйелдің тапқырлығы туралы аңыз-әңгімені білмейтініміз кем де кем. Мұндағы сылдырама – қамыс, сарқырама - өзен, ұлыма – қасқыр, маңырама – қой, білеме – пышақ, жаныма – қайрақ.

Сондай-ақ, ерте кезде аңшыларда “аң адам тілін ұғынады, өздерінің аттарын естісе, қашып кетеді” деген түсінік болған да, олар аңдарды тікелей өз аттарымен атамай, басқаша сөздермен атайтын болған. Мысалы, алтайлық аңшылар аңда жүргенде тиінді шарбақ, чирбақ (саусақ), абаш құртұ (ағаш құрты) немесе абаш шишқанақ (ағаш тышқаны) деп, хакастар сөк пас (сүйек бас) деп атайтын болған.

Алтайлық аңшылар бұғыны таш тұяқты (тас тұяқты) деп, бұланды (лось) ұзын азақ, ақ тізек (ұзын аяқ, ақ тізе (лі) деп атайды.

Орыс тіліндегі медведь (аю) деген сөз медоед – “балды жеуші” деген сөзден шыққан. Бірсыпыра халықтар мен тайпалар ерте кезде “аю – күллі аңның қожасы; атын атаса, оның келіп қалуы мүмкін” деп түсінген. Ертеректе астраханьдық орыстар “теңізде “медведь” (аю) деген сөзді ауызға алуға болмайды; оны тікелей атаса, дауыл тұруы мүмкін” деп түсінген де, ол сөздің орнына раминский деген сөзді немесе қазақ тілінің аю деген сөзін қолданған. Д.К.Зеленин раминский “лесной” деген мағынаны білдіреді, раменье – “қалың ағаш” (густой лес) деген сөзден жасалған деп түсіндіреді. Якуттар аюды эсе (сөзбе-сөз аударғанда – “туған ата”), шорлар мен алтайлықтар абай (“арғы әке”, “ата”) деп атайтын болған. Неміс тілінің Вәr (аю) деген сөзінің этимологиясы “қоңыр” деген мағынамен ұштасады [30,170-171 б.].

Біздің қазақ халқында да ерте кезде жыртқыш аңдардың аттарын атауға тыйым салынған. Қасқырды қарақұлақ деп атаған, қасқыр деп тура атайтын болса, ол малды жеп кетеді, ал оны тура атамай, басқаша атау қасқырдың шабуылынан аман алып қалады деп түсінген. Ал жыланды қамшы, ала деп атаған. Сонымен бірге найзағайды өз атымен атаса, адамға түсуі мүмкін деп түсініп, оны жасыл деп атаған.

Жылқы малына байланысты пайда болған тыйым сөздер басқа халықтарда да кездеседі. Бұлғын аулау кезінде орыс аңшылары “ат” деген ұғымды білдіретін конь деген сөздің орнына – долгохвостый (ұзынқұйрық) деген эвфемизмді қолданса, Алтай шорлары да аттың орнына – түгтүг кабак (түкті қабақ) деген кәсіби терминді падаланатын болған. Жолға шыққанда якуттар “ертоқым” деген ұғымды білдіретін ыңыр деген сөзбен “жүк” деген ұғымды білдіретін ынды деген сөздерді хара (қара) деген эвфемизмдермен ауыстырып қолданған [100,106 б.].

Қазақ жорыққа аттанған кезде аттан түс, атты байла деген сөздерді тіке айтпайды. Жамандыққа бастамасын деп, сол мағынаны білдіретін қон, бекіт, кір деген сияқты сөздерді қолданады. Жорыққа аттанғанда өлең айтпайды, жыламайды. Саптыаяқты жолдыаяқ деп, мінгені байтал болса – ат деп атайды. Жорыққа байтал мініп барса, жол болмайды деп есептеледі. Байтал жорық көлігі емес, құлындайтын, сауылатын мал.

Жалпы қазақ біреуге ат мінгізгенде, сыйлағанда немесе сатқанда, ноқта-жүген бермейді. Себебі, малдың құты, бағы басында деп есептейді.

Жылқының басына пайдаланған, басын байлаған ноқта мен жүгенде құттың да демі бар. Бұл мүліктер атпен қоса берілсе – үйдің бүкіл байлығы, бағы еріп кетеді деп ырымдалады. Сондықтан алып қалған ноқта мен жүгенді үйдің оң жақ босағасына іліп қойып, үнемі майлап, баптап ұстайды.

Қазақ үйірлі жылқысынан біреуге мал ұстап берген кезде, сол жылқының жалынан бір тал қылды жұлып алады да, қылға сол жылқының сілекейін жағып, қалтаға салып сақтап қояды. Бұл – “сілекей сірне” деп аталады. Онысы - әлгі жылқымен бірге ырыс кетпесін деп ырымдағаны.

Бие саууға қолданылатын көнек пен үйдегі сабаны төңкермейді және түбіне таяқпен немесе қолмен ұруға тыйым салынады. Бұлай істегенде көнек пен саба түбіндегі құт ұшады, ақ тартылады, ырыс шайқалады деп ырымдалады. Саба “киелі” ыдыс саналғандықтан, ішінде қымызы тұрса да, бос болса да, оған аяқ тигізбеген.

Асқа немесе тойға арнап толтырып қымыз әкелген сабаны біржола сарқып босатпайды, түбінде міндетті түрде бір ожау болса да қымыз қалуы керек. Себебі саба кеуіп, семіп қалмасын, саба кепсе, малдың желіні семіп, сүті тартылады, құт-береке кетеді, сарқыт ішер жан қалмайды деп ырымдаған.

Атты басынан ұрмайды. Жалпы қазақ салтында малды теппейді, ұрып-соқпайды. Бұлай ету үлкен күнә деп есептелген. Өйткені қой, жылқы, түйе, киелі болғандықтан, олардың қылы, жүні, сүйегі, тіпті тұяғы да қасиетті деп ұғады. Сөйтіп оларды тікелей тұмар ретінде пайдалану салтқа айналған. Аталарымыз жылқыға аса құрметпен қарады, оны киелі санады. Қазақ ғұрпында жылқыны ұрып-соғу былай тұрсын, жылқы байланатын желіден аттап өтпейді. Желінің киесі атып, шарапаты шайылады деп жориды.

Бие сауатын көнекті теппейді, ат сатқанда жүгенін, ер-тоқымын сатпайды. Жылқы қылынан ең мықты деген арқан-жіп, бұғалық есіледі. Жылқы қылынан есілген арқанға, жылқы тері сіңген ер-тоқым маңайына жылан, құрт-құмырсқа жоламайды. Бұл – шындық. Ертеде жолаушы адамдар далаға түнегенде ер-тоқым жастанып не жылқы қылшығынан есілген арқанды үй орнындай шамасында дөңгелете тастап қойып, өзі соның ортасына барып қаннен-қаперсіз ұйықтап, әбден тынығып алған. Батыр жауға аттанып бара жатса, оның атының сілекейін алып қалып отырған.

“Жылқыны қасиетті санау басқа түркі халықтары тұрмысынан да анық байқалады, - дейді Б.Сарыбаев, мысалы, Түркияда “бунчук” деген музыкалық аспап болған. Оны бақсылар ғана қолданған. Сылдырмақтар мен қоңыраушалар ілінген бұл аспап асатаяқтан (біздегі музыкалық аспап) аумайды. Осы бунчукке аспаптың сиқырлы қасиетін арттыру үшін жылқының қылы байланған” [101,138-139 б.].

Жылқышы ұстайтын құрықтан, балта мен бақанның үстінен аттауға болмайды. “Бақан аттаған байымайды, балта аттаған жарымайды” деген сенім бар.

Қорада тұрған ат иесін көргенде құйрығын көтеріп, борт-борт жел шығарса – сапар нышаны деп ұйғарылады. Ал, ауыз ашып есінесе – жақсылық шышаны. Жолға жүргелі тұрған ат құмалақ тастаса – жолдың оңға басқаны, олжалы болмақ. Қуаныш сыйлайды деп ырымдалады. Сүрінген атты ұрмайды. Қайта көзін оң қолымен сүртіп, тазалайды. Онысы – сайтан аттың көзін басып тұрса, қашып кетсін дегені. Жолаушы келе жатып, атының сауырынан ұрмайды. Себебі, жапанда жалғыз өзі келе жатқан жолаушыны қолдап, жебейтін Қызыр пайғамбар аттың сауырында отырады деп жорылады.

Жолаушы сапар шегіп келе жатқанда жол бойында тұмсығы жолға қарап аттың қу басы жатса, жол ақ, сапар оң болады деп ырымдалады. Ал, керісінше жатса, жолаушы аттан түсіп, қу бастың тұмсығын жолға қаратып қойып кетеді.

Топ болып жолаушылап келе жатқанда біреуінің аты тұра қалып сисе, басқалары тоқтап тосады. Егер тоспай жүре берсе – жолдастыққа жарамағаны. Жайшылықта тоспаған адам, басқа күн туған кезде тосушы ма еді? Дос бола алмайды. Ала қол, қара ниетті, ала күдік адам екен деп ырымдайды. Жүзін суыққа салып, бірте-бірте арасын алшақтатады.

Сонымен қатар атты кісі бейіт тұсынан шауып өтпейді, бұл аруақты сыйламағанның қылығы. Сондықтан аруақ атады, сайтан жабысады, әруақ соңынан қуалап үйге келеді деп ырымдайды.

Ат үстінде тұрып сәлем бермейді. Жал-құйрығының арасында шоқ-шоқ ақ қылы бар жылқы құтты саналады. Ол сатылмайды, біреуге берілмейді. Себебі, олай етсе, сол малмен бірге құт-береке кетеді деп ойлайды.

Елін жаудан қорғауға жиналған жауынгерлерден жаңа сойылған боз биенің қанына оң қолының сұқ саусағын батырып, оны жалатып ант алу да; сарбаздар шайқасқа шығар алдында олардың туына боз биенің қанын жағу салты да жылқы малын қасиетті санаудан туған. Ту қандады дейтін тұрақты сөз тіркесі бір кездегі осы шындықтан алынған. Саусақты жылқы қанына батырудың этнографиялық мәні: “қасық қаным қалғанша дұшпанмен жан аямай күресем” дегенді аңғартады.

Жылқы тұқымын қадірлеу, оны киелі деп білу – ертеден келе жатқан салттардың бірі. Оның шығу төркіні сонау сақтар заманындағы наным-сеніммен қабысады. Сақтар аттың бас сүйегін, тұяғын тұмар ретінде пайдаланған. Мәселен, соғыс кезінде жазымнан, өлімнен сақтап, жауынгерге бақыт әкеледі деген ырыммен сақтар сарбаздардың белдігіне жүйрік аттың тұяғын байлап қойған. Мұндай әдет  қазақ тұрмысында да болды.

Жылқыны тек қазақ халқы ғана емес, көптеген халықтар қастер тұтады. Өйткені жылқы түлігі өте текті мал. Ол шөптің шүйгінін таңдап жеп, судың тазасын, мөлдірін ғана ішетін кірпияз жануар. Қазақ жылқының үстінің желі бар дейді, жақсы жылқы  жігітке жал бітіреді дейді. Сондықтан да болар, бұл түлікке қатысты қазақ халқында ырым-тыйымдар өте көп. Әсіресе, бапкерлер мен атшылар өте ырымшыл келеді. Олар бәйге аттарын күтіп, баптағанда ешбір жанға жылқыны көрсетпейді, жабулап, орап ұстайды. Тіл-көз тиер деп қорқады. Бөтен адам сұқтана қараса, “көзің тиеді, қара жерге түкір” деп, жерге түкіртеді. Ерекше мақтаса “тілің тасқа” деп қайырым айтады.

Сондай-ақ, халқымыз түске сенгіш. Жақсы түс көрсе балаша қуанып, жаман түс көрсе, “Түс – түлкінің боғы” деп, мән бермеуге тырысса да, көрген түсін жоруға шебер-ақ! Түсіңде ақ боз ат көрсең, ісің оңалады, қара ат көрсең сәтсіздікке ұрынасың, жылқы сатып алып жүрсең, жаңа хабар аласың, жылқы мініп жүрсең, қуаныш деп жориды. Шығармада Бұқар жырау Абылай ханның түсін былайша жориды: Жалынқұйрыққа мінгенің – хан тағына мінгенің [65,182 б.]. Жалынқұйрық - Абылай ханның жорыққа мінетін аты.

Халқымыз біреуге алғысын білдіруде де алдына жан салмайды. Мысалы, Жайлауың байсалды болсын, Айғырың байталды болсын! Атыңның басы ойнақты болсын, қораңның іші торпақты болсын! Желі тартарың көбейсін!- дейді, бұл алғыс құлынды желіге алғаш байларда айтылады.

Сонымен қатар, қарғыс мәнді фразалар да кездесіп қалады: Атың арып, тулақ болсын, ерің арып, аруақ болсын! Ат қадірін білмесең, Жаяушылық берсін сазаңды!

Қазақ - өте ырымшыл халық. Жылқысы мен сиыры егіз төл берсе ұнатпайды, жаман ырымға жориды. Ал ұсақ малдың (қой-ешкі) егіздеткенін де, сегіздеткенін де теріс көрмейді. Мысалы, үйіне қонақ келгенде қойы егіз қозы тапса, “Құтты қонақ келсе, қой егіз табады” деп қонағын қошеметтеп қояды. “Нәсілі жаман сиырдан екі бұзау туады” деп сиырдың егіз бұзаулағанын, жылқының егіз тапқанын, тіпті де ұнатпайды. Егіз төлдің бірін дүниеге келген заматта өлтіріп тастайды, немесе жан баласына білдірместен сыңарын туған-туыстарының біреуіне сыйлап құтылады.

“...Ана бір жылы, біздің бие егіз қара қасқа құлынын туғанда қызғаныштан шыдай алмай, әлі шаранасы кеппеген жас құлынның біреуін: “Мынау менің бабамның жылқысынан қалған тұяқ, сондықтан менің де малым. Бие егіз құлындаса, жақсы ырым емес, аяқтанбай тұрғанда, бірін өлтіру керек,” – деп, сары мойын кездігімен қара қасқа құлынның бірін алқымынан орып жіберіп еді. Бірақ келесі күні сол мезгілде екіншісі өлді, жарықтық, содан кейін боз бие қайтып құлындамай, бедеу қалды-ау. Е, сол құлындарды сен де көргенсің, көксей берермісің, сол қара қасқа құлынды...” (О. Бөкей).

Сонымен қатар қазақ халқы биені, байталды көп мініп, қинамаған. “Саумал ішсең қымыз жоқ, Байтал мінсең, құлын жоқ” деген мақал өмірлік тәжірибеден алынған. Жылқы киелі саналғандықтан, қазақ үшін оның сүті де, еті де бағалы. Оның тіпті сауыт-сайманы, ер тұрманы да қастерлі. Өйткені халқымызда “Бақан аттаған байымайды, Желі аттаған жарымайды” деген мақал тағы бар.  Жылқыны малдың патшасы, құт-берекенің басы, киелі жануар деп түсінеді. Сондықтан да болу керек, халқымыздың жылқыға қатысты ырым-тыйымдары өте көп. Бұл жылқы малының көшпенді халық өмірінде аса маңызды рөл атқарғандығынан болса керек.

Жоғарыда кез-келген ұлттың ғаламның тілдік бейнесінің әмбебаптығы мен өзіндік ерекшелігін метафора, теңеу және символ айқындайтынын айтып өткенбіз. Бейнелеу, көркемдеу тәсілдерінің ішіндегі ең қуаттысы, ең әсерлісі, ең негізгісі де – теңеу. Теңеу – барлық өзге көркемдеу құралдарының негізі, сонымен бірге теңеу ұлттық менталитеттің де айнасы. Өйткені теңеуде этнос болмысының  табиғаты күллі ерекшеліктерімен көркем бейнеге айналады. Яғни теңеуден белгілі бір этностың дүниетанымы, ұлттық ерекшеліктері, көркем ойлау мәнері айқын байқалып тұрады. Өйткені теңеу - өте күрделі құбылыс, тіл мен ойлаудың, ұлттық дүниетанымның тоғысуынан туындайтын құбылыс.

Т.Қоңыровтың “Қазақ теңеулері” атты еңбегінде қазақ теңеулері нақты мағынасына және олардың сыртқы дүниемен қарым-қатынасына қарай төмендегідей алты топқа жіктеледі: 1) көру теңеулері, 2) есту теңеулері, 3) дәм сезімі теңеулері, 4) тері сезімі теңеулері, 5) иіс сезімі теңеулері, 6) сезім-күй теңеулері [102,41 б.].

Аттың арқасында ұлан-ғайыр жерді иеленіп қана қоймай, мәңгі мекеніне айналдырған, жарты әлемді бағындырған, бүкіл ғұмырын ат үстінде өткізген көшпенді ата-бабаларымыз үшін жылқының маңызын дәлелдеп жатудың өзі артық. Сол себептен де болу керек, қазақ тілінде жылқыға қатысты теңеулер өте көп. Белгілі жазушы І.Есенберлиннің “Көшпенділер” атты тарихи трилогиясында жылқы атаулары қатысқан теңеулер өте көп..

1) Т.Қоңыров “көру теңеулерінің негізге алатыны – заттардың үш белгісі: біріншісі – заттардың тұлға-тұрпаты, формасы; екіншісі – олардың қимыл-әрекеті; үшіншісі – заттардың түр-түсі, бояуы” [102,41 б.].

Жылқыға қатысты көру теңеулерінің ішінде осы үш белгінің алғашқысы өте көп кездеседі. Бұл түсінікті де. Өйткені халық ұғымында жылқы – сұлулықтың, беріктіктің, шыдамдылықтың символы. Жылқы түлігінің осындай бір ерекше қасиеттері атжанды қазақ көзіне бірден ілігетіні сөзсіз. Бұл топқа жататын теңеулер “Көшпенділер” трилогиясының өн бойында кездесіп отырады:

Үш күн қуғында болған жас жылқыны қаншырдай боп әбден жараған Тарланкөк қойсын ба, ақыры Ақбақайдың мойнына құрық түскен [64,81 б.].

Сөйткенше болған жоқ, қара терге малынған, сүліктей жаралған астындағы баран жүйрігін Нұра етегінде отырған Жәнібек тобына тікелей салған шапқыншы жігіттің “Аттан! Аттан! Жау келіп қалды!” деген айқайы шықты [64,207 б.].

Әсіресе бұлардың көзге түсері батыр Қобыланды мен астында есік пен төрдей қара сирақ тұлпары бар Жәнібектің екінші баласы Қамбар болатын [64,209 б.].

Кенет Шах-Хайдар шебінен жал-құйрығы төгілген, нардай ақалтеке арғымақ мінген, үстінде қара сауыты бар Қарашың батыр ойқастап шыға берді [64,216 б.].

Бұдан екі жүз жыл бұрын бүкіл әлемді тітіреткен Ақсақ Темір көреген Алтын Орда астанасы Сарайға қандай айбармен кірген болса, енді сол Алтын Орда хандарының ұрпағы Тәуекел хан, сары алтынмен қақтаған ер-тұрманды сүліктей қара арғымағын ойнатып, сондай айбармен Самарқантқа кірді [64,398 б.].

“Сенсе – жарқылдайды, сезіктенсе - қорқады” көптен бері қызығып жүрген, қызыл етін сыртқа теуіп, оқтаудай боп жараған көк жорғаны Әбілқайыр оған сыйға тартты [64,453 б.].

Көру теңеулеріне негіз болатын заттардың екінші бір белгісі – олардың қимыл-әрекеті.

Мұның да алғыз жолы бар. Ол бүкіл Дәшті Қыпшақты өзіңе бағындырып, жылқыдай жусатып, қойдай өргізуің керек [64,226 б.].

Бұл теңеудің бейнесі де, заты да – деректі, нақты, теңеу затының, яғни, Дәшті Қыпшақтың қимылы бейненің, бұл жағдайда, жылқының деректі, нақты қимылына ұқсатылып отыр. Осы салыстырудың, теңеудің нәтижесінде предметтің (Дәшті Қыпшақтың) қимылы нақтылы сипатқа ие болып, әрі эмоционалды-экспрессивті бояуы қанық көркем бейне жасалған. Халықты жылқыдай жусатып, қойдай өргізу – екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Жазушы қалың бұқараны ашса, алақанында, жұмса, жұдырығында ұстады, халыққа дегенін істеткізді деген мағынаны осындай әшекейлі-кестелі теңеу арқылы жеткізген.

Көру теңеулеріне негіз болатын заттардың соңғы, үшінші бір белгісі – олардың түр-түсі, бояуы. Жазушы І.Есенберлиннің “Көшпенділер” атты тарихи трилогиясында жылқы атаулары қатысқан көру теңеулері онша көп емес. Бұл топтағы теңеулердің мәні – заттардың құр бояуын хабарлап қана қоймай, олардың бояуларының түсін қанықтыру, заттың реңін ашып, көріктендіре түсу болып табылады. Мәселен, жазушы Ал біз тайлы-таяғына дейін айдап алдық десек, арғы түбекте әлі де үш мыңдай кілең ақ шағала асаулары қалыпты [65,134 б.] деген сөйлемдегі теңеудің затын, яғни асау жылқылардың түсін әншейін ғана ақ немесе боз емес, кілең ақ шағала(дай) деп суреттеу арқылы өте бір әсем, тіл жетпес сұлу картинаға айналдырған. Ал сөз айтпай үш жүз мақпал қара, асыл жылқысын айдап беріп, өзін ажалдан алып қалған құлды босатып алады [64,123 б.] деген сөйлемде мақпалдай қара дәстүрлі теңеуі қолданылады. Бұл теңеу - әдетте жылқы малының түсіне қатысты қолданылатын теңеу (қара мақпал – мата).

2) Есту теңеулеріне адамдар мен жануарлардың үні, түрлі дыбыстары, табиғи құбылыстар мен заттардың, т.с.с. шығаратын дыбыстары негіз болады. Т.Қоңыровтың пікірі бойынша есту теңеулерінің саны едәуір болғанымен, көздің мүмкіндігінің молдығына байланысты есту теңеулері одан кейінгі орынды алады. Трилогияда көру теңеулеріндей емес, жылқыға қатысты есту теңеулері сирек, тіпті өте сирек кездеседі.

Есту теңеулерін зерттеуші Т.Қоңыров өз ішінде үш топқа бөледі. Бірінші топқа өлең, ән, күй, хабар тәріздес дерексіз ұғымдардың күш-қуатын әсірелеп суреттейтін есту теңеулері жатқызылады. Бұл топшаның біздің тақырыбымызға қатысы жоқ. Ал екінші топшаға бір топ заттардың бірігіп шығаратын дыбыстарын негізге ала отырып, заттың (бір емес, бір топ заттың) жан дүниесіндегі әр қилы толқындардың сыртқа тепкен көрінісін суреттейді. Жалпы жылқы түлігіне қатысты есту теңеулері болғанымен, (Ағайын алыста жүрсе, кісінеседі, жақында жүрсе, тебіседі), біз трилогиядан мұндай теңеулерді таппадық. Үшінші топшаға кіретін есту теңеулері дыбыстың көмегімен адамның мінез-құлқын, түрлі әрекеттерін бейнелейді. Мәселен, Тұтқын қыздың сұлулығына күйіндім бе, “сен нәзік сұлусың ғой, бауырыңды құлындай шыңғыртып жатқанда сенің сұлу түрің қандай болдаы екен көрейін” деп жігітке қыл бұрауды тұтқын қыздың көзінше салғыздым [64,350 б.] деген сөйлемдегі теңеуде асау құлынды (жылқыны) бұғалықтап ұстағанда, не ноқталап байлағанда немесе қасқыр тартқанда шошып, қиналғанда шығаратын үні арқылы предметтің мәні ашылады. Жазушы қыл бұрау салынған жігіттің қиналып шығарған үнін басына ноқта түсіп, шошынған асау құлынның шыңғыруына ұқсата отырып, эмоционалды-экспрессивті әсері мол картина жасап, оқырман көңіліне жол таба алған.

3) “Қазақ теңеулер жүйесінде дәм сезімі теңеулері көп емес... Қазақ тіліндегі дәм сезімі теңеулері, көбінесе, ащы және тәтті деген ұғымдардың айналасында ғана жүзеге асады. Жеуге жарайтын және ішуге жарайтын нәрселер теңеудің заты ретінде алынады да, олар шындық өмірде ащы яки тәтті болып келетін заттарға ұқсатылады, яғни сол ащы және тәтті заттар дәм сезімі теңеулерінің бейнесі болып жұмсалады” [17;51 б.].

Жылқыға қатысты дәм сезімі теңеулері тіптен аз десе де болады. Олар тек жылқыдан алынатын тамақ өнімдеріне, еті мен сүтіне қатысты. Мысалы, қымызға қатысты: - Қымызың балдай тәтті екен, тағы да құйшы.

Трилогияда Сапырылған уыздай сары қымыз судай ақты [64,199 б.] деген сөйлем бар. Бұл теңеудің заты – қымыздың қасиеттері (дәмділігі, қоюлығы) уызға теңелу арқылы ашылып, оқырманын құмарта түседі.

4) Қазақ теңеулері жүйесіне иіс сезімі теңеулері жеке топ болып енген. Алайда олардың саны өте аз [17;52 б.]. Ал жылқыға қатысты иіс сезімі теңеулерін (жағымдысын да, жағымсызын да), біз трилогиядан да, басқа дереккөздерден де кезіктірмедік. Жалпы жылқы өте кірпияз, таза мал, сондықтан оған қатысты жағымсыз иіс сезімі теңеулері болмауы да мүмкін.

5) Қазақ теңеулер жүйесінің ең сүбелі қабаттарының бірі – тері сезімі теңеулері. Олар саны жағынан психологиялық, көру және есту теңеулерінен кейінгі орынды алады екен. Бұл топтағы теңеулерді Т.Қоңыров 1) ауырлық пен жеңілдікті білдіретін тері сезімі теңеулері, 2) қаттылық пен жұмсақтықты білдіретін тері сезімі теңеулері, 3) суықтық пен ыстықтықты білдіретін тері сезімі теңеулері деп топтайды.

Тақырып шеңберінде айтар болсақ, жылқыға қатысты тері сезімі теңеулері көп дей алмаймыз. Мәселен, тұяғы болаттай деген теңеуде жылқы тұяғының қаттылығы болатқа теңеліп тұр, ал жалы жібектей десе, майда, жұмсақ, жібектей есілген жылқы жалын елестетеміз. Ал жылқыға қатысты суықтық пен ыстықтықты білдіретін тері сезімі болмайды, жоқ десек қателеспеспіз.

Романда жылқыға қатысты тері сезімі теңеулері мүлде аз кездеседі. Тоқалға… жүйрік дөнендей Шыңғыстан гөрі азбан жылқыдай ауыр денелі Қоңырқұлжаның жөні бөлек тәрізді [65,112 б.]. Бұл сөйлемдегі теңеуде адам салмағы өмірде бар, нақтылы зат арқылы танылады. Яғни батырлар мінетін белі берік жорық жылқысы бейне ретінде алынып, теңеудің затын, Қоңырқұлжаны жаңа бір қырынан танытады.

6) Қазақ теңеулер жүйесіндегі сан жағынан ең көбі сезім-күй теңеулері. Сезім-күй теңеулері ішкі сезім арқылы қабылданады, мұнда заттар мен құбылыстардың ішкі ұқсастықтары басты назарда болады, сөйтіп, образ предметтің ішкі мәнін ашып көрсетеді. Сезім-күй теңеулері өзара мағыналық қарым-қатынасына қарай төрт топқа бөлінеді: 1) бейнесі де, заты да деректі сезім-күй теңеулері, 2) бейнесі нақты, заты дерексіз сезім-күй теңеулері, 3) бейнесі нақтылы қимыл-әрекетке негізделген сезім-күй теңеулері, 4) образы тарихи адамдар мен діни аңыздардың кейіпкерлері, заты деректі-дерексіз сезім-күй теңеулері.

Бейнесі де, заты да деректі сезім-күй теңеулерінің атауы айтып тұрғандай, олардың бейнесіне де, затына да көзге көрінетін, қолмен ұстауға болатын деректі заттар негіз болады. Бірақ ақиқат өмірде зат пен бейнеге негіз болған заттар мен құбылыстардың бір-біріне еш ұқсастығы болмайды. Трилогияда жылқыға қатысты бейнесі де, заты да деректі сезім-күй теңеулері өте көп:

Қалың ойға шомып кетіп басын төмен салып үн-түнсіз отырған қарт жырау, шапқан дүбірді естіп, тыпырши қалған кәрі тарландай, кенет басын көтеріп алды [64,55 б.].

Бірақ өр мінезді, жалын жанды Қазтуған Қотан толғауынан мойымады. Қамшы тиіп, ырши түскен жүйріктей, енді тіпті долданып кетті [64,55 б.].

Демек, Жейхұн өзеніндей тасыған жырың үшін орта бәйгені саған ұсынар едік, от ауызды, орақ тілді Қазтуған жырау, бірақ ақылгөй Қотан қарт Қыпшақтың өзге елге еткен қиянатын бетіңе басып, тұсаған жылқыдай өрісіңді кеңіттірмеді [64,61 б.].

Шабытына мінген жырау, ат сабылтып шауып келе жатқан аңшы тәрізді, бекер тоқтаттың, хан ием, - деді Асан қалың қабағын түйіп.. [64,76 б.].

Бейнесі деректі, заты дерексіз сезім-күй теңеулері рухани заттарды материалдық заттарға ұқсату арқылы жасалады. Бұл топшадағы теңеулердің заты абстракциялық ұғымдардан тұрады, дәлірек айтқанда бұл теңеулердің затына адамның жан-дүниесінің түрлі күйін бейнелейтін ұғымдар алынады. Жалпы әдеби тілімізде ұшқыр жылқыдай (қиял), ит қуған тайдай қаша жөнелген (арман), тұсаған жылқыдай (ой) т.с.с. жылқы түлігіне қатысты теңеулер кездеседі. Бұл теңеулерде қиял, арман, ой тәрізді адамның жан-дүниесіндегі психологиялық құбылыстар, дерексіз заттар ұшқыр жылқыға, ит қуған тайдай қаша жөнелген тайға, тұсалған орнынан ұзай алмайтын жылқыға баланып, рухани құбылыстар материалдық сипатқа ие болған. Осылайша, көзбен көріп, қолмен ұстауға болмайтын абстракциялық құбылыстарға жан бітіп, бейнелене түседі, белгілі бір қасиеттерге (ұшқыр қиял) ие болады. Жазушы шығармасында жылқыға қатысты бейнесі деректі, заты дерексіз сезім-күй теңеулері аз да болса кездеседі: Былтыр өзі айтқан жоқ па еді, “мінез деген бір асау байтал ғой, талай асауды үйреткенде өз сезімімді өзім үйрете алмаймын ба” деп [64,235 б.]. Мұнда адамның мінезі байталға, асау байталға ұқсатылады.

Образы деректі қимыл-әрекетке негізделген сезім-күй теңеулеріне нақты қимыл-әрекет негіз болады. Бұл топшадағы теңеулердің образына белгілі бір қимыл-әрекеттер алына отырып, адамның жан-дүниесінің алуан түрлі күйі, қилы-қилы қыр-сыры мен түрлі жағдайы көркем бейне ретінде танылады. Трилогиядан жылқыға қатысты бейнесі нақты қимыл-әрекетке негізделген сезім-күй теңеулерін де кездестіруге болады. Мысалға, Қазтуған жырау осы монғол шапқыншыларымен алысқан Қыпшақ әскерлерінің ерлігін толғағанда нағыз бір жүйрік атқа мінгендей, көңілі лепіріп, ұшып-қонып қансорпа боп бір орнында отыра алмады [64,67 б.] деген сөйлемдегі нағыз бір жүйрік атқа мінгендей теңеуін алайық. Бұл мысалда жазушы Қазтуған жыраудың айтысқан кездегі сезім-күйін (шабыттануын) теңеуге арқау болған қимыл-әрекет (жүйрік атқа міну) арқылы ұтымды да әсерлі етіп береді.

Жылқыға қатысты бейнесі нақты қимыл-әрекетке негізделген сезім-күй теңеулері де жалпы сезім-күй теңеулерінің басқа мағыналық топтарынан ерекшеленіп тұратын бейнесі нақты қимыл-әрекетке негізделген сезім-күй теңеулері тәрізді жылқыға қатысты теңеулерінің басқа мағыналық топтарына қарағанда өзінің грамматикалық құрылымы жағынан да, семантикасы жағынан да, стильдік ерекшеліктері жағынан да, эмоциялы-экспрессивтік әсері жағынан да айрықша топша болып келеді. Жылқыға қатысты бейнесі нақты қимыл-әрекетке негізделген сезім-күй теңеулерінің де бейнесіне таза сезім арқау болады. Сонымен бірге сол сезім белгілі бір етістікке бағынатын таза қимыл-әрекетке негізделеді:

Домбырасын бәйге атына шапқандай сабалай ұрып, жыр шумағын құшақ-құшақ лақтырды [65,80 б.].

Осы бір күнәсіз көзқараста жігіттің асау жүрегін тайдай тулатқан бір ғажайып сиқырлы күш бар еді [64,233б.].

Сезім-күй теңеулерінің төртінші бейнесі тарихи адамдар мен діни аңыздардың кейіпкерлері, заты деректі-дерексіз сезім күй теңеулері аталады. Сөз болып отырған топшаға жататын жылқыға қатысты теңеулер жоқтың қасы.

Сонымен, белгілі қаламгер І.Есенберлиннің “Көшпенділер” тарихи трилогиясы жылқыға қатысты теңеулерге өте бай. Романдағы жылқыға қатысты теңеулерді сараптау барысында жылқыға қатысты көру теңеулері мен бейнесі нақты қимыл-әрекетке негізделген сезім-күй теңеулерінің молдығына көз жеткіздік. Жазушы жылқыға қатысты теңеулерді қолдану арқылы халық танымына жақын, ұлттық менталитетімізге сай, әсем де көркем бейнелер жасап, шығарманың көркемдік, психологиялық, эмоционалды-экспрессивтік сапасын күшейтуге қол жеткізген.

 

2.1.1 РОМАНДА КЕЗДЕСЕТІН КЕЙБІР ЖЫЛҚЫ АТАУЛАРЫНЫҢ ЭТИМОЛОГИЯЛЫҚ ТАБИҒАТЫ

 

Жылқы атауларына қатысты этимологиялық талдаулар “Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігінен”, әр түрлі ғылыми еңбектерден алынды. Аталған сөздікте тақырыбымызға қатысты жұнт, жорға, сәйгүлік, ту бие тәрізді сөздерге этимологиялық талдау жасалады (Ә.Қайдар, С.Исаев). Сондай-ақ, Қ.Жұбанов, І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев, Р.Сыздықова, А.Салқынбай, С.Шүкірұлы, Ә.Нұрмағамбетұлы сынды сөзтанушы ғалымдардың ой-пікірлері басшылыққа алынды.

Жылқының ең жиі қолданылатын атауы - “ат”: - ...Жиырма адамға күштерің жетпесе, несіне ат мініп, қару асынып жүрсіңдер?

Жол бойындағы әлі Кенесары құрығы түсе қоймаған бай ауылдардан ат ауыстырып мініп, суыт жүріп үшінші күні таң ата Омбыға жетті [65,170 б.].

Аталмыш лексема көптеген ғалымдардың назарын өзіне аударып келеді. Бұл лексема бізге сонау Орхон-Енесей жазуынан белгілі. Ғалымдар бұл лексеманың шығу тегін, беретін түрлі мағыналарын, өзге түркі тілдерінде қолдану ерекшеліктерін, сол тілдегі мағыналарын тағы басқа түрлі қырынан зерттеп жүр.

А.Салқынбай аталған лексемаға тарихи-сөзжасамдық тұрғыдан келеді: “Адам танымының алғашқы түсініктері табиғатпен байланысты болғандығы, адамдардың Күнге, Айға табынғаны белгілі. Әлемдік мифологияда, төтемдік танымда қалыптасқан жан-жануарлардың бәрі – Өгіз (Гуд – Гуз – Уд - От) – Күн мағынасын береді; Ит (Ыды - Ыду) – шумер тілінде Күн, Құдай мағынасында, Ыды – көне түркі тілінде Құдай мағынасында; Ат – (Күн, Құдай мағынасы); Аққу – Күннің сыңары; Бөрі – (бри - бра – Күн, Құдай мағынасы), Ра – Египетте Күн Құдайы мағынасы т.б күн бейнесіне теңестірілген, күннің жердегі бейнесі болып саналған” [103;113 б.].

Демек, ат тұлғасының тұлғалық даму моделі: Ат –Ет - Ыт болып шығады. Яғни, ат әлемдік мифологияда - Күн, Құдай мағынасында.

Б.Сағындықұлы “Ат” түбірінің дамуы мен ең көне тұлғасы туралы еңбегінде “ат” сөзінің бес түрлі мағынасын береді: 1) Жанды мақлұқаттың қозғалысы; 2) Мұндай қозғалыстың объективті қажеттілікпен ырықсыз болатыны; 3) Қозғалыстың барынша жылдам болатыны, шалт өтетіні; 4) Қозғалыстың нәтижесінде мақлұқаттың өз орнынан ажырап бөлінетіндігі; 5) Мұндай қозғалыстың табиғатта шексіз қайталанып отыратыны [104;7]. Зерттеуші ең көне архетип тұлғасы “атып шықты” деген фразеологизмдегі “ат” етістігі болғанын айтады.

А.Салқынбай “Ат” тұлғасының бұдан басқа да көне мағыналары бар екенін атап көрсетеді. “ДТС-та санскрит тілінен енген “аditуа” сөзінің мағынасы: “солнце, день солнца, седьмой день недели” деп берілген. Сондай-ақ санскрит тілінде (аt) ат сөзінің негізгі мағынасы: 1) Странствовать, бродить; 2) Бегать, яғни қозғалу, қимылдау семасын береді. Н.Я.Марр “Яфетикалық теория туралы” еңбегінде Кавказдың көне тайпалары танымында аттың тотем болғанын айтып, байырғы түсінігінде “күн” ұғымы болғанын жазады. “Конь-хоне-хра” тұлғалары арқылы “этот термин может восходить к яфетическому g-rоs, племенному названию русов или этрусков, их тотему “лошадь”, как в германском g-rоs, что означает у яфетидов также “утренняя заря”, “солнце””, - деп мағынасын түсіндіреді [103,20 б.].

Бұл тұрғыда үнді-иран тілдеріндегі “конь” сөзінің тұлғасы қазақ тіліндегі “күн” сөзімен тұлғалас болуы да тегін емес. Қазақ тіліндегі “аттың” әр түрлі жас мөлшерін танытатын, бір семантикалық өріске жататын “конь” тұлғалас сөздер бар екенін еске түсірсек: күр-ең (аттың түсі), құн-ан (аттың жасы, айырушы сема), құл-ын (аттың жас төлі), құр-ау (жылқыны шақыру). Көрсетілген туынды сөздерге тән ортақ тұлға: құр/құл/құн.

Архитұлға – кү (р-л-н дыбыс сәйкестігі негізінде туындайды). Ортақ сема – жылқыға, қозғалысқа байланыстылығы. Демек, конь, хоне, хуне, хоро, хра тұлғалары мен күн, құр, құн тұлғалары мағыналары мен дыбысталуы жағынан сәйкес келеді” [103,116 б.].

Ә.Ахметов көне Кавказ тайпаларында “конь” сөзінің төтем болғанын, якут тайпасында “ақ аттың”, хакастарда “аттың” атын атамай – “ұзын аяқ” деп атағаны туралы жазады [30,97-101 б.].

“Ат/ад” тұлғасының мағыналық қыры қозғалыспен байланысты, яғни “ат” - күннің бір сипатын танытатын, қасиетін көрсеткен сөз ретінде бағаланады. Аттың киелілік, қасиеттілік сипатының танылуы, жеті қазынаның бірі болып, ер қанаты санаулы – халық танымында, жадында сақталған, көнеден келе жатқан дүниетаным. Ат – күннің (тәңірдің) жердегі елшісі сипатында танылып, алуан түрлі ұғым қалыптастыруға себеп, негіз болған. Ол сипат, қасиет – күннің қозғалыс сипаты, күннің шығуы, көтерілуі, жылжуы, батуы тағы басқалар. “Таң атты” деген тіркестегі “ат” сөзі арқылы – шығу семасы сақталса, күннің қозғалыста болуы, жылжуы мағынасы арқылы – ат, аттау, адымдау тағы сол сияқты номинативтік туынды атаулар жасалған. Ал, “ат” сөзінің тек қимыл емес, жалпы ұғымды білдіруші тұлға ретіндегі мағыналық жүйесін, даму жолы бойынша көрсетуге болады: 1) қозғалу семасы – аттау, аттану, адақ (айақ), адасу, адым т.б.; 2) объектінің шығу семасы - таң атты, тас атты, атып шығу, атып тұру; 3) объектінің бату, біту семасы – ат ад (тамұқ), ада болу; 4) объектілік сема – ат, 5) субъектілік сема – ата, аталық, адам т.б.

Бұл мағыналар - “ат” тұлғасының күрделі семаларынан жіктелген айырушы (дифференциалды) семалар. Айырушы семалар негізінде денотаттық, сигнификаттық мағыналар жасалып, туынды сөз пайда болған. “Ат” сөзжасамдық ұясынан жасалған туынды сөздердің барлығының ортақ, өзек мағыналарында “ат” тұлғасының архисемасы әртүрлі дәрежеде сақталған. Архисеманың ортақтығына сәйкес туынды сөздердің барлығы бір семантикалық өріске жатады [103,116 б.].

Ал, М.Бейсенованың “М.Қашқаридың “Диуану лұғат ит-түрк” атты сөздігіндегі төрт түлік мал атаулары” атты кандидаттық диссертацияның бірінші тарауы жылқы малына арналған. Жұмыста “ат” сөзі жылқының бір жалпы атауы ретінде қарастырылады. Автордың айқындауынша, жылқы мағынасында қолданылатын ат сөзі “а” дауысты дыбысын қысқа айту арқылы айналымға қосылады, ал егер ол созылыңқы айтылатын болса (зат), ол кісінің атын, есімін білдіретін басқа сөз ретінде жұмсалады. Дәлірек айтқанда, “жылқы” деген ұғымда “ат” сөзі бір ғана “а” дыбысымен айтылады, қазақ тілінің тұрғысынан алып қарағанда ол ашық дыбыс болып есептеледі. М.Қашқари дауысты дыбыстардың түркі тілдерінде екі түрлі айтылатындығын дөп басып, дәл таныған. Бұл жердегі “а” созылыңқы дауысты дыбыс емес, әдеттегі дауысты, ол бір ғана “әліп” таңбасы арқылы беріледі: ат, ал оның созылыңқы түрі екі таңба (“әліп”) арқылы беріледі: аат (В.Радлов транскрипциясында: ат). (Бұл лексема қазіргі түркі тілдерінің ішінде алтай, қырғыз, гагауыз, түркімен, тува, шор, хакас, саха тілдерінде созылыңқы дыбыспен айтылады). Бұл өзі – ертеден бері (Орхон-Енисей жазуынан бері) көзге түсіп келе жатқан лексема. Тек қазақ тілінде ғана өзіндік мағыналық өзгешелігі бар: бір есептен піштірілген еркек жылқының бәрін ат деп атайды, екіншіден, піштірілгені, піштірілмегені белгісіз (тосыннан көрінген) мініс көлігін (жылқы малын) де солай атай береді. Ат сөзі бірқатар туынды сөздер үшін түбірлік қызмет атқарады: нәтижесінде атлақ (бір топ ат), атланды (аттанып кетті) сияқты тұлғалар пайда болады. ат сөзінің этимологиясы туралы Ц.Д.Номинханов оны монғолдың адағун (ат) деген сөзінен шыққан деп есептейді [33,12 б.].

Сонымен қатар М.С.Бейсенова жылқыға байланысты атаулардың лексика-семантикалық мағынасы мен мазмұндық мәніне қарағанда, олардың ішінде “ат” сөзі әлдеқайда жиі қолданылады, - деген қорытынды жасайды [33,14 б.].

Орта ғасырлық түркілердің тілінде үйірге түсіп, ұрпақ өрбітуден басқа жағдайдың бәрінде де “ат” сөзі қолданылады. Өйткені аттың басты міндеті – жұмысқа жегілу. Ол ең алдымен – кісінің қанаты, арғымақ, сәйгүлік – міністің, бәйгенің, жарыстың, шабу мен шапқыншылықтың қолғанаты. Одан соң, ат – көлік, мініс-жүріс көлігі, аяқ лау, жүк көлігі, арба тарту, жер жырту сияқты жұмыс көлігі. Аталмыш еңбекте көне түркі (арғы заман сақтары мен массагет, скиф) халықтары мен қазіргі қазақ жұртының атқа деген құмарлығы мен ықыласы, сыйы мен құрметі бірдей ортақ болып келетіндігі жайында да әңгіме өрбіген [33,14 б.].

Көрнекті ғалым Қ.Жұбанов та өзінің зерттеулерінде бұл мәселе жөнінде біраз пайымдаулар жасайды. Ғалым: “Чуваш етікті ад+ы дейді, тәуелденгенде адысы дейді. Ай-ақ – кішкене ат деген сөз. Өзінен басқаны біліп келіп, кейін өзін білген адам ат пен итті бұрын білген, аяқты кейін білген; ат-ад; атта – бол, ад+ын; ыдыс – ыд-ад. Аяқ: ай – ат (ад, ай); ақ – ыдыс. Аяқ ыдыс демек. Татарлар итік дейді. Демек а-е-й бәрі бір фонема болғандығы байқалады. Ыдыс-тың да атқа байланысы бар. Өйткені ыдыс бұрын малдың (аттың) тұяғынан жасалуы керек. Ол заман ат пен оның тұяғын айырған ба: (бүтін мен бөлшек аралас жүрген заман ғой). Осы күнге дейін қой-ға оның барлық бөлшектері кіреді. Біздің құдық деген сөзімізді татарлардың құйы деуі, кейбір елдердің құйығы деуі, біздің аяқ деген сөзімізді олардың азақ (сабақ азағында) деуі (татарларда), якутта атақ деуі; айғыр сөзін ай – ат; ғыр – басқа мағынадағы сөз болуы ел адақта дегендегі адақ-аяқ болуы ит-ат-ай-ад-аз түбірлерінің бір болып шығатындығын білдіреді. Суық сөзінің сұлық болуы, адарғы сөзінің айырғы мағынасында екендігі де бұған дәлел. Татардың әтеш сөзіндегі әт-ат, еш – кішірейту екендігін еске алу керек. Өз тіліміздегі қада деген сөздің барлығы татардағы қадақ (шеге), қадақша (шегеле) деген сөзі; қи, қай+шы, қаз деген сөздерді ескерсек бұлардың мағыналарының жақындығын мойындасақ, з, д, и дыбыстарының өзара жақындығы да ашыла береді. Бір жағынан жоғарыдағы сөздердің бұрынғы кезде бір сөз болғанын білдіреді. Бүгінгідей сөздердің бұтақталып болмағын кезін танытады” – дейді [87,121-122 б.].

Шығармада айғыр атауы да жиі қолданылады. Ашулы жырауды әлі де болса өз ордасына ұстамақ боп, Абылай оның алдына өз жылқысынан айдатып әкеп атақты боз айғырдың үйірінен бір жүйрігін сыйға тартқан [64,568 б.].

Тіл білімінің білгірі Қ.Жұбановтың айғыр сөзі туралы пікірі де назар аудартпай қоймайды: “Қазіргі кезде еркек қой, еркек тоқты деп сөйлейміз; бұл құрылымдағы еркек – анықтауыш. Ол анықталатын сөзден бұрын тұр. Енді осының бұрын қандай болғандығын тексерейік: “қошқар” деген сөздегі қош – қой дегенді білдіреді, қар – еркек; айғыр дегендегі ай – ат, соңындағы ғыр жоғарғы қар сөзінің редукциясы; кейіннен осы қар сөзінің басындағы қ түсіп қалып, -ар болып ықшамдалған. Ал –ар тұлғасының –ер болуы әбден ықтимал (ар+лан – ит тұқымдас хайуанның еркегі). Олай дейтініміз бір замандарда түркі тілдерінің дауыстыдан басталатын сөздерінің бәрінде де дауыстының алдында дауыссыз (сонор дыбыстардың бірі болған; ар сөзінің басындағы а дыбысы “е” болып та айтыла беруі мүмкін. Өйткені бұрынғы замандарда дауыстылар бірінің орнына екіншісі қолданыла берген. Нәтижесінде жоғарыдағы “қар” сөзі жүре келе “ер” болып кеткен демекпіз (айғыр дегендегі “ай” қазақ-қыпшақ тілінің нормасы; ай – біздің тіліміздің нормасы” [87,115-116 б.].

Қазіргі қазақ тілінде қолданылып жүрген көптеген сөздердің бұрынғы мағынасы бұлдырланып немесе мүлде ұмытылып, тіл дамуының барысында жаңа мағынаға ие болған. Мысалға құлын, тай сөздерін алайық. Ал мынау құлын-тайлары ауық-ауық бүйірден бөліне шапқан шағын жылқы сауынға арнай ауыл маңына ұсталған тәрізді [65,77 б.]. І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев сынды ғалымдар құлын деген сөзде екі түбір бар, мұның бірі – құл, екіншісі – ын дейді де, бірінші түбір сөз – құл дегенге мынандай түсініктеме береді: “Құлынның жас кезіндегі мүше бітімі, жал-құйрығы, сыртқы мүсіні құланға ұқсайды. Олай болса құлан деген сөз айтыла келе құлын болып өзгеріп кеткен. Бұл сөздегі а дыбысының ы болып кетуі тіліміздің фонетикалық заңына байланысты” [90,23 б.].

Ал құлан сөзінің шығуын былайша түсіндіреді: “Құлан сөзі о баста қол-аң деген екі сөзден жасалған. Біз оны қазақ тілінің ерте кезде жазылып қалған ескерткіштерінен кездестіреміз. Қол деген сөздің көп мағынасының бірі: дала, аңғар екенін өткен ғасырдың екінші жартысында еңбектерін жариялаған Махмуд Қашғари, Юсуп Баласағұндардың жазба мұраларынан кездестіреміз.

Сондай-ақ бұл сөз осы “далада”, “аңғар”  (өзен, тау аңғары) деген мағынада XV ғасырдың ескерткіші Бабурдың еңбегінде, XVІ ғасырда өмір сүрген Абулғазы Баһадур еңбегінде де кездеседі.

Баласағұн шаһарында өмір сүрген Юсуп өзінің атақты еңбегі “Құтадку білік” деген кітабында қол сөзін “ойпат”, “аңғар”  деген мағынада қолданған.

Бұл айтылғандардың бәрі тарихи деректер. Ал қазірдің өзінде кейбір түркі тілдерінде, мысалы, азербайжан тілінде,  ғол - өзеннің құйылысы; көне башқұрт тілінде қол - өзен аңғары деген мағынада қолданылады. Монғол тілінде хол – алыс, қиян деген мағынада қолданылса, гол деп өзенді айтатын көрінеді.

Сондықтан да құлан деген сөздің алғашқы түбірі – құл, ең алдымен, семантиканың ұқсату заңы бойынша, үлкен өзенді адамның дене тұлғасына, оған қосылатын кішкене өзенді адамның денеге жанай қосылып тұрған қолға ұқсатқан. Оған дәлел: азербайжан, башқұрт тілдерінде ғол (қол, орысша рукав), қазақша қолтық - өзеннің бір тарауы деген мағынада қолданылады. Бұл сөз бара-бара өзен деген мағынаға ауысады да, онан әрі өзеннің аңғары деген ұғымды білдіреді. Ал аңғар (долина) кең алқап – дала, жон деген ұғымдармен шектесуіне байланысты дала деген кең мағынаға ие болған. Осылайша, даму процесінде гол сөзі монғол тілінде алыс, қиян деген мағынада қолданылады.

Сөйтіп, құлан дегендегі құл сөзінің арғы тегі қол екен, ал бұл сөздің екінші компоненті – ан немесе құлын дегендегі – ын жұрнағы о баста аң деген сөз болу керек. Сонда құлан деген – қол-аң, яғни, өзен, көл аңғарында жүретін аң деген мағынаны білдіреді. Екі сөз дыбыстық деформацияға ұшырап, осы күнде бастапқы атауын өзгертіп жылқының жас төлінің атауы ретінде қолданылды. Құлын сөзінің алғашқы буыны өлі түбірге айналып, соңғы буыны жұрнақ болып жымдасқан. Бұл сөздің бірінші морфемасы тілімізде осы күнде де кездеседі. Мысалға, Қарақол, Нарынқол, Байнқол деген жер атауларын алсақ, бұлардың екінші компоненттеріндегі қол - өзен, аңғар деген мағынадағы сөздер екені айқын” [87,25 б.].

Ал зерттеуші Ә.Нұрмағамбетовтың пікірі өзгеше: “Жылқы түлігінің жас төлінің “құлын” болып аталуы да оның бойындағы шапшаңдық, ойнақылық тәрізді қасиетке байланысты. Басқа ірі малдар төліне қарағанда (түйе мен сиырдың) жылқы төлі өте тез ширап, шапшаң қозғалады. Ал якут тілінде “холун” тұлғасындағы сөз біздегі “шапшаң”, “пысық”, “ойнақы” деген сөздер орнына қолданылады. Тіліміздегі “құлынды” дүниеге тудырған да осы сөз-ау дейміз” [105,49 б.].

Тай сөзінің этимологиясы жайында тек Қ.Жұбанов еңбектерінен ғана кездестірдік: “Казахское слово тай (жеребенок второго года) употребляется в качестве определительного слова к названиям молодняка животных. Правда, там, где оно употребляется, слово уточняет определяемое со стороны возраста, означая всюду “двухлетний”, или “второго года”, “годовалый”, как это видно из тай өгіз (бычок второго года, бык), тай қашар (телка второго года), тайлақ (верблюжонок второго года). В этих же значениях остается основа тай без особых определяемых слов, но с суффиксом уменьшительности -ша, -ке: тайша, тайынша.

Но я склонен рассматривать в основном значении слова тай не возрастное уточнение, а лишь указание на молодость, так как то же слово я видел бы в суффиксе уменьшительности, ласкательности -тай в составе бала-тай (сынок), аға-тай (братишка), әке-тай (папочка), апа-тай (сестренка, мамочка), қалқа-тай (милая, милый) и т.д. Дело в том, что в возрастной классификации молодых животных казахский язык исходит не из принципа числа прожитых ими лет, а часто использует другие признаки, употребляя иногда синонимы для определения различных возрастов, как это видно из слова қозы (ягненок), являющегося фонетическим вариантом монгольского хоц (ягненок), туркменского қош, алтайского құша (баран). Поэтому форма қозы превращается в самом казахском в форму қоща, в ласкательном оформлении қошақан. В слове же қашар – телка (от основы қаш – быть на случке) – мы видим совершенно иной признак. С представлением о числе могут быть связаны лишь два общих с монгольским термина – құнан (трехлетняя лонадь-самец), дөнен (четырехлетняя лошадь-самец), для самок соответственно – құнажын, дөнежін, этому дают повод монгольские числительные “3” и “4”. Во всем остальном казахский язык возрастную особенность животных отмечает не возрастом, а другими свойствами того или иного возраста, а когда имеются в виду животные слишком малые по возрасту, то определяется “дитя”, “малыш”, как это видно из слов лақ, тайлақ и пр. Поэтому в слове тай, сделавшемся показателем двухлетнего возраста животных, я хочу видеть лишь слово “дитя”, “малыш”, почему-то встречающееся и в положении суффикса уменьшительности” [87,438-439 б.].

Жылқы малының жалпы атауы “жылқы” сөзіне байланысты зерттеулерді Ә.Қайдаров, М.Бейсеновалардың еңбектерінен кездестіреміз.

М.С.Бейсенова “Диуану” мен “Құтадғу біліг”, “Кодекс куманикус», “Тефсир” сияқты көне түркі тілдерінің ескерткіштеріне және А.М.Щербак, Б.Аталай, С.Муталлибов сынды зерттеушілердің еңбектеріне талдау жасай отырып, “Йылқы атауының негізгі түбірі йыл болып табылады. Ол “жыйылу, жинақталу”, яғни үйір деген ұғымды білдіреді. Сонда “йылқы” атауы үйірдегі “тұяқты мал” деген мағына беретін болған”, - дейді.

М.Бейсенова жоғарыда аталған еңбекте жылқы атауының қазіргі түрікмен (оғыз тобы), өзбек (қарлұқ тобы), қарақалпақ, қазақ (қыпшақ тобы) тілдерінде қандай өзгерістерге ұшырап, қалай айтылатынын да жете зерделеген. Бұдан соң автор “йылқы” атауы “мал” сөзінің синонимі болған, мал атаулының жалпы ұғымдық бейнесі деп дәлелдейді.

Йылқы атауы Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінде де осы тұлғада қолданылған.

Осы лексеманың мағынасын зерттеуші Ә.Нұрмағанбетов былайша түсіндіреді: “ат, айғыр, бие, құлын, тай атаулының жиынын “үйір” деп атайды. Біздің осы ойымызды тува тілінің дерегі анықтайды. Оларда дәл осындай - “үйір” деген ұғымды “чылгы” сөзі береді. Сөйтіп, “жылқының” алғашқы мағынасы “үйір” деген сөзден шыққан деп айтуымызға әбден болатын сияқты” [105,45 б.].

Жылқы түлігінің ерте замандағы атауының бірі – йунд//жұнт. Бұл сөзге біршама ғалымдар назар аударып, зерттеулер жүргізген.

М.Бейсенова “жылқы” мағынасын беретін “йунд” сөзіне де тоқталады. Автор ойы йунд сөзі “ат, жылқы, оның үйірі” деген ұғымда жұмсалған, ескі қыпшақ ескерткіштерінің тілінде йунд деп табынға бос жіберілген жылқылардың бір үйірін айтатын болған дегенге саяды. Автор йунд-жұнт сәйкестігін былай деп түсіндіреді: “Қыпшақ тобына жататын тілдердің өзіндік ішкі даму заңдылықтары бойынша және қалыптасқан тұрақты фонетикалық ереже бойынша сөз соңындағы ұяң дыбыс (-д) қатаң (-т) болып айтылады: жазба жәдігерліктерде йунд, қазақ тілінде – жұнт. Әр түрлі қыпшақ тілдерінің арасындағы айырма тек бір тілдің й – мен (йокающий), екіншісі тілдің ж- мен (жокающий) айтылатын тіл болып, өзара өзгеріс табуында ғана. Қазақ тілінде бұл лексема тарихи негізгі қордың төрінен орын алғанымен, ескіріп үлгерген,  белгілі бір сөз тіркестінің құрамында ғана кездеседі, онда да ауыспалы мағынада жұмсалады: “жұнттай болып семіріп кетті”, “жұнттай семіз” деп айтылады. Сын есімнің салыстырмалы шырайының жұрнағынсыз бұл түбір өз алдына жеке тұрып қызмет атқара алмайды” [33,10 б.].

Бұл лексема жөнінде Ә.Қайдаровтың пікірі ерекше назар аудартады: “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде жұнттай сөзіне “жылтыр, тақыр, таза, әдемі” деген анықтама берілген. Жұнттай сөзі әдетте, тығыршықтай семіз, күйлі-қоңды малға, көбінесе жылқы малына байланысты айтылады. Ал семіз малдың жүні әрі  тықыр, әрі жылтыр болатыны белгілі нәрсе. Олай болса, жұнттай сөзінің төркіні көне түркі тілдерінде ерте замандарда қолданылған юнт (jунd) сөзімен байланысты деуге болады. М.Қашқаридың сөздігінде йунд – ат деген сөз. Сондай-ақ М.Қашқари заманында мұсылман халықтарының жыл санауындағы (мүшел) он екі  хайуанаттардың бірі (рет саны бойынша жетінші) – йунд деп аталған: йунд йілі. Кейінірек ол жылқы жылы болып кеткен. - ...Бүлік басы бұзықта дегендей, пәле ақ патшаның Жылқы жылғы ұстабынан басталған жоқ па... (Россия патшасының Сібір қазақтарын басқару жөніндегі 1822 жылғы ережесі (уставы) [65,8 б.]. Сонда тіліміздегі салыстыру моделі бойынша (салыстыр: сиырдай, шошқадай семіз, еңгезердей, түйедей, алпамысдай үлкен, титтей, құрттай тағы басқа), жұнттай сөзі о баста “аттай семіз, аттай күйлі, ат мүшелі” деген мағынада тек атқа байланысты айтылса, одан кейін жалпы малға, адамға байланысты да айтыла бастаған болуы керек. Қазіргі уақытта жұнттай сөзі тіліміздегі –дай/дей, -тай/тей жұрнағы арқылы жасалып, лексикализацияланған кейбір сөздер тәрізді (салыстыр: жұрдай, бүлдіршіндей, көсіктей, білеудей, тап-тұйнақтай) осы –дай жұрнағымен қалыптасқан күйінде қолданылып кеткен. Лексикализация процесінде дербестігінен айырылған жұнт (<йунд) сөзі қазіргі уақытта өзінің заттық мағынасынан мүлдем қол үзіп, алшақтап кеткендігі байқалады” [23,94 б.]. Осы орайда біз академик Ә.Қайдаридың пайымдауларымен пікірлес екендігімізді айта кеткіміз келеді.

Шығармада жорға лексемасы да жиі қолданылып отырады. Астында төрт аяғы тең жорға қара көктің тізгінін тежей түсіп, кеше тәмәмдай алмай қалған әңгімесіне қайта кірісті [65,8 б.]. С.Исаев ұсынған жылқының ерекше қасиетін білдіретін жорға сөзінің де этимологиясы өте қызғылықты. Автордың жорамалдауынша: “Жорға сөзінің түбірі – жор(ы) – жүру, қозғалу, қимыл мағынасында. Бұл сөз көне түркі тілінде әр түрлі тұлғада жұмсалған: jорыjур, jорчын. Мұндағы жорчы – жол көрсетуші (путеводитель) деген мағынада, оның –чы бөлегі, сөзсіз, жұрнақ. Йор тұлғасы қазіргі сары ұйғыр тілінде дербес  қолданылып “жүру” дегенді білдіреді. Сөйтіп, жорға деген сөздің түбірі жоры қазіргі қазақ тілінде жеке қолданылмайтын өлі түбірге айналған, сөз соңындағы –ға – етістіктен есім тудыратын көне жұрнақтардың бірі (салыстыр: тол+ға, бал+ға). Жорту, жортуыл сөздері де осы түбірден өрбіген болу керек [23,87 б.].

Академик А.Қайдаров та бұл лексеманың түбірін жор деп есептейді. Жор [zоr] І. (ходьба, движение, передвижение); - жорт - <жор+т – совершить поход; бежать мелкой рысью; жорға - <жор+ға иноходец, иноходь [105,215 б.]. Бұл пікірге біз де қосыламыз. Жорту, жортуыл, жорық,  жорға лексемалары бір түбірден тарап, бір сөзжасамдық ұя жасап тұр.

Енді сәйгүлік сөзіне тоқталайық. Бұл лексеманы Ә.Қайдаров біріккен сөз ретінде алып қарап, сай және күл түбірлеріне жеке-жеке анықтама береді:

Сай  [sаj] ІІ. Отборный, соответствующий; достойный; готовый, пригодный к чему-л.; сайла - <сай+ла – отбирать, выбирать; сайкүлік  <сай+күлік скакун [106,270 б.].

Күл IV. (нечто быстрое, скорое): күлік  <күл+ік бегунец, скакун (о лошади), быстроногая (о собаке) [106,231 б.].

Академик бұл сөзге жан-жақты терең этимологиялық зерттеу жүргізген. Ғалымның пікірінше, сөз болып отырған лексема екі түрлі түбірден құралған. Оның бірінші сыңары – сай кейбір түркі тілдерінде, мысалы, қырғыз тілінде, “жүйрік ат”  деген мағынада жұмсалады: sаj - өте жүйрік, атақты тұлпар ат. Ол тұлпар, күлік сияқты тағы басқа сөздермен де тіркесіп келе береді: sаj tulрar, saj buudan, saj kylyk. Екінші сыңары – күлік сөзі де жалпы алғанда осы мағынада жұмсалады: қырғызша кулук – жүйрік. Сәйгүлік, шапқыш, тұлпар, іt kylygүn tylky syjbojt (мақал) – ит жүйрігін түлкі сүймейді, kylyktyk – жүйріктік, шапқыштық т.б. Бұл сөздің басқа түрлі мағынасы да бар сияқты: көне түркі тілдерінде kylіg – белгілі, атақты, әйгілі, хакас тілінде кулук - әдісқой, әбжіл, жылпос, іскер, куле (кулирге) – аяқты алма кезек ауыстырып басып тұру. Көне қыпшақ тілінде kylik [kvlic] – тез, шапшаң, жылдам. Монғол тілінде хөлөг – ат, ат жеккен арба, көлік; тағы басқа тілдерде күлүк сөзі осы мағынада. Монғолша kalgеn – арба, якут тілінде көлгом, kolo – ат. Кейбір тілдерде бұл сөз басқа формада да қолданылады: орхон жазуында кү – даңқ, атақ; ұйғыр, алтай тілдерінде кү – дауыс, үн. Сонда күлік сөзінің түркі-монғол тілдерінде қолданылатын мағынасы мынадай: 1. Ат; 2. Шапқыш ат; 3. Атақты ат, атышулы нәрсе. Қазіргі қазақ тілінде осы үш мағынаның екінші түрі ғана сақталған. Мұндағы күлік әрине, басқа түркі тілдерінде қолданылатын сай (жүйрік) сөзімен әуендес [105]. Жазушы қолданысында да осы мәнде жұмсалады: ...Қазір сәйгүлік жылқы мінбеген бірде-бір сарбаз қалмады [65,134 б.]. Демек, сәйгүлік сөзі академик Ә.Қайдаров атап көрсеткендей, өзара мағыналас екі түрлі сөзден құралған. 1245 жылы жазылған “Түркіше-арабша сөздіктегі” kuluk деген түрікмен сөзін М.Хоутсма есектің үйірі деп аударады. Шынында да, бұл сөздің күлүк емес, көлүк болуы да ықтимал, өйткені бұл күлүк сөзінің жоғарыда көрсетілген үш түрлі мағыналарының ешқайсысымен де жанаспайтын секілді. Аталған сөздікте сегүл деген сөз бар. Ол «ала аяқ ат» деген ұғымда жұмсалады. Сегүл сөзінің біздің тіліміздегі сәйгүлік формасымен іліктес болуы да мүмкін [23,169 б.].

Шығармада жүйрік лексемасы да жиі-жиі ұшырасады. Бірде сындық мәнде, енді бірде заттанып, қолданылады. Байтабын Бопайдың желдей жүйрік атақты кербестісінің айылын босатып, ер-тоқымын жөндеп қайтадан ерттеді [65,144 б.].

Өзгеден сәл үздіктеу келе жатқан, жал-құйрығын түйіп тастаған күрең қасқа жүйрік ат мінген, үстінде аң аулауға деп арнап тіккен шолақ сауыт, зерлі күміс дулығасы бар Әбілхайыр ханның өзі. ...Аттарының бәрі жал-құйрығын түйіп тастаған, ауыздығымен алысқан жүйріктер [64,19 б.].

Тілші-ғалымдар назарынан “жүйрік” сөзі де тыс қалмаған. Аталған лексеманы этимологиялық тұрғыдан зерттеген Б.Сүлейменова мен С.Исаевтің пікірлері төмендегідей: Жүйрік сөзінің түбірі – juri-juru қазіргі тіліміздегі жүр, жүру сөздері. Түркі тілдерінің көне жазба ескерткіштерінде jugur, jurit, jurug формаларымен қатар бұл сөздің  jurug, jugrus, jugruk (at) формалары да кездеседі [23,390-391 б.]. Көне juru сөзінен туған  jugrur (скакун, рысак) сөзінен бастапқы j-дың ж-ға, г-нің й-ге айналу нәтижесінде қазіргі тіліміздегі жүйрік сөзі пайда болған. Бұл сөздің пайда болу тарихын төмендегідей схема түрінде көрсетуге болады: juri, juru>jurkuk-juruk метатезаның нәтижесінде (рг-гр) jugruk (г түсіп қалып) juruk болып та, д дыбысы j-ге айналып, бастапқы дыбыс ж-ға айналып, жүйрік түрінде айтылады. Көне jurі сөзінің  әр дәуірдегі әртүрлі фонетикалық өзгерістерге ұшырауының нәтижесінде (жүр-жүг-жүй) тілімізде пайда болған жүр, жүрек, жүрдек (жүргек), жорға, жорық, жүгіру, жүгірту, жүйрік, жүйтку сияқты бір түбірден таралған бірталай сөздер бар деп топшалаймыз [23,96 б.].

Демек, “жүйрік” сөзі де жоғарыда айтылған жорту, жорық, жорға, жортуыл лексемаларымен мәндес, мағыналас, ұялас болғаны.

“Ту бие” - қысыр қалған жылқы. Бұл фразадағы «ту» сөзінің мағынасы –тығ, -тығда, -тығра – становиться сильням, крепким. Тығ – ту болып өзгеру нәтижесінде (ығ – у), күшті болу, мықты болу мағынасын беріп, “тумаған, күшті, мықты, семіз бие” деген тура мағынасында жұмсала жүріп, келе-келе жаңа туынды сигнификаттық мағынаға алмасқан. Сондай-ақ, “ту қой”, “ту жер”, “тусыраған ен дала” тіркестері құрамындағы ту сөзінің мағынасы өнім бермей дем алған, күші бойынша, мықты, берік тағы басқадай мәнде қолданылады [103,276 б.].

Жылқы баласына қатысты мынадай бір сөз бар: шал құйрық. Шал сөзінің мағынасын ғалым Р.Сыздықова былай түсіндіреді: Шалкиіз жыраудың Би Темірге хаж сапарынан тоқтатуға айтқаны деген толғауында:

Ашалай шалың ақталап,

Шемшірлігің ноқталап,

Шал сақалың жылаттың – деген түсініксіздеу жолдар бар, бұл жерде жыраудың не айтып тұрғанын ұғу қиын. Мұнда біздің назарымызды аударатын – шал сақал тіркесі. Шал сөзі көне түркі тілдерінде “ақ, бурыл, боз” деген мағыналарда жеке қолданылған сын есім. Оның бұл қызметтегі қолданысы бүгінгі тіліміздегі шал құйрық (“құйрық қылшығы ақ араласқан, ақшыл”), шалғырт тарту (“ағара бастау, бурыл тарту”) сияқты тіркестер мен шалғырттану (“бурыл тарту, ағару”) тәрізді туынды сөздерде сақталған. Бұл күнде шал сөзі “қарт ер адам” мағынасында зат есім ретінде ғана қолданылады. Ал шал сақал тіркесі – ақ сақал, бурыл сақал дегеннің көне варианты. ХҮ-ХҮІ ғасырлардағы ноғайлы-қазақ ақын-жыраулары тілінде мұндай тіркестердің сақталуы – заңды құбылыс. Бұл сияқты “көненің көздері” біршама тұрақты нормасы бар поэзия тілінде әлі де қолданыстағы элементтер екенін танытады. Әсіресе, шалғырт сөзі ХҮ-ХҮІ ғасыр сөзгерлері тілінде поэтизм ретінде жиі кездеседі. Мысалы, ХІХ ғасыр ақыны Абылда:

Шалғысы лашынның шалғырт тартса,

Ілер деп қаз баласы қайғы жемес.

Қашағанда (ХІХ ғ.):

Жас сексенге келгенше

Сақалға шалғырт енгенше,

Талайдың көрдім құрмасын.

Бұларда шалғырт тарту, шалғырт ену тіркестері “қартаю” образын жасауға қолданылған [29,161 б.].

Демек, шал құйрық дегеніміз – құйрық қылшығына ақ араласқан жылқы.

Сөз зергері Р.Сыздықова Махамбеттің атақты “Ереуіл атқа ер салмай” деп басталатын өлеңіндегі ереуіл сөзінің беретін мағыналарын тәптіштеп талдайды. Зерттеуші: “ақын жинақтары мен оқулықтарда “ерттеулі ат” деп түсіндіріліп келе жатыр. Бұл – қате түсінік. Ол сөздің төркін тегін арнайы іздестірген Құлмат Өмірәлиев қазақша ереуіл сөзін монғолдың ирэгуль сөзімен байланыстырады: ертеде монғолдар ертеңгі болар майдан тағдыры қалай шешілерін, яғни кім жеңерін алдын-ала білу үшін соғыс алдында екі жақтан екі мықты батырды таңдап, оларды жекпе-жекке шығаратын болған. Монғолдардың әдетінде қай жақтың батыры жеңсе, ертеңгі қан майданда сол жақтың қолы жеңеді деген наным болған. Міне, осы екеуді монғолдар ирэгуль деп атаған. Зерттеуші ереуілге шығатын батырлар мінетін атты да ереуіл деп атаған болу керек деп топшылайды (Өмірәлиев. Сөздеріміздің тарихынан). Бұл пікірді Л.Будагов та айтқан болатын. Ол шағатайша һараул, қазақша ереуіл “әскердің алдыңғы шебі, авангард” деп түсіндіреді де, монғолша ирэгуль - “жекпе-жекке шыққандар” дейді. Жекпе-жекке кімнің шығуы керек екеніне кейде бал ашатын болған, демек, монғол тілінде бұл сөздің “бал ашу” деген мағынасы да бар дейді, - [29,71 б.].

Қазіргі монғол тілінде ирүүл сөзі “жекпе-жек келу, турнир” деген мағынаны береді. Түркі сөздерінің түп-төркінін кең көлемде зерттеп жүрген ғалым Ә.Қайдаров бұл сөзді өзгеше туындатады: “батыр, батыл, жүректі” мағынасындағы ер деген түбір сөзге –еуіл жұрнағы жалғанып жасалған ереуіл сөзіне –лі деген тағы бір жұрнақ қосылып, ереуіллі сөзі пайда болған, кейін келе бұл сөздегі –ілл деген дыбыстар шоғыры ықшамдалып, бұл сөздің бір ғана л дыбысымен айтылуына әкеп соққан. Мағынасы - “біреуге не бір нәрсеге күш көрсету, наразылық білдіру”, ал ереуіл ат тіркесінде келгенде “жорық аты” деген мәнді береді дейді (Кайдаров). Бұл пікірге М.Әуезов тілінің лексикасын арнайы зерттеуші Е.Жанпейісов те қосылады.

Махамбеттің осы өлеңі 1910 жылы Орынборда шыққан “Шайыр” атты кітапта да жарияланған. Осы жинақты құрастырушы Ғабдолла Мұштақ (Ғұмар Қарашев) ереуіл ат деген сөзге “мінбей сақтаған ат” деп түсінік береді. Бұл сөзге біз де із кесіп көріп едік, ол із үшінші бір соқпаққа салды: монғол, қалмақ тілдерінде эрүүл, эрүл деген сөздер бар, мағынасы “сау, дені сау” (орысша “здоровый”). Көне монғол тілінде бұл сөздің дыбысталуы ерегул. Ал мықтылық денсаулықпен байланысты ұғым: дені сау адам (мал) мықты болады. Демек, ереуіл сөзі ат сөзімен тіркескенде “мықты ат, тың ат” дегенге меңзеуі де мүмкін. Ертеде үлкен ұзақ жорыққа шыққанда, астындағы атпен қоса және бір мықты ат ала шығу, яғни қосар мініп шығу дәстүрі қай-қай халықта да, әсіресе, түркі-монғол халықтарында орын алған, өйткені атсыз, жаяу адам ұрыс салатын жауынгер бола алмайды. Ұрыста не жолда астындағы аты мертіксе, оққа ұшса, өліп қалса, жорықшы алып шыққан қосалқы атына ер салып мінетін болған.

Ереуіл ат тіркесіндегі ереуіл сөзінің мағынасының соңғы дәуірлерде қазақ тілі үшін күңгірттенуі, бір жағынан, бұл сөзді мүлде қате түсіндіруге алып келсе (“ерттеулі ат” деп анықтама беруге), екінші жағынан, тұлғасын өзгертіп, екі-үш түрлі етіп жазуға себепкер болған. Мысалы, 1974 жылы “Жазушы” баспасы шығарған жинағы “Ерулі атқа ер салмай” деп аталған, ал кейбір басылымдарда бұл сөз ереулі деп те жазылған. Соңғы екі түрде тұлғалануы да дұрыс емес, дұрысы ереуіл болуы керек [29,72 б.].

Сөйтіп, ереуіл ат “ерттеулі ат” емес (ерттеулі атқа адам ер сала ма?!), “тың қосалқы ат”, түп-төркіні монғол тілінің не “сау” мағынасындағы эрүүл сөзі немесе “жекпе-жек, турнир” мағынасындағы ирүүл сөзі болу керек. Бұл қазақ тіліне монғол тілдерінен енген кірме сөз бе, әлде көптеген өзге сөздер сияқты өте әріден келе жатқан ортақ сөз бе – мұны іздестіре түсу қажет. Мүмкін, бұл сөз қазақ халқын құраған тайпалар тіліне Шыңғыс хан жорықтарынан бастап енген болар. Кезінде найман, керей сияқты тайпалардың (сол кездің терминімен айтсақ, жұрттардың) Шыңғыстың өзіне қарсы тұрып соғысқандары бар, кейін Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары жаулап алған елдерді өз әскеріне қосып алып, “әлемді жаулауға” аттанған жорықтарына қатысқандары бар – қайткенде де қазақтарды құраған көптеген ру-тайпалар монғолдың әскери лексикасынан жақсы хабардар болған, яғни, ұрыс-соғысқа, әскери тәртіпке, әскер құрылымына қатысты монғол сөздерін меңгерулері хақ.

Махамбет бұл тіркесті образ үшін пайдаланған: ереуіл атқа ер салмай... ерлердің ісі бітер ме дегені өздері аттанған жорықтың ауыл арасындағы бір-екі күндік барымта-қарымта сияқты жүріс емес, кескілеспей басылмайтын, ұзақ жолды, көп күндік (айлық, жылдық) қан майдан екенін айтқаны, образбен бергені.

Ереуіл сөзі Махамбет қолданған тіркестен (ереуіл ат) өзге жерлерде бүгінгі кездің өзінде де кеңінен қолданылады. Түсіндірме сөздіктің анықтамасына қарағанда, бұл сөздің қазір екі мағынасы бар: бірі - “пролетариат күресінің негізгі түрінің бірі, жаппай бас көтеріс, қозғалыс, аттаныс, дүрлігушілік”, екіншісі - “ұзақ жортуға шыдамды, берік, мықты” (бұл ат деген сөзбен тіркескенде ғана беретін біз көрсеткен мағынасы болуға тиісті, әйтпесе өзге сөздермен тіркесіп,“берік, мықты” ұғымын бере алмайды ғой).

Ереуілге шығу, ереуілдеу, сірә, белгілі бір іс-әрекетке (айталық, аттаныс, жорық, саяси-әлеуметтік күрес т.б.) ниет еткенде, біріншіден, “елден, жұрттан бұрын, өзгелердің алдын ала” деген мағыналық реңкті, екіншіден, “қарсылық көрсете, наразылық білдіре” дегенді қоса қамтитын тәрізді және бұл іс-әрекет үнемі жаппай көпшілік орындайтын ғана емес, жеке адамға да тән болуы да мүмкін [29,73 б.]. Мысалы, Дулатта:

Ел үшін кешіп жанынан

Ереуілге шыққан ер – деп келеді. Немесе жеке адамға да “таң атпай ереуілдеп не ғып жүрсің?” деп те айтылады. Е.Жанпейісовтың зерттеуіне қарағанда, М.Әуезов те бұл сөзді “қарсылық көрсету, наразы болу, көтеріле қозғалу” мағынасында жұмсаған. Демек, ереуіл сөзінің бір мағынасы “күрес, қарсылық, наразылық” деген реңкті қамтиды екен. Әрине, бұл мағыналардағы ереуіл сөзінің ереуіл ат дегендегі мағынасына қатысы жоқ. Қазіргі қазақ тіліндегі кең қолданысты ереуіл сөзінің де этимологиясын іздестіру – тіл зерттеушілердің алдында тұрған міндет [29,74 б.].

Біздіңше, ереуіл сөзінің бірнеше мағынасы бар:

а) қарсылық көрсету, наразы болу, көтеріле қозғалу;

ә) мықты, тың (ат);

б) елден, жұрттан бұрын, өзгелердің алдын ала;

в) күрес.

Бұл сөз, біздіңше, жылқыға қатысты айтылғанда ғана мықты, тың деген мағынаны білдірсе керек. Халқымызда “жау жоқ деме, жар астында” деген аталы сөз бар. Елінің ертеңін ойлап атқа отырған ерлердің ертеректе ұзақ жортуға шыдамды, берік, мықты аттарды суытып, баптап, таң асырып, ел арасындағы ұсақ кикілжіңге мінбей, тынықтырып, тың ұстауы, біздіңше, таңданатын жай емес. Демек, жазушы шығармада аталмыш лексеманы қолдану арқылы осыған меңзеген. - Ереуіл атқа тағы ер салатын күн туды, - деді күйіне дауыстап, - халық кегіне суарылған ақ семсер жүзі мұқалмай бетімнен қайтпаспын [65,31 б.]. Қаламгер аталмыш сөзді қарсылық көрсету, наразы болу, көтеріле қозғалу тәрізді мағыналарында да қолданып отырады:

Ақырында барып Ақ Жайық өзені мен Қараөткел ортасын жайлаған Арғын, Қыпшақ, Алшын, Найман, Уақ, Керей рулары ауық-ауық ақ патша отаршылық саясатына қарсы ереуілге шыға бастады.

Алайда өзара бақастық, бәсеке, алауыздық сияқты дерт жайлаған бұл рулардың қоқан-лоқы ереуілдерін, қазақ даласының әр тұсына әскерлі бекініс орнатып үлгірген патша губернаторлары басып тастап отырды [65,33 б.].

Зерттеуші-ғалым Р.Сыздықова сонымен бірге керен, керік сөздеріне де терең талдау жасайды: “Қамбар батыр” жырында:

Кереңдей ашып ауызын – деген жол бар. Мұндағы керендей сөзі өзге жырларда және осы жырдың басқа варианттарында керектей, арандай түрінде келеді.

Керик сөзі қырғыз эпосында да кездеседі: керигим бар, пилим бар, бұл мұнда носорог (мүйізтұмсық) деп аталатын жануардың атауы делінген. Сірә, қазақ жырларында да дұрысы керіктей ашып ауызын болса керек. Әрине, бұл болжамымыз – егер қазақтар да образ үшін керік атауы арқылы носорогті алған болса. Носорог – керік сияқты айбарлы жануар аузын ашқанда, соншама қорқынышты болатыны мәлім. Бұл образ о баста қазақтың, қырғыздың өзінікі емес (бұлар қоныс тепкен мекендерде носорог болған емес қой), өзге әдебиеттерден келген кірме образ болса керек.

Ал керік сөзінің керен тұлғасына көшуін керік сөзінің жалпы қазақ қауымына түсініксіздігінен іздеуге болады. Оның үстіне құлан бұлан деген сияқты тағы жан-жануарлардың атаулары –ан деген дыбыстарға аяқталып келетіндіктен, аузын кең ашатын бейтаныс аңның атын да керен деп ұғу - әбден заңды құбылыс. Керік сөзінің аран сөзімен алмасуы да осы негізде. Аран да бейтаныс нәрсе (жануар ма, өзге бір образ ба?). Мүмкін аран монғолдың араатан “жыртқыш, жыртқыш аңдар” деген сөзінің бір варианты болар [29,91 б.].

Соңғы кезде жирафты да керік деп аударып жүр. Сондықтан да, біздің ойымызша, керік сөзінің мағынасын тағы да нақтылай түсу қажет секілді. Ғалым Р.Сыздықова: “керік сөзі қазақ эпостарында “ат, батырдың, балуанның мінген аты” деген мағынада және қолданылады. Мысалы, “Алпамыс” жырында” дейді. Біздің пайымдауымызша, мұндағы мағына тек ат, батырдың аты дегенмен шектеліп тұрған жоқ. Бұл сөздің мағынасы мықты, белді, әлде бедеу ат деген мағыналарға жуықтауы мүмкін ғой, өйткені халықтың ұғымында батыр, балуандарды өте белді аттар ғана жорықтарда ұзақ уақыт алып жүруге жарамды болған. Тіпті әлсіз аттардың белі кетіп, жорықтарда ат ауыстыруға мәжбүр болатын жағдайлар да болған.

Р.Сыздықованың  күдері/көдіре сөзінің шығу тегі жөніндегі пайымдауы көңілге өте қонымды: Махамбет ақын бір өлеңінде:

Көдіреден бау тағып,

Сауыт киер күн қайда? – дейді. Осы жолдар ақын шығармаларының 1974 жылғы басылымында күдеріден бау тағып болып жазылған. Енді бір кітаптарда осы тіркес күдіре бау, күдіреден бау тағып болып келеді. Тіпті мұның көдіре варианты да кездеседі. “ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары” атты жинақты бастырушылар бұл сөзді көдіре деп жазады да, оған “көдіре – тәрізді нәрседен жасалған бау” деп түсінік береді. Ал дұрысында күдері сөзі “төзімді нәрсе” дегенді емес, “жұмсақ иленген тері” дегенді білдіреді. Н.И.Ильминскийдің сөздігінде күдері – иленген түйе терісінен жасалған портупея (ал портупея дегеніміз қару асыну үшін йықтан асыра тағып жүретін немесе белге байлап жүретін аспа не тартпа бау). Сірә, бұл сөздің өткен ғасырдағы дәл мағынасы осы болар, өйткені Ильминский бұл анықтаманы сол кездегі қазақтардан ауызба-ауыз сұрап, жазып алған материалдары бойынша беріп отыр.

Бұл сөз қырғыз тілінде де бар: күдөрү – жұмсақ иленген қайыс. Күдері – сирек қолданылатын, көбінесе күдеріден бау тағу, күдері бау тіркестерінде келетін сөз. Мағынасы ұмыт бола бастағандықтан қате түсіндіріліп, оның үстіне екі-үш (тіпті одан да көп) түрлі етіп жазылып жүргені байқалады.

Кудрага (күдері) сөзі монғол тілінде де бар, қазіргі беретін мағынасы  “шілейке, өмілдірік”. Сөйтіп, өткен кезеңдердегі қазақ әдебиеті тіркестерінде кездесетін күдері бау тіркесі “жұмсақ иленген теріден жасалған бау” деген мағынаны білдіреді. Ертедегі жырлардың бірінде “күдіредей бойы созылып” деген сөйлем кездеседі. Мұнда да күдіре -  “икемге көнгіш, созылғыш нәрсе” дегенді білдіреді. Қырғыз тілінде өте жұмсақ нәрсені күдөрүдөй деп айту бар, тіпті аяғын жұмсақ басатын сұлуды суреттегенде, күдөрүдөй былқылдап деп бейнелеу бар. Бұл жоғарыдағы қазақша күдерідей созылып дегенмен әуендес. Екеуінде де күдері (күдөрү) сөзі “жұмсақ, иілгіш” (демек, “жұмсақ иленген”) деген мағынаны қамтиды [29,102 б.].

Жоғарыда талданған күдері сөзімен сыртқы тұлғасы ұқсас күдіре сөзі және бар. Бұл да сирек қолданылады, бұл да күдіре бел, күдіре жылқы деген тәрізді тұрақты тіркестерде келеді. Бұл жердегі күдіре сөзінің жоғарыдағы “жұмсақ иленген тері бау” мағынасындағы күдері сөзіне қатысы жоқ. Жырларда кездесетін:

Күдіре бел, күпшек сан

Бедеу атқа мінген жер – дегенде қолданылған күдіре сөзі “мықты, төзімді” деген мәнде жұмсалған. Бұл, сірә, ауыспалы мағына болу керек. Қазақ тілінде күдірею етістігі бар, мағынасы “бір нәрсенің көтеріліп, күжірейіп, қоржиып шығуы”. Мысалы, желкесі күдірейген өгіз. Кейбір диалектологтар күдері мен күдіре сөздерін бір деп табады да, күдері “берік, мықты” деген ескі сөз және ол Шығыс Қазақстан өлкесіне тән диалектизм деп санайды, оған күдері қайыс (берік қайыс), күдері жылқы (мықты жылқы) деген мысалдар келтіріледі.

Күдері сөзі қазақ ауыз әдебиетінде “күдерінің терісі” (демек, “жылқының терісі”) деген ұғымды білдіреді. М.Әуезов тіліндегі этнографиялық сөздерді зерттеген Е.Жанпейісов те күдері, күдіре сөздерін бір сөз деп табады да, олар “дөңес, шығыңқы” деген мағынаны білдіреді дейді. Күдері бау дегенде, баудың шығыңқылау, дөңес келген белдің терісінен жасалғандығынан осылай аталған болу керек дейді. Біздіңше, күдері бау мен күдіре жылқы дегендегі күдері, күдіре сөздері бір сөз емес, екі басқа сөздер, бірақ екеуі де түп-төркіні беймағлұмдау, мағыналары күңгірт, сирек қолданылатын сөздер болғандықтан, көбінесе қате түсіндіріліп келе жатыр. Тіпті бұларды Қазақстанның тек шығыс өлкесіне тән жергілікті сөз деп танудың өзі жаңсақтық, өйткені бұл сөзді материалдарды қазақ жерінің батыс өлкесінен жинаған Н.И.Ильминскийден де, Махамбет ақыннан да, ауыз әдебиеті үлгілерінен де табамыз. Күдіре сөзі жал сөзімен де келеді: күдіре жал. Бұл сөздің мағынасының беймағлұмданғаны оның тұлғасын өзгертіп айтуға (жазуға) әкеп соққан: бірде күдері, бірде көдіре/кедіре, бірде қыдыра деп те жазылып жүр.

Сөйтіп, күдері - “жұмсақ иленген теріден жасалған бау” деген, күдіре - “мықты, күшті” деген мағынада қолданылған екеуі екі бөлек сөздер деп тану керек [29,102 б.].

Біз ғалымның осы ойын толығымен қуаттаймыз. Күдеріні - “жұмсақ иленген теріден жасалған бау” деп, күдірені - “мықты, күшті” деген мағынада қолданылатын екі бөлек сөздер деп тану керек сияқты.

Жоғарыдағы тілші-ғалымдардың этимологиялық зерттеулерінен байқағанымыз, қазіргі қазақ тілінің деректерін тарихи-салыстырмалы әдіс арқылы туыстас түркі тілдерімен салыстыру олардың ортақ бір тілден  тарағандығын көрсетеді. Аталған тақырыпқа байланысты барлық сөздердің этимологиясын ашу мүмкін емес, ол болашақтың ісі.

 

2.2 ЖЫЛҚЫ МАЛЫНА ҚАТЫСТЫ АТАУЛАРДЫҢ РУХАНИ МӘДЕНИЕТТЕГІ ОРНЫ

 

Рухани мәдениетәр халықтың ақыл-ойының жемісі. Ол өзінің пайда болу, даму сағасын көне дүниеден алады. Бастарынан өткерген тарихи жағдайларға байланысты әр халықтың жалпы мәдениетінің бір бөлігі рухани байлығының даму дәрежесі бірдей болмайды. Себебі: әр халықтың материалдық, экономикалық, әлеуметтік жағдайы олардың қоғамдық санасына, тұратын жеріне, берекелі тіршілігіне де байланысты дамиды [107,21 б.].

Рухани мәдениет дегеніміз – ұжымның жадында жинақталған жүйе және оның басты міндеті айнала (аударма А.Сейілхандікі) (Ю.М.Лотман).

Рухани мәдениет – халқымыздың этномәдени өміріне, өмір тәжірибесіне қатысты атаулар жиынтығын, этномәдени өмірдің өзіндік ерекшеліктерімен, рухани ескіліктердің тілдегі көріністерін анықтайды. Ол – жалпы этносты танудың, әсіресе оның интеллектуалды ерекшеліктерін танудың құралы [108,24 б.].

Кез-келген этностың рухани мәдениеті тілде таңбаланып, тілдің кумулятивтік қызметі арқылы ұрпақтан-ұрпаққа берілетіні белгілі.

ХІХ ғасырда тіл мен рухты – біртұтас ұғым ретінде қарастыратын жаңа ағым пайда болды. Бұл ағымның негізін В.фон Гумбольд қалады. Гумбольдша айтқанда, әр ұлттың өзіне тән, іштей дамитын рухы бар, ұлттық рухты ерекшелеп, жарыққа шығарушы, сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші – тіл. Ұлттық тілді ғалым А.А.Потебня халықтың мәдениетімен тығыз байланысты, халық – тілді жасаушы, тіл – “халықтық рухтың” жемісі, сондықтан тіл ұлттық ерекшелікті көрсетеді дейді.

Тілді адам ойы мен санасы, мәдениеті және рухани өмірімен байланыста қарау ұлттық дүниетанымның тылсым қыр-сырларын ашуға мүмкіндік береді. Демек, “салт-дәстүрлер жай қолданбалы нәрсе, иә науқандық, мерекелік көрнекі құрал емес. Ол ұлтты рухтандырып, оның ішкі, сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттарының бірі. Ал осындай рухани дүниесі, сонымен сабақтас қалыптасқан материалдық өндіріс пен тұрмыс күйі әркімнің жеке басының жағдайына байланысты қалыптасатын – жалпыхалықтық құбылыс. Оның негізгі бір сипаты – оның тұрақтылығы. Ол оңайлықпен өзгере салмайды, тіл арқылы ол ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Сол арқылы ұлт өмірінің желісі үзілмей, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіледі. Сол себепті әр түрлі ұрпақ болғанымен, бірін-бірі түсініп, бір ұлтқа жатады” [109,5 б.].

Қазақ халқының салт-дәстүрлері: бала тәрбиесіне байланысты салт-дәстүрлер, тұрмыс-салт дәстүрлері, әлеуметтік-мәдени дәстүрлер болып үш үлкен топқа бөлінеді.

Бала тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрыптарға баланың дүниеге келген күнінен бері жүргізілетін тәлім-тәрбиелік дәстүрлерден (шілдехеана, сүйінші, балаға ат қою, бесікке салу, қырқынан шығару, тұсау кесу, атқа мінгізу, сүндет той тағы басқалар) бастап, қыз бала мен ұл бала келешек отбасы – жанұя құруға, шаруашылыққа, өмірге, еңбекке бейімдеуге арналған азаматтық жөн-жоралғылар жатады.

Ал тұрмыстық салт-дәстүрлерге қазақтың киіз үйі, киіз үйдің жиһаздары, ұлттық киімдер мен тағамдар, мал бағу, егіншілік, аңшылық, балықшылық, бағбаншылыққа  қатысты кәсіптерге үйретудің тәлімгерлік түрлері енеді.

Сондай-ақ әлеуметтік-мәдени салт-дәстүрлерге: қазақ ауылы, ауыл адамдарының туыстық қарым-қатынасы, шешендік сөз өнері, қазақтың ұлттық музыка аспаптары, үйлену – үй болуға байланысты салт-дәстүрлер, қонақ күту, халықтық-ұлттық мерекелерді өткізу, өлікті жөнелту рәсімдері, әдет-ғұрыптары жатады [110,10 б.].

Салт-дәстүр халықтың тіршілік, кәсібіне, наным-сеніміне, өмірге деген көзқарасына байланысты туып, қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, өзгеріп, жаңарып отырады. Оның жаңа қоғамдық қатынасқа қайшы келетіндері жойылып, өмірге қажеттілері дамып, жаңа мағынаға ие болады. Мысалы: қазақтар жаугершілік заманында қой сойып, қанына найзасын малып, бір-бірімен анттасып достасқан. Достықты бұзғанды ант атсын деп серттескен. Бертін жаңа қоғамның дамуына байланысты анттасу салты мүлде жойылды. Бірақ тілімізде аталған дәстүрдің атауы қалды. Біз ол арқылы бүгінде қазақ халқының өміріндегі осындай салт болғанын білеміз.

Атбайлар (ұстар). Бұл эффемизм ретінде ер балаға айтылатын сөз. Ал қыз баланы қырық (қырық бір) жылқы деп атаған. Қазақ сәби дүниеге келгеннен бастап жер қойнына барғанға дейінгі өмірінде жылқыны ерекше дәріптейді. Нәресте дүниеге келгенде кіндігін ай балтамен кесіп, таза жіппен байлайды. Кіндік кескен балтаны пайдаланбай, сақтап қояды. Кіндік үш-төрт күнде түседі. Ұл баланың кіндігін “үй күшік болмасын, далада өскен батыр болсын” деп, қырдан асырып лақтырып жібереді. Ал қыз баланың кіндігін “үйдің құты болсын” деп, от басына, ошақтың түбіне көмеді. Кейде бала “ат құлағында ойнасын” деген тілекпен, аттың жалына байлап қоятын да дағды бар.

Ал сәбиді бесікке кез-келген әйел салмайды. Бұл қызметті бойы таза, инабатты, жөн білетін, ел-жұртқа сыйлы, немерелі-шөберелі бәйбіше орындайды. Баланы бесікке саларда таза темірді немесе сол үйдегі қысқашты, темір көсеуді отқа қыздырып, бесіктің арқалығынан бірнеше жерді қариды. Бұл – жын-шайтан өлсін, балаға бәле-жала жабыспасын дегені. Сонан соң әйелдердің біреуі: “Бала қырандай алғыр болсын” деп, бүркіттің тұяғын бесікке байлайды. Тағы біреуі бесіктің екі жағынан қылыш жарқылдатып: “Жау жүрек батыр болсын” десе, үшіншісі бесіктің екі жағынан қамшы үйіріп: “Тақымынан тұлпар кетпесін, бәйге бермес шабандоз болсын” деген тілек айтады. Яғни, бұдан байқайтынымыз, қазақ халқы үшін жылқының орны ерекше. Ата-ана үшін баладан артық қандай қуаныш бар? Ал сол балаға бұл дүние есігін ашар-ашпастан “тақымыңнан тұлпар кетпесін” деген тілек айтылса, жылқының қазақ халқының өмірінде маңызы зор болғандығынан деп ойлаймыз.

“Қыз баланың жат жұрттық екенін мойындағанмен, қазақ атамыз жиендерін ешқашан сыртқа теппеген. Қайта олар жат бауыр болып кетпес үшін жиі-жиі ат ізін салып, жиендерін жыл сайын бір-екі рет сыйлы қонақ етіп, тік тұрып күтіп алуды үлкен мәртебе санаған. Ес біліп, етек жия бастаған кезінен-ақ нағашылары жиендерін қамқорлықтарына алып, баулып, аталары оған үйірлі жылқының ішінен таңдап жүріп, тай мінгізеді. Ол жиеннің бәсіресі, бәсіре тай немесе “жиенқұрық” деп аталады. “Ат – ер қанаты”. Осындай нағашы аталары таңдап берген бәсірелерімен сал серілігі, атбегілік атағы шыққан бозбалалар халқымызда аз болмаған. “Үйдің жақсы болмағы – ағашынан, баланың жақсы болмағы – нағашыдан” деген нақылды да аталарымыз осындайдан айтса керек.

Атқа (ашамайға) мінгізу тойы. Бала үш жасқа толғанда жеке атқа мінгізіледі. Жас баланың атқа мінуі халқымыздағы балаға арналған тәрбиелік маңызы ерекше аялы қамқорлықтың бірі. Бұл оқиға ес біле бастаған жасөспірім үшін мәңгі естен кетпес қуаныш. Сондықтан да баланың атқа міну қуанышына арналған той бала өміріндегі тойлардың ең елеулілерінің бірі болып саналатын. Ауқатты адамдар “жоғарғы елге жорға бие, төменгі елге төбел бие сойып” дегендей ұланғайыр той жасап, ат шаптырып, балуан түсіріп, көкпар тартқызатын. Баланың мінген атына да салмақты шарт қойылатын. Ол әрі жуас, әрі жүрісі жайлы, әрі сын-сымбатты болуы керек. Сондай-ақ ол аттың жас шамасы баланың өзімен шамалас құнан немесе дөнен болуы да есте сақталатын. Аттың жал-құйрығын үкілеп, ашамайлайды. Баланы атқа мінгізу сыбағасы кім көрінгеннің үлесіне тие бермейді. Оған сол ауылдағы ең тақымы желді, ат құлағында ойнайтын саңлақ жігіт таңдап алынатын.

Енді атқа мінген бала ат үстінде тұрып, алақанын жайып ауылдың дұғакөй қариясынан бата сұрайды.

Ақсақал былайша бата береді:

Жолсыз жерде жол баста,

Жаугерлік болса қол баста.

Сәйгүлігің сай болсын,

Тілегім осы әу баста

Әмин, аллаһу әкпар! – деп, немесе:

Ал ақ тілек, ақ тілек,

Атқа тоқым сал білек.

Жасыңнан малды баға біл,

Атқа да жақсы шаба біл.

Өнеге, өнер таба біл.

Аймағыңа жаға біл.

Тең құрбыңның алды бол.

Мінеки, атқа міндің, ашылды жол, – деп бата береді.

Ақсақал бата беріп болған соң баланың сол қолына аттың тізгінін, оң қолына қамшы ұстатады. Бұдан соң да жасөспірімдердің өмірінде атқа байланысты сан қилы қуаныштар кездесіп, оған дүйім жұртын ортақтастырып жатады. Атап айтсақ, ашамайдан шығып үзеңгілі ерге міну, жайдақ тайға міну, бәйгеде тайға, құнанға, атқа мініп шабу, сайысқа түсу т.б. [111,119-121 б.].

Баланың нағашысы жиенге арнайы ат әкеп мінгізетін болған. Тойға келушілер балаға арнап қамшы, садақ, шідер тағы сол сияқты заттар жасап әкеп сыйға тартады. Бұл – баланы азамат болуға жарадың деген ырымдар. Әйелдер баланың азамат болу қуанышына шашу шашады. Мұнан кейін ересек балалар тайларымен жарысып, бес-алты жасынан бастап қозы-лақ қайыруды, мал бағуды үйренген. Атқа міну тойы баланың әжетке жарап, еңбекке араласуы, азаматтықтың басы деп ұққан. Ол балаға да үлкен ой туғызып, тез есеюіне әсер еткен.

Баланы атқа мінгізу сияқты бала тәрбиесіне байланысты салт-дәстүрлердің бірі – сүндет той. Сүндет тойы да баланың атқа міну тойы секілді думанды тойдың бірі. Мұнда да баланы арнаулы “Сүндет ат” деп аталатын атқа мінгізіп, сәндеп киіндіріп, үкі тағып, ауыл-аймақты аралатады, баланың өз аузымен тойға шақыртады. Дәстүрлі салт бойынша ойын-сауықтың бар түрі көрсетіледі. Баласы атқа мінгенде ата-анасы “Балам ат тізгінін ұстап азамат болды” деп қуанса, сүндетке отырғанда “Балам мұсылман санатына қосылды” деп қуанады [111,122 б.].

Ертеде бардам адамдар туған ұлына арнап, бәсіре етіп, құлынға ен салып қояды екен. Бала беске келгенде, ол белі жуан бесті ат болады. Сүндет тойына соны мініп ел шақырған. Мұны “сүндет ат” дейді екен [69].

Қазақ – қонақжай халық. Белгілі жазушы Ә.Кекілбаев: «Үйінен қырық қадам ұзап шыққан кісінің бәрі қонақ. Үйінен қырық қадам ұзап шыққан кісінің пақыры да пақыр, батыры да пақыр. Алдында асы, басында қалқасы, астында төсеніші, үстінде жамылғысы болмаса, пақыр болмағанда кім болады. Ендеше, қонақ адамның бәрі пақыр. Пақыр адамның бәріне пәтиха тиесілі. Пәтиха беруден бас тартқан адам кісі емес, кісәпір, екі дүниеде бетінің күйесі бес елі қаныпезер» деп, жеріне жеткізе, дәл айтқан. Халқымыздың қонақжайлылығының, жомарттылығының бір дәлелі – үйіне қонақ болып түскен адамды күтіп қана қоймай, кетерінде оны құр қол жібермей астына ат, үстіне шапан жауып, құрметтеп шығарып салатындығы болса керек.

Халқымыздың осы қасиетін Қадыр Мырзалиев жыр кестелерімен өте тамаша өрнектейді:

Қазақ осы:

Ашық-жарқын қабағы

Қонақ келсе,

Шабылып бір қалады.

Байқа да тұр

Кетеріңде саған да ол

Ат мінгізіп,

Жібек шапан жабады.

Кіндік шеше кіндік баласына жейде кигізсе, кіндік шешесіне баланың әкесі шама-шарқына қарай сый көрсетіп, көйлек кигізіп, шапан жауып, ат мінгізер еді [69].

Көшпенді халық өмірінде асау үйрету де бір дәстүрге айналған.

- Батыр, бір күннің ішінде асауымды үйретіп бере аласың ба? – деп сұрады.

“Патша әйел сүйген жігітін ең алдымен асау жылқысын үйреткізіп сынайды екен” деген бір аңызды Тұяқ жас кезінде естігені бар.

Ақторғын бұған асау атын емес, асау жүрегін сынатқалы тұрғандай көрінді [64,486 б.].

“Ел жайлауға шығып, жайғасқаннан кейін бес-алты күн өткен соң, биебау орны таңдалып, желі тартылады. Бұл уақытқа дейін құлындар жетіліп, ширайды. Жігіт-желең жүйрік атқа мініп, жылқыларды шашау шығармай қайырып тұрады. Қолына құрық ұстаған қарулы жаяу жігіттер құлындарды бұғалықтап ұстайды. Асау құлындарды бұлқынта арпалысып жүріп, басына ноқта кигізеді де, желіге байлайды. Барлық құлын байланып болған мезетте әжелер бастаған қыз-келіншектер желі басына дастарқан жаяды. Әжелер ырымдап, ақ мол болсын деген ақ ниетпен желі қазығының басына айран құйып, жаманшылықтан аман болуы үшін құлындардың маңдайларына қатық жағады. Қариялар ақ баталарын ақтарады:

Дастарқаның мол болсын,

Абыройың зор болсын!

Көк жайлауды жайласаң,

Тай, құлынды байласаң,

Келін тұрсын керіліп,

Салтанаты көрініп.

Сабаң толсын қымызға,

Шараң толсын уызға!

Ақ тілеуге арналған ас ішіліп болғаннан кейін балалар мен бозбалалар асау тай мен құнандарды үйрету ісіне кіріседі. Үйір ішіндегі асауларды құрық салып ұстайды да, мықты жігіттердің көмегімен шұралап тұрып ерттейді. Асау үйрету әдетте екінің бірінің қолынан келе бермейді. Асау үйретушінің айла-тәсілін үлкен-кіші тамашалайды. Бұл да жігітті сынға салатын қызықтың бір түрі [112,183-184 б.].

Бұлардан басқа биебайлар, қымызмұрындық, сіргежияр, сіргемөлдіретер т.с.с. салт-дәстүрлер халқымызда көптеп саналады.

Халықтың салт-дәстүрін арнайы оқып үйренбеген адамға ашыла бермейтін тұрақты сөз тіркестері жетерлік. Мысалы, ат арты күң. ҚТТС-де бұл сөзге: “Ат артына мінгізіп алып келген жазалы әйел”, - деген түсініктеме берілген.

Адам бар ісі бейне даладағы аң,

Аң етіп, надан етіп байлаған заң,

Қан кешкен қабырғадан қара күнде,

Ат арты күң болмап па еді Айман, Шолпан (І.Жансүгіров).

Қазақ ұғымында тоғыз саны киелі деп саналады. С.Л.Фукс тоғыз туралы былай деп жазады: “тоғыз өзінің шығу төркіні жағынан ұрлық пен өлтірудің құны ретінде қолданылған, бірақ ХІХ ғасырда тоғыз өзінің негізгі мағынасын жоғалтып, кез-келген қылмыстың құны ретінде қолданылған” [113,102 б.]. Тоғызға байланысты сыйлық тарту, айып беру түркі елдерінің көпшілігінде, сол сияқты көшпенді қазақ елінде де кездеседі: Есенгелді мен Саржан қазақ елінің дәстүрі бойынша Ташкент құшбегіне ер-тоқымы, жүген-құйысқаны күміс, жал-құйрығы төгілген, Арқадан келген тоғыз қара жорға, тоғыз боз жорға, әр ер басына байланған тоғыз қара құндыз, тоғыз қоңыр бұлғын әкелген [65,72 б.].

Әз-Тәукенің “Жеті жарғы” заңдар жинағы бойынша қылмыс жасап, ұрлық істеген адам “тоғыз” айыбын тартқан. Бұл айып бас тоғыз немесе түйе бастатқан тоғыз және орта тоғыз немесе ат бастатқан тоғыз немесе өгіз бастатқан тоғыз болып бөлінеді. Ат бастатқан тоғыз айыбының құрамы: бесті ат, екі құнан, екі тайынша, төрт қой түрінде келеді. Шығармада айыптың бұл түрі де орын алған: Абылай өзін кінәлі санап, Ботақанның өлімі үшін үш кісінің құнын - әрқайсысы атан бастаған тоғыз қарадан, жиырма жеті бас мал, оған қоса ат-шапан айып төледі. Өзін атпақ болған Қапан мергенге мылтығыңның қарымы қайтпасын деп, ал оны ұстап қалған Бекболат биге, өлімге қимаған жақсылығың үшін деп, құндыз жағалы күзен ішік пен бір-бір жорға мінгізді [64,495 б.].

Бүкіл өмірін ат үстінде өткізген батыр бабаларымыз тар жол, тайғақ кешуде бір-бірін жебеп, дер кезінде қол ұшын бере білген. Ат сүйек беру фразеологизмі соның айқын дәлелі. Ат сүйек беру – “қазақ хандығы кезіндегі жауынгерлік ұғым: майдан үстінде аты оққа ұшқан атақты жауынгерді жау қолына түсірмей қағып әкетіп, екінші атқа отырғызу”. Шығармада жазушы тарапынан бұл дәстүрге де назар аударылады.

Аталмыш шығармада бүгінгі күні көпшілікке онша таныс емес, ұмытыла бастаған жылқы бағу дәстүрі сипатталады: ...Тек қонақтарға ауыл кәдесін істеп, кешкі ойын-сауыққа кірісер алдында ғана Домбалық батырдың екінші қызының жылқы бағуға кеткенін білді. Қазақ руларының ғұрпы бойынша көне заманда жылқы бағу тек жылқышылардың ғана борышы емес, қыз-бозбаланың да шаруасы. Жасыл шалғынды ми далада, жаздың жылы айлы түнінде қыз-бозбала болып жылқы күзету – қазақтың ескі салтының бір қызық дәстүрі. Кең алқапта үйір-үйір боп бытырай жайылған қалың жылқы...

...Сол қара-құрым жылқыны екеу-екеуден серік боп, ән шырқап айнала жүрген қыз-бозбала. Қос жанында тайқазанда былқылдай қайнаған құлынның уыз еті. Үйірінен бөлініп кеткен саяқты іздеген боп сайға түсіп бара жатқан, сойылын сүйреткен бозбала. Арғы беттен астындағы жорғасын жанындағы серік қызына ұстатып, төмен қарай асыға аяңдаған үкілі бөрікті, былқ-сылқ басқан жас сұлу... бұ да бір қызық заман! Жақсы көрсең де келмейтін, жек көрсең де оралмайтын, біржолата мәңгі өшкен алтын дәурен! [64,231 б.].

 

2.3 РОМАНДАҒЫ ЖЫЛҚЫҒА ҚАТЫСТЫ ХАЛЫҚТЫҚ ӨЛШЕМ АТАУЛАРЫ

 

Ғасырлар бойы көшпенді өмір салтын ұстаған ата-бабаларымыз уақыт мерзімін, ұзындық пен көлемді, қашықтықты қалай өлшеп білген деген сауал кез келген көзі қарақты адамды толғандырары сөзсіз. Әрине, ол кездерде халқымыз уақытты сағатпен, көлем мен салмақты таразымен, ұзындық пен кеңістікті метрмен өлшеуге әлі дағдыланбаған, үйренбеген еді [114,145 б.].

Халқымыздың өзіндік таным-түсінігі нәтижесінде қалыптасқан халықтық өлшем атаулары – қазақ тілі лексикасының салмақты бір бөлігін құрайды. Л.Н.Гумилев: “Халықтың әл-ауқат жағдайын анықтайтын, классификация үшін аса ыңғайлы индикаторлардың бірі этикалық сананың (әрбір халықтың) уақыт категориясына қатыстылығы болып табылады” [115,17 б.], - дейді. Бұдан байқайтынымыз, халықтық өлшем атауларының астарында ұлттың түсінігі жатады. Яғни, халықтық өлшем атаулары сол халықтың күнделікті өмірімен, күн көрісімен, шаруашылығымен байланысты пайда болған. Олардың кейбірі көшпенді, мал шаруашылығымен айналысқан халық үшін зор маңызы бар табиғат құбылыстарымен (аспан денелерінің айналысы, жыл мезгілдерінің ауысуы т.б.) байланысты пайда болса, енді бір топ өлшем атауларының пайда болуы халқымыздың ғасырлар бойғы негізгі кәсібі – мал шаруашылығымен байланысты. Күн мезгілдерін халық күнделікті шаруашылық кәсіппен үйлестіріп, қай уақыт екендігін айнытпай дәл ажырата білген. Мәселен, жазғы кезде сиыр сауып жатқанда, мал өрмей, мал өргенде, қозы ағытарда, қозы көгендеп жатқанда, мал өрістен қайта, мал қоралана дегендердің бәрі де күн шыққаннан күн батқанға дейінгі уақыт мезгілін білдіреді. Ал жылқы малына байланысты уақытты білдіретін сөздерге: бие байлар кезде, биенің бас сауымында, бие ағытарда, бие сауым уақыт тағы басқа сөз тіркестері жатады.

Жылқының дене мүшелері қатысқан өлшем бірліктері де баршылық. Мысалы, қыстыңгүні жауған қардың қалыңдығын: шашадан қар кешу, аттың қара тұяғынан келу, тұсардан, тізесінен, қара қапталынан, аттың қабырғалығынан келу (биіктік, қалыңдық өлшемі) деген сөз орамдарымен жеткізген.

Аттың тұяғы қазақ тілінде алтын, күміске байланысты өлшем бірлігі ретінде жиі қолданылған. С.Қасимановтың еңбегінде [84,140-141 б.] атбас жамбы, тайтұяқ, құлынтұяқ жамбы, аттұяқ алтын сияқты сөздер кездеседі.

Қазақтар ертеде “тереңдікті – кісі бойымен мөлшерлеген. Мәселен, судың тереңдігін бақайдан, қызыл асықтан (тобықтан), тізеден, белуардан, кіндіктен, емшектен, йықтан, төбеден, кісі бойы, кісі бойынан асады деп бейнелеген. Сол секілді су тереңдігін ат бойымен де өлшеген. Мәселен, аттың шашасынан, толарсақтан, тілерсектен, ат бауырынан, үзеңгіден, қабырғалықтан, ат кекілінен, ат құлағынан, ат бойынан асады (келеді) деп мөлшерлеген. Биіктікті – тұсау бойы, найза бойы, оқ бойы, арқан бойы, құрық бойы, бақан бойы, сырық бойы, қамыс бойы деп өлшеген [114,137 б.]. Шығармада автор шаштың ұзындығын: Тоқпақтай болып өріліп, үзеңгіден төмен ат тірсегіне дейін төңкеріле түсіп тұр [7,42 б.] деп суреттейді, шөптің биіктігі былайша бейнеленеді: Тек түн ортасы ауған кезде, жағасы атты кісі көрінбес қалың анақурайлы Баскөлдің тұсына келгенде ғана: - Осы арада азырақ көз шырымын алдырсақ қайтер еді, Сейтеке, - деді Ожар [7,16 б.]. Бір шеті мен бір шеті ат шаптырым күміс толқынды Ақкөлдің кең алқап жазира даласы ат бауырынан келген көк шалғынға бөленген [64,46 б.].

Ал құмның көлемін төмендегі сөйлеммен береді: Бұрынғы тақыр дала енді аттың шашасына дейін көмілген құмға айналып, жайылысқа үйренген жүйріктер жүдеп-жадап, сегізінші күн дегенде Сырдың теріскей тұсына Ақмешіттен бір күндік жерге кеп тоқтады [64,356 б.].

Қазақ екі аралық қашықтықты қарға адым жер, бір аттам жер, таяқ тастам жер деген сияқты сөздермен берген. Ат адым өлшемі де осы топтағы сөздерге жатады.

Ұзындық өлшемінде жерді – дауыс жетер жер, оқ жетер (шалым, атым) жер, оқ бойы, көз көрім (шалым, жетер) жер, әудем жер, аяқ жетер жер, иек асты, иек артпа жер, арқан бойы деп мөлшерлеген. Ал көшіп-қонып, көлікпен, атпен жүретін жердің қашықтығын – қозы көш жер, бір көш жер, жарты көш жер, шалқар көш жер, сәскелік жер, түстік жер, күндік жер, бір қоналқа жер, ара қонып жететін жер, айшылық жер, көз көрмес, құлақ естімес жер, айлық жол, қырық күншілік жол, алты айлық жол, ит өлген жер т.б. деп өлшеген [114,137 б.].

Қашықтықты өлшейтін өлшем атауларына мынадай сөздер жатады: ат тұяғы жетер жер, тай шаптырым, құнан шаптырым, ат шаптырым жер, ат жетер жер, ат жетпес жер, бие бауындай жер, бие сауым жер, желі бойы, тұсау бойы, шылбыр бойы, құрық бойы. Дарияның сол жағында ат шаптырымдай жерде Ақсақ Темір уақытында салынған Қаңғыт руының дихасы – Маңғыт, одан әрі бір күндік жерде Үргеніш шаһары жатқан [64,153 б.].

Шығармада жазушы ат жетер жер, ат тұяғы жетер жер өлшемдерін түрлендіріп, былайша қолданады: Темір бидің аты жеткен жерге, Жәнібек ханның аты жете алмайды деп қорқасың ба? [64,204 б.]. Кейбір тарихшыларының есебі бойынша, Жоңғар әскері атының тұяғы жеткен жеріне дейін, сол кезде екі миллиондай қазақ халқы тұрған екен [64,317 б.].

Ж.Ахмедова бұл өлшем туралы мынадай пікір айтады: “В установлении длины пути передвижения определяющим фактором является конкретная обстановка. В этом можно убедиться на примерах из казахского языка. Так ат жетер жер “место куда можно доехать на лошади”, ат шаптырым жер “расстояние, пробегаемое лошадью на скачках”, құнан шаптырым “пробег трехгодовального коня”, тай шаптырым “пробег стригунка” и др.

Ат шаптырым жер “расстояние, пробегаемое лошадью на скачках”. В некоторых тюркских языках это расстояние чаще 40 верст; (Л.З.Будагова), ат чабыш “дистанция для скачек”, которая в некоторых случаях достигала 50 км (С.М.Абрамзон); ат шаптырым “пробег лошади без отдыха около 14-15 верст (К.В.Щенников), такой разнобой в определений расстояния пробега лошади объясняется разной территорией проживания людей” [116,9 б.].

Құнан шаптырым жер бұл шамамен 8-10 км; тай шаптырым жер - бұл қашықтық құнан шаптырым жерден 3-5 км азырақ.

Қазақ халқының бұрынғы өмір тұрмысында затты салмақпен өлшемеген, көбіне затты көлеміне қарап ажыратқан. Өлшем әр заттың ерекшелігіне қарай әр қилы қалыптасқан. Мәселен, үй ішіндегі адамдардың мөлшерін жалғыз басты адам, бір топ жан, топты жан, бір қора (ошар) жан, бір үйлі жан десе, одан көбін бір топ (кісі, бала), бір ауыл, бір тайпы ел, бір қауым ел, рулы ел, дүйім ел, жалпақ ел, қалың ел, ақар-шақар ел деп білдірген [114,137 б.].

Салмақ, көлем атауларына біздің тақырыбымызға қатысты ат төбеліндей, бес биенің сабасындай, ат басындай тағы басқа сөздер жатады.

Малды бір қосақ, бір қора (қотан), бір отар (қой), бір қоспақ, бір келе (түйе), бір табын (сиыр), бір көген (қозы) десе, жылқы малының көлемін төмендегідей сөздермен өлшеген: бір үйір, бір қос (жылқы), бір желі (құлын), бас-аяғына оқ шырқаса жетпейтін желі. Бұл атаулардан қайталама қос сөз жасасақ, көптік ұғым пайда болады. Мысалы, үйір-үйір жылқы, қос-қос жылқы, желі-желі құлын, саба-саба қымыз. Аңшылар азығы деп түйеге саба-саба қымыз артқан, жеңіл шатырлар тиеген, алдарына он бестей қой айдаған бір топ жігіт ауылдан шыққан кезде, хан жасағы да солтүстікке қарай бет алды [64,21 б.]. Күнгей жаққа қарай айдалған үйір-үйір жылқылар мен қотан-қотан қойлары да әлдеқашан Көкшенің хош иісті қырқа белестерінен асып үлгірген [64,587 б.]. Екі тепе сулы жері бар өзбек, екі үйір жылқысы бар қазақтан бай тұрады [64,592 б.]. Көп малын, табын-табын жылқыларын айдап алды [64,472 б.].

 Ғалым Ә.Болғанбаев былай дейді: “Тіліміздегі көлем өлшемінің ең азы бір сөзімен тіркесіп айтылса, ең көбі қайталама қос сөздер арқылы бейнеленеді. Мәселен, кең далада жайылып жатқан көп малдың үстінен шыққан адам оның сан мөлшерін санап білуі мүмкін емес. Көз – мөлшер, көңіл – қазына деп мөлшерлеп айтады. Қой болса – отар-отар, қора-қора, жылқы болса – қос-қос, үйір-үйір, түйе болса – келе-келе, сиыр болса – табын-табын деп мөлшермен топтап, жинақтап жеткізеді. Бұлардың біреуін екіншісіне ауыстырып қолдануға (үйір-үйір қой, келе-келе сиыр, қора-қора жылқы, отар-отар түйе) болмайды. Әр түліктің өлшемі әр басқа екендігін аңғарамыз. Табын деген сөз о баста тек сиырға ғана айтылса, кейіннен жалпы ірі малға ортақ атау болып қалыптасып кеткен. Мысалы: Он бір совхоздан қырыққа тарта бөлімше, 635 қой отары, 65 жылқы табыны және 31 түйе табыны таралады (Мәдениет және тұрмыс). Демек, өлшемдік ұғымды білдіретін сөздердің ішінде де мағыналық өзгерістер (кейде кеңею, кейде тарылу) болып жатады деген сөз” [114,140 б.].

Жылқы атауларына қатысты бір үйір, екі қос, бес байтал сияқты нумератив мәнді тіркестердің бірінші сыңарлары есептік сан есімдер, екінші сыңарлары классификаторлар болып келеді. Байтал лексемасы жөнінде С.Е.Жанпейісованың еңбегінен кездестіруге болады [50,21 б.].

Қазақта “бес байтал - әйел құны” деген сөз бар. Ертеректе қазақ тұрмысында байтал лексемасы құн мен салық төлеуде, қалың мал мен айып төлеуде өлшем атауы ретінде жиі қолданылған.

Қалың мал өлшеміне жататын тағы бір атау, С.Е.Жанпейісованың көрсетуі бойынша, қырық жеті [50,14 б.].

 Қалың мал мөлшерінің отыз жеті, қырық жеті болып келуінде терең сыр бар. Бұл аталған сандар малдың, яки болмаса берілетін дүниенің саны емес. Қырық жеті 40 рет жеті, яғни қырық апта (40 х 7 = 280) дегенді білдіреді. Бұл сәбидің ана құрсағында болу мерзімі 9 ай 9 күнге жуық. Қырық қасиетті сан, жеті де ерекше санның бірі. Қырық жетінің көрінісі былайша сипатталады. Жеті қат көк бар, әр көктің қырықтан періштесі, яғни қырық жеті түрлі жақсылығы һәм ізгілігі болады. Ежелгі түсінік бойынша адам баласына (жалпы тіршілікке) әсер ететін күш, әр қат көктің өз иесі яки сайраны (планетасы) болмақ. Олар – Сатурн, Юпитер, Марс, Шолпан, Меркурий, Күн мен Ай. Ана құрсағында баланың өсу кезеңінің әрбір күні рухани күштің (періштенің) бақылауында болады. Күн сайын бір періште қамқорлық жасап отырады. Сонымен қырық жетінің қыруар мал, дүние-мүлік емес, терең аспани мәні бар тылсым күшті түсіндіруге ұмтылған әлемдік жұмбақтың шешуінің бір көрінісі ғана екендігін байқаймыз.

Отыз жеті туралы да дәл осындай пайымдау жасауға болады. Баланың дүниеге келу мерзімі 9 айға толмаған жағдайда, шала туғанда 7 айлық болса, өмір сүруі мүмкін де, 6 яки 8 айлық балалар тұрмайды. Бұл ежелден белгілі, қазіргі медицина да мұны теріске шығармайды. (30 х 7 = 210) 7 айлық қыз бала дүниеге келгенде “сүйінші, 37”, ал 9 айлық болғанда “47” деп хабарлау үрдісі болғандығы мәлім [117,18 б.].

Қорыта келгенде, халықтық өлшем атаулары қазақ тілінің сөздік қорында өзіндік орны бар тілдік қазына. Ежелгі ата-бабаларымыздың ең негізгі кәсібі – жылқы шаруашылығы негізінде қалыптасып, халық жадында сақталған осы атаулар тіл тарихы мен халық мәдениетінің сырларын танытады.

 

2.4 ЖЫЛҚЫ АТАУЛАРЫНЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН ЖАСАЛҒАН ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕР МЕН МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРДІҢ ЭТНОЛИНГВИСТИКАЛЫҚ СИПАТЫ

 

Фразеологизмдер – ауызекі тіл арқылы ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалған тұрақты сөз тіркестері. Олар тілде даяр тұрған единица ретінде, тұлғасын өзгертпей қолданысқа түседі. Фразеологизмдер - мәнерлі сөйлеу, ойды әсерлі жеткізуде таптырмайтын тілдік әрі көркемдік құралдар.

І.Кеңесбаевтің фразеология саласындағы “Қазақ тіліндегі сөз тіркестері” деген зерттеуі фразеологияны қазақ тіл білімінің дербес саласы дәрежесіне көтерді, яғни қазақ лингвистикасында фразеология мектебін қалыптастырды Бүгінгі таңда фразеологизмдерді негізгі зерттеу нысаны етіп алған іргелі зерттеу еңбектері біршама. Бұл салада Ә.Қайдари, С.К.Сәтенова, Г.Смағұлова, А.Байтелиев, Р.Е.Жайсақова, К.Рыспаева, Р.Сейсенбаев тағы басқа ғалымдар әр қырынан жан-жақты зерттеу жүргізіп келеді.

Ғалым С.К.Сәтенова “фразеологизм немесе мақал-мәтел болсын, осы тіркестердегі тұрақтылықтың мәні, сөздердің өзара тіркес қолданып, біртұтас тұрақты комплекске (сөз шоғырына) айналуында қандай сыр бар, сөздердің өзара жымдаса келе біртұтас мағыналық бірлікке айналуының қандай шартты тетігі бар деген сұраққа жауап береді”. Ол үшін ең алдымен, қостағанды тұрақты тіркестерді тәптіштей талдап, оларды ұйымдастырушы үш түрлі: а) тұлғалық; ә) мағыналық; б) дыбыстық факторлардың табиғатын ашу қажет, оның себебі – олар тұрақты тіркестердің қалыптасуына, тұрақтануына негіз болып табылады [39], - дейді.

Фразеологизмдер тіл арқылы мәдениеттанудың құрамды бөлігі ретінде тіліміздегі тұрақты тіркестер қорында ақпараттық мәні басым болуына қарай өміршеңдігімен ерекшеленеді. Тарихи фразологизмдер ұлт тарихына қатысты дерек көздері ретінде бағаланып, танымдық қасиетке ие болады.

Тіл – тіршіліктің  айнасы десек, осы тілде, әсіресе фразеологизмдерде халықтың бүкіл салт-санасы, тұрмыс-тіршілігі, тарихы тұнып тұрады. Фразеологизмдерді зерттеу арқылы бүкіл бір халықтың өткенін зерттеп шығуға, тануға болады. Халқымыздың сан ғасырлық өмір тарихын, қиын да күрделі тағдыры, аса бай мәдени мұралары тұтастай фразеологиялық қордан көрініс тапқан.

Академик Ә.Т.Қайдаров: “Устойчивые выражения в казахском языке, как и в других тюркских языках, многообразны по содержанию и структуре и большинство из них уходят своими корнями в далекое прошлое народа, отражая ее историю, верования, взгляды, мировоззрения и т.д. Устойчивые выражения – многовекого развития содержательности, в самой краткой, лаконичной форме, доходчиво, емкообразно и эмоционально выражают довольно сложные понятия и представления об окружающей нас действительности” - деп, фразеологизмдердің танымдық қасиетін дәл тауып көрсетеді.

Тіл байлығымызда үлес салмағы біршама деп саналатын тұрақты сөз тіркестерінің көпшілігі төрт түлік малға, соның ішінде жылқыға қатысты.  Көшіп-қонып өмір кешкен қазақ халқының өмірінде жылқы малының орны ерекше. Кең жазира сахараны жаяу аралау, мал бағу, іс бітіру атсыз қазақ үшін мүлде мүмкін емес. Қазіргі заманғы қаптаған түрлі көліктің қызметін жалғыз жылқы атқарған. Ал, қазы, қарта, жал, жая, қымыз десе тамсанбай қалатын қазақ бар ма? Тіпті той-думан, сауық үстінде де ата-бабаларымызды жылқысыз елестету мүмкін емес. Бүкіл өмірін жаугершілікпен өткізген аталарымыз сұрапыл соғыстарда жерімізден жауды атпен қуып шыққан. Ұлан-байтақ жерді қазақ деген бір ғана халықтың иемденуіне бір жағы себепші бабаларымыздың жаужүрек батырлығы болса, екінші себепкер жылқы деуге болады. Әйгілі Әз-Тәукенің “Жеті жарғысында” да жылқыға ерекше мән беріледі, бесінші жарғыда өреде тұрған, тұсаулы жүрген сәйгүлікті ұрлаған кісіге өлім жазасы бұйырылсын делінген. Бұл ат – ер қанаты, соғыс күші, қаруы дегеннен туған. Қуса жетіп, қашса құтылатын сәйгүлік аттарды халқымыз аса құрметтеген, аялап, баптап, күтіп ұстаған.

Әуелі ат сөзіне байланысты туындаған сөз тіркестеріне тоқталған орынды. Осы лексемаға байланысты екі жүзден астам мысал жинақталып, жүйеге түсірілді.

Ат сөзінің қатысуымен жасалған фразеологизмдер төмендегідей лексика-семантикалық топтарға бөлініп қарастырылды: 1) тек жылқыға қатысты қолданылатын фразеологизмдер; 2) адамға қатысты қолданылатын фразеологизмдер.

Ат лексемасының қатысуымен жасалған тек жылқыға қатысты фразеологизмдер онша көп емес. Олардың көпшілігі жылқы малының күйіне, сипатына байланысты айтылады. Мәселен, семірген аттың жамбас сүйектері, қабырғасы көрінбей тұрады. Мұндай атты сипаттағанда ат жаңбырлығын жапты дейді қазақ. Ал ат көбең тартып қалды фразеологизмі аттың кешеуілдеп, ұзақ мерзімді өткізіп семірген ат жайында сөз болғанда қолданылады. Жалпы қазақтар “көбең ат” деп жедел, жіті жүрмейтін атты айтады. “Көбең” деген сөздің о бастағы мағынасы үрген қарын сықылды ісініп-қабыну, “кебең тартқан ат” деген көктемде жайылып жүріп семірген, еті бос ат мағынасында. “Көбеңді көр де қой” деген осыдан шыққан болу керек [38]. Ат раң етін алды/ат раңын алды фразеологизмі де аттың күйі жайында, анығында шөптің ең әдепкі шыққан маңызына, алғашқы уызына семірген ат туралы айтылады. Ал ат қара тіл болғанда фразеологизмі тілдік қолданыста ерте көктемде шыққан отқа жылқы аузы іліккен шақ деген мағынада жұмсалады.

Бірқатар фразеологизмдер жүйрік ат пен оның бабын сипаттауға байланысты пайда болған. Мысалы, ат жаратты фразеологизмі атты баптап күтті, бәйгеге даярлады дегенді білдіреді. Сол сияқты атты суытты фразеологизмі аттың терін басып, демін алдырды, тынықтарды деген мәнде қолданылса, ат жарыс – ат бәйгесі (құнан жарыс, дөнен жарыс т.б.) дегенді білдіреді. Бәйгеге ат жіберді дегенді бір-ақ ауыз сөзбен ат қосты десе, сөреге жетейін деп қалған бәйгі атының тізгін-шылбырын қағып алып, жетектей жөнелетін, тартып әкететін адамды ат қағар дейді.

Ат лексемасының қатысуымен жасалған тек жылқыға қатысты фразеологизмдер бұдан басқа жағдайларда да қолданылады. Кейде ат жемді көп жегендіктен, т.б. себептен аттың аяғы ақсап қалады. Мұны атқа жем түсті/аяғына жем түсті дейді. ...Рабиу-Сұлтан-Бегім: - үш күрең бәйгеден келсе бірге келеді, қалса бірге қалады... Бірақ бұ жолы бәйгеге салудың реті қалай болар екен, ортаншысының аяғына жем түсіп, ақсап жүр [64,85 б.]. Ертеде кейбір шаруасы шағын адамдар біреудің атын уақытша пайдаланған, мінген. “Майын мінген” ат мінушінің қолында бірнеше ай, жыл бойы, одан да көп уақыт болуы мүмкін, ал “лау мінген ат” мінушіге жақын жерге, қысқа мерзімге қажет болады. Қазақ біреудің атын осылайша белгілі бір мерзімге дейін  ақысын төлеп пайдалануды ат майы/ат майын мінді (берді) деген. Осыған сәйкес, жылқысын уақытша беруші адам уақтылы мал ақысын алғанда  ат майы қайтты деп риза болған.

Ат қойды тіркесінің бірнеше мағынасы бар. Бұл тіркес тура мағынасында тұра шапты, шаба жөнелді дегенді білдіреді. Сондай-ақ, бұл тіркестің бапкерлер тілінде баптап жүрген жүйрікті жайлап келдім деген де мағынасы бар. Ұлытаудан бері асып, күнгей беттегі тал түбекті құла су Жанғабыл өзенінің бойындағы “Орда тіккен” деп аталатын, бір кезде Жошы аулы қонған жерде ат шалдырып жатқандарында, қасында он жасауылы бар, Көксеңгірін ойнақтатып Қобыланды батыр үстеріне сау ете қалған [64,99 б.].

Жылқыны жанындай көріп, қастерлеген қазақ жол жүргенде оны зорықтырмай, аттан түсіп, біраз шөп жегізіп, әлдендіріп алатын болған; тынықтырып, дем алдырып, аялдататын болған. Мұны – ат шалдыру деп атайды. Ұлытаудан бері асып, күнгей беттегі тал түбекті құла су Жанғабыл өзенінің бойындағы “Орда тіккен” деп аталатын, бір кезде Жошы аулы қонған жерде ат шалдырып жатқандарында, қасында он жасауылы бар, Көксеңгірін ойнақтатып Қобыланды батыр үстеріне сау ете қалған [64,99 б.]. Дегенмен де алыс сапарға шығып, атын болдыртуға тура келетін жағдайлар да кездесіп тұрған. Ондай жағдайда міген көлігім жүйкелеп, шаршап қалды дегенді атым (көлігім) болдырды деген бір ауыз сөзбен жеткізген. Ал ауыл арасында тентектік жасап, балалар аттарын текке шаршатса, әбден болдыртса, атын көк тер (қан сорпа) қылды деп ренжіген.

Жоғарыдағы ат лексемасының қатысуымен жасалған тура мағыналы фразеологизмдерге келтірілген мысалдардан халқымыздың өмір-тәжірибесін, көрген-білгенін тілдік қарым-қатынаста өте шебер өрнектей бігені, кестелей білгені байқалады. Дегенмен, тек жылқыға қатысты қолданылатын фразеологизмдер көлемі адамға қатысты қолданылатын тіркестерден әлдеқайда аз. Ал ат лексемасына байланысты пайда болып, алғашында тура мағынаны білдіріп, мағына дамуының барысында адамның мінез-құлқын, түрлі әрекеттерін білдіру қызметіне ауысқан фразеологизмдер өте көп. Шығармада да жиі қолданылады. Мәселен, ат басын бұрды тіркесі бір жаққа қарай бағыт алды, беттеді деген мағынаны береді. Жазушы қолданысында автор мақсатына сай кейде арасына сөз қосылып, кейде етістіктің формасы өзгертіліп беріледі.

Ат басы Абылай сұлтанның аулына қарай бұрылысымен-ақ бұған жолай төре тұқымынан қиянат көрген басқа рудың кедей топтары да қосыла берген [64,492 б.].

Ана екеуі оған жауап қайтармаған, үн-түнсіз аттарының басын бұрып, келе жатқан адамдарға қарсы аяңдаған [64,23 б.].

Ат жалын тартып мінді – ер жетіп азамат болды, санатқа қосылды. Көктемде жабағы тай мен құнан, байталдардың жал-құйрығы күзеледі. Және үшеуінің күзелуінде де үш түрлі өзгешелік бар. Өйткені құнан – еркек, байтал – ұрғашы. Күзелуіне қарай байталды сонадайдан тануға болады.

Байталдың кекілінің түбін қынап, ұшын тегістейді. Құйрығын құндыздығынан (құйрықтың түбі, құйысқандықтан тұтамдай төмен) бір, орта тұсынан екінші рет бунап күзеп, ұшын қырқып қояды.

Құнанның кекілі түбінен, құйрығын құндыздығынан сәл ғана қынайды да басқа жағына тиіспейді. Ал екеуінің де жалын түбінен сыпыра күзеп, шоқтықтың алдыңғы жағынан (жалдың біткен жерінен) бір тұтам жал қалдырады. Атқа мінерде кісі, аяғын үзеңгіге салған соң, сол қолымен содан ұстап, оң қолымен ердің артқы қасынан ұстап көтеріледі. Сірә, қазақтың “Ат жалын тартып мінді”, - деген сөзі осыдан шыққан болар [69,7 б.].

Ат жалын тартып мінгелі өмір бойы ажал мен қиянаттың ортасында өскен Темір би, бұдан әрі өтініп қиналмаған [64,274 б.].

Ат басын тіреді тіркесі келіп тоқтады деген мәнде жұмсалады, ал аттың басын тартпады (қоя берді) деген фразеотіркес не айтамын десе соны айтты дегенді білдірсе, ат басына күн туды фразеологизмі қиын-қыстау заман болды, ер сыналар күн туды дегенді білдіреді.

Ат жақты соматикалық фразеологизмі (сопақ бетті) адамның бет-әлпетін сипаттау үшін қолданылады.

Ал ат ізін суытпады (құрғатпады) тіркесі жиі-жиі келіп тұрды, үзбей қатысты деген мәнде жұмсалса, аттыға жол, ауыздыға сөз бермейді фразеологизмі сөзуар, сөзшеңдіктің синонимі ретінде қолданылады.

Фразеологизмдер – ойды бейнелеп жеткізудің таптырмас құралы екендігі белгілі. Мысалы, тынықты, сергіп қалды деудің орнына құр атқа мінгендей болды деген, асығыста, жөпелдемеде деп жай айта салмай, аттың жалы, түйенің қомында деген әлдеқайда әсерлірек шығады.

Ал атқа қамшы басты фразеологизмі екпіндеді, қарқынды күшейтті деген ауыс мағынада айтылады [38,59 б.].

Егер біреу қол ұшын беріп, қарайласса, ат сауырын берді деп риза болады.

Біреудің атын мініп, уақытша пайдалануды халқымыз ат майын берді деген тіркес арқылы жеткізеді.

Ал ат құйрығына байланды фразеологизмі атқа сүйретті, жазалады, қорлады деген мағынаны береді.

Жол жүріп шаршап-шалдықты; ат үстінде жүріп қалжырады, шаршады. Көлікпен жол жүріп, қажыды, шаршады, болдырды дегенді ат соқты болды деп айтады.

Сол сияқты әлек салды, ойрандады деудің орнына ат ойнатты десеңіз, кез-келген қазақ сіздің жағдайыңызды түсіне қояры сөзсіз.

Ат артты (сабылтты) фразеологизмі әуре-сарсаңға түсті, арам тер болды дегенді білдіреді.

Қазақ әлдекімді ат терлетіп келіпті десе, ол адамның әдейілеп келгендігін меңзегені деп түсінеміз. Ал біреу көлікпен жолға шықса, атқа қонды (мінді) фразеологизмін қолданады.

Ат қойды тіркесінің бірнеше мағынасы бар. Бұл тіркес тура мағынасында тұра шапты, шаба жөнелді дегенді білдіреді. Дабырды естіп, егде жылқышы да осылай қарай ат қойды, ауыспалы мәнде атой салды, шабуыл жасады деген мәнде жұмсалады.

Жылқы шаруашылығына байланысты туындаған фразеологизмдердің және де олардың халқымыздың салт-дәстүрлері мен наным-сенімдеріндегі көрінісі де аса назар аудартады. Кәсіби фразеологизмдердің басым көпшілігі ең алдымен белгілі бір еңбек процесіне, кәсіпке байланысты пайда болып, тілдің ішкі заңдылықтарының дамуының (полисемантизм, метафора т.б) нәтижесінде ауыс мағынада қолданыс табады да, жалпыхалықтық сипатқа ие болады.

Енді атқа байланысты кәсіптік фразеологизмдерге тоқталайық.

Ат қағар – сөреге жетейін деп қалған бәйгі атының тізгін-шылбырын қағып алып, жетектей жөнелу, тарту.

Тұрғанын сезе қойып ат қағарға,

Қамшыны Көксағымға басты бала.

Ат айдаушы фразеологизмі біріншіден, бәйгеге қосылатын аттарды алып барып, мәреден жіберуші адам мәнінде қолданылса, екіншіден, арбаға, шанаға жегілген атты жүргізуші адам, көшір деген мағынаны береді.

Қазақ халқы атты жақсы көретін, жаны сүйетін адамды ат жанды деп айтады. Ат жаратты фразеологизмі атты баптап күтті, бәйгеге даярлады дегенді білдірсе, атқа жем беретін қапшықты, қалтаны ат дорба деп атайды.

Ат сөзінен келетін көлемдік, мөлшерлік, өлшемдік ұғымды білдіретін фразеологизмдер де біршама. Ат шаптырым (жер) – шамамен екі-үш киломер қашықтық мөлшер. Халқымыз азғантай, азғана, шағын дегенді ат төбеліндей деп айтады. Ат бойы - өлшем. Ертеректе қазақтар су тереңдігін ат бойымен өлшеген. Мәселен, аттың шашасынан, аттың толарсағынан, ат тілерсегінен, ат бауырынан, аттың қабырғалығынан, ат кекілінен, ат құлағынан, ат бойынан асады (келеді) деп мөлшерлеген. Ат (тұяғы) жетер (жетпес) жер – қашықтық өлшемі. Бұлар жұмыстың екінші бөлімінде (2.3 тарау) қарастырылады.

Ат лексемасына байланысты фразеологизмдерді толық жан-жақты қамти алған жоқпыз. Еңбекте олардың бір қырына ғана, дәлірек айтқанда негізгі лексика-семанитикалық топтарына ғана тоқталуды жөн көрдік. Жоғарыда келтірілген фразеологизмдерден байқайтынымыз, тілімізде ат сөзінен келетін фразеологизмдер саны біршама, олардың лексика-семантикалық топтары да әр алуан.

Фразеологизмдер – ойды бейнелеп жеткізудің таптырмас құралы. Мысалы, тынықты, сергіп қалды деудің орнына құр атқа мінгендей болды деген, асығыста, жөпелдемеде деп жай айта салмай, аттың жалы, түйенің қомында деген әлдеқайда әсерлірек шығады. Ал ат құйрығына байланды фразеологизмі атқа сүйретті, жазалады, қорлады деген мағынаны береді. Шығармада қолданылу жиілігі жоғары. Өйткені көшпенділер өмірінде бұл жазаға адамдар жиі тартылған. Кейбір ауа жайылған, тек өз дегеніне болмаса ештеңеге көнбейтін кесір, тоң мойын ру бастықтарын ат құйрығына байлап құрбан етуге де барған жоқ па [64,227 б.].

Ат қойды фразеологизмі де шығармада жиі қолданысқа түседі. Бұл тіркес тура мағынасында тұра шапты, шаба жөнелді дегенді білдірсе, бапкерлер тілінде баптап жүрген жүйрікті жайлап келдім деген мағынасы бар. Шығармада тұра шапты деген мәнде жұмсалады. Сөйткенше болған жоқ, жыралы ойпаттан екі жүз әскер жүйріктерін ойната шығып “Табын! Табын!", “Тіленші! Тіленші!" деп ұрандай ат қойды [65,48 б.].

Жалпы жылқы малына байланысты тұрақты сөз тіркестерін төмендегідей үлкен екі топқа бөлуге болады: 1) тек жылқыға қатысты қолданылатын тұрақты сөз тіркестері; 2) ауыс мағынаға ие болып, адамның мінез-құлқына тағы да басқа жайларға байланысты қолданылатын тұрақты сөз тіркестері.

Расында да, біздің жинаған материалдарымыздың басым бөлігі жылқы туралы болғанымен, олар адамның іс-әрекеттерін, қимылын, мінез-құлқын, ішкі-сыртқы көріністерін, жақсы-жаман қасиеттерін сипаттайды.

Жылқы малына байланысты тек жылқыға қатысты қолданылатын тұрақты сөз тіркестері жылқы малының дене бітімін, жасын, жынысын, мінезін, қимылдарын, бабын, сынын, түсін тағы сол сияқты түрлі қасиеттерін білдіреді.

Қазақ қоңды, сауыры тұтас жылқы туралы сөз еткенде жаңбырлығы жабық фразеологизмін қолданады. Ұрысқа, қиянға шығар таңдаулы саңлақ; сайысқа сай тұлпарды жау басар жүйрік дейді. Ер азаматтары жау басар жүйріктерінің ер-тоқымын алмай, түнде қос маңайында оттатып отыр [54, 192 б]. Ұзақ жолда күдері белдерден асуға қайқаңсыз шығар мініс атын күдері бел дейді. Яғни күдері бел  мықты, көнбіс, шыдамды деген мағынаны білдіреді.

Бас білмейтін тіркесі асау, мініске үйретілмеген [45,90 б.] деген мағынаны берсе, бауырынан жарады, бауыры тартылды тіркестері ат бапшылар тілінде бәйге бабына келді, дер кезінде келді деген мәнде жұмсалады. Ал атты бар қарқынымен жібермеді, бар пәрменімен шаппады, тізгінін тартып жібермеді дегенді бауырын жаздырмады  [38,107 б.] дейді.

Арқаның жазық даласында бауырын жаза шапқан кілең тоқпақ жал, қамыс құлақ, бөрте мінген қалың қол заматта жау жасақтарын жан-жағынан қоршап алды [64,190 б.].

Бел қызығын көрді. Бұл жерде айғырдың биеге шабуы туралы айтылып тұр. Жұп-жұмыр боп семірген, семіріп күйіне келген жылқы туралы сөз қозғағанда қазақ дом боп жараған фразеологизмін қолданады.

Еті ояздады (ояз тартты) фразеологизмі ат арықтады, еті тартылып, қоңы түсті дегенді, сол сияқты жал-құйрығы төгілген (сүзілген) фразеологизмі әдемі, сұлу жылқы малы туралы айтылады [38,178 б.].

Төмендегі фразеологизмдер әуелде тура мағынада қолданылса да, уақыт өте келе олар адамға қатысты мағынаны білдіретін болған. Жылқы атаулары ұйытқы болған фразеологизмдер жылқы туралы болғанмен, олар адамның іс-әрекеттерін, мінез-құлқын, жағымды-жағымсыз қасиеттерін сипаттайды. Мысалы, Мұндай жағдайда, Иран ханы Смайылдың да бас көтеріп, Ақсақ Темір балаларының тізгінін үзіп кетпек боп тұрған кезде, ел билігін мықты ұстау қажет [64,190 б.] деген сөйлемдегі тізгінін үзіп кетпек фразеологизмі бөлініп кетпек, азаттық алмақ деген мағынаны берсе, - Әбілқайыр ханның кезінде Үйсіннің аты қуғанына жете алмайтын арық еді, енді хан Жәнібектің тұсында жал бітейін дегені ғой [64,206 б.] деген сөйлемдегі жал бітейін дегені ғой деген тіркес Үйсіндердің жағдайы жақсарған екен деген мағынаны береді.

Бабына (күйіне) келді //бабында тұрды тіркесі баптауы, суытуы келді; нағыз жетілген күйіне түсті, шабытына келді [38,87 б.] деген мағынаны береді. Бап сөзінің мағынасы кейіннен кеңейіп, адамға, қымызға, домбыраға т.б. қатысты қолданылатын болған. Аталмыш шығармада жазушы оны адамға қатысты қоданған. Жәнібек риза боп күлімсіреді. - Менің бабымды өзің ғана табасың... [64,236 б.]. Мысалдағы бапкер сөзінің мағынасы кейіннен жаңа мәнде қолданыла бастады. Ертеректе бапкер деп жүйрік атты, бүркітті баптап, бабына келтіретін, жарататын адамдарды атаса, қазіргі уақытта бұл сөз спорт терминіне айналып, қосымша мәнге ие болып, трейнер, яғни спортшыны жарысқа дайындаушы (баптаушы) деген мағынада қолданылатын болды.

Кебеже қарын, кең құрсақ фразеологизмі мама биелердің ауыз әдебетінде жиі келетін баламасы. Әдебиетте семіз, денелі келген бай кісілердің теңеуі ретінде де жұмсалады [38,243 б.].

Жалына қол апармады. Бұл жерде ырыққа келмей, осқыра асаусыды, жылқы мінез көрсетті деген мағынада.

Осы орайда академик Ә.Қайдаровтың фразеологизмдер турасындағы ойын келтіруді жөн көрдік. “Фразеологизмдердің басым көпшілігі бір замандағы күнделікті қарапайым тіршіліктің, өзара қарым-қатынастың, әр түрлі құбылыстардың, кәсіпшіліктің, шаруашылықтың нәтижесі ретінде қалыптасқан тілдегі көрінісі. Олар бара-бара тұрақталып, мағыналық өзгерістерге ұшырауы салдарынан тұрақты тіркестер дәрежесіне көтерілген. Олардың дүниеге келуі о баста малға, аңға, өсімдіктерге, аспа әлеміне, табиғат құбылысына байланысты болса да, бүгінде бәрі айналып келіп, адамға тіреледі, адамның іс-әрекетіне, жүріс-тұрысына, мінез-құлқына, жақсы-жаман қасиетіне, ішкі-сыртқы көрінісіне бағышталған”, - деп академик Ә.Қайдаров дөп басып, тауып айтқан.

Жылқыға қатысты фразеологизмдер тәрізді жылқы атаулары ұйтқы болған мақал-мәтелдер де өте көп. Мақал-мәтелдер терең философиялық ойға құрылады. Мақал-мәтелдер тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні. Ата-бабаларымыз өзінің басынан кешкендерін, өмірден жинаған тәжірибелерін әрі қысқа, әрі нұсқа етіп ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген.

Мақал-мәтелдерді фразеологизмдердің қатарына жатқызу-жатқызбау жөнінде әр қилы пікірлер өте көп. Кейбір ғалымдар (Л.А.Булаховский, А.И.Ефремов) мақал-мәтелдерді фразеологиялық орам ретінде қарастырса, кейбір ғалымдар фразалық сөздерге мәтелді қосып, мақалды есепке алмайды. Ал Б.А.Ларин, Л.И.Молотков тәрізді орыс ғалымдары фразеологиялық тұлғаларға идиом, фразаны жатқызады да, мақал-мәтелдерді қоспайды. Профессор К.Аханов: “мақал-мәтелдер мен қанатты сөздерді фразеологиялық единицалардың қай тобына жатқызу – өте күрделі мәселе” [101], - дейді.

“Тұрақты сөз тіркесін мақал-мәтелдермен салыстырғанда, кейбір семантика-грамматикалық ерекшеліктерін атамай кетуге болмайды. Оларға негізінен: тұрақты сөз тіркестері мақал-мәтелдерге қарағанда, көлемі қысқа болып келеді де, ой аяқталмайды; етістікті және есімді тұрақты сөз тіркестері өздерінің жасалу тәсілінде  тілдің ішкі заңдылықтарына сүйенеді. Сонымен қатар, тұрақты сөз тіркестері де, мақал-мәтелдер де ертеден қалыптасқан дайын күйінде қолданылады. Мақалдар аяқталған ойды білдіреді, көпшілігі екі тармақтан тұрады” [118,206 б.].

Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы ғұлама ғалым А.Байтұрсынұлы мақа-мәтелге мынадай түсініктеме береді: “Мақал да тақпаққа жақын салт-санасына сәйкес айтылған пікірлер. Тақпақтан көрі мақал маңызды, шын келеді [118,249 б.]”. “Мәтел дегеніміз кезіне келгенде кесегімен айтылатын белгілі-белгілі сөздер. Мәтел мақалға жақын болады. Бірақ мақал тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылады. Мәтел ақиқат жағын қарамай, әдетті сөз есебінде айтылады” [118,250 б.].

М.Ғабдуллиннің мақал-мәтелдер туралы пікірі төмендегідей: “Мақал үлкен толғау, образ арқылы берілген логикалық ой қорытындысы болып келеді”, “Ал мәтелдерде бұл секілді мазмұнды, оқиғалы әңгімелер өте аз кездеседі. Мәтелдер, көбінесе, сөз айшығы, көркем теңеу, сөз образы (“Көппен көрген ұлы той”, “Құрыққа сырық жалғап”, “Қызым саған айтам, келінім, сен тыңда”, “Тілге тиек жасап”, “Ханнан қазық, биден тоқпақ” т.б.) ретінде қолданылады. Егер мақалда дәлелдеу мен қорытынды пікір бірдей келіп отырса, мәтелде бұл екеуінің бірі ғана болады” [120,78,88 б.].

Түркітанушы ғалым А.Нұрмаханов өзінің “Түркі фразеологиясы” атты еңбегінде мақал-мәтелдерге берілген анықтамаларды сараптай келе, А.Нұрахметов ойын былай деп қорытындылайды: “Мақал халықтың көп ғасырлық тәжірибесі көрініс тапқан ритмикалық жағынан ұйымдасқан қысқа, тұрақты сөз тіркестерінен құралған, ғибрат аларлық нақыл сөз. Мақалдың басты белгілері: аяқталған (жай я құрмалас) сөйлем түрінде кездеседі, біршама пайымдауды білдіреді; тура және ауыспалы мағыналы болады; қарапайым сөйлемнен дәрежесі биік, әдеттегідей полисемия тудыра алмайды”. “Мәтел фразалық тұрақты сөз тіркестерге қарағанда, грамматикалық құрылымы бар, ғибрат аларлық қысқа, нұсқа сөз, көркем бейнелі сөз” [118,207 б.]. Бұл пікірді біз де толығымен қуаттаймыз.

Зерттеуші А.Нұрмахановтың пікірінше, мақал-мәтелдердің өзіне тән төмендегідей белгілері бар:

- әр мақалда белгілі бір ой түйіні болу (ол – тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні);

- ойдың әрі қысқа, әрі нұсқа сөздермен берілуі;

- мақал-мәтелдердегі сөздердің орналасу тәртібінің тұрақты болуы;

- көркем тәсілдері: қайталау, теңеу, күшейту, кішірейту, салыстыру сияқты айшықтау тәсілдерінің дыбыс үндестігімен үйлесімін табуы;

- әрбір мақал-мәтелдің соңғы сөзі (баяндауышы) арқылы, интонация арқылы, тиянақталуы;

- одағай, еліктеуіш, шылау сөздердің де ретсіз қолданыла бермеуі.

Бұның барлығы мақал-мәтелдерде артық сөзге жол қоймау мақсатынан келіп шыққан [118,13 б.].

Лингвистикалық түсіндірме сөздікте мақалға мынадай анықтама берілген: “Мақал – ауызекі тілдегі қысқа және ритмикалық құрылысы бар халықтың ғасырлық тәжірибесі сақталған нақылды сөйлем. Жай және күрделі сөйлем түрінде келеді. Мақалдың тікелей және ауыспалы мағынасы болады. Мақал полисемияны тудырмайды. Мақалдың фразеологиялық жүйеге кіруі әлі шешілмеген мәселе” [121,141 б.].

Мәтелдер жөнінде де біраз қайшы пікірлерді кездестіруге болады. Ғалымдар мәтелді бірде тұрақты сөз тіркесінің баламасы деп қараса, басқа жағдайда оларды “тіл единицаларының ортасындағы аралық құбылыс, мақалдарға да, фразеологизмдерге де жатқызуға болады деп түйеді” [118,205 б.].

Көптеген түркі тілдерінде мақал мен мәтелді ажыратпайды, немесе екеуін қосып, мақал деп қарайды.

Өкінішке орай, фразалық тұрақты сөз тіркестері қанша зерттелсе де, бұларды бір-бірінен ажырататындай үлгілері (модельдері) бір жүйеге түспегендігі сезіледі.

Жұмыста жылқыға байланысты төрт жүзден астам мақал-мәтел жиналды. Олар төмендегідей тақырыптық топтарға бөлінді:

1) Жылқы малының жалпы атаулары ат, жылқы сөздеріне байланысты мақал-мәтелдер;

2) Жылқы малының жынысына байланысты айғыр, бие, байтал сөздерімен келетін мақал-мәтелдер;

3) Құрамында жылқы түлігінің жасын білдіретін құлын, тай, жабағы, құнан, дөнен, бесті сөздері кездесетін мақал-мәтелдер;

4) Құрамында жылқы түлігінің тегін, түрлі табиғи ерекшеліктерін білдіретін арғымақ, пырақ, алмауыт, тұлпар, қазан ат, жабы, көбең, жорға, жүйрік, асау т.б. сөздер кездесетін мақал-мәтелдер;

5) ат-тон сөзіне байланысты мақал-мәтелдер;

6) Жылқы малының түр-түсіне байланысты шыққан мақал-мәтелдер.

1) Жылқының жалпы атаулары ат, жылқы сөздеріне байланысты мақал-мәтелдер: “Ат ұстанған азабынан құтылады”, “Ат қадірін жоқ білмес, Ас қадірін тоқ білмес”, “Ат жақсысы қартаяды, Негізіне тартады”, “Ат қадірін білмесең, Жаяушылық берсін сазаңды”, “Ат жақсысы керуеннен, Зат жақсысы шеберден”, “Ат жалдаған өтер, Ит жалдаған кетер”, “Ат барда есекке жол болсын, Дос барда есепке жол болсын”, “Ат сабылды – жоқ табылды”, “Ат аяғынан семірер, Адам құлағынан семірер”, “Ат қартайса, есекпен дос болады, Адам қартайса, төсекпен дос болады”, “Ат жүйрігі – азаптан құтқарады, Тіл жүйрігі – мазақтан құтқарады”, “Аттың көркі – құйрық, жалы, құлағы, Таудың көркі – тасы менен бұлағы”, “Атың жаман болса, Қарың кетер, Балаң жаман болса, Арың кетер”, “Аты барға тай мінсе де жарасар”, “Атын алдырған ерін жоқтамайды, Басын алдырған сақалын жоқтамайды”, “Атың арық болса, бір шап, Отының аз болса бір жақ”,  “Аттың жалында, Атанның қомында”, “Атың барда жер таны, Асың барда ел таны”, “Атына қарай – тұрманы, Егініне қарай – қырманы”, “Атыңа батса алтын ер Атып ұр да, отқа жақ”, “Аттың көркі – жал, Адамның көркі – мал”, “Атпаз көрген ат таныр, Ұстаз көрген хат таныр”, “Адамның жуасын аяққа басады, Аттың жуасын ұры мініп қашады”, “Ақсақ ат алтынмен тағаласаң да ақсайды”, “Асыққан жолаушы атына теріс мінеді”,  “Алабұтаға ат бекітпе”, “Аңқау астындағы атын алты ай іздепті”, “Ат дорба түбін искемей Ат тоймайды”, “Сиырда аунамақ жоқ, Жылқыда күйсемек жоқ, Тамда белдеу жоқ, Таста тамыр жоқ, Суда қаймақ жоқ”, “Жылқыда өт жоқ, Құста сүт жоқ”,  “Түйеге – дақ, Жылқыға – пышақ”, “Өмірі зақым жылқы бақсын, Үзеңгісін ұзын тақсын”, “Көбік қарда түлкі ойнар, Көк көрпеде жылқы ойнар”, “Ат адамның қанаты, Ас адамның қуаты”, “Анаңа ауыр сөз айтпа, Атыңа ауыр жүк артпа”, “Адам тілінен, Ат аяғынан жазады”, “Алысты жақындататын – ат, Жақынды алыстататын - жат”, “Атты күнде мінсең - тулақ, Аптада мінсең - қунақ”, “Ауру кісі күлкі сүймес, Ауыр жүкті жылқы сүймес” ,“Аяңшыл ат арымас”, “Арқанды ат қазығына оралар”, “Тістейтін жылқы тісін көрсетпейді”.

Бұл топқа енетін мақал-мәтелдердің мазмұны әр түрлі. Мысалы, төмендегі мақалдар мен мәтелдер жылқы малын дәріптеп, мадақтап, артықшылықтарын санамалайды: “Жылқыны мінсең, үсті - жел, Ішсең, қымызы – бал, Жесең, еті – бал”, “Жел мінезді жылқы мал, Желеді де кетеді”; ал мына мақалдарда жылқыны ердің ері ғана бағып, баптай алатыны туралы айтылады, бұл кәсіптің жалқаулар мен ұйқышылдарға қол болмайтындығы сөз етіледі: “Ұйқымен үйір болсаң, Ұйқы бағарсың, Ұйқымен араз болсаң, Жылқы бағарсың”, “Ат шаппайды бақ шабады, Бақ шаппайды бап шабады”, “Жігіттің жігіті – Түсінде жылқы көреді”.

Мына бір топ мақал халықтық әдет-ғұрып, салт-дәстүрге байланысты  шыққан, халықтың мінез құлқынан хабардар ететін мақал-мәтелдер. Ертеректе жылқы алу, барымта, сырымта ел ішінде жиі болып тұрған. Жылқыға жау тиді дегенді естісе, барлық атқа мінер азаматтар аттандап, атқа қонған. Мұндай аласапыран кезеңде, аумалы-төкпелі шақта кей ауылдың азаматтары мертігіп қалатын да жағдайлар болған. Тіпті жағдай ушығып, екі жақты бітімге шақыруға араға билер араласып, құн төлейтін де жағдайлар болып тұрған. “Жылқылы елде жау көп, Жатақ елде дау көп”,“Жігіттің құны – жүз жылқы, Ары – мың жылқы”.

Ал мына мақал халықтық сәлемдесу салтымен байланысты: “Алты жасар бала атқа мінсе, Алпыстағы шал алдынан шығар”, бұл мақалдың мағынасы екінші вариантынан айқынырақ көрінеді: “Алыстан алты жасар бала келсе, Алпыстағы қария сәлем берер”, ертеде ауылдың бір адамы ұзақ сапардан оралса, мейлі ол жас болсын, оған ел адамдары барып амандасатын болған. Бұл игі дәстүр қазір де бар. Сонымен қатар халқымызда “Батамен ер көгерер, Жауынмен жер көгерер” деген мақалмен үндес “Алғыс алған жігіттің Аты бәйгеден келеді” деген мақал бар. Қазақта көңілі шат адамнан қуанышының себебін “Атың бәйгеден келіп пе еді?” деп сұрайды, аты бәйгеден келу – жігіттер үшін зор қуаныш, мақтан. Демек, бұл мақалдың мағынасы – жұртыңа жақсаң, барлық асыл армандарың орындалады дегенді білдіреді.

Сонымен қатар, осы топтағы біршама мақалдар жылқыны басқа түліктермен қатар ала отырып, салыстыра отырып, оның халқымыздың өміріндегі маңызы мен қажеттілігін атап көрсетуге немесе жылқыны дәріптеуге, т.с.с. арналған: “Аттың аты үлкен, Түйенің табаны үлкен”, “Жылқы малдың патшасы, Түйе малдың қасқасы”, “Түйе – байлық, Қой – мырзалық, Жылқы – сәндік”, “Түйелі бай – киелі бай, Қойлы бай – қоралы бай, Жылқылы бай – сылдыр бай, Сиырлы бай – сылбыр бай, Ешкілі бай – есепті бай”.

Аталған топтағы мақалдардың көпшілігі жылқы малын әйел затына теңеу, салыстыру тағы басқа сол сияқты жайлардан келіп шыққан, бұл түсінікті де, өйткені жеті қазынаның бірі – сұлу әйел болса, енді бірі жүйрік ат екені мәлім. Мұндай мазмұндағы мақалдарға мысалдарды көптеп келтіруге болады: “Атың жақсы болса, Бұл дүниенің пырағы, Қатының жақсы болса, Бұл дүниенің шырағы”, “Атың жаман болса, Сатып құтыларсың, Қатының жаман болса, Қайтіп құтыларсың”, “Атың жаман болса, Арманың кетеді, Алғаның жаман болса, Мейманың кетеді”, “Атың жебір, болса, құдайдың бергені, Қатының жебір болса, құдайдың ұрғаны”, “Атыңды мақтама, Жүрісінен жаңылады, Қатыныңды мақтама Жүрегінен қабынады”, “Алғаның жаман болса көңілің жарым, Атың жаман болса, талар қарың”. Аталған мақалдардың мағынасын мына бір мақал әсіресе ашып тұрғандай: “Көріп, көріктіні алғанша, Көрмей тектіні ал”.

Сондай-ақ, ерте кезде ел қорғаны - ер-азаматты жылқысыз елестету мүмкін емес еді, сондықтан да мақал-мәтелдердің көпшілігінде жылқы баласы иесімен қатар орын алады: “Ат басына күн туса, Айыл, тұрман садаға, Ер басына күн туса, Бастан құлақ садаға”, “Ат тұсаусыз болмас, Адам дұшпансыз болмас”, “Ат сүрінбей жер танымас, Ер сүрінбей ел танымас”, “Ат арқасына ер батса, Аяңшыл болады, Ерге жаттың тізесі батса, Ағайыншыл болады”, “Ат күйгелек болса – арық, Ер күйгелек болса – кәріп”, “Ат айналып қазығын табар, Ер айналып елін табар”, “Ат жақсысын мақта, Адам жақсысын жақта”, “Ат өнері білінбес, Бәйгеге түсіп жарыспай, Ер өнері білінбес, Қоян-қолтық алыспай”, “Ат үйірін сағынса, Артқы аяғын қағынар, Ер үйірін сағынса, Айыл-тұрман тағынар”, “Ат қартайса, жасқаншақ болады, Ер қартайса, мақтаншақ болады”, “Ат баспаймын деген жерін үш басар, Ер татпаймын деген тұзын үш татар”, “Атты қамшы айдайды, Ерді намыс айдайды”, “Аттың сүріншегі, Жігіттің еріншегі жаман”, “Алыс жол атты сынайды, Ауыр жол ерді сынайды”, “Жігіттің іскерлігі ісінен мәлім, Жылқы жасы – тісінен мәлім”, “Жылқы үйірін сағынар, сағынар да сабылар, Ер үйірін сағынар, Етек-жеңін қағынар”.

Жылқыны жанындай көрсе де, халқымыз оны адамнан артыққа баламаған, татулық, достық, сыйластық пен ел ішінің тыныштығын одан артық санаған: “Ат жүйрігі айырады, Тіл жүйрігі қайырады”, “Ат аяған жерге қарар, Құс аяған көкке қарар”, “Атың жақсы болса – қанатың, Ағайының жақсы болса – санатың”, “Атын бергісі келмеген Елге қарайды, Құсын бергісі келмеген Жерге қарайды”.

2) Жылқының жынысына байланысты айғыр, бие, байтал сөздерінен келетін мақал-мәтелдер: “Мінер атың айғыр болса, Түс те қайғыр”, “Айғырды неден салсаң, Атты содан мінерсің”, “Жақсы айғырдың үйірін ат жақтайды”, “Ақылсыз бас аяққа тыным бермейді, Ақымақ айғыр саяққа тыным бермейді”, “Жаман айғыр енесіне тап берер”, “Ат айында, Бие жылында құлындайды”, “Тебеген болса – биең жау, Сүйкеншек болса -  түйең жау”, “Жетім құлын емеген, Қулық бие тебеген”, “Бағың шауып тұрғанда Биең егіз туады, Бағың қайтқан шағыңда Ешкің қысыр қалады, Малыңа індет шабады”, “Иесі келсе – Биесі кісінер”, “Алып анадан туады, Ат биеден туады”, “Екі бие – ел ырысы, Үш бие – бұлақ басы, Бір бие – жоқтың қасы”, “Тұмса тұсақ қызғаншақ, Тұмса бие құлынсақ”, “Жемісті ағашқа тас атпа, Буаз биеге тас артпа”, “Келеге түспес бура, Керенау тартады. Үйірге түспес айғыр Саяққа тартады”.

Бұл топтағы мақалдардың ішінде де ел бірлігін, ағайын татулығын алға тартатын мақалдар мен мәтелдер молынан ұшырасады: “Үйірінен айырылған айғыр Ат болады, Көңілді қалдырған ағайын Жат болады”, “Жалғыз биенің қымызы – Қарындаспен қағыстырар, Жалғыз түйенің қымыраны – Туғаныңмен табыстырар”, “Өз аузына ие болмаған: Астындағы биесінен айырылған, Жетегіндегі түйесінен айырылған”, “Қияңқы байтал Екі айғырды қырқыстырады”. Мал баққан шаруа қазағы үйір айғырының мінез-құлқын жақсы таниды. Төмендегі мақалдарда үйіріне бөтен адам мен бөтен айғырды маңайлатпақ тұрсын, даланың ашкөз бөрілеріне де алдырмайтын ашушаң, үйірсек, адуынды айғырлар туған-туысқаны үшін жанын беруге даяр тұратын, ағайынын жауға да, дауға да қалдырмайтын жігіттің сұлтанына теңеледі. “Аталы айғыр үйірін Жауға алдырмас, Ата көрген жігіт Ауылын дауға алдырмас”, “Азынаған айғырдың үйірін көр, Менменсіген жігіттің үйін көр”.

Қазақ түйені қасиетті мал санайды, сонымен бірге, жылқыны да  түйемен қатар қойып, қастерлейді: “Түйе сүті түгел май, Қымыранын кертіп іш! Бие сүті пай-пай! Сары қымызын шертіп іш!”, “Сауын саусаң, бие сау, Боз қырау түспей суалмас, Түйткіл тартсаң, түйе сау, Ауру, бәле, жын алмас”. Сонымен бірге бұл түліктердің кейбір мінездеріне қарап, одан қашудың қисынсыздығын айтады: “Көтерем деп түйеден безбе, Салтанатың емес пе?! Тебеген деп биеден безбе, Қос қанатың емеспе?!”. Ертең-ақ олардың қатарға қосылып, көзге ілігетінін айтады: “Құнажын деп кемітпе, Ертең-ақ түйе болады, Тай, байтал деп кемітпе, Ертең-ақ бие болады” “Түйесіне қарай – жазысы, Биесіне қарай – қазысы”,  “Ат - биеден, Нар – түйеден”. Ал мына мақалдарды жылқының да, түйенің де жайын жақсы білетін шаруақор қазақтың кеңесі деп қабылдауға болады.  “Бие мініп тойға барма, Көкпар шаба алмайсың. Түйе мініп қойға барма, Жөндеп баға алмайсың”,. Расында да, бие өнім беруші, сауын малы, сондықтан да оны қара күшті қажет ететін көпар, аударыспақ немесе ат жарысына қатыстыруды ойға алудың өзі қолайсыз. “Ат – биеден, Аруана – түйеден” деген мақалда айтылғандай, небір айтулы жүйрік, дүлдүл аттар, тұлпарлар мен сәйгүліктер биеден туады.  Қойдан қоңыр, қойдай жуас десек те, қой бағу оңай шаруа емес. Мәселен, кейде қойға қасқыр шабады, әсіресе, қыс мезгілінде шабан ат пен түйе мініп қой бағудың еш реті жоқ. “Жол жүрсең, Шабанға кіріптар қылмасын, Жолдас болсаң, Наданға кіріптар қылмасын” деген мақалдан да осыны байқауға болады. “Шабаннан жаяуым артық” деп кейбір қойшылар сараң байға өкпелеп, қойды жаяу бағатын кездері де болып тұрған.

3) Құрамында жылқы түлігінің жасын білдіретін құлын, тай, жабағы, құнан, дөнен, бесті сөздері кездесетін мақал-мәтелдер: “Туған жердің торғайы тұрымтайдай көрінер, Құлыны тайдай көрінер, Қыздары айдай көрінер”, “Бие кәрі, құлын жас, келер жылы қолың бос”, “Жас бота түйеге қарай өседі, Жас құлын биеге қарай өседі”, “Теңге тиыннан өсер, Жылқы құлыннан өсер”, “Бие көп болса, құлын көп”, “Ит қуған тай ұстатпас”,  “Жасы жетпей шал болғаннан без, Тақымында тайы жоқ, Сал болғаннан без, Қомдығы жоқ, өркеші жоқ Нар болғаннан без”, “Астыңда дөненің болғанша, Қолыңда өнерің болсын”, Көңіл жүрік пе, Көк дөнен жүйрік пе?”, “Жүйрік бестіден шығар, Кеңес келістіден шығар”,“Жүйрік бестіден шығар, Кеңес естіден шығар”, “Жүлде алмаған жүйріктен, Белі жуан бесті артық. Білгені беку ғалымнан, Басалқа айтқан есті артық”, “Байлауы жоқ шешеннен, Үндемеген есті артық. Бәйге алмаған жүйріктен Белі жуан бесті артық”.

Қазақ баласын “құлыным, құлыншағым” деп еркелетеді, яғни ойнақтаған ерке, сұлу құлынға теңейді. Бұл топтағы мақалдардан оны анық байқауға болады: “Асау құлыннан айтулы ат шығады”, “Ат болатын құлынның бауыры жазық келер, Адам болатын баланың маңдайы жазық келер”, “Болар бала бесігінде бұлқынар, Болар құлын Желісінде жұлқынар”, “Бала жанды биелер Құлындарын теппейді, Бала жанды адамды бала айналып кетпейді”, “Кісі болар баланың кісесінен белгілі, Ат болатын құлынның мүшесінен белгілі”.

Бірқатар мақалдарда бала мен тай қатарласа келеді: “Ақыл - жас ұланнан, Жүйрік – тай-құлыннан”, “Тайдың мінгені білінбес, баланың істегені білінбес”, “Аттан тай озады, Атадан бала озады”.

Тайға байланысты мақал-мәтелдер де көп: “Қатын алма, қайын ал, Жақсы көрген тамырдың атын алма, тайын ал”, “Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын”,  “Аттың жемін жеп, Тайдың ойынын ойнау”, “Ат жаманы таймен ойнар”, “Атпен ойнаған тайдың жілігі сынады”.

Қазақ әдетінде тай мінгізу өте жиі кездеседі. Көбінесе нағашылары жиендеріне тай сыйлап жатады. Біздіңше, мұның себебі, құлын жас, ат мінгізіп, құлынды бие сыйлауөте дәулетті адамдарға ғана қиындық туғызбауы мүмкін. Сондықтан дәулеті шағын адамдар үлкен ат емес, шама-шарқына қарап, тай сыйлағанды жөн көрген. Кейде адамдардың тайды менсінбейтін кездері де болады. Соған байланысты мақалдар да бар: “Тайға мінген, тайқарға мінгенге күлмейді”, “Құданың тайын алғың келсе, Құлынды биесін сұра”. Бұларға қарама-қарсы мәндегі мақал-мәтелдер де кездеседі: “Айдың ізін ай басар, Аттың ізін тай басар”,“Арық деген жаман тай, Жазға ілінсе ат болар, Бастан бақ, қолдан мал кетсе, Жаман жұрт жат болар”, “Арық деген жаман тай жазға жетсе ат болар, Жамандығың сезілсе, Жақын кісің жат болар”.

Тайды менсінбеген қазаққа жабағы қайдан жақсын?! Мына бір мақалдар соны аңғартады: “Жабағы тайдың тері ащы, Жаман адамның тілі ащы”, “Жатқа жалшы жүргізген, Жарлылықтың салдары. Жабағы-тай мінгізген Жаяулықтың салдары”.

4) Құрамында жылқы түлігінің тегін, түрлі табиғи ерекшеліктерін білдіретін арғымақ, пырақ, алмауыт, тұлпар, қазан ат, жабы, көбең, жорға, жүйрік, асау т.б. сөздер кездесетін мақал-мәтелдер: “Жора-жолдас не керек, Жауға бірге шаппаса? Арғымақ мініп не керек, Жабыдан озып артпаса?”, “Арғымақты жамандап кәне тұлпар тапқаның?”, “Тай атқа жеткізеді, ат пыраққа жеткізеді, пырақ мұратқа жеткізеді”, “Көлдің көркі – құрақ, Жігіт көркі – пырақ”, “Бас -  кемеңгер, Жүрек – ер, Құлақ – бұлақ, Аяқ – пырақ, Қол – мұрап, Тіл – тілмаш, Кілтін тап та, сырын аш”, “Абысын-ажын не керек, аңдысып күні өткен соң. Алмауыт ұстап не керек,  артынан жабы жеткен соң”, “Екі аяқты адам түгіл Төрт аяқты тұлпар да сүрінеді”, “Тұлпардың ізі бітпейді, Тұяғы кетпейді”, “Тұлпар құлыннан, батыр баладан”, “Нар – түйеден, Тұлпар – биеден”,  “Қарабайыр қазанат Қара жолда қалдырмас. Қара жолда қалдырып, Қанатыңды талдырмас”, “Жорға жолға түспесе, жол ұрады, Ер жолға түспесе қол ұрады”, “Жорға жүрісінен пұл болады, жаман жүрісінен құл болады”, “Боларыңда болып өт, Боз жорғадай желіп өт”, “Жорғаң қатты болса төске сал, Ісің ақ болса, көпке сал”, “Өз елінде барқадар таппағанның, Өзге елде жүйрігі шаппайды”, “Жер шетіне жүйрік жетпейді, Көпке бұйрық жетпейді”, “Жүйрікті кекіл қағысынан байқайды”, “Мәпелесе жүйрікті Бас жүлдені әперер”, “Асауға – ноқта, Жүйрікке – тұмар”, “Шабылмаған жүйрікте Шағылмаған бала шапсын”, “Жүйрік аттың сауырын берік алар”, “Арықты мінгенше – аяғыңды мін”, “Бар қашаған құтылмас, Жоқ қашаған жеткізбес”, “Асаудың теппесе ақысы кетеді, Жыланның шақпаса ақысы кетеді”, “Тозбас жасау болмас, Бас білмес асау болмас”, “Асауды бас білдіретін жігіт бар, Адамды аздырмайтын үміт бар”.

Қазақтар ертеректе өмірдің көркі сұлу әйел, бәйге ат, жүйрік тазы, қыран бүркіт, берен мылтық деп есептейтін, сол себепті бұл топтағы мақал-мәтелдердің де дені жігіттің алған жары мен тұлпары турасында: “Арғымақ болса мінгенің, Алыс жер жақын емес пе? Ақылды болса сүйгенің Алысың жақын емес пе?”, “Астыңда атың болса, Арғымақ не керек? Жақсы қатының болса, Ұжмақ не керек?”, “Балаң жақсы болса – екі көздің шырағы. Атың жақсы болса – бұл дүниенің пырағы, Алған жарың жақсы болса – абыройыңның тұрағы”, “Қатының жақсы болса – шырағың, Атың жақсы болса – пырағың”, “Алмауыттан ат мінсең, жақын болар алысың, Әдепті, арлы жар сүйсең, Оңғарылар бәр ісің”, “Қас жүйрікте сын болмас, Қас сұлуда мін болмас”, “Аты шабан болса, Қатыны жаман болса Жігіттің көрген күні құрысын”.

Халқымыз жылқыдан – тұлпарды, құстан – сұңқарды ерекше қадір тұтады. Сол себепті де мақалдарда тұлпар мен сұңқар туралы ойлар қатар түсіп отырады: “Талап – тұлпар, Білім – сұңқар”, “Аяқ – тұлпар, сөз –сұңқар”, “Құсы жоққа тұрымтай сұңқармен тең, Aты жоққа қотыр тай тұлпармен тең”, “Қарға мақтанып сұңқар болмас, Есек  мақтанып тұлпар болмас”, “Аттың бәрі тұлпар емес, Құстың бәрі Сұңқар емес”, “Жапалақ сипағанмен сұңқар болмас. Жабыны мақтағанмен тұлпар болмас”, “Құс жоқ жерде күйкентай Сұңқар көрінер, Ат жоқ жерде жаман тай Тұлпар көрінер”.

“Тұлпар шаба жетіледі, Сұңқар ұша жетіледі”,  “Табаны тозбас тұлпар жоқ, Қанаты талмас сұңқар жоқ”- деген мақалдар тұлпардың табиғатына байланысты. Сондай-ақ, дүниедегі барлық құбылыстың қожасы уақыт. Уақыт өте келе тұлпар жетілетін болса, тұлпардың табаны тозатын кез  (уақыт) де болады.

“Сұңқар орманға тартар, Тұлпар қорғанға тартар”, “Қас сұңқардың баласы Шыңнан тоят тілейді. Қас тұлпардың баласы Шапқан сайын үдейді”, “Тұғырына саңғыған сұңқар оңбас, Үйірінен қаңғыған тұлпар оңбас”, – деген мақалдарда сұңқар мен тұлпардың жақсы қасиеттері алға тартылады.

Сөз болып отырған топтағы мақалдарда да жоғарыда айтып кеткендей, бір тармағы жылқы туралы болса, екінші тармағында оның иесі – ер жігіт туралы сөз етіледі: “Аға болар жігіттің Етек-жеңі кең келер, Арғымақ болар құлынның Жал-құйрығы дөңгелер”, “Арғымақ бірде жалды, бірде жалсыз, Ер жігіт бірде малды, бірде малсыз”, “Арғымақ аттың құйрығы Әрі жібек, әрі қыл, Ер жігіттің белгісі Әрі мырза, әрі құл”, “Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, Жылқыда да жылқы бар, қазан аты бір бөлек”, “Жүйрікті шапқанда көр, Ерді сасқанда көр”, “Жүйрік алысқа шабады, Жігіт намысқа шабады”, “Алысқа шабар жүйрік бол, Намысқа шабар жігіт бол”.

Сол сияқты жылқының  жақсысын, адамның жақсысымен қатар қою да кездеседі: “Тұлпар түбін табады, жақсы адам елін табады”, “Тұлпардың қадірін желгенде білерсің, жақсының қадірін өлгенде білерсің”, “Жорға  жолына тоқтар, Жақсы жөніне тоқтар”, “Жорғаның қадірін желгенде біледі, Жақсының қадірін өлгенде біледі”, “Жүйрік тоқтығын білдірмес, жомарт жоқтығын білдірмес”.

Жүрісі келісті, әсем жорға аттың қадірін кез-келген қазақ біледі. Кейбір атқұмар қазақтар жорға аттың орнына бірнеше жылқы беріп, айырбастап алған. Жорға атты ертеректе белді-беделді адамдарға сыйға тартқан,  бойжеткендер мен бозбалалар, сал-серілер, күйеу мен қалыңдық мінген. Алғаш құда түсуге барғанда қыздың үйінің төріне қамшы іліп, босағасына құдалықтың басы ретінде жорға байлаған. Жорғаның бағасы да жоғары болған. Дегенмен де халық ұғымында жорғадан жолдастық әрқашан жоғары тұрады. “Жолдасы көптің – жорғасы көп”, “Жорға мінген жортақы мінгенмен жолдас емес”, “Жорға мінген Жолдасынан айырылады, Көп жасаған Құрдасынан айырылады”. Жүйрік ат, жорға ат қанша қымбат болса да, жорғаны қолға үшін халқымыз адамдық сипатын жоғалтпаған. “Қанша тұлпар десе де, мініп болмас жалсызды. Қанша білгіш десе де Халқы сүймес арсызды” деген мақал оған дәлел. Халқымыз жорғаның жақсы қасиеттерімен қатар кемшіліктерін де біледі: “Жорғаны жорға демесең, Жүрісі атқа жетпейді. Жемін беріп демесең, Жолға тастап кетпейді”, “Жорғадан туған жортақ бар, Батырдан туған қорқақ бар”, “Еркенің көзі кеппес, Жорғаның тері кеппес”.

Осы топқа қатысты “Көбең мініс көтермес”, “Көбеңді көр де қой” деген мақалдарға тоқталсақ. Қазақта ат көбең тартып қалды деген сөз тіркесі бар. Ат көбең тартып қалды деп аттың кешеуілдеп, ұзақ мерзімді өткізіп семіруін айтады. “Көбең ат” деп жедел, жіті жүрмейтін атты айтады. “Көбең” деген сөздің о бастағы мағынасы үрген қарын сықылды ісініп-қабыну, “кебең тартқан ат” деген көктемде жайылып жүріп семірген, еті бос ат мағынасында. Біздіңше, көбең сөзінің көбік, көбік тер сөздеріне қатысы болуы мүмкін. Өйткені көбік терді шелден (майдан) сығымдалып шыққан су деп ұғуға болады. Ендеше, бұл мақалдардан көбең аттың жаңа ғана семірген, бірақ әлі оңала қоймағанын, әлі мініс көтермейтінін байқауға болады.

5) Халқымызда айыпқа – ат-тон, сыйға - ат-шапан беру сияқты жол-жоралғылар бар. Осы ат-тон сөзіне байланысты мақал-мәтелдер де пайда болған: “Тозбас тон, Арымас ат болмас”, “Адал адамның аты арып, Тоны тозбас”,  “Атыңды сат, тоныңды сат, Жатарыңда бір тойып жат”. Тозбайтын тон, арымайтын ат болмайтыныны анық, ал неге “Адал адамның аты арып, Тоны тозбас” дейміз? Өйткені адал адамға әрдайым баршаның көңілі толық. Егер оның аты арық, тоны тозық болса, оған кез келген адам көмек берері сөзсіз.

Мына бір топ мақалдардан ат-тон атауының әлді-ауқатты адамдарға қатысты қолданылатындығын байқауға болады: “Аты-тоны сай кісі, Жиын-тойға барысар, Ұлы-қызы бар кісі Құдалыққа барысар”, “Айт – аттынікі, Той-тондынікі”, “Аты-тоны бар кісіде Әзіретәлінің күші бар”. Ерте кезде үстіне іліп алары жоқ кедей адамдар той-томалаққа да бара алмаған. “Барғызарың барғызса” деген содан шықса керек. Ал аты-тоны сай кісі, әрине, қайда барса да жол ашық. Әсіресе, аты жоқ адамға айттау (айтшылау) өте қиынға соғары анық, өйткені бұрынғы уақытта ауыл-ауылдың арасы да қашық болған.

6) Жылқы малының түр-түсіне байланысты шыққан мақал-мәтелдер де тілімізде орын алған: “Керді мінбегенде Жерді мінем бе?”, “Екі торының өзгелігі жоқ, Игі жақсының бөтендігі жоқ”, “Шұбар ат мінгеннің – көзі тыныш, Шұбар қатын алғанның – көңілі тыныш”, “Қойдан қоңыр, Жылқыдан торы” “Тобан аяқ торыны, Тойға мінбе, қойға мін, Құлан аяқ құланы Қойға мінбе, тойға мін”,  және т.б.

Жылқыға қатысты ауыспалы мәндегі мақал-мәтелдер әдетте жылқы малы жөнінде болса да, адамның түрлі қасиеттерін сипаттауға арналады. Мәселен, “Бір биеден ала да туады, құла да туады” деген мақалда бір анадан туса да адамдардың, жеке адамдардың (личность) адамдық қасиеті әрқилы болатындығы сөз етіледі. Өйткені адамды орта тәрбиелейді. “Шайтан шайтанды іздейді, тай тайқарды іздейді”,  “Қотыр атқа - қотыр ат, Соқыр атқа – соқыр ат” т.с.с. осы жолдастыққа қатысты мақалдар қатарына жатады. Дегенмен де тектіден тәрбиелі бала туылатынын мына мақалдан байқауға болады: “Қасқа тұлпардың құлыны қасқа болмаса да, төбел болар”. Ертеде ұлына текті жерден қыз таңдап, жар етіп алып беру ата-ана үшін үлкен арман болған.

Жоғарыда келтірілген мақал-мәтелдерді салыстырып қарар болсақ, олар семантика-грамматикалық құрылысы тұрғысынан жай сөйлем түрінде де: Байтал түгіл бас қайғы. Жылқының басы мың қаладан қайтады. Арғымақ атқа тай төлеу. Тай тулап үйірінен шықпас. Ат тұяғын тай басар. Атпен ойнаған тайдың арқасы кетер. Енесі тепкен құлынның еті ауырмас; құрмалас сөйлем түрінде де кездеседі: Бәйгеге қосар атыңның Ерін алма терін ал, Күреске түсер батырдың Көңілін жайла, шерін ал. Судың терең, саязын Ағысынан білерсің, Аттың жақсы, жаманын Шабысынан білерсің.

Мақал-мәтелдердегі негізгі пікірді жинақтап, тиянақтап, үйлесіп, үндесіп тұратын басты мүшелердің бірі – баяндауыштар. Олар етістіктен, есімдерден жасалады.

Мақал-мәтелдердің соңына келіп, пікірді тиянақтауда етістіктен болған баяндауыш негізгі рөл атқарады. Ол өздеріне тән ертеден қалыптасқан аффикстерді қосып алады да, ойдың өзегі болуымен қатар, грамматикалық тұлғасы жағынан да, семаниткалық мағынасы жағынан да мақал-мәтелдердің предикативтік ұйтқысы болып есептеледі [118,59 б.].

Жылқы атауының қатысуымен жасалған мақал-мәтелдердің баяндауышында қолдану жиілігі бойынша ең көп сақталған қосымшалар:

-мас. Арпасыз ат қыр аса алмас, Арқасыз алып соғыста жеңе алмас. Ат қадірін жоқ білмес, Ас қадірін тоқ білмес. Ат сүрінбей жер танымас, ер сүрінбей ел танымас. Енесі тепкен құлынның еті ауымас.

- ар. Ат орнын тай басар. Ат ерінді келер, ер мұрынды келер.

Көптеген мақал-мәтелдердің баяндауышы бұйрық райлы етістікке бітеді: Ақ сұңқар ұшқырмын деп мақтанба, алдыңда құрулы торлар бар. Арғымақ жүйрікпін деп мақтанба, алдыңда алуан орлар бар. Жабағы тайды қорлама, Жазға шықса ат болар, Жас жігітті қорлама Жұртына ертең бас болар.

Болымсыздық мағынаны білдіру үшін бұйрық райлы етістікке –ма болымсыздық жұрнағы қосылады: “Жабыны жалды екен деп сатып алма, Жаманды малды екен деп жақын қылма”.

Мақал-мәтелдердің баяндауышы есім сөздерден жасалады:  “Асауға – ноқта, жүйрікке – тұмар”, “Талап – тұлпар, Білім – сұңқар”, “Жүзден – жүйрік, Мыңнан – тұлпар”.

Мақал-мәтелдің көпшілігі өлеңге ұқсас болып келеді. Қайталау, теңеу, ұлғайту, кішірейту, кейіптеу, дауыс ырғағы, екпін сияқты айшықтау тәсілдерінің молынан қолданылып, дыбыс үндестігімен ұштасуы мақал-мәтелдердің әуезділігін арттыра түседі. Бұлар мақал-мәтелдердің сыртқы сұлулығы үшін ғана емес, ішкі мазмұны үшін де керекті компонеттердің бірі.

Біздің тақырыпқа қатысты жинаған материалдарымызда егіз ұйқасқа құралған мақал-мәтелдер өте көп: “Табаны тозбас тұлпар жоқ, Қанаты талмас сұңқар жоқ”, “Көлдің көркі – құрақ, Жігіт көркі – пырақ”, “Жүйрік бестіден шығар, Кеңес келістіден шығар”. Егіз ұйқас мақалдарға ерекше бір үн, ырғақ, әуезділік, екпін беріп тұр.

Мақал-мәтелдің құрамындағы әрбір тармақта бір немесе бірнеше сөздер қайталанып отырады: “Атты теппейді деме, Итті қаппайды деме”, “Ат болар тай саяққа үйір, Адам болар бала қонаққа үйір”, “Тайдың мінгені білінбес, Баланың істегені білінбес”, “Жақсы атқа бір қамшы, Жаман атқа мың қамшы”.

Бұл әдіс мақал-мәтелдердің тек қана соңында келмей, басында, ортасында да қайталануы мүмкін: “Күйеудің атымен күл тасы, Жезденің атымен жер айда”, “Шідерлі атың өз атың, Тұсаулы атың бос атың”, “Шабан ат дегенше, Жаман ат десеңші, Шабан жігіт дегенше, Жаман жігіт десеңші”.

Мақалдарда ең көп тараған айшықтау әдістерінің бірі салыстыру: “Балаң жақсы болса – Екі көздің шырағы, Атың жақсы болса – Бұл дүниенің пырағы, Алған жарың жасқы болса – Абыройыңның тұрағы”, “Арғымақ аттың құйрығы Әрі жібек, әрі қыл, Ер жігіттің белгісі, Әрі мырза, әрі құл”, “Бәйге алмаған жүйріктен, Белі берік бесті артық, Сүт бермеген сиырдан Шай қатық берген ешкі артық”, “Жақсы ат – көлік, Жаман ат - өлік”.

Метонимия - өзара байланысты ұғымдардың бірінің орнына екіншісін қолдану тәсілі: “Жүйрік ат – бірде ат, бірде қанат”, “Аяғы –ат, қолы – қамшы”, “Аяқ – арғымақ, қол – азамат, көз- жанат, сөз – қанат”.

Мақал-мәтелдерде қолданылатын тәсілдердің тағы бірі – ұлғайту мен кішірейту тәсілі.

Гипербола – ұлғайту тәсілімен жасалған мақал-мәтелдер екі түрлі болып кездеседі. Бірі ақырындап, біртіндеп, жайлап ұлғаюды білдіреді: “Ат көрмеген ат көрсе шаба-шаба өлтірер, Тон көрмеген тон кисе, Қаға-қаға бітірер”.

Екіншісі – бірден, тікелей аздан көпке көшу арқылы мақал-мәтелді түрлендіріп, әсерін арттыра түседі: “Ат тұяғы – алтын, Алысқа алып баратын, Адам тілі – алтын, Алысты сұрап табатын”, “Тамырыңнан түйе сұрасаң, Қорыққанынан бие берер”, “Құлындаған биеден құдықтағы су артылмас”.

Литота – кішірейту тәсілімен жасалған мақал-мәтелдер: “Жалғыз ағаш пана болмас. Жалғыз бие саба болмас”, “Бір теңге бие болмайды, екі теңге түйе болмайды”.

Мақал-мәтелдің ұйқасуында, үйлесуінде дыбыстардың бірыңғай дауыстыларға немесе дауыссыздарға бітуі оларды түрлендіріп, өзгеше өрнек төгеді.

Ассонанс – бірыңғай дауысты дыбыстарды қайталау: “Ат басына күн туса, Ауыздығымен су ішер, Ер басына күн туса, Етігімен су кешер”, “Ақылды ердің ішінде – Алтын ерлі ат жатар, Ақылды әйел ішінде – Алтын бесікті ұл жатар”, “Етігін шешпей ер тыңаймас, Ер-тоқымын сыпырмай ат тыңаймас”, “Жолың болмайын десе Алдыңнан ор кездеседі, Атың құлап Арылмас сор кездеседі”.

Аллитерация – бірыңғай дауыссыз дыбыстарды қайталау: “Бір биенің екі емшегі, бірі кетсе, сүті жоқ. Бір түйенің екі өркеші, бірі кетсе, күші жоқ”, “Жарлы болар жігіт байталын атқа айырбастайды, Жалғыз болар жігіт ағайынын жатқа айырбастайды”.

Жылқыға қатысты мақал-мәтелдер тура және ауыспалы мағынада қолданылады.

Жылқыға қатысты тура мағынасында қолданылатын мақал-мәтелдер ашық, анық, өмір шындығының негізінде құралған. Олар өмірінде кездесетін барлық жақсылықты дәріптейді, адамгерішіліктің ең жоғарғы қасиеттерін иемденуге шақыра отырып, жамандықтан сақтандырады.

Жылқы атаулары қатысқан ауыспалы мағынадағы мақал-мәтелдер жылқыға байланысты пайда болып, уақыт өте келе адамның түрлі (жағымды-жағымсыз) мінез-құлқын сипаттауға құрылады.

Жылқыға қатысты мақал-мәтелдердің бұл түрі сан жағынан көп, көлемі жағынан қомақты орын алады, “негізгі ойды астарлап айтатын, ишаратпен білдіретін мақалдар”.

Біздің жинаған мақал-мәтелдеріміздің де басым көпшілігі осы топқа жатады. Мысалы: “Кәрібоз қартайғанда жорға шығар”, “Ат жаманы таймен ойнар”.

Сонымен бірге бұл мақалдардың бір тармағы жылқы туралы айтылса, екіншісі адам жөнінде. Мысалы: “Қара арғымақ қартайса, Қарға адым жер мұң болар”, “Қара көзден нұр тайса, Бір көруге мұң болар”, “Әке өлер – ұлы қалар, Ат өлер – ер-тоқымы қалар”.

Кейде басқа бір түлікпен салыстырыла айтылады: “Күркіреген бураны келеде көр, Азынаған айғырды үйірде көр”, “Ат – биеден, Нар – түйеден”, “Көшпелі елге – түйе қол, Жылқылы елге – бие қол”.

Жылқы малына байланысты мақал-мәтелдердің басым бөлігі айтылу мақсатына қарай хабарлы сөйлемдер екені байқалады.

Грамматикалық құрылысы жағынан хабарлы сөйлем болып келетін мақал-мәтелдердің көбі етістік немесе есім баяндауышпен аяқталады. Баяндауыштар – мақал-мәтелдер үшін негізгі тұлға. Етістіктен болған баяндауыштар предикаттық рөл атқарып қана қоймай, мақал-мәтелдерге сан түрлі модальдік реңк береді. Мысалы: “Жорға жолына тоқтар, Жақсы жөніне тоқтар”.

Біздің жылқыға байланысты материалдарымызда сұраулы сөйлемдерден жасалған мақал-мәтелдер өте аз, жоқтың қасы десе де болады. Қазақ мақал-мәтелдерінің лексика-стилистикалық өзгешеліктерін зерттеген Р.Сәрсенбаев [122] мақал-мәтелдердің құрамында сұраулы немесе лепті сөйлем жоқ деп дәлелдеген болатын. Дегенмен сұраулы сөйлемдерден жасалған мақал-мәтелдер аз да болса кездеседі: “Керді мінбегенде Жерді мінем бе?”, “Жомарттыққа не жетсін? Жүйріктен құтылып не кетсін?”, “Атыңның басын алыпсың да, Жорғасы қалып па?”, “Атыңның жемін тауыпсың да, Дорбасы қалып па?”,  “Құлын биең құнға кетті ме? Тайлы биең таласқа түсті ме? Кезекті суыңды сұрамай ішті ме? Қолыңмен неге от көсейсің? Жеңіңді неге жерге төсейсің?”, “Түйе сүті түгел май, Қымыранын кертіп іш! Бие сүті “пай-пай!” Сары қымызын шертіп іш!”, “Көтерем деп түйден безбе, Салтанатың емес пе?! Тебеген деп биеден безбе, Қос қанатың емес пе?!”, “Қасыңда қара көп болса, Нөкер емей немене? Шөлдегенде ішкен су Шекер емей немене? Ат жалынан тапқан мал Бекер емей немене?!”, “Жомартқа не жетсін?! Жүйріктен құтылып не кетсін?!”, “Арғымақты жамандап кәне тұлпар тапқаның? Ағайынды жамандап Кәне туған тапқаның?”.

Бұл сұраулы сөйлемдер – жауап талап етпейтін риторикалық сұраулар. Ал риторикалық сұраулар айтушының көңіл-күйін, ішкі сезімін білдіре отырып, сұрау есімдіктері мен интонацияның жәрдемімен жасалады.

Біздің материалдарымыздың ішінде сұраулы, лепті сөйлемдерден жасалған мақал-мәтелдер аз болғанымен, бұйрықты сөйлемнен жасалған мақал-мәтелдер біршама. Олар екінші және үшінші жақта айтылады. Мұндай мақал-мәтелдерде бұйырудан көрі, көбірек тілек, кеңес, өтініш мағынасы басым болады. Мысалы: “Жабыны жауға мінбе жалды екен деп, Жаманмен жолдас болма малды екен деп, Баласын қазан аттың бақпай қойма, Жем түсіп аяғына қалды екен деп”.

Мақал-мәтелдерде, сонымен қатар ұлттың псхологиясы да көрініс табады. В.фон Гумбольдтың ойларын (“рух”, “халықтық рух”) дамытқан Г.Штейнталь, М.Лацарус  “психика” деп алып, “халықтар психологиясы” бағытының негізін қалаған болатын. Этнопсихология халықтардың ұлттық ерекшелігінің негіздерін, себептерін, дамуын т.б. зерттейді.

“Адам жылқы мінезді: Бір күнде түлейді, Бір күнде жүдейді” – деген мақалдан қазақ халқының кейбір мінез-құлықтары көрінеді. Жылқы тәрізді адамның өзгеруі (қай жаққа болса да, жақсы жаққа немесе керісінше) аса көп уақытты талап етпейді. Бабы келіскен жылқының күйінің таюы қалай тез болса, оның қатарға қосылуы да қыруар уақытты талап етпейді. Адам да сол сияқты. Жалпы, қазақ халқын жылқыға теңеп жатады. Сонда жылқы мен қазақ халқының арасында қандай ұқсастық болуы мүмкін? Жылқы, біріншіден, аса талғампаз, таза мал. Ол шөптің сонысын жеп, судың тұнығын ғана ішеді. Нағыз бәйге аттары бөкен қабақ деп суреттеледі. Бұл оның қайсарлығының белгісі. Бұл қасиет те қазаққа тән. Қайсарлық, намысшылдық исі қазаққа біткен қасиеттер. Жылқыны қазақ осыншама дәріптегенмен де, кейде қайсыбір адамдарды жылқы мінездес дегенде оны басқа қырынан айтады, яғни ол адам жылқы мінездес, мінезі қиындау, жылқы тәрізді пысқырып (қарамай, менсінбей) кетеді дейді. “Ағайын алыста жүрсе, кісінескен, Жақында жүрсе, тістескен ” деген мақалда да кейбір ағайын-туғанның жылқы тәрізді, алыста жүрсе, бірін-бірі іздеп, табысып, жылқыға ұқсап, шұрқырасып қалатыны, ал бірге жүрсе, сыйыспай, жылқы сияқты тістесіп, тебісіп қалатыны айтылады.

Ал  “Адам сөйлескенше, Жылқы кісінескенше”, “Қотыр атқа қотыр ат, Соқыр атқа соқыр ат” деген мақалдар адамдар арасындағы өзара қарым-қатынас жөнінде. Соңғы мақалда адамдарды айналасындағы жора-жолдастарына қарап тануға болады деген мағына бар. Яғни, жітітті жолдасына қарап тану қажет.

Қазақ әйелдері ер адамды шаңырақтың тірегі, отағасы деп, ерекше құрметтейді. Бірқатар мақалдар ер-азаматтарға насихат түрінде келеді.   “Атыңнан айырылсаң да, ер тоқымыңнан айырылма. Қатыныңнан айырылсаң да, қазан-ошағыңнан айырылма. Қазан-ошағыңнан айырылсаң да, халқыңнан айырылма” деген мақалда ел бірлігі, татулық мәселесі қозғалады. Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы дейді қазақ халқы.

Шығармада ат сөзі қатысқан мақал-мәтелдер  кездеседі: Андыз барда ат өлмес, қолымызда күш тұрғанда бізге бос жатуға болмайды [64,238 б.]. Ат қазығынан кетпейді, саған да өз үйіріңнен кетпе дейміз [64,111 б.]. Соңғы мақал ауыспалы мәнде, қазақтың жаужүрек батыры Қобыландыға қаратып айтылып тұр. Мұндағы үйір сөзі ауыспалы мәнде. Шығармада үйір лексемасына қатысты мынадай мақал бар: - Жақсы. Ал өз бауырларыңа қарсы садақ безеген ана екі ағаңды қайтеміз? - Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң... [64,564 б.]. Мұнда да үйір сөзі ауыспалы мағынада қолданылып тұр.

Шығармада байталға қатысты мақалды жазушы Чжао Хой әскерін сипаттауда қолданады: Қазақ қолдарын қумақ түгіл, “байтал түгіл бас қайғының” кебіне ұшырап, көтерілісті басу үшін, Чжао Хой әскері кейін шегінген [64,545 б.]. Құрамында жүйрік сөзі бар төмендегідей мақал-мәтелдер ауыспалы мәнде пайдаланылады: Жүйрік ат шаппаса да қырындайды деген [65,223 б.]. - Иә, жоққа жүйрік жете ме, - деп шал ауыр күрсінді... [65,232 б.].

Жылқының түр-түсіне байланысты мақал-мәтелдер де кездеседі. Қаламгер шығармада төмендегі мақалды адамның бәрі бірдей емес деген мағынада бірнеше рет қолданады: Бір биеден ала да туады, құла да туады, бір шіріген жұмыртқа кімді бүлдірер дейсің дейді ішінен Кенесары [65,83 б.].

Сонымен, жоғарыдағы мақал-мәтелдерден қазақ халқының ерекше қасиеттері – намысқойлығы, тазалығы, талғампаздығы танылады, ұлттың менталитетін байқауға болады.

Жылқы малына қатысты мақал-мәтелдер тура және ауыспалы мәнде қолданылады. Тақырыпқа байланысты ауыспалы мәнде қолданылатын мақал-мәтелдердің саны өте көп. Олар негізгі ойды астарлап, ишаратпен білдіреді. Аталмыш мақал-мәтелдер негізінен адамға қатысты қолданылады. Жылқыға байланысты мақал-мәтелдерде кездесетін айшықтау тәсілдері: қайталау, теңеу, ұлғайту, кішірейту, кейіптеу, дауыс ырғағы, екпін т.т.

Семантика-грамматикалық құрылысына қарай жылқы түлігіне байланысты мақал-мәтелдер жай сөйлем түрінде де, құрмалас сөйлем түрінде де келетіні анықталды, сонымен қатар, бұл мақал-мәтелдердегі негізгі пікірді жинақтап, тиянақтап тұрған мүше – баяндауыштың жасалу жолы анықталды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ҚОРЫТЫНДЫ

 

Жұмыста І.Есенберлиннің “Көшпенділер” романындағы жылқыға қатысты лексика кешенді талданып, төмендегідей мәселелер айқындалды:

- аталмыш шығармадағы жылқыға қатысты лексика классификацияланып, олардың төмендегідей лексика-семантикалық топтары айқындалды:

1) жылқының жалпы атаулары;

2) жылқының жасы мен жынысына қарай қойылған атаулар;

3) жылқының табиғи ерекшеліктеріне байланысты қойылған атаулар;

4) жылқының түрі мен түсіне қатысты атаулар;

5) жылқыға тән кейбір қимыл-әрекеттерге, мінезіне қатысты сөздер;

6) жылқының дене мүшелерінің атаулары;

7) жылқының жүрісінің түрлері;

8) жылқы шаруашылығына қатысты сөздер;

9) жылқы малына байланысты қойылған ономосиологиялық (антропонимдер, гиппонимдер және топонимдер) атаулар;

- тарихи трилогияда жылқы атауларының мол қамтылуы, біріншіден, оның жанрымен байланысты болса,  екіншіден, қазақ тілінің сөздік қорында жылқы атауларының өзіндік орны, үлес салмағы бар екендігін көрсетеді;

- І.Есенберлиннің “Көшпенділер” тарихи романындағы жылқыға қатысты этномәдени лексиканың молдығы қаламгердің тілдік тұлғасына тән ой-танымының, қайталанбас даралығының көрінісі;

- романдағы жылқыға байланысты тіл деректері, этномәдени лексика қазақ халқының сан ғасырлық тарихи-мәдени өмір-тәжірибесінен хабардар етеді, әрі шығарманың танымдық маңызын арттыруға ықпал жасайды;

- аталмыш шығармада киелі жылқы түлігіне байланысты салт-дәстүрлердегі, табу мен эвфемизмдердегі, жылқыға қатысты халықтық өлшем атауларындағы ұлттың дүниетанымының жүйесі айшықты сипатталған;

- қазақ халқының жылқыға қатысты әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері жүйесін зерттеу көшпенділердің рухани және материалдық мәдениетін сараптап, зерделеуге, осы арқылы көшпенділер қоғамының дүниетанымдық бітімін айқындауға мүмкіндік туғызады;

- жылқының түр-түсіне байланысты сөздер сөздік қордағы ең байырғы, көне сөздер қатарынан саналады. Жылқының түр-түсіне қатысты атаулардың заттану процесіне бейім келетіндігі, сонымен қатар олардың тек жылқыны түстеп тану үшін емес, мінез-құлықтарын, сын-сипатын, жасын, түрлі қасиеттерін анықтауда маңызды екендігі анықталды;

- тіліміздегі аттың сынын білдіретін, тұлғасын, бабын сипаттайтын сөз тіркестері қазақ халқының сан ғасырлық өмір тәжірибесінің, ұжымдық танымның  нәтижесінде пайда болған, олар тек қазақ халқына ғана тән ерекшеліктер, сонымен қатар олар тілдің кумулятивтік қызметінің нәтижесінде атадан балаға мирас болып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді.

- тек жылқыға қатысты қолданылатын фразеологизмдер жылқының дене мүшелерінің атауларын, мінезін, бабын, күйін т.б. қасиеттерін сипаттаса, адамға қатысты ауыспалы мәнде қолданылатын фразеологизмдер адамның жағымды-жағымсыз мінез-құлықтарын бейнелейді.

- жылқы атаулары сөзжасамында біріктіру, қосарлау, тіркестіру тәсілдері белсенді қызмет атқарады. Жылқы атаулары сөзжасамындағы ең өнімді тәсіл – аналитикалық тәсіл екендігі анықталды.

- шығармадағы жылқыға қатысты теңеулер – қазақ халқының дүниетанымының, ұлттық ерекшеліктерінің, көркем ойлау мәнерінің көрсеткіші;

- жылқы малына қатысты мақал-мәтелдер тура және ауыспалы мәнде қолданылады. Тақырыпқа байланысты ауыспалы мәнде қолданылатын мақал-мәтелдердің саны өте көп. Олар негізгі ойды астарлап, ишаратпен білдіреді, негізінен адамға қатысты қолданылады.

- жылқыға байланысты мақал-мәтелдерде кездесетін айшықтау тәсілдері: қайталау, теңеу, ұлғайту, кішірейту, кейіптеу, дауыс ырғағы, екпін,

- семантика-грамматикалық құрылысына қарай жылқы түлігіне байланысты мақал-мәтелдер жай сөйлем түрінде де, құрмалас сөйлем түрінде де келеді.

Жұмысты қорыта келе айтарымыз, шығармадағы жылқы малының ауруларының аттары, ат үсті ойындарының атаулары, тағы сол сияқты жылқыға байланысты тіл деректері мұнда қарастырылған жоқ. Бұл жылқыға байланысты тіл фактілері тілімізде ұшан-теңіз екендігін көрсетеді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

1 Гумбольдт В. Избранные труды по языкознанию. –Москва: Прогресс, 1984. - с.398.

2 Казахский фольклор в собрании Г.Н.Потанина (Архивные материалы и публикации). – Алма-Ата: Наука КазССР, 1972. – с.382.

3 Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз –кайсакских, орд и степей. – Алматы: Санат, 1996. – с.656.

4 Ильминский Н.И. Древний обычай распределения кусков мяса, сохранившийся у киргизов // Известия археологического общества. Спб., 1860. Ч.1. Вып. 5. –С. 116-117.

5 Радлов В.В. Опыт словаря тюркских наречий. Т.ІҮ. Ч.2. Спб., 1911. - с.2229.

6 Добромыслов А.И. Скотоводство в Тургайской области. –Оренбург: Изд-е Тург. Обл. Стат. Комитета, 1895. - с.360.

7 Алекторов А.Е. Указатель книг, журнальных и газетных статей и заметок о киргизах . Казань. Имп. Казанский ун-т., 1900. - с .969.

8 Уәлиханов Ш.Ш. Мақалалар мен хаттар. –Алматы: Қазақстан, 1949. -167-б.

9 Алтынсарин Ы. Таңдамалы шығармалар. –Алматы: Ғылым, 1994. -288-б.

10 Диваев Ә. Тарту // Құрастырған, алғы сөзін және түсініктемелерін жазған Флора Оразбаева. –Алматы: Ана тілі, 1992. -256-б.

11 Бөкейханов Ә. Таңдамалы. Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1995. -478-б.

12 Сейфуллин С. Шығармалар. Т.6. –Алматы: Жазушы, 1964. -455-б.

13 Аспендияров С. История Казахстана (С древнейших времен) Т.1. – Алма-Ата, Москва: Каз. Краевое изд-во, 1935. - с.263.

14 Абишев Х. Элементы астрономии и погода в устном народном творчестве казахов. – Алма-Ата: Изд.Ан КазССР, 1949. – с.1-30.

15 Арғынбаев Х. Қазақтың мал шаруашылығы жайында этнографиялық очерк. –Алматы: Ғылым, 1969, -172-б.

16 Төлеубаев Ә.Т. Реликты доисламских верований в семейной обрядности казахов (ХІХ-нач. ХХ вв.). –Алматы: Ғылым, 1991. - с.214.

17 Тоқтабаев А.У. Қазақтардың ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы жылқы шаруашылығы (тарихи-этнографиялық зерттеу) /Тар.ғыл.канд... диссертация. 07.00.07. – Алматы: Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, 1992. – 228-б.

18 Щербак А.М. “Названия домашних и некоторых диких животных в тюркских языках” // Историческое развитие лексики тюркских языков. –Москва, 1961.

19 Севортян Э.В. Этимологический словарь тюркских языков. (Общетюркские и межтюркские основы на гласные). –М.: Наука, 1974. – с.767.

20 Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі: 1-10т.т. –Алматы: Ғылым, 1974-1968.

21 Қазақ тілінің сөздігі // Жалпы редакциясын басқарған Т.Жанұзақов. –Алматы: Дайк-Пресс, 1999. -775-б.

22 Құралұлы А. Қазақ дәстүрлі мәдениетінің энциклопедиялық сөздігі. – Алматы: Сөздік – Словарь, 1997. – 368-с.

23 Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі. –Алматы: Ғылым, 1966. -240-б.

24 Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі. –Алматы: Ғылым, 1996. 1т. 200-б.

25 Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. –Алматы: Ана тілі, 1998. – 304-б.

26 Қайдаров Ә., Ақтамбердиева З., Өмірбеков Б. Түр-түстердің көрінісі. – Алматы: Ана тілі, 1992. -160-б.

27 Қайдар Ә.Т. Халық даналығы (қазақ мақал-мәтелдерінің түсіндірме сөздігі және зерттеу). –Алматы: “Тоғанай Т” баспасы, 2004, - 560-б.

28 Кайдар А. Тысяча метких и образных выражений: (казахско-русский фразеологический словарь с этнолингвистическими пояснениями). – Астана: ТОО “Білге”, 2003. – 368-с.

29 Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді. (Сөздердің қолданылу тарихынан), 2 басылуы. –Алматы: Санат, 1994. -190-б.

30 Ахметов Ә. Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер (салыстырмалы-этнолингвистикалық зерделеу). –Алматы: Ғылым, 1995. – 176-б.

31 Нұрмағамбетұлы Ә. Қазақ тіліндегі атаулар тарихы. – Алматы: Ғылым, 1998. – 200-б.

32 Жанәбілов Ш. Қазақша мал атаулары. –Алматы: Қайнар, 1982. – 150-б.

33 Бейсенова М.С. М.Қашқаридың “Диуану лұғат ит-түрк” атты сөздігіндегі төрт түлік мал атаулары. Фил.ғыл.канд.автореф. 10.02.06. –Алматы, 1997. -30-б.

34 Жакипов А. Термины верблюдоводство в казахском языке. Автореф.дис...канд.фил.наук. 10.02.06. –Алма-Ата: ИЯ АН КазССР, 1983. – 23-б.

35 Айтбаева Н.К. Қазақ тіліндегі жылқыға қатысты атаулардың лексика-семантикалық және дүниетанымдық сипаты. Фил.ғыл.канд.автореф. 10.02.02. –Алматы: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, 2007. -29-б.

36 Байтелиева Ж. Қазақ тіліндегі жылқы малына қатысты фразеологиялық тіркестердің этномәдени уәждемесі. Фил.ғыл.канд. дисс.автореф. 10.02.06. –Алматы: А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты, 2007. -27-б.

37 Тлепин Б.Қ. Қой-ешкі атаулары мен тіркесімдерінің этнолингвистикалық сипаты. Фил.ғыл.кан.дисс. 10.02.02. –Алматы: Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, 1997. – 26-б.

38 Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. –Алматы: Ғылым, 1977. -711-б.

39 Сәтенова С. Қазақ тіліндегі қос тағанды фразеологизмдердің тілдік және поэтикалық табиғаты. –Фил.ғыл.док.автореф. –Алматы: Ғылым, 1997. -184-б.

40 Линко Т.В. Зоонимы в казахском и русском языках. Автореф.дис...канд. филол.наук. 10.02.06. –Алматы, 1989.

41 Керимбаев Е.А. Лексика-семантическая типология оронимии Казахстана. Автореф.дис...канд.фил.наук. 10.02.06. –Алма-Ата, 1988. –с. 195.

42 Ержанова У.Р. Этнолингвистическое описание топонимов Западно-Казахстанской области. Дисс...канд.фил.наук. 10.02.06. –Алматы, 1998. –с. 157.

43 Әлімхан А. Шығыс Қазақстанның Оңтүстік аймақтары топонимдерінің лингвистикалық және этномәдени негіздері. Фил.ғыл.канд.дисс. Автореф. 10.02.02. –Алматы: А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты, 2001. – 25-б.

44 Қайырбекова Ұ. Түркі лексикасын компонентті талдау (қазақ, түрік, өзбек тілдеріндегі “үй жануарлары” атаулары негізінде). Фил.ғыл.канд.дисс. 10.02.06. –Алматы: А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты, 2003. – 141-б.

45 Панзарбекова Р.З. Қазақ тіліндегі жануарлар төлінің атауы. Фил.ғыл.канд.дисс. 10.02.06. –Алматы: А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты, 1998. -114-б.

46 Шота Қ.Н. Дыбыстық еліктеуіш етістіктердің этнолингвистикалық негіздері.  Фил.ғыл.канд.дисс. 10.02.02. –Алматы: А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты, 2004. – 166-б.

47 Жылқыбаева А.Ш. Қазақ тіліндегі тағам (тамақ) атауларын этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеу. Фил.ғыл.канд.дисс. 10.02.06. –Алматы: ҚазССР ҒА Тіл білімі институты, 1991. – 211-б.

48 Қасиманов С. Қазақ халқының қолөнері. – Алматы: Қазақстан, 1995. – 240-б.

49 Хинаятұлы Б. Қазақтардың төрт түлікке қатысты дәстүрлі ырым, жосын-жоралғы, әдет-ғұрыптары // Қазақтың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері: өткендегісі және бүгіні. Мақалалар жинағы. – Алматы: Ғылым, 2001. – 428-б.

50 Жанпейісова С. Е. Қазақ тілінің рухани мәдениет лексикасы. Фил.ғыл.канд.дисс.автореф. 10.02.02. –Алматы, 1996. -30-б.

51 Қаирбаева Қ.Т. Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың символдық мәні. Фил.ғыл.канд.дисс.автореф. 10.02.20. –Алматы: А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты, 1997. -29-б.

52 Филин Ф.П. О лексике-семантических группах слов. // Очерки по теории языкознания. -Москва: Наука, 1982. - с.231.

53 Мусаев К.М. Лексика тюркских языков. -Москва: Наука, 1984 -с.228.

54 Цинциус В.И. Проблемы сравнительного-исторического изучения лексики алтайских языков. // Исследования в области этимологии алтайских языков. –Л.:Наука, 1979. -с.4.

55 Филин Ф.П. О лексико-семантических группах слов // Езиковедски исследования в честь на академик Стефан Сладенов. – София, 1957. -с.523-539.

56 Уфимцева А.А.  Самое двойное название. 1962. -с.287.

57 Оразов М. Қазіргі қазақ тіліндегі қалып етістіктері. –Алматы: 1980. -176-б.

58 Хашимов Р.И. Лексика-семантическая группа слов, обозначающих ребенка в русском языке. –Душанбе, 1971.

59 Покровская Л.А. “Термины родства в тюркских языках” // Историческое развитие лексики тюркских языков. –Москва., 1961. –с.11-81.

60 Оразов М. Семантика казахского глагола. Фил.ғыл.докт.дисс. 10.02.06. –Алматы: 1983. – 415-б.

61 Қучқартаев И. Семантика глаголов речи в узбекском языке. Автореф.док.дисс. –Т., 1978.

62 Гак В.Г. К проблеме семантической синтагматики. Проблемы структурной лингвистики. –М., Наука, 1972. – с. 395.

63 Қалиев Б., Жылқыбаева А. Сөз мағыналарының негіздері. Оқу құралы. –Алматы, 2002. -110-б.

64 Есенберлин І. Көшпенділер. Тарихи трилогия. –Алматы: Жазушы, 1986. Он томдық шығармалар жинағы. 6 том. 1 - 2 кітап. -600-б.

65 Есенберлин І. Көшпенділер. Тарихи трилогия. –Алматы: Жазушы, 1986. Он томдық шығармалар жинағы. 7 том. 3 кітап. -328-б.

66 Қазақ совет энциклопедиясы. 4-т. 1974, -538-б.

67 “Қазақ тұлпары” /№0, 16.05.2002ж. Шымкент қаласы

68 Әбіласан Ә. Алтын Құс-Адам және біз. Қазақ тілі мен әдебиеті. №5-6, 1992ж. -55-62-б.

69 Қазыбеков Н. Дала өрнектері. Этнографиялық сипаттамалар. –Алматы: Балауса, 1994. -128-б.

70 Тоқтабай А., Сейтқұлова Ж. Төрт түліктің қасиеті. –Алматы, 2005. – 192-б.

71 Серікбаева Ұ.Б. Қазақ тіліндегі “ақ” және “қара” түр-түс атауларының этнолингвистикалық сипаты. Фил.ғыл.канд.дисс. 10.02.02. –Алматы: А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты, 2003. – 143-б.

72 Шаймерденов Е. Қазақ елінің рәміздері. –Алматы: Балауса, 1993. -80-б.

73 Шүкірұлы С. Сөзтаным. Баран. Ана тілі, №38, 12-қыркүйек, 2002ж. -5-б.

74 Уәлиханов Ш. Таңдамалы. -Алматы: Жазушы, 1985. -118-б.

75 Тілеубердиев Б. Қазақ ономастикасының лингвоконцептологиялық негіздері. -Алматы: “Арыс”, 2007. -280-б.

76 Жүсіпов Б. Көкмойнақтың үйірі. Қазақ әдебиеті. №2. 16-22 қаңтар 2004ж. №1 қосымша. -9-б.

77 Сәнік З. “Қазақтың тұрмыс-салт білімдері” ҚХР. Шыңжаң: ғылым-техника, денсаулық сақтау баспасы.

78 Шүкірұлы С. Сөзтаным. Жорық. Ана тілі, №42, 10-қазан, 2002ж. -4-б.

79 Дәдебаев Ж. Тұлпардың сыны мен бабы. –Алматы: Бастау, 1994. -16 б.

80 Бақбергенов С. Арғымақтар // Ер қанаты. Құрастырған Ж.Аупбаев. –Алматы: Қайнар, 1987. -327-б.

81 Жаниязов Ә. “Сабақ тақырыбы – “Аттың сыны”. Қазақ тілі мен әдебиеті, №9, 1993ж. -31-б.

82 Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. –Алматы: Ғылым, 1989. -368-б.

83 Қалиев Б. Қазақ тілінің көкейтесті мәселелері (Мақалалар жинағы) –Алматы: Дайк-пресс, 1997. -150-б.

84 Қасиманов С. Қазақ халқының қолөнері. –Алматы: Қазақстан, 1995. -240-б.

85 Шүкірұлы С. “Мама” кімнің сөзі? Ана тілі, №11, 14-наурыз, 2002ж. -6 -б.

86 Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. –Алматы: Рауан, 1998. -304-б.

87 Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. –Алматы: Ғылым, 1999. -581-б.

88 Қасым Б. Сөзжасам: семантика, уәждеме. Оқу құралы. – Алматы, -2003, 167-б.

89 Қашқари М. Девону луғот ит түрк. -Т. І, ІІ, ІІІ. –Ташкент, 1960-1963.

90 Кеңесбаев І., Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі (Лексика, фонетика). –Алматы: Қазақтың мемлекеттік оқу-педагогика баспасы, 1962. -315-б.

91 Толстой А.Н. О предмете этнолингвистики и ее роли в изучении языка и этноса. // Ареальные исследования в языкознании и этнографии. Язык и этнос. –Ленинград: Наука, 1983. - с.182.

92 Қайдаров Ә. Қазақ этнолинвгистикасы. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. –Алматы: Ана тілі, 1998. -304-б.

93 Хұсейін Нихал Атсыз. Түркішілдік мұраты. // Ана тілі. №5. 1992.

94 Қайдаров Ә.Т. Этнолингвистика. // Білім және еңбек, №10, 1985. -18-22-б.

95 Кубрякова Е.С. Роль словообразования в формировании картины мира. А кн. Роль человеческого фактора в языке. Язык и картина мира. М.: Наука, 1988.

96 Никитин М.В. Лексическое значение в слове и словосочетании..-Владимир, 1974, -с.22..

97 Аджи М. Полынь половецкого поля. Москва: ТОО “Пик-Контекст”. 1994. -349-с.

98 Каракузова Ж.К., Хасанов М.Ш. Космос казахской культуры. –Алматы, 1993. – с.77.

99 Гачев Г.Д. Национальные образы мира. –М., 1998. – с. 448.

100 Аханов К. Грамматика теориясының негіздері. –Алматы: Мектеп, 1972. -216-б.

101 Сарыбаев Б. Қазақтың музыкалық аспаптары. Алматы, 1981, 150- б.

102 Қоңыров Т. Қазақ теңеулері. – Алматы: Мектеп, 1978. – 192-б.

103 Салқынбай А.Б. Тарихи сөзжасам (семантикалық аспект). Монография. -Алматы: Қазақ университеті, 1999. -309-б.

104 Сағындықұлы Б. Байырғы “ат” түбірінің дамуы // ҚазМУ хабаршысы. Тіл және әдебиет сериясы. №15. 1998. 7-10-б.

105 Нұрмағамбетов Ә. Сөз сырына саяхат. – Алматы: Жалын, 1990. – 128-б.

106 Кайдаров А.Т. Структура односложных корней и основ в казахском языке. –Алматы: 1986. -323-б.

107 Сейілхан А.Қ. Қазақ тіліндегі этнографизмдердің лингвомәдениеттанымдық мәні. Фил.ғыл.канд.автореф. 10.02.02. –Алматы: А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты, 2001. -28-б.

108 Манкеева Ж.А. Қазақ тілінің заттық мәдениет лексикасы. –Фил.ғыл.докт.автореф. 10.02.06. –Алматы, 1997. -53-б.

109 Қалиев С., Оразаев М., Смайылова М. Қазақ халқының салт-дәстүрлері. –Алматы: Рауан, 1994. -220-б.

110 Юсупов М. Ұлың өсіп ер жетер, қызың өсіп бой жетер. Жігіттің үш жұрты. –Алматы: Қайнар, 1994. -192-б.

111 Толыбаев Қ. Ұлттық дәстүр – рухани қазына // Жігіттің үш жұрты. –Алматы: Қайнар, 1994. -192-б.

112 Фукс С.Л. Обычное право казахов в ХҮІІ века. –Алматы: Наука, 1981. – с.224.

113 Болғанбаев Ә. Өлшем ұғымын білдіретін сөздер мен сөз тіркестері. // Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін жасау тәжірибелері. –Алматы: Ғылым, 1989. -176-б.

114 Гумилев Л.Н. Көне түріктер. –Алматы: Білім, 1994. -480-б.

115 Ахмедова Ж. Казахские народные наименования понятий об измерениях. –Фил.ғыл.канд.автореф. 10.02.06. –Алматы: АН КазССР. ИЯ, 1975. -25-б.

116 Ақпанбек Ғ. Қазақтардың дүниетанымы. 37-38. Алматы, 1993.

117 Нұрмаханов А. Түркі фразеологиясы. 1-кітап. –Алматы: Ғылым, 1998. -272-б.

118 Байтұрсынов А. Шығармалары: Өлеңдер, аудармалар, зерттеулер. (Құраст. Шәріпов Ә., Дәуітов С.). –Алматы: Жазушы, 1989. -320-б.

119 Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. –Алматы: Мектеп, 1974.

120 Салқынбай А., Абақан Е. Лингвистикалық түсіндірме сөздік. –Алматы, 1998. -304-б.

121 Сарсенбаев Р. Лексико-стилистические особенности казахских пословиц и поговорок. Автореф.дис.канд.фил.наук. 1981, -с.16.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

№ 1 ҚОСЫМША

 

Ілияс Есенберлин. Он томдық шығармалар жинағы. Көшпенділер.

Тарихи трилогия. Алматы: Жазушы, 1986. 6-том. 1- 2 кітап. -600-бет.

 

1-кітап “Алмас қылыш”

 

8-бетте:

Бұлардың мінгендері кәкір-шүкір тай-тұяқ емес, он күн желіске шыдай алар аласа бойлы, тоқпақ жалды, құшақ құйрықты, кілең сайгүлік шабысты жылқы. Үстерінде сауытты, жалпақ бет, сығыр көз ноян, баһадурлар. Аттарына да тізелеріне дейін сауыт жабылған. Екі жағында жебеге толған екі-үш қорамса, белдерінде қисық жүзді қылыш пен ұзын сапты айбалта, қамал бұзатын тас атқыштарды сүйреу үшін ер қасына байлап алған жуандығы білектей қыл арқан. Әрқайсысында кем дегенде екі садақтан. Кейбір көрікті киінгендердің тақымдарында, бір жақ ұшы пышақтай өткір найза.

 

9-бетте:

Монғолдың ақтангер тапал жылқысының тұяғы енді Польша, чехтар мен мадиярлардың жерін басты.

 

11-бетте:

Бірақ Бердібек құр әкесін өлтіріп қана қоймайды. Алтын Орда тағынан дәметер деп, бір жазда ат жалын тартып мінер аға-інісін тегіс өлтірді.

 

13-бетте:

Арғын жүрген жерде Қоңырат, Найман, Керей, Уақ, Тарақты да үзеңгілесе кетеді.

Бұның бәрі көшпелі Дәшті Қыпшақтың асау жылқы тәрізді, арда руларын ханнан шошытуға айналған.

 

17-бетте:

Хандардың аңға шығуы ежелден бір үлкен мереке. Жұрттың жақсы ат, қыран құс, салтанатты қару-жарақ, ер-тұрмандарын көрсететіні осы жер.

 

18-бетте:

Кереге қанат қыранға томаға кигізіп, алтыбақанда әткеншек тепкізіп, ат үстіндегі қимылға үйрететін.

Қыранын мұндай жағдайға жеткізген Жәнібек енді құсын қолға қондырып, атқа мініп, ұшырып байқайтын.

 

19-бетте:

Ат құлағы мен бұйра қымыздығы аралас біткен жасыл шалғын.

Өзгеден сәл үздіктеу келе жатқан, жал-құйрығын түйіп тастаған күрең қасқа жүйрік ат мінген, үстінде аң аулауға деп арнап тіккен шолақ сауыт, зерлі күміс дулығасы бар Әбілхайыр ханның өзі. Соңынан ергендері үзеңгілес батыр нөкерлері. Аттарының бәрі жал-құйрығын түйіп тастаған, ауыздығымен алысқан жүйріктер.

 

19-бетте:

Әсіресе, ортада келе жатқан, бүкіл Дәшті Қыпшақ жеріне әйгілі, “Ортеке” деп ат қойылған күлсары сайгүлік мінген жас әйел таңғажайып салтанатымен салтанатымен анадайдан-ақ көздің жауын алады. Астындағы сайгүлік жүйрігінің ат-әбзелі, жүген-құйысқаны, өмілдірігі – бәрі сары алтынмен апталған.

 

20-бетте:

Бұлар төбеге жеткен кезде солтүстіктегі ақ ордалардан тағы бір топ салт атты көрінді. Алдарында қос қара көк жүйрік мінген Жәнібек пен Керей.

Бұл Жәнібек сұлтанның екінші әйелі, Алтын хан еліндегі монғолдармен аралас отырған көшпелі Керей руының қызы Жаған бикем. Бұның астында аты шулы “Киік-аяқ” атанған ақбоз жүйрік, Рабиу-Сұлтан-Бегімнің ер-тоқымындай ат-әбзелін алтын жаппаған, жүген-құйысқаны, ат кеудесіне түсіре салған өмілдірігіне дейін бәрі қақтаған ақ күміс...

 

20-бетте:

Рабиу-Сұлтан-Бегімдей ерекше салтанатымен емес, Жаған өз келбетімен, жасынан ат құлағында ойнап өскен көшпелі елдің қызы екенін көрсетіп тұрған ерекше отырысымен, қамшыны сипай тартқан болмысымен көздің жауын алады. Әсіресе Рабиу-Сұлтан-Бегімдей емес, қолына ұстаған найзасы, басына киген меруертпен торлаған қызыл барқыт сәукелесі, астындағы ақ боз аттың кекіліне таққан үкісі, бұның жауынгер елден шыққан әйел екенін көрсетеді.

 

21-бетте:

Аңшылар азығы деп түйеге саба-саба қымыз артқан, жеңіл шатырлар тиеген, алдарына он бестей қой айдаған бір топ жігіт ауылдан шыққан кезде, хан жасағы да солтүстікке қарай бет алды.

Күнімен ат соңынан шапқан серіктерінің аттары әбден болдырған-тын. Тек түске дейін ұдайы шапса тері ғана шығатын Жәнібектің көкбуырылы ғана әлі тың еді. Атбегі әбден жаратқан екен, қабақ қаққанша жолдастарынан ұзап кетті.

 

22-бетте:

Бие сауымдай жер шапқанда ғана бұл үшеуі қалжырауға айналған бөкенге бірдей таянған.

Бірақ Жәнібек барыстай атылып, Сарыбайды ат үстінен жұлып алған...

Дәл осы кезде шапқан ат дүбірі кенет естіліп, бір бүйірден Керей сұлтан шыға келген.

Атының үзеңгісіне аяғын салып жатып:

-              Бекер сойылмен ұрмадыңыз, хан ием, - деген алқына сөйлеп, - егер де жығылғанда мойын омыртқасын бұрап үзіп алатын едім де, атынан құлап өлді дейтін едім...

 

23-бетте:

Ана екеуі оған жауап қайтармаған, үн-түнсіз аттарының басын бұрып, келе жатқан адамдарға қарсы аяңдаған.

 

24-бетте:

Бекзада қойылғаннан кейін оның көрін білетін адамдар тегіс өлтіріледі, қабір үстінен үйірлі жылқылар өткізіліп жер бетін теп тегіс етеді.

 

25-бетте:

Білетін құл өлтіріледі, зират үстінен жылқы айдалып қабір беті жермен-жексен етіледі.

 

34-бетте:

Ал кей жау жүрек батыр ұлдары, қастарына саяқ жинап кейде хан тұқымының мыңдаған жылқысын барымталап әкететін.

Орда толы ала таяқты ақсақалдар, ат-жарақты батыр, сұлтандар...

- Тарланкөк тым асау екен, бие сауымдай мезгіл шаптым. Бірақ мені түсіріп кете алмады, - деді мақтана, - бәрібір мен оны үйретіп аламын!

 

39-бетте:

- Бар, қалқам, Тарланкөкті жіберген болсаң, басқа асауды үйрет, - деді.

 

42-бетте:

Мұндай жағдайда, Иран ханы Смайылдың да бас көтеріп, Ақсақ Темір балаларының тізгінін үзіп кетпек боп тұрған кезде, ел билігін мықты ұстау қажет.

 

46-бетте:

Бір шеті мен бір шеті ат шаптырым күміс толқынды Ақкөлдің кең алқап жазира даласы ат бауырынан келген көк шалғынға бөленген.

Оба тас мұрты салбыраған, оң қолына қымыз ішетін тостаған тәрізді ыдыс ұстаған келсаптай шомбал бір ғажайып бейне...

 

47-бетте:

Күніне үйірленіп сойылған семіздіктен мамырлаған жылқы, құйрығын көтере алмай жатып қалған қотандаған қой...

 

48-бетте:

Алғашқы күні осы арадан көшкен ел бір күн, бір түнде жетер Арғынаты тауының ең шетіндегі Шойынды көлден жіберілген үш жүз сайгүлік жүйріктен Әбілқайырдың Тарланкөгі озып келген. Атқа шапқан ханның жеті жасар немересі, Шах-Будақ сұлтанның баласы Мұхамед-Шайбанидің өзі еді.

 

48-бетте:

Екі бие сауымындай мезгіл оған тек Арғын биі Ақжол ғана төтеп берген. Бірақ ошақ тұяқ Көксеңгірдің тегеурініне шыдай алмай бір сайыста астындағы құшақ құйрық Ақжамбасы тізерлеп шөгіп қалып, сайыс төрешілері бас бәйгені Қобыландыға деп шешкен.

Асан айтыс тәртібін өзгеше құрған. Бас бәйге кім де кім жауға қарсы елдің ерлігін дұрыс айтып бере алса, соған беріледі. Орта бәйге өз руының жер-суын қорғаудағы істерін дұрыс суреттеп берген адамға тапсырылады. Ал аяқ бәйгеге Дәшті Қыпшақ елінің болашағын кім дұрыс болжай алса, сол ие...

 

52-бетте:

Ғасырлар бойы әдеттенген тәсілдері бойынша, жауына жоқ жерден тиіп, заматта ғайып болып, үнемі ат үстінен түспей үйренген көшпелі елдің жігіттері соғысқа әбден үйренген, ұзақ жорықтарға шыныққан жау жүрек жауынгерлер еді.

 

52-бетте:

Қас жағының әскерін көрісімен-ақ бұлар жақтарынан жебені қардай боратып, ат қоятын. Қарсы жағы берік болса, қорқып кеткендей жорта кейін шаба жөнелетін.

Күтпеген жерден мұндайға ұшыраған жау әскері сасып қалып сәл кідірсе, жаңа ғана қашып келе жатқан Қыпшақтар кенет аттарының басын кейін бұрып, қайтадан атой салатын.

Әдет бойынша алдыңғы қатардағы атты жауынгерлер саптарын сүйір ұшты етіп құратын.

 

53-бетте:

Оның үстіне Қыпшақтар әлгі арбадан жасалған дөңгелек бекіністерінің ара-араларында қисық-қисық жол қалдырып, жау күшінің әлсірегенін білсе, өздеріне таныс қисық жолдарымен жау шебіне ат қояды.

Басына жүген киіліп, үстіне ер түскенінен бұл әдіске машық болып үйренген Қыпшақ жылқылары еш уақытта әдет алған жолынан жаңылыспайды.

 

53-бетте:

Құлаштап тартқан қайың садақтан ысылдай атылған ажал жебелері кімді болса да ат үстінен ұшырып түсіреді.

Егер таңдаған жерлері алда-жалда қауіпті болса, бір қалтарыста, не ымырт үйіріле дағдыланған әдет бойынша арба жетегін үзеңгілеріне іліп алып заматта бөтен жаққа көшіп кетеді.

 

55-бетте:

Қалың ойға шомып кетіп басын төмен салып үн-түнсіз отырған қарт жырау, шапқан дүбірді естіп, тыпырши қалған кәрі тарландай, кенет басын көтеріп алды.

Көбі әбден қатып болмаған өзеннің мұзы ойылып кетіп, ат-матымен суға кетіп, бықпырт тигендей қырылған.

Бірақ өр мінезді, жалын жанды Қазтуған Қотан толғауынан мойымады. Қамшы тиіп, ырши түскен жүйріктей, енді тіпті долданып кетті.

 

58-бетте:

Ол қас – Дунай өзеніне жетіп қалған бөрте жылқы мінген Қыпшақтар еді.

 

59-бетте:

Бөлісеміз деген олжаларына қарамастан, ертеңіне Қыпшақтар ат бетін кейін бұрған.

Қотан қарт алдында тұрған сырлы аяқтан уыз сары қымызды бір жұтып орнына қайта қойды.

 

61-бетте:

Демек, Жейхұн өзеніндей тасыған жырың үшін орта бәйгені саған ұсынар едік, от ауызды, орақ тілді Қазтуған жырау, бірақ ақылгөй Қотан қарт Қыпшақтың өзге елге еткен қиянатын бетіңе басып, тұсаған жылқыдай өрісіңді кеңіттірмеді.

 

63-бетте:

Қыпшақтың қалың атты әскері аландарға келіп қосылды.

 

64-бетте:

Кенет монғолдар аттарының басын кейін бұрып алып, қуып келе жатқан әскерлердің қосылуына мүмкіндік бермей, біразын қырып салды.

 

67-бетте:

Шапқыншылар әскерлерінің тағы бір қасиеті жылдамдығы еді. Құлынынан бастап ұшы-қиыры жоқ монғолдың құмайт даласында босып өскен жылқы мінген Шыңғыс атты әскерінің бір тәулікте елу фарсат алуы тіпті таң қаларлық іс емес.

 

67-бетте:

Бұның бәрі монғол жылқысының төзімділігі мен жауынгерлерінің салт атқа жасынан дағдыланғанынан еді.

Қазтуған жырау осы монғол шапқыншыларымен алысқан Қыпшақ әскерлерінің ерлігін толғағанда нағыз бір жүйрік атқа мінгендей, көңілі лепіріп, ұшып-қонып қансорпа боп бір орнында отыра алмады.

 

71-бетте:

Осыдан екі жыл бұрын Ұлытауға арқар атуға бара жатып жұтаң қыстың аяғы қатты боранға айналып, үш күн Тайкеткен өзенінің бойындағы Айыртаудың ық жағындағы Әбілқайыр ханға жататын қысырақтың үйірлерін бағып жатқан, маңайында тұлдыр жоқ қосқа аялдаған. Сонда, қос басы, он көкжал қасқырды бір күнде жалғыз өзі түсіретін әйгілі аңшы және атпал батыр жылқышы Орақпен кездескен.

 

71-бетте:

Маңдайына басқан жалғыз аты Ақбақайын бәйгеге қоспақ болатын.

Ақбақайдың қашқан қасқырды қалай қуып жететінін бір-екі рет көрген ат сыншысы Қаптағай:

-              Жүйрігіңді сынап көр. Мен бірдеме білсем, Ақбақай ұятқа қалдырмайды, - деп Ораққа өзі ақыл берген.

Орақ атын бәйгеге қоспақ болған.

 

71-бетте:

Қаптағай бұл жолы жылқышының сөзіне көңіл аудармаған.

Жылқышының келуін тағы бір адам шыдамай күтуде еді. О да Орақтың жалғыз атын бәйгеге салатынын білетін.

Осыдан төрт күн бұрын асқа мінетін атын алуға келген Аққозыға Орақ тағы өзінің өлердегі сөзін айтқан.

 

72-бетте:

Асқа мен де барамын, Ақбақайымды бәйгеге қосып көрмекпін.

 

76-бетте:

- Шабытына мінген жырау, ат сабылтып шауып келе жатқан аңшы тәрізді, бекер тоқтаттың, хан ием, - деді Асан қалың қабағын түйіп...

 

77-бетте:

Алыстан ызғытып келе жатқан, жанында қосары бар салт атты көрінді.

Шапқыншы атын ұшқыртып кеп, Әбілқайыр тұрған топқа таяй беріп ер үстінен домалай жерге түсті.

 

78-бетте:

Кейбіреуі өредегі атына жүгірді, бағзы біреуі Ордаға қарай беттеді.

 

79-бетте:

Оңтүстігіндегі ең жақын қала Түркістан (Яссы), солтүстігінде ең таяуы Чинга – Тұра шаһарлары, бірі Орда-Базардан жүргіш атқа он күндік, екіншісі он бес күндік жер...

 

80-бетте:

Бірақ хан баласының ұлы асына есікте жүрген құлы ат қоспақшы деген сыбыс Әбілқайырды қатты қорлаған. Оның үстіне егер осы құлдың Ақбақайы барлық ханзадалардың жүйрігінен озып келе қалса не болмақ?

 

80-бетте:

Ұстатпайды емес-ау, талай асауды бастыртпай қуып жететін жүйріктер, бұған таямақ түгіл, тіпті шаңына ілесе алмай қалады екен. Хан қызып кетіп, ертең, бүгін қасқыр қуамын деп әбден жаратқан Тарланкөгімен Ақбақайды қууға бұйрық берген. Асау қуып үйренген бір жылқышы қолына құрығын ап, Тарланкөкке міне сап, шеттеу жайылып жүрген Ақбақайға лап қойған.

 

81-бетте:

Ат дүбірі шығысымен-ақ елең ете қап, Ақбақай басын көтеріп алып, өзіне ұмтылған құрықшыны көзі шалып, ор қояндай ата жөнелген. Бүкіл Дәшті Қыпшақта алдына жылқы салмаған Тарланкөктен сытылып шыға берген. Тарланкөк талай жеткен, Ақбақай бесті талай құтылып кеткен. Осы шабыс үш бие сауымындай мезгіл алған. Үш күн қуғында болған жас жылқыны қаншырдай боп әбден жараған Тарланкөк қойсын ба, ақыры Ақбақайдың мойнына құрық түскен.

 

81-бетте:

Сөйткен Ақбақай қазір жетіде. Жылқы баласының жал-құйрығы төгіліп, тұяғы әбден бекіп, кемеліне жететін кезі. Әбілқайыр ұмытқанмен, Ақбақайдың Тарланкөкпен таласқа түсуге жарап қалғанын енді Орақ жылқышының өзі есіне салды.

Бақты-Қожа уәзір өзінің толып жатқан көреген көз, сақ құлақ тыңшылары арқылы Орақ жылқышымен келіні Аққозының бірер рет кездесіп қалғанын естірткен.

 

81-бетте:

Бақты-Қожа уәзір жіберген жеті қарақшы айсыз тастай қараңғы түнде кеп, бәйгеге жаратып жүрген Ақбақайын қосының жанына қаңтарып қойып, көзінің шырымын алғалы ұйықтап кеткен Орақтың дәл үстінен шыққан. Жатқан жерінен тұрғызбай қол-аяғын мықтап таңып, Ақбақайдың құйрығына ұзын арқанмен байлап, “шу!” деп қамшымен бір тартып қоя берген. Ақбақай қара түнді сілкіндіріп, құйрығына байланған құбыжықтан үркіп, бетінің ауған жағына тасырлата шаба жөнелген.

 

82-бетте:

Үш күннен кейін Әбілқайыр өзінің үзеңгілес серіктерін, батырлары мен билерін шақырып алып, солардың көзінше:

-              Келін шырақ, ойланып болған шығарсың, қай қайныңды таңдадың, атын айт, - деді.

Бір сәт он ұлын бір жылқышы құрлы көрмеген тәкаппар келінін антын бұзғызып, еріксіз аттастырып, өшін де алмақшы болды.

 

83-бетте:

Тастай қараңғы түнде құйрығына байланған заттан үріккен Ақбақай тарсылдата жөңкіп шауып келе жатып, алдында жатқан қара суға күмп берген. Артындағы заты су жағасында өсіп тұрған жуан үйеңкі талдарға маталып, бөрте ат қорықты көл шетіндегі қалың шылға шырмалып не әрі, не бері жүре алмай қалған. Таңертең жылқы суаруға келген жылқышылар ұзын арқанға байланған, бет-аузының тамтығы жоқ, тек кеудесінде шығар-шықпас жаны бар Орақты тауып алған.

 

83-бетте:

Тек бес жыл өткеннен кейін ғана, соңынан аламанын ертіп, әлсін-әлсін жылқысын шауып маза бермей жүрген жыртық бет, жалғыз көз батыр осы Орақ екенін естіген.

Ал, ол күндері хан Орақты ат құйрығына байлатып біржолата жоқ еттім деп ойлаған.

 

84-бетте:

Алдыңғы жылғы Қорасан жорығынан Әбілқайыр, жүзіктің көзінен өтердей үш текежаумыт күрең бесті әкелген.

Сол бестілер биыл ауыздарымен құс тістейтін жеті жасар ат болған. Бйылғы тойда Әбілқайыр оларды да бәйгеге қосып көрмек боп, Рабиу-Сұлтан-Бегімге:

- Ханым, үш күреңді тойға мінбей апарыңдар. Тарланкөкпен бірге бәйгеге салмақпын, - деген.

 

85-бетте:

...Рабиу-Сұлтан-Бегім: - үш күрең бәйгеден келсе бірге келеді, қалса бірге қалады... Бірақ бұ жолы бәйгеге салудың реті қалай болар екен, ортаншысының аяғына жем түсіп, ақсап жүр.

Бақытты жігіт жалғыз ғана ханның жас бәйбішесін құшып қоймапты, әрқайсысы бір рудың жылқысына татитын үш сәйгүлік жүйрігін мініп кетіпті!

 

87-бетте:

Аяулы анаға, тіпті күнәсі болған күнде де, сол баланы өмірге әкелген, “құлыным” деп түн ұйқысын төрт бөліп аялай сүйген сорлы анаға, дәл мұндай сұмдық жазаны Ақсақ Темір қалай шығарған?

 

90-бетте:

Бірақ сондай байтақ елге жорыққа аттануға денсаушылығым көтере алар ма екен?

 

99-бетте:

Ұлытаудан бері асып, күнгей беттегі тал түбекті құла су Жанғабыл өзенінің бойындағы “Орда тіккен” деп аталатын, бір кезде Жошы аулы қонған жерде ат шалдырып жатқандарында, қасында он жасауылы бар, Көксеңгірін ойнақтатып Қобыланды батыр үстеріне сау ете қалған.

 

99-бетте:

Қобыланды батырдың өшпенділігі тым тереңде екенін білетін Ақжол би онымен сөз таластырып әуре болмаған. “Құдайдың жазғаны осы болса оны да көрейін” деп шідерімен оттап жүрген Ақжанбасын алдырған. Шарт киініп бөтен қарулары болмағандықтан түлкі, қасқыр соғуға деген қайың сойылын ұстап атына мінген. Сол-ақ екен долы мінезді Қобыланды Көксеңгірге қамшыны басып жіберіп қарсы шапқан. Ақжол атын тебініп үлгергенше сала құлаш кеуделі Көксеңгір арқырап жетіп келген.

 

99-бетте:

Нардай биік тұлпардың үстіне қарай соққан сойылы сауыт киген Қобыландының тек бүйір тұсынан барып тиді. Қара Қыпшақ батыры тұлпарының қарқынын тоқтатпастан Ақжанбасты кеудесімен қақтыра ырғытып, бұзау бас қара шоқпармен өзінен сәл төмендеу Ақжол биді дәл төбесінен қос қолдап ұрды.

 

99-бетте:

Қобыланды батыр бұрылып артына қараған жоқ, нөкерлерін соңынан ертіп, Көксеңгірді ойнақтатқан бойы, іп-лезде ғайып болды.

Ойламаған оқиғадан шошып кеткен Ақжол бидің серіктері дереу қалың Арғынға ат шаптырды.

 

101-бетте:

Қылшылдаған жас айғыр кезі келгенде кәрі-құртаңды үйірінен өзі қуады.

 

102-бетте:

Қажырсыз адамның ел билегені, өгізге мініп жылқы баққанмен бірдей.

 

103-бетте:

Хан атының басын тежей тартып, әлсін-әлсін өзен, көл бойларын жағалай жайлаған қалың елге қарап қояды.

Арғын, Қыпшақ, Найман, Қоңырат, Керей, Уақ ауылдарының маңайында өреде ерттеулі ат, белдікте шошайған найза, сойыл.

 

103-бетте:

Кеңгірдің жазғытұрым тасығанынан пайда болатын қара қамысты Қарасуды жағалай, қарабастырық пен ат құйрығын найзаға байлап босағаға іліп қойған бұл ауылдың қаралы жағдайын көрсеткен жүзге таяу ақ боз үй тұр.

 

104-бетте:

Хан ойына жауап іздеп тұнжырай берген кезде кенет, “Ой, бауырымдап” ауылға қарай ат қойған топ жігіттің даусы селк еткізіп, ойын бөліп жіберді.

Сұлтандарға арнап тартылған кермеге аттарын байлады.

 

106-бетте:

Хан сөзі бітісімен, Қыпшақтың сүбе биінің бірі, топ жарған шешен Құба би: - Қара бетпін, ағайын, - деді. – Ат үстінде аяулы ұлыңды өлтіріп, елге қарар емес, жерге қарар жайым бар. Кессең бас, алсаң жан мінекей, құнын беруге дайынмын.

 

108-бетте:

Арғын бидің өктем сөйлеуінен, бұл келгендер, ел аузындағы өзімен үзеңгілес батырлар екенін біліп, Қобыланды басын көтеріп, сәлем беріп, түрегеліп отырған.

Сырттағы жалшыларына қонақтарға арнап ту бие сойдырған Торғынай бәйбішесі үйге кіріп, бес тайдың терісінен тіккен сабаны қара піспекпен күрпілдете пісіп, тегенедей-тегенедей ағаш аяқтарға қымыз құя бастаған.

 

111-бетте:

Ат қазығынан кетпейді, саған да өз үйіріңнен кетпе дейміз.

Бүкіл қазақ біріккелі жатқанда, үйірден бөлінген саяқ секілді, Қыпшақ руын, Әбілқайырдың қасында алып қалуды өзі де жөн көрмеген.

 

115-бетте:

Бір шеті Қорасан, екінші шеті Жайық өзенінен асып далиып жатқан алып хандығының тұкпір-түкпіріне “білгір дәрігер” іздетіп ат шаптырған.

 

117-бетте:

Әбілқайыр Есіл, Нұра бойын өзіне қаратып, Орда Базарда ат шаптырып, балуан күрестіріп, батырларына олжаны бөліп, ұлан-асыр той жасап жатқанында, осы дәйекші Оспан-Қожадан арнаулы кісі келген. Онымен бие сауымындай сөйлескеннен кейін Әбілқайыр, бар қолбасшыларын жинап алып: “Самарқант қазір бос тұр. Ұлықбек мырза Қорасан мен Иракқа сапар шеккен шағында, алла-тағала өзі сақтап тұрған Самарқантқа тәуекелдің тізгінін бұрғым келеді” деді.

 

123-бетте:

Кей сыпайларының құны он жылқы болса, бір сұлтанның бағасы жүз жылқыға бағаланыпты. Ал сол айқаста аса ерлік көрсеткен үш батырдың әрқайсысының құны үш сұлтанның құны депті.

Ал менің жетінші атам құлды кім үш жүз жылқы төлеп қайтарсын?

Сөз айтпай үш жүз мақпал қара, асыл жылқысын айдап беріп, өзін ажалдан алып қалған құлды босатып алады.

 

129-бетте:

Бір жетіден бері төменгі елдің бәйгесіне екі қылаңды мініп кеткен секілді.

 

130-бетте:

Отыз жылдай ат үстінен түспей көтерген Көк Ордам қайтадан құлағалы тұр ма?

 

131-бетте:

Өзі шығарған бұл лақапты ең алдымен Әбілқайыр пайдаланды, “Мені сатып кеткен әкесінің айыбы” деп, хан көптен бері көзін тігіп жүрген, ерніне әлі тірі жанның ерні тиіп көрмеген, кеудесіндегі қос алмасы тығыршықтай, дала киігіндей тағы, қамшының таспасындай тастай етіп өрілген қолаң шашы жерге түскен Бақты-Қожаның он төрт жасар сұлу қызы – Тоқтар-Бикені тоқалдыққа алды.

 

132-бетте:

Рабиу-Сұлтан-Бегім оны алдынан ат шаптырып қарсы алды. Үстінде көк құрыш шынжыр сауыт, ер-тоқым, жүген-құйысқандарын алтынмен аптатқан он шақты жігіт Орда тұсына кеп түсе қалды.

 

133-бетте:

Ат шаптырылды, балуан күрестірілді.

 

134-бетте:

Тек ажалдан астындағы жүйрік ақ боз аты құтқарған.

 

137-бетте:

Ал бұл “Жалғыз көз” батыр – баяғы жылқышы Орақ еді.

Өзі тәрізді кедейлердің өшін Әбілқайырдан алмақ боп атқа мінген.

 

139-бетте:

Аттың белін көтергеннен кейін арғы бетке өтпек.

Осылай қолдан жасалған, суда батпайтын тері қапшықты ат құйрығына байлайтын. Өзі атының жалынан ұстап қатарласа жүзеді.

 

139-бетте:

Орхон, Онон, Керулен, Енисей, Ертіс секілді ағысы қатты мол судың жағасында өскен монғол жылқылары, толқыны екпінді қандай өзендер болса да арғы бетке алып шығады.

Олар жылқыларын өзеннен бос жүзгізетін. Ағыс жағына күштілерін салатын да, олардың ық жағымен тай-құлындарын тоғытатын.

 

140-бетте:

Астында жол-жөнекей ер салынбай, тың, жетекте келген Тарланкөк. Ауыздығымен алысады. Өзгелердің де мінгендері қосаяқтай жүйріктер. әйтсе де олардың аттары қамыс құлақтарын қиғаштап, жіті басқанмен де, Тарланкөктей емес, ауыздығымен алысып келе жатқан жоқ. Сірә, Сейхунның лайлы суы мен шігір араласқан сұрғылт бетегелері жер-су талғайтын сайгүліктерге тақа жәйлі тимеген тәрізді.

 

140-бетте:

Хан тобы әңгімелесе жүріп, бір жазық далаға шықты. Кенет Тарланкөк осқырына, танауы делдиіп, құлағын тіге қалды.

Хан тобы шыдап тұра алмады, елегізген жүйріктерінің тізгінін босатып жіберіп, сойылдарын ыңғайлап, айқай сап қасқырлардың соңынан тұра шапты.

 

141-бетте:

Бірақ өзін аңдыған жаудың көптігінен сескеніп, Ордада жүргенінде наркескенін, атқа қонғанда садағын тастамайтын.

 

141-бетте:

Есіл-дерттері алдарындағы арқарлар боп, әбден көздері қанталап қызып алған қасқырлар, ық жақтарымен жанаса жүз қадамдай жерде шауып келе жатқан салт аттыны аңғарар емес. Тек ат дүбірі құлағына анық жеткенде ғана соңғы көкжал Әбілқайыр жаққа жалт бұрылды. Бірақ дәл осы сәтте ат үстінен тартып қалған хан жебесінің болат ұшы дәл жүрек тұсынан кеп қадалды.

 

142-бетте:

Әбілқайыр оларға бұрылған жоқ, шаңырақ мүйіз арқарлардың ең болмаса біреуін алып қалайын деп, ат қарқынын бәсеңдетпей садағын иығына іліп жіберіп, беліндегі жарты құлаш көк құрыш алдаспанын суырып алды.

 

142-бетте:

Бірақ дәл осы сәтте Тарланкөк үрейлене шыңғырып жіберіп, көкке шапшиды. Атының үстінен жерге құлай жаздап, жалына жабыса қалған Әбілқайырдың көргені қарсы алдында, он бес қадамдай жерде, қан-жоса етіп күл-талқанын шығарған бұғының етінің жанында өзіне қарай шөге түсіп жатқан есік пен төрдей тарғыл жүнді жолбарыс болды.

 

143-бетте:

Жорық дабылына үйренген Тарланкөк арқырай кісінеп қоя берді.

 

146-бетте:

Енді, амал жоқ, атының басын кейін бұруға тура келді.

Жәнібек пен Керейдің және оларға ерген рулардың ішіне қан қатқанда, ашу, араздықтың оңайшылықпен тарқай қоймайтынына анық көзі жеткенімен, олар өзінен бүйтіп ат құйрығын кесісіп, мүлде бөлініп кетер деп ойламаған.

 

147-бетте:

- Ал, сол Жошының атының тұяғы тиген жерге мен де тегіс билік жүргіздім.

 

153-бетте:

Дарияның сол жағында ат шаптырымдай жерде Ақсақ Темір уақытында салынған Қаңғыт руының дихасы – Маңғыт, одан әрі бір күндік жерде Үргеніш шаһары жатқан.

 

154-бетте:

Ат жақты, көк көзді, ақ сары адам.

 

160-бетте:

Ол басынан ұрылып, таяқ жеп, әбден әккі болған жылқы тәрізді, қанша көптігін мес тұтып қоқан-лоққы көрсеткенмен де, Жоңғар қақпасынан бері өтуге батылы бармады.

 

165-бетте:

Содан сескеніп Жұныс атының басын кейін тартар?

 

167-бетте:

- Иә, тақсыр хан, кеше оған ат шаптырылған.

 

171-бетте:

Сондықтан түйенің қомын, аттың жалын алдырмай, ағайынға сорлылығымызды көрсетпей жетелік.

 

175-бетте:

Бір ай өткеннен кейін кілең майданға салар бөрте жүйрік мінген бес жүз Арқаның батыр жігіттерін басқарған Әдікті Қытай шекарасына, Қашқар жеріне жүргізді.

Тағы бір ай өткенде екінші ұлы, соңынан ерлігімен қазақ аузында аңызға айналған Қамбар батырды бес жүз кілең қайың сойыл ұстаған салт атты жауынгерімен Тарбағатай тауын жайлаған Керей, Найманды Ойрат қонтайшысы Амансанджидан қорғауға аттандырды.

 

176-бетте:

Әдейі осы мезетті аңдып тұрғандай Жәнібек Ферғана өңірінде жайылып жатқан Жұныстың жылқысын тегіс айдап әкелуге бір топ жігіттерімен ортаншы баласы Қасымды аттандырады.

 

176-бетте:

Қасым тайлы-таяғына дейін қалдырмай Ферғана өңірінде жайылып жатқан Жұныстың жылқысын тегіс айдап әкетеді. Бүкіл ауылдан жылқыны қуып барып алып қалар жан шықпады. Сонда атқа он бес жасар ерке шора Нигер-Сұлтан-Бегімнің өзі мінеді. Бар жылқысынан айырылса әкесінің тақыр кедей болып қалатынын білетін саналы қыз, тәуекел деп еркекше киініп, қолына найза алып шапқыншыларды қуып береді.

 

176-бетте:

Жылқыны айдап келе жатқан қол, алдарынан найза ұстаған жалғыз жігітті көріп, садақпен тартып қалып жайратып кетудің орнына, оны ұстап алып мазақ еткілері келеді.

Жау жылқысын алып, көңілдері судай тасыған кілең жас қыршындар енді “жігіттері тығылып қалып, қыздарын жауға аттандыратын бұл неткен батыр ауыл?” деп күлкі етеді.

 

177-бетте:

Сонда Қасым сұлтан айдап келе жатқан жылқысын тоқтатып, су жағасына жібек шатыр тігіп, Нигер-Сұлтан-Бегімді көтеріп аттан түсіріп, аппақ айлы түнде ақ шатырға кіргізді.

“Ел өссе, ер өседі, Ер өссе, шер өседі”, деген әке сөзін өсиет тұтқан ер көңіл батыр жігіт қыздың үш мың жылқысын қайтарып береді.

 

177-бетте:

Қасымның қылығына риза болған Нигер-Сұлтан-Бегім ат үстінде тұрып, жарылған жұмыртқа тәрізді құны түсіп кететінін айтып, түндегі болған оқиғаны мақтан етіп бөтенге жарияламауын өтінді.

Бір қу жігіт ат шалдырып отырғандарында осы өлеңді сұлтанға айтып береді.

Бірақ жолай ғажайып ерлік көрсетіп, Қаратау жайлауында жатқан Мұхамед-Сұлтан-Мазиттің бір топ жылқысын шауып алады.

 

180-бетте:

Жаяу бәйгеден Египеттен қашып келген ғалым, жараған арғымақ аттай сидиған ұзын бойлы, күйген кірпіштей қара қошқыл отыз бес жасар араб жігіті эль Мүлік ибн Зархум келді.

Бұл бәйгеге сұлтан, бек, шынжыр балақ, шұбар төс қазақтың мырза жігіттері қорланып қатыспады.

 

180-бетте:

Екінші бәйгені қарасына бірде-бір түйе ілестірмей, Бұрындықтың қара бурасы алды. Үшінші бәйге Әбілқайырдың Тарланкөгінің тұқымы, он бес жасар Мұхамед-Шайбанидың әзірге маңдайына басқан жүйрігі Ақтанкерге тиді.

 

183-бетте:

Балаларының бұл тойға қатынасатынын білген соң, алтындатқан ер-тоқымды, жүген-құйысқанды қос күлсары жорға мініп Рабиу-Сұлтан-Бегім мен келіні Аққозы келген.

Бәйгеден Тарланкөктің баласы Ақтанкер озып келіп, Мұхамед-Шайбаниға жұрт көңілі ауа бастағаннан-ақ бақ құмар Сүйіншік сұлтан жанын қоярға жер таппаған.

 

186-бетте:

Кейде арпаған, қияқ, қау шөпті, кейде тек сарған ғана өскен құмайт, ал, кейде тіпті аппақ сор, тақыр дала болып келетін осы өлкені басар, қараған, тобылғы жапқан ат тағасындай иіріле созылып жатқан қылыш тасты нұра, қыз емшекті адыр, төбе, ұшы-қиыры жоқ белестер тілгілеп өткен.

 

186-бетте:

Мысалы Яссы шаһарының қасына Мысырдан келген қожалар туған елдерінің үлгісімен Сунақ, Жүйнек, қазақ жерінде алғашқы қорғасын қорытылған, тай еті түгелімен сыятын қырық құлағы бар атақты Мысқазан құйылған, дін кіндігі Қарнақ тұрғызылған.

 

189-бетте:

Жылқысы тебінге, түйесі қарағанға, сарығанға үйренген қазақ ауылдарына қыста қамысы қалың, қары жұқа Шу, Сарысу, Талас, Қаратал өзендері мен Балқаш, Саумалкөл, Телікөлден артық қоныс керек еместі.

 

190-бетте:

Арқаның жазық даласында бауырын жаза шапқан кілең тоқпақ жал, қамыс құлақ, бөрте мінген қалың қол заматта жау жасақтарын жан-жағынан қоршап алды.

Бітім біреу-ақ: “бізге қосылғысы келген лашкарлар бізге қосылсын, ал бізге қосылғысы келмегендері екеу ара бір ат мініп, қалған аттарын тастап елдеріне қайтсын. Босаған аттардың бәрі бізге қалсын”.

 

190-бетте:

Бірақ екінің бірі аттарынан айырылды. Сөйтіп алты мыңдай адам екі-екіден атқа мінгесе мініп кейін жүрді. Телікөл-тата тасығанда барып құятын Сегізсай Сарыаланың жанындағы сол кезде “Атмінгескен” деп аталатын қия жол содан қалған. Әскерінің қалай жеңілгенін естіген Әбілқайыр, бір кезде бүкіл Дәшті Қыпшақты, Мауреннахр, Қорасанды бағындырған лашкарларының енді масқара боп, мінгесіп қайтқанына жаман қорланды.

 

192-бетте:

Осы ойдың бәрін – ел бірлігін күшейтіп, ру-ру боп жүрген ағайындас жұртты қазақ деген бір ел етті, сол елді, жан-жағындағы қанды көз жаулары бесігінде жатқанда қыршынынан қиып кетпес үшін, айбарлы атты әскер құруды Жәнібек көп ойлады.

 

195-бетте:

Өздеріне арналып тігілген қос ақ боз үйге атқосшы жігіттерімен жайғасып жатқандарында: “Асан ата, кәдімгі ел құлағы, ел көзі Асан Қайғы келе жатыр” деген хабар дүңк ете қалды. Сөйткенше болған жоқ “Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы бидің” алтыншы ұрпағы, ел кезген Асан ата ауыл сыртынан кеп, Ақсирақ жүрдегінің үстінен түсті.

 

195-бетте:

Хан аулы маңында мал болмағанмен, төменгі елдің қайтқан қойының маңырағаны, құрақтағы жылқысының кісінегені, аусыл аруаналардың боздағаны, зеңгі баба шаңырақ мүйіз сиырлардың мөңірегені алыстан естіліп жатты.бергі ауылдың қырқа жағындағы жазықта, қолында құрығы бар, ақ боз жүйрік мінген жігіт асау қуып келеді. Асау бала жігітті ат-матымен сүйрей жөнелді. Бірақ жігіт жібермеді.

 

195-бетте:

Үзеңгісін шірене арт жағына қарай қисая, қолындағы құрығын қос қолдап бұрай тартып жанаса жабысып келеді. Күндікке шапқан жүйрік шаршады ма, әлде мойнына түскен құрықтың қыл арқаны батты ма, екі бүйірін солқылдата демін алып, үстінен тері көпсіп бұрқырап, қамыс құлағын қайшылай теңселе барып тоқтады. Құрықшының қимылына риза болған хан “Жігітім-ақ екенсің! Кімнің баласы екен өзі?” деді. Ханның сұрағына жауап тапқалы бір нөкері ауыл сыртындағы сайдағы атына жөнелді.

 

199-бетте:

Асан Қайғыға ақ үй тігіліп, үш жырауға арнап қазысы кере қарыс қысыр бие сойылды. Сапырылған уыздай сары қымыз судай ақты.

Алыстан сапар шеккен аяулы қонақты хан аулының қыз-бозбаласы ат үстінен жерге түсірмей көтеріп әкеп, арнап тігілген ақ боз үйге кіргізді.

 

200-бетте:

Бұл жарғылардың халыққа керек екенін түсіндірмек боп, төрт жырау да аттарына қонды.

 

201-бетте:

Сай бойына желі кердіріп, бие байлатты. Келетін қонақтарға деп әдейі қысырақтардың үйірін айдатты.

 

202-бетте:

Әліпті таяқ деп білмейтін асау елдің кенет ұлттық, жауынгерлік тілегінің бұлай өрби түскенін сезген кейбір ру бастықтары жұртты өз дегендеріне тарта алмай қалды.

 

204-бетте:

- Темір бидің аты жеткен жерге, Жәнібек ханның аты жете алмайды деп қорқасың ба?

Бұнысы осы араға сенің атың жетіп келгенде, сенің жеріңе Жәнібектің де аты жетеді дегені еді.

Сөз астарын түсінген қызба мінезділеу Темір би сөз таластырғысы келіп кетіп, ежелгі дәстүр бойынша, айыр тісті, алтын сыммен оралған тобылғы сапты қамшысын алдына тастай салды.

 

204-бетте:

- Ат тұяғы басқан жердің бәрі бірдей шөптей жапырылып жата қалмайды, - деді ол қара сұр беті күреңденіп...

- Атыңның жүйріктігіне тым сене берме. Талай жүйріктердің де мойнына бұғау салынған. Байқа, Темір би, Жәнібек ханның құрығы Әбілқайырдікінен ұзын болып жүрмесін!

 

204-бетте:

Темір бес мың атты әскермен, қаптаған қоспен жұртында қалған. Ұзақ жер жүріп, аттың арқасын алдырып келген Қара Оспан Еділдің ар жағында тұрып, Әбілқайырға бағынбай жүрген елді көрген. Ат жалдап, сал салып бір түнде бергі жағаға өткен.

Ызаланған Қара Оспан ат сауырын құрғатпай қайтадан Еділге салған.

 

206-бетте:

“Талас әлі біткен жоқ” деген ишарат көрсетіп, алдындағы қамшыны бір қозғап қойды.

- Әбілқайыр ханның кезінде Үйсіннің аты қуғанына жете алмайтын арық еді, енді хан Жәнібектің тұсында жал бітейін дегені ғой.

 

207-бетте:

Дәл осы кезде күншығыс жақтан құйындата шапқан салт атты көрінді.

Сөйткенше болған жоқ, қара терге малынған, сүліктей жаралған астындағы баран жүйрігін Нұра етегінде отырған Жәнібек тобына тікелей салған шапқыншы жігіттің “Аттан! Аттан! Жау келіп қалды!” деген айқайы шықты.

Мінгендері кілең ақалтеке, текежаумыт.

Бие сауымдай мезгілде бұл араға да жетіп қалар.

 

208-бетте:

Тек түрікмен ақалтекесі мен текежаумыт аттары ғана өте алатын құмды жолдармен дабырсыз барып “Жәнібек ханның күлін көкке ұшырып, кеңесін шап” деген.

 

209-бетте:

Қазандай-қазандай бастарындағы сеңсең бөріктерін селкілдете, қолдарындағы көк найзаларын күнге ойната, жау шебіне садақ оғы жетер жерге жеткенше жұбын бұзбай, кіші-гірім тайлақтай астарындағы текежаумыт, ақалтеке сайгүліктерін желе шоқытып, жауар бұлттай тұтаса келе жатқанда қандай жау жүрек әскер болса да бір әбігерленіп қалатыны айдан анық.

 

209-бетте:

Бұл хабарды естіген қазақтың Қобыланды, Қамбар, Қара Оспан секілді аты шулы батырлары үстеріне сауыттарын киіп, қамыс құлақ, бөкен сан, жал-құйрығы жерге төгілген тұлпарларын ойнатып, өзгелерден сытылып шыға берді.

Әсіресе бұлардың көзге түсері батыр Қобыланды мен астында есік пен төрдей қара сирақ тұлпары бар Жәнібектің екінші баласы Қамбар болатын.

 

210-бетте:

“Жау келе жатыр!” дегенді естісімен-ақ Қамбар сауытын кие салып, белдеуде тұрған қара қасқа тұлпарына мініп-ақ алды.

Бұл атақты үш батырдың жауды қарсы алуға шықпақ боп ыңғайланғанын көріп, өзге батырлар да атқа қонды.

 

215-бетте:

Олар таяған сайын қиғаштай шаба, әскердің қос қанатын екі жаққа жая түсті. Әбілқайырдың атты әскерінің ежелгі тәсілі. Құшағын жайып кеп, жауын ортаға ап жан-жағынан кенет ат қояды.

“Жау келе жатыр!” деген хабарды естігеннен-ақ Қасым: “Хан кеңесі болып жатқан жерге тез жетсін” деп ат шаптырған.

Енді олар шашау шығармай, тобын жазбай, садақ оғы жететін жерге кеп, аттарының қарқынын басып сәл аяңдай жүріп шоғырлана тоқтады.

 

216-бетте:

Кенет Шах-Хайдар шебінен жал-құйрығы төгілген, нардай ақал-теке арғымақ мінген, үстінде қара сауыты бар Қарашың батыр ойқастап ортаға шыға берді.

Кейде жекпе-жекке шыдай алмай, жаудың бір жағы ат қойып, ұрыс ашып жібереді.

Қарашың батыр қара арғымағының үстіне анандайдан қара шыңдай боп майдан ортасына кеп, айбарлы үнмен айқай салды.

 

216-бетте:

- Мен бармын! – деді Қамбар батыр астындағы қара сирақ тұлпарын тебіне түсіп, алға қарай ұмтыла беріп.

Қамбар батыр атын кенет тежеп тоқтай қалды.

Ақ бурасын еңкілдете шауып келе жатқан Бұрындық, он қадамдай жерге таянғанда, түйенің тасасында оң қолында ұстаған қыл арқанын сумаң еткізіп Қарашыңға қарай лақтырып жіберді де, сол шапқан бойы тоқталмастан орағыта бұрылып, өз тобына қарай ананы ат-матымен сүйрете жөнелді.

 

219-бетте:

Үзеңгіден аяғын суырып ала алмады.

Шапқан бойы Бұрындық өз шебіне жеткенде, үзіліп кеткен ер-мерімен шұбатыла сүйретіліп келе жатқан Қарашыңның жаны аузына келіп, енді шығуға таяу еді.

 

219-бетте:

Бұрыннан да қазақ жағының күші басым екенін байқап, жүрегі дауаламай тұрған Шайх-Хайдар, бас батыры Қарашыңның мұндай апатқа ұшырағанын көріп, енді шыдай алмады, атының басын бұрып алып кейін қарай шапты. Құбыжықтан машайық қашқан, қолбасшыларының өзі атын кейін бұрғасын, жауынгерлері де соңынан ерді.

 

219-бетте:

Бірақ ақ бөкенге екі ырғып жететін ақал-теке, текежаумыттар бұларды қарасына да ілдірмеді. Қобыланды, Қамбар батыр секілді шапқанда аузымен құс ілетін тұлпарлары бар он шақты батырлар ғана соңдарынан қуып жетіп, жүзге таяу адамын сойылға жығып түсірді.

 

219-бетте:

Бұдан әрі қуу қажет емес деп түсінген өзге батырлар атының басын тартқанмен, қызып алған алуан күштің иесі Қобыланды батыр тоқтай алмады.

Қобыландының жалғыз шауып келе жатқанын көрген сұлжық түрікменнің елу шақты сойылкер батыр жігіттері кенет аттарының басын кейін бұрып Қобыландыға қарай ат қойды.

 

220-бетте:

Қобыланды батыр бір мезет атының басын кейін бұрып, қоршауды бұзып шығып, қашып құтылмақ болды. Көксеңгірдің ұрпағы Киіккетпес тұлпарын тебініп қап, жау шебін үзбек боп кейін шапты.

Құлап бара жатқанында құлағына жеткені ат дүбірлері мен “Ақжол! Ақжол!” деген айқай ғана еді.

 

221-бетте:

Өзіне (Асан Қайғы) арналып ақ орда тініп, ту бие сойылды.

 

223-бетте:

Асан Қайғы батасын беріп, ертеңіне Жәнібекті боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге көтеріп, қайтадан бар қазаққа хан сайлады.

 

226-бетте:

Мұның да жалғыз жолы бар. Ол бүкіл Дәшті Қыпшақты өзіңе бағындырып, жылқыдай жусатып, қойдай өргізуің керек.

 

227-бетте:

Кейбір ауа жайылған, тек өз дегеніне болмаса ештеңеге көнбейтін кесір, тоң мойын ру бастықтарын ат құйрығына байлап құрбан етуге де барған жоқ па!

 

229-бетте:

Ханның келетінін күтіп, үйдің ортасындағы қызғалдақтай кілем үстінде алтын шарадағы уыз қымызды сапырып отырған Жаған түрегеліп, иіліп сәлем етті.

 

230-бетте:

Көлдің қамысы аз күншығыс жағынан, сонау алыстағы белеске қарай өріп бара жатқан қарақұрым жылқы көрінеді.

 

231-бетте:

Тек қонақтарға ауыл кәдесін істеп, кешкі ойын-сауыққа кірісер алдында ғана Домбалық батырдың екінші қызының жылқы бағуға кеткенін білді. Қазақ руларының ғұрпы бойынша көне заманда жылқы бағу тек жылқышылардың ғана борышы емес, қыз-бозбаланың да шаруасы. Жасыл шалғынды ми далада, жаздың жылы айлы түнінде қыз-бозбала болып жылқы күзету – қазақтың ескі салтының бір қызық дәстүрі. Кең алқапта үйір-үйір боп бытырай жайылған қалың жылқы.

 

231-бетте:

Сол қара-құрым жылқыны екеу-екеуден серік боп, ән шырқап айнала жүрген қыз-бозбала. Қос жанында тайқазанда былқылдай қайнаған құлынның уыз еті. Үйірінен бөлініп кеткен саяқты іздеген боп сайға түсіп бара жатқан, сойылын сүйреткен бозбала. Арғы беттен астындағы жорғасын жанындағы серік қызына ұстатып, төмен қарай асыға аяңдаған үкілі бөрікті, былқ-сылқ басқан жас сұлу... бұ да бір қызық заман! Жақсы көрсең де келмейтін, жек көрсең де оралмайтын, біржолата мәңгі өшкен алтын дәурен!

 

232-бетте:

Аққозы бикенің шабарманы “Бикем не бұйырады?” деп анадай жерде атын шідерлеп күтіп отырған қара торы бала жігіт, жанындағы көкбестіге міне сала, ән шырқатып қырқадан төмен түсіп келе жатқан бір топ қыз балаға қарсы шапты. Шабарман жетер-жетпестен аттан домалай түсіп, топ басында күміс ер-тоқымды ақ боз ат үстінде жантая отырған, басына нарттай қызыл түлкі бөрік киген қызға әлденені айтып жатыр.

 

232-бетте:

Сөйтті де, астындағы ақ боз жорғаны тебініп қалды. Жорға шоғырланған топқа қарай ырғала жөнелді.

Сөйткенше болған жоқ, ақ боз жорғаны теңселте ағызыр, қыз да бұлар тұрған жерге таяй түсті. Ұзын қос бұрымын беліне қыстырып алған, ат үстінен бір жағына қарай жантая, садағын кезене ыңғайланып келе жатқан ерке сұлу, Жәнібек сұлтанның қасынан өте беріп, садағын тартып жіберді.

 

233-бетте:

Шулаған жұрт жорғасын әзер тоқтатып кейін оралған Жағанға қарсы ұмтылды.

Осы бір күнәсіз көзқараста жігіттің асау жүрегін тайдай тулатқан бір ғажайып сиқырлы күш бар еді.

Ертеңіне Жәнібек Жаған қыздың қалай асау үйреткенін көрді.

 

234-бетте:

Маған садақ тартып, асауды жуасытуды сол үйретіп еді.

 

235-бетте:

Былтыр өзі айтқан жоқ па еді, “мінез деген бір асау байтал ғой, талай асауды үйреткенде өз сезімімді өзім үйрете алмаймын ба” деп. Ол өз сезіміне өзі ие бола алады. “Ал ие бола алмай жүрсе қайтем? Ақылдан басқа жүрек бар ғой. Ал жүрек деген құрық көрмеген шын тағы жылқы тәрізді емес пе? Басына түскен құрықты үзіп кеткен жүйріктер аз ба?”...

Жаған қымыз құйылған күміс шара мен алтын кесені әкеп, төменірек тізе бүкті. Исі аңқыған сары қымызды күміс ожаумен сапыруға кірісті.

 

236-бетте:

- Қымызың балдан тәтті екен, тағы да құйшы.

Жаған жадырап сала берді.

-     Сабасын Керейлерше ыстатқам. Әдейі өзіңе арнап...

Жәнібек риза боп күлімсіреді.

- Менің бабымды өзің ғана табасың...

 

238-бетте:

Андыз барда ат өлмес, қолымызда күш тұрғанда бізге бос жатуға болмайды.

 

239-бетте:

Атақты қари Қожа Мүлкім Аққозы ханымның атынан екі бие сауымдай мезгіл құран оқып батасын берген. Ханым садақаға молда, мүрит, қари, бейшараларға он топ жібек, барқыт, екі арба өрік, мейіз үлестіріп, құрбандыққа қырық қой, бес ту бие сойғызып, өзінің жібек шатырына қайта оралған.

 

240-бетте:

Сасып қалған Яссының хакімі Мұхамед-Мазит тархан Аққозының атасы Әбілқайырға, Аққозының сіңлісін алып отырған Жәнібекке ат шаптырған.

 

245-бетте:

Бірақ бала жасынан ат құлағында ойнап өскен, ал ер жете бастағаннан-ақ сойыл соғып, садақ атуды өнер көрген қазақтың жау жүрек жігіттері қойсын ба, құмырсқадай қаптап: “Ақжол!”, “Уайс!”, “Жауқашар!”, “Бахтиярлап!” ат қойғанда, алғашқы қарқынында-ақ Бахтияр сұлтанның алдыңғы шебін күл-талқан етті.

Ашына келіп, ақырында ернеуінен асып төгілген дариядай, атқа мініп, қолына сойыл алуға мәжбүр болды.

 

246-бетте:

Бұл Исфаған болатынан алдаспан, ұзын қылыш тағынған, Қорасан құрышынан сауыт-дулыға киген, мұздай боп қару-жарақ асынған, өз заманының әскери өнер-ғылымымен әбден суарылған, Әбілқайыр ханның бүкіл шығыс әлеміне белгілі атақты атты әскері!

 

247-бетте:

Бұл хабарды естігенде қас жаулары, әсіресе, Әбілқайыр жерін алып, суын алып, қиянаты көп өткен кейбір қазақ ауылдары көкала жылқы құрбан шалып, қуанышқа кенелді.

 

250-бетте:

Бірақ сұлтанды қоршаған кілең сайгүлік мінген қарулы ер жігіттер жуытпады.

Шайх-Хайдар тарап кеткен қолына жиналсын деп бұйрық беріп, ат шаптырғанмен, жөнді әскер жиналып үлгірмеді.

 

250-бетте:

Суға кетер бала дариядан шегінбейді, әлде ажалына көрінді ме, не баяғыдан бері қорқып келгенінің ызасын қайтарайын деді ме, ол астындағы құла қасқа текежаумыт тұлпарын ойнақтатып, жау шебінің ортасына қарсы шықты. Таяу жерден жіберген бірнеше жебе үстіндегі кереге көз шынжыр сауыттың быт-шытын шығарып, ақырында ат үстінен құлатты.

 

251-бетте:

“Қару-жарақтарың, жауға мінер аттарың ер-тұрмандарымен дайын тұрсын, керек болып қалсаңдар жаршы хабар береді” деді.

 

260-бетте:

Жәнібек жорық үшін қайтадан қоныс етпек болған Шу, Сарысу бойын Асан Қайғы жамандап: - “Мына шіркіннің екі жағы борбас екен; баланың іші қуырылмайтұғын, пышағы қыннан суырылмайтұғын, еркегі ат болатын, ұрғашысы жат болатын жер екен”  деп, не болмаса Жәнібектің көп елі жайлай бастаған Қаратауды көріп: “Көкектен басқа құсы жоқ, көк шөптен басқа ісі жоқ, жер азғыны мұнда екен, қатыны семіз, ері арық ел азғыны мұнда екен, аты бестісінде қартаятұғын, жігіттері жиырма бесінде қартаятұғын жер екен” деп Еділ мен Жайық бойын тастамауды айтса да, Жәнібек көнбеді.

 

260-бетте:

Жәнібек бастаған қалың әскер екінді кезінде Мұхамед-Шайбанидың шебіне ат қойды.

 

261-бетте:

Бірақ бір арманына жеткенін көзімен көрген хан баласы ұпайым түгел дегендей, бұларға бұрылып та қарамастан, астындағы жел жетпес күрең атына қамшыны үсті үстіне басып, өз тобына қарай құйындата жөнелді.

 

262-бетте:

Оның үстіне хан тұқымын қанаушы санаған “Жалғыз көз” батыр, әлділерден опық жеген малшы-жалшыларды жинап, Қасымның да екі қос жылқысын айдап әкетті.

 

263-бетте:

Өзінің ізін басар қазақтың әйгілі ханының бірі боларын білді ме, күндік жерден ат шаптырып ұлан-асыр той істеді. Орақ барымталап алған көп жылқысын енді ол сонау балықшы кедей ауылдарға ұлым үшін берген садақам деді.

Сондықтан ол өзі де үнемі ат үстінде болып, өзгеден де соны тілеген.

 

266-бетте:

Ал Мұхамед-Мазит-тарханның бар мүлкінен қымбатты, ең асыл қазынасы, әлі құрық көрмеген құлындай асау қызын, түкті кеудесінің астына салып, бесінші қатыны етеді.

 

271-бетте:

Сөйткенше болған жоқ, астындағы құладын бестісін терге сабылта шапқыншы да келіп жетті. Қасымның кіші інісі Жәдік екен.

- Ассалаумағалейком, - деп ентіге сәлемдесті ол, астындағы атын тыпыршыта ойнатып.

- Уағалейкумассалам, - Қасым сәлем алды, - жарқыным, шабысың тым суыт екен, ауыл-аймағың аман ба?

 

272-бетте:

Жан-жаққа ат шаптырып, іздеу салады, бірақ қашқындар жер астына кіріп кеткендей, үшті-күйлі табылмайды.

Бұл сұмдық хабарды естігенде, ол теңселіп ат үстінде әзер отырды.

 

273-бетте:

Ат тұяғы көк шөпті шытырлата үзіп, етрақ даланың шаңын аспанға бір-ақ шығарды.

 

274-бетте:

Созақтың қақпасына таянғанда ғана атының басын тежеп қатты аяңға салды.

Анандай жерде жолға шыққалы ыңғайланған салт аттылар. Ең алдында кәрі тарлан атқа мінген, сәл бүкірейген, кереге көз темір далбағай киген әлі сұсты Темір би. Көштің ең соңында бір жас жігіттің атының артына теріс қарап отырғызылған Гүлбаһрам-Патшайым сұлу...

 

274-бетте:

Аттан секіріп түсем деп әрекет істемес үшін, көмірдей қара, жұп-жуан ұзын қос бұрымын ат үстіндегі жігіттің тақымының астынан өткізіп, аттың омыраулығынан мықтап ілмешектеп қойған. Бұл - жауласқан елінің қыз-келіншегіне істейтін қалмақтан қалған үлгі...

Бұл орынсыз қиянатты істерінде, түбі Аян өсіп ат үстіне мінер болса, Бұрындықтың анасына істеген қиянатын кешпейтінін есіне алған.

 

274-бетте:

Ат жалын тартып мінгелі өмір бойы ажал мен қиянаттың ортасында өскен Темір би, бұдан әрі өтініп қиналмаған.

Нөкерінің бірі анандай жерде ұстап тұрған жал-құйрығы жерге төгілген теңбіл көгін алдына тарта берді.

Оның көзі кілең тоқпақ жал, құшақ құйрық желаяқ тұлпар мінген, үсті-бастары күн сәулесі шағылысқан көк темір сауыт, қолдарына сойыл, шақпар ұстаған Қасым сұлтанның жанында тұрған Дәшті Қыпшақтың атақты батырланына ауды.

 

276-бетте:

Әттең жиырма бес жасым қайта оралса, ат көтіне бір салар едім! – деді.

Ол кенет атының басын бұрып алып, өз тобын соңынан шұбырта, жұрттан сытылып шыға берді.

Ал Қасым тобы да атының басын кейін бұрды.

Сонау қазақтың әйгілі батырларының Қасыммен үзеңгілес қатар тұра қалуынан, Гүлбаһрам мен Аянды құтқарған сұлтанға жиналған жұрттың “көп жаса, Қасым батыр” деген үнінен қазақ руларының Жәнібек баласына ауа бастағанын аңғарды.

 

280-бетте:

“Бұл қалпымен Мұхамед Шайбани бәрімізді де бағындырады, әлі күш алып кетпей тұрғанында құртайық” деп жан-жағына ат шаптырды.

 

285-бетте:

Міне, осы кезде Бұрындық ханның қылығына ызаланған “Жалғыз көз” батыр бір топ серіктерімен ханның қалың жылқысын қуып әкетті. Кілең көк аланы айдап апарып ол, Мұхамед-Шайбани жасақтарынан жер шұқып қалған кедей ауылдарға бөліп берді.

 

286-бетте:

Мұхамед-Шайбани хан Мауреннахр мен Түркістан өлкесіне аттанып, Моғол, Жағатай, Ақсақ Темір әмірлерімен қан-жоса болып қырылысып жатқанда, ешкіммен жөнді соғыспай әжептәуір тынығып қалған Дәшті Қыпшақ жауынгерлері қайтадан атқа қонды.

 

287-бетте:

Елдің ат жалын тартып мінер бар жігіті Қасым мен Қамбар батырға еріп, Ұлытау мен Созақты жаудан арашалауға кеткен.

 

288-бетте:

Ат ойнатып, ақырып рақаттанды да қалды.

Астында аты шулы, сүліктей жараған, жал-құйрығы жерге төгілген мұндайда жауға мінер қара айғыры, үстінде оба тастай боп дөңкиіп өзі отыр.

Бәрінің де мінгені осы қара айғырдың тұқымы, кілең тоқпақ жал нардай дүлділдер.

 

291-бетте:

Бір ай өтпей осы Талас, Шу маңындағы қазақ руларының басшылары жиналып, Бұрындықтың орнына боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге көтеріп, Қасымды хан сайлады.

 

295-бетте:

Қазір оның қарамағында үш жүз мыңдай боп қаруланған атты әскер бар.

Қасымның көзі енді дәл қасынан ақбоз сәйгүлігін ойнатып өтіп бара жатқан, ақ берен сауыт киген жас батырға түсті.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

№ 2 ҚОСЫМША

 

Ілияс Есенберлин. Он томдық шығармалар жинағы. Көшпенділер.

Тарихи трилогия. Алматы: Жазушы, 1986. 6-том. 1-2 кітап. -600-бет.

 

2-кітап “Жанталас”

 

300-бетте:

Қазақ елі бұл кезде көкпар тартуға дайындалған серке тәрізді еді. Жан-жағынан анталаған қай жауының тақымында кетеді? Әлде өзара қырылысқан хан, сұлтандар қанын сорғалатып, біреуі - аяғын, біреуі - қолын, біреуі – басын қанжығаларына байлап әкете ме, кім білсін?

 

307-бетте:

Сыбан Рабтан көктем туысымен шабуылға шықпақ болды. Бұл көп жылқылы қазақ елінің тай-жабағысы піштірілген, жаңа аяқтанған қозы-лағының көшке ере алмайтын, ұрысуға ыңғайы жоқ кезі еді.

 

308-бетте:

“…Өзі кетсе де көзіндей көріп бауырымызға салып өсірейік, бұдан да өзге балалары бар ғой, Абылайжанды ат жалын тартып мінгенше бізге қисын. Есін білген соң елін өзі де табар” деп елші салған.

Сол Абылай он жетіге шыққанда Тәуке хан ұлан асыр той жасап, “он бесінде отау иесі” деген дәстүрмен, сол жылы Абылайды өзінің үзеңгілес серігі, қырғыз елінің шоң манабының бірі Тиестің кіші қызы – он төрт жасар Зеренге үйлендірген.

 

309-бетте:

Бірақ Тәуке Абылайды алғашқы көрген күні-ақ таң қалды. Қара сұр, ат жақты, үлкен сұр көзді.

 

311-бетте:

“…Болат, Әбілқайыр, Сәмеке қарамағындағы руларға тезірек ат шаптырып хабар берейін”, - деді ішінен Қабанбай.

 

314-бетте:

Дәл осы кезде алаңдағы жалғыз ашада байлаулы тұрған Қабанбайдың аты шулы “Көкдауыл” атанған қара көк атын жетелеп, Қаратаудың сусар бөркін киген сұңғақ бойлы, бота көз аққұба бойжеткен алдынан көлденең тарта берді.

 

314-бетте:

- Батырдың жолы болар ма екен, өзім аттандырайыншы, - деді маржандай аппақ тісін көрсете күлімсіреп, сөйтті де, тізгінді қолына алып, үзеңгісіне аяғын салған қас батырдың қолтығынан ұстап, жоғары көтере бастады.

- Қабанбай атына мінген соң ғана қыздың жүзіне дұрыстап қарады.

 

315-бетте:

“Қанішер Абылай ғой, қашып барады” деді ол, сосын Көкдауылының тізгінін сәл босатып, қолындағы ақ найзасын беліне қыстырып, ұзақ-сонар сар желіске салып, шаһардан ұзай берді.

 

317-бетте:

Кейбір тарихшыларының есебі бойынша, Жоңғар әскері атының тұяғы жеткен жеріне дейін, сол кезде екі миллиондай қазақ халқы тұрған екен.

 

318-бетте:

Күн ара бие сауымындай ғана мезгіл көзінің шырымын алуға мұршасы жеткен Елшібек, ат үстінен түсуге де уақыты болған жоқ.

 

319-бетте:

Адамға тесіле қарайтын үлкен сұрғылт көзді, ат жақты, ақсұр жігіттің топ жылқының ішіндегі ақалтеке, арғымағындай, бойшаң келген дене бітіміне қарағанда, оны он төрт – он бес жастарда деу қиын еді.

 

321-бетте:

...Хақназар сол қолымен жас сұлудың мықынынан қытықтай сәл өзіне тартты, бірақ өзегі өртеніп, бар ойы осыдан бие сауымы бұрын келген шабарман хабарынан ұзай алмады.

 

325-бетте:

Ақ Орданың іргесі ыдырап, түндігін дауыл көтеріп, ел басына күн туған кезеңде, сол Ақ Орданың шаңырағын құлатпаймын деп, Хақназар Оғлан атқа қонғанына міне он бес жыл!

 

326-бетте:

Жасы сексеннен асып кетсе де, әлі ат жалын өзі тартып мінетін қуатты қарт.

 

327-бетте:

Қияқ ақ сабын болып көпсіп терлеген атын ауыстырып, күншығысқа қарай қайтадан шаба жөнелді.

 

330-бетте:

- Ат-көлігіңіз аман жеттіңіз бе, Шағай сұлтан? – дейді.

 

333-бетте:

Бабасұлтанның қызын Қоңырат Қосқұлақ бимен бірге аман-есен Ташкентке қайтарады және әкесіне сәлемін қоса айтып жібереді: “Егер Бабасұлтан бізбен тату-тәтті тұрам десе, маңайына жиналған Самарқант сұлтандарын қусын, қазақтардан да біржолата ат құйрығын кессін. Ал бұны істемесе өз обалы өзіне!” – дейді.

 

337-бетте:

Ат тұяғы жетпейтін жер жоқ, бұдан былай қарай екі елдің арасы жиі қатынасып тұрмақ.

Жаңа ғана аллаға ақсарбас қой айтып, жауға қарсы бірге аттанбақ боп бәтуаласқан Бабасұлтан бір топ әскер басы батыр адамдарымен ешбір күмәнсіз тұрған Жәлім сұлтанның қасына келіп, атының шаужайынан ұстай алды.

 

347-бетте:

Тек бұны қолдай білу керек:

-              Ал, бастық атқа қамшыны, - деді Сыбан Рабтан енді бөтен сөзге келмей, - қараңғы түсе біз де жау шебіне жетумімз керек!

Қыз үн-түнсіз, босағада тұрған торсықты пісіп-пісіп жіберіп, шара аяқпен алдымен әкесіне, содан кейін ағасы Қалден Церен мен Ренатқа қымыз құйып берді.

 

348-бетте:

Жиырма бес жасар Шәңгерек ноян мен Сыбан Рабтанның үзеңгілес серігі, Жоңғар хандығының ең бір бай адамы Меркіт руының баһадүрі Дода Жорджидың жалғыз баласы болатын.

 

349-бетте:

Аты жүйрік екен, менің “Құмай төсім” зорға қуып жетті.

 

350-бетте:

Тұтқын қыздың сұлулығына күйіндім бе, “сен нәзік сұлусың ғой, бауырыңды құлындай шыңғыртып жатқанда сенің сұлу түрің қандай болады екен көрейін” деп жігітке қыл бұрауды тұтқын қыздың көзінше салғыздым. Қыл шылбырды бір-екі рет бұрағанда-ақ жігіттің құлындағы даусы құраққа жетті.

 

352-бетте:

Тек қаңтарып қойған ер басынан тізгінін алып, аяғын үзеңгіге сала беріп, баласы Қалден Церенге:

- Хоча қазақ қызын өлтіріңдер дегенде, өлтіртпей тірі алып қалған Меркіт жігіттері бірі қалмай осы арада ажал тапсын! – деді.

 

353-бетте:

Нашар киінген жалғыз аттыны ешкім аңғара қоймас деген. Арқа жігіттерінің ең таңдаулы жүйрігін мініп жолға шықты.

 

354-бетте:

Тек өздерінің аз екенін айтып, “тезірек жетсін” деп, келе жатқан Сәмеке ханның әскерінің алдынан тағы ат шаптырды.

Қырда жатқан жылқыларынан жорыққа мінетін аттарын алдыртып, босағада сүйеулі тұрған сойылдарын тақымдарына басқанша біраз уақыт өтіп кетті.

 

355-бетте:

Үйір-үйірлеп матастырған жылқының кей тобы жел өтіне шыдай алмай ығуға айналды. Тек өмір бойы жылқы бағып өскен Арқа жігіттерінің ерекше ерлік қимылдарының арқасында ғана аман қалды.

 

356-бетте:

Бұрынғы тақыр дала енді аттың шашасына дейін көмілген құмға айналып, жайылысқа үйренген жүйріктер жүдеп-жадап, сегізінші күн дегенде Сырдың теріскей тұсына Ақмешіттен бір күндік жерге кеп тоқтады. Сәмеке осы арада ер қажап тастаған аттардың жарасына май жағып, әбден қажыған жігіттерін тынықтырып алу ойымен сәл аялдады.

 

357-бетте:

Ақ боз атын қол алдында көсілдіре салып келе жатқан жігітті көргенде, жоңғарлар “Батыр Баян!” деп шу ете түсті.

 

362-бетте:

Бір кездегі атақты Әбілқайыр бабасының лашкерлеріндей, кілең көк темір құрсанған, төгілген жал, құлаш құйрық жүйрік мінген елу мың әскер лек-лек боп, бекіністі қоршай сапқа тұра бастады. Шаһардың сол жағында ақ боз, қара көк сәйгүлік мінген, бастарындағы болат дулығалары шығып келе жатқан күнмен шағылысқан Ұбайдулла сұлтанның жауынгерлері.

Ең алдында өн бойы күміс шынжырлы сауытпен жабылған есік пен төрдей ақ боз ақалтеке арғымақ мінген, қырықтарға жаңа жеткен, сұлу мұртты, тұлғалы адам келе жатыр.

 

363-бетте:

Астындағы ақбоз тұлпарының тоқпақтай кекілінің үстіне көне заман ғұрпымен “бақ құсы” – аппақ сүттей тұрымтайды отырғызып алған.

Бақсы-балгерлер заманында жаман ырымнан сескеніп батырлар атының басын кейін бұрады.

 

364-бетте:

Әмірші атымен қатарласа жетіп, ақ боз жүйріктің кекіліне басқа бір ақ тұрымтайды отырғызды.

Тағы кешегідей сес көрсетіп, жалаң қылыштарын басынан жоғары көтере, нөкерлерін соңынан ертіп жасыл туын желбірете, қамалды жанай ақ боз ақалтекесін ойнатқан Абдолла әмірші...

 

364-бетте:

Абдолланың ақ боз атының кекіліндегі ақ тұрымтай алыстан бір үн естігендей қанатын қағып жіберді де кенет жоғары көтеріле берді.

Шамасы, ат кекіліне қайта барып қонбақ.

Абдолла қорған жаққа таңдана қарады да, атының басын кейін бұра сала, шатырына қарай шаба жөнелді.

 

365-бетте:

Әйтсе де, ат кекілінде отырған тұрымтай кенет неге бізге қарай ұшты?

 

369-бетте:

Көп кешікпей қамалға қарай қара күбі қойылған ат-арба бара жатты.

 

371-бетте:

Бұлар кетісімен, бие сауымдай мезгіл өтпей Әбді-Саттар сұлтанның әйелі Айнар-Сұлтан-Бике үйінің терезесінен жау жағына хат тасушы көгаршын ұшты.

 

374-бетте:

Қияқ батырдың жер-жебіріне жете айтқан сөздері жанына сегіз таспалы қамшының осуындай батып тұрған Тәуекел, “Шағай сұлтанның асыранды ұлы” деген сөзді естігенде жүрегі тағы қабынып кетті.

 

376-бетте:

Сонау алыс кезеңде осы бекініске тоқпақ жалды аласа жылқы мінген Жошының қанішер жауынгерлері сұр топырақты көкке көтеріп, “гу-гулеп!” атой салса, бүгін сол жылқының тұлпар тұяқты тұқымын мінген жоңғар жауынгерлері шабуылға шықты!

 

378-бетте:

Қазақтың ежелгі ата мекен қонысы Жетісу мен Сырдария бойындағы сан қаласын, сар даласын Жоңғар басып алған, бейбіт қазақ елі босып көшкен атақты “Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламаның” аяғы ақ түтек боран, ақ жорға борасын, сары аяз, қызыл шұнақ үскірік қысқа ұласты.

 

379-бетте:

Осы кезден бастап қазақ елі ел боп бірігіп, жоңғарларға қарсы жаппай атқа қонды.

Болат қайтыс болғаннан бері өзін Орта жүздің ханы санаған, жетпіс бес мың жылқы біткен Сәмеке де қалың әскерімен Арқа жеріне беттеді.

 

380-бетте:

Бұқар ай туғанша көзінің шырымын ала тұрмақ боп, атын тұсап тастап, ерін жастық, тоқымын төсек етіп, сексеуілдің түбіне қисая кетті.

 

384-бетте:

...Құз басына біткен шынардай, мызғымас берік Бөгенбай атының басын кейін бұрып алды. Астындағы омырауы есіктей биік күрең айғыр, орағыта бұрылды да, тұяғының астындағы құмды ошақтай ойып, қайтадан шапты.

 

385-бетте:

Нардай ақ боз текежаумыт мінген Шұно-Дабо ноян да атының басын бұрып үлгірген екен.

Батырлар аттарының басын бұрып алып қайта шапты. Бұл жолы олар ақ көбік атып, қара терге малынған жүйріктерін бір орнында шыр көбелек ойнатып, ұзақ уақыт қылыштасты...

Осындай бірін-бірі жеңе алмаған теке тірес, биенің екі сауымындай уақытқа созылды. Өздері де әбден әлсіреп, қара терге малынды, аттары да болдыруға айналды.

 

386-бетте:

Осыдан кейін екеуі аттарына мініп, бірі күншығысқа, екіншісі солтүстікке қарай желе жортып кете барған.

Тау етегінде есік пен төрдей қара көк сәйгүлік мінген Бөгенбай.

Ноян ат жалын құшып қалды. Жерге құлап та түсетін еді, иесінің тізгінін босатып жібергенінен бір сұмдықтың болғанын сезген қара айғыр мол сулы, көбік атқан Бадамға күмп берді.

 

386-бетте:

Қолтығынан шапшыған қызыл қаны ат жалын бояған Шұно-Дабо кенет есін жиды.

Шұно-Дабо жанталасып атының басын кейін бұрғысы келді. Астындағы айғыры қос аяғын жар ернеуіне зорға іліндіріп, арғы бетке шыға берді.

Миы бұрқырап, басы күл-талқан боп ұшып кеткен ноянның денесі ат үстінен сырғып, сұрғылт толқынға күмп етті.

 

392-бетте:

Келген сайын Тәуекел оған ат мінгізіп, шапан жаптыратын.

 

398-бетте:

Ат үстінен құлап бара жатқан ханды күзетші жігіттері қағып алып, жау қолына түсірмей әкетті. Енді Абдолла әскерінің әлі де болса жауына төтеп беріп жүрген топтары қарсыласуын қойып, аттарының басын Бұхарға қарай бұрды.

 

398-бетте:

Бұдан екі жүз жыл бұрын бүкіл әлемді тітіреткен Ақсақ Темір көреген Алтын Орда астанасы Сарайға қандай айбармен кірген болса, енді сол Алтын Орда хандарының ұрпағы Тәуекел хан, сары алтынмен қақтаған ер-тұрманды сүліктей қара арғымағын ойнатып, сондай айбармен Самарқантқа кірді.

 

399-бетте:

Алдарынан бақтри тұқымдас екі ақ боз арғымақ тартты.

 

400-бетте:

Пәуескеге жегілген сегіз қара ат Абдолланың пырағын Бұхарға алып келді.

 

401-бетте:

Ташкентте де қазақ атты әскері көп кідірген жоқ.

 

402-бетте:

Тебінге үйренген қазақы жылқы қабырғалары ырсиып, әзер жүретін халге жетті.

 

403-бетте:

Ат үстіндегі ұрысқа үйренген қазақ жауынгерлері енді жаяу соғысуға мәжбүр болды.

 

405-бетте:

Кенет қорған қақпасынан жауға қарай бір салт атты шаба жөнелді.

 

406-бетте:

Астында Тәуекелдің Теңбілкөгі, үстінде Тәуекелдің сауыты, басында дулығасы...

Кейбіреулері аттарының басын кейін бұрып та алды.

 

407-бетте:

Сол сәтте бір бүйірден астындағы Ақтанкерін көсілдіре салған еңсегей бойлы Есім көрінді.

 

408-бетте:

Көп кешікпей бір қойнаудан салт атты көрінді де, бірітіндеп көбейе бастады.

 

409-бетте:

Топтың алдында күміс ер-тоқымды нардай қара айғыр мінген, басында қазандай қара дулығасы, үстінде көк темір сауыты бар, қара мұртын құлағына апарып орап қойған, Лоло-Доржидың өзі келе жатыр.

Оның соңынан жолдың екі ернеуін ала, кілең көк найзалы, шойын шоқпарлы, ат үстінде оба тастай боп шөккен Жоңғар басқыншылары.

 

410-бетте:

Ноян жауап қайырар емес, кенет үзеңгісіне жабысқан қызға қарады да, сәл еңкейіп, қыздың шашын ұстап, тақымының астына басты.

 

411-бетте:

Кертөбелімен ойқастап шыққан Бөгенбай, ат қарқынын тоқтатпастан келіп, қара шоқпарымен қос қолдай соғып, ә дегенде Лоло-Доржиды ұрды. Ол дүниенің не болып кеткенін білмей ат жалын құшақтап шаба жөнелді.

 

413-бетте:

Осындай қамшысын білегеннің бірі Барақ сұлтан еді.

Ең алдымен үзеңгілес батырлары мен өзіне қарсы жақтың ойларын білгісі кеп, Бараққа, Бөгенбайға, Тайманға, бір тайпаның ақсақалы – биі Бөгенбайға ат шаптырды.

 

415-бетте:

Алысқа ат шаптырып, бізді неге шақырып отырғаныңды ішім сезеді.

 

420-бетте:

Бөгенбай ат арқасына ерте қонған батыр еді.

Содан бері Бөгенбай ер үстінен түскен емес.

 

423-бетте:

Әбілқайыр бәйбішелерінің үйінде түнеп шыққанда, қымыз орнына жылымшы айран ішкендей, Нұрбикені аңсап тұратын күйге жетті.

 

424-бетте:

Бұлар жас құлынның балбырап піскен, уыздай дәмді етін жеп, балдан тәтті сары қымызды рақаттана сіміріп, ит жүгіртіп, құс салу жайын әңгіме етіп, бие сауымындай мезгіл отырды.

 

425-бетте:

Қатын патшасын ат құйрығына байлап өлтіреміз!

 

427-бетте:

- Сонда ат құйрығын кескен жеріміз осы болғаны ма?

- Ат құйрығын кестім десең өзің біл, Әбілқайыр хан! – деді де ордадан шығып кетті.

 

429-бетте:

Бие сауымындай өткен кезде, орнынан созыла түрегелген Нұрбике Бараққа ерінің Церен-Доржиды өлтір деп әмір бергенін айтты.

Ашу қысқаны сонша, ат дүбірінен ауыл оянып, Нұрбикенің қылмысы ашылып қалар деп ойлаған да жоқ.

Әттең, дүние-ай, Барақты ол тек атына мінген кезде ғана көріп қалды.

Осы мезетте күншығыс жақтан құйындата шапқан салт аттылар көрінді.

 

429-бетте:

Аттылы жаумен белес арасында кездесуді қауіп көріп, қара көрсетпей Қанды жартасқа дейін еріп отырдық. Қанды жартасқа жеткенде олар аттарынан түсті.

Бірақ Церен-Доржи атына мініп үлгіріп қалды. Талағы түскір әбден ұрысқа үйренген бе, біздің дүбіріміз шығысыменен арқырай кісінеп иесіне жетіп келді. Ат үстіндегі Церен-Доржи осал жау болмай шықты.

 

435-бетте:

Ханның көзі тірісінде бәйбішесі Бопайдан туған Нұралы, Ералы, Әділ, Айшуақ, Қожахмет сұлтандар өзіменен үзеңгілес жауға шауып, Орда ісіне кіріскен.

 

436-бетте:

Алдыңғысы кәртең әйел екен, астындағы ұшқыр биесінің тізгінін бос қоя беріп, екі қолымен шашын жұлып, бетін тырнап, ойбайлап келеді.

Әйел Әбілқайырдың тұсына таяй беріп, қос қолымен биесінің тізгініне жабысты. Бие тоқтамағанмен, шабысын сәл бәсеңдетті.

 

437-бетте:

Сол мезетте әйелдің соңынан тепеңдеп жеткен күрең байталды қапсағай қара жігіт қолындағы құрығын итке қарай қос қолдап сілтеді.

-              Сорлы, сорлы-ай, ханда не шаруаң бар еді! – деді ол, әйелдің шылбырына жабысып, - сенің балаң өлді не, сенің өзің өлді не, оған бірібір емес пе!

Жігіт өзінің қарулы жылқышысы, жаңағы әйелдің қайнысы Хұсайын деген.

Бүгін-ертең жылқыға шықпақшы еді.

 

444-бетте:

Бозаңды төбенің басына төселген текеметтің үстінде ақ жастыққа шынтақтай жатып, әкелі-баланың әңгімелескеніне бие сауымынан артық мезгіл өтті.

 

446-бетте:

Киімдері жауынгер көшпелі елдің ат үстінде өскен қыздарына лайық ықшам.

 

447-бетте:

Жанат келе жатқан салт аттылардан көзін айырмай сәл тұрды.

 

452-бетте:

Сонда Бапай тұрып: “Айшуақты қойсаң – ат үстінен тұрып сиерсің; Ералыны қойсаң – жауыңа күнде тиерсің, Нұралыны қойсаң – мауыты шапан киерсің”, - деп жауап берген.

 

453-бетте:

“Сенсе – жарылқайды, сезіктенсе - қорқады” көптен бері қызығып жүрген, қызыл етін сыртқа теуіп, оқтаудай боп жараған көк жорғаны Әбілқайыр оған сыйға тартты.

- Астыңдағы атыңның аяғына қан түскен екен, ертеңнен бастап ана көк жорғаны мін, - деді хан.

 

453-бетте:

Көңілі көтеріліп, құлпырып кеткен Құдабай “бұл сыйлық не үшін?” деп сұраған жоқ. “Бағана Неплюев шатырының алдында судай жаңа қызыл сафьян былғары ер-тоқым жатыр еді. Шіркін-ай, көкжорғаға қандай жарасар еді!” деді ішінен.

 

454-бетте:

Нағыз ақырзаман туғандай, бұрын мұндайды естімеген қазақ жылқылары кісіней шыңғырып, шылбырларын үзіп, ер-тоқымын бауырына ала, айдалаға шаба жөнеледі.

 

456-бетте:

Он екі мүшесі түгел астауға салынған құнанның семіз еті, қабырғасы қабырға, төсі төс, жілігі жілік күйінде заматта жоқ болып жатыр.

 

468-бетте:

Қошамет көрсеткен жұрт гуілдесіп кетті.

- Уа, Шақшақ, атың бәйгеден келді!

- Даңқың аса берсін, Жәнібек!

- Тархан дегені хан дегені ме екен? Қарадан да хан шығады екен –ау!

Ағайында екі адам бәйгеге ат қосып, ағасының аты келсе, қызғаншақ болса, інісінің жаны күйінеді.

 

472-бетте:

Көп малын, табын-табын жылқыларын айдап алды.

 

473-бетте:

Бұл кезде Орта жүздің ханы Әбілмәмбет Түркістанды беремін деп алдаған Қалден Цереннен мүлде ат құйрығын үзген.

 

477-бетте:

Ханбабадан да шапан киіп, ат мінді.

Ханнан да камшат ішік киіп, жорға мінді.

 

478-бетте:

Сол себептен де атына қамшыны асыға басты.

Бірінші адамды ат үстінен ұрып түсірді. Өзі де Барақтың баласы Шағайдың қолынан ат жалын құшып құлады.

 

479-бетте:

Сонан кейін ол артына қарамастан, атына мініп, күншығыс жаққа қарай жорта жөнелді.

 

484-бетте:

Тұяқ бұны бір күні қолтығынан көтеріп атына мінгізген.

 

485-бетте:

Осы кезде бір-ақ рет Ақторғынды өз қолымен атқа отырғызды.

 

486-бетте:

- Батыр, бір күннің ішінде асауымды үйретіп бере аласың ба? – деп сұрады.

“Патша әйел сүйген жігітін ең алдымен асау жылқысын үйреткізіп сынайды екен” деген бір аңызды Тұяқ жас кезінде естігені бар.

Ақторғын бұған асау атын емес, асау жүрегін сынатқалы тұрғандай көрінді.

 

486-бетте:

Ақторғынның үйрет деген асауы төркіні – Жағалбайлы елі жіберген, құрық көрмеген жеті жасар тағы жылқы болып шықты. Төрт жігіт арқандап әзер ұстап тұрған асаудың үстіне Тұяқ секіріп мінді. Асау құйындата құба жонға ала жөнелді.

Күн батып бара жатқан кезде қара терге малынған, әбден жуасыған асауды батыр Ақторғынның босағасына әкеп байлаған.

- Батыр, асауымды мініп көрдім, тамаша етіп үйретіпсің, ақысына не берейін? – деді даусы дірілдеп.

 

487-бетте:

Ортасында Тұяқ батыр үйреткен есік пен төрдей шұбар айғырды мінген, бет-аузын тұмшалап жауып алған біреу кете барды.

 

490-бетте:

Абылай қазір қырықтан жаңа асып бара жатыр. Ол сұңғақ бойлы, ат жақты, қара сұр, түсі суық адам.

Дәл осы сәтте Сырымбеттің ойпаңдау етегінен атой салып шауып келе жатқан екі салт атты көрінді.

 

491-бетте:

Сол-ақ екен, орда қасындағы кепкен қарынмен кернелген тай қазандай қос дабылды екі жігіт оқтаудай жұмыр таяқпен қос қолдап ұра бастады. Жаугершілік заман, жауға шабатын жігіттердің аттары белдеуде тұрған. Біразы жақын маңда шідерлеулі жайылып жүрген.

Әне-міне дегенше ер азаматтар аттарына да мініп, ауыл сыртына жиналды.

Төлеңгіт жігіттің біреуі Абылайдың атақты бәдәуи тұлпары Жалынқұйрығын алдынан тарта берді.

 

492-бетте:

Бұл хабар елге жеткен соң Арғынға жататын Қуандық, Сүйіндік, Бөгендік, Шегендік, Қаракесек – Балтақожа, Шұбыртпалы, Қаржас тегіс атқа қонған.

Ат басы Абылай сұлтанның аулына қарай бұрылысымен-ақ бұған жолай төре тұқымынан қиянат көрген басқа рудың кедей топтары да қосыла берген.

 

493-бетте:

Әлдеқалай ол бәлен ауылда өзіне таныс емес дастан не жыр бар дегенді естісе, қанша алыс жер болса да оған аттың терін аямайтын...

 

494-бетте:

Ондай жасты құр қасына ертіп жүрмей, атсызына ат берді, үйсізіне үй берді.

 

495-бетте:

Абылай өзін кінәлі санап, Ботақанның өлімі үшін үш кісінің құнын - әрқайсысы атан бастаған тоғыз қарадан, жиырма жеті бас мал, оған қоса ат-шапан айып төледі. Өзін атпақ болған Қапан мергенге мылтығыңның қарымы қайтпасын деп, ал оны ұстап қалған Бекболат биге, өлімге қимаған жақсылығың үшін деп, құндыз жағалы күзен ішік пен бір-бір жорға мінгізді.

 

496-бетте:

Күрес, көкпар, бәйге, айтыс, сайыс – бәрі болып, тойға жиналған топ ертеңіне тарады.

 

496-бетте:

Сұлтан ордасында енді тек осы Көкшетау, Қараөткел, Атбасар, Қызылжар маңайындағы Орта жүздің басты адамдары мен Абылайдың үзеңгілес батырлары – Арғын тайпасына жататын Бәсентин руынан Сырымбет, Малайсары; Қаржас руынан Олжабай; Тарақты руынан Байғозы; Ұлытаудағы Бағаналы руынан Оразымбет; Керей руынан Тұрсынбай батырлар қалды.

Әрине, Абылай баласының сүндетке отыруын сылтау етіп, бұл жиынға өзінің үзеңгілес сенімді батырларын түгел-ақ шақырған.

 

498-бетте:

Бұл ұзын бойлы, қапсағай денелі, ат жақты, шоқша сақалды, қошқар тұмсық, еңселі кісі еді.

- Ат-тон айыбым бар. Жырымды аласың ба, әлде шерімді аласың ба?

- “Жырыңыз” бен “шеріңізді” естіп, ат-тон айыпты біз төлеп жүрмесек нетсін, - деді күліп, - сол ат-тон айыбымды берместен бұрын, басқа бір өтінішім бар.

 

500-бет:

Шабыттанған шақтағы жыраудың мұндай әдетіне қанық есік алдында тұрған атқосшы жігіт домбыраны жерге түсірмей қағып алды.

 

504-бетте:

Әрине, Жоңғардың тоқпақ жалды мықыр жылқысы үш-төрт күннің ішінде-ақ текіректей желе шауып отырып бұл араға жетіп үлгереді.

 

505-бетте:

Салтанатты көш, көшпен іргелес шоқтай иіріп, шашау шығармай айдалған қалың көк ала жылқы. Жаугершілік заман; көшті, жылқыны қоршай, астарындағы болат тұяқ бедеулері мен бәйгі күреңдері жіті басқан, сойыл ұстаған, кілең шолақ сауыт киген батыр жігіттер...

Ауыл-ауылдың арасында, жорға салыстырған, сары даланы бастарына көтере ән салған топ-топ қыз, бозбала...

Саумалкөл мен Телікөлдің арасы ығы-жығы, қара құрымдай қаптаған әскер.

 

506-бетте:

Қарадан шықса да жеті атасынан әйгілі батыр тұқымы болғандықтан, ел басына күн туғанда, осы Баян атқа ерте қонды.

 

507-бетте:

Төртінші күні ұрысқа шыдар-шыдамасын білмей, Іле бойының қалың тораңғыл, жиде тоғайының арасында жатқан осы екі жүз жігіт, таң ата, үш күннен бері өздері соғысқан жоңғарлардың сегіз ауылының бірден көтеріле, тайлы-таяғына дейін қалмай, ұбырып-шұбырып, Қытай жағына қарай көшіп бара жатқанын көрді.

 

508-бетте:

Баян Тұлпаркөгін тебініп қап, қоршауда тұрған қыз-келіншекті бір шолып өтті.

Мөлдіреген екі көзі тостағандай, қара торы жүзі сәл қаны қашып қуқыл тартқан, қолаң шашы шұбатылып үзеңгіден асып жатыр, басына киген сүйір төбелі құндыз бөркі мен күміс зерлі қара мақпал қынама бешпент-шалбары күміс ер-тоқымымен жарасып тұр.

 

509-бетте:

Ат жалын тартып мінгелі Баянмен үзеңгілес болып келе жатқан Жәпек сан олжаны бөлген кездерінде әйгілі батырдан бұрын-соңды мұндай сөзді естіп көрмегенді.

Ат жалын тартып мініп, жорыққа аттанғалы Батыр Баян лос сапарын ең олжалы сапарым деп есептеді.

 

510-бетте:

Астындағы ақ боз жорғасын ағызған қалпында: “Көке! Көке!” деп ағасының қасына жетіп келгенде, қуанғанынан екі көзі жасаурап кеткен Батыр Баян, інісін жас баладай атының үстінен көтеріп алды.

 

511-бетте:

- Жақсы, кейін көрерміз! – деп атына қамшыны басып қап, ауылға қарай шаба жөнелді.

 

512-бетте:

Ел жатқанша жылқыға барып қос күреңді ұстап әкелем.

Батыр Баянның Тұлпаркөгінен осал соқпас қос күреңге мініп, бұлар Темірқазық туа: “Уә, алла, жолымызды оң ете көр”, - деп оңтүстікке қарай “шу!” деп жөнеп берді.

 

513-бетте:

Қос күреңді түнде Ноянның алып кеткенін, ауыл адамдары сәскеде көлге жылқы келгенде бір-ақ білді.

Қос күреңге арналған шоландағы күміс ер-тоқым да жоқ екені анықталды. Қарсаққа бүркіт салуға шыққан құсбегі таң атып бара жатқанда, Іле жақтағы Жоңғар еліне қарай шауып бара жатқан екі салт аттыны көріпті.

 

513-бетте:

Үнемі белдеуде тұратын Тұлпаркөгіне міне сала, бұ да оңтүстікке қарай шаба жөнелді.

Оқтаудай боп жаралған Тұлпаркөк тер шыққан сайын қарыштай түседі.

Қос күрең қанша жүйрік болғанмен, тоқ күйінде ұзақ шабысқа шыдамай, оптығып, болдыра бастаған.

 

514-бетте:

Бірақ дәл осы сәтте атының басын тартпастан құйғытып жетіп келген Баян ызаға шыдай алмай, қыпшақ садағын тартып қалды.

Ноянның тұсына жетіп қалған қыз ат үстінен қалпақтай ұшып сүйген жігітінің жанына сылқ етті.

 

517-бетте:

Екі бүйірінде Жоңғардың жал-құйрығын өріп тастаған тапал жылқысын мінген атақты атты әскері. Цеван Доржи бұ жолы түйе үстіне орнатылған он бес жеңіл зеңбірегін, Абылайдың мың төлеңгітінен құрылған кілең ер жүрек атты әскері жүреді-ау деген жерге орналастырды.

 

518-бетте:

Қарамағында аты шулы, ер жүрек төлеңгіттерден құралған мың салт атты жауынгерлері бар.

Жер дүбірлете шапқан аттар, таңғы мөлдір ауаны қақ жара ысылдай атылған садақ оғы, шиті мылтық шаңқылы, гүрсілдеген зеңбіректер.

 

519-бетте:

Бірақ бір шақырымдай шапқан кезде кенет гүрсілдей жөнелген зеңбіректерден жауған жойқын оқтар дәл аттарының маңдай алдынан кеп гүрс-гүрс жарылған. Алдыңғы шептегі жүз қаралы ер жүрек жігіттер ат-матымен омақата жер қауып, заматта арттарында келе жатқан жауынгерлерге бөгет болды. Көп салт аттылар алдындағы аттар мен адамдардың өліктерінің үстіне кеп құлады.

Зеңбіректерге тікелей шаппай, оны ат тағасындай қоршап, жан-жағынан анталауды бұйырды.

 

520-бетте:

Ақ болат сауыты жарқылдап, Жалынқұйрығын көсілте Абылайдың өзі де шапты.

 

521-бетте:

- Биылға соғыс осымен бітті. Енді аттың басын елге бұрамыз, - деп бұйрық берді.

 

523-бетте:

Аттарының басын бұрып үлгірмейді.

 

524-бетте:

Дені атты әскер деседі. Тұлғасы тұрымтайдай жылқы мінген қытайдың атты әскері қазақ жігіттеріне бәлендей қорқынышты да емес-ті. Жауынгерлері ат үсті ұрысына шорқақ...

Қыс қандай қатты болса да, Абылайдың бірде-бір қотыр ешкісін қасқыр тартқан жоқ, қотыр тайы бораннан ығып, жылымға түсіп шығынға ұшырамады.

 

527-бетте:

Абылай үстіне үй тігіп, алдына үйірлей жылқы салды.

 

530-бетте:

Жалынқұйрығын тебініп қап, жырау көрсеткен майдан алаңына қарай шаба жөнелді.

 

531-бетте:

Құлынжалды садақтарын шірене тартқан қазақ жігіттерінің жебесінен алдыңғысы оққа ұшса, артындағылары өліктерін басып өтіп, алға қарай ұмтыла берді.

Құдайға шүкір, әйтеуір әлі Чжао Хойдың көк найзалы атты әскерінің шаңы шыққан жоқ.

 

536-бетте:

Мүлік бүгін жүйрік атының басына дорба кигізіп, төрт аяғына кигіз байлап, сайға тығып қойып, іске кірісуге бел байлаған.

...Оның Қоқаннан келгенін бір-ақ адам білетін. Ол әрі мылқау, әрі меңіреу, өзінің атқосшысы өзбек жігіті еді.

 

543-бетте:

...Біраздан кейін жігіттер астарына тоқымын, бастарына ерін жастанып, тәтті ұйқының құшағына енді.

 

544-бетте:

Абылай бар қолын тез атқа қондырып, құйып тұрған қалың жауынға қарамай, жолға шықты.

 

545-бетте:

Қазақ қолдарын қумақ түгіл, “байтал түгіл бас қайғының” кебіне ұшырап, көтерілісті басу үшін, Чжао Хой әскері кейін шегінген.

 

546-бетте:

- Уа, аруақ! Ақжол ата! – деп Батыр Баян тықыршып тұрған Тұлпаркөгіне бірінші боп қамшы басты.

 

547-бетте:

Көп ішінен қара қасқа жүйрік мінген қара сұр жігіт суырылып алға шыға берді.

 

548-бетте:

Кескілескен ет, жосылып аққан қан, ата жауына қарсы өшіге ұмтылған ерлер, алдыңғы екі аяқтарын көкке көтере, найзаға кеудесін тосқан кер төбел, мақпал қара, құлагерлер...

 

549-бетте:

Сол-ақ екен, өн бойын бір алып күш билеп, өзіне қарама-қарсы келіп қалған, есік пен төрдей қара ат мінген қытайдың бір жалпақ бет сыпайын қайқы бел қара алдаспанмен қақ бөліп түсті.

Батыр Баян ат үстінен сырғып жерге құлай берді...

Сөйтті де ат жалын құшып, арпалысып жатқан Батыр Баянды жерге түсірмей көтеріп алып, жау қоршауынан өтпек боп атын тебініп қалды.

 

551-бетте:

Бүкіл үш жүз болып атқа қонуға әзір.

 

553-бетте:

Бөгенбай қамшысын алдына тастай салды да. Енді Абылайға бұрылды.

 

554-бетте:

- ...Қонсын атқа қалың қолымен! – деп бұйырды.

 

557-бетте:

Көнбегенін ат құйрығына байлап, ақ сойылдың астына алады!

 

558-бетте:

Кенет қырқаны бауырлай шапқан аттардың дүбірлері естілді.

 

559-бетте:

Қоқан, Әндижан, Маргелан, Наманған бойын қойып, Ташкент маңындағы кешегі өзіңізді жақтаған Шанышқылы мен Қаңлы тайпалары тайлы-тайлағына дейін қалмай, соларға еріп келеді.

Әйткенмен, Абылайдың қамшысы батып кеткен бұл елдердің арасында қазақ ханына деген наразылық та басыла қоймаған.

 

561-бетте:

- ...Албан менен Суанға да, жақын жатқан Бестаңбалыға да, бергі етектегі Жалайыр батырларына да ат шаптырыңдар. Бәрі осы Қазықұрт маңына жиналсын!

 

563-бетте:

Үш жүздің “игі жақсылары” Абылайды ақ биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге көтеріп  “Үлкен Ордаға” хан сайлағанмен, әйел-патшаның қол астындағы бар қазақ еліне хансың деген указы шықпаған.

 

564-бетте:

- Жақсы. Ал өз бауырларыңа қарсы садақ безеген ана екі ағаңды қайтеміз?

- Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң...

 

565-бетте:

Кенет ат дүбірі естілді.

 

566-бетте:

- Алдияр, өзіңіз өлімге бұйырған көтеріліс басшыларының бесеуін ғана ат құйрығына байлап үлгірдік...

 

567-бетте:

- Мә, менің қамшым... Жауап қайырмайтын болса алдарына таста да, өзің кейін шап!

Кең дала сойыл ұстаған салт аттыларға тола бастады.

Кейде жорыққа мінетін аты да болмай қалады.

 

568-бетте:

Хан бағынғысы келмеген Қоңыраттың бес басты адамын ат құйрығына байлатып, айуандықпен өлтірді.

Ашулы жырауды әлі де болса өз ордасына ұстамақ боп, Абылай оның алдына өз жылқысынан айдатып әкеп атақты боз айғырдың үйірінен бір жүйрігін сыйға тартқан.

 

568-бетте:

Бірақ қырағы көз Абылай, Бұқар жыраудың астында өзінің бәзбаяғы топай торысы екенін анадайдан-ақ көрді.

- Бүкіл дала жылаған жұрттың көз жасымен саз балшыққа айналыпты... ат тұяғын әзер алып келеді, алдияр!

- Астыңдағы атың жүрдек болса, қамшылаудың қажеті болмас еді... Тоз-тозы шыққан тобырдың басын қоса алмай-ақ өтетін шығармыз бұл дүниеден!

 

569-бетте:

Жігіт болып ат жалын тартып мінгелі, басынан өткізгені кілең жорық, ұрыс, талас.

 

570-бетте:

Қаптаған жұрттан ұялған жоқ, Абылайдың алдынан көлденең тарта берген тұлпарына ханды қолтығынан көтеріп өзі мінгізді.

 

571-бетте:

- ...Екінші бұйрығым: отағасым жауын жеңіп жорықтан қайтқанда алдынан шығуға, жүген-құйысқаны, ер-тоқымы ақ күмістен қақталған ақбоз жорға дайындаңыз!

 

572-бетте:

Жан-жақтарынан жапа-тармағай сан рет ат қойса да, сай-салаға бекініп алған Дулат, Жалайыр, Үйсін жігіттері жауды маңына жуытпады.

Кейде тіпті қазақтың салт атты жауынгерлері өздеріне қарсы дүрсе қоя беріп, көп жігіттерін найзамен түйреп жер құштырды.

Шат-шадыман қалың қол. Борт-борт желген кілең сәйгүлік қазақы жылқы.

 

572-бетте:

Бұлардың мінгендері жал-құйрығы түйілген қамыс құлақ, бөкен сан жүйрік, не болмаса құлан қандас бота тірсек сүліктен жаратылған будан. Олардан кейін Бұқар жырау, Елшібек, Сағыр, Бөкей, Жабай батырлар қоршаған хан Абылай. Астында омырауы сала құлаш, жотасы тақтайдай құйма тұяқ қара көк; қатты аяң, майда желіспен әлде нені әңгіме етіп, қарқ-қарқ күліседі.

 

574-бетте:

Желе жортып келе жатқан екі топ біріне-бірі таяу кеп тоқтады. Ауыл тобынан ақ боз ат мінген Сұршақыз ғана алға қарай қозғалды.

Бірақ ол аузын ашып та үлгірмеді, ысылдай кеп қадалған қозы жауырын оқ оны ат үстінен жерге ұшырып түсірді.

Өзінің сол жақ қолтық тұсынан кеп қадалған сүйір ұшты қайың оқтан теңселіп барып, ат жалын құша құлап кетті.

Атынан түсіп қыздың қасына барды.

 

575-бетте:

Осыдан екі жеті бұрын ат құйрығына байланған жігіттің туысы, кеше ғана қаза болған Жәнібек, Қаныбек пен Құндыздың туған нағашы ағасы Қоңырат руының араларында ештеңе болмағандай, ақсақалы Нұрғазыға Абылай қымыз құйылған күміс кесені өз қолымен ұсынды.

 

577-бетте:

- ...Мен ат жалын тартып мінгелі, ажалдан қорқып көрген жоқпын. Досымды да, қасымды да аяуды білген емеспін. Біреуін ат құйрығына байлап өлтіріп, біреуіне оқалы шапан жауып, мадақтай көтеріп, өзіме серік еттім. Соның бәрін тек хан болу үшін істедім бе?

Былбырап аққан ыстық қан исінен жүрегі айнымайтын, қатал басшысы болмаса, сұрқия заманда жан-жағынан қаптаған жауы даласын аткөпір етіп, өздерін әр жотаның етегіне төбе-төбе қып үйіп кетпесіне кім кепіл еді?

 

578-бетте:

Әлде алдарынан көтерілген қазаның мен сабадағы қымызың сені құтқарады деп ойлайсың ба?

 

579-бетте:

- ...Арманым мен өксігі мол елу жылымды ат үстінде өткізбес ем.

 

580-бетте:

- Бес батырын ат құйрығына байлап өлтіргеніңді Қоңырат жігіттері кешеді деп ойлайсың ба?

 

581-бетте:

Күн батуға айналғанда, Абылай атының басын тартып, қолдың қонатын жерін көрсетті.

 

583-бетте:

Жаңа ғана ауыл-ауылдарына қайтарылған қазақ жігіттері қайтадан жиналсын деп, жан-жаққа ат шаптырды.

Абылайдың атты әскеріне төтеп беруі екіталай болатын.

 

584-бетте:

Сөйтіп ол жылқы баққан ауылдың бостан жігіті боп отырып қалған.

Күндердің күнінде уақытында ханға деген гараж-қаражатын төлей алмай, ол бір сұлтанға бес байталға төлеңгіттікке сатылған-ды.

- Иә, қайдан жүрсің, жылқышы Керей! – деді Абылай, - өзің секілді кісі өлтіргіштер барып қосылып жатқан жаңа “орыс патшасы” кім?

 

585-бетте:

Келесі күні оны асау айғырдың құйрығына байлап, азаптап өлтірді.

 

586-бетте:

Оларға Пугачев көтерілісінің хабарын жеткізгелі асыға шапқан салт аттылардың дүбірі келіп ұласты.

 

587-бетте:

Қартая бастаған хан, қарсы алдындағы бір затқа көзі тұрақтамай, қолындағы қамшысын білеп жұрттың апшысын қуырып жүр.

Күнгей жаққа қарай айдалған үйір-үйір жылқылар мен қотан-қотан қойлары да әлдеқашан Көкшенің хош иісті қырқа белестерінен асып үлгірген.

Төскейдегі жылқыға, жеке қонған ағайын-туысқа хабаршы шаптырылған.

 

581-бетте:

Үш жүздің ел-жұрты өзін Үлкен Орданың ханы етіп боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге көтерген күннен сегіз жыл өткен соң, Абылай бүкіл қазақ ханы етіп бекітуін сұрап, баласы Тұғымды бас етіп, Петербургке елшілер аттандырған.

 

591-бетте:

- Иә, Абылай, - деді сөзді әріден толғап, - елу жылдан астам ат үстінде болдың. Батыр да атандың, ақыры хан тағына да отырдың. Бірақ соның бәрінен не қалды?

 

592-бетте:

Екі тепе сулы жері бар өзбек, екі үйір жылқысы бар қазақтан бай тұрады.

 

593-бетте:

- ...Майданда өз қолыммен сан ер жүрек, албырт жасты ат жалын құштырдым...

 

№ 3 ҚОСЫМША

 

Ілияс Есенберлин. Он томдық шығармалар жинағы. Көшпенділер.

Тарихи трилогия. Алматы: Жазушы, 1986. 7-том. 3 кітап. -328-бет.

 

3-кітап “Қаһар”

 

6-бетте:

Ай сәулесі жүдеп, қырқа үсті ақ шолаң тарта құлан иектеніп атып келе жатқан таңмен бірге шашақты сасыр, түйе жапырағы аралас, ат құлағы көрінбейтін көк шалғынды ылдидан қалың көш көрінді.

Астында тобылғы күрең ат, үстінде қоңыр түйе жүн шекпен, басында төрт салалы пұшпақ бөрік.

Қыз-келіншек, бозбала ат үстінде.

Көштің оң жағында қалың жылқы.

 

7-бетте:

Пысқырған жылқы, анда-санда боздаған түйе.

Бәрінің де астында сүмбілдей сәйгүлік жүйрік, шайқала ырғалған жорға.

Астында есік пен төрдей, ай табанды жайма жал қара көк айғыр. Тақымында келте шоқпар, қарына темір бауырлы қайың сойыл ілген.

Маңыраған қой, мөңіреген сиыр, кісінеген жылқы үніне дабырлай сөйлеген адам даусы қосылып, таңертеңгі табиғаттың бейкүнә тамылжыған шырқын бұзып, кең даланы басына көтерді.

 

8-бетте:

Астында төрт аяғы тең жорға қара көктің тізгінін тежей түсіп, кеше тәмәмдай алмай қалған әңгімесіне қайта кірісті.

- ...Бүлік басы бұзықта дегендей, пәле ақ патшаның Жылқы жылғы ұстабынан басталған жоқ па... (Россия патшасының Сібір қазақтарын басқару жөніндегі 1822 жылғы ережесі (уставы).

 

9-бетте:

Сейтен атын тебініп қап, кенет қызулана сөйлеп кетті.

 

11-бетте:

- Сол қағаздан кейін аға сұлтан Қоңырқұлжаның қадірі ұлан-асыр өсті. Соның арқасы ғой бұ күні қалың арғынды шашау шығармай ұстап отырғаны. Үйірін бермес осындай бір марғасқа айғырлар болатын.

 

12-бетте:

Осы өңірге Қорған атты бекініс тұрғызып, бізге қосылыңдар деп жан-жағына жар салады, аға сұлтан, ел билеген ақсақалдарға ат шаптырады.

 

13-бетте:

Бір жетіден бері ат үстінен түспеген Сейтен, көш орнығысымен, жан-жағы анық көрінетін бір жартасты төбенің басына шығып, көз шырымын алдырмақ болған.

Талай ажалға қарсы ұмтылған Сейтен батыр, жүрегі аттай тулап демін әзер алды.

 

14-бетте:

Бордай опырылып ат үстінен құлап түсті.

Ылдиға қарай ентелей құлаған көштің бір бүйірінен, жал-құйрығы күзеулі тайға мінген, екі бүйірін таянып алып, “Елім-ай" әнін салған он төрт-он бес жасар қара торы қыз бала көрінді.

 

15-бетте:

Сейтен бірдемеден сескенгендей атының басын тартты.

- Сейтеке, - деді ол атын тебініп таяй түсіп, - көшті жинақы ұстамаса болмас.

 

16-бетте:

Тек түн ортасы ауған кезде, жағасы атты кісі көрінбес қалың анақурайлы Баскөлдің тұсына келгенде ғана:

- Осы арада азырақ көз шырымын алдырсақ қайтер еді, Сейтеке, - деді Ожар. – Қатын, бала әбден қалжырады, жігіттердің де кейбіреулерін ат соғып тастағанға ұқсайды.

- Ат шалдыруға осы ара дұрыс.

- Айтқандарың болсын... – Сейтен өзі бірінші боп аттан түсті.

 

16-бетте:

Сейтен жанына топырлай жиналған серіктеріне:

- Әр қарауыл бір бие сауымдай уақыт көшті айнала жүреді. Алғашқы кезек өзімдікі деді.

 

18-бетте:

- ...Ал сендер сарбаздарға жетіңдер. Белдеріне байлаған аттардың шылбырларын кесіңдер, ер-тоқымдарының оң үзеңгілерін шешіп алыңдар!

 

18-бетте:

Ұйқыдағы сарбаздардың тең жартысының аттары босатылып, кейбіреулерінің оң үзеңгілері алынып қалған кезде, түсінен шошып оянған жас жігіттердің бірі сұмдықтың болғанын бірден аңғарды. Қараңдаған кісілерді көріп:

- Жау келді! Жау келді! Аттан! Аттан! Сейтен аға! – деп құлындағы даусы құраққа шығып жар салды. Барымта, шабуылға үйренген жұрт орындарынан атып-атып тұрды. Таң қылаң беріп қалған кез еді, қалың қамыстан қуғынға жіберілген қырық-отыз салт атты сыпайлар да шыға келді.

 

18-бетте:

- Алға, жігіттер! – деген қатты үн шықты, Сейтеннің есік пен төрдей тоқпақ жалды қара көк айғырын ойната Ожар өзгеден бөліне берді.

Бірақ ол қарсы шепке жетер-жетпестен атының жалын құша құлады.

Кейбіреулері аттарының басын бұрып алып, кейін қарай шапты.

 

20-бетте:

Суық мылтықты, кәрлі қылышты әскер жасағын басқарып келген есаул Лебедев ысқыра қамшысын үйіріп, қасқыр шапқан қойдай ұйлығып қалған жұртты кең алаңға жинады...

- Біз айыпты емеспіз, - деп ақсақал жауап беріп, төмен қарады. – Үйірден саяқ қана бөлек жайылады. Өзен қайда құйса, тамшысы да сонда құяды.

Саржан сұлтан ту көтергелі, жұрт та ат үстінен бір түскен жоқ.

Біз бір мал баққан момын елміз. Ауыл үстінен атылған мылтық тек қана жылқыны үркітпейді...

 

21-бетте:

Аталарың қазақ халқының қанішер қара ниет жендеті деп тұрған осынау тіл тартапс шалды ат бауырына да алуға дайын.

Ол атын ойнатып Абзал ақсақалдың қасына жетп барды да, мүсіндей қозғалмай тұрған ел ағасын бұзау тісті, қорғасын бауырлы тобылғы қамшысымен дәл басынан тартып, тартып жіберді.

Құлаштай сілтеген қамшы ауаны кескілеп “ыс, ыс" етеді.

 

22-бетте:

Қазақ асау жылқы тәрізді, кім үйрете білсе, соны ғана ие тұтады. Сондай адамы табылса, мына жұрт соңынан шұбыра жөнелуге дайын...

Түстері суық, қисық қылышты, шошайған мылтықты солдаттар ауыл үстінен ат ойнатып зәрелерін ала түсті.

 

23-бетте:

Қобалжи тынышталған ауыл мызғымас бір өлік тәрізді, тек анда-санда қаңтарып суытып қойған сыпай аттарының пысқырғаны мен күзетшілердің еміс-еміс күбірі естіледі.

 

27-бетте:

Үйір-үйір жылқы да бар. Бұлардың да кейпі өзгеше. Алысқа талмай шабатын сүмбіл жалды қазақтың мықты жылқысымен аралас қаз мойын, сидаң аяқты, көтеріңкі кеуделі түрікменнің ақалтеке, текежаумыт тұқымдастары да көзге түседі. Көштің, малдың да сәні түйе. Шудалары сала құлаш желкілдеген қос өркешті буралармен бірге, ор қояндай сидиған жаңа туған құлындай тықыр жүнді, арабы қызғылт нарлармен аралас, үстіне сегіз қанат үй тиесең де мыңқ етпейтін лөк тұқымдас аруаналар...

 

28-бетте:

Ер азаматтары жау басар жүйріктерінің ер-тоқымын алмай түнде қос маңайында оттатып отыр.

 

29-бетте:

Әрі-беріден кейін соңынан шаңға көме сызылта шауып келе жатқан салт аттыны бәрінің де көзі шалды.

 

30-бетте:

Астындағы сүліктей жараған қылаң бедеуі қара терге малынған кісі Жоламандар тұрған төбенің етегіне келіп тоқтады.

Ат үстіндегі қара торы, жас қайыңдай берік, шымыр денелі жігіт екі иінінен демін алады. Ұзақ шабысқа шыдамды болу үшін қара санынан бастап кеудесіне дейін бар денесін тұтастыра қыл арқанмен айқыш-ұйқыш шандып тастаған.

 

30-бетте:

Сүмбідей сұлу бедеуінің үстінде қорғасын құйған құлжа асығындай берік отырған осынау жас жігіттің сымбатына сүйсінгендей көзінде бір сәуле жалт етті де, кенет үрлеп сөндірілген білте шам жарығындай жоқ болды.

 

31-бетте:

- Ереуіл атқа тағы ер салатын күн туды, - деді күйіне дауыстап, - халық кегіне суарылған ақ семсер жүзі мұқалмай бетімнен қайтпаспын.

 

33-бетте:

Ақырында барып Ақ Жайық өзені мен Қараөткел ортасын жайлаған Арғын, Қыпшақ, Алшын, Найман, Уақ, Керей рулары ауық-ауық ақ патша отаршылық саясатына қарсы ереуілге шыға бастады.

Алайда өзара бақастық, бәсеке, алауыздық сияқты дерт жайлаған бұл рулардың қоқан-лоқы ереуілдерін, қазақ даласының әр тұсына әскерлі бекініс орнатып үлгірген патша губернаторлары басып тастап отырды.

 

36-бетте:

Әйтсе де ел қамын ойлаған Жоламан, қиын-қыстау қатерлі нартәуекел іске көбінесе Байтабынды жұмсайтын.

 

37-бетте:

Ер басына ілген өрнекті кигіз жарғақ қорамсаларда бірнеше жебелер қатар тізілген.

Көрген жігіттер қос ат жегілген артқы арбада қара кигізге оралған бір күбі оқ-дәрі бар дегенді айтады.

38-бетте:

Аста бәйгеден келген Табын руының аты шулы қаракөк ақалтекесінен көрі, ханды осы атқа шапқан сегіз жасар бүлдіршіндей ерке-шора қыз таң қалдырады.

Анау-мынау бала жігіттер шыдай алмайтын алыс ат жарысына сегіз жасар Ақбөкен шыдады.

Жүйрік үйретер өжеттігі де жұрт аузындағы жырға айнала бастаған.

 

39-бетте:

- ...Сен қос қылаңды ал да, Серғазының аулына жет.

- ...Серғазы сұмырай қашан ұзатып алмақшы екен, соны біл, сегіз жүз жылқымды құрбан етсем де, аылын шауып, құдай қосқан қалыңдығыңды тал түсте тартып әперем.

Қос қылаңы – Жоламанның ұшқан құспен жарысар бедеулері.

Қос қылаңды кезектете ауыстырып мініп, кейін шапты.

 

40-бетте:

- Айналайын құлыным, ел қамын ойлар азаматтың сөзін айтып тұрсың.

Бие сауымындай кеңесіп үлкендер қауымының шешкені мынау болды...

Мүмкін ат ауыстырып отырса түнделетіп те келіп қалулары ғажап емес.

Бие сауымы өтпей, қалатын жауынгерлер таңдалып алынып, көштің алды қозғала бастады.

 

40-бетте:

Түйенің боздағаны, анда-санда ұйқысынан шошып оянған балалардың жылағаны, жылқының ауық-ауық пысқырғаны, оқыранғаны естілді...

 

41-бетте:

Екінші бөлегін қырқа тасасына қарай әкетпек болып тұрғанында кенет белесті өрлей шапқан ат дүбірлері естілді.

Көп кешікпей күнгей жақтағы белесті бауырлай ай астынан бір топ салт атты көрінді.

Иә, бұлардың қоршап келе жатқандары үш салт атты.

Аттары да әбден болдырған.

Ат жақтылау келген ақшыл жүзінде ай сәулесі ойнап, тостағандай мөлдіреген бота көздері түпсіз тұңғиық қара судай тұна қалған.

 

42-бетте:

Мұндай да ұзын шаш болады екен-ау! Тоқпақтай болып өріліп, үзеңгіден төмен ат тірсегіне дейін төңкеріле түсіп тұр.

- Жігіттер, аруды аттан түсіріңдер! – деп Жоламан әмір берді.

Байтабын өзі барып, қазақтың көне салты ғұрпымен Ақбөкенді ат үстінен жас баладай етіп бір қолымен мықынынан ұстап, бір қолымен шалбарлы қара санына тиер-тигізбес етіп көтеріп лып еткізіп жерге қойды.

 

42-бетте:

- Қаным кеуіп барады, бір жұтым саумалың бар ма, бойжеткен, - деп Серғазы әзілдеген болады.

Ақбөкен түрегеліп барып, көрші үйден сырлы аяққа құйып қымыз әкеледі.

 

44-бетте:

- Жақсы, - деді Жоламан ойын ашып айтпай, - әзірге біздің көшпен бірге болыңдар. Өзге жағдайды соңынан сөйлесерміз, - бір жігітке бұрылып, - жігіттер, ана тұсаулы аттарды алып, мыналарды біздің ауылдың көшіне жеткізіп сал, - деді.

 

44-бетте:

Жігіттердің бәрі жерде жатыр, аттары қырқа тасасында...

Жоламанның ойы: ең алдымен қоржынды Қара Бура, ақкөз Жәбірәйіл, Маңқа Әлексалдыға қарсы үш жүз сарбазымен айқаспақ, содан кейін екі жақ әбден қалжырады-ау деген кезінде артында тығулы ұшқыр атты екі жүз жігітін жауып жібермек!

 

45-бетте:

- ...Сонда бәрің да атқа қоныңдар.

Ынтыға тыңдап еді, ат дүбірі алыстап бара жатқан секілді.

 

46-бетте:

Сарбаздар бұлар жатқан жерден бұрыстау орналасқандықтан, қара-күңгірт таңда қырқаның бергі қойнауындағы тұсалған аттарды көрмеген еді.

Дәл осы мезетте Жоламанның қырағы көзі төменгі жақтан топтанған салт аттыны шалды.

Сыпайлардың жемге байланған аттары оңалып қалған тәрізді, ауыздықтарын керіп, бастарын шұлғып тастап, алға қарай тарп-тарп ұмтылады.

 

47-бетте:

Шолақ құйрық күрең айғыр мінген хорунжий алдында келе жатыр. Ат үстінде қопақ-қопақ етеді, шынында да ашулы қара бура тәрізді.

Тура тартылған жебе кеудесіне кірш еткен кейбіреулері аттың жалын құшты, енді біреулері әр жерден жеңіл жараланған сияқты.

 

48-бетте:

Сөйткенше болған жоқ, жыралы ойпаттан екі жүз әскер жүйріктерін ойната шығып “Табын! Табын!", “Тіленші! Тіленші!" деп ұрандай ат қойды.

Бірақ Жоламан тобы көп шығынға ұшырамай аттарына қонып алды.

 

48-бетте:

Қырқа төбенің басына бекініп алған Серғазы жігіттері мен Карпов солдаттары шыдатар емес, амал жоқ Жоламан бытырай ат қойған сарбаздарын жинап, сап түзеп шабуылға шығу үшін кейін шегінуге әмір берді. Лапылдап шауып келе жатқан жігіттер көзді ашып-жұмғанша аттарын бұрып алып жыралы ойпатқа кіріп жоқ болды.

 

49-бетте:

- Байтабын, осы шабуылда бағанағы арбаның қайда екенін байқап қал, - деді Жоламан жиеніне тағы да жау шебіне ат қоярында.

Жоламан аналардың да атқа қонғанын көріп тұр, егер бұлар енді атой салса олардың да қарсы шабатынын біледі.

Бірақ Жоламанның әдісімен таныс Гаврилло мен Александр урядниктер өздерінің солдаттарын тырп еткізбей, ат үстінен оқ жаудырып орындарында тұра берді.

 

50-бетте:

Жоламан атының басын қалай кейін бұрып алғанын өзі де сезбей қалды. “Аруақ! Аруақ!", “Тіленші! Тіленші!" деп Байтабынның даусы шыққан жаққа астындағы қамыс құлақ, бота тірсек, талай-талай топ жарған атақты күреңін құйындата ұмтылды. Батырдың ұранын естіген сарбаздары да аттарының басын бұрып алып “Жоламан! Жоламан!" деп кейін ұмтылды.

 

50-бетте:

Жоқ жерден пайда болған батырдың түрінен шошып, абыржып қалған солдаттардың бір-екеуін сойылмен қағып түсіріп, Байтабынға “бас қамшыңды атыңа!" деп Жоламан топ жарып қырды бөктерлей өте берді. Байтабынның да бедеуі ала жөнелді.

Аттары да болдырғандай.

Садақ оғы жетер жерге дейін ат қояр емес.

 

51-бетте:

Ең алдында есік пен төрдей ала аяқ күрең мінген батыр, үстіндегі сауыты күнмен шағылысады, одан кейін боз атты біреу.

 

54-бетте:

Және бүгін Қоқан даруғасы Ләшкәрдің ақылы бойынша құшбегінің арнаулы шақыруымен үш ақ пілге шатыр тігіп, кілең қара көк арғымақ мінген, қасында бір топ ешік – аға, муәдзин, наиб, геджағы бар Қоқан ханы Мәделіхан (Мұғамет Әлім) келген.

 

56-бетте:

Бегдербек алпысқа таяп қалған ат жақты, аққұба келген ұзын бойлы кісі.

 

57-бетте:

Саржан сұңғақ бойлы, қызғылт сары, өткір көзді, бәйгеге жараған жылқы тәрізді, қатып қалған, шапшаң қимылды кісі.

 

59-бетте:

Жылқы жылғы Арқаға Мәмет Әлім құшбегі қалың әскерді бастап барып, ар жағынан патша солдаттары шыққанда Ташкентке қарай қашқанын Саржанның сөз етіп тұрғаны құшбегіне ұнамады.

Қоқан бектерінің бау-бақшасын, салған қауын-қарбыздарын қарап, алсоғыс бола қалса өздерінің ат-көлігімен, қару-жарағымен төлеусіз-құнсыз қызмет істеуге міндетті.

 

62-бетте:

Бір ғана мың сегіз жүз жиырмасыншы Ұлу жылы Хиуа ханының әскері қазақ ауылдарын шауып, жүздеген адамдарын өлтіріп, алпыс бес мың қойын, он бес мың түйесін, жеті мың жылқысын, мыңға жуық сұлу деген қыз-келіншектерін тартып алып кеткен.

 

65-бетте:

Ержан әкесіне тартқан ат жақты, ақсары, талдырмаш келген бала жігіт.

Ағыбайдың ең сүйікті қаруы тоғыз буынды, жез сақиналы жуан қайың найза. Атқа мінгенде құлан терісінен бұзау тіс етіп өрілген қайыспен қанжығасына байлап алды.

Батырдың денелілігі соншалық, биіктігі кіші-гірім түйедей, атақты Ақылағына мінгенде, есекке мінген өзбектей, тізесі атының қолтық тұсын соғып тұрады.

 

66-бетте:

Қолына сойыл ұстап өзіндей кедей адамдарымен бірігіп қараңғы түнде бай ауылдардың сояр соғымын барымта етті.

 

67-бетте:

- ...Және аттарыңа сақ бол, өзбек бақташылары бөтен жаққа әкетіп жүрмесін.

Жігіттер мініп келген аттар көршілес керуен сарайының ауласына қойылған-ды, ал ер-тоқымдары осы рабаттың шыға берісіндегі бір бөлмеге үйілген.

 

70-бетте:

Соның ең үлкені Тентек төре атты кісі басқарған көтеріліс болды. Ол он екі мың атты сарбаз жинап алып, Қоқан ханының қарамағына енетін бірнеше қалаларды алған.

 

72-бетте:

Есенгелді мен Саржан қазақ елінің дәстүрі бойынша Ташкент құшбегіне ер-тоқымы, жүген-құйысқаны күміс, жал-құйрығы төгілген, Арқадан келген тоғыз қара жорға, тоғыз боз жорға, әр ер басына байланған тоғыз қара құндыз, тоғыз қоңыр бұлғын әкелген.

Сол оймен ханнан сұлтандардың әкелген жорғаларын жасырып қалды.

 

74-бетте:

Жау тиетінін жылқы ішіндегі жорыққа мінетін ат ең алдымен сезеді дейді қазақ, үнемі айқаста өскен Ағыбай бірдемеден сескенді ме, кетіп бара жатқан сұлтандарға:

- Біз де еріп барайық, - деп соңдарынан жүре түсті.

 

76-бетте:

Бұлар жылқы жаққа бұрылған кезде, сегіз жендеттің қамауындағы Есенгелді мен Саржан қонақ қабылдайтын бөлмеге кіре берді.

Олардың бағына жендеттер ат қора жағына бармады.

 

76-бетте:

“...- алысқанмен құр қаза боласыңдар, тез аттарыңа мініп қашыңдар" деді. Ендігі айқастың орынсыз екенін түсінген батыр жендеттермен ұрыспақ боп қылышын суырып алып жұлқынған Ержанды еркіне қоймай соңынан ертіп, аттарға жайдақ міне сап ауладан шыға берді. Ұйқысынан шошып оянып, шылбырына жабысқан күзетші жігітті, томардай аяғымен теуіп жіберіп, шалқасынан түсірді.

 

77-бетте:

Кей тұстары ат жалды, түйе өркештеніп ирелеңдеп жатыр.

Ал мынау құлын-тайлары ауық-ауық бүйірден бөліне шапқан шағын жылқы сауынға арнай ауыл маңына ұсталған тәрізді. Сойыл, құрық ұстаған он шақты жылқышының анда-санда құр-құрлаған айқайы тынық кеште сампылдап естіледі.

 

78-бетте:

Бұл – орта бойлы, кең жаурын, арықтау тарамыс денелі, жатаған келген ат жақты сары сұр кісі.

Аяғында атқа мінуге ыңғайланып тігілген орта қоныш көк салмен өрнектелген саптама етік.

 

80-бетте:

Домбырасын бәйге атына шапқандай сабалай ұрып, жыр шумағын құшақ-құшақ лақтырды.

 

81-бетте:

Бәйгеге шапқан жүйріктей, жыр желісінен маңдай тері бұршақтап аққан Нысанбай ақын, бір мезет Абылайға – Қарауыл рулары алты қызын беріп, оның үстіне Абылай қарақалпақтан бір, қалмақтан бір қыз алып, олардан отыз бір ұл, қырық қыз көргенін аса бір асқан жыр етіп толғатты.

 

83-бетте:

Бір биеден ала да туады, құла да туады, бір шіріген жұмыртқа кімді бүлдірер дейсің дейді ішінен Кенесары.

 

85-бетте:

Үйсін, Дулат, Қырғыз, Қарақалпақ өз басына Орта жүз бен Кіші жүздің ауыр жағдайы түссе ғана атқа қонады.

 

86-бетте:

Абылайдың алдында ғана Орта жүз хан көтерген қырық мың жылқы айдаған Сәмекенің ұрпақтары Құдайменді балалары десе, Кенесары ұйқысынан шошып оянады.

 

88-бетте:

Ұлытауды жайлаған Жырық руының байы Сандыбайдың Ердені осы өңірге правитель болып тағайындалып, ат шаптырылып, балуан белдескен үлкен той болған.

Бәйгеде сойылға ат жығылып, көкпарда кісі өлген ұлан-асыр осы тойдан қайтып келе жатып, Арғынның Алтай, Төртуыл рулары жайлап отырған Терісаққан өзеніне келіп, азырақ ат шалдыруға аттарынан түсе-түсе қалған. Астындағы сәйгүлік жүйрігін атқосшысына беріп, Кенесары қалың талды жағаға барған.

 

88-бетте:

Ауыл көшіп жатқан кез, сірә, көшжөнекей шомылып алғысы келген тәрізді, киімдері мен шідерлеп қаңтарып қойған аттары арғы бетте.

Қамшының тіліндей етіп өрілген қос бұрымы көк толқынмен ойнап жыландай иреңдеп, сымбатты денесі, су астында ақ сазандай бұлықсып, еріксіз көзін тартып әкеткен. Тек арғы беттегі аттары мен үюлі тұрған киімдерін көргенде ғана Кенесары есін жинай бастаған.

 

89-бетте:

Күнімжан өкінбеді, өйткені осыдан екі жыл бұрын қос қатынының үстіне тоқалдыққа алмақ боп сасық ұрт, бұзау тұмсық Қоңырқұлжа құда түсіп, үш үйір қара көк жорғаны қалың малына төлеп кеткен.

 

91-бетте:

- ...Ол Азнабай аулынан ат құйрығын кескендей еді ғой?

 

94-бетте:

Әрі-беріден соң тау ішінен екі салт атты сытылып шықты.

Наурызбай да тесіле қарады.

- Ие, Ағыбай көкем! Ал жанындағысы кім? Ат жалына жабысқан түрі Ержанға ұқсайды.

Сөйткенше құйындата шапқан екі атты жетіп те қалды.

 

99-бетте:

Арқа жеріне қайтқанмен де тыныштық болмайды дегендей жауға арналып жөнделген қару-жарақ, алыс жолға деп дайындалған ер-тоқым, жүген-құйысқан, мінер ат...

Тақымындағы бұзау тісті шоқпары, өзіндей шомбал, ошақ тұяқ, төрт таған, құлаш кеуделі, жалпақ жаялы мықты қазақы жылқы.

 

101-бетте:

Ұлы бабам Орта жүздің ханы Сәмекеге қырық мың жылқы біткен.

Өз әкем Құдайменді сұлтанға да отыз мың қара көк пен күрең бітті емес пе..

Жиырма мың қылаң мен бараным бар. Тек салықты аз төлеу үшін қағазға он екі мың деп көрсеткем. Сегіз мың жылқымды жасырып қалғам.

 

102-бетте:

“1834, Жылқы жылы Мамыр айының он тоғызында ақ патшадан бұзау терісіне мөр бастырып, қазақтан солдат алмаймын деген ант қағазын әкелгенімді былай қойғанда, патша ағзамның менің өтінішім бойынша биылғы Тауық жылы Көкек айының бесінде жіберген Указының өзі не тұрады?! ".

 

107-бетте:

Жанәділ ынжық, қорқақ, бірдеңеге берілсе тез ат құйрығын кесе алмайтын босаң.

 

108-бетте:

Бір биеден ала да туады, құла да туады деген міне осы.

 

112-бетте:

Қарқаралы аға сұлтаны Жамантайдың кенже қарындасы.

Тоқалға нәпсіқұмар сезіммен көңіл қосқан жүйрік дөнендей Шыңғыстан гөрі азбан жылқыдай ауыр денелі Қоңырқұлжаның жөні бөлек тәрізді.

Бір шапса ұзсақ шабатын әбден қалжыраған кәрі мәстек, жас байталдың ойнағысы келгенін білсе де, шаршағандықтан жастыққа басы тиісімен қор ете қалған.

 

120-бетте:

Талызиннің жарлығын орындаймыз деп бұлар ереуілге көтерілген Тыналы, Қарпық, Темеш болыстарына дейін барыпты, бұнда ат құйрығын шарт түйіп, қолына түкіріп отырған қалың жұртты көріп, әрі қарай жүруге қауіптеніп кейін қайтыпты.

Қоңырқұлжа балаларын көргенде, мыстан кемпірдің алдындағы алтын сақасын қотыр тайымен алып келген тазша баланың өгей шешесінен кем ренжіген жоқ.

 

120-бетте:

Екі беті дорбалана күреңітіп, қамшысымен жылтыр етігінің қонышын сабалай, үн-түнсіз отырған екі баласының алдында ерсілі-қарсылы жүре бастады.

- Бір салт атты көрінеді. Жүрісі тым асығыс, қақпаны ашайын ба? – деп дауыстады.

Ашылған қақпадан қара терге малынған кер төбел қазақы аттан көйлегінің оң иығы жауырынына дейін қан боп қатқан, ұзын сары солдат “Беда! Беда!" депқұлаймұлай жерге түсті.

 

122- бетте:

Кенесары әскері бекіністі алса, ең алдымен ат құйрығына аға сұлтанды байлайды.

 

123-бетте:

Қолына тобылғы сапты қамшысын ұстай далаға шықты. Дәл осы сәтте оның көзі бекініс қақпасына ойнақтай кірген қара жорғасына түсті.

Қара жорға жемге үйренген мал. Бекініс ішіндегі құдықтардан су ішпейді. Көк Есілдің көк толқынын жүзіп жүріп сусындауды әдет еткен.

Ол бекініс қақпасына оқырана кіріп, дағдылы жем жейтін астауына қарай төрт аяғын шалыс тастап, ырғала ағып келе жатыр.

 

124-бетте:

Ойда жоқта ауыл сыртында екі салт атты пайда болған.

Сол күні таңертең енесінен жетім қалып, құлынынан өзі еміздікпен асыраған қара жорғаны Есілден су ішуге келген кезінде еппен құр-құрлап ұстап алып, Шыңғыстың басы салынған дорбаны мойнына тағып қоя берген.

 

131-бетте:

- Кеңеске келген батырларыңның өзіңді күтіп отырғанына бие сауымдай мезгіл болды... Бармайсың ба?

 

132-бетте:

- Үш жүздің ардагер батырлары, - деді Кенесары жұртты сынай көз тастап, - қолымызға найза ұстап, атқа қонғаннан бері бір күн тыныштық көрген жоқпыз.

 

134-бетте:

- Біз бір ғана Құдайменді балаларының аулынан жиырма мың жылқы қуып, алдық. Қазір сәйгүлік жылқы мінбеген бірде-бір сарбаз қалмады.

- Қоңырқұлжа Омбыға жазған хатында бізден он екі мың жылқы алынды депті.

Ал біз тайлы-таяғына дейін айдап алдық десек, арғы түбекте әлі де үш мыңдай кілең ақ шағала асаулары қалыпты.

 

135-бетте:

- Аманқарағай приказы шабылғаннан іле-шала біз де Ақмола бекінісіне ат қоямыз.

 

136-бетте:

Тек қорғанға кірер екі қақпаның алдында ғана төрт салт атты қатар өте алар жіңішке жал бар...

 

139-бетте:

Бұл келгелі де айға таяп қалған, Сейтеннің үзеңгілес серігі, Тайжанның жалғыз қызына үйленіп, абақтыдан қашып шыққан Ожарды Кенесары құшағын жая қарсы алған.

 

140-бетте:

Ол аяғына жығылып жатқан Арыстанға қарамастын:

- Елін сатқан адам, жылқы ішіндегі маңқамен тең. Өзге жылқыны сау алып қалу үшін оған аяу болмасқа тиісті. Үкім біреу-ақ - өлім!

 

141-бетте:

Қазір босатылып тұрған Арыстан ақын, сұлтанның бұйрығы бойынша, үш күннен кейін “ат теуіп өлтіріпті” деген лақаппен Қараүлектің қолынан қаза табатыны дәл осы сәтте оның ойына мүлде алмаған іс еді.

Әрқайсысы өзінің атқосшы ұстап тұрған атына қарай беттеді.

 

142-бетте:

Наурызбай үйден шыққанда ең алдымен апасы Бопайдың атын ұстап тұрған шашақты найзалы, еркекше киінген қызды көрді.

Ол батыр Бопайдың әрі қасындағы серігі, әрі атқосшы нөкері.

 

142-бетте:

Өзінен екі жас үлкен Наурызбайдың күші басым болды ма, әлде ел аузына ілінген жас батырдың мысы жеңді ме, бие сауымдай мезгіл алысқаннан кейін Байтабын жығылған-ды. Наурызбай бас бәйгіге тігілген сүліктей қара су жорғаны өзі алмай, бөтен елдің қызы еді, жанындағы жолдасын жыққан айыбым деп, Ақбөкенге тартқан-ды.

- Батыр, бұл айыбың ба, әлде құрметің бе? – деген Ақбөкен қара жорғаның шылбырынан ұстап жатып.

 

143-бетте:

Бие сауымындай алысқанда Наурызбайдың күшінің оң жамбасы мен оң қолында екенін аңғарып қалған Байтабын, егер шынтуайтқа келсе, онымен папа-пар түсетініне көзі жеткен.

 

144-бетте:

Байтабын Бопайдың желдей жүйрік атақты кербестісінің айылын босатып, ер-тоқымын жөндеп қайтадан ерттеді.

 

145-бетте:

Бопай ері түзелген кер бестісіне еркектерше жеңіл мінді.

Олардың соңынан анандай жерде тұрған төрт салт атты қарауылы желе аяңдай берді.

Шашақты найзаларын желкілдете, ауылдан шыға өздерінің жасақтарына қарай құйындата шаба жөнелді.

 

146-бетте:

Ар жақтарынан Николай келіп жетті де үшеуі аттарына қарай аяңдады.

Ал қалған жартысын Атбасар жақтан орағытып, Есілді жағалата Қараөткелге иектете орналастырған.

Кенесары ат тынықтырып жатқан жерінен тамыз айының алтысы күні сәскеде көтерілді де, ымырт үйіріле Ақмоланың маңына шоғырланды.

 

147-бетте:

Оң жағында Кенесарының өзі, одан кейін Ағыбай, Ағыбаймен үзеңгілес Құдайменді.

Бір ғажабы қалың қол үзеңгілесе ат қоймай, дорбадан шашып жіберген бұршақ секілді, әр салт аттының аралары он-он бес құлаштай тым-тырақай шауып келеді.

 

148-бетте:

Әр салт аттының арасы он-он бес құлаш, көп болса екі-үш адамды оққа ұшырады.

 

149-бетте:

Ортадағы зеңбіректің оғы дәл тиген бір салт атты сарбаз ат-матымен көкке ұшқанын Қарапұшық анық көрді.

 

150-бетте:

Атын ойнатып Басықара батыр шыға келді.

Аңғал батыр сауытсыз еді, “қош бол елім” деп ат үстінен сүйретіле біраз жер барды да, сылқ етіп құлап түсті.

 

151-бетте:

- Тастамаңдар Басықара батырды жау қолына! – деп тұлғасы бөлек көк буырыл бестісін ойната әмір беріп, ешкім шықпаса өзім шабайын деп ыңғайланғанша, қамыс құлақ, бөкен сан, бүкіл Арқаға әйгілі  “Ортеке” аталған сәйгүлігімен Төлебай батыр, жұрттан сытылып шығып жеке сала берді.

 

154-бетте:

...көргенін көрмегендей боп, жауырды жаба тоқып жүре беретін.

...“Мың жылқы суарылғанда лайланбайтын көз тір тентек баланың ыш еткенінен бүліне қоймас” деп, еркек жанды тоқалдың қылығын баласы Шыңғыс қаза тапқаннан кейін, тіпті ұмытуға айналған.

Осы жағдайды ойлаған аға сұлтан Зейнепті өзінің еншісіне тиетін үш мың жылқымен төменгі түбекке көшіріп тастаған.

 

155-бетте:

Бәрі де жас құлынның етін жеп, сары қымыз бен қою шайын ішіп “Еркежан-ау, бөксең әбден толып, өзің Төлегеннің қырық күн шапса болдырмайтын көк жорғасындай жалпақ жаурын болыпсың ғой”, - деп қалжыңдап, не болмаса “төрт түлігің түгел, тек енді аға сұлтан байыңа бір ұл тауып беріп, оның дізгінін мүлде қолыңа ал”, - деп ақыл айтып көңілін көтеретін.

 

156-бетте:

Ал күнде сан мезгіл жас қуырдақ пен балбыраған уыз етке тойынып, балқаймақ пен сары қымызға ғана сусынын қандыратын...

Кәрі тарланның кей қимылы жас тұлпарға бергісіз.

Енді ол орнынан тұрмақ боп аяқ жағындағы кебісін киіп көтеріле бергенде, кенет үй сыртынан ат дүбірі естілді.

 

157-бетте:

Екіншісі Атбасар дуанының бір сұлтанына ұзатылған, енді төркіндеп келіп жатқан Құсбектің үлкен қызы Қадиша деген сұлу келіншек.

 

159-бетте:

Қыстан шыққан сүр қазы салынған, таң асқан уыз қымыз ішілді.

Ет жеп, қымыз ішіп, аз уақыт әңгіме құрып олар да кетті.

 

160-бетте:

Ат соғып тастаған екен” деп ойласын деп басы жастаққа тиісімен жорта қорылдауға айналған бала жігітке не дерін білмей, іші алай-түлей жанып барады.

 

161-бетте:

Семізінде жаратылған байталдай жұп-жұмыр аппақ денесі, шаңырақтан түсіп тұрған ай сәулесімен шағылысып, жарқ ете қалды.

 

162-бетте:

Есіркеген осылай не істерін білмей жатқанында кенет ауыл сыртынан ат дүбірі естілді.

 

163-бетте:

Зейнеп үлкен сырлы аяқпен мөлтілдете тоңазыған сары қымызды төсегінің үстінде көйлекшең отырған байына әкеп берді.

Қоңырқұлжа қымызын ішіп бола берген кезде Зейнеп үйге қайта кірді.

 

164-бетте:

Бар жылқысын Кенесары айдап әкеткеннен кейін Қоңырқұлжа жәрдем сұрап Омбы облысының бастығы Талызинге хат жазған.

 

165-бетте:

Жау қолында кеткен он жеті мың жылқыны қайтарып алу оңай ма?

Қоңырқұлжа жылқысын Кенесары алғанда, қара қазақтың жылқысын Қоңырқұлжа алмайтын не жыны бар. Аламын. Алғанда шырылдатып отырып тартып аламын.

Айналып келгенде Кенесарының Қоңырқұлжадан шапқан жылқысының ауыртпалығы тағы да қара халыққа түспек.

 

166-бетте:

Және болыстарға берген бұйрығында бұл малдар құлынды бие, үйірге салуға жарайтын айғырдан бастап, тек құнажын дөненге дейін ғана алынсын. Және асыл тұқымнан болсын. Қыршаңқы, маңқа жылқы алынбасын деп анықтай тапсырды.

Қоңырқұлжа: “Омбыға жүремін. Маған жолығып кетсін”, - деп Қарқаралының аға сұлтаны Қара Тоқаның Зілқарасына, Аманқарағайдың аға сұлтаны Уәлидің Шыңғысына ат шаптырды.

 

167-бетте:

“...Одан да су ішсең де, суан ішсең де өзің үйіріңнен айырылма!” – дейтін.

 

168-бетте:

-...Аға сұлтан Жамантайдың ойдағы жылқысын айдап әкетпек!

 

169-бетте:

- Иә, бүгін түнде сол арада ат тынықтырып алмақ. Ертең Қарқаралы аспақ...

Ол қайтадан сары жігітке бұрылды: - Байтабын менің жылқымның қайда екенін біле ме?

- Сонда менің жылқымды қай тұста деп жорамалдайды, Байтабын? – Қоңырқұлжа өзінің түбектегі тығулы жылқысын ешкім білмейді деп ойлаған болуы керек.

 

170-бетте:

- ...Жиырма адамға күштерің жетпесе, несіне ат мініп, қару асынып жүрсіңдер?

Жол бойындағы әлі Кенесары құрығы түсе қоймаған бай ауылдардан ат ауыстырып мініп, суыт жүріп үшінші күні таң ата Омбыға жетті.

 

171-бетте:

Бұл күні бір шетімен бір шеті тай шаптырым төрт қабат ақ үйде Омбының кадет корпусы ашылды.

- ...Арқасына қамшы ойнатып, соқа жегіп, жер жыртуды үйретеміз...

 

173-бетте:

Генералдың атұлтанты – ұзын бойлы корнет “кіріңіз” дегеннен кейін, қабылдау бөлмесінің қара былғарымен қапталған есігін аға сұлтан қобалжи ашты.

 

176-бетте:

Есіркегеннің аты өзгелерінің атынан ұшқырлау болғандықтан, серіктерінен озып кетіп, қоянды жеке қуды.

Тарсылдатып келіп қалған ат дүбірінен Әбдіуақит шошып оянып жанындағы шоқпарына жармасты.

 

177-бетте:

Ат құлағында ойнаған елу жігіт таң сыз беріп келе жатқанда түбектегі аға сұлтанның жылқысына тиді.

“Ә” дегенше болған жоқ бірнеше ат ойнап шыға берді.

Өз жасақтарынан тек он шақты сарбаз ғана жараланған Ағыбай мен Байтабын Түбектегі көкаланың тайлы-таяғын қалдырмай айдап елдеріне бет алды.

Оңашада ат жалын құшып жылап та алды.

 

179-бетте:

Жапар, Тайшық, Ахмет, Омар, Оспан, Әубәкір, Сыздық, Жәкей атты сегіз ұлының бірі бес жасар Сыздықты ертіп Кенесары ақ ордасынан шықты.

 

181-бетте:

Сыздық нағыз бір желіден босанған құлындай ауылға қарай ойнақтай жүгіре жөнелді.

Кенесары бәлсінген жоқ, әңгімесін бастап кетті.

- Атамыз Абылайды үш жүздің игі жақсылары боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ киізге орап, хан ғып көтерген күнінің түнінде ол бір ғажайып түс көріп шығыпты.

Астымда Жалынқұйрық жүйрігім бар.

 

182-бетте:

Жалынқұйрыққа мінгенің – хан тағына мінгенің.

 

194-бетте:

Он алтысында ат жалын тартып мініп, нағашысы Жоламан батырдың соңынан ерді.

Осы жеті жылдың ішінде ат үстінен бір түскен жоқ.

 

196-бетте:

Ие, сол қара кемпір еді ғой, бұл он алтыға жеткенде, Қожының кәрі кертөбелін алдына тартып: “Қарағым, ел шетіне жау тиді, найза ұстар ер-азамат атқа қонып жатқанда Қожы баласының шешесінің жанында отырғаны келіспес, әкеңнің атын жоқтатпай нағашыңның аулына бар”, - деген.

 

200-бетте:

Сол тілегін орындауға атын сайдың ар жағына тастап, ел әбден ұйқыға кіргенде ұрлана үйіне келген.

 

201-бетте:

Ат шаптырылып, балуан күрес те болды.

Той біткен түні жасырын кеңеске үзеңгілес серіктерін, өзіне бағынышты ру басшыларын шақырды.

 

209-бетте:

Кенесары қозғалысын басуды ақылдаспақ болған Перовский қарамағындағы аға сұлтандарға “тез жетсін” деп ат шаптырған.

 

213-бетте:

Одан Сарысудың құмайтты оң жағын жағалап отырып, жиырма екі шақырымдай жердегі Таймас батырдың моласын басып, қырық бес шақырым тұратын мына Қыз моласы деп аталатын тұсқа келіп азырақ ат шалдырыпты.

- Дұрыс айтасыз, - деді Генс, - қазақ жылқысы мұндай жерде де оттай алады...

Таң ата қалың қол қайта көтеріліп Сарысудың сол жақ жағасымен жүріп отырып, отыз шақырымдай жерде тұратын Қара Қыпшақ бейітіне келіп тағы да ат шалдырыпты.

 

215-бетте:

Бірақ Кенесары әскері бұл араға кідірмей, болдыра бастаған аттарына түркмендерше қойдың құйрығын жегізіп...

Бұның суы сәл тұщылау, бірақ түйе болмаса, жылқы ішуге келмейді.

Осы кейде Берді би моласы, кейде Құл деп аталатын сайда ат шалдырып, өздері түні бойы тынығып, таң ата ар жағында жиырма бес шақырым жердегі Созақтың түбінен бір-ақ шыққан.

 

216-бетте:

Тек мұндай жүріске күніне жүз жиырма шақырым жер алатын қазақ аты ғана жарайды.

- Қазақ жігіттері ше? – Генс те күлді. – Алғашқы саяхатымда салт атқа мінемін деп менің де артым ойылып қалған.

- Алашаханның жақсы көретін баласын тағы құлан үйірі басып өлтіріпті, - деді Генс аңызды есіне түсіре, - қатты қапаланған әрі мейлінше ашуланған хан, құлан біткенді қыруды бұйырады.

 

216-бетте:

Өзінің Иней, Қабан деген жүйрік аттарын мініп құландарды қуады, қайда қашса да қоймай бейшараларды қырады.

 

221-бетте:

Кенесарыға тартуға күміс ер-тоқымды арғымақ пен он бес мылтық жіберген Хиуа ханы Аллақұл, Кенесары менің жағымда болады екен деп Бұхарға қарсы соғыс ашты.

 

223-бетте:

Жүйрік ат шаппаса да қырындайды деген.

 

229-бетте:

Енді міне, мынау сар даланы кезіп келе жатқан үш салт аттының ортасындағы аққұба жігіт осы Есіркеген. Астында оқтаудай боп жараған күзен күрең. Басын шұлғып тастап, жіті басып аяңдағанда, екі жағындағы – шабдар байтал мен кәртаң тартқан қаракөк атжеле түсіп, әзер еріп келеді.

 

230-бетте:

Жанындағы пұшық сары мен денелі ат жақты қара сұр жігіттің үстінде кедей қолы жұпыны киім.

Екеуінің сырт бейнесі, ортадағы ауқатты жігіттің атқосшы серіктері екенін сездіреді.

 

232-бетте:

- Иә, жоққа жүйрік жете ме, - деп шал ауыр күрсінді, - ренжімесеңдер болғаны...

 

233-бетте:

Есіркеген жауап қайырған жоқ, атын тебініп қап, алдындағы адырға қарай шаба жөнелді. Серіктері де аттарына қамшы басты.

Ері мойнына кеткен екі-үш шідерлі ат оттауға қарай шоқаңдап барады.

 

235-бетте:

Есіркеген атқа қонысымен-ақ тағы сазара ойға шомды.

 

236-бетте:

Тек әлгі жығылмаған (әлде жаңа ғана тігіп үлгірген) үлкен үш ақ орданың есігінің алдында бұл үйлерде өлік бар екенінің белгісі ат құйрығына жалау байлаған сойылдар мен үй үстін айқыш-ұйқыш етіп таңған қара басқұрлар көрінеді.

Ауылды қоршай көп салт атты және тұр.

 

240-бетте:

“Бұларың не, әй?” – деп үйден жүгіріп шыққан әлгі бала жігіт, ат қағып кетіп өледі.

Ауылдың бас көтерер сегіз ақсақал, билерін ат бауырынан өткізіп ұрып өлтіреді.

 

243-бетте:

Хиуа, Қоқан, Россия ақ патшасы, қазақ сұлтаны – төртеуі төрт жақтан қанды шоқпарларын басына ойнатқан сорлы халқының құрып кетуге таяу тұрған тағдырын ойлағанда, өн бойы өртеніп, көкірегі қарс айрыла қайғы билеп, өзін өзі ұстай алмай толықсып ат үстінен құлап кете жаздайды.

 

248-бетте:

Қарамағындағы рулардың басшыларына ат шаптырып “әскерлерін жылдағыдан гөрі ертерек, қар кетісімен, көк шығуға қарамай-ақ, Қара Кеңгірдегі Алашахан моласының жанына жеткізсін”, - деп хабарландырған.

 

249-бетте:

Абайсыз отырған елді қанға бояп, жүзге таяу адамды шауып өлтіріп, мың түйе, үш мың бес жүз жылқы, он мың қоймен бірге жиырма бес адамды тұтқын етіп айдап әкетеді.

Горчаковтың бұл қылығына Кенесары бұлқан-талқан болып ашуланады, өзіңе кісі қыру керек болса, мен де көрсетейін деп атқа мінеді.

 

252-бетте:

...Кенесары сол күні түнде бидің аулын қайта шауып, өзін ат құйрығына байлап өлтіруге бес жүз сарбазымен Жанайдар батырды аттандырады.

 

253-бетте:

Томпиған қабір топырағының үстіне ескі шүберектердің қиқымдары мен жылқының қуарған қу бастарын, аттың жал, құйрығын үйіп тастаған.

 

256-бетте:

Дегеніме көнбеген елді аттың сауырына, қамшының бауырына аламын.

Бір үйін бос тастамай түндігін қылышпен турап, тайлы-таяғына дейін алдырмай айдап алам.

 

263-бетте:

Кенесары езу тартып күлді:

- Менің басымның төлеуін соншама арзан санағандары қалай? Өздері бір жылқыны отыз бес сомға бағалағанда, ең болмаса мың жылқы тұрмағанымыз ба?

 

265-бетте:

... “қазақтың атақты ханының бірі Қасым соғысты жақсы көрмесе де, қарамағындағы бір миллион жанның төрттен бірін атқа қондырып, найза ұстаттырған екен. Екі жүз елу мың әскері бар Қасым ханның айбарынан сескеніп, еш жауы оған қарсы соғыс аша алмаған....”

 

269-бетте:

Алтыбай сұлтанды ат бауырынан өткізіп жаралан, қос қызын бірдей ат артына мінгізіп, аулына алып келді де осы айқаста көзге түскен екі сарбазына зорлап қосты.

 

271-бетте:

Екіншісі, ұрысуға жері неғұрлым кең, өзінің негізгі әдісі атты әскерінің шапшаңдығын пайдалана алады. Бүгін бір жерде тұрса, ертеңіне екінші жерге шығып, әр жерден із тастап, жауына ұстатпайды.

 

272-бетте:

Өз жерінде, өз елінде Кенесары сарбаздарына бәрі дос, азық табу да, ат ауыстыру да жеңіл...

 

273-бетте:

Бекіністен шыққандарына екі тәуліктен асқан бес мың әскер, ат соғып, күйіп тұрған күнге әзер шыдап келе жатты.

Қалжырап келе жатқан әскерге ат шалдырып, тынығуға қолайлы...

Бизанов осы көлдің жағасына қонуды дұрыс көріп, қалың қолға “аттан түсіңдер” деп бұйрық берді.

Бірақ әскер тоқтаған жерден ат шаптырым. Сондықтан барлаушылар ол жақты ат қинап зерттеген жоқ.

 

274-бетте:

Қалың қол көл жағалай аттан түсіп, қос-қос боп шатырларын тікті.

Сөйткенше болған жоқ, тынығып жатқан әскер шатырларының үстін мыңдаған салт аттылар басып кетті.

Сатұр-сұтыр ұрылған сойыл, шоқпар, жалаңдаған қылыш, айқай-шу, өкірген адам, шыңғырған жылқы.

 

274-бетте:

Шатырларынан атып-атып шыққан солдаттар мылтықтарын алып салт аттылармен алысқанша, қайың сойыл ысылдап кеп көк желкеден тиеді.

Солдаттар енді аттарына мініп естерін жинаған кезде, салт атты сарбаздар, ауыл үстін жайпап өткен құйындай, топтарын бұзбастан, сойылдарын оңды-солды сілтеп заматта жоқ болды.

 

275-бетте:

Аттардың анда-санда осқырынғаны, кісінегені болмаса, келе жатқан дүбірлері тіпті естілмейді.

Бұлар аттарының аяғындағы кебістерін алып, қайтадан мінді... Оң қолына тоғыз буынды шойын табанды найзасын ұстап, атақты Ақауызына мінген Наурызбай мен Ақылақты ор қояндай секірткен Ағыбай мың сарбаздың алдына шықты.

Осындай тәртіппен мың санды қол он толқын боп жау үстінен ат ойнатып, сойыл соғып өте шығуы керек.

 

276-бетте:

Соққан құйындай Наурызбай мен Ағыбай жігіттері ұрандасып, көл жағалап арғы бетке ауған шақта, әр жерге қоға, қамыс жағып естерін жинай бастаған солдаттар да таң асырып қойған аттарына мініп үлгірді.

Жылқы баласы түнде де көреген келеді.

Содан кейін атқа қонуға бұйырды.

Аттары тынығып қалған екен, ауыздықтарымен алысып, қарш-құрш шайнайды.

 

277-бетте:

Бұлар бие сауымындай мезгілде ғана азық-түлік тиеген арбаларға жетті.

 

278-бетте:

Аттары жараулы мың солдат алды да, өзге әскерін азық-түлік тиелген көштен қол үзбей жедел жүріп отыруға бұйырып, жүріп кетті.

Ақырында кілең жүйрік мінген бес жүз ер жүрек сарбаздарымен өзі қалған.

 

279-бетте:

Ақауыз көкбестіні көсілте салған, зілдей найзасын оң қолымен ойната көтерген Наурызбай өзі жігіттерінің алдында...

Лагерь үстіне келіп қалған сарбаздардың бірнешеуі оққа ұшып, аттары ойнап шыға берді.

 

279-бетте:

Енді Ақауызбен үйірлес кер төбел қатарласа құстай ұшты. Бизанов солдаттары жайылып жүрген тұсаулы аттарын тауып мінгенше, құйындатқан қазақ жігіттері жүзге таяу жолдастарын оққа ұшырып, бұйратты белес, өркешті адыр арасына кіріп көзден ғайып болып кетті.

Егер атұлтаны Николай Губин дер кезінде жанына жетпегенде, көзі қарауытып, есінен танып бара жатқан Наурызбайдың аттан түсіп қалуы анық еді.

 

280-бетте:

Ат үстінен екі айдан бері түспеген солдаттары түгіл, өзі әбден иттей боп қажыған Бизанов, Мұғажарға қарай көшіп келе жатқан Кенесарының аулын қумай, Ор қаласына қарай шегінді.

 

281-бетте:

Ол аз уақыт аялдап, сарбаздарын сәл тынықтырып алды да, қайтадан атқа қонды.

Кенесары Арыстанның үш жарым мың жылқысын, үш жарым мың түйесін, жеті мың қойын, мыңға жуық қара малын тал түсте айдап әкетті.

Ол Қарқаралыдан Қараөткел келіп, одан жүз сексен шақырым Атбасарға үстірт жүріп отырып, екі-ақ күнде жеткен.

 

282-бетте:

Алдарында есік пен төрдей қара қасқа айғыр мінген, қисық бұқар қылышын басынан аса үйірген Иман батыр...

Ат жалын құша құлаған қыршын жігіттер...

 

283-бетте:

Ақырында үш жүздей ғана солдаты қалған есауыл, күндіз-түнгі ат үстінде селкілдеуге шыдай алмай азып-тозып, күздің қалың жаңбыры басталған кезде Қарқаралы бекінісіне қарай бұрылды.

 

289-бетте:

Талмаусырап кетіп, тек бие сауымындай кезде көзін әзер ашқан Зейнеп, дел-сал боп ұялап қалған денесін мақпал шапанының үстінен көтере алмай тағы біраз жатқан.

 

322-бетте:

...Атта жал, адамда қам жоқ, қыс көзі қырауда деп елдің қамын ойлаған боласың, Тәуке!

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

№ 4 ҚОСЫМША

 

І.Есенберлиннің “Көшпенділер” романындағы жылқы

атауларының шығармада қолданылу жиілігінің

 

СТАТИСТИКАЛЫҚ КАРТАСЫ

 

 

 

1-кітап       2-кітап        3-кітап       барлығы

 

 

Ат                                 147             152             200             499

 

Жылқы                        35               30               53               118

 

Салт атты                    6                 19               21               46

 

Атты әскер                  7                 20               6                 33

 

Ат үсті                          9                 14               16               29

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

МАЗМҰНЫ

 

Алғы сөз.............................................................................................................3

1-бөлім. Жылқы атауларының тарихи-ономосиологиялық және сөзжасамдық негіздері..............................................................................................4

1.1. Төрт түлік малға қатысты деректердің зерттелу жайы...........................4

1.2 І.Есенберлиннің “Көшпенділер” романындағы жылқы атаулардың жіктелімі мен лексика-семантикалық топтары.........................................................6

1.2.1 Жылқының жасы мен жынысына, түрі мен түсіне қатысты т.б. атаулардың жазушы шығармасында берілуі..........................................................10

1.2.2 Жылқының тұқымына және табиғи ерекшеліктеріне, жүрісіне, дене мүшелеріне, сыны мен бабына байланысты атаулардың қаламгер шығармасындағы көрінісі.........................................................................................26

1.3 Романдағы жылқы малына қатысты атаулардың сөздік қордағы орны............................................................................................................................45

1.3.1 Шығармадағы жылқы шаруашылығына қатысты тілдік бірліктер және олардың жасалуы.............................................................................................45

1.3.2 Романдағы жылқыға қатысты антропонимдер мен топонимдер, гиппонимдер, олардың жасалу жолдары................................................................58

1.4 Романдағы жылқы атауларының сөзжасамдық сипаты........................60

1.4.1 Синтетикалық тәсіл арқылы жасалған атаулар...................................60

1.4.2. Аналитикалық тәсіл арқылы жасалған атаулар..................................65

1.4.3 Лексика-семантикалық тәсіл арқылы жасалған атаулар....................71

2-бөлім. І.Есенберлинннің “Көшпенділер” романындағы жылқы атауларының этномәдени және символдық негіздері......................................75

2.1 Жылқы атауларын “ғаламның тілдік бейнесі” теориясы тұрғысынан зерттеу.........................................................................................................................78

2.1.1 Романда кездесетін кейбір жылқы атауларының этимологиялық табиғаты......................................................................................................................92

2.2 Жылқы малына қатысты атаулардың рухани мәдениеттегі орны......106

2.3 Романдағы жылқыға қатысты халықтық өлшем атаулары.................112

2.4 Жылқы атауларының қатысуымен жасалған фразеологизмдер мен мақал-мәтелдердің этнолингвистикалық сипаты.................................................115

Қорытынды..................................................................................................137

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі................................................................139

№1 қосымша..................................................................................................145

№2 қосымша..................................................................................................170

№3 қосымша..................................................................................................190

№4 қосымша..................................................................................................213

 

 

 


АМАНГЕЛДІ АЙНҰР АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ ҚАЗАҚ

АМАНГЕЛДІ АЙНҰР АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ ҚАЗАҚ

ОЖ 811.512.122`27(075) КБЖ 81

ОЖ 811.512.122`27(075) КБЖ 81

Алғысөз Еліміз егемендік алып, тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болуына байланысты қоғамда тарихи сана мен ұлттық таным көкжиегі кеңейе бастады

Алғысөз Еліміз егемендік алып, тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болуына байланысты қоғамда тарихи сана мен ұлттық таным көкжиегі кеңейе бастады

ЖЫЛҚЫ АТАУЛАРЫНЫҢ ТАРИХИ-ОНОМОСИОЛОГИЯЛЫҚ

ЖЫЛҚЫ АТАУЛАРЫНЫҢ ТАРИХИ-ОНОМОСИОЛОГИЯЛЫҚ

Сөздікте жылқы малына қатысты диалект сөздер олардың қолданылу аймағымен қоса әдеби тілдегі баламасымен, нақты мысалдар арқылы берілген [24]

Сөздікте жылқы малына қатысты диалект сөздер олардың қолданылу аймағымен қоса әдеби тілдегі баламасымен, нақты мысалдар арқылы берілген [24]

Мұндағы “халуун” сөзінің түпкі төркіні адамдармен бір туған, қандас туыстар деген мағынасын берген

Мұндағы “халуун” сөзінің түпкі төркіні адамдармен бір туған, қандас туыстар деген мағынасын берген

Бұл жөнінде Ф.П.Филин: “Изучение словарного состава по тематическим группам законно не только по причине методических удобств при изложении разнородного лексического материала

Бұл жөнінде Ф.П.Филин: “Изучение словарного состава по тематическим группам законно не только по причине методических удобств при изложении разнородного лексического материала

Жалпы сөздерді лексика-семантикалық, тақырыптық топтарға бөліп қарастыруға алғашқы қадамды

Жалпы сөздерді лексика-семантикалық, тақырыптық топтарға бөліп қарастыруға алғашқы қадамды

Осы принципке сай, шығармадағы жылқы малына байланысты сөздер жұмыста төмендегідей лексика-семантикалық топтарға бөлініп қарастырылды: 1)

Осы принципке сай, шығармадағы жылқы малына байланысты сөздер жұмыста төмендегідей лексика-семантикалық топтарға бөлініп қарастырылды: 1)

Лексика-семантикалық топтар туралы сөз қозғағанда сема және оның түрлері мәселеріне де тоқталған жөн

Лексика-семантикалық топтар туралы сөз қозғағанда сема және оның түрлері мәселеріне де тоқталған жөн

Жылқы малының жалпы атауларына төмендегідей сөздер енеді: ат, жылқы, жұнт, қылқұйрық

Жылқы малының жалпы атауларына төмендегідей сөздер енеді: ат, жылқы, жұнт, қылқұйрық

Жылқы түлігінің мінезіне байланысты: бас асау жылқы, кекжек (шегіншек) жылқы, безер (тентек) жылқы, жебір жылқы тағы сол сияқты атаулар да біршама

Жылқы түлігінің мінезіне байланысты: бас асау жылқы, кекжек (шегіншек) жылқы, безер (тентек) жылқы, жебір жылқы тағы сол сияқты атаулар да біршама

Ал сүтінің аз-көптігіне қарай : мама бие, сүті қайтқан бие, суалған бие, мәнерсіз бие, ақ тандыр бие, исіншек бие деп топтайды

Ал сүтінің аз-көптігіне қарай : мама бие, сүті қайтқан бие, суалған бие, мәнерсіз бие, ақ тандыр бие, исіншек бие деп топтайды

Осы топқа қатысты сойтал сөзіне тоқталатын болсақ, бұл сөздің анықтамасы 10 томдық түсіндірме сөздікте берілмеген

Осы топқа қатысты сойтал сөзіне тоқталатын болсақ, бұл сөздің анықтамасы 10 томдық түсіндірме сөздікте берілмеген

Ш.Жанәбілов, Р.Панзарбекова тағы басқа зерттеушілердің еңбектерінде сараланады

Ш.Жанәбілов, Р.Панзарбекова тағы басқа зерттеушілердің еңбектерінде сараланады

Жылқы түлігінің алты айдан бір жасқа дейінгі төлі жабағы деп аталады

Жылқы түлігінің алты айдан бір жасқа дейінгі төлі жабағы деп аталады

Бір сөзден тұратын негізгі атаулар біршама, мысалы, баран (баран ат, баран айғыр, баран жылқы), боз (боз ат, боз айғыр, боз дөнен, боз жорға), бурыл (бурыл…

Бір сөзден тұратын негізгі атаулар біршама, мысалы, баран (баран ат, баран айғыр, баран жылқы), боз (боз ат, боз айғыр, боз дөнен, боз жорға), бурыл (бурыл…

Пайғамбар жасына жетпеген ер-азаматтар қайтыс болса, оның асына ақбоз шалатын болған

Пайғамбар жасына жетпеген ер-азаматтар қайтыс болса, оның асына ақбоз шалатын болған

Атап айтқанда Құлантөбе, Құланқашқан, Құлансуат, Құланқырған

Атап айтқанда Құлантөбе, Құланқашқан, Құлансуат, Құланқырған

Артық екен тұяғы, Қызыл аттың тұяғы-ай! Ұшатын құстай көрінді

Артық екен тұяғы, Қызыл аттың тұяғы-ай! Ұшатын құстай көрінді

Анагр да, қиян да сондай. Бұларды домбаймен (ғылымда жабайы есек деп тек осы ғана аталады) бірге бір топ деп есептеу керек секілді

Анагр да, қиян да сондай. Бұларды домбаймен (ғылымда жабайы есек деп тек осы ғана аталады) бірге бір топ деп есептеу керек секілді

Туған жеріміздің ең шырайлы, сұлу өңірінің аты “Көкшетау” болса, ең үлкен көлі

Туған жеріміздің ең шырайлы, сұлу өңірінің аты “Көкшетау” болса, ең үлкен көлі

Мысалы, қазақ эпосында: “Тоқсан мың екен қарасы басына ноқта тимеген

Мысалы, қазақ эпосында: “Тоқсан мың екен қарасы басына ноқта тимеген

Ала (ала ат, ала айғыр, ала жорға, ала бие т

Ала (ала ат, ала айғыр, ала жорға, ала бие т

Оның мықтылығы сондай – ол “ертеңнен шапса, кешке озған, ылдидан шапса, төске озған томаға көзді қасқа азбан” болып суреттеледі

Оның мықтылығы сондай – ол “ертеңнен шапса, кешке озған, ылдидан шапса, төске озған томаға көзді қасқа азбан” болып суреттеледі

Демек, шығармадағы жылқы атауларының шебер қолданысы жазушының тілдік тұлғасын сипаттайтын аялық білімін де көрсетеді

Демек, шығармадағы жылқы атауларының шебер қолданысы жазушының тілдік тұлғасын сипаттайтын аялық білімін де көрсетеді

Тақымында бұзау тісті шоқпары, өзіндей шомбал, ошақ тұяқ, төрт таған, құлаш кеуделі, жалпақ жаялы мықты қазақы жылқы [65,99 б

Тақымында бұзау тісті шоқпары, өзіндей шомбал, ошақ тұяқ, төрт таған, құлаш кеуделі, жалпақ жаялы мықты қазақы жылқы [65,99 б

Егер құлын кезінде қолға түспесе, жабайы тарпаңнан айырмасы шамалы”, - деп жазады

Егер құлын кезінде қолға түспесе, жабайы тарпаңнан айырмасы шамалы”, - деп жазады

Тұлпаркөгіне міне сала, бұ да оңтүстікке қарай шаба жөнелді

Тұлпаркөгіне міне сала, бұ да оңтүстікке қарай шаба жөнелді

Ал иіскелесті, қасысты, тістесті, тебісті, жусады, үйездеді, үрікті, тулады, тарпыды, аялдады, қарғыды, секірді т

Ал иіскелесті, қасысты, тістесті, тебісті, жусады, үйездеді, үрікті, тулады, тарпыды, аялдады, қарғыды, секірді т

Б.Өтемісұлы); қалбыр өкпе, сом (кетпен, шара) тұяқ, сом аяқ, быртық бақай, болат тұяқ, тәует бас, қамыс құлақ, құлан жал, қаншыр мойын, бұлан мойын, қой жұтқыншақ,…

Б.Өтемісұлы); қалбыр өкпе, сом (кетпен, шара) тұяқ, сом аяқ, быртық бақай, болат тұяқ, тәует бас, қамыс құлақ, құлан жал, қаншыр мойын, бұлан мойын, қой жұтқыншақ,…

Сымбаты : шапсаң жел, мінсең жайсаң, тұрса селсоқ, күйкиіп көзге қолаш көрінеді

Сымбаты : шапсаң жел, мінсең жайсаң, тұрса селсоқ, күйкиіп көзге қолаш көрінеді

Міне, Зейнолла Сәніктің кітабынан бәйге аттарын сынау жөнінде алған мәліметіміз осындай

Міне, Зейнолла Сәніктің кітабынан бәйге аттарын сынау жөнінде алған мәліметіміз осындай

Егер аттың екі көзі бірдей көкшіл келсе, онда бұл жаман белгі емес, ал аттың бір ғана көзі, әсіресе мінер жақ көзі көкшіл болса, онда бұл…

Егер аттың екі көзі бірдей көкшіл келсе, онда бұл жаман белгі емес, ал аттың бір ғана көзі, әсіресе мінер жақ көзі көкшіл болса, онда бұл…

Мойын . Жүйріктің мойны жолбарыстың мойынындай жұмырлана бітеді

Мойын . Жүйріктің мойны жолбарыстың мойынындай жұмырлана бітеді

Мойын . Мойынның ұзындығы орташа, желке мен алқымдыққа қарай жұмырлана бітеді

Мойын . Мойынның ұзындығы орташа, желке мен алқымдыққа қарай жұмырлана бітеді

Мойын . Жүйріктің бітімінің ерекшелігінде көп мән бар

Мойын . Жүйріктің бітімінің ерекшелігінде көп мән бар

Теке мұрын, салпы ерін, ұзын тісті, Қабырғалы, жотасы болса күшті

Теке мұрын, салпы ерін, ұзын тісті, Қабырғалы, жотасы болса күшті

Сонда құлағына алдан соққан екпінді жел кірмейді, оның түбі ауырмайды, өзге дыбыстарды жақсы естиді

Сонда құлағына алдан соққан екпінді жел кірмейді, оның түбі ауырмайды, өзге дыбыстарды жақсы естиді

Тұяғы құрыш болаттай, Сала құлаш мойыны

Тұяғы құрыш болаттай, Сала құлаш мойыны

Бұл бәйгенің алғашқы сын кезеңі

Бұл бәйгенің алғашқы сын кезеңі

Мұны “көбік терін шығару” деп атайды

Мұны “көбік терін шығару” деп атайды

Наурыздың екінші жартысынан сәуірдің басына дейін осы тәртіппен атты екі немесе үш күнде бір суытады

Наурыздың екінші жартысынан сәуірдің басына дейін осы тәртіппен атты екі немесе үш күнде бір суытады

Бәйгеге дейін ат осы тәртіп бойынша бапталады” [ 79, 12-14 б

Бәйгеге дейін ат осы тәртіп бойынша бапталады” [ 79, 12-14 б

Халықтың бәйге атын баптауға қатысты ұжымдық тәжірибелері тілдің кумулятивтік қызметінің нәтижесінде сақталып қалған халықтың қазынасы

Халықтың бәйге атын баптауға қатысты ұжымдық тәжірибелері тілдің кумулятивтік қызметінің нәтижесінде сақталып қалған халықтың қазынасы

Есенберлиннің “Көшпенділер” тарихи трилогиясының оқиғалар желісінен де байқалады

Есенберлиннің “Көшпенділер” тарихи трилогиясының оқиғалар желісінен де байқалады

Мәселен, кәсіп иелерінің атауларынан жылқышы, атбегі, атұлтант, құрықшы, ат сыншысы, атқосшы тәрізді сөздер кездеседі

Мәселен, кәсіп иелерінің атауларынан жылқышы, атбегі, атұлтант, құрықшы, ат сыншысы, атқосшы тәрізді сөздер кездеседі

Ат-тұрман атауларына ер, тоқым, тебінгі тоқым, ішпек, ішкілік, терлік, айыл, шап айыл, төс айыл, кер айыл, құр айыл, тартпа айыл, алдыңғы айыл, жүген, жырым, ауыздық,…

Ат-тұрман атауларына ер, тоқым, тебінгі тоқым, ішпек, ішкілік, терлік, айыл, шап айыл, төс айыл, кер айыл, құр айыл, тартпа айыл, алдыңғы айыл, жүген, жырым, ауыздық,…

Мұндай ердің арт жағы жалпақ, отыруға ыңғайлы келеді, бірақ атқа ауыр ер

Мұндай ердің арт жағы жалпақ, отыруға ыңғайлы келеді, бірақ атқа ауыр ер

Сағалдырық – жүген мен ноқтаның ат алқымы астынан орап тұратын бауы

Сағалдырық – жүген мен ноқтаның ат алқымы астынан орап тұратын бауы
Материалы на данной страницы взяты из открытых истончиков либо размещены пользователем в соответствии с договором-офертой сайта. Вы можете сообщить о нарушении.
29.11.2020