«ӨШПЕСТЕЙ МҰРАСЫ БАР-Ы.АЛТЫНСАРИН»
Еженгалиева Арайлым Жолдыханқызы
Ең алғаш мектеп тұрғызып, өзін ұстаздық қырынан танытып, қазақ халқының сауатын ашып, еңбегі сіңген Қазақтың аса көрнекті жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері, жас ұрпаққа қалдырған өшпестей мұрасы бар - Ыбырай Алтынсарин халық ұстазы.
Ы.Алтынсаринның ең алғашқы мектебі 1864 жылы Торғайда ашылған болатын. Ол кезде балаларды оқытуға бірде-бір әдістемелер, оқулықтар болмады. Бірақ, Ыбырай атамыз оған мойымай өзінің оқулықтарын басып шығарды.
«Мектеп - білімнің тірегі, мұғалім - мектептің жүрегі» деген асыл сөзімен мұғалімдердің қолында адам тағдыры, болашақ ұрпақтың тәрбиесі тұрғанын, мұғалім болу оңай шаруа еместігін, әр оқушының көңілінің кілтін тауып, олардың тұлға болып қалыптасуына сүбелі үлес қосатын жан болу әр адамның қолынан келе бермейтінін айтқысы келгендей. Себебі, Ыбырай атамыздың мұғалімдерге арнап жазған хаттары, мұғалімдердің тілегі мен қажеттілігіне ерекше мән беріп, оларға ақылшы, жанашыр болғандығын біздерге байқатады.
Ыбырай Алтынсаринның балалар әдебиетіне қосқан үлесі зор. Ол жас ұрпақты білімге, өнерге, еңбекке, жақсылыққа шақыру мақсатында өлеңдер мен әңгімелер жазып, қалам тербеген. Өз заманының ғана емес, қазіргі яғни XXI ғасырдың әдебиетінен шығармалары жоғалмай, жас ұрпақтың жадына сақталып, мақтанышқа айналған ұлы тұлға. Ы.Алтынсаринды жырына қоспаған ақын, өлеңін жатқа білмейтін пенде қоғамда кемде-кем десекте болады.
"Кел, балалар, оқылық!" өлеңі жастарды оқуға, білім алуға шақырады:
Оқысаңдар, балалар,
Шамнан шырақ жағылар.
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар.
Кел, балалар, оқылық!
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық!
Өлеңнің әр шумағында оқудың әр жақты пайдасы айтылған. Енді ғана мектеп табалдырығын аттаған оқушы атамыздың осы бір өлеңімен таныс болып, ақын өлеңдеріне деген махаббатын оята түседі.
Ы.Алтынсаринның бастауыш сынып оқулықтарының мазмұнында берілген шығармалары оқушылардың танымдық қабілеттерін арттырып, ойлауларын дамытып, сөздік қорын көбейтіп, мәнерлеп оқу дағдыларын қалыптастырып, сахналау кезінде актерлік шеберліктерін арттырады, сүйіспеншілік, достық қарым-қатынастарын нығайтып, адамдық қасиеттерін, өмірдегі өз борыштарын түсінуге мүмкіндік береді.
Ыбырай атамыз жастардың оқыған адам болғандағы мақсаты өз халқының бір керегіне жарау, оны "Тастан сарай салдырып, айшылық алыс жерлерден көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызатын" елдердің қатарына жатқызу деп түсінді. Әр сөзінің жаны бар, тіршілікте терең із қалдырған Ыбырай Алтынсарин-ұлы дала ағартушысы.
© ООО «Знанио»
С вами с 2009 года.