ӘОЖ 94(574.42)
МҰХАМАДИЯНОВА А.М.
С. Аманжолов атындағы ШҚМУ, Өскемен
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАЛАРДЫ РЕПРЕЗЕНТАЦИЯЛАУДЫҢ ПАТРИОТИЗМДІ ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ МАҢЫЗЫ
Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2003 жылы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің бай тарихи-мәдени мұрасын, қазақ тілінде гуманитарлық білім қорын, тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру, ұлттық әдебиетіміздің жауһарларын жаңғырту үшін бірыңғай жүйе қалыптастыру мақсатында арнайы «Мәдени мұра» бағдарламасын жасап, жүзеге асыру қажеттігін айтқан болатын. Жобаның басты мақсаты – еліміздің тарихи-мәдени мұрасын зерттеп, оны қайта қалыпқа келтіру және сақтау, тарихи-мәдени дәстүрлерді қайтару, өзге елдерде қалған рухани мұрамызды жинақтау. «Мәдени мұра» бірнеше бағыт бойынша жүзеге асты: ұлттық мәдениетке ерекше маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалыпқа келтіру; археологиялық зерттеулер жасау; қазақ халқының мәдени мұрасы саласындағы ғылыми жұмыстарды атқару; ұлттық әдебиет пен жазулар тәжірибесін ортақтастыру. Бағдарлама аясында жүзеге асырылған сәтті жобалардың бірі - қазақ халқының бай философиялық мұрасын жинақтап, терең зерттеп бір жүйеге келтіру. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде «Қазақ халқының ежелгі заманнан қазіргі кезге дейінгі философиялық мұрасы» атты көптомдық шығармашылық туынды жарық көрді. Қорқыт ата сөздерінен бастап Абай мен Шәкәрімнің көзқарастарымен жалғасып жатқан Ұлы дала ойшылдарының философиялық ілімі төл мәдениетіміздің алтын қазынасы болып саналады [2].
Мәдени мұра - бұл халықтың, қоғамның, мемлекеттің рухани, мәдени, экономикалық және әлеуметтік капиталын құрайтын баға жетпес құндылықтар жүйесі. Бұл капитал адамның ұлттық бірегейлігінің түп тамыры, жаһандық өркениеттілік үдерісте өзінің төл мәдениетін сақтап қалуға, мәдени өзгешелігін анықтауға мүмкіндік беретін әлеуметтік-мәдени код болып табылады. Ол халықтың тарихи жадысын сақтап, қалпына келтіре отырып, жалпы оның адамзат мәдениетіндегі орнын объективті түрде қамтамасыз етеді.
Адамзаттың қазіргі жаһандық өркениеттілік даму жағдайында тарихи-мәдени мұраға деген қызығушылық жеке мемлекеттер мен ғылыми қауымдастық тарапынан біршама арта түсті. Тарихи-мәдени мұраны қорғау және заманауи ақпараттық технологиялар негізінде жаңаша репрезентациялау өзекті мәселеге айналды. Жаһандану қоғамның құндылықтар жүйесі мен құндылықтық бағыт-бағдар таңдау үдерісіне, адамның дүниетанымы мен түйсігінің қалыптасу әрекеттеріне, әлеуметтік-мәдени тәжірибені тұтыну мен тарату тәсілдері мен механизмдеріне түбегейлі өзгерістер әкеледі. Осы орайда өркениеттілік дамудағы әмбебаптылық пен жекеліктің ажырамас өзара бірлігі ретінде тарихи-мәдени мұраны зерттемей мәдени мұра мен адамзат дәстүрлеріне ғылыми тұжырымдалған көзқарас қылыптастыру мүмкін емес.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жолдауында «Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясын» құруды тапсырған болатын. Елбасы атап өткендей, әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Ал біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз [3]. Сондықтан осынау бастама ел көлемінде жаппай қолдау тауып жатыр.
Алып Абайды, шалқар Шәкәрімді, мұхит Мұхтарды дүниеге әкелген Шығыс топырағында қасиетті мекендер аз емес. Қазіргі уақытта болашақта «Қазақстанның киелі орындар картасына» енетін Шығыс Қазақстанның өзінің киелі орындар картасы түзіліп жатыр. Олар: Зайсан ауданындағы Шілікті жазығы, Катонқарағайдағы Берел қорымы, Ұлан ауданындағы «Аблайкит» ғибадатханасы, Мұзтау шыңы, Күршім ауданындағы Қиын Керіш, Абай ауданындағы Қоңыр Әулие үңгірі, Тарбағатайдағы Ырғызбай Досханұлы кесенесі мен Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі.
«Елбасымыз әрдайым ұлтымыздың ұлы ақыны Абай мұрасын қадірлеп, барша халықты оның өлеңдері мен қара сөздерінен өнеге алуға шақырып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да Абай атамыздың бүкіл әлемдегі оқу, білім, мәдениеттің ең озық үлгілерімен үйрену жөніндегі өсиеттерімен өзектес. Ендеше ұлы ойшылдың ізі қалған Қоңыр Әулие үңгірі сияқты мекендер біз үшін нағыз киелі жер болуы тиіс. Туған жерге тағзым осындай қасиетті орындарды қадірлеп, қастерлеуден басталады».
Осы киелі мекендердің бірі Қоңыр Әулие үңгірі ел арасында тарихи аңыздарымен және емдік қасиетке ие суымен белгілі. Әлі күнге ғалымдар үңгірдегі көл суының құрамын зерттеп, құпиясын аша алмай келеді. Жаугершілік заманда қазақтың қалың қолы осы көлге шомылып, жарақатттарынан айығып отырған деген де аңыз әңгіме бар. Сондықтан бұл табиғи ескерткіш ежелден ата-бабамыздың зиярат ететін орталығы болған. Қазіргі уақытты Қоңыр Әулие үңгірінің жанынан келуші саяхатшыларға арналған кешен салынған. Бұл кешенгі келушілер шипада іздеп келеді. Көл суының қасиетті күші туралы біздің замандастарымыз да көп айтады. Көл суы үнемі төрт градустық қалыпта сақталады. Судың қатты суық болуы адам ағзасына ерекше әсер етеді. Бұл жерде шок терапиясы маңызды рөл ойнайды. Қоңыр әулие ескерткіші – ең алдымен өткен тарихтың куәсі. Көнеден келе жатқан аңыз-әңгімелер, Шыңғыс хан тұлғасына қатысты аңыздар, қазақ-қалмақ соғысына қатысты деректер және Абай дәуірінің жаңғырығы Қоңыр әулие үңгірінің тарихи құндылығын ұрпақ жадынан өшірмейді.
Киелі мекен аймағына жататын Тарбағатай ауданындағы «Ырғызбай әулие» кешені ХІХ ғасырдың орта тұсында салынған діни архитектуралық ескерткіш. Ырғызбай Досханұлы заманында қазақ даласындағы дәрілік шөптердің қасиеттері мен қолдану тәсілдерін жетік меңгерген әйгілі емші және сынықшы болған. 2017 жылға дейін жеке адамдардың қолында болған кешен, қазіргі уақытта мемлекет меншігіне өткізілген. Соған байланысты қазіргі таңда бұл орында «Туған жер» бағдарламасы бойынша абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Кешенде кесенеден бөлек, мешіт, «Аманат» музейі және үш мыңнан астам кітап қоры сақталған. «Дала даналары» кітапханасы жұмыс істейді. Кешеннің шырақшысы Болат Тағабайдың айтуынша мұндағы кітаптардың Ибн Синаның ХVІІ-ХVІІІ ғасырлада жазылған медициналық тарктаттары да бар екен. Музейдегі жәдігерлердің де көненің көзі екенін аңғару қиын емес. «Музейде 600-ге жуық жәдігер сақталған.
Облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Негізі бұл өңірдің тарихи жәдігерлер мен киелі кендерге бай екендігі белгілі. Соның бәрі тізімге алынып, арнайы бағдарламалар қабылданды. Нәтижесінде, Қоңыр әулие үңгірі және Ырғызбай ата кесенесімен қатар, өңірдегі киелі жерлер картасына Шілікті, Берел қорымдары, Аблайкит ғибатханасы, «Абай - Шәкәрім» мемориалды кешені, Қиын – Керіш, Белуха, Ашутас таулары, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» кесенесі, «Алаш арыстары» музейі және тағы басқа қастерлі орындар енгізілген. Осылардың ішінде біздің заманымызға дейінгі VІIІ-VІ ғасырларға тиесілі, Зайсан ауданында орналасқан Шілікті қорымының орыны бөлек. Катонқарағай ауданындағы Берел қорымының да ел тарихындағы алар орыны ерекше. Әлі күнге қазба жұмыстары жүріп жатқан қорымнан таяуда ғана, яғни 2018 жылдың тамыз айында 7 метр тереңдіктен әйел адамның мүрдесі табылған. Археологтар оны 3 мың жыл бұрын жерленген деп болжайды.
Адамзат өркениетінің алтын бесігі болған Алтай жерінде тарихи қорғандар мен көне жәдігерлер өте көп. Тіпті әлемдік діндердің ескі ғибадатханалары да кездеседі. Мәселен, 1654 жылы Қалба тауында салынған Аблайкит қорғаны кезінде буддистердің ғибадатханасы болған. Елбасының тікелей бастамасымен салынған «Абай-Шәкәрім» мемориалды кешені де тек Шығыс Қазақстан облысы үшін емес, барша Қазақстан үшін ерекше маңызға ие. Белуха, Қиын-Керіш, Ашутас таулары сияқты табиғатына тарту еткен құндылықтарымыз да талай тарихтың куәсі ретінде баға жетпес асыл мұрамыз болып саналады. Мұндай жәдігерлер Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған ұлттық кодты сақтауда да ерекше рөл атқарады. Осындай тарихи-мәдени ескерткіштерімізді халық арасында кеңінен насихаттап, оның құндылығын дәріптеудің болашақ ұрпақ үшін маңызы зор.
Дәл осы жергілікті жерлердегі тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғауда және сол өлкенің тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін әйгілеуде жергілікті билік органдарының және тарихи-мәдени мекемелердің рөлі айрықша.
Бүгінгі таңда тарихи, археологиялық, сәулеттік және мәдени ескерткіштердің қирауы мен мүлдем жойылып кету қаупі төніп тұрғандықтан, бұл проблема одан сайын өзекті бола түсуде. Орын алып отырған күрделі экологиялық, антропогендік факторлар қоршаған табиғи және мәдени ортаның жағдайына, оның маңызды құрамы болып табылатын тарихи және мәдени ескерткіштердің үгітіліп қирай түсуіне ықпал етуде. Сондай жағдайда тұрған ескерткіштерді анықтау және зерттеу арнайы археологиялық зерттеу әдістерін қолдануды, әртүрлі ғылым мен білім жүйелерін бір арнаға тоғыстыратын жаңа бағдарламалар мен жобалар кешенін әзірлеуді талап етеді. Барлау-іздестіру жұмыстарына нанотехнологиялық және инновациялық әдістер қолдану көп жағдайда алға қойылған міндеттің нақты маңыздылығына және мамандардың кәсібилігіне байланысты.
Қазіргі адамның қарапайым санасы «виртуалды», «виртуализация» терминдерін компьютерлік және интернет технологиялармен ұштастырады, ал виртуалды реалдық феноменнің ғылыми тұжырымдамасына келетін болсақ, онда ол қамтитын проблемалық өріске жаңа дүниетанымды қалыптастыру және әлеуметтік міңез-құлық пен әлеуметтік іс-әрекеттің жаңа үлгілерін негіздеу атты өте маңызды аспектілерді жатқызуға болады. Бүгінгі таңда әлемдік ақпараттық технологиялар ақпарат алу және алмасу саласында, сонымен қатар білім беру технологияларын дамытуға бұрын сонды болмаған мүмкіндіктер беріп отыр.
Жаһандану дәуірінде мәдени түрлілікті сақтау идеясы бірінші орынға қойылады. Осыған орай дәстүрлі мұражайлардың қызметін мәдени мұраны сақтаудың институционалдық нысандары ретінде қайта бағдарлау немесе материалдық мәдениеттің түрлі ескерткіштерін ғана емес, сондай-ақ рухани мәдениет құбылыстарын сақтауға, түсіндіруге және көрсетуге мүмкіндік беретін осы нысандардың елеулі өзгеруі қажет. Экомузей, ашық аспан астындағы мұражай, дәстүрлер мұражайы, фольклор мұражайлар, витруалды мұражайлар жасауды қолға алуымыз қажет.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан, 1991-2019 жылдары Тәуелсiз Қазақстан мұражайларының қызметi атап айтарлықтай дамыды. Қазіргі жаһандану үдерісінің даму кезеңінде білім ордаларының негізгі қызметі жас ұрпаққа оқу мен кәсіби білім ғана беріп қоймай, жан-жақты жетілген, эстетикалық талғамы биік, рухани-адамгершілік мәдениеті жоғары, әлемдік мәдениеттен хабары бар, ұлттық құндылықтарды қадірлей білетін, отаншылдық рухтағы тұлға етіп қалыптастыру. Осыған байланысты оқу-тәрбие үдерісінде жастарды отансүйгіштікке, ерлікке, адалдыққа, елін, жерін құрметтеуге үйрету, шыншылдыққа тәрбиелеу қазіргі қоғамның басты мәселелерінің бірі. Бұл бағытта өзінің зор мүмкіндігімен мектеп мұражайларының атқаратын ролі жоғары деуге болады.
Н. Назарбаев «Жалпақ жұртыңды, исі алашыңды құрметтеу алдымен, өзің тұрған өлкенің тарихын танудан, адамын ардақтаудан басталады» деген. Сондықтан өз өлкеміздің, туған жеріміздің тарихын зерттеу, насихаттау, атақты тұлғаларын жас ұрпаққа таныстыру мектеп мұражайларының негізгі міндетіне жатады. Мектеп мұражайының негізгі мақсаты – жас буынның отбасы, ата-ана, мектеп, қоғам, отан алдындағы жауапкершілік сезімін қалыптастыру, туған өлкенің табиғи байлықтарын сақтап құрметтеуге үйрету, еліміздің өткені мен бүгініне құрметпен қарау, адамгершілік-эстетикалық мәдениеті жоғары, ой-өрісі биік азамат ретінде қалыптасуына ықпал ету. Патриотизмге тәрбиелеудің негізгі көздеген мақсаты – өзінің бай тарихи тәжірибесіне сүйене отырып, келер ұрпақты еңбекке, өнер-білім машықтарын меңгеруге, отбасын, туған өлкесін, отанын сүюге, ар-намысын қорғауға, және т.б. ізгі адамгершілік қасиеттерге баулу.
Қазақстанның мұражайларын дамыту мен қалыптастыру ісінде қазіргі талабына сай сын көтермейтін де мәселелер баршылық. Қазақстандық мұражайлардың қызметін жетілдіру мақсатында мынадай ұсыныстар жасағым келеді:
- мемориалдық мұражайлардың экспозициясын жетілдіру мақсатында мемлекеттік қаржыландыруды күшейту керек;
- мұражай саласы қызметкерлерінің өз қызметіне қызығушылығын арттыру мақсатында еңбекақысын көтеру керек;
- мұражайлардың электронды аудиогидтерін, электронды саяхатты жүзеге асыра алатын электронды жолсеріктерін шығару керек;
- Қазақстандық мемориалдық мұражайлардың қызметі мен бағытын жетілдіру мақсатында мұражай қызметкерлерін әлемдегі тәжірибесі озық мұражайларға тағылымдамаға жіберу керек;
- Қазақстандық мұражайлардың виртуалды мұражай ретінде электронды саяхатын жасап, ғаламторлық сайтын жасау керек, электронды жолсеріктерін жасау керек, себебі виртуальды мұражайларға саяхатқа шығу арқылы визуальды турист болуға болады.
Бұл ХХІ ғасыр мұражайлары жолға қойып отырған инновациялық қадам. Осындай іс-шараларды кешенді іске асырған жағдайда, қазақстандық мұражайлар, әлемдегі мұражайлар кеңістігі қатарына енетіні сөзсіз. Патриотизмді қалыптастыру жолында қосымша білім беру ұйымдарындағы туристік-өлкетану бағытында ұйымдастырылған үйірме жұмыстарының да маңызы зор. Туристік-өлкетану іс-әрекеттері адамның қоршаған ортаға деген түрлі сезімдерін білдіре алады. Туристік-өлкетану нысандарында, мазмұны жалпылама мәдени мұра бейнелерін құрайтын, әртүрлі оқиға, құбылыстарға белгілі бір сезімді білдіру арқылы көрсетіледі. Туристік- өлкетану іс-әрекетінің бұл ерекшелігі біріншіден патриоттық тәрбиенің мазмұнын анықтайды. Туристік-өлкетану іс-әрекеттерінің адамға белгілі бір мақсатта әсер ету ерекшелігі ең алдымен, адамгершілік сезімдерін дамытады және тәрбиелейді, адамның барлық психологиясын белсендіреді, қоғамдық дайындығын мәні бар құндылықтарға бағыттайды, сондай-ақ, оның еркін әрекеттегі арттырады. Демек, туристік - өлкетану іс-әрекеттері патриоттық тәрбие беру процесінде екі салада қарастырылады. Бірінші жағдайда, ол тәрбиенің пәні ретінде қызмет атқарады, оның мазмұны болып заттар, адамдардың іс-әрекеттері саналады. Екінші жағдайда, туристік-өлкетану тәрбиенің құралы болып табылады, осы мәдени-рухани құндылықтарды терең эмоционалдық түрде қабылдауға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа тағы бір ескеретін жағдай, патриоттық тәрбие беру процесінде оқушылардың жай қызығушылығын қалыптастырумен шектелуге болмайды Олардың жаңа білім алу процесін жандандырып және түрлендіруге қабілетті танымдық қызығушылығын қалыптастыру қажет. Атап айтқанда:
- мектеп оқушыларының қазақстандық патриотизмін қалыптастыру үшін өз өлкесіндегі мәдени мұра нысандарын пайдалану керек;
- мектеп мұғалімдері мен туризм нұсқаушыларына ұсынылған бағдарламалар бойынша тұрақты жұмыс істейтін үйірмелер ұйымдастыру керек;
- туризм нұсқаушылары мен туристік-өлкетану іс-әрекеттерін ұйымдастырушы мұғалімдерге туристік-өлкетану іс-әрекеттерін ұйымдастырып, оқушыларды қазақстандық патриотизмге тәрбиелейтін жұмыс формаларын өткізуге байланысты білімдерін жетілдіру мақсатында арнайы семинарлар, курстар өткізу қажет.
Түрлі жұмыстардың нәтижесінде оқушылардың патриоттық мазмұндағы мәдени мұра нысандарына көзқарастары өзгеріп, қызығушылықтары артады. Мәдени мұраға ұқыпты қарау және ақпараттық-коммуникативтік технологиялар негізінде тарихи-мәдени жадыны ұрпақтан ұрпаққа мирас етіп жалғастыру ұлттық бірегейлік пен ұлттық кодты сақтаудын, тәрбие және білім беру процесінде ұлттық сана-сезімді нығайтудың бірден бір жолы екенін назардан тыс қалдырмаумыз керек.
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. Ақыпбеков. Ө., Халық емінің құдіреті. – Алматы: Қайнар, 1993 жыл.
2. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. Астана, 2003 жылы 16 сәуір.
3. Назарбаев Н.Ә. Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы // Егеменді Қазақстан, 12 сәуір 2017 жыл.
4. Шығыс Қазақстанның көне тарихы мен мәдениеті. - Алматы: Арыс, 2002 жыл.
5. Шығыс Қазақстанның әкімшілік-аумақтық бөлінісі мен географиялық атаулары. - Өскемен: Қазақстан Жазушылар Одағының ШҚО бөлімшесі, 2003 жыл.
© ООО «Знанио»
С вами с 2009 года.