«АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ОҚУ-БІЛІМ ТАҚЫРЫБЫ»
ШҚО, Өскемен қаласы
Шәкәрім атындағы №1 орта мектеп
Ожаева Бахытнур Бахытбековна тарих пәнінің мұғалімі
Асыл сөзді іздесең ,
Абайды оқы, ерінбе,
Адалдықты көздесең,
Жаттап тоқы көңілге.
С.Торайғыров
Абай есімі – қазақ халқының ұлттық санасының оянуы мен рухани қайта жаңғыруының, қоғамның озық күштерінің өркениеттілікке ұмтылысы мен әлеуметтік әділдіктің символы. Абай ақын ғана емес, ол – халқымыздың ұлы ұстазы, тәлімгер педагогы. Өлеңдері мен қара сөздерінің ең басты обьектісі – адам, басты мақсаты – адам тәрбиесі. Абайдың пікірінше, нағыз адам – оқыған, білімге ынтық, құлаш ұрған жан. Нағыз адам еңбекке ғана сүйенеді. Оған ессіздік, жатыпішерлік, алаяқтық жат нәрсе деп біледі. Мысалы, «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде:
«Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба
Ойнап босқа күлуге...»
деген жолдардан адам білім-ғылымға ұмтылмай, өмірден өз орнын таптым деу бекершілік екенін аңғартады. Қызылды – жасылды дүниеге құмар болудың баянсыз екенін алға тартады.
«...Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз...»
деп, «Адам болу» үшін бес нәрседен аулақ боп, бес нәрсеге асық болуға шақырады. Жаман әдеттер тәрбиемен беріледі. Әлемнің екінші ұстазы Әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» демекші, олардан арылмай білім алуың бос әурешілік. Жоғарыда аталған жаман әдеттерден аулақ болғанда ғана алынған білім адамзатқа, қоғамға пайда әкелмек.
Абайдың шығармашылығы.
Абай алғашқы өлеңін 10 жасында жазған. Ал ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы – "Қансонарда". Абай өлеңдерінің ішінде мазмұны жағынан да, көркемдік бітімі жағынан да ерекшеленіп тұрған үздік туындылар көп. "Сегіз аяқ", "Қан сонарда бүркітші шығады аңға", "Қалың елім, қазағым, қайран жұртым", "Желсіз түнде жарық ай", "Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?" сияқты өлеңдерінің әрбіреуі тың дүние, шығармашылық жаңалық.
Александр Пушкиннің "Евгений Онегин" шығармасынан "Татьянаның хатын" және "Ленскийдің сөзін", Михаил Лермонтовтың "Ой", "Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз", "Қанжар", "Теректің сыйы" және тағы басқа өлеңдерін казақ тілінде сөйлетті.
Абай мысал өлеңдерін шебер жаза білді. Ақын осы жанр арқылы қазақ халқының сол кездегі өмірін, адамдардың мінезі мен іс-әрекетін дәл көрсетіп, сатиралық бейнелермен көркем жеткізді. Абай поэма жанрын да меңгерген. Оған "Масғұт", "Ескендір", "Әзім" сияқты шығармалар дәлел.
Батыстың өркениеті мен философиясы, ғылымы мен мәдениеті Абайдың рухани жағынан өсуіне айтарлықтай әсер етті. Ол Батыс пен Шығыс мәдениеттерін шебер ұштастыра білді. Абайдың негізгі зерттеу объектісі – адам.
Абайдың іргелі еңбектерінің бірі әрі бірегейі – қара сөздер. Осы сөздердің бірнешеуі алғаш рет 1918 жылы Семейде шыққан "Абай" журналында жарық көрді. Артынан Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз және тағы басқа әлемнің көптеген тіліне аударылды.
Абайдың философиясы
Ұлы Абайды өмір, қоршаған дүние, табиғат, болмыс сыры, олардың заңдылықтары көп ойландырған. Ол дүние сырына бойлап, өзін мазалаған сауалдарға жауап табуға тырысты. Мен осы кіммін? Жан иелері өмірінің түпкі мәні неде? Барлық адам баласы, жан-жануарлар да тамақтанады, ұйықтайды, қорғанады, артына ұрпақ қалдырады. Сонда адам баласының басқа жан иелерінен айырмашылығы неде? Ол өзінің пәлсапалық шығармаларында адам баласының өмір сүру мақсатын, сол мұратына жету жолын, әлемдегі болмыстың мәні мен өзіндік ішкі байланысын, жалпы заңдылықтарын ашып көрсетеді.
"Адам өмірінің мақсаты – кемелдену мен жетілу", - дейді Абай.
Мысалы, спортпен шұғылданып өзіміздің денемізді, күш-қуатымызды жетілдірсек, ал ғылым-білім, өнерге үйрену арқылы ой-өрісімізді жетілдіреміз. Абай осыларды айта отырып, бұлардан гөрі маңыздырақ жетілу барын, ол – рухани жетілу, яғни жанды жетілдіру деп көрсетеді.
Абайдың айтуынша, жан жүректе орын тепкен. Жан адамның тыныс-тіршілігін, іс-әрекетін жүрек арқылы басқарады. Егер жан жетілмеген болса, онда адамның іс-әрекетінде де кемшілік болады. Ішкі дүниесі тазарып, жетілген адам ғана қателікке ұрынбай, өмірде жаңсақ баспай, дұрыс өмір сүре алады. Адам баласының бақыты оның жүрегінің тазалығымен тығыз байланысты деп үйретеді.
Абай мұрасын кімдер зерттеді
Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеу шын мәнінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы мақалаларынан басталды деуге болады.
Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы "Қазақ" газетінде басылған "Абай — қазақтың бас ақыны" атты мақаласында "Одан асқан бұрыңғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ" — деп Абайды аса жоғары бағалады.
1909 жылы Санкт-Петербургте басылған Абай өлеңдерінің жинағында ақынның жүз қырықтай өлеңі, сондай-ақ, "Ескендір" мен "Масғұт" поэмалары енді. Бұл тұңғыш жинақты дайындаған, бастырып шығарған Кәкітай Ысқақұлы мен Абайдың баласы Тұрағұл болатын. Кәкітай Ысқақұлы бірінші болып ақынның өмірбаянын жазды.
Абайдың көзі тірісінде жарық көрген шығармалары көп емес. Ақынның өз қолжазбалары сақталмады. Шығармалары түгелдей дерлік Мүрсейіт Бікеұлының қолжазбалары арқылы жеткен.
Абай шығармашылығын зерттеудің алғашқы кезеңінде ақынның идеялық мұрасы қызу айтыстар тақырыбына айналды, "Абай философиясын" діншілдігі басым әдеттегі буржуазиялық идеалистік философияның жамап-жасқаған бір түрі деп дәлелдемек болушылар да табылды. Бірақ Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ілияс Жансүгіров Құдайберген Жұбанов, Сұлтанбек Қожанов сынды қоғам қайраткерлері Абайдың ақындық мұрасын шабуылдан қорғап, мақалалар жазды.
"Көзқарасының қарама-қайшылықтарына қарамастан, Абай бұл сөздің ұнамды мәнінде ең озық реалист-суреткер болды және сонысы үшін де біз оны құрмет тұтамыз, сондықтан да оның әдеби мұрасы біз үшін баға жетпес байлық болып табылады, тап солай болғандықтан да қазақ халқы Абайды өзінің аса ірі ұлттық ақыны деп біледі",- деп жазды Мұқанов.
Ал Мұхтар Әуезов Абайтануды дербес ғылым саласы дәрежесіне көтерді. Ол "Абай жолы" эпопеясымен ұлы ақын, ағартушының алып тұлғасын дүниежүзі оқырмандарына танымал әдеби бейне қатарына жеткізсе, ғылымда да сондай күрделі еңбек атқарды. Әсіресе, Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы осы салаға қосқан елеулі үлесі болып саналады.
Қытайда Абайдың шығармаларын танытуға Ха Хуан Жан (Хабай) көп еңбек етті. Ол Шыңжан өлкесінің Шәуешек қаласына жақын Қазақтар ауылында туған. Қытай тіліндегі мектептерде оқыса да, қазақ тілін жетік меңгерген. Абайды бала күнінен жаттап өскен екен.
1950 жылы Абайдың "Ескендір" поэмасын, ал 1958 жылы "Масғұт" поэмасын ханзу тіліне аударып, Пекинде арнайы кітап етіп бастырып шығарған. Жалпы, Хабай Абайдың 167 өлеңін, 3 поэмасын, 45 ғақлия сөзін түгел аударған. "Абай және Абай шығармалары" деген үш кітабын да Пекинде бастырған.
Абайдың өлеңдері басқа тілдерге аударылды. Мәселен, Грузин тілінде - Ш.Мчедлишвили, қарақалпақ тілінде - Ш.Сеитова, қырғыз тілінде - А.Токомбаева, татар тілінде - М.Максуд және Н.Арсланов, француз тілінде - Ғалымжан Мұқанов, ағылшын тілінде - А.Самохмалов, түрікмен тілінде - А.Хайидова, Т.Қасымова, П.Искакова және М.Хамраева Абайды ұйғыр тілінде сөйлеткен.
· Абай Құнанбайұлының шын есімі - Ибраһим. Әжесі Зере "Абай" деп еркелеткеннен кейін "Абай" атанып кеткен;
· Құнанбайұлы көптеген өлеңіне өзі ән жазған. Олардың ішінде кеңінен тарағаны – "Көзімнің қарасы";
· Абай Құнанбайұлы алғашқы өлеңдерін Көкбайдың атынан жариялап жүрген;
· Абай Құнанбайұлы 13 жасында ел басқару жұмысына араласқан;
· Абай Құнанбайұлының алғашқы махаббаты – Тоғжан;
· Абай Құнанбайұлы 1860 жылы Ділдәмен отау құрған. Ол кезде Абай 15 жаста болды;
· Абай Құнанбайұлы 16 жасында әке болды;
· Абай Құнанбайұлы 21 жасында болыс болып сайланды;
· Абай Құнанбайұлы екінші әйелі Әйгерімге 30 жасында үйленген;
· Еркежан - Абайдың әмеңгерлік жолмен үйленген әйелі. Ол Абайдың інісі Оспанның қалыңдығы болған. Еркежан Абайға өз қалауымен тұрмысқа шыққан;
· Абай Құнанбайұлының 36 жасында тұңғыш немересі Әубәкір дүниеге келді.
Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары. ... Абай – біздің ұлттық ұранымыз болуы керек. Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Менің балаларым мен ертеңгі ұрпағыма Абайдан артық, Абайдан ұлы, Абайдан киелі ұғым болмауға тиіс..... Елбасы Н.Ә. Назарбаев
Жақында Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы жарлыққа қол қойған болатын. Аталған құжатқа сәйкес, қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы тойлануда. Бұдан бөлек, "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік қорық-музейінде жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.
Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында атап өту жоспарланған.
ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Абай жайлы сөз = Слово об Абае / Шығыс Қазақстан мәдениет басқармасы. - Өскемен, 1995.
2. Абай және Әуезов = Абай и Ауэзов Абайтану оқулары=Абаевские чтения. - Алматы: Б.и., 1998.- 227 б.
3. Абайды оқы, таңырқа... - Алматы: Ана тілі, 1993.- 160 б.
4. Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайы / Қазақстан Республикасы мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі.- Астана: Елорда, 2005.- 20 б.
5.Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі. - Алматы: Ана тілі, 1995.- 272 б.
© ООО «Знанио»
С вами с 2009 года.