Доклад "ӘДЕБИ-ТЕОРИЯЛЫҚ ҰҒЫМДАРДЫ ОҚЫТУДА АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВТЫҢ «ӘДЕБИЕТ ТАНЫТҚЫШ» ЕҢБЕГІНІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ"
Оценка 4.6

Доклад "ӘДЕБИ-ТЕОРИЯЛЫҚ ҰҒЫМДАРДЫ ОҚЫТУДА АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВТЫҢ «ӘДЕБИЕТ ТАНЫТҚЫШ» ЕҢБЕГІНІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ"

Оценка 4.6
Лекции
docx
преподавание
5 кл—7 кл
07.02.2020
Доклад "ӘДЕБИ-ТЕОРИЯЛЫҚ  ҰҒЫМДАРДЫ ОҚЫТУДА АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВТЫҢ «ӘДЕБИЕТ ТАНЫТҚЫШ» ЕҢБЕГІНІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ"
Тунгатова М.О.docx

ӘДЕБИ-ТЕОРИЯЛЫҚ  ҰҒЫМДАРДЫ ОҚЫТУДА АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВТЫҢ «ӘДЕБИЕТ ТАНЫТҚЫШ» ЕҢБЕГІНІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

Мадина Тунгатова

Өскемен қаласы әкімдігінің «№32 орта мектеп» КММ

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 

Өнер туралы, әдебиеттің тарихы мен теориясы туралы ұлттық әдебиеттану ғылымында ең алғашқы жазылған еңбек - Ахмет Байтұрсыновтың  «Әдебиет танытқышы» болды . Үлкен білімдарлықпен, терең дәлдікпен жазылған бұл еңбек екі-үш жылдан соң авторы ұсталып кеткендіктен, көпшілік арасында кеңінен тарап үлгермеді де, ұлттық әдеби-теориялық ой-пікірдің өсу дәрежесін көрсететін ғылыми мәні тәуелсіздікке дейін дұрыс бағаланбай келді. Алайда, саяси-идеологиялық қыспаққа ұшырағанымен де, өзіне сара жол тауып, әдебиет туралы ұлттық ғылымда «Әдебиет теориясы» деп аталатын үлкен саланы қалыптастырды. Бұл туралы ғалым Р.Нұрғали: «Қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, методологиялық арналары, басты-басты терминдері мен категориялары түп-түгел  осы кітапта қарастырылған» десе [1], тілші-ғалым Р.Сыздықова: «Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» атты көлемді еңбегі әдебиеттану ғылымы мен  қазақ әдебиеті тарихына арналған тұңғыш зерттеу жұмысы. Мұнда автор көптеген жайттарды өзі шешіп, көптеген ұғымдарға терминдік атаулар ұсынады»-деп  жазды [2].

Біздің ойымызша, «Әдебиет танытқыш» ғылыми зерттеу ретіндегі маңызы қалыптасқан әлемдік теориялық ұғым-түсініктерге қазақша балама тауып, нақты мысалдармен дәлелдеуінде ғана жатқан жоқ, бұл еңбек тұңғыш ғылыми-зерттеу ретінде өз кезеңінде әдеби-теориялық білімдер жүйесінің қалыптасуына ерекше ықпал жасап қана қоймай, қазақ әдебиеттану ғылымының тууына негіз де бола алған құнды мұра. «Әдебиет танытқыш» -жалпы көркем өнер, оның ішінде әдебиеттің барлық болмысы мен бітімін, көркем шығарманың сыры мен сипатын, әдеби дамудың мәні мен мағынасын анықтау жолында ұлттық әдеби-теориялық ой-пікірді ғылыми бір жүйеге түсірген және әдебиет теориясына ұлттық сипат дарытуда терминдердің қазақша мағынасын тапқан автордың жанқиярлық еңбегінің жемісі. Қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, методологиялық арналары, басты-басты терминдері мен категориялары түп-түгел осы кітапта қалыптастырылған. Ғалым әдебиеттің барлық жанрларына, көркемдік құралдарына қатысты европалық орыс әдебиеттануындағы ұғым, термин, категорияларға шып-шырғасын шығармай түгелдей қазақша балама табады. Баспасөзде, кітаптарда, оқулықтарда, радио-теледидарда қазір кең де еркін қолданылатын сөз дұрыстығы, тіл тазалығы, тіл анықтығы, тіл дәлдігі, көрнектілігі, оның тараулары, көрнектеу, мегзеу, теңеу, ауыстыру, бейнелеу, алмастыру, кейіптеу, әсірелеу, арнау (сұрай арнау, жарлай арнау, зарлай арнау), қайталау, шендестіру, дамыту, үдету, түйдектеу, бүкпелеу, кескіндеу сияқты ұғымдарды тұңғыш рет енгізіп, осы сөздерді термин дәрежесіне көтерген, дәл анықтап берген – Ахмет Байтұрсынов екенін айту – тарихи әділет. Бұл еңбек  кейінгі әдебиетшілерге салып берген сара жол болды. Бұл – бұл ма, өлең айшықтары, шумақ түрлері, тармақ толғаулары, бунақ, буындар, ағындар, тармақ кезеңдері, ұйқастар – осы тектес өлеңтану категориялары да «Әдебиет танытқышта жасалды [3].

Еңбектегі өнертану, әдебиеттану, фольклортану салалары бойынша терминдер жүйесінің жасалуынан А.Байтұрсыновтың кемеңгер ғалымдылығы танылады. Мұнда әдебиеттануға қатысты 327 термин қолданылған болса, оның 60-ы осы күнге дейін пайдаланылып жүр, 267-сі қолданылмайды. Ғалымдар Ш.Жалмаханов пен Ж.Смағұловтар: «терминдердің жасалу жолына лингвистикалық тұрғыдан қарағанда, 67 термин дара тұлғалы, 223 термин күрделі тұлғалы болып келеді. Белгілі сөз өнер құрылысына берілген атау, термин сол құбылыстың адам, қоғам өмірінің рухани-әлеуметтік табиғатынан туындап жатқандықтан да,  ойға оралымды, көңілге қонымды болып шыққан»- деп көрсетеді [4]. Сондықтан да, жалпы әдебиет дегеннің болмысы мен бітімін толғаған, сөз өнерінің әліпбиі бола алған А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы» - қазақ әдебиеттану ғылымының үлкен көрсеткіші болумен қатар, теориялық ой-жүйесіне мықтап түрен салған, қазақтың парасатты толғамын, ойшылдығын эстетикалық таным-білігінің молдығын танытқан кезеңдік туынды.

«Әдебиет танытқышты» оқып-үйрену, игеру және пайдалану үшін, ең алдымен, бұл еңбектегі әр атау, ұғым- түсінік, термин және категориялық мән-мағынаны, мазмұнын түбегейлі түсініп алу керек. Бұл туралы академик З.Қабдолов: «Ахаң қалыптастырған әдеби-теориялық терминдерге мұқият жауапкершілікпен қараған жөн. Ахаң терминдерін жапа-тармағай жіпке тізе бермей, таңдау керек, сөйтіп барып талдау керек» - дей келіп, бүгінгі теориялық деңгейден табыла қоймайтын кейбір атауларды оп-оңай формализмге, абстракционизмге, болмаса канон жасап, қисық қисынға, қасаң қағидаға айналдырып алмау керектігін атап көрсетеді [5]. Алайда, «әдебиеттегі дәстүр жалғастығының заңына орай үш түрлі арнауды әрқайсымыз өзімізше пайымдап, қисындап, кейде тіпті қиыннан қиыстырып, біз де кітаптарымызға кірістірдік. Бірақ, амал не, бұл жаңалықты тапқан Ахаң екенін кезінде ашып айта алмай, Қажекеңе сілтеу жасауға мәжбүр болдық»-деп З.Қабдолов айтқандай, кейінгі жазылған еңбектерде қолданылған теориялық терминдердің баламаларын былай қойғанның өзінде, алдағы уақытта ғылыми айналымға енгізуге сұранып тұрғандары да баршылық. Мысалы үшін, көсемсөздің қазіргі ғылыми термин ретінде қолданылып кеткеніндей, «нақыл сөз», «қанатты сөз» деп жүрген афоризмді – ділмар сөз, эссені - заман хат деп Ахмет Байтұрсынов берген атаулармен атасақ ұтылмаймыз.

Әдеби-теориялық  ұғымдарды оқытуда Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» еңбегінің маңыздылығы өте зор. Мәселен «Әдебиет танытқыштағы» «Тіл көрнектілігі» деп аталатын тарауда А.Байтұрсынов адамға дерексіз заттан гөрі деректі зат түсініктірек, жансыз заттың күйінен жанды заттың күйі танысырақ деп,  адам сөйлегенде сөзі толық түсінікті болу үшін дерексіз затты деректі затша, жансыз заттарды жанды затша сипаттай білуі керек екендігін айтқан. Қалыпты түріндегі сөз сондай дәрежеге жету үшін А.Байтұрсынов үш түрлі әдісті көрсетіп кетті, олар: көріктеу, меңзеу, әсірелеу. Соның ішінде көріктеу деп, бір нәрсені көптен айырып, көзге түсерлік етіп айту барысында, ол нәрсенің атына айқын көрсеткендей сөз қосып айтуды айтқан. Және өзінің көркем туындыларында да осы әдісті шебер пайдаланған, мәселен ақын қаламынан туған «Анама хат» өлеңінде «хақ тағала», «биік қорған», «темір терезе» деген тіркестер көріктеу құралдары болып табылады. Біз қазір бұл терминді айқындау немесе эпитет деп қолданамыз. Алайда, А.Байтұрсынов бұл тұста көріктеу нәрсені айыра көрсетіп, айқын шығаруға жарағанымен, нәрсенің бейнесін сүгіреттеп көрсетуге күші жетпейтіндігін айтып, белгісіздеу сипатты белгілі сипатқа, белгісіздеу нәрсені белгілі нәрсеге теңеп, көрнектеп, ашығырақ көрсету керек деген және  осы тұста жоғарыда айтылған теңеудің өзін әншейін теңеу, әдейі теңеу деп бөле қараған. Сонымен қатар тағы басқа бірқатар теориялық ұғымдарға анықтама беріп кеткен. Соның бірі - ауыстыру, автор ауыстыру деп сөздің өз мағынасында жұмсалынбай, өзге мағынасында жұмсалуын айтып, оның өзін тіл ауысуы, лұғат ауысуы деп бөлген. Ал арасындағы  жақындығы бар екі нәрсенің атын ауыстырып, бірінің орнына бірін айтуды алмастыру десе, жансыз нәрсені жандының күйіне түсіріп тұрпаттауды кейіптеу деп атаған. Оған автор «қылышын сүйретіп қыс келді» деген мысалды алып, талдап көреткен, дәлірек айтсақ қыста қылыш та, қылышты сүйрететін күйі де жоқ екендігін айтып, бұл мысалда жансыз қысты жанды адам күйіне түсіріп, адамның істейтін амалын білдіріп тұр, сондықтан қыс бізге адам сүгіретінде көрініп тұр деген. Кейіптеуді автор өзінің Крыловтан аударған мысалдарында шебер пайдалана білген. Сондай аударманың біреуі -«Қара бұлт» мысалы. Осы мысалдан бірер үзінді келтірер болсақ:

Теңізге пәрменінше құя салып,
Мақтанды мырзасынып тауға барып.
Тау айтты: «Сен мақтанып келіп тұрсың,
Мен тұрмын бұл ісіңе қайран қалып.
Егер де сол қадарлы жаусаң жерге,
Су берсең шөлдеп тұрған егіндерге,
Көк шығып, жер отайып, егін өсіп,
Қандай зор тиер еді пайдаң елге!
[6].

Бұл мысалда тау кәдімгі тірі жан бейнесінде сипатталып тұр. Біздің қазіргі кезде әдебиет теориясында қолданып жүрген айшықтауды (фигураны) әсерлеу немесе лептеу деп көрсетіп, оған арнау, қайталау, шендестіру, дамыту, түйдектеу, бүкпелеу, кекесіндеуді жатқызған. Осының ішінде арнаудың өзін зарлай арнау, сұрай арнау, жарлай арнау деп бөлген, біз қазіргі кезде осы бойынша оқытамыз.

«Әдебиет танытқыш»  — қазақ әдебиеттану ғылымының алғашқы іргетасын қалаған қондырғы. Әдебиетші-ғалым Т.Кәкішұлы: «Мұндай еңбек бізде бұған дейін де, бұдан кейінде қайталанған жоқ. Ол — әдебиет теориясы мен әдебиеттану ғылымының міндет-парызын қатар атқарып, біздің алдыңғы ағаларымыздың эстетикалық сауатын ашуға мұрындық болған жүйелі оқулық. Ондағы анықтамалар мен терминдердің өзі күні бүгінге шейін біздің ғылыми арсеналымыздан орын алатын құнды қағидалар мен атаулар. Көркемдік әлеміндегі сөз өнерінің сай-саласын ұғындыратын  «Әдебиет танытқыш» - қазақ әдебиеттану ғылымының негізін қалаған өміршең қондырғы - фундамент» деген қорытындыға келеді [7]. Олай болса, «Әдебиет танытқыш» әдебиеттанудың әлемдік терминологиялық стандарт деңгейіне көтеріліп, шет сөзді араластырмай, қонымды, ықшамды, бір-бірімен сабақтас, ұйқас, ұялас ұғымдардың тұтас ұлттық қазақы жүйесін жасап берген құнды мұра.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТ ТІЗІМІ

1.     Нұрғали Р. Сөз өнерінің эстетикасы. Астана, 2003.

2.     Сыздықова Р. Сөз өнері. - Алматы, 1997. -120 б.

3.     Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. – Алматы: Атамұра, 2003. - 208 б.

4.     Жалмаханов Ш. Тіл білімінің тарихы: оқулық. - Қарағанды, 1999. - 203 б.

5.     Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Мектеп, 1976. – 372 б.

6.     Қазақ әдебиеті. ...-сыныпқа арналған оқулық.

7. Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы. Алматы, 1994.

 


 

ДЕБИ-ТЕОРИЯЛЫҚ ҰҒЫМДАРДЫ ОҚЫТУДА

ДЕБИ-ТЕОРИЯЛЫҚ ҰҒЫМДАРДЫ ОҚЫТУДА

Баспасөзде, кітаптарда, оқулықтарда, радио-теледидарда қазір кең де еркін қолданылатын сөз дұрыстығы, тіл тазалығы, тіл анықтығы, тіл дәлдігі, көрнектілігі, оның тараулары, көрнектеу, мегзеу, теңеу, ауыстыру, бейнелеу,…

Баспасөзде, кітаптарда, оқулықтарда, радио-теледидарда қазір кең де еркін қолданылатын сөз дұрыстығы, тіл тазалығы, тіл анықтығы, тіл дәлдігі, көрнектілігі, оның тараулары, көрнектеу, мегзеу, теңеу, ауыстыру, бейнелеу,…

Бұл туралы академик З.Қабдолов: «Ахаң қалыптастырған әдеби-теориялық терминдерге мұқият жауапкершілікпен қараған жөн

Бұл туралы академик З.Қабдолов: «Ахаң қалыптастырған әдеби-теориялық терминдерге мұқият жауапкершілікпен қараған жөн

Анама хат» өлеңінде «хақ тағала», « биік қорған », « темір терезе» деген тіркестер көріктеу құралдары болып табылады

Анама хат» өлеңінде «хақ тағала», « биік қорған », « темір терезе» деген тіркестер көріктеу құралдары болып табылады

Осының ішінде арнаудың өзін зарлай арнау, сұрай арнау, жарлай арнау деп бөлген, біз қазіргі кезде осы бойынша оқытамыз

Осының ішінде арнаудың өзін зарлай арнау, сұрай арнау, жарлай арнау деп бөлген, біз қазіргі кезде осы бойынша оқытамыз
Материалы на данной страницы взяты из открытых истончиков либо размещены пользователем в соответствии с договором-офертой сайта. Вы можете сообщить о нарушении.
07.02.2020