ГЕНДЕРЛІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРДІҢ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ОРЫН АЛУЫ
Оценка 5

ГЕНДЕРЛІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРДІҢ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ОРЫН АЛУЫ

Оценка 5
Научно-исследовательская работа
docx
29.11.2020
ГЕНДЕРЛІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРДІҢ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ОРЫН АЛУЫ
гендерная лингвистика
гендерная лингвистика.docx

Амангелді А.А., ф.ғ.к.

С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ, Нұр-Сұлтан қ.

 

ГЕНДЕРЛІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРДІҢ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ОРЫН АЛУЫ

 

Заманауи қоғамда кез келген халықтың ана тілі қарым-қатынас құралы ретінде адамның танымдық әрекетінің компоненті және қоғамдық-әлеуметтік жүйенің басты көрсеткіші, қоғамды жаңаша құрудың, ақпараттық байланыс пен тұлғааралық келісімді оңтайластырудың құралы, әлеуметтік қатынастарды бекітудің амалы тұрғысынан сарапталады. Сондай-ақ лингвомәдени қауымдастықтың ұжымдық тәжірибесін жинақтаушы, сақтаушы, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырушы құрал ретінде тіл – мәдениеттің құрамдас бөлігі, ал мәдениет – қоғам дамуына қажет ақпараттарды өңдейтін және таңбалайтын жүйе ретінде тілдің құрамдас бөлігі тұрғысынан зерттелуде.

Тіл біліміндегі қызықты тақырыптарың бірі – гендерлік лингвистика ерекшеліктері. Ғалым Маханова гендерді әлеуметтік тұрғыдан қарастырады:  «Гендер ұғымы жыныстың әлеуметтік құрылымы деген мағынаны береді. Гендер қоғамның әйел және ерге бөлінуінің өзі әлеуметтік өмірдің, жемісі екенін көрсетеді. Сонымен қатар, гендер дегеніміз – жеке адамның белгілі бір шектердегі мінез-құлқын белгілейтін және шектейтін әлеуметтік ұстанымдардың жиынтығы [1].

Гендер қоғамда дүниеге келіп, ұлттық тілдің тұлғаға әсер ететін әлеуметтік, психологиялық және мәдени үрдістердің жиынтығын көрсетеді. Мұндай үрдістер тіл білімінде гендерлік лингвистиканы тудырды.

Алғашқыда лингвистикалық гендерология деп аталған бұл сала әлеуметік тіл білімінің жаңа бағыты ретінде ХХ ғасырдың 90 жылдары өз жемісін бере бастады. Жеке сала ретінде бөлініп шығуына әйел мен ер жыныстың ерекшеліктерінен туындайтын мінез-құлықтың, қоғамдық ортадағы орны мен мәртебесінің тілдік қолданысқа ықпал ету факторлары басты себеп болды.

Шетел ғалымдары Т.Брандт, Лори Арлисс, Э.Гуссерль, Ш.Берн, П.Грайс, Э.Пайнс, К.Маслач, Энн Оуклей т.б. әйел тілі мен ер тілін мәдениаралық коммуникация шеңберінде қарастырып, «қарым-қатынас кезінде адамзат баласы әйелдік немесе ердік болмысын ерекше көрсете алады» деген ұстанымға сүйене отырып, зерттеу жүргізді.

Сонымен, тілде гендерлік қатынастың орын алатыны, яғни әйел мен ер тілінің, сөйлеуінің ара салмағы ерекшеленетіні айқын болды. Бірақ сол айырым белгілерді қай қырынан анықтау керек, не себепті ондай ерекшеліктер туындайды деген мәселелердің түйінін табатын әдіс-тәсілдерді айқындау, гендерлік сипатты тіл бірліктерінің қалай көрінетінін табу әлі де болса шешімін тапқан жоқ. Тілдегі гендерлік қатынастар көп жағдайда стереотиптік жағдаяттар арқылы көрініс табатынын атап өтуге болады. Яғни тілдегі гендерлік стереотиптер арқылы әйелдердің тілдік тұлғасы мен ерлердің тілдік тұлғасын қалыптастыруға болады екен.

Бір ғана ұлттың мәдениетін сақтаушы, сол ұлт тілін тұтынушы екі адамның (бірақ бірі әйел, екіншісі ер) лингвомәдени бірлікті таныту қабілеті мен білім деңгейі, тілдік қолданысы екі түрлі болады. Яғни екі жыныс өкілі мәдени құндылықтардың мәнін, мазмұнын кодтау кезінде лакунарлық шеңбер өрісінен шығып кетуі мүмкін. Ерлердің ұлттық мәдени құндылықты өзге біреуге сипаттап, салыстырмалы түрде теңеп түсіндіру қабілеті жетпегендіктен ұғымның толық мазмұны ашылмауы мүмкін. Ал әйелдер жете түсіндіремін деп, басқа ұлттардағы ұқсас құндылықтармен салыстыра сипаттау арқылы адресант санасында ұғымның нақ бейнесін қалыптастыруға тырысады. Бірақ лингвомәдени бірліктер, ұлттық мәдени құндылықтар көп жағдайда баламасыз болады, өзге ұлттан оған ұқсас дүниелерді табу өте қиын болады, тіпті табылмайды да, сондықтан әйелдердің коммуникативтік-прагматикалық әрекетінде де лакунарлық шеңбер өрісінен ауытқу құбылыстары байқалады.

Сонымен, гендерлік лингвистиканың негізгі бірлігі әйелдер тілі мен ерлер тілі болып анықталды, ғылым тілінде әйел мен ер тілінің белгілері гендерлект деп атала бастады. Гендерлект бір жыныс өкілі болып саналатын, бірақ әр түрлі әлеуметтік және кәсіби мәртебеге ие болған адамдардың қарым-қатынасын зерттеу кезінде, жеке тұлғаның (әйел немесе ер) отбасында, қызметте, таныстары, жақындары, туыстары арасында, жаңа ортаға келген кездегі сөйлеу, қарым-қатынас орнату қабілеттерін анықтау барысында айқын көрініс табады.

Гендерлік лингвистиканың негізгі бірліктерінің қатарына феминділік пен маскулинділік терминдері де енеді. А.Г. Шилина аталмыш ұғымдарды түсіндірудің үш негізгі тәсілін ұсынады: «феминділік» деген:

1.      Биологиялық тұрғыда әйел жынысының өкіліне тән физиологиялық ерекшеліктердің жиынтығы;

2.      Психологиялық,  әйел тұлғасына тән дәстүрлі қасиеттердің жүйесі (тәуелділік, жұмсақтық, әлсіздік, нәзіктік, т.б.), әйелдерге қатысты жыныстық мінез-құлық нормаларының сақталуы;

3.       Әлеуметтік,  белгілі бір мәдени ортадағы әйел жынысына тән ерекшеліктердің әлеуметтік қызметі, орны.

«Маскулинділікті» түсіндірудің тәсілдері:

1.       Биологиялық, ер жынысына тән физиологиялық ерекшеліктердің жиынтығы;

2.       Психологиялық, ерлерге лайықты белсенділік, тәуелсіздік, бірінші болу, билік басқару, шешім қабылдау, өз өзіне сенімді болу, әлді, қайратты болу сияқты құлықтық нормалардың сақталуы;

3.      Әлеуметтік, белгілі бір мәдени ортадағы ерге тән табиғи ерекшеліктердің әлеуметтік сипаты»

Осы белгілер әйелдер мен ерлердің тілінде, тілдік қолданысында эмоционалды, экспрессивтік тіл бірліктері арқылы, сипаттау, бағалау, қорытындылау дискурстары арқылы көрініс табады. Сондықтан гендерлект тек қоғамдық, әлеуметтік ғылымдардың ұғымы ғана емес, тіл білімінің де зерттеу нысаны бола алады.

Нәтижесінде әйелдердің лексиконы стереотип, ассоциацияны тез сезетін сол арқылы ойын эмоционалдық, иррационалды, бейнелі жеткізуге бейім болатыны, ал ерлер шынайы қабылдап, ақиқат дүниені тура қабылдайтын қабілеттері сай, ойын рационалды, тура мағынада жеткізуге бейім болатыны айқындалды. Сонымен қатар, бұл ерекшеліктер екі жыныс өкіліне тән биологиялық, физиологиялық, яғни табиғи қабілет деп танылып, әйелдердің көбінесе гуманитарлық саланы, филолог мамандығын таңдайтынымен, ал ерлердің негізінен техникалық саланы, физик, химик, инженерлік мамандықты таңдайтынымен дәйектеледі.

Әйел тілінің тілдік қоры ерлерге қарағанда мол, әрі бейнелі, эмоционалды, бағалауыштық, сипаттауыштық мағынаға бай, ал ерлер тілі қысқа, әрі нұсқа, тура мәнде жеткізілетін түсініктеме, анықтама тәрізді, стильдік реңкі солғын, бірақ шешімді, түйінді мазмұнымен ерекшеленеді.

Мәселен, қазақ халқы - сөзге шешен, суырып салмалық қасиеті дарыған, аз сөзбен күрделі ойды жеткізуге бейімделген, астарлап сөйлеп ұрпағын тәрбиелеген, қиялы ұшқыр халық. Қазақ халқының тілі негізінен бейнелі, көркем мағыналармен метафораланған тіл. Қазақтың әйелі болсын, еркегі болсын белгілі бір ұғымды түсіндіру барысында теңеумен немесе тұрақты тіркеспен ұғындыруға тырысады. Себебі тіліміздің қолданымдық құрылымы соған бейімделген. Сондықтан қазақ тілінің гендерлік аспектісін осы мәселелердің төңірегінде қарастыру қажет сияқты.

Қазақ тілінде гендерлік мазмұнды мақал-мәтелдер, тыйым сөздер өте көп кездеседі. Қыз бала көбінесе нәзік те қайратты, алғыр, салмақты да ширақ, төзімді жан ретінде сипатталады. «Қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деген қанатты сөздің өзі қыз бала тәрбиесі тұтас ұлтқа әсерін тигізетінін айтады. «Қызға қырық үйден тию» деген мақалдың астарында қыз абыройы, өскен ортасының абыройы деген мән бар. Ал «баланың ұяты - әкеге, қыздың ұяты - шешеге» деген мақалдың мәні ұл-қыздың жаман атағы сол бала тәрбиелеп отырған ата-ана ұяты. Қыз бала саналы болса, өсек, өтіріктен қашық жүрсе, ол да ана – мейрімі, бақыты. «Өсектен сау сонау қыз, шайқалмаған сары уыз».

Жалпы қазақ халқы бірінші дүниеге ұл бала келсе, алғашқы бала ұл болса қатты қуанған. Оған мол сенім артқан. Ұл бала артымда қалар ізім, тұяғым деп білген. «Тай өссе ат тынығады, ұл өссе әке тынығады», «Ата өліп бала қалса мұратына жетеді, бала өліп ата қалса арманы іште кетеді», «Соры қалың әкенің – кер бағып ұлы өседі», «Ұлыңның санасы болса, елдің ағасы болар» деген мақал-мәтелдерден ұл баланың, ер адамның рөлінің ерекше екенін байқауға болады [2].

Қазақ тіл білімінде гендерлік лингвистика мәселесін қарастырған ғалымдар қатарынан Э.Д.Сүлейменова, Б.Хасанов, Г.Шоқым ерекше орын алады. Э.Д. Сүлейменова гендер лингвистикасын тілді пайдаланушылардың жыныстық айырмашылықтарына байланысты тілдік құбылыстарды зерттейтін айрықша лингвистикалық пән деп танытады.

Сондай-ақ Г.Шоқым қазақ тіл біліміндегі гендерлік лингвистиканың бастамасы Қ.Жұбанов зерттеулерінде ерекше көрініс табатынын айта отырып, ғалымның осы аспектіде зерттеген тұжырымдаларын келтіреді: «Қ.Жұбанов әртүрлі халықта әйелдер тіліне тән ерекшеліктер болатынын атай келіп, әйелдерге ғана арнаулы, жүйелі болмаса да, әйел тілінің өзгешелігі қазақта да жоқ емес. Сол өзгешеліктердің бірі әйелдерде ғана болатын «ернін шығару» (кеміткенде), «бетін шымшу» (ұятсынғанда), «аузын шылп еткізу» (таңданғанда), «аузын быртылдату (кекеткенде) құбылыстары», - дейді [3].

Қазақ тілінің гендерлік аспектісін зерттеген Г.Шоқым қазақ халқының ұлттық болмысына тән тіл мен биліктің сабақтастығын гендерлік қырынан қарастырады: «Қазақ дәстүрлі қоғамында ел басқару, әкімшілік істердің тізгінін ер-азаматтар ұстаған. Тіліміздегі хан, сұлтан, би, бек, ел ағасы, ауыл ақсақалы, ру басы, қазы, төре, т.б. ер адамдарға қатысты қолданылатын сөздер әлеуметтік дәреже-лауазымды білдіретін гендерлік лексиканы құрайды. Бұл топқа патша өкіметінің қазақ даласын билек кезеңінде жиі қолданысқа түскен болыс, майыр, старшын, онбасы, елубасы, т.б. гендерлік атауларды да жатқызуға болады», дей келе, билікті басқаратын қазақ ерлерінің гендерлік рөлін былай көрсетеді: би-көсем, би-заңгер, би-елші, би- батыр, би-саясаткер. Сондай-ақ халқымыздың арғы тарихында да билікке араласқан әйелдердің гендерлік қызметін Томирис, Айша бибі, Домалақ ана, Бегім ана, Қызай, Бопай ханшалардың ел басқарушылық, ұлтты тұтастырушылық идеяларымен сабақтастырады.

Сонымен қазақ тіл білімінде гендерлік лингвистиканың негізгі зерттеу аспектісі ер тілі мен әйел тілі арасындағы айырмашылықты тілдік қарым-қатынас аясында, көркем мәтін құрамында, фразеологиялық, паремиологиялық қор құрамында қарастырумен ғана шектелмей, әйел тілі мен ерлер тілінің өзгеру динамикасын ұлттық гендерлік тілдік сипат пен қазіргі тілдегі гендерлік ерекшелікті салыстыра отырып зерттеу жүзеге асырылған.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.      Өркен Маханова «Білім беру жүйесіндегі гендерлік өлшем»//Ақиқат №9, 2003 жыл.

2.      Ж. Малайсарин «Қазақ мақал-мәтелдері». Алматы, «Ана тілі», 2004 жыл.

3.      Г. Шоқым «Гендерлік лингвистика негіздері»: оқулық / Алматы : Экономика, 2012. – 190 б.


 

4.     

Амангелді А.А., ф.ғ.к. С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ,

Амангелді А.А., ф.ғ.к. С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ,

Сонымен, гендерлік лингвистиканың негізгі бірлігі әйелдер тілі мен ерлер тілі болып анықталды, ғылым тілінде әйел мен ер тілінің белгілері гендерлект деп атала бастады

Сонымен, гендерлік лингвистиканың негізгі бірлігі әйелдер тілі мен ерлер тілі болып анықталды, ғылым тілінде әйел мен ер тілінің белгілері гендерлект деп атала бастады

Ал «баланың ұяты - әкеге, қыздың ұяты - шешеге» деген мақалдың мәні ұл-қыздың жаман атағы сол бала тәрбиелеп отырған ата-ана ұяты

Ал «баланың ұяты - әкеге, қыздың ұяты - шешеге» деген мақалдың мәні ұл-қыздың жаман атағы сол бала тәрбиелеп отырған ата-ана ұяты
Материалы на данной страницы взяты из открытых истончиков либо размещены пользователем в соответствии с договором-офертой сайта. Вы можете сообщить о нарушении.
29.11.2020