«Пияз отырғызу» тақырыбындағы ұйымдастырылған оқу қызметінің жоспары
Білім беру саласы: «Таным»
Бөлімі: «Қоршаған ортамен танысу»
Тақырыбы: «Пияз отырғызу»
Мақсаты: балалардың пияз туралы білімдерін нақтылай түсу (домалақ, сары, тамыры, сабағы).
Міндеттері:
Білімділік: пиязды бұрандалау тәсілін қолдана отырып отырғызуды үйрету, өсімдік тірі, оған ауа, су, жылу керектігін түсіндіру;
Дамытушылық: байқампаздық, қызығушылықтарын арттыру, балалардың сөздік қорын кеңейтіп, белсендіру ;
Тәрбиелік: табиғатқа деген қызығушылығын, денсаулықтарына деген жауапкершілік сезімдеріне тәрбиелеу.
Сөздік жұмыс: тамыр, құрғақ қабыршақ, нәрлі қабыршақ, өскін, сабақ
Үштілдік компоненет: пияз – лук – onion, қыс – зима - winter
Қажетті құрал - жабдықтар: пияздың суреттері, бала саны бойынша пияз , пияз отырғызуға арналған ыдыстар, суқұйғыштар, қасықтар, тәрелкелер, майлықтар, топырақ, стакандар
Мотивациялық – қозғаушылық кезеңі:
Балаларды шеңбер бойымен тұрғызып, Е. Өтетілеуұлының өлеңін оқиды. Шаттық шеңбер: Алдымыздан кезіккен Көп танысты көреміз. Бәріне де ізетпен, Біздер сәлем береміз |
Топқа пошташы келіп, кеткенін, ол Айболит дәрігердің сәлем – сауқыт салынған қорапша жібергенін айтады.
(Балалар келген қонаққа қуанады, пошташымен амандасады)
Ұйымдастыру– іздестіру кезеңі:
Тәрбиеші қорапты сығалап, қатты таңданады (қораптың кішкентай ғана қол сиятындай тесігі бар) .
Әңгімелесу.
- Балалар, бұл қораптың ішінде не бар екенін тауып көріңдерші. Ішінде не бар деп ойлайсыңдар?
- Таба алмасаңдар, мына тесікке қолымызды тығып, оны ұстап көрейікші.
(Қолдарын тығып, ұстап көреді, не екенін табуға тырысады. Әр баланың жауабы)
- Ал, енді иіскеп көрейікші. Балаларға иіскетіп көреді.
- Ол не екен?
(Иіскеп көреді, ойланып, не екенін тауып айтуға тырысады.
- Бұл – пияз!)
- Дұрыс таптық па екен, соны білу үшін, менің жұмбағымды тауып көріңдерші.
Жұмбақ жасырады.
(жұмбақ авторы : А. Т. Тусипжанова – Шагирова)
Домалақ бір дәрумен,
Сары тонға киінген,
Жылатады аршысаң,
Ашты, өткір иісімен.
Ол не?
- Дұрыс айтасыңдар! Бұл пияз . Неге Айболит дәрігер бізге пияз жібергенін білгілерің келеді ме?
- Қазір қыс мезгілі болғандықтан адамдарға дәрумендер жетіспейді. Сондықтан көп ауырады. Балабақшаны көп босатпасын деп бізге пиязды жіберген екен. Білесіңдер ме, пияздың ішінде тұмауға қарсы тұра алатын көп дәрумендер бар. Ауада әртүрлі микробтар ұшып жүреді, бірақ олар пияздың ащы, өткір иісінен қорқады.
- Енді, ноутбуктың экранына назар аударыңдар (ноутбуктен слайд көрсете отырып , қысқаша мәлімет беру)
Пияз туралы ақпараттық слайд көрсету.
(слайд арқылы пияздың адамға деген пайдасы, оның құрылымы туралы мәлімет беріледі, сөздік жұмысы да осында жүргізіледі)
- Пияздың тамыры, сыртқы құрғақ қабыршағы, яғни қабығы болады, ал оның ішінде нәрлі, сулы қабыршақтары болады. Міне осы нәрлі қабыршақты аналарың турап тамаққа қосады.
- Жоғары жағында жасыл , ұзын өскіні , сабағы болады. Бұл сабақтарын салатқа қосамыз.
Тақтамен жұмыс.
Балалардың назарын тақтаға аудартып, сурет арқылы алған мәліметтерін сұрақ – жауап арқылы бекітеді.
Пияздың қандай бөліктері бар екен? (Пияздың тамыры, өскіні, сабағы болады. Түсі сары. Сабағы жасыл болады) |
- Пияздың адамдарға не керегі бар екен? (Пияз микробтарды өлтіреді.
Пиязда аурулармен күресетін дәрумендер көп)
- Пияз орысша - «лук», ағылшын тілінде - «onion» деп айтылады.
- Ендеше, біз де өз тобымызға пайдалы пиязды отырғызып қояйық.
- Маған көмектесесіңдер ме?
- Онда «Ғылым орталығына» өтейік.
Пияз отырғызу: (алдын ала үстел үстінде келесі заттар дайын тұрады: аршылған бүтін пияз, туралған пияз, көк пияз, пияздың қабықтары, бір ыдыста топырақ, әр баланың алдында тәрелкеде пияз отырғызатын сауыттар жартылай топырақ салынып қойылған, суы бар стакандарда тамырландырылған пияз, қасықтар, суқұйғыштар, таза , құрғақ сүлгілер, қоқсық салатын ыдыс)
- Міне былай сауытты аламыз, оған былай бұрандалап пиязды тамыр жағымен отырғызамыз. Енді жан – жағына қасықпен топырақ себеміз, өскінді жабуға болмайды. Ол жерден пияздың сабақтары өсіп шығады. Енді пиязымызды суарамыз, бірақ пиязды суарғанда тек қана айналасындағы топырағын ғана суарамыз. Міне дайын болды.
- Енді, бәріміз бір – бір пияздан аламыз, мен айтып тұрамын, ал сендер өздерің пиязды отырғызасыңдар.
Жеке жұмыс.
Икемі келмей бара жатқан балаға көмектесіп жібереді.
Сергіту сәті:
(Сергіту сәтінде ойын ойнайды)
Бір баланың басына пияздың маскасын кигізеді.
- Бізде үлкен бақша бар, онда пияз өседі.
- Үлкендігі мынадай, биіктігі мынандай.
- Пияз, енді бізге кел, бізбен бірге билеп бер. (осы сөзден кейін пияз – бала билейді)
Дидактикалық ойын: «Пиязды құрастыр» (балалар жерге жатып пияздың сабақтарын жасыл түсті қыстырғыштармен құрастырады, осы кезде педагог басқа орталықтардағы балаларды бақылап келеді)
Шарты: қағаздан жасалған пиязға, жасыл қыстырғыштардан өскіндер қыстырып, құрастыру.
- Кім пияз туралы тақпақтар біледі?
Балалардың тақпақтары:
Асханадан шықпаймын,
Атым пияз бұқпаймын.
Көзден жасты ағызамын,
Тұмаудан бірақ сақтаймын.
*
Дәмдеуіштің бірімін,
Барлық – барлық тағамға.
Көкөністер ішінде,
Мен пайдалы адамға.
Рефлексивті– түзетушілік кезең:
Белгі беру. Дауылпазбен белгі беру. Қорытынды: Суреттерді көрсете отырып, сұрақ – жауап арқылы оқу іс – әрекетті қорытындылайды. - Пияздың адамдарға қандай пайдасы бар? - Пияздың құрылымын еске түсірейікші. Қандай бөліктері бар? - Пиязды орысша не дейміз? |
Балаларды мақтап – мадақтау, аскорбинка ұсыну.
© ООО «Знанио»
С вами с 2009 года.