ӘЙГІЛІ ҒҰЛАМА ОЙШЫЛ ҒАЛЫМ ӘБУ-НАСЫР ӘЛ-ФАРАБИ
Оценка 4.6

ӘЙГІЛІ ҒҰЛАМА ОЙШЫЛ ҒАЛЫМ ӘБУ-НАСЫР ӘЛ-ФАРАБИ

Оценка 4.6
docx
30.11.2020
ӘЙГІЛІ ҒҰЛАМА ОЙШЫЛ ҒАЛЫМ ӘБУ-НАСЫР ӘЛ-ФАРАБИ
ӘЙГІЛІ ШЫҒЫСТЫҢ ҒҰЛАМА ҰЛЫ ОЙШЫЛЫ.docx

ӘЙГІЛІ ШЫҒЫСТЫҢ ҒҰЛАМА ҰЛЫ ОЙШЫЛЫ

ӘБУ-НАСЫР МҰХАММЕД ИБИ МҰХАММЕД ИБН ҰЗЛАҒ ИБН ТАРХАН

 ӘЛ-ФАРАБИ ТАРИХЫНА САЯХАТ

Ожаева Б.Б., оқытушы

Өскемен экономика және қаржы колледжінің

тарих пәнінің  І санат педагог сарапшы оқытушысы

     Әбу Наср Әл-Фараби өзінің философия көзқарастарында басты үш бағыт анық аңғарылады: ол дүниенің мәңгілігін мойындады, танымның болмысқа тәуелділігін растады, ақыл-парасат туралы ілімді саралады. Мәңгілік пен тәуелділік бастауларын құдіретті Алладан, аспан әлеміндегі құбылыстардың мәнінен, ақыл-парасаттан, адамның жан-дүниесінен, түр мен материя арақатынасынан іздеді. Аристотель қағидаларынан өз дүниетанымына жақындарын қабылдады және оны осы тұрғыдан түсіндірді. Әбу Наср Әл-Фарабидің философиялық көзқарасын тарихи жағдайда, оның өз дәуірімен байланысты қарағанда ғана терең түсінуге болады. Орта ғасырларда философиялық ойдың дамуы діни ілім негіздеріне сүйенді. Демек, Әбу Наср Әл-Фарабидің философиялық ілімін де өз кезеңінің діни түсініктері тұрғысынан қарастырған лазым. Бірақ ол бұл түсініктерді философиялық тұрғыдан дамытты. Ол, әсіресе, “Аспан астындағы дүние” ілімінен неғұрлым айқын көрінеді. Бұл Аристотельдің жасампаз ақыл жөніндегі көзқарасын әрі қарай дамыту еді. Жасампаз ақыл — тек “аспан астындағы дүниенің” қозғалыс себебі ғана емес, өз алдына логос. Осы дүниенің заңдылығы — жер бетіндегі дүниеге іштей тән ақыл. Жеке адамның ақылы әлемдік санамен ұштасса ғана дамиды. Соңғысы, яғни әлемдік сана — мәңгі. Адам болса дүние салады, өткінші. Осыдан барып жанның мәңгі екенін және басқа жаққа ұшып кетуін бекерге шығару туады, мұның өзі діни қағидалар мен философияның арасындағы күреске тиек болған тезис еді. Ұлы ойшыл философияға үлкен мән берді, оған көп үміт артты. Ол философияны қоғамды оятатын зерде, парасат шамшырағы, халықты әділетті қоғамға жеткізетін негізгі бағыт, ұрпақтар арасындағы рухани-мәдени сабақтастықты ғасырларға жалғастыратын құрал, әлеуметтік-этикалар күрделі мәселелердің шешімін, уақыт талаптарының жауабын табатын әдіс деп түсінді. Осы деңгейде дұрыс ойланып, оңды әрекеттену үшін философияның 9 қағидасын оқып-білу қажеттігін ескертеді. Мұндағы мақсат — тұтастықты, ақиқатты, ізгілікті, жаңа игілік көздерін іздестіру, соған қол жеткізу. Философ адамды өз болмысын өзі танып білуге тәрбиелеу ісіне үлкен мән берді. Бұл мәселені логикалық, этикалық, педогогикалық, тілдік тұрғыдан кеңінен саралап, бұларды бір-бірімен өзара сабақтастықта қарастырады. Рухани жоғарғы мақсат нышандарын адамдарды өзара байланыстыратын бастаулардан — жан-дүние үндестігінен, әдеміліктен, қайырымдылықтан, бақыттан іздестіреді.

 “Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы”[4], “Мемлекет қайраткерлерінің қанатты сөздері” және т.б. саяси-әлеуметтік трактаттарында қайырымдылық пен бақыт мәселесіне кеңірек тоқталды. Қайырымдылық дегенде ақыл-ой, әділдік, бақыт және теңдік идеяларын құптаған ежелгі ойшылдар дәстүріне сүйенді. Тек бақыт туралы нақты білімі бар, оған жету жолдарын айқын білетін, соған сәйкес әрекет жасайтын қауым ғана қайырымдылыққа икемді екенін ескертті. Әл-Фараби сезім мен ойлау, тәрбие мен іс-әрекет жүйесін жетілдіру мәселесіне қайта айналып соғып отырған. Білімсіз адамгершілік молаймайды, білімсіз адам өзгенің абзал қасиеттерін тани алмайды. Жан-дүниені тәрбиелемей үлкен жетістікке жету жоқ. Ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани салауаттылыққа жол ашылмақ. Мінез-құлқын түзей алмаған адамның ақиқат ғылымға қолы жетпейді деп ескертеді.  Әбу Наср Әл-Фараби ілімі шығыс ойшылдарына, аристотельдік және жаңа платоншылдық көзқарастарға сүйенеді, оларға жаңа сипат береді. Ол өзінің “Философияны үйрену үшін қажетті шарттар жайлы трактат” атты еңбегінде Аристотелдің философиясын меңгеруге қажет болатын тоғыз шарт жайлы өз пікірлерін ортаға салады. Аристотельдің “Никомахтың этикасында” (1-кітап, §1) келтірілген схемасын негізге ала отырып, әл-Фараби философияны теориялық және практикалық деп екіге бөледі. Теориялық философия өзгермейтін, өткінші емес заттарды, практикалық философия өзгертуге немесе жасауға болатын заттарды зерттейді. Философия, Әбу Наср Әл-Фарабидің білуінше, адамда ғана болатын “ең ерекше” игілік — ақыл, парасат арқылы меңгеріледі. Ақыл, парасаттың қызметі қалай болса, солай бет-алды жүргізілмеуге тиіс, онда мақсаттылық сипат алады. Оның негізін логика өнері қарастыратын ойлаудың дұрыс әдістері құрады. Әбу Наср Әл-Фарабидің атап көрсетуінше, адам өзінің бақытқа жету жолын логикадан бастаған жөн. Бір сөзбен айтқанда, Фараби адамдардың өз көздеген мақсатына жетуі оның өзіне ғана байланысты екенін айтады. Адам рухани жағынан үнемі өзін-өзі жетілдіріп отыруға тиіс, адам тек ақиқатты, айналадағы дүниені танып-білу арқылы жетіледі деп түйін жасайды. Әбу Наср Әл-Фарабидің азаматтық, саяси, адамқоғам жөніндегі ойлары “Фусул ал-мадани” (“Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері”) трактатында қаралады. Бұл трактаттың тақырыптары әр түрлі болса да, негізінен бір мақсатқа — адам мен қоғамның арақатынасы, оның жетілуіне арналған. Еңбектің өзіне тән бір ерекшелік сипаты — тәндік және рухани құбылыстардың салыстырылып отыратындығы. Фараби «Азаматтық саясатта» қоғамды талдауды қаладан бастаса, “Нақыл сөздерде...” ол мұны ең кішкене ұядан, от басынан немесе үйден бастайды. Аристотель сияқты ол үйді бірнеше бөлекке — ері мен әйелі, қожайыны мен қызметшісі, ата-анасы мен баласы, мүлкі және иесі деп бөледі.Үйдің өзіне тән мақсаты болады, бірақ қаланың бір бөлшегі болғандықтан ол қала белгілейтін ортақ мақсатқа қызмет етуге арналады, сөйтіп бұл арада адамның өз басының мүдделерін қоғам мүдделеріне бағындыру туралы пікір айтылады. Бұл жерде Фарабидің қала дегенін мемлекет деп түсіне отырып, оның ойларынан үлкен азаматтық гуманизмнің биік көріністерін табамыз. Мұнда тек жеке басының мүдделері ғана емес, қоғам мүдделерін жоғары санауы үлкен бір азаматтықтың, адамгершіліктің қасиетті көріністері деп білеміз. Әбу Наср Әл-Фараби адам міндетті түрде адал ниетті болу керек деп есептейді. өйткені жақсы істер істеп, мұның төлеуін күтсе, адам бұл істерін жамандыққа айналдырады. Жетік философ теориялық ғылымдарды да білуге, бұл ғылымдарды басқа ғылымдарда да қолдана білуге тиіс. Платон мен Аристотель нағыз философқа әкімнің міндеттері жүктелуге тиіс деп санады, бірақ Платонның пікірінше философ өзгермейтін ақиқаттарды меңзеп, мемлекетті басқаруды жоғары мақсатқа жетуге бөгет жасайтын ауыртпалық деп есептейді, ал Әбу Наср Әл-Фараби, керісінше, тіршілік істерден бойын аулақ салмайды, қайта адамдардың ақиқатқа жету жолына түсуіне көмектесуге тырысады. Бұл арада ол дін мен философияны салыстырады. Оның пікірінше дін философияға ұқсас: екеуі де жоғары принциптерге, бір заттардың бастамаларына түсінік береді. Бірақ философия дәлелдеуді, дін сенуді керек етеді. Заң шығарушы өте жақсы пайымдаудың арқасында адамның мүдделеріне сай келуге тиіс заңдарды дұрыс жүзеге асыра алады.

Әбу Наср Әл-Фараби өз заманындағы ғылымның барлық салаларынан, әсіресе, математика, астрономия, физика, жаратылыстану ғылымдарынан көп мұралар қалдырды. “Ғылымдар тізбегі” деген еңбегінде сол кездегі ғылымды үлкен-үлкен бес салаға бөледі:

1.     тіл білімі және оның тараулары;

2.     логика және оның тараулары;

3.     математика және оның тараулары;

4.     физика және оның тараулары, метафизика және оның тараулары;

5.     азаматтық ғылым және оның тараулары, заң ғылымы және дін ғылымы.

Ғалым бұл ғылымдардың бәрінің пәнін анықтап, қысқаша мазмұнына тоқталады.

Әбу Наср Әл-Фараби математик ретінде өзара тығыз байланысты үш салада еңбек еткен. Олар: 1) математиканың методол. мәселелері (математикалық ғылымының пәні, негізгі ұғымдары мен әдістерінің шығу тегі), 2) математикалық жаратылыстану, 3) математиканың кейбір нақты тарауларын жасауға қатысуы. Әбу Наср Әл-Фараби математиканы жеті тарауға бөледі (арифметикагеометрияоптикаастрономиямузыкастатикамеханика — әдіс айла жөніндегі ғылым). Ол — алгебраны математиканың дербес бір саласы ретінде қарастырып, алгебра пәнін алғаш анықтаған оқымыстылардың бірі. Осыған байланысты Әбу Наср Әл-Фараби сан ұғымын оң нақты сан ұғымына дейін кеңейту туралы аса маңызды идея ұсынды. “Ғылымдардың шығуы” деп аталатын трактатында математиканың шығу тегі мен себептерін ашуға тырысады. “Евклидтің бірінші және бесінші кітаптарының кіріспелеріндегі қиын жерлерге түсініктеме” деп аталатын еңбегінде матем-ның методол. мәселелері жөнінде құнды-құнды пікірлер айтқан. Ол ұзақ уақыт мінсіз, мүлтіксіз саналып келген Евклид “Негіздерін” сынауға, өңдеуге, түзетуге болатынын іс жүзінде көрсетіп, математиктерге дұрыс жол сілтеген. Әбу Наср Әл-Фараби математиканың философия ірге тасын қаласумен қатар, оны табиғат құбылыстарын зерттеуге батыл қолданудың қажеттігін іс жүзінде танытты. Әбу Наср Әл-Фараби пікірінше, математика анық,ақиқат білімді береді және басқа ғылымдардың дамуына күшті ықпал жасайды. “Астрологиялық болжамдарда не дұрыс, не теріс” деп аталатын еңбегінде ол ғылыми астрологияны астрономиядан бөліп қарап, Аристотельдің логикалық шығармаларында айтылған қағидалар мен жаратылыстану ғылымдарының жетістіктеріне сүйене отырып, белгісіз, кездейсоқ құбылыстарды алдын ала болжауға болатынын немесе болмайтынын ажыратуға тырысады.Әбу Наср Әл-Фарабидің бұл пікірлерінің кейіннен ықтималдар теориясының философия, логикалық негіздерін қалыптастыруда маңызы зор болды. Ол математикалық, жаратылыстану саласында ірі еңбектер жазған. Әбу Наср Әл-Фараби ежелгі гректің ұлы математигі және астрономы Птолемейдің “Алмагесіне” көлемді түсініктеме жазған. Бұл еңбек “Алмагеске түсініктеме” деген атаумен белгілі. Астрономия және математикалық тарихында үлкен маңызы болған Әбу Наср Әл-Фарабидың бұл трактаты тригонометрияны дамытуға да игі ықпал жасады. Ол өзіне дейінгі және тұстас математиктердің еңбектеріне сүйене отырып, тригонометрия сызықтар жөнінде өз ілімін жасады. Мұндағы негізгі бір жаңалық Әбу Наср Әл-Фараби синускосинуссинус-ферзустангенс, котангенс сызықтарын бірыңғай радиусы тұрақты шеңбер ішінде қарастырды. Олардың арасындағы бірсыпыра қатынастарды ашты, кейбір қарапайым қасиеттерін айқындады. Ол тригонометрияның кестелер жасауда аса қажет болып табылатын бір градус доғаның синусы мен косинусын анықтауда елеулі табыстарға жеткен. Әбу Наср Әл-Фараби осы айтылған тригонометрия мағлұматтарға және басқа да қосымша математика материалдарға сүйене отырып, “Алмагесте” қарастырылған астрономия және география мәселелерін математика жолмен шешудің ең жеңіл әдістерін ұсынады. “Геометриялық фигуралардың егжей-тегжейі жөнінде табиғи сырлары мен рухани әдіс-айлалар кітабы” геометрия салу есептерін сұрыптап, бір жүйеге келтірген. Жүзден аса есептің салу әдістері көрсетілген. Бұлардың ішінде: парабола салу, бұрышты трисекциялау, кубты екі еселеу, дұрыс көп бұрыштар салу, көп жақтар салу, жазық фигураларды түрлендіру т.б. бар. Әбу Наср Әл-Фараби адымы тұрақты циркуль мен бір жақты сызғыш жәрдемімен шешілетін есептерді мол қарастырды. Осы еңбекте 3, 4, 5 т.б., яғни өлшемді куб салу есебін ойша қалай шешу идеясы бар, оның “Болжамдағы геометрияға кіріспе” атты трактат жазғаны мәлім, бірақ ол еңбегі бізге жетпеген. Осыған қарағанда Әбу Наср Әл-Фараби көп өлшемді абстракция геометрияның идеясын алғаш айтушылардың бірі деп жорамалдауға негіз бар. Әбу Наср Әл-Фарабидің трактатын математикалық тарихшылары осы уақытқа дейін атақты Хорасан математигі Әбу-л-Уафаға теліп келгені анықталды. Әбу Наср Әл-Фараби арифметикалық саласында “Теориялық арифметикаға қысқаша кіріспе” деп аталатын еңбек жазған. Оның көптеген логикалық еңбектерінде математикалық логиканың элементтері де кездеседі. Әбу Наср Әл-Фарабидің математикалық идеяларын, мұраларын Әбу-л-УафаӘбу Әли ибн Сина (Авиценна), Әбу Райхан БируниОмар һайям сияқты шығыс ғұламаларымен қатар Роджер БэконЛеонардо да Винчи тәрізді Еуропа ғалымдары да көп пайдаланған. Физика саласындағы Әбу Наср Әл-Фарабидің көрнекті еңбегі “Вакуум туралы” деп аталады. Мұнда ол вакуум жоқ екенін ежелгі гректерде сирек кездесетін тәжірибеге сүйенген логикалық қорытындылар арқылы дәлелдеуге тырысқан. Әбу Наср Әл-Фараби бұл еңбегінде вакуум мәселесінен басқа да физиканың әр түрлі мәселелерін қарастырып, сол кездегі ғылымның дәрежесіне сай өз шешімдерін дұрыс тапқан (дененің жылудан ұлғаюы не кішіреюі, түсірілген кернеуге, қысымға байланысты ауа көлемінің ұлғаю немесе кішірею заңдылықтары, ауаға түсірілген кернеудің берілуі, т.б.). “Алхимия өнерінің қажеттігі туралы” атты трактатында өз тұсындағы алхимиялық білімдерді талдап, алхимияның жалған қабыршағынан ғылыми дәнін бөліп алып, оны белгілі бір зерттеу пәні бар жаратылыстану ғылымының бір саласы ретінде қарастырады. Әбу Наср Әл-Фараби медицина саласында “Адам ағзалары жөніндегі Аристотельмен алшақтығы жөнінде Галенге қарсы жазылған трактат”, “Жануарлар ағзалары”, “Темперамент туралы” т.б. еңбектер жазған, онда негізінен медицинаның теория мәселелерімен айналысып, медицина өнерінің пәнін, міндет-мақсатын анықтап беруге тырысады.

Әбу Наср Әл-Фарабидің философия және натурфилософия еңбектерінде жаратылыстанудың көптеген мәселелеріне тоқталады. Астрономида күн апогейі орнының тұрақты болмайтынын өз тәжірибесі арқылы бақылап анықтаған. Сәуленің таралуын геометрия оптика заңдылықтарымен дәлелдеп береді. Сәуленің жиналу, сыну, тарау, шоғырлану заңдылықтарын геометриялық дәл әдістермен тапқан Әбу Наср Әл-Фарабидің шұғыла туралы түсінігі Еуропа ғылымына 17 ғасырда ғана мәлім болды. Оны неміс астрономы И. Кеплер арабшадан аударып “фокус” атаған. Мұны Әбу Наср Әл-Фараби сегіз ғасыр бұрын “күйдіру”, “оттық орын” мәнінен шығарып “мұхарақ” атаған. Ол және өз қолымен ойыс айна, яғни параболалинза жасап, бұларын ғылымда қолданған да болатын. Әбу Наср Әл-Фараби ежелгі гректің ұлы астрономы Клавдий Птоломейдің еңбектерін түсіндіре, кемелдендіре отырып, өз тарапынан да теориялық (математикалық), практикалық мәні зор қорытындылар жасап, соны идеялар, пікірлер айтады. Мысалы, ол тарихта тұңғыш рет Шолпан планетасының Күннің бетін басып өтуін бақылайды, “Астрологиялық болжамдарда не дұрыс, не теріс” деп аталатын трактатында ғұлама ғылыми астрономияны, жұлдыздардың орны, түр-түсі, қозғалысы т.б. көрінерлік қасиеттеріне сүйеніп, жер бетіндегі оқиғалардың, адам өмірінің болашағын алдын-ала болжауға болады дейтін дүдәмал, күмәнді ғылымсымақты астрологиядан бөліп қарайды. Ғұламаның ғылыми-философиялық еңбектерін байыптап қайта қарау барысында оның педагогика тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі болғандығын көреміз. Ол — шығыс елдерінде тұңғыш сындарлы педагогикалық жүйе жасаған ағартушы оқымысты.

Жас ұрпақтың сана-сезімін қалыптастыру үшін үш нәрсенің ерекшелігін жүйелеп, дәйектеп алу шарт:

1.     Баланың ішкі ынта-ықыласы, құмарлығы;

2.     Ұстаздың шеберлігі, ар тазалығы;

3.     Сабақ процесінің алатын орны.

Ғалым дене тәрбиесі мен адамгершілік тәрбиесінің ұқсастығына, оның бір-біріне тигізетін әсеріне ерекше мән берді. Әбу Наср Әл-Фараби. өзінің “Риторика”, “Поэзия өнері туралы”, “Бақытқа жол сілтеу” туралы трактаттарында этикалық, эстетикалық мәселелерге көңіл бөліп, көркемдік, сұлулық, бақыт, мейірбандық білім категорияларының бетін ашып, солардың негізін дәлелдеп берді. Этиканы ол, ең алдымен, жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкіндік беретін ғылым деп қарады. Сондықтан оның этика жөніндегі тұжрымыдамаларында жақсылық, мейірбандық категориясы басты орын алады. Ғұламаның этикалық ойларынан терең гуманизмнің лебі еседі, ол [адам] баласын жаратылыстың, бүкіл жан иесі атаулының биік шоқтығы, сондықтан да оны құрметтеу, қастерлеу керек деп түсінеді. Фараби жасаған қортындының басты түйіні — біліммейірбандықсұлулық үшеуінің бірлігінде. Фарабидің гуманистік идеялары әлемге кең тарады. Ол ақыл-ой мен білімнің биік мәнін дәріптеді. Фараби көркемдік, сұлулық хақында былай дейді: ол өмір шындығының өзіне тән қасиеті, болмыстың, нақты құбылыстардың, әлеуметтік өмірдің көкейдегі елесі. Көркемдік — тән мен жан қасиеттерінің сұлулығын көрсететін белгі деп санайды.

Әбу Наср Әл-Фараби әмбебап музыкант та болған. Саз аспаптарында ойнап, ән салған, өз жанынан ән, күй шығарған. “Музыканың ұлы кітабы” — ғұламаның әрі музыка жайында, әрі физика-математика жайында жазған тарихи үлкен туындысы. Мұнда музыкалық акустика мәселелері барынша кең қамтылып, дыбыстың табиғаты, тегі, таралуы т.б. жайында көптеген дұрыс, соны пікірлер айтылған. Музыканың тәжірибелік (эксперименттік) және теориялық (математикалық) негіздерін жасап, физика-математикалық заңдылықтардың белгілі музыка аспаптарда қалай жүзеге асу жолдарын көрсетеді. Әбу Наср Әл-Фараби ғылми танымның жалпы (универсал) теориялық үш шартын анықтап, соның негізінде музыка теориясын жаңадан қалыптастырды. Ол шарттар: біріншіден, ғылымның барлық түпкі негіздерін — принциптерін білу; екіншіден, осы принциптерден сол ғылымға жататын қажетті қорытындыларды, нәтижелерді шығара білу; үшіншіден, осы ғылым жайлы бұрын-соңды айтылмаған ой-пікірлерді талдай білу, дұрысын терісінен ажыратып, қателерін түзете білу. Музыканың математика теориясын жасау жолында Әбу Наср Әл-Фараби математиканың көптеген түбегейлі мәселелерін қамтиды. Олар: қатынастар теориясы, комбинаторикалық талдау мәселелері, функционалдық тәуелділіктер және оны кескіндеу, аксиоматика идеясы т.б. Абайдың Фараби еңбектерімен таныстығы жөнінде нақтылы мәліметтер жоқ. Дегенмен Сағдидық: «... философияғаданалыққа зор мән берген Абай әл-Фараби, ибн Синалармен таныс болуымен бірге осы ғақпиялар кітаптарынан да мағлұматы бар еді» (Абайдың республикалық әдеби-мемориалдық музейі. Инв. №172, 17-6.), - деп айтылған пікірі Абайдың Фараби еңбектерімен таныс болғандығын анықтай түседі. Абай өз шығармаларында нәр татқан рухани бұлақтар төркінін жасырмайды, ол қайта: «Ғылымды іздеп, Дүниені көздеп, Екі жаққа үңілдім..,» - деп ескертуінде мәні терең сыр жатыр. Фараби мен Абай шығармаларындағы пікір сабақтастығын, ақын шығармашылығы нәр алған рухани көздерінің түп-төркінін қарастырғанда, алдымен екі ұлы ойшылға ортақ «жан қуаты» немесе Абайдың өз сөзімен айтқанда «өзін танымақтық» жөніндегі көзқарасына айрықша назар аудару қажет.[5] Адамзат тарихында ғылыми ойдың үздіксіз даму барысында «өзін танымақтың» немесе «жан қуаты» туралы ойлардың қалыптасу жолдарын танып білу күрделі мәселеге айналып, бастан-аяқ қарама-қарсы көзқарастардың өріс алуына түрткі болды. Адамның өзін танымақтық жөніндегі ілімнің алғашқы қадамы көне дүние философтарынан басталса да, оны өз заманында ғылыми жүйеге түсіріп, қалыптастырған Фараби еңбегі ерекше көзге түседі. Жалпы «жан қуаты» немесе «өзін танымақтық» жайлы күрделі ой сарасына қазақ топырағында арғы заманда Фараби, соңғы дәуірде Абайға терең барлап барған. Абай өлеңдері мен қарасөздеріндегі жан қуаты жайлы ой толғануында «жан құмары», «жанның жибили қуаты», «жан қуаты», «жанның азығы» т. б. осы іспеттес философиялық сарындағы ойларын таратқанда: «Жан қуаты деген қуат-бек көп нәрсе, бәрін мұнда жазарға уақыт сиғызбайды» - деп, айрықша ескертуінің өзіндік себептері бар. Бұл тұжырымынан ақынның «өзін танымақтығы» жөніндегі ілімнің тарихымен толық таныстығы анық байқалып, өз тарапынан ойларын кең түрде тыңдаушыларына молынан жеткізе алмаған өкініші де сезіледі. Жан қуаты жөнінде Фараби қолданған филос. терминдер Абайдың өлеңдері мен Жетінші, Он жетінші, Жиырма жетінші, Отыз сегізінші, Қырық үшінші қарасөздерінде сол түпнұсқадағы қапыға немесе қазақы ұғымға сай балама сөздермен беріледі. Ақынның Он төртінші, Он жетінші қарасөзі мен «Әуелде бір суық мұз ақыл зерек...», «Көзінен басқа ойы жоқ...», «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа...», «Алла деген сөз жеңіл...», «Жүрек - теңіз, қызықтың бәрі асыл тас...» өлеңдерінде арнайы сөз болып, талқыланатын ақылқайратжүрек жайлы филос. мағынадағы ойларының бастау алар көзі Фараби еңбектерінде жатыр.[6] Фараби «Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» атты еңбегінде адамның өзін танымақтығы жөнінде айтылатын ойларын «өсімдік жаны», «хайуан жаны», «адам жаны» деп жүйелейді. Адам жанына (интеллект), оның ішкі және сыртқы сезім мүшелеріне (хауас) талдау бергенде жүрекке үнемі шешуші мән беріп, ерекше даралай көрсетіп отырады. Жалпы жан қуаты жөніндегі танымға булай қарау мешаиын (перепатетиктер) мектебіндегілерге тән құбылыс. Бұл жөнінде Фараби мен Абайдың ой қорытулары сабақтас, өзара іліктес келеді. Фараби «Жүрек - басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да басты мүше, бірақ, мұның үстемдігі бірінші емес» (әл - Фараби. Философиялық трактаттар. -А. , 1973, 289-6.), - деп, жүрекке шешуші мән бере қараса, Абай да: «Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ менің ісім депті. Бірақ, сонда билеуші жүрек болса жарайды» деген тұжырымға келеді. Бұдан екі ұлы ойшылдың да жүрек жөніндегі танымдарының негізі бір екені, тек баяндау түрі басқаша берілгені көрінеді. Ақын Фараби ұйғарысындай жүрекке шешуші мән-мағына берумен қатар, оны ізгілік, рақым, шапағат атаулының шығар көзі, тұрар мекені деп біледі. Ойшыл-ақын көп көңіл бөлген мораль философиясы да осы танымға негізделген. Абай туындыларының өн бойына таралып отыратын адамгершілік, имандылық ойларының бәрі де осы көзқараспен ұштасады. Ақынның «хауас», «үш құю» (имани гүл), «жә уан мәрелік», «әділет», «шапағат» жайлы ой толғаныстарының желісі де осы таным шеңберіндегі ұғымдар. Бұлар Фарабидің жоғарыда аталған еңбегіндегі адамның жеке басының ең кемелденген (камили инсани) үлгі-өнегесі жайлы арналы танымының негізіне саяды. Осы Фараби дәстүрінің жалғасы Абайдың «толық адам» жөніндегі ой-пікірінен айқын сезіледі. Абайда жиі сөз болатын «толық адам», «жарым адам», «адам болу», «инсаниаттың кәмаләттығы», «бенделіктің кәмаләттығы», «толық инсаниат», «адамшылық», «адамның адамдығы», «адам болу» т. б. атаулық мәні бар ұғымдар, сөздер тобы, ол жайлы пікірлердің шығар көзі Фараби еңбектеріндегі ой желісінен туындайды. Фараби «Табиғат ғылымдарының негіздері» (космогония) жайлы еңбегінде жалпы хакасқа, әсіресе, оның хауаси хамса заһири деп аталатын сыртқы сезім мүшелеріне ерекше назар аударған. Фарабидің қоршаған орта болмысының сырын тануда басты орын алатын сезім мүшелері - хауаси хамса жайлы филос. ұғымдары Абайдың Жиырма жетінші, Отыз сегізінші қарасөзі мен «Алла деген сез жеңіл» өлеңінде сол түпнұсқадағы қалпында берілген. Ақынның «Жансыз жаратқандарынан пайда алатын жан иесі хайуандарды жаратып, жанды хайуандардан пайдаланатын ақылды инсанды (адамды) жаратыпты» деген тұжырымы дүниенің жаралуы жайлы Фарабидің тәңірі әуелі жансыз дүниені, өсімдіктерді, жан-жануарларды, содан соң ақыл иесі адамдарды жаратқан дейтін сатылы танымынан туындайды. Бұл таным Фараби көзқарасының әлсіз жері болса, Абай танымының да осал жағы болып табылады. Ойшыл ақын өз шығармаларында Фараби дәстүрімен хауаси хамса заһириге ерекше мән береді. Ақыл, сана дегеніміз бізді қоршаған өмір шындығының сыртқы бес сезім арқылы, яғни, танымның жибили қуаты мен адамның санасында сәулеленуінен пайда болатын рухани құбылыс деп таниды. Абайдың ақыл мен сананың пайда болуы туралы дүниетанымының негізі Фарабидің «Ақыл дегеніміз тәжірибеден басқа ешнәрсе де емес» (әл-Фараби. Философиялық трактаттар, 295-6.) деген ой желісімен өзектес келеді. Фараби жан қуатын қозғалдыратын қуат және танып білетін қуат деп екіге бөліп, адам бойындағы танып білетін қуатты ішкі және сыртқы жан қуаты ретінде қарастырады. Фарабидің бұл танымы Абайдың шығармашылығында сол тұрғыдан психол. ұғымдардың баламасы ретінде сөз етіледі. Ақынның қарасөздерінде адамның сыртқы бес мүшесі мен ішкі сезім мүшелері бірлікте алынып, хауас ретінде түсіндіріледі. Абайдың хауас үғымы - көбінесе, бейнелеу қағидасымен (ахси жиһан) ұштасатындықтан, Қырық үшінші сөзінде адам бойындағы жан қуаты жөніндегі Фараби танымдарымен іштей сабақтасып жатады. Ақынның «адамды танымақтық» деп өз алдына сараланатын ұғымдары Фарабидің жан туралы ойларымен өзектес келеді. Фарабидің адамның дүниені танып білу қуатына (әл-қуат алмутехаййла) ерекше мән бере қараған, негізгі ой желілері Абайда арнайы сөз болатын хауас, хауаси хамса заһири, хауас сәлем ұғымдарынан көрініс тапқан. Фараби жан қуаты жөнінде өзіндік соны ойлар желісін таратқанда, оларды өсімдік жаны, хайуан жаны, адам жаны деп үшке жіктеп, таным процесін адам жанына тән тума қасиет ретінде қарастырады. Осындай тұжырымдар Абайдың Жетінші, Он тоғызыншы, Жиырма жетінші, Отыз сегізінші, Қырық үшінші сөздерінде ұшырасады. Жетінші сөзінде «жанның тамағы» жайында тоқтала келіп, Абай: «... өрістетіп, өрісімізді ұзартып құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді», - деп, оны жан құмары арқылы дамитын сезім тұрғысында түсіндіреді. Жиырма жетінші сөзінде хайуан мен адам арасындағы ерекшелікті олардың дүние тану үрдісіне қарай жіктеп, «... Һәмма мақлұққа да қара, өзіңе де қара, жаңды бәрімізде де беріпті. Жанның жарығын бәрімізге де бірдей ұғарлық қылып беріп пе? Адам алдын, артын, Һәм осы күнін - үшеуін де тегіс ойлап тексереді. Хайуан артын, осы күнін де бұлдыр біледі, алдыңғы жағын тексермекке тіпті жоқ» деп тану қабілетінің адамда зор сапалық ерекшелікте болатынын атап өтеді. Ақын Фарабидің түсіндіргеніңдей жан құмары, жан қуаты деген қасиеттер тек адамға ғана тән нәрселер деп таныған.[7] Фараби заманында мұсылман қауымының ой санасында бүкіл болмысты, ондағы сан түрлі құбылыстың бәрін мүтекәллимиңдік негізде түсіндіретін жаңа бағыт қалыптасты. Мүтәкәллиминдердің танымындағы түбірлі қателігін аяусыз сынаған Фарабидің сыншыл ойын Абай панисламизм идеясы қанат жайған тұста одан әрі дамыта түсті. Ақынның Фараби сынаған мүтәкәллиминді: «Ақыл мен хауас барлығын, Білмей дүр жүрек, сезе дүр, Мүтәкәллимин, мантикин, Бекер босқа езе дүр..,» - деп, түбегейлі әшкерелеп терістеуінде терең таным сыры жатыр. Абай арнайы көтеріп отырған хауас жайындағы ұғымы ақын шығармаларында «хауаси хамса заһири», «хауас сәлем», «хауас»деген үш түрлі мағына даушы растады. «Алла деген сөз жеңіл» өлеңіңде мүтәкәллиминдер мен логиктердің хауасты түсіндірудегі пайымдауларын әшкерелей терістеуі ақынның әлеум. ортасындағы батып сыншылдық бағьггты танытты. Абайдың дүниетанымындағы ерекше назар аударар нәрсе ақынның Фараби түзген ғылымды классификациялау принципі мен таныс болуы. Ақынның Фараби жасаған ғылымды жүйелеудегі принципімен таныстығы жеңілде нақтылы дерек жоқ. Дегенмен де, Абай шығармаларында ғылымды жүйелеу жөніндегі пікірін белгілі бір дәрежеде нақтылы деректермен білдіреді. Мәселен, Қырық бірінші сөзінде. «... дүниеде есепсіз ғылымның жолдары, бар, сол әрбір жолда бір медресе бар...», - деп, ғылым салаларының молдығын, нақтылы атауларын жеке-жеке атап өтеді. Ақынның Отыз сегізінші сөзінде ғылым салаларын біршама жүйелеу принципі ұшырасады. Ғалым, хакімдер туралы пікір қозғағанда:«... адам баласының ақыл-пікірін ұстартып, хақ бірлән батылдықты айырмақты үйреткендігі...» - деп, қоғамдық ғылымдарды өз алдына дербес топтастырады. Абай Отыз сегізінші сөзіндегі «адамның білімі», «алланың ғылымы», «өзіндік ғылым», «дүниенің ғылымы», «заһири ғылым», «дүниені танымақтық» тәрізді ғылым салаларын Фарабидің филос. тұжырымдарында қолданылатын атау сөздермен не қазақы ұғымға сай балама түрдегі атаумен қарастырады. Ғалым мұраларының бізге жетуін төрт кезеңге бөлуге болады: 1. Орта ғасырдағы араб, парсы және басқа тілдерде жазған ғұламалар арқылы (Ән-Надим, әл-Баиһақи, Ибн Саид әл-Кифти, Хаджи Халифа, Венике, Камерариус т.б.); 2. Жаңа дәуір кезеңдеріндегі Батыс Еуропа мен Америка ғалымдары арқылы (Леонардо да ВинчиСпиноза, И.Г.Л. Козегартен, Г. Зутер, Ф. Диетереци, К. Брокель, Дж. Сартон, М. Штейншнейдер, Д. С. Марголиус, т.б.); 3. 20 ғасыр, әсіресе Кеңес Одағы шығыстанушы ғалымдары арқылы (В. В. Бартольд, Е. Э. Бертельс, Б. Ғафуров, С. Н. Григорьян, В. П. Зубов, А. Сагадеев, Ю. Завадовский, түріктер А. Сайылы, Х. Үлкен т.б.); 4. Қазақстан мен Орта Азия оқымыстылары арқылы (Ә. Марғұлан, А. әл-МашаниО. Жәутіков, А. Қасымжанов, А. Көбесов, М. Бурабаев, Ә. Дербісәлиев, І. Жарықбаев, Ш. Хайруллаев т.б.). Әбу Насыр әл-Фараби мұраларының Қазақстанда түбегейлі зерттелуі 20 ғасырлардың 60-жылдарында ғана қолға алынды.[9][10]

1.       Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010.ISBN 9965-26-096-6

2.     Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010 ISBN 9965-26-322-1

3.      Биекенов К., Садырова М. Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігі. — Алматы: Сөздік-Словарь, 2007. — 344 бет. ISBN 9965-822-10-7

4.      Әлімқұлова Р., Сәтімбеков Р. Ә 55 Биология: Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. - 2-басылымы, өңделген, толықтырылған. – Алматы: Атамұра, 2008. - 320 бет. ISBN 9965-34-812-Х

5.      Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007. ISBN 9965-32-491-3

6.      Отырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005 ISBN 9965-17-272-2


 

Скачано с www.znanio.ru

ЙГІЛІ ШЫҒЫСТЫҢ ҒҰЛАМА ҰЛЫ ОЙШЫЛЫ ӘБУ-НАСЫР

ЙГІЛІ ШЫҒЫСТЫҢ ҒҰЛАМА ҰЛЫ ОЙШЫЛЫ ӘБУ-НАСЫР

Наср Әл-Фарабидің білуінше, адамда ғана болатын “ең ерекше” игілік — ақыл, парасат арқылы меңгеріледі

Наср Әл-Фарабидің білуінше, адамда ғана болатын “ең ерекше” игілік — ақыл, парасат арқылы меңгеріледі

Фараби сан ұғымын оң нақты сан ұғымына дейін кеңейту туралы аса маңызды идея ұсынды

Фараби сан ұғымын оң нақты сан ұғымына дейін кеңейту туралы аса маңызды идея ұсынды

Наср Әл-Фараби медицина саласында “Адам ағзалары жөніндегі

Наср Әл-Фараби медицина саласында “Адам ағзалары жөніндегі

Мұнда музыкалық акустика мәселелері барынша кең қамтылып, дыбыстың табиғаты , тегі, таралуы т

Мұнда музыкалық акустика мәселелері барынша кең қамтылып, дыбыстың табиғаты , тегі, таралуы т

Абай да: «Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ менің ісім депті

Абай да: «Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ менің ісім депті

Хайуан артын, осы күнін де бұлдыр біледі, алдыңғы жағын тексермекке тіпті жоқ» деп тану қабілетінің адамда зор сапалық ерекшелікте болатынын атап өтеді

Хайуан артын, осы күнін де бұлдыр біледі, алдыңғы жағын тексермекке тіпті жоқ» деп тану қабілетінің адамда зор сапалық ерекшелікте болатынын атап өтеді
Материалы на данной страницы взяты из открытых истончиков либо размещены пользователем в соответствии с договором-офертой сайта. Вы можете сообщить о нарушении.
30.11.2020